Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  165


Автор: Әбділда Тәжібаев

Мақтаймын өмірді

Сүйемін мәңгілік серпінін өмірдің,
Сарқылмас жігерін сілтемпаз көңілдің,
Мақташы, өлеңім, қазақтың тілімен
Қазақтың мөп-мөлдір мүбарак жырымен
Аспанда айға да жеткенін елімнің.
Шулатса ракета от шашқан боранын –
Мақтаймын құдіреттей отанның адамын,
Бауырым боп туысты Гагарин менімен,
Бастап ол бабамның көк жайлау жерінен
Космосқа басатын алғашқы қадамын.
Босанын алған соң баяғы қысымнан
Ақ сұңқар ән-жырын биікке ұшырған.
Жырлаймын анамдай Маңғыстау қаласын
Жырлаймын баламдай Шевченко қаласын
Ақынша жылуын, жарығын ұсынған.
Сүйемін өмірдің жалынды құндағын,
Сүйемін еңбектің дауылды ырғағын.
Жырлаймын өмірді бастайтын ертекте
Лениннен таралған өшпейтін шұғыланы!
***
Тағдыр деген күймеме кереметті
Қуанышты, қайғымен қоса жектім.
Ұшып келем бетінде жер ананың
Бірде жылап, бір мезгіл қуанамын.
Жетейін деп ертерек жетер күнге,
Айдап келем аттардың екеуін де.
Үміт пенен күйікті бірдей бағып,
Болашаққа бұлдырай келем ағып.
Келем ағып уақыт пен болашаққа,
Берешек те алдымда, алашақ та.
Берсем жұтап қалмаймын, алсам жарып,
Жоғалмаса болғаны жол мен жарық.
***
Өзімнің қайратым әрине, жетпейді,
Аудара алмаймын тым ауыр тастарды.
Сонда да сескеніп оралып өтпеймін,
Алдымнан кездескен жол бермес тосқауды.
Білемін қысылсам демейтін достарды,
Келетін көмекке жанашыр жастарды.
Сол ауыр тосқауды, қап-қара тастарды
Достарым, жастарым аударып тастайды.
***
Дейсіңдер - мен неге тынбаймын,
Соқса да сом темір сынбаймын.
Болдырып белімді бермеймін,
Басса да жүз қасірет, мың қайғың.
Қалайша қасқайып тұрмаймын,
Бойымда күші бар шыңдардың.
Жанымда жатады сыңғырлап
Күйлері жел тартқан сырнайдың.
Қалайша қасқайып тұрмаймын.
***
Кеудемде көгі бар қырлардың,
Ойымда үні бар айлардың
Жанымда жыры бар жылдардың.
Мен де адаммын, өзгедей өз «менім» бар,
Өзім сүйер шарабым, әндерім бар.
Қисығың да боламын кесірленсем,
Туралықты да айтамын кесім берсем.
Айырмам жоқ, адаммын барлығыңдай,
Кеңдігім де жетерлік тарлығымдай.
Көңілшекке де ұсаймын, еріншекке,
Өкпелеп де қаламын келімсектей,
Ұқсамайды басқаға бір мінезім –
Ұстай алмай қалғышпын өзімді өзім.
Қулық сақтар жерлерде аңғалақпын,
Тұзағына түскішпен пейлі жаттың.
***
Пайғамбарсып болжампаз мақтанбаймын,
Қатер күтіп ертеңнен сақтанбаймын.
Күдік мені кідіртіп көрген емес,
Тоқталмаймын деген соң тоқталмаймын.
Алданбаймын тойғанға, терлегенге,
Малданбаймын «ардақтым сен» дегенге.
Мен ғашықпын құмармын болашаққа
Көңіл сезіп, көз әлі көрмегенге.
***
Өртшілер жабылып өшіре алмайды,
Жанымның қып-қызыл маздаған оттарын
Бықсыған түтінді үрлесең жанбайды,
Ал менің сөнбейді шашыраған шоқтарым.
Оттан мен жаралдым, оттан мен қан алдым,
Басса да сел - топан жанамын. Сөнбеймін.
Шыққанмын жарқырап қап-қара қамалдан,
Сөнесің дейсің Сен? Алдайсың, сенбеймін!
Патшалар өліпті, палуандар өліпті,
Емендер сыныпты, темірлер сыныпты.
Қай ақын, қай жерде, қай жылы сөніпті?
Қай құдай өлеңнің өлгенін көріпті?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу