Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  177


Автор: Әбділда Тәжібаев

Қараймын көнерген іздерге

Қараймын көнерген соқпаққа
Қараймын көнерген іздерге,
Әзірмін іздерді іздеуге,
Әзірмін жырлауға мақтап та.
Қараймын көнерген іздерге,
Қараймын қарайған соқпаққа.
Әзірмін іздерді іздеуге,
Әзірмін жылауға жоқтап та.
Көремін ақтабан жылдарын,
Көремін шұбалған шаңдарын,
Көремін шұбырған малдарын,
Көремін күрсінген жандарын.
Көремін қанды алау кештерін,
Көремін ырғалған көштерін.
Естимін егіле боздап бір:
«Елім - ай, елім - ай» дескенін.
Сөйлейді соқпақтар қарлығып,
Шулайды ән айтқан іздер де.
Кетіпті өткендер қалдырып:
Әндерін, сөздерін біздерге.
***
Өтіп барам дүниеден
Экспресс үстінде.
Азайғанын аңғарам
Өз бойымнан күштің де.
Терезеден қарадым
Бір ыстық шай іштім де.
Жарқырайды жарық күн,
Көк күмбез түр үстімде.
Неткен шапшаң бұл жүріс,
Келгендей - ау түскім де.
Керек болар ма екенмін,
Түссем жерге ешкімге?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу