Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  154


Автор: Әбділда Тәжібаев

Жирен мұрт

I - өлең
Есімде, ұмытқам жоқ жетімдікті,
Жатқанмын көзім жасты, көңілім күпті.
Жетектеп сонда мені алып шыққан
Осы бір қайырымды аға, жирен мұртты.
Осы бір қайырымды аға, жирен мұртты,
Үсіген қолымды үрлеп тез жылытты.
Басып ол жүрегіне мені қатты
Әкемше жайлап қана шынын айтты:
– Білдің бе, енді бала, жыламайсың,
Тік бас сен аяғыңды құламайсың,
Біз сені қорғайтұғын қамқорыңбыз,
Дірдектеп, телміріп нан сұрамайсың.
Деді ағай қарап маған жылы ұшырап,
Мен сонда қуанғаннан тұрдым жылап.
Сүртті де оң жеңімен көз жасымды,
Асықпай жирен мұртын қойды сылап.

II - өлең
Мұрты есімде ағаның - мұрты есімде,
Үлгірмеппін көбірек тілдесуге.
Мұндай жанды мен әлі көргенім жоқ,
Ұйықтаса да шықпайтын жұрты есінен.
Ұйықтаса да шықпайтын жұрты есінен,
Жан еді бір жалғанда теңдесі кем.
Күнде бір сөз от қанат ұшыратын,
Күмбірлеген күмбездей кеудесінен.
Кеудесі оның кең еді, жарық еді,
Көз алдында күллі әлем анық еді.
Шыға келсе мінбеге қуанып ел,
Ақ пейіліне айттырмай нанып еді.
Ақ пейіліне адамдар нанып еді,
Айтарына айтпай-ақ қанық еді.
Ол жұмсаса қиынға барып еді,
Жау қамалын жайратып алып еді.
Мұрты есімде ағаның, мұрты есімде,
Үлгірмеппін көбірек тілдесуге,
Мұндай жанды мен әлі көргенім жоқ,
Ұйықтаса да шықпайтын жұрты есінен.

III - өлең
Жирен мұрт қарлығаштың қанатындай,
Менің де секілді еді қанатымдай.
Өзімді құстай жеңіл көретінмін, –
Қалаған жеріме ұшып баратындай.
Жүргенде ала бұлттар қабатында
Қуана қағатынмын қанатымды.
Оп-оңай көкте тыныс алатынмын,
Құздарға қорықпай еркін қонатынмын.
Сезіндім Алтайдағы ақ иықтай,
Саңқылдап боранда да ұштым ықпай,
Қайтпадым қарсы жауған нөсерлерден,
Қайтпадым от лақтырған қара бұлттан.

IV - өлең
Жирен мұрт әлі есімде сонау күнгі:
Көтертті ол қаннан қызыл жалауымды.
Соққандай сом балғамен берді шыңдап,
Қылыштай қайрап менің талабымды.
Қылыштай қайрап менің талабымды;
– Ал деді, - бұл өмірден аларыңды,
Бер деді, - бұл өмірге береріңді,
Көр деді, - бұл өмірден көреріңді.
Үйретті ол - уақытпенен жарыстырып,
Үйретті ол - өзендермен алыстырып,
Үйретті ол - шөлге теңіз орнатуды,
Үйретті ол - тауда темір қайнатуды.
Ол айтты:- мұз төсенсең тоңба, деді,
Ол айтты: - шоқ жастансаң жанба, - деді,
Өлме, сен, ерлік жолын таңда, - деді,
Ол үшін өлер жолдан қалма, - деді.

V – өлең
Анау тұрған жар тасты көремісің,
Мұртты ағай осы десем сенемісің?
Өтті дауыл, құйындар, ол әлі тұр,
Құламай тұр уақытпен ерегісіп.
Анау тұрған жартасты көремісің?
Тұрады әлі ол бізге көмек үшін.
Уақыт оған ештеңе ете алмайды
Тоқтатпайды ол дауыл мен ерегісін.
Дауыл оған түк те емес ескермейді,
Дауыл мен ол бір туып, өскем дейді.
Болашақтан болғаны көз жазбаса,
Тағдыр тәлкек етер деп сескенбейді.
Көрмеймісің бейнесін, қозғалысын?
Жасай алмас бір пенде оған қысым.
Ертеңнің де осы адам замандасы,
Осы кісі - уақыттан озған кісің.
Ертеңнің де осы адам замандасы
Жасай бермек жетсе де мыңға жасы.
Талай-талай жетімнің жасын сүртіп,
Жоқтатпайды жұбатып, ата-анасын.
Тұрады жартастай жан құламастан,
Ешкімнен көмек - жәрдем сұрамастан.
Өмірінде зор болмаса, қор болмайды
Сөзіне осы адамның құлақ асқан.
***
Сәйгүлігің болмаса,
Құйқылжытар құйындай.
Жүрегімен басқаның
Қимылдауың қиындау.
Өз семсерің болмаса
Жастай шауып үйренген,
Найзасымен басқаның
Не шығады түйреуден?
Өз домбыраң болмаса
Жастай шертіп үйренген,
Күйін тартып басқаның,
Не шықпақшы билеуден?
Қолдан келмеске ұмтылып,
Қажеті не киреңдеп.
Кемпіріңе одан да
Көмек көрсет күйбеңдеп.
***
Туған күні-ақ зердеңе бірдеңе кеп қонбаса,
Көңіліңді жетектер өз жетекшің болмаса.
Ой-қиялың өрістеп тым ұзаққа кетпейді,
Өзгелердің қарасып, ауысқаны жетпейді.
Туған күні-ақ жанында тұтанбаса өз отың,
Өз жүрегің болмаса құдіреттерді сезетін,
Өзгелердің жылытып от бергені жетпейді,
Майсыз жанған жарығың тым ұзаққа кетпейді.
***
Өтіп күндер бара жатыр аялсыз
Кімге еркелеп енді құшақ жаярсыз...
Жоғалғанды жоқтап еске аларсыз,
Төңірекке бір төңкеріп көз саларсыз.
Өтіп айлар бара жатыр аялсыз,
Қолыңызды қайыршыдай жаярсыз.
Жаярсыз да түк ала алмай қаларсыз,
Төңірекке бір сонда үреймен қарарсыз.
Өтіп айлар бара жатыр аялсыз,
Шырқ айналар шіркін дүние баянсыз.
Қимыл емес, қиялға да баянсыз,
Қош! - деп енді көз жұмуға таяусыз.
***
О, құмарлық, аңсамасты аңсаттың,
Бәйгесіне қостың жұртты мансаптың.
Талайларын қоздырдың да оздырдың,
Талайларын қоздырдың да қаусаттың.
Әр адамның бұл өмірде орны бар
Орнындай қолыңдағы саусақтың,
Әр адамның қуанатын жөні бар,
Қуынбаса сұмдық жолын мансаптың.
***
Ойлама сен еш уақытта ақтауды
Кеше ғана дәл өзіңді сатқанды.
Жөнделмейді ол, тазармайды ыластан.
Жақындама оған, қайта сыр ашпа.
***
Асасың шаршап қыраттан сонау биіктен,
Білесің сонда маңдайдан тердің ағарын.
Теп-тегіс жолда шаршаған жаман күйіктен
Қасіретіменен ең жақын іні, ағаның.
***
Барымды берем,
Жетпесін кімнен аламын?
Барымды берем,
Жетпеген жерде қаламын.
Барымды берем,
Болмайды басқа алаңым,
Бар тұрып бермес
Сынса екен қолдың сараңы!
***
Туғаным жоқ құнсыз боп жалпақтауға,
Қызықпаймын жел қуған қаңбақтарға.
Е, каңбақтар, қаңбақтар есіңді жи,
Барарыңа жүріп бар, аунап барма.
Дөңгеленсем дөңгелек табар едім,
Заулар едім осынау тау жақтарға.
Қала берем қасында құрбылардың
Достарымнан қақым жоқ аулақтауға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу