Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  161


Автор: Әбділда Тәжібаев

Көпір болсам

Ғасырлар өтсе үстімнен
Ауыр жүк тасыр шофер боп,
Мен тұра берсем астында
Темірден құйған көпір боп.
Кісілер тасып, жүк тасып,
Поездар өтсе тынбастан,
Діңгекті жерге нық басып,
Солқылдап тұрсам сынбастан.
Аязбен тұрсам айқасып,
Айқара басса қыраулар,
Сендермен қалсам шайқасып,
Қоршалап кейде тұмандар.
Ауысып қарлар, мұнарлар,
Жаздардың көрсем келгенін.
Аспанда қалқып қырандар,
Даланы гүлдер көмгенін.
Балалар ойнап балғамен
Соғып бір қалса шетімді.
Музыка болып сонда мен
Ағызсам күйді не түрлі.
Күңіреніп кетсем органдай
Сұңқылдап барлық сымдарым.
Тіршілік тына қалғандай
Тыңдаса темір сырлы әнін.
Ғасырлар өтсе үстімнен
Ауыр жүк тасыр шофер боп.
Мен жата берсем астында
Темірден құйған көпір боп.
***
Ажалдан жаным сескенбес,
Таныс қой біздің ол ескі.
Көрініп кетіп жүреді
Кейде ашық, кейде көмескі.
Аңдыған тыңшы секілді
Сыртымнан тынбай бағады.
Қақпаны кейде соғады,
Әйнекті кейде қағады.
Аулақта, менсіз жата алмай,
Кетеді кейде үйге еніп.
Тұрады бірақ айта алмай
Жүзімнен суық именіп.
Күтіп жүр арсыз ұялмай
Әлсірер менің күнімді.
Ал мен де жүрмін қия алмай
Жазылар енді жырымды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу