Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  122


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ремонт

Батқанша күн,
Атқанша таң,
Сағат та жоқ
Дамылдаған,
Сағат тілі жылжыған:
Сағат сайын
Жаңарған жан
Көгерген ел,
Күшті думан,
Жаңаланған
Жаңа Отан.
Соқты сағат,
Күн қызарды.
Сүйді сәуле –
Биік жалды.
Кетті Сыздық асыға,
Қалды жары
Сырттан қарап.
Тартты орамал
Шашын тарап,
Тартты орамал басына.
− Неге асықты
Сүйген жарың,
Айтыңызшы!
− Біле алмадым,
− Сонша жұмыс қауырт па?
− Ие, қайным,
Тым асығыс,
Пеште ремонт,
Жаңа жұмыс –
Мыс құятын заводта.
Қайнаған мыс
От орнында.
Жанған жалын,
Пеш қойнында
Тұншыққандай тұрған жан.
Сонау қызу,
Сол алаудан,
Сонау пештен,
Тас былаудан
Үн естілер балғадан.
Шөккен шлак –
Мыс аралас,
Белден қатқан
Көк шемен тас.
Тістескен бе, шіркін-ай!
Ә, дегенде
Өткір ұшқыр:
Қайта соғып,
Бет баға алмай,
Сыңғырлады жуымай.
Тегеурінді
Темір білек,
Қызған сайын
Өршіп үдеп,
Шыңылдады балғалар.
Шемен тасқа
Шеңгел салған,
Ұшқын ұшты
Ұшқырлардан,
Талқандалды тас қамал.
Мөлдір маржан,
Сорғалаған,
Бойды қуған
Жорғалаған,
Тас жібіткен меруерттер.
Тас темірге
Әлек салған,
Шөккен шоңды
Найзалаған
Ердің бірі біздің ер.
Ер екпіні,
Балға күйі
Ердің елге -
Берген сыйы
Ер елімнің: келбеті.
Жаңар завод,
Қайна мысым,
Қайна мысым,
Қайна күшім,
Жерлене бер - жау беті,
Түн тамаша,
Таңқалғандай,
Ай аспанда,
Шам жанғандай,
Қайтты үйіне Сыздықжан,
Тоғысқандай
Шықты алдынан.
Жайды құлаш
Қарсысынан
Қызыл жаулық - сүйген жар,
Батқанша күн,
Атқанша таң,
Сағат та жоқ,
Дамылдаған,
Сағат тілі жылжыған:
Сағат сайын,
Жаңарған жан,
Көгерген ел,
Күшті думан,
Жаңаланған
Жаңа Отан.

1933




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу