Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  143


Автор: Әбділда Тәжібаев

Әбжан Шортанбаев

Өңі жұқа, қағылез қартайса да,
Қайрат - күші жастағы ортайса да.
Ұзақ ойдан қояды арыла алмай,
Отырса да, жүрсе де, жантайса да.
Ұнатпайды ол шашылып төгілгенді,
Ұнатпайды ол жалпая семіргенді.
Күнде ертемен жүгіріп алқынғанша,
Көтеріп те қояды темірлерді.
Бала жастан сүймейтін жеңілгенді,
Қағып–сілкіп тастайтын жеңілдерді,
Шыңырау шақта түбінде жел соқтырып,
Қопаратын тас қара көмір - кенді.
Естен оңай шыға ма өткен жылдар, -
Терең шахта, тіркескен көмір шыңдар.
Сол шыңдардан аулаққа алыстатып,
Алып бара жатыр-ау мезгіл мұңдар!
Қартайған соң қайтадан қайрылмайсың,
Алды-артыңды қалай бір ойланбайсың,
Ойсыз қалсаң қоңылтақ ол да ыңғайсыз,
Жарты жолда тоналып қалғандайсың...
Әбжан бір сәт тынығып алады.да,
Ойдан қашып оңаша қалады да,
Етек-жеңін түрініп су себеді,
Балалардың ойнайтын алаңына.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу