Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  203


Автор: Әбділда Тәжібаев

Боранда

(Азамат соғысынан)

Ызғырық аяз, қара түн,
Боранмен бірге келеміз,
Аспанда жоқ ай, жұлдыз,
Жарысып желмен келеміз.
Винтовкаға мұз қатқан
Бетті басқан ақ қырау.
Тек суымай ыстық қан,
Қайда дейміз тосқан жау?
Тыңдашы, әне, жан анам,
Жылап дауыс береді.
«Тез жет!» - деген зарлы үні
Суық түннен келеді.
− Шу, жануар, тұлпарым,
Тепсініңдер, жолдастар!
Құтқаралық, ауылды
Күлсін күткен аналар!
Жүрдік, ұзақ түн бойы,
Міне, ағарып атты таң.
Разведкадан жас жолдас
Берді хабар жаңадан:
«Жеттік, жолдас командир,
Ауыл жақын, жатыр жау!
Күзетшілер андап жүр,
Қадаулы тұр ақ жалау».
Таң астында ат қойдық,
Қалды боран жарысқан.
Қызды қырғын, қан майдан,
Оянды ауыл дабыстан.
Сынға түсті семсерлер,
Қардың бетін басты қан...
Біз де айрылдық қимайтын
Талай-талай жас жаннан.
Жалындана шықты күн,
Жусап, жайрап жатты жау.
Көтерілді қызыл ту,
Жатты құлап ақ жалау.

1936




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу