Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  187


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ағаға жастың ақылы

Балдырған - жас жігіт
Келіп тұр алдыма,
Нәп-нәзік, жұп-жұқа, шырайлы,
Маған ол мейріммен бір қарап алды да.
Сәл ғана уақытымды бөлуді сұрайды.
Сөйледі ол:
– Сен аға, етерсің кешірім,
Жаспын ғой, ақылшың емеспін.
Мен бірақ өлеңнің оқырман жосымын
Айтпаймын сырымды сырғанақ, көмескі.
Болмашы күдікшіл, сескенбе арамнан,
Елеме қызғаншақ, қызыл көз сайтанды.
Ол қашан өзіңше сүйсініп адамға,
Өзіңше өрнектеп әділ сөз айта алды.
Айтқан жоқ. Айтпайды ол жүрегі тазармай,
Керек қой адалдық алдымен өнерге,
Жүрсін ол даурығып шандатқан базарда,
Сен бірақ онымен дауласып бөгелме.
Қамықпа, жабықпа!
Біз бармыз қасыңда,
Қартайма, ағатай, мезгілсіз көнерме!
Кәдімгі үйренген таяғына асыл да,
Баса бер шабытпен шалқыған өлеңге.
Қазаққа қазақша сөз зәру, жыр зәру,
Айтарлық өзінің ақсаған арманын.
Қажет қой сол үшін толассыз тырбану,
Өзің біл, өзің айт, өзің шеш қалғанын.
Сүйдеді жас жігіт, ширатты босанды,
Көгерді ілезде көңлімнің кұрағы.
Күрмелген тілім де шідерден босанды,
Басқан тау үстімнен гүрс ете құлады.
\***
Маңдайдың қатпары, шатқалы
Таулардың қатпары, шатқалы секілді.
Көздердің оттары, шоқтары
Аспанның оттары, шоқтары секілді.
Қатпарлар, шатқалдар үгілді,
Тозаңға, тұманға айналды.
От көздер, шоқ көздер жұмылды,
Ұшырып болған соң ойларды.
***
Күн батты. Көкжиек өртенді,
Түн жетті көтерген қап-қара жалауды
Қап-қара жалаумен жапты кеп
Қып-қызыл лаулаған алауды.
Сонда мен, достарым, үйренгем
Қараға, қызылға қуана қарауды.
Сонда мен, достарым, үйренгем
Алғашқы жылт еткен жұлдызды санауды.
Мүмкін, мен өзім де, достарым,
Сол туған жұлдыздың біреуі шығармын.
Өйткені айтайын, достарым,
Қарауға қызылға, жұлдызға құмармын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу