Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  296


Автор: Әбділда Тәжібаев

Клеопатра

(А. С. Пушкиннің ізімен)

Ду-думан ұлы патша ордасында,
Болмаған ондай жиын сол ғасырда.
Жинаған батырларын, ақындарын
Қалдырмай жортағын да, жорғасын да.
Ортада күндей жарық патша қатын,
Жұрт сүйіп Клеопатра қойған атын.
Көк теңіз, қызыл теңіз жағасында
Асырған бар патшадан салтанатын.
Өзі жас, кең маңдайлы ақ сәулелі,
Ақылды, ән-жырға бай, асқан сері.
Қол бастап, жауын жеңіп кайтқаннан соң
Осылай жинайды екен туған елін.
Сұлуға сұңғыланың бәрі құмар,
Мұндайда жарқ етуден кім тартынар.
Жас сұлу бірімізді жар етер деп
Ерлердің күні туды бағын сынар.
Талайлар ғашықтығын айтқан бұрын,
Батырлар, ақындар да шаққан мұңын.
Сұлудан біріне де жауап болмай,
Бәрі де амалсыздан күтті ақырын.
Айтармын өзім бір күн жинап елді,
Деп берген уағданың күні келді.
О, халқым, деп падиша сөз бастады,
Үстінен алтын тақтың тұрып енді.
Жерім бай, патшалығым - асқан мықты,
Тойтардым сырттан келген қастандықты,
Жеріме жасын атқан өрт майданда,
Жауымды батырларым айдап шықты.
Алдында тұрмын міне қалың топтың,
Жарқырап шамшырағы жақсы үміттің.
Жарым бол жан берісер деушілер көп,
Ішінде бас құраған осы жұрттың.
Тілері бәрінің де махаббатым,
Демеймін бірін алыс, бірін жақын.
Қымбатқа құшағымды ұсынамын,
Кім, кәне тартынбастан төлейді ақы?
Көнгенді жар етемін жалғыз-ақ түн,
Түн бойы берілемін соған бүтін.
Күн шыға басын кесіп жоғалтамын,
Айтыңдар соған шыдап шығатын кім?
Ілезде аршып тастап көңілін мұңнан,
– Мен! - деді кәрі батыр, тұрды орнынан
Тартынып тар кезеңде көргенім жоқ,
Бүгін де айнымаймын өз жолымнан.
Көп көрдім, өмір үшін көп соғыстым,
Ұрандап қан майданға талай түстім.
Көк семсер, кекті болат қында жатыр,
Қызығын көріп болдым қайран күштің.
Ырзамын өміріме көп жасаған,
Қимайды қу тірлікті ит жанды адам.
Ең соңғы ләззатымды татып өлем,
Қойныңды аш, сұлу патшам, енді маған.
Майданда орнататын заман ақыр
– Мен! - деді атып тұрып ең жас батыр.
Лап етсе кең дүниені күйдіргендей
Ішімде ғашықтықтың оты жатыр.
Қайралған жүзіндеймін ақ семсердің,
Алыссам басын алдым талай ердің.
Жауыма жағаласқан салдым әлек
Намысын жібермедім туған елдің.
Ғашықпын, арманым жоқ сенен басқа,
Қыранмын, қиналмаймын түссем тасқа.
Жас жанды құшағыңа ал, құрбанға шал
Кеттім деп өкінбеймін қыршын жаста.
Аруағын лирасымен шақыратын,
– Мен! - деді, турды орнынан батыл ақын.
Ішімде лапылдаған жатыр жалын
Жарылса жанар таудай атылатын.
Қосылып алтын лирам сұңқылдаған,
Жан едім жар іздеуден бір тынбаған.
Ғашықтық құмарлығын жырладың деп
Ақын деп атақ берген жұртым маған,
Сүймесем сені, патшам, күйіп өлем
Одан да сені бір түн сүйіп өлем,
Алдында бас идірді, қол қусыртты,
Құдіретті кеудемдегі құйын өлең.
Ұстайтын түнде сұлу жанған шамға
Жарқ етіп, жалт қарады үш адамға,
Еңкейіп алдарында иді басын
Содан соң сөз бастады жиын жанға.
– Айтып ем сынайын деп ғашықтарды
Көп ғашық көріне алмай қашып қалды.
Қатал сын қандай жеңіл ашып берді,
Мені оңай құшпақ болып асыққанды,
Ырзамын үш досыма жаннан кешкен,
Ант етем, ерліктерің қалмайды естен,
Жарым деп біреуіңді атаймын да,
Қалдырмай естіртемін ертең кештен.
Деп сұлу жұртқа көзін салды тіктеп,
Ғашықты талай жалған алды бүктеп,
Қуанып келер кешті күтті халық,
Үшеудің кімі алса да әділдік деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу