Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  161


Автор: Әбділда Тәжібаев

Айтыс

Taп кеше - біздің елде - сонау Сырда,
Атақты «Бірінші май» колхозында.
Той жасап, жаңа жылды құрметтеген,
Келелі ұлы думан жиынында.
Мереке, ойын-сауық болды қызық,
Ас тартып сый көрсеткен көп жиынға.
Кез болдым кездейсоқта жолаушылап,
Айтысқан сол жиында екі ақынға.
Ақынның бірі жыршы домбыралы,
Көп бопты ұстағалы домбыраны.
Ел кезіп, елгезек боп жүреді екен.
Болған соң жұрт үстінен жейтін наны.
Ертеде сырды аралап, арқаға асып,
Жиналған өлеңменен тапқан малы.
Әлі де өнері сол өлең айту,
Кездесіп жиналған жұрт десе: «Пәлі!»
Ақынның Байнаш екен енді бірі,
Сөйлесе сөзі шекер, тәтті жыры.
Mерекe жүрген жері, қызық думан.
Колхозда білмес жан жоқ бүгін мұны
Атағын Сыр бойына түгел жайған,
От ауыз, оралымды орақ тілі.
Әрі ақын, әрі шешен, даусы - бұлбұл,
Колхозға мүше болған өткен жылы.
Ертеде талай думан өткен екен,
Ac, тойға жұрт шашуды төккен екен.
Сөйлетіп екі ақынды айтыстырып,
Бәйгеге ердің басын тіккен екен.
Бетіне шіркеу болып кедейлігі,
Жеңіліп Байнаш сонда кеткен екен,
Кездесті тағы мұнда сол ақындар,
Жиынға келді кезек айтыс тыңдар,
Сайратып домбырасын ән шырқайды,
Кешегі аты шыққан Ыбырай шал.
Тіленіп тиын сұрап қоймаған соң,
Әу, демей енді Байнаш қалай шыдар!
Кездесті ел білетін екі жүйрік,
Ал, тыңда, әлеуметім, құлағың сал!
БАЙНАШ
Ыбеке, көрдім аман, тірі екенсің,
Арқалап ақ домбыра жүр екенсің.
Жаңарған жаны таза ақын десем,
Түйтіксіз тілексектің бірі екенсің.
Түспесе айқайыңа тиын-тебен
Түкситіп қабағыңды түнересің.
Айтпасаң елдің сырын, ердің сөзін
Дей қояр сені бүгін кім «еркешім».
Ән, жырың ағайынмен жараспаса,
Қалайша қайыршы боп күнелтерсің?
ЫБЫРАЙ
Аманмын, ақын Байнаш, жүрмін тірі!
Пенденің белгісіз ғой көрер күні,
Тірлікте қор болам деп ойламаймын,
Cay болса тәңірімнің берген тілі.
Ежелден ырыстымын ел сыйлаған,
Шығасың неге қарсы - білсең мұны?
Қызғыштай қызарақтап қыстырылма,
Килігіп келмес жерге сөздің жөні.
Сен алсаң жолын тауып қой дедім бе?
Немене соқтыққаның, айтшы осыны?
БАЙНАШ
ЬІбырай, елің қайда, жерің қайда?
Шалқыған айдын шалқар көлің қайда?
Астыңа көпшік қойған би-болыспен,
Ақ орда, түкті кілем, төрің қайда?
Білмейсің жүргеніңді қайда лағып,
Сезбейсің тұрғаныңды қандай жайда?!
Ақыным, тақылдама, заржақ болма!
Енді ел жоқ сен сенетін бұл маңайда,
Айтысып болмашыны қиыстырып,
Таппақсың оңай олжа, арзан пайда.
Ал дейсің жолын тауып, ақыл айтып,
Мен сендей зар деймісің ішер шайға?
Табысым өз басымнан артылады,
Жетеді жұмсауыма он екі айға.
Тұрғанда колхозымда тіленбеспін.
Қаңғырып сен сияқты тойдан тойға.
ЫБЫРАЙ
Туғаннан қу тақым ең жарымаған,
Айтарлық жөні келді мұны саған.
Қазаның қайнағанда кешке шейін,
Ішінен шықпаушы еді бір түйір дән.
Аштықтан екі балаң кезек жылап,
Шығатын әлсіз даусы нан сұраған.
Қызғанып несібемді жұрттан алар,
Тартасың сол салтыңа сен антұрған.
БАЙНАШ
Байнаштың кедей болып туғаны рас,
Зар еңіреп бетін жаспен жуғаны рас,
Тырысып арық аттай, дамыл таппай,
Бейнетке белді бекем буғаны рас.
Кездесіп айтысқанда сонау жылы,
«Кедей» деп Ыбырайдың қуғаны рас.
Бұл кезде оңымда күн, солымда айым,
Жарасар жан-жағыма жайсам құлаш.
Төрт жағың құбыла болса нағып жүрсің.
Жей бермей байлығыңды ата мирас.
ЫБЫРАЙ
Білмедім масығудың себебі не
Тұрғандай төлің сыймай көгеніңе.
Кәдімгі қара сіңір кетпеншісің
Іркілмес арық суы бөгеуіңе.
Жүресің егін қорып, түнде ұйқысыз
Көндігіп cap масаның жегеніне.
Бойыңды тары ботқа қыздырғанға
Жеткендей масығасын дегеніңе.
БАЙНАШ
Шығады пернеден күй басса бармақ
Нан жейсің біреуді алдап, біреуді арбап,
Арқалап домбыраңды қайыршылап,
Күн үшін өнеріңді жүрсің жалдап.
Айырылып Жантүгел би Өмірзақтан
Білмейсің қалғаныңды құдай қарғап.
Кедейден кеусен сұра, тиын ал деп
Мен бе едім сені мұнда келген айдап!
Көктемде гүрілдеген тракторым,
Аударып шығарады жердің нұрын,
Жаз болса жайлауымда комбайным,
Қызықтың көрсетеді барлық түрін.
Қазғаным арық емес өзендей бар.
Байқай бер осыдан-ақ колхоз сырын.
Қырманда паровоздай молотилкем,
Айқайлап асыр салған, алмай тыным
Өрісте қалың қара қаптап жатыр
Қой, сиыр, жылқы, түйе төрт түлігім.
Осыны көре тұра қарсы шапсаң.
Өтпей ме жүрегіңнен өткір тілім.
Шата бер білгеніңді құрастырып,
Қазғыштап өткен-кеткен болса мінім!
ЫБЫРАЙ
Ол заман шапқан аттай өтті-кетті,
Түбіне талай жанның өлім жетті.
Жантүгел, Өмірзақ пен Бекіш мырза,
Өлсе де ұмытпаймын Жүсіпбекті.
Бірі паң, бірі мырза күн тимеген,
Ел сыйлар ерлер еді өңшең мықты.
Еліңде молда озды ма Жанпейістен,
Иманды кісі емес пе ед, ақ ниетті?
Солардың аруағына тіл тигізген,
Кім сыйлар сендей дінсіз қара бетті.
Айта бер адамың кім бетіңе ұстар?
Бер жауап, іркілместен ал кезекті!
БАЙМЫШ
Өтеген үлкен бастық колхозымда,
Сіңірген талай еңбек неше жылда.
Қалайша ауызға алмай қалдырмайын,
Бір өзі ер емес пе теңер мыңға.
Қартым бар колхозымда Қайрекеңдей
Салса да жол табатын ойға, қырға.
Арықтың елден шыққан инженері,
Тап биыл су түсірген «Кеңтабанға».
Коммунист, өзі партком, әм екпінді
Тең келер қандай адам Ыбрайымға.
Комсомол - тракторшы Әбілбек пен,
Сөз жетпес келіндерден Күләйімға.
Еңбекке мың жарым пұт күріш алып,
Ерлер көп озған жұрттан, түскен сынға.
Шырақшы бола алмаймын мола баққан,
Қадірлі болса болар сендей жынға,
Жоқтай бер зікір салып аруағыңды,
Тіленіп тиын сұрап жүрмей мұнда.
Тағы бар мұғалімім бала баққан,
Ауылымда өнер-білім отын жаққан,
Оқытып жүздеп бала ән салдырып,
Колхозды қыздырарлық дабыл қаққан.
Көрсін деп қыруар қызық жас жігіттер.
Кең сарай клубым бар соғып жатқан.
Түсінбей табысыма ауылымдағы
Не керек құрғақ дауыс барқыратқан.
Көтеріп өлгендердің қу моласын
Сезбейсің келгеніңді қай тараптан.
Айрылып тіріңнен де, өліңнен де
Болыпсың сорлы жүйрік жалғыз шапқан.
Жөнеп қал, жолың болсын, жөніңді тап,
Сөзіңді естімеймін ендігі айтқан.
Дегенде Байнаш ақын даусын шырқап,
Сөйлеп тұр домбырасы бірге жырлап.
Жарайсың, жаса Байнаш! - деген дауыс
Жан-жақтан жамырай шығып кетті шулап.
«Жақсы екен колхозы да, ақыны да»
Деп мен де сергіп бойым қалдым қунап.
Байнаштың қос сөзінен от жанады,
Айтса cөз төгілгендей шумақ - шумақ.
Құшақтап домбырасын қалды Ыбырай,
Бетіне түскеннен соң кетпестей дақ.

1934




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу