Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  499


Автор: Әбділда Тәжібаев

Туған қалам

(Туған қалам Қызылордам 150-ге толғандағы сөз)

«Әркімнің туған жері - Мысыр шаһары».
Халық сөзі.

Менің Мысырым да сенсің,
Меккем де сенсің.
Сен менің туған қаламсың –
Туған Қызылордамсың.
Сен менің бесігімсің,
Сен менің алтын есігімсің,
Сен менің атам да болғансың,
Әжем де болғансың.
Мен сенің шаңыңнан тудым,
Ылай суыңнан тудым,
Өзіңнің өзегіңнен жаралдым,
Өзіңнің жүрегіңнен жаралдым,
Мен сенің желіңнен тудым,
Мен сенің селіңнен тудым,
Маздаған жалыныңнан жаралдым,
Жарқыраған жарығыңнан жаралдым.
Оянсам әзің тербеттің мені,
Жыласам өзін жұбаттың мені.
Өзің ойнаттың мені,
Өзің өсірдің мені,
О, менің Қызылордам,
О, менің туған қалам,
Менің әкемнің мекені,
Менің шешемнің мекені!
Есіңде ме ерке ұлыңның
Топырағыңды бұрқылдатқаны,
Бірінші рет көзін ашқаны,
Бірінші рет от тұтқаны?
Есіңде ме туған ұлыңның,
Бірінші рет кітап ұстағаны,
Бірінші рет домбыра тартқаны,
Бірінші рет өлең айтқаны!
О, сол бір жылдар
Ақ мамықтай ақ топырағым!
Ақ топырағыңа аунаған
Балдырған шағым, балалық шағым,
Қайдасыңдар, сол асыл күндерім.
Арман жылдарым,
Сондағы құрдастарым,
Құрбыларым, бауырларым!
Туған қалам!
Менің сүйерім сенсің,
Менің сүйенерім сенсің,
Менің бақытсыз қара күнімді,
Күйреткен сенсің!
Данышпан ақылшым сенсің,
Өмірлік ұстазым сенсің,
Маған ұстазым революция маршын
Алғашқы үйреткен сенсің!
Менің кеудеме от жаққан сенсің,
Қаныма алау берген сенсің,
Қолыма құлатпай ұстар,
Қып-қызыл жалау берген сенсің.
Ұлы Ленинді жырлайтын,
Бақытты елімді жырлайтын
Мәңгі майыспайтын, сынбайтын,
Қалам берген сенсің!
Жасай бер, туған қалам,
Алтын есігім, алтын босағам.
Көркіңе қызықсын әлем,
Даңқыңа қызықсын әлем!
Бүгінгі ата болған ұлдарыңнан,
Бүгінгі әже болған қыздарыңнан
Ертеңгі ұрпаққа сәлем!
Барлық болашаққа сәлем!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу