Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  182


Автор: Әбділда Тәжібаев

Тағы да «Қайратқа»

Мен бұрын «Қайратқа» ренжіп жазған өлеңімде

«Қайрат қылмай сен жүрсің,
«Қайратым» деп мен жүрмін.
Жеңілумен сен жүрсің,
Жеңеміз деп мен жүрмін», -
деп аяқтағанмын.
Енді мынаны басқаша жаздым.
Темірдің аяғы кәдімгі темірдей,
Білмейді ол болдыру, шалдығу - шаршауды.
Зымырайды - ау, шіркінім, бір мезет ерінбей,
Күйрете киліккен қамал мен қоршауды.
Әнеки, тағы да Темірім жүгірді,
Доппенен жарыса домалап барады.
Апырым-ау, ол неге кенеттен бұрылды
Жан-жаққа жалтаңдап кімді іздеп қарады?
Аңғарды Темірім сол кезде Сергейді
Жетіпті - ау сабазым алдына қақпаның.
Көрдің бе Темірдің кідірмей бергенін,
Сергейдің мүдірмей қайқайта соққанын!
Доп кетті ракета даусымен ысқырған,
Бұзды ол жабылған шойындай қақпаны.
Трибуна жарылған снаряд сияқты
Сатырлай күркіреп, әрең деп тоқтады.
Көрсетті жігіттер керемет өнерді,
Қуанған кептерлер жалтылдай жөнелді.
Алматы бүгін бір қызыққа кенелді,
Әбділда жеңіске арнады өлеңді.
«Пахтакор», сұраймын кіналай көрмеңдер,
«Қайраттың» тілеулес ақ басты шалдарын.
Басқаға сендер де жеңісті бермеңдер,
Оң болсын алдағы шайқасар жолдарын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу