Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  153


Автор: Әбділда Тәжібаев

Тілек

Сүйемін деп айтпашы сен,
Сөздің аз ба жалғаны?
Сертіңнен тек қайтпашы сен,
Тілсіз сүйсең болғаны.
Жетті сезсем жүрегіңнің
Арнап маған соққанын,
Жетті көрсем жанарыңның
Ұшқан маған шоқтарын.
Онда маған, ей, Сарашым,
Әзірейіл де тимейді.
Онда менің бір тал шашым
Өртке түссем күймейді.
Өтті жылдар, өтті, өтті,
Кетті жылдар қартаяр.
Арттым саған зор үмітті,
Өзге жол жоқ жалтарар.

***

Ашықтық биік арман қосыларда,
Жастықтың одан ыстық досы бар ма.
Ойларың от маздатқан қандай қызық,
Аузыңнан ән болып бір жосыларда.
Ашықтық қайта оралар қартайғанда,
Оның да қызығы бар айта алғанға.
Жақын жоқ жастай сүйген өз жарыңнан
Өмірің қайтқан судай ортайғанда.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу