Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  196


Автор: Әбділда Тәжібаев

Жұбану

Үйіне кірдім, көңіл де айттым келінге,
Қаралы жас қамыға маған қарап тұр.
Сыпырылған ойлар тұншығып жатыр көңілде,
Қабырғада секундты санап сағат тұр.
Іңір ғой әлі, кешеде қимыл тынбапты,
Толассыз жауып асфальтты жаңбыр сабап тұр.
Соғады сағат шықылдап неге тым қатты,
Секундты неге асыға сонша санап тұр?
Бұрылды келін, бөлмеден шықты жай басып,
Отырмын үнсіз, тынымсыз соғып сағат тұр.
Отырмын тілсіз бұлттай қалың ой басып,
Толассыз жаңбыр асфальтты тынбай сабап тұр.
Тиді ме әлде қанаты қонған шыбынның
Дың ете қалды сүйеулі тұрған домбыра,
Еріксіз алып, керіп ем шертіп ішегін,
Жіберді жылап иесіз тұрған домбыра.
Кім екен мұны осынша қатты бұраған,
Үзілмей қалай ішектер не ғып шыдаған?
Отырдым шертіп, босатып қайта бұрауын,
Тоқтата қойды домбыра сонда жылауын.
Тартылды бір күй, білмедім кімнің күйі еді,
Әйтеуір сол күй көңлімді менің сүйеді.
Құрғатып жасын келін де келіп тыңдады,
Айтыла берді домбыра сөзі тынбады.
Соқты екен қанша сағаттың тілі асыққан,
Жауды екен қанша жаңбыр да жанды жасытқан...
Шығарып естен әзірше соның барлығын,
Тілеппіз іштей тірінің қалған саулығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу