Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  151


Автор: Әбділда Тәжібаев

Екпінділер жыры

Екпіні емен жыққан дауылдаймыз,
Нөсері топандатқан жауындаймыз.
Тас жарған, шыңды бұзған, тасты айдаған,
Ағындай арна қуған зауылдаймыз.
Көл қылып көлкітеміз Ембі майын,
Дариядай тасытамыз аққан сайын.
Күн емес, қолдан нұрға бөленеміз,
Май менен электрді жаққан сайын.
Таудай ғып маялаймыз тас көмірді,
Терменен жібітеміз тақыр жерді.
Ұршықтай - ұшқыр шымыр айналтамыз
Сом шомбал заводтағы көк темірді.
Күректеп Қарсақбайдың алтын, мысын.
Нанша илеп білекпенен тас, мырышын,
Соққанда сом балғамен тастай үгіп,
Жұмсаймыз жұмыла кеп күш құрышын.
Жарысып отарбамыз көмір шайнап,
Аққанда өрлейді өрге оттай жайнап.
Көріктен гулегенде дауыл соғып,
Шойыннан бу бұрқырар сарқ-сұрқ қайнап.
Айдаймыз алмас тұяқ тракторды,
Жыртамыз жібектей ғып ой мен қырды.
Күйіне трактордың жанды тербеп,
Әнменен ағылтамыз тәтті жырды.
Тасысақ, тасқындатсақ ыстық қанды,
Атқызсақ атқан сайын алтын таңды.
Саусақтың саласымен айды ойнатып,
Тарыдай тере алармыз жұлдыздарды.
Сол қайрат, айбарлы айбат, құрыш күшпен,
Істелген үздіксіз көп үлгілі іспен.
Мұнай мен тас көмірге жауды көміп,
Жайлаймыз жанын өртеп жайдай түскен.
Жөңкиді жүйткіп, жортып жорға қалам,
Қағазға тәтті жырмен кесте салам.
Шүмектеп, сорғалатып қызыл сия,
Майданның арпалысқан бәрін табам.
Толғауым дөңгелекпен жарысады,
Ырғағым енбекпен ән салысады.
Сезім оқ, тілім мылтық күзеттемін,
Жауменен сайысады, шабысады.

1929




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу