Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  214


Автор: Әбділда Тәжібаев

Атам — анау, мен — мынау

Атам атақ мініпті арқыраған,
Атам сауыт киіпті жарқыраған.
Жекпе-жекке долданса сұраныпты,
Шығады екен аузынан ұран мықты.
Мен келемін көшеде жаяулаған,
Жас ақындар жүреді таяу маған.
Ақ қалпағым басымда күн қағарым,
Көрінуге көңілді - ақ тырбанамын.
Атам мерген болыпты - жамбы атыпты,
Атам шауып даланы шаңдатыпты,
Күреске де түсіпті, бөгелмепті,
Ерегіссе - «қаныңды төгем» - депті.
Мен келемін сүйеніп таяғыма,
Көңіл бөле бермеймін баяғыма.
«Қайрат» жеңсе желігем қиратқандай,
Тағдыр маған талғаулы сый тартқандай.
Атам мақал жаттапты, дау қуыпты,
Атам найза саптапты, жау қуыпты.
Қартайған соң қоңырқай күй қағыпты,
Өткен күнін аңсапты, қиналыпты.
Мен отырмын үйімде қалам ұштап,
Ұйқым қанса қаламды қалам ұстап.
Жарамсақтар мақтаса мәз - мәйраммын,
Тастағандай тындырып жайраңдаймын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу