Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  256


Автор: Әбділда Тәжібаев

Сен менен әлді екенсің

Мен сенен әлсіздеумін,
Сен менен әлді екенсің.
Қанша рет сөнді екенсің,
Қанша рет жанды екенсің.
Қанша рет сөнді екенсің,
Қанша рет жанды екенсің.
Қанша рет сынды екенсің,
Қалайша қалды екенсің.
Жүрегің неткен мықты,
Мен неткен жүрексізбін.
Өрмегін өрмекшінің
Зорланып әрең бұздым...
Сен болсаң асаулардай,
Әл бермей байлағанға.
Биіктен биікке асып,
Жөнелдің әлдеқайда.
Жөнелдің әлдеқайда
Тынысын, тарылмай ма.
Сәл ғана аянсайшы,
Жүрегің жарылмай ма.
Сен сонша шарықтадың,
Биіктен биіктерге,
Тек сенше ұша алады –
Оттарда күйіп көрген,
Оттарды сүйіп көрген.
***
Түн - ұйықтаған қара мысық бейнелі,
Жұмсақ қана жылытады денемді.
Әлде біреу көрінбестен тербейді
Ішімдегі ызыңдаған өлеңді.
Көңілім тұнған желсіз күнгі жалаудай,
Әлдилеймін сезімімді үркітпей.
Қиялым да қасымда отыр қамауда
Тұғырдағы томағалы бүркіттей.
***
Күн еңкейді, созды жерге қолдарын,
Ұзартты ол қысқа көлеңкелерді.
Мен де ұзарттым жамап-жасқап жолдарын
Бітпей қалған кешегі бір өлеңді.
Қысқаларым, жыртықтарым қандай көп,
Киіміңдей бұйымындай кедейдің.
Содан болар, ішім азан-қазан боп.
Дәл өзіндей сезінемін өгейдің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу