Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  139


Автор: Әбділда Тәжібаев

Кенен ақын үйінде

– Балалар, отырыңдар, дем алыңдар,
Шешейдің наны мен майын жеп алыңдар,
Түстеніп, асықпастан кетерсіңдер,
Қалаға содан соң да жетерсіңдер.
Қарт жырау деді осылай бір топ жасқа,
Шешей де жеңін түріп кірісті асқа.
Кенекем домбырасын шерте берді,
Көңілсіз меймандармен отырмасқа.
Боздаған ән басталды кәрі нардай,
Күйдірген кеудесінде зары бардай.
Төгер сыр, айтар әннің салмағынан
Шанағы домбыраның жарылардай.
Аңғартты ол кәріліктің қиянатын,
Қалайша жас өмірін қияды ақын?
Кездері болады екен өз үйінде – ақ
Тұруға айна алдында ұялатын...
Жөнелді ән ауысып, жыр ауысып,
Қыранның бірі қонса, біреуі ұшып.
Әуенге кейде болса шырқыраған,
Кейде бір кең сонарға кетер түсіп.
Тыңдаушы ұйып қапты, тынып қапты,
Шулайды кейде мәз боп, күліп қатты.
Кіргенше үйге сырттан ақ самаурын,
Үлгірді тербеп жырмен Кенен аулын.
Қайран қарт Алатаудың шоқтығындай,
Ән, жырдың тұтандырар оттығындай.
Келмеске көз жұмылып кетсең бір күн
Сезерміз сонда сенің жоқтығыңды - ай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу