Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  162


Автор: Әбділда Тәжібаев

Қиын екен

Адамдық алған қымбат сыйың екен,
Бұзуға оны сайтандық үйір екен.
Туған кезгі дүниеге пәк шағыңды
Аман сақтау, апырым-ау қиын екен.
Ойың түзу болса да, жаның таза,
Толып тұрған төңірегің бір бимаза.
Ақылсызға ақымақ десең бітті,
Қанқақсатар өзіңді, күтер жаза.
Ұры десең ұрыға шамданады,
Қары десең қарыға арланады,
Қамсыз тұрған кезіңде соғып кетіп,
Бұрқыраған орныңда шаң қалады.
Бір сескенсең кеткенің бұқпантайлап,
Әулекілер басынар күнде айқайлап,
Келтек беріп тентекке ағасымақ
Кемігеніңді отырар үйде абайлап.
Аға дейтін қайтеміз аға бар ма,
Біреуі жоқ жанашыр сағаларға,
Адал айттым дегені сасық қулық,
Дап-дайын тұр сүрінсең табалауға.
Қуланғанмен болмайды жал табам деп,
Кісілікті кірлемен мал табам деп.
Итке итсің деп көзіне айта берем,
Жазым болар жайым жоқ жалтарам деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу