Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  196


Автор: Әбділда Тәжібаев

Азандар

АУЫЛДАҒЫ АЗАН
Естуші едім ауылда
Молдамыздың азанын.
Азан үнi шыққанда,
Көтеріп жол тозаңын –
Намазға жұрт баратын,
Мешіт лық-лық толатын
Барлық мойын иіліп,
Барлық, қабақ, түйіліп,
Тірлік қамын ұмытып,
Бір аллаға сиынып –
Құбылаға жұрт құлайтын,
Иман, ұжмақ сұрайтын.

ҚАЛАДАҒЫ АЗАН
Енді есітемін қалада
Жұмысшының «азанын»,
Гудок әнін оятса,
Адал еңбек адамын –
Заводқа жұрт жөнейді,
Жұмыссызбын демейді.
Гүрілдейді көріктер,
Лауылдайды көмірлер,
Соғылады балғалар
Иіледі темірлер,
Тер жуады маңдайды,
Күс-күс қолдар талмайды.

1928




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу