Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  164


Автор: Әбділда Тәжібаев

Үлес үстінде

Қуаныш кетті кернеп ауылымды,
Тастады тазартып бір ауыр мұңды,
Шырқала теңдік деген айтылып ән
Қуантты жалағым мен жауырымды.
Аулыма осылайша бірлік келді,
Бірлікпен бұзылмастай тірлік келді.
Майданда жер жастана жеңіліп бай,
Кедейдің желпілдеді түндіктері.
Жібекпен, мақпал киіп жеңгем бүгін,
Әсемдеп байдан тиген жиды жүгін,
Содан соң жалт-жұлт ойнап шыға келді
Көрсетіп сорды бақыт жеңгендігін.
Қамкөңіл қайғы, шерден арылғасын
Қарайды жайтаң қаға қарындасым.
Асып тұр әсемдігі бай қызынан
Басына жібек торғын жамылғасын.
Қараймын тұлғасына жалшы ағаның,
Сезбеймін бұрынғыша шаршағанын.
Астында алшаң басқан жүйрік күрең
Мініпті о да жастан аңсағанын.
Бұрын да осы ауылға талай келдім,
Сұрқия сұм өмірді талай көрдім.
Бүгінгі сәулетті ауыл тұр жарқырап,
Келеді көзімді алмай қарай бергім.

1929




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу