06.05.2021
  170


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ағатай

(1971-жылғы 6 июньде Ыбырай Жақаев 80-ге келді. Оған Еңбек Ерінің екінші рет Алтын Жұлдызы берілді. Сол тойға мен де шақырылып едім, сонда осы өлеңді оқыдым).

Ағатай!
Сексенге жеттің, қартайдың,
Сонда да келген жоқ әлі жантайғың,
Бауырым, сымбатың неткен сом еді
Сұңқылдап тұрған секілді жыры Нартайдың.
Ағатай!
Не деген күшті ең, піл едің,
Осы елдің маңдайдан терін күредің.
Көтеріп барлық ауылдың ауыр салмағын,
Өзгелер үшін жеңілдік қана тіледің.
Ағатай!
Не деген мұнша төзімді ең,
Көрмедік бірде көлеңке, қайғы көзіңнен.
Ортайған Сырдың ағынын кейде жетектеп
Шықтың-ау алып шөлдеген жерге өзіңмен.
Жалыны күннің жандыра бастап әлемді,
Қақыраған тақыр ұшырған шақта зәремді,
Алақаныңмен алауын жауып аспанның
Қалғансың қорғап аштықтан нәрестелерді.
Ағатай!
Есімде бәрі: барлық жолың, өткенің,
Туған жер үшін теріңді судай төккенің.
Енбекпен салдың, ерлікпен салдың, батырым,
Кешегі күннің бүгінге жеткен өткелін.
Асса да жүзден Жақаев болмай өткен көп,
Қазақта бір шал өзіңдей еңбек еткен жоқ,
Күріш қана емес, хатшыларын да обкомның
Өсірдің, аға, көгеріп мейірін от пен леп!
Ағатай!
Өзіңмен бірге мерейі асты елдің де,
Қуанттың жұртты мен қазақпын деп келдің де.
Мандаттарымның қадірі өтпес жерлерде,
Өте беремін мен Жақаевпын деймін де.
Кім айырмақ Жақаевтан інісін?
Не үшін керек ондай мінез, кім үшін?
Ақ топырақты баса алмай қайта кетсем деп
Тап осы ел менің туысым да тынысым!
Ағатай!
Кешегі көшпелі қазақ баласы ең,
Үстінде туған ырғала басқан түйенің,
Бүгін дүниеге даңқы тараған Диқан атамсың,
Сүйенерсің, сүйерім.
Топырақтың,
Судың,
Жарықтың,
Сырына қанық киелім.
Мен де бүгін - сексенге келген тойыңда
Ақ қырау басқан,
Аздап шаршаған басымды
Алдында тұрып иемін!


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:


Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы