Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  222


Автор: Әбділда Тәжібаев

Күзетте

Өлең – очерк

Шуламайды шыбын-шіркей,
Қоңыр салқын жанға жайлы,
Оңтүстікте жатыр шөгіп,
Асқар тау да ақ айдарлы.
Бұйра жалды жүйрік өзен,
Таудан құлап сарқырайды.
Қою орман жатыр шөгіп,
Үн қатпайды мызғымайды.
Сол ортада досымменен,
Ат үстінде тұрмын мен де.
Досым колхоз жылқышысы,
Көп болып ед көрмегенге.
Тұратынбыз сағынғанда,
Сәлемдесіп хатпенен де,
Досымменен өсіп бірге
Бірге оқыған жас күнімде.
Бір кіргенбіз комсомолға
Ертеде, елде жүрген кезде.
Біз құрдаспыз, туысқанбыз,
Туған бірге, бір дәуірде.
Жатыр жылқы су бойында,
Жайылым от, жер шұрайлы,
Жайылады бізді айнала,
Жануарлар жылжымайды.
Кең кемедей кейбірінің,
Жер сызады құйрық-жалы,
Кенже туған кербез құлын,
Шықпайды ұзақ анасынан,
Жас баладай ол да ойнайды,
Шапса құлын шырқ айнала,
Қоңырауы сылдырлайды,
Сөйлестік біз жылы жүзбен,
Көз жылқыда, көңіл сырда.
Айттық талай өткендерді,
Шомылдық біз терең сырға.
Ерте кезде өте жас ек,
Ойнаушы едік ойда-қырда.
Ойламаушы ек өзге қиял,
Алтыбақан болса ауылда
Жазғытұрым асық атып,
«Қыз - доп» ойнап күз болғанда,
Қыста мұзға сырғанақтап,
Ұқсас едік жас құлынға.
Көрген кезде жас құлынның,
Зырғып шауып құлдырауын,
Есіткенде қоңырауының,
Сылдыр-сылдыр сылдырауын,
Күлді досым, мен де күлдім,
Еске түсіп сәби уағым.
Қандай әсем қызық өмір,
Өрттей жанып өскен жасқа.
Жазса жүйрік жорға қалам,
Талай толғау табылмас па?
Кеше сәби нәресте едік,
Ортақ едік дайын асқа,
Бүгін өстік, болдық жігіт,
Бүгін өмір тіпті басқа.
Бүгін мал да күзеттеміз,
Итке, құсқа шалдырмасқа.
Ұры-қары сұғанаққа,
Өткіншіге алдырмасқа.
Айтса достың сыры тәтті,
Жалықпаймын тыңдауға мен.
Көз жылқыда, көңіл сырда,
Әңгімесін қостай берем.
Есіттім мен достың қалай
Қосылғанын жарыменен,
Сүйгенімен балдай тату,
Көреді екен жанымен тең,
Қыз күнінде әдейі арнап,
Талай қызық жазыпты өлең.
Шөккенде күн ұясына,
Көтерілді алтын ай да,
Электрдей аңдап, жұлдыз,
Шеру тартып толды аспанға.
Көрінеді күзетшідей,
Ай да аспанда қарағанға.
Әсем түннің жарығында,
Kөз тігеміз қалың малға.
Тау мен өзен қосылады.
Шырқап біздер ән салғанда.
Көз ілмейміз атқанша таң,
Жол бермейміз жортқан жауға.
Ұйықтамаймын, ән шырқаймын,
Аясында алтын таңның.
Көкте жұлдыз, жерде жылқы,
Көріп тұрмын жусағанын.
Жуымайды ұйқы көзге,
Сезілмейді шаршағаным,
Жалығайын неліктен мен,
Неге шаршап болдырайын,
Күзеткенім көптің мүлкі,
Елдің малы - менің малым.

1934




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу