Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  221


Автор: Әбділда Тәжібаев

Тау қойнында

(Блокноттан)

Жаз еді мен Алатаумен
Тілдескенде, сырласқанда,
Гүлін иіскеп, көгін басып,
Құзды заңғар шыңға асқанда,
Тау қойнынан отау тігіп,
Дем алғалы барған едім,
Мөлдір ауа, мөлдір суға
Шомылып ем, қанған едім.
Қыстай оқып шаршап шыққан
Жолдасым да бірге барған,
Көк орманын аралаған
Шырқап, самғап әнге салған.
Мен отауда, тербеп қалам
Тізсем төгіп ойдан өлең,
Бойлап жарым ғылымға кең
Отыратын ойда терең.
Химиясын, физикасын
Күнде ақтарып бір пысықтап,
Үлгіретін Абайлардан
Алуға да өлең жаттaп.
Қарт шешем ғой көз әйнекті
Ең үлкені біздің үйдің;
О да оқитын қалыспастан,
«Шаһнамасын» Фердаусидің.
Тay ішінде жалғыз емес,
Көрші қонып жаттық достар,
Көлге қонған шағаладай
Сансыз еді ақ шатырлар...
Таудың беті қызыл шұға
Сыңсып біткен бүлдіргендер,
Кестелеген тау өңірін
Кездеседі түрлі гүлдер.
Ақ шатырдың аққулары
Бұлтта жүзіп келеміз біз.
Бұлтқа біткен таудың гүлін
Күле жүріп тереміз біз.

1936





Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу