👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  65


Автор: Әбділда Тәжібаев

Солдат сөйлейді

I
– Мен Терешков Владимир - солдатпын,
Еленаның өлді атанған ерімін.
Мен балта өтпес еменмін жапырақты
Жайсаң орман - қайсар орыс жерінің.
Мен солдатпын, әкесімін Валяның,
Әкесімін қыздарым мен ұлымның.
Мен кішкене ұшқынмын әрдайым
Россияны жылытатын күніңнің.
Ойламаңдар мені, достар, өлді деп,
Бармын әлі гвардия шебінде,
Бармын әлі ұлы орыстың жерінде,
Тұрмын әлі Россияның шегінде.
Біреулердің сүлдесі бар, жаны жоқ
Оларды ешкім тірі екен деп сенбейді.
Ал біреудің жаны бар да, тәні жоқ,
Тірлікпенен бір жасайды, өлмейді.
Өлді деулер ұмытшақтар дәлелі,
Адам сыйлап, әке сыйлап көрмеген.
Кімге керек ақындардың өлеңі
Жырламаса солдаттарын өлмеген!
Тұрыңдаршы, сапқа қайта, солдаттар!
Өтейікші маршпен қызыл алаңнан.
Көрсін бізді алыстардан оралған,
Көрсін бізді жалындардан жаралған.
Көрсін біздің қанымызды баттасқан,
Көрсін бізді фашизммен беттескен,
Көрсін біздің бетімізді шаң басқан,
Көрсін біздің кеудемізді оқ тескен!

II
Валя, Валя, қызым менің - тірлігім,
Мен сенімен өмір бойы біргемін.
Сен күлгенде мен де бірге күлгенмін,
Сеп сағынсаң түсіңе де кіргенмін.
Күйдірсе күн, шөліркесең далада
Мен аспанмен ақ бұлт болып келгенмін,
Жаннан қымбат, ардан қымбат балама
Салқыным мен көлеңкемді бергенмін.
Аз ба жұмбақ кездесерлік өмірде:
Қинар ойлар таппай жауап сұраққа.
Менмін сонда қуат берген көңіліңе,
Менмін сонда жол боп түскен мұратқа.
Жаттым жол боп жүргеніңде алдыңда,
Сен сүрінсең сүйемей мен қалдым ба.
Жылай қалсаң көз жасыңды құрғаттым,
Қалтаңдағы орамалың болдым да.
Сүйген сайын жұбатуға мамаңды,
Жүрегіңде мейрім болып мен жаттым.
Мен де сүйдім туған сені анаңды,
Мен де бірге Еленамды жұбаттым.
Космодром кешінде, сен бөлмеде
Жатқаныңда болашағыңды ойланып,
Жүрдім мен де көрінбестен өңгеге,
Жарығыңды көбелек боп айналып.
Жарылдым мен, ракетаңды ұшырдым,
Кеттім алып көкке байтақ даладан.
Адамзатқа зор қуаныш ұсындым,
Космоста бір жұлдыз туды жаңадан.
О, адамзат, қызық менің қызыма,
Жұлдызыма жарқыраған төбеңде.
Жүрсе көкте қызым менің жұлдыз боп,
Айтыңдаршы, өлімге мен көнем бе?
Ұшты орыстың жалтылдаған «Чайкасы», -
Менің Валям, менің қызым - жұлдызым!
Россия өзі көтерді алып қолымен,
Ұшырды өзі жерден көкке хор қызын.
Соқты орыстың елінің де жүрегі,
Соқты орыстың жерінің де жүрегі.
Барлық тамұқ қақпалары жабылды,
Барлық ұжмақ жарықтары жағылды!

III
Валя сен кеп оралғанда аспаннан
Мен де болдым күткендердің ішінде,
Тұрды келіп менің солдат достарым,
Құж қайнаған Қызыл Алаң үстінде.
Сүйдім сені отанымның желі боп,
Сүйдім сені Еленаның ернімен.
Сүйдім сені партияның өзі боп,
Дәл қасында, дәл қасыңда тұрдым мен.
Валентина, сездің бе екен? Сездің ғой,
Сүйгенімді ерніменен мамаңның.
Сездің бе екен соққанымды жүрек боп,
Кеудесінде әрбір тірі адамның.
Мен, әрине, тірілерше күлмедім,
Банкетке де тірілерше кірмедім,
Сімірмедім шампанын да бокалдың,
Күзетіне кеттім қайтып Отанның.
О, Россия, сүйген елім, зор елім,
Менмін сенің қарапайым солдатың.
Тесік каскам, қаным сіңген шинелім –
Терешковты растайтын мандатым.
О, Россия, туған өзің ұлыңмын,
Әкесімін космосқа ұшқан қызыңның.
Тамшысымын күнде ішетін суыңның,
Күнде жейтін наныңның да тұзымын.
Өлді деулер ұмытшақтар дәлелі
Адам сыйлап, әке сыйлап көрмеген.
Кімге керек ақындардың өлеңі
Жырламаса солдаттарын өлмегені.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы