06.05.2021
  877


Автор: Вальтер Скотт

Квентин Дорвард

І ТАРАУ


Аса ірі вассалдарға қарап желіккен ұсақ ленниктер де, өзінің король сарайынан қашықтығына, иелігіндегі жер көлеміне және қамал-сарайлары мен бекіністерінің беріктігіне орай ешкімге тәуелді болмауға тырысып бақты. Осы бір ұсақ қансорғыштар заң дегеніңізді аяқ асты етіп, әбден еркінсіп, қарамағындағы адамдарын айуандықпен қанап, қатал жазалап отырды. Сол кезде бір Овернидің өзінде ғана үш жүзден астам осындай тәуелсіз дворян бар еді. Тұқымбұзарлық, тонау мен зорлық-зомбылық бұлардың үйреншікті ісіне айналып кеткен-ді.


Осындай қырсықтардан кем соқпайтын тағы бір қасірет — Франция мен Англия арасындағы ұзақ жылға созылған соғыс зардабы да бақытсыздыққа душар болған бұл елді жегідей жеді. Қарулы топ боп құралып, шытырман оқиғаларға құмар батыл әрі епті адамдарды өздеріне басшы етіп сайлап алған көрші мемлекеттердің көптеген қашқын-пысқындары Францияны кернеп кетті. Бұл сатқын баскесерлер өздеріне ақыны кім көбірек төлесе, соған қалаған мерзімге жалданып жүрді; ал өздерін ешкім керек ете қоймаған жағдайда, өлген-тірілгендеріне қарамай қамал-сарайлар мен бекіністерді жаулап алып, оларды баспана ретінде пайдаланды, қисапсыз құн төлету үшін адамдарды тұтқында ұстады, қорғансыз селендер мен оларға жақын жатқан жерлерге алым-салық салуды кәсіпке айналдырды; не керек, әйтеуір, озбырлығымен өздеріне тағылған ұрыны торыған қарақшы деген лақап аттарын артығымен ақтады.


Мемлекеттің бишаралығынан туған күллі ауыр ахуал мен бақытсыздықтың үстіне жері аз ұсақ дворяндардың ортасын даңғой ысырапқорлық пен даңғаза астамшылық жайлады, олар ірі феодалдарға еліктеп, онсыз да қайыршылықтан әбден титықтап, берекесі кеткен халықтың ең соңғы сөлін сығып алып отырды.


Әйелге көзқарас романтикалық серілік сарында болды. Бірақ ол да жиі-жиі жүгенсіздікке ауысып кете барды. Ел кезбе серілердің сызылма сөз мәнері қолданудан қала қоймағанымен, сырт сипаты мен рәсімі сол күйінде сақталғанымен, ізгі, асқақ махаббат сезімі мен сол махаббаттан бастау алатын мәрттік мүлде дерлік жойылып біткен-ді және қанша майын тамыза сөйлесе де, көпірме сөздің ендігі жерде ешқандай әсері болмады.


Ірілі-ұсақты феодалдық әулеттер толассыз өткізіп тұратын жекпе-жектер мен сайыстарды, мерекелер мен думандарды аңсап, қызық іздеп желіккендер Францияға қаптап келіп жатты. Мұнда осынау күллі арамза-алаяқтардың бұл елден гөрі бақыттырақ өз отандарында пайдаға асыра алмаған ақылға сыйымсыз өжеттіктері мен айла-шарғыларына барынша кең жол ашылды.


Сол тұста ғажайып Францияны жан-жақтан төнген кесепаттан құтқарып қалу үшін келгендей боп, оның күні бітіп құлайын деп тұрған тағына XI Людовик отырды. Жеке басының жағымсыз қасиеттеріне қарамастан, ол өз заманының қасірет-наласын сезе білді, сөйтіп, белгілі бір дәрежеде оған тежеу салып, тосқауыл қойды. Медициналық көне кітаптарда айтылатынындай, кейбір улар бірінің зәрін бірі жояды екен, бұл да сол сияқты болды.


Қара басының қамы яки саяси мақсат талап еткен сәттерде, барынша-ақ батыл Людовик табиғатында бос қиялға беріле қоятындай аңғал емес-ті: оның бойында абырой мен намыс жолын қуатын асқақ ерліктің нышаны да жоқ-ты. Жымысқы да айлакер ол алдымен өз мүддесін ойлайтын, осы жолда ар-намысын ғана емес, сонымен бірге нәпсіқұмарлығын да құрбан етіп жүре беретін. Ол өз ойындағысын, жан сыры мен ішкі сезімін тіпті өзіне ең жақын адамдарға да жария еткен емес. «Мекерлене білмеген адам мемлекет басқара алмайды; ал мен болсам — құпиямды сезіп қойғанын білсем, қалпағымды да ойланбастан отқа өртеген болар ем» дегенді жиі айтып жүретін. Өзгенің осал жағын тап басып танып, бас пайдасына жарата өз кемшілігі мен осалдығын ешкімге сездірмейтін мұндай алаяқ адам бұрын-соңды болған емес.


Людовик жаратылысынан кекшіл де қатыгез еді. Сондықтан да сансыз адамның өз әмірімен өлім жазасына ұшырағанына оның жаны жадырап, шын рақат табатын. Қанына қарайған кезінде ол, аяушылық, кешірім дегенді әсте білмейтін, сөйте тұра кекшілдік ниетпен ақылға сыймайтын, ойға қонбайтын әрекетке де бара бермейтін. Біреуді құртқысы келсе, құрбандық өзінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болып, ешқайда сытылып кете алмасына көзі әбден жеткен кезде ғана тап беретін; сөйтіп не істесе де аса сақтықпен, ептілікпен, астыртын істейтін, құпия қылықтарының мәні ол өз мақсатын іске асырғаннан кейін ғана төңірегіндегілерге аян болатын.


Беделді адамды немесе өзіне дұшпан мемлекеттің қайсыбір министрін арбап, төніп тұрған қатердің алдын алуға немесе қарсы одақты бұзуға келгенде, Людовиктің бойындағы туа біткен сараңдығы оған еш бөгет болмайтын да, шашып-төгіп жомарттық жасайтын. Қыздырма сезімге берілуге, сауық-сайран құруға да әуестігі бар еді, бірақ ең құмар ләззаты: әйелдер мен аңшылық та, негізгі міндеті — мемлекетті басқару ісін мінсіз орындаудан алаңдата алмайтын. Ол адам табиғатын өте нәзік түсінетін, қоғамның қай әулетінен шықсын, мейлі, бір пендеге де алалап қараған емес. Өзі тәкаппар, өр көкірек бола тұра, қоғамды жоғары және төменгі топқа бөлуді жөн санамайтын, оның мұнысына ақсүйектер жағы қатты назаланатын. Және де ең жоғары деген қызметтерді қоғамның төменгі тобынан өзі іріктеп алған адамдарға іркілместен сеніп тапсыра беретін; ол, шынында да, адамдарды тани білетін, сондықтан да өте сирек қателесетін.


Бір тума тұлғалар өмірден көп кездесе бере ме — ақылы мен дарыны бір басына жетіп артылатын осы қайраткердің бойында да қайшылықтар көп еді. Өзінің елден өткен екіжүзділігі мен жырындылығына қарамастан, Людовик кейде басқалардың ақкөңіл адалдығына сеніп қалып, бармағын тістеп те жүрді. Бұлай сан соғып қалуының себебі, өзі алдамақ болған адамының шексіз сеніміне кірем деп, әртүрлі жымысқы әрекетке баруында болса керек; ал тірі жанға сенбейтіндігі әрі күдікшілдігі жағынан сол дәуірде ғұмыр сүрген әміршілердің бір де біреуі оның шаңына ілесе алған емес.


Осы бір тиіп-қашты мінездемені толықтыра түсу үшін — бірде тапқырлығымен, бірде ағыл-тегіл ашыққолдығымен, енді бірде қаталдығымен және мейірімсіздігімен сол кездегі соғысқұмар, рақымсыз әміршілер арасынан суырылып шыға білген, солардың — өз ырқымен билігіне бағындыра алмаса, парша-парша ғып талап тастайтын жыртқыш аңдардың — ортасында үйретуші іспетті орынға ие болған осынау тажал адамның тағы да екі қасиетіне тоқтала кеткен жөн болар.


Людовикке тән қасиеттердің ең бастысы — әбден қанына сіңген ырымшылдығы еді, онысы дін үкімін орындамаушыларды шықпыртып отыру үшін құдірет қолына ұстатқан қару іспетті болды. Өзі ұстанған макиавеллишіл саясатына2 титтей де болса опасыздық жасап, күнәкар болу Людовиктің ойына кіріп те шыққан емес, бірақ діни әдет-ғұрыптарды қалтқысыз қадағалау, тәңірге жығыла жалбарыну, сондай-ақ дін иелеріне сый-сияпат үлестіру арқылы ар азабынан арылуға барынша тырысып бақты. Оның бойына біткен екінші қасиет — сол алғашқы қасиетімен таңғаларлық түрде сабақтасып жатқан зинақорлығы мен құшаққұмарлығы болатын. Өзімен тұстас монархтардың ішіндегі ең ақылдысы, тіпті олай болмаған күнде де, ең айлакері Людовик жеңіл жүріске әуес еді. Өз басы тапқыр да айтқыш адам болған ол, өзімен сұқбаттасқан кісінің де тапқырлығы мен ақылдылығын жоғары бағалайтын, мұның өзі оған жараспайтын сияқты боп та көрінетін. Соншама секемшілдігіне қарамастан, небір күдікті жортуылдар мен махаббат машақатына таңғаларлық жеңілтектікпен көзді жұмып күмп беретін. Құмарлыққа шамадан тыс салынғаны сонша, ақырында әзіл-шыны аралас ащы анекдоттардың тууына себепкер болды, ол анекдоттар құрастырылып, жеке кітап етіп шығарылды. Бұл жинақ библиофильдерге жақсы таныс, олардың ойынша (неге десеңіз басқалардың қолына бұл тектес кітаптар тие бермейді ғой) алғашқы жарық көрген басылым өте-мөте бағалы болып шыққан.


Сонымен осынау сауысқаннан да сақ, әрі епті, бірақ өте бір сүйкімсіз әміршінің арқасында тағдырдың жазмышы Людовик таққа отырар алдында мүлде құрып бітуге айналған мемлекеттік тәртіптің игіліктерін ұлы француз халқына қайта оралтты. Тағдыр дегеніңіз қызық қой, кейде осылай жазғы жылы жаңбырды ғана емес, сонымен бірге алапат, аласапыран дауылды да адам игілігіне қызмет етуге мәжбүр етеді.


Таққа отырмай тұрып-ақ Людовик жақсылығынан гөрі жаманшылығымен көбірек танылған еді. Оның алғашқы әйелі Маргарита Шотландская, күйеуінің сарайдағы малайлары таратқан өсектің құрбаны боп кетті, алайда өсекті Людовиктің өзі өршітпеген болса, мейірімді де бақытсыз ханымның сыртынан сөз жүгіртуге ешкімнің батылы бармас еді. Людовик пәтуасыз да қатыгез ұл болды: ол алдымен туған әкесіне астыртын қастандық ұйымдастырды, одан кейін ашықтан-ашық көтеріліске шықты. Алғашқы қылмысы үшін ол өзінің дербес иелігі Дофинге жіберілді, осы жерде ол тұңғыш рет өзінің шебер билеуші екенін көрсетті, екінші қылмысы үшін — мемлекеттен біржола қуылды, сөйтіп, Бургундия герцогы мен оның ұлының аяғына жығылып, өзіне баспана беруін өтінді: 1461 жылы әкесі дүние салғанға дейін Людовик әкелі-балалы герцогтардың меймандостығын пайдаланып-ақ бақты, бірақ ақырында олардың жақсылығын жаманшылықпен қайтарды.


Бургундия герцогы, дәлірек айтқанда, оның ұлы — граф де Шароленің басшылығымен Францияның аса ықпалды вассалдары құрған лига Людовик патшалық ете бастаған кезде-ақ оны тақтан тайдыруға әрекет жасаған еді. Лиганың жетекшілері қалың қол жинап, Парижды қоршап алды да, астананың іргесінде шешуші шайқасқа шықты, сөйтіп, француз монархиясының күлі көкке ұшуға сәл ғана қалды. Бірақ әдеттегідей, жауласушылардың ішіндегі ең жылпосы бүкіл даңқ пен абыройды иемдене алмаса да, осынау шүбәлі шайқастан өз кәдесіне жаратуға болатынның бәрін пайдаланып қалды. Монлери3 маңындағы ұрыста ерекше ерлік көрсеткен Людовик барлық жайды өз пайдасына шешіп жіберді де, осынау алмағайып айқаста еңсесі көтеріліп шыға келді. Ол өзіне қолайлы кезеңді күтумен болды, ал лига қаруын тастаған сәтте өздерін Ортақ игілік лигасы (шын мәнінде олардың түпкі мақсаты француз монархиясын құлату болса да) деп атаған оның жетекшілері арасында алауыздық туғызуды өте шебер жүргізе білді, нәтижесінде лига лезде быт-шыт болды да, бар құдіретінен айрылып, енді қайтып бас көтере алмады. Өз ішінде Йорктер мен Ланкастерлер4 өзара қырқысып жатқанда Англиядан келер қауіп жоқтығын сезген Людовик енді өз мемлекетінің әл-қуатын арттыру ісімен шұғылдануға кірісті. Ол білгір, бірақ қатал дәрігер тәрізді, бірде сөзімен, бірде білектің күшімен, найзаның ұшымен ұзақ жылдар бойы әрекет етіп, Францияның саяси организмін жегідей жеп, құртып бара жатқан ауыр дерттің таралуына тосқауыл қоюға тырысты. Еркінсіп кеткен қарулы қарақшылардың тонауына және дворяндардың заңсыз әрекеттеріне тыйым салуды көздеді, сөйтіп, шыдамдылық пен табандылықтың арқасында там-тұмдап болса да оған корольдік өкімет билігін нығайтудың және өзінің қуатты вассалдарының қарсылығын біржолата басып-жанши алмаса да, едәуір әлсіретудің сәті түсті.


Әйтсе де француз королі тұс-тұстан төніп келген қауіп-қатердің қыспағында қалды. Рас, Ортақ игілік лигасы мүшелерінің арасын алауыздық жайлағанымен, Лига әлі құрып біткен жоқ еді, сондықтан шала-жансар жыландай қайта тіріліп, бұрынғысындай зәрін шашуы ықтимал болатын. Алайда оған бәрінен де күштірек қауіп — Европадағы қуатты әміршілердің бірі Бургундия герцогы жақтан төнді. Франция короліне шартты түрдегі тәуелділігі оның тасып тұрған қуаты мен құдіретіне зәредей де көлеңке түсіре алған жоқ.


Бұл кезде Бургундия герцогтігі иесі өжет атанған (оны қайсар деп атаған абзал болар еді, өйткені оның ерлігі долылықпен әм ызақорлықпен ұштасып жатушы еді) Карл5 еді. Оның көкейін тескен бірден-бір арманы: өзінің герцогтік тағын тәуелсіз король тәжіне алмастыру болды. Мінез-құлқы жағынан Карл XI Людовиктен мүлде басқаша жаралған жан еді.


Сабырлы да ақылды әрі әккі Людовик тәуекелдің адамы емес-ті, оның есесіне ойлаған ісінің, әйтеуір, күндердің күнінде бір жүзеге асатындығына көзі жетсе, алған бетінен қайтпайтын-ды. Ал герцог болса, бұған керісінше, қандай қауіпті іс болса да бас жоқ, көз жоқ қойып кететін, өйткені оның жаны қауіпке құмар еді және кедергі, бөгет дегендердің ешқайсысынан қаймықпайтын. Людовик пайдалы жерінде өзінің ең бір қимас құштарлығын да құрбандыққа шалып жіберетін; Карл пайданың жолына өзінің құмарлығы түгіл болмашы тілегін де айырбастамаған адам. Аталастығына, герцог пен әкесінің Людовикті қуғынға ұшыраған дофин6 кезінде паналатып, қол ұшын бергендігіне қарамастан, бұл екеуі бір-біріне ит пен мысықтай өш болатын. Король жүргізген ұстамды саясатты Бургундия герцогы ұнатпайтын, Людовиктің мақсат-мұратына түлкі бұлаң, жымысқы әрекеттермен, алдау-арбаумен, тағы да басқа қитұрқы тәсілдермен жету мәнерін табиғатынан су жүрек қорқақтығынан туған құбылыс деп санайтын, ал өз басы алдына қойған мақсатына жету үшін әрқашан да қолына қару ұстап, қаһарланып шыға келер еді. Ол корольді өзіне көрсеткен жақсылықты білмегені үшін, Людовиктің елшілері әкесінің көзі тірі кезінде-ақ Карлге қара күйе жағып өсек таратып, сөккені үшін ғана емес, Генттің, Льеждің және Фландрияның басқа да қалаларының герцогқа наразы азаматтарына көрсеткен астыртын көмегі үшін өлердей жек көріп кеткен-ді. Өздеріне берілген кеңшіліктерін сақтап қалуға бар жанын салып әрі байлықтарының буына мастанған осынау бүлікшіл қалалар Людовикке арқа сүйеп, өздерінің әміршілеріне, Бургундия герцогтарына қарсы ашықтан-ашық айқасқа шығып тұрды, ал Людовик өзінің аса күшті вассалының қолы астында наразылық дүрбелең туғызуға қолайлы жағдайды қалт жібермеді.


Герцогты Людовиктің де суқаны сүймейтін, жек көретін, бірақ онысын сырт көзге сездірмейтін. Иә, Людовик секілді көреген адам герцогтың әлгіндей оспадар мінездерін — күндердің күнінде өз басына сор болып тиерін ойламай қойып кететін қояншықтығын, басына төнген қатерді, алдындағы мықты тосқауылды елемейтін есерсоқтығын қалай ұнатсын. Ол Карлды жай ғана жек көріп қойған жоқ, әбден қастасып алды, осынау бір қатерлі жауы неғұрлым зәресін алған сайын, мұның оған деген ызасы мен өшпенділігі соғұрлым өрши берді; Людовик Бургундия герцогын әдетте сүзеген бұқаға теңегенді ұнатушы еді, өйткені айуанның аты айуан емес пе, тіпті көзін жұмып сүзсе де, мерт қылып кетуі мүмкін ғой. Оның зәресін ұшырған Бургундияның шалқыған дәулеті мен орасан күш-қуаты, герцог иелігіндегі ер жүрек әрі көнбіс халықтың қара құрым көптігі ғана емес, мінезі шәлкес герцогтың өз басы да ол үшін қауіпті жау болды. Көзсіз батылдығымен, дүниені оңды-солды шашып жүретін дарқандығымен аты шыққан, өз төңірегі мен сарайын үлде мен бүлдеге орап, жарқырата жайнатқан Өжет Карлдың қасына онымен мінез-құлқы жағынан егіздің сыңарындай ұқсас, сол кездің ең батыл, ер жүрек адамдары топтасып алған-ды; сондықтан Өжет Карл іспетті жүрегінің түгі бар жолбарыс бастаған мұндай хас батырлардың небір қияметтер жасай алатынын Людовиктің түсінбеуі мүмкін емес-ті.


Людовиктің бақталас вассалына деген өшпенділігін күшейте түскен тағы бір жағдай бар еді: ертеде герцог оған жақсылық жасаған, бірақ бұл жақсылықты өтеу Людовиктің ойына кіріп те шыққан емес; Карлдың алдында өзінің қарыздар екенін, әрине, оның іші сезді, осы бір жағдай оны герцогпен қарым-қатынаста ілтипат сақтауға, сонымен бірге, өзінің корольдік мәртебесіне дақ түсіретініне қарамастан, кейде герцогтың ашу шақырған оспадар қылықтары мен тентектіктеріне де кешірімді болуға мәжбүр етті, сөйтіп Карлге «бургундік сүйікті бауыры» ретінде қарамауға тағы да лажы болмады.


Олардың арасында уақытша әрі дәйексіз бітімге қарамастан, 1468 жылдың шамасында екі ұлы әміршінің бір-біріне деген өшпенділігі тіпті асқынып кетті. Әңгімеміздің бастапқы бөлігі нақ осы дәуірге қатысты еді. Бәлкім, оқырман бұл хикаяның басты кейіпкері өзінің қоғамдық орны жағынан тым қораштау екен, сондықтан оны сипаттау үшін соншама жоғарғы дәрежелі әрі күш-қуаттары айрықша жандардың өзара қарым-қатынастарын тәптіштеп жатудың не қажеті бар еді деп те қалар: ал біз осынау мәртебелі мырзалардың көңіл құштарлығы, наразылықтары, араздықтары немесе татулықтары олардың төңірегіндегі адамдардың тағдыр-талайына қалай әсер ететіндігін еске салғанды мақұл көреміз, сөйтіп, келесі тараулардан кейіпкеріміз өміріндегі көптеген оқиғаларды дұрыс түсіну үшін осы бірінші, кіріспе тарауда баяндалғандардың қаншалықты маңызды екеніне әрқайсыңыз айқын көз жеткізетін боларсыздар деп үміттенеміз.


II ТАРАУ


ЖОЛАУШЫ



Мен әлемді қақыратам қылышпен.


Лейтенант Пистоль



Күннің ыстығы әлі сезіле қоймаған, таңғы шық тазартқан жұпар ауасы жан сергітер жаздың бір тамылжыған таңғажайып шағында, теріскей-шығыс жақтан келе жатқан жас жігіт айнала тұтасып кете баратын ну орманның үстінен қисапсыз сұрғылт мұнаралары асқақтай көрініп тұратын король қамал-сарайы Плесси-ле-Турге жақын маңдағы Шер дариясына құятын шағын өзеннен, дәлірек айтсақ, жайыла аққан жылғадан өтетін өткелге маңдай тіреді. Ну тоғайлы осы бір жерде la noble chaise яғни корольдің аң аулайтын қорығы бар-ды. Айналасы шарбақпен қоршалған еді. Ол орта ғасырлық латынша plexitium деп аталатын, осыдан барып көптеген француз деревнялары Плесси атанып кеткен. Басқа деревнялардан айырмашылығы, біз сөз етіп отырған қамал-сарай мен деревня Плесси-ле-Тур деп аталады, өйткені бұлар Францияның миуа бағы саналатын гүлжазира жазық даласы бар ежелгі Түрен аймағының үлкен әсем астанасы — Тур шаһарының түстік жағынан екі-ақ миль жерде орналасқан-ды.


Жолаушы таяп келген өзеннің арғы бетінен екі адам көрінді, алыстан қарағанда олар өзара қызу әңгімелесіп тұрғанға ұқсайтын еді, ал, шынында, өзеннің биіктеу жағасында тұрған бұл екеуі өздері бағана байқап қалған жас жігіттің әр қимылын жіті қадағалауда болатын.


Жолаушы жігіт көп дегенде он тоғыз-жиырма жастар шамасында-ақ болар, сірә; оның жергілікті тұрғын емес, шетелдік екендігі белгілі боп тұрса да, келбеті мен бүкіл кескіні көзге бір түрлі жылы ұшырайды. Қысқалау сұр камзолы мен шалбары француздан гөрі фламанд үлгісіне көбірек келіңкірейді, ал гүл сабағымен және бүркіт қауырсынымен әшекейленген көгілдір түсті сәнді бас киімі, сөз жоқ, шотландық екенін аңғартады. Киім киісінде жастыққа тән жарасты сүйкімділік бар. Ұсақ-түйек заттар салған жол сөмкесін иығына асып алыпты. Сол қолына аңға шыққанда сұңқар қондыратын биялай киген, бірақ сұңқары жоқ; оң қолына жуантық таяқ ұстаған. Сол иығына қызыл күрең мақпалдан тіккен кестелі бауы бар дорба асынып алған. Сұңқардың жемін және сол заманда жұрттың көбінің сүйікті кәсібі болған аңшылық өнердің тағы басқа керек-жарақтарын салатын мұндай дорба тек аңшыларда ғана болушы еді. Кеудесіне айқастыра буынып алған былғары белбеуден аңшының селебесі салбырайды. Аяғына етіктің орнына бұғы терісінен тіккен башмақ киіпті.


Өрімдей жас жігіттің күш-қайраты әлі толыса қоймаған тәрізді, соған қарамастан бойы сұңғақ та сымбатты көрінеді. Аяғын сергек басуы жаяу жүруге әбден дағдыланып алғандығын байқатады. Тумысынан ашаң жүзі сәл-пәл тотығыпты — мұнысы, әлі үйрене қоймаған ыстық жақтың әсерінен, болмаса өз елінде таза ауада көп жүргендіктен болу керек.


Бет әлпетінде елден ерек ештеңе жоқ, бірақ адамды өзіне тартып тұратын бір жылылық бар. Езуінде балғын күлкі үйіріліп, жымиғанда күріштей аппақ тістері жарқырай көрінеді, айналадағыны жіті шолатын көгілдір көздерінде бір түрлі мейірімділік, аңғалдық әрі батылдық бар.


Сол бір қатерлі заманда сирек те болса ұшырасып тұратын жолаушылардың ишараты мен сәлемдеріне сай лайықты ізет көрсетіп келеді. Қарақшы ма, әлде солдат па, қару асынған әлдебір қаңғыбас кезігіп: оңай олжамысың, әлде ә десең мә дейтін сабаздың өзімісің дегендей бұған тесірейе қараса, жас жігіт те оған тайсалмай көз тігетін. Сол кезде анау да лезде өзінің арам пиғылынан айнып: «Аманбысың, достым!» деп жәдігөйлене бас изейтін. Жас шотландық оған даусын жұмсартыңқырап, салмақты да салқын үн қататын. Пилигрим7 мен қайыршы монахқа кездескенде ілтипатпен жылы шырай көрсетіп амандасатын, есесіне олар да жас жігітке өз баталарын беріп жататын; ал көзі қарақаттай мөлдіреген жап-жас шаруа қызына кездескенде жігіттің есі шығып, майысып-ақ қалатын, бойжеткеннің риза болатыны соншалық, көпке дейін артына бұрылып жалтақтап қарай беретін, жігіт қарасы үзілгенше күлімсіреп шығарып салатын. Не керек, жас жігіттің бойында көрген жанның көзі тоятын бір сиқыр бар еді: өжеттігі, жайдарылықпен жалғасқан туралығы мен кірбіңсіз айқын көзқарасы, әм сүйкімді тұрпаты кімді болсын еріксіз баурап алар еді. Оның мінез-құлқынан өмір табалдырығын жүрексінбей еркін аттауға бел буған, бірақ бұл жолда кездесер зұлымдық пен қауіп-қатер атаулыдан мүлде бейхабар, жамандық атаулымен күресу үшін жіті ақыл мен жас жігерден басқа ешқандай да қаруы жоқ жан екені сезілетін. Жастарды еліктіріп сүйсіндіретін, ал өмір көрген, ысылған адамдардың жанашырлығын туғызатын оның осы қасиеттері болатын.


Қазір біз әңгімелеп отырған жолаушыны, жан-жағын орман қоршаған қамал-сарайы бар өзеннің арғы бетінде әңгіме шертіп тұрған екеу баяғыда-ақ байқаған еді; жас жігіт құлама жарқабақтан төмен қарай суатқа құлаған киіктей лып етіп, қарғып түскенде, әңгімелесіп тұрған екеудің жасы кішісі ересектеуіне:


— Япыр-ау, мынау өзіміздің сыған болды ғой. Егер ол бірден суға қойып кетсе, онда құрығаны: өзен тасып жатыр, өте алмайды, — деді.


— Байқап көрсін, — деді үлкені, — өте алмасына өзінің де көзі жетеді, бауырым. Бәлкім, ол, «Ажалы оттан болатын пенде суға кетпейді» деген ескі мақалды расқа шығарар.


— Бұл арадан мен оның дидарын анық көре алмай тұрмын, тек сол екенін басындағы көгілдір телпегінен таныдым, — деді алғашқысы. — Тыңдаңызшы, әнеки, ол айғай салып тұр: өзен терең бе деп сұрайды.


— Әуелі өзінің көзі жетсін, — деді ересектеуі алғашқы сөзін тағы да қайталап, — дүниеде өз басыңнан өткергеннен артық ештеңе жоқ.


Арғы беттегі екеудің өзенді кешіп өтпек болған бұған жайбарақат қарап тұрғанын, тіпті сұрауына жауап та қатпағанын көргесін жас жігіт көп ойланбай башмағын шешіп тастап, өзенге қойды да кетті. Тек сол кезде ғана әлгі екеудің үлкені жігітке абайла деп дауыстады, сонан кейін серігіне қарап:


— Mort dieu8, бауырым, сен тағы да қателестің, мынауың мүлде сыған емес, — деді.


Бірақ сақтан деген сөз кеш айтылды: жас жігіт оның не дегенін ести алмады ма, әлде абайлауға мұршасы келмей қалды ма, суға аяғы тиісімен-ақ бірден иірімге тап болды. Шеберлігі мен ептілігі кемдеу кез келген жүзгішіңнің опатқа ұшырауында сөз жоқ еді, өйткені өзен өте терең, ал ағысы тым қатты болатын.


— Әулие Аннаның атымен ант етемін, мынауың азамат екен, — деп дауыстады бейтаныс екеудің үлкені. — Жүгір тезірек, достым, өз кінәңді жуып шайып, қолыңнан келсе оған көмектес барып. Олжа өзіңдікі болатын шығар, өйткені ескі мақалға сенсең, ол суға кетпеуге тиіс.


Расында да, жас жігіт асау толқынмен арпалысып керемет қайрат пен ептілік көрсетті, бұрқыраған асау ағысқа бой бермей, суға өзі түскен жердей көп ауытқымастан бергі жағаға жүзіп өтті.


Бейтаныс екеудің жасырағы жүзгіш жігітке қол ұшын бермек боп төмен ылдилап өзенге қарай жүгipe жөнелгенде, ересегі маң-маң басып оның соңынан ілесе жүрді, өзінен өзі бір нәрселерді айтып, күбірлеп келе жатты.


«О, тәңірім-ау, ол, әнеки, жағаға шығып та үлгерді және шыға сала таяғына жармасты. Егер тездетіп қастарына бармасам, кім білсін, өмірінде тұңғыш рет кісіге қайырым жасамақ болған серігімді сойылға жығып жүрер».


Әрине, оның бұлай ойлауына негіз жоқ емес еді, өйткені сол сәтте ер жүрек шотланд қасына жүгіре басып таяп келіп қалған самаритянға ашулана айқайлап тап берген-ді.


— Өй, ит неме! Өте алам ба деп жөн сұрағанда, неге үн қатпадың? Саған сырттан келген жұртқа қалай қарау керек екенін үйретпесем шайтан алсын мені!


Жас жігіт осылай деді де, қолындағы таяғын аспанға шиыра лақтырып, қайта қағып ап, оны ортасынан ұстаған күйі шыр көбелек айналдырып, сес көрсетті. Бұл тәсіл «диірмен» деп аталатын-ды, өйткені шыр көбелек айналған таяқ жел диірменнің қалағын көзге елестететін. Мынадай зілді сөзді естісімен, жас жігіттің дұшпаны шап беріп семсерін суырып алды: мұнысы оның сөздің емес, істің адамы екенін танытқандай еді. Бірақ осы кезде екі бейтаныстың үлкені де келіп үлгеріп, серігіне доғар деп әмір етті. Сөйтті де, жас шотландқа қадала қарап тұрып, оның ай-шайға қарамастан суға қойып кетуі, онымен қоймай өзіне көмектесуге ұмтылған адамға қызбалықпен дүрсе қоя беруі жөн емес екенін айтты.


Сырт қарағанда салиқалы көрінген егде адамнан мынадай сөз естігесін жолаушы жігіт қолындағы қаруын түсіре берді, егер кінәлі болса кешірім етуін өтінді; бірақ, өз ойынша, олардың өзенді кешіп өту қатерлі екенін ескертпей, қауіпке итермелеуі дұрыс болмағанын айтты. Ал мұндай қылық әрбір адал адамға да, қайырымды христианға да, әсіресе түрлеріне қарағанда қадірмен шаһар тұрғынына жататын бұл екеуіне де лайықты емес қой.


— Жә, балам, — деді ересек бейтаныс, — бет-әлпетіңе, сөз саптауыңа қарап, сенің сырт жұрттың адамы екеніңді біліп тұрмын, бірақ бөгде тілде тәп-тәуір шүлдірлегеніңмен, оныңды ұға қою бізге оңайға соқпасын сенің де білуің керек емес не еді.


— Жарайды, әке, — деді жігіт. — Сенсеңіз, суға шомылып шыққаныма қайғырып тұрғаным жоқ, киім-кешегімнің малмандай болғанына сіздер кінәлі болсаңыздар да, киімімді қай жерге барып кептіріп алуға болатынын айтсаңыздар кешіре-ақ салайын, өйткені бұдан басқа лыпам жоқ, сондықтан күтіп кимесем болмайды ғой.


— Сен осы бізді кім деп тұрсың, достым? — деді бейтаныстың үлкені жауап берудің орнына.


— Қаланың ауқатты азаматтары шығарсыздар, әлбетте. Бөтен кім болушы едіңіздер? — деп жауап қатты шотланд жігіт. — Жә, жоқ, сәл сабыр етіңіздер!.. Сіз, мырза, өсімқор немесе нан сатушы сияқтысыз, ал серігіңіз — алыпсатар, не қасапшы болуы керек.


— Дәл таптың, — деді бейтаныстардың үлкені күлімсірей түсіп. — Солай екені, солай! Менің кәсібім, шынында да, ақшамен байланысты; сондай-ақ серігім жөнінде де қателескен жоқсың; кәсібі жағынан ол қасапшыға жақын. Саған құрмет көрсетуге екеуміз де әзірміз. Қош, сонымен өзің кім боласың, қайда барасың, қандай жұмыспен жүрсің, жөніңді айтшы. Бұл күнде не көп, ар-ұяттан да, құдайдан да безген аттылы-жаяу ағылып жүрген қаңғыбастар көп қой.


Жас жігіт бұларға сенуге болар ма дегендей әлгі әңгімелесіп тұрған кісі мен оның үндемес серігіне қадала көз тастап өтті, сөйтіп өз байыптауынша мынадай байламға келді.


Екеудің үлкені, әрі байсалдылауы сырт пішіні мен киім киісіне қарағанда көпеске ұқсайды. Бір түсті қоңыр матадан тігілген қамзолы, шалбары мен сулығы әбден тықырланып кеткен, сондықтан аңғарымпаз шотланд мұндай киімді әдетте — не шіріген сасық бай не сіңірі шыққан тақыр кедей киеді, бұл осының алғашқысы болар деп ұйғарды. Мынадай етегі шолтиған қып-қысқа, әрі тар киімді сол кездегі дворяндар да, ауқатты қала тұрғындары да киген емес, олар мол пішілген әрі етектері тізеден төмен түсіп тұратын ұзын қамзол киетін.


Бейтаныс бұл адамның жүзінен жылылық пен салқындық лебі қатар есіп тұрғандай еді, оның ат жақты кескінінде, шүңірейген көздерінде біздің жас жігітке де тән қуақылық пен мысқыл да жоқ емес. Сонымен бірге салбыраңқы қалың қара қастың астындағы шүңірек көзден әлдебір қаһар мен өктемділіктің суық ызғары белгі беретіндей. Бәлкім, маңдайын бастыра киіп алған жапырайған былғары бөркі көздерін әдеттегісінен гөрі айқындай көрсетуінен де әлгі бір әсер күшейе түсіп тұрған шығар, бірақ та бейтаныс адамның қарапайым кейпімен үйлесіңкіремейтін осынау көзқарасы жолаушы жігітті қатты таңдандырды. Оның бөркі көзге тіпті қораш көрініп тұрды. Ауқатты адамдар сол бір заманда өз бөріктерін алтын немесе күміс жіппен зерлеп қоюшы еді; ал мына сорлының бас киімінде жарлы-жақыбайлар Лоретоға барғанда ала келетін тәңір-ана бейнеленген қалайы қаптырмадан басқа ешқандай әшекей жоқ.


Одан он жастай кіші жолдасы тапал бойлы, төрт ақ кісі еді. Оның тұнжыраған жүзінен анда-санда ғана зәрлі күлкінің елесі білініп қалады; айтса да бейтаныстың үлкені өзіне қарап жұмбақ ишарат білдіргенде ғана езу тартқандай болады. Ол семсер мен қанжар асынып алған-ды. Жұпыны киімі астынан сол бір қатерлі кезеңде тек сарбаздар ғана емес, сонымен бірге кәсібіне орай жиі-жиі сапар шегіп тұруға мәжбүр бейбіт адамдар да киетін ұсақ темір шығыршықтардан жасалған жұқалтаң сауыты барын шотландтың көзі шалып қалған. Осыдан кейін бұл адамның қасапшы, өсімқор, яки осы тақылеттес басқа бір кәсіптің адамы екендігіне шотландиялық жас жігіттің бұрынғысынан да гөрі көзі жете түскендей болды.


Шетелдік жас жігіт біз манадан бері суреттеп отырған көріністерді көзінің астымен бір қарағанда-ақ байқап үлгеріп, бір минуттай үнсіздіктен соң ілтипат білдіре тіл қатты:


— Кіммен кездесіп тұрғанымды білмеймін, бірақ кім болсаңыздар да, өзімнің шотланд екенімді, бір әулеттің кенжесі екенімді, жерлестерімнің әдет-ғұрпы бойынша, Франциядан немесе басқа бір кез келген елден өз бақытымды іздеп жүргенімді еш қысылмай да, қорықпай да айта аламын.


— Әдет-ғұрыптарың ғажап екен, сайтан алғыр! Сен өзің де мақтауға тұрарлық жігіт екенсің! Қазір сен жігіттерге ғана жұғымды болып қоймай, әйел білкеннің де есін алатын шағың... Мәселе былай: мен — көпеспін, маған қолғанат керек... Бұған қалай қарайсың? Бәлкім, мұндай елеусіз кәсіпті өзіңе қораш көретін боларсың?


— Бұл ұсынысты шын пейіліңізбен айтып тұрғаныңызға шүбәм бар, егер шын болса, онда сізге адал көңілден алғысымды білдірем — рақмет, тақсыр; ал, расын айтсам, сізге қолғанат болуға жарамаймын-ау деп қорқам.


— О не дегенің! Сенің есеп-қисаптан гөрі садақты мүдірмей тарта білетініңе, ал қаламнан гөрі қанжарға бейімірек екеніңе кәміл сенемін. Солай емес пе?


— Мен тау халқының перзентімін, тақсыр, ал «тау ұлының мерген болмасқа хақысы жоқ» деген мәтел бар біздің жақта, — деп жауап қатты жас ұлан, — Бірақ мен әдияратты көп паналағам, сөйтіп, шарапатты монахтар мені хат танып, оқып-жаза білуге, керек десеңіз, есеп-қисапқа да үйреткені бар.


— Сайтан алғыр, бұл керемет қой! — деп қуанышы қойнына сыймай кетті көпестің. — Әулие Эмбренская бибінің атын аузыма алып айтайын, сен кереметтің нақ өзісің.


— Көңіліңіз қош көрсе, мысқылдай беріңіз, тақсыр, — деді шотланд, жаңа танысының сайқы мазақ сөздерін жаратпаған сыңаймен. — Ал үсті-басымнан су сорғалап тұрғанда сіздермен қылжақтасып тұрар жайым жоқ. Киім-кешегімді кептіріп алатын орын іздеуім керек.


Бұл сөздерге жауап берудің орнына көпес қарқылдап кеп күлді.


Сайтан алғыр, — деді ол, — әлгі бір «Fіеr comme un Ecossois!»9 дейтін мәтел бекер айтылмаған екен! Жә, достым, ашуыңды бас енді. Сенің елің маған жақсы таныс және еліңді жақсы көремін, өйткені менің шотландтармен талай мәрте істес болғаным бар. Сендер жұпыны тұрасыңдар, бірақ барынша адалсыңдар... Жүр, деревняға апарайын. Оразаңды аш, ықыласымды көр, суға малшынып шыққаның үшін бір стақан тәуір шарап тартып жібер... Уа, мынау не пәлесі тағы, сайтан алғыр? Аңшының биялайы ма? Король меншігіндегі жерде сұңқар салып, аң аулауға рұқсат жоқ екенін білмеуші ме едің әлде?


— Бұдан бейхабар едім, оның үстіне Бургундия герцогының оңбаған орманшысы мені тақырға отырғызып кетті, — деді жас жігіт. — Бұл оқиға Перонна түбінде болған-ды: қолымдағы құсымды көкқұтанға жіберуім-ақ мұң екен, әлгі оңбаған садағын тартып қалып, табанда мерт қылды. Сұңқарыма үміт артып, сонау Шотландиядан өзіммен бірге ала шығып ем.


— Қош, ол үшін сыбағасын бердің бе?


— Мен оны сілейтіп салдым, — деді жігіт қолындағы таяғын бір сермеп, — өйткені христиандар бірін-бірі өлтіріп, обалына қалмауы керек, тек көк ала қойдай қылып, көзіне көк шыбын үймелету лазым.


— Ал, сен жазатайым Бургундия герцогының қолына түссең, сол заматта-ақ дарға асылатыныңды білесің бе?


— Неге білмейін! Француз королі сияқты мұндай іске ол да шапшаң деседі ғой. Бірақ бұл оқиға нақ Перонна түбінде болғандықтан, мен шекарадан өттім де тартып тұрдым. Ол мұндай қызу қанды болмаса, оның қол астына барып қызметке орналасуым да мүмкін еді.


— Егер уақытша бітім бұзыла қалса, өзіңдей қас батырдан айрылып қалғанына герцог қатты өкінетін шығар, — деді көпес мырс етіп, сөйтті де өзінің томсырайған серігіне қарады, осы сәтте түнгі аспанда жарқ етіп өте шыққан аққан жұлдыздай оның жүзінде де ызғар шашқан күлкі елесі байқалып қалды.


Шотландиялық жігіт қалт тоқтап, бас киімін жалма-жан оң жақ шекесіне қондыра салып, кәрлене тіл қатты:


— Бері қараңыздар, мырзалар, әсіресе сіз, сэр, өйткені естияры да, естірегі де өзіңіз сияқтысыз ғой: абай болыңыздар! Мені мазақ қылудың сіздерге онша оңайға түспейтінін дәлелдеудің қажеті жоқ шығар. Маған сіздердің сөз сыңайларыңыз ұнап тұрған жоқ. Мен әзілді түсінетін кісімін, ал егер айыбым болса, жасы үлкендердің артық-ауыс сөзін де көтеремін, онда рақметтен басқа айтарым жоқ. Бірақ мені жас баладай әжуа қылғандарыңызға төзе алмаймын, жыныма тие беретін болсаңыздар, құдайға шүкір, екеуіңіздің де сазайларыңызды беруге құдіретім жетеді.


Мына сөзді естігенде бейтаныстың үлкені күлкіден ішегі түйіліп, өліп кете жаздады, ал серігі семсерін жарқ еткізіп суырып алды; шотланд жігіт аса бір ептілікпен оның қолын қағып жібергенде семсері анадай жерге ұшып кетті, оны көріп бейтаныстың үлкені одан бетер қарқылдай күлді.


— Тоқта, шотланд батыр, тоқта! — деп дауыстады ол. — Өз еліңе деген сүйіспеншілігің үшін сабыр етші ең болмаса... Бауырым, сен де шаптыға берме. Сайтан алғыр... Сауда-саттықпен кәсіп ететін адамдар келісімпаз болуы керек, ал жас жігіттің ғажап соққысын мұздай суға шомылып шыққаны үшін кегін қайтарғаны деп ұққан жөн... Ал, сен, достым, сөзіме құлақ ас: бір ашуыңды бер! — деді ол шотландты жасытқан өктем үнмен, содан соң сөзін әрі қарай жалғады. — Менің жыныма сен де тие бермегін, ал серігім онсыз да сыбағасын алып болды, жетер енді. Өзіңнің есімің кім осы?


— Сыпайы сауалға лайықты жауап беруге мен қарсы емеспін, — деді жігіт, — егер қылжақтап, қытығыма тимесеңіз, жасыңыздың үлкендігіне орай сізге құрмет көрсету қолымнан келмейді емес. Ылғи да иығыма асып жүретін дорбама қарап, менің Франция мен Фландрияда Мақпал қоржынды Паж атанып кеткенім бар. Ал ата-анамның қойған аты — Квентин Дорвард.


— Дорвард деймісің? Сонда сенің ата-тегің Дворян болғаны ма? —деп сұрады бейтаныс.


— Болса болар, — деп жауап қатты жас шотланд. — Оған ата-бабамыздың он бес ұрпағы айғақ. Менің басқа кәсіпті емес, әскери кәсіпті қалауымның түпкі себебі де осында жатыр.


Нағыз шотландтың өзі екен! Ата-бабалары да текті адамдар болды ғой, паңдығы да жетіп жатыр, бірақ қалтасының түбі тесік екеніне күмәнім жоқ. Бері қарашы, бауырым, — деді егде бейтаныс өзінің түнеріп тұрған серігіне қарап. — Кәнеки, ана жаққа бар да, тұт бағының ішіне дастарқан әзірлесін деп әмір ет; дайын асты кергенде майға ұмтылған аш тышқандай қуанарына кәміл сенемін. Ал, сыған жөнінде... кәнеки, құлағыңды тосшы, бір нәрсе айтайын...


Серігінің айтқандарын құлағына құйып алған көңілсіз бейтаныс астарын болжап болмастай зымияндықпен мырс етті де, адымдай аяңдап кете барды, ал егде көпес Дорвардқа қарап: —Кәнеки,. біз де аяңдайық, жолшыбай Губерт әулиенің ғибадатханасына соғып, құдайға құлшылық ете шығайық — әйтпесе шыбын жаннан гөрі құлқын қамын көбірек ойлағанымыз күнә болар, — деді.


Әуелі үсті-басын кептіріп, аз да болса жүрек жалғап алу қамын ойлап тұрса да, ақ пейіл католик Дорвард оған қарсылық білдіре қойған жоқ. Осы екі арада әлгі түнерген бейтаныс қара үзіп те үлгерген еді, сол кеткен жолға түсіп, оның серігі мен жас жігіт қалың орманға келіп кірді. Орманды ит тұмсығы батпайтын қалың жыңғыл жайлап алғаны байқалады және ұзындығы мен ені ат шаптырымдай ашық алаңдар көзге түседі, бұл жерде шағын бұғы табыны қаннен-қаперсіз бытырап жүр, тегі, олар өздерін осы орманның еркесіміз деп есептейтін болса керек.


— Мергенбісің деп сұрап едіңіз ғой, — деді жас шотланд. — Маған екі жебесімен садағыңызды беріңізші. Түстікке бұғы етін жегізейін.


— Сақ болғайсың, достым! Саған айтар ақылым: абай бол. Серігім осы маңның тағы аңдарын қызғыштай қориды, аңдарды күзету соған жүктелген; шын сөзім: оның өзі ашуы қатты адам.


— Қалай десеңіз де ол ақ жарқын орманшыдан гөрі қасапшыға көбірек ұқсайды, — деді Дорвард. — Бет пішіні баскесерден айнымайтын адамды аңшылық сияқты керемет өнерге қатысы бар дегеніңіз әншейін сөз ғой.


— Оның рас, достым, алғаш көрген адамға серігім пәлендей ұнай қоймайды. Ал жанына жақын келіп, сырлас болғандар ол жайында бір ауыз ғайбат сөз айтқан емес.


Мына сөздер әлдебір астарлы мәні бар тәрізденіп, Квентин Дорвардтың құлағына тосын естілді; ол жалт етіп бейтанысына қадала көз салды, сөйтті де оның бет әлпетінен, жымысқы күлкісінен, сығырая қараған өткір көздерінен өзінің секем алған әсерін одан бетер күшейте түскен бір нышанды байқағандай болды.


«Қарақшылар, алаяқтар мен өтірікшілер хақында естігендерім бар еді, — деп ойға шомды ол. — Бәлкім, анау нақұрыс — қарақшы болар да, ал мына қақбас алаяқ қу — соның оң қолы, құйыршығы шығар. Сақтықта қорлық жоқ дегендей, сақ болу керек... Бірақ немді алмақ бұлар? Көп болса, бірер төмпеш сыбаға етермін!»


Дорвард осындай ойда келе жатқанда олар үлкен кәрі ағаштар әр жерде қадау-қадау өскен ашық алаңқайға шықты. Тырбиған түбірлер мен бұтақтардан аршылған алаңқайға көкшіл кілем төсеп тастаған тәрізді. Ағаш жапырақтары оңтүстіктің шыжыған күнінен қалқалап тұрған мынадай көкорай бүкіл Францияда сирек ұшырасатын құбылыс. Айналада өздерінің жасыл алып күмбездерін асқақтата аспанға көтерген, жүз жасаған шамшат пен шегіршін ағаштары сап түзеп тұр. Табиғаттың осынау алып перзенттері ортасында, ағысы қатты жылғаға жақын маңдағы ашық алаңқайға сымбаты көзге қораш көрінетін жұпынылау шағын ғибадатхана орналасқан. Оған жалғас жапырайған құжыра — осындағы дін қызметшісінің міндетін атқарушы тақуаның мекені көзге түседі. Ғибадатхананың доға тәрізді есігінің үстіндегі ойықтан әулие Губерттің шағын мүсіні көрінеді, ол иығына аңшының мүйіз кернейін асынып алыпты, ал аяқ жағында екі тазы жатыр. Сыңсыған қалың орман мен тағы аң-құстардың арасында жападан-жалғыз тұрған ғибадатхана аңшылық кәсіптің иесі, әулие Губертке10 бағышталған.


Қасына Дорвардты ерткен бейтаныс бірден ғибадатханаға беттеді. Олар ғибадатханаға таяна берген сәтте өзінің діни киімін киіп құжыра ішінен шыққан тақуа да солай қарай аяңдады, сірә, дұға оқуға келе жатқан болуы керек. Қастарына жақындап келгенде, діни дәрежесіне құрмет көрсету ишаратын жасап, Дорвард оған иіліп тәжім етті, ал қарындағы серігі діншілдіктің биік парызын өтеген іспеттеніп бір тізесін бүкті, сөйтіп, діндар әкесінің батасын алған соң жай басып, тәңірге барынша тәнті түрмен соңынан ілесті.


Ғибадатхананың ішкі безендірілуі әулие Губерттің бұл дүниеде не істеп, не қойғандығынан мағлұмат беретіндей еді. Қабырғаларға әр алуан аңдардың қымбат терілері ілінген; меһраб алдындағы шымылдық та осындай терілерден тігіліпті. Қабырғаға салынатын әшекей-өрнектердің орнына аңшы кернейлері, қорамсақ пен садақтар, олардың ара-арасына бұғының, қасқырдың және басқа да аңдардың бастары қойылған — қысқасы, қайда қарасаң да аңшылықтың иісі аңқып тұр. Мінажат ету рәсімін де «аңшы дұғасы» деп атауға болар еді, өйткені мұндағы дұғалар да қысқартылып ықшамдалған, сөйтіп, өздерінің аңсары ауған ісіне кіріскенше асығып тұратын ақсүйек төрелердің шыдамын тауыспау үшін аң аулауға аттанар алдындағы мінажат рәсімі жедеғабыл атқарылатын.


Осы бір қысқа ғана мінажат рәсімін атқару үстінде Дорвардтың серігінің тұла бойын діндарлық біржолата билеп алғандай болып көрінді; ал, діндарлық деген ойына онша кіре қоймаған Дорвард нақ мынадай ізгі де момын адамды әлгінде өзінің ең пасық күдіктермен кінәлағанын іштей ыңғайсыз көрді. Ол енді өз серігін қарақшылармен дос-жар және сыбайлас деп санамақ тұрмақ, керісінше, оны әулие деп мойындауға да бар еді.


Құдайға құлшылық қызметі атқарылып біткеннен кейін, олар ғибадатханадан сыртқа шықты, содан соң серігі Дорвардқа бұрылып:


— Енді деревняға дейін таяқ тастам ғана жер қалды, сонымен сенің күнәдан пәк күйіңде оразаңды ашуыңа болады. Тек маған ілесіп отыр, — деді.


Тауды қиялай тартқан оң жақ беттегі соқпаққа түскен ол серігіне енді ұқыптырақ, сағырақ бол деген ақылын айтты, соқпақтан оңға, не солға сәл қия басушы болма, керісінше, оның қақ ортасымен жүріп отыруға тырыс деп ескертті. Үнсіз ілесе беруге шыдамы жетпеген Дорвард мұнша сақтық жасаудың қанша қажеті бар, деп сұрады.


— Мәселе былай, жігітім, біз енді король меншігіндегі жерге жеттік, — деді жол бастаушы, — сондықтан бұл өңірде сіздің жан баспаған таулы алқаптағыдай емін-еркін жүре беруге болмайды. Бұл маңда қазір біз жүріп келе жатқан соқпақтан басқа әр сүйем жер қауіпке толы, сондықтан ол жерлерден етуге де болмайды, өйткені бағбанның қайқы пышағы — долананың бұтақтарын сырт еткізіп қырқып түсетін тәрізді, байқамаған адамның да аяғын солай оп-оңай қырқып түсетін ұстарадан өткір пышақтары немесе қысқаштары бар арандар мен тұзақтар құрулы жатыр; бұл маңда кісіні жер қаптыратын қақпандар бар; сондай-ақ адамды тірідей жұтып қоятын шыңырау зындандар да осында. Қысқасы, біз король иелігіндегі алқаптың нақ кіндігінде тұрмыз, қазір қамал-сарайды да көреміз.


— Францияның королі болсам, — деді жігіт, — бүйтіп айналама арандар да, қақпандар да құрмас едім, өйткенше өз мемлекетімді қара ниетті бірде-бір пенде маған қарай аяқ баспайтындай етіп басқарған болар едім. Ал өз патшалығымдағы атырапқа бейбіт немесе достық пиғылмен келемін деушілер болса, оларды әманда құшақ жайып қарсы алар едім, өйткені неғұрлым досың көп болса, соғұрлым өзіңе жақсы емес пе.


Дорвардтың серігі үрейленген кейіппен айналасын шолып өтті.


— Абайла, абай бол, Мақпал Қоржынды Паж мырза! Бұл жердегі ең үлкен қауіп туралы ескертуді ұмытып барады екенмін: бұл ормандағы әр жапырақтың құлағы бар, ауыздан шыққан сөзің сол қалпында корольге жетеді.


— Тәйірі-ай, сол да сөз болып па! — деді Квентин Дорвард. — Мен тегіннен-тегін шотланд болып жаралыппын ба, өз ойымды, тіпті керек десеңіз, жаратқан ием жар бола гөр оған, Людовик корольдің өзіне де батыл айта аламын. Ал жаңағы саққұлақ жайына келсек, аңшының пышағымен қырқып тастайын, көзіме көрсетші өзің!


IІІ ТАРАУ


ҚАМАЛ-САРАЙ



Қақ алдыңнан қарсы қарап тұр қорған
Қақпасы оның көк темірмен шырмалған,
Жан-жағынан орлар қазып тастаған,
Қара құрым жау келсе де саспаған,
Ағып жатыр су сылдырап, бұл кезде,
Шылым шегіп күзетші тұр күмбезде.


Белгісіз автор.



Әңгімелесе жүріп, Дорвард пен оның жаңа танысы қарсы алдарында қасқиып тұрған Плесси-ле-Тур қамал-сарайына таяп қалды. Ақсүйек атаулы сенімді бекіністе тұруға мәжбүр болған қауіп-қатерге толы осынау дәуірдің өзінде де бұл қамал-сарайдың күзеті айрықша қатаң болатын.


Қалың жыныс ішінен шыққан Дорвард пен оның серігі қамал-сарайды анықтап көруге тоқтады. Орман шетінен бастап қамал-сарайдың қабырғаларына шейін тақтайдай жазық алаңқай екен. Алаңда жылдар мүжіп, жарым-жартылай қаусаған алып еменнен басқа көз тоқтатарлықтай қылт еткен не бір бұтақ, не бір шыбық жоқ. Қамал қабырғаларының үстінде тұрған күзетшінің көзіне түспей тірі жан өте алмасын деп, бұл алаң барлық дәуірлердің қорғаныс ережесіне сай, әдейі ашық қалдырылған-ды.


Қамал-сарай бүкіл өне бойы мен бұрыш-бұрыштарында бекініс мұнаралары бар үш қатар аранды қабырғамен қоршалған. Екінші қатардағы қабырға біріншіден сәл еңселілеу, ал үшінші, ішкі қабырға екіншіден де биік. Сыртқы қабырғаны қапелімде дұшпан басып алғанның өзінде де ішкі жақтан сыртқы қабырғаларды қорғауға болатын. Француз өзінің жас серігіне бірінші, сыртқы қабырғаны қоршап тереңдігі жиырма фут ор қазылып тасталғанын айтты (олар орды көре алған жоқ, өйткені қамал қабырғасының етегіндегі еңісте тұрған еді), оған шлюздер арқылы Шер дариясынан, дәлірек айтқанда, осы дарияның бір тармағынан су келіп құйылып, орды шүпілдете толтырып тұратынын түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, нақ осындай терең орлар, екі ішкі қабырғаны да қоршап тұрады. Үш қатарлы осынау орлардың ішкі және сыртқы жағалауларына қаз-қатар тізілген темір қазықтар қағылған. Әр қазықтың басы екі айрылып, найзадай үшкір етіп ұшталып қойылған, сөйтіп, орлар тірі жан өте алмастай бекініске айналдырылған: одан өтемін деп әрекет жасау — өз басын өлімге тігумен пара-пар еді.


Үш қатар етіп өрілген қабырғалардың қақ ортасында қамал-сарайдың өзі орналасқан. Сарай дегеніміз әр заманда салынып, бір-біріне жанаса ірге тепкен бір шоғыр үйлер еді. Осы құрылыстардың ішіндегі ең көнесі бойымен көк тіреген ежелгі эфиоптың қара дәуі тәріздес ерте заманғы сұрғылт түсті биік мұнара болатын. Дұшпаннан қорғану мақсатымен мұнараның қалың қабырғаларынан терезе орнына әр жерден ұзынша ойықтар жасалған. Соқыр адамның көзіне ұқсап үңірейген ол ойықтар тұла бойыңды тітіркендіреді. Басқа құрылыстар да сәнді де жайлы тұрғын үйлерге онша ұқсамайтын: олардың терезелері ауланың ішкі жағына қаратылған, демек, өзінің сыртқы көрінісі жағынан қамал король сарайынан гөрі көбіне-көп түрмеге ұқсайтын. Сол бір заманда патшалық құрған король өзі орнатқан жаңа бекіністердің көзге түсіп қалмауын көздеп (күллі сезікшіл адамдар тәрізді, король де сезікшілдігін мейлінше мұқияттылықпен бүркемелеп отырды), іргесі жаңадан қаланатын барлық үйлерді бұрынғы үйлерден айыруға болмайтындай етіп салу жөнінде әмір берді, сөйтіп, сарайдың түрмеге ұқсастығын одан бетер күшейте түсті. Осы мақсатта жаңа құрылыстар әдейі қоңыр кірпіш пен тастан салынды, цементке күйе қосылды, сондықтан қаншама жаңа ғимараттар көтерілсе де, король сарайынан баяғы заман бедері білініп тұратын.


Осынау тас қамалдың ішіне бір есіктен ғана кіру мүмкін еді — сарайдың алдынан қарағанда Дорвардқа осылай көрінген-ді; бұл — сонау заманда екі жақ қапталында биік мұнарасы, аспалы темір торы және жиналмалы көпірі болуға тиіс ең сыртқы қабырғаға ойып жасалған қақпа болатын; темір тор түсіріліп, көпір жоғары көтеріліп қойылған екен. Мұнаралары бар дәл осындай қақпалар ішкі екі қабырғадан да көзге шалынып тұрды. Бірақ қақпалардың үшеуі де, бір-біріне тұспа-тұс шықпайтын-ды, өйткені олар солай әдейі бір сызықтың бойымен орналаспаған-ды; сөйтіп, бір қақпадан өткен соң екіншісі мен үшіншісіне тікелей шыға алмайсың, яғни, екінші қақпаның тұсына бару, үшін екі қабырғаның арасымен отыз ярдтай қиғаштап жүруің керек. Алда-жалда дұшпан тәуекелі жетіп осы тұсқа келіп қалса — онда ол екі жақ қанаттан өзіне ерсілі-қарсылы жаудырылған оқтың астында қалар еді. Сондай-ақ, дұшпан сәті түсіп екінші қақпадан да өтіп кетсе, тағы да бораған қалың оқтың астында қалмағы сөзсіз, қысқасы, қамал-сарай орналасқан түкпір жақтағы аулаға жету үшін, сөйтіп, берік бекіністермен нығайтылған және көздің қарашығындай күзетілген үш қақпаны да басып алу үшін дұшпан екі бүйірден оқ борайтын өте-мөте қауіпті екі тар жолдан өтуі керек болады.


Дорвард сыртқы жаулар мен өзара қырқысулардан зардапты Франциядан аз шекпеген елде, тамаша табиғи бекініс саналатын таулы, о шетінен бұ шетіне дейін түпсіз шыңыраулар мен асау өзендер тілгілеген елде туып-өскен жігіт болғандықтан, сол бір аласапыран заманда адамдар өз шаңырақтарын жау ойрандап кетпес үшін қолданатын сан алуан айла-тәсілдермен жақсы таныс еді; бірақ ол табиғат жасампаздығы жетіспеген өңірде өнер бірдеңе жетістірер деп ешқашан ойламағанын қасындағы серігіне ашық мойындады. Шынында да, жоғарыда айтып өткеніміздей, іргесінен басталып, орман шетімен астасып жатқан аласа ғана еңісті есептемегенде қамал-сарай мидай дерлік жазықтың үстіне орналасқан еді.


Дорвардты одан сайын таңдандыру үшін серігі қамал-сарай төңірегінің жаңағы өздері келген соқпақтан өзге жерінің бәріне, орман ішіндегідей арандар, тұзақтар мен қақпандар жағалай құрылып тасталғанын айтты; олардың бәрі қамал-сарайға жетекшісіз жетпекші болған бишараға төніп тұрған өлім қаупі екенін түсіндірді; оның сөзіне қарағанда, қамал-сарай іргесін қуалай қарлығаш ұясы деп аталатын, темірден жасалған күзет үйшіктері қойылған; ұдайы алмастырылып тұратын сақшылар сонда жайғасып, шартты белгі бермей, әрі күн сайын өзгеріп отыратын парольді білмей, қамал-сарайға маңайлап келуге тәуекел еткен кез келген жанды өзіне байқатпай мүлт жібермей оққа ұшыра алады; қамал-сарайды күндіз-түні күзету, деді бейтаныс, құрметті атақтарын және басқа да игіліктерін есепке алмағанда, өздерінің әскери қызметі үшін король Людовиктен көп мөлшерде айлық алып тұратын король гвардиясының атқыштарына жүктелген.


— Ал енді, жігітім, — деп әңгімесін сабақтай түсті ол, — сен өзің маған шыныңды айтшы: нақ осындай берік бекіністі бұрын-соңды көргенің бар ма және тіке шабуылмен осы қамалды алуға болады деп ойлайсың ба?


Өзіне айрықша күшті әсер еткен қамал-сарайға Дорвардтың тамсана қарағанына бірсыпыра уақыт болды; жас адамға тән құмарлықпен бар зейінін сала қызықтағаны сонша, тіпті ол үсті-басының малмандай су екенін де ұмытып кетті. Өзіне әлгіндей сауал қойылғанда іштей бір батыл ерлікке бекінгендей, көзінде ұшқын ойнап, жүзі бал-бұл жайнап кетті; әлден уақытта ол:


— Қамал-сарайдың берілместей дерлік берік екендігі даусыз, бірақ батырлар аспас асу болушы ма еді, — деп жауап қатты.


— Ондай хас батырлар, әлбетте, сенің отаныңда да бар болар? — деді қасындағы серігі ұнатпаған пішінмен.


— Ол жағына кепілдік бере алмаймын, — деді жас жігіт. — Жалғыз-ақ білетінім — менің отанымда әділдік жолындағы күрестен еш уақытта тайынбайтын мыңдаған адам табылады.


— Оған дау бар ма! — деді бейтаныс насаттана. — Бәлкім, өзің де сондай хас батырлардың бірі боларсың?


— Қисыны жоқ жерде мақтанбай-ақ қояйын, — деп үн қатты Дорвард. — Бірақ әкем атақты батыр болған адам, ал мен оның перзентімін, әрі заңды мұрагерімін.


— Олай болса, несі бар, — деді бейтаныс күле сөйлеп, — бұл жерде сенімен күш сынаса алатындар жоқ емес. Осынау қабырғаларды күзетушілер, король Людовиктің гвардиясы түгелімен сенің отандастарың — шотландиялық атқыштардан жасақталған. Сенің отаныңдағы аса ізгі әулеттерден шыққан үш жүз дворян осы гвардия құрамында қызмет атқарады.


— Егер мен король Людовиктің орнында болсам, — деп қызбалана іліп әкетті жас жігіт қасындағы серігінің сөзін, — онда күзет қызметін тек қана осы шотландиялықтардың мойнына жүктеп қояр едім. Мен мынау алынбас қабырғаларды бұздырып, орларды көмдіріп тастар едім, бектерім мен батырларымды сарайға алдыртып, өнер салыстыратын ғажайып сайыстар ұйымдастырып, той тойлап, ұзақ таңға арулармен би билеп, өмірдің рақатына бөленер едім. Ал дұшпандарымды шыбын құрлы кермес едім.


Дорвардтың серігі күлімсіреп қойды да, өздерінің қамал-сарайға тым тақау келіп қалғандарын айтты; содан соң күрт кейін шегініп, орманға қарай «бет түзеді, бірақ бұрынғы соқпақпен жүрмей басқа кеңіректеу жолға шықты.


— Бұл жол Плесси деревнясына апарады, осы жерден сен өзіңе ыңғайлы, әрі арзан нарықпен пәтер жалдап тұруыңа болады, — деді бейтаныс мән-жайды түсіндіріп. — Әсем қала Тур осы арадан екі-ақ миль жерде, мынау дәулеті шалқыған әрі гүлденген ғажайып өңір сол қаланың атымен аталады. Бірақ менің ойымша, сенің қаладан гөрі Плесси деревнясына жайғасқаның жөн; оны корольдік аң аулайтын қорығына көршілес орналасуына байланысты, қорық жанындағы Плесси деп те атайды.


— Ақыл-кеңесіңіз үшін рақмет, мырзам, бірақ мен бұл арада көп бөгеле қоймаспын, сондықтан, егер Плесси деревнясында, — қорық жанындағы Плесси ме, әлде тоған жағасындағы Плесси ме, мейлі, — маған бір кесім ет пен бір тостаған судан гөрі дәмдірек бір стакан бірдеңе жетеді, сонан соң бұл арамен қош айтысып кете бармақпын.


— Солай де. Ал мен бұл жерде іздеп келген достарың бар шығар деп ойлап едім, — деді Дорвардтың серігі.


— Оныңыз рас, менің нағашым, шешемнің туған ағасы осы жерде тұрады, — деп жауап қатты Дорвард. — Ертеректе ол өз өлкесінде құрметке бөленген әрі көркем жігіт атанған адам.


— Нағашыңның аты-жөні кім? — деді бейтаныс. — Мен ол жайында сұрастырып, хабарын біліп берер едім, өйткені біле-білсең... қамал-сарайға өзің баруың қауіпті, ондағылар сені тыңшы деп қалуы мүмкін.


— Мені тыңшы демек пе, — деп Дорвард шамданып қызарақтап қалды. — Құдай біледі, бар ғой, мені тыңшы атауға аузы барған адамның, мейлі кім болса да, сазайын беремін! Ал нағашыма келетін болсақ, ешқандай жасырып-жабарым жоқ, оның аты — Лесли; адал да, аяулы есім.


— Бұған менің зәредей күмәнім жоқ, бірақ шотландтардың гвардиясында осы аттас үш адам бар.


— Менің нағашым Людовик Лесли, — деді жас жігіт.


— Бірақ әлгі үш Леслидің екеуінің есімі — Людовик.


— Менің нағашым Тыртық Людовик аталып кеткен еді, — деді Дорвард. — Шотландияда есімдері мен фамилиялары бірдей адамдардың жиі ұшырасатындығы соншалық, қарауында жері жоқ адамдарды жер атымен айыруға болмайтындықтан, әйтеуір, бір лақап ат қоя салатын әдет бар.


— Лақап ат емес, әскери атақ демексің ғой. Айтып тұрған кісіңді білетін сияқтымын... Бетіндегі тыртығы үшін біздегілер солай атап кеткен Таңбалы Людовик туралы айтып тұрсың-ау деймін... Оның өзі адал азамат әрі сенімді сарбаз. Маған салса, екеуіңді жолықтырғым-ақ келіп тұр, бірақ бұл оңай шаруа емес, өйткені король гвардияшыларының тәртібі қатал және тікелей корольдің қасына еріп жүрген кездерін айтпағанда, олар қамал-сарайдан анда-санда сыртқа шығады. Алайда сүйікті досым, сен әуелі менің бір сауалыма жауап берші. Егер сен нағашыңның қол астында шотландық гвардия қатарында қызмет атқаруға келмеген болсаң — мұрнымды кесіп берейін. Ал, менің ойымша осы рас болса, онда өзіңнің әлі уыздай жастығыңа қарамастан, — мұның өте батыл жоспар: мұндай қызмет атқару үшін көп тәжірибе керек.


— Бәлкім, бір кезде ондай ойым болған да шығар,—деп Дорвард самарқау жауап берді, — ал қазір менің бұған мүлде ықыласым жоқ.


— Бұның қалай, жарқыным? — деді француз қатқылдау үнмен. — Отандастарыңның ішіндегі ең ізгі де ең асыл тектілері құлшына баратын бұл қызметке неге мұрныңды шүйіре қарайсың?


— Мейлі, құлшынса құлшына берсін, — деді Дорвард аспай-саспай. — Шынымды айтсам, француз королінің қол астында қызмет атқаруға өз басым қарсы болмас едім; бірақ ол, мейлі, менің аузымнан ақ май ағызып қойсын, үлде мен бүлдеге орап, алтынға малындырып қойсын, өзімнің бас бостандығымды корольдің темір торларына, өзіңіз «қарлығаштар ұясы» деп атаған анау қарғыс атқыр тас сауыттарға айырбастай алман. Бұларын былай қойғанда, — деді Дорвард бәсең үнмен сөзін сабақтап, — шынымды айтсам, айналасында мәселен, анандай жаңғағы бар емендер өсетін қамалда тұруға пәлендей зауқым жоқ.


— Мен сені ұққан тәріздімін,— деді француз,— бірақ ойынды әлі де болса айқынырақ айтшы.


— Қаласаңыз, айқынырақ та айта аламын. Әнеки, қамал-сарайдан оқ бойындай жерде жапырағы жайқалған кәрі емен тұр,— деді Дорвард,— осы еменнің бұтағында нақ менің қамзолымдай, сұр қамзолды бір кісі асулы тұр. Енді түсінікті ме?


— Иә, айтқаның рас болып шықты. Жас адамның көзі қырағы деген осы-ay, сайтан алғыр,— деді француз.— Бұтақтардың арасынан қараңдаған бірдеңені мен де көріп тұрмын, бірақ бұл қарға шығар деп ойлағанмын. Алайда мұнда таңқаларлық не бар, сүйікті досым? Жаз өтіп, күз келеді, айлы түн ұзарып, жол бойында қауіп-қатер көбейе түседі. Сөйтіп, сен бұл еменге асылған бір ғана емес, он шақты, тіпті жиырма шақты емен жаңғағының куәсі боласың. Осы да таңсық болып па? Бұл секілді байрақтар нақұрыстардың зәресін ұшыру мақсатымен әдейі ілініп қойылады, сөйтіп, осылай асылып қалғандар арқылы әр жолы Францияда бір қарақшы немесе бір алаяқ болса да, бір тонаушы немесе халыққа қарсы бір қаскүнем болса да азая түседі. Былайша айтқанда, бұл біздің әміршіміздің тек әділдігін көрсетеді, сүйікті достым, бар болғаны осы ғана.


— Егер мен король Людовик болсам, мұндайларды қамал-сарайымның іргесінде дарға асуға тыйым салар едім, — деді жас жігіт. — Менің отанымда өлі қарғаларды әдетте, тірі қарғалар үймелеп жүретін жерлерге асып қояды, еш уақытта оларды бау-бақшалардың ішіне, не көгершін мекендеріне маңайлатқан емес. Нақ мынадай жидіген өлексенің сасық иісі... тфу, мүңкуін қарашы. Сасық иіс тіпті осы араға да келіп тұр.


— Жарық дүниеде жүре берсең, әміршіңнің шын берілген, адал пақыры бола білесің — күллі әлемде дұшпанның, сатқынның немесе опасыздың өлексесінен асқан жақсы иістің жоқ екендігіне көзің жететін болады, достым, — деді француз.


— Мұрның иіс сезбейтін, көзің көрмейтін көзге дейін, қысқасы, түк білмейтін меңіреу болғанға дейін өмір сүруден құдай сақтасын, — деді шотланд. — Көзі тірі дұшпанға әлде сатқынға қарсы бетпе-бет қойыңыз да мені сынап көріңіз; ал, бірақ өлікке деген өшпенділікті, не жауыздықты өз басым естіп-білген емеспін... Қош, мінеки, деревняға да, келіп қалыппыз. Мұздай суға малшынғаным да, әлгі қолқаны атқан сасық иіс те тәбетімді жоя алмағанын іс жүзінде көрсетемін ғой деп үміттенемін. Қазір ең алдымен мейманханаға барып түсейік, неғұрлым тезірек жайғассақ, соғұрлым нұр үстіне нұр... Айтпақшы, меймандостығыңызды қабылдаудан бұрын есіміңізді білуге рұқсат етіңіз.


— Мені Пьер ағай дейді жұрт. Атақ-дәреже іздеуші мен емес, өйткені өзім қарапайым адаммын, азын-аулақ табысты қанағат етіп, жұпыны тірлік кешемін.


— Күн, мақұл, Пьер ағай болсаңыз бола-ақ қойыңыз, — деді Дорвард. — Қалай болған күнде де, сізді жолықтырғаныма өзімді өте бақыттымын деп санаймын.


Осы кезде ағаш тасасынан шіркеу мұнарасы мен кіреске керіп тастаған ағаш адам бейнесі көзге шалынған, өйткені бұлар селенге жақындап қалған еді. Көп ұзамай жолаушылар даңғыл қара жолға келіп шықты, бірақ бұл жолмен жүрмей Пьер ағай басқа жаққа бұрылды, содан соң серігіне өздері беттеп келе жатқан, әрі барлық салауатты адамдар түсетін мейманхана деревнядан жырағырақ жерде орналасқанын айтты.


— Егер салауатты адамдар деп қалтасы қалың адамдарды айтып тұрсаңыз, — деп үн қатты шотланд, — онда мен олардың санатына жатпаймын және тонаушымен әлдебір трактирде емес, осындай жол бойында жолығуды қалаймын.


— Пай-пай-пай, сендер, шотландтар, шеттеріңнен сараң халықсыңдар ғой, сайтан алғыр. Шайқап жүретін ағылшындар ғой: бас-көзге қарамай трактирге ұмтылады, ең дәмді деген тағамдарды алдырады, тыңқия тойып алған соң ғана барып ішіп-жегендерінің нарқын сұрап жатады. Бірақ, мистер Квентин, — сенің есімің Квентин емес пе еді? — мұздай суға шомылдырып алған күнәм үшін саған қонақасы беретінімді ұмытып қалғанбысың? Менің айыбым осылай өтелсін.


— Шынында да, солай екен-ау, суға шомылып шыққанымды да, бұған сіздің айыпты екеніңізді де, айыбыңызды жумақ боп уәде еткеніңізді де ұмытып барады екенмін, — деді Дорвард жайдары пішінмен. — Ұмытқан себебім, үстімдегі киімім жолшыбай кеуіп те үлгерді. Әйткенмен де, сіздің ілтипатыңызды қабыл алуға дайынмын, өйткені кеше ішкен түскі тамағым да жұмырыма жұқ болмап еді, ал кешкісін нәр татқан жоқпын... Мен білсем, сіз айрықша салиқалы адам сияқтысыз, сондықтан ілтипатыңызды қабылдамай тастайтындай себепті көре алмай тұрмын.


Француз сәл езу тартты. Ол жас шотландтың қарны шұрқырап тұрғанын, сондықтан басқа біреудің есебінен тамақ ішуге ықтиярсыз көнгенін жақсы сезіп келеді. Оның тәкаппарлығын сөзбен тежеп, ілтипатқа ілтипатпен жауап бергенін, қонақасы жөніндегі ұсынысты амалсыз қабылдағанын қалтқысыз түсінген еді.


Олар ә дегенше-ақ екі жақ қанатында биік бәйтеректер жайқалған мейманхананың қақпасына апаратын тар аллеямен өтіп, аула ішіне кірді. Қонақтарға айрықша қошемет көрсететін бұл мейманхана қамал-сарайға қатысты шаруамен келген, әулетті адамдарға арналған-ды, меймандостық парызы мәжбүр еткен жағдайларда ғана болмаса, Людовик әдетте қамал-сарайда түнеп шығуға ешкімге рұқсат етпейтін және ешқандай себеппен санаспайтын. Осынау бір зәулім де өңкиген үйдің кіре беріс маңдайшасына лала гүл11 бейнеленген қалқан ілініп қойылған-ды. Не аула ішінде, не мейманхананың өзінде, не оған қанаттас орналасқан қосалқы мекен-жайларда ешқандай асығыстық пен әбігерлік аңғарылмайды; ал ол жылдарда жеке меншік үйлерде де, сондай-ақ қоғамдық ғимараттарда да малай-даяшы дегендерін қаптап жүретін, мұның өзі меймандардың қисапсыз көптігін, әрі алыс-берістің қызу жүріп жатқанын байқататын. Сол тұстағы әдет-ғұрып бойынша арақ-шарабы мен дәмді тағамдары ағыл-тегіл болып жататын осы бір жерге іргедегі қамал-сарайдың тұнжыраған көңілсіз кейпі өз салқынын тигізген тәрізді.


Орталық сыртқы есіктен өткен Пьер ағай тіс жарып ешкіммен сөйлеспестен бүйір жақтағы бір есіктің ілгегін ашты да, Дорвардты пешінде от лаулаған, мол дастарқан жайылған кең бөлмеге ертіп кірді.


— Серігім айтқанымыздың бәрін тап-тұйнақтай ғып қойыпты ғой, — деді ол, Дорвардқа қарап. — Тоңып қалған шығарсың — әнеки, от жанып тұр, киім-кешегіңді кептіріп ал, бойың жылынсын; қарның да ашқан шығар — қазір тамақ та дайын болады.


Ол ысқырып қалған бойда, лып етіп мейманхананың иесі де жетіп келді. Пьердің сәлеміне төмен иіліп ілтипат көрсетті, әдеттегі француз трактиршілеріндей мылжыңдасып жатпады.


— Тамақ дайындатып қой деп бір кісі жіберіп едім... Қалай, ас әзір ме?


Мейманхана иесі тағы да үн-түнсіз иіліп ілтипат білдірді де, жалма-жан аяқ-табақтарын тасып, дастарқанға не бір ғажап тағамдар қоя бастады, ал оның дәмділігі жайында тіпті ләм деп ауыз ашқан жоқ. Әдетте мылжың француз трактиршілері мақтанға құмар ғой, ал, шындығында, бұл таңғы тамақ мақтаса мақтауға тұрарлық еді: келесі тарауда оған оқырманның көзі жететін болады.


IV ТАРАУ


ҚОНАҚАСЫ



О тәңірім, жақтарының түрін көр
Мына нан да таңырқауға тұрарлық!


«Йорик саяхаттары»



Сонымен, біздің шетелдік жиһанкезіміздің ежелгі Галлия12 жеріне аяқ басқалы тұңғыш рет жолы болып, жұлдызы оңынан туды.


Осының алдындағы тараудың соңында айтылғанындай, қонақасы керемет болды. Гомердің лотосқа тойып алған соң туған отанын да, ағайын-туыстарын да, өздерінің қоғамдық қызметтерін де ұмытып кететін белгілі кейіпкерлері сияқты, мұнда да қомағайлар ашқарақтана жейтін атақты перигор самсасы қойылған еді. Самсаның қызара піскен қыртысы әлдебір бай шаһардың шексіз қазынасын күзету үшін қаланы шыр айналдыра қалаған қамал қабырғасын көзге елестеткендей еді. Дастарқанда гаскондардың ұлттық тағамы, сондай-ақ шотландтар да жек көре қоймайтын, тұздығын сарымсақ қосып жасаған, дәмі ауыздан кетпейтін қуырдақ та тұр. Осы маңдағы Монришар орманында ғана кездесетін, жаңа ғана сойылған жабайы шошқаның еті де қойылыпты. Ақ тоқаштардың дәмділігі сондай, тіпті жай су мен жылжытсаң да таңдайыңа балдай татиды. Стол үстінде судан басқа, ішіне шамасы бір литрдей шарап сыятын, «етікше» деп аталатын былғары құты және тұр. Мынадай дәмді тағам тірі түгіл өлінің де тәбетін ашып жіберерліктей еді. Сондықтан (егер шынын айтсақ) соңғы екі тәулік бойы жолшыбай кездескен шикі жеміс-жидек пен арпа ұнынан пісірген бір жапырақ нанды талшық етіп келген алпамсадай жиырма жасар жігітке әлгі тағамдардың қандай әсер еткенін көзге елестету онша қиынға соға қоймас. Ол шу дегенде қуырдаққа шүйілді де, табақ түбін тез тақырлап тастады; бұдан соң ғажайып самсаға кезек келді, қонағымыз сызылып отырмай, оны бірден қақ ортасынан опырып жей бастады. Сөйтіп, ол трактирщикті таңдандырып, ал Пьер ағайдың есін шығарып, самсаға қайта-қайта көз сатып, оны әр жолы бір стақан шараппен ысырып отырды.


Ойда жоқта біреуге шапағаты тигеніне қуанғанынан болса керек, шотландтың мына сілтесіне Пьер жан-тәнімен разы болды. Әлден уақытта барып өзінің жас серігінің ар жағына ел қонғанын сезіп, оның тәбетін тағы да арттыра түсу үшін дастарқанға мұраппа, печенье және басқа тәтті тағамдар әкеліп қоюға әмір етті. Дорвард тамағын рақаттана ішіп отырғанда, одан көзін алмай қадағалаумен болған Пьердің жүзінен өзінің әдеттегі мысқылды да суық кескін-келбетіне онша үйлесе қоймайтын ақжарқын, тіпті мейірімділік аңғарылып тұрды. Егер іштарлық әлде парықсыз бақталастық көңіл тыныштығын бұзбаса, егде адамдардың уылжыған жас перінің қылығына әмісе қызыға қарайтын әдеті ғой.


Квентин Дорвардтың бар ниеті аста болғанымен, алғашында жүзі суық көрінген өзінің жаңа танысы, енді шарап қызуымен сүйкімді бола бастағанын да байқап отырды. Сондықтан ол Пьер ағайға қарап:


— Менің тамаққа тәбетім шабарына күмән келтіріп, жолшыбай келекелеумен болған едіңіз, ал өзіңіздің дәм алмағаныңыз қалай? — деп шын достық пейілмен өз ойын айтып салды.


— Мен қазір айып оразасын ұстап жүрмін — аузым берік, — деді Пьер ағай. — Түс ауғанша қант қосқан жеміс пен бір стақан судан басқа нәр сызбаймын... Дегенмен ана жоғарыдағы бәйбішеге айта салшы, — деп сөзін жалғады ол, мейманхана иесіне қарап,— маған тамақ әкеп берсін.


Мейманхана иесі шығып кеткесін Пьер ағай сөзін жалғастырды:


— Қалай, саған қонақасы берем деген уәдемнен шыға алдым ба?


— Глен-хулакиниен шыққалы тоя тамақ ішкенім осы болды, — деп жауап қатты жас жігіт.


— Глен?.. Қалай дедің? Қайталап айтшы. Сен өзі сиқыр сөздеріңмен жын-пері шақырғалы отырғаннан саумысың?


— Глен-хулакин — арғы бабаларымыздың ескі қонысы, сударь, — деп жауап қатты Дорвард жайдары сөйлеп, — сіздің тілге аударсақ «Шыбынды сай» болып шығады. Ал егер атамекеніміздің осылай аталатындығына күліп, мазақ етемін десеңіз, өз еркіңіз: мынадай қонақасы беріп отырған адамға не айтуға болады.


— Сені ренжітейін деген ойым жоқ, — деді Пьер ағай. Қонақасым ұнағаны рас болса, онда король гвардиясында қызмет атқаратын шотланд атқыштардың күнде осылай тамақтанатынын айтайын дегенім ғой.


— Бұл маған онша таңсық емес, — деді Дорвард. — Ана бір «қарлығаштар ұясында» қамалып өткізген түннен кейін олардың тәбеті қандай болатыны белгілі ғой.


— Оның есесіне, олардың тамағы тоқ, — деді Пьер ағай. — Бургундтар сияқты ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайды емес. Олар төрелерше киініп, аббаттарша ауқаттанады.


— Ендеше, олардың бағы жанған-ақ екен, — деп салды Дорвард.


— Ал саған неге солардай болмасқа, жігітім-ау? Нағашынның сені босаған орынға бірден орналастыра алатындығына шүбәм жоқ. Шынымды айтсам, менің де ондағы кейбіреулермен ептеген байланысым бар, сондықтан бір қажетіңді өтеуге дайынмын. Садақты мүлт жібермейтінің сияқты, сені ат құлағында ойнайтын нағыз шабандоз болар деп те ойлаймын.


— Дорвардтар әулеті ат жалын тартып мінгендердің қай-қайсынан да ешқашан олқы түсіп көрген емес. Ал сіздің маған жасаған ұсынысыңыз, әлбетте, қызығарлық-ақ ұсыныс: тамақ та, киім де — тұрмыста өте-мөте зәру дүниелер ғой; бірақ біле білсеңіз, мен секілді адамдар әдетте сый-құрметті, абырой-даңқты және әскери ерліктерді аңсайды. Сіздердің короліңіз Людовик — жаратқан ием жар болғай оған — Шотландияның досы, әрі одақтасы ғой. Өз қамал-сарайынан аттап шықпайды, бір қамалдан екінші қамалға бару үшін ғана атқа мінеді, ал қалалар мен провинцияларға қан-жоса жорықтар арқылы емес, келіссөздер мен одақтастық жолы арқылы ие болады. Мейлі ғой... Бірақ өз басым әмісе жекпе-жек ұрыс даласын аңсайтын, үй тышқанының шиқылынан гөрі бозторғайдың сайрағанын артық көретін Дугластардың13 дәстүрін ардақ тұтамын.


— Патшалардың іс-әрекеті туралы бұлай ұшқары сөйлеуге болмайды, жігітім! — деді Пьер ағай қатқыл үнмен. — Людовик қол астындағылардың қанын текке төккісі келмейді, бірақ қорқағың ол емес. Ол мұны Монлери түбіндегі ұрыста дәлелдеген.


— Солайы солай ғой, бірақ одан бері арада он екі жылдай уақыт өтті емес пе, — деп жауап қатты жігіт. — Маған салса, жеке басының даңқы қолындағы қалқанындай жарқыраған, ұрыс даласына әрқашан бірінші болып өзі бастап шығатын патшаның қол астында қызмет атқаруды көбірек қалаймын.


— Олай болса, Брюссельде, Бургундия герцогының қол астында неге қалмадың? Оның қарамағында жүрсең, жоқ дегенде күніне бір мәрте қабырғаңды сындырып жүрер едің, ал егер мұндай мүмкіндікті пайдалана алмай қалсаң, онда герцогтың өзі-ақ қамқорлық көрсеткен болар еді, әсіресе орманшысын соққыға жыққаныңды естісе, оны тіпті де ескерусіз қалдырмауы кәміл.


— Оныңыз рас. Бірақ маңдайыма ондай тағдыр жазылмаған болса керек; ол маған біржолата жабылған жол, — деді Квентин.


— Әйткенмен, бұл дүниеде көзсіз хас батырларға сүйген ісін әрқашан тауып бере алатын көк соққандар аз емес қой, — деді Пьер ағай сөзін сабақтай түсіп. — Мәселен, сен өзің Гийом де ла Марк жайлы не дер едің?


— Ә, ардендік Қауға сақал Қабанды айтып тұрсыз ба? — деді Дорвард қызуланып. — Жаман шекпен үшін жан алуға әзір тұратын, сайланған сарбаздармен, айтулы атқыштармен кездескендей-ақ қарусыз діндарлар мен жолаушыларды аяусыз жайратып жүре беретін тонаушылар мен қанішерлердің атаманы туралы айтасыз ба? Жоқ, атай көрмеңіз, оған қызмет ету —туған әкемнің гербіне мәңгі-бақи дақ түсіру деген сөз.


— Жә, мақұл, қызбаланба, — деді Пьер ағай. — Егер сен сондайлық кінәмшіл болсаң, онда саған жас герцог Гельдернскийдің қол астында қызмет атқарып, өз бағыңды неге сынамасқа?


— Бұдан да сіз шайтанның қол астында қызмет атқар деп неге ақыл бермейсіз! — деді Дорвард ызаланып. — Әлдеқашан тамұқта шыжғырылуға тиісті ол әлі күнге қалай ғана жер басып жүр десеңізші. Туған әкесін түрмеге қамап отыр деседі ғой... сенсеңіз, ол тіпті әкесіне қол көтеруге дейін барған көрінеді...


Герцог Гельдернскийдің өз әкесі алдындағы арсыздығы туралы жас шотландтың аңғалдықпен жаны түршіге білдірген наразылығы әңгімелесіп отырған серігін сәл де болса ыңғайсыздандырғандай болды.


Атақты адамдардың қандас туыстыққа мән бере қоймайтындығын сен өзі, балақай, білмейтін сияқтысың ғой, — деп жауап қатты ол, сөйтті де сезімге берілуден іркіліп, дереу әзілге көшті: — Тіпті, егер, герцог әкесін бір салып қалған күнде де, мұның өзі бар болғаны әкесінен ескі өшін алғаны болып шығады, өйткені мұның бала күнінде әкесі оны талай рет сабады емес пе.


— Олай деуге аузыңыз қалай барады! — деп саңқ ете қалды шотланд ашуға булыға. — Сіздей көпті көрген кісіге бұлай қалжыңдау ұят, сударь. Егер тіпті кәрі герцогтың өз ұлын бала кезінде сабағаны рас болса, онда ол тым аз сабаған екен, өйткені күллі христиан әлеміне ұят келтіретін қылық көрсетіп тірі жүргенше, мұндай баланың дүре астында өліп кеткені жақсы еді!


— Байқауымша, патшалар мен қолбасшыларға келгенде өзің тым қатал екенсің. Менің ойымша, өзің тезірек қолбасшы болғаның дұрыс: әйтпесе сендей кемеңгерге лайық көсем қайдан табылсын.


— Мені мазақ қыла бастадыңыз ғой, Пьер ағай, — деп жайдары жауап қатты жас жігіт. — Бәлкім, дұрыс айтып отырған шығарсыз. Алайда сіз қол астында тамаша әскері бар және оның қарамағында адал қызмет етуге болатын тағы да бір батыр қолбасшының есімін атамай кеттіңіз.


— Кімді меңзеп отырғаныңды түсінсем бұйырмасын.


— Уа, әлгі Мұхамбеттің табыты тәрізді! — Қарғыс атсын да бұл жалған пайғамбарды! — Қос магнит қыспағында тұрған, не француздарға, бургундықтарға жатқызуға болмайтын, әйтсе де олардың екеуін де ептілікпен алдап соққан, екі ұлы патшаның да үрейін ұшыра білген, сөйтіп, екеуін де қуаттылығына қарамастан өзіне тізе бүктірген адам ше!


— Кім туралы айтып отырғаныңды сонда да біле алмадым, — деп қалды Пьер ағай ойға шомып.


— Әлбетте, қол астындағы шағын ғана әскерімен өз иелігін сақтап қала білген, сөйтіп, король Людовиктің немесе герцог Карлдың өзі іспеттес ешкімге бас имеген асыл адам — Люксембургтың Людовигі, граф де Сен-Поль, Францияның ұлы коннетаблін айтпағанда кімді айтушы едім. Өзінің серігі әткеншектің екі басында әупірімдеп түрегеп тұрғанда, оның нақ ортасында берік табан тіреп отырған ойын баласы сияқты граф туралы айтпағанда, кімді айтушы едім14.


— Оның есесіне бұл құласа, ана екеуіне қарағанда оңбай құлайды, — деп ескертті Пьер ағай. — Бірақ өзің бері қарашы, достым... Сеніңше тонаушылықтан өткен қылмыс жоқ сияқты, ал олай болса, өзің саясатқа шебер деп мақтап отырған граф де Сен-Поль өзі басып алған провинцияларында тонаушылық пен өртеп-қыру жөнінде бірінші болып үлгі көрсеткенін білесің бе? Ол жүрген жерін масқаралықпен жайпады, ал бұған дейін соғысушы екі жақ қарсылық көрсетпей өз еріктерімен берілгендерге немесе қорғансыз қалалар мен селендерге әрқашан аяушылықпен қарап келген болатын.


— Егер олай болса, онда арыммен ант етейін, атақты мырзалардың ішінде оңғаны жоқ болып шықты, сондықтан олардың қайсысын таңдасаң да — өзіңді асып қоятындар ағашын таңдау деген сөз. Бірақ сіз білсеңіз, әлгі граф Сен-Поль, коннетабль15, — менің жебеушім, әулие Квентин16 (осылай деп шотланд шоқынып алды) атындағы қалаға билік етеді, сондықтан осы қалада тұрсам, бәлкім, жебеуші әулиемнің маған рақымы түсер ме еді деген ой келеді басыма, өйткені мұндай есімі бар адамдар көп те емес және сіздің аты-жөндері әйгілі өзге әулиелеріңізден гөрі біздің әулиенің қолы да бостау. Әйтсе де, ол бишара Квентин Дорвардты, өзінің рухани төл перзентін есіне де алмайтын сияқты, әйтпесе оны күні бойы аш қалдырмас еді, ал келесі күні таңертеңгісін әулие Юлианның және өздерінің даңқты Шер дариясына немесе оның сағаларының біріне мұздай суға түсіп шығуына себепші болған айыбын өтеу үшін кездейсоқ жолыққан бір шетелдіктің мейірімен сеніп тапсыра салмас еді.


— Құдайға тіл тигізбе, достым, онан соң ешқашан әулиелерді әзіл-оспаққа айналдырма! — деді Пьер ағай қатулана сөйлеп. — Әулие Юлиан — барша жиһанкездердің жебеушісі, ал әулие Квентин саған, бәлкім, өзің ойлағаннан әлдеқайда көп шарапат тигізген шығар.


Ол осы сөзді айтып болмай есік ашылып, бөлмеге он алтылар шамасындағы қыз кіріп келді. Ол беті кестелі салфеткамен жабулы поднос көтеріп кірді. Поднос үстінде Тур шаһарының әрқашан даңқын шығарған қара өрік қосып пісірген тағам бар екен; оның қасына осынау нәзік өнер саласында бүкіл Франция ғана емес, сонымен бірге басқа елдердің шаһарларындағы шеберлерден де асып түсетін, тағы да осы Тур шаһарының шеберлерінің қолынан шыққан, әсем күміс кубок қойылыпты. Дорвард күміс пе, әлде қалайы ма, онысына мән бермей, аса шебер жасалған кубокқа қызыға қарап қалды, мұның қолындағы өзі сусын ішіп отырған кружкасының да күміс, не қалайы екенін айырып болмайтын еді, жылтырлығы сондай, күмістен аумайды.


Алайда даяшы болып жүрген өрімдей жас қызға кездейсоқ көзі түсіп кеткен бойда, бар бейілі соған ауды.


Шотланд қыздары сияқты жіңішке етіп мақпалмен тізбектей өріп қойған қою қара шашы көмкеріп тұрған уылжыған өңі Дорвардты бірден-ақ қызықтырып әкетті. Сүйкімді бет пішіні, мөлдіреген қоңыр көздері мен ойлы жүзі оны Мельпоменаға ұқсатып тұрды, ал жүзіндегі әлсін-әлі жалт ете қалатын қызғылт рең, езуінде үйіріліп, жанарында ойнаған күлкі шуағы, бәлкім, әмісе көңілді бола қоймаса да, оның жайдары, ақ жарқын мінезін аңғартып өткендей. Квентинге қыздың ішіне бүккен әлдеқандай қайғысы бардай, сол қайғы осынау кереметтей сұлу қыздың өңіне балғын жастық шақпен үйлеспейтін байсалдылық нышанын қалдырғандай көрінді; албырттық сезіммен алып ұшып, әрқашан да өз байламын шұғыл түрде түйіп тастауға әзір тұратын жас жігіт бейтаныс сұлудың өмірінде жұмбақ бір сыр барын аңғарып қалды.


— Мұнысы несі тағы да? Мұның қалай, Жаклина? — деді Пьер ағай, қыз ішке кіріп үлгерер-үлгерместен. — Таңертеңгі тамағымды маған Перетта ханымның өзі әкелетін болсын дегенім қайда? Сайтан алғыр! Әлде мені менсінбегені ме?


— Апатайым сырқаттанып қалып еді, — деп іле-шала, бірақ әдеппен жауап қатты Жаклина. — Ол кісі сырқат, төсек тартып жатыр.


— Төсек тартып жатқаны рас болса, бөлмесіне ешкім бас сұқпас еді ғой, — деді Пьер ағай, әрбір сөзін шегелей айтып. — Мен бала емеспін, сондықтан мені алдау да оңай болмас.


Жаклинаның өңі қуарып, тұла бойы қалтырап кетті, өйткені шынын айтқанда, Пьер ағайдың қатал да мысқылды сөз сарыны мен көзқарасынан, әдетте, ол ашуланған немесе сезіктенген кезде әлдеқандай бір ызғар мен айбар байқалып тұратын. Осы кезде Квентиннің бойындағы таулы өңірдің адамдарына тән жанашырлық сезім лап ете түсті. Ол жалма-жан Жаклинаға жетіп барып, қолындағы подносына ұмсынды, ал қыз ешбір қарсылықсыз подносты оған ұстата берді, бірақ өзі ашулы қартқа жүрексіне, үрейлене қараумен болды. Осы бір жан-жүйеңді тебірентетін, кешірім сұрап жаудыраған көзқарасқа жібімеу ешбір мүмкін емес еді, сондықтан да Пьер ағай жуасып, райынан қайтты, осыдан соң реніш білдіру былай тұрсын, қайта шамасы келгенше, барынша жылы шырай білдіре тіл қатты:


— Мен саған ашуланып тұрған жоқпын, Жаклина, сенің екі жүзді әрі өтірікші болатындай жөнің жоқ, уыздай жассың әлі, бірақ, өкінішке орай, күллі пәтуасыз әйел затындай, өсе келе сен де үйренесің оны. Бұл дүниеде азды-көпті ғұмыр сүрген әрбір пенденің көзі жетеді оған17. Мәселен, мына шотланд серісі де саған осыны айта алады.


Жаклина Пьер ағайдың әмірін екі еткісі келмеген кісіше, шотландқа кезінің астымен бір қарап өтті; жалт еткен осы көзқарасынан-ақ Дорвард қыздың өзінен шарапат, көмек күткен сыңайын аңғарғандай болды. Жастық қызбалықпен және балалық шағынан әйел адамның алдында ілтипатпен бас иіп тәрбиеленген әдетіне басып, Квентин үріп ауызға салғандай осындай перизатты қара ниет, зымиян деуге аузы барған кез келген өз дәрежемдегі және өзіммен құрдас адамды жекпе-жекке шақыруға әзірмін деп айтып салды.


Жас қыздың өңі құп-қу болып кетті, содан соң жүзінде жас жігіттің қылығын мысқылдаған күлкі табы ойнап тұрған Пьер ағайға үрейлене қарады. Әр сөзін өлшеп-пішіп алмай ойындағысын лақ еткізіп ақтарып салуға дағдыланған Квентинге әлгі айтқаны қауқарсыз да момын шалға күш көрсеткендей естілді ме, қалай, деген күдікті ой келіп, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады. Ағаттық жасап алғанын іштей сезіп, жас жігіт өз айыбын мойындағандай кейіппен Пьердің мысқылына мойын ұсынбаққа бекінді. Екі беті онан сайын дуылдап қызара түскен ол енді өзінің ыңғайсызданып тұрғанын жасыруға тырысып, күлімсіреген қалпы қолындағы кубогы бар подносты бәйек болып Пьер ағайдың алдына қойды.


— Сен былайша айтқанда, әлі жассың әрі ақымақсың, — деді оған Пьер ағай, — патшалардың жүрегі (осы бір тұста ол құдайға сиынғандай шоқынып алды) — құдайдың өз қолында болатынын білмей, оларды оңды-солды даттай беретінің сияқты, әйелдер жөнінен де мүлде бейхабарсың.


— Ал сонда сіздің ойыңызша, әйелдердің жүрегі кімнің қолында? — деп сұрады Квентин, осынау арамза адамның ырқына көніп, кішірейгісі келмей әрі оның өзінен артықшылығын мойындауға намыстанып, өйткені ол менменсіген кейіппен мұның мысын баса берген еді.


— Мұны білгің келсе, басқа біреулерден сұрастыра жатарсың,— деп жауап қатты Пьер ағай шімірікпестен.


Алайда бетін тағы да қайтарып тастағанына Квентин пәлендей қысыла қоймады.


«Тур шаһарының осы бір тұрғынына ықтиярымнан тыс неге ішім жылып тұр — қонақасы айтарлықтай болғанмен, берген тамағы үшін тәуір көріп қалған ештеңем жоқ қой», — деп ойлады жас жігіт. — Тамаққа тойғызып сұңқарды немесе итті қолға үйретуге болады, ал адамды өзіне баурап, оның сый-құрметіне ие болу үшін жүрегің де мейірімді болуы керек. Жоқ, қалай болғанда да мына шал тегін емес... Ал жалт етіп көрінген періштедей мына қыз жай бір даяшы да емес. Бұл осы атырапқа, мына меңіреу мейманханаға бөгде адам... Маңына кездейсоқ жуып кеткен адамның бәрін дереу билеп-төстей жөнелетін, белгілі дәрежеде мынау қызға да билігін жүргізіп тұрған шіріген бай саудагердің де бұған түк қатысы жоқ. Жалпы фламандтар мен француздардың қалың қалталыға табынатындығы таң қалдырады... Мысалға осы көпесті-ақ алайық: өзімнің оны жасы үлкендігі үшін сыйлайтынымды ол қалтамның қалыңдығынан деп түсінетіндігіне ешбір күмәнім жоқ. Сонда, қалай болғаны бұл, ата-тегім көне заманнан келе жатқан шотланд дворяны бола тұра, Тур шаһарының қайдағы бір алыпсатары алдында намысымды аяққа бастырып, құрдай жорғалағаным ба!»


Дорвардтың басына осындай ой келген сәтте Пьер ағай Жаклинаның басынан сипап, оған күлімсірей қарап:


— Маған бір нәрсе керек болса, мына жігіт бар ғой қасымда... Сенің бара беруіңе болады, Жаклина. Ал ана ұшқалақ апатайыңа сені бұдан былай жөн-жосықсыз көзге түсіріп, көрінген жерге жұмсай берме деп міндетті түрде тапсырамын, — деген еді.


— Япырау, ол кісі мені сізге қызмет етсін деген оймен ғана жұмсап отыр ғой, — деді қыз. — Ашуыңыздың өшін апатайымнан алмассыз деп үміт етемін, өйткені...


— Сайтан алғыр! — деп Пьер ағай оның сөзін бөліп жіберді, бірақ пәлендей кәрлене қойған жоқ, — Сенің осы менімен тайталаспақ ойың бар ма, балапаным? Әлде мынау жас жігіттің қасында тағы да болыңқырай түскің келе ме? Бар, жүре бер... Алаңдамай-ақ қой: ол — дворян тұқымынан, сондықтан оның көрсеткен қызметінен мен кеміп қалмаймын.


Жаклина ғайып болды. Қыз кеткен соң Дорвардтың ойы онға бөлініп, алабұртып қалды, сондықтан болар Пьер ағай абажадай креслоға шалқая жатып, ескі әдеті бойынша, өктем үнмен: «Подносты бері әкел», — деп әмір бергенде, Дорвард оның айтқанын екі етуге шамасы келмей қалды.


Көпестің қалың қабағы түйіле түсіп, жанары өткір көздері мүлде дерлік жұмылып кеткендей көрінді. Тек оқта-текте ғана бейне бір қою бұлт арасынан қалқып шыға келген күн шұғыласы тәрізді қалың қабағы астынан қос жанары от шашып, тесірейе қарап қалады.


— Шыныңды айтшы, керемет сұлу қыз емес пе? — деді ол әлден уақытта басын көтеріп, Квентинге қадала қарап. — Осындай сұлу қызды трактирде даяшы етіп қою обал-ақ. Ол, әлбетте, кез келген салауатты қала тұрғынына сүйікті жар бола алар еді, әттең тәрбие көрмеген әрі тексіз жерден.


Ауыздан оқыс шығып кеткен бір сөздің өзі жүрекке мірдің оғындай қадала кететіні болады, ол сөз мейлі зілсіз айтылса да, қапаланбай тұра алмайсың. Шалдың жаңағы бір сөзі Дорвардты абыржытып тастады, оның себебі не екенін өзі де біле қойған жоқ, алайда жаңағы қыздың трактирде қарапайым даяшы болып қызмет атқаратындығын айтқаны үшін шамданып қалғаны рас еді. Өйткені оның кім екені кәсібінен-ақ көрініп тұр ғой. Ең әрісі трактир иесіне бұл қыз немере немесе туыс болып-ақ келсін мейлі, мейманханаға келіп-кетіп сапырылысып жататын жолаушыларға қызмет көрсетуге, жолаушылардың әмірін екі етпеуге тиісті адамдардың бірі; мінезі шәлкестеу болғанымен, ойына келгенін орындауға дәулеті артығымен жететін қалтасы қалың мына Пьер ағайдың алдында әлгінде ғана бәйек қаққанындай, жолаушы біткеннің бәрінің көңілінен шығуға әрі жарамсақтануға міндетті болатын даяшыдан басқа ешкім де емес.


Әлеуметтік жағдайы жағынан екеуінің арасында жер мен көктей айырма бар екендігін, қанша бай болса да оның Глен-хулакиннен шыққан Дорвардқа тең келе алмайтындығын көпеске сездірмек болып Дорвард сан мәрте оқталды. Бірақ бір қайран қалдырғаны: жас жігіт Пьер ағайға қараса-ақ болғаны, жанарының солғын тартқанына, өңінің жүдеулігіне, үстіндегі жұпыны киімінің тозып біткеніне қарамастан, көпестің бойынан өзінің асыл тектен шыққанын білдірмек болған ниетінен айнытып жіберетін бір ерекше қасиетті аңғара берді. Дорвард оған неғұрлым көбірек зейін қоя түскен сайын, оның неткен адам екендігін білгісі келген құштарлығы да соғұрлым арта түсті, сөйтіп, Дорвардқа бұл шалың кем дегенде синдик18 немесе Тур шаһары магистратының мүшесі сияқты көрінді. Сый-құрметке бөленіп, соған үйренген адам екені аңғарылды.


Бір сәт көпес мүлгіп қалың ойға шомғандай еді. Дереу бойын жиып алып, құдайға сиынды, бұдан соң кепкен қара өріктің бірнешеуін кебу нанмен қосып аузына салды да, Квентинге қарап, енді кубокты әперіп жібер дегендей ишарат жасады. Жас жігіт әмірін орындаған кезде:


— Сен тегім дворян дедің бе осы? — деп сұрады.


— Дворян екендігіме зәредей де күмәнданбаңыз, өткенде айтқанымдай, он бес атамды санап берсем жеткілікті дәлел болатын шығар, — деп жауап қатты шотланд. — Бірақ, Пьер ағай, сізден сұрайтыным, менен қымсынбай-ақ қойыңыз: бала күнімнен жасы үлкенді сыйлап өскенмін.


— Мұның тамаша қасиет, — деді көпес міз бақпастан Дорвардтың қолындағы кубокты алып тұрып. Сөйтті де, аспай-саспай күміс құмырадан кубокқа толтыра су құйып алды және Квентин ойлағандай өзінің менменсіген астамшылығына зәредей де қысылған жоқ.


«Осыншама дандайсып кеткен неғылған көпес бұл, сайтан алғыр! — деп ойлады жас жігіт. — Шотланд дворяндығыма пысқырып та қарар емес, қайта мені Гленнен алдырған қосшы баладай малайына айналдырып барады».


Осы арада көпес кубоктағы суды сіміріп салды да:


— Әлгінде шараппен қосып, тамақты рақаттана жеуіңе қарағанда мен ішкен бұлақ суына зауқың соға қоймас деп ойлаймын. Айтса да, мен кәдімгі бұлақ суын балдай тәтті шарапқа айналдырудың құпиясын білем, — деді.


Сөйтті де, сусар терісінен тіккен әмиянын қойнынан суырып алып, кубоктың ішіне жартысынан асыра ұсақ күміс теңге салды. Рас, кубок пәлендей үлкен емес-ті.


— Сонымен, жігітім, жебеушің әулие Квентин мен әмбие Юлианға енді тіпті разы болатын жөнің бар, — деді Пьер ағай. — Солардың шапағаты тигені үшін кемтарларға қайыр-садақа бер демекпін. Таңбалыны осы арадан күт: түс ауа ол кезекшіліктен босайды. Ал менің қамал-сарайға барып қайтатын шаруам болып тұр — сені тосып отыр деп оған айта барамын.


Көпестің сыйынан бас тартудың жолын іздеп Квентин іштей ойланып қалды. Бірақ Пьер ағай ашу шақырғандай қабағын түкситіп, бойын тіктеп орнынан тұрды да, басын тәкаппарлана шалқайтып, өктем үнмен бұйыра сөйледі:


— Қарсылық етпе, жігітім. Онан да айтқанды істе.


Осы сөздерді келте қайыра сала ол Квентинге мені шығарып саламын деп әуре болмай-ақ қой дегендей ишарат білдіріп, бөлмеден шығып кетті.


Шотланд жігіт аңтарылып тұрып қалды. Әр түрлі ойлар жанын қинап, дел-сал күй кешті. Сасқанынан (бәлкім, бұл соншама ізгі әрекет бола қоймаса да, басқа амалы қалмаған еді) кубок ішіне көз салды. Ол ұсақ күміс теңгелерге толы екен. Ақшаның көптігі соншалықты, Квентин өз өмірінде мұның жиырмадан бір бөлігіне де ие болып көрмеген шығар, сірә. Ал, бірақ дворян басымен қаланың қалталы бір байының қолынан бұл сыйлықты алу өзін-өзі қорлағандық болмай ма? Ол үшін ең ауыры осы болды, өйткені тамаққа бір тойып алса да, не Дижонға (Бургундия герцогының кәріне ұшырауға тәуекел етіп, қол астында қызмет атқаруға ұйғарар болса), не Сен-Кантенге (егер коннетабль де Сен-Польге баруды жөн көрсе) жетіп алатындай қалтасында көк тиыны жоқ болатын. Гәп мынада еді, шотланд жігіт не француз королінің, не әлгі екі әміршінің қол астына барып қызмет атқаруға іштей берік бекінген-ді. Бұл мәселені ол өз нағашысымен ақылдасып қана түпкілікті шешпек, оның бұл жағдайда бар ойлап тапқан ақылы осы еді. Ал әзірше ақшаны өзінің мақпал сөмкесіне салып қойды да, мейманхана иесін шақыртты; күміс кубокты соған беріп және одан осынау жұмбақ, жомарт, сонымен бірге дандайсыған тәкаппар көпес жайында сыр тартпақ болды.


Мейманхана иесі тез келді, ол бұл жолы аңқылдаған ақ көңіл, әңгімешілдің нақ өзі бола қоймаса да, алғашқы жолғысына қарағанда сөзге сараңдық та жасай қойған жоқ. Ол кубокты алудан үзілді-кесілді бас тартты, өйткені бұл кубок оныкі емес, Пьер ағайдыкі екенін және бұл оның өз мейманына тартқан сыйы деп білу керектігін айтты. Рас, мұның да марқұм әжесінен мирас боп қалған төрт күміс кубогы бар екен, бірақ олары асылдығы жағынан аса көрікті бұл мүлікпен мүлде салыстыруға келмейтін болса керек, неге десеңіз, Тур шаһарында жасап шығарылған мына кубок, басқа қала түгіл, Париждің өзінде де оған ешкім тең келмейтін суретші Мартин Доминиктің шебер қолынан шыққан дүние.


— Шетелдік бейтаныс біреулерге осындай бағалы сыйлық тартатын жаңағы Пьер ағай кім сонда? — деп Дорвард оның сөзін бөлді.


— Пьер ағай деген кісі кім өзі? — деп мейманхана иесі әр сөзін айтып қайталап шықты.


— Иә, иә, Пьер ағайды айтамын. Ол кім өзі және нақ мынадай қымбат сыйлықты оңды-солды шашуы қалай? — деп қасақана қайталап сұрады Дорвард шыдамсызданып. — Сосын осы жерге тамақ әзірлетуге жұмсап жіберген, қасапшыға ұқсас тағы біреу бар еді, ол кім өзі?


— Арыммен ант етейін, сударь, кім екендігін Пьердің тікелей өз аузынан естіп-білгеніңіз дұрыс. Ал, таңертеңгі тамақ әзірлеткен кісіге келсек, құдай сізді оған маңайлатпай-ақ қойсын.


— Мына сөзіңізде бір астар бар сияқты. Пьер ағай маған өзін көпеспін деген болатын.


— Егер солай деген болса, шынында да, оның көпес болғаны, — деп жауап қатты мейманхана иесі.


— Қандай заттармен сауда жасаушы еді?


— Сізге қалай десем екен... әр алуан заттармен, сударь: осы жерде оның қол астында жібек мануфактурасы19 бар, бұл фабрикада жасалып шығарылатын маталар венециялықтар Үндістан мен Қытайдан алдыратын маталардың өзінен де кем түспейді. Бәлкім, сіз осылай келе жатқанда тұт бағын көрген боларсыз? Бұл өзінің жібек құрттарын өсіру үшін Пьер ағайдың әмірімен отырғызылған бақ.


— Жә, Пьер ағайға тамақ әкеп берген әлгі бір уыздай жас қыз кім болады, достым? — деп сұрады жігіт.


— Мейманханамның тұрғыны, сударь. Ол қыз осында өзінің апасы ма, әлде басқа туысы ма, о жағын анық білмеймін, әйтеуір, бір қамқор әйелмен бірге тұрады, — деді мейманхана иесі.


— Мейманханаңыздың тұрғындары бір-біріне қызмет көрсететін тәртіп бар ма еді? — деді Дорвард. — Менің байқауымша, әлгі Пьер ағай өзіңіздің де, адамдарыңыздың да қызмет еткенін қалаған жоқ қой.


— Қалтасы қалың адамның ойына келгенін істейтін әдеті емес пе, сударь, өйткені қалай төлеймін десе де ақшасы жетіп жатыр, — деді мейманхана иесі. — Сондықтан ана қыз алғашқы да, соңғы да жалшы емес, Пьер ағай өзіне малай етіп ата-тегі жағынан атақтырақ біреулерді де көндіріп ала береді.


Мына бір астарлы сөздер жас шотландтың жүрегіне тікендей боп тиді, алайда ол сыр бере қойған жоқ, сөйтті де мейманхана иесінен бір күнге бөлме беруін өтініп, бәлкім, тіпті одан да ұзағырақ тоқтауы мүмкін екенін ескертті.


— Құп болады, сударь, — деді мейманхана иесі, — қанша мерзімге әмір етесіз, оны еркіңіз білсін.


— Болашақ көршім болатын ханымдарға, тұрғындарыңызға жолығып, оларға ілтипатымды көрсете алар ма едім? — деп сұрады Дорвард.


Мейманхана иесі мүдіріп қалды. Бұл жағы оған беймәлім екен, өйткені «әйелдердің өздері де ешқайда шықпайды және өз бөлмелеріне ешкімді қабылдамайды».


— Пьер ағайдан басқа адамды ма? — деді Дорвард ойын анықтай түсіп.


— О жағын біле алмадым және бөтен біреулердін істерінде шаруам қанша, — деген ізетті, бірақ нық жауап естіді Дорвард.


Қалтасы қалың болмаса да, соның салдарынан бағасын асыра алмаса да, Квентин өзінің дворяндық ар-намысын әмісе жоғары қойып үйренген адам: мейманхана иесінің әлгі бір жауабы оның шымбайына батып кетті, сондықтан да сол бір заманда қалыптасқан сыпайыгерлік әдет-ғұрыптарды жақсы білетіндігін көрсетіп, оның алдында абыройын арттырғысы келді.


— Сіз,— деді ол мейманхана иесіне, — ханымдарға барып мына құтыны қолдарына тапсырып тұрып, менің дұғай сәлемімді жеткізіңіз, сөйтіп, Глен-хулакиннен келген Квентин Дорвард, шотланд дворяны, әм өздерінің меймандос көршісі сәлемдесіп шығуға рұқсат сұрайды деп айтыңыз.


Мейманхана иесі шығып кетті де, көп ұзамай қайта оралып, ханымдардың шотланд жігітке рақмет айтқанын, бірақ оның ыстық көңілінен жолдаған сәлем-сауқатын қабылдай алмайтынын және өздері ешкіммен қатыспайтын болғандықтан, өкінішке орай, оның өзіне де жолыға алмайтынына кешірім өтінгенін хабарлады.


Мейманхана иесі стол үстіне әкеп қойған, ханымдар қайтарған бір стақан шарапты Квентин тістене тұрып тартып жіберді. «Өтірік айтсам ант ұрсын, ғажап ел екен бұл! — деп ойлады ол. — Көпестері нақ бір төрелерше өздерін маңғаз ұстайды, ақшаны судай шашады, ал жолаушылап келіп, трактирге түскен қыз-келіншектері, нақ бір патшайымдай паңданады. Айтқаным айтқан, қасы-көзі қиылған сол сұлуды көрмей тынбаспын, сірә!» Осы шешімді көңіліне медеу еткен ол мейманхана иесінен өзіне тиісті бөлмесін көрсетуін өтінді.


Мейманхана иесі Квентинді жыланша ирелеңдеген басқыш арқылы жоғары қабаттағы, әдияраттағы тәрізді жыпырлаған есіктері бар ұзын дәлізге ертіп апарды. Таяуда ғана әдиярат қабырғасында өткізген келеңсіз күндері әлі ұмытыла қоймаған Квентинге осынау ұқсастық онша ұнамады. Мейманхана иесі дәліздің түкпіріне жетіп бір-ақ тоқтады да, белбеуіне таңулы бір буда кілттердің ішінен біреуін алып, есікті ашып, Дорвардты шағын мұнараға орналасқан бөлмеге бастап кірді. Бұл өзі аядай бөлме еді, оның есесіне іші жып-жинақы әрі басқа бөлмелерден оқшау орналасқан-ды. Ішінде шағын бір кереует және соншалық талғаммен қойылған тап-таза мебель тұр. Дорвардқа бұл бөлме кең сарайдай көрінді.


— Бөлмеңіз ұнайтын болар, деп ойлаймын, сударь, — деді мейманхана иесі. — Пьер ағайдың меймандарының көңілін тапқанды борышым деп білемін.


— Осы тамашаның бәрі өзенге сүңгіп шыққанымның арқасы! — деді Квентин Дорвард масаттанып, мейманхана иесі бөлме ішінен шыққаннан кейін. Тіпті қуанғанынан балаша секіріп те алды. — Үсті-басым малмандай су болса да, өз басым бұрын-соңды мұндай олжалы болып көрген емеспін. Тағдыр деген мырза ғой, жарылқайын десе өстіп ағыл-тегіл төге салады.


Өзінен-өзі күбірлеп жүріп, ол бөлмесінің жалғыз терезесі алдына барды. Мұнара үйдің фасадынан ілгері озыңқырай шығып тұрғандықтан, терезесінен мейманхананың иелігіндегі құлпыра өскен, әрі әжептәуір аумақты жеміс бағы ғана емес, оған жапсарлас орын тепкен, Пьер ағай жібек құрттарын өсіру үшін әдейі отырғызды деген тұт ағаштары да көзге жақсы шалынады. Бұдан басқа, егер терезеден алға қарай емес, үйдің қабырғаларын бойлай көз тіксеңіз, мейманхананың екінші жақ бөлігінде нақ Дорвард бөлмесінің терезесіндей терезесі бар екінші бір мұнараны көресіз. Жас жігіттің құлпырған жеміс бағы мен тұт ағаштарынан гөрі әлгі терезеге неге көбірек назар аудара бергенін, әрине, жас мөлшері одан жиырма жастай ересек кісінің түсінуі оңай болмас еді. Салқын самал соқсын деп саңылау қалдырып, пердесін түсіріңкіреп қойған терезеге күйдіріп тұрған күн сәулесінен (бәлкім, кейбіреулердің сұқтана қараған көзінен) қорған болсын деп қақпағын көлегейлеп жауып қойса да, тіпті жақтауында үлбіреген жасыл шалмамен жабулы лютня ілулі тұрса да, қырықтан асқан адамның мұндай терезеге қызыға көз тіге қоюы екіталай. Егде тартқан кісі есіне түсіп кеткен сәттерде біресе күлімсіреп, біресе күрсініп қоя салатын, нақ мына секілді сирек көрініс жалын атқан Дорвардты, ақын айтатындай, алып ұшқан мың тарау нәзік сезімдер мен терең сырлы жұмбақ тебіреністерге ұрындырмай қойсын ба.


Біздің досымыз Квентин лютня мен шалманың иесі — ғажайып көрші туралы әлдебір сыр тартуға барынша құштар болғанын байқаймыз; ол көрші — Пьер ағайға айрықша кішіпейілділікпен қызмет көрсеткен жаңағы жас қыз емес пе екен деп ынтық болды-ау деген жорамал жасауымызға да негіз жоқ емес; сондықтан ынтықтығын сездірмеуге тырысып, терезеден ұмсына қарамағанына таңдануға да болмас. Дорвард қыбын білдірмейтін әккі тұзақшы болған еді: сол әдіспен ол терезе алдына жасырынып, тор көзді темір қақпақтың саңылауынан сығалай қарап тұрды, көп ұзамай әлдебір ақ білектің терезе жақтауында ілулі тұрған лютняны ағытып ала бергенін көзі шалып қалды. Арада тағы бір минут өтер-өтпесте осы бір қулығының арқасында жас жігіттің құлағына күміс көмейден төгілген әдемі әуен келді.


Мұнараға қоныс тепкен бейтаныс сұлу қыз — лютня мен шалманың иесі — сол бір рыцарлар заманындағы арулардың өздеріне пейілі ауған — рыцарлар мен трубадурлерге арнап айтатын ескі бір әнді тамылжыта жөнелді. Мұндай әндердің сөзі не тапқырлығымен, не терең сезімталдығымен, не асқақ қиялшылдығымен даралана қоймайтын, сондықтан да сүйемелдеумен шырқалатын музыка әуезінен алысқа ұзап кете алмайтын, сондай-ақ әні де сөзінен асып түсетіндей тереңдігімен оқшауланбайтын; әні мен сөздері бірін-бірі демеп, толықтырып тұрушы еді. Сөзінен бөлек әні, әнінен бөлек сөзі еш нәрсеге татымайды десе де болатынды, сондықтан тасқа басып оқуға да, тақпақ етіп айтуға да келмейтін, тек тамылжыта шырқауға ғана арналған осындай бір әннің сөзін біздің тізбектеп келтіргеніміз, бәлкім, әбестік те болар. Бірақ көне заманғы поэзия біз үшін белгілі бір дәрежеде әрқашан айнымас асылдығымен қымбат саналып келді, ал әннің әуезі мәңгі-бақи ұмыт болуы себепті, оқырманның көз алдында өз беделімізге де, лютняның ғажап иесіне де дақ түсіруіміз. мүмкін екендігіне қарамастан, осынау әннің қарапайым сөзін тұтастай келтіріп отырмыз.


О, жарығым, таяуда,
Көрісер күн болар-ау.
Көктем келіп маңайға,
Жұпар гүлге толар-ау.
Сайрамайды бұлбұл да,
Мулгиді бақ ақырын.
Күйдіреді махаббат,
Қайда менің батырым?
Бақташы жүр әндетіп,
Барады оған ғашығы.
Ұйықтамайды бозбала,
Терезеге асылып.
Махаббаттың жұлдызы,
Сен — иесі бәрінің.
Жасырдың ба нұрыңмен,
Қайда менің жарығым?


Осы бір ән жайында оқырман не ойлайтынын кім білсін, ал сол кезде айрықша бір тамылжыта, жан тебірентерліктей құйқылжыған бұл әуен бөлме ішін гүл-бақтың жұпар иісіне толтырып, самал желмен жібектей желпіп, Квентиннің тұла бойын балқытып жіберді; әнші арудың өзі көрінбегені құштарлықты одан сайын күшейте түсті.


Ән аяқталды. Әнші арудың бейнесін көруге құмартқан Дорвард қолын оқыс қимылдатып қалды. Лютня әуезі пышақ кескендей тыйылып, терезе тарс жабылды, қоңыр шымылдық түсірілді, сөйтіп, ынтызар көрші өзінің жалғыз медеуінен біржолата айрылып қалды.


Әнтек қимылының салдарынан болған осы бір күтпеген жәйтке Дорвард қатты күйінді, әрі қайран қалды, бірақ ән перісі өзі шебер ойнаған лютнясынан ұзақ уақыт бойы қол үзе алмақшы емес, әрі бұл ғажап музыканы көршісінің естуін қаламағаны үшін ғана терезені ашпай қоятын, сөйтіп, мөлдір ауаны рақаттана сіміруден мәңгі-бақи бас тартатын соншалықты бір қатыгез емес шығар деген үмітпен өзін-өзі жұбатты. Бәлкім, көңілге медеу еткен осынау ойлар менмендікпен іштей астасып кеткен де болар. Қарсы жақ беттегі мұнарада, бұған Дорвард титтей де күмәнданған жоқ, қолаң шашы өкшесіне түскен сұлу қыз тұрып жатса, екінші мұнараны — бұған оның кәміл көзі жеткен-ді — өзі әрі сымбатты, әрі келбетті, әрі ер жүрек деп санайтын ақ құба өңді жас батыр мекен етіп жатыр. Уыздай жас қыздардың әуесқой болуына, сөйтіп, көршілес жігіттерге аңсары ауып, олардың қимыл-әрекеттерін қызықтауына жалтақтығы да, ұялшақтығы да бөгет бола алмайтынын ол жас өспірімдердің майталман ұстазы болып саналатын романдардан санасына құйып алғаны бар еді.


Квентин осылайша терең ойға шомып отырғанда, бөлмеге малай кіріп келіп, оған әлдебір рыцардың жолыққысы келетінін баян етті.


V ТАРАУ


ЖАУЫНГЕР



Қарғыс атқан қабылан ғой қашанғы
Атақ іздер мылтығының аузынан.


«Сізге ұнай ма бұл»



Квентин Дорвардты, әлгінде ғана таңғы асын ішкен бөлмеде тосып отырған рыцарь Францияның тағдырын өз қолында ұстап тұрған адамдар деп XI Людовик сүйсіне айтатын ерлердің бірі еді; корольдің жеке басын қорғау және күзету соларға сеніп тапсырылған-ды.


Өзі таққа отырған кезінде жат елдік, жалдамалы әскерлерді төңірегіне үйір етуге мәжбүр болғандықтан шотланд гвардиясы деп аталатын даңқты атқыштар отрядын құрған VI Карл20 еді. VI Карлды Францияның жартысынан астам жерінен айрылып қалуға душар еткен ел ішін толассыз жайлаған аласапыранмен, әлі де қол астында болып келген дворяндардың күдік туғыза берген адалдығы жағдайында өзінің жеке басын күзету сияқты қызметті қарамағындағыларға сеніп тапсырса, бұл король үшін үлкен ағаттық болар еді.


Англияның ата жауы шотландтар Францияның байырғы, тіпті табиғи достары мен одақтастары болып келген-ді. Кедей, бірақ қайсар да адал шотландтар сан жағынан көп тараған халық болғандықтан, өз әскерлерінің қатарын сирексітпей ылғи толықтырып отыратын, сондықтан да не бір қауіп-қатерлерден тайсалмайтын батырларын өзге елдер қызметіне жіберу жөнінде Шотландияға Европаның бірде-бір елі пара-пар келе алмады. Шотланд дворяндарының басым көпшілігі бекзадалар әулетінен шыққандықтан басқа әскерлердің өкілдеріне қарағанда патша ағзамға жақынырақ жүретін, бірақ шотландтардың сан жағынан аз болуы себепті әлдеқалай бүлік жасап, малайдан мырза болып шыға келу мүмкіндіктері жоқ еді.


Мұның сыртында, француз әміршілерінің өздері де осынау жат елдік бірегей отрядтарға сый-құрметті барынша аямай-ақ көрсетіп әрі ақшаны алдарына үйіп-төгіп, олардың өздеріне берілгендігін нығайтып отыруға тырысып бағатын-ды, ал жат елдік жауынгерлер өздерінің биік атақ-дәрежелеріне дақ түсірмеуді көздеп, жауынгерге тән мінезбен ақшаны суша шашып дағдыланған еді. Шотланд атқыштары дворяндық артық жағдайлармен пайдаланды, оның бер жағында корольге жақындықтары оларды өздерінің де, сондай-ақ француздардың да көз алдында мерейлерін асырып тұрды. Олар шетінен кереметтей жақсы киініп, жақсы қаруланды, әрқайсысына жүйрік ат бекітіліп берілді, әрқайсысының өз қарамағында атқосшы, қолбала, малай және екі қорғауыл ұстауына хақысы да, мүмкіндігі де болды. Қорғауылдардың бірін қожайын ұрыс кезінде мұрттай ұшырып түсірген шала-жансар дұшпанды пышақтап өлтіру үшін тағып жүретін қаруына қарап қанжаршы деп атайтын. Қастарына керемет нөкерлері еріп жүретін шотланд атқыштары атақты да беделді адамдар санатына жатқызылатын-ды, ал олардың отрядтарындағы босаған орындар, әдетте, өздерінің қарамағында қолбала немесе атқосшы болып қызмет атқарып жүргендердің есебінен толықтырылып отыратын болғандықтан, ұзамай өзінің жоғарылайтынынан үміттеніп, атақты шотландтар әулетіндегі жас жағынан кішілері осы қызметтерге ұмтылатын.


Қорғауылдар сапында дворян емес, неғұрлым төменгі тектен шыққандардың қатарынан іріктеліп алынатын адамдар қызмет атқарды, сондықтан қызмет бабымен жоғарылау жөнінде олар ешқандай үміт етпейтін, бірақ қорғауылдарға да айлық жоғары мөлшерде беріліп тұрды. Сөйтіп, оларды іріктегенде сол кезде Францияға ағылып келіп жатқан өз отандастарының қатарынан қайсар да қайраттыларын таңдап алуға мүмкіндіктері болды.


Людовик Лесли, — немесе, біз енді оны көбіне Таңбалы Людовик дейтін боламыз, өйткені Францияда ол көбінесе осы есімімен танымал болып кеткен-ді, — еңгезердей, қақпақ жауырынды, бойы екі метрге таяу, түсі суық кісі еді; маңдайдан басталып аман қалған жалғыз оң көзінен асып, мыж-мыжы шыққан жағын баса құлағының түбіне шейін жететін үлкен тыртығы жүзін сұсты етіп көрсететін. Таңбалы Людовиктің тебіренген, ашуланған, шиыршық атып өрепкіген немесе жайбарақат күйге көшкен көңіл күйіне байланысты бірде қып-қызыл, бірде қара қошқыл тартып, бірде көгеріп, бірде көмірдей қарайып тұратын осы бір сұмдық тыртығы — оның жел өтіне, күн көзіне тотыққан жүзінен білемденіп, ісініп-қабынып, бірден көзге түсе кетуші еді.


Киімі де, бойына асынған қару-жарағы да айрықша сәнділігімен көз тартып тұрды. Басына кигені — тәңірия бейнесі зерленген күміс айылбаспен бекітіліп, құс қауырсынын таққан шотландтың ұлттық қалпағы. Өз гвардиясының семсеріне қуат бер деп тәңірияға жалбарынған король осынау айылбасты шотланд гвардиясына өз қолымен сыйға тартқан-ды; қайсыбір тарихшылар, тіпті король мұнысымен ғана шектеліп қалмаған, тәңірияны өз қарамағындағы атқыштардың қамқоршысы ретінде таныған деп те тұжырымдайды. Оның үстіндегі сауытының жағасы, шынтақ қабы мен көкірекшесі аса бір асыл болаттан құйылып, күміспен әсем қапталған еді, ал сауыты аязды күнгі таңертеңгі бір мезеттегі қырыққұлақ пен көк тал бұтақтарындағы күн көзіне шағылысқан қырау тәрізді жарқ-жұрқ етеді. Ол үстіне бағзы бір герольдтарша21 қос бүйірін қиықтап және арқасы мен кеудесіне күмістен андрей кресі22 өрнектелген көгілдір түсті қымбат мақпалдан тіккен, кең етіп пішілген қамзол киген. Тізеқабы мен жамбасқабы қабыршақты болаттан құйылған; аяғына болаттан соғылған етік киіп алыпты; оң жақ бүйіріне жалпақ құрыш қанжар («Құдай мейірі» деп аталатын) асып алған, ал сол жақ бүйірінен әсем өрнектеп өрілген бауы бар, зіл-батпан екі жүзді семсер23 көрінеді. Айтса да, Дорвард Таңбалы Людовикке келіп жолыққан кезде, ол өзіне ыңғайлырақ болуын көздеп зілдей ауыр семсерін шешіп алып қолында ұстап отырған еді, өйткені қызмет бабы бойынша оған семсерін тастап кетуге қатаң тыйым салынған.


Сол бір дәуірде өмір сүрген кез келген шотланд сияқты әскери өнермен және әскери қару-жарақ, әскери сауыт-сайманмен Дорвард балалық шағынан бастап-ақ таныс бола тұрса да, өз шешесінің туған ағасы, ел ішінде Таңбалы атанып кеткен нақ Людовик Леслидей қаһарман, нақ сондай жақсы қаруланған жауынгерді бұрын-соңды кездестіре қоймағанын мойындауға тиісті болды. Әйтсе де ол өзін құшағына қысқысы келіп ұмтыла бергенінде түсінен жан шошырлық нағашысынан қаймығып шегіншектей түскен еді, ал анау тікендей қатты мұртымен бетін тырналап жиенін құшақтай алды, Францияға аман-есен келіп жетуімен құттықтады, бұдан соң одан Шотландия жаңалықтарын тәптіштеп сұрастыра бастады.


— Қуанта қоятындай түк те жаңалығым жоқ, нағашы, — деп жауап қатты Дорвард. — Ал сіздің мені бірден танығаныңызға өлердей қуанып тұрмын.


— Мен сені, тіпті Бордо жазығында жолықтырсам да, аяғыңа бақан таңып алып, тырнаша секектеп ұшып-қонып жүрсең де жазбай таныр едім, деп ойлаймын... Жә, кәнеки, отыр, жайласып отыр, достым. Сонымен, егер жеткізген хабарың көңіл жұбатпайтын болса, онда біз зәмзәм шарап сіміріп отырып, оның уытын лезде қайтарамыз... Уа, көне көз қартым, қадірмен қожайын! Шарап әкел бізге, шарап болғанда ең жақсысын жеткіз... Тездет, кәне!


Сол бір шақта Плесси маңындағы таверналарда шотланд мақамымен айтылған француз тілі, қазір біздің кезімізде Париж қабақтарында швейцар мақамына салынған француз тіліндей жиі-жиі естілуші еді. Мейманхана иесі зәре-құты қалмай, құрақ ұшып, қас қаққанша стол үстіне бір шөлмек шампан шарабын әкеліп қойды. Нағашысы бір стақан шарапты сіміріп салды, ал жиені өзіне сый-сияпат көрсетіп отырған туысының көңілін жыққысы келмей, шарапқа ернін тигізумен ғана шектеліп, өзінің бүгін біраз ішіп қойғанын айтып, ғапу өтінді.


— Бұл сөзіңді қарындасымның аузынан естісем, бұған таңданбас едім, сүйікті жиенім, — деді Таңбалы. — Егер шын ықыласыңмен сақал-мұрт қойып, жауынгер болудан үмітің болса, онда шөлмектен тартына қоярдай жөнің жоқ... Жә, неге үндемей отырсың, бауырым! Шотландия жаңалықтарын ірікпей, ақтаршы бір... Глен-хулакинде қандай өзгеріс бар? Қарындасымның хал-күйі қалай?


— Қарындасыңыз қайтыс болған, нағашы, — деді Квентин мұңайып.


— Қайтыс болғаны қалай? — деді Таңбалы жұлып алғандай, оның үнінен қайғыдан гөрі таңданғандық көбірек аңғарылып тұрды. — Япыр-ау, ол менен табаны күректей бес жас кіші ғой, ал менің денсаулығым қазіргімнен ешқашан да жақсы болмаған сияқты... Қайтыс болды дейсің бе? Қызық екен! Ал мына мен ешқашан да ауырып көрген пенде емеспін — тек дос-жарандарыммен көңіл көтерген кезде басымның әңкі-тәңкі болып дыңылдайтыны болмаса... Сөйтіп, бейшара қарындасым қайтыс болып кетті де. Қош, ал сенің әкең болса, достым, ендігі үйленіп те үлгерген шығар.


Дорвард жауап қатып үлгергенше, нағашысы жиенінің аңтарылған жүзінен ойының үстінен дәп түстім деп түсініп, сөзін әрі қарай жалғастыра берді:


— Қойшы, шынымен-ақ үйленген жоқ па? Ал мен Аллан Дорвардтың әйелсіз күні қараң болар деп ант ішуге де әзір тұр едім. Ол өз шаңырағының әманда күтулі, бабында болғанын қалаушы еді және діні қатал кісі бола тұрса да, кей кездерде көрікті әйелдерге көз салып қоятын. Үйленсе көздеген мұратына жетер еді. Өз басым оған тең келе алмаймын: үйлену бақытын аңсайтын адамың мен емес, қанша келбетті әйелді көрсем де, соған үйлене қояйыншы деген ойдан аулақпын. Мен ондай әулие емеспін.


— Айналайын нағашы-ау, не деп отырсыз өзіңіз, шешем марқұм қайтыс болардан бір жыл бұрын, Глен-хулакин шаңырағының ойраны шыққан жылы-ақ, жесір қалған жоқ па?! Огилвилердің қамал-сарайға шабуылы кезінде әкем, екі нағашым, екі ағам, туысқандарымыздан жеті кісі, біздің басқарушымыз, менестрель және алты малай қаза тапты, сөйтіп қазір Глен-хулакиннің орны да қалған жоқ.


— Пәлі, әулие Андрейдің кресін қолыма ұстап тұрып ант етейін, мынауың нағыз ойранның өзі ғой. Осынау Огилвилер Глен-хулакин үшін ежелден қауіпті көрші саналушы еді. Қандай қасірет! Дегенмен соғыстың аты соғыс, бауырым, соғыстың аты соғыс. Айналайын жиен, бұл сұмдық қашан болып еді?


Осы сауалынан соң Людовик Лесли шүпілдеп толып тұрған нән стақан шарапты дем алмастан төңкеріп салды, сөйтті де жиенінің үй-іші былтыр, әулие Иуда туған күні қырылып қалғанын айтқан хабарын естігенде басын мұңая шайқап қойды.


— Мінеки, көрдің бе! — деді қарт жауынгер желпініп. — «Қайсымыздың басым түсерімізді көре жатармыз!» — деп мен тектен-текке айтқан жоқпын. Мынаны қара, нақ сол күні мен қасыма ерген жиырма серігіммен, ерікті атқыштар көсемі, Құрыш Қол Аморидің, — бұл есімді сен естіген де шығарсың, иелігіндегі Қара Жартас қамал-сарайына шабуыл жасадым. Мен оны үйінін табалдырығынан аттатпай басын жарып, мылжа-мылжасын шығардым, сөйтіп, қыруар алтынға кенелдім, әуелгіде қазіргісінен екі есе ұзын мына шынжыр сол алтыннан соғылған... Айтпақшы, сол жолы осы алтын баудың бір бөлігін дін жолына жұмсау туралы ой келді маған... Эндрю, уа, Эндрю, қайдасың?


Мұның даусын ести сала шотланд атқыштарынша, яғни нақ өз қожасынша киінген, бірақ жамбасқабы жоқ және одан гөрі әлдеқайда қарапайым сауыт киген қорғауылы бөлмеге кіріп келді; оның қалпағына құс қауырсыны тағылмаған, сондай-ақ қамзолы да мақпал емес, шұғадан тігілген екен. Мойнындағы алтын шынжырын жалма-жан шешіп алып, Таңбалы оның ұзындығы төрт дюймдейін тісімен үзіп жіберді де, малайының қолына ұстатты.


— Мынаны әулие Мартин әдияратындағы досым, ақ жарқын Бонифаций имамға апарғын, — деді ол. — Оған сәлем айт та, «Құдай есіркесін, лайым! деп тілек еткенімді баянда. Ол соңғы жолы түн ішінде менімен қоштасқанда осы батаны айта алмай, тілі күрмеле берген-ді. Оған былай де: менің бауырым, қарындасым және тағы да бірер туысым қаза тапты, сондықтан алтын шынжырдың мына бір үзігінің ақысы үшін өзі қанша мәрте сиынғанды мақұл көрсе, менің осы туыстарым иманды болсын деп шіркеуде құдайға сонша мәрте құлшылық етсін. Егер туыстарымның жаным қияметтің қыл көпірінен құтқаруға осы үзік алтын аздық етсе, онда ақысын жемеспін, тағы да құлшылық етсін. Менің туыстарымның бәрі де адал және күпіршілік етпеген адамдар, сондықтан біз құлшылық етпесек те қыл көпірден өздері-ақ өтіп шығулары мүмкін, бәлкім, өтіп те шыққан шығар, оған осыны айт; егер сөйткен болса, онда Бонифаций әкей Ангюс графтігіне қарайтын күллі Огилви аттас руды қарғасын, мына алтынның тым болмаса бір бөлігін соған арнасын деп айта бар. Иә, айтқандайын, біздің шіркеуіміздегі қарғыстың ең ауырын жолдаудан аянбасын деп діндар әкейге менің тілегімді жеткіз. Естідің бе, Эндрю? Сен мені ұқтың ба?


Малай басын изеді.


— Айтпақшы, бауырым, байқа, егер мына шынжырдың тіпті сынық көзі монахтың қолына тимей, қабаққа жұмсалатын болса, өз обалың өзіңе. Мен өзіңе дүре соғып, сазайыңды берсем, денең Варфоломей әулиенің терісіндей сылынып түседі... Тоқташы, бауырым, сен өзің мына шөлмектен көз алмайсың ғой... Мә, жұтып жібер де тартып кет.


Осылай деді де, ол қолындағы стақанға шүпілдете шарап құйып, оны малайына ұсынды, ол шарапты бір-ақ сімірді де, мырзасының бұйрығын орындауға кетті.


— Жә, жиен, өздеріңді сорлатып кеткен әлгі айқас кезінде саған қандай сыбаға тигенін айтшы енді.


— Мен өзімнен жасы үлкендер мен қарулырақ азаматтардан қалыспай, олар тегіс қаза тапқанша, ал өзім ауыр жараланып, есімнен танып құлағанша жаумен айқастым.


— Әй, қайдам, сенің жараң осыдан он жыл бұрынғы менің жарамнан ауырырақ бола қоймас, — деді Таңбалы Людовик. — Мынаны қарашы, жиен, бірде-бір Огилви бұрын-соңды семсермен нақ мынадай терең тыртық салып көрмеген шығар деп ойлаймын! — Сөйтті де ол бетін айғыздап тұрған тыртықты нұсқады.


— Қалай десеңіз де, Огилвилердің менің семьяма салған тыртығына ештеңе теңесе алмайды, — деді Квентин мұңайып. — Соңында олар бізді бауыздаудан да жалыға бастады, осы кезде менің кеудемнен жаным әлі шыға қоймағанын көрген байғұс шешем, тым болмаса мына баламды аман қалдыра көріңдер деп олардан жалбарына сұрап, мені өлім аузынан арашалап алып қалды. Сол бір азалы күні кездейсоқ біздің қамал-сарайға келе қалып, қырғын шабуыл кезінде өзі де ажалдан әрең аман қалған, Абербротоктан шыққан бір оқымысты монахқа менің жарамды таңып беруге, сөйтіп, қауіпсізірек бір жерге алып кетуге рұқсат етті. Бірақ осы рұқсаттарының ақысына олар әлгі оқымысты мен шешемнен мені монах болсын деген уәде алды.


— Монах болғаны несі! — деді Лесли таңдана, — Олда-білда, мұндайды ешқашан басымнан кеткен емеспін. Өзім шыр етіп осы жарық дүниеге келгенімнен бастап, мені монах ете қояйық деген ой ешкімнің басына келген жоқ... Байыптап қарасаң, тіпті қызық бұл өзі, өйткені егер миыма ешқашан да қонбай қойған қарғыс атқыр әлгі бір сабағы құрғырды оқытпаса, суқаным сүймейтін псаломды жаттатпаса, айтқандай, әлгі жындылар киіміне ұқсас — діни киім кигізбесе, кешір мені тәңірия (осы тұста ол шоқынып алды), ең бастысы, тамақсау басым оған көндіге қоймайтын әлгі ораза дегені болмаса — онда шыным осы, мен кереметтей монах болар едім; жоқ дегенде, әулие Мартин әдияратындағы өзімнің әлгі сауыққой досымнан кем болмас едім. Осы жайында ешкімнің ойына кіріп-шықпағаны қайран қалдырады. Пәлі, жиен, өзіңді монах етуге аз-ақ қалған екен-ау. Ал мұнысы несі, түсіндірші маған.


— Әкемнен ұрпақ қалмасын деп мені әдияратта немесе молада шірітіп өлтіру үшін жасаған айлалары ғой, — деп жауап қатты Дорвард күрсініп.


— Бәсе, бәсе, енді түсіндім. Ойлап тапқандарын қарашы. Атака нәлет жексұрындар! Бірақ бұл есептерінен олардың жаңылулары да мүмкін еді, өйткені мен саған айтайын, монах болуға бел байлап шашын қидырған, ал соңынан әдияраттан қашып шығып, ерікті атқыштар отрядының бастығы болған Роберсарт деген бір каноникті жақсы білемін. Оның өзім сирек кездестірген асқан сұлу жұбайы болды. Жоға, жиен, монахтарға ешқашан да сеніп болмайды, ешқашан да: монах дегенің кез келген сәтте солдат болып шыға келеді. Бұл солай достым... Жә, мейлі, әңгімеңді жалғастыра бер.


— Айта қоярлықтай басқа дәнеңе қалған да жоқ. Жалғыз-ақ байғұс шешеме қырсығым тимесін деп, ақыры әдияратқа түскенімді, монахтың киімін киіп, әдияраттың барлық қағидасын бұлжытпай орындауға мойын ұсынғанымды айту ғана қалды. Мен сонда жүріп сауатымды аштым.


— Сауат аштым деймісің! — Өз білгенінен артық кез келген білім оған айрықша бір керемет дүние көрінетін Таңбалы таңдана тіл қатты. — Демек, кітап оқып, жазу жаза алатын болғаның ба? Бұған иланудың өзі қиын. Менің білетінім: Дорвардтардың, сондай-ақ Леслилердің тұқымынан бірде-біреуі қол қоя алмаған. Басқаларын айтпағанда, бір Леслидің сондай екенінде ешбір күмәнім жоқ. Мәселен, мына маған құс болып самғау қалай ақылға сыймайтын нәрсе болып көрінсе, жазу жазу да дәл солай. Ал Людовик әулие жарылқасын, сен мынаны айтшы, өзіңді хат тануға қалай үйретті олар?


— Әуелгі кезде, рас, қиынырақ соқты, бірақ бірте-бірте ісім оңға басып жүре берді. Оның үстіне жарам жазылмай, қатты қансыраған мен басқа іске жарай қоймадым және де өзімнің құтқарушым Петр әкейдің көңілін жыққым келмеді. Осы бір екі арада, қайғы-қасірет күйігіне шыдай алмай бірнеше айдан соң байғұс шешем дүние салды. Ал жарам жазылып, айыққан соң-ақ мен Петр имамға — ол әрі біздің әдиярат ғибратшысының көмекшісі болып саналушы еді — өзімнің монах бола алмайтынымды айттым. Екеуміз былай деп ұйғардық: әдияратта қалмасам, мен өз бақытымды басқа бір жерден іздеп, бұл арадан кетуге тиісті болдым. Өзімнің құтқарушым Огилвилердің кәріне ұшырап қалмас үшін мен әдияраттан қашып кеткен кісі болдым және өз еркіммен қашып шыққаныма жұртты иландыру үшін біздің аббаттың сұңқарын қолыма түсіріп ала кеттім. Ал, шындығында, әдияраттан мен оның рұқсатымен аттандым; керек десеңіз, ол қол қойған, мөр басқан куәлігім де бар.


— Мұның жақсы, өте жақсы болған, — деді Лесли. — Біздің короліміз не алуан қулық-сұмдықтарға пысқырып та қарамайтын кісі, ал, бірақ қашқын монахтарға келгенде, бұған жаны қас. Қош, жиен, қалтаң қалай, қалың ба? Бәстесуге бармын, шыныңды айтшы, жолшыбай ақшамды ұрлатып алмайын деп алаңдай қоймаған шығарсың.


— Нағашы, өзіңнен несін жасырайын, — деді Дорвард. — Менің бар байлығым — бір уыстай майда күміс қана.


— Мұның жақсы болмаған екен, достым. Өз басым қор жинауды жаратпаймын және бұл қолымнан келмейтін іс, оның үстіне мынадай аумалы-төкпелі шытырман заманда қор жинап не керек? Әйтсе де қолымнан — шынжыр болмаса, білезік, білезік болмаса алқа тәрізді, әйтеуір, ұсақ-түйек бірдеңелер ешқашан да үзілген емес, соларымды тастамай өзіммен бірге ала жүремін, сөйтіп қажет бола қалған сәттерде оларды яки тұтас, яки бөлшек күйінде әрқашан кәдеме жарата қоямын. Саған да осы әдіске көш деп кеңес берер едім. Бәлки, жиен, бұл бұйымдарды қайдан аласың деген сауал қойғың келіп тұрған шығар? — деді Таңбалы Людовик мойнындағы алтын шынжырды масаттана сілкілеп қойып. — Әрине, бұл бұйымдар кішкентай балалар өздеріне алқа өріп алатын сарғалдақтай бау-бақшада немесе иен далада өсіп тұрмайды. Бұған қиналатын не бар. Егер қайырымды француз короліне мына мен сияқты қызметке жалдансаң мұндай бұйымдарға өзің де ие боласың. Алуан түрлі игіліктерге, мінеки, нақ осы кызметте жүріп кенелуге болады — жалғыз-ақ жан қиюдан да тайынбайтын батырлық әрі ешқандай қауіп-қатерден қорықпайтын жүрек керек.


— Алайда менің естігенім... — деді Дорвард, тікелей жауап беруден тайсақтап, өйткені оның өзі іштей бір тоқтамға әлі келе қоймаған еді, — Бургундия герцогының сарайы француз сарайына қарағанда әлдеқайда сәулеттірек те, әлдеқайда әсем безендірілген әрі герцогтың туы астында қызмет атқару әлдеқайда құрметті, деп естігенмін: бургундықтар — шетінен соғыс өнерінің шеберлері саналады, сондықтан олардан көп нәрсе үйренуге де болады, ал бүкіл жеңіс атаулыға өз елшілерінің тілімен ғана жететін сіздердің мейлінше христианшыл корольдеріңіз оларға пара-пар бола алмақ емес.


— Сен өзің ойын баласындай тым ұшқары ойлап тұрсың, сүйікті жиенім. Айтса да, осы араға алғаш келген бетімде өзімнің де барынша аңқау болғаным әлі есімде. Мен король дегенің басына алтын тәжін киіп алып, шатыр астында отырғаннан басқа, қол астындағы рыцарлары және вассалдарымен сауық-сайран құрудан басқа, яки әлгі бір романстарда шырқалатын Ұлы Карл немесе Барбер мен Минстрел жазған шыншыл шежіремізде жырланатын Роберт Брюс яки Уильям Уоллес сияқты қалың қол әскерлерін бастап атой салудан басқа дәнеңе білмейтін шығар деп ойлаушы едім. Мен корольдер бал қаймақтан басқа тағамды татпайтын да шығар деп ойлаушы едім... Ал егер ынтығып тұрсаң, берірек келші, құлағыңа сыбырлап қана айтайын: мұнымның бәрі де сандырақ екен, көл бетінде ойнайтын ай сәулесі екен, елес екен... Саясат, бауырым, саясат — құдірет деген, міне, осы. Бәлкім, сен менен саясат деген не, деп сұрағың да келіп отырған шығар. Саясат деген бұл өнер, француз королі ойлап тапқан өнер, бөтен біреудің қару-жарағымен соғысатын, сөйтіп, өз қол астындағы әскерлеріне төлейтін жалақыны бөтен біреудің қалтасынан ақтарып алып беретін өнер. Иә, бұрын-соңды өмір сүрген, үлде мен бүлдеге бөленген күллі бай-патшалардың ішіндегі кемеңгері бұл. Рас, ол ешқашан да бай-патшаларша киінген жан емес, керісінше көбіне-көп тіпті менен де жұпыны киінеді.


— Бұл айтқандарыңыз сауалыма жауап бола алмайды, нағашы, — деп қалды Дорвард. — Әрине, жат елде қызмет атқаруға мәжбүр болған соң сәті түссе ерлік көрсетіп, өзімді даңққа бөлей алатындай қызметке орналасқым келетіндігі өзінен-өзі түсінікті.


— Ойыңды ұғып тұрмын, өте жақсы ұғып тұрмын, жиен, бірақ бұл мәселе хақында түсінігің де, білетінің де аз әлі. Бургундия герцогы — қайсар, қызу қанды, күйгелек адам, өжеттігінде және қапы жоқ. Ұрыстарда да алдына жан салмайды, Артуалық және Энолық рыцарлары мен вассалдарын ылғи өзі бастап шығады; бірақ оның қол астына бара қалсақ, біз екеуміз герцог пен оның қайсар дворяндарының алдын кес-кестеп озып шыға келеміз деп ойлауға қалай батылың барады. Ал олардың сапынан бір қадам болса да кейін шегініп көр, онда ешбір ойланбастан-ақ, бізге ниеттері арам деп айып тағып, өзінің бас превосының қолына ұстатып қоя берер еді. Біз олардың сапынан қалмай ілесіп отырсақ — бұнымызға ризашылық қана білдіріп, ішкен астары адал дегенді ғана айтар еді; ал егер, басқа жауынгерлерден бізге ең болмаса найза бойы сытылып озып кетудің сәті түссе, — бірақ әркім өзі аман қалуға жанталасып бағатын ұрыстарда бұлай болуы қиын да әрі өте қауіпті де, — онда ғизатты герцог, шебер найзагерді көрген кезде, әрқашанғы әдетінше, өзінің фламанд тілінде: «Мерген-ақ екенсің! Жарайсың шотланд! Мынаған шарап құйып беріңдер, біздің денсаулығымызға сіміріп салсын», дер еді, бар болғаны осы-ақ. Сен шетелдің азаматы екенсің, онда герцогтың қол астындағы қызметте шенім жоғарылайды, яки меншігіме жер бөлініп беріледі, яки қалтамды қалыңдатады деп зәредей де дәмеленбей-ақ қой; мұның бәріне тек өз адамдарының, тек осы елдің перзенттерінің ғана қолы жетеді.


— Бұл игіліктерге тағы да кімдер ие болуы ықтимал, нағашы? — деді Дорвард шыдамсыздана.


— Ол игіліктерді осы айтылған өз перзенттерін қорғайтындар пайдаланады! — деп жауап қатты Таңбалы мақтанышпен өзінің алып денесін ырғалта қозғап қойып. — Ал Людовик король былай деп ойлайды: «Ашық ауыз Жак момын шаруам, сен өз кәсібіңе, соқаңа, тырмаңа, шотыңа ма әлде күрегіңе мықты болғын — ал сені жауға бермейтін менің қаһарман шотландтарым бар. Сенің парызың — осы, еңбегін бағала, қалтаңнан шығарып, оларды пұлмен қамтамасыз ету, болған-біткені осы ғана... Ал, менің ғизатты герцогтарым, инабатты графтарым мен құдіретті маркиздерім, сендер әзірше ешкім де зәру емес батырлықтарыңа бой ұра бермей сабыр ете тұрыңдар, өйткені сендердің көзсіз батырлықтарың өздеріңді орға жығуы да, сөйтіп, өз мемлекеттеріңе кесапатын тигізіп жүруі де ғажап емес. Ерлік көрсету керек болса — мінеки, өзімнің жалдамалы әскерлерім — мінеки, өзімнің гвардиям — мінеки, өзімнің шотланд атқыштарым және олармен жаны да, тәні де бір менің адал Таңбалы Людовигім бар; өз әкелеріңді Креси мен Азенкур түбіндегі ұрыстарда қырғынға ұшыратқан, ырық бермей кететін ерлікке бой ұрғыш сендерден олар жақсырақ соғыспаса кем соғыса қоймайды». Қош, сонымен бақыт пен даңқ іздеп шыққан біздей пақырларға қай жер жайлырақ болатындығына және қай жерде жоғары құрметке бөленуге болатындығына енді көзің жетті ме?


— Көзім жетуін жетті ғой, нағашы, — деп жауап қатты Дорвард, — жалғыз-ақ қауіп жоқ жерде қатардан озу жоқ, меніңше. Сондықтан сөзімді айыпқа бұйыра көрмеңіз, бірақ мен білсем, оған қарсы тірі пенде қол көтермейтін бір шалды күзету, жазда күні бойы, ал қыста таң атқанша бекініс ішінде, онысы аздай, қашып кетпесін деп өзіңді құлыптаулы темір торда ұстайтын жерде зарығу, — бұл еріншектердің кәсібі болса керек... Оһ, нағашы-ай, мұның өзі тұғырға қондыруын қондырып, бірақ ешқашан да аң-құсқа салмай зарықтырып қоятын сұңқар құстың кебін киюмен пара-пар ғой.


— Турлық Мартин әулиенің атын аузыма алып айтайын, бойында отың бар баласын! Тұла бойыңнан Леслилердің қаны көрініп-ақ тұр: сенің жасыңда мен де айна-қатесіз нақ өзіңдей болғанмын, жалғыз-ақ сенің ерлігің көзсіз ерлік. Менің өзіңе айтпақ сөзімді құлағыңа құйып алғын, жиен, — және алғашқы айтпағым: Франция королі жасасын! Ол саған күн сайын тапсырма береді, орындап шықсаң даңққа да, ақшаға да кенелесің. Ең қауіпті де, ең батыл ерліктер тек күндіз ғана жасалады екен деп ойлама. Мен саған қамал-сарайға шабуыл жасау, тұтқындарды қолға түсіру, тағы басқа осындай істер атқарғанда өзіне төнген сұмдық қатерге қайыспай қарсы тұра білген белгісіз бір хас батырдың — бұл арада оның есімін жариялап жатпаймын — жау жүрек Бургундия герцогының барып тұрған баскесерлеріне қарағанда әлдеқайда зор құрметке не болғаны хақында көптеген мысалдарды айтып берер едім. Ал егер жоғары мәртебелі ием осындай жағдайда өзі көзге түспей сырт қалғанды мақұл көрсе, онда өзі тікелей қатыспаған ерен ерліктерді анағұрлым дәлірек бағалай білетіндігі, сөйтіп, жауынгердің көрсеткен ерлігін соғұрлым әділірек бағалай алатындығы. Несін айтасың, бұл кемеңгер монарх, ақылды саясатшы.


Дорвард бірер минут үнсіз отырып қалды да, әлден уақытта барып өз ойын баяулап айтып, бірақ анық білдірді:


— Қайырымы мол Петр әкей абыройыңды асырмайтын ерліктің шарапатынан да кесапаты көбірек тиеді дегенді құлағыма құйған еді. Әрине, нағашы, осынау құпия тапсырмалардың ар-намыс ережелеріне кереғар келетін кезі болмай ма деп сізге сұрақ қоюым қисынсыз болар еді.


— Сен өзің мені кім деп тұрсың, жиен? — деді Таңбалы даусы қатқыл шығып. — Рас, өз басым әдияратта тәрбие алған пенде емеспін, оқи да, жаза да білмеймін, бірақ мен — өзіңді құрсағында көтерген шешеңнің ағасы боламын, адал Лесли боламын. Ар-намысты аяққа басатын іске итермелейді деп ойлауға қалай батылың барады? Қазір көзі тірі болса, шіркін, күллі Франция рыцарьларының ішінде ең даңқтысы Дюгекленнің өзі менің ерліктерімді мақтан еткен болар еді.


— Мен сізге сенемін, нағашы, әр сөзіңізге қалтқысыз сенемін! — деді балғын жігіт қызулана сөйлеп. — Өйткені өзіңізден басқа туысым қалған жоқ қой. Бірақ корольдің осындағы, Плессидегі сарайы өзгеше бір ерсі сарай деген әңгіме шын ба? Не рыцарлары, не дворяндары, не корольдің даңқты вассалдарының ешқайсысы да мұнда тұрмайды деген рас па? Оқта-тектегі сауық-сайрандарының өзін қамал-сарайдағы малайларымен ғана өткізетіні, қайдағы бір қағылған-соғылғандармен және беймәлім біреулермен ғана құпия кеңес құратыны шын ба? Оның дворяндарды қорлайтыны, сөйтіп, тексіз адамдарды қанатының астына алатыны рас па? Осының бәрі ерсі қылық, сондықтан ағылшын арыстанының тырнағынан Франция жерінің жартысын азат еткен өз әкесі қасиетті Карлге ұқсай қоймайды.


Сен өзің балаша ойлайды екенсің, — деп жауап қатты Таңбалы, — және бала сияқты, бір айтқанына қайталап соға бересің. Өзің ойлап қарашы: егер король қазыларының қай-қайсысынан да жақсырақ тындыратын істерді өзінің шаштаразы Оливьеге жүктесе, бұдан мемлекет қайта ұтпай ма? Егер ол бәріне әмірі жүретін полиция бастығы Тристанға қаланың пәлендей бүлікшіл тұрғынын яки пәлендей сойқан дворянды қама деп тапсырса, мұндайда өзінің жарлығы сол заматында-ақ орындалатынын, сөйтіп, бұл істің тәмамдалатындығын кәміл біледі. Ал нақ осы тәрізді тапсырманы герцогтарының, яки қазыларының біріне жүктеп көрсінші, тапсырмасын орындамақ түгіл оның өзін жазғырған наразылық естіген болар еді! Қош, егер король тағы бір шаруасын, тапсырған ісін орындап оңдырмайтын ұлы коннетабльге жүктемей, тас-түйін етіп тындыратын Таңбалы Людовикке жүктесе, сеніңше, осынысының өзі-ақ оның кемеңгерлігінің дәлелі бола алмай ма екен? Ең бастысы, өздерін көбірек қадірлейтін және еңбегін бағалап, ақысын жақсырақ төлейтін жерде қызмет етуге тиісті, бақыт іздеп шарқ ұрған біз сияқты пақырларға керегі де нақ осындай мырза емес пе? Міне, мәселенің түйіні қайда жатыр, балақайым... Маған сене бер: өзіне бауыр бастырып, жақын тартатын адамын жаңылыспай іріктей білетін, әрі әркімге қолынан келетін ісін дәл тауып бере алатын нақ Людовиктей ешкім жоқ. Бұл әлгі ішетін суын әзірлеп тұратын адамы қасында болмауы себепті шөлден өліп кеткен король Кастильский емес. Япыр-ау, бұл неғылған қоңырау? Дәу де болса, сірә, бұл әулие Мартин шіркеуінің қоңырауы болды! Мен тездетіп, қамал-сарайға барайын. Қош, сау бол! Уақытыңды көңілді өткізуіңе тілектеспін, ал ертең сағат сегізде аспалы көпірдің аузына кел де, сақшы арқылы мені шақырт. Айтпақшы, сақ болғайсың, жолдың жиегіне жуымай дәл ортасымен жүріп отыр, әйтпесе қақпанға түсіп қалып, яки қолың, яки аяғың кесіліп, жазымға ұшырап жүрерсің. Ал кәріп болып қалған соң, құй өкін, құй өкінбе, мейлің одан келер пайда жоқ. Көп ұзамай корольге жолығып та қаларсың, сол кезде оның қандай адам екеніне өзіңнің де көзің жете жатар... Қош, сау бол!


Осылай деп Таңбалы бөлмеден шығып кетті, асыққаны сондай ішкен шарабының ақысын да төлемеді — бұл сияқты адамдар көбінесе ұмытшақ келеді. Мейманның қалпағына қадап алған құс қауырсыны мысын басты ма, әлде оның зіл-батпан семсерінен сескенді ме екен, мейманхана иесі ақша төлеуі керектігін оның есіне салуға батылы барған жоқ.


Оқырман, бәлкім, Дорвард нағашысы кетіп, жалғыз қалысымен мана ертеңгісін тұла бойын тәтті қиялға бөлеген сиқырлы музыка әуенінен тағы да ләззат алмақ болған үмітпен үйреншікті мұнарасына жетуге асыққан шығар деп ойлауы ықтимал. Бірақ сондағы көргені дастанның бір тарауы іспеттес болса, ал нағашысымен кездесуі оның алдынан шын мәніндегі өмір соқпағын ашып берген еді, ал өмір шіркіннің қайсыбір тұстарда тіпті де тәтті бола бермейтіні бар емес пе! Балдай тәтті армандар түгіл, басқа да бүкіл ой-қиялдарын мүлде ұмыттырып, жас жігітті әлгінде нағашысымен болған әңгіме төңірегінде туған тебіреністер баурап әкете барды.


Квентин арынды Шер дариясының жағалауына барып, бой жазып келуді ұйғарды. Жазатайым зынданға яки қақпанға түсіп қалармын деп үрейленбей, мейманхана иесінен дарияға қай жолмен баруға болатындығын алдын ала сұрап біліп алған соң, еңсесін басқан шытырман ойларын сарапқа салып, тиянақты бір тоқтамға келуді көздеп, жолға шықты. Өйткені нағашысымен кездесу күдіктерін тіпті де сейілте алмаған еді.


VI ТАРАУ


СЫҒАНДАР



Қорыққан жоқ,
Торыққан жоқ,
Ажал бұлты төнді деп.
Дар алдында,
Макферсоның,
Басты биге соңғы рет.


Ескі ән



Квентин Дорвардтың алған тәрбиесі, оның мейірімді болып өсуіне, тұла бойында үлкен адамгершілік сезімдердің қалыптасуына ықпал ете қоймайтын еді. Өзімен аталас басқа да туыстары сияқты ол да аңшылықты ардақтап, ал соғысты — бірден-бір парасатты іс деп танып өсті. Бүкіл Дорвардтардың ұрпағы балалық шақтан — бақытсыздыққа мойымауға, өздерінің үрім-бұтағын түгел дерлік қырып салған дұшпан-феодалдарға қарсы күресін, олардан қатал кек алуға тәрбиеленді. Алайда Дорвардтар әулетіндегі ұрпақтан ұрпаққа тараған осынау өшпенділік өздерінің серілік инабат әрі әділдік сезімдерінің әсерінен бәсең тартып тұратын-ды. Сондықтан тіпті өздері әділ іс деп есептейтін кек алуға келгенде де, Дорвардтар белгілі бір дәрежеде адамгершіліктерімен және мейірімділіктерімен ерекшеленетін. Сырқаттанып, көңілі торығып жүрген Квентинге айтқан кәрі монахтың өсиеттері оған дені сау, көңілі шат кезде тигізер әсерінен гөрі әлдеқайда артық боп шығып, адамның өзгелер жөніндегі парызы туралы түсінігін кеңейте түсті. Егер сол заманда өмір сүрген адамдардың надандығын, әскери ерліктерге деген жаппай табынушылықты және Дорвардтың алған тәрбиесін ескерер болсақ, онда адамгершілік парыз туралы оның көзқарасы өз замандастарының көбінен едәуір жоғары тұрғанын аңғарар едік.


Нағашысымен кездесуден ол абыржып, түңілген әсерде қалды. Ал оған таудай үміт артқан еді-ау! Ол кезде, әлбетте, хат жазысып тұру деген атымен болмайтын, бірақ әлдебір ел кезген діндар, жолаушылап жүрген көпес яки мүгедек-жауынгер арқылы Глен-хулакинге Людовик Лесли хақында хабар-ошар жетіп тұратын-ды. Нағашысының қол жеткен табыстары мен таңғажайып ерлігі туралы кішкентай кезінде сан рет сүйсіне тыңдағаны әлі есінде! Хикаяшылар ерлігін мадақтаған осынау қияндағы ер жүрек, даңқты нағашысының жарқын бейнесін балалық қиялмен көз алдына елестетіп, оны білектің күшімен, найзаның ұшымен атағы шығып, корольдердің қызына үйленіп, таққа не болған даңқты рыцарьлардың бірі деп танушы еді. Ал енді, мінеки, ерлігі аңызға айналған нағашысының шын бейнесіне көзі жетіп, оның рыцарьлық қадір-қасиетіне күдіктенуіне тура келіп отыр. Алайда бала күнінен туған-туысқандары мен күллі жасы үлкендерді қатты сыйлап өскен, нағашысына деген бұрыннан қалыптасқан сезімнен әлі арыла қоймаған, мұның бер жағында өз басы әлі жас, тәжірибесіз болуы себепті және айрықша жақсы көрген шешесінің аруағын шексіз сыйлайтындықтан Дорвард шешесінің туған ағасының іс жүзінде кім болып саналатынын, оның сол бір тұстарда Францияда сеңдей соғылысқан, сөйтіп осы елді жайлаған сансыз бақытсыздықтардың бірі болған, өзі сияқты кәсіптес адамдардың көбінен олқы да соқпаған, артық та түсе қоймаған кәдімгі жалдамалы әскер екенін қайдан білсін.


Таңбалы тумысынан қатал болып жаралмаған-ды, бірақ адамның өмірі мен қайғы-қасіретіне немкетті қарауға үйреніп алған-ды. Барып тұрған надан, олжа табуға келгенде мейлінше ашқарақ, көздеген мақсатына жету жолында ар-ұятты аяққа басып жүре беретін ол әңгіме өз құмарлығына келгенде дүниені судай шашатын. Қара басының қамын ғана күйттеу, өзінің мұң-мұқтажы мен мүддесінен басқаны елемеу оны бүкіл жұмыр жер бетіндегі ең қорқау құлқынқұмар етіп шығарды. Заматында-ақ қара басының қамымен орайластырмай, істің өзегіне өзін араластырмай қандай да бір мәселе жайында оның сөз етуі (оқырман, оның бұл қылығын, бәлки, аңғарып та қалған шығар) тіпті мүмкін болмай қалған-ды. Мұның бәріне қоса атқарар міндеттері мен көңілі сүйетін істерінің тым қораштығы там-тұмдап болса да оның ақыл-ой, үміті мен зауық өрісін барынша тарылта түскені соншалықты, бір кезде, балғын жастық шағында, аңсаған даңқ пен ерлікке деген ынта-ықыласы әлсіреп, мүлде сөнуге айналғанын да айтуымыз керек. Қысқасы, Таңбалы бар болғаны қарабайыр, надан, дөрекі, өзімшіл солдат қана еді; өзіне жүктелген ісін орындауға келгенде батыл да өжет, шіркеудің әдет-ғұрыптарына бас июден басқа ештеңемен де жұмысы болмайтынын, онысы кейде ең жақын досы, әрі діни ұстазы — Бонифация әкеймен бірге ішкілік ішіп, көңіл көтеруге ұласатын нағыз тоғышар адам еді. Егер Лесли жетесіз тоғышар адам болмағанда, қызмет бабымен шырқау биікке жоғарылаған болар еді, өйткені қарауындағы шотланд гвардиясының әрбір атқышын жақсы білетін корольдің оның ерлігі мен адалдығына сенімі кәміл еді. Бірақ жаратылысынан бойына біткен белгілі бір дәрежедегі қуақылығы мен пысықтығының нәтижесінде Таңбалы өз ағзамының мінез-құлқын егжей-тегжейіне шейін аңғара қойып, қолтығы астына оп-оңай кіріп ала білгендігіне қарамастан, өресіздігі салдарынан қызмет бабымен жоғарылаудан күдерін үзуге мәжбүр болған. Король Людовик Таңбалыға әмісе айрықша жылы шыраймен әрі жақсы пейілмен қарай келді, бірақ Таңбалы бәрібір бұрынғысынша шотланд гвардиясы атқыштары ортасында жай қатардағы жауынгер дәрежесінде қала берді.


Квентин нағашысының мінез-құлқын әлі де жетік біліп үлгермегеніне қарамастан, күйеу баласының үй іші қырылып қалғаны туралы хабарды қынжылыссыз қабылдағанына қатты қайран болып, ішінен жақтырмай қалған-ды; сондай-ақ өзі қатты кіріптар болып жүргенде қаражат жағынан қарасу жанашыр жақынының тіпті ойына кіріп шықпағанына да таңданбай қалған жоқ. Пьер ағай қайырым жасамағанда бұл Леслиден көмек сұрауға амалсыз мәжбүр болатын еді. Алайда Квентиннің бұл арада нағашысының өзіне қамқорлық білдіре қоймауын, оның сараңдығы деп ұйғаруы, әрине, әділеттілік еместі. Таңбалы осы бір тұста қаражат жағынан тарыға қоймаған еді, сондықтан Квентин ақшасыз болар деген ой оның басына келмеген-ді; әйтпесе шарапатты туыс ретінде, қаза тапқан қарындасы мен күйеу баласының жаны о дүниеде бейішке баруына бағыштап дұға оқытуға қамқорлық жасағаны тәрізді ажал аузынан аман қалған жиеніне де қол ұшын берері хақ еді. Бірақ өзіне ілтипат көрсетілмеуінің төркінінде қандай себептер жатпасын, бұдан Дорвардқа жеңілдік бола қойған жоқ, сондықтан орманшымен егеспей тұрып Бургундия герцогының қол астына барып қызметке орналаспағанына ол сан рет өкініп жүрді. «Менің басыма қандай да бір ауыртпалық түспесін мейлі, — деп ойға шомды Дорвард, — қажет бола қалған жағдайда өзімнің сенімді досым — нағашым бар емес пе деген жұбаныш болар еді. Ал енді онымен дидарласқаннан кейін, осы бір жұбанышымнан да айырылып қалып отырмын; шешемнің туған ағасынан, өзімнің жерлесімнен және дворяннан көрмеген жақсылығымды ешқандай да туыстық қатынасы жоқ, қайдағы бір көпестен көрдім. Осы арада нағашымның бетіне тиген соққыдан түскен жарақат оның бойындағы асыл текті шотландқа тән қасиеттерді қанымен бірге ағызып әкетпеді ме деп ойлауға да болатындай».


Өзіне жұмбақ болып келген әлгі бір Пьер ағай жайында нағашысынан сұрап білудің орайы түсе қоймағанына Дорвард қатты өкінді; өйткені Таңбалы өзіне түрлі сауалдарды бастырмалатып қоя берді, ал Мартин әулиенің үлкен қоңырауы даңғыр қағып әңгімелерін күтпеген жерден бөліп жібергені соншалықты жас жігіт Пьер хақында сөз қозғаудың орайын ешбір келтіре алмаған еді.


«Сырт көзге ол шал дөрекі де қатал, ал тілі мірдің оғындай өткір де ащы көрінеді, бірақ ол мейірбан да жомарт, — деп түйді өз ойын Дорвард. — Қатыгез де қайырымсыз туыстан осы адамның өзі артық маған. «Жат болып кеткен туыстан, қайырымды жаттың өзі артық», дейді шотланд халқының мәтелі. Оны қайтсем де іздеп тауып аламын; мейманхана иесі айтқандай, шынымен-ақ дәулеті шалқыған атақты бай екені рас болса, онда оны тауып алуға қиынға соқпайды. Ең болмағанда ол маған ақылын айтып, жөн сілтер. Ал егер, көпес ретінде оған үнемі шетелдерді шарлауға тура келетін болса, маған соның қол астында қызметке неге орналаспасқа? Король Людовиктің қарауындағы кызметтен гөрі оның қарауында болғанда өзіңді таныта алатын шытырман істерге көбірек кезігуің ғажап емес».


Квентин осынау ойлардың жетегіне берілген шағында, кей кездерде жүрегімізді еркімізден тыс баурап алатын жұмбақ бір үн оған... кім білсін... бәлкім, мұнара тұрғыны, лютня мен шалманың иесі — сұлу бикештің өзі де оларға қосылып, өздерімен бірге қызықты саяхаттарға шығуға тілек білдіріп қалар деген тәтті арманды сыбырлап тұрғандай күй кешті.


Осы бір мезетте Дорвард сәнмен киінген, — сыңайларына қарағанда, сірә, Тур шаһарының ақсүйек тұрғындары болулары керек, — жол бойымен кетіп бара жатқан екі кісіні қуып жетіп, олармен ізеттілікпен сәлемдесті, сонан соң сыпайы түрде Пьер ағайдың үйін қалай тауып баруға болатынын сұрады.


— Қалай дедің? Іздеп келе жатқаның қай үй, достым? — деп қайталап сұрады одан бейтаныс екеудің бірі.


— Пьер ағайдың, сударь, жібекпен сауда-саттық жасайтын, сонау бір тұт бағын отырғызған кісінің үйін іздеп келемін, — деді Дорвард өз сұрағын қайталап.


— Тым ерте пысықсынып кеткен екенсің, достым! — деді оған таяу келе жатқан бейтаныс қатқыл дауыспен.


— Қалжыңың қандай дөрекі еді, — деді бейтаныстың екіншісі одан да қатқыл үнмен. — Турлық синдик қаңғыбас кірмелердің мұндай сөздерін кешірмек емес.


Өзінің шын ықыласты әрі сыпайы сұрағына бұл құрметті кісілердің шамданып қалғандарына қайран болғаны соншалық, Квентин олардың дөрекі жауаптарына тіпті зәредей де ренжіген жоқ. Сөйтіп бұдан мүмкін қадерінше қараларын тезірек үзуге асыққандай, арттарына қайта-қайта бұрылып қарап қойып аяқтарын тездете басып, ұзай түскен бейтаныс екеуге таңдана көз тастап үн-түнсіз тұра берді.


Сәлден кейін Дорвардқа шарап жасаушы бірнеше шаруа қарсы жолықты, енді ол жаңағы сауалын соларға қойды. Шаруалар одан өзіне керегі қай Пьер екендігін: мектеп мұғалімі болып істейтін Пьер ме, әлде шіркеу старостасы ма, яки ұста Пьер ме деп сұрастырумен болды; бұлардан басқа тағы да алты Пьерді атады, бірақ сипаттауларына қарағанда олардың біреуі де Дорвард іздеп жүрген Пьерге ұқсай қоймады. Бұған шаруалар ыза болды: оларға жас жігіт өздерін тәлкек етіп тұрғандай көрінді, сондықтан шаруалар оны боқтап-балағаттап, жұдырық жұмсамақ ойларын байқатты; бірақ, сірә, жолдастары құрметтейтін болулары керек, шаруалардың ішіндегі жас жағынан ересектеуі басқаларына басу айтып, тоқтатып тастады.


— Сөз саптасынан-ақ, әрі өрескел қалпағынан-ақ мұның кім екенін көріп тұрған жоқсыңдар ма? — деді шал. — Бұл қаңғып жүрген диуана, сиқыршы, әлде балгер... сияқты біреу шығар, бұлардың кім екенін қалай білерсің және де бізге қырсығы тиіп жүрмесіне қайсың кепіл бола аласын! Менің осы іспеттес бір алаяқ туралы естігенім бар еді: жүзімдігінен тойғанша жүзім жеуіне рұқсат ету үшін бишара шаруаға бір тиын қара бақыр ақы төлепті. Мұның ақыры немен тәмамдалды десеңдерші: ол бешпентінің бір түймесін де ағытпастан, бір арбаға тиеуге болатындай жүзімді жалмап қойыпты... Құрысын, қарасы өшсін, ол өз жөнімен, біз өз жөнімізбен тарқасайық — осылай еткеніміз абзал болмақ!.. Ал, бауырым, бір пәлеге ұшырағың келмесе, басың аманыңда табаныңды жалтырат, сөйтіп қайдағы бір Пьер ағаңмен басымызды қатырмағын, біз қайдан білеміз, бәлкім, Пьер деп жүргенің сайтан шығар!


Қарсыласуға шамасы келмейтініне көзі жетіп, Дорвард үн-түнсіз өз жөнімен кете беруді мақұл көрді. Әуелгі бетте сиқыршы болар деген күдікті ойдан үрейлері ұшып, бойларын аулақ салып, шегіншектей бастаған шаруалар аулағырақ шыққан соң жүректері орнына түскендей болып, оған бұрыла қарап тұрып балағат жаудыра бастады, аздан кейін тіпті айбат шегіп, тас лақтырып та жатты. Бірақ атқылаған тастары әлдеқайда берірек жерге түсіп, Дорвардқа зақым келтіре алған жоқ. Жолшыбай келе жатып, Квентин әлде қапелімде жын ұрып есімнен танып қалдым ба, әлде Тур шаһарының тұрғындары — бүкіл Франциядағы шектен асқан ақымақ, дөрекі әрі меймандостықтан жұрдай ел ме, деген ойға шома берді. Көп ұзамай өзі куә болған оқиға оның осы соңғы жорамалын растап та берді.


Ағысы қатты, табиғаты әсем Шер дариясының нақ жағалауында дерлік орналасқан дөңнің басында әсем шоғыр боп талшын ағаш жайқала өсіп тұрған. Осынау ағаштардың түбінде бір топ шаруа иіріліп тұр, олар өздерінің қасындағы талшын ағашының бұтақтары арасынан жоғарыдан қараңдап көрінген әлденеге мойындарын соза тесірейе қарап қалған. Жас адам әдетте ойланып жата ма әрі айнадай жалтырап тына қалған көл бетінде — кездейсоқ лақтырған ұсақ тастан шымырлап шыға келетін толқын тәрізді сәл ғана нышаны білінген жаңалықтың өзіне әуесқой келеді емес пе. Квентин жедел басып, дөң басына шыға келгенінде, әлгі аңырыса топталып тұрғандардың назарын аударған сұмдық бір көрініске көзі түсе кетті: ағаштың бұтағына асып қойған бір бейбақ жан тәсілім етер алдында тыпыршып, аласұрып жатыр екен.


— Уа халайық, мойнындағы жіпті қиып жібермей неғып тұрсыңдар? — деп айғай салды жас жігіт. Өзіне тіл тигізген кісімен жағаласа кетуге қалай әзір тұрса, жақын адамына қол ұшын беруге де солай әзір тұрып үйренген-тін.


Шаруалардың ішінен үрейі ұша қатты қорыққандықтан өңі аппақ шүберектей қуарып шыға келген біреуі ағаш қабығына ойылған лала гүлге ұқсас белгіні үнсіз нұсқап көрсетті. Әрине, әділіне көшсек, әншейін керте салған сызықшаның — өзіміздің кәдімгі алым-салық жинаушыларымызға ежелден сыры қанық, жақсы таныс — «жалпақ жебеге» қалай ұқсамайтыны сияқты мына белгі де лала гүлге аты болмаса, заты ұқсай қоймайтындай еді. Мұның бәрінен дәнеңе аңғара қоймай әрі әлгі белгіде шаруасы да болмастан, Дорвард ағаш басына ақ тиінше лып етіп шығып алды да, жалма-жан — тау халқының әрбір өкілінің және әрбір аңшы біткеннің ажырамас серігі — өзінің «қара пышағын» қынынан суырып ала-сала және де төмендегілерге денесін біреуің ұстай беріңдер деп айғайлап, жіпті лезде қиып та жіберді.


Бірақ оның адамға деген жанашырлығы жиылған жұртқа мүлде тосын әсер етті. Квентинге көмектеспек түгіл, шаруалардың оның батыл қимылынан қатты қорқып қалғаны соншалықты, өздерінің осы арадан табылуы кісі өлтіруге қатысқанын көрсететіндей, сөйтіп жауапқа тартылатындай, бәрі тым-тырақай қаша жөнелді. Ешкім демеп ұстай қоймаған дене жерге гүрс етіп құлады, ағаш басынан секіріп түскен Квентин әлгі адамның ақырғы демі үзіліп тынғанына көзі жетіп, қатты налыды. Соған қарамастан, Квентин оның есін жиғызбақ болып жанталасып бақты: бақытсыз бишараның мойнындағы қыл бұрауды шешіп тастады, көйлегінің түймелерін ағытып, бетіне су бүрікті, қысқасы, есінен танған адамға көрсетілетін көмектің бәрін де жасады.


Осы іске бар пейілімен кіріскен оған басқаның бәрі де ұмыт болды. Өзі түсіне қоймаған бір тілде шаң-шұң еткен дауысқа селт етіп, басын көтергенде ғана барып өзін жүріс-тұрыстары оғаш, әйел-еркектері аралас тосын бір адамдардың қаумалап қоршап алғанын бір-ақ білді, тіпті біреуі шап беріп білегінен ұстап алыпты. Нақ сол мезетте көз алдынан жарқ ете түскен пышақ та өзіне кезеліп тұрды.


— Өй, сүдінің құрғыр арамза неме! — деп айқайлады бір еркек шала-шарпы француз тілінде. — Түбіне жеткенің аздай-ақ, енді тонамақпысың! Бірақ өзің келіп қолға түстің, мінеки, енді көзіңе көк шыбын үймелетеміз!


Осы бір сөздер естілгенде тұс-тұстан жарқ-жұрқ еткен пышақтар көрінді, Дорвард жемтікке шүйілген аш бөрілерше өзіне төне түскен, зәр шашып, ашуға булыққан біреулердің ортасында тұрғанын көрді.


Бірақ ол зәредей де сасқан жоқ, сонысы аман қалуына себеп болды.


— Сабыр етіңдер, сабыр! Бостан-босқа шала бүлінбеңдер! — деді ол. — Асылы, мынау жатқан кісі өз адамдарың екені рас болса, онда оны асып қойған қыл арқанды осы қазір ғана өз қолыммен қиып босатып алған жоқпын ба, сондықтан бұның аман қалуына септік жасаған бейкүнә адам — маған шүйліккенше, амалын тауып, оның есін жиюға көмектескендерің әлдеқайда тиімдірек болар.


Айтса да, әйелдер жағы марқұмның сүйегін орталарына алып, әлгі бір мезетте Дорвард қолданған тәсілдерді жасап, оны тірілтіп алудың қамына кіріскен еді. Алайда өздерінің бұл әрекетінен дәнеңе де шықпасына көздері жеткен соң, шығыс елдерінің дәстүрі бойынша, дауыс көтеріп, жоқтау айтып, азап шегіп шаштарын жайып жіберіп, жұла бастады; ал ерлері үстіндегі көйлектерінің парша-паршасын шығарып жыртып, бастарына топырақ сеуіп жатты. Сөйтіп қаза тапқан адамына жоқтау айтып, аза шегумен болған олар Дорвардты жайына қалдырды, өйткені оның күнәсі жоқ екендігіне қиылған арқанды көріп көздері жеткен еді. Дорвардтың, әрине, іштегі шерлері тарқағанша аза тұтып, жылап-сықтаумен болған мына бейбақтарды жайына қалдырып, бұл арадан тайып отырғаны абзал болар еді, бірақ Дорвард бала кезінен қорқу дегенді білмей өскен-ді, оның үстіне әуесқойлығы да өршіп өзіне ырық бермей тұрды.


Осынау бір тосын адамдар, әйелдері де, ерлері де бастарына сол кезде күллі Франция жерінде киетін бас киімдерден мүлде бөлек, қайта Квентиннің бас киіміне ұқсастау үлгідегі тюрбан яки қалпақ киіп алған. Өңдері африкалықтар ұқсап қара майдай жылтырап тұр. Еркектерінің басым көпшілігі қара бұйра сақал қойған. Екеу-үшеуінің — сірә, басшылары болу керек, — бойларына орап алған шымқай қызыл, сарғыш және жасыл түсті шарфтары бар, ал құлақтары мен мойындарына күміс сырғалар мен алқалар таққан; бәрі де жалаң аяқ және киімдері алба-жұлба, әрі сауыс-сауыс кір. Дорвард әлгінде ғана өзіне анталаса кезеген ұзын пышақтың сыртында олардың бойынан басқа қаруды байқай қойған жоқ, жалғыз-ақ жүріс-тұрысы тез, өзгелерінен ерекше қатты қайғырумен болған әрі мұның шаққанда даусы өзгелерден айрықша қаттырақ шыққан бір жас жігіттің қолынан тұрқы қысқа қайқы қылышты көрді, бұл жігіт бұған түсініксіз тілде балдыр-бұлдыр айбат шегіп, осы қылышына қайта-қайта жармаса берген.


Құмырсқаның илеуіндей құжынап, аза тұтқан осынау халайық Дорвардқа бұрын-соңды жолықтырған адамдардан оғаштау көрінгені сондайлық, ел аузынан естіп, романдардан оқып білетін әрбір ізгі рыцарь мен христиан дініндегі әрбір мархабатты тақсырдың барып тұрған қас дұшпаны саналатын «опасыз иттер», қарғыс атқан сарациндер болар деп ойлап қалуға да бейім тұрды. Ол осынау бір қауіпті жандардан аман-есенінде құтылмақ болып ыңғайлана бергенінде, кенеу құлаққа қалың қол атты әскердің дүбірі шалынып, өзі сарациндер деп санаған, қаза тапқан серігін иықтарына салып көтеріп алып кетуге ыңғайланған тобыр француз солдаттарының шабуылына душар болды.


Оқыс басталып кеткен бұл жойқын шабуыл тобырдың астан-кестеңін шығарды: әлгіндегі өксік енді жан ұшыра үрейленген айғай-шуға ұласып кетті. Қас қағымда-ақ өліктің сүйегі өз жайына қалды да, қалың тобыр жан-жаққа шашырай қашты, өздеріне кезелген найзаның ұшынан аттардың бауырына тығылып бас сауғалады.


— Аямаңдар, пұтқа табынғыш ант атқырларды!.. Желкелерін үзіңдер, жарып өлтіріңдер, шауып тастаңдар! Мүрдем кетіріңдер, иттерді! — деген айбарлы үндер шаңқ-шұңқ естіліп жатты.


Бірақ босқындар лезде-ақ көзден ғайып болды, оның үстіне айнала жайқала өскен балғын ағаштардың, қалың жынысты бұталардың ішімен шапқылау атты әскерлерге оңайға түскен жоқ, сондықтан олар небәрі екі қашқынды ғана сұлатып, қолға түсіріп тынды. Тұтқынға алынғанның бірі қайқы қылышы бар жас жігіт болып шықты: ол қолға түсіп қалғанша ерлерше арпалысты. Соңғы кездері өзін қырсық шыр айналдырумен болған Квентин де тұтқындалды, жан дәрмен қарсылық білдіргеніне қарамай, аяқ-қолын лезде байлап тастады, ал солдаттардың ептілік пен шапшаңдық көрсеткені сондай, олардың бұл секілді іске әбден машықтанып алғаны ап-айқын көрініп тұрды.


Тікелей соның араласуымен босанып шығуға үміт артып, Квентин отряд бастығына мазасыздана қарады, сөйтіп, яки қуанарын, яки ренжірін білмей, оның Пьер ағайдың қасынан көрген қабағы түксиген әрі мылқау кісідей үндемес серігі екенін жазбай танып тұрды. Әрине, мына босқындарға қандай айып тақсын-тақпасын мейлі, таңертеңгі мезеттегі бұл оқиғадан, Дорвардтың оларға зәредей де қатысы жоқ кісі екендігін оның білмеуі тіпті мүмкін емес-ті, алайда осынау зұлым адамның оған келгенде әділ қазы әрі әділ куә боларына көз жеткізу қиын еді, сондықтан да тәуекел етіп, одан жәрдем беруін өтінген күнде, өзінің мүшкіл халінің оңға баса қоярына Дорвардтың сенімі болмады.


Оның үстіне ойланып-толғанатындай уақыт та болмай қалды.


— Уа, Птит-Андре мен Труазешель, — деді қабағынан қар жауғандай қаһарлы отряд бастығы, өзінің қол астындағы екі нөкеріне қарап, — мына бір ағаштар істеріңе лайықты екен. Қарғыс атқыр тайпаластарының біреуін жазаға тартқан әділетті король сотының үкіміне қарсылық білдірудің аяғы немен тынатындығын мына дінсіздерге, сиқыршыларға, қарақшыларға көрсетіңдер! Аттарыңнан түсіңдер, жігіттер, сөйтіңдер де тездетіп іске кірісіңдер.


Сол-ақ екен, Труазешель мен Птит-Андре апыл-ғұпыл іске кірісіп те кетті, сөйтіп Квентин бұл екеуінің де ерлерінің қасын мұқияттап орап тастаған буда-буда арқанды байқап қалды. Екі жендет те арқанды қолдары қолдарына жұқпастан тарқатып жатты, әр арқанның ұшында мойынға салатын ілгек жасалған. Әп-сәтте олар үш ілмекті әзір етіп? үлгерген мезетте, Дорвард денесі ұйып тұрғандай күй кешті, сөйтіп әлгі үш ілгектің біреуі өзіне арналғанын іштей сезіп тұрды. Осы бір сәтте ғана барып, ол отряд бастығына қарап, ышқына налып тіл қатты. Әуелі өздерінің бүгін таңертеңгілікте қалай жолыққандарын, достас-одақтас бұл елде ерікті шотландқа берілген праволар туралы оның есіне салып, сонан соң өзінің мына адамдарға ешқандай да қатысы жоқтығын былай қойғанда, тіпті бұларға қандай айып тағылып отырғаны жөнінде де мүлде бейхабар екендігін дәлелдеумен болды.


Бірақ өзі жүгінген адам оған көз қиығымен сыздана бір қарап өтті де, сөзін құлағына да ілгісі келмей, әлде әуесқойлықтары ұстап, әлде тұтқынға алынғандарға қарсы куәлік етуге тілек білдіріп әдейі жиналғаны белгісіз бір топ шаруаға қарай бұрылып, мына жас жігіт аналардың сыбайласы ма, жоқ па деген сұрақ қойды.


— Сыбайлас болғанда қандай, сіз, мырза, бостан-босқа назаланып тұрған жоқсыз. Жоғары мәртебелі тақсырымыздың әмірімен дарға асылған анау алаяқтың мойнындағы арқанды қиып жіберіп, босатып алған кісі нақ осы... Сіз, мырза, оны жазаға тартпақ болып, әбден дұрыс шешімге келіп тұрсыз! — деді шаруалардың бірі аптыға сөйлеп.


— Бұлардың қарақшылар тобы біздің ферманы тонауға келген жолы мен мына жігітті көргендігім жөнінде құдайдың атымен және Турлық Мартин әулиенің атымен ант етуге бармын, — деп қостай кетті екінші біреуі.


— Әке, сіз жаңсақ айтып тұрсыз! — деді жақынырақ тұрған бір бала. — Ол кәпір қара күйедей, қап-қара-тұғын, ал мынаның өңі аппақ қой; оның шашы бұйралығы болмаса тырбиған қысқа-тұғын, ал мынаның бұйраланған шашын қараңызшы, ақ сары әрі жалбыраған ұзын.


— Пәлі, балам-ай, сол да сөз болып па!  —деп шаруа райынан қайтпады. — Саған салсақ, оның үстіндегі күртесі жасыл сияқты еді, ал мынаның күртесі сұрғылт түсті деуден де тайынар емессің ғой өзің. Олар дегенің өң-түстерін, үстіндегі көйлектері тәрізді оп-оңай құбылтып сала беретіндігі шарапатты прево мырзамызға баяғыдан мәлім емес пе. Атама, атама, мынау нақ соның өзі!


— Сендер өз көздеріңмен көргендеріңдей, корольдің жарлығына қарсы шығып, өлім жазасына кесілген опасызды құтқарып алуға әрекет жасағанының өзі-ақ маған жетіп жатыр, — деді отряд бастығы. — Уа, Труазешель, әй, Птит-Андре, тездетіп іске кірісіңдер!


— Менің сөзіме құлағыңызды сала көргейсіз, бастық мырза! — деп жас жігіт жан ұшыра жар салды. — Бейкүнә адамды өлім жазасына кесуге жол бермегейсіз! Өз отандастарым мұны кешірмек емес, олар менің өлімім үшін осы дүниеде сізден кек алмай тынбайды, ал о дүниеге барғаныңызда бейкүнә адамның қанын төккеніңіз үшін тікелей құдайдың өз алдында жауапқа тартылатын боласыз!


— Өз қылығым үшін бұ дүниеде де, о дүниеде де жауап беруге әзірмін, — деп ызғарлы пішінмен жауап қатты прево, сөйтті де сол қолын сермеп қалып жендеттеріне белгі берді; сірә, ертеңгісін Дорвардтың соққысынан майып болса керек, таңып мойнына асып алған оң қолын кектене әрі насаттана күлімсіреп, сол қолының сұқ саусағымен нұқып қойды.


— Жауыз! Бәсе, маған өшігіп тұр екенсің ғой, сен нақұрыс, — деп салды Дорвард ызаланып; осынау қаталдықтың түпкі себебі өзіне өшіккендігінде жатқанын, ендігі жерде рақымшылық күтудің орны жоқ екендігін ұқты ол.


— Бишараның қорыққанынан есі шығып, сандырақтап тұрғанын қарашы, — деді отряд бастығы. — Труазешель, о дүниеге аттандырар алдында оған өсиет айтшы: діндар жоқ кезде, сен бұл міндетті жақсы атқарушы едің ғой. Арыздасып, қоштасып қалуына бір минут ерік бер оған, бірақ бір минут өтісімен сазайын тартқыз өзінің, естіп тұрсың ба? Мен төңіректі шолуға тағы да аттануым керек. Жігіттер, кәне, ілесіңдер соңымнан!


Ұлы прево өз отрядын бастап шаба жөнелді, ал жендеттердің қасына көмекке екі-үш солдатты ғана қалдырып кетті. Бақытсыздыққа душар болған жас өспірім аттанып бара жатқандардың соңынан телміре қарап тұрды, ат тұяқтарының дүбірі бірте-бірте ұзай түсіп, біржолата басылған шақта, оның кеудесіндегі ең соңғы үміт оты да сөне берді. Үрей құшағында тұрып жан-жағына көз жүгірткен ол осынау сұмдыққа қарамастан өзімен мұңдас серіктерінің міз бақпаған қайсарлығын көріп қайран болды. Әуелгіде үрейге беріліп, жендеттердің шеңгелінен босанып шықпаққа жанталасып баққандарымен, арқанмен таңып тастаған соң өлімнен қашып құтылмастарына көздері жетіп өз өлімдерін шімірікпей күтіп тұрған болатын. Ажал алдында тұрғандықтан ба екен, тотыққан жүздері сәл ғана бозара түсіпті, бірақ бет-әлпеттерінен үрейдің нышаны да аңғарыла қойған жоқ, көз жанарларында тәкаппар сезім оты лапылдайды. Олар тұтқыннан босанып шығу жолында өздерінің бүкіл айлакерлік амал-тәсілдерін тауысып болған соң мыңқ етпестен өлімге бастарын қия беретін қолға түскен түлкілерше тыныш ұстады өздерін, ал әдетте аңшылардың қас жауы аю да, қасқыр да бұлай ете алмайды.


Олар тіпті жендеттер ісіне кірісіп кеткен кезде де селт еткен жоқ, әділін айту керек, жендеттер өз бастығы берген әмірден де әлдеқайда жедеқабыл, ширақ қимылдап бақты; мұның сырын олардың жексұрын міндеттерін орындауға ләззат алып, рақаттана кірісетін әдеттерінен іздеу керек шығар.


Осы арада осынау бір жандардың кескін-кейіптерін суреттеп беру мақсатымен сәл де болса аялдай тұрмақпыз, өйткені қандай да зұлымдық пен жауыздық билік еткен кезде жендеттің жеке басы әмісе зор құрметке не болмақ.


Заң-жарлықты жүзеге асырушы осынау екі жендет өздерінің айла-тәсілдері, сондай-ақ, сыртқы пайымдары жағынан да бір біріне кереғар, қайшы жандар еді. Людовик олардың біреуін Демокрит, екіншісін Гераклит деп атап кетсе, ал өздерінің тікелей басшысы, ұлы прево біреуіне —«Жан-зарлауық», екіншісіне — «Жан-ызақор» деген айдар тағып, ат қойған еді.


Труазешель ұзын бойлы әрі қаншырдай қатқан, арық кісі еді; бәлсініп, өзін әлдеқалай маңғаз ұстап, паңдана қалуға жаны құмар-ды. Құдайға құлшылық етіп, сиынулары үшін уысына түсіп қалған қорғансыз бишараларға ұсынып әдеттенген таспиығын ешқашан мойнынан тастап көрген емес. Бұл тіршіліктің мағынасыздығы хақында латын тілінде жаттап алған екі-үш дұғасы әмәндә әзір-түғын, сондықтан да егер осы екі кәсіпті сабақтастыра жүргізу әбестік саналмаса, онда бұл өзінің жендеттік міндетін абақтыдағы діндардың міндетімен ұштастыра алар еді. Птит-Андре, бұған керісінше, бәкене, тығыншықтай семіз, өзіне жүктелген міндеттерін бүкіл әлемдегі ең бір көңіл ашар істей көріп орындауға дағдыланған, ақ жарқын да пысық кісі еді. Ол өзі тырнағына іліккен құрбандарына айрықша, ыстық ықылас білдіріп тұрған кісідей көрінуші еді де, олармен барынша жылы шыраймен сыпайы сөйлесуді әдетіне айналдырған-ды. Птит-Андре өз құрбандарын олардың жынысы мен жасына орай бірде «қадірлі достым», бірде «көгершінім», бірде «көне көз серігім», бірде «әкей» деп атаушы еді. Труазешель әдетте өлім жазасына кесілген бақытсыз бишараларды тағдырдың жазмышына налымай мойынсынуға, яғни өз өліміне философиялық һәм діни тұрғыдан қарауға баулыса, Птит-Андре өз құрбандарының рақаты мол о дүниеге қиналмай аттанулары үшін әрқашан да күлкілі әзілдермен көңілдендіруге тырысып бағатын-ды, сөйтіп олардың санасына бұл дүниедегі тіршілік — мағынасыз, мәнсіз һәм түкке де арзымайтын өмір дегенді ұқтырмақ болатын.


Неліктен бұлай екенін және мұнда қандай сыр барын ұғындыра алмаймын, бірақ әйтеуір осынау екі сабазды мұндай кәсіппен айналысатын адамдарда мейлінше сирек кездесетін талап-дарынының сан қырлы болып келуіне қарамастан, жұрттың бәрі өлердей жек керетін. Бұрын-соңды жан алғыштарға жұрт мұншалықты жиіркенішпен қарап көрген жоқ шығар; оларды білетіндердің бәрі де бұл екеуінің: асқақ та паң Труазешельдің яки жылпос та мылжың Птит-Андренің қайсысы жексұрынырақ әрі жауызырақ екенін айыра алмай-ақ қойған еді. Бұл жағынан алғанда екеуі де өз мырзалары әйгілі прево Дәруіш-Тристанды һәм оның мырзасы XI Людовикті есепке қоспағанда, күллі Франциядағы барлық басқа жендеттердің ішінде алдарына жан салмағандарында күмән жоқ.


Осынау қасіретті мезетте Квентин Дорвардтың бұл тақілеттес ойларға берілуіне мұрсаты келмегенін сөз етіп жатудың өзі артық. Өмір мен өлім, уақыт пен мәңгілік — оның көз алдынан кетпей қойған ой тізбектері, міне, осылар еді; ол біресе пендешілікке салынып, сұмдық тажалды ойлап, қалтырап кетсе, біресе осы осалдығына ашынып, қайраттана түседі. Ол тағы бірде бабалары сиынған құдайға іштей табынды, осы сәтте өзінен басқа бүкіл туыстары жерленген жартылай қирап қалған ежелгі шағын шіркеу көз алдына елестеді. «Қарғыс атқыр, ата жауларымыз қанша дегенмен туыстарымның туған жерлерінде жерленуіне мұрсат берді; мен, мінеки, бағзы бір талақ етілген жандай, жат елде қарға-құзғынға жем болмақшымын!» Оның көзінен еріксіз жас парлап кетті. Труазешель иығынан жайлап қана түртіп қалды да, оның тағдыр жазмышына қарсылық етпегенін насаттана құптады. Бұдан соң даусын мақамдап: «Құдай үшін қи бәрін, кәміл болар иманың!» — деп дұға оқыған болды, азалы адамның кеудесінен ұшып шыққан жан иманды, деп пысықтай түсті.


Птит-Андре Квентиннің екінші иығына жабыса беріп:


— Берік бол, балам! Маңдайыңа би билеу жазылған екен — қолдан келер басқа шара жоқ, жақсырақ билеуің керек. Айтпақшы, скрипканың құлағы да бұралып, бабында тұр, — деді. Сосын әзілін одан бетер әрлендіре түспек оймен қолындағы арқанды бұлғап-бұлғап қойды.


Жас жігіт көздері қарауытып, біресе жендеттің біреуіне, біресе екіншісіне телмірді. Айтқан сөздері Квентнннің құлағына жетпей жатқанын аңғарған екі сабаз еңсесі түспеуі керегін, өйткені қас қағымда саудасы бітпегін айтып, оны асатын ағаштың түбіне қарай итермелей берді.


Осынау бір қасіретті мезетте бишара жігіт тағы да айналасына сасқалақтай көз тігіп:


— Қапелімде осы маңнан бір қайырымды христиан табыла қалса, Леслиге, шотланд гвардиясының атқышына жиені қаскүнемдердің қолынан қаза тапқанын айта барсын! — деді.


Бұл сөздер дер кезінде айтылған еді, өйткені осы бір шақта, дарға асылғандарды көрмек болып, осы жерге басқаларға ілесе шотланд гвардиясының бір атқышы да келіп тұрған еді.


— Уа, естіп тұрсыңдар ма, — деп жар салды ол жендеттерге қарап. — Мынау жас өспірім шынымен-ақ шотланд болып шықса, оны мен дарға асқызып қоймаймын.


— Құдай сақтасын, рыцарь мырза. Бірақ біз өзімізге берілген жарлықты екі ете алмаймыз, — деп жауап қатты Труазешель, сөйтті де Дорвардты қолынан ұстап, сүйрелей жөнелді.


— Тезірек жетсін жаннатқа, алды-артына қаратпа, — деп қостай кетті Птит-Андре. Сөйтті де өзі Квентиннің екінші қолына жабысты.


Бірақ өзін арқаландырып жіберген әлгі сөзден қуат алғандай бар күшін сала жұлқынып қалған Квентин король жарлығын орындаушылардың уысынан босанып шығып, лезде шотланд атқышының қасына келіп тұра қалды.


— Құтқара гөр мені, жерлесім! — деді ол шотланд тілінде ашына сөйлеп, таңулы қолын соған қарай созып. — Шотландияның һәм Андрей әулиенің атын атап, өзіне бас ұрамын. Маған араша түскін! Менің ешқандай да айыбым жоқ. О дүниеде жаның жаннат тапсын десең, маған қол ұшын бер!


— Менің өлігімді аттап өтпей, сені қолдарына түсіре алмасына Андрей әулиенің атымен ант етемін! — деді атқыш, семсерін қынынан суырып алып.


— Қолымды байлаған арқанды қи жерлес, — деді Дорвард даусы саңқ етіп, — өзім де оларға өліспей, берісе қоймаспын!


Анау семсерін бір сермеп қалуы-ақ мұң екен — тұтқын лезде босанып шыға келді. Бастықтары жендеттерге көмекке қалдырып кеткен бір солдатқа оқыстан тарпа бас салып, қолындағы айбалтасын жұлып алған Квентин саңқ етіп:


— Батыр болсаңдар, кәне, шығыңдар бері !— деді.


Жендеттер бір-бірімен сыбырласып жатты.


— Тездетіп прево мырзаға жеткін, — деді Труазешель, — ал мен оларды осы жерден аттатпауға тырысып бағайын... Ей, күзетшілер қаруларыңды сайлаңдар!


Птит-Андре атына қонды да, шаба жөнелді, ал күзетшілер Труазешельдің жарлығын орындауға асыққандары соншалықты, қарбалас үстінде, әлгі екі тұтқыннан да айырылып қалысты. Бәлкім, оларды ұстап тұруға солдаттардың құлқы соға қоймаған да болулары керек, өйткені құрбандарын қанға бөктіруден әбден ығыр болып біткен-ді: қайсыбірде тіпті жабайы, жыртқыш аңдардың да жемтіктерін өлтіруден жалығатын кездері болып тұрады. Бірақ олар өміріне қауіп төнген Труазешельге көмекке келуге асығып жүріп, тұтқындардан айырылып қалдық десіп ақталумен болды. Өйткені шотланд атқыштары мен отряд бастығының күзетшілері арасында баяғыдан бері-ақ, ашық жанжалдар мен қақтығысуларға жиі әкеліп соға беретін өшпенділік бар-ды.


— Көңіліңіз қош көрсе, мына астамсынған шотландтарды тас-талқан етуге жетерлік күш бар бізде, — деді солдаттардың бірі Труазешельге.


Бірақ алды-артын бағып үйренген жендет әлгі солдатты ыммен тоқтатып тастады да, шотланд атқышына қарап, сыпайы түрде:


— Корольдің өзі тікелей жүктеген жарлықты орындауда оның ішкі ісіне араласып әрі корольдің әділ сот үкімін жоққа шығара отырып, отряд бастығы мырзаның намысына тиетініңізді мырза, сіз, білесіз бе? Қарамағыма қылмыскер заңның күшімен беріліп отырған маған жасаған қиянатыңызды сөз етіп те тұрған жоқпын. Нақ осылай сіз мына жас жігіттің өзіне де пәлендей үлкен жақсылық істей қойған жоқсыз, өйткені өз өмірінде, сірә, оған алдағы уақытта елу мәрте дарға асылуына тура келсе, сіздің ойланбастан әрекет жасап араласуыңызға дейінгі мезетте оны өлімге нақ қазіргідей мінсіз әзірлеуге енді ешқашан сәті түспеуі ықтимал.


— Егер, отандасым сіздің осы пікіріңізді қостайтын болса, онда бір сөзге де келместен, оны қарамағыңызға тапсыруға өз басым әзірмін, — деп жауап қатты атқыш жымия күліп.


— Атай көрмеңіз, құдай ақы, оның сөзін құлағыңызға ілмеңіз! — деді Квентин абыржып. — Одан да семсеріңізбен басымды кесіп тастаңыз! Мына жексұрынның қолынан өлгенше, сіздің қолыңыздан қаза табуға дайынмын.


— Естідіңіз бе, оның қалай тіл тигізіп тұрғанын? — деді жарлықты орындаушы. — Пай-пай-пай десеңізші, адамның табиғаты қалай аумалы-төкпелі еді бұл! Не бары осыдан бір минуттай уақыт бұрын ғана оның жаны қыл үстінде тұр еді, ал енді, қараңызшы, мінеки, тіпті өкімет билігін де мойындағысы жоқ!


— Бұл жасөспірімнің не айыбы бар еді сонша, күпті қыла бермей соныңызды айтсаңызшы? — деді атқыш.


— Ол заңды аяққа басудан да тайынбады...— деп бастады сөзін салтанатпен Труазешель, — әдейі өз қолыммен лала гүлдің суретін ойып, таңбалап қойғаныма да қарамастан, сонау ағашқа асып қойған қылмыскердің мойнындағы арқанды қиып жіберіп, оны босатып алудан да тайынған жоқ!


— Мына сөз шын ба, жігітім? — деп тіксіне қарады атқыш Дорвардқа. — Бұл қылмысқа сенің батылың қалай барған?


— Менің тағдырым енді, не істеймін десеңіз де, өз қолыңызда, — деді Дорвард именбей сөйлеп, — сондықтан құдай алдында тұрғанымдай, өзіңізге шын сырымды айтайын. Бұтаққа асып қойылған, жаны қатты қиналып аласұрумен болған адамды көзім шалысымен, бишараны аяп кетіп мойнындағы арқанды дереу қиып жібергенім рас еді! Қысыл-таяң сол бір сәтте лала гүліне де, левкойға да көңіл бөліп жатпадым, сондай-ақ француз королін де, әулиелердің әулиесі папаны да зәбірлей қояйын деген ойым болған жоқ.


— Өлген адамның сүйегіне тиісіп қандай жын соқты сонша?! — деді атқыш. — Мына ғибратты рыцарь прево аяғы тиген жерінде, өзі жүріп өткен жолында адамдарды асып кете барады: дарға асылғандар бұл арада жүзімдіктегі шоқ-жемістей, әр ағаштың басынан ұшырасады, сондықтан соңынан ілесе жүріп оның өсірген өнімдерін жинап алуға бел бусаң, онда басыңа мәңгі таусылмас жұмыс тілеп алар едің. Жә, мақұл ендеше, мен қайткенде де шама-шарқым жеткенше, саған қол ұшын беруге тырысып бағайын... Жарлықты орындаушы мырза, бері қараңызшы, жас өспірімнің бұл әрекетті әдейі істемегенін өзіңіз де көріп тұрған жоқсыз ба. Мұндай бұғанасы қата қоймаған балаға, оның үстіне шетелдік азаматқа кеңшілік жасаған мақұл. Сіздің еліңізде отряд бастығы жүзеге асырып әдеттенген — адамды қас-қағымның ішінде жазалау дегенді жас өспірім өз елінде естіп-көрген емес.


— Бұл сөзіңізден еліңізде бұндай қатал жазаны қолданбайды екен деп ұғуға болмайды, — деді осы бір сәтте қайта оралып келіп үлгерген Птит-Андре. — Труазешель шегінуші болмағын... Қазір осы араға прево мырзаның өзі де келіп қалуға тиіс, өстіп біз өзі бастаған істі аяқтамай тастауға оның көнерін яки көнбесін көре жатармыз әлі.


— Келсе, тіптен жақсы, — деп жауап қатты атқыш. — Әнеки, менің де бірер серіктерім төбе көрсете бастады.


Шынында да, Дәруіш Тристан отрядын ертіп жақын маңдағы төбенің басынан енді көріне бергенінде, екінші бір тұстан сол төбеге Таңбалы Людовиктің өзі бастаған бес шотланд атқышы желе шоқытып жақындап келе жатты.


Лесли бұл жолы жиеніне осының алдында ғана Дорвард одан көңілі қалғандай сүлесоқ қарай қойған жоқ. Анталай қоршап алған солдаттардың ортасында тұрған серігі мен жиеніне көзі түсіп кетісімен-ақ, төңіректі жаңғырта жар салды:


— Рақмет, саған Каннингем!.. Жігіттер, жолдастар, аянып қалмаңдар! Анау жасөспірім — шотланд дворяны, әрі маған жиен болып келеді... Линдсей, Гутри, Тайри, семсерлеріңді суырыңдар қындарынан, алға тартыңдар!


Екі жақтың арасында кескілескен ұрыс басталып кетуі ғажап емес еді және де, атқыштар құрамы едәуір шағын болғанына қарамастан, қай жақтың басым түсері беймәлім еді, өйткені шотландтар жақсы қаруланып шыққан-ды. Бірақ осы бір тұста ұлы прево — айқастың немен тынарына күдіктенді ме, әлде корольді ашуландырып алармын деп қорықты ма — солдаттарына орындарыңнан тапжылмаңдар дегендей ишарат білдірді де, шағын отрядының алдында тұрған Таңбалыға қарап, король гвардиясының атқышы бола тұрып, король шығарған үкімді орындауға неге бұлай бөгет жасауға ұйғарғанын сұрады.


— Сіздің таңып отырған айыбыңыз — бастан-аяқ жала, бұған мен Мартин әулиенің атымен ант ете аламын! — деп зіркіл қақты Лесли зығырданы қайнап. — Әлде қылмыскерді дарға асу мен менің жиенімді өлтірудің арасында қандай да бір ортақ сипат бар ма?


— Басқа кез келген адам сияқты жиеніңіздің де қылмыскер болмасына ешкім кепілдік бере алмайды, — деп жауап қатты прево, — және әрбір шетелдік азаматты Францияда француздық заң жолымен соттайды.


— Болса болар, бірақ мына біздерге, шотланд атқыштарына артықша праволар берілмеп пе еді, — деп дау айтты Таңбалы.— Рас емес пе, жолдастар?


— Рас, рас! — деген дауыстар естіліп жатты. — Бізге артық праволар берілген! Людовик король жасасын! Қаһарман Лесли жасасын! Шотланд гвардиясы жасасын! Біздің артық праволарымызға қол сұғушыларға өлім келсін!


— Қызбаланбаңдар, мырзалар, — деді прево. — Маған берілген өкілдік туралы да ұмытпаңыздар!


— Бізді үйрететін сіз емессіз! — деп саңқ етті Каннингем, — Үйрету керек болса, бұған өз бастығымыз бар, ал бізді корольдің өзі ғана және ұлы коннетабль жоқ кезде капитанымыз ғана айыптай алады.


— Ал бізді Сэнди Уилсон қарт — шотланд атқыштарының өз жендеті ғана дарға аса алады, — деп қостады Линдсей. — Сондықтан оның құқын басқа біреу пайдаланып кетсе — бұл дарға асылатын қылмыскердің мойнына бұрын-соңды арқан салатын жендеттердің ішіндегі ең адалы Сэндиді қорлау болып табылар еді.


— Басқаларды қайдам, қапелімде дарға асылуға тиісті болсам, мойныма арқанды одан бөтен бір адамға салдырмас едім, — деп тұжырды сөзін Лесли.


— Япыр-ау, сендер сөзге құлақ салсаңдаршы өздерің! Мына балғын азамат атқыштар құрамына қосылмаған адам, сондықтан өздерің айтып тұрған артықшылықтарды пайдалануға оның хұқы жоқ, — деді прево.


— Өзіміз сөз етіп жатқан артықшылық атаулыны жұрттың бәрі де мойындауға тиісті! — деп жар салды Каннингем.


— Біз бұл жөніне келгенде ешқандай да талас пікірге жол бермейміз! — деп айғайға басты атқыштар бір кісідей.


— Сіздер осы естеріңізден адасып тұрған боларсыздар, сірә, — деді Дәруіш Тристан. — Өздеріңізге берілген артықшылықтар жайында дауласып тұрған ешкім де жоқ. Бірақ мына бозбаланың атқыштарға түк те қатысы жоқ қой...


— Ол менің жиенім! — деді Таңбалы мактан еткен раймен.


— Жиеніңіз болса болар, бірақ гвардия атқышы емес екені рас қой! — деп кесіп тастады оның сөзін Тристан.


Атқыштар ыңғайсызданып, бір-біріне қарасты.


— Беріспегін, жолдас — деп сыбырлады, Каннингем Таңбалының құлағына. — Ол біздің отрядқа шақыртылып отыр, дегін.


— Мартин әулиенің атымен ант етейін, бұл табылған ақыл болды! Саған рақмет, жерлесім, — деп жауап қатты Лесли де сыбырлай сөйлеп, сөйтті де ол жиенін өз тобына бүгін ғана жаздырып қойғанын айтып даусын қатайта сөйлеп ант етті.


Осынау мәлімдеме істің түбірінен өзгеруіне себепші болды.


— Мақұл солай-ақ болсын, мырзалар, — деді Людовиктің гвардиясындағы сәл наразылықтың өзіне де қатты алаң болатындығын жақсы білетін Дәруіш Тристан. — Өздеріңізге берілген артықшылықтарды жақсы білеміз деп тұрсыздар ғой, сондықтан мен король гвардиясымен қисынсыз тәжікелесуге жол бермеу керек деп ұғамын, менің парызымның өзі де осы. Ал, бірақ, болған оқиға туралы мен аса мәртебелі тақсырға мағлұм етемін. Осындай кеңшілік жасау арқылы парызымды орындамай, сіздерге мейірімділік көрсетіп тұрғанымды ескертуіме рұқсат етіңіздер.


Осыны айта салысымен прево бөгелместен отрядын ертіп шаба жөнелді, ал атқыштар болса, енді қандай амал жасау керек болатындығын шұғыл түрде ақылдасып алу үшін орындарынан қозғалған жоқ.


— Ең алдымен болған оқиға жайында бастығымыз — лорд Кроуфордқа баяндап беруіміз және жас өспірімді тездетіп отряд тізіміне жазып қоюымыз керек.


— Бірақ сөзіме құлақ салыңыздаршы, мырзалар, менің ардақты достарым, қорғаушыларым, — деді Квентин жүрексіне тіл қатып, — король гвардиясы қатарына жазыларымды яки одан бас тартарымды мен әлі шешкен жоқпын ғой.


— Олай болса, бауырым, мейлің, дарға асылуға риза екендігіңді яки одан құтылғың келетіндігін біржолата шешетін болғын, — деді нағашысы ашуға булығып, — өйткені саған күн ілгері ескертейін: жиенім бола тұрсаң да, сені дарға асудан құтқарудың басқа амалын мүлде көре алмай тұрмын!


Ақиқат дәлелге қарсылық білдірудің реті қалмаған-ды, сондықтан Квентин ұсынысты амалсыз қабылдауға мәжбүр болды, ал бұдан басқа жағдайда оның бұған көне қоюы екіталай-тұғын. Бірақ мойнына салынған, дарға асатын арқаннан әлгінде ғана құтылып шықты емес пе, ал өйтпегенде өзі душар болғалы тұрған жағдайдан әлдеқайда қасіретті күйге мойын ұсынбасқа лажы қалмап еді ғой.


— Ол табанда бізге ілесіп казармаға жетуі керек, — деді Каннингем, — өйткені Тристанның жағалай тіміскілеумен айналысқан итаршыларының шеңгелінен құтылудың бірден-бір жолы әзірге осы ғана.


— Нағашы, өзім түскен мейманханама барып, ең құрыса бүгінше сонда түней алмас па екенмін? — деді жас өспірім, әскер қатарына жаңадан алынған әрбір жігіттің ең болмағанда соңғы түнді өз қалауынша бостандық жағдайда өткізуге тырысып бағатын әдетіне басып.


— Неге болмасын, жиен, — деп жауап қатты Людовик Лесли мысқылдай күліп. — Қапелімде малтуына қолайлырақ болу үшін аузын тіккен қапқа салып ағызып жіберген денеңді ордың ішінен, көлден яки Луара өзенінің бір сағасынан іздеп тауып алсын десең, өйтуіңе әбден болады. Ал бұл іс осымен тәмамдалар сыңайы бар, сірә... Әлгінде біздің қасымыздан аттанып бара жатқанда, превоның күлімсіреуі тегін болмас, түге, — деді ол сөзін сабақтай түсіп, Каннингемге қарап. — Мұның өзі жақсы ырым емес — оның ойына түйген бір жұмбақ сыры бар.


— Қараң қалсын! — деді Каннингем. — Оның құрған торына түсе қоятындай, ұсақ-түйек құс біз емеспіз. Алайда өзіңе әлгі сайтан Оливьемен бүгіннен қалмай сөйлесіп қой деген ақыл айтар едім, қалай десек те ол бізге әрқашан да дос пейіл кісі ғой. Айтқандайын, преводан гөрі корольге ол бұрынырақ жолығады емес пе, өйткені ертең корольдің сақал-мұртын қыратын күні оның.


— Солайы солай ғой, — деді Таңбалы,— бірақ Оливьеге құр қол бара алмайсың, ал қырсық қылғанда нақ қазір менің жерге қарап қалған жайым бар.


— Бәріміз де сөйтіп қалдық қой, — деді Каннингем. — Бірақ Оливье біздің өзін риза ететінімізге бір жолға қалай иланбас екен? Жалақымыз қолымызға тиген күні бәріміз ақша жинап алып барамыз деп уағда етейік. Сіз ол жағынан шүбәланбауыңызға болады, қапелімде Оливье бұған ден қойып, көніп жатса, онда біздің жалақымызды ол көп күте қоймас.


— Ал, ендігі бағытымыз қамал-сарай болсын! — деді Таңбалы. — Жол-жөнекей жиенім мойнына превоның арқаны қалай түсіп қалғанын асықпай айтып берсін, өйткені Кроуфорд пен Оливьеге не дейтінімізді анықтап, біліп алайық.


VII ТАРАУ


КОРОЛЬ ГВАРДИЯСЫНЫҢ АТҚЫШЫ



Сот
Уставты оқы. Бер осыған антыңды,
Қолыңды қой, шығар сөйтіп даңқыңды
Саған сыйлық тартылады бұл үшін,
Ерлігіңе әрі батыл, әрі адал,
Алты пенс, қару-жарақ, тамақ ал.


«Әскер қатарына адам тартатын офицер»



Малайлардың біреуіне жаяу жүруге әмір етілді де, енді соның атына мінген Квентин Дорвард бүгін таңертең өзін ерекше қатты түңілдірген, сондықтан өз еркіне салса маңайынан да жүргісі жоқ сұрықсыз бекіністің түпкілікті тұрғыны болуға амалсыз мойын ұсынып, жауынгер отандастарына ілесе Плесси қамал-сарайына қарай cap желіспен кете барды.


Жол-жөнекей Квентин нағашысының өзіне қойған сауалдарына орай өзін сұмдық ауыр тажалға душар ете жаздаған, таңертеңгісін басынан кешкен оқиғалар туралы егжей-тегжейіне шейін тәптіштеп айтып берді, кісі күлерлік дәнеңе жоқтай көріне тұрса да, мұның әңгімесін отандастары жапа-тармағай қарқылдай күлумен тыңдасты.


— Қалай болғанмен де бұл істің аяғы насырға шабатын түрі бар, — деп қалды нағашысы. — Япырай-ай десеңші, өліктің, өлік болғанда барып тұрған қарғыс атқан дінсіздің сүйегіне жолап не жыны бар еді бұл ақылсыз баланың!


— Соны айтсаңшы. Егер превоның адамдарымен біздің Майкл Моффэт секілді сұлу келіншекке таласып қалса бір жөн — онда оның бұл қылығын түсінуге болар еді, — деді Каннингем.


— Ал, меніңше, бұл арада әңгіме біздің намысымызға қатысты мәселеге тіреліп тұр, — деді Линдсей. — Әлгі жексұрын Тристан өзінің баукеспелерімен қоса арам қатса етті! Өзіміздің шотланд қалпағын қайдағы бір қаңғыбастар мен қарақшылардың сәлде-пәлдесінен айыра алмастай оларға не көрініпті соншама! Олардың мұнысы біздің намысымызды қорлау. Егер ақ пен қараны айыра алмай қалғандары рас болса, онда көздеріне біткен шелді сылып тастай аламыз. Бірақ Тристанның кімді ұстағанын білмей қалғансуы жалған, бұған менің шүбәм жоқ, мұнысы оның осындағы туысына жолықпақшы болып келген адал шотландтарды ұстап алып жазалай берудің сылтауы ғана.


— Нағашы, қазір сөз еткен әлгі бір адамдардың неғылған жандар екенін өзіңізден анықтап білуіме бола ма? — деп сұрады Квентин.


— Әлбетте, білуіңе болады, жиен, — деп жауап қатты нағашысы, — бірақ сенің бұл сұрағына жауап бере алатын кісі табыла қояр ма екен. Мәселен, олар хақында білетінім басқалардан кем соға қоймаса да, өз басым сенің сауалыңа жауап бере алман. Олар бұл өңірде... жаңылмасам, осыдан бір-екі жыл бұрын ғана пайда болды да, шегірткедей қаптап кетті.


— Рас, — деді Линдсей, — оның үстіне біздің ашықауыз Жак та (мұжықтарды осылай деп атаймыз, жас жігіт, ұзамай-ақ өзің де біздің тілімізге көшетін боласың, әлі).. ашықауыз Жак осы шегірткелерді бұл араға қандай желдің айдап әкелгеніне жете ден қоймайды және олардың қашан қоныс аударарымен де жұмысы жоқ.


— Олардың сондайлық залалы көп пе? — деп сұрады жас жігіт.


— Мәссаған, безгелдек! — деді Каннингем. — Олар деген пұтқа табынушылар емес пе, балақайым-ау. Әлде сарациндер ме, әлде Мұхамбет үмбетіндегілер ме... Олардың бибі Мариямен де, әулиелермен де ісі жоқ (осы тұста ол шоқынып алды), қолына ілінгенін жымқырып әкете барады, мұнысы аздай-ақ, дуалайды, бал ашады.


— Әйтсе де, олардың арасынан не бір келіскен сұлу әйелдерді кездестіруге болады деседі ғой, — деп өз ойын қыстыра қойды Гутри. — Айтпақшы, бұл жағын Каннингемнен артық білетін жан жоқ.


— Не дейсің? Не деп оттап тұрсың сен осы? — деп Каннингем күйіп-пісті. — Әлде мені жәбірлемек ойың бар ма еді?


— Жәбірленетіндей ештеңе айтқан жоқпын, — деп жауап қатты Гутри.


— Бізге серіктеріміз әділ қазы болсын, — деді Каннингем. — Құлақ салыңдаршы сөзіме, шотланд дворяны, өзіміздің қасиетті шіркеуге сиынушы бола тұра мен әлгі пұтқа табынушы шіріктердің әйелдерімен әуейі болады деп тұр емес пе мынау?


— Жетті, жетті, жай әзіл ғой бұл, — деді Таңбалы. — Жора-жолдас кісілер біріне-бірі кек сақтай ма екен!


— Бұдан былай, ондай тұрпайы әзілін тоқтататын болсын! — деді Каннингем міңгірлей сөйлеп.


— Осынау қаңғыбастар Франциядан басқа бір жерлерде де кездесе ме екен өздері? — деген сауал қойды Линдсей.


— Кездескенде қандай. Германияда, Испания мен Англияда олар тобыр-тобыр боп, жосып жүреді, — деп жауап қатты Таңбалы. — Андрей әулиенің аруағынан айналайын, жалғыз-ақ Шотландия топырағын ғана олардың аяғы басқан емес.


— Шотландияның сақылдаған сары аязына шегіртке қайдан шыдасын һәм ұры-қары жайлайтын байлығы да жоқ, — деді Каннингем.


— Бәлкім, біздің таулықтар өз ұрыларынан өзгелерді ұнатпайтындықтан солай шығар, — деп қыстырыла кетті Гутри.


— Ей, сен өзің, — деді Таңбалы, — менің таульт Ангюста туғанымды және де күллі Глен алқабындағы таулықтар текті туыстарым екенін ұмытпағын! Мен тау жұртына тіл тигізушілерді ұнатпаймын!


— Бірақ та таулықтардың барымташыл келетінін өзің де жоққа шығара қоймассың, — деді Гутри.


— Бір отар қойды айдап әкетсе — ол ешқандай барымта емес, — деді Таңбалы қасарып. — Мен бұған кез келген жерде бәстесе аламын!


— Ұяттарың қайда кеткен, достар! — деді Каннингем. — Дәп қазір шекісетін кез бе? Ортамызға жаңадан келіп қосылған мына жас жігітке берер өнегеміз осы ма?.. Міне, қамал-сарайға да келіп қалдық... Достығымызды құрыштай берік ету мақсатымен бір кеспек шарап алдыртпақпын, егер бүгін өздерің менің қонағым болуға ризалық берсеңдер, онда біз — тауы да, жазығы да жеткілікті Шотландияның құрметіне шарап ішетін боламыз.


— Келісеміз, келісеміз! — деп айқайлап жіберді Таңбалы. — Өзара қарым-қатынасымызда жарықшақ қалдырмау және жиенімнің біздің жасақтың сапына келіп қосылу құрметін атап өту мақсатымен мен де бір кеспек шарап сыйлаймын өздеріңе!


Олар сау етіп қамал-сарайға келіп жетісімен-ақ, темір тор лезде жоғары көтеріліп, көпір түсіріліп те үлгерді, сөйтіп атқыштар бір-бірлеп қақпадан ішке өте берді. Бірақ кезек Квентинге жеткен сәтте, сақшылар оның қарсы алдынан найзаларын айқастырып қалт тұра қалысты да, оған орныңнан тапжылма деп әмір етісті. Нақ сол бір мезетте қамал қабырғаларының тұс-тұсынан самсаған мушкетондар мен садақтар оны нысанаға алып та үлгерді. Қақпа алдындағы әскери күзетті тағайындайтын гарнизонный өз атқыштары ертіп келсе де бәрібір шетелдік көрінсе-ақ болғаны осы бір сақтық амалы мүлтіксіз орындалатын еді.


Осыны сезіп, жиенін қасынан әдейі қалдырмауға тырысқан Таңбалы Людовик тиісті түсініктерді өзі берді, сөйтіп ақыр соңында, ұзақ уақытқа созылған келіссөздерден кейін ғана барып, Дорвардты ішке қарай өткізді, бірақ күшейтілген күзет оны алдарына салып, лорд Кроуфорд тұратын үйге айдап апарды.


Осы бір шотланд дворяны — VI Карлдың қан төгіс соғыстарын жүргізуге ұзақ уақыт бойы, әрі адал көмек еткен, француз тағының тәуелсіздігін қорғап қалған, сөйтіп ағылшындарды Франция жерінен тысқары қуып шыққан шотланд лордтары мен рыцарьларының айбынды жасағынан көзі тірі қалған соңғы сабаз еді. Тіпті сонау бозбала шағында Жанна д'Арктың туы астында соғысқа қатысқан ол Францияның ұлттық бейнесі көгілдір түсті лала гүлі жолында өздерінің ежелгі бітіспес ата жауы — Англияға қарсы күресте айрықша күшті құлшыныспен қылыштасқан шотланд рыцарьларының ең соңғы дерлік өтуі болды. Шотландияда болып өткен өзгерістер, бәлкім, тіпті француз тұрмысы мен әдет-ғұрпына ұзақ уақыт бойы етене бауыр басып кетуі байырғы лордтың туған отанына қайтып оралу туралы ойынан біржолата, үзілді-кесілді арылуына әкеп соққан шығар, мұның бер жағында, Людовиктің сарайында жоғары дәрежедегі қызмет атқара жүріп, оның ашық та адал болғаны соншалық, жалпы адам бойындағы ізгілік пен абырой-намыс дегенді жоққа сайған, әрі бұған көбіне-көп илана бермейтін король оған шексіз зор ілтипатпен қарап, лорд Кроуфордқа қалтқысыз сенім көрсетті және де оның ырқына көніп, айтқанын екі етпеуге әрқашан әзір тұрды, өйткені Кроуфорд өзінің тікелей міндетінен тысқары ешқандай іске ешқашан араласпаушы еді.


Таңбалы Людовик пен Каннингем Дорвардты алдына салып айдаған күзеттің соңынан ілесе өз бастықтары орналасқан үйдің ішіне келіп кірді. Қарттың жылы жүзі және ешбір жанды сыйламастай көрінген, паң мінезді шотландтардың оның алдында бәйек болуы жас жігітке қатты әсер етті.


Лорд Кроуфорд сұңғақ бойлы, сергек, арықша келген, жастық шақтағыдай балғындығы байқалмағанымен, қайратынан әлі қайтпаған қарт кісі еді; қарауындағы ең жас солдатша оның өзі де кез келген жорық пен қару-жарақ ауыртпалығына зәредей де мойымай төтеп бере алар еді. Оның сұсты да тотыққан жүзі айқұш-ұйқыш тыртықтан көрінбейді, ал отыздан астам қан төгіс ұрыстардың үстінде өлімге қаймықпай қараған көз жанарынан жойқын ерліктен гөрі, қауіп-қатер атаулыға тайсалмай тіке қарайтын салқынқандылықтың табы көбірек аңғарылып тұрды. Сол бір мезетте ол үстіне етек-жеңі мол етіліп тігілген шапан киіп, беліне інжу-маржандармен әсем безендірілген қанжар асулы белдік буынып отырған еді; мойнына Михаил әулиенің ордені тағылған лента асып алыпты. Ол бұғы терісін жапқан диван үстінде көзіне көзілдірік (бұл сол бір кездегі ең соңғы ашылған жаңалық-тұғын) киіп, Людовик өзінің мұрагер ұлына өсиет етіп, әскери және азаматтық қаулылар жиынынан құрастырған «Rocier de la Guerre» деп аталатын қалың қолжазбаны оқып отырды. Король осы қолжазба туралы тәжірибелі жауынгердің ой-пікірін білмек болып, оқып шық деп соған әдейі тапсырған-ды.


Оқыстан келіп кірген адамдарды ашықтан-ашық ұнатпаған пішінмен қарсы алғандай рай танытқан лорд Кроуфорд қолындағы қолжазбаны ысырыңқырап қоя салды да, өзінің туған ана тілінде үн қатты:


— Мен тағы да қай сайтанға керек боп қалып едім?


Таңбалы оған Людовиктің өзінен де жоғары құрмет көрсетіп, жиенінің басына түскен қиын жағдайды егжей-тегжейіне шейін тарқата түсіндіріп өтті де, осыған қол ұшын беруді өтінген тілекпен сөзін тәмәм етті. Лорд Кроуфорд оның сөзін зейін сала тыңдады. Дарға асылған пендеге көмектеспек болған бозбаланың аңғалдығына жадырай күліп қойды, сонан соң шотланд атқыштары мен прево жендеттерінің арасында болған шекісуді естігенде басын мазасыздана шайқай берді.


— Сендер осы сияқты оқиғалармен басымды қашанғы қатыра бермексіңдер? — деп сауал қоя тіл қатты ол, — Егер барлық қора-қопсылардағы иттерді шулатқылары келмесе, онда қызмет бабымен жат елде жүрген солдат өзін бетегеден биік, жусаннан аласа ұстауға тиісті деп мен сендердің құлақтарыңа — әсіресе Людовик Лесли сенің, Арчи Каннингем сенің де құлағыңа қашанғы құя бермекпін осы? Ал егер өздерің шекіспей жүре алмайтын болсаңдар, онда бөтен біреуге соқтыққанша, анау әлгі малғұн превоның өзімен шекіскендерің мақұл. Мен өзіңнің әдеттегі қылықтарың үшін ұрысатынымдай, Людовик, бұл жолы саған тіпті реніш те білдірмек емеспін, өйткені сен өзіңнің балғын, жас туысыңа жаның ашып, оны жақтауың әбден табиғи нәрсе. Бұл жас азаматты біз қорғайтын боламыз. Біздің тізімімізге қол жалғап жібере қойыңдаршы... әне, анау бір сөренің үстінде... өзімізге берілген артықшылықтарды ол да пайдаланатын болуы үшін біз осы дәп қазір-ақ оның есімін тізімге жазып қояйық.


— Шапағатты мырза, маған бір ауыз сөз қатуға рұқсат етесіз бе... — деп Дорвард, сөзін енді бастай берген-ді.


— Есін ауып кеткен болар өзіңнің, бауырым! — деп нағашысы оны қақпайлай берді. — Шапағатты мырзаға өз тарапыңнан тіл қатуға батылың қалай барып тұр?


— Қызбаланба, Людовик, — деді лорд Кроуфорд. — Не айтпақ ойы бар екен, тыңдап көрейік.


— Мен екі-ақ сөз айтпақпын, мұнымды көңіліңізге ауыр алып қалмағайсыз, шапағатты мырзам, — деп жауап қатты Квентин. — Осындағы гвардия қатарына қызметке тұрар тұрмасымды біле алмай жүрген күдігімді нағашыма айтқанмын. Ал, мінеки, өзім қол астында қызмет етуге тура келетін бастығымның ізгілігі мен тәжірибелілігіне көзім жеткен соң енді ешқандай да шүбәм қалмағанын ғана айтқым келіп тұр. Шотланд атқыштары сапына келіп қосылуға белімді бекем будым, өйткені сіз менің өзіңізге деген терең құрмет сезімімді ояттыңыз.


— Жақсы айттың, достым, — деп іле жауап қатты өзін мақтағанды жек көрмейтін қарт лорд. — Сөзіңнің жаны бар: тәжірибеден кенде емес екенім рас және де құдайға шүкір, өзгеге бағынышты кезімде де, әрі бастық ретінде де мен оны өз орнымен қолдана білген кісімін деп айтсам, мұным мақтанғандық болып шықпас деп ойлаймын... Сонымен, сен Квентин, корольдің шотланд гвардиясы құрметті жасағының тізіміне алындың, мінеки. Сен өз нағашыңа атқосшы болып тағайындалдың, бұдан былайғы тікелей бастығың да сол кісі. Бізді ұятқа қалдырмайды ғой деп сенемін...


Тұлға-пішіміңе қарағанда өзіңнен даңқты солдат шығуға тиісті, мұның үстіне шыққан тегің де жақсы... Ал сен, Людовик, жиеніңнің әскери жаттығулармен құлшына шұғылданатын болуын қадағалағын, таяу күндердің ішінде, бәлкім, бізге жаумен беттесуге де тура келіп қалар.


— Семсерімді қолыма ұстап тұрып ант етемін, қуанышты хабар айтып тұрсыз, милорд! Ұзаққа созылған бейбітшілік біздің бәрімізді қоян жүрек қорқақ етіп жүрер. Мұнара басындағы қарғыс атқыр мына тор ішінде мүлде былжыр болып кеткенімді өзім де сезінудемін!


— Бәрекелді, ізденген жетер мұратқа! Тыңда ендеше, осы таяуда ғана «Күні ертең айқас-алаңда, желбірер біздің жалау да» деп құлағыма бір құс әндетіп өтті.


— Бұл әннің құрметіне мен бүгін-ақ сапты аяқ шарапты артық сіміріп саламын, милорд, — деді Таңбалы.


— Саған салса, ешқандай әннің құрметіне арнамай-ақ бір сапты аяқ шарапты артық жұтып салушы едің ғой, бауырым, — деп құлаққағыс етті лорд Кроуфорд, — Сақ болғайсың, Людовик: күндердің күнінде өз қатеңнің ащы зардабын тартып жүрмегейсің деп қорқамын!


Осы бір ескертпені естігенде сәл қысылыңқырап қалған Лесли өзінің, мінеки, бірнеше күн бойы шарапты аузына татып алмағанын, бірақ жасақтың қатарына жаңа серіктің келіп қосылуын атап өтетін әдеттің шапағатты мырзаның өзіне де таныс екенін айтты.


— Сен тауып кеттің, мен оны мүлде ұмыта жаздаппын, — деді қарт лорд. — Бірер құты шарапты өзім жеткіздіріп берермін. Бірақ күн ұясына бата бере, ішімдік аяқталатын болсын. Сонсоң естеріңде болсын: бүгін күзетке сенімдірек адамдарды қойыңдар. Әйтеуір, жұтып алғандарыңды күзетке жолатпаңдар.


— Шапағатты мырза, әміріңіз мүлтіксіз орындалады, — деп жауап қатты Лесли. — Біз сіздің денсаулығыңыз үшін де тост көтереміз, милорд.


— Хал-жағдайға көзімізді жеткізу үшін,— деді лорд Кроуфорд, — бәлкім, өзім де соғып шығармын.


— Милорд, біздің әмәнда құрметті қонағымыз болмақ, — деп жауап қатты Лесли.


Сөйтіп, қуаныштары қойнына сыймай, шаттанған лостар жұбын жазбастан сыртқа беттеді де, Лесли өзінің дағдылы дастарқандас жиырма шақты серігін шақырған алдағы той-думанға әзірлік қамына кірісіп те кетті.


Солдаттардың той-думанына пәлендей әзірліктің де қажеті шамалы: шарап пен тамақ жағы қамдалса жетіп жатыр, басқа дәнеңенің керегі жоқ; бірақ серіктеріне, байқап ішіңдер деген өсиетті айтуға құштар бола тұрғанымен, шалдың өзі де шарапқа келгенде кет әрі емес деп түсіндіріп, Лесли бұл жолы тәуірірек шарап алдырудың қамын жасап бақты; оның өзі король дастарқанында да сілтеп жібереді және де кешкісін ешқашан да алдынан шөлмек үзілген емес деседі. «Сондықтан, бауырлар, бүгін Вернойле мен Боже түбіндегі ұрыстар хақында ескіден келе жатқан әңгімелерді тыңдауға әзір тұрыңдар».


Шотланд атқыштары әдетте тамақ ішетін готикалық үлгідегі зал лезде безендіріліп те үлгерді; еденге төсеу үшін малайларды құрақ алып келуге жұмсады, ал талай ұрыстардың куәсі болған шотланд жалаулары, оған қоса тізе бүккен жаулардың колға түскен тулары қабырғаларға ілініп, стол үстіне қойылды.


Келесі бір қолға алынған іс — жас рекруттың тойға нағыз шотланд атқышындай сәнді киініп келуі, өз жасағына берілген артықшылықтармен еркін пайдалануы үшін, осы артықшылықтардың арқасында серіктерінің қолдап-қолпаштауымен ана бір астамсыған қатыгез превоның құдіреттілігі мен зәрін төккен қаһарына енді ашық түрде миығынан күле қарай алатын болуы үшін оған қажетті әскери киім мен қару-жарақ қамдау болды.


Той көңілдегідей болып шықты; қонақтар шат-шадыман сайран құрды; тойдың әдеттегі қуанышы сүйікті отанмен осы таяуда ғана қоштасып, сонау қияннан осында келген жерлеспен кездесу қуанышына ұласқан-ды. Атқыштар ескі шотланд әндерін шырқады, шотланд батырлары туралы ертеден белгілі аңыздарды айтып, ата-бабаларының ерліктері туралы әңгіме шертті, бұл ерліктердің қай жерлерде жасалғанын еске түсіріп өтті — қысқасы, Тур аймағының жап-жазық ен даласынан біздің атқыштар бейне өздерінің кір жуып, кіндік кескен құлазыған, таулы өлкесі Каледонияға оралғандай сезінді.


Алыстағы сүйікті Шотландияға деген сағыныштарын білдіруге ұмтылып, әрқайсысы жүрек жарды ойларын ортаға салып, тойдың нағыз қызған шағында Таңбалының жорамалы бойынша король дастарқанының басында тықыршып отыра алмай алаңдаумен болған, сөйтіп өз отандастарының ортасына жету үшін орайы келген сылтауды дереу пайдалана қойған лорд Кроуфорд та ақыры келіп жетті. Қарт жауынгердің келуі думанды жиынды бұрынғысынан да қыздыра түскендей болды. Сол бір заманда қалыптасқан әдет-ғұрып бойынша, сонымен бірге өзінің әрбір мүшесі дворян болуы себепті шотланд жасағының құрамының өзі де мұның биік мәртебелі қызмет атқарғанына қарамастан (король мен ұлы коннетабльден кейінгі дәреже осы жасақ бастығыныкі болатын-ды) өзінің қол астындағы жауынгерлерімен дастарқандас болып қана қоймай, сауық-думанды да олармен бірге өткізу атақ-абыройына ешбір нұқсан келтірмейтіндіктен, дастарқанның төргі жақ бөлегінен оған алдын ала құрметті орын сайланып қойылған-ды.


Алайда бұл жолы лорд Кроуфорд өзіне арналған орынға отырудан бас тартты, ал жиынға келгендерден «думандарын тоқтатпауын, сөйтіп өзіне алаңдамауларын» өтініп, шеткерірек барып орналасты да, той тойлаушыларға айрықша бір сүйіспеншілікпен көз тастады.


— Мазасын ала берме оның, — деді Каннингем Линдсейдің құлағына сыбырлап қана, ол қарт лордқа шарап ұсынбақ болып оқтала бергенде.


— Мазалама оны... Бөтен біреудің өгізін қамшылай беріп қайтесің? Сабыр ете тұр, өзі-ақ жүріп береді.


Шынында да, әуелгі бетте өзіне Линдсей ұсынған кубокты күлімсірей бас шайқап сырғытыңқырап қойғанымен, сәлден соң байқамағансып кубоктағы шарапты сіміре бастады; аздан кейін өз қатарларына келіп қосылған жаңа серіктің сау-саламаттығы үшін ішпеу ыңғайсыз болатыны есіне түскендей Дорвардтың денсаулығы үшін тост көтерді. Мұны, әлбетте, залдағылар жаппай дуылдаса қоштап-қолдай жөнелді. Бұдан соң қарт жауынгер серіктеріне мәселені Оливьемен ойдағыдай сәті түсіп шешіп келгенін мәлім етті.


— Өздерің де жақсы білесіңдер, шаштараз ана жауызды ұната қоймайды ғой, сондықтан ол, — деді Кроуфорд сөзін сабақтай түсіп, — маған тікелей корольдің өзінен превоны бұдан былай Квентин Дорвардты қудалауға үзілді-кесілді тыйым салуға, шотланд гвардияшыларына корольдің өзі сыйға тартқан артықшылықтарын әрқашан да қастерлей жүруіне міндеттейтін жарлық алуыма шын ынта-ықыласымен көмектесті.


Бұл сөздер зал ішін қайтадан жаңғырықтырған шат-шадыман дауыстармен қарсы алынды. Кубоктар шарапқа ернеулеріне шейін лықылдата қайта толтырылды, сөйтіп жұрт бір кісідей өз отандастарының праволары мен артықшылықтарын қызғыштай қорушысы лорд Кроуфордтың сау-саламаттығы үшін көтеріп салды. Әлбетте, қадірмен лорд жасақшыларының өзіне көрсеткен құрметіне сай, өз тарапынан да оларға деген ілтипатын білдірмей қала алмады. Бұдан соң кресло үстіне самарқау ғана қонжия кетті де, Квентинді қасына шақырып алып, оған Шотландия хақында және шотландтардың бекзада ұрпақтары хақында сауалдарды, Квентин көбіне-көп қалай жауап қайтарарын білмей сасқалақтаумен болған сауалдарды, бастырмалата жаудырып жатты. Қарт сондай-ақ, шотланд жігіт кісі жатырқамайтын болуға, шат-шадыманды жиынға өзі де белсене қатысуға тиісті екенін ескерте, қолындағы кубоктан шарапты әлсін-әлі сіміріп қойып отырды; алайда өз шамасынан артық сілтеп салып қызып қалмас үшін Квентин орайлас уыздай жас адамдар ішімдікке келгенде бас тарта білу керектігін де айтып өтті. Қарт лорд осымен байланысты толып жатқан бағалы ақылдарын үйіп-төгіп салғаны және де ұзақ уақыт бойы дамыл таппай сөйлеумен болғаны соншалықты, ішімдікке бой алғызбау керектігін нәшіне келтіре айтамын деп отырып, әлде бір уақытта тілі тұсалып, күрмеле бергені байқалып қалды. Осы бір екі ортада әр фляга босаған сайын шат-шадыман жұрттың делебесі қозып, желіге түсті, сөйтіп ақыр соңында Каннингем француз королінің туы — Орифламманы мадақтаған тост көтерді.


— Туды аспандата желбірететін Бургундия дауылы үшін де тост көтерейік! — деп іліп әкетті оны Линдсей.


— Уақыт табынан беріш болған мына кәрі кеудемдегі шыбын жаным шыққанша өздеріңмен біргемін деп қабыл аламын сендердің бұл тостарыңды, түлектерім, — деп лорд Кроуфорд іле жауап қатты. — Кәрілікке мойымай, осынау желбірер жеңіс жалауының куәсі болудан үмітсіз де емеспін! Бұған шүбәм жоқ! Құлақ салыңдар менің сөзіме, достарым, — деп сөзін сабақтай түсті қарт (шараптың буы оны мылжың етпей қойған жоқ), — осында бас қосқан бәр-бәрін де француз королінің айнымас құлысыңдар ғой, сондықтан Бургундия герцогы Карлдың арнайы тапсырмасымен, бізге оның елшісі келгенін және оның едәуір шатақ тапсырмамен келгенін сендерден несіне жасырайын.


— Бәсе, бәсе, тұт бағының қасынан өтіп бара жатқанымда, бақ ішінен күймені, жарау аттар мен граф де Кревкердің нөкерлерін көзім шалып қалған еді, — деп қосарлана кетті меймандардың бірі. — Біздің король оны өз қамал-сарайында қабылдаудан бас тартыпты деген сыбыс та бар.


— Жасаған иемнен айналдым. Корольдің қайсар да батыл райынан бетін қақпағайсың! — деді Гутри өршелене сөйлеп. — Әйтсе де не болып қалды екен бұл? Герцог шамданатындай не істеп қойыппыз?


— Шекарада шекісулер өршіп тұр, — деп жауап қатты лорд Кроуфорд, — ал ең басты гәп мынада болып тұр, король осы таяуда ғана герцогтың қол астындағы атақты бір бекзатты, Дижоннан қашып шыққан жас графиняны қолтығының астына алған-ды, өйткені қамқоршысы саналатын герцог оны өзінің іш тартып жүрген адамы Қампо-Бассоға күштеп қоспақ болыпты.


— Бұл қыз мұнда жалғыз келіп пе екен, милорд? — деп сұрады Линдсей.


— Жоқ, бір туыс кемпірмен бірге келіпті, ол да графиня көрінеді, осында өз еркімен ертіп әкеліпті .


— Бірақ графиня мен оның қамқоршысы герцог екеуінің арасындағы дауға король кірісе қояр ма екен, өйткені алда-жалда герцог өліп кетсе, бургунд жесіріне корольдің өзі әмеңгер болуға толық хақы бар тәрізді, герцогтың да бұл графиняға сондай хақы бар емес пе? — деп қалды Каннингем. — Қалай десек те біздің короліміз — герцог Карлдың сюзерені ғой.


— Король, әдеттегісінше, өзінің көңілі сүйген ісін істейді, — деді Кроуфорд. — Ханымдарды өзі ресми емес түрде қабылдауында, оларға қамқоршы болуды қыздары — де Боже ханымға немесе ханшайым Жаннаға тапсырмауында үлкен мән бар, бұл оның жағдайдың қалай бет алуына орай қимыл-әрекет жасап бағатынын айғақтайды. Король — біздің жан иеміз, бірақ егер ол әрқашан сізге де, бізге де қол ұшын беруге дайын кісі десем, мен оған опасыздық жасаған бола қоймаспын, деп ойлаймын.


— Бірақ Бургундия герцогы мұндай екі жүзді саясатты қабылдай қояр ма екен, — деді Каннингем.


— Әлбетте, — деп жауап қатты Кроуфорд, — келіссөздер бітіммен аяқталады деп күтуге болмайтындығы да сондықтан.


— Екеуінің мықтап белдесулеріне көмектесе көр әулие Андрей! — деп салды Таңбалы. — Осыдан он жылдай бұрын... қателесіп барады екенмін, осыдан жиырма жыл бұрын маған біреудің жар сүйіп барып, мұратыңа жетерсің деп сәуегейлік айтқаны бар еді. Егер біз ескі романдарда жазылып келгеніндей, сұлу ханым-бегімдердің абыройы мен махаббаты жолында найзаласар болсақ, кім білсін, бәлкім, бұл сәуегейлік расқа да саяр?


- Өзіңнің айқыш-ұйқыш тыртық кеспіріне қарамастан сұлу бикеш сүймектен дәмең бар ма? — деді Гутри.


— Әлдекімдерше, пұтқа табынғыш-сыған қызына ғашық болғанша, мүлде қыз сүймей кеткенімнің өзі артық! — деп тыйып тастады оны Таңбалы.


— Сабыр, сабыр етіңдер, достар, — деді лорд Кроуфорд. — Ұстарамен ойнамас болар: келекелеу — әзіл-қалжың емес. Тәжікелеспеңдер. Ал әлгі жас бикеш жайына келсек, онда ол біз сияқты жарлы шотланд дворяндарының қолы жете қоймайтын шалқыған бай адам, әйтпесе оған сөз салудан кет әрі кісің мен емес... Ыстық ықыласыма, жалын атқан жүрегіме, өзімнің сексенге келген жасымды да қоса ұсынар едім мен оған. Ал, кәнеки, келесі тосты сол бекзат ханым сау-саламат болғай, деп көтеріп қояйық, достар, өйткені ол керемет сұлу деседі.


— Бүгін таңертеңгісін ішкі қақпалардың алдында күзетте тұрған кезімде мен көрген сұлу сол ханымның дәп өзі болуға тиісті, — деді атқыштардың бірі.— Дегенмен оны нұр-шұғыла деуден гөрі, білтесін сығырайта басып қойған май шам деу орынды болар еді, өйткені қасына ілескен тағы бір беймәлім ханым екеуін қамал-сарай ішіне беті жабулы зембілге салып кіргізді.


— Ұят емес пе, ұят-ай, Арно! — деді лорд Кроуфорд. — Күзетте тұрған кезінде көргендерін солдат ешқашан да тіс жарып, айтпауға тиісті емес пе... Және де басқасын былай қойғанда, — деп сөзін жалғады қарт лорд, өз орайында тәртіпке деген тиісті құрмет көрсетілгеннен соң, сәл бөгеліп барып, әрі әңгіменің ар жағын білуге құмартып, — ол өткен басқа біреу емес, нақ графиня Изабелла де Круа деп ойлайтындай сенің қандай негізің бар?


— Мен дәнеңе деп ойлап тұрған жоқпын, милорд, осы деревняға апаратын жолдың жағасында аттарын жайып жүрген кезінде өзімнің ат күтушім Стид қашыр айдаушы Догинға жолығып қалған, ол анау әлгі маңдайшасында лала гүлі бейнеленген мейманхана бар ғой, соның иесіне зембілін табыс етпек болып, қамал-сарайдан қайтып келе жатыр екен... Сол Догин мына Сандерс Стидке өзімен қосылып бір шөлмек шарап ішейік деп ұсыныс айтқан, бұл ұсынысқа Стид әлбетте қуана келіскен...


— Келіспейтіндей, оны жын соғып кетіп пе сонша! — деп қарт лорд әңгіме айтушының сөзін бөліп жіберді. — Өздеріңнің бұл әдеттеріңді қоятын мезгіл жеткенін мен баяғыдан бері ескертпек болып жүруші едім. Атшыларың да, қорғауылдарың да шетінен кез келген адаммен қосылып, шарап ішуге әзір тұрады өздері. Соғыс кезі үшін бұдан өткен жаман әдет жоқ, сондықтан бұған тыйым салынуы керек... Алайда, Эндрю Арно, сенің әңгімең тәмамдалар емес қой, түге, ендеше біз осы бір тұста — өзіміздің тау халқы «Ертегің қалар елес боп!» деп айтатындай тағы да бір мәрте жүрек жалғап алайық. Графиня Изабелла де Круаның денсаулығы үшін тост көтеремін және әлгі қоян жүрек қорқақ итальян Кампо-Бассодан гөрі бір тәуірірек күйеуге шығуына тілектестігімді білдіремін!.. Қош, Эндрю Арно, енді әңгімеңді соға бер, сонымен қашыр айдаушы сенің атшыңа не депті?


— Артық айтсам, көңіліңізге ауыр алмағайсыз, мырзам, — деп әңгімесін қайта жалғады Арно, — қашыр айдаушы оған құпия сыр етіп айтыпты, серігі екеуі осы әлгінде ғана жабық зембілге салып қамал-сарайға апарып салған екі бекзат әйел де аса бір атақты жандар екен. Олар мейманхана иесінің қонақ үйінде бірнеше күн бой тасалапты, сөйтіп король тікелей өзі астыртын келіп, өздеріне сан рет жолығып, зор сый-сияпат көрсетіпті. Ал енді, мінеки, олар қамал-сарайдан пана тауыпты — өйткені граф де Кревкер, Бургундия герцогының елшісі өздеріне оқыстан жолығып қалып жүрер деп шошынған болулары керек, ал осында елші келетінін о жақтан әдейі жіберілген шабарман күні ілгері хабар етіпті.


— Мінеки, гәп қайда! — деп сөзге араласа кетті Гутри. — Графиняның салған әнін өз құлағыммен тыңдадым деп мен енді ант ете аламын! Бүгін ішкергі жақтағы сарайдың ауласымен келе жатқанымда, Дофин мұнарасынан шырқалған ән мен лютняның күмбірлеген үнін естідім... Біздің қамал-сарайдан бұрын-соңды бұл әуендес үн естіп көрген пенде емеспін... Тебіреніп кеткенім соншалықты, бұл әнді шырқап тұрған сиқырлы Мелузинаның өзі емес пе екен деген ой келе берді маған. Түскі тамақ баяғыда-ақ әзір болып, серіктерім тосып отырғанын біле тұрсам да, орнымда тастай қатып тұрып қалдым, қыбыр ете алмадым, мен...


— Мұның нағыз есектің ісі, Джонни Гутри, — деп бастық оның сөзін бөліп жіберді. — Сенің қолағаш мұрның тамақтың иісін сезіп, ал салпаң құлағын музыкаға елтіп тұрған, бірақ шолақ ақылың осының қайсысын таңдауды білмеген... Пәлі, бұл неғылған даңғаза? Бесін намазына шақырып даңғырлаған қоңырау емес пе бұл? Қой, уақыттың бұлай кешкіріп қалуы мүмкін емес! Дәу де болса, әлгі есуас пономарь қоңырауын бір сағат бұрын соғып тұрған шығар.


— Жоқ, пономарь қателеспеген, — деді Каннингем. — Әнеки, көкжиекке иек артып, күн ұясына батып барады.


— Расында да солай екен-ау, — деді лорд Кроуфорд. — Шынымен-ақ бесін таяп қалған ба? Бұған шара жоқ, жігіттер, әр нәрсенің өз жөні бар. «Шарап іш, бойыңа қарап іш...», «Қанағат қарын тойғызар» осы мақалдардың қай-қайсысы да даналыққа толы... Сүйікті Шотландиямыздың құрметіне тағы бір сапты аяқ сіміріп салайық та, әрқайсымыз өз қызмет орнымыздан табылайық.


Жиналғандар қоштасардағы кубоктарын сарқа ішіп, тарқаса бастады. Жиені хақында әңгімелесіп, ақыл-кеңес айтқысы келді ме, әлде, бәлкім, қол астындағы жауынгерлерінің көз алдында жоғары мәртебесіне лайық аяғымды еркін баса алмай, сүрініп кетіп жүрермін деп сақтанды ма, қадірмен лорд Таңбалы Людовикті маңғаздана қолтықтап алды. Осы алған бетінен ол той-думан болған залдан өз пәтеріне дейінгі екі аралықтағы бір-біріне жалғас қос ауланы салтанатты түрде басып өтіп, жолшыбай Людовикке жиенін назардан шығармау, әсіресе шарап пен сұлу қыз-келіншектерден сақтандыру жөнінде ақыл айтумен болды.


Солай бола тұрса да, кереметтей сұлу графиня Изабелла туралы дастарқан басында айтылған сөзді жас Дорвард қалт жіберген жоқ еді, сондықтан оны нағашысының қарауындағы өзі құралып тас уыздай жап-жас паж екеуі бірге тұруға тиісті болған аядай бөлмеге ертіп кіргенде, ол тәтті қиялға біржолата беріліп кеткен. Әлгі өзіне жақсы таныс мұнара тұрғыны да, үнін өзі ұйып тыңдаған әсем әнші де, таңертеңгісін Пьер ағай алдында құрақ ұшып, қызмет көрсеткен даяшы да, атастырмақ болған жексұрыннан және өз билігін бас пайдасына пайдалануға тырысып баққан, қатыгез қамқоршысынан қашып құтылған, асқан дәулет иесі, бекзада графиня да — япыр-ай, десеңізші, солардың бәрі түптеп келгенде, бір адам болмасын?


Осындай ой кешкен жас жауынгер қандай ғажайып хикая қиыстырарын оқырманның көз алдына елестетуі онша қиынға соға да қоймас.


Әйткенмен кейіпкеріміздің тәтті үміті бөліне беріп, бүгін Квентиннің өзі шеңгелінен әзер дегенде құтылып шыққан ана бір тажалдай үрейлі, құдіретті адамның қолындағы билікке де бас ұрмайтын әмір иесі әлгі жұмбақ Пьер ағайдың өзі болмағай деген ой жас ұланның басынан кетпей қойған еді. Өзімен бөлмелес серігі Уилл Харпер шырқын бұзуға батылы бармаған балғын бозбаланың ой-қиялы ақыр соңында бөлме ішіне нағашысы кіріп келгенде ғана еріксіз бөлініп кетті. Өзінің бес серігімен бірге күзетте тұруға тағайындалған Лесли корольдің қабылдау бөлмесіне оның да ілесіп баратын болуы себепті жиеніне ертең елең-алаңнан тұратындығы себепті ертерек жатып, ұйықтауына кеңес берді.


VIII ТАРАУ


ЕЛШI



Француздардың көзіне от боп жарқылда!
Хабарлай бер қаймықпа да тартынба.
Дүбірім де жеткен шығар маңына,
Хабарлай бер қарайды деп қанына!


«Король Иоанн»



Алда-жалда еріншектік етегінен тартып, Дорвард ұйқысын қия алмастай күй кешсе де, құдайға құлшылық етуге шақырған шіркеу қоңырауының таң сәріде соғылған алғашқы дабылының атқыштар казармасын дүрліктірген даңғаза шуы-ақ оны бұл күйінен лезде сейілтіп жіберері күмәнсіз еді. Бірақ әкесінің қамал-сарайы мен Абербротик әдияратындағы қалыптасқан тәртіп оны елең-алаңнан тұруға дағдыландырған-ды. Ол жалма-жан төсегінен атып түрегеле салып кернейлердің үніне және сақшылардың алмаса бастағандарын паш еткен қару-жарақтардың сарт-сұрт еткеніне құлақ түре апыл-құпыл киіне бастады. Сақшылардың біреулері түнгі күзеттен казармаға қайта оралып, екіншілері таңертеңгі кезекке аттанып кетіп барады; ақыр соңында, қатарында Квентиннің нағашысы да бар үшінші біреулері тікелей корольдің қасында қызмет атқаруға қамданып жатыр. Квентин су жаңа әскери киім киіп, жарқ-жұрқ еткен қару-жарақ асынғанда аса бір шаттық сезімге бөленіп, масайрап кетті. Мұның жасында онысы заңды да еді, ал жиенінің тұла бойының мұнтаздай болуына көзін жеткізу мақсатымен Квентиннің әр қимылын қалт жібермей, айрықша ықыласпен мұқият қадағалаумен болған нағашысы жиенінің құлпырып кеткен кейпіне қатты сүйсініп, насаттанғанын жасыра алған жоқ.


— Егер тұлғаңа батырлығың мен адалдығың сайма-сай келіп жатса, онда мен біздің күллі гвардия бойынша ең келбетті әрі ең ер жүрек атқосшыға ие болғалы тұрмын, ал мұның өзі, әлбетте, шешеңнің әулетін абыройға бөлейтін болады. Маған ілесіп қабылдау залына қарай бет түзегін, байқа, менен зәредей де көз жазып қалып жүрмегін!


Лесли көңіл күйін осылай білдіре жүріп әйдік болса да, әсем безендірілген зіл-батпан айбалтасын сайлап алды да, жиенінің қолына да нақ осы іспеттес, жалғыз-ақ бұдан гөрі сәл шағындау қаруды табыс етіп, өзімен бір кезекте корольдің дем алатын сарайында күзетке тұруға тағайындалған, қаруларын асынып сап түзеп, оның келуін күтіп тұрған серіктеріне қарай қамал-сарайдың ішкергі жақ бөлігіндегі алаңға бет алды. Атқыштардың арт жағында, екінші қатарда олардың атқосшылары сап түзеп тұр. Нақ осы бір тұста сыптай боп жараған иттері мен бойында артық ет жоқ сымбатты сәйгүліктерін сайлап бірер бапкер бой көрсеткен, Квентиннің бүкіл аңсары осынау көрініске ауып, елегзи бергенін сезіп қалған нағашысы, мынау жануарлар бұл араға мүлде мұның тамашалауы үшін әкелінбегенін, қайта корольдің аңға шығуына қамдалған шара екенін есіне салуға еріксіз мәжбүр болды... Аңшылық корольдің негізгі ермегі еді. Керек десеңіз, мемлекеттік істерге кедергі жасарына қарамастан аңшылық дегенде ол басқаның бәрін ұмытып кететін. Корольдің ормандағы жабайы аң-құстарын айрықша қоритындығы соншалықты, мұнда адамнан гөрі бұғыны жазым еткеннің жауапкершілігі күшті десетін жұрт.


Шартты белгі берілісімен, бұл жолы өздерінің командирі болып тағайындалған Таңбалының бастауымен атқыштар ілгері қарай тартып отырды; атқыштардың қызмет бабындағы міндеттеріне қалай айрықша сергектікпен қарайтындықтарын білдірген сан тарау таптаурын рәсімдерді ыждаһаттылықпен орындағаннан кейін, бірнеше минуттан соң олар көп кешікпей король келуге тиісті қабылдау залына барып тұрды.


Квентиннің бұл араға тұңғыш рет келгеніне әрі король сарайының сән-салтанаттылығы жөнінде зәредей де хабары жоқтығына қарамастан өз көзімен көргендері оның күткеніндей болмады. Рас, зал іші үстіндегі киімдері жалт-жұлт еткен сарай маңындағылардан да, керемет қару-жарақтарын асынып алған сақшылардан да, сапырылысқан малайлардан да кенде болған жоқ, бірақ Дорвардтың көзіне не мемлекеттік тарлан төрелер, не король санатындағы әйгілі ақсүйектер түсе қоймады, сондай-ақ сол замандағы рыцарьлық үлгі-өнеге тұтатын бірде-бір ардагердің есімін де ести алмады.


Бұл маңнан не ұлы көсемдер, не Францияның күш-қуатын білдіретін кәрі тарлан, еңбегі сіңген генералдар, не елдің мақтанышы боларлық, маңдайы жарқыраған, даңқ пен ерлікті аңсаған жастар да табылмады. Людовиктің күдікті, тұйық мінез-құлқы мен залым саясаты оның маңынан не бір ғажап уәзірлерді алыстатып жіберді; король тағының қасында олар ілуде бір ресми жағдайларда ғана бас қосып жүрді, соның өзінде де өте бір құлықсыз түрде жиналып, әлгі бір мысалда айтылатынындай, үңгірдегі арыстанға келіп тұратын аңдар тәрізді король сарайынан тезірек кеткендеріне қуанысып жүрді.


Мұнда келген азын-аулақ адамның, сірә, кеңесші есебінде шақырылғандар болса керек, сыртқы кейіптерінен-ақ олардың бәрі де шетінен жұпыны жандар екені көрініп тұрды. Рас, қайсыбіреулерінің жүздерінен кемел ақылдылықтың белгісі де сезілетін, бірақ олардың келбеттері мен жүріс-тұрыстарының өзі нақ мынандай орта үшін жаратылмағандарын байқатпай қалған жоқ. Әйтсе де олардың ішіндегі екеуі яки үшеуі Дорвардқа анағұрлым инабатты жандардай әсер етті, ал бұл жолы Леслидің қызмет бабындағы міндеті оған өз ойындағысын іркілмей айтуына бөгет жасай қоймағандықтан Дорвардтың өзі назарын аударған адамдарының аты-жөндерін біліп алуының да сәті түсті.


Осындағы сәнді киімін киіп, қолына күміс жезін ұстап тұрған лорд Кроуфордпен біздің оқырмандарымыз тәрізді Квентин де таныс-тұғын. Оның назарын аударған басқа да адамдардың ішіндегі ең бір ғажап тұлға, Жанна д'Арктың туы астында шайқасқа қатысқан, Францияны ағылшындардың езгісінен азат етуде көрнекті роль атқарған Бастард Орлеанский деген есіммен даңқы шыққан атақты Дюнуаның баласы граф Дюнуа болды. Оның ұлы әке данқын абыроймен ақтап келеді, сөйтіп өзі король әулетімен аталас бола тұрса да һәм баяғыдан-ақ дворяндар қауымының және халықтың сүйіспеншілігіне бөленгеніне қарамастан адал, бүкпесіз де ашық мінезінің арқасында тіпті күдікшіл әрі кінәмшіл Людовиктің өзінің де сеніміне ие болған-ды, сондықтан да король Дюнуаны қасынан екі елі қалдырмауды, ал қайсыбірде ақыл-кеңес құруға шақыруды әдетіне айналдырып алған-ды. Бірақ батырлығы ерекше, қару-жарақты игеруі шебер, бір сөзбен айтқанда, нағыз рыцарьлық қасиет өне бойынан табыла тұрса да, графтың кескіні қызығарлық емес еді. Екі жауырыны қақпақтай, төртпақ келген, шашы қап-қара, арбиған қолдары көзге сөлекет көрінетін ол тым тапал бойлы кісі еді; мұнысы аздай-ақ, атқа салт мінген кезінде аңғарыла қоймаса да, жаяу жүрген кезінде көзге оғаш көрініп тұратын қамыт аяқтың нақ өзі. Бет-әлпетінің өрескел ұсқынсыздығы көзге ұрады, бірақ онысының есесіне дидарынан айқын аңғарылатын маңғаздық пен ізгіліктің нышандары оның қайсар дворян һәм қас батырдың өзі екенін айқын танытып та тұрады. Құрыштан құйғандай дене бітімі, салмақты да сабырлы қимылы, қалың қабағы, түйілгенде қырандай от шашқан екі көзі өңіне сұс беретін, осының өзі оның ұсқынсыздығын жасыратын. Ол корольдің қасына ілескен кезінде көрініс бас бапкер міндетін атқаруы себепті әмісе асыл бұйымнан тігілген, бірақ сәнділігімен көзге түсе қоймайтын киім киіп жүреді, әйтсе де, біздің білуімізше, мұндай міндетті атқару оған ресми түрде жүктелген емес-ті.


Тумасының қолдауын қажет еткендей, Дюнуаны қолтықтап алып, Орлеан герцогы (бертін келе XII Людовик атанып кеткен), король әулетінің бірінші шаһзадасы Людовик аяғын ілби басып, ой үстінде келеді; сақшылар оған дәстүр бойынша қошемет көрсетті, ал осында жиналғандардың бәрі оған қарап иіле тәжім етісті. Король бұл шаһзадаға қызғанышын жасырмай, күдіктене қарайтын-ды, өйткені өзі ұл сүймей тұрып қайтыс болып кетсе, онда мұрагерлікке шаһзада ие болуға тиісті, сондықтан ол король сарайынан қол үзіп кете алмайтын-ды, бірақ сарай жанындағы белгілі бір қызметке тағайындалған да, сондай-ақ, не даңқы шығып, не құрметке бөленген де емес. Нақ бір еркінен айрылған адамдай, осындай қорлыққа душар болуы бишара шаһзаданың көңіл күйіне әсер етпей қалған жоқ, ал осы бір кезде, іші сезетіндей корольдің өзіне қарсы тек нағыз жендет қана істей алатын асқан қиянат жасамақ болған арам ойы еңсесін басқан күйігін бұрынғысын да бетер ушықтыра түсті; король шаһзаданы бала күнінен атастырып қойған өзінің кенже қызы патшайым Жаннаға зорлап үйлендірмек ойда еді; бірақ патшайымның өте ұсқынсыздығына орай корольдің бұл ұйғарымынан бас тартпауы барып тұрған қатыгездік болатын.


Бұл бишара шаһзаданың сырт пішіні кәдуілгі қатардағы адамдардан айырғысыз болатын, бірақ жүзін ұдайы мұң мен шер торлаған қайғылы күйіне қарамастан оның мейірбан, момын, ақ көңіл адам екендігі аңғарылатын еді. Шаһзада өзіне көрсетілген құрметке бас изеп ишарат жасағанының өзінде корольдің атқыштарына көз қиығын тастамауға тырысып баққанын Квентин аңғарып қалды, осындай жай ілтипатты да күдікшіл король өзінің қорғауылдары арасынан іш тартатын адам жинағысы келіп тұр деп ойлап қалмас үшін ол нақ бір қорыққан кісідей басын жоғары көтеріп те қараған жоқ.


Егер зымиян, сауысқандай сақ Людовик пен Англияның оған мүлде кереғар күйгелек, әумесер VIII Генрихін бір-біріне ұқсату мүмкін болса, онда өзінің лезде жоғарылауымен, мінез-құлқымен Уолсиді еске түсіретін, сол бір тұста Людовиктің сүйікті министрлерінің бірінен саналған маңғаз кардинал, әрі прелат Жан Балю өзін мүлде басқаша ұстады. Людовик өзінің діни қызметшісін қоғамның ең төменгі қауымынан қалап алды да, оны ең жоғарғы мәртебелі қызметке дейін, яғни Францияның қайыр-садақасын бөлетін ұлықтың орасан зор жалақысын алатын дәрежеге дейін көтерді, бенефицияларға қарық қылды, сөйтіп оған кардинал бөркін алып берді; айрықша сақ Людовик, әлбетте мансапқор де Балюге Генрихтің Уолсиге білдіргеніндей сенім білдіріп, бүкіл билікті оның қолына бере қойған жоқ, алайда Людовиктің осынау сүйікті адамы корольге өзінің ең сенімді кеңесшілерінің бәрінен де күшті ықпал ете білді. Әлбетте, бұдан кейін оқыс жағдайда қарадан хан болғандардың бастан кешетін үйреншікті жаңсақтығына кардинал да ұрынбай өте алмады. Шапшаң жоғарылатылғанына мастанып кеткен ол өзін кез келген істі атқаруға қабілеттімін деп санады. Бойы сорайған ұзын және ебедейсіздігіне қарамастан ол зады әйел атаулылардың алдында бәйек қағып шыға келетін, ал онысы не атақ-дәрежесіне, не сыр-сипаты мен тұлғасына мүлде үйлеспей, ерсі көрініп тұратын. Әкесінен аумаған (әкесі бір сыбыс бойынша — Лимождан шыққан қашыр айдаушы делінсе, ал басқа бір сыбыс бойынша Вернендік диірменші) ерепейсіз үлкен добал аяғын әлдебір жарамсақ аяғыңыз қырынан қарағанда керемет келісті көрінеді деп өзін әбден иландырып тастаған-ды. Бұл сөзге кардиналдың қатты сенгені сонша, төңірегіндегілерге өзінің келідей қорбиған аяғын көріп, таңырқаулары үшін шұбатылған ұзын шапанының етегін үнемі бір қапталынан жоғары көтеріп қойып жүретін. Үстіне қызыл түсті мәуіті шапаны мен басына оқалы бөркін киіп, қабылдау залының ішімен маңғаздана жүріп бара жатып, шотланд атқыштарының асынған қаруына көз тоқтату мақсатымен әлсін-әлі аялдап қалт бөгеле қалатын да, оларды өзінше байыпты сыңаймен міней бастайтын, ал қайсыбір мезеттерде ол қалыптасқан өнегені бұзып тұрсың деп атқыштардың біресе біреуін, біресе екіншісін жер-жебіріне жете сыбап өтетін, бірақ онысының сөлекеттігі көзге ап-айқын ұрып тұратындығы соншалықты байырғы жауынгерлер, кардиналдың сөзін теріске шығаруға батылдары жетпей, көрінеу көзге жиіркене әрі іштей нали тұрса да құлақ түргендей сыңай білдіретін.


— Бургундия елшісі өзін шұғыл түрде қабылдауын талап еткені корольге мәлімденді ме? — деп тіл қатты Дюнуа кардиналға қарап.


— Мәлім етпеске бола ма, — деп жауап қатты кардинал. — Әнеки, жеті білгіштің бірі Оливье ле Дэннің өзі де келе жатқан тәрізді ғой, кешіктірмей король әмірін бізге білдіретін шығар ол.


Шынында да, ол сөзін аяқтап үлгерер-үлгерместен-ақ король тынығатын түпкі бөлмеден Людовиктің сүйікті адамы, менменсіген кардинал тәрізді корольдің ықыласына бөленген, бірақ не сырт пішіні, не қимыл мәнері жағынан кардиналмен титтей де ұқсастығы жоқ атақты Оливье шығып келе жатты. Өр көкірек те елірме мінезді прелатқа мүлде кереғар Оливье шүйкедей ғана, өңі аппақ шүберектей қуарған арық кісі еді, оның үстіне костюмі — жұпыны қара жібектен тіккен камзолы, нақ осындай жұпыны панталоны мен шұлығы — қушиған тұлғасын көрікті ете қоюы екіталай-тұғын. Қолындағы күміс шылапшыны мен иығындағы сүлгісі оның қарапайым кәсіптің адамы екенін танытарлықтай еді. Оливьенің жүзінен ширақтық пен зеректік нышаны аңғарылады, бірақ оның бұл қасиетін сырт жанға сездіргісі келмейтіні байқалады, сол себептен де тіке қарамай, көзін төмен ұстап бетегеден биік, жусаннан аласа күй танытады, яғни, дәлірек айтсақ, мысықша ұрлана басып, жұрт көзіне шалынбай сыбдырсыз өте шығуға тырысады. Бірақ егер кішіпейілділіктің тасасында мол рақым бүркеулі болады дей тұрсақ та, корольдің мейіріміне бөленген кісі рақымшылдық пердесін қалай жамылса да онысы әшкереленбей қалмақ емес. Тіпті мұны бұлай қойған күннің өзінде күллі қауымға белгілі, корольге деген ықпалы айрықша күшті, атақты шаштараз және малай Оливье ле Дэн, былайша айтсақ — Сұмырай Оливье, немесе тағы да — Сайтан Оливье сияқты адамның қабылдау залынан ешкімнің көзіне еленбей өте шығуы мүмкін бе екен! Мұндай айдар-атаққа ол корольдің зұлмат ойларын жүзеге асыруға зымияндық қулықпен көмектесе білгені үшін ие болған-ды. Зал ішінен қас қағымда шығып кете барған граф Дюнуамен әлдене жайында мазасыздана сыбырласып үлгерген Оливье кері қарай бұрылды да, тағы да түпкі жақтағы бөлмеге беттеді, ал мұндағылардың бәрі оған ілтипат көрсетіп ығыса берісті. Бұл қошеметке лезде құлдық ұрып ишарат білдірген ол зал ішіндегілердің қайсыбіреулерінің құлақтарына бірер сөзді асығыс түрде сыбырлай жеткізу мақсатымен екі-үш мәрте бөгеліп қалды. Өзге сарай маңындағылардың іштей қызғанышын туғызу үшін Оливьенің осынау қас қағым сәт көңіл бөлуінің өзі артығымен жетіп жатты; бұдан соң өзінің қызмет бабымен асығыс екендігін желеу етіп, жауап қатуын күтпестен және сарай маңындағылардың кейбіреулерінің өздеріне оның назарын аударғысы келгендігін байқамағансып, ілгері қарап сырғи берді. Өз мәселесі сәтімен шешілгенін екі ауыз сөзбен ғана хабарлап үлгерген Оливьемен тілдесіп қалу құрметіне бөленген Людовик Лесли бұл жолы бағы жанғандардың қатарынан табылды.


Іле шала осынау жақсы хабардың расқа сайғанының тағы да бір көрінісі байқалғандай болды. Зал ішіне Квентиннің ескі танысы, ұлы прево, король полициясының жоғарғы бастығы Дәруіш-Тристан кіріп келді де, тікелей Таңбалыға қарай тартты. Жалт-жұлт еткен әскери киімі оның тұрпайы жүзі мен түксиген қабағын бұрынғысынан да бетер айқындай түскендей, ал жылы шырай білдіре сөйлемек болғаны көбіне-көп аюдың ырылдағанына ұқсап тұрды. Алайда оның айтпақ болған әңгімесі сөйлеу мәнерінен гөрі жібі түзулеу болып шықты. Ол кешегі қолайсыз оқиғаға қатты өкінішін білдірді, бірақ бұған өзінің кінәлі емес екенін, керісінше әскер киімін кимей шыққанын, әрі король гвардиясында қызмет атқаратындығы туралы ләм деп тіл қатпаған Лесли мырзаның жиенінің кінәлі екенін айтты. Соның салдарынан өзінің жаңсақтыққа ұрынғанын, бұл аңғалдығы үшін, ол, Тристан, қазір Леслиден ғапу етуін өтінетіндігін білдірді.


Людовик Лесли жауабынан жаңылған жоқ, бірақ Тристан қастарынан кетісімен-ақ, бұдан былайғы уақытта әлгі адам өздерінің бітіспес қан құйлы дұшпанына айналатындығын айтты жиеніне.


— Әйтсе де оның уысына оп-оңай түсе қоятын анау-мынау құсың біз емеспіз, — деді ол сөзін сабақтап. — Өз борышына адал солдат, керек десеңіз, ұлы превоның өзінен де қаймықпауына болады.


Квентин нағашысының бұл ойымен келісе кетті деуге болмас еді. Тристан өзіне қандай зіл тастап кеткенін өз көзімен көріп тұрды; бұл былайша айтқанда, өзін жаралы еткен аңшының қарсы алдында тұрған аюдың көзіндей кекті көзқарас-тұғын. Десе де, жан алғыш жебірейілдей осы бір қорқау адамның тіпті әдеттегі түксиген қас-қабағы-ақ кез келген пенденің үрейін ұшыра алатын-ды; үкімді жүзеге асырушы осынау қан құйлының қарауындағы мейірімсіз көмекшілерінің қан шеңгелі өзін бүре жаздап әрең аман қалған шотландық жасөспірімнің қазіргі сәтте қандай бір сұмдық та жиіркенішті сезімге бөленіп тұрғанын түсіну қиын емес-ті.


Айтса да Оливье, зал ішімен жоғарыда суреттелгеніндей сырғып өте шығып, тағы да түпкі жақтағы бөлмеге барып кірді. Зал ішіндегілер, тіпті сарай маңындағы ең биік мәртебелі қызметтегілер де, екі жарылып араларынан бұған жол берісіп, мейлінше қошемет көрсетіп, ыстық ықыластықтарын білдіріп бәйек қақты. Олардың мұнысынан анау ерекше ыңғайсызданғандай сыңай танытып, кішіпейілділік білдіргенсіп бакты. Ол сып етіп қарасын үзген есік ұзамай шалқасынан ашылып, залға Людовик кіріп келді.


Осында тізіліп тұрғандардың бәрі тәрізді сол жаққа көз тастап қараған Квентиннің тұла бойы еріксіз түрде дір ете қалғаны соншалықты, қолындағы қаруын жерге түсіріп ала жаздады: француз королі дегені кешегі танысы, жібекпен сауда-саттық жасайтын Пьер ағайдың дәл өзі болып шықты. Екеуінің кездесулерінен соң, бұл жұмбақ жан кім болды екен осы, деген сауал үстінде оған сан қабат ойлар келіп те үлгерген еді, ал, бірақ, қазіргі шындық өзінің ең бір батыл жорамалдарынан да асып түсті.


Салтанатты рәсімнің шырқын бұзғанына ренішін білдірген Лесли оған ала көздене қарағанда ғана барып, Квентин бойын жинағандай болды. Бірақ корольдің өткір жанары жан-жағын жіті шолып, лезде тани кетіп, өзге ешкімді де елеместен, тура өзіне қарай беттеген кезде Квентиннің бұған таңданғанын айтсаңшы.


— Сонымен, жігітім, — деді Людовик оған қарай, — сен өзің Туреньге келген алғашқы күні-ақ лаң шығарып үлгеріпті деседі ғой. Бірақ мен саған кешірім етемін, өйткені ізгі шараппен таң сәріден шотландық қызу қаныңды тасытып қою керек деп ұйғарған әлгі бір қақпас ақымақ көпес айыпты осының бәр-бәріне. Егер сәті түсіп оған жолыға қалсам, гвардиямды аздырмақ болған әлдебіреулерге сабақ болуы үшін оның сазайын беремін әлі... Лесли, — деп сөзін жарастыра түсті король Таңбалыға қарап, — сенің туысың нағыз азамат, жалғыз-ақ сәл қызбалау екен. Әйткенмен де, нақ осындай арыстарды менің жаным жаратады, сондықтан да бүгінгі күні өзіме адал да батыр атқыштарымның сіңірген еңбегін қай кездегімнен де көбірек бағалауға дайынмын. Сен жиеніңнің туған жылын, күнін, сағаты мен минутына шейін жаздырып қоюға әмір ет те, жазған қағазыңды Оливьенің қолына тапсыр.


Таңбалы төмен иіле тәжім етті де, сол мезетте нақ бір жедеқабыл қимылы арқылы корольді қорғауға немесе оның сөзін екі етпей әрекетке кірісуге дайын екендігін көрсеткісі келгендей қайтадан солдаттың міз бақпай қалт тұрып қалған кейпіне көшіп те үлгерді. Осы бір екі арада алғашқы минуттағы аң-таң болған күйінен лезде есін жиған Квентин корольдің тұла бойын зейін қоя шолумен болды, сөйтіп оның сөз саптауы мен дидары өздері тұңғыш жолыққан кезде көргеннен өзгеріп кеткенін аңғарып, іштей қатты қайран қалды.


Рас, оның киім киісінде ешқандай дерлік өзгеріс байқалған жоқ. Сәнқойлықты Людовиктің жаны сүймейтін-ді, сөйтіп қазір де аңшының көнетоз көкшіл костюмін киіп келіпті, онысы кешегі камзолынан сәл-пәл ғана тәуірлеу көрінді. Мойнына әулиелігімен әйгілі, Ливан тауын мекендейтін байырғы тақуаның қолынан алынғаны куәландырылған, түрік сұлтаны сыйға тартқан қара түсті ағаштан жасалған, моншақтары ірі таспиық асып алыпты. Басына жалғыз ғана әулие суреті бейнеленген кешегі бөркін ауыстырып, кәдімгі қалайыдан жасаған қаптаған әулиелердің бейнелері жағалай қадалған қалпақ киіпті. Бірақ кеше Дорвардқа тек сараңдығы мен тойымсыздығын аңғартып тұрғандай көрінген оның көздері, бүгін құдіретті де кемеңгер әміршінің жанарындай асқақтық һәм көрегендік отымен нұр жайнайды, ал кеше өзі ұзақ жылдар бойғы ұсақ-түйек сауда-саттық кәсіп тауқыметінің белгілері деп түйген маңдайындағы айқыш-ұйқыш әжімдер бүгін оған тоқсан тарау ойлардан желі боп тартылған атыздар, халықтардың тағдыры туралы жанын жегідей жеген толғаулардың ізіндей болып елестеп тұрды.


Корольдің ізінше зал ішіне нөкерлерін ілестіріп, патшайымдар келіп кірді. Бертін келе Пьер де Бурбонға ерге шыққан және Франция тарихында мадам де Боже деген есіммен танылған корольдің үлкен қызының біздің әңгімемізге қатысы жоқ десе де болғандай. Бойы сұңғақтау, әжептәуір көрікті еді, шешендік дарын жағынан да қара жаяу емес-ті, әрі зеректігі де өзін әмісе бауырына тартып һәм жаратылысында жақсы көру қабілеті бойына қаншалықты дарыған болса, өзін соншалықты ғана жақсы көрген әкесіне тартып туған.


Герцог Орлеанскийге атастырып қойылған қалыңдық саналатын бишара, кіші қызы Жанна апасына ілесіп жүрексіне, имене жүріп келеді. Әдетте зады әйел біткендер ерекше ардақ тұтатын, сөйтіп ерекше қызғаныш білдіре қарайтын түр-сымбат дегеннен мүлде құр алақан-тұғын. Сырт көзге аурушаң көрінетін ол тарамыстай семіп қалған жүдеу, өңі қан-сөлсіз, қуарған, қисық иықты жан еді; қиралаңдаған жүріс-тұрысына қарап, оны ақсақ шығар деп ойлап қалуға болатын. Маржандай әсем тісі, мұңға толы жабырқау көзқарасы және ақшыл-сарғыш шашы тұтас алғанда құбыжық кескін-келбетін біршама жұмсартуы ғажап емес деп айтуға батылы баратын жарамсақ біреу табыла қалса, оның тұла бойындағы көзге жылы ұшырайтындай қасиеттері, міне, осы ғана. Қыз бейнесін суреттеуді осымен тәмамдау мақсатымен патшайымның киім киісіндегі салақтығы мен именшектік мінезі де сымбат атаулыдан мақұрым екендігін өзі екеш өзі жанына батса да сезетіндігін айғақ еткендей, табиғат өзін жұрдай етіп жаратқан қасиеттердің орнын өнердің көмегімен көлегейлеуге, әлде басқа бір сиқырдың күшімен бағын сынап көруге — тіпті зәредей де талпынған пенде емес екенін айтсақ та жетер.


Кенже қызын іштей жаратпайтын король, патшайым зал ішіне келіп кірген бойда-ақ соның қасына барды.


— Уа, дүниені талақ еткен, қызым-ай... Бүгін елең-алаңнан қайда бармақшы болып сәндене киініп алғансың — аңға шықпақсың ба әлде әдияратқа аттанбақсың ба? Кәне, сөйле!


— Өзіңіз қайда бар дейсіз, әміріңіз білсін, патшам, — деді патшайым естілер естілместей.


— Сенің сырың мәлім маған, Жанна, өзіңе салса, сарайдан безіп шығып, жарық дүние мен тіршілік қарекеттен бас тарту — аңсаған арман-тілегім осы деп бізді иландыруға құштарлық білдірген болар едің. Бірақ мына біз, киелі шіркеудің тұңғыш перзенті, қызымызды бере алмаспыз деп жаратқан құдаймен тайталасады, деп шынымен-ақ ойлар ма едің? Егер қызымыз меһрапқа лайық деп табылса немесе егер де сен шынында да сондай қабілетке ие болсаң, онда қасиетті бибі һәм қасиетті Мартин өздерің жар бола көріңдер, нақ сондай құрбандықты шалудан біз бас тарта қояр ма екенбіз.


Сөзін тәмәмдап, король құдайға сиынып бір шоқынып алды да, дұғасын сыбырлай айтып, үнсіз қалды. Осы бір сәттерде Квентинге Людовик дүниеліктерін қиғысы келмей, құнын әдейі кемсітуге тырысып баққан, бірақ осынау дүниеліктерін сыйға тартпағаны үшін ақталып бәйек болған айлакер вассалға қатты ұқсап тұрғандай көрінді. «Тәңірінің өзіне де екі жүзділік жасаудан ол шынымен-ақ тайына қоймас па екен? — деген ой келді Дорвардқа. — ішкі сарайында не сұмдық жатқанын біле алмайтын адамдарды алдай беретіндігі сияқты, құдай мен әулиелердің өзін де алдағаны ма?»


Алайда Людовик сөзін сабақтай түсті:


— Атай көрмегін сүйікті қызым, сенің шын ой-ниетің маған және ішінара басқа да адамдарға жақсы мағлұм... Рас айтып тұрмын ба, герцог? Жақынырақ келіңіз, біздің сүйікті бауырымыз, сөйтіңіз де атына мінуі үшін мына адал весталкаға қолыңыздың ұшын бере көріңіз.


Бұл сөзді естігенде герцог Орлеанский селк ете қалды, сөйтіп корольдік әмірін орындамақ боп ұмтыла берді, бірақ оның ебедейсіздік көрсеткені, көрінеу көзге қысылып абдырап қалғаны соншалықты, король іле-шала оны тілімен шағып алудан бас тартқан жоқ:


— Абайлаңыз, абай болыңыз, сүйіктім! Қызбаланбаңыз... Не істеп тұрғаныңызға қараңызшы. Ғашық жандар асығып-аптыққандарында кейде қандай ерсіліктерге бой ұрғыш келеді десеңізші! Сәл болмағанда сіңлісінің орнына, Аннаның қолына жармаса жаздадың ғой. Әлде сізге Жаннаның қолын өзім ұстатайын ба?


Бишара шаһзада нақ өзі іштей жек көретін бір затқа зорлықпен қолын тигізуге мәжбүр еткен балаша көзі шарасынан шығып, тұла бойы дірілдеп кетті. Алайда бой тоқтатып, патшайымның қолынан ұстады. Екі жас тұнжырасып үнсіз тұрып қалғанда, күйеу жігіттің діріл қаққан қолы қалыңдықтың мұп-мұздай, дымқыл саусақтарына еріксіз жанасқан сол сәтте, бұл екеуінің қайсысы бақытсыздыққа көбірек душар болғанын түсіне қою қиын; өзі барынша жиіркене қарайтын қызбен мәңгіге маталып қалғанын сезген герцог па, әлде оның махаббатына ие болу жолында өз басы өмірін де құрбан етуден тайынбайтын, сонымен қатар жігітке титтей де ұнамайтынын іштей кәміл сезінген бишара патшайым ба?


— Жә, кәнеки, аттарыңа қоныңдар, мырзалар! — деді король. — Қызымыз де Боженің қасына біз өзіміз ілесіп жүрейік, ал бір құдайдың өзі және әулие Губерт біздің бүгінгі аңға шығуымызды қолдай көрсін!


— Патшам, сізді бөгеп қалып жүрмесем, қайтсын, — деді осы мезетте қайта оралып келген граф Дюнуа. — Бургунд елшісі қақпа алдында сізді тосып тұр. Өзін кідіртпестен қабылдауыңызды талап етті.


— Талап етті дейсің бе? — деп король қайталап сұрады, — Бүгін оны қабылдай алмаймын, ал ертең әулие Мартиннің мерекесі, құдайдың өзі жар болғай, бұл мерекені тіршілік тауқыметімен қорлай аламыз ба? Әлде Оливье арқылы өзіңе айтып жіберген сөздерімді сен оған хабарламап па едің? Ал бүрсігүні біз Амбуазға аттанбақпыз. Бірақ, ол жақтан қайтып оралғанымызда, басқа да шұғыл істеріміздің бабына қарай, оны қабылдай жатармыз.


— Мен оған осы сөздің бәрін де айттым, патша ием, — деді Дюнуа, — бірақ ол өз айтқанынан қайтар емес...


— Сайтан алғыр! Көмейіңде бірдеңе кептеліп тұрған жоқ па, достым? Бургундтықтың сөзі көмейіңнен өтпей тұр ма?


— Егер қолымды қызмет бабындағы борышым тұсай бермесе әрі асыл текті ағзамым өз әміріңіздің құдіреті мен елшінің дербестігі туралы заң болмаса, онда оған өз сөзін өзіне жұтқызар едім, патша ием. Орлеандық бибінің атымен ант етейін, оның сөздерін ұлы мәртебелі сізге жеткізбей-ақ, өзіне жұтқызғанды жөн көрер едім.


— Бірақ, құдайым-ау, бұған қалай-ақ таңданбассың, Дюнуа, сенің өзің қаншалықты қызуқанды бола тұрсаң да, біздің есуас және күйгелек бауырымыз Карл Бургундскийдің нақ осы бір кемшілігіне соншалықты қатал қараушы едің ғой, — деді король. — Ал, шын иманым осы, достым, әлгі Фландриядан толассыз есіп тұратын, сөйтіп біз өзіміз күтпеген анау қонақты ілестіре келген теріскей шығыстың желін елей қоймайтын мынау қамалдың мұнаралары тәрізді мен де оның дөкір елшілеріне пысқырып та қарамаймын.


— Ендеше, өзіңіз біліңіз, патша ием, — деді Дюнуа, — граф де Кревкер қасындағы кернейшілерімен және бүкіл нөкерлерімен қақпа алдында тосып тұр. Егер асыл текті ағзам өзін қабылдаудан бас тартса, түн ортасына шейін болсын өзінің тосатындығын мәлім етті, әміршісі оған француз королімен шұғыл түрде жолығуды тапсырған, өйткені келген шаруасы кейінге қалдыруды ешбір көтермейді. Ол өз мақсатына жетпей қоймайтындығын, сөйтіп сіз қамал-сарайдан шыққан бойда және патша ием, сіз қалай қарай беттесеңіз де: жұмыс бабымен бе, серуенге ме, әлде құлшылық етуге барасыз ба, өзіңізбен кез келген сағатта тілдесіп қалатындығын, сондықтан оның бұл ұйғарымын қара күштен басқа ешқандай шара өзгерте алмайтындығын айтты.


— Ол — ақымақ, — деді король міз бақпастан. — Осынау есуас фламандық өз қолында тұтас бір мемлекеттің іс тетігін ұстап отырған ойлы адам қамал-сарайында жиырма төрт сағат алаңсыз отыруы мүмкін емес деп есептей ме екен? Делқұлы немелер өңшең! Олар, сірә, күллі адамзат біткен солар қалайтын үлгіде жаратылған, сөйтіп әрбір пенде ерттеулі ат үстінен түспегенде ғана бақытты, деп ойлайтын болулары керек... Тазыларды бұл арадан алып кетіп, оларға тамақ бергізуге әмір ете көріңізші, достым Дюнуа. Аңға шығуды доғара тұрып, біз бүгін кеңес құрамыз.


— Асыл текті ағзам, — деп қарсылық білдірді Дюнуа, — мұныңызбен сіз Кревкерден құтыла қоймайсыз. Егер оны қабылдамайтын болсаңыз, онда ол мырзасының бұйрығы бойынша, герцог өзінің Францияға адалдығынан бас тартқанының және Францияға дереу соғыс жариялайтындығының белгісі ретінде қамал-сарайыңыздың шарбағына қолғап шегелеп кететіндігін мәлімдеді.


— Солай ма! — деді Людовик сол байсалды қалпында. Сабалақ қою қастарын қатулана түйгені соншалықты, бір сәтке оның өткір қара көздерін мүлде жауып кеткендей көрінді. — Ежелден бергі вассалымыз бізбен осылай сөйлесуге де батылы барады! Бізге өзіміздің сүйікті жиеніміз осылай қыр көрсетпек!.. Олай болса, не шара, Дюнуа, жауынгерлік туымызды төбемізге желбірете көтеріп «Дени Монжуа» деп ұран тастауымызға тура келетін шығар.


— Сәт сапар, асыл текті ағзам, — деп жар салды қаһарланған Дюнуа.


Ал тұла бойларын қуаныш кернеген король атқыштары, өздері тұрған күзет орындарында дүрлігісіп қалғандары соншалықты, зал ішінде қатты естілмесе де, қару-жарақтардың салдырлаған үні құлаққа шалынып өтті. Король басын көтеріп төңіректі мақтаныш сезімімен шола қарады; осы бір мезетте ол өзінің батыр әкесіне ұқсап, әкесінше ойлап тұрды.


Бірақ бір сәтке ғана лап ете қалған ашу-ыза су сепкендей басылып, саяси ақыл-ойға кезек тиді; қазіргі қалыптасқан жағдайда Бургундиямен ашықтан-ашық қол үзіп шығу Франция үшін төтенше қауіпті болатын. Сол бір тұста ағылшын тағына отыздан астам ұрысқа тікелей қатысқан, соғысқұмар, әрі өжет король IV Эдуард отырған-ды. Ол Бургундия герцогинясының ағасы еді, сондықтан да, сірә, өз әскерлерімен әрқашанда тосқауылы жоқ Кале қақпасы арқылы Францияға басып кіру мақсатын көздеп Людовик пен өзінің күйеу баласының арасындағы қатынастың біржолата үзілгенін күтумен болуы ықтимал-тұғын. Ол өзара қырғын соғыстарда талай рет тамаша жеңістерге ие болған-ды, сондықтан енді ағылшындардың Францияға қарсы соғысы арқылы халық көкейінен кетпей қойған өзара қырқыстар туралы есте қалған ауыр оқиғаларды ұмыттыру ниетін көздеген еді. Корольдің бұл ой-долбарына Бретань герцогының адалдығына күмәні және маңызы бұдан кем соқпаған басқа да саяси есептері қосылып жатты. Сондықтан ұзақ үнсіздіктен соң Людовик тағы да сөз бастағанын да, оның дауыс мақамы өзгере қоймаса да, сөзінің мән-мазмұны мүлде басқаша құбылып сала берді.


— Құдай сақтасын, — деді ол, — егер елдің ар-намысына дақ түсірмей-ақ соғыс апатына жол бермеуге болады деп тапсақ христиан дініне барынша адал, мына біз іспеттес король, басқа шара қалмаған амалсыз жағдайда ғана болмаса француздың қанын төгуге бармақшы емес. Мейлі тіпті өз өкілеттілігінен де асып кеткен қылық көрсететін қайдағы бір елші біздің абыройымызға тіл тигізіп, қалай қорлап тұрса да, сабырлылық сақтауымыз керек, қол астымыздағы азаматтардың өмірін құрбан етуге біз бармаймыз. Ішке кіргізіңдер бургунд елшісін!


— Ел бірлігін сақтағанды құдайым өзі жақтаған! — деді кардинал Балю.


— Ақиқаты осы! Татулықты бұзбағанның абыройы да артады — солай емес пе, қасиетті әулием? — деп ұштай түсті ойын король.


— Аумин, — деп бата етті кардинал.


Бірақ бұл уәжді осында қатысып отырғандардың бірде-біреуі дерлік қостай қойған жоқ. Ұялғанынан герцог Орлеанскийдің құп-қу өңін қызыл бояу жауып кеткендей болды, ал Таңбалының тұла бойын кернеп тұрған сезімін білдірмеуге мұрсаты жетпеді: сабының ұшы еденге тиіп кетіп дік ете қалған айбалтасын қолынан түсіріп ала жаздады. Мұндай жеңілтектігі үшін оған кардиналдың аузынан қатаң сөгіс естуіне және ұлы мәртебелі корольдің көз алдында сапта қалай тұру керектігі туралы өсиет тыңдауына тура келді. Корольдің өз басы мелшиген ауыр тыныштық орнай қалғанына қысылғандай боп көрінді.


— Сен әлдеқалай ойланып қалғандайсың ғой, Дюнуа, — деді ол, — әлде мынау көргенсіз елшінің алдында біздің солқылдақтық көрсеткенімізді айыптап тұрсың ба?


— Жоқ, асыл текті ағзам, — деді Дюнуа, — өз міндетіме қатысы жоқ мәселелерге қол сұқпаймын. Ұлы мәртебелі ием, өзіңізден маған бір мархабат көрсетуіңізді өтінуді ойлап тұр едім.


— Мархабат дедің бе, Дюнуа? Айт, не болып қалды? Сенің әлдене жайында өтініш ете қоюың ілуде бір ғана кездесуші еді, сондықтан біздің келісетіндігімізге күн ілгері үміттене беруіңе болады.


— Олай болса, ұлы мәртебелі ием, өзіңізден мені Эвреге аттандырып, сондағы дін басыларға басқарушы етіп жіберуіңізді өтінер едім, — деді Дюнуа шын мәніндегі әскери дәлдікпен.


— Сен атқаратын қызмет аясына жатпайтын іс, міне, нақ осы, — деп ескертті король күлімсіреп.


— Қалай болғанда да, — деді граф, — мен дін басыларын биік мәртебелі епископ немесе өзі ұнататын болса кардинал деп-ақ атайын, ұлы мәртебелі ием сіздің гвардияңыздағы солдаттарды басқарғаннан кем басқармас едім.


Король тағы да жұмбақ пішінде күлімсіреді де Дюнуаның құлағына сыбырлай үн қатты.


— Бәлкім, екеуміз дін басыларын тәртіпке шақыратын күн ұзамай туып та қалар... Ал ондай күн туғанша осынау паңданған айуан епископпен санаса тұрғанымыз абзал болмақ. Қазіргідей дәуірде ол да әжетке жарайды... Аһ, Дюнуа, оны да және басқа сұмдық масылдарды да біздің мойнымызға артып қойған — сол Рим емес пе! Бірақ бұған төзе тұруымыз керек, достым: қашан қолымыз шыққанша картаны араластыра береміз, тарата береміз.


Осы бір мезетте аула ішінде керней тартылып, бургунд елшісінің келіп кіргенін паш етті. Жиналғандардың бәрі сыпайылық салты бойынша өздерінің атақ-дәрежелеріне қарай король мен оның қыздарының қасынан орын алуға асықты.


Зал ішіне ерлігімен даңқы шыққан граф де Кревкер келіп кірді. Достас мемлекет елшілерінің қалыптасқан рәсімін қадағаламаған ол қаруларын түгел асынып алыпты, жалғыз-ақ — жалаң бас. Үстіне ертегідегідей алтын ою-өрнектермен әсем әшекейленген, Милан шаһарында құрыштан соққан сауыт киген. Жалт-жұлт еткен сауыттың сыртынан мойнына сол кездегі рыцарьлық аса бір құрметті ордендердің бірінен саналатын — бургундтың Алтын Жабағы орденін таққан. Соңынан ілескен келбетті паж оның дулығасын көтеріп алған, бәрінің алдында қолына сенім грамотасын ұстаған герольд жүріп келеді, ол тізесін бүгіп, грамотаны корольдің қолына тапсырды. Елші өзінің сымбатты тұлғасына, өткір көз жанарына, асқақ мәнері мен сабырлы жүзіне осында қатысып тұрғандар ынтыға қарап қалсын дегендей залдың орта тұсына таянып барып тоқтады. Өзге нөкерлері аула ішінде және ауызғы бөлмеде тұра берісті.


— Төрлеңіз, граф де Кревкер, — деді Людовик өзіне табыс етілген қағазға көз тастап қойып.


— Аса даңқты жауынгерді қабылдау үшін жиеніміздің қолымен берілген сенім грамотасына біз зәру емеспіз, әрі жауынгердің өз мырзасының сеніміне лайық екендігіне шүбәміз жоқ. Бабаларымызбен қандас туыс болып келетін сіздің кербез сұлу жарыңыз сау-саламат болар деп үміт етеміз. Егер жарыңызбен қол ұстаса бірге келсеңіз, граф, онда біз үстіңіздегі сауыт-сайманыңызды Францияның жарыңызға ғашық болып қалған күллі рыцарлары алдында өз намысыңызды қорғау үшін киіп келген ғой деп ойлаған болар едік. Бірақ сіздің жауға аттанатындай сыңай танытып келгеніңізді бізі бұйырмасын, мүлде ұға алмай тұрмыз.


— Тақсыр, — деп жауап қатты елші, — графде Кревкер өзінің бақытсыз күйге душар болып тұрғанына өкініш білдіреді, әрі ұлы мәртебелі король ием, ғафу етуіңізді өтінеді, бірақ қазіргі жағдайда ол өзін патшалық мейіріміне бөлеген корольге көрсетуге міндетті қадір-құрметі мен ілтипатын көрсете алмайды. Өйткені Филипп Кревкер де Корде өз атынан сөйлеп тұрған жоқ: ол өзінің айбынды тақсыры, әрі әміршісі Бургунд герцогының сөзін қалтқысыз, ауызба-ауыз жеткізіп тұр.


— Қош, сонымен, Бургунд герцогы граф де Кревкердің аузына қандай сөз салып тұр, — қанеки! — деді Людовик өзінің патшалық атақ-дәрежесіне сай асқақ үнмен. — Сабыр ет! Тап қазір Филипп Кревкер де Корде өз тақсырының тақсырымен лебіздесіп тұрғанын ұмытпасын!


Кревкер иіліп тәжім етті, бірақ лезде қайтадан басын паңдана жоғары ұстап, даусын көтере сөйлеп кетті:


— Француз королі! Бургундияның ұлы герцогы өз мемлекетінің шекарасында, асыл текті ағзам, сіздің төрелеріңіз бен әскери гарнизондарыңыздан көрген зәбірлері мен қысымшылықтарының қағазға түсірген тізімін өзіңізге тағы да жолдап отыр. Ұлы герцог жауап беруіңізді талап ететін бірінші тармағы мынадай: көрсеткен қорлықтарыңыздың өтеуі жөніндегі тілегін қанағаттандыратын ниетіңіз бар ма, ұлы мәртебелі тақсыр?


Король қарсы алдында тізерлеп отырған герольдтың қолындағы қағазға көз жүгіртіп өтті.


— Бұл біздің кеңесімізде қаралып, баяғыда-ақ шешімін тапқан мәселе. Мына қағазда қорлық жасалынды деп нақпа-нақ аталған істердің кейбірі менің қол астыма қарайтын француз азаматтарына кезінде көрсетілген зәбір үшін кек қайтару мақсатында қолданылған шаралар ғана, екіншілері ешқандай да қисынға келе қоймайды, ал үшінші бір зәбірлердің кегін герцогтың әскерлері мен гарнизондары қайтарып та үлгерген. Ал егер жоғарыда аталып өткен тармақтардың біріне де жатқызуға болмайтын өкпе-наздар да кездесер болса, онда, шекарамызда бой көрсеткен заңсыз қадамдардың бәрі бізбен алдын ала келіспек түгіл, тіпті біздің ең қатал жарлықтарымызды аяқ асты етудің салдарынан жүзеге асырылғанына қарамастан, христиан дініндегі король саналатын біз, әлбетте, көршіміздің тілегін қанағаттандырудан ешқашан да бас тартпақшы емеспіз.


— Асыл текті ағзам, жауабыңызды өзімнің ізгі мырзама жеткіземін, — деді елші, — бірақ, ашығын айтайын, мына жауабыңыз мырзамның әділ шағымдарына, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің бұдан бұрынғы қайтарған жалтарма жауаптарыңыздан зәредей айырмасы жоқ, сондықтан бұл жауапқа менің мырзам қанағаттана қояды екен, сөйтіп Франция мен Бургундия арасында бітім мен татулық орнығуы ықтимал екен деп ойламаймын.


— Құдайдың маңдайымызға жазғанын көре жатармыз, — деді король. — Сөйтіп егер өз мырзаңның дөрекі жазғыруларына мен барынша сыпайы да орынды жауап беруге бел бусам, бұл мырзаңның қару-жарағынан сескенгендігімнен емес, қайта бейбітшілікті аңсағанымнан ғана солай ұйғарып отырмын. Тағы да не айтпақсың?


— Тақсырымның сіздің алдыңызға қоятын екінші талабы: асыл текті ағзам, сіз герцогтың қарауындағы Гент, Льеж және Малин шаһарларымен астыртын қарым-қатынастарыңыздан бас тартасыз; мырзаның қарауындағы фламандтық ізгі азаматтардың арасында іріткі салумен айналысып жүрген жансыздарыңызды әлгі шаһарлардан шұғыл түрде кері қайтарып аласыз; тұтқиылдан қаскүнемдік жасап, біздің мырзамыздың қарамағынан қашып кетіп Парижде, Орлеанда, Турда және басқа француз қалаларында сенімді баспана тапқан опасыздарды, ұлы мәртебелі мырза, қол астыңыздан қуып шығасыз, немесе, дұрысы, оларды істеген қылмыстарына лайық жазалау үшін заңды тақсырының қолына қайтарып бересіз.


— Бургундия герцогына айта барыңыз, — деді король, — оның шектен өткен дөрекілікпен айыптаған әрекеттерінен мүлде бейхабармын; қол астымдағы француздардың Фландрияның даңқты қалаларымен тұрақты қарым-қатынас жасайтыны, шынында да, рас, бірақ бірыңғай сауда-саттық сипаттағы бұл қатынастар үзіліп қалса, онда бұл тек маған ғана емес, сонымен бірге герцогтың өзіне де тиімсіз болады; әлгіндегідей себептермен көптеген фламандтар біздің мемлекетімізде де тұрып жатыр, сөйтіп олар біздің заңдарымыздың игіліктерін пайдаланып отыр, бірақ, өзім білетінімдей, олардың арасында бірде-бір опасыз немесе герцогтың еркіне қарсы келе қоятын бірде-бір қашқын азамат жоқ. Тағы да не айтпақсың! Сен менің жауабымды есіттің ғой.


— Алғашқы жауабыңыз тәрізді, өкінішімді жасырмай айтайын, ағзам, — деді граф де Кревкер, — бұл жауабыңыз да, асыл тектім, сіз мойындай қоймасаңыз да, шын орын алып отырған бірқатар жымысқы астыртын әрекеттердің есесі тиісті дәрежеде қайтарылды деп герцог, менің өз әміршім, қанағат тұтатындай жеткілікті түрде айқын әрі ағынан жарылған жауап емес. Бірақ мен сөзімді тәмәмдаған жоқпын әлі. Бургундия герцогы тағы да француз королі шұғыл түрде және сенімді күзетпен Изабелланы, графиня де Круаны һәм осы әулеттен тараған оның туысы графиня Амелинаны өзінің алдына жеткізіп беруін талап етеді . Герцог бұл соңғы талапты алға тартқанында, елдің заңы мен феодалдық иелік етудің ережесі бойынша өз қамқорында болып келген графиня Изабелла Бургундиядан қашып шығып, француз королі оны астыртын панасына алып отырғандығын, король оны герцогқа, өзінің заңды тақсырына әрі қамқоршысына бағынбауына итермелеп отырғандығын, сөйтіп осындай қылығымен француз королі цивилизациялы күллі Европа мойындайтын құдайдың да және адамның да бүкіл заңдарын бұзып отырғандығын негізге алады. Асыл текті ағзамның жауабын тағы да бір мәрте тосамын.


— Сіз, граф де Кревкер, — деді Людовик жаратпаған үнмен, — менің қабылдауымды таң сәріден талап етіп, жақсы істегенсіз, өйткені егер әумесер герцог жиенімнің кәріне ұшырап қалудан бас сауғалап қашып шыққан әрбір вассал жөнінде есеп беруімді тергемек болсаңыз, онда тізіміңіздің күн батқанға дейін таусылмау қаупі бар екен. Әлгі бикештер менің патшалығыма келіп табан тіреп отыр деп, кәне, кім растай алады? Қош, тіпті, мейлі солай-ақ болсын дейік, ал, бірақ олардың герцог иелігінен қашып шығуына мен қол ұшын беріппін немесе оларды қолыма алыппын деп, айтуға кімнің аузы барар екен? Олардың Францияда екендігіне және қайда келіп паналағандарын менің білетініме айғақ бар ма?


— Ағзам, — деді Кревкер, — менің қолымда мұндай айғақтың болғаны ұлы мәртебелі патшам, өзіңізге жақсы мәлім... Сіздің қамал-сарайыңызға жақын маңда орналасқан, маңдайшасында «Лала гүлі» деп жазылып қойған мейманханада осы бикештерді көзімен көрген куә адам бар-тұғын; асыл текті ағзам, өзіңіздің атақ-дәрежеңізге лайық емес қарапайым Тур шаһары тұрғынының костюмін киіп алғаныңызға қарамастан әлгі куә бикештерді сіздердің орталарыңыздан көріпті. Өзіңіз қатысып отырған кезде, тақсыр, әлгі куә кісі бикештердің қолынан олардың Фландриядағы дос-жарандарына жолдаған хаттары мен ауызекі сәлемдемелерін қабылдап алған. Хаттарын да, сәлемдемелерін де әлгі кісі Бургундия герцогына өз қолымен табыс еткен.


— Ол кісің, бұл куәң қайда қазір? — деп сұрады король. — Оны осы жерге алдыртыңыз. Ол өзінің бықсытқан өтірігін біздің көз алдымызда қайталап айтуға батылы барар ма екен, көрейік.


— Сіз алдын-ала масайрап отырсыз, ағзам, өйткені бұл куәнің көзі құртылып жіберілгенін білесіз. Куәгер бұл кісі — Замет Мограбин есімді қаңғыбас сыған болатын. Маған мәлім болып отырғанындай, ұлы мәртебелі тақсыр, полицияңыздың бастығының қарауындағы адамдар оны кеше дарға асып өлтірген... сірә, Бургундия герцогына, оның кенесі үстінде және менің, Филипп Кревкер де Корденің, көзімше айтқан хабарды ол осында растай алмауы үшін солай істелген болуы керек.


— Эмбрене бибінің атымен ант етемін, — деді король сілкініп, — бұл ешқандай қисыны жоқ айып, сондықтан бұл істе өз арымның тазалығы соншалықты, мен ашулану былай тұрсын, қайта күлер едім! Ал превомның ұры-қарылар мен қаңғыбастарды дарға аспайтын күні жоқ, өйткені бұл оның тікелей міндеті. Қош, енді Бургундия герцогына оның кемеңгер кеңесі үстінде айтсын мейлі, бірақ ұры ма, яки қаңғыбас па, қайдағы біреудің сөздері шынымен-ақ менің корольдік ар-намысыма кір келтіре алар ма? Граф, өзіңізден өтінген тілегім болсын, менің атымнан біздің қадірлі жиенімізге айта барыңыз, егер нақ сондай аннан қашқан, мұннан қашқандардың тобырын жаны сүйетіні расқа сайса, онда ол немелерін өз басы-ақ ардақтай берсін, себебі ондайлар менен аяусыз жазалау мен мойнына тұзақ салудан басқа рақымшылық күтпесін.


— Менің әміршім ондай жандарға зәру емес, асыл текті ағзам, — деп граф дәп осы шаққа дейін өзі әлі бара қоймаған қыр көрсеткен сарынмен жауап қатты, — өйткені ізгі герцогтың одақтастары мен көршілерінің тағдыры туралы сиқыршылар мен қаңғыбастарға бал аштыратын әдеті жоқ...


— Тоқтат, шыдамның да шегі болады, — деп король оның сөзін бөліп жіберді. — Ал, сен, сірә, бізді әйтеуір тілдеуді ғана мақсат тұтатын сияқты көрінесің, сондықтан келіссөзді тәмамдау үшін Бургундия герцогына біз өзіміз өкіл аттандырамыз: өйткені біздің бұған кәміл көзіміз жетіп отырғанындай, сен мінез-құлқыңмен өзіңе жүктелген өкілеттіліктің мейлі қандай дәрежесі болса да, барлық шегінен асып кетіп, астамшылыққа бой ұрып тұрсың.


— Мен, қайта өзіме тапсырылған өкілеттіліктің әлі шет пұшпағын да тындырған жоқпын, — деді Кревкер. — Кәнеки, құлақ түр сөзіме, Францияның королі, Людовик Валуа!.. Осында қатысып отырған төрелер мен дворяндар, сендер де құлақ салыңдар!.. Күллі адал да ізгі ниетті жандар, сендер де ден қойыңдар, менің сөзіме!.. Ал сен герольд Туасон д'Ор, маған ілесе, тақсырымның сөзін пысықтап айтып тұратын болғын. Империя графы һәм құрметті Алтын Жабағы орденді рыцарь мына мен, Филипп Кревкер де Корде, құдіретті патшам һәм әміршім Карлдың атынан — Бургундия мен Лотарингияның, Брабант пен Лимбургтың, Люксембург пен Гельдерннің тәңір сүйген шапағатты герцогы атынан, Фландрия мен Артуаның, Эно, Голландия, Зеландия, Намюр мен Зутфен князьдігінің графы, Қасиетті империяның маркизы, Фрисландтың, Салин мен Малинның иегері атынан — бүкіл қауымға естірте Францияның королі Людовик, сізге тікелей өзіңіздің жасаған және кесепатын тигізген яғни өзіңіздің тікелей араласуыңызбен, сіздің рұқсатыңызбен және сіздің арандатуыңызбен патшам герцогқа және оған барынша адал азаматтарына көрсетілген барлық заңсыздықтардың, қорлықтар мен зиянкестіктердің өтеуін қайтару жөніндегі барлық тілектерді қанағаттандырудан бас тартып отырғандығыңыз себепті, ол, менің ауызба-ауыз жеткізген сөзім арқылы, сіздің тағыңыз атынан берілетін жарлықты орындаудан және тағыңызға бағынышты болудан бұдан былай бас тартады, сізді залым суайт деп жариялайды, сөйтіп король һәм адам есебінде өзіңізге қарсы соғыс жариялайды! Мынаны осы сөздерімнің кепілі әрі айғағы деп біле беріңіз!


Осы сөздерді айтып граф оң қолындағы сауыт қолғабын шешіп алды да, еденге лақтырып жіберді.


Графтың соңғы мезеттегі өрескел қылығына шейін, осынау әдеттен тыс оқиға үстінде қабылдау залының іші сілтідей тұнған тыныштыққа бөленіп тұрған-ды. Бірақ зіл батпандай құрыш қолғап еденге дүрс ете түсуі-ақ және герольд Туасон д'Ор-дың: «Бургундия жасасын!» деп жар салған ұраны естілісі-ақ мұң екен, жұрт опай-топай дүрлігісіп қалды. Атақ-дәрежелеріне лайық, мұндайда соңғы билікті айтатын Дюнуа, Орлеан герцогы, қаусаған қарт лорд Кроуфорд һәм басқа да екі-үш төре қолғапты еденнен кім көтеріп алуы керек деген мәселенің төңірегінде пікір алысып тұрғандарында қалған барлық қауым: «Сазайын беріңдер мынаның! Шабындар қылышпен өзің! Корольдің атына оның өз сарайында тіл тигізуге дейін барып отыр ол!» деп керілдесіп жатты.


Бірақ күн күркіріндей зор дауыспен ақырып қалған король у-шу мен керілдескен үнді бірден тыйып тастады:


— Өшіріңдер үндеріңді! Және де мына адамға, ол тастаған қолғапқа да ешқайсыңның қолдарың дарушы болмасын!.. Ал, сіз, граф... сіздің ғұмырыңыздың қандай сыры бар? Әлде, бәлкім, шектен тыс ағаттыққа басып, басыңызды өлімге тігуге дейін баруыңызға қарағанда, өзіңізді ешқандай ажалға алдырмаймын деп санайсыз ба? Егер өзінің ақылға сыймайтын қияли праволарын осындай әдеттен тыс тәсілмен сақтап қалуға тәуекел еткен болса, сіздің герцогыңыз да қайдағы бір айрықша металдан жаралған шығар!


— Оныңыз рас, күллі европалық өзге патшаларға қарағанда, ол анағұрлым ізгі, басқа металдан жаралған адам, — деп жауап қатты ер жүрек граф де Кревкер. — Дофин кезіңізде Франциядан қуылғаныңызда, ата-анаңыздың кәріне ұшыраған бүкіл күйінішіңіз бен король-әкеңіздің билігінің бүкіл күш-құдіреті басыңызға төне түскенде... иә, сізге Людовик... европалық басқа елдердің тақсырларының бірде-біреуі баспана бермей қойғанда, менің ізгі ниетті патшам сізді өз қанатынын астына алып, туған бауыры санап, күтіп-баққан болатын. Оның осындай қайырымдылығын сіз, мінеки, енді қалай өтеп отырсыз! Қош болыңыз, менің сөзім бітті, ұлы мәртебелі ағзам!


Сөйтті де граф де Кревкер, тіпті басын да иместен, залдан шыға жөнелді.


— Айырылып қалмаңдар әлгіден! Айырылып қала көрмеңдер! Қолғапты еденнен көтеріп алыңдар да, жетіңдер! — деп жар салды король. — Мен бұл сөзді саған айтып тұрған жоқпын, Дюнуа... Сөзім сізге де арналмаған, лорд Кроуфорд: мұндай істі атқаруға екеуіңіз де тым кәрісіздер... Бұл сөзімнің, жиенім, Орлеан герцогы сізге де қатысы жоқ, ондай істі тапсыруға тым жассыз... Биік мәртебелі әулием... Оксер епископы мырза, патшаларды татуластыру сіздің тікелей борышыңыз, сіздің қасиетті міндетіңіз... Еденде жатқан анау қолғапты дереу қолыңызға алыңыз, сөйтіңіз де, ұлы мәртебелі патшаны оны өз қамал-сарайында тілдеп һәм оны өз мемлекетін және көрші мемлекетті соғыс отына шарпуға қатысуға мәжбүр етіп, қандай сұмдық күнәға бой ұрғанын атап көрсетіп, граф Кревкерді ақылға келтіруге тырысып бағыңыз!


Тікелей өзіне берілген бұл бұйрыққа құлақ қоймауға батылы бармай кардинал де Балю қолғапты, нақ бір улы жыланды ұстағандай айрықша сақтықпен (соғыстың осынау белгісіне өз басы, сірә, өте-мөте жиіркене қарайтын болуы керек) көтеріп алды да, король әмірін орындамақ мақсатымен асыға басып залдан шығып кетті.


Людовик жиын-кеңеске қатысушыларды үн-түнсіз шолып өтті. Біз еске салып өткен жандардан басқа, бұл жерде ұрыс даласында ерлік көрсеткендіктері үшін король сарайында қызмет атқаруға жоғарылағандар емес, басым көпшілігі атақ-дәрежелері төменгі буындағы адамдар бас қосып тұрған-ды. Әлгінде ғана болып өткен көріністен естері шығып, өңдері қашқан олар бір-біріне қысыла қараумен болды. Людовик осынау жандарға тыжырына қарап тұрды да, былай деді:


— Қалай десек те, граф де Кревкердің өзі көрсеткен бүкіл ожарлығы мен өркөкіректігіне қарамастан, Бургундия герцогы ол арқылы өзіне адал да ер жүрек қызметші таба білгенін мойындамасқа лаж жоқ. Өз жауабымды жеткізе алатын нақ осындай адал елшіні мен қайдан іздеп табарымды білгім-ақ келер еді?


— Францияның дворяндар әулетіне сіз әділ баға беріп тұрған жоқсыз, патшам, — деді Дюнуа. — Жауабыңызды найзаның ұшына желбірете таңып алып, Бургундия герцогына жеткізіп беруден біздің ешқайсымыз да бас тартпайтындығымызға, мен кәміл сенемін.


— Сіз сондай-ақ қол астыңызда қалтқысыз қызмет етіп жүрген шотланд жігіттерін де ренжітіп тұрсыз, патшам, — деп сөзге араласты кәрі Кроуфорд. — Не менің өзім, не сондай атаққа өзін лайықты санайтын қарамағымдағылардың бірде-біреуі әдепсіз қылығы үшін әлгі паңсыған графтың сазайын беруден титтей де тартынбас еді Менің қолымның күш-қуаты әлі де құрыштай берік, жалғыз-ақ ұлы мәртебелі патшам маған рұқсатын берсе болғаны.


— Бірақ, — деді Дюнуа сөзін сабақтап, — біздің өзімізді де, патшамыз бен Францияны да даңққа бөлей алатындай істі бізге тапсыру ұлы мәртебелі патшамызға пайдалы емес.


— Онан да, Дюнуа, — деді король, — рыцарьлық ар-намыс деген қайдағы бір мағынасыз мәселеге бола өздеріңді де, француз тағы мен бүкіл елді де апатқа ұшыратуға әзір тұрған сендердің көзсіз ер жүректіктеріңе ерік беріп қойғым келмейтінін ашып айтсаңшы. Қансыраған еліміздің қуатын молайту үшін қазір бейбіт өмірдің әрбір сағаты қаншалықты қымбат екендігін сендердің баршаларың білесіңдер, ал сөйте тұра, қаңғыбас сығанның қайдағы бір ойдан шығарған өтірігіне немесе, сығанға қарағанда, бәлкім, құны, сәл де болса артығырақ саналатын елінен қашып кеткен сұлу бикешке бола, әрқайсың өлген-тірілгендеріңе қарамай, ұрысқа қойып кетуден тайынар емессіңдер... Жә, әнеки, кардинал да тебе көрсетті — бейбіт хабармен келе жатыр, деп үміт етемін... Қош, қалай, мәртебелі әулием, әлгі әумесер графты ақылға келтіре алдыңыз ба?


— Патшам, — деді де Балю. — Тапсырған міндетіңіз маған оңайға түскен жоқ. Мен әлгі паңсыған графқа қабылдаудың үзіліп қалуына әкеліп соққан өрескел қылығымен, асыл текті ағзам, сіздің намысыңызға тиіп, қатты табалағанын анықтап түсіндіріп бердім; мен оған әміршісі, қалай болған күнде де, құлақ естіп көз көрмеген арсыздық қылық көрсетуге өкілеттілік беруі мүмкін еместігін, бұл қылық өз басының жүгенсіздікке салынуының салдары екенін айттым, сондықтан мұндай көргенсіздік мінез-қылығы үшін оны, асыл текті ағзам, сіздің жазалауыңызға болатынын, сөйтіп графқа қандай шара қолдану мәселесін шешу енді сіздің ұйғарымыңызға байланысты екенін мәлім еттім.


— Дұрыс айтқан екенсіз, — деді король. — Ал одан қандай жауап естідіңіз?


— Қасына таянған кезімде граф атына қонбақ болып, аяғын үзеңгіге салып та тұр екен, — деп жалғастырды сөзін кардинал. — Ол маған қарай мойнын бұрып, сөзімді тыңдады да, аяғын үзеңгіден алмастан: «Егер осы арадан елу лье қашық жерде тұрсам, сөйтіп маған француз королі патшамды тілдепті деген хабар жетсе, дәл сол мезетте-ақ ойланбастан атқа қона кетіп, жан жарамды жазу мақсатымен әлгінде ғана оған берген жауабымдай жауап қату үшін желмен жарыса шауып жеткен болар едім», — деп жауап берді.


— Айттым ғой, мырзалар... — деді король зал ішінде тұрғандарға қарап, оның жүзінен ешқандай ашу-ыза яки толқу сезімі байқалған жоқ, — граф Филипп де Кревкер арқылы герцог, біздің жиеніміз, патшаға бұрын-соңды кызмет етушілер ішіндегі ең бір лайықты қызметшіге ие болып отыр, деп айттым ғой мен... Бірақ сіз, әйтеуір, ретін тауып, оны кідіре тұруға көндіре алдыңыз ба?


— Не бары жиырма төрт сағатқа ғана кідіре тұруына, сөйтіп осы уақыттың ішінде өзінің соғыс жариялаған сөзін қайтып алуына көндірген болдым, тақсыр, — деп жауап қатты кардинал. — Ол «Лала гүлі» мейманханасына барып түсті.


— Оған біздің есебімізден лайықты қабылдау жасалуына қамданып қалыңдар, — деді король. — Мұндай қызметші — патша тәжіндегі бағалы асыл тастың дәл өзі... Жиырма төрт сағат? — деп сыбырлай тіл қатты ол, бейне болашаққа көз жүгірткісі келгендей сыңаймен ойға шома алдыңғы жаққа тесіле қарап. — Жиырма төрт сағат?.. Бұл көп уақыт емес!.. Әйткенмен де, ақыл-оймен пайдаланылған жиырма төрт сағаттың ішінде жайбарақат жалқаудың тұтас бір жылғы күйбеңінен гөрі көп іс тындыруға болады... Жә, бұл не тұрыс!.. Аң аулауға қамданыңдар! Орманға, орманға қарай тартыңдар, мырзалар! Сүйікті бауырым Орлеан герцогы, тұла бойыңызға қанша жарасып тұратындығына қарамастан, сіз кішіпейілдігіңізден арыла көріңіз, сөйтіп Жаннаның ұялшақтығына көңіл бөле бермеңіз. Луара өзені Шер дариясына барып құйылуын тоқтатуы мүмкін, ал бірақ Жанна өзіңізден... ал сіз — өз қалыңдығыңыздан қол үзіп кете алмақшы емессіздер, — деп сөзін сабақтай түсті Людовик айттырып қойған қалыңдығының соңынан ілесе берген бишара шаһзадаға қарап. — Найзаларыңды қамдап алыңдар, мырзалар, өйткені ит баптаушым Аллегр бұл жолы біздің бәр-бәрімізге: адамдарға да, иттерге де оңай соға қоймайтын қабанның ізіне түсіпті... Дюнуа, найзаңды маған бер де, менің найзама ие болғын; оны мен ауырсынатын болып жүрмін, ал найза ауыр екен деген сөз күні бүгінге шейін сенің аузыңнан шығып көрген жоқ қой. Аттарыңа қоныңдар, аттарыңа қоныңдар!


Сөйтіп аңшылар шаба жөнелді.


IX ТАРАУ


ҚАБАН АУЛАУ



Қол астымда кілең кемсау;
Жас баланы қалдырам.
Неге керек —
Күншіл иттер,
Күнде ізімнен аңдыған.


«Король Ричард»



Тақсырының мінез-құлқына қанық, әбден сыралғы болып кеткеніне қарамастан, бұл жолы кардинал қайтып түзелмес ағаттық жасап алды. Даңғойлықтан басы айналған ол граф де Кревкерді аттанып кетіп қалмай, бөгеле тұруға көндіріп, корольдің алдында басқа ешкімнің де қолынан келмейтін қызмет атқардым деп насаттанумен болды. Бургундия герцогына қарсы соғысты кейінге қалдыра тұруға Людовиктің қаншалықты зор маңыз беріп келгені кардиналға мағлұм болуы себепті, өзінің оған көрсеткен бүгінгі қызметінің құнын білетінін корольге еріксіз түрде сездіре берді. Король тақсырының жанына әдеттегісінен гөрі көбірек жуықтап әңгіме желісін ұдайы таңертеңгілікте болып өткен оқиғаның төңірегіне бұрумен болды.


Оның бұл қылығы көп жағынан жаңсақтық болып шықты: король біткендер қол астындағылар өзін төңіректеп, бүкіл тұрпатымен өздері көрсеткен қызметін бұлдайтындығын сездіре бергенін, сөйтіп тақсырдың награда тапсыруын яки алғыс жариялауын талап еткен қандай бір ұмтылыстарын мүлде жаратпайды. Ал бұрынды-соңғы монархтардың ішіндегі ең күдікшілі болған Людовик өз істеген жақсылығын өте жоғары бағалайтын немесе құпия сырын білгісі келетін адамдарға жаны қас-тұғын.


Бірақ тіпті ең сақ деген адамның басынан да ұшыраса беретіні сияқты, табысына мастанып, өзіне-өзі масайрай берген кардинал, орайы келген әрбір сәтті құр жібермей, Кревкер туралы һәм оның елшілік қызметі туралы қайта-қайта сөз сабақтап, корольдің қасынан екі елі ажырамай ілесті де отырды; ал сол бір сәтте осы мәселе Людовиктің ойына көбірек орала беруі әбден ықтимал бола тұрса да, нақ осы жөнінде сөз бастауға оның ешқандай зауқы соққан жоқ-ты. Әңгіме арқауын ләм-мим деп қостай қоймаса да, кардиналдың сөзін ұзақ уақыт бойы әрі зейін қоя тыңдаумен болған король ақырында шыдамы таусылғандай, сәл кейіндеу келе жатқан Дюнуаға өзінің екінші жақ қапталынан жақынырақ кел дегендей ишарат білдірді.


— Біз аң аулап, бой жазып сергімек болып кетіп барамыз, — деді ол, — бірақ қасиетіңнен айналайын кардинал жарықтығымыз бізді мемлекеттік істер туралы кеңес бастауымызға барынша мәжбүр еткісі келеді.


— Асыл текті ағзам, бұл кеңеске қатысудан мені босатарсыз, деп үміт етемін, — деді Дюнуа. — Мен Францияның намысын қорғау жолындағы соғысқа жаралған адаммын, жан-жүрегіммен де, күш-қуатыммен де бұған қалтқысыз дайынмын, ал, бірақ кеңес құру үшін ақыл-ойым кәдеге аса қоймас.


— Ал мінекиіңіз, кардиналдың ақыл-ойы әдейі бір нақ кеңес құруға жаралғандай, — деп үн қатты король. — Ол біздің қамал-сарайымыздың қақпасы алдында Кревкермен сыр ақтарысып, оның күллі сырын бізге айтып келді... Әлде, бәлкім, әлі ақтарылмаған сыр да бар ма? — деп жалғастыра түсті өз ойын король соңғы сөздерді ерекше бір екпінмен нығырлап, түксиген қалың қабағы астынан, бейне қынынан суырып алған қанжардың жүзіндей жарқ ете қалған кезін кардиналға қадап.


Кардиналдың тұла бойы қалтырап, діріл қақты әйтсе де корольдің әзіліне әзілмен жауап беруге тырысып, тіл қатты:


— Шынтуайтында да, атақ-дәрежем мені өзіме айтылған сырды сыртқа шығармауға міндеттейтіні рас, бірақ асыл текті ағзам, өзіңіздің тыныс деміңізбен жібіп жүре бермейтін сыр жоқ.


— Ал қасиетіңнен айналайын кардинал, — деп сөзін сабақтай түсті король, — бөтен адам ішкі сырларын бізге жеткізгісі келіп тұрғандықтан, әлбетте, оның біздің де өз тарапымыздан ағымыздан жарылуымызды күтері ақиқат, сондықтан біз оның өтінішін қабыл алып, де Круа есімді екі ханым, шынында, біздің елімізде ме деген сауалына жауап беруімізді қалауы ақылға әбден қонатын тілек. Өкінішке орай, оның бұл әуесқойлығын қанағаттандыра қоярлықтай шамамыз жоқ, өйткені ел-елді кезіп жүрген арулардың, басқа киім киіп алған патшайымдар мен қорлық көрген графинялардың дәл қай жерге барып табан тірегендері өзімізге де беймәлім, ал олар біздің елімізде жасырынып жүр десек, онда бір құдайдың және Эмбреннің әулие бибісінің шарапаты мен өз иелігіміздің ұлан-ғасыр болуы себепті, мәртебелі әулиеміздің бұл сауалына да жауап бере алмаймыз. Ал, тіпті ханымдардың паналаған мекені маған мәлім-ақ болсын дейікші. Дюнуа, сен сонда жиеніміздің әмір еткен талабына не деп жауап берер едің?


— Ағзам, соғыс па, әлде бейбітшілік пе, өзіңіз қайсысын қалайтындығыңызды маған бүкпесіз ашып айтсаңыз, менің де жауабым дайын, — деді Дюнуа ашық та ер мінезіне тән туралықпен. Корольдің ілтипаты мен сеніміне ол өзінің осындай сипатымен бөленген-ді, өйткені күллі зұлым адамдар тәрізді Людовик те өз сырын жайып салуды қалай жаратпаса, есесіне бөтен адамның жүрек түкпіріндегі ойын барлап біліп отыруға соншалықты құштар еді.


— Арыммен ант етейін, Дюнуа, егер соның қайсысын қалайтынымды өзім білсем, сауалыңа шын ықыласыммен жауап берер едім, — деді король. — Қош, мен соғысуға тәуекел еттім дейік... Сұлу да дәулеті шалқыған мұрагер қыз, айталық, мені паналап келіп отыр дейік, сонда мен не істеуім керек?


— Қызды махаббат оты лаулаған жүрегі бар әрі қалыңдығын қорғай алатын қайраты бар, қол астыңыздағы сенімді адамдарыңыздың біріне күйеуге беріңіз, — деді Дюнуа.


— Айталық, өзіңе қосайық! — деді король. — Құдай ақы, бұра тартпай, турасын айтатын мінезіңмен мен ойлағаннан да гөрі айлалы саясатшының нақ өзісің.


— Тақсыр, мейлі басқа кім болайын, бірақ саясатшыңыз мен емеспін, — деді Дюнуа. — Орлеан бибісінің атымен ант етейін, мен ат құлағында қалай ойнасам, алдыма қойған мақсат-мұратыма да нақ солай жүрексінбей тікелей беттеймін. Бірақ асыл текті ағзам, сіз Орлеан әулетіне ең болмаса бақыт құшқан бір ерлі-зайыпты шаңырақ көтертіп беріп, парызыңызды өтеуге тиістісіз — менің айтпақ ойым, мінеки, осы.


— Бұл парызымды өтеймін, граф, өтеймін. Қанеки, сонау бір тұсқа көзіңді тікші: өзің айтшы, бақытты жұбайлардан қай жерлері кем олардың?


Король соны айтып, бишара Орлеан герцогы мен патшайым Жаннаны нұсқады. Олар корольдің қасынан қараларын аулағырақ үзіп кете алмай, корольдің көз алдында жеке-дара жүруден және именіп, бірі-бірінен екі ярдтай дерлік қашықтықта келе жатты; бірі жүрексінгендігінен, екіншісі жек көргендігінен бір-біріне маңайласа алмай қойды, ал қорыққандарынан — бірі-бірінен ұзап та кеткен жоқ.


Дюнуа король нұсқаған тұсқа көзін тігіп еді, бишара күйеу жігіт пен атастырған қалыңдығының хал-хадері бейне жіптің ұзындығы еріктеріне жібергенше екеуі екі жаққа тарта беретін, бірақ ажырасып кете алмайтын, қарғы бауларын қосақтап қойған қос иттің кебін еріксіз еске түсірумен болды. Ол басын шайқай берді, бірақ екі жүзді билеушіге қарсы дау айтуға батылы барған жоқ. Алайда Людовик оның ойын сезіп те қалған секілді еді.


— Ғажайып ерлі-зайыптылар болғалы тұр; жарасты да жайлы, бала азабын тартпайтын неке боларына сенімім зор . Айтқандайын, бала деген әмісе көңілімізге жұбаныш бола бермейді.


Бәлкім, ата-анасы алдындағы перзенттік опасыздығы есіне түсіп кетті ме, король үнін өшіруге мәжбүр болды, оның езуінде бір сәтке ғана діріл қаққан кекесін күлкі лезде өкінішке ұқсас жаңа бір көрініске ауысты. Бірақ бір минут уақыт өтер-өтпесте-ақ, ол мүлде басқа әуенге басып, сөйлеп кетті.


— Шынымды айтсам, Дюнуа, неке атаулының киелі сырына деген бүкіл қадір-құрметіме қарамастан (осы бір сәтте ол шоқынып алды), маған салса, заңды мұрагерлердің таққа таласып өзара қырқысуларынан еліміздің Англияның кебін киіп, қырық құраққа бөлінуінің куәсі болғанша, Орлеан әулеті бізге күре тамырларын әрқашан француз корольдерінің қаны кернеп лықсып тұратын, өздеріне француз тағына отыру правосы берілмейтін, мына өзің және сенің әкең тақылеттес қаһарман жауынгер перзенттерін тарту етуін қалаған болар едім. Жоқ, арыстанға ешқашан да жалғыз перзенттен артық перзент бітпеу керек!


Дюнуа күрсініп алды да, өктемшіл тақсырға зәредей де қарсы дау айтудың өзі оның бейшара туысының хал-қадерін жақсартпақ түгіл, керісінше, құлдыратып жіберуі мүмкін екендігін іштей ұғып, ішінен тына берді. Алайда ол шыдай алмай кетіп, әлден соң ойындағысын айтып салды:


— Ағзам, әкемнің тегіне өзіңіз емеурін жасап кеткендігіңізден, оның әке-шешесінің кінәсін сырып тастап, мынаны есіңізге салуға батылым жетіп тұр, әкем жексұрын түрдегі заңды некеден емес, керісінше некесіз махаббаттан дүниеге келе тұрса да, біз оны бақытты өмір сүрген адам дей аламыз.


— Әйтсе де өзің құдайдан безген адам екенсің Дюнуа! Неке атаулының қасиетті сыры туралы бұлай деуге аузың қалай барады! — деді король әзілдеп. — Ал әңгіме бітсін осымен!.. Әне, сонау бір тұста, қиқу салынған сияқты... Иттерді қосыңдар! Қосыңдар иттерді, әулие Губерттің аруағы қолдай көрсін бізді! Айт, айт! Әне!


Король кернейшілерінің құйқылжытқан әуені орман ішін шарлап кете барды, сол-ақ екен өз гвардиясының екі-үш атқышы, олардың ішінде біздің досымыз Квентин Дорвард та соңынан ерге Людовик құйғыта жөнелді. Бірақ ең бір құмар ісіне жан-тәнімен беріле тұрса да, бойына сіңген табашыл әдетінен танбаған король кардинал Балюдің мысын басып, оны тәлкек етуге де уақыт таба білгенін айтпай кетуге болмайды.


Осынау мемлекет қайраткерінің мінезіндегі бір осал жері, жоғарыда айтқанымыздай, тегі жағынан төменгі нәсілден шыққанына, әрі білімінің орта қолдығына қарамай, өзін бесаспап шебер, әрі нағыз сарай тарланы санап, астамшылыққа әуестігіне байланысты еді. Рас, Бекет сияқты сайыстарға қатысқан емес. Уолси сияқты әскерлерге қолбасшылық та еткен жоқ. Сондай-ақ осынау мемлекет қайраткерлерінің бойына да жат саналмаған рыцарьлық сыпайылық кардиналға дарымаған-ды. Әйтсе де, аңшылықты айрықша қастерлейтінін ол әмісе айтып жүретін. Ал күш-құдіреті, дәулеті және сарай маңындағы істерге ықпалы арқасында қайсыбір әйелдердің көз алдында оның дене бітіміндегі міндері тіпті білінбейтін де; қисапсыз көп қаржы жұмсап сатып ала беретін асыл тұқымды сәйгүліктері оның атақ-даңқын мүлде місе тұта қоймайтын, сөйтіп сәйгүліктері мал айдаушы, диірменші әлде тігінші ме, кім білсін, әйтеуір, шабандоздық өнер сайысында ұлымен тең түсе алатын мұның әкесіне көрсеткен құрметтерінен артық құрмет көрсетпес еді. Оның бұл сыры корольге өте жақсы мағлұм-тұғын. Міне, сондықтан да король атын біресе жүйткітіп, біресе тізгінді тарта қойып, қасынан екі елі қалмай еріп отыруға мәжбүр болған кардиналдың мінген атын елірте бергені соншалықты, көп ұзамай иесінің ер үстінен ауып түсіп қаларына жұрт шүбәланған жоқ. Сөйтіп желігіп, қызынып алған сәйгүлік біресе құйындата ала қашып, біресе артқы аяқтап тік тұрып, біресе мөңки ала жөнелген тұстарда кардинал байғұстың жаны мұрнының ұшына келгенін елеместен король әдейі мемлекеттік мәні зор істер туралы сауалдарды үсті-үстіне төпелетіп, осы әлгінде ғана кардинал өзі шектен тыс әуесқойлықпен ықылас қойған мемлекеттік маңызды құпиялардың бірін хабарлағысы келіп тұрғандай сыңай білдірумен болды.


Ауыздығымен алысқан асау арғымағының аспанға шаншыла атылған әрбір оқыс қимылы есінен тандырған қысыл-таяң сәттерде өз тақсырымен лажсыз сырласуға мәжбүр болған мемлекет қайраткері, корольдің жақын кеңесші-серігі басынан кешетін оқиғадан өткен ерсі оқиғаны көз алдыңа елестетудің өзі қиын-ақ. Кардиналдың үстіндегі көгілдір рясасының етегі құс қанатынша желп-желп етіп барады, абырой болғанда ердің шұңғылдығы әрі оның алдыңғы һәм артқы қастарының биіктігі арқасында ғана ауып түсіп қалмай әзірше аман келеді. Дюнуа бұған қарқылдай күлумен болса, ойлап тапқан қалжыңынан өзі іштей ләззат алған король зәредей де сыр білдірместен, маңызды мәселе жөнінде әңгімелесуге бірер минут уақыт бөлуіне мұрсат бергізбеген аңшылыққа деген асқан құмарлығын әжуалап, діни басшысын майда тілмен түйрелеп қояды.


— Мейліңіз, қалауыңызша-ақ болсын, құмардан шығуыңызға енді бөгет болмай-ақ қояйын, — деді король, үрейі ұша қорқып кеткендігінен есеңгіреп қалған кардиналға көз тастап, сөйтті де атының басын босата берді.


Балю сөз қатып үлгергенше, ауыздығымен алысқан аты мемлекет қайраткерінің бейшара халіне мәз бола күлісіп келе жатқан король мен Дюнуаны лезде көз ұшында қалдырып, құйындата шапқылап қарасын үзе берді. Алда-жалда біздің оқырмандарымыздың ішінен (кезінде біздің де өз басымыздан кешкеніміз тәрізді) біреу-міреуі атқа салт мініп көргендері болса, онда аты алып қашқан адамның қандай күй кешетінін біледі, сөйтіп кардиналдың басына төнген күллі қауіп-қатерді, оның бүкіл сұмдық та мүсәпір хал-қадерін көз алдына оп-оңай елестете алады. Артқы аяқтары алдыңғы аяқтарынан озып кетуге оңтайланғандай құйындата түскен, ер үстінде отырған иесі түгіл, тұлпардың өзі де ие бола алмай қалатын жануардың төрт аяғы, әдеттегісінше жер бетін нық басып тұрғысы келген, ал, бірақ дәл қазіргі сәтте атының екі бүйірін тебіне түсіп өз басының мүшкіл жағдайын одан әрі асқындырумен болған салт аттының сіңірлері тартылып, құрысып қалған екі аяғы, тізгіннен айырылып қалып, енді аттың жалын құшқан қолдары, (Анджело ақсақал айтатындай) ауып кетпеу үшін тік ұстаудың, немесе (ньюмаркеттік шабандоздардың тәсілінше) ілгері қарай еңкейіп отырудың орнына, денесі қас қағым сәтте арбадан сырғып түсіп қалуы мүмкін бір қап үн тәрізді, аттың мойнына ілініп қана сұлқ жатыр — осының бәрі қосыла келіп көрермендер үшін күлкілі, ал рольді орындаушы үшін азапты көріністі бейнелейді.


Бұған байғұс шабандоздың костюміндегі яки сыртқы тұлғасындағы — діндар адамның киімі яки жарқырауық мундирі іспеттес бір ерекшелігін қосыңыз да, ат бәйгесі, парад өткізіліп жатқан бір маңдағы, яки дүйім жұрттың қатысуымен салтанатты бір той-думан кезіндегі осынау әрекеттің куәсіндей көріністі көз алдыңызға елестетіп көріңізші — мінеки, сонда бұл байғұстың бүкіл шартарапқа масқара болғысы келмесе, қолын яки аяғын мертіктіруден басқа немесе, дәлірек айтқанда, мойны үзіліп, қаза тапқаннан басқа шарасы қалмас еді; тек қана солай, өмірін құрбан еткенде ғана атынан құлап қалғанына ел шын көңілдерінен жанашырлық білдіре алар еді. Ал қазіргі жағдайда кардиналдың үстіндегі келте етекті көгілдір түсті бешпенті (атқа салт мінген кездерінде өзінің әдеттегі етегі жер сызған мантиясының орнына ол әдейі осылай жеңіл киінетін-ді), қан қызыл шұлығы мен шашақтарын желбірете байлап қойған нақ осы түстес қалпағы, прелаттың дәрменсіздігі қосыла келіп, шабандоздық өнерді меңгеруге деген әрекетінің кісі күлерліктей кейпін бұрынғысынан да айқын паш етіп тұрды.


Иесінің қолынан билік кеткен, шексіз-шетсіз көсілген жасыл алаңқай бойымен бар шабысына сала, құйғытқан арғымақ көп кешікпей иттерін ертіп қабанның ізіне түскен аңшылар тобын қуып жетті. Арт жақтарынан ешқандай да қауіп күтпей алаңсыз келе жатқан екі-үш бапкерді қағып-соғып, бірнеше төбетті жаншып өтіп, аңшылықтың бүкіл шырқын бұзған, онан қалды, үрейлері ұшқан аңшылардың айғайы мен төбеттердің аласұра үрген шаң-шұңынан бұрынғысынан да бетер құтырына түскен асау арғымақ кардиналды тікелей қабанға қарсы алып шықты. Сойдиған азулары көбіктеніп кеткен, барынша кәріне мінген тағы аң қырсық шалған кардиналдың қарсы алдынан кесе-көлденеңдеп, желдей есіп бара жатты. Жыртқыш аңға осынша тақап қалғанын көзі шалған Балю көмек сұрап жан ұшыра айғай салды. Әлде осынау айғайдан ба, әлде күржиген аңнан сескенді ме, кім білсін, әйтеуір, сәйгүлігі кенеттен жалт беріп, қиыс тартты, сөйтіп, бұған шейін астындағы аты тіке бағытта зулағанынан ғана ер үстінде амалдаумен болған кардинал қас қағымда жерге гүрс ете қалды. Сәтсіздікпен басталған осынау шабандоздықтың қабанның дәп қасына дерлік жетіп, осылай оқыс аяқталғаны соншалықты, егер ашынған қабан осы бір тұста өз қайғысымен әлек болмаса, онда дәл қасына аттан ауып құлаған мына сорлы да бір кезде вестготтардың королі Фавила душар болғандай апатқа душар болуы ғажап емес еді . Алайда бұл жолы құдіретті прелат жай үрейі ұшып қорқып кеткені болмаса, ажалдан аман қалды; орнынан атып түрегеле сап, жалма-жан жолдан ығыса берді, сөйтіп аңшылар қауымы қасынан ағып өте шыққанын байқап тұрды, ал оған қол ұшын беру ешқайсысының ойына кіріп те шыққан жоқ. Сол бір заманда аңшылар бұл іспеттес бақытсыздыққа душар болғандарға дәл қазіргі күндердегідей енжарлықпен қарайтын-ды.


Осы тұстан өте берген король Дюнуаға қарап:


— Е, біздің биік мәртебеліміздің сұлап түскен жері осы де. Шынтуайтын айтсақ, ол мандыта қоятын аңшы емес; ал, бірақ мұнысының есесіне, бөтен біреудің құпиясын қармаққа ілуге келгенде кәнігі балықшыдай апостол Петрдің өзімен бәстесе алар еді. Десе де осы тұрғыдан да ол бүгін оңбай сүрінді, — деді.


Бұл сөздер кардиналдың құлағына, әрине, шалына қойған жоқ, бірақ корольдің сөйлеп бара жатқандағы кекесін көзқарасы оның көмейінен шыққан сөз жүйесінің мағынасын жазбай, жаңылмай ұға қоюына көмек етті. Адамды аздыру үшін сайтан әрқашан да оның басына түскен қысылтаяң кезеңді аңдығыш келеді, деп бекер айтылмаған ғой. Дәл сондай бір кезеңнің сәті келіп те қалған еді, өйткені Балюдің тұла бойын корольге деген ашу-ыза кернеп тұрған. Құлауын құласа да, еш жері жарақаттанбағанына көзі жетісімен, көңілі орнына түскендей болды, ал, бірақ ар-намысының қорлануы мен шеккен зәбірін ұмыту оңайға түскен жоқ.


Аңшылар зулап өте шыққан кезде, сірә, қазіргі сейілге қатысушыдан гөрі оның көрерменіне ұқсайтын бір салт атты кардиналдың қасына келді. Оның соңынан бірнеше малай ере келді. Салт атты кардиналдың жападан-жалғыз, жаяу тұрғанын нөкерлерінен адасып қалғанын, нақ осы бір қас қағым сәтте басынан қандай оқиға кешкенін аңғартарлық күйде тұрғанын көріп төтенше қайран болды. Ер үстінен қарғып түсе қалу, қол ұшын беру, малайлардың бірі мініп келген жуас атын дереу кардиналға беруге бұйрық ету, жоғары мәртебелі кемеңгер мемлекет қайраткерін осындай қиын-қыстау жағдайда жалғыз қалдырып кетуге жол берген француз сарайының салт-ғұрпына өзінің қайран қалғанын білдіру — осының бәрі-бәрі Кревкер үшін бір сәттің ішінде-ақ тындырылатын іс еді, өйткені құлап қалған кардиналға көмек көрсетуге ұйғарған салт атты басқа ешкім де емес, Бургундия елшісінің өзі болатын.


Арада аз ғана уақыт өткенде кардиналдың корольге адалдығы немесе азғыруға оңай көніп қалатындығы белгілі болғандықтан, арбауға қалай қарайтындығын сынап көруге мемлекет қайраткерінің көңіл ауаны икемделіп-ақ тұр еді. Зерек Людовик орынды күдіктенгендей, ертеңгілік мезетте граф пен кардинал екеуі өзара пікір алысқан жәйттың бәрін жоғары мәртебелі дін басшысы өз тақсырына сарқа жеткізбей, қайсыбірін іркіп қалған-ды. Бірақ Балю өзі туралы және өзінің таланты туралы Бургундия герцогының төтенше ардақ тұтқан пікірін граф де Кревкердің аузынан естіген кезінде, оны насаттана тыңдай тұрса да, графтың өз патшасының жомарттығы жайындағы һәм Фландриядағы бенефицийлердің аса көп мөлшердегі кірістері жайындағы мақтау сөздерін қызғанышпен қабылдап, іш тарта тұрса да, аңға шыққан сәтінде өзін қатты қорлаған соңғы оқиғаға шейін ол әлі де болса тайғанақтық жасай қоймаған еді. Ал енді, мінеки, король ар-намысын аяққа басқан осы бір сәтте, ол күллі әлемде жапа шеккен һәм өзінің адалдығын бағаламаған бұрынғы дос-жар адамнан асқан қауіпті жаудың болмайтындығына Людовиктің көзін жеткізуді ұйғарды.


Бірақ дәп қазір бастары қосыла қалғандары көзге шалынар деп қорқып, онымен кешкілік мезеттегі құлшылықтан кейін, әулие Мартин әдияратында, Турда жолығысатын болып уағдаласып, Кревкермен асығыс түрде қош айтысты; осынау уағдасын төтенше бір астыртын сарынмен жария еткені соншалықты, нақ қазіргідегідей бір сәті келген қолайлы кезеңнен басқа уақытта ойға алуға да болмайтын ірі олжа Бургундия билеушісінің қолына түсейін деп тұрғанын бургундық бірден аңғара қойды.


Людовик өзі өмір сүрген дәуірдегі ең кәнігі саясатшы санала тұрса да, бағзы бір кездерде ақыл-ойға кесірін тигізбей қоймайтын жаны құмар істерге салынып жүре беретін; мінеки, қазір де аңшылықтың қызығына батып, сәйгүлігін жұлдыздай ағызған бойы қабанды өкшелей қуып жетіп қалған анталаған төбеттердің соңынан қалмай, ілесе шауып бара жатты. Аңшылықтың нағыз қыза түскен осы бір шағында, қырсық қылғандай екінші бір құнан шығар қабан алғашқы қабанның қарсы алдын кесіп өте шықты да, иттерді (бірлі-жарым кәрілерінен, әрі әккілерінен басқасын) ғана емес, сонымен бірге бүкіл аңшыларды дерлік бастапқы ізден адастырып, теріс сүрлеуге салып, безіп берді. Басқа аңшыларға қосыла Дюнуаның да теріс сүрлеуге түсіп кеткенін көріп король ішінен мәз болып қалды, әрі сонау майталман аңшының шалыс басқан қадамын күні бұрын мазақ етіп бара жатты, өйткені сол бір заманда аңшылық нақ соғыс тәрізді — ерлік өнер дерлік дәрежеде саналып келген еді. Людовиктің мініп шыққан аты желдей есетін жүйрік еді, сондықтан ол иттердің соңынан ілесе шауып келе жатты, сөйтіп, әбден титықтаған қабан шағын ғана шалшықтың орта тұсына жетіп, жауымен айқасуға сайланғандай қалт тоқтай қалған сәтте, король онымен жападан-жалғыз бетпе-бет келіп қалды.


Людовик өзінің тәжірибелі, батыл аңшы екендігін көрсетті. Жазатайым арандап қалармын деп қорықпастан, төбеттерге қарсы айбар шеге арпалысумен болған, қаһарын тіккен аңның қасына жетіп барып қолындағы найзасымен періп жіберді; бірақ нақ осы сәтте астындағы аты әлденеге үркіп, жалт бұрылды да, найза қабанға жазбай тиіп, оны сұлатып түсірмек түгіл, оған жара да салмай тайқып кетті. Король қанша тырысып бақса да, аты аңға қайтып беттемей қойды; сондықтан оған атынан дереу қарғып түсуден, сөйтіп сол бір кездерде аңшылар қолданатын келте семсермен жынын шашып аласұрған қабанға тікелей өзі қарсы шығудан басқа амалы қалмады. Қабан сол мезетте-ақ иттерді жайына қалдырып, адамға қарсы шапты. Король тоқтап қабанның жақындай түсуін тосып тұрды, бір аяғымен жер тіреп, өзі сәл ілгері ұмсыныңқырай әрі жыртқыштың тамағын орып жібермек немесе жауырынының астын ала кеудесіне қадалтпақ болған мақсатпен семсерін кезенумен болды. Семсер таймай, жазбай қадалған жағдайда қабанның екілене түскен екпіні, әрі бар күшін жұмылдырған арынды шабуылы мерт болуын тездете түсері хақ еді. Бірақ король егжей-тегжейіне шейін өзі дағдыланып алған, әрі сөзсіз сұлатып түсіретін тәсілмен семсерін енді сермей берген сәтте, батпаққа аяғы тайып кетті де семсер аңның кеудесіне қадалмай, беріштей қатып күжірейген қылшықты жонын болар-болмас қана жанай өте шығып, оған зәредей де зақым келтіре алған жоқ, ал Людовиктің өзі батпаққа етпетінен жалп ете түсті. Ол құлағанының арқасында ғана аман қалды, өйткені қабан арынымен корольді жанай ағып өте шықты да, азуы жамбасына дарымай, тек аңға киіп шығатын қамзолының етегін ғана айырып, іліп әкете барды. Бірақ алғашқы ағынымен бірнеше қадам ілгері озып барып, қайтадан бас салмақ боп, кері бұрылды. Құлап жатқан жерінен тұрмақшы болып әрекеттенген корольдің өмірі; осы бір сәтте қыл үстінде тұрған еді. Осы бір қысыл-таяң шақта кенеттен Квентин Дорвард жетіп үлгерген болатын. Атының шабандығынан басқа аңшыларға ілесе алмай қалып қойған-ды, бірақ король кернейінің үніне құлағын тоса, ізімен жүріп келе жатқан-ды. Ол жалма-жан қабанға тап беріп, найзасымен шаншылта қадап та үлгерді.


Осы бір мезетте жатқан жерінен түрегелген Людовик енді өзі Дорвардқа көмекке келді, сөйтіп семсерін қабанның тамағына бойлата қадап, азбанды мерт етті. Ләм-мим деп сөз қатпастан, ол ең алдымен екеулеп жайратқан аңның бойын мұқият түрде өлшеп шықты. Бұдан соң маңдайының моншақтаған тері мен қолына жұққан қанды сүрткілеп, қалпағын қолына алып, бұтаға іліп қойды да, қалпақты безендіріп тұрған, қалайыдан құйып жасалған құдай, пайғамбар бейнелеріне қарап шоқынды, сөйтіп ақыр соңында ғана, Дорвардқа қарап тіл қатты:


— Пәлі, бұл келген, менің шотландық жас жігітім, өзің бе едің? Жолың болғалы тұрған жігіт екенсің. Сірә, Пьер ағаңның «Лала гүлі» мейманханасында жақында алдыңа тартқан таңертеңгі асынан ешбір кем түспейтін дастарқан жайып саған тағы да сый-құрмет көрсетпесіне болмас... Ау, неге үн-түнсіз мелшиіп тұрсың? Әлде сарай табалдырығын аттаған соң бір кездегі асаулығың мен албырттығыңнан айырылып қалдың ба? Басқалар керісінше қылық көрсетуші еді.


Шотландияның ауасымен тыныстаған қай заманғы бүкіл алғыр деген перзенттерінің ішіндегі зерек перзентінен саналатын Квентин өзіне сенімділіктен гөрі, көбіне-көп үрей туғыза беретін Людовикпен ойнауға болмайтындығын баяғыда-ақ түсінген-ді, сондықтан енді корольдің өз басы рұқсат беріп тұрғандай көрінген еркінсуге бой ұрмау керектігіне зәредей де шүбәланған жоқ. Егер ұлы мәртебелі тақсырдың сауалына тіл қатуға батылы бара қалса, онда әуел баста өзінің кіммен сөйлесу құрметіне ие болғанын мүлде білмеген кезінде тақсырдың көз алдында көрсеткен әдепсіздігі үшін оның ғапу етуін өтінген тілектен ала бөтен, басқа тілек айтуы мүмкін еместігін мағлұм етіп, ой елегінен өткізген бірер ауыз мағыналы сөзбен жауап берді.


— Мақұл, достым, — деп жауап қатты король, — өжеттігің мен тапқырлығың үшін сол жолғы әдепсіздігіңді кешірейін. Серігім Тристанның кәсібін ішіңнен жазбай дерлік бірден сезе қойғаның үшін өзіңді қатты ұнатып қалған едім. Содан бері оның уысына түсіп қала жаздағаныңды да естуім бар. Өзіңе одан аулақ жүргейсің деген ақылымды айтпақпын: оның қолданатын жазасы оп-оңай — мойныңа арқан салады да, әп-сәтте көзіңді жоқ қылады... Атыма мінгізші. Сен маған ұнайсың, сондықтан саған жақсылық қана тілеймін. Маған ғана арқа сүйейтін бол, басқа тірі пендеден — не нағашыңнан, не лорд Кроуфордтан қайыр күтпей-ақ қойғын... Айтпақшы, мені бір ажалдан құтқарып қалғаның туралы тіс жарып, сыр шашушы болмағын, өйткені егер корольді ажал аузынан аман алып қалған мен едім, деп мақтансаң-ақ осы қызметің үшін менен көретін бар жақсылықты толық көріп болдым деп есептей бер.


Сөйтті де король кернейін сызылта тартып қоя берді, көп ұзамай қасына ерген басқа да аңшыларымен ағыза шауып Дюнуа да жетіп үлгерді. Олар киелі аңмен жекпе-жекте жеңіп шыққанын мадақтап, тақсырға қошемет көрсетіп жатысты, ал король керек десеңіз, осы бір ерлікте өзінің қандай үлесі болғанын айтып түсіндіру ойына да кіріп шықпастан, өз атына айтылған құттықтауларды міз бақпай тыңдаумен болды. Рас, ол Дорвардтың көмегін есіне алған болды, бірақ кәнігі аңшылар аңшылық үстінде бүркіт, қырғи секілді қыран құстардың көрсеткен өнерін ауыздарына сирек алып, қайта өздері атып түсірген құстардың санын үсті-үстіне тізбелей беретін әдеттерінше, Дорвардтың көмегін сөз арасында ғана айтып өтті. Король Дюнуаға өлген қабан ұшасын мерекелік тағамға қосып пісіріп жеулері үшін әулие Мартин Гурский әдияратындағы монах бауырларға жеткізіп бер деп әмір етті. «Құдайға құлшылық етіп, дұға оқыған кезінде корольді ауыздарынан тастамасын», — деп ескертті ол.


— Айтқандайын, мәртебесіне құлдық кардиналды көзі шалғандарың бар ма? — деп сұрады Людовик көп ұзамай. — Меніңше, оны орман ішінде жападан-жалғыз қалдырып, мұнысы аздай жаяу-жалқы қалдырып, өз бетімізше кете барсақ, онда оны сыйламағандығымыз, әрі қасиетіңнен айналып кетейін шіркеуді сыйламағандығымыз болып шығар.


— Асыл текті ағзам, өзіңізге баяндауыма рұқсат еткейсіз, — деді Квентин, өзгелерінің үнсіз қарап тұрып қалғанына көзі жетіп. — Кардинал ағзамның басқа бір атқа мініп, орманнан шығып бара жатқанын байқап қалдым.


— Өз пенделерін тәңірім өзі жарылқай жатар, — деді король. — Ал енді қамал-сарайға қарай тартыңдар, мырзалар! Бүгінгі аң аулау осымен тәмамдалады... Ал сен атқосшы мырза, — деді ол Квентинге сөзін арнап, — қабанмен әлгіндегі арпалыс үстінде қолымнан түсіріп алған қанжарымды іздеп көрші... Дюнуа, ілгері қарай тарта беріңдер, соңдарыңнан қазір-ақ қуып жетемін.


Сонымен қыбыр еткен қимылы қайсыбірде әккі қолбасшының айлаларынан олқы түсе қоймайтын Людовик Квентинмен жеке сөйлесіп қалудың орайлы сәтін туғызған еді.


— Сенің көзің қырағы болып шықты, шотландтық бауырым, — деді король оған қарап. — Кардиналға атты жеткізіп берген кім екенін біле алмадың ба? Кім де болса, бөтен біреу болуға тиіс, өйткені менің ат басын бұрмай, оның қасынан өте шыққанымды көріп-біле тұра, оған қол ұшын бере қоятындай нөкерлерімнің ішінен біреу-міреуінің табыла қалуы екіталай ғой.


— Мен ол адамдардың қараларын көз ұшынан ғана байқап қалып едім, ағзам, — деп жауап қатты Квентин, — Өйткені сорыма орай, нақ сол бір мезетте жолдан адасып қалдым да, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіздің қасыңызға тезірек жетуге асығумен болдым. Бірақ бұл қасына нөкерлерін ерткен Бургундия елшісі сияқты көрінді маған.


— Солай ма! — Людовиктің даусы саңқ етті. — Несі бар! Олардан Франция тайсалмайды. Кім жеңерін көрерміз әлі.


Сол күні бұдан басқа елең етерліктей ешқандай да оқиға болған жоқ, сондықтан король нөкерлерімен қамал-сарайға қайта оралды.


X ТАРАУ


САҚШЫ



Мынау дыбыс көктен бе,
Әлде жер астынан шықты ма?
«Дауыл»
Демімді алып ішіме,
Құлақ қойдым дыбысқа
Жан бітірер секілді,
Өлі тәнге дыбыс та.


«Комус»



Киімін ауыстыру үшін Квентин өзі жататын аядай бөлмесіне оралысымен, ізінше оның құрметті туысы да келіп кірді, сөйтіп аң аулау кезіндегі оқиғалардың бәрін одан қазымырлай сұрастыра бастады.


Нағашысының ақылдан гөрі қара күштің адамы екеніне баяғыдан-ақ көзі жеткен жас қыран оған болған оқиғаны мейлінше тәптіштеп баяндап берді, әрі бүкіл абырой-даңқ атаулыны, сірә, өзіне балап алудан тартына қоймайтын корольдің жеке басына телуге тырысып бақты. Басына қатер төнген корольге дереу қол ұшын бере қоймағаны үшін Таңбалы жиенін жазғыра сөйледі, сөйтіп оның орнында өзі болса, қабанмен қалай алысатынын айтып, бөсуден де тартынған жоқ. Бірақ жас қыран өзін байсалды ұстағаны соншалықты, тіпті осы бір тұста да ақталып жатпады, жалғыз-ақ, аң аулау дәстүрі бойынша, аңшының жолын кескестей беру, сөйтіп қажеті аз жағдайда да көмекке келмек боп киліге беру ерсі саналатындығын еске салып өтті. Осыған орай туған қызу пікір таласы енді сейіле берген мезетте тумасына таңертеңгісін болып өткен оқиға туралы егжей-тегжейіне шейін әңгімелеп беруден сақтанғаны дұрыс болып шыққанына іс жүзінде көзін жеткізудің сәті түсе кетті. Біреудің есікті ақырын қаққаны естілді де, бөлмеге жаңа бір мейман кіріп келді. Бұл келген анау-мынау емес, Оливье ле Дэннің өзі, былайша айтқанда, Сұмырай Оливье, яки Сайтан Оливьенің өзі еді.


Сыпайы болғанымен, адамгершілік қасиеттен жұрдай осынау бір жанның түр-тұлғасын суреттеп берген болатынбыз. Бұл кісінің бүкіл қимылы бүк түсіп жатқанында маужырап, қалғып кеткендей көрінетін, немесе бөлме ішінен ың-шыңсыз керіле басып жүріп бара жатқанының өзінде екі көзін бишара тышқанның інінен айырмайтын асыранды мысықтың кейпін елестетіп тұрушы еді. Мысық дегеніңіз өзіңізге біресе айрықша бір сыпайылықпен, айрықша бір аңқаулықпен еркелесе, біресе кенеттен жемтігін тарпа бас салады немесе өзін сылап-сипап, еркелетіп тұрғаныңызға қарамастан кенеттен қолыңызды айғыздап тырнап алады.


Оливье ішке бүкшие басып, әлдеқалай жүрексінгендей, қымсынған сыңаймен кірді де, «Лесли мырзаға» аса бір құрметпен ілтипат көрсеткені соншалықты, осынау көріністің куәсі болған тосын адам оны шотланд атқышына ісі түсіп келген біреу ғой деп еріксіз ойлаған болар еді. Ол Леслиді жиені аң аулау кезінде өзінің тамаша мінезімен көзге түсуімен құттықтады да, жас қыран корольдің айрықша ілтипатына бөленгенін айтып салды. Осы бір хабарды жария еткен бойда үні де өшті, бұдан соң тұнжыраған кейіппен мөлие жауап күтіп тұрып қалды. Әйтсе де, соның өзінде Квентинді бір-екі мәрте көзінің астымен сүзіп өтіп те үлгерді. Таңбалы сол бір қысылтаяң шақта ұлы мәртебелі корольдің қасынан өзі емес, жиенінің табыла кеткеніне қатты өкінішін білдіріп жатты, өйткені жиенінің орнында өзі болса ғой, әлбетте әлгі қарғыс атқыр аңды тікелей өзі жарып салған болар еді, ал Квентиннің сөзіне қарағанда, емшек сүті әлі аузынан, кебе қоймаған мына неме жабайы азбанды корольдің өз қолымен өлтіруіне жол берген.


— Айтса да, ұлы мәртебелі патша иеме мұның өзі сабақ болатын болды; бұдан былай мен сияқты ұзын бойлы, әрі алып денелі адамдарды мәстек аттарға мінгізуге тыйым салар, — деп сөзін жалғастыра түсті атқыш. — Тілеуіңізді берсін, өзіңіз-ақ айтыңызшы, мен мінген фламанд жылқысымен алысқа ұзай алушы ма едім? Асыл текті ағзамның норманд тұқымдас сәйгүлігіне ілесе алар ма едім? Атымды үздіксіз тебінумен болғаным соншалықты, қазір оның қос бүйірі қанталап тұрған шығар-ау, сірә... Жоқ, Оливье мырза, бұл әлпеттес қылықтарға жол беруге болмайды... Ұлы мәртебелі корольмен осы жайында сіздің міндетті түрде сөйлескеніңіз мақұл.


Бұл мәлімдемеге жауап қатудың орнына батырсынған сөзуарға Оливье қолымен яки басымен сәл-пәл ишарат ететін әрі құптауға да болатындай, әрі қиын мәселені енді қайтып қозғамағын деген аяннан да сыр бергендей жұмбақпен көз тастады. Квентинге қадала қарап, оны шолып өткен көзқарасы әлдеқайда айқындығымен сараланып тұрды, ол оған күлімсірей қарап, астарлы сауал қоя сөйледі:


— Қош, жас жігітім, өз патшасының басына нақ бүгінгідей айрықша қауіп-қатер туа қалған күнде де оған қол ұшын бермеу, сендердің Шотландияларыңда, сірә, әдетке айналған іс болса керек, солай ма?


— Біздің елдің әдетінде, — деп тіл қатты Квентин, бұл тақырыпқа қайта оралмауға бекініп, — егер бұған зәру емес жерде қызмет көрсетіп қалайын деп жарамсақтанбайды. Аң аулайтын қорыққа беттегенде басқалармен бірге король де қатерге тәуекел етуге тиісті деп санаймыз біз, оның аңға шыққандағы мақсаты да осы. Ал егер қауіп-қатерге тәуекел етпесе немесе шаршап-шалдықпаса — онда аң аулап не керек?


— Тәйт әрі, мына сотқар не деп барады өзі! — деп зекіре сөйледі нағашысы. — Бұл өзі әмәнде сондай, қандай сауал қойсаң да оның жауабы мен түсініктемесі дайын тұрады. Оның қай жерде жүріп осындай ділмәр болып алғанына таң қаламын! Мен өз өмірімде жалғыз-ақ тамақ ішкен кезімнен басқа, өйткені қарным ашатын болғандықтан тамақ ішемін немесе есімдерін атап тұрып, қарауымдағы адамдарды түгендеп немесе қызмет бабындағы тағы басқа міндетімді атқарған кезімнен басқа еш уақытта да, мынаны олай етудің орнына неге бұлай еттім дегенді түсіндіріп бере алған жан емеспін.


— Сізге, аса құрметті Лесли мырза, бір сауал қоюыма рұқсат ете көріңізші, — деді корольдің шаштаразы қабағы астынан ғана атқышқа көзін сығырайта қарап, — мәселен, айтайық, қарауыңыздағы адамдарды түгендеп есімдерін атағаныңызда бұл қылығыңызды қалай түсіндірген болар едіңіз?


— Өзімнің тікелей бастығымның әмірін басшылыққа аламын, — деп жауап қатты Таңбалы.


— Әулие Эгидийдің атымен ант етейін, тағы да нені басшылыққа алуыма әмір берер едіңіз? Осынау әмір-бұйрық Тайриге немесе Каннингемге-ақ жүктелсін мейлі, олардың да нақ солай бұйрықты екі етпесі хақ.


— Әскери тұрғыдан алғанда мұныңыз әбден ақылға сыйымды түсінік, — деп ескерте сөйледі Оливье. — Ал енді асыл текті ағзам, жиеніңіздің қылығын айыптамағаны былай тұрсын, тіпті бүгіннен бастап оған тапсырма жүктемек ойы бар екенін есту сіздің құлағыңызға жағатын болар, сірә.


— Мынаған ба? — деп саңқ ете қалды Таңбалы қатты таңырқап. — Сіз, әрине, маған жүктемек дегіңіз келді ғой, Оливье мырза?


— Мен айтпақ болған ойымды анық айтып тұрмын, — деп жауап қатты шаштараз сабырлы үнмен, бірақ нық сөйлеп.— Король жиеніңізге тапсырма жүктемекші.


— Сонда қалай?.. Онысы несі?.. Неге өйтеді? — деп дауыстап жіберді Таңбалы. — Оның мына баланы менен артық көргені неліктен?


— Лесли мырза, менің сізге берер жауабым біреу ғана, ол әрқашан өзіңіз бұлжытпай басшылыққа алатын бірден-бір жағдай: асыл текті ағзамның бұйрығы солай. Бірақ егер маған жорамал жасауға ерік берілсе, — деп сөзін жалғастыра түсті Оливье, — онда ұлы мәртебелі ағзамның оған жүктемек болып ұйғарған тапсырмасы, өзіңіз әлпеттес кәрі де тіс қаққан жауынгерден гөрі, жас қыран жігітке анағұрлым лайықты, корольдің нақ соны қалап алу себебі де осыдан дер едім... Сонымен, жас жігіт, қаруыңызды сайлап алыңыз да, соңымнан ілесе беріңіз, айтқандайын, өзіңізбен бірге білтелі мылтығыңызды ала жүріңіз, өйткені сіз сақшылық күзетте тұратын боласыз.


— Сақшылық күзетте деймісіз? — Таңбалының даусы қатты шығып кетті.— Бірақ өзіңіз осы айтып тұрғаныңызға күмәнданбайсыз ба, Оливье мырза? Қамал-сарайдағы ішкі күзет орындары біздің құрметті жасағымызда кем дегенде он екі жыл қызмет атқарған мына мен сияқты адамдарға ғана сеніп тапсырылады ғой.


— Корольдің өз қалауы нақ осылай екендігінде менің мүлде шүбәм жоқ, — деп үн қатты Оливье, — сондықтан оның бұйрығын орындауды енді кешеуілдете алмаймын.


— Бірақ менің жиенім тіпті ерікті атқыш та емес қой әлі, — деп беріле қоймады Таңбалы, — ол бар болғаны атқосшы ғана және де менің қарауымда қызмет атқарады.


— Ғапу етіңіз, сіз қателесіп тұрсыз, — деп қарсылық білдірді Оливье, — осыдан жарты сағаттай бұрын асыл текті ағзам тізімді алдырды да, жиеніңіздің аты-жөнін өз гвардиясындағы атқыштар қатарына енгізуге әмір берді. Рақым ете көріңіз, өз міндетін орындауы үшін оның қамдануына көмектесіп жіберіңіз.


Тумысынан табалауды, қызғаншақтықты білмей өскен Таңбалы сол заматта-ақ жиенін қамдауға әрі күзетте өзін қалай ұстауға тиісті екендігі туралы уағыз үйретуге жалма-жан кірісіп те кетті; алайда әуел бастағы тақырыпқа тағы да бірнеше мәрте оралмауға, сөйтіп аузынан емшек сүті кебе қоймаған осынау жиенінің кенеттен қандай бақытқа ие болғанына таңырқанып тұрғанын білдірмеуге оның шамасы келе қойған жоқ.


— Өзім өз болғалы бері шотланд гвардиясында мұндай оқиға бұрын-соңды болып көрген емес, — деді ол. — Әлде, оны, сірә, таяуда венециандық елшінің корольге сыйлық етіп жолдаған тотылары мен үнді тауыстарын күзетуге қоятын шығар. Бәсе, сірә, солай етер... Мынау сияқты балғын жас жігітке нағыз лайықты іс осы... (Осы бір тұста ол өзінің тікірейген мұртын масаттана бір ширатып қойды.) Қымбатты жиеніме білдірген сенімге риясыз көңіліммен қуанамын!


Бірақ зерек те албырт ойлы Квентин корольдің бұйрығын әлдеқайда терең мағына беріп қабылдады, сондықтан да болашақта өзінің жоғарылауына даңғыл жол ашатын осы бір қызмет белгісі туралы ой тұла бойын билегенде, жүрегі дүрсіл қағып, қатты-қатты соғып тұрды. Жол бастаушысының әр сөзі мен әр қимылын қалт жібермеуге ынта-ықыласын қойып бақты, өйткені осы бір жанның қимыл-әрекеттерін, әлгі бір балгерлердің түс жоруы кезіндегісіндей көбінесе керісінше түсіну керек сияқты болып көрініп тұрды. Сондай-ақ, аң аулау үстінде өзі бастан кешкен оқиғалары туралы тірі пендеге тіс жарып, сыр шашпағанына іштей тебіреніп, қуанбай қала алған жоқ, сөйтіп дәп осы бір мезетте өзі іспеттес жас жігіт үшін мейлінше ізгі байлам жасады — сырын іште сақтауға тас түйін бекінді, ал өзі мынау түнектей түнерген, жұмбақ қамал-сарайдың іргесінен қашан аулақ кеткенге дейін тіліне берік болуға белін бекем буды.


Көп ұзамай ол әзір де болды, сөйтіп білтелі мылтығын иығына аса салып (шотландықтардың гвардиясында үлкен садақтың орнына ок-дәрімен ататын қару тіпті ерте кезден енгізілген-ді, олай болатын себебі шотландықтар ешқашан да садақ тартып дағдыланған емес), Оливьенің соңынан ілесе казармадан шыға берді.


Нағашысы соңынан таңырқана әрі қызыға ұзақ уақыт бойы көз алмай қарап тұрды; адал жауынгердің жүрегі қызғаншақтық және әр алуан арам ойлардан құлантаза бола тұрса да, жиенінің қызмет жолы соншалықты сәтті басталғанына байланысты шын ықыласты қуанышына сәл де болса көлеңке түсіргендей жанын сыздатқан әлдеқандай бір өкпе мен намыс сезімінің ұшығы да жоқ емес-ті.


Бірақ, мінеки, ол айрықша бір терең сырлы толғанысын танытқандай басын шайқап-шайқап қойды, құпия жәшігінің аузын ашып, ұзақ жылдар сары майдай сақталған шарап құйылған құтыны қолына ала бере қаншасы ішілгеніне көзін жеткізбек болған оймен, құтыны сілкіп-сілкіп қалды да, тостағына шарапты лықылдата толтырып, бірден сіміріп салды. Бұдан соң абажадай емен креслоға барып тізе бүкті, басын тағы да бір мәртебе шайқап қойды, сірә, мұнысынан өзі ерекше ләззат алғандығы соншалықты, қашан тәтті ұйқыға шомғанынша басын әлдебір ойыншық мандарин тәріздендіре әлсін-әлі шайқап қойып отыра берді, ол ұйқысынан түскі тамаққа шақырған белгі берілгенде ғана оянып еді.


Таңбалы өз ойымен өзі болып отырған мезетте Квентин Дорвард өзін сарайдың іші арқылы өтетін әдеттегі жолмен емес, керісінше оған ішкі қатынастары беймәлім, бірі-бірімен ойда жоқ бір тұста жасырын есікке келіп тіреле қалатын күмбезді коридорлармен, галереялармен және баспалдақтармен ертіп бара жатқан Оливьенің соңынан ілесіп жүре берді. Сонымен, олар аумағы жағынан зал деп атауға болатын кең де ұзын галереядан келіп шықты. Галереяның қабырғаларына жағалай әсемділігінен гөрі, көнелігімен көзге түсетін кілемдер тұтылыпты; кілемдердің үстінде өнердің ғажайып қайта өрлеу дәуірі алдындағы кезен стилінде салынған ызғарлы, бұлыңғыр, елеске ұқсас портреттер ілулі тұр. Портреттерде Франция тарихындағы романтикалық дәуірде аса бір көрнекті роль атқарған Ұлы Карлмен тұстас өмір сүрген рыцарлар бейнеленген, ал атақты Роландтың үлкен портреті мұнда ең көрнекті орынға қойылуы және басқалардан көбірек көз тартатыны себепті, бұл бөлме Роланд галереясы немесе Роланд залы деген атаққа ие болған-ды.


— Мінеки, сіз осы арада сақшылық күзет атқарасыз, — деді Оливье, даусы қабырғадағы сұсты рыцарларды мазалайтындай немесе осынау алып та қара түнектей тына қалған заңғар биік күмбездер мен әсем безендірілген готикалық оюлар астында тұнып қалған жаңғырықты оятып алармын дегендей сыбырлай сөйлеп.


— Қандай бұйрықтар бересіз және пароль қандай? — деп Дорвард та оған сыбырлай тіл қатты.


— Мылтығыңыз оқталған ба еді? — деп сұрады Оливье жауап қатудың орнына.


— Қазір оқтаймын — бұл бір минуттық қана шаруа, — деп жауап қатты Квентин мылтығын оқтап, әрі (атуға мәжбүр болған кез келген сәтте пілте де сақадай сай тұруы керек) заңғар биіктігі соншалықты, мұның өзі каминнен гөрі бөлмеге немесе готикалық шағын шіркеуге көбірек ұқсап тұрған үлкен камин ішінен шоқ алып пілтесін тұтатып.


Мылтық оқталысымен, Оливье Дорвардқа ол қызмет атқаратын жасақтың аса бір маңызды артықшылығы оған әлі беймәлім екендігін айтты, жасақтың әрбір мүшесіне тікелей бастығының сыртында, корольдің немесе Францияның ұлы коннетаблінің өзінен бұйрық алуына тура келеді, деді.


— Сіз бұл жерде асыл текті ағзамның бұйрығы бойынша күзет атқарасыз, — деп сөзін жалғастырды Оливье, — ал қандай мақсатпен күзетте тұратыныңызды көп ұзамай білетін боласыз. Галереялардың қасымен арлы-берлі жүруіңізге немесе қаласаңыз бір орында қозғалмай тұруға да ықтиярыңыз бар. Бірақ тізе бүгіп отыруыңызға немесе мылтығыңызды қолыңыздан босатуыңызға хақыңыз жоқ. Сондай-ақ, ешқандай жағдайда да әу деп өлең айтуға, ысқыруға тиісті емессіз. Көңіліңіз қаласа, қоңыр үнге салып дұға әлде аят сияқты діни рухтағы бірдеңелерді оқуыңызға рұқсат, бірақ үніңіз барынша баяу естілсін... Қош болыңыз, өз парызыңызды жақсы атқарыңыз.


«Парызыңызды жақсы атқарыңыз!» — деді жас жауынгер ойға шомып, кілемдермен қалқалап жауып қойылған бүйірдегі есіктердің бірін ашқан, өз жетекшісі ыңсыз-шыңсыз, ұрлана басып көзден ғайып болған кезде. — Бұл өзі қандай парыз, қалай білсем екен? Оның сыры неде? Кімге және неменеге қатысы болуы мүмкін? Жалғыз-ақ алда-жалда өткен заманда ғұмыр кешкен адамзаттың қабырғаларға самсата іліп тастаған, қабақтарынан қар жауа түксиген мына бір өкілдері кенеттен қайта тіріліп, қапелімде мені бас салып жүрмесе, бұл маңнан егеуқұйрықтар мен жарқанаттардан бөтен қандай бір тосын жау төбе көрсетеді деп күтудің өзі қисынсыз... Мейлі, қайткен күнде де, мен өз парызымды атқарамын».


Осынау ізгі ниетті медет еткен Квентин, уақыт оздыру үшін, әкесі дүние салған соң өзіне пана болған баяғы әдияратта жүріп үйренген діни гимндерді баяу үнмен термелей жөнелді. Осы бір сәтте, тақуа адамның шапанын ауыстырып, үстіне әскери адамның әсем киімін кие тұрса да, француз королінің сарайындағы галерея ішімен жасаған көңілсіз серуені Абербротокта өзін әбден мезі еткен оңаша серуендерден пәлендей айырмасы жоқ болып шықты-ау осы деген ой келді оған еріксіз.


Бұдан кейін, өз ғұмыры енді шіркеумен емес, кәдуілгі өмірмен байланысты екендігіне көзін жеткізу мақсатымен ол әсіресе өзі туып-өскен ел туралы көне заманғы ескі ертегілер мен аңыздарды көп білетін байырғы арфашы үйреткен мақамға басып, Қиян шеттегі өз отанының ептелен мәлім бір толғауын өзіне рұқсат етілгеніндей баяу үнмен төгілтіп қоя берді. Осылай біраз уақыт өтті. Абербротоктағы монахтар өзінен шіркеудің күллі діни рәсімдеріне қатысуын талап ете тұрса да, мұның есесіне, ең болмаса мезгілімен тамақ ішуіне қамқорлық көрсететінін қарны ашқан Квентиннің есіне түсірген сағат түскі екі болып та қалған-ды; ал бұл жерде, король сарайында, ат үстінде өткізген тұтас таңертеңгілік мезеттен және ұзаққа созылған, қалжыратып діңкелеткен күзеттен кейін, әлбетте, мұның қарны қатты ашқанын, сірә, ешбір жан ойлайтын сияқты емес.


Алайда қарны ашып, өзегі талған Квентин қазір басынан кешкен тіпті табиғи шыдамсыздықтың өзін ұмыттырып еліктіріп әкете баратын сиқырлы күштер болады; музыканың адамды тәнті ететін құйқылжыған үні осындай күштердің бірі. Дорвард ерсілі-қарсылы толассыз жүрумен болған галереяның қарсы жақ түкпірінде, сырты әсем әшекейлермен мәнерлеп безендірілген үлкен де зіл қара тас қос есік көрінеді; сірә, бұл есіктер бөлмелермен қатынас жасайтын орын болып табылатын залдың екі жақ қапталындағы сарайдың ішкергі жағында орналасқан бөлмелерге бастап апаратын болса керек. Екі есіктің аралығында ерсілі-қарсылы теңселумен болған Дорвард кенеттен біреуінің арғы жағынан өзін таң қалдырған музыканы құлағы шалып қалды; осы таяуда ғана ән әуезі мен лютня үні ұштаса естіліп өзін тәнті еткен дауыс сияқтанып естілген бұған. Өзін тебіренткен сан тарау әсерлердің ықпалымен ұмытыла бастағандай болған кешегі бүкіл ой-армандары оның жан дүниесінде кереметтей жаңа күшпен қайта жанданып шыға келді. Құлағы тамылжыған ғажайып үндерді анығырақ ести алатын маңға келген ол мылтығын иығына асып, аузын аша аңырып, тұла бойын үн баурап, тірі адамнан гөрі сақшының мүсініне көбірек ұқсаған кейіпте сиқырлы есікке қадала қарап, мелшиіп тұрып қалды. Оның санасынан енді сиқырлы музыканың бірде-бір дыбысын қалыс жіберіп алмайын деген ой кетпей қойды.


Нәзік те керемет әуен оған алыстағы бір түкпірден шалынғандай біресе қалықтап, біресе мүлде үзіліп, біресе қайта құйқылжи түскендей, үзік-үзік естіліп тұрды. Құлаққа еміс-еміс қана шалынатын, сөйтіп үзіліп қалған тұстарды өз ой-қиялымызбен ұштай, толықтыра түсуге ерік берілетін сәтте музыка да сұлулық дүниесіндей өзімізді бұрынғысынан да тереңірек баурап немесе бұрынғысынан да күштірек елітіп, еліктіре түседі ғой; ал Квентиннің тіпті мұңсыз-ақ әлсін-әлсін тына қалған тыныштық аралықтарында өз қиялына ерік беруіне себептер баршылық еді. Нағашысының жора-жолдастарының аузынан естігендерін, корольдің ресми қабылдау залында бүгін ертеңгісін өзі куә болған көріністерді есіне түсіре келіп, кешегі әнімен өзін сиқырлаған қыз — әуелгі бетте өзі әбестікпен ойлап қалғанындай дарақы трактиршінің қызы да, яки туысы да еместігіне, керісінше ілтипатына ие болу жолында корольдер мен герцогтар үстіне кіреукелерін киіп, найзаласудан тайынбайтын, киімін өзгертіп киген графиня екендігіне енді шүбәланған жоқ. Сонау бір романтикалық, өршіл ғасырда арманшыл да тапқыр жас ұланның ойына келуі мүмкін не алуан мыңдаған батыл қиялдар Дорвардтың тұла бойын билеп, санасындағы шындықты сиқырлы, ғажайып көріністер ығыстыра берді. Оның қиялын кенеттен мылтығынан ұстай алған әлдебіреудің қайратты қолы бөліп жіберді, нақ сол мезетте дәл құлағының түбінен естілген өктем үн:


— Мұнысы несі, пері соққыр! Қорғауыл мырза күзетте тұрып, ұйқтап қалған ба өзі! — деді.


Бұл Пьер ағайдың тұттыққан, бірақ ап-айқын естілген мысқылды үні еді, сондықтан қиялынан лезде сергіген Квентин ұялғанынан да, қаймыққанынан да жерге кіріп кетуден тайынбас еді: оның қиялға берілгені соншалықты, корольдің қайдан пайда бола кеткенін байқамады, ал король галереяға, сірә, құпия есіктердің бірінен қабырғаны жанай шыға келді ме, әлде қабырғалардағы кілемдерді тасаланып ұрлана басып, Квентиннің қасына тақап келді ме, әйтеуір, оны ойда жоқта қарусыздандыра жаздады.


Дорвард ойланбастан ет қызуымен мылтығын бар пәрменімен жұлқып кеп қалғанында, король тәлтіректеп кетті. Өзін қарусыздандыруға тырысқан біреуге есесін жібермеуге ұмтылдыратын әрбір ер жүрек адамға тән сезімге бой алдырып, сақшылық міндетін дұрыс атқармағанына онсыз да зығырданы қайнап ашуланып тұрған корольдің өзімен белдесуге бел буғанына сол арада бұрынғысынан да бетер шошынып қалды. Осы бір ой дегбірін кетірген Квентин сасқалақтап өзін басынып тұр ма деп шамдануы әбден мүмкін патшаның қарсы алдында, мылтығын көтерген күйі қалшиып тұрып қалды.


Людовиктің озбырлығы оның туа біткен қатыгездігінен, не оспадар мінезінен емес, қайта көбіне-көп ішкі есебінен айнымастығына, әрі қанына біткен сенімсіздік пен сезікшілдігіне байланысты еді. Әйткенмен де, оның мінез-құлқына тіпті адамдармен әдеттегі қарым-қатынасының өзінде, оны жауыз етіп көрсететін белгілі дәрежеде табалаушылық, қаныпезерлік сипат та тән болды, сондықтан өзінен қорқып, үрейі ұшқан адамдарды көргенінде айрықша бір ләззатқа бөленетін-ді, қазір де нақ солай болды. Алайда бұл жолы өзінің ләззатына ұзақ берілмей:


— Маған бүгінгі көрсеткен кызметің өзің әлпеттес жас солдаттың келеңсіз қылығын кешіруіме толық негіз бола алады... Тамақ іштің бе өзің? — деген сөздермен ғана шектелді.


Сазайын беру үшін, сірә, превоның жазалауына аттандыратын шығар деп күдіктеніп тұрған Квентин әлгі бір жылы сөздер құлағына шалынысымен- ақ әлі тамақтанбағанын аса бір құрмет сезімімен білдіріп өтті.


— Байғұсым-ай, — деді Людовик. Үнінен өзіне тән емес, әлдеқандай бір ұяңдық аңғарылып тұр-ды. — Сені маужыратқан өзегіңді талдырған аштық екен ғой! Сенің тәбетің — аш бөрінің тәбетінен кем соқпасын білемін. Бірақ өзің мені басқа бір бөріден құтқарғаныңдай, мен өзіңді бұл бөріден арашалап аламын. Сен мақтаншақ емес екенсің, мен сені риза етуге міндеттімін. Тағы бір сағат шыдайсың ба?


— Мейліңіз, керек болса жиырма төрт сағатқа да шыдаймын, патшам, — деп жауап қатты Дорвард. — Өйтпесем, шотланд болам ба?


— Уа, тіпті екінші мәрте корольдік құрасың десе де, сенің мынадай оразаңнан кейін ашқарақтықпен қылғытар тәтті самсаң болғанымды қаламас едім, — деді король әзілдеп, сөйтті де сөзін жалғады: — Бірақ гәп сен емес, мен ішетін түстік жайында болып отыр. Бүгін кардинал Балю мен әлгі бургундиялық, граф де Кревкер менімен бірге түстенбекші. Үшеуміз ғана боламыз... Қандай жағдайда кезігерімізді, кім білсін!.. Қас адамдардың дос болғансып ұшырасқандарында араларында ала құйын сайтан жүреді ғой.


Людовик бір сәт үн-түнсіз қалды да, әлдене жайында терең ойға шомды; жүзінен әлдебір жайсыз ойларға берілгені сезіліп тұрды. Корольдің өзін мүлде ұмыт қалдырғанына көзі жеткен соң Квентин, атап айтқанда, оған қандай міндеттер жүктелерін сұрап білмек болған ұйғарымға келді.


— Оқтаулы мылтығыңды алып, буфеттің тасасында күзетте тұрасың, — деп жауап қатты Людовик, — Сөйтіп, қандай да бір сатқындықтың нышаны аңғарылысымен, опасызды жайратып саласың.


— Күзет қызметі мінсіз жолға қойылған, мынадай қамалда опасыздық бола қояр ма екен, патшам — деді Дорвард таң қалғандай.


— Сен опасыздықтың болуы мүмкін емес деп санайсың, — деді король, Квентиннің ағынан жарыла сөйлегеніне зәредей де шамданбай,—алайда опасыздық саңылаудан да өте алатынын тарих дәлелдеп жүр... Бұл істе күзет көмектесе алушы ма еді, ақымақ бала. Ал сақшылардың өздерін күзететін сақшы кім?.. Сақшылық қызметі сеніп тапсырылған күзетшілердің өзі опасыздық жасамасына кім кепіл?


— Бұған олардың, шотландтың ар-ожданы кепіл, патшам! — деп батыл жауап қатты Дорвард.


— Сөзіңнің жаны бар, жаны бар, достым! — деді король масайрап. — Шотландтардың ар-ожданы әрқашан биік. Бұған күмән туғызбауға болады және де мен бұл ар-ожданға сенемін. Бірақ опасыздық!.. — Сөйтіп корольдің жүзі тағы да түнере қалды. Ол ерсілі-қарсылы жүріп тебірене сөйлеп, ойын жалғай түсті: — Опасыздық деген өзіміздің дастарқан басынан да табылады, ол біздің шарап құйған тостағандарымыздың ішінде алаулайды, уәзірлеріміздің етек-жеңдерінде жүреді, сарай маңындағылардың езулерінде күлім қағып тұрады, сайқымазақтарымыздың қарқылдай күлген күлкілерінде бой көрсетеді, ал көбінесе, бізбен бітімге келген жауларымыздың доссынған әрекеттерінде бұқпантайлаумен болады. Орлеандық Людовик бургундиялық Иоаннға сенемін деп жүріп, ақырында Барбет көшесінде өлім құшты. Бургундиялық Иоанн Орлеан партиясына шүбәсіз берілемін деп, Монтеро көпірі үстінде ажал тапты. Мен ешкімге сенбеймін, ешкімге! Құлағыңа құйып ал! Мен мынау қайсар графтан көз жазбаймын, кардиналдан да көз жазбақ емеспін, өз басым оған да сене қоймаймын. Сонымен менің аузымнан: «Шотландия алға!» деген сөз естісімен — дереу мылтығыңды тарс еткіз де, Кревкерді отырған орнында жайрат.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, өміріңізге қауіп-қатер төнгенде, бұлай ету борышым, — деп салды Квентин.


— Әлбетте. Менің ойымның үстінен шықтың. Әлгі қайсар жауынгердің өлімі де сөз болып па мен үшін! Коннетабль Сен-Поль болса бір сәрі... — Осы бір тұста, өзінің артық айтып жібергені есіне түсіп кеткендей, король бір сәтке үнсіз қалды, бірақ ізінше күле сөйлеп, сөзін жалғай берді: — Біздің күйеу баламыз шотландиялық Иаков — сендердің корольдерің Джеймсті айтып тұрмын, Квентин, — Скирлингтегі өз қамал-сарайында қонақ боп жатқан Дугласты қанжар салып өлтірген болатын.


— Стирлингте, ұлы мәртебелі тақсыр, сіз бұған ашуланып жүрмегейсіз, — деп салды Квентин. — Бұл істің аяғы жақсылыққа апарып соға қойған жоқ.


— Сіз оны Стирлинг деп атадыңыз ба осы? — деп сауал қоя тіл қатты король, Квентиннің соңғы сөздерін естімегенсіп. — Жә, мейлі Стирлинг-ақ бола берсін. Гәп оның атында емес қой. Бірақ мына бір жандарға мен жаманшылық тілемесем де... ...атай көрмеңіз, олардың өлімінен маған келе қоятын пайда жоқ... ал олар ше, бәлкім, олардың маған көзқарасы басқаша да болар... Жә бопты, менің сенерім — өзіңнің мылтығың.


— Мен белгіңізді тосамын, бірақ...


— Сен қобалжып тұрғаннан саумысың өзі, — деді король, — Сөйле, рұқсат. Өзің сияқты адамдардан, қайсыбірде бағалы кеңес алуға да болады.


— Рұқсат етсеңіз, өзіңізге бір ғана сауал қояйын, — деп жауап қатты Квентин. — Ұлы мәртебелі тақсыр, егер, мына бургундиялыққа сенім көрсетуге болмайтындай себебіңіз болса, онда оны маңыңызға неге жуытасыз, әрі неге оңаша кездесесіз?


— Сабыр ет, атқосшым, — деді король, — көзді ашып қарайтын қауіп-қатерлер де болады. Егер олардан тайсақтай беретін болсақ — өлім құшарың сөзсіз. Егер маған қарап арсылдап тұрған иттің қасына именбей жақын келіп, сипалап еркелетсем, онда иттің маған тимеуінің бір шартының орнына, он шартына ие боламын. Ал егер өзімнің қорқып тұрғанымды итке сездіріп қойсам, онда оның маған тап беріп қауып алары әбден ықтимал. Саған шынымды айтайын: бұл адамның өзінің делқұлы мырзасына маған кек сақтамай оралуы мен үшін өте-мөте маңызды. Әлгіндегідей қауіп-қатерге баруымның себебі де сондықтан. Өз патшалығымның игілігі жолында өмірімді қиюға баруға дейін тәуекел етуден ешқашан тартынып көрген емеспін... Ер соңымнан!


Людовик айрықша көңілі түсіп, сеніммен қараған жас өспірім қорғауылын өзі кірген, құпия есік арқылы ертіп жүрді. Сөйтті де жол-жөнекей, осы есікті қолымен нұсқай көрсетіп, былай деді:


— Сарай маңындағы қызметінде табысқа жеткісі келген адам осы қамал-сарайдың бүкіл ұңғыл-шұңғыл жолдары мен жықпыл-түпкірлерін, жасырын есіктері мен тұзақтарын оның басты қақпалары мен есіктерінен кем білмеуге тиісті.


Иір-иір өткелдер мен ішкі беттегі дәліздер арқылы жүріп король Дорвардты үш кісіге арнап дастарқан жайылған, биік күмбезді шағын ғана бөлме ішіне ертіп кірді. Егер король асханасына аз-кем болса да лайықты-ау деген осындағы бірден-бір мүлік — ішіне алтын және күміс ыдыс-аяқтар қойылған, жарма есікті тамаша буфет болмағанда бөлме ішінің жиһазы шектен тыс қарабайыр, тіпті жұтаң көрінген болар еді. Людовик Дорвардты нақ осы буфеттің тасасына күзетке қойды, бұдан кейін бөлменің ішін түгел аралап шығып, Дорвард бөлменің ешбір тұсынан да көзге шалынбайтындығына көзі жеткен соң, тапсырмасын қайта пысықтап айтып шықты:


— Байқа, «Шотландия, алға!» деген сөзді ұмытпағын, оны менің аузымнан естісімен, орныңнан атып түрегел, шәшкелер мен тостағандардың қираған-қирамағанына көңіл бөлмей, Кревкерді көздеп жайратып сал... Егер қапелімде оғың дарымаса, пышағыңды іске қос... Біз Оливье екеуміз кардиналдың шаруасын бітіре береміз.


Осылай деді де, ол жаңғырықтыра ысқырып қалды, сол-ақ екен табанда оның қасына, корольдің тікелей шаштаразы міндетін ғана емес, сонымен бірге басты малайы һәм, сайып келгенде, корольдің жеке басына қызмет көрсетуге қандай да бір қатысы бар барлық міндеттерді атқарушы болып саналатын Оливье жетіп келді. Король дастарқанына қызмет ететін екі қарт малайды ерте келді. Король өз орнына жайғасып отырысымен, бөлме ішіне меймандар да кіргізілді, сөйтіп Квентин торуылда тұрған орнынан осынау кездесуді бүге-шігесіне шейін тамаша қадағалай алатындығына көзі жетті.


Король меймандарын қуанышпен құшақ жая қарсы алғандығы соншалықты, жайсаң жанды Квентин нақ мұндай қабылдауды әлгінде ғана өзіне берілген нұсқаулармен және қолына ажал оғын себетін қару ұстап буфеттің тасасында тұрған өзінің алдына қойылған мақсатпен ешбір қабыстыра алмай-ақ қойды. Қазір Людовиктің тұла бойынан қауіп-қатердің, әлде қобалжудың нышанын аңғару былай тұрсын, қайта оның кескініне қарап дастарқанына шақырып өздеріне аса бір ілтипаттылық көрсетумен болған осынау меймандары корольдің айрықша құрметі мен сеніміне бөленген адамдар деп ойлауға болатын еді. Меймандармен қарым-қатынасынан сыпайы сый-құрметі мен табиғи түрдегі ықыластылығы сезіліп тұрды. Бөлме ішіндегі жиһаздар мен Людовиктің киген киімінің мейлінше жұпынылығы, өзінің қол астындағы ең ұсақ вассалдардың сарайларындағы сән-салтанаттан да қарапайымдылығы құдіретті, бірақ кішіпейіл әміршіні паш еткен шын ықыласты қабылдауы мен сөздерін одан әрі айшықтай түсті. Квентин осының алтында корольмен сырласқан бүкіл әңгімесі тек түс қана болды немесе кардиналдың ілтипаттылығы мен сүйікті бургундықтың шын сыпайылық көрсетуі Людовиктің көңіліндегі күдікті сейілтіп жіберген болды деген ойға бекінуге бейім тұрды.


Бірақ, корольдің шақыруымен меймандар дастарқан басына келіп, өз орындарына жайғасқан сәтте, Людовик оларды көзінің астымен сүзе, әрі тесірейе шолып етті де, сол заматында көз жанарын Квентин торуылға қойылған жаққа қарай аудара берді. Осы бір қас қағым сәтте корольдің жанарынан меймандарға деген жиіркеніш пен күдік сезімі лап етіп, оның осы бір көзқарасынан сақшыға сақадай сай тұр, дұшпанды тарпа бас салуға дайын бол дегендей үзілді-кесілді бұйрық жалт ете қалғанын байқаған Дорвардтың корольдің ойы мен сезімі шын екені жанында енді күдігі қалған жоқ. Мұның бер жағында жас ұланды осынау адамның өз күдігін құпия түрде сақтай білетіндігі қайран қалдырды.


Сарай маңындағылар төрт көзі түгел қатысып отырған кезінде Кревкердің айтып салған сөздері бастан-аяқ ұмытылғанындай, король Кревкермен өзінің ескі танысымен жолығысқандай, шүйіркелесе әңгімелесті, қуғынға ұшырап Бургундияны паналаған кезеңін еске түсіріп, сол кезде өзі кездесіп жүретін төрелер мен рыцарьлардың аман-саулығын сұрады. Бұған қарап мұның қуғында өткізген кездері өмірінің аса бір бақытты кезеңі болған-ау, қуғын-сүргіндегі ахуалын жеңілдетуге қол ұшын берген адамдарға өзінің ізгі достық сезімдерін сақтап қалған-ау, деп ойлауға да болатын.


— Басқа кез келген елшіні, — деді ол, — мен әлдеқайда зор салтанатпен қарсы алған болар едім, ал, Женапп сарайында алдымдағы азын-аулақ ас-суды өзіммен сан мәрте бөліскен өзіңіз сияқты ескіден келе жатқан досым үшін мен сол бұрын қандай болсам, сол қалпымнан айнымай — баяғы Людовик Валуа күйімде, Париждің кез келген сауықу қойы іспетті өзімнің бүкіл әдетімді сақтап, сол баяғы кішіпейіл күйімде қала бергім келеді. Әйтсе де, біздің түстігіміз әдеттегіден жақсырақ қамдалуына қамқорлық та жасап қойдым, сүйікті граф; «Жақсы киімнен жақсы тағам артық» деген бургундиялық мәтелдеріңізді мен білемін ғой, түстіктің айрықша ыждағаттылықпен әзір етілуіне әмір беруімнің себебі де сондықтан. Франция мен Бургундия арасындағы өзіңіз білетіндей, ежелгі бәсекелес шарап жайына келсек, біз бұл таласты екі жағымыз да ләззат алатындай етіп шешуге тырысып бағамыз; мен сіздің құрметіңізге Бургундия шарабын сіміріп саламын, ал, сүйікті граф, сіз біздің шампан шарабын ішесіз де маған құрмет көрсетесіз... Кәнеки, Оливье, маған бір тостаған оксер шарабын құйып жіберші. — Сөйтті де король сол бір заманда кең тараған бір әнді әуелете жөнелді.


Оксер шарабы — корольдердің сусыны!


— Бургундиялық ізгі герцогымыздың, жақсы көретін жиеніміздің, сау-саламаттылығы үшін алып қоямын. Оливье, сонау алтын тостағанға рейн шарабын толтыра құй да, тостағанды тізерлеп отырып, графтың қолына ұстатқын: оны көргенде біз сүйікті бауырымыздың өзін көргендей болып отырмыз... Ал сіздің тостағаныңызға, кардинал мырза, шарапты мен өзім құйып беремін.


— Сіз онсыз-ақ өзіңіздің шарапатыңызбен тостағанды ернеуінен асыра шүпілдете құйып та қойғансыз, патшам, —деді кардинал — сүйікті адамының, өз әміршісінің көңілінен шыққысы келгендей көтеріңкі сарынға басып.


— Өйткені, мәртебелі әулием, сіз оны қолыңызға берік ұстайтыныңызды мен білемін, — деді Людовик. — Бірақ, біздің шарап туралы ұлы таласымызда сіз Силлериді ме, әлде Оксерді ме — Францияны ма, әлде Бургундияны ма, қай жағымызды қолдамақсыз?


— Мен бейтарап қаламын, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты кардинал, — сөйтіп өз тостағаныма оверн шарабын құйып аламын.


— Бейтараптық — қауіпті мәселе, — деді король, бірақ кардиналдың екі беті дуылдап шыға келгенін аңғарып, әңгімені басқа желіге бұра қойды. — Сіздің неге оверн шарабын қалайтыныңызды білемін: бұл тамаша шарап сумен отаса алмайды... Қанеки, сіз неге ішпей, тартынып отырсыз, сүйікті граф? Қолыңыздағы тостағанның түбінен ұлттық ашу-ызаға кезігіп отырмаған шығарсыз деп сенемін?


— Мен, тақсыр, — деп жауап қатты граф де Кревкер, — дау-дамайымыз да жүзімшілеріміздің бәсекесі іспеттес оп-оңай шешілгенін қалар едім.


— Қай іске болса да, уақыт керек, сүйікті граф, қай іске болса да уақыт керек, тіпті шампан шарабын сіміріп салуға да уақыт керек, — деп жауап қатты король. — Ал енді, шампанды ішіп салған соң, өзіңізге деген ерекше сый-сияпатымыздың белгісі ретінде, сізден осы тостағанды қабыл алуыңызды өтінуіме рұқсат еткейсіз. Мен бұл сыйды екінің біріне ұсынбаған болар едім. Бұл тостағанның иесі, бір кезде Францияға жайдай тиген Ағылшын Бесінші Генрих болатын, сөйтіп Франция мен Бургундияның бірлескен қимыл-күштері арқасында ағылшындар Нормандиядан қуып шығарылғанда, Руанды азат ету үстінде қолға түскен тостаған еді бұл . Франция мен Бургундияның одақтасуы континент бостандығын ағылшын езгісінен құтқара алатындығын жақсы түсінетін батыр да ізгі бургундиялық қана бұл тостағанды иемденуге лайықты адам деп білемін.


Граф осындайдағы жалпы тәртіпке сүйене отырып жауап берді, осыдан соң Людовик әзілге бейім көтеріңкі көңіл ауанына берілді, мұндайда оның әдеттегі түксиген қабағы ауық-ауық жадырап шыға келетін. Әлбетте, әңгіме желісін корольдің өзі сабақтап, оны өзі қажетті арнаға бағыттап отырды, әңгімесін қызықты, ал қайсыбір тұстарда өткір де күлдіргі, бірақ әмісе ақ жарқын шыға қоймаған әзіл-қалжыңмен мәнерлеп, сөз арасында сыпайыгершіліктен гөрі мысқылымен есте сақталып қалатын анекдоттарды үсті-үстіне төгумен болды; бірақ оның сөзі де, қимыл-әрекеті де өміріне төнуі мүмкін қауіпке жол бермеу мақсатымен, қажет жағдайда шабуылға шығуы үшін қарулы солдатты торуылға қойған адамның кейіп-кескінінен зәредей хабар берген жоқ.


Граф де Кревкер корольдің масайраған көңіл ауаның шын ықыласымен қолдап-қостаумен болды, ал зымиян кардинал корольдің әрбір әзіліне күліп қойып отырды және әрбір астарлы сөз орамдарын мәз бола қайта-қайта пысықтаумен болды, осы бір тұстарда өзінің боғауыз айтып отырғанына титтей де қысылған жоқ, ал осының бәрін естіп тұрған жас шотланд ұялғанынан бетін басты. Бір жарым сағаттай уақыт өткен соң бәрі дастарқан басынан түрегелісті, сөйтіп король меймандармен жылы шыраймен қоштасып, жалғыз қалғысы келетіндігін білдірген ишарат аңғартты.


Бәрі, соның ішінде Оливье де, қараларын үзген кезде, король Дорвардты қасына шақырды, бірақ оның үні үздігіп, пәс естілгені соншалықты, әлгінде ғана көңілді әзіл-оспақтармен әңгімені қыздырған осы кісі екендігіне жас өспірім жігіт әрең илана алар еді. Дорвард корольдің қасына таяп келгенде, оның сыртқы кейпі де таңғаларлықтай өзгеріске ұшырағанын көрді. Көз жанарлары сөнген, күлкінің ізі де жоқ, ал бет-жүзінен өзі атқарып шығуы үшін бүкіл күш-қуатын сарп етуіне тура келген, күрделі де қиын рольді осы қазір ғана атқарып шыққан шебер актердің өңіндегідей ауыр бейнеттің, шаршап-шалдыққандықтың табы аңғарылады.


— Сенің қызметің әлі аяқталған жоқ, — деді ол Дорвардқа. — Бірақ алдымен дастарқан басына отырып ауқаттанып ал. Мына столдың үстінен керегіңнің бәрін табасың... Сенің тағы не істейтініңді соңынан өзіңе айтамын. Отыр да, тамағыңды іш, өйткені тоқ адам аш адамды, аш адам тоқ адамды түсіне бермейді.


Осылай деп Людовик креслоның арқалығына шалқайып, алақанымен көзін басып, үнсіз отырып қалды.


XI ТАРАУ


РОЛАНД ЗАЛЫ



Купидонды соқыр дейді, ал енді
Гименей де көре алар ма әлемді?
Көз әйнек қып алды барлық туысты,
Ол сонымен көреді бар қуысты.
Алтынды да, алмасты да көреді,
Он есе артық бағасына береді,
Ол жағын да бір ойланған жөн еді.


«Еріксіз некелескендердің зары»



Француз королі XI Людовик Европа корольдерінің ішіндегі ең билік құмары болды, алайда ол билікті айғақтылық тұрғысынан ғана қастер тұтты, сөйтіп мәртебелі атақ-дәрежесіне сай көрсетілетін қошеметтің егжей-тегжейіне шейін бұлжымауын қатаң талап ете тұрса да, түптеп келгенде қошемет атаулыға және сырттай сән-салтанатқа таң қаларлықтай енжар еді.


Егер корольдің адамгершілік қасиеті мол болса, онда оның адамдармен қарым-қатынасындағы қарапайымдылығы, сондай-ақ қол астындағы пақырларын терезесі тең кісідей өз дастарқанына шақырып қонақ еткендегі сыпайылығы, ал кей кезде өзі де олардың дастарқанынан дәм татудан бас тартпайтыны, сірә, оны аса зор қадір-құрметке бөлеген болар еді. Бірақ корольдің бойындағы күллі кемшіліктеріне қарамастан, оның әдеттегі қарапайымдылығы мінезіндегі сенімсіздік, сезікшілдіктен тікелей жапа шекпегендердің көз алдында оның көптеген міндерін білдірмей жіберуші еді. Ал үшінші қауым немесе ақылды әмірші патшалық құрған кезеңде француз қоғамының барынша байыған әрі дәуірлеген орташа табы іші жыли қоймағанымен, оны ардақтайтын-ды; сөйтіп Людовик қалыптасқан әдет-ғұрыптарды аяқ асты етуімен француз тәж-тағын масқара етеді, дүбірлі дворяндық артықшылықтардың шырқын бұзады деп өзіне айып таққан жоғарғы қауымдағы дворяндардың тегеурініне үшінші қауымның қолдауы арқасында ғана төтеп бере алды; осы қылығы үшін ол қала тұрғындарының құрметіне бөленген-ді.


Басқа кез келген патша бұған қорланар еді, ал француз королі өз гвардиясындағы кәдімгі қатардағы солдаты зор тәбетпен жақсылап тамақтанып алғанша шыдамдылықпен, тіпті оған әлдеқалай сүйсіне қарап, асықпай күтіп отырды. Рас, Квентиннің король төзімді екен деп, оны сарылтып, күттіріп қоюға бармайтын мейлінше ақылды да зерек жігіт екенін де ескеру керек. Ол тамағын ішіп болғанын бірнеше рет аңғартса да, Людовик оны бөгей берді.


— Жоқ, жоқ, сенің тоя қоймағаныңды көзіңнен-ақ байқап отырмын, — деді ол мейірлене. — Алғашқы қарқыныңнан танбай, қысылмай іше бер тамағыңды, лайым, өзіңе бір құдай және әулие Денис жар болғай. Сенің мұның қалай? Қымсынба! Маған илан: қайырымды христиан тамақ ішуден және құдайға құлшылық етуден (осы тұста ол шоқытып алды) ешқашан да залал шеккен емес. Бір сапты аяқ шарап та сіміріп жіберуіңе болады. Шарап жаман нәрсе емес, бірақ оны шама-шарқыңа қарап ішсең ғана солай. Байқа, шөлмекке әуес бола берме: отандастарыңның бір осал жері осы, сондай-ақ егер мұндай дертке шалдықпаса, онда дүние жүзіндегі ең таңдаулы солдаттар бола алатын ағылшындардың да осал жері осы... Мінеки, енді, қол жу да, «алғыс жаудырам құдайға» деп бата беруді ұмытпа, сөйт те соңымнан ер.


Сөйтіп, Квентин корольге еріп жүре берді. Басқа, бірақ нақ әлгіндегідей шым-шытырық өткелдер арасымен өтіп, тағы да Роланд залынан келіп шықты.


— Есіңде болсын: сен күзет орныңды тастап ешқайда барған жоқсың, — деп бұйырды оған король өктем үнмен. — Нағашың мен жолдастарыңа да осылай дейсің... Ал мынамен өзің мәңгі ұмытпастай болуың үшін зердеңді буып тастайсың, — Сөйтті де, ол Дорвардтың қолына барынша қымбат саналатын алтын бауды ытқыта салды. — Өзім сәнқой емеспін, ал, бірақ қарамағымдағы адал қызметшілерім бұл жөнінде кез келген кісімен бақталастыpa алады. Егер мылжың тілді буып тастауға мына алтын бау олқы түсіп жатса, ондайда менің серігім Тристанның тілді тыятын сыннан өткен тәсілі бар... Ал енді зейін қойып тыңда: Оливье екеуімізден басқа бүгін бұл залға ешбір жан бас сұқпауға тиісті. Бірақ бұл араға мына бөлмеден немесе ана біреуінен, бәлкім, тіпті екі бөлмеден де бикештер келуі мүмкін. Егер олар саған сауал қойса — жауап бер. Бірақ сен өзің күзетте тұрғаныңды ұмытпағын, сондықтан жауаптарың қысқа болуға тиісті. Ұзақ сонар әңгіме соғуға хақың жоқ, ал өз тарапыңнан әңгіме бастауыңа тіпті болмайды. Бірақ оның есесіне құлағың түрік болуға тиісті. Қолыңа да, құлағыңа да енді мен иемін: тәніңді де, жаныңды да мен сатып алдым. Сондықтан осы маңда құлағына шалынғанның бәрін маған жеткізгеніңше есіңде берік сақта, ал содан соң сол заматта-ақ бәрін ұмытуға тиістісің... Жоқ, әйтпесе былай келісейік: сен Шотландиядан жаңа ғана келген, біздің христиан тілін әлі үйреніп үлгермеген әскери қызметтегі тау адамысың... Иә, иә, сөйткеніміз дұрыс. Сонымен, егер саған қарап тіл қатса, үндеме, сенің де шаруаң жеңілденеді әрі олар да өзіңнің көзіңше өзара еркін сөйлесе береді. Сен түсіндің бе? Қош! Қырағы бол, сөйтсең саған менен артық дос жоқ.


Король осы сөздерді айтты да, Квентинге көзімен көріп құлағымен естігендерін ой сарабынан өткізуге ерік бергендей, құпия есікке кіріп қарасын үзді. Жас өспірім жігіт қазір өткенді ойға алғаннан гөрі, алға қарап көз тігу қолайлырақ болатын күй кешті. Олжа аңдыған аңшы іспеттес, ізгі жанды граф де Кревкердің өміріне қастандық жасап, торуылда тұрғанын ой елегінен өткізу оның көңілін зәредей де жұбата қоймады. Рас, Людовиктің тарапынан бұлай сақтану таза қорғаныс сипатындағы шара еді; бірақ көп ұзамай Дорвардка осы іспеттес, алайда бұл жолы шабуыл мақсатын көздеген бұйрық берілмесіне кім кепіл. Сөйтіп егер солай болып шықса, онда мұның хал-қадері пәлендей жақсы бола қоймайды... Өз тақсырының мінез-құлқы сыралғы бола бастаған қазіргі жағдайда оның әмірінен бас тарту басын өлімге тігумен пара-пар болатындығына Дорвард күмәнданған жоқ; оның бер жағында король әмірін орындау мұның ар-намысымен сыйыспайтын іс болып шығар еді. Жан адам төніп келе жатқан қауіп-қатерді аңғарға сәтте бұл бақытсыздықты әуелі көріп алайын, іл одан қалай құтылудың амалы кезінде табыла жатар, деп санайтын өзін-өзі алдарқатқан әдеттегі албырт кіршіксіз көңілге бой ұрып, жанын қинаған ойдан арылуға тырысып бақты.


Осынау ізгі тоқтамға бекініп көңілі оп-оңай тыншығаны соншалықты, корольдің соңғы берген бұйрығы қара басының қамын ойлаудан гөрі, жанын саяға бөлеген анағұрлым ләззатты арнаға қарай бұрып, тәтті қиялға баурап әкете барды. Басқан ізін қалт жібермей аңдуға тиісті болған ханымдардың бірі лютнясын сызылта тартатын, өзіне қатты ұнап қалған леди екендігіне ол күмәнданған жоқ, сондықтан да жас жігіт ханымның аузынан шыққан сынық сөзін қалт жіберуші болмағын деп өзіне жүктелген корольдің әмірін бұлжытпай орындауға белін бекем буды. Ледидің сөйлеу мәнері де әніне сай айрықша сүйкімді ме екен деген үміттің ұшығына жеткенше Квентиннің өзегі өртеніп тұрды. Бірақ оның есесіне нақ осындай кіршіксіз, пәк көңілмен ол корольге ханымның өз басына кесепаты тимейтін сөз тіркестерін ғана жеткізуге өзіне өзі іштей ант етті.


Енді ол күзетте тұрған кезде қалғып кетер ме екен деп зәредей де күдіктенуге орын қалған жоқ. Айқара ашық тұрған терезеден ескен самал жел қабырғалардағы ескі түсқағаздарды үздіксіз тербегендегі әрбір сыбдыры оған өзі күткен әлгі жанның келіп жеткенінің хабаршысындай елестей берді. Қысқасы, оның тұла бойын махаббаттың ажырамас серігі болып табылатын, тіпті көбіне көп махаббат отының тұтанып шыға келуіне себепші болатын жұмбақ сырлы алабұртқан әрі тілмен айтып жеткізе алмастай тебіренткен сезім баурап алды.


Әлден уақытта есіктердің бірі сықыр-сықыр ете қалды (өйткені он бесінші ғасырда тіпті король сарайларының есіктерінің өзі де нақ біздің қазіргі кезіміздегідей дыбыссыз ашыла қоймаушы еді), бірақ, әттеген-ай, залдың Дорвардтың құлағына ән шалынған түкпіріндегі емес, басқа бір түкпіріндегі есік сықырлап еді. Есік айқара ашыла берді де, табалдырықтан әйел адамның тұлғасы көзге шалына кетті; қасына ерген басқа екі әйелге қарап, мені жалғыз қалдырыңдар дегендей ишарат етті де, өзі зал ішіне кірді. Қаңырап бос тұрған осынау галерея ішімен жүргенінде әлгі әйелдің бұрынғысынан бетер қисалаң қағып, аяғын сылти басуынан-ақ, бұл келген Жанна патшайымның өзі екенін Квентин жазбай тани кетті, сөйтіп ол қасынан өте бере-ақ қошеметшілдік әдетке басып, қолын шекесіне қойып, оған құрмет білдірді. Патшайым бас изеп ілтипат жасады; Дорвард оның келбетіне таңертеңгілік мезеттегіден гөрі қазір жітірек көз тоқтату мүмкіндігіне ие болды.


Патшайымның шырайы оның тұрпаты мен жүріс-тұрысындағы сиықсыздығына әбден сай еді. Обалы қанша, бет-әлпеті көріксіз болғанымен оның жүзінен түңіле қоярлықтай жиіркеніштің нышаны аңғарылмайтын, ал әдетте кісіге тура қарамайтын, мұңға, одан қала берсе шерге толы мөлдіреген үлкен көк көздері тіпті сүйкімді көрініп тұрды. Сөйткенмен де оның реңі тым қуарып кеткен-ді, һәм бетінің, аяқ-қолдарының терісі дімкәстіктің белгісіндей әлдеқалай сарғыш тартқан; күріштей аппақ тістері мен қаймыжықтай қан-сөлсіз еріндеріне қарамастан, ұсқынсыз үлкен аузы да мүлде көз тартпайды. Әп-әсем, қою болғанымен шашының түсі оңып кеткені соншама, бір түрлі ақшыл тартып тұрғандай сезілді, сондықтан да патшайымның күтушісі, сірә, иесінің сәнін келтіріп тұрған оның бұрымы деп санағанынан шығар, шашын қалың өріп, басын шырмап, орап қоюы жаңсақ болыпты, өйткені басына даңғарадай өріп қойған шашы патшайымның онсыз да қан-сөлсіз реңін бұрынғысынан да бетер жансыздандыра түскендей әсер береді. Патшайымның кескін-келбетін қасақана біржолата сиықсыз еткілері келгендей-ақ, оның үстіне өзін тірі аруаққа ұқсатып тұрған, етек-жеңі мол пішілген сұрғылт-жасыл түсті жібек көйлек кигізіп қойыпты.


Көрер көзге ерсі осынау бір тұлғаға Квентин қайран қалып әрі жан ашырлықпен қарап тұрғанында, өйткені патшайымның әрбір көзқарасы мен әрбір қимыл-әрекеті еріксіз аяныш сезімін туғызумен болған-ды, залдың қарсы жақ қапталындағы есік айқара ашылып, тағы да екі бикеш кіріп келді.


Оның біреуі Квентиннің есінде берік сақталып қалған «Лала гүлі» мейманханасындағы таңертеңгі қонақасы кезінде Людовикке қызмет еткен жас қыз болып шықты. Мойнына бөкебай салып, қолына лютня ұстаған жұмбақ та, ғажайып нимфа, осынау асыл текті, әрі графтық атақ-дәреженің бай мирас қоры (Дорвардтың ойынша бұл әйел сондай бір артық туған жан саналды) оны есерсоқ бай саудагердің қызметшісі, кәдімгі трактиршінің қызы деп ұққан сонау бір жолғы әсерінен дәп қазір өзіне он мәрте күштірек әсер етті. Жасөспірім жігіт бұл арудың анық атақ-дәрежесін өзім неге бірден-ақ аңдай қоймадым екен, деп өзіне-өзі іштей таңырқана сауал қоюмен болды. Айтса да бұл бекзаданың киімі өзі көрген алғашқы жолғысындай дерлік қарапайым: ешқандай әшекейленбеген, қара жамылғанда киетін көйлек киіп келген, ал басына — жұқа жібектен тіккен ұзын етекті тор салған, бетін тасаламай торын сырып қойған. Бірақ бұл бекзаданың кім екендігіне Квентиннің көзі анық жеткен қазіргі бір шақта, оның ғажайып бейнесі көз алдында жаңа бір қырынан құлпырып шыға келді, дене бітімі мен қимылы өзі бұрын байқамаған тіл жетпестей, айрықша бір сипатқа бөленіп, әсем.жүзі, ақ дидарында гүл жайнаған нәзік қызыл реңі мен нұрлы көздері — кескін-келбетін бұрынғысынан да айшықтай түскен ізгіліктің куәсіндей боп көрінді.


Нақ қазір басына дарға асылу қаупі төнсе де, әлгінде ғана өзі патшайымға көрсеткен құрметті Дорвард осынау ару мен оның қасындағы серігіне де көрсету ниетінен тартынбас еді. Бекзадалардың екеуі де оның білдірген көңіл шырайын, сый-құрметке етене үйреніп алған арулардай дағдылы әдетпен қабылдап, бастарын ілтипатпен изесті; бірақ әскери адамның рәсімінше сәлем беріп, оған қошеметін білдіргенде бүлдіршін леди Квентинге өңі сәл дуылдап, қысылыңқырап қалғандай (айтса да бұл, сірә, өзінің албырт ойының елесі ғана болуы да ықтимал ғой) көрінді. Бұлай қысылыңқырап қалуының түп-төркінін, жас арудың «Лала гүлі» мейманханасында бір мұнара астында көрші тұрған өзінің қайсар мінезді бейтанысын тосын жағдайда ұшыратуынан іздестіруі керек еді, бірақ оның әлдеқалай қысылыңқырап қалуы өкініштен туған сезім бе екен? Бұл жағына Квентиннің көзі жете қоймаған-ды.


Жас графиня тәрізді қаралы киім киген оның серігі әйел біткен өзінің сөне бастаған реңін сақтап қалуды көбірек ойлайтын жас шамасындағы жан еді. Айтса да, бір кездерде оның өте бір көрікті кісі болғаны қазірдің өзінде де аңғарылып тұрды. Тұла бойын сыланып-сипанған мәнері жас шағында талай жандарды еріксіз еліткені есінде сақталып қалғанын ғана емес, сонымен бірге ерлер жүрегіне әлі де шоқ тастай алармын деген үміттен күдер үзе қоймағанын да айғақ еткендей. Сұңғақ та сымбатты келген ол өзін аздап тәкаппар ұстады. Дорвардтың сәлеміне күлімсіреген шырай білдіріп, тәжім етті де, қасына ілескен арудың құлағына әлдене жайында сыбырлап жатты, ал бикеш құлағына шалынған сөздердің сырына көзін жеткізгісі келгендей, күзетші жаққа бұрыла бір қарап қойды, бірақ егде әйелге жауап бергенінде көзін төмен салған-ды. Егде әйел алдында сыбырлағанда мені мақтаған болар деп ойлады Квентин, сондықтан жас графиня оған жауап қатқанда естігенінің дұрыс-бұрыстығына тіпті көзін жеткізуге мүлде әрекеттенбегенін көрген мезетте неге өйткенін кім білсін, жігіттің жүрегін қуаныш сезімі кернеп кете барды. Бәлкім, жас ару мен араларында әрбір елеусіз ұсақ-түйектің өзіне айрықша мән берілетін сол бір жұмбақ сырлы байланыс желі тартты деп ұққан болар ол.


Айтса да, бұл жайында ойланып-толғанып жатуға оның мұршасы бола қойған жоқ еді, өйткені келесі бір сәтте оның бүкіл ынтызары екі әйелдің Жанна патшайыммен кездесуіне ауған-ды. Олар ішке кірген бетте, бәлкім, өзінің ілгері қарай ұмсынуына болмайды деп ұққандығынан болу керек, патшайым орнында бөгеліп тұрып қалды да, әйелдердің өздері қасына жақын таянып келуін тосты, ал бұлардың бас изеген ізеттеріне патшайымның қысылыңқырап қалғанын көрген егде әйел өзінің кіммен сөйлесіп тұрғанын ұға алмай, бейне бір оны желеп-жебегендей патшайымға мейірлі үнмен тіл қатты.


— Біздің өз жынысымыздағы қауыммен, оның үстіне сіз секілді қадірменді ханыммен дидарласуымызға рұқсат етілгеніне, — деді қарсы алдарында жүрексініп тұрған бейтаныс әйелді жігерлендірмек болған ниетпен, сөзін күлімсірей бастаған ол, — мен өте-мөте қуаныштымын. Күні бүгінге шейін, немере сіңліміз екеуміз король Людовиктің бізге деген көзқарасындағы пәлендей жылы лепті сезе қойдық деп мақтана алмайтынымызды мойындауымыз керек... Саған не болған, айналайын? Менің жеңімнен тартқылай берудің керегі не: біздің хал-жағдайымызға жаны ашитындығын мен мына жас арудың көзінен-ақ байқап тұрмын... Сіз, сенесіз бе, осы араға келгелі тұтқынға түскен адамдардың күйін кешудеміз біз! Францияның аялы алақанында боласыңдар деп табанды түрдегі шақыртулары мен ақыл-кеңестерінен соң, асыл текті ағзам алғашқы бетте бізді қайдағы бір лас мейманхана үйіне орналастырды, ал енді, мінеки, мына бір қаусап тұрған ескі қорықтан бір мүйіс қана бөліп беріп отыр. Күндіз көзге түсуі жаман ырымға жорылатын, нақ бір жапалақ әлде жарғанат санатына жататынымыздай-ақ бізге үңгірден күн ұясына батқан соң ғана шығуымызға рұқсат етіледі.


— Сіздерді атақ-дәрежелеріңе лайықты түрде қарсы ала білмегенімізге... — деді патшайым әңгіменің бұлай бет алысынан бұрынғысынан да бетер қысылыңқырай түсіп, — қатты өкінемін, қатты өкінемін. Қалай болған күнде де, тым болмаса мына немере сіңліңізге бұл жер жайсыз тие қоймаған болар?


— Әлдеқайда, әлдеқайда жайлы, бұл жағын тілмен айтып жеткізуім қиын, — деп сөзге араласты жас графиня, — Мен өз басымның қауіп-қатерден аман болуын ғана қалап келген едім, ал бұл арада оңаша болуға да қолым жетіп отыр. Біздің алғашқы жолғы келіп түскен қоныс-жайымыздың оқшау жерге орналасуы мен қазіргі тұрағымыздағы бұрынғымыздан да оңашарақ тіршілігіміз, біз секілді бейбақ босқындарға корольдің жасап отырған жақсылығына көзімді жеткізе түседі...


— Жап аузыңды, ақымақ қыз! — деп егде әйел оның сөзін бөліп жіберді. — Маған шерімді тарқатуға мұрсат берші, біздің мынау жас арумен оңаша ұшырасқанымыз мұндай жақсы болар ма. «Оңаша» деп әдейі айтып тұрмын, өйткені тірі адамнан гөрі тас мүсінге көбірек ұқсайтын мынау уыздай жап-жас келбетті күзетшіні өзім есепке алмаймын, оның тіл білетіндігі, басқасын қайдам, біздің цивилизациялы тілімізді білетіндігі неғайбыл... Сонымен, қайталап айтайын: біз мына бекзатпен оңаша жолығысып қалған екенбіз, Францияға келіңдер деген шақыртуды қабыл алғаныма өзімнің қазір қалай өкініп жүргенімді оған айтып жеткізуге тиістімін. Мен небір ғажап қабылдаулардың, сайыстардың, карусельдердің, ойын-сауықтар мен той-думандардың куәсі боламыз деп үміт еткенмін, ал мұның орнына абақтыға қамалғандай болдық! Зиялы қауымның орнына король бізді қайдағы бір қаңғыбас сығанмен таныстырды. Фландриядағы дос-жарандарымызбен хат жазысып тұруды сол арқылы жүзеге асыруға тиісті болдық... Бәлкім, — деп ойын сабақтай түсті ол, — көзіміз жұмылған күні көне заманнан белгілі де Круа әулеті біржолата өшкенде, біздің иелігіміздегі жерлерді басып алмақ пиғылымен саяси жағдайға байланысты өміріміздің ақтық шағына дейін корольдің бізді осы арада ұстап тұрмақ ниеті бар шығар... Бургундия герцогы нақ мұндайлық қатыгез болған емес. Ол қалай десек те, немере сіңліме ұсқынсыз болса да, әйтеуір, бір жігітті көлденең тартты ғой.


— Менің ойымша, жауызға тұрмысқа шыққанша, дүниені талақ етіп, сопылық өмір кешкенім артық, — деді патшайым орайы түскен бір сәтте сөзге араласып.


— Қалай десек те, өз тілегімізді білдіруге бізге мұрсат берілген теріс болмас еді, ханша! — деп қалды ашуға булыққан егде әйел. — Басымды қандай азапқа салсам да, есіл-дертім — мына немере сіңлімнің қамы ғана, бұған құдайдың бір өзі куә. Ал өзім күйеуге шығу туралы ойды ұмытқалы қашан. Сіз бұған күлесіз ғой... бірақ өзіңізге ант етейін, бар шыным осы... Алайда бұл жағдай корольдің айыбын әсте жеңілдетпек емес. Оның бүкіл қимыл-әрекеті, тіпті оның бүкіл болмысы, Ұлы Карлдың мұрагерінен гөрі генттік өсімқор Мишо шалға көбірек ұқсап тұрады.


— Тіліңізді тарта сөйлеңіз! — деді патшайым, сөйтіп оның дауыс мақамынан әмір еткен сарын аңғарыла кетті. — Менің әкем туралы айтып тұрғаныңыз есіңізде болсын!


— Сіздің әкеңіз туралы ма?! — деп саңқ ете қалды, бургундиялық мосқал әйел таңырқана.


— Иә, менің әкем туралы, — деді патшайым нық сөйлеп. — Жанна Французская — менмін. Бірақ қорықпай-ақ қойыңыз, сударыня, — деді ол өзіне тән жұмсақ үнмен сөзін жалғап, — сіздің мені тілдемек болған ойдан аулақ екеніңізді білемін, сондықтан шамданып тұрған жоқпын. Менің көмегіме шүбәланбаңыз. Өзіңіздің және қасыңыздағы мейірбан жүзді арудың қуғын-сүргінге ұшыраған тағдырларыңызды жеңілдетуге қолымнан келгенін аянып қалмаймын. Өкінішке орай, сіздерге көп жақсылық жасай қоярлықтай менің қолым қысқа, бірақ шын жүрегімнен қызмет көрсетуге дайынмын.


Графиня Амелина де Круа (мосқал әйелдің аты-жөні осылай аталатын-ды) патшайымның мейірбандық уәдесіне басын төмен иіп, құрмет көрсеткен рай білдірді. Оның қаншама жылдарды сарай маңында өткізуі және сарай төңірегіндегі әдет-ғұрыптарды жетік білуі тегін емес-ті. Өз тақсырының мін-мүкісі мен ағаттықтары туралы, одан көрген қорлықтары мен одан шеккен жәбір-жапалары туралы оңаша әңгімелескен кездерде, ешбір именбестен құмардан шыққанша айта беруге болатын, ал, бірақ тікелей корольдің өзінің немесе оның үй ішіндегі адамдардың көзінше бұл туралы ешқашан да тіс жарып, тіл қатуға болмайтын — барлық замандардағы өмір сүрген сарай маңындағылар ұстанып келген осы ережені ол бұлжытпай қадағалайтын-ды. Әрине, осыдан соң графиня де Круаның король туралы оның қызының көзінше сондайлық бір әдепсіз пікірін айтып салып, жаңсақтық жасағанына қатты қысылып қалуы түсінікті ғой. Егер патшайым өзінен кешірім сұрауына құштар еместігін сыпайы түрде (француз королі қызының аузынан шыққан бұл сөздер әмір бергенмен пара-пар естіле тұрса да) ескертіп мосқал әйелдің сөзін бөліп жібермесе, онда жалынып-жалбарына кешірім өтінуі мен өкінішін білдіруден ол ешқашан да тыйылмас еді.


Бұдан соң патшайым зады король тұқымына тән паңдықпен креслоға жайғаса отырды да, екі әйелге қасынан орын нұсқады, жас графиня бұл ілтипатты құрақ ұшып, имене қабыл алса, егде графиня — көзге ұрып тұрған өтірік мүләйімсіген пішін танытты. Олар әңгіме желісін үзген жоқ, бірақ сыбырлай сөйлескендері сонша, күзетші дәнеңе де ести алмады. Жалғыз-ақ ол патшайымның өз сұқбаттастарынан қыз лебізіне әлдеқайда көбірек ден қойып, оның қадірмен туысы Амелинаның сөздің майын тамызған майталман шешендікпен король әулетін мадақтап, жарамсақтанған лепірмесінен гөрі, жас арудың қысқа да қарапайым жауаптарын зейін қоя тыңдаумен болғанын аңғарды.


Залдың қарсы жақ бөлігіндегі есік ашылып, капюшоны бар, етегі жер сызған ұзын плащпен тұла бойы тұмшаланған бір кісі кіріп келгенге дейін, ширек сағат бойы әңгіме толастамады. Король әмірін екі етпеуге бекінген, әрі өзінің екінші мәрте сөгіс естіп қалуын қаламаған Квентин әп-сәтте тосын адамның қарсы алдына жетіп барды да, оның бұл арадан дереу тайып тұруын талап етті.


— Кімнің бұйрығы бұл? — деді бөгде кісі шамданған үнмен, әрі таңдана тіл қатып.


— Корольдің бұйрығы, мен осы бұйрықтың қалтқысыз орындалуы үшін күзет атқарып тұрмын бұл жерде, — деп нық жауап қатты Квентин.


— Орлеандық Людовикке бұл бұйрықтың қатысы болуы мүмкін емес, — деді герцог, иығынан плащын сыра беріп.


Квентин бір минуттай іркіліп тұрып қалды. Не істеу керек? Корольдің тікелей өзінің күйеу баласы болуға тиісті, деп бір сыбыс айтылып жүргеніндей, король әулетіне тікелей қатысы бар шаһзаданың өзіне бағынуын талап ете алар ма ол?


— Асыл текті ағзамның еркіне қарсы келе алмаймын, — деді Квентин. — Мен өз борышымды, шама-шарқымша атқарғанымды, ұлы мәртебелі тақсыр сіз растап бересіз ғой, деп үміт етемін.


— Қорықпай-ақ қойғын, жас батыр, сені ешкім де сөкпейді, — деді герцог, сөйтті де патшайымның қасына таман таяп барып, сыпайы, бірақ сұлық қана басын иді, оның қалыңдығымен қарым-қатынасында әмісе осындай салқындық тән еді.


— Мен түскі тамағымды Дюнуамен бірге ішіп едім, — деп ойын аша түсті герцог, — сөйтіп, Роланд галереясында жұртшылық бас қосып отыр, дегенді ести сала, орталарыңа келіп тұрмын.


Бишара Жаннаның бетінің ұшы қызарып шыға келіп, аппақ шүберектей қуарған жүзіне нұр жүгіріп, ұсқынсыз түр-тұрпатын бір сәтке болса да шырайландырып, осы шағын топқа мына секілді бір адамның келіп қосылуы өзінің көңіл күйіне жайсыз тимегенін байқата берді. Ол биік мәртебелі атақ-дәрежесіне лайықты қошемет көрсетіп, онымен ыстық ықыласты жағдайда сәлемдесумен болған қос графиня де Круаларға герцогты таныстырып та өтті, сонан соң, оған креслоға отыруына ишарат етіп, өздерінің әңгімелерінен сырт қалмауын қалады.


Герцог нақ мынадай ғажап қауым ортасына келе тұрып, өзінің креслоға отыруын қолайсыз санайтындығын мәлім етті. Ол орындықтардың бірінің үстіндегі көпшікті ала сала, оны жас графиняның аяғы астына төсеп қойды да, өзі патшайымның қытығына тие қоймастай жағдайда болуын көздеп, бірақ оның есесіне оның қасындағы сұлу көршісіне көбірек көз тіге алатындай жерге барып тізе бүкті.


Өзінің көңілін табу үшін жігіті әдейі осылай етіп отыр деп санаған патшайым кереметтей сұлу шетелдік қыздың алдында герцогтың бәйек қағуын әуелгі бетте, сірә, іштей ұнатып қалған болса керек. Ал, бірақ орлеандық герцог өз ерік-жігерін Людовиктің қатыгез деспотизміне бағындырып әдеттенгенімен, корольдің қасында болмаған шақта көңіл қалауын білдіріп қалу мақсатында, қалай дегенмен де, өзін жеткілікті дәрежеде тәуелсіз ұстайтын-ды; ал жоғары мәртебелі атақ-дәрежесі сарайда қалыптасқан әдет-ғұрыптарды қайсыбір кездерде өзінің қадағаламауына мүмкіндік беретін себептен, ол қазіргі мезетте графиня Изабелланың сұлу келбетіне ашықтан-ашық сұқтануын жасырған жоқ. Жас графиняға деген жан сезімін толқытқан ыстық ықыласын барынша қызу білдіргені сонша (мұның бір себебі ішкілікке құмар жан емес деп айтуға бола қоймайтын Дюнуаның дастарқаны үстінде шектен тыс көп қағып салған шараптың буынан да болған шығар, бәлкім), ақыр аяғында барып, құштарлығына біржолата беріліп, патшайымды мүлде өз жайына қалдырды.


Егер әңгіменің бұлай қарай бет алуына сүйсінген жан табыла қалса, онда бұл бірден-бір адамыңыз болашақта король әулетіндегі тұңғыш шаһзаданың жақын туыс болу құрметінен дәмелене бастаған Амелина ғана-тұғын. Уылжыған жап-жас графиняның тегі жағынан асылдығы, сұлу келбеті мен шалқыған дәулеті оның немере апасының батыл ой-арманын ақтап та тұрды, егер корольдің тікелей өз басының есебі болмағанда, осынау ой-арманның жүзеге аспайтындай ешбір негізі де жоқ еді. Графиня Изабелла герцогтың өзіне деген ынта-ықыласын білдірген сөздерін жалбарына көмек тілегендей, патшайымға телміре қарап отырып, көрінеу көзге үрейі ұшып, қымсына тыңдаумен болды. Бірақ та патшайым Жаннаның тумысынан ынжық болып өсуі және өз сезімінің қорлануы оның әңгіме желісін басқа арнаға бұруына, сөйтіп әңгімені неғұрлым ортақ арнаға түсіруіне бөгет бола берді, сондықтан егер графиня Амелинаның сұхбатқа оқта-текте бір араласып, әдептілік сақтаған бірер ауыз сөз орамдарын ғана айтпасақ, Изабелланың сұлулығына тәнті болып, рухтанғандықтан көмейі бүлкілдеп, сөзі сарқылмастай күй кешкен герцог көп ұзамай әңгіме тізгінін тұтасымен өз уысына алды.


Алайда осынау көріністің куәгерін — герцогтың сөзі қызулана түскен сайын, күн шұғыласынан еріген балауыздай сиқырлы қиялдары сөне бастаған шеткеріректе күзетте тұрған жігітті біз ұмытпауға тиіспіз. Ақыр соңында өзін ыңғайсыз жағдайда қалдырған, мұның бер жағында, жігітінің мінез-құлқы патшайымның жанын қалай күйзелткенін көзімен көрген графиня Изабелла осынау жарапазанның тамырына біржолата балта шабуға ұйғарды.


Патшайымға қарап сөйлеген ол жоғары мәртебелі ханымнан өзінің бірден-бір тілегі есебінде — бургундиялық бикештер француз бикештеріне қарағанда ақылы мен көркі жағынан олқы түсіп жатқан күннің өзінде, олар, қалай дегенмен де, өздеріне арналған көпірме мадақтау сөздер ләззатқа бөлейді деп ойлай қоярлықтай соншалықты ақымақ емес екендігіне орлеандық герцогтың көзін жеткізуге қол ұшын беруін өтінетіндігін айтып салды.


— Өз үкіміңізбен, — деді герцог, патшайым жауабының алдын алып, — сіз бургундиялық арулардың сұлулығын да, әрі француз рыцарьларының ақ жүректілігін де бірден жоққа сайғаныңызға өз басым қатты өкініп тұрмын. Егер біздер, француздар, өзімізді тебіренткен шаттық сезімімізді ағынан жарылып, ақтарыла салуға келгенде тым шыдамсыздық білдіріп, бой тартыну дегенді білмесек, онда мұның түп-төркіні, біздер ұрыс даласындағы тәрізді, махаббатта да өзіміздің мөлдір сезімдерімізді салқынқанды ой-толғаулар арқылы тежеуге жол бермейтін әдетімізде, сөйтіп не бір хас батырлармен жекпе-жекте оп-оңай жеңіске жететініміз секілді, сұлулық алдында да сондай оңайлықпен басымызды иетін салтымызда жатыр.


— Менің отандас апа-сіңлілерімнің сұлулығы бұл «іспеттес жеңістерден үміт етпек емес, — деп жауап қатты жас графиня, өзіне ғашық болып қалған жоғары мәртебелі жанға осы уақытқа дейін айтып салудан тартынған наразылығын жасыруға енді бұдан әрі шыдамы жетпеген кейіппен, — ал бургундиялық рыцарларға келсек, оларды жеңу сіздерге пәлендей оңайға түсе қоюы екіталай.


— Патриоттығыңыз алдында басымды иемін, графиня, — деді герцог, — бірақ қолына ұстаған найзасының ұшымен дәлелдеу мақсатымен бургундиялық қандай да бір рыцарь табылғанша сіз қарсылық білдірген пікіріңіздің екінші тармағын жоққа сайып та жатпаймын. Ал аруларыңыздың сұлулығы жайына келсек, онда сіз әділ емессіз, графиня, әрі осы сөзімнің бұлжымас дәлелі — өзіңіз боласыз. Бері қараңызшы, — деді ол сөзін жалғап, Венециан республикасының сыйлаған тартуы, һәм сол бір заманда өте-мөте сирек кездесетін жиһаз — үлкен шар айнаны нұсқап — сөйтіп, өзіңіз айнадан көріп тұрған таңғажайып сұлу бейне алдында қандай жүрек ерімес, айтыңызшы, қанеки!


Осынау бір сөздер құлағына шалынған кезде, жігіттің өзін кемсітуіне енді төзуге шамасы жетпей, герцогты тәтті қиял елінен өзін зеріктіретін шындық дүниесіне бірден қайта оралтқан баяу ыңқылға басып бишара патшайым креслоның арқалығына қарай қылжия берді. Графиня Амелина жоғары мәртебелі ханшадан бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па, деп ебелек қақты.


— Иә, мен сырқаттанып қалған тәріздімін... басым ауырып, шыдатпай барады, — деді патшайым, күлімсіремек болып, — бірақ сіз мазасызданбай-ақ қойыңыз, басымның ауырғаны қазір басылып қалар.


Алайда бет жүзінің бозарып, барған сайын қуара түсуі, оның сөзін жоққа сая берді, сөйтіп патшайым есінен танып қалуға айналғанын көріп, графиня Амелина герцогқа қарап, одан көмек көрсете алатын біреу-міреуді шақыртуын өтінді.


Герцог еріндерін тістелей берді, сөйтті де, тілін безеп ұшқарылыққа ұрындырған жеңілтектігіне лағынет айтып, патшайымның көршілес бөлмедегі нөкер қыз-келіншектеріне қарай ұмтылды, нөкерлер мұндай жағдайларда әжетке асатын зәру дәрі-дәрмектерін алып табанда жетіп келді. Жұрт біткен Жаннаның қасына келіп бәйек болып жатты, рыцарь әрі күйеу жігіт есебінде герцог та жаппай ортақ бұл қам-қарекеттен сырт қала алған жоқ. Қалыңдығын есіркеп аяғаннан һәм айыбын мойындап мойып қалғаны себепті мүлде дерлік нәзік естілген оның үні күллі дәрі-дәрмек атаулының бәрінен де құдіреттірек болып шықты. Патшайым енді оңала бастаған сол бір мезетте, зал ішіне король келіп кірді.


XII ТАРАУ


САЯСАТШЫ



Саясатта айлакер ол керемет,
Шайтаннан да асып түсер боп ерек
Небір әккі перілерің болмасын,
Айналдырып жібереді ол басын.


Ескі пьеса



Людовик келіп кіргенде әрдайым әлденеге ашуланған кезіндегі әдетінше қабағынан қар жауғандай түнеріп тұрды. Зал ішін тіміскілей сүзіп өтті, сөйтіп осы көріністі Квентин соңынан әңгімелеп бергеніндей, оның көзі ши түбінде шиыршық атқан жыланның көзіндей тесірейе ызғар шашып шыға келді.


Осынау бір дүрбелеңнің сыр-сипатын аңғару үшін Людовикке қас қағымдай ғана уақыт жетіп жатты. Орлеандық герцогқа қарап тұрып:


— Пәлі, мархабатты жиен-ау, сіз де осында ма едіңіз? — Сөйтті де, Қвентинге қадала қарап, зілдене сөйледі: — Менің жарлығымды сен осылай орындайын дедің бе?


— Асыл текті ағзам, сіз оған рақым ете көріңіз, — деді герцог жалбарынып, — ол өз борышын адал орындады. Бірақ мен патшайымның осында, галереяда екенін біле сала, сөйтіп...


— Сөйтіп сізді ешқандай да тосқауыл бөгей алмаған болды ғой, өйткені махаббат өзіңізге қанат бітірген, — деп оның сөзін жалғап әкетті король. Герцогты өзінің бишара қалыңдығының құштарлығын жан-жүрегімен ұққан, әрі соның жолында жан пида етуге бел буған ғашық етіп көрсетуге масқара екіжүзділікпен тырысып бағушы еді бұл. — Мақсатыңызға жету жолында менің күзетшілерімді азғындатудан да бас тартпағансыз ғой, жігітім?.. Айтса да, махаббатпен ғана өмір сүретін ғашық жанға оның қандай қылмысын болса да кешірмеске шараң бар ма?


Орлеандық герцог қарсылық білдіргісі келген сыңаймен басын көтергенімен, корольге деген құрметінен бе, әлде, шынтуайтына көшсек, бала шағынан Людовиктен именіп өскендігінен бе, тілі күрмеле берді.


— Немене, Жанна сырқат па? — деді король. Сөйтті де сөзін жалғай түсті: — Оқасы жоқ, Луи, қапа болмай-ақ қойыңыз: ол көп ұзамай айығып та қалар. Оны қолтықтап алыңыз да, өз бөлмесіне апарып салыңыз, ал мен мына әйелдерді шығарып салайын.


Корольдің әр сөзі жарлықпен пара-пар-тұғын. Орлеандық герцог патшайымның қолтығынан сүйемелдей ұстап, галереяның бір жақ пұшпағына қарай беттей берді, ал король оң қолының қолғабын шешіп, графиня Изабелланың қолтықтап алуына ыңғайлана қалды, сөйтті де екі ханымды қарсы беттегі есікке қарай бастап жүрді. Қараларын үзгенше, басын ие құрмет көрсетіп қоштасып, табалдырық алдында тұрып қалды, бұдан соң есікті аспай-саспай жапты да, сыртынан құлыптап, кілтті беліне қыстыра салды. Осы бір мезетте ол өзінің асыл қазыналарын сақтайтын құлыптаулы қоймасының кілтін қалтасынан екі елі тастамайтын кәнігі сараң шалға қатты ұқсап тұрды.


Сылбыр басып, тұнжыраған күйі көзін жерге қадаған Людовик тура Квентин Дорвардқа қарай бет түзеді, ал корольдің өзіне кәрін тіккенін іштей сезген бұл, оның қасына таянып келуін үрейі ұша күтіп тұрды.


— Сен айыптысың, — деді Людовик, Квентиннің қасына келіп оған тесірейе қарап. — Сенің айыбың үлкен, сондықтан өлім жазасына кесуге лайықтысың... Өшір үніңді! Ақталмай-ақ қой! Герцогтар мен патшайымдарда шаруаң қанша? Менің жарлығымды ғана орындауға тиістісің.


— Уа, ұлы мәртебелі патшам, не істеуім керек еді? — деді жас жауынгер жалбарынып.


— Не істеуім керек. Күзетші бола тұра осындай сауал қоясың, ә? — деп жауап қатты король ашуға булығып. — Саған қару не үшін берілген? Тіл азар найсаптың кеудесіне мылтығыңды кезеп қалт тұра қалуға, сөйтіп, егер ол бұған да көнбей жатса, онда оны табанда жайратып салуға тиісті едің. Жоғал! Көрші бөлмеге кірсең, басқышты көресің, сол басқышпен түсіп, ішкі аулаға өт; онда Оливьені жолықтырасың. Оны маған жібер, ал өзің казармаға бар. Өмір сүргің келсе, онда бүгін білектің күшіне келгенде осалдық көрсеткеніңдей, тілге де сондай осалдық жасап жүрме.


Оңай құтылғанына қуанған, бірақ, қызмет бабындағы борышын орындау кезінде король өзіне шектен тыс қаныпезерлік талап қойғандай көрінгендіктен іштей оған налыған Дорвард айтылмыш басқыш арқылы асыға басып төмен түсті де, өзін Оливье тосып тұрған аулаға келе сала, оған корольдің жарлығын жеткізді. Жымысқы шаштараз бас иіп сәлемдесті. Біресе күрсініп, біресе күлімсірей күліп, әдеттегісінен де сыпайырақ, әрі әлденені өмексіткен сарынмен жас жігітке қайырлы кеш тіледі, сөйтіп, олар әрқайсысы өз жайына кете барысты; Квентин казармаға, ал Оливье — корольге беттеді.


Өкінішке орай, шындыққа негізделген әңгімемізді баяндауға арқау еткен қолжазбаның осы бір тұсындай желісі үзіліп қалған болып шықты, өйткені, қолжазба түбегейлеп келгенде Квентиннің айтуы бойынша жазылған-ды, ал енді өзі басы-қасында бола алмаған кезінде король мен оның астыртын уәзірі екеуінің араларында қандай оқиға болып өткенін оның хабарлай алмауы өз-өзінен түсінікті. Бағымызға қарай, Оливьенің қамал-сарайы жанындағы кітапханадан Жан де Труаның «Жанжалды хроника» атты қолжазбасының көшірмесі табылды, баспасөзде жарияланғандағысынан гөрі оқиға мына қолжазбада анағұрлым байыпты баяндалған. Қолжазба беттерінің жиектеріне, біздің ойымызша, өз тақсыры дүние салған соң және баяғыдан лайық жазасын алып — дарға асылғанға дейін, Оливьенің өз қолымен енгізілген мейлінше қызықты жазбалар бар екен. Төменде келтіріліп отырған Людовик пен оның сұмпайы, сүйікті уәзірі арасында болған әңгіменің, осынау мемлекет басшысы жүргізген саясаттың басқа жердей табыла қоюы екіталай деректерін мейлінше, айшықтап, бедерлеп беретін әңгіменің мазмұнын бізге осы түпнұсқадан толық қамтып алуымыздың сәті түскен еді.


Людовиктің сүйікті адамы Роланд залына келіп кіргенімде, әлгінде ғана қызы тізе бүккен креслоға енді өзі жайғасып алып, терең ойға шомған корольдің үстінен шықты. Өз патшасының мінез-құлқын жақсы білетін. Оливье оның назарына ілігу үшін король жаққа қарай ың-шыңсыз сырғи берді, өзін король байқағанына көзі жеткен соң, мүләйімсіген пішінмен қайтадан кейін шегініңкіреп, өзімен сұхбат құруын тосып, жырағырақ жерге барып тұрды. Людовиктің бастапқы сөз саптасы пәлендей жылы шырай таныта қойған жоқ:


— Сонымен, Оливье, бүкіл тамаша жоспарларын оңтүстіктен ескен ыстық лептеп еріген қарша еріп барады! Әулие Эмбрен аруағына сиынып, тілер жалғыз-ақ тілеуім бар: әлгі швейцарлар не алуан сұмдық аңыз айтатын қар көшкініндей, олар біздің төбемізден лап қойып жүрмесе игі еді.


— Істің бет алысы пәлендей жақсы болмай тұрғанын біліп, өзім де қатты қапаландым, ағзам, — деді Оливье.


— Пәлендей жақсы болмай тұр?! — деп король шытынап орнынан атып түрегелді де, зал ішімен ерсілі-қарсылы адымдай бастады. — Одан да, іс насырға шауып барады демейсің бе. Насырға шапқаны емей немене, бұдан артық асқынып қайда бармақшы! Осының бәр-бәрі сенің білгішсінген кеңесіңнің жемісі! Жапа шеккен аруларды қанатымның астына алатындай жайым бар ма! Мінеки, енді Бургундия бізге қарсы қару қолданбақ және Англиямен одақтаспақ. Сөйтіп, әлбетте, өз үйінде қазіргі шақта айналысар ермегі таусылған Эдуард, мына бір қарғыс атқыр Кале қақпасы арқылы, өз әскерлерін Францияға тоғытудан да бас тартар ойы жоқ. Жауымның әрқайсысын жеке алғанда, оны ақылына келтіруге немесе қарсылығын тойтаруға шамам жетіп те қалар ма еді, бәлкім, ал, бірақ олар, одақтасып, тізе қосса... олар одақтасып, тізе қосса!.. Оның үстіне анау нақұрыс Сен-Польдің опасыздық жасағанын көрмейсің бе!... Осының бәрі сенің кінәңнан, Оливье, анау ханымдарды қанатыңның астына алғын және антұрған сығанды солардың вассалдарына тапсырмамен аттандыр деген сенің келеңсіз кеңесіңнің кесірі!


— Бірақ, тақсыр-еке-ау, менің бұлай етуімнің түп төркіні өзіңізге мағлұм-тұғын, — деді Оливье. — Графиняның иелігіндегі жер Бургундия мен Фландрияның шекаралығында орналасқан, оның қорғаны жау беттей алмастай дерлік берік, ал өзімізге көршілес жерлерге деген біздің правомыздың қатысы сондай, егер көршілерімізді көңілдегідей қолдай алар болсақ, онда графиняны Францияның мүддесін қалтқысыз қорғайтын адамға тұрмысқа беруіне бургундықтарды көндіруге мәжбүр еткен болар едік қой.


— Несін айтасың, қармақ жемің, шынында да, қызығарлық-ақ еді, — деді король, — әттең, графиняның қайда келіп паналағанын сездірмей, құпиямызды жария етіп алмағанымызда шексіз дәулет мұрагерін Францияның пайдасына күйеуге ұзату мәселесін оп-оңай-ақ шешер едік.... Бірақ, әлгі опасыз итке, пұтқа табынушы арамзаға істі сеніп тапсыруға сен қалай бардың?


— Асыл текті ағзам, есіңізде ме, — деді Оливье, — қайта менің ақылымды елемей, оған өзіңіз шектен тыс сенің қалған жоқсыз ба. Сыған әлгі ханымдардың тапсырмасын орындап, графиняның қамалды қорғауын өтінген, әрі жуық арада оған көмекке келетінін хабарлаған хатын туысының қолына жеткізіп берген болар еді ғой, сірә. Бірақ, ұлы мәртебелі тақсыр, сіз осы бір қаңғыбас неменің әлденеге әулиелігін сынап көрмек болып ұйғардыңыз емес пе, сөйтіп ол, әрине, сәті түскенде герцог Карлдың да сеніміне ие болғысы келіп, біздің құпиямыздың сырын ашып беріп отыр.


— Өз қылығыма өзім ұялып отырмын, Оливье, — деді Людовик. — Бірақ осынау пұтқа табынушылар өздерін Шынар жазығында жұлдыздарға қарап, болашақты болжай білу өнеріне машықтанған кемеңгер халдейлердің ұрпағымыз деп санайтындары бекер емес қой!


Ақылдан кенде еместігіне қарамастан, әрі сәуегейліктен өзін де құр алақан емеспін деп санаған Людовиктің болашақ жайында сәуегейлік жасайтын сиқыршыларға, астрологтарға, арбаушыларға — күмәнді ғылымның басқа да өкілдеріне сенгіштігін жақсы білетіндігінен өз ойын ақырына дейін қорғап шығуға Оливьенің батылы барған жоқ, сөйтіп сыған бұл жолы тіпті өзі үшін де мардымсыз әулие болып шықты, өйткені, егер бұл жерде дарға асылатынын білсе, сірә, Тур шаһарына қайтып оралмас еді ғой деумен ғана шектелді.


— Әулие адамдардың, — деді Людовик Оливьеге шынымен-ақ қарсылық білдіріп, —өз бастарына қатысты оқиғаларды болжай алмайтын кездері жиі ұшыраса береді.


— Асыл текті ағзам, рұқсат етіңіз, — деді Оливье, — былайша айтқанда, қолына шырағдан ұстаған адамның төңірегіндегі заттарды көрсе де, өз қолын өзі көре алмағанымен пара-пар ғой.


— Бірақ ол бөтен адамдардың дидарын жазбай тани тұра, өзінің бет-жүзін көре алмақ емес, — деп Людовик келісе қоймады, — бұл мысалың қайта менің ойымды жақсырақ аша түседі... Алайда мұның іске қатысы жоқ. Сыған алар жазасын алып тынды, енді ол иманды болсын. Бірақ мына ханымдар.... Бұдан былай олардың бұл арада болуы бізді Бургундияға қарсы соғысқа душар етіп қана қоймайды, сонымен бірге менің тікелей өз ойларым мен жоспарларыма да кесірін тигізеді. Орлеандық менің аңғал жиенімнің аңсары біздің сұлу аруымызға ауып та үлгеріпті, сондықтан мұның өзі оның Жаннамен некелесу жөніндегі мәселеде тайсақтай беруіне әкеліп ұрындырарына көзім жетіп тұр.


— Асыл текті ағзам, қаласаңыз ханымдарды Бургундияға аттандырып салып, герцогпен бітімге келе алар едіңіз, — деп қалды уәзір. — Әрине, бұлай ету наразылық туғызуы да, қиянат деп бағалануы да ықтимал, бірақ мұндай құрбандыққа бару қажет деп табылса...


— Егер бұдан келер пайда болса, Оливье, бұл құрбандыққа ойланбай-ақ барар едім, — деп жауап қатты король. — Мен тіс қаққан жырындымын, сондықтан ар-ождан деп аталатын қармаққа түсе қоймаймын. Бірақ осынау ханымдарды Бургундияға жөнелтіп алып, оларға сарай жанынан баспана беріп, өзіміз ие болайық деп тұрған олжадан айырылып қалу, ар-ожданнан жұрдай болғаннан әлдеқайда жаман. Францияға дос көңіл, ал Бургундияға жаны қас адамды герцог иелігіндегі мекен-жайдың дәл орталығына әрі Фландрияның сойқан қалаларына іргелес жерге «қондыруға мүмкіндік беретін соншалықты оңтайлы кезеңді пайдаланбай қапы қалғанымыз тіпті өкінішті болар еді. Жоқ, Оливье, мына қызды шаңырағымызға жақын адаммен некелестіруден, ие болғалы отырған игіліктен бас тарта алман.


— Асыл текті ағзам, — деп салды Оливье бір сәтке созылған толғаныстан соң, — сіз бұл қызды бүкіл айыпты өз мойнына алатын, ал өз басы асыл текті өзіңізге астыртын қызмет ететін, өзіңізге адал кісіге қосуға ризалығыңызды берер ме едіңіз? Сіз ол кісіден сырт көзге ғана теріс айналар едіңіз.


— Қош, сонда ондай адал адамды қайдан таппақсыз? — деп сұрады Людовик. — Егер бұл қызды ішіміздегі бір сотқар дворянға күйеуге ұзатар болсам, онда оның тәуелсіздігін бұрынғыдан бетер нығайта түсіп жүрмеймін бе? Ал менің қыруар жылдар бойы ұстанып келе жатқан саясатымның осы бір тәуелсіздікті жоюдан басқа көздейтін мақсаты бар ма? Жалғыз Дюнуа ғана болмаса... Соған — тек жалғыз соған ғана — мен әзірше сенім көрсете алған болар едім. Қандай қызмет атқармасын мейлі, әрқашан да француз тағы жолында күрестен бас тартпас еді ол. Бірақ атай көрмеңіз, байлық пен атақ-даңқ адамды өзгертіп жібереді... Жоқ, мен Дюнуаға да сене қоймаймын.


— Асыл текті ағзам, қаласаңыз басқа адамды да таба алар едіңіз... — деді Оливье қайсыбірде өзін мейлінше еркін ұстауға қарсылық білдіре қоймайтын корольмен әдеттегісінен гөрі әлдеқайда момақансыған, әрі жағымпазданған раймен сөйлесіп. — Қаласаңыз, көңіл-күйіңіз бен мейірбандығыңызға біржолата басыбайлы адамды тапқан болар едіңіз, сіздің қостап-қолдауыңызды, өзіне күн мен ауа қалай қажет болса, сондай қажет ететін адамды; қимыл-әрекет жасаудан гөрі, ойланып-толғануға көбірек ыңғайлырақ тұратын адамды, әлгі бір...


— Өзіңнен айнымайтын адамды ма, солай ма? — деп оның сөзін бөліп жіберді Людовик. — Жоқ, атай көрмегін, Оливье, сен тым асқақтап барасың өзің! Мұның қалай! Мен өзіне сенім білдіретіндігімді арқа тұтып, естисің бе, әлде көрсеткен қызметіңді бағалап, саған қайсыбірде қол астымдағы вассалдарымның біреуін немесе басқасын талап-тонауыңа рұқсат беретінімді пайдаланып, кереметтей сұлу қыздың, оның үстіне графиняның күйеуі бола аламын деп ойлағаның ба бұл? Тексіз де жетесіз, білім дегеннен жұрдай, ақылды деп мақтап жүргеніміз — түлкі бұлаң қулықтан басқа түгі де жоқ, ал батырлық дегеннен мүлде ада адам, мына сен сөйтпекшімісің?


— Асыл текті ағзам, мені нақақтан-нақақ күйдірмек болғаныңыз қалай бұл? Дәл сондайлық шарықтап биікке көтерілу деген менің ойыма да кіріп шыққан емес, — деп жауап қатты Оливье.


— Жүрек жарды бұл сырыңды естігеніме қатты қуанып тұрмын, достым, — деді король, — өйткені мұның өзі сенің естілігіңді танытады. Ал маған сен нақ сол бір арам ойды күйттеп жүрген сияқты боп көрініп едің... Жә, істің бабына оралайық. Бұл ару қызды мен қол астымдағы ешбір жанға күйеуге ұзата алман; оның Бургундиямен одақтасуға бейімірек тұратын адамның сүйген жарына айналып кетуі ықтимал, сөйтіп, жаман айтпай жақсы жоқ, оларға қол ұшын берудің және герцог Карлдың тікелей өз иелігінде мықтап лаң салудың орнына Гент пен Льеж тұрғындарының заңды түрдегі наразылығын бәсеңсітетін Англияға да, Германияға, да жөнелте алман. Олар да лаңның дәмін татса ғой, шіркін. Ал бұл шаһарлардың тұрғындары, әсіресе Льеж шаһары көтеріліске шығуға құлшынып-ақ отыр емес пе! Әттең, қолтықтарына әлі де болса су бүркіңкіреп қойсаң біткені — генттіктер мен льеждіктер қадірмен жиенімнің бір жылдан астам уақыт бойы мазасын кетірері шүбәсіз. Ал олардың бұл қимыл-әрекетін граф де Круа тәрізді сотқар біреу-міреу қолдап-қоштаса тіпті керемет болып шығар еді-ау!.. Жоқ, Оливье, бұл өзі өліспей беріспейтін күреске басыңды тігуге тәуекел ететін жоспар. Кәне, өзіңнің тапқыр ақылына салып табарлықтай бір амал жоқ па?


Оливье үн-түнсіз отырып қалды да, әлден уақытта жауап қатты:


— Асыл текті ағзам, графиня Изабелланы Гельдерндік герцогқа, Адольфқа қоссақ, оған қалай қарайсыз?


— Не дейді! — деді король таңданғаннан даусы саңқ етіп. — Осынау ерекше артық туған сұлуды туған әкесін тағынан құлатқан, абақтыға қамап тастаған, сөйтіп көзін жоймақ болып кәрін тіккен қарақшы немеге қор қылуға бола ма!.. Жоқ, жоқ, Оливье, мұныңыз Францияның тыныштығы мен гүлденуі жолындағы мақсатымызға жетуде ештеңеден де тайына қоймайтынымызға қарамастан, біздің тарапымыздан жасалған сұмдық шексіз қаталдық болар еді. Мұның бер жағында Адольфтің иелігі бізден тым шалғай жерде орналасқан емес пе, бұны былай қойғанда, Гент пен Льеждің азаматтары оны жек көреді... Жоқ, жоқ, Гельдерндік Адольфіңді көзіме көрсетпе!


— Менің тапқырлығым сарқылып бітті, асыл текті ағзам, — деп жауап қатты уәзір, — Графиня де Круа үшін сіз қоятын барлық шартқа сай келетін күйеуді табу қолымнан келетін іс болмай шықты — өйткені қоятын талабыңыз тым көп-ақ: ол асыл текті ағзам, сіздің досыңыз, ал Бургундияның бітіспес қас жауы болуға тиісті. Гент пен Льеж тұрғындарымен ортақ тіл таба білуі үшін теңдесі жоқ кәнігі саясатшыл, сондай-ақ өз иелігіндегі шағын мекен-жайды құдіретті герцог Карлден қорғай алатындай айтулы батыр болуға тиісті, мұның сыртында, ол ақсүйек тұқымынан болуы шарт — ал бұл шартқа асыл текті ағзам, өзіңіз айрықша мән беріп отырсыз, — әрі бұған қоса асқан ізгі адам болуы керек.


— Жоқ, Оливье, мен олай деп қарысып отырған жоқпын... яғни оның ізгілік қасиетіне өте-мөте мән бермеймін, — деді король, — ал, бірақ Изабелла де Круаның күйеуі, меніңше, нақ әлгі Гельдерндік Адольфтей күллі жұртшылыққа әйгілі барып тұрған сұм болмауға тиісті. Мейлі, күйеуді іздеп табу ақырында менің өз еншіме тиетін болса, онда мәселен, сен Гийом де ла Маркке қалай қарар едің?


— Асыл текті ағзам, шынымды айтсам, — деп жауап қатты Оливье, — егер Ардендік Жабайы Қабанды сіздің көңіліңіз қош көріп жатса, онда графиняның болашақ күйеуінің адамгершілік қасиетіне шамадан тыс талап қойып отыр екен, деп өз басым сізді жазғыра алмаймын. Мұныңыз қалай! Де ла Марк? Япыр-ау, бұл деген бүкіл осы өңірдегі атақты қарақшы, қан ішер емес пе! Не алуан зұлымдықтары үшін әулие бабаның өзі оны шіркеуден аластап отырған жоқ па!


— Біз оның аластауын қайтып алатын етеміз, Оливье, — деді король, — қасиетті шіркеудің мейірімі зор.


— Япыр-ау, бұл адамыңыз заң жүзінде айыпталған жан ғой, — деп сөзін жалғай түсті Оливье, — ол Ратисбонн сеймінің үкімі бойынша империя жерінен қуылып жіберілген.


— Біз оның мойнынан мұндай тыйым салушылықты алдырып тастаймыз, Оливье. Империя сеймін тезге салу қиын емес.


— Оның ата-тегі атақты адамдар — бұл рас, кескін-кейпі, түр-тұрпаты тұрғысынан алсақ, ол фламандтық нағыз қасапшының өзі... Жоқ, графиня мұндай некеге ешқашан да келісімін бермейді.


— Бірақ мен қателесіп кетіп жүрмесем, оның құда түсу тәсіліне жүгінсек, графиняның көнбейтіндей амалы қалмайды, — деп ескертті Людовик.


— Асыл текті ағзам, өзіңізді шектен тыс кінәмшіл деп ойлап, қателескеніме көзім жетіп отыр, — деді Оливье. — Басымды өлімге тігіп, ант етейін, қандай қылмыс жасамасын герцог Адольф де ла Марктің қасында ізгіліктің өнегесі!.. Және де ла Маркті қалыңдықпен қалай жолықтырмақпыз? Өйткені ол бой тасалап жүрген өзінің Арденн орманынан бір қадам да аттап шыға алмайтыны ұлы мәртебелі мырза өзіңізге белгілі емес пе.


— Бұл жағын ойластыруымыз керек, — деді король, — ал бірінші кезектегі міндетіміз — бұдан былайғы уақытта да біздің сарай маңында тұра беретін болса, онда мұның өзі Франция мен Бургундия араларындағы қарым-қатынасты үзуге әкеліп соғуы мүмкін екендігін, сондықтан өздерін бургундиялық қадірмен жиеніміздің қол астына қайтармас үшін олардың біздің иелігімізден дереу астыртын кетуін қалайтынымызды әлгі ханымдарға сездірмеуіміз керек.


— Олар өздерін Англияға жөнелтіп салуымызды талап етеді, — деді Оливье, — сөйтіп жүргенімізде ханымдардың әлде бір дөңгелек жүзді, шашы жалбыраған келбетті лордқа, бұған қоса қалыңдықтың жасауы ретінде үш мыңдай атқышқа еріп, қайтадан Фландриядан бір-ақ шыққанының куәсі боламыз.


— Жоқ, жоқ, — деді король, — біздің өйтуге хақымыз жоқ — сен ұғасың ба? Оларды Англияға жөнелтіп салып, қадірмен жиенімізді қорлауға хақымыз жоқ. Бұлай етсек, оларға нақ біздің сарай маңынан пана бергеніміздей, герцогты налытып аламыз. Жоқ, жоқ, біз оларды қасиетті шіркеудің өз қанаты астына алуына сеніп тапсыруымызға ғана болады. Қастарына шағын отряд қосып беріп, өздерін Льеж епископының қарамағына жеткізіп сала аламыз, ал епископ ғажап сұлу Изабелланы сәті түскен бір әдияратқа уақытша орналастыра жатар — біздің қолымыздан келетіні осы ғана.


— Сонымен, асыл текті ағзам, өзінің қамын ойлап жасаған жоспарыңызды Гийом де ла Марк естіп білген кезде, бұл әдияраттың Изабелланы одан қорғай алуына мұрсаты жетсе, онда, мен бұл адам туралы қателескен болып шығамын.


— Жаны бар сөз, — деді король. — Біздің астыртын ақшалай көмегіміздің арқасында де ла Марк барып тұрған баскесерлерден тонаушылар тобырын жасақтап ала білді, енді ол өзі паналаған орман ішінде жауға алдырмайтын болды, сонымен бірге Бургундия герцогына да, әрі Льеждің эпископына да қатер төндіретін қауіпті көршіге айналып отыр. Оған өзі билеп-төстейтін мекен-жай ғана жетпеуші еді, ал үйленуінің нәтижесінде бұдан былай мұндай мекен-жайға ие болудың орайы келіп тұрғанда, қандай қадам жасауға тиісті болатындығын, сайтан алсын, де ла Маркке біздің ежіктеп түсіндіріп жатуымыздың керегі бола қоймас, деп ойлаймын. Сөйтіп Бургундия герцогының бүйіріне бір сойқан тікеннің қадалары соншалықты, оны суырып алу ең кәнігі деген хирургтың өзінің қолынан келе қоюы екіталай болар әлі. Герцог өз иелігінен қуып шыққан Ардендік Жабайы Қабан ғажап графиняның бүкіл жеріне, қамалы мен атақ-дәрежесіне ие болып, әрі берік орнығып, мұның сыртында, — ар-ожданыммен ант етейін, бұлай болуы әбден ықтимал, — Льеж бүлікшілерінің бастаушысы болып шыға келген кезде, мінеки, сол бір шақта өзіміздің қадірмен Карлымыз Францияға қарсы соғысуды ойларын, әлде Францияның өзі оған қарсы соғыс жарияламаса, өз тағдырына ризалық білдіруіне тура келерін көре жатар едік. Иә, сонымен жоспарымды құптайсың ба, Оливье?


— Асқан сұлу графиняның, — деді Оливье, — Арденнің Жабайы Қабанына қор болып кете баратыны ғана болмаса, бұл өзі керемет жоспар екен. Ал әділіне көшсек, өзіміздің ұлы превомыз Тристанның ұсқыны сәл тәуірірек болса ғой, онда тіпті соның өзі де графиняға жібі түзуірек күйеу болар еді.


— Әйтсе де, сен әлгінде ғана бұл аруды шаштараз Оливьеге де қосқан болатынсың, — деді Людовик. — Жоқ, сүйікті досым, Оливье де, бауырым Тристан да — теңдесі жоқ уәзірлер, әрі айтқанымды екі етпейтін орындаушылар бола тұрсаңдар да, сендер, граф бола алатын тектен емессіңдер. Фламандықтардың асыл тектілерді айрықша қастерлейтіні, өздерінің асыл текті бола алмауынан екенін сен білмеуші ме едің? Қара тобырлар өздерінің бастаушылары әрқашан да ақсүйек болғанын қалаған. Мысалға, Кэд немесе Кид дегенді алайық, Англияда мұны олар тағы не деп атаушы еді? Өзін Мортимерлер ұрпағымын деп жария етуі себепті де ол қара тобырлардың басын қоспады ма? Гийом де ла Марктің күре тамырында өзінің ізгілігі жағынан мендегіден ешбір кем түспейтін Седан князьдерінің қаны ойнайды... Жә, жетер енді, ал іске кірісейік! Сонымен, шұғыл түрде, әлбетте, сенімді күзеттің көмегімен — астыртын қашып кетуге тиісті екеніне мен графиня де Круаның көзін жеткізуім керек. Бұл мақсатқа жету қиынға соқпайды; егер бұлай етуден бас тартсаңдар, онда Бургундия герцогының тұтқыны боласыңдар деген емеурін танытсам жетіп жатыр. Сен бұл ханымдардың аттанып кеткенін де ла Маркті хабардар етудің амалын табуға тиісті боласын, ал бұдан арғы уақытта үйленетін мезгілі мен қай жерде үйленетінін белгілеу оның өз ісі. Ханымдардың сапарларында күзетуді кімге тапсыру жағын мен ойластырып та қойдым.


— Асыл текті ағзамның, осыншама маңызды істі кімге тапсырмақ ойы барын мен біле алар ма екенмін? — деп сұрады Оливье.


— Әлбетте, шетелдік азаматқа, — деп жауап қатты король, — бұл өңірге туыстығы, қарым-қатынасы, әрі зәредей де мүддесі жоқ кісіге, жоспарымның іске асуына бөгет болудан ешқандай да пайда көрмейтін, сөйтіп біздің еліміз жайында һәм өз басым оған айтқым келетін сырдан басқа пәлендей сезік тудыра қоярлықтай партиялардың тайталасынан мүлде бейхабар кісіге, — түптеп келгенде, бұл істі мен өзіңді жаңа ғана осында аттандырып салған әлгі бір жас шотландқа тапсырсам деген ойдамын.


Мұндай шешімнің ақылға қона қоюына күмәнданған адамның әлпетін танытқан Оливье бір ауық үнсіз қалды да, әлден уақытта ғана барып, сөз бастады:


— Асыл текті ағзам, бұрын нақ қазіргідей, мына бір балаға сеніп тұрғаныңыздай, беймәлім адамдарға лезде ағынан жарылатын әдетіңіз байқалмаушы еді ғой.


— Менің бұлай етуімнің өз сыры бар, — деді король, — Әулие Юлианды қалай қастер тұтатынымды (осы бір сәтте ол шоқынып та үлгерді) өзің де білесің. Бұрнағы күні жатар алдында сиынып, жиһанкездердің осынау қамқоршысына өз патшалығымдағылардың маған түгел бағынуын қамтамасыз етуге көмектесетін шетелдік кезбелерді көбірек жөнелте көргейсің деген ақ тілеуімді білдірдім. Әулиемнің бұл рақымы үшін өзім шетелдіктерді құшағымды жайып қарсы алуға һәм оларға қамқоршы болуға уәде еттім.


— Сөйтіп сіздің құлшылық етуіңізді қабыл алып, әулие Юлиан Шотландияның перзенті — мына ұзын сирақты жіберген бе?— деді Оливье.


Людовиктің құдайшыл бейнесінде ырымшылдықтың қандай зор роль атқаратынын, осы бір мәселені сөз еткені болмаса, ешқандай да өзге жолмен оны қорлап, намысына тие алмасын Оливье кәміл білгеніне қарамастан, қайталап айтайын, корольдің осы бір осал тұсы Оливьеге мағлұм болуына қарамастан, ол сауалын мейлінше бейкүнә сарында қоюға тырысып бақса да, Людовикке бұл сұрақтың өзін мазақ еткен астары бардай сезіліп, сөз қатушыға ызалы көзбен түйіле қарады.


— Оңбаған! Сені сайтан деп бекер айтып жүрген жоқ қой! — деді ол. — Әйтпесе өзінің патшасы мен әулиелерді сайтаннан басқа кім сайқымазақ ете алушы еді? Қызметіңе зәрулігімнің орнын тіпті тырнақтай ғана әлдененің есебінен толтыра алар болсам, онда бүкіл құдайдан безгендерге сабақ болуы үшін өзіңді қамал-сарай алдындағы сонау бір еменге асып-ақ тастатар едім! Көзім ілінер-ілінбесте-ақ, әулие Юлианның өзі аян бергенін, дінсіз құл неме, сен біліп қой. Әулие жас өспірімді жетектеп алыпты. Ол баланы қасыма ертіп әкелді де, жас өспірімнің маңдайына найза дарымайтыны, суға салсаң батпайтыны, дар арқаны бұйырмайтыны жазылып қойылғанын әрі оның өзі араласатын қандай да іс пен қимыл-әрекет болмасын, сәтімен аяқталатынын айтты маған. Таңертеңгісін серуендеп қайтпақшы болып шықсам, қарсы алдымнан түнде түсімде көрген жас өспірім ұшыраса кетті. Ол өз отанында көк найзаның ұшынан құтылып шыққан — жау бұлардың шаңырақтарын ойрандап, үй ішін түгел жусатып, қырып салған кезде аман қалған. Ал осы араға келгелі айналасы екі күннің ішінде тағы да сәті түсіп суға батпай, дарға асылған жерінде ажал тырнағынан құтылып кеткен, сөйтіп, өзіңе айтқанымдай, маған шарапатын тигізіп те үлгерді. Ең ауыр, ең қиын-қыстау, тіпті басыма ажал төнген сәттерде де маған адал қызмет ету үшін оның әулие Юлианның атынан келгеніне иланатын себебім де сондықтан.


Сөзін осылай тәмәмдаған король қалпағын шешіп, қорғасыннан құйып жасаған, самсаған тақуалардың ішінен әулие Юлианның бейнесін таңдап алды да, өзі үміт оты тұтанған немесе, бәлкім, ар-ұяты оянып, әлдеқалай толқыған шағында көбіне-көп істейтін әдетіне басып, тізерлеп отыра кетіп, қатты тебіренген мақаммен дұға оқи бастады:


— Юлиан әулием, біздің құлшылық еткен тілеуімізді қабыл ала көргейсің, бізді өз рақымыңа бөлегейсің.


Әміршілердің ішіндегі ең кемеңгері саналатын осынау бір жанды жынданған әлде өзі жасаған қылмысы ойына түсіп кеткенде қатты күйзелетін адамның күйіндей күйге душар ететін мұндай қылық, Людовиктің басында жиі болатын және мұның өзі оның жан дүниесін өте-мөте бір қолайсыз жерде баурап әкете баратын діндарлығынан туындайтын.


Людовик құлшылық етіп жатқанда, оның сүйікті адамы оған жиіркенішпен, әрі мазақтай қараумен болды, ал өзінің бұл көңіл күйін жасыру оның ойына да кіріп шыққан жоқ. Өз мырзасымен бетпе-бет жеке қалған кезінде басқа адамдармен қарым-қатынасына тән жағымпаздық жылпостықтан арылып шыға келу бұл адамның бойындағы ерекше қасиеттердің бірі еді; ал оның бойынан мысықты еске түсірерліктей бірдеңе табыла қалса, онда бар күшін қарманып, өз дұшпанын бас салмақ болып қомданған мысық қана-тұғын. Оливьенің мұндай мінез танытуының себебі, сірә, мырзасының екі жүзді кісі атаулының шын сыр-сипатын аңдамай қалмайтын, өзі де барып тұрған екі жүзді жан екендігіне кәміл сенгендігімен байланысты болса керек.


— Ал, сонымен, осынау жас өспірім, асыл текті ағзам, сізге сауал қоюдан тартынбайын, түсіңізде көрген жас жігітке, шынында да, ұқсай ма? — деді Оливье мән-жайды анықтағысы келгендей.


— Егіздің сыңарындай ұқсас, — деді король күллі ырымшыл адамдарша өз ойының алдамшы елесіне жиі бой алдыра беретін әдетіне басып. — Және де бұған қоса Галеотти Мартиваллиге гороскоп кестесін жасауға әмір еттім, сөйтіп оның сөз төркінінен, сондай-ақ байқауларымнан осынау панасыз бозымның тағдыры көп ретте өзімнің шоқжұлдызым тәрізді шоқжұлдызбен басқарылып отыратынына көзім жетті.


Людовиктің беймәлім балаға деген өзінің кәміл сенімділігін күмәнданбай түсіндіруінің себептері туралы Оливье өзі қалай ойламасын мейлі, туған елінен қуылып жат елде жүрген кезінде астрологияны зерттеумен ерекше ден қойып шұғылданған король өз қиялындағы білімін біреудің мазақ қылуына төзбейтіндігін жақсы білетіндіктен оған зәредей де қарсылық көрсетуге батылдық жасаған емес. Міне, сондықтан да ол осынау жасөспірім өзіне жүктелетін қиын тапсырманы орындайды әрі өзіне көрсетілген сенімді ақтайды деген үмітін білдірумен ғана шектелді.


— Өйтпеуі мүмкін болмайтындай шара қолданамыз біз, — деді Людовик. — Ол бір мәселені: де Круа ханымдарды Льеж эпископының резиденциясына жеткізіп салу міндеті жүктелгенін ғана білетін болады. Ал Гийом де ла Марктің бұл іске әлдеқалай қатысы туралы ханымдардың өздерінен артық дәнеңе де білмек емес. Бұл жөнінде біз тек жол бастаушыны ғана хабардар етіп қоямыз, ал жол бастаушыны белгілеу Тристан екеуіңнің еншілеріңдегі іс.


— Бірақ мұндай жағдайда, — деп ескертті Оливье, — егер бұл жас жігіттің сыңайына қарап байлам жасасақ, оның бер жағында өзінің шотландық екенін ұмытпасақ, Жабайы Қабанның киліккеніне төзбейді ол, сөйтіп заматында қаруымен қарсы тұрады оған, сонда, бүгін ертеңгісін аман қалғанындай, бұл жолы жыртқыштың азуынан құтыла қоймас, сірә.


— Егер тағдырдың жазмышы бойынша мерт болса, бұған не шара, — деді Людовик сабырлы раймен — әулие Юлианның өзі — атыңнан садаға кетейін! — бізге оның орнына басқа біреуін жіберер. Бізге келген жігіт өз тапсырмасын орындап қаза тапса, бұған қайғыратын не бар? Бұл былайша айтқанда, ішіндегі шарабы сарқылған шөлмектің сынуымен пара-пар... Сонымен, ханымдардың аттанып кетуін тездетуіміз керек, ал бұдан соң граф де Кревкерді олар бізден жасырынып қашып кетті деп иландыруға тырысып бағамыз. Ханымдарды өзіміздің қадірмен жиеніміздің қолына табыс етпек болып ұйғарған едік, бірақ, сорымызға қарай, олардың күтпеген жерден қашып кетуі бұл ниетімізді орындауға бөгет болып қалды дейміз...


— Егер граф бұған сеніп қалатындай тым аңғал болмай шықса, ал оның мырзасы біздің асыл текті короліміз жөнінде тым шылғи теріс пиғылда болуы себепті иланбаса ше?


— О жаратқан! — деді Людовик даусы саңқ ете түсіп. — Япыр-ау, нақ бұлай сенімсіздік көрсету христиан дініндегі адамға тіпті лайық емес қой! Бірақ олар бізге сенуге тиісті. Біз өзіміздің бүкіл мінез-құлқымызбен қадірмен жиеніміз герцог Карлге барынша кәміл сенім көрсетеміз, ал егер ақ жүрегімізден шыққан ықыласымызға иланбаса, онда ол күллі пұтқа табынушы атаулыдан өткен оңбаған болып шығады. Бургундия Карлың мен жөнінде нақ өзім ойлағандай пікірде болуға көндіре алатындығыма зәредей де шүбәланбаймын, бұған сен де күмәнданбағын, сондықтан бұлай етудің қажеттілігі туып жатса, сезікті ойларынан арылту үшін, салт атқа міне сап, қару-жарақсыз және достым Оливье, өзіңнен басқа қасыма ешқандай да сақшы ертпей-ақ, оның алдына, оның лагеріне барудан тартынбас едім.


— Ал өз басым, — деді Оливье, — асыл текті ағзам, сіздің Бургундия Карлына баратын достық саларыңызда қасыңызға ілескеннен гөрі, ұстарадан басқа қолыма қару ұстап көрмесем де, сүңгілерін самсата кезеп қарсы тұрған швейцарлардың тұтас отрядының қарсылығына төтеп беруге әзірмін. Неге десеңіз: Карлдың өзіңізді, мырзам, бітіспес жауым деп санауға негіз боларлықтай себептері тым көп-ақ.


— Сен ақымақсың, Оливье, — деп салды король. — Көреген болуға талаптанған барлық айла-әрекетіңе қарамастан, ақымақсың. Сырт көзге қораш көрінетін адамның бойынан кей-кейде нағыз батырлықтың өнегесі табыла беретіндей, нәзік саясат көбіне-көп асқан аңғалдықтың бет пердесін жамылып алатынын ұқпайсың. Егер қажет болса, осы қазір айтқан ойымды табанда жүзеге асырамын, сен бұған шүбәланба, жалғыз-ақ өзім тәуекел етпек ісімді әулиелер қолдай көрсін, сондай-ақ ай-жұлдызым оңынан туғай.


XI Людовик өзінің осы бір сөздері арқылы, соңынан іске асырған батыл ойды алғаш рет білдірді: ол құдіретті дұшпанынан өз айласын асырмақ болған еді, бірақ сөйтіп жүріп өзі мерт бола жаздады.


Оливьемен қоштасып, король тікелей де Круа ханымдардың тұрағына қарай бет алды. Француз сарайынан жедел түрде аттанып кету қажеттілігіне ханымдардың көзін жеткізу оған қиынға соққан жоқ: бұл үшін өздерінің Бургундия герцогының қолына тапсырылуы мүмкін екендігін емеурінмен білдірудің өзі-ақ жетіп жатты; ал, бірақ өздері паналайтын жаңа орын есебінде Льежді таңдауларына тура келетіндігіне көндіру оңайға түспеді. Олар Бургундия герцогының ашу-ызасы басылғанша өздері қауіпсіз жағдайда тұра алатын Бретон герцогы немесе ағылшын королі қамқорлық ететін Бретаньге әлде Калеге жеткізіп салуларын қиыла өтініп, жалбарынумен болды. Алайда аталған бұл орындардың бірі де Людовиктің есебіне сай келе қоймады, сондықтан ақыр соңында ханымдарды оның өз жоспарын жүзеге асыруға неғұрлым қолайлырақ жолды таңдауына көндірудің сәті түсті.


Льеж эпископы қамқорлығының сенімділігіне ешбір күмән туғызуға болмайтын еді: бір жағынан, оның діни атақ-дәрежесі қуғынға ұшыраған әйелдерді христиан дінін ұстанатын қай мемлекет басшысының болса да зорлық-зомбылығынан толық қорғай алады; екінші жағынан — оның әскери күші, адам саны тұрғысынан, мейлі, көп болмай-ақ қойсын, бірақ өз басын да, сондай-ақ өзі қанаты астына алмақ болып отырғандарды да жаудың тұтқиыл шабуылына жол бермеуіне толық жеткілікті болды. Барлық қиындық эпископтың шағын сарайына аман-есен жетіп алуларымен ғана шектелмек. Бірақ бұл жағын қамтамасыз етуді Людовик өз мойнына алды: Бургундия елшісінің қолына табыс етілуден қорқып графиня де Круалар түн қараңғылығын жамылып Тур шаһарынан қашып шығыпты-мыс, сөйтіп енді Бретаньге маңдай тіремек деген сыбыс таратамын деді ол. Мұның сыртында, ол ханымдарға шағын, бірақ сенімді күзет және өздері жол-жөнекей басып өтетін бүкіл қалалар мен қамал-сарайлардың бастықтарына саяхатшы әйелдерге көмектері мен шарапаттарын барынша көрсетіп қалуға міндеттеген хат беруге уәде етті.


Ханым де Круалар өз сарайынан пана бермек болған уәдесінен айнып қалған Людовиктің ізгілік пен қайырымдылыққа жатпайтын әрекетіне қатты налыды, бірақ ешқайсысы өз реніштерін оған тікелей білдірген жоқ. Олар Людовиктің шұғыл аттанып кету жөніндегі ұсынысына қарсылық білдірмегені былай тұрсын, қайта сол түннен қалмай жолға шығуларына рұқсат сұрады. Графиня Амелина той-думансыз және сауықшыл қауымсыз томаға-тұйық тіршіліктен мезі болған-ды, ал графиня Изабелла француз королінің мінез-құлқына тереңірек бойлай түскен сайын, егер бұдан да күштірек желеу табыла қалса-ақ болғаны, Людовиктің өздерін Франциядан жер аударып жібергені былай тұрсын, сонымен бірге ешбір ойланып-толғанбастан ашуға булыққан Бургундия герцогының қолына табыс етуден де тайынбайды деген қорытындыға келді. Ханымдардың тезірек аттанып кеткісі келген тілектері, ең алдымен, герцог Карлмен жүз шайыспауға ұмтылған Людовиктің өз көңіл күйі мен дөп шықты; оның үстіне ол асқан сұлу Изабелланың бұл арада қала беруі көптен-ақ ойын жегідей жеген — қызы Жанна мен Орлеан герцогы екеуінің некесін қию жөніндегі ой-жоспарының іске асуына бөгет болып жүрер деген қауіптен де ада емес-ті.


XIII ТАРАУ


САЯХАТ



Король дейді! Король деген немене!
Сиқыршымын, сирағыма келер ме!
Соған сеніп, тұрмайды ешкім жолымда,
Олай болса, тағдыры да қолымда.


«Альбумазар»



Жас шотландықтың өміріндегі оқиғалар мен өзгерістер көктемгі су тасқынының толқынындай шапшаңдықпен алма-кезек өтіп жатты. Казарма табалдырығынан аттап кірген бойда-ақ, тікелей бастығы лорд Кроуфордқа шұғыл шақыртылды, бұл жерде тағы да корольге жолыға кеткеніне қатты қайран болды. Корольдің өзіне құрмет пен сенім көрсеткісі келіп тұрғанын білдірген алғашқы сөздерінен соң, таяуда ғана граф Кревкерге қарсы жасалған әрекет тәрізді әлдеқандай бір астыртын торуыл, әлде бұдан да сұмдық іс болмағай деп ойлаған Квентин қатты абыржып қалған-ды. Бірақ де Круа ханымдарды туысының шағын сарайына, Льеж эпископының қол астына жеткізіп салатын — құрамына үш солдат пен жол бастаушы кіретін шағын отрядтың бастығы етіліп тағайындалатынын естіп білгенде, көңілі орнына түсіп қана қойған жоқ, сонымен бірге қуанышы қойнына сыймай тұрды. Бұл тапсырма жігіттің құлағына құйылғанындай, ханымдарға мүмкін қадерінше қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасалып және барынша құпиялық сақталып орындалуы керек болды. Бұдан соң жас жігіттің қолына саяхат маршруты табыс етілді, онда өздерінің сапар шегетін жол сілемдері һәм аялдаулары мүмкін барлық орындар — көбінесе шалғай түкпірдегі меңіреу деревнялар, жапандағы оқшау әдияраттар, қалалардан алыс орналасқан тағы да басқа мекен-жайлар егжей-тегжейіне шейін көрсетіліп берілген-ді. Сондай-ақ оған сақтық шаралары, әсіресе Бургундия шекарасы маңында сақ болуы керектігі хақында және әулие Мартин Турскийдің қорығына соғып, енді қасиетті Кельн шаһарына, кезінде дүниеге жаңа келген тәңірінің өзіне бас иіп тағзым ету ойымен Вифлемге келген Шығыс елдерінің кемеңгер үш патшасының сүйегі жерленген зиратқа беттеп келе жатқан, киелі жерлерді аралап жүрген ақсүйек екі ағылшын ханымының нөкері болып көрінуі үшін өзін қалай ұстау керектігі, не істеуі, қалай сөз саптауы жөнінде ауызекі нұсқаулар алып та үлгерді. Қуғынға ұшыраған екі әйел осынау ізгі ниетті желеу етіп саяхат шегуге тиісті болды.


Қуанышының түп-төркінін ойланып-толғанып жатуға мұршасы да келмей, мұнара тұрғыны — жұмбақ сырлы арудың қасында болатындығы, әрі саяхаттың сәтті аяқталуы көбіне-көп тікелей өз басының тапқырлығы мен ер жүректілігіне байланысты болатыны себепті сұлу қыздың ілтипатына бөленуіне аздап болса да ерік берілетіні туралы ойға шомып, Квентин Дорвард жүрегі қатты дүрсіл қағып тұрғанын сезінді. Алдағы сапарларының қиыншылығына қарамастан, графиняны аттанбақ жеріне аман-есен жеткізіп салатынына ол күмәнданған жоқ. Адам жас шағында қауіп-қатер туралы сирек ойлайды, ол соның ішінде әсіресе, ер жүрек, еркіндікті аңсап өскен, өз күшіне сенімі кәміл, қауіп-қатер дегенді елемейтіндігі былай тұрсын, қайта оған бетпе-бет қарсы шығуға дағдыланған Квентин қиындықтан қаймыққан емес. Енді оның тұла бойын бір ғана ой биледі — өзінің асқақ қуанышынан ләззат алу үшін, ал осынау қауымның көзінше бұл сезіміне ерік беруді ерсі көріп, корольдің қасынан тезірек кетуге, сөйтіп оңаша қалуға ынтызар болды.


Бірақ Людовик оны босатуға асыға қойған жоқ. Сауысқаннан да сақ осынау монарх енді Оливьеге мүлде кереғар басқа бір адаммен кеңес құрмақ болды, өйткені оның бірегей танымы биік тұрғыдан табылып жатушы еді, ал Оливьенің ақыл-кеңесіне жүгінсек, бұл танымды ол әдетте сайтанның азғыруы деп топшылайды.


Сонымен, шыдамы таусылып, діңкелеген Квентинді қасына ертіп Людовик бұл дүниеден шалқып еткен, сол бір замандағы атақты астролог, ақын әрі философ, күллі замандастары мен мадақшыл Паулус Иовиусті тамсандырған белгілі «Қара тобырға түсініксіз заттар туралы» трактаттың авторы, Италиядағы Нарниде туған Галеотти Марти немесе Мартиус немесе Мартивалле тұратын Плесси қамал-сарайының оңаша мұнарасына қарай беттеді. Атақты ғалым айбынды венгр королі Матвей Корвиннің сарайында ұзақ уақыт тұрып келді, венгр королінің аспан көгінің сырына шейін барлай білген ақылгөймен тіл тауып, әрі оның ақыл-кеңесін алып отырғанына іштарлық жасаған Людовик ғалымды ақыры өз қол астына көшіп келуге көндірген.


Түні бойы шырағын жағып қойып, кірпік ілместен аспан әлеміне мөлиюмен өзінен-өзі қатты қалжырап болдырған, сол замандағы мистикалық ғылым жолын қуған, тарамыстай семіп, ұрты суалған тақуаң Мартивалле емес-ті. Ол өмірге құштар болып өтті: ал толысып денесі ауыр тартқанға шейін құралайды көзден атқан мерген кісі болды, сөйтіп әр алуан әскери және гимнастикалық сайыстарда үздік көзге түсіп жүрді. Тіпті Янус Паннониус венгр королі және оның сарай маңындағылардың қатысуымен өткен бір мерекеде Галеотти мен сол бір кезеңде ғұмыр кешкен атақты палуанның жекпе-жек белдескенін, сөйтіп бұл кездесуде астрологтың жеңіске ие болғанын өлең жолдарымен суреттеп берген латынша эпиграмма да шығарған.


Осынау ақылгөйдің, рыцардың һәм сарай ғұламасының шаңырағы Квентиннің король сарайында өзі көріп жүрген жайларға қарағанда әлдеқайда сәнді безендірілген-ді. Оның кітапханасындағы әсем оюлармен нақышталған шкафтар және қабырғаларға ілініп тасталған ғажап кілемдер италияндық ғалымның биік талап-талғамын айғақтап берді. Оның осы бөлмесінен ашылатын бір есік өзі ұйықтайтын бөлмеге бастап апарса, екінші есік арқылы обсерватория есебінде пайдаланатын мұнарасына көтерілуге болатын еді. Бөлменің орта тұсында христиан дінінің айтулы қорғаушысы болған Матвей Корвинмен тізе қоса ұрысқа астролог та қатысқан, Жайса түбіндегі ұлы жеңістен кейін, түрік патшасының шатырынан әкелінген олжа — түріктің айрықша көркем қалы кілемі жабылған үлкен емен стол тұр. Оның үстінде шебер ісмерлер жасаған аса бағалы математикалық және астрономиялық аспаптар қойылған, сондай-ақ герман императоры сыйлаған күміс астролябия және оған деген айрықша құрметінің белгісіндей папаның өзі тікелей ғұлама пақырына жолдаған тартуы — ерекше әсем етіліп алтынмен апталып асыл ағаштан жасаған Иаковтың аса таяғы да жатыр .


Бұл бөлмеде стол үстіне қойылған, қабырғаларға айнала ілініп тасталған басқа да әр алуан заттар көзге түседі; қару-жарағы сақадай сай осындағы екі сауыт, сірә, үлкендігіне қарағанда, алып тұлғалы астрологтың өз еншісіндегі мүлік болуы керек; испан сапысы, шотланд семсері, түрік қылышы, садақ, қорамсақ және басқа қару-жарақтар да осында тұр; музыка аспаптары, Христің күміс бейнесі, өліктің күлі салынатын көне замандағы сауыт, ерте заманда өмір сүрген пұтқа табынушылардың қоладан жасалған құдайларының мүсіндері — қысқасы, қараңғылық, ырымшылдық жайлаған сол бір ғасырда сиқырлы ғылымға қажетті, суреттеп беруге тіл жетпейтін басқа да көптеген таңғажайып заттар да осында. Осынау тамаша адамның кітапханасы да байлығы жағынан бұдан олқы емес-ті. Көне заман классиктерінің қолжазбалары христиан діндарларының талыстай еңбектері мен және жалған ғылымның көмегімен өз шәкірттеріне табиғаттың асқан құпия сырларын ашып бермек болып ұмтылып баққан тынымсыз алхимиктердің шығармаларымен қат-қабат араласып жатты. Көне заманғы қолжазбалардың қайсыбірі шығыс елдерінің жазу үлгілерімен жазылған; ал басқа қолжазбалардың мәнділігін немесе мәнсіздігін иероглифтер мен қабала таңбаларының құпияларынан іздеу керек болды. Бөлме ішіндегі күллі жиһаз атаулының, сондай-ақ осындағы әрбір мүліктің кесепатты магнямен байланысты жұмбақ ғылымға табынған сол бір заман адамдарының ақыл-ойы мен зердесіне әсері ерен күшті болды. Ғұламаның тұлға тұрпаты әрі өзін ұстау мәнері осы бір әсерді әлдеқайда күшейте түсті, ол биік креслоға отырып алып, сол кезде кітап басу өнерінің жаңадан ойлап табылған үлгісінің сырына зейін қойып үңілумен болушы еді; ал бұл үлгі Франкфурт станогында осының алдында ғана құйылып шыққан-ды.


Галеотти Мартивалле сұңғақ бойлы, етжеңді, бірақ тік денелі, жасы жағынан жігіт ағасы болып қалған кісі-тұғын. Тапжылмай отырып істейтін кәсібі мен дәмдірек тамаққа үйірлігі, онсыз да тумысынан семіруге бейім тұрған оның толысып кетуін тездете түсті, тіпті бұған бала кезінен дағдыланған және қазір пышақ кесті қол үзіп кете қоймаған дене жаттығуымен айналысатын әдетінің де көмегі тиген жоқ. Ажары сәл-пәл ғана тая бастағаны болмаса, бет-жүзінен парасаттылық пен жылы шырай білініп тұрды, ал кеудесіне дейін түскен қара сақалына тіпті түріктің өзі де қызыға қарар еді. Ол үстіне жеңі алтынмен зерленген, бұлғын терісімен әдіптелген, белінде зодиак таңбалары бейнеленген ақ пергамент белбеуі бар, аса көркем Генуя мақпалынан тігілген етек-жеңі мол шапан киіп отыр. Ғұлама орнынан тұра берді де, аса мәртебелі қауымға еті үйренген, сөйтіп тіпті патшаның қарсы алдында тұрғанының өзінде де сол бір дәуірдегі ғылым өкілдері ұстанған паң кейіптен танбастан корольге қарап, басын иіп амандасты.


— Сіз жұмыс басты болып жатқан жоқсыз ба, әкей, — деді король, — сөйтіп, егер жаңсақ айтып тұрмасам, қолжазбаны машина арқылы көбейтудің жаңа ғана ойлап табылған әдісін зерттеп-үйреніп отырсыз-ау осы. Тек жер бетіндегі тіршілік әрекетіне ғана қатысты осынау бір мардымсыз дүние көз алдына аспан көгіндегі жазулардың өзі айқара ашылып тасталған адамның ақыл-ойына лайық па екен?


— Бауырым, — деп үн қатты Мартивалле (өйткені осы құжыра тұрғыны шәкірт есебінде өзіне сәлем беруге келсе, тіпті Франция королінің өзін басқаша атауға тиіс емес), — мынау жаңалыққа зер салып, мен аспан әлеміндегі жұлдыздар шоғырына көз тіккендей, алдағы болашақта осынау жаңалық арқылы ұлы да ғажайып өзгерістер жасалатындығын айдай айқын көріп тұрмын, бұған шүбәңіз болмасын. Білім бұлағының біздің көкірегімізге осы уақытқа дейін қаншалықты тым баяу әрі там-тұмдап қана тамшылап келгеніне, тіпті ең асқан зерттеушілердің өздері білімге қандай қиындықпен қол жеткізгеніне, өздерінің жан тыныштығы мен жан рақатын күйттеген адамдардың білімге қалай керенау қарағанына, сыздықтап қана аққан осынау білім бұлағы өз сүрлеуінен қалай оп-оңай адасып қала бергеніне немесе әрбір шапқыншылық сайын қалай мүлде тартылып қалғанына ой жүгіртсем, — осынау көріністердің бәрін ақыл сарабынан өткізсем, болашақ ұрпақтардың тағдырына тамсанбай, насаттанбай қалыс қала алармын ба! Бір тұста рухтандыратын, екінші бір жерде селдей таситын, бүкіл қоғамдық өмірді өзгертетін, дінді жасайтын әрі оны жоққа шығаратын, тұтас бір мемлекеттерді дүниеге әкелетін әрі оларды тас-талқан ететін толассыз нұрлы жаңбыр болып жауып, білім болашақ ұрпақтарға нәр беретін болады.


— Сабыр етші, Галеотти... — деді Людовик. — Осынау өзгерістер біздің кезімізде жүзеге аса ма?


— Жоқ, патша бауырым, — деп жауап қатты Мартивалле, — ойлап табылған бұл жаңалықты Эдем бағындағы аса бағалы әрі қатерлі жеміс берген — болашақта ізгілік пен зұлымдықтың жемісін беретін жаңа ғана отырғызылған жас ағаш көшетімен салыстыруға болар еді.


Бір сәтке ойланып қалған Людовик сөз бастады:


— Сонымен болашақ мәселесін болашақтың өз қарауына қалдыра тұрайық. Біз болсақ, өз ғасырымыздың адамдарымыз ғой, қазіргіміз туралы ойласуға тиістіміз. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе еңсе көтертер емес... Айтпақшы, мен құрастыруын өзіңе тапсырған, шет-жағасын өзің хабарлап та үлгерген гороскопты жасап біттің бе? Осы гороскоп тағдырын анықтап беретін кісіні ертіп келіп тұрмын, хиромантия арқылы ма немесе басқа бір ғылым арқылы ма, сен маған оның болашағын болжап беруің керек. Уақыт тар!


Құрметті ғалым орындығынан түрегелді де, уыздай жап-жас жауынгердің қасына таяп келді, өзінің үлкен, қарақат, өткір көзімен оған қадала қарап тұрды; ол жас жігіттің бет-жүзіндегі әрбір сызық сызатын егжей-тегжейлі түрде қадағалап, зерттеп тұрғандай, оның жан дүниесіне үңілуге тырысып баққандай әлпетпен тесіле қарады. Осы бір құрметті де ардақты кісінің өзіне тесірейе қарағанынан ұялып әрі өңі нарттай қызарып, Квентин көзін жерге қадай берді, бірақ көп ұзамай астрологтың күмістей күмбірлеген үніне құлақ асып, қайтадан именбей қарады, ал астролог былай деп жатты:


— Маған тура қарашы. Қорықпа және қолыңды соза түс.


Мистикалық ғылымның барлық ережесі бойынша жігіт алақанындағы шимай-шимай сызықтарды бойлай қарап өтіп, Мартивалле корольді ертіп шеткерірек барып тұрып, оған былай деді:


— Патша бауырым, мына жас ұланның тұлғасы мен алақанындағы сызықтар оның гороскопы негізінде бұрынырақ жасаған тұжырымымды, сондай-ақ мәртебесі биік ғылымымызды өзіңіз игеруіңіздің нәтижесінде, ол туралы тікелей өзіңіз түйген пікіріңізді де толық растап беріп отыр. Осының бәрі бұл жас ұланның ер жүрек, әрі бақытты болатындығының айғағы.


— Адал да бола ма? — деді король, — Өйткені ер жүректілік пен бақыттың адалдықпен отаса бермейтін кездері де болады ғой.


— Адал да, болады, — деді астролог. — Оның жанарынан парасаттылық пен ерліктің нышаны білініп тұр, ал өмір жолы даңғылдығымен және мәнділігімен сипатталады. Демек, өзін қанаты астына алып, сенімділік білдірген кісіге ол да адал болатындығының, сөйтіп оған қалтқысыз берілетіндігінің куәсі. Бірақ егер...


— Егері несі? — деп тықақтады король, — Сөзіңді неге жұтып қойдың, Галеотти әкей?


— Өйткен себебім, король біткеннің құлағы шипалы дәрі-дәрмектің удай ащы дәмін татқысы келмей бұлғақтайтын науқас кісінің талғамын еске сала береді, — деді ғұлама.


— Бірақ менің құлағым да, талғамым да бұлғақтау дегеннен дін аман, — деді Людовик. — Бағалы ақыл-кеңеске құлақ асудан және де бірінің қаталдығынан, ал екіншісінің ащылығынан именбестен-ақ шипалы дәріні ішуден мен ешқашан да тартынбаймын. Мен бала кезімде еркелеу дегенді білмей өскен, ал жастық шағымды қуғын-сүргін, жоқшылық көріп өткізген жанмын. Мен ащы да болса шындықты көңіліме ауыр алмай тыңдай білетін кісімін.


— Олай болса, патша ием, мен ағымнан жарылайын, — деді Галеотти. — Егер өз ойыңыздағы кәсібіңізде әлдеқандай бір... турасын айтқанда, оның ар-ожданын қорларлықтай бірдеңе бола қалса, онда ол қол астыңызда бірнеше жыл қызмет атқарып өзіңізге бауыр басқанға дейін, сөйтіп ойындағысын жүзеге асыру барысында басқалар тәрізді талғампаздық көрсетпейтін мінез мұның бойында да пайда болғанша, мұндай істі бұл жас ұланға тапсырмай қоя тұрыңыз.


— Пәлі, ойыңды маған ашық айтуға батылың бармай, кібіртіктеп тұрғаныңның себебі осы ма еді, шарапатты Галеоттиім! Сен мені ренжітіп алып жүрермін деп сескендің бе? — деді король. — Оқасы жоқ, жеке өмір жағдайында әрқашан да солай істеу керектігіне қарамастан, мемлекеттік саясат қызметінде дін мен адамгершіліктің дерексіз ережелерін әмісе басшылыққа ала беруге болмайтынын өзің менен кем білмейсің ғой. Әдетте қарапайым адамдар онсыз да, өмір сүре алатын болса да, қолымызда билігіміз бар, мына біздер, әміршілер, неге шіркеу салып, әдиярат ашып, құлшылық етуге шіркеуге барып, ораза ұстап, серт беріп әуре-сарсаңға түсіп жататынымыз — қоғам қамы мен мемлекетіміздің гүлдене беру мүддесі христиан ретінде ар-ожданымызға қайшы келетін қимыл-әрекет жасауға бізді мәжбүр ететіндіктен емес пе? Бірақ тәңірінің рақымы мол, біздің киелі шіркеуіміздің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ал қасиетіңнен айналып кетейін Эмбрен бибі мен мейірбан әулиелердің бізге деген шарапаты толассыз, бұлжымас һәм құдіретті.


Бұдан соң қалпағын столдың үстіне қойды, соған қарап, жүгіне отырып ап, бар пейілімен күбір-күбір етіп дұға оқи бастады:


— Әулие Губерт, әулие Юлиан, әулие Мартин, әулие Розалия, күллі әулие-әмбиелер әулеті күнәһар пендеңді, мені жарылқай көріңдер!


Сиынып болысымен, кеудесін қолымен сарт еткізе, орнынан түрегеліп, қалпағын киіп алды да, сөзін жалғастыра берді:


— Өзің қазір емеурін танытып тұрғаныңдай, біздің кәсібімізде егер әлдеқалай бір жұмбақ бола қалған күнде де, оны жүзеге асыру ісі мына жас ұланға жүктелмек емес, ол тіпті ойына секем ала қоярлықтай дәнеңе де жоқ екеніне илана бергін, мейірбан әкей.


— Патша бауырым, солай істеген болсаңыз, онда бұл сіздің ақылдылығыңыз, — деді астролог. — Ойыңызға салуға тиісті болатын тағы бір айтпағым бар, әдетте қызу қанды адамдардың бойына тән сөзсіз бір кемшілігі боп саналатын, мына жас ұланның қас батырлығынан да аз-кем қауіптеніп тұрмын. Алайда, өз ғылымымның мәліметтеріне сүйене келіп, жас ұланның гороскопы және көңіліме түйген байқауларым арқылы көзім жеткен оның басындағы басқа қасиеттері өзінің бұл мінін де жоққа саятынын кәміл дерлік сеніммен айта аламын.


— Қауіп-қатерге толы бұл сапарға аттанып кету үшін түн ортасы сәтті мезгіл болар ма екен, әкейім? — деді король. — Мына бір эфемеридтеріңе назарыңды салшы: Сатурнмен және жаңа ғана туып келе жатқан Юпитермен салыстыра қарағанда Айдың қалай орналасқанын көріп тұрсың ба? Биік танымдарыңның алдында басымды иемін, сөйтсе де ай-жұлдыздардың бұлай қиылысуы жолаушыларды сапарға осы сағатта аттандырып салсақ, олардың жолы боларын айғақтап тұр, деп батыл айта аламын.


— Жолаушыларды жасақтаушының, — деп жауап қатты астролог бір минуттай үнсіздіктен кейін, — жолы боларын ай-жұлдыздар айқын көрсетіп тұр. Бірақ Сатурн жұлдызының қан қызыл реңге малынуы жақсы нышан емес, бұл жолаушыларға төнген қауіп-қатер мен опат белгісі. Бұдан мен сапар қауіпті ғана емес, сонымен бірге опатқа да душар етуі мүмкін деген байлам жасаймын. Менің ойымша, аспан әлеміндегі мұндай белгі жолаушылардың тұтқынға түсетінін және зорлық-зомбылық шегетінін білдіреді.


— Жолаушылар тұтқындалады әрі зорлық-зомбылық шегеді, — деп король сөзге араласты, — ал оларды аттандырушының ұпайы түгел болады — сен солай демексің бе, кемеңгер ұстазым?


— Нақ солай, — деп үн қатты астролог.


Король үн қатпады, сөйтіп ғұламаның жорамалы (Людовиктің қойған сауалының сыңайына қарап-ақ, ол корольдің бір сұмдық іске тәуекел еткенін іші сезіп қалған, сондықтан ғұлама өз жорамалын әдейі айтып салған болуы керек) оқырманға бұған дейін мәлім болғандай, графиня Изабелла де Круаны — рас, ата тегі ақсүйек, бірақ талай-талай қылмыстармен қолы қанға малынып, қарақшылар тобының бастаушысы деген атаққа дейін кеткен, есірік мінезі, қаталдығы және жау жүректігімен даңқы шыққан Гином де ла Марктің уысына түсіруді көздеген өз ойымен қаншалықты дөп шыққанын ол астрологқа сездіре қойған жоқ.


Бұдан соң король әлдеқандай бір қағазды қалтасынан суырып алды да, оны Мартивалленің қолына табыс етпей тұрып, оған қарап мипаздаған сарынмен сөз бастап кетті.


— Кемеңгер Галеотти, сені замандас күллі ғалымдардан, соның ішінде ұлы Нострадамусты да қосқанда өзіңнің теңдесі жоқ биік тұрған, әулиелік өнердің шын мәніндегі кереметі деп санайтындығымнан ел ішіндегі бүлікшілерге де, сондай-ақ аса күшті, әрі бітіспес сыртқы жауларға да қарсы күрес жүргізуіне тура келетін, әлбетте, қай патшаның болсын ойын мазалайтын, өз күдіктерім мен қиыншылықтарымнан шығар жолды көрсет деп ақыл-кеңес сұрап, өзіңе жиі-жиі жүгінсем, сен бұған таңырқанбай-ақ қойғын.


— Сіздің шақыртуыңызды естісімен-ақ, патша ием, — деді философ, — мен Буда сарайын тастап шығып, өзімнің биік мәртебелі қамқоршымның қол астында бүкіл өнерім мен білімімді өзіңізге қызмет етуге аянбай жұмсау ниетіне бекініп Плессиге келдім.


— Оныңды айтпасаң да білемін, қайырымды Мартиваллем, саған ешқандай күмәнім жоқ. Сонымен мына бір мәселеге айрықша ден қойып көрші. — Сөйтті де Людовик қолындағы ұстап тұрған қағазды судыратып оқи жөнелді: — «Сот немесе соғыс арқылы шешілуі мүмкін мейлінше маңызды дау-дамайға ұрынған адам дұшпанымен тікелей келіссөз бастап, даудың тоқтатылуына тілек білдірді дейік. Осынау пақырдың көкейіне түйген өз жоспарын жүзеге асыру үшін қай күн ең қолайлы боларын, сондай-ақ осы бір амал-тәсілі сәтімен аяқталар-аяқталмасын және өзінің дұшпаны оған білдірілген сенімі мен ілтипатына сай бейіл көрсете ме, жоқ па, әлде осы бір кездесу оны үстем етуі мүмкін жағдайды пайдаланып кете ме — міне, осыны білуге ынтық дейік».


— Бұл маңызды мәселе, — деді Мартивалле, король қағаздағы жазуды оқып біткен мезетте. — Мұның өзі астрологиялық дәл зерттеулер мен мықтап ойланып-толғануды тілейді.


— Соған жауап беруге тырысып баққайсың, кемеңгер ұстазым, сөйтсең Франция короліне қызмет етудің мәнісіне көзің жетпек. Егер жұлдыздардың үйлесуі біздің шешімімізге қайшы келмесе, — ал өзіміздің өрісі тар танымымыз жұлдыздардың біз үшін сәтімен туғанын көрсетіп берді, — біз бауырлардың өзара соғысына тыйым салынуын көздеп тікелей өз басымызды қауіп-қатерге тігуге тәуекел етуге ұйғарып отырмыз.


— Ендеше, ұлы мәртебелі тақсыр сіздің тауфиқты ақ ниетіңізді бүкіл әулиелер қолдай көрсін, — деді астролог, — сондай-ақ, қасиетті өз басыңызға әулиелер қорған болғай!


— Рақмет, саған, әкейім. Өзіңнің тым сирек ұшырасатын кітапхана қорыңды байытуға қосайық деген азын-аулақ үлесімізді қабыл алғайсың.


Сөйтті де король талыстай қалың томдардың біреуінің астына кіп-кішкентай алтын шиланды бастыра салды. Тіпті өзінің ырымшыл әдетіне қатысты жағдайдың үстінде де есебінен жаңыла қоймайтын Людовик астролог атқаратын қызметі үшін әбден жеткілікті мөлшерде жалақыға ие болды деп білді, сондықтан тіпті барынша қысылтаяң кезеңдерде де ақысына аз ғана ақша төлеп-ақ ақыл-кеңесін кәдеме жаратуға хақылымын деп санады. Өз адвокатының (сот тілімен айтсақ) қолына тиесілі қалам ақысын осылай алдын ала ұстатқан Людовик Дорвардқа бұрылды:


— Тағдыр мен корольдің батыл шешімін орындау үшін жаратылған, ер жүрек шотланд досым, енді менің соңымнан ілесе бер. Есіңде болсын, тас түйін бекініп, сақадай сай тұр, сөйтіп әулие Мартин қоңырауының түн ортасында соңғы соғуы естілісімен атыңа қонатын бол. Бір минут асығыстық жасасаң әлде минут кешіксең — жұлдыздардың ұласуы нышан беретін қолайлы сәтті қолыңнан шығарып алуың мүмкін.


Король осы сөздерін жария етті де, қасына жас өспірім қорғауылын ілестіре сыртқа беттей берді. Ол шығып, есіктің тарс жабылуы-ақ мұң екен, астролог король қасында тұрған кезде өзіне қанат біткендей болып көрінгеннен мүлде басқа көңіл күйіне көшті.


— Сараң саудагер! — деп күйінді ол, қолындағы шиланды салмақтап көріп, өйткені бұл қолы ашық адам болуы себепті, әмісе қаражат тапшылығын басынан кешірумен болатын-ды. — Парықсыз, жексұрын сараң неме! Өз күйеуінің жүзу сапарының табыспен өтерін білуге ынтыққан теңізші екеш теңізшінің әйелі де әлдеқайда мол ақы төлер еді. Сөйте тұра біздің асқаралы ғылымымыздан бірдеңе түсінемін деп ойлайтынын қайтерсің оның? Қараң қалсын! Бұдан да қыңсылаған түлкі мен ұлыған қасқырды музыкант деп үміттенуге болар. Аспан әлемінің таңғажайып сырларын ол қайдан ұға қойсын! Көр тышқанға сілеусін көз бітеді деп ойлауға бола ма? Соншама уәде ете тұрып — онда жүргенімде гунндер мен түріктер, христиандар мен дінсіздер, Москва патшасы мен татар ханы өздері бас болып, бірінен бірі асыра, мені сый-тартулардың астында қалдырумен болған айбынды король Матвейдің қарамағанынан өзімді қызықтыру мақсатымен маған сан мәрте берген уәделерінен соң осылай істеп отырғанын қайтерсің! Бір тамшы су мен бірер түйір дән үшін өзінің көңілі келгенде ысқырып қалса болғаны, сайрап қоя беретін торға түскен шымшықша, мына қаусаған қамал-сарайда мен мәңгі-бақи қамалып отыра береді деп дәмелене ме екен өзі? Жоқ, атай көрмеңіз, мен бұл тұйықтан шығар жолды табамын немесе басқа бір амалын жасаймын, бір тәсілін таппай қоймаймын! Кардинал де Балю дегеніңіз — айлакер де жомарт кісі... Мен оған барлық сырды айтып беремін, сөйтіп егер жұлдыздар оның өзі ойлағандай болмай, басқаша жайнап шыға келсе, аса қасиетті мырзаның өз обалы өзіне болсын.


Осы бір тұста ол қолындағы мардымсыз сыйлығын тағы да салмақтап-салмақтап қойды.


— Бәлкім, осы бір татымсыз шилан ішінде әлдеқандай бір асыл тас, әлде сирек кездесетін інжу-маржан салынып қойған шығар? Өзі ерегісе қалса әлде пайда түсеріне көзі жетсе, король ақ түйенің қарны жарылғандай жомарттыққа да барады деседі ғой.


Галеотти шиланның түбін қағып көріп еді, онда не бары он алтын теңге салынған болып шықты, Астрологты ашу қысты;


— Сөйтіп ол осындай түкке де арзымайтын ақы үшін мен өзім Истрагоффте қырық жыл бойы күннің көзін көрмеген дәруіш-армяннан, өлген адамдарды тірілткен десетін, грек Дубравиустен, Фиван сахарасындағы үңгіріне барып жолыққан, тіпті Әбу-Али шейхтен дәріс алып, зерттеген ғылымымның жемісін ол өз игілігіне жаратамын деп дәмеленбек! Жоқ, жоқ, тәңірім атынан ант етемін! Ол ғылымды аяқ асты етіп отыр, сондықтан тікелей өз басының надандығынан мерт болуға тиісті! Он теңге! Маған салса шілтерден тоқыған жаңа көкірекше сатып алуы үшін мұндай аз ақшаны Туанеттаға беруден де ұялған болар едім.


Осы бір сөздерді айтуын айтты да, ашуға булыққан ғұлама қалай десе де ызасын келтірген алтын теңгелерді өзінің белбеуінде қыстырулы тұрған жалпақ шиланның ішіне сүңгіте салды, бұл шиланның ішіндегіні Туанетта мен ғұламаның табысын оңды-солды рәсуа етуге қатысы бар басқа да жандар философ өзі айналысатын бүкіл ғылымы арқылы шиланды ақшаға толтырып үлгергеннен әлдеқайда көп бұрын қақшып алып қоятын-ды.


XIV ТАРАУ


САЯХАТ (жалғасы)



Франция, тұрсың, міне, алдымда,
Бәрін саған төге салған тағдыр да.
Сенде туған ұлдарыңның бағына,
Бере салған бәрін топырағыңа.
Қараторы қыздарыңның жанары
Қуаныштан жалт-жұлт етіп барады.
Не де болса, шежіреден бұрынғы
Шертпеймісің, Франция сырыңды.


Белгісіз автор



Тірі пендемен сөз қатысудан тыйылып (оған сондай бұйрық берілген-ді), Квентин Дорвард белдемшесі мен шынтаққа киетін қалқаны бар жай темірден, бірақ берік етіп жасаған сауыт әрі басына құрыштан соққан дулыға киіп те үлгерді. Бұдан соң ол, сол бір заманда әншейінде атақты ақсүйектер әулетінің даяшылары киетін қамзолға ұқсастау, тігіс-тігістерін әсем қайып тіккен керемет күдері қамзолын сауыт сыртынан киіп алды.


Осынау керек-жарақтың бәрін оған бөлме ішіне Оливье әкеп берді де, — дағдылы жымысқы күлкісіне басып: — өзіңді бейсауат сауалдарымен мазаламасын деп нағашыңды әдейі күзетке қойдық, — деп хабарлады.


— Туысыңызға жолыға алмай аттанып бара жатқаныңызға біз одан кешірім етуін өтініп бағамыз, — деді Оливье, тағы да күлімсіреп. — Ал өзіңізге жүктелген құрметті тапсырманы орындап, аман-есен оралып келгеніңізде, сіз қимыл-әрекеттеріңіз жайында біреу-міреуге есеп беру қажеттігінен босатылып қана қоймай, сонымен бірге өзіңіз бұйрық беруіңізге және басқалардың есеп беруін талап етуіңізге ерік беретін жоғары қызметке тағайындалатыныңызға кәміл сенемін, қадірменді балам.


Оливье Сайтан жас өспірімнің қолын дос пейілмен қатты-қатты қысып қойып, осылай жылы лебіз білдіріп бәйек қақты, сөйте тұра ішінен оның ажал тырнағына ілініп кете баратынын әйтпесе оңай құтылса, тұтқынға түсіп қалатынын біліп тұрды. Ілтипатты сөзін айтып болысымен ол корольдің атынан Дорвардтың қолына өзі сапар үстінде жұмсауы үшін қажетті ішіне алтын теңге салған шағын ғана шиланды ұстата қойды.


Өзіне берілген нұсқауларды қалтқысыз басшылыққа алып, түн ортасына дейін санаулы минут қалғанда Квентин екінші сарайға қарай беттеді, сөйтіп, оқырманға жақсы мағлұм болғанындай, де Круа графинялар уақытша паналаған Дофин мұнарасының қасына барып аялдады. Осы маңда ол күзетшілерге арналған мініс аттарының, үстеріне жүк артып қойған екі қашырдың, екі графиня мен олардың адал даяшы қызы мінетін үш жуас байталдың және бұлыңғыр ай сәулесімен шағылысып, жарқырай түскен болатпен қаптаған ер-тұрман салынған, өзіне арналған, жер тарпып, тыпыршып тұрған арғымақтың әзір етіп қойылғанын көрді.


Дорвард ешкіммен ләм дескен жоқ. Сапарға аттану әзірліктері ың-шыңсыз атқарылумен болды, сала құлаш найзаларын қолдарына ұстап алған салт аттылар да үн-түнсіз қалған, қыбыр етер емес, айдың әлгіндегі бұлыңғыр сәулесімен Дорвард салт аттылардың бәрі де қаруларын асынып алғанын көріп, қуанып қалды. Олар не бары үшеу-ақ болып шықты; бірақ үшеуінің біреуі төмен иілді де, ерсілеу естілген гаскон акцентіне басып, жол бастаушы өздерін Тур шаһары маңында қуып жететінін Дорвардтың құлағына сыбырлап айтып жатты.


Айтса да мұнара терезелерінен жымың қаққан жарықтар жолаушы ханымдардың дүниелерін апыл-құпыл жиыстырып, асығып жатқандарын аңғартып тұрды. Көп ұзамай мұнараның сыртқы жақ бөлігіндегі шағын есік ашыла берді де, іштен шығып келе жатқан, плащ жамылып алған әлдебіреудің қасына ілескен үш әйел көзге шалына кетті. Әйелдер ерттеулі тұрған аттарына үн-түнсіз мініп те алды, ал плащ жамылған кісі өздері қастарынан жүріп өтулеріне тура келген сақ күзетшілердің қолына парольдері мен басқа да шартты белгілерін ұстата қонып, ілгері қарай ұмсынды. Ақыр соңында, сыртқы ең соңғы қақпадан өте шығып, плащ жамылған адам бөгеліп тұрып қалды да, ханымдарға қарап баяу үнмен тіл қатты.


— Уа, патша ием, бір құдай өзіңізге жар болсын! — деген үнді құлағы шалғанда Квентин селк ете қалды, — егер сезіміңіз аузыңыздан шыққан сөзіңіздей кіршіксіз болмай жатса, онда тәңірім кешіре көрсін де! Мүмкін қадерінше мейірбан Льеж эпископының қол астына тездетіп жетіп алу, сөйтіп оның қамқор қанаты астында шапағатқа бөлену — менің ендігі бар ақ тілеуім осы ғана.


Осынау сөздер өзіне бағытталған адам, әлде бірдеңе деп мұрнынан міңгірлеп, қамал-сарайға қарай бұрыла берді. Квентин бұл кісіні әлдеқалай корольдің өзі ме екен деп тұрды; меймандарды бөгемей, шұғыл түрде аттандырып салудың қамын ойлап әрі сарай күзетшілері тарапынан кедергі жасалып, тосқауыл қойылмауы үшін, сірә, өзі шығарып салған болуға тиісті.


Тосын адамдардың әуесқойлығын үзілді-кесілді тыю ниетімен Людовиктің өз басы ойлап тауып жағалай құрып тастаған қақпандары мен сан алуан тор-тұзақтарына ілігіп қалмау үшін жолаушылар қамал-сарай маңынан ұзап шыққанша ерекше бір сақтықпен жүрулеріне тура келді. Әйтсе де, гаскондық, сірә, осынау шытырман қақпандардың сырына әбден қанық болуы керек, ширек сағаттан соң-ақ олар Тур шаһары маңындағы корольдің Плесси аттас паркінен ұзап бара жатты.


Бұған шейін сәулесі бұлыңғыр тарта берген болса, енді бұлт арасынан шыға келген ай жолаушылардың қарсы алдарында көсіле түскен әсем жасыл алқапты нұрға бөлеп, жарқыратып тұрды. Таңғажайып сұлу Луара дариясы биік қабақтарына қамал-сарайлар, мұнаралар мен террасалар тізілген әшекейлі жағалаулар бойымен, зәйтүн бақтары мен жүзімдіктердің арасын қуалай, Францияның түгін тартсаң майы шыққандай құнарлы ен даласымен шалқи ағып жатыр. Көз ұшында Туреннің көне замандағы астанасы Тур шаһарының қабырғалары, ай сәулесімен ағараңдаған мұнаралары мен бекіністерінің істік ұштары көрініп тұрды. Бұлардың арғы бетінде бой түзеген, тіпті сонау бесінші ғасырда тақуа епископ Перпетус салдырған, бертінде Ұлы Карл мен оның мұрагерлері әрі мәнерлеп, әрі кеңейте түскен, сөйтіп, француздардың ең бір ғажайып ғимаратына айналған, готикалық үлгідегі зәулім үй зеңгір аспанмен таласқандай. Оған жалғаса әулие Гатьен шіркеуінің мұнарасы мен айтушылардың сөзіне қарағанда, ерте заманда рим императоры Валентинианның мекен-жайы болған қамал-сарай қараңдап көзге шалынады.


Басына түскен жаңа жағдайды толассыз ойлаумен болса да, өз отанының заңғар биік, бірақ оның есесіне дала тағысындай айбарлы, құла дүзде шөккен таулары мен туған елінің асқан сұлу болса да сұсты табиғатын қастерлеп өскен жас өспірім шотландық бейне бір өнер мен табиғат бір-бірінен асып түскісі келіп жарыса өрнектегендей әсерге бөлеген көз алдындағы керемет көріністерге сүйсінбей тұра алған жоқ. Алайда ұзамай әлгінде өзі корольмен қоштасардағы күмістей сылдыраған нәзік үнін кем дегенде бір октава қатайта түскендей болып естілген егде ханымның даусы Квентинді осынау шат-шадыман көңіл күйінен лезде сейілтіп жіберді. Графиня отряд бастығының өзінің қасына келуін талап етті. Квентин атын тебініп, дереу графиняның қасына жетіп келді, сөйтіп ілтипаттық сақтап ханымдарға өзін таныстырып та үлгерді, бұдан соң графиня Амелина одан мынадай жауап алуға көшті:


— Сіздің аты-жөніңіз және атақ-дәрежеңіз кім болады?


Квентин мүдірген жоқ.


— Жол жағдайын жақсы білесіз бе?


— Жол жағдайын жақсы білемін деп кесіп айта алмаймын, бірақ егжей-тегжейлі нұсқау қолымда, ал ат суытатын алғашқы аялдамада бізді жол бастаушы қуып жетуге тиісті. Оның жолдан адастырмайтынына шүбәланбауларыңызға болады, — Квентиннің жауабы осы болды. Алғашқы тоқтайтын аялдамаға шейін өздерінің шағын отрядына сан жағынан төртінші болып, әлгінде ғана қосылған салт атты бастап апарады.


— Осыншама маңызды міндетті нақ сізге жүктегендері қалай бұл, жас азамат? — деді графиня сөзін жалғап. — Кеше патшайыммен жолығысқан кезімізде галереяда күзетте тұрған жас өспірім сіз деп естіген едім. Сіз өрімдей жассыз, әрі тәжірибеңіз де жоқ, оның үстіне, сөз саптасыңызға қарағанда, шетелдік азамат сияқтысыз, солай ма?


— Менің борышым — анау-мынауды қойып, корольдің бұйрығын орындау, графиня, — деп жауап берді жас өспірім жауынгер.


— Сіз дворянсыз ба? — Келесі сауал осы болды.


— Нақ солай, деп нық сеніммен айта аламын, сударыня, — деп салды Квентин.


— Король мені шақыртқанда, — деп жүрексіне сөйледі жас графиня, — мейманханада көрген кісім... өзім көрген кісім сіз емессіз бе?


Өз тарапынан бұл да жүрексінді ғой деймін, даусы баяу шығып Квентин дәл солай екенін айтып жауап қатты.


— Ендеше, апатай, — деді графиня Изабелла, — бұл жас дворян жігіттің күзетінде болудан біз сескенетіндей дәнеңе де жоқ. Қорғансыз екі әйелге қарсы зұлымдық пен қаныпезерлік қастандық жасауды сеніп тапсыра қоярлықтай адамға ұқсамайды бұл кісі.


— Ар-ожданыммен ант етемін, графиня, — деп жауап қатты Дорвард, — тіпті Франция мен Шотландия екеуінің бірдей мүддесі жолында қажет болған күнде де мен сіздерге опасыздық жасауға немесе қиянат келтіруге бармас едім деп шаңырағымның ар-ожданы мен ата-бабаларымның аруағын айтып тұрып ант етемін!


— Жақсы айттың, жас жігіт, — деді графиня Амелина өз ойын білдіріп, — бірақ біз, немере сіңліміз екеуміз, Людовик пен оның төңірегіндегілердің балдай тәтті сөздерін ести-ести құлағымыздың құрышы қанып болған адамдармыз. Біз қазіргідей басымызды тәуекелге байламай, әлдеқайда қауіпсіз түрде сонда жетіп алып, Льеж епископының әлде Германдық Венцеславтың, әлде, ақыр соңында, Ағылшын Эдуардтың қол астына барып паналайық деп тұрған жерімізден осынау бір майда тілді сөздерге иланамыз деп француз королінің қарамағына келіп қалған болатынбыз. Қош, сонымен, осынау тілдерінен бал тамып берген уәделері ақырында келіп немен тынды дейсіз бе? Бізді нақ бір жұрт көзіне көрсетуге тыйым салынған товар іспеттендіріп, оның үстіне қайдағы бір плебейлік есіммен атап, былық трактирге масқара етіп жасырып ұстады... Сөйтіп мына бізге, сен білесің, — деп сөзін сабақтай түсті графиня өзінің даяшы қызына қарап тұрып, — үш саты биік етіп бетін қымбат матамен көмкеріп, әсем безендірілген тұғыр үстінде тұрып тұла бойымызды сылап-сипап үйренген мына бізге, әлдебір сүт сатушы әйелдің кебін киіп, жадағай еден үстінде тұрып тарануымызға тура келгенін қайтерсің!


Марта өз ханымының сөзі ащы болса да шындық екенін растап берді.


— Егер біздің сорымыз осымен ғана шектелген болса, оған налымас едік қой, қымбатты туысым, — деп графиня Изабелла өз ойын бүкпей айтып салды. — Өз басым үлде мен бүлдесіз-ақ өмір сүруге бармын.


— Бірақ, алтыным-ау, қауымнан аластауға көнуге болмайды ғой, — деді графиня. — Бұған қалай төзерсің!


— Апатай, мен қауымсыз да өмір сүруге әзірмін — деп қалды Изабелла өзінің уыздай жап-жас оққағарының жүрегін елжіреткен үнмен. — Сенімді де лайықты баспана табылып жатса, басқаның бәрінен де бас тартуға бармын. Франция мен отаным Бургундияның арасында мені сылтау етіп соғыс басталғанын титтей де қаламаймын, бұған бір құдайдың өзі куә. Мен үшін бірде-бір адам басын оққа тікпесе екен деп тілеймін. Егер тілегім қабыл болса, онда маған Мармутье әдияратына немесе тағы да басқа киелі шіркеулердің біріне барып тұруыма рұқсат берулерін ғана өтінер едім.


— Асыл текті бауырымның дегдар қызы емес, қайдағы бір ақылсыз баланың аузынан шығатын сезді айтып тұрсың сен, — деп қарсылық білдірді графиня. — Біздің даңқты ата-тегіміздің абыройы мен намысын қорғап шығатын адамдардың құрып кетпегеніне де шүкіршілік. Егер біреуінің жолында найзаласудан да тайынбай, ал екіншісінің жолында кәдуілгі таяқтасумен ғана шектелмесе, текті рудан шыққан әйел мен күйік сасып тұратын сүт сатушы әйелдің арасында айырмашылық қалар ма! Сәулешім-ау, өзіңнен сәл-пәл ғана ересек тарта бастаған, уылжып тұрған жастық шағымда менің құрметіме атақты Хафлингем сайысы өткізілгенін сен білесің бе? Күш сынасуға төрт адам атой салып шықса, бұлардың дүрмегіне ұзын саны он екі адам қосылды. Сайыс үш күнге созылды, сөйтіп, екі батыр рыцарь жазым болды. Мұның сыртында, герольдтер тіпті есепке де алмаған жеңіл-желпі жараланғандар мен зақымданғандарды қоспағанда бір бел, бір бұғана мертікті және үш аяқ, екі қол сынды! Біздің әулеттің қыздары, міне, осындай сый-құрметке бөленген! Жоқ, сәулешім, тұқымыңа біткен тәкаппарлықтың тұла бойыңа ең болмаса бір жұрнағы дарыса да, әйел махаббаты мен қару даңқын қастер тұтатын сарайдың бірінде кезінде марқұм әжеңнің құрметіне Страсбургте өткізілгендей, жүлдегері саған үйленетін әйгілі сайысты өткізудің бір жолын өзің де ойлап тапқан болар едің ғой. Сөйтіп де Круалар шаңырағын Бургундияның зорлық-зомбылығы мен Францияның қаскүнемдігінен қорғай алатын Европадағы ең қас батыр рыцарға күйеуге шығар едің-ау.


— Әйткенмен, апатай, — деп жас графиня дау айтты, — сол жолғы сайыста рейнграф жеңіске жетіп, менің әжеме жар болғанымен екеуінің жұптасқан өмірі бақытты болмады деген еді маған кәрі сүт анам. Ол кісінің айтуынша, марқұм атам әжемді жиі-жиі жер-жебіріне жете балағаттаған, тіпті сабап та алады екен.


— Оның несі бар екен? — деп саңқ ете қалды, рыцарьлық салтқа деген әуестіктен есі кеткен графиня Амелина даусы қатты шығып. — Ұрыс даласында соққы беруге дағдыланған қайратты қол өз үйінде неге әрқашан да сыпайылық сақтауға тиісті? Не қатынына, не басқа бір тірі пендеге қолын көтеруге батылы бармайтын қоян жүрек қорқақтың зайыбы болғанымша, мейлі күніне екі дүркін таяққа жығып салса да, басқа жұрттың бәрін де бетіне қаратпайтын ожар, айбатты жанға ерге шығуға мың мәрте келісімімді беруге дайынмын!


— Сүйікті апатайым, осындай есірік күйеуіңізбен бақытты ғұмыр шегуіңізді тілер едім, — деді Изабелла, — бірақ, әлбетте, тап мен ондай өмірге қызықпаймын. Сайыс кезіндегі төбелестің жөні бір басқа, ал үй ішіндегі төбелес деген тіпті мүлде ерсі-ақ.


— Оны қойшы, рыцарьлардың бәрі бірдей сотқар емес қой, сондықтан айбынды рыцарьмен неке қиюдың арты соққымен жалғасуы мүлде шарт емес, — деді Амелина леди, — рас, біздің даңқты бабамыз рейнграф Готфрид, шынтуайтында да жосықсыз күйгелек, әрі рейн шарабына құмар адам болыпты деген сөз бар... Нағыз рыцарь дегеніңіз — бұл әйелдер қауымында қозыдай момақан, ал ұрыс даласында арыстандай айбатты. Мысалға — топырағы торқа болғыр — Тибо де Монтиньиді-ақ алайықшы! Бір момын адам сондай-ақ болсын! Әйел адамға қол көтеру дегенге ол ешқашан да бармас еді, сөйтіп жауымен белдескенде жеңіліп көрмеген ол үйінде өзінің ай мен күндей жары — әйелі өзін сабағанда қарсылық көрсетуді білмей өткен кісі деседі. Бұған не шара, өйткен болса оның өзі кінәлі... Ол да Хафлингем сайысына қатысушылардың бірі болған, әрі айрықша ерлік көрсеткені соншалықты, егер тәңірінің жазуы мен сенің атаңның ұйғаруы солай болмаған күнде, онда ол өзінің момын мінезіне сай әйелмен отасқан болар еді.


Апатайының тамсана сөйлеуінің сарқылмас қайнар бұлағына айналған Хафлингем сайысынан жүрегі шайлығып қалуына өз себебі болған графиня Изабелла, үн-түнсіз отырып қалды да, әңгіме желісі осымен үзіліп тынды. Зиялы адам болуы себепті Квентин әңгіме-дүкен құрған ханымдар өзінен қысылмасын деген оймен атын тебініп шаба жөнелді, сөйтіп одан жол жағдайын сұрап білуім керек деген желеумен жол бастаушының қасына жетіп барды.


Әйтсе де ханымдар жолшыбай үнсіз отырысты, тек оқта-текте бір ғана әлдеқалай сөз қатысып қоюмен болды. Әлден уақытта сібірлеп таң да ата бастады; жолаушылар сапарға аттанғалы арада бірнеше сағат өткен-ді, сондықтан Квентин ханымдар жол соғып қатты қалжырап қалып жүрер деп сақтанып, шыдамсыздана бастады да, жол бастаушыдан өздері аялдайтын жер әлі алыс па деп сұрады.


— Жарты сағаттан соң аялдайтын орынды өзіңізге көрсетіп беремін, — деп жауап қатты бастаушы.


— Сөйтіп бізді басқа бір жол бастаушыға тапсырасыз ба?


— Нақ солай етемін, атқыш мырза, — деп салды анау. — Мен өмір-бақи алысқа ұзап шыққан емеспін, жазалайтын адамымның көзін табан астында жойып жіберетінім тәрізді, өзімнің сапарым да қысқа. Сіз және басқаларыңыз, атқыш мырза, пілте мылтықты іске қосатын тұстарыңызда, өз басым кәдуілгі арқанмен шектелемін.


Ай жүз жасырғалы да көп уақыт өткен-ді, шығыс жақтан қызыл арай біліне бастады. Жол енді соның бойымен көсілген шағын көл айдыны үстінде алғашқы арай нұры ойнап шыға келді. Бұл көл, енді барған сайын көзге анығырақ шалына берген, әр тұста бір қараңдаған жалғыз түп ағаш пен шоғыр-шоғыр тоғайлар өскен мидай жазық дала төсіне орналасқан. Квентин қасындағы үзеңгілесіне көз қиығын салып еді, басындағы испан шаруаларының сомбреросына ұқсас жалпақ жиекті қалпағын көзіне шейін бастыра киген бұл кісінің ұсқынынан қабағы түксиген серігі Труазешельмен қосылып алып, осы таяуда ғана қанды шеңгелдерімен тамағынан бүріп, буындырмақ болып жанталасқан сонау әлгі жылпос Птит-Андрені жазбай тани кетті... Шошынуға (Шотландияда жендет біткенге ырымшылдықпен астасқан сұмдық үреймен қарайтын әдет бар, ал Квентиннің жуырда өз басынан кешкен оқиғасы оның бұл сезімін күшейте түспесе әлсіретуі мүмкін емес-ті) еріксіз түрде ұласып кете барған жиіркенішті сезім бойын билеген Дорвард өзінен-өзі оң жақ қанатқа бұрылып атын тебініп-тебініп қалғаны соншалықты, қас қағым сәтте-ақ жексұрын серігінен бірнеше қадам жерге жырақтап шыға берді.


— Ого-го! — деп дауыстап жіберді Птит-Андре. — Тәңірі Гревская анамыздың атын айтып тұрып ант етемін, біздің жас өспірім жауынгеріміз өзінің ескі танысын ұмытпапты-ау!.. Сіз маған ашулана қоймассыз деп сенемін, достым. Амалым бар ма, әркімнің тамақ асырайтын өз кәсібі бар. Менің қолымнан өткен адамдардың ішінде әлі күнге шейін ұялып-қымсынуына тура келген бірде-біреуі кездескен емес, өйткені кеудесінде шыбын жаны бар адамды өлі ағашқа асуды басқа ешкімнен де кем орындаған кезім болған жоқ. Бұған қоса тәңірім мені ақ жарқын мінезді етіп жаратыпты. Ха-ха-ха! Мен не істемеді дейсің, айта берсең, өзім ол дүниеге аттандырмақшы болып тұрған бейбақтарға баспалдақтың үстінде-ақ не түрлі әзіл-оспақты шұбыртқанымда ол шіркіндер күлкіден ішегі түйіліп өліп кетуге шақ қалған, осыны көргенде өз өнерімді масқара етпеу үшін тездетіп тұзаққа жармасқан да кездерім болды.


Осы сөздерді айта жүріп, тағы да шотландықтың қасына жақын таяна бермек болып, атын тебіне түсті.


— Жә, жә, атқыш мырза! — деп, ол өзінің мылжыңына қайта басты. — Жүз шайысып қайтеміз! Қош, әңгіме маған тірелетін болса, шынтуайтын айтайын, қабақ шыту дегенді ешқашан да білген емеспін, сөйтіп кәсібімді кек сақтамай, ақ жүрегіммен атқарамын, сондай-ақ, мархабатты капелланымыз мына күзетшілеріміздің қамқоршы-әулие тәңірін қастерлеп айтатынындай, мойнына Дарға асылатын әулие орденінің иегері ететін ілмекті кигізетін кезде, ол адамға да ешқашан іш тартып көрген пенде емеспін.


— Аулақ, жексұрын! — деп ақырып жіберді Квентин, заңды жүзеге асырушы қасына жақындағысы келіп қипақтай бергенін сезіп. — Аулақ, әйтпесе ізгі адамның маңайынан да жүрмей, сен секілді жауыз қай жерде жортуға тиісті екенін көзіңді шұқып тұрып үйрете аламын.


— Өзің ашуланшақ екенсің ғой! — деп міңгірледі жендет. — «Адал адамның» десеңіз де бірсәрі еді-ау, онда бұл сөзіңізде шындықтың ұшқыны болса да табылып қалар ма еді, ал ізгі адамдармен мына шарапатты өзіңізбен жуырда жүздескенімдей, күн сайын бетпе-бет істес болуыма тура келеді... Жә, бопты, құдай ақы, егер қалауыңыз солай болса, жалғыз өзіңіз-ақ жүре беріңіз. Өз арамыздағы кикілжіңнен арылу мақсатымен сізбен бір шөлмек шарапты сіміріп салайын деп ойлап едім, бірақ достық пейілімді аяққа басып тұрсыз... Мейліңіз, қалауыңыз солай болса, тулай беріңіз... Қасапшы Жак өзінің қозыларын секектеген сорлылар деп мүсіркейтініндей, мен өз дос-жарандарыммен — былайша айтқанда, маңдайына дарға асылу жазылып қойылған жандармен, — оның ішінде өзіңіз де барсыз, — ешқашан да жүз шайыспаймын. Атамаңыз, атай көрмеңіз, өзімді қалай тілдесе де мейлі, оларға қызмет етуге мен әрқашан да дайынмын. Менің қолыма тағы да түсуіңізге тура келгенде, Птит-Андре кек сақтамайтын кісі екеніне көзіңіз жете жатар әлі.


Осынау сөздерді тоғытып болысымен Дорвардқа қарап көзін қулана бір қысып қойып, болдырып тұрған атын шу-шулегендей таңдайын тақ еткізіп өз жайына кете барды. Шотландыққа тән тәкаппарлық қанына сіңген жас өспірімнің жанын осынау кекесінге толы нөпір сөздерімен қасақана жаралап, Птит-Андре жолдың арғы бетіне қарай ойқастай берді. Осынау сұмпайының мойнын үзіп жібергісі келіп, Квентиннің тұла бойын ашу-ыза кернеп тұрды, бірақ бұл алаяқпен шекісудің ешқашан да және ешкімге де абырой әпермейтінін, ал дәл қазіргі жағдайында бұлай ету өз міндетін тікелей бұзғандық болып табылатынын, сөйтіп бұның арты қатты опық жегізетінін бағдарлай келіп, ол өзін ашуға жеңгізбеді. Сонымен, ол Птит-Андре мырзаның қисынсыз әрі арсыз кекесіндерін үн-түнсіз жайына қалдыра берді, сондықтан бұл кекесіндер, өзінің қорғауылы жөнінде оған жақсы әсер етуі екіталай болуы себепті, ғажайып сұлу графиняның құлағына шалынбауын бір құдайдың өзінен тілеп жалбарынумен ғана болды. Көп ұзамай оның ойын ханымдардың айғай салған даусы бөліп жіберді.


— Кейін қараңыз! Ананы қараңыз! Құдай ақы, сақтаныңыз, һәм бізді сақтап қалыңыз. Соңымыздан қуғыншы келе жатыр.


Квентин ат басын дереу кері қарай бұра берді, сөйтіп, расында да, қару асынған екі салт атты өздерін өкшелей қуып келе жатқанын көрді және де желдей ағызып келеді, көп ұзамай өздерін қуып жететініне күмәні қалмады.


— Орман қорығын шолып қайтуға шыққан күзетшілер болар бұлар. Көзіңді салшы, — деді ол жендетке қарап, — бұлар неғылған адамдар, өздерін танымайсың ба?


Птит-Андре оның сөзіне құлақ қойды; салт аттыларға жіті көз тіге қарап тұрып, ердің үстінде сайқымазақтана керіле жауап қатты:


— Бұлар сіздің де, сондай-ақ менің де жолдастарымыз болмай шықты, қымбатты мырза, атқыштар да емес, сондай-ақ прево күзетшілері де емес. Мен жаңылып тұрмасам, олар бетіндегі тор қалқандары түсіріліп қойылған және тамақ баулары байланған дулыға киіп алған тәрізді... Пері соққыр неме, осы бір тамақ бауларды ойлап шығарған кім болды екен өзі! Тамақ бауды ағытарыңда ит әуреге түсесің де жатасың!


— Ару ханымдар, сіздер ілгері қарай озып кете беріңіздер, — деді Квентин, жендеттің сөзін елеместен. — Қашып бара жатқан біреулер деп ойлап қалмас үшін тым зыта жөнелмеңіздер, бірақ мына адамдарды мен осы арада бөгеп тұрған кезімде, уақытты босқа оздырмауға тырысып бағыңыздар.


Графиня Изабелла көз қиығымен жол бастаушыны шола қарап өтті, сонан соң апайының құлағына әлде бірдеңелерді сыбырлай қойды, ал ол Дорвардқа былай деді:


— Атқыш мырза, біз сізге ғана кіршіксіз сене аламыз, сондықтан сықпыты сезікті адамның бастауымен ілгері озып кеткенше, онан да басымызға қандай қауіп төнсе де, өзіңіздің қасыңызда болғанымыз мақұл.


— Қалауыңыз білсін, графиня, — деп жауап қатты Дорвард. — Оның үстіне қуғыншылар екі-ақ адам екен, қарулары айтып тұрғанындай мейлі өздері рыцар-ақ бола берсін, алда-жалда бір арам оймен келе жатса, онда өзі қорғауға міндетті жандардың көз алдарында өз парызына шотландық азаматтың қалай адал екеніне көздері жетеді олардың әлі... Сендердің орталарыңда, — деп сөзін жалғай түсті ол, өз солдаттарына қарап, — маған серік бола алатын, сөйтіп, мына екі батырдың біреуімен найзаласудан тайынбайтын адам бар ма?


Солдаттардың екеуі, сірә, жүрексініп тұрғандай көрінді, бірақ үшінші солдат, Бертран Гюйо: «Маған десе өздері Артур корольдің Дөңгелек Столындағы рыцарлар-ақ бола берсін, мейлі, гасконның ар-намысы жолында олармен айқасуға өз басым дайынмын», — деп ант етті.


Құрамында Квентин және оған ілескен гаскондық батыр енген салт аттылардың арьергардың әлден уақытта әлгі екі салт атты (олар шынтуайтында да рыцарлар болып шықты) қуып та жетті. Екі рыцарь өздерінің кім екенін айыруға болатындай ешқандай да ұрандармен таңбаланбаған, жалт-жұлт еткен тамаша құрыштан құйып жасалған қаруларын түгел асынып алыпты.


Жақын таяп келген біреуі Квентинге қарап айқайға басты:


— Жол беріңіз, жол беріңіз, атқыш мырза! Біз сізге жүктелінген, өзіңіздің атақ-дәрежеңіз бен қызмет бабыңызға сай емес міндетіңізден босатпақ болып келіп тұрмыз. Мына ханымдарды біздің қарауымызға тапсырыңыз. Оларды өзіңізден кем қорғамайтынымызға сізді сендіре аламын, мұның бер жағында сіздің қорғауыңыздың астында олар тұтқын дерліктей хал кешуде.


— Сіздің талабыңызға, рыцарь мырза, — деп салды Квентин, — қайтарар жауабым мынадай: Біріншіден, мен өз патшамның әмірін орындаушымын, екіншіден, бұл міндетті орындауға атақ-дәрежем қалай олқы соқпасын, ханымдардың өздері тікелей менің қамқорлығымда болуға тілек білдіріп отыр.


— Тайып тұрғын, сүмелек, — деп зіркіл қақты әлгі салт атты. — Баспанасыз қаңғыбас, рыцарьлық атаққа ие болған екі жауынгерге қарсылық көрсетпек ойың бар ма өзіңнің?


— Ойымның дәл үстінен шықтыңыз, рыцарь мырза, — деп жауап қатты Дорвард, — сіздердің жосықсыз, заңсыз шабуылдарыңызға, шынында да, қарсы тұрмақпын. Ал егер сіз бен менің атақ-дәрежемізде белгілі бір айырма бары рас болса да, бұл жағына өзімнің көзім әлі жете қоймай тұр, соның өзінде де сіздің дөрекілігіңіз ол айырмашылықты жойып та жіберді. Қылышыңызды қынабынан суырыңыз немесе егер найзаласпақ ойыңыз болса, ұрысатын орынды босатыңыз!


Рыцарлар ат басын кері бұрып, қажетті ұрыс алаңына қарай, яғни жүз елу ярдтай жерге кейін шегініп үлгергенше, Квентин садақ асынған жағына еңкейе берді де, менің тілеуімді тілеп қарап тұрыңдар дегендей ишаратпен ханымдарға көз тастады. Олар оған қарап, орамалдарын бұлғай берді. Бұл шақта Квентиннің қарсыластары шартты жерлеріне барып тұрысып та үлгерген-ді.


Гаскондық серігіне тайсалмағын деп арқаландыра жар салып, Дорвард атын тебініп қалды, сөйтіп бір сәтте жұлдыздай аққан төрт салт атты ортадағы көкорай шалғын үстінде айқасып кете барды. Айқас кезінде бишара гаскондық мерт болды: тор қалқансыз, ашық бетін нысанаға алған қарсыласы найзасын дәл көзіне қадалтты: найза миын тесіп өткенде бишара ат үстінен ауып, жерге сылқ ете қалды.


Мұның есесіне, өзіне де қатер төнген Квентин жедел қимыл көрсетіп, жалт бергенінде қарсыласының найзасы иығынан асып бетінің ұшын сәл ғана жанап өте шықты, ал Квентин кеудесіне шаншылта қадаған сүңгісінен қарсыласы ат үстінен ұшып түсті. Квентин лезде атынан лып етіп түсе қалды да, басындағы дулығасын шешіп алмақ оймен жер құшқан қарсыласының қасына тарта берген-ді, бірақ осы бір сәтте екінші рыцарь (бұған дейін үн қатпаған рыцарь) Квентиннің алдын кескестей өзінің сұлқ жатқан серігіне ара түсіп, ышқына тіл қатты:


— Құдайдың және әулие Мартиннің жолын айтып, өзіңнен өтінемін, достым, атыңа мін де, ханымдарыңды ертіп ілгері заулай бер! Оларың онсыз да қаншама пәлеге ұрындырмады десеңші!


— Сіз рұқсат етсеңіз, рыцарь мырза, — деді Дорвард өзіне сес көрсеткен райда айтылған талапқа ызаланып, — серігімді мерт еткені үшін менің алдымда кім жауапты болатынына көзімді жеткізу мақсатымен әуелі кіммен істес болып тұрғанымды біліп алуым керек.


— Сен оны ешқашан да біле алмайсың! — деді рыцарь. — Тақаспай, өз жөніңмен тайып тұр, қадірменді достым! Бұл іске килігеміз деп біз ақымақтық жасап алдық, бірақ біз үшін осы тартқан сазайымыз да аз емес, өйткені өз өміріңді, қасыңа ілескен барлық серіктеріңнің өмірін құрбан етсең де, өз қолыңмен істеген ісіңнің орнын толтыра алмайсың.... Дәмесін қарай гөр өзінің! — деп ақырып жіберді ол, Дорвардтың өз қылышын қынабынан суырып алғанын көріп. — Сенің сыбағаң, міне, осы!


Соны айтып, рыцардың семсерімен шотландықты дулығасынан осып өткені соншалықты, Квентиннің дәл мұндай соққыны (ол өзі семсермен тартып жіберу сирек кездеспейтін елде туып өсе тұрғанына қарамастан) тек романдардан ғана оқығаны есіне түсе берді. Қарсыласының семсері басына жай түскендей қатты тиді, қорғанбақ болып қолына ұстаған қаруын да қағып жіберді, ал дулығасы қақырап ортасынан қарс айырылды. Бірақ құдай сақтап, зәредей зақым келтірмей, семсердің жүзі шашын жанап қана өтті. Есінен танып қалған Дорвард бір тізерлеп отыра кетті, сөйтіп бір минуттай қарсыласы оны қалай жазалаймын десе де бұл оның өз ықтиярындағы мәселе болды. Бірақ әлде жастығына жанашырлық білдіргеннен бе, әлде оның ер жүректілігіне тәнті болғанынан ба, әлде мүсәпір ахуал кешкен қарсыласына қол көтергісі келмеген қайырымдылығынан ба, әйтеуір, рыцарь өзінің басым түскен жағдайын пайдаланып қалуға ұмтыла қоймады және де қаруын қайталап қолданбады. Сөйткенше болған жоқ, есін жинаған Дорвард, жалма-жан ұшып түрегелді де яки жеңіп тынуға, яки өліп тынуға тәуекел еткен адамға тән асқан өжеттікпен, осындай қатерлі ұрыс үстінде қажет болатын барынша салқынқандылықпен қарсыласына қарсы шүйліге берді. Әлгінде ғана басынан кешкен соққыға қайтып тап болмауды көздеп, өзінің біршама жеңіл қаруын жұмсай, тұла бойына біткен бүкіл ептілік өнерін толық іске қосты. Қарсыласына көз ілеспес шапшаңдықпен, әрі ойламаған тұстан соққыны үсті-үстіне жаудыра жөнелгені соншалықты, зіл батпан сауыт киген рыцарға бұл соққыларды бойына дарытпау оңайға түскен жоқ. Ақ көңіл қарсыласы «енді қылыштаса қоярлықтай біздің арамызда сылтау қалған жоқ» деп, әрі өзінің оны жазым еткісі келмейтінін айтып айғайлағанын да Квентин елер емес. Квентин сөз тыңдайтындай болған жоқ, сөйтіп біресе семсерінің қырымен, біресе семсерінің ұшымен қауіп төндіре әрі қарсыласының әр қимылын жіті қадағалап, өйткені оның күші басым екеніне көзі жеткендіктен өзін тағы да қаусатып тастайтын соққының астына алуға ұмтылған сәттерде кейін қарай шегініп немесе жалтарып кетіп, соққыны дарытпауға тырысып бақты.


— Қап, мына есуасты сайтанның өзі құтыртып тұрған сияқты! — деді рыцарь міңгірлеп. — Жұлыны үзілмей, өз бетімен сабасына түсер сыңайы жоқ екен!


Осылай деді де, ол өзінің ұрыс тәсілін өзгертті, сөйтіп, біржолата қорғанысқа көшіп, Квентиннің үсті-үстіне төндірген соққыларын дарытпай қойды әрі соққыға қарсы соққы жұмсаудан гөрі, дәлдеп тұрып бір пергеннен-ақ қатыра салуға ыңғайланып, жас өспірім жауынгердің қары талатын немесе оқыс қимыл жасайтын сәтін аңдумен болды. Осы бір тәсіл толық сәтімен аяқталып та қалар ма еді, кім білсін, бірақ тағдыр бұны оған жазбады.


Көз ұшынан бір топ салт атты шыға келіп, аттанға басқан сәтте жекпе-жек айқас барынша шиеленісе түскен еді: «Корольдің атынан әмір етеміз, доғарыңдар ұрысты!» Сол-ақ екен, қарсылаушы екі жақ та қайтып бір-біріне қол көтермеді, Квентин отрядты өзінің тікелей бастығы Кроуфорд бастап келе жатқанын көріп тұрды. Оның қасында, сондай-ақ өз қарауындағы екі-үш солдатын ерткен Тристан Дәруіш те келе жатты. Салт аттылардың ұзын саны жиырмаға жуық болып шықты.


XV ТАРАУ


ЖОЛ БАСТАУШЫ



Ол — ер жүрек египеттің ұлы еді,
Кілең сиқыр сүлейлердің түлегі —
Қас жауына қаны қатып қарысқан,
Өмір бойы израилдықтармен алысқан,
Тайғақ кешу, тар жерлерде бұқпаған;
Мықтылардың қоқайынан ықпаған,
Кек алуға келді бір күн алыстан
Қара табан құлдар менен данышпан.
Зарлайды-ай кеп жоқтап, сосын жалғызын.


Белгісіз автор.



Лорд Кроуфорд пен оның қарауындағы күзетшілердің келуімен өткен тарауда өзіміз суреттеген жекпе-жекке табанда тыйым салынды. Рыцарь басындағы дулығасын дереу шешіп тастап қолындағы семсерін қария лордқа тапсырып тұрып:


— Кроуфорд, мен өз еркіммен берілемін... Бірақ өзіңізге айтпақ сөзіме құлақ аса көріңіз... Еңкейіңізші, құлағыңызға ғана сыбырлап айтайын; құдай ақы, Орлеан герцогын құтқара көріңіз! — деді.


— Не дейді? Онысы несі? Мынау сұлап жатқан шынымен-ақ герцог па? — деді шотландық қария күйіне сөйлеп. — Япыр-ау, қара басқыр бұл араға қайдан келіп жүр өзі? Мұнысымен корольдің кәріне ұшырайды ол!


— Қызбаланбай-ақ қойыңыз, — деді Дюнуа (өйткені бұл тұрған соның дәл өзі еді), — болған оқиғаға бастан-аяқ кінәлі менмін. Бері қараңыз... ол есін жия бастаған тәрізді... Мен графиняны алып қашып, өзіме жар етпек, сөйтіп дәулетке жетпек болып дәмеленген едім, ал оның аяғы немен тынғанын көріп тұрсыз, мінеки. Герцогты танып қалмас үшін нөкерлеріңізге аулақ барып тұрыңдар деп әмір ете көріңіз.


Соны айтып Дюнуа герцогтың бетін жауып тұрған тор қалқанды түріп қойды да, жақын маңдағы көлден әкелген суды бетіне бүрке бастады.


Ал Квентин Дорвард болса қатты аңырумен болды: оның өміріндегі оқиғалар бірінен соң бірі көз ілеспес шапшаңдықпен өтіп жатқан еді. Өзі сұлатып салған қарсыласының аппақ шүберектей қуарған кескінінен ол король тұқымы ішіндегі ең бірінші шаһзаданы тани кетті; ал екінші қарсыласы есімі әйгілі рыцарь, атақты Дюнуаның өзі болып шықты. Дәл бұлардай қарсыластарымен жекпе-жекке шығуы оны тек абырой-атаққа бөлеуі ғана мүмкін еді; ал, бірақ өзінің бұл ерлігін король қалай бағалар екен — бұл басқа мәселе.


Осы екі арада герцог есін жиып, басын көтеріп отырды да, Кроуфорд пен Дюнуа екеуінің сөзін зейін қоя тыңдаумен болды. Дюнуа Кроуфордқа бар айыпты өз мойнына алатын болуы себепті, бұл оқиғаны баяндаған кезінде Орлеан герцогының атын ауызға алудың оған ешқандай қажет емес екенін қызбалана дәлелдеп жатты; герцог бұл оқиғаға менің көңілімді қимағандығынан ғана араласқан-ды, — деді.


Лорд Кроуфорд Дюнуаның әңгімесін қабағы түйіле тыңдаумен болды, сөйтіп оқта-текте ғана бір күрсініп әрі басын шайқай берді. Әлден уақытта ол басын жоғары көтеріп, былай деді:


— Дюнуа-ау, әкеңнің аруағы үшін, одан қала берсе тікелей өзің үшін саған жақсылық етуге өз басым әрқашан да дайын екенімді білесің ғой.


— Мен қара басымның қамын күйттеп тұрған жоқпын, — деп жауап қатты Дюнуа. — Семсерімді сізге табыс еттім, мен бейбақ қолыңызға түскен тұтқынмын... бұдан артық сізге не керек? Егер құдайдың өз әмірімен дофиннің көзі жұмылып, о дүниеге аттанып кете барса, Францияның бірден-бір үміті болған асыл текті шаһзаданың атынан өтініш жасап тұрмын ғой. Тікелей корольдің өзі маған жел берген іске қолғабыс етпек болып, көңілімді қимай келіп еді ол бұл араға.


— Дюнуа, — деді Кроуфорд қарсылық білдіріп, — егер қара басының мүддесі жолындағы мынадай қауіпті қадамға герцогты бастап әкелген сен деген сөзді басқа біреудің аузынан естісем, бұның өтірік деп көзіне айтып тастар едім. Ал, мінеки, шынтуайтын айтсам, қазір тіпті өзіңе де иланып тұрған жоқпын.


— Мейірімді Кроуфорд, — деді, осы бір мезетте өзінің басы мәңгіп, талып қалған жерінен есін жиған герцог, — сіздің Дюнуаға қатты ұқсап тұратындығыңыз соншалықты, ол жөнінде қателесуіңіз мүмкін емес. Өзінің қарсы болғанына да қарамастан ақылға қонбайтын құштарлыққа еліріп мына бір абыройсыз кәсіпке оны итермелеген мен едім. Мына маған қараңдаршы, жарандар, — деп сөзін жалғай түсті орнынан түрегелген ол күзетшілерге қарап. — Орлеандық Людовик деген мына мен боламын және өзімнің жаңсақ әрекетіме жауап беруге дайынмын. Король бүкіл ашу-ызасын өзімнен ғана алады деп және әділі осы болады деп сенемін! Бірақ король тұқымынан шыққан шаһзада өз қаруын тірі пендеге — ер жүрек Кроуфордым, тіпті сізге де — тапсыруға тиісті емес, сондықтан қош менің адал семсерім!


Осылай деп, ол семсерін қынабынан суырып алды да, көлге қарай лақтырып жіберді. Аспан көгінде, бейне найзағайдай жарқылдаған семсер суды қақ жарып көлге гүмп берді де, көзден ғайып болды. Жұрттың бәрі аңырып, сасқалақтап қалысты: қылмыскердің атақ-дәрежесі асқар таудай биік еді, оған деген құрмет-қошемет шексіз еді. Корольдің шаһзада жөніндегі ойынан хабардар болғандықтан, герцогтың ұшқарылыққа бой ұрған әрекеті қандай апатпен аяқталуы мүмкін екенін жұрттың бәрі іштей сезіп тұрды.


Сілтідей тынған үнсіздікті бірінші болып Дюнуа бұзды.


— Сонымен, — деді ол өз сезімі қатты қорланған адамша жазғыра сөйлеп, — ұлы мәртебелі мырза, сіз өзіңіздің ең қастерлі семсеріңізден де, корольдің шарапат-рақымынан да, сол сияқты Дюнуамен достықтан да бас тартуды жөн деп санадыңыз ба?


— Қымбатты бауырым-ау, — деді герцог оның ойын құптамайтынын білдіріп, — сені ажал аузынан алып қалу және өз ар-намысымды қорламау қамын ойласам, онымды өзіңмен достығымды қадір тұтпаумен пара-пар деу шындыққа жанаса қояр ма екен?


— Менің амандығымды ойлап, қамығуыңыздың қажеті қанша еді, асыл текті туысым? — деді Дюнуа тұла бойын ыза кернеп. — Мейлі мені дарға аса ма, буындырып өлтіре ме, әлде Луара дариясына тастай ма, пышақтап өлтіре ме, әлде доңғалаққа салып мылжалап өлтіре ме, темір торға қамай ма, тірідей көме ме, немесе өзіне адал берілген пендесінің көзін жою үшін король Людовик ойына келген басқа амалдарын қолдана берсін болған, бірақ құдайы ақы өзім осыған басымды байласам, мұнда сіздің не шаруаңыз бар?.. Тристан Дәруішті мегзеп, оған қарап ымдамай-ақ қойыңыз: ол сұмды сізсіз де өзім жазбай танып тұрмын. Бірақ дәл мен оған жем бола қоймаспын... Алайда менің жайымды ойлап және менің амандығымды ойлап бас қатырмайық. Ал өзіңіздің ар-намысыңыз үшін, әулие Магдалинаның атымен ант етейін, бүгінгі шаруаны қолға алмай-ақ қойғаныңыз немесе, ең болмаса, оны жария етпей-ақ қойғаныңыз әлдеқайда абзал болатын еді. Әйтпесе мәртебелі сізді қайдағы бір шотландық бала ат үстінен аударып тастаса, бұның өзі көп абырой әпере қояр ма екен!


— Бекер айтасың, бекер, дәл бұдан жоғары мәртебелі мырзаның абыройына келе қоярлықтай ешқандай да нұқсан жоқ, — деді лорд Кроуфорд. — Шотландықтар рыцарь біткеннен бұл жолы ғана басым түсіп отырған жоқ қой... Жас қыранның өзін батырларша ұстай білгеніне мен айрықша қуанып тұрмын.


— Бұл сөзіңізге ешқандай да қарсы дау айта алмаймын, — деп қалды Дюнуа, — бірақ егер бұл араға бес минуттай кешігіңкіреп келген болсаңыз — қол астыңыздағы гвардияңызда бір адамның орны үңірейіп бос қалар ма еді, кім білсін.


— Бұныңыз қалай, бұныңыз қалай, — дей берді лорд Кроуфорд, — мына ортасынан қақ айырылған дулығадан-ақ сіздің қолтаңбаңызды көріп тұрмын... Уа, біреу-міреулерің, мына батырға қалпақтарыңды қия көріңдерші: омырылып қалған дулығасынан гөрі оның басына сендердің құрыш астарлы қалпақтарыңның септігі көбірек тиіп қалар... Бірақ үстіңіздегі сауыттан да шотландықтың жазбай тиген соққыларының іздері көрініп тұрғанын айта кетуіме рұқсат еткейсіз, граф... Алайда, Дюнуа, өзіңізден, сондай-ақ Орлеан герцогынан да аттарыңызға мініп, соңымнан ілесулеріңізді өтінуге тиісті болып тұрмын, өйткені маған сіздерді бір жерге жеткізіп салу туралы әмір берілген-ді, ал өзіме салса сіздерді сол жерге ертіп апаруды мүлде қаламаған болар едім.


— Лорд Кроуфорд, менің мына ханымдарға бірер ауыз сөз қатуыма болар ма екен? — деп сұрады герцог.


— Сынық сөз қатуыңызға да рұқсат жоқ, — деп кесіп айтты лорд Кроуфорд. — Жоғары мәртебелі тақсыр, сізге деген өзімнің достық көңілім кіршіксіз, сондықтан ондай ұшқарылыққа бара алмаймын. — Сөйтті де, Квентинге қарап, сөзін сабақтай түсті: — Сен өз борышыңды жақсы атқарып шықтың, достым! Ал жолың болсын, өзіңе жүктелген тапсырманы енді ақырына дейін тындырғайсың.


— Сіз қарсы болмасаңыз, тақсыр, — деді Тристан өзінің әдеттегі дөрекілігіне басып. — Бұл жігіт өзіне басқа бір жол бастаушы тауып алсын. Өзіне жұмыс табылып тұрғанда Птит-Андрені босата алмаймын.


— Жас жігіт мына жолмен тікелей тарта берсін, — деді жендет, бері шығып, — сөйтіп бұл жол оны жол бастаушы тосып тұратын маңға алып барады. Ал мен енді мың теңге берсе де, өз бастығымның қасынан қалмаймын. Мен осы өмірімде талай-талай рыцарлар мен дворяндарыңызды, сан алуан старшиналар мен бургомистрлеріңізді өз қолымнан дарға асқан кісімін, тіпті графтарыңыз бен маркиздеріңіз дейсіз бе, оларды да қолымнан өткергенім бар, бірақ... гм, гм... — Сөйтті де, сөзінің аяғын жұтып қойып, бейне оған осы бір тізімге енді король тұқымынан шыққан шаһзаданы да қосқысы келіп, жұлқынып тұрған кісідей, ол герцогқа әлдеқалай көз тастап қойды. — Еһе, Птит-Андре, тарих-шежіреде біздің де есіміміз аталатын болды!


— Шаһзаданың көзінше сандырақтатпай, мына итіңіздің аузын неге жаптырмайсыз? — деді лорд Кроуфорд Тристанға алара қарап.


— Оған өзіңіз неге тыйым салмайсыз, милорд? — деді Тристан қабағын түйіп.


— Өйтпейтін себебім, осында бас қоса қалғандардың ішінде өз намысына дақ түсірмей, солай істеу — бұл тек сіздің қолыңыздан ғана келетін шаруа.


— Олай болса өз қарауыңыздағы адамдарыңызды жөнге салып алыңыз, ал өз адамдарым үшін жауапты өзім бере жатармын! — деді ұлы прево.


Лорд Кроуфорд ызбарлы жауап қатуға оқталып-ақ тұрды, бірақ ол, сірә, өйтпегенін мақұл көрген болу керек, сондықтан Тристанға арқасын беріп тұрды да, герцог пен Дюнуаға көз тастап, олардың өзімен қатарласа жүрулерін өтінді. Бұдан кейін ол қолын бұлғап ханымдармен қоштасты да, Квентинге қарап:


— Бір құдай өзіңе пана болсын, балам! Тым опа бермес іс болса да, сен өз қызметіңді ерлерше бастадың, — деді.


Салт аттылар аттана берді; олар ұзай бергенде, Дюнуаның лорд Кроуфордқа қарап:


— Сіз өзі бізді қайда бастап бара жатырсыз, милорд? Плессиге ме? — деп сыбырлай айтқанын Квентиннің құлағы шалып қалды.


— Жоқ, сор маңдай, аңғал достым, — деді қария ауыр күрсініп, — біз Лошқа бармақшымыз.


«Лошқа!» Осынау бір суық сөз (Плессимен салыстырғанда әлдеқайда жан түршігерліктей сұмдықтарымен әйгілі болған қамал, яғни, дәлірек айтсақ, абақты осылай аталушы еді) жас өспірім шотландықтың тұла бойын жаназа шығарарда соғылатын қоңыраудың азалы дыңылындай мұздата жөнелді. Людовик екеш Людовиктің өзі де шаңырағын қан сасытуға арланатын жантүршігерлік жазалар астыртын қолданылатын орын — осы Лош деп естіген-ді ол. Осы бір тажал қамал-сарайдың ішінен жер астынан тіпті абақты күзетшілерінің өздеріне де беймәлім, бірнеше қабат зындандар жасалған. Осы бір қабырларға тірідей көмілген адамдар өмірінің ақтық күніне шейін неше түрлі иіс-қоңысқа толы сасық ауамен тыныстап, нан мен суды ғана қорек еткен. Тұтқындар не тұра, не керіле алмайтын, торлар деп аталып кеткен азап камералары да осында-тұғын; бұл торларды кардинал де Балю ойлап тапқан деседі. Жан түршігетін осы бір сұмдық жердің атын естуінен, сондай-ақ аса айбынды екі рыцардың өліміне езінің де аз-кем қатысы болайын деп тұрғанын іштей сезінуінен жүрегін терең мұң басқан жас өспірім шотландық бірқыдыру уақытқа шейін басын көтермей, жерге қарап, терең ойға шомып бара жатты.


Әлгінде жөн сілтеген жолмен ілгері қарай бет түзеп, отрядтың басшысы ретінде суырылып алға шыққан сәтін қалт жібермеген графиня Амелина оған:


— Атқыш мырза, бізді қорғап жеңіске ие болғаныңызға өзіңіз өкініп келе жатқан жоқсыз ба осы? — деп тіл қатты.


Бұл сауалдың астарынан әлдеқалай мұқатқан сарын аңғарылып-ақ тұрды, бірақ өзіне қойылған сауалға қарапайым да шын ықыласты жауап қатуға Квентиннің әдептілігі артығымен жетіп жатты.


— Сіздерге қандай да болсын көрсеткен қызметіме өкіне алман, графиня. Бірақ әңгіме өздеріңіздің қауіпсіздігіңізге келіп тіреліп жатпаса, осы бір даңқты рыцарь мен оның басынан бағы тайған туысы Орлеан герцогының тажал қамал тұтқыны болуларына қырсығым тигенше, Дюнуа сынды даңқты жауынгердің қолынан қаза тапқанымды артық көрген болар едім.


— Пәлі, әлгіміз Орлеан герцогы болып шықты ма?.. Көрдің бе, әнеки, бұл соның өзі болып шықты, — деді графиня Амелина, немере сіңлісіне қарап. — Бәсе, алыстан анық көзім жете қоймаса да, сол ғой деп ойлап едім ішімнен. Егер зұлым да сараң, қақбас король өзінің сарайында біздің жарқырай көрініп жүруімізге рұқсат еткен болса, осының бәрінен не шығарына енді көзің жетті ме сенің, сәулешім. Король тұқымынан шыққан бірінші мұрагер шаһзада мен айбынды Дюнуа, бұл соңғының есімі өзінің қаһарман әкесінің есіміндей даңққа бөленген!.. Әділін айтуымыз керек, біздің шотландық жас жігітіміз өз борышын мүлтіксіз орындады, бірақ шыным осы, оның ерлікпен қаза таппағанына мен өкініңкіреп те тұрмын: өйткені орынсыз қаһармандық көрсетем деп, бізге қол ұшын беретін даңқты екі қорғаушымыздың түбіне жетті ол!


Изабелла, Квентин осы уақытқа шейін өзі байқай қоймағандай ызғармен жаратпай, үзілді-кесілді жауап қатты.


— Мадам, — деді ол, — егер әзілдеп отырғаныңызды білмеген болсам, онда біз өз ойыңыздағыдан да әлденеше мәрте асып түсетіндей, бәлкім, өтей алмастай мөлшерде қарыздар болып табылатын қорғаушымызға көрінеу көзге қиянат жасап отырсыз деп сізді айыптаған болар едім. Егер бізге қарсы жасалған шабуыл сәтті аяқталып, күзетіміз тас-талқан етілсе, онда король гвардиясы осында келіп жеткенде әлгі шабуыл жасаушылардың басына түскен тағдыр бізді қармағына қоса іліктіретіні айдай айқын емес пе? Өз тарапымнан қаза тапқан батырды, біздің қорғаушымызды жоқтап, көз жасымды көлдей төгіп әрі оның аруағы риза болу үшін түс әлетінде оған міндетті түрде дұға оқытамын. Сондай-ақ, — деді ол сөзін сабақтап, ұялғанынан екі бетінің ұшына шейін дуылдап, — ажал тырнағына ілініп кете бармай, аман қалған адам өзімнің шын ықыласты алғысымды қабыл алады деп үміт етемін.


Квентин де нақ сондай ілтипатпен жауап қатпақ болып, графиняға қарай бұрылған кезде, графиня жігіттің бетіндегі қанды көріп, шошына айғайлап жіберді:


— Құдайым-ау, жараланып қалыпсыз ғой! Бетіңізді қан жауып кетіпті! Атыңыздан түсіңіз, мырза, жараңызды таңып берейік!


Бетімді жай ғана тырнап кеткен ғой деп Дорвардтың ханымдарды иландырмақ болған әрекетінен дәнеңе де шыққан жоқ; атынан түсуге, томар үстіне жайласа отырып, басынан дулығасын шешуге мәжбүр болды, бұдан соң сол кездегі қалыптасқан салт бойынша адамды емдеу өнерін меңгерген деген атақтары бар де Круа ханымдар Квентиннің бетіндегі қанды тоқтатып, жарасын жуып, тағы да сол кездегі ғылым талап еткеніндей жел қақпас үшін Изабелланың орамалымен таңып тастады.


Біздің заманымызда жас жігіттер сұлу қыздың намысын жыртып оқта-текте бір болмаса, — ал әділін айтсақ, тіпті ешқашан да — жараланбайтын болды ғой, дәл солай жара таңу да сұлу қыздардың ісі болудан қалып барады. Несі бар, жігіттер де, қыздар да қатерден аулақ болады! Мен жігіттердің басына төнуі мүмкін қатер жайында сөз еткенімде, мұны әркім-ақ іштей сезе қояды емес пе, бірақ, айталық, Дорвардтың жарасындай жеңіл жараның өзін таңып беру де, бәлкім, қауіптілігі жағынан жарақат алғаннан кем соқпас.


Жас шотландықтың келбеті келісті жігіт екенін біз ілгеріде айтып өткен болатынбыз; ал, мінеки, басындағы дулығасын шешіп қойып, сарғыш түсті қою бұйра шашы төтенше бір тебіреніс сезімінен алаулап, нарттай жанған жүзіне әсем жарасқан қазіргі шағында ол әдеттегісінен де келбетті көрініп тұрды. Апайы заттары арасынан қажетті дәрі-дәрмекті іздеп жанталасып жатқанында Изабелла Квентиннің жарасының аузын орамалмен басып ұстап тұрып, өзінен өзі ұялып, тебіренген күй кешті; жаралы жігітке жаны ашыған сайын, әрі оның апалы-сіңлілі екеуі жолында жан пида етуге барған ерлігі үшін өзі білдірген жүрек алғысынан Квентин мұның көзіне тіпті ерекше келбетті болып көрінді. Қысқасы, өздерінің білімі мен дәулеті тұрғысынан бір-біріне мүлде ұқсастықтары жоқ, бірақ сонымен қатар бір-біріне етене жақын, өйткені екеуі де уыздай жап-жас, әрі келбетті, екеуі де сезімтал да албырт жандар болуы себепті, екі адам арасындағы, сірә, бірқатар кездейсоқ жағдайлармен байланысты орнаған тылсым байланысты нығайтуды көздеп, тағдырдың өзі оқиғаның бүкіл барысын әдейі осы арнаға бағыттаумен болды. Мұнсыз да Квентиннің аңсары ауған Изабелланың бейнесі осы бір минуттан бастап оның жүрегін біржолата баурап алды, ал ару қыз, мейлі сезіміне әлі ырық бере қоймаса да, — қалай десек те, ол өзі мұны мойындай қойған жоқ-ты, — жас қорғаушысының енді ойынан шықпай қоюы таңқаларлық оқиға болмай қалды; ол табаны күректей екі жыл бойы өз ықыласына ие болуға жанталасқан әрекеттерінен түк те шықпаған, өзіне ғашық талай-талай атақты адамдардың бірде-біреуіне осы уақытқа шейін білдіріп көрмеген көңіл әуенімен Квентиннің алдында бәйек болып, оған асқан сезіммен, айрықша тебірене қызмет етті. Герцог Карлдың сұмпайы сүйіктісі Кампо-Бассо, оның зұлымдығы мен жауыздығы, екі жүзді түр-тұрпаты, қисық мойны мен тесірейе қарайтын қыли көздері есіне түсіп кеткен қазіргі бір сәтте, бұрынғысынан да бетер жексұрын болып көрініп тұрды, сөйтіп осынау жексұрынға күйеуге шығуға ешқандай да күш өзін көндіре алмақ емес деген берік байлам жасады.


Айтса да мейірбан жанды Амелина ханым, өзі ер адамдардың келбеттілігін қадірлей білуінен бе және қазірде де ер адамның келбетін осыдан он бес жыл бұрынғы кезінен кем ардақ тұтпайтындығынан ба (өйткені, ізгі де Круалар шаңырағындағы семьялар хроникасына сенсек қазір кексе жастағы осынау ханым сол кезде кем дегенде отыз бестегі әйел болған) әлде әуелгі бетте жас жауынгердің көрсеткен қызметін лайықты дәрежеде бағалай алмағаным үшін оның алдында кінәлімін деп санағанынан ба, әйтеуір, Амелина Квентинге көрінеу көзге іш тарта бастады.


— Немере сіңлім сізге жараңызды таңатын орамал берді, — деді ол, — ал мен сіздің ерлігіңізді бағалап, әрі бұдан былай да рыцарьлық ерліктер жасай беруіңізге тілегімді білдіріп, өзіңізге тағы да бір орамал сыйлаймын.


Осылай деді де, графиня күміспен әшекейленген көгілдір түсті орамалды оның қолына ұстата берді, сөйтті де, өзі мінген атының тоқымы мен басындағы қалпағына қадаған құс қанаттарын нұсқап, күмістей жылтыраған көгілдір түс — өзінің қатты ұнататын түсі екенін ескертіп өтті.


Сол бір заманда мұндай сый-сияпатты қабылдап алудың қатаң қадағаланатын рәсімі болушы еді. Осы рәсім бойынша Квентин орамалды жеңіне байлап алды, бірақ басқа бір мезгілде, әрі басқа бір жағдайларда, өзін басқаша ұстауы ғажап болмаса да, бұл жолы ол пәлендей дерлік елгезектік пен бейілділік байқата қойған жоқ; сондықтан да әйел адамның сыйлығын жеңіне байлап жүру дәстүрі әдеттегі сыпайылықтың белгісін ғана таныта тұрғанымен, жігітіміз графиня Амелинаның орамалын бетіне Дюнуаның семсерінен түскен жараны таңып қойған орамалмен шын ықыласымен алмастыруға көңілі ауып тұрды.


Салт аттылар легі аттанып кете барды; бірақ бұл жолы Квентин өз орталарына қосылуына іштей келісімдерін берген ханымдармен қатарласа жүріп отырды. Айта кетейік, ол көбінесе үн қатқан жоқ, өйткені оның жүрегін бақыт кернеп бара жатты, ал бақыт дегеніңіз әмісе ың-шыңсыз үнсіздікті ұнатады. Графиня Изабелла сөзге тіпті Квентиннен де бетер аз араласты, сондықтан әңгімені қыздыру міндетін, оны тастау ойында да жоқ Амелина ханым бастан-аяқ өз мойнына алды. Жас жауынгерді, графиняның сөзімен айтсақ, рыцарьлық өнердің бүкіл ережесіне баулу мақсатымен, сайыс жеңімпаздарына арналған жүлделерді тікелей өз қолынан тапсырған Хафлингем сайысын оған егжей-тегжейіне шейін баяндап беруге ұйғарды.


Құрметті ханым таңғажайып сайыс жайын, сондай-ақ фламанд пен герман рыцарьларының тулары мен гербтерінің айырмашылықтарына шейін тәптіштеп, тыңдаушысын мезі еткен сөзіне өзі ділгір бола қоймаған Квентин, — қалай өкінсек те, мұны мойындамасқа да шара жоқ, — әңгіме қызығына берілемін деп жол бастаушы тосып алуға тиісті болған межелі орыннан байқамай өтіп кетпедім бе екен, өйтсем сорлайтын болдым-ау, ал оның аяғы жақсылыққа апармауы мүмкін деп, мазасызданып тықырши берді.


Өздерін тосқан ешкім жоқ екеніне көзін жеткізбек болып, отрядымнан біреуді кейін қарай аттандырсам ба, деп ойланып-толғанып тұрғанында құлағы керней үнін шалып қалды, сөйтіп, үн шыққан тұсқа бұрыла қарап еді, осылай қарай бір салт атты ағызып келе жатыр екен. Атының аласалығын, түгінің қоюлығын және дала тағысындай асаулығын Квентин өз отанының таулы өңіріндегі жылқы тұқымына ұқсатып тұрды, жаратылысында шотланд жылқысындай басы қатты бола тұрса да, мына бір жылқының тұрпаты сымбаттылау, оның үстіне ұшқырлау көрінді. Бірақ шотланд жылқысымен салыстырғанда, бұл жылқының бас бітімі әлдеқайда өзгеше болып шықты: әдетте құлан тұқымдас аласа келген шотланд жылқысының бас сүйегі ірі, әрі шомбал болып бітсе, ал мына сәйгүліктің басы мүсіндей әсемдігімен ерекшеленеді, тұмсығы да сүйріктей әдемі, ботаның көзіндей үлкен көздері от шашып тұр, қос танауы желп-желп етеді.


Әдетте француз жылқысына мүлде ұқсай қоймайтын атының өзгешелігінен гөрі иесінің өзінің кескін-кейпі тіпті бөлек тартып, еріксіз таңдандыратын. Ол атын қуыршақша ойнатып келеді, күрек пішіндес жалпақ үзеңгісін тым жоғарырақ тартып тастағандықтан, тізесі ердің алдыңғы қасымен бір деңгейде болатын. Түсі оңып кеткен қауырсынды төбесіне күміс түйреуішпен түйреп қойған қызғылт түсті сәлдесі өзіне әсем жарасып тұр; страдиоттардың (сол бір заманда венециялықтардың өздері мекендеген шығанағының күн шығыс жақ бөлігінде орналасқан шеткері аймақтарда жасақтаған әскер түрі) киім үлгісіне ұқсас камзолы жасыл түсті және көнетоз алтын оқамен зерленген; бір кезде ақ матадан тіккен, ал қазір сауыс-сауыс шалбарының кең балағын тізесіне шейін түріп қойыпты, егер аяғындағы сандалын шалып қоятын қайыс бауды айтпасақ, күнге күйіп тотыққан сирақтары мүлде жап-жалаңаш. Аяғына өкше темір таңбапты, қырлары үп-үшкір үзеңгісі өкше темірдің орнына да жүретін, үзеңгісімен тебініп қалғанда кез келген жылқыңды өз ырқыңа оп-оңай көндіруге болушы еді. Осынау таңғажайып шандоздың жалпақ қызыл белбеуінің оң жақ бүйірінде қанжар қыстырулы тұр, ал сол жақ бүйіріне — қысқа да қайқы мавритан қылышын асып қойған; иығындағы көнетоз таспасына әлгінде өзінің жақындап келіп қалғанын хабар еткен мүйіз керней таңып алған. Маңдайын жауып тұратын сабалақ-сабалақ ұзын қара шаштары мен осынау бейтаныс жанды мәдениетті адамнан гөрі, жабайы адамға көбірек ұқсатып тұратын жүдеулігі болмаса, оның шоқша сақалы мен күн көзіне күйіп тотыққан өңіне, қарақаттай жәудіреген көздеріне, жұқалтаң келген бет әлпетіне қарап өзін келбетті кісі деуге әбден лайықты еді.


— Тағы да сығанға тап болдық! — десіп жатты әйелдер шошына! — Әулие Мария-ау. Король мына қаңғыбастарға тағы да сенім артқаннан сау ма өзі?


— Егер қарсы болмасаңыздар, мен бұл адамның жай-жапсарын сұрап білейін, — деді Квентин, — сөйтіп, оған сенуге боларын, яки болмасын анықтауға тырысып көрейін.


Бейтаныстың пошымы мен киіміне қарап, ханымдар сияқты Дорвард та тым пысық Труазешель мен Птит-Андре екеуі жуырда ғана өзін де соларға балай жаздаған, құдайдың қарғысына ұшыраған сығандардың бірі екенін жазбай-ақ танып тұрды, сөйтіп, өзіне осынау бейбаққа сенім артуға бола ма деген ой келгенде, ханымдар сияқты өз басы да табиғи түрде қауіптеніп, күдіктенумен болды.


— Сен бұл араға бізді іздеп келіп тұрсың ба? — болды оның бірінші сауалы.


Бейтаныс басын изеп жауап қатты.


— Қандай мақсатпен келдің?


— Сіздерді әлгі льеждік... сарайға жеткізіп салу мақсатымен...


— Епископқа ма?


Сыған тағы басын изеді.


— Бізді тосып алуға тиісті адамның өзің екенін қалай дәлелдейсің?


— Мен ескі халық әнінің екі жолын ғана әндетіп айтып беремін, басқа ешқандай да дәлел келтіріп әуре болмаймын, — деп жауап қатты да, сыған әндете жөнелді.


Қабанды өлтірген паж еді, Атағын лорд алып қойды.


— Мақұл, — деді Квентин, — сен ілгері қарай бара тұр, достым, менің қазір өзіңмен сөйлесер шаруам бар.


Сөйтті де ханымдардың қасына тақап келіп, Квентин былай деді:


— Біз тосқан жол бастаушымыз осы екеніне көзім жетіп келіп тұрмын. Ол король екеуіміз ғана білетін парольді айтты. Бірақ өзім онымен тағы да сөйлесіп, сыр тартып көрейін, сөйтіп оған қаншалықты сенім артуға болатынын анықтап білуге тырысып бағайын.


XVI ТАРАУ


ҚАҢҒЫБАС



Баяғыдай жаным еркін, басым бос:
Адам деген бас имейді заңына.
Заң жүре ме тоғайдағы тағыға.


«Гранаданы жаулап алу»



Орталарына тосыннан қосылған бөгде шабандоздың корольдің тапсырмасымен келген жол бастаушы екенін хабарлап, ханымдардың көңілін орнына түсіргенше, әлгінің ұдайы бұрыла қараумен болып, өздерінен көз жазбағаны былай тұрсын, сонымен бірге құдды әккі маймылша лезде ердің үстінен теріс айнала қарап, өздерінен көзін айырмады (өйткені сығанды көзден таса етпеу жағынан оған есесін жібермей, Дорвард та оны жіті қадағалаумен болған-ды.)


Оның бұл қылығын ұната қоймаған Квентин сығанның (бұл таяна бергенде сыған ерге дұрыстап отырып алған-ды) қасына жетіп барды да, оған қарап:


— Бері қарашы, достым, егер астындағы атының құлағына қараудың орнына, құйрығына көз сүзе берсе, онда бастаушымыздың көзсіз қалуы да ғажап емес, — деді.


— Шынымен соқыр боп қалсам да, — деп жауап қатты сыған, — соның өзінде де сіздерді кез келген француз провинциясымен немесе көрші орналасқан басқа провинциямен адастырмай өткізе алар едім.


— Бірақ сен француз емессің ғой? — деп сұрады Дорвард.


— Француз емеспін, — деп жауап қатты жол бастаушы.


— Туған отаның қайда?


— Менің отаным жоқ.


— Отаның жоғы қалай?


— Дәл солай, менде отан жоқ! Әлгі европалықтардың өздерінің тілдерінде білгенін істеп, біздің халқымызды сан құбылтатынындай, мен — зингаро да, сыған да, египеттік те бола беремін. Бірақ менде отан жоқ.


— Өзің христиансың ба?


Сыған басын шайқады.


— Ой төбет! — деп салды Квентин (ол кезде католиктер шыдамдылық дегенді білмеуші еді). — Ендеше, Мұхамбеттің үмбеті екенсің ғой. Солай ма?


— Жоқ, — деп шабандоз жас шотландықтың дөрекілігіне, сірә, титтей де таңырқанбай және реніш білдірмей, жауабын келте қайырды әрі өзін байсалды ұстады.


— Сонымен сен пұтқа табынушысың ба, әлде... Түптеп келгенде қай діндегі адамсың өзің?


— Менде дін жоқ, — деп жауап қатты сыған.


Дорвард шоқ басқандай ыршып түсті. Мұсылмандар һәм пұтқа табынушылар туралы оның естігені бар-ды, ал, бірақ ешқандай дінді ұстанбайтын тұтас бір тайпа ел болуы мүмкін деген жорамал ешқашан оның ойына да кіріп-шықпаған-ды. Аң-таң қалған жігіт есін жиып, жол бастаушының қайда тұратынын білгісі келіп, оған сауал қойды.


— Ешқайда да... Кез келген жерде түнеп шығамын, — деп жауап қатты сыған. — Менде баспана жоқ.


— Сонда дүние-мүлкіңді қайда сақтайсың?


— Үстімдегі киімім мен астымдағы атымнан басқа ешқандай дүние-мүлкім жоқ.


— Әйткенмен, киімің мұнтаздай, мінген атын да тамаша, — деді Дорвард. — Ал сен қай табысыңмен күнелтесің?


— Өзегім талғанда ғана тамақтанамын, таңдайым кеуіп, шөлдегенде ғана сусын ішемін, ал тағдыр бұйыртқан кездейсоқ табыстан бөтен табысым да жоқ, — деп жауап қатты кезбе.


— Қай заңға бас ұрасың?


— Ешқандай да. Көңілім түскен жанға ғана немесе тағдыр кімге кіріптар етсе, соған ғана бас иемін, — деді сыған.


— Әйтсе де өздеріңнің тікелей бастықтарың бар емес пе? Ол кім өзі?


— Бастығымыз тайпадағы ақсақалымыз, бірақ мен оны көңілім қаласа тыңдаймын, ал ұнатпасам бастықсыз-ақ күнелте аламын.


— Сонымен, сендер басқа адамдар жүгінетін бүкіл парыз атаулыдан жұрдай болып шықтыңдар ғой! — деді Квентин таңырқана. — Не заң, не бастық дегенді, не белгілі бір кәсіппен айналысып, тіршілік ету, не шаңырақ көтеру дегенді білгілерің де келмейді! Тәңірінің өзі жар болғай сендерге. Өздеріңнің отандарың жоқ, жаратқан ием шапағатына бөлеп, күнәдан арылтсын — өздерін құдайға құлшылық етпейсіңдер! Қош, егер үкіметтен, семьядан, діннен жұрдай болсаңдар, енді өздерің ие боларлықтай не қалмақ?


— Менің басым бос, — деп жауап қатты сыған. — Ешкімнің де алдында құрдай жорғалап және ешбір жанды мойындап жатқан мен жоқ. Қалаған жеріме тартып жүре беремін, қал-қадерімше өз күнімді өзім көремін, ажалым жеткен күні көз жұмамын.


— Солайы солай ғой, бірақ кез келген соттың зорлық-зомбылық үкімімен өзіңді дарға аса салуы да мүмкін емес пе?


— Өйтсе несі бар? Ерте ме, әлде кеш пе — әйтеуір, дүние саласың ғой.


— Ал сені түрмеге қамап қойса, — деп сауал қойды шотландық, — сонда өзіңнің мақтан тұтқан бостандығың қайда қалмақ?


— Бас бостандығым ешқандай бұғау атаулыға көнбейтін ой-қиялымда сақталып қала бермек, — деп жауап қатты сыған. — Сіздердің тәндеріңіз бостандықта бола тұрса да, ақыл-ойларыңызды өз заңдарыңыз бен саналарыңызға сіңген соқыр нанымдарыңыз, қоғамдық және семьялық міндеттеріңіз туралы тікелей ойлап шығарған қағидаларыңыз тежеумен болмақ, ал аяқ-қолына кісен салынса да, мына мен сияқты пақырларын рухы жағынан бостандығынан айрылмайды. Сіздер тіпті аяқ-қолдарыңызға бұғау салынбаса да, өздеріңізді еркін ұстай алмайсыздар ғой.


— Алайда сенде рух бостандығы болғанымен мойныңа түскен бұғау ауыртпалығының жеңілденуі екіталай, — деп кесіп айтты Дорвард.


— Аз-кем мерзімге шыдауға да болады, — деді кезбе қарсылық білдіріп. — Егер босанып шығу өз қолымнан келмей жатса немесе жолдастар қол ұшын бере алмаса, өлімге бас тігу әрқашан да өз еркімдегі мәселе, ал өлім — бұл нағыз толық кемеліндегі бостандық.


Едәуір уақытқа созылған тылсым үнсіздікті ақыр соңында Квентин тағы да тыңнан қойған сауалымен бөліп жіберді:


— Сонымен сендер — европалықтарға беймәлім көшпелі тайпа болып шықтыңдар... Сонда қай жақта өсіп-өндіңдер?


— О жағын өз басым білмеймін.


— Сендер Европадан көшіп, өздерің бір кезде өніп-өскен жақтарына қашан оралмақсыңдар?


— Саяхатымыз таусылған күні.


— Сендер ұлы Евфрат дариясының арғы бетіне құлдыққа айдалып кеткен Израильдің әлгі бір руынан тараған ұрпақ емессіңдер ме осы? — деп сұрады Квентин Аберброт әдияратында өзі оқыған сабағы есінен кетпей.


— Егер біз израильдықтардың ұрпағы болсақ, онда олардың дінін, әдет-ғұрыптары мен салттарын сақтап қалған болар едік қой, — деп жауап қатты сыған.


— Есімің кім? — деп сауал қойды Дорвард.


— Менің шын есімім өз руластарыма ғана мәлім. Ал біздің шатырымызда тұрмайтын адамдар мені Хайраддин Мограбин деп атап кетіпті, Хайраддин — африкан мавры деген сөз.


— Алайда сен тағылар ордасында туып-өскен адам дейтіндей емессің, тілің тым ұтқыр екені көрініп тұр, — деді шотландық.


— Осы елде жүріп азды-көпті үйренгендерім ғой бұл, — деп жауап қатты Хайраддин. — Бала кезімде адам етін жейтін аңшылар біздің тайпаны қуғын-сүргінге ұшыратыпты. Жаудың атқан жебесі шешемнің басына тиіп, ол тілге келмей қаза табады. Шешем мен байғұсты көрпеге орап арқасына салып арқалап жүріпті, сөйтіп қуғыншыларымыз мені өздерімен бірге ала кетеді. Бір священник превоның сарбаздарынан мені аттай қалап сұрап алып, асырапты. Соның қолында жүріп екі, әлде үш жыл бойы ма европа ғылым-білімін оқып үйрендім.


— Оның қолынан қалайша кетіп қалып жүрсің сен?


— Мен оның ақшасы мен табынатын құдайын ұрлап алып едім, — деп жауап қатты Хайраддин шімірікпей. — Ол мені ұстап алды да, көк ала қойдай етіп сабады. Мұнысына ызаланып мен оны пышақтап өлтірдім, өзім орман ішіне қашып барып, тағы да өз жұртыма келіп қосылдым.


— Оңбаған! Өзіңді асырап алған адамды өлтіруге батылың қалай барды?


— Мен одан өзімді асырап алғын деп өтініппін бе екем? Сыған баласы бір үзім нан үшін өз қожайынының қолын жалайтын, сөйтіп оның тепкісі астында мәймөңкелейтін асыранды күшігің емес. Мойнына шынжыр салып, байлап қойған бөрінің бөлтірігі ерте ме, әлде кеш пе шынжырды үзіп, босанып шықпақ, өз иесін жарып тастап, орман ішіне зытпақ.


Тағы да тыныштық орнады, бірақ өзінің сезікті жол бастаушысын, оның мінез-құлқы мен ниетін айқынырақ білмек болған жас шотландық бұл тыныштықты тағы да бұзды.


— Сенің халқыңның, — деді ол Хайраддинге сауал қойып, — өзінің надандығына қарамастан болашағымыз жарқын, яғни өздерінен гөрі анағұрлым білімдар халықтар ғұламаларының, философтары мен дін қызметкерлерінің қолы жетпейтін біліммен қаруланғанбыз деп санайтыны рас па осы?


— Иә, біз солай деп санаймыз және де мұнымыздың қисыны да жоқ емес, — деді Хайраддин.


— Нақ мұндай биік мәртебелі таным өзің сықылды талақ етілген жандарға даруы мүмкін бе?


— Мұның сырын түсіндіріп беруіме рұқсат етесіз бе?.. — деп сұрады Хайраддин. — Әйтсе де адам деген анағұрлым жақсы жетілген айуан санала тұрса да, із арқылы итті іздеп таба алмайды, ал ит адамды із арқылы жазбай табады, егер сіз әуелі маған осының сырын түсіндіріп өтсеңіз, мен сіз қойған сауалға жауап беремін. Сізге керемет болып көрініп тұрған бұл қабілет бізге жаратылысымыздан біткен қасиет. Көктемде. ағаштардың гүлдеуіне қарап, оның қандай өнім беретінін сіздер қалай болжай алатындарыңыз тәрізді, бет-әлпетінің сипаты мен алақан сызықтарына қарап, адамның болашағын біз де нақ солай айны қатесіз айтып бере аламыз.


— Өз басым сендердің білімпаздықтарыңа иланбаймын, сондықтан бұл қабілеттеріңе күле қараймын.


— Мазақтамай-ақ қойыңыз, атқыш мырза, — деді Хайраддин Мограбин. — Мысалы, мен өзіңіз, мейліңіз, қандай дінді ұстанбаңыз, сіздер табынатын құдайана — осы арада, мына біздің ортамызда дей аламын.


— Өшір үніңді! — деп зекіді Квентин аң-таң болып. — Егер мүлдем кеткің келмесе, аузыңды жап, сөйт те менің сауалыма ғана жауап беретін бол! Адал болу қолыңнан келе ме өзіңнің?


— Кез келген адам тәрізді адал бола аламын.


— Тоқ етерін айт деймін, өзің бізге адал бола аласың ба?


— Сонда мен ант етсем ғана, сіз маған көбірек сенім артпақсыз ба? — деп жауап қатты Мограбин кекете күліп.


— Әйтсе де есіңде болсын: сенің тағдырын менің қолымда, — деді шотландық.


— Олай болса, маған қол жұмсап, сынап көріңіз, мен өлімнен қорқа қояр ма екенмін, соған көзіңіз жетсін.


— Ақыңа ақша берсем, адал боласың ба?


— Жоқ, егер мен опасыздық жасағым келсе, ақша үшін де адал бола алман.


— Ендеше, сенің адал болуың үшін қандай шарт керек?


— Мейірімділік, — деп жауап қатты сыған.


— Егер сен жолшыбай бізге адал болсаң, мен өзіңе ізгі ниетім мен мейірімділігімді ғана білдіремін, — деп саған ант берейін бе?


— Жоқ, — деп жауап қатты Хайраддин, — өзіңіздің мейірбандығыңызды несіне рәсуә ете бересіз? Бұл десең сирек ұшырасатын дүние. Мен сіздің алдыңызда онсыз да адал болуға міндеттімін.


— Мұның қалай? — деп сұрады Квентин бұрынғысынан да бетер дал болып.


— Шер дариясының бойындағы тамшын тоғайы есіңізде ме? Сіз өзіңіз дар тұзағынан босатып алған өлік, менің бауырым, Замет Мограбин болатын.


— Сонда қалай, бауырыңды дарға асқан адамдарға қызмет етпексің бе! — деді Квентин. — Өзіңді қай тұста жолықтыратынымызды бізге хабарлаған солардың бірі еді ғой, сөйтіп, мына ханымдарға жол көрсетуші етіп, сірә, соның өзі сені қалағаны ма?


— Амал нешік! — деді Хайраддин түнеріп. — Бұл адамдар бізге қой күзеткен төбеттердің әрекетін істеп бағады: әуелгі бетте олар бізді қориды, өздерінің ойына келген маңға әрлі-берлі қуалап, өргізеді, ал сайып келгенде қасапханаға айдап әкеліп тынады.


Сығанның айтқаны бастан-аяқ шындық екеніне кейін Квентиннің көзі жетті, ел ішінде сеңдей соғылысқан кезбе тонаушыларды құрту өз мойындарына жүктелген превоның күзетшілері, олармен арадағы жең ұшынан жалғасқан байланысын үзген емес, белгілі бір уақытқа шейін олардың қылмыстарына көздерін жұмып қарағанымен, ақыр соңында оларды дарға асып тынатын. Күзетшілер мен қылмыскерлер арасындағы екі жаққа да тиімді бұл іспеттес байланыс бар елдерде бой көрсетіп келді, сөйтіп мұның өзі біздің отанымызға да жат іс бола қоймады.


Оның айтқан сырына пәлендей көңілі көнши қоймай, әрі оның өзінің жүрек алғысына ғана негізделген, адал боламын деген уәдесіне мүлде иланбай, Дорвард жол бастаушыны жайына қалдырып, енді қол астындағы басқа екі адаммен танысу ниетін көздеп, өзінің шағын отрядына қайта оралды. Олардың екеуінің де барып тұрған ақымақ екеніне және ақылымен де, сондай-ақ қаруымен де, — таяуда ғана өзі осының куәсі де болған-ды, — өзіне қол ұшын беруге жарамайтындығына көзі жетіп қатты опынды.


«Тіпті жақсы, — деді Квентин өзіне-өзі, қауіп-қатерге тап болуы мүмкін екенін ойлаған сайын ширыға түсіп. — Демек, кереметтей сүйкімді осынау қыз барлық жақсылығым үшін бір өзіме ғана қарыздар болмақ. Бір кісінің қолынан келер іс өз қолымнан да келетініне, сірә, шүбәланбауыма болатын тәрізді. Алтын бесігімді өрт шалғанын өз көзіммен көрдім, шаңырағымның тас-талқаны шығып қираған орнында өлім құшқан әкем мен бауырымды өз көзіммен көрдім, бірақ бір қадам да шегінбестен, жаумен ақтық демім біткенше айқасып бақтым. Қазір мен екі жылға болса да есейдім, сөйтіп тұла бойымды батырдың жүрегінде бұрын соңды болып көрмеген жалын атқан жауынгерлік албырт сезімін алаулата алатындай ең аяулы да ізгі мақсат билеуде».


Осы бір тоқтамға бел байлаған Квентиннің бүкіл жол бойында айрықша жігер мен қырағылық танытқанына қарап-ақ, оның барлық тұста да көрсеткен оралымдығына тек қайран қалуға ғана болатын еді. Әлбетте, ол көбінесе, әрі бар ынта-ықыласымен ханымдардың қасынан табылып отырды, ал ханымдар болса, мұның өздеріне деген ілтипаты мен өздерінің қауіпсіздігін ойлап көрсеткен қамқорлығына дән риза болғаны соншалықты, онымен әңгіме шерткен кезде бірте-бірте барынша дерлік достық шырайға көшкен-ді. Оның аңғал, бірақ оның есесіне ақылға қонымды, әрі көбіне тапқыр әзіл-оспағын ханымдар, сірә, қатты ұнатып қалған тәрізді. Алайда бір-біріне қанша ықылас-ынта білдіргеніне қарамастан, Квентин өз борышын атқаруға келгенде үйреншікті әдетінше елгезек сергектігінен бір айныған емес.


Квентин жолшыбай ханымдармен қатарласа жүріп, мидай жазық өңірде туып-өскен оларға, Грампиан таулары мен Гленхулакиннің әсемдігін бар өнерін салып, тамылжыта суреттеп беруге тырысып бақты. Сондай-ақ ол отрядты бастап Хайраддиннің қасына да жиі-жиі оралып, атын оның атымен үзеңгілестіре шоқытып отырды. Сөйтіп одан жол жағдайы мен аялдайтын жерлерін сұрастырумен болды, әрі соңынан жауап бергенінде ойынан жаңылысып қалмас па екен, опасыздық жасайтын пиғылы жоқ па екен — міне, осыған көзін жеткізу үшін оған әлгінде қойған сұрақтарын әдейі қайталап қою мақсатымен, оның әр сөзін есінде берік сақтауға ұмтылып бақты. Ол үнемі шерудің соңында жүріп отырған қарауындағы екі серігін де ұмыт қалдырған жоқ, олармен жылы шыраймен сөйлесіп, сапарлары аяқталған соң өздеріне тарту-таралғы, әрі ақшалай сыйлық беруге уәде етіп, өз ырқынан шығармауға тырысумен болды.


Сонымен олар білте сүрлеу мен айналма жолдар арқылы шаһарлардың ту сыртын орағыта өтіп, шағын елді мекендер орналасқан тасалау жерлермен бір аптадан астам уақыт бойы жүріп келеді. Осы уақыттың ішінде олар елең ете қоярлықтай ешқандай оқиға тап болған жоқ. Рас, жолшыбай сығандардың жөңкілген тобыры ұшырасып қалды, бірақ отряд бастаушысы өздерімен қандас адам екеніне көздері жеткен олар жолаушыларға тиіспеді. Әлде қашқын солдаттар ма, әлде қарақшылар ма, үсті-басы алба-жұлба біреулерге де тап болды; бірақ жақсы қаруланған отрядқа шабуыл жасауға, сірә, олар да тайсақтаған болулары керек. Өзінің қансыраған елінің жарасын, қанжардың ұшымен, білектің күшімен емдегісі келген Людовик, Францияны жайлап алған қарулы қарақшылар тобын қырып-жою үшін мемлекет қарауындағы барлық жерлерге шашырата орналастырған атты әскер бөлімшелері де (олар біздің кезімізде осылай аталатын) кезігіп қалып отырды. Бірақ Квентин тікелей корольдің өзінен біліп алған парольдің арқасында атты әскер бөлімшелері де жолаушыларды ешбір бөгемей өткізіп салып тұрды.


Олардың аялдайтын орындары көбінесе әдияраттар болды, ал сол бір заманда көптеген атақты адамдар діни рәсім бойынша киелі орындарға саяхатқа аттанып, көзге түспеуді көздейтіндіктен, әдиярат біткеннің басым бөлегі өздерінің уставы бойынша тақуалардан (оқырманға мәлім болғанындай, біздің ханымдарымыз нақ тақуалар ретінде сапарға аттанған-ды), олардың өз қауымындағы атақ дәрежесі мен атқаратын қызметі туралы сұрап, мазасын алмай қайта оларға меймандостық көрсетуге борышкер-тұғын. Ханымдар өздерінің жол соғып, қалжырап тұрғандарын сылтауратып, аялдайтын орынға келіп түсісімен-ақ өздеріне арналған бөлмеге оңаша орналасып, ал Квентин отрядтың бастығы ретінде жолаушылардың тынығуы үшін қажетті барлық жағдай жасаудың қамын ойластырып, әдиярат иелерімен келіссөз жүргізуге кірісіп кететін-ді, сөйтіп оның жолаушыларға жағдай жасаудың егжей-тегжейіне шейін зейін қойып, ынта-ықыласымен айналысатындығы сонша осынау қамқорлыққа бөленген серіктері оған әмәнда қатты риза болушы еді.


Жол бастаушысы өзінің мінез-құлқы мен ұлты тұрғысынан Квентинді аз машақатқа салған жоқ. Өздері көбінесе аялдайтын киелі орындарда тайпаластарындай оны мәжуси, қаңғыма әрі сиқыршы деп санап, Хайраддинге жиіркене қараумен болды, сондықтан да оған құтсыз да қырсықты қонақ деп қарады, соның салдарынан әдияраттың сыртқы дуалынан ішке кіргізсе де баспана берген жоқ, соның өзіне де әрең-әрең көнетін-ді. Бұл, әрине, өте-мөте ыңғайсыз әрі қолайсыз тиіп жүрді, өйткені бір жағынан Квентин өз сапарларының құпиясынан хабардар кісіні ешбір шамдандыруға болмайды деп есептесе, ал екінші жағынан — жүріс-тұрысын бақылап тұру үшін, сөйтіп мүмкін қадерінше бөгде біреулермен қандай да байланыс жасауына жол бермеу үшін оның өзі де Хайраддинді қашан да көзден таса еткісі келген жоқ. Ал егер сыған өздері түскен әдияраттан тысқары жерде орналасса, әлбетте, оның бөтен біреулермен қарым-қатынасын қадағалау мүмкін болмас еді. Хайрадиннің көздеген мақсаты да нақ осы екенін Дорвардтың іші сезе бастаған-ды, өйткені өзіне арналған бөлмеде тыныш отырудың орнына, ол ойына келгенін істеп, есіретінді шығарды, өлең айтудан аузы жабылмады, сондай-ақ әдияраттағы шәкірттер мен қауымдас кіші қызметтегілерді желіктіріп, күлкілі әңгімелер соғумен болды, ал бұған шәкірттер жағы жетісіп, мәз болса, атақ-дәрежелі монахтар оның арсыз әрекеттеріне зығырдандары қайнап, реніштерін білдіріп жүрді. Квентин сығанның жөн-жосықсыз қылжақтауын қойдырмақ болып талай рет өзінің бүкіл билігін пайдаланып, тіпті оған сес көрсетуіне де тура келді; осынау нақұрыс итті сыртқа қуып жібермес үшін әдиярат ғибратшысымен тіл табуға тырысып, барлық шешендік өнерін көрсетуге де мәжбүр болды. Дегенмен, әрқашан өзінің тапқыр қолданған айла-шарғыларының арқасында бұған дейін Квентиннің жолы болып жүрді. Қанғыбасты қуып шықпауларын қиыла өтінгенде ол, діни киелі мүліктердің маңында болу, әдиярат табалдырығының киесі, ең бастысы, өз өмірін құдайға құлшылық ету жолына арнаған діндарлар қауымы күнәкардың жан-дүниесі мен ақыл-ойына игі ықпал етуге тиісті және тіпті оның санасы ашылуына көмектесуі мүмкін екенін айтып таусылумен болды.


Бірақ өздері Намюр шаһары маңынан Фландрияға келіп кірген оныншы әлде он екінші күні қарауындағы жабайы жол бастаушысының қияңқы мінезінің зардаптарын елеусіз қалдыруға, сөйтіп ол бастаған жанжалды басып тастауға Квентин қанша тырысып бақса да, онысынан дәнеңе де шыға қоймады. Бертін келе оның ғибратшысы әулие деп жарияланған, уставы жағынан өте-мөте қатал да қатыгез францискандық әдияраттардың біріндегі бұл оқиға былай болған еді. Ұзаққа созылған дау-дамайдан (мұндай орындарда бұған таңдануға да болмас еді) соң ақырында Квентин алаяқ сығанды әдиярат бағбанының оңаша үйіне орналастыратын болып келіскен-ді. Әдияратқа келіп түскен мезетте-ақ, ханымдар үйреншікті әдеттерінше өз бөлмелеріне тайып тұрды, ал Шотландияда дос-жарандары мен таныстары бар болып шыққан әрі шетелдіктердің әңгімесін тыңдауға ынтызар боп әдиярат ғибратшысы әу дегеннен әлдеқалай өзіне ұнап қалған Квентинді өз хұжырасына ертіп апарып, оңаша отырып тамақ ішуге шақырды. Әдиярат ғибратшысы-әкей ақылды әрі білімдар адам болып шықты, сондықтан Квентин осы жағдайды пайдаланып, одан Льеждегі және оның маңындағы хал-ахуалды сұрастырып біліп алуға ұйғарды. Соңғы екі күннің аралығында көңілін алаңдататын қауіп туғызған хабар-ошарлар мұның құлағына шалына бастаған-ды, олар енді өздері көздеген орындарына аман-есен барып жете алар ма екен, ал тіпті жолдары болып, өздері оның қанаты астына іліне қалған күнде, ханымдарға сенімді баспана беруге епископтың мұрсаты келе қояр ма екен деген күдігін айтып салды. Әдиярат ғибратшысының жауабы, әрине, көңілді күпті етпей қойған жоқ.


— Льеж азаматтары, — деді ол, — көздерін шел басып, құдайды ұмытқан, шетінен шылқыған бай адамдар; олар өздеріне біткен байлық пен бақ-дәулетті көтере алмай мастанып кетті. Сан тарау жеңілдіктер мен алым-салықтар жөнінде герцогпен, өздерінің құдай қосқан әміршісімен талай рет тәжікелесіп те көрді, әрі бұл тәжікелесудің арты әлденеше рет ашықтан-ашық көтеріліске де ұласып жатты. Сондықтан да, шыдамы шегіне жеткен қызу қанды және күйгелек мінезді герцог енді тағы да бір рет көтеріліс қит етсе күллі Фландрияға сабақ болу үшін және тәубесіне келтіру үшін бүлікшілердің сазайын тартқызамын, сондай-ақ Льежге де бір кезде Вавильон мен Тир шаһарлары бастан кешкен апаттың кебін кигіземін, деп қасиетті Георгийдің атымен ант етіпті.


— Елдің сөзіне қарағанда, герцог — өз айтқанынан қайтпайтын кісі, — деді Квентин әңгімеге араласып, — демек, Льеж тұрғындары енді бой сақтайтын шығар, деп ойлау керек.


— Үмітсіз емеспіз, — деді ғибратшы. — Адам қаны суша төгілмеуін, құдайдың кәріне ұшырап, адамдар қырғынға ұшырамауын тілеген еліміздің ізгі ниетті бүкіл азаматы бір тәңірімнің өзіне жалбарынуда. Шіркеу иесінің маңдайына жазылғанындай, біздің мейірбан епископымыз да күндіз-түні толассыз бейбітшілік тілеп құлшылық ұруда, өйткені інжілде: «Тыныштықты жақтаушының жаны жайсаң...» делінген. Бірақ.. .— Осы бір тұста әдиярат ғибратшысы үнсіз қалды да, ауыр күрсініп алды.


Квентин қадірмен қарияға қастарына еріп келе жатқан ханымдар үшін ел ішіндегі жағдайды дәл білудің қандай маңызы барын түсіндіріп өтті, сөйтіп осы мәселе төңірегінде өзіне мағлұм болғанның бәрін айтып берсе, онда бұл оның тарапынан атқарылған шын мәніндегі игі іс болып шығарына ғибратшы-әкейді иландыруға тырысып бақты.


— Бұл мәселелер жайында тіс жаруға ешкімнің де зауқы соға бермейді, — деді ғибратшы. — Өйткені осынау жарық дүниедегі құдіретті күштер туралы шерткен әрбір сөз, тіпті оңашада айтылсын мейлі, қанат біткендей түптеп келгенде солардың өздерінің құлағына жетіп жатады. Әйткенмен де сіз инабатты, ақылды жас жігіт болғандығыңыздан, бұған шүбәм жоқ, сондай-ақ құдайға құлшылық ету жолындағы айрықша парыздарын атқаруға ұйғарған, қасыңызға ілескен ханымдарға қолымнан келген көмегімді көрсету ниетімен мен бар сырымды айтайын.


Осы сәтте әлдебіреу тың тыңдап тұрған жоқ па дегендей жан-жағына сезіктене көз тастап қойды, сөйтті де баяу үнмен сөзін жалғай түсті:


— Өздерін христиан дініне ең адал, короліміздің тапсырмасы бойынша іс-қимыл жасап жүрміз деп санайтын Велиал ұрпағы, — бұлары жалған екеніне күмәнім жоқ, — Льеж тұрғындарын үнемі көтеріліс бастауға қайрап салуда. Мен, өз басым, бейбітшілікті және көршілес мемлекеттің шырқын бұзуға дейін бара қоятындай, король өзінің мәртебелі атақ-абыройын қастерлемеуі мүмкін емес, деп санаймын. Бірақ қалай десек те, льеждік азаматтардың арасында араздық отын қоздатып, оны өршіте түсушілер әманда ауыздарынан король есімін тастаған емес. Мұның сыртында, біздің ортамызда әскери ерліктерімен данққа бөленген, бірақ басқа барлық болмысы елдің сорына айналған, бір Дворян, текті тұқымнан шыққан адам бар — бүкіл Франция мен Бургундияның көзіне шыққан сүйел болды ол. Бұл адамның есімі — Гийом де ла Марк.


— Ел арасында Қауғасақал немесе Арденнің Жабайы Қабаны аталап кеткен, — деп сөз қосты Дорвард.


— Бұл атақ оған әбден лайық, балам, — деді әдиярат ғибратшысы. — Ол шынтуайтында, орманды паналайтын, қарсы алдынан кездескеннің бәрін тұяғымен таптап, азуымен пәрше-пәршесін шығарып жайпап жүре беретін жабайы қабанның дәл өзі. Ол не ақсүйектер, не діни өкімет билігін мойындамайтын өзі сияқты қарақшылардан — мыңнан астам адамнан қаныпезерлер тобын жасақтап алған, Бургундия герцогына бағынбай, өзін дербес ұстайды, діни яки қарапайым адам болсын, талғамай бас салып, тонауды, зорлық-зомбылықты кәсіп етеді. Ол інжілде жазылған: «Менің өз ұлдарыма тиюші болмағын және пайғамбарларыма қастандық жасамағын» деген сүрені де аяқ асты етіп, тіпті тәңірінің өз ұлдарына да қол көтеруден именбейді. Ол бетпақ біздің әдияраттың момын тұрғындарынан — менің һәм өз серіктерімнің өмірі сақталуы үшін оған күміс және алтын теңге салық төлеуімізді талап етті. Біз бұл талапты орындауға өзіміздің мұршамыз келмейтінін түсіндіріп әрі әдиярат ғибратшысының: «Өзіңе сенім артқан досыңа жаманшылық ойлаушы болмағын», деген сөзін есіне салып, латынша сәлем хат жолдап жауап бердік. Бірақ ешқандай сөзге де құлақ аспайтын адамның сана-сезімі сияқты, ілім-білімді де аяққа басқыш осынау Қауғасақал Гийом немесе Гийом де ла Марк, өзінің шатпағын, сірә, латын сөзі деп ұққан болса керек, кісі күлерліктей жаргонда: «Егер салық төлемейтін болсаңдар, онда сендердің әдияраттарыңды өртеп жіберемін», — деп жауап қатты.


— Әйткенмен, әкей-ау, латынша жазылған осынау тағылықтың мән-мағынасын өзіңіз ұғып алыпсыз ғой, — деді Квентин.


— Амал қанша, балам, үрей мен зәрулік — тәлімгердің де тәлімшісі емес пе! — деді әдиярат ғибратшысы. — Жаратқан ием сазайын берер өзіңнен, басқа шарамыз қалған жоқ. Осынау қарақшының ашқарақ көзін тойдыру үшін біз өз меһрабіміздегі күміс сауыттарды қайта балқытуымызға тура келді! Мүрдем кетсін, малғұн, әумин, әумин, қарғыс атсын оны!


— Жүгенсіздіктері туралы өзім де талай естіп жүрген осынау айуанды, құдіретті Бургундия герцогының қалайша есіртіп жібергеніне, — деді Квентин, — тек қайран қаламын.


— Амал не, балам, — деді ғибратшы. — Герцог Карл қазір Францияға қарсы соғыс жарияламақ болып, қарауындағы әскери қолбасшыларын шақыртып алып, Пероннда жүр. Ал құдайдың әмірімен екі ұлы мемлекет басшысы бір-біріне көздерін алартып, араздасып жатқанда, елді ұсақ езушілер билеп-төстеуде. Бірақ асылы мен былай демекпін: ел ішін жайлаған осынау індетке қарсы батыл шара қолданудан герцог бекер бас тартып отыр, неге десеңіз Гийом де ла Марк Льеждің дүрдараз тұрғындарының көсемдері Руслер және Павийонмен ашық түрде ауыз жаласып алды, енді қара да тұрыңыз, оларды бір сұмдықты бастауға айдап салары хақ.


— Алайда бүлікті басып тастау үшін Льеж епископының өзінің-ақ беделі мен билігі жетіп жатқан жоқ па, әкей-ау? — деп сауал қойды Квентин. — Өз пікіріңізді бүкпей, маған ашық айтқаныңызды өтінемін: сіздің жауабыңыздың мен үшін өзгеше маңызы бар.


— Балам, епископтың қолында қасиетті Петрдің семсері мен кілті бар! — деді ғибратшы. — Оны құдіретті Бургундия әулеті қолдайды, дүниә әрі діни билік те оның қолында, қажет бола қалған жағдайда бұл билікті сан жағынан едәуір және жақсы қаруланған әскер күшімен қорғай да алады. Гийом де ла Марк өзіне көп жақсылық жасаған епископтың қолында тәрбиеленіп, ер жетті. Бірақ сол кездің өзінде-ақ ол өзінің жүгенсіздік, қанішерлік мінезімен көзге түсіп жүрді, сөйтіп бірде қарауындағы қызметшісін өлтіргені үшін епископ оны қуып жіберген-ді. Міне, сол бір шақтан бастап, ол қайырымды епископтың бітіспес жауы болып алды. Ал қазір — мұны мен қатты қайғыра айтып отырмын — одан кек алмақ болып, тісін қайрап жүр.


— Демек, сонымен, сіз жоғары мәртебелі епископтың басына қатер төніп тұр, деп санайсыз ба? — деп сұрады Квентин мазасыздана түсіп.


— Қайтейін, балам! — деді қадірменді францискандық. — Осынау опасыз пәни дүниеде өзін қауіпсізбін деп айта алар жансыз яки жанды кім бар? Бірақ құдай сақтасын, қадірменді епископымыздың басына өлім қаупі сөзсіз төніп тұр деп айтуға менің тілім бармайды! Ол дәулетті адам, оның қарамағында көптеген адал уәзірлері мен тамаша, ер жүрек әскері бар. Мұның сыртында кеше ғана осы арадан өткен шабарман, епископтың өтініші бойынша, Бургундия герцогы оған көмекке қосымша жүз шақты найзагер жөнелткенін хабарлады. Әр найзагер бөлімшедегі қосалқы қызметтегілерді қоса есептегенде көмекке келген бұл күш — оны лайым қарғыс атсын — Гийом де ла Марктің шабуылына тойтарыс беруге кәміл жетіп жатыр! Әумин!


Осы бір тұста ашу-ызаға булыққаннан даусы үзік-үзік шығып, кіші дәрежедегі діни серіктестер қатарында сығанның құлақ естімеген іріткі салғанын хабарлай ішке кіріп келген діни қызметші Квентиннің ғибратшымен әңгімесін бөліп жіберді. Кешкі тамақ кезінде сыған серіктестердің ас-суына күші ең күшті деген шараптан да он есе асып түсер әлдеқандай бір бәңгі ететін ішкілік құйып жіберген, сондықтан монахтардың көбісі мас болып қалған. Осы хабарды жеткізуші адам естен тандырар осы бір ішімдікке өз басым төтеп бере алдым деп дәлелдеуге тырысқанына қарамастан, оның күрмеле берген тілі мен ойнақшыған көздері бұған керісінше жайтты айғақтап тұрды. Онысы аздай, сыған қайдағы бір дүниеауи өлең айтқан, киелі Францискті әжуалаған, оның ғажап өнерін мазақ еткен, оның ізбасарларын ақымақтар мен арамтамақтар деп тілдеген. Ақыр аяғында, ол сиқырлықпен айналысуға дейін барған, сөйтіп жас поп Керубиноға бал ашып, әлдеқандай бір сұлу бикеш оған ғашық болады, сөйтіп керемет бір баланың әкесі боласың деп жорыған.


Әдиярат ғибратшысы зәресі ұшып, тілі байланып қалған кісіше хабарды үн-түнсіз тыңдаумен болды. Діни қызметші сығанның қылмыстарын тізбектеп айтып біткенде, әдиярат ғибратшысы орнынан түрегеліп, аулаға шықты да, егер айтқанымды орындамасаңдар ауыр жазаға тартыласыңдар деп қорқытып, бүкіл монахтарға қолдарына сыпырғыш, шыбық алып Хайраддинді киелі шаңырақтың шарбағының сыртына қуып шығуға әмір етті.


Бұл жарлық Дорвардтың көзінше табанда жүзеге асты, ол осынау оқиғаға қатты қынжылды, бірақ тіс жарып, сөз қатқан жоқ, өйткені өзі ара түскенімен бұл жолы онысынан дәнеңе де шықпасына оның көзі кәміл жетіп тұрды.


Ғибратшының барынша тырысып баққанына қарамастан, қылмыскерді бұлай жазалау ешкімді де үрейлендіре алған жоқ, қайта әлдеқалай күлкілі көрініске көбірек ұқсап тұрды. Суыл қағып, шарт-шұрт сермелген шыбыртқылардың астында сыған жын соққан кісіше, аула ішінде шарқ ұрды, сөйтіп шыбыртқылар қайсыбірде — әдейі айдалаға соғылып жатса, қайсыбірде қылмыскердің таңғажайып ептілігі мен айлакерлігі арқасында оған дари қойған жоқ; ал оқта-текте иығына яки беліне тиген соққыларды ол шыбын шаққан құрлы да сезбеді. Бұл тақылеттес жаттығуларға дағдыланбаған монахтардың Хайраддиннен гөрі көбіне-көп бірін бірі сабағандарынан айғай-шу барған сайын үдей түсті. Ақыр соңында, тағылымының орнына шатаққа ұласуға бет алған осынау көрініске тыйым салуды мақұл көрген әдиярат ғибратшысы дарбазаны ашыңдар деп жарлық берді, сөйткенше болған жоқ сыған атқан оқтай зу етіп дарбазадан өте шықты да, әдиярат шарбағынан аулаққа безіп кете барды.


Біз суреттеген көрініс өтіп жатқан кезде Квентиннің ойына әлсін-әлі оралумен болған күдік, оның тұла бойын билеп алды.


Бүгін таңертеңгілік қана Хайраддин оған бұдан былай тәртіп бұзбаймын, келесі әдияратқа аялдағанымызда көргенсіздік жасамаймын, деп уәде еткен-ді, алайда өз уәдесін орындамағаны былай тұрсын, қайта бұрынғысынан да бетер бүлініп, бұрынғысынан да бетер құтырынып кетті. Сірә да мұнысында бір қулықтың астары жатқан болса керек; ол қаншама сөлекеттік жасасын, оны ақымақсың яки жеңілтексің деп айыптай қоюдың ешбір қисыны жоқ-тұғын. Оның, сірә, әлдеқандай бір көздеген арам ниеті бар сияқты: бәлкім, өзінің тайпаластарының бірімен жолығу әлде қарсы алу қажет болған шығар, бірақ Квентиннің тарапынан жасаған қырағылықтың арқасында ол бұл ойын күндіз жүзеге асыра алмауы себепті, енді әдияраттан түн ішінде қашып шығу мақсатымен әлгіндегі жанжалды әдейі ойлап тапқан болар.


Квентиннің көңіліне осы бір күдіктің келуі-ақ мұң екен, өз іс-қимылындағы әмісе батылдығы мен шапшаңдығына басқан жас шотландық Хайраддиннің соңынан қуа жөнелуге, сөйтіп шамасы келгенше сездірмей оның ізін аңдуға ұйғарды. Сондықтан сыған әдиярат дарбазасынан лып беріп, сыртқа шығып үлгерер-үлгерместен-ақ Квентин де өзінің жол бастаушысын көзден таса етуге болмайтынын әдиярат ғибратшысына тез түсіндірді де, лезде оның ізіне түсіп, қуа жөнелді.


XVII ТАРАУ


ІНДЕТІЛГЕН ТЫҢШЫ



Тарт қолыңды, түрткілеген тіміскі!
Сендер үшін жаралмаған бұл жандар!


Бен Джонсон.
«Робин Гуд туралы хикая»



Әдиярат дарбазасынан жүгіріп шығысымен-ақ, айдың жарық сәулесінен аулақта зытып бара жатқан сығанның тұлғасын Квентин бірден көрді. Шағын селеннің көшесін бойлап, запыс көрген иттей зымыраған Хайраддин село іргесіндегі шалғынға шығып алды.


«Жүйріктігіңе көз ілеспейді-ақ екен, достым, — деп ойлады Квентин, — бірақ мейлің, маған десең тағы да екі есе шапшаң жүгірсең де, бүкіл Гленхулакин атырабына әйгілі жел аяқтан бәрібір қашып құтыла алмайсың».


Сәті түскенде, тау жігіті шапанын кимей, қару-жарағын да асынбай шыққан еді, сондықтан өзі туған өңірде ешбір жан ілесе алмастай шапшаңдығына басып, желдей есуіне оған еш нәрсе де бөгет болған жоқ. Сірә, сығанның аяғы аяғына жұқпай жүгіргеніне қармастан, оның қарасын үзбей-ақ қуып жетер еді, бірақ өзінің алдына мұндай мақсат қойған жоқ-ты, ол үшін Хайраддиннің ізін кесу әлдеқайда маңыздырақ болды. Сығанның бөгелмей, жүгірісін бәсеңдетпей, бет алған бағытынан жазбай тіке тартуы Квентиннің ойына түйген мақсатын бұрынғысынан да бетер нығайта түсті, өйткені түн ішінде кенеттен қонысынан айырылған, сөйтіп өзіне түнеп шығатын жаңа бір пана іздеуге мәжбүр болған адамның дәл мынадай қылық көрсетуі екіталай ғой. Ол тіпті бір мәрте болса да артына бұрылып қараған жоқ, мұның өзі Квентинге байқатпай ізге түсуіне мүмкіндік берді. Ақыр соңында, сыған шалғынды басып өтісімен, жағалауына ит тұмсығы батпайтын қалың қараған мен сәмбі тал өскен өзен бойына келіп аялдады да, баяу, естілер-естілместей ғана үн шығарып, мүйіз кернейін тартты. Оған ілесе жақын маңнан ысқырық шалынды құлаққа.


«Кездеспек болып уағдаласқан ғой, — деген ой келді Квентинге. — Әйтсе де, олардың әңгімесін тыңдап тұратындай жерге қалай жақындасам екен? Сәл-пәл ғана жаңсақтық жасасам, әрбір қадамымнан немесе бұтақтың тырс еткенінен оп-оңай көзге түсіп қалуым ықтимал — өйткені маған бұта-бұтаның арасымен жылжуға тура келіп тұр... Бірақ айтқаным айтқан, әулие Андрей бабамның атымен ант етемін, кезінде өзім Глен-Айлде бұғылардың ізіне түскенімдей, бұларды көзімнен екі елі де таса етпеймін! Өзімнің аңшылық кәсіпті ермек үшін игермегенімді оларға дәлелдеп беремін... Әнеки, олар дидарласып та үлгерді... Менің көзім екі кісінің көлеңкесін шалып тұр — демек, олар екеу ғана... Қайткенде де, басымдық менің жағымда емес; егер олардың маған қарсы қаскүнемдік ойлары болса, солай екендігінде енді менің күмәнім жоқ, сөйтіп егер олар мені сезіп қалып жүрсе, онда графиня Изабелла өзінің байғұс досынан айырылғаны деп есептей беріңіз. Ал, бірақ егер мен оның жолында екеу ғана емес, дұшпанның он екісіне қарсы тайсалмай белдесуден бас тартар болсам, графиняның досы деген атаққа лайықты да болмас едім... Мен Францияның ең жау жүрек батыры — Дюнуаның өзімен де күш сынасқан жоқпын ба? Ендеше, қайдағы бір қаңғыбастармен белдесуден жүрексінем бе екен! Атай көрмеңіз, бір құдайдың өзі әрі Андрей әулием жар болғай, өздерінен күштірек, әрі ептірек екеніме олардың көзін жеткіземін!»


Осы ойға бекініп, аңшы тіршілігі үйреткен бар ептілікпен, суы бір тұста тізесінен, енді бір тұста тобығынан ғана келген өзеннің арнасына түсті де, бұтақтары су бетіне төніп, тұтаса өскен сәмбі талдардың тасасымен баяу жылжи берді, ал өзен суының сылдыры оның ілгері басқан әр қадамының дыбысын естіртпей тұрды. (Бір кездерде өзіміз де дәл осы тәсілмен сауысқандай сақ қарғалардың ұясының дәл үстінен түсуші едік қой.) Осы бір тәсілге басып, Дорвард әлгі екеудің қасына байқатпай қоян-қолтық таяп келгені соншалықты, құлағына олардың үні анық естіліп тұрды, бірақ сөз мақамдарын ажырата алған жоқ. Ол қалың бұтақтары су бетіне тиіп тұрғандай дерлік, нән сәмбі талдың түбіне барып тоқтады. Көп ойланбастан-ақ Дорвард талдың жуан бір бұтағынан қапсыра ұстады да, өзінің бүкіл күш-қайраты мен ептілігін пайдаланып, ағашқа лып беріп шығып алды. Сөйтіп өзін тосын көзден біржолата тасалап бүркеп тұрған қалың бұтақтардың ортасына жайғасып отырды.


Осы жерден ол Хайраддин сөйлесіп тұрған кісінің де сыған екенін аңғарды, сөйтіп екеуінің өзіне мүлде түсініксіз тілде сөйлесіп тұрғандарына көзі жетіп, қатты өкінумен болды. Екеуі де сылқ-сылқ күліседі. Хайраддиннің бейне зыта жөнелуге оңтайланғандай қимылына, әрі оның иығын сипалай бергеніне қарап ол қасындағы серігіне өзінің әдияраттан қалай қуылып шыққан оқиғасын әңгімелеп тұрғанын Квентин іштей сезді.


Кенет таяу жерден тағы да ысқырық естілді, сөйтіп Хайраддин мүйіз кернейін тағы да баяу ғана сызылтты. Бір минуттан соң шүйкедей ғана, әрі қауқарсыз екі сығаннан мүлде бөлек тұрпатты, дене бітімі жауынгерге ұқсас, сымбатты, сұңғақ бойлы біреу бұлардың қатарына келіп қосыла кетті.


Ол иығына наркескендей үлкен қылыш асынып алған; шым-шытырық ою-өрнектер мен түрлі-түсті жібек әдіптермен әшекейленіп, лентадан жасалған сансыз көп ілгектермен домбай терісінен тіккен күртесіне кере тартып қойған шалбар киген, оның оң қолының жеңінен қолбасшының гербі — жабайы қабанның күмістен жасаған басы көзге шалынады. Шекесіне шікірейте киіп алған кіп-кішкентай бас киімінен ұзындығы төрт дюйм келетін қою қаба сақалымен тұтасып, бетіне дейін түскен қою шашы анық көрініп тұр. Қолына ұстаған найзасы бар. Киген киімі мен бойындағы қаруына қарап оның ел ішінде ландскнехтілер (біздіңше — найзагерлер) деп аталып кеткен әрі сол кезеңде ең күшті жаяу әскер саналған германдық соғыс әуесқойларының бірі екенін лезде-ақ аңғару оңай еді. Әскердің жалдамалы осы бір түрі қаныпезерлігімен және кісі тонауға деген әуестіктерімен көзге түсіп жүрді. Олардың араларында тіпті бір ландскнехті күнәлары үшін жұмаққа, ал құтырған, асау мінезі үшін тозаққа да маңайлатпай қойған, сондықтан ландскнехтілер жұмаққа барудан үміттерін үзген, ал тозаққа барамын деп қорқуды білмейтін жандар деген аңыз да тарап кеткен.


— Күн күркіреп, найзағай жарқылдасын! — деп саңқ етті тосыннан пайда бола кеткен, ол біздің ұға қоюымыз екіталай, өзінің франко-герман тілінде сәлем берген сыңаймен. — Біз шарттасқан кездесуді кешеуілдетіп, мені неге үш түн бойы сергелдеңге салып қоясың?


— Өзіңізбен жолығуға бұған шейін менің мұрсатым болған жоқ, сударь, — деп жауап қатты Хайраддин ізеттілікпен. — Шотландық бір жас жігіт бізбен бірге ілесіп келеді, оның көзі жабайы мысықтың көзіндей қырағы-ақ. Ол менің басқан әрбір қадамымды торумен келеді, тіпті өзі маған күдіктеніп те қарайтын тәрізді, сірә. Егер өз күдігінің ақиқаттығына көзі жете қалса, ол мені жайратып салады да, әйелдерді Францияға қайта әкетеді.


— Иттің баласы-ау, біз бақандай үшеу емеспіз бе, — деді ландскнехт. — Біз ертеңнен қалмай, таң сәріде оларды тарпа бас саламыз да, ың-шыңсыз әйелдерді алып қашамыз. Қастарындағы екі серігі — қоян жүрек қорқақ деп өзің де мойындап тұрсың ғой, сен жолдасың екеуің солармен шұғылданыңдар, ал мен... осы бар ғой әлгі шотландық мысығыңа қауқарым жетпесе, онда мені сайтан соғып-ақ кетсін!


— Әй қайдам, бұлай ету оп-оңай бола қояр ма екен, — деді Хайраддин. — Жолдасымыз екеумізді айтпай-ақ қояйық: біз төбелесіп жарытпаймыз, ал бірақ сіздің Францияның атақты рыцарымен күш сынасқан әрі бұл сыннан сүрінбей шыққан батырмен белдесуіңізге тура келеді. Ол Дюнуаның өзін қатты састырды дегенді өз көзімен көргендердің аузынан естігенім бар.


— Төбеңнен жай түссін! Өз басын қорқақ болған соң, солай деп тұрсың! — деді герман жауынгері.


— Қорқақтық сізден өтіп, маған жеткен жоқ, — деп үн қатты Хайраддин, — бірақ төбелес менің кәсібім емес. Егер сіз өзіміз уағдаласқандай, шарттан айнымайтын болсаңыз — онда қатып түседі, ал өйтпесеңіз — мен әйелдерді епископтың сарайына аман-есен жеткізіп саламын, сөйтіп осыдан бір апта бұрын мақтанғанындай, шын мәнінде, теңдесі жоқ күшті екені рас болса Гийом де ла Марктің өзі оларды сол жақтан уысына түсіріп ала жатар.


— Мың шайтан! — деп ышқынды ландскнехт. — Әрине, біз әлсіз емеспіз, бұрынғыдан күштірекпіз. Бірақ Бургундиядан жүз найзагер аттанып шығыпты-мыс дегенді естіп жатырмыз, ал мұның өзі, білесің бе, әр найза сайын бес адамнан есептегеннің өзінде, жалғыз-жалқы емес, табаны күректей бес жүз деген сөз. Сөйтіп, егер әлгі сыбыс расқа сайса, бізбен жүздесуге олардың өзі-ақ ұмтылып бақпаса, мені сайтан соға берсін. Мұның сыртында епископтың қол астындағы жаяу әскерден құралған жасақ та сақадай сай тұр десіп жүр. Гәп солай, бауырым!


— Олай болса, Үш Патша кресі басында торуыл жасауға бел байлаңыз немесе бұл істен біржолата бас тартыңыз, — деді сыған.


— Бас тартыңыз дейсің бе? Өз көсемімізге асқан бай қалыңдық алып беруден бас тартамыз ба?! Маған салса, қалыңдықты тозақ ішінен алып шығуға да дайынмын! Басымды өлімге тігіп ант етейін, онда біз бәріміз шетімізден князьдар мен герцогтар — өз тілдеріңе салсаң, дюктар болып шыға келеміз. Біздің шарап сақтайтын қоймамыз да, қыруар француз алтынымыз да болады, ал, бәлкім, тіпті қауға сақалдың өзі жерінген сұлу қыздарына да ие болып қалуымыз ғажап емес.


— Қош, сонымен Үш Патша кресі басында торуыл жасайтын болып ұйғарамыз ба? — деді сыған.


— Әрине, солай деп ұйғарамыз, сайтан алғыр!.. Сен оларды сол жерге жеткізіп саламын деп ант етесің, өзін сияқты дінсіз иттерден басқалардың бәрі де сөзсіз сөйтетіні сияқты, крестің қарсы алдына барып тізе бүгіп, бас ию ниетімен аттарынан түскен шақта біз оларды тұтқиылдан бас саламыз, сөйтіп өздерін қолға түсіреміз.


— Мақұл, бірақ мен бір шартқа бекінгендігімнен ғана масқара бұл іске бой ұрып отырғанымды ұмытпаңдар, — деді Хайраддин. — Әлгі шотландыққа зәредей де зақым келмеуін талап етемін. Егер сіз осыған келісіп, өзіңіздің кельндік үш аруағыңыздың атымен ант етсеңіз, бұл істе өзіңізге адал да аянбай қызмет көрсетемін деп, жеті түн перісінің атымен ант етемін. Бірақ есіңізде болсын: егер антыңызды бұзсаңыз, жеті пері қатарынан жеті түн бойы ұйқыңыздан оятады, ал сегізінші түні өзіңізді буындырып өлтіреді де, жалмап жеп қояды.


— Өзің бір пері соққыр екенсің! Сен ол сұмырайды несіне соншама қызғыштай қорғай бересің? Ол сенің туысың да, жерлесің де емес қой, солай ма? — деді жауынгер.


— Бұл жағында сіздің шаруаңыз болмасын, абзал Генрих. Өз жақынын бауыздап өлтіргеннен ләззат алатын жандар бар ал, сондай-ақ жақынын ажалдан аман алып қалуды ғанибет көретін де жарандар бар. Әркімнің талап-талғамы әр басқа... Жас жігіт аман-есен болады, деп ант етіңіз, қанеки. Әйтпесе — жарық жұлдыз Альдебаранды куәдірлікке тартып, айтарым: —сендер опық жейсіңдер. Басқа ешқандай да антты мойындай қоймайтыныңыз маған аян, демек, өзіңіз бас ұратын Кельндік Үш Патшаның атымен ант етемін бұған.


— Пәлі, нағыз мәжнүннің өзі екенсің ғой! — деді ландскнехт. — Жә, сенің дегенің-ақ болсыншы... Ант етемін...


— Жоқ, жоқ, олай болмайды, — деп сыған оның сөзін бөліп жіберді. — Ер жүрек ландскнехт, бетіңізді шығысқа қарай бұрып тұрыңыз, — әйтпесе жаман айтпай жақсы жоқ, антыңыз патшалардың құлағына шалынбай қалып жүрер.


Жауынгер өзіне берілген нұсқау бойынша антты айтып шықты, бұдан соң уағдаласқан жерден кесімді мерзімде табылатындығы жөніндегі өзінің уәдесіне беріктігін тағы да пысықтап өтті, әрі өздері қазір табан тіреген қостан бес мильден алыс орналаспағандықтан жолығыспақ орындары өте-мөте сәтті сайланғанын атап көрсетті.


— Егер олардың басқа жолмен аттанып кететіндей ойлары болса, — деді ол сөзін жалғап, — қапы қалмас үшін арғы бетке, асхананың сол жақ қанатына біздің сенімді бірнеше солдатымызды күзетке қойғанымыз мақұл емес пе?


Сыған ойланып қалды да, сәлден соң жауап қатты:


— Жоқ, арғы жақта сіздердің солдаттарыңыздың пайда болуы Намюр гарнизонына сезік тудыруы, тіпті қақтығысқа әкеліп ұрындыруы мүмкін, ал оның аяғы немен тынары беймәлім. Сөйтіп кім білсін, жер соғып қалуымыз ықтимал. Және де, басқасын айтпағанда, оларды Маастың оң жақ жағалауымен бастап жүремін: өйткені қай жолмен жүруді таңдау менің еркімдегі іс қой. Таулық шотландығым қаншама айлакер бола тұрса да, бұл мәселеге келгенде ол маған кәміл сеніммен қарайды, бұған шейін жол жағдайын сұрап, бір адамға да жүгінген емес. Бұған таңданарлық та дәнеңе жоқ: мені оған айнымас дос, сырына әбден қанғанша сөзіне ешбір жан күдік туғызбайтын адам жол бастаушы етіп тағайындап отыр ғой.


— Құлағыңды салшы, достым Хайраддин, — деді жауынгер оған қарап. — Менің өзіңе көптен бері қоймақ болып жүрген бір сауалым бар. Бауырың екеуін жұлдызға қарап, болашақты болжаушы көреген бола тұрып, бауырыңның дарға асылатынын қалай білмегенсіңдер?


— Генрих, сенің бұл сауалыңа менің айтарым мынау: егер бауырымның соншалықты ақымақ екеніне көзім жеткен болса, король Людовиктің құпиясын Бургундия герцогына айтып қоятынын білсем, онда мен шілде айында күннің шайдай ашық болатынына шек келтірмейтіндей, оның ажал тырнағына ілінетінін жазбай айтып берген болар едім. Бургундия сарайында Людовиктің көзі де, құлағы да бар, ал Карлдың мына сен стакандардың сыңғырынан қандай ләззат алсаң, француздың алтын теңгесінің сылдырына нақ сондай құмар ақыл-кеңесшілері аз емес... Алайда қош болғайсың әрі уағдаңа берік бол! Ал маған тан қылаң бере-ақ әлгі май басып ірк-ірк еткен талпақ танаулардың қорасынан әрі кеткенде оқ бойындай жерден табылуым керек, әйтпесе менің сергек шотландым секем алып жүрер.


— Тоқтай тұр, әуелі мына зәмзәм суынан бір мәрте қылғытып жібер, — деді ландскнехт өзінің серігіне шарап құйылған құтыны ұсына беріп. — Тьфу мүлде ұмытып кетіппін ғой! Сен Магунд пен Термаганттың бағзы бір жексұрын құлындай, күллі хайуанаттар сияқты таза судан басқа ештеңені аузыңа татып та алмайды екенсің ғой.


— Шөлмектің жексұрын құлы нағыз сенсің! — деп үн қатты сыған. — Сенен гөрі ақылдырақ бастар ойлап тапқан зұлым жоспардың ең қатал бөлігін орындау саған жүктелгеніне мен зәредей де таңданбаймын. Біреудің ішіндегі ойын білгісі, ал өз құпиясын сақтағысы келетін кісі бір тамшы да шарап татпауға тиіс. Бірақ мұны саған айтқаннан не пайда? Сен де бір, сонау тандыры кепкен Арабия құмы да бір, шөлдерін қанушы ма еді! Қош болғайсың. Менің жерлесім Туисконы қасыңнан тастамай ерте кеткін: оның әдияраттың маңында көзге шалынуы күдік туғызып жүрер.


Сонымен бір-біріне лайықты серіктер Үш Патша кресі басында ертең жолығысатын болған уағдаларын өзара тағы да бір мәрте пысықтасып тарқасты.


Квентин Дорвард олардың қаралары үзілген мезетте ғана өзі бой тасалаған ағаштан ың-шыңсыз жерге түсті. Таңғажайып сұлу графиняның басына төнген сұмдық қауіп-қатерді ойлағанда жүрегі аттай тулап, дүрсіл қағып қоя берді. Әттең кім біледі, бұл қауіптен құтыла ала ма, сөйтіп графиняға опасыздықпен жасалатын арам пиғылды жүзеге асыртпай тастау өзінің қолынан келе ме, жоқ па. Қайтар жолында Хайраддинмен кездесіп қалып жүрермін деп қауіптенген ол әдияратқа қарсы жақ беттен келіп кіру үшін шөп басып, аяққа оралғы бола берген соқпақ жолдармен жүріп, алыстан орағытуына тура келді.


Жол-жөнекей ол өзінің болашақ жоспарын мұқият ойластырумен болды. Әуелгі бетте, Хайраддиннің опасыздық жасағанына көзі жетіп, олардың мәслихаты аяқталып, серіктері ұзап кеткен кезде оны өлтірмек болған ой да келді; бірақ Хайраддин өз өмірін сақтап қалуға қалай қамқорлық жасағаны есіне түсіп, опасызды ең қатал жазаға тартса, өз тарапынан қиянат болар деп ойлады. Сонымен Квентин Хайраддинді тірі қалдыруға және тіпті, егер орайы келсе, құтқарып алу жолында өзінің өмірін қиюға да әзір таңғажайып графиняға кәміл қауіпсіздік жағдай жасаудың барлық шараларын қолданып, Хайраддинді жол бастаушы етіп қалдыра беруге де ұйғарды.


Бірақ бұл ретте өзінің қандай амал жасағаны абзал? Графиня де Круалар өздері қашып шыққан Бургундиядан да, сондай-ақ өздерін сыйғызбай қуып жібергендей болған Франциядан да пана таба алмас еді. Графинялар үшін: герцог Карлдың ашу-ызасы ма әлде король Людовиктің шімірікпес зымиян саясаты қауіптірек пе, бұл жағын ажыратып айту оңай емес-ті. Ойланып-толғана келе Дорвард торуылға түсіп қалмас үшін Маас өзенінің сол жақ жағалауымен жүруге, әрі графинялардың өздерінің қалауы бойынша Льеж епископының қарауына мүмкін қадерінше тездетіп жеткізіп салуға шешім қабылдады. Қадірменді прелаттың ханымдарды өзінің қол астына алуына келісімін беретіндігінде күмән болуы мүмкін емес-ті, ал ел арасында айтылып жүргеніндей, Бургундиядан оған әскери күш көмекке келген, шын мәнінде, расқа сайса, онда оларды қорғай да алады. Тіпті егер Гийом де ла Марктің қаскүнемдік ниеті мен Льеж шаһарындағы ереуілдер асқынып іс насырға шапқан күнде де, ханымдарды сенімді күзетпен Германияға өткізіп салуына әрқашан да оның мүмкіндігі болады.


Ақыр соңында Квентин король Людовиктің безбүйректікпен өзін өлімге немесе тұтқындыққа кескен ұйғарымы енді өз басына толық бостандық береді, сөйтіп француз королі алдындағы бүкіл жауапкершілік атаулыдан азат етеді, бір шешім қабылдағанымызда тікелей өз ойымыздың ықпалына беріле қоймайтын біздің қайсымыз бар? — деген тоқтамға келді, сөйтіп ол табан астында оның қол астында қызмет атқарудан бас тартуға ұйғарды. Епископ, сірә, солдаттарға зәру болар, сондықтан қазір өзін дос санап кеткен кереметтей сұлу сапарлас ханымдардың (әсіресе жасы үлкенінің) көмегімен жас өспірім жігіт прелаттың қарамағына әскери қызметке орналасамын деп үміт етті, сөйтіп мұның сәті түссе кім білсін?.. Графиня де Круаларды Льеж маңынан гөрі неғұрлым қауіпсіздеу бір жерге жеткізіп салу міндеті өзіне тапсырылып та қалар. Осы бір тұста жолшыбай ханымдар бейне әзілдескен сыңаймен жас графиняның вассалдарын көтеріліске бастауды, оның бекінісін нығайтуды (сол бір аласапыран заманда көптеген жандар солай істеген еді), сөйтіп, бүкіл шабуыл атаулыдан қорғануды әлденеше дүркін әңгіме еткендері оның есіне түсіп кетті. Бір жолы ханымдар қалжыңға сайып, бұған өздерінің сенешал болу жөніндегі қауіпті қызметті мойныңа алар ма едің деп сауал қойғаны да бар, сөйтіп, бұл сауалға шын ынта-ықыласымен, шаттана келісімін беретінін жеткізгенде, графинялар масайрай күлісіп, осынау құрметті қызметті өзіне сеніп тапсыратындарының әрі оны осы қызметке бекітетіндерінің белгісі ретінде оған өздерінің қолдарын сүюге рұқсат етті. Осының өзінде оған графиня Изабелланың ақ білегі, сүйріктей саусақтары — адал берілген вассал бұрын-соңды өзі сүйіп көрген қолдардың ішіндегі ең ғажайып әдемісі — ернімен өпкенінде (этикет талабынан ұзағырақ кідіріп) дірілдеп кетті де, сөйтіп ақыры қолын тартып алғанында, жігіт оның өзіне ыңғайсыздана қарап, бетінің ұшы дуылдап шыға келгенін байқамай қалған жоқ. Осының бәрі аз ба екен? Квентиннің жасындағы батыл адам, мұның орнында болса қандай да бір шешім қабылдарында осынау бір әсерлер мен ойларды қалай-ақ ескермейді?


Бұл мәселені тәмамдасымен, ол опасыз сығанға қандай шара қолданудың жоспарын егжей-тегжейіне шейін ойластыра бастады. Сығанды осы табанда, орман ішінен ұзатпай-ақ жайратып салмақ болған бастапқы ниетінен бас тартқанымен, оны басқа бір жол бастаушымен алмастырып, ал Хайраддинді босатып, өз бетімен қоя бере алмақ емес, өйткен күнде өздерінің әрбір басқан қадамын білетін тыңшыны Гийом де ла Марктің қасына өз қолымен аттандырып салғанмен пара-пар еді. Ол бұл оқиға туралы әдиярат ғибратшысына айтып, өздері епископтың бекінісіне жетіп алғанша сығанды әдияратта күштеп тұтқындай тұруын өтінуді де ойлады; бірақ қызмет жағдайына, әрі жас жағынан егде тартуына байланысты жасқаншақ, жалтақ адамға, қарауындағы әдияратының қауіпсіздігін ойлауды өзінің ең басты парызы санайтын және Арденнің жабайы Қабаны атының өзінен зәресі ұшып қалтырап-қалшылдап тұратын қарт кісіге мұндай тілек айтуға батылы бармады.


Ең ақырында Дорвард қолданар шараларының жоспарын пысықтап алды, оның сәтімен тәмамдалатынына күмәнданбады, өйткені бұл жоспардың орындалуы ақыр аяғына шейін, тұтасымен тікелей өзіне байланысты, ал мұндай істе ол өзін қолынан келмейтіні жоқ, барынша қабілетті адам санайтын. Жағдайының қыл үстінде тұрғанын сезгенімен, қайткенмен де оның еңсесі түскен жоқ, болашағына үмітпен қарады, өзін мойнына тым ауыр жүк түскен, бірақ оны көтеруге шама-шарқы кәміл жететін кісіше ұстады. Әдияратқа тақап келген мезетте, жан-жақты ойластырылған жоспары әзір еді.


Ол дарбазаны ақырын ғана тықылдатты, құрметті әдиярат ғибратшысының әмірімен оның келуін күткен монах сол заматта-ақ дарбазаны ашты; монах жас жігітке қасиетті әдиярат ішінде болып өткен жанжалға қатысқандары үшін тәңіріден кешірім жалбарынып, шіркеудегі бүкіл монахтар таң атқанша шоқынып, құлшылық ететінін хабарлады.


Монах Квентинге өздерінің құлшылық рәсімдеріне қатысуды ұсынды, бірақ жас шотландықтың киімі малмандай боп суға малшыланғаны соншалықты. ол бұл ұсыныстан бас тартуға мәжбүр болды, сондықтан таңертеңгісін сапарға қайта шығу үшін асханаға барып киім-кешегін жайып, кептірініп алуға рұқсат етуін өтінді. Сыған таңертеңгісін өзімен жолыққанда, мұның түнгі жортуылы туралы сезіп қалуын мүлде қалаған жоқ еді. Монах Квентинге рұқсатын беріп қана қоймай, сонымен бірге өзінің де мұның қасында болуға ықыласты екенін білдірді. Бұған Дорвард қатты қуанып қалды, өйткені сыған мен ландскнехт әңгіме шерткен екі айырық жол туралы одан толық мәлімет аламын деп үміт етті. Күткеніндей-ақ, Квентиннің сұқбаттас серігі оған басқа барлық монахтардан да бағалы мәлімет бере алатын болып шықты, неге десеңіз, ол әдиярат шаруасымен жиі-жиі сыртқа шығып тұрады екен; әйтсе де тақуа оған барлық жайларды бүкпей ақтарып салған соң, Кельнге аттанып бара жатқан жолдарында аялдаған, әрі көптеген кереметтер жасаған Каспардың, Мельхиордың және Бальтазардың (Вифлей шаһарына сыйларын әкелген шығыстың үш кемеңгеріне католик шіркеуі қойған есімдер) қасиетті сүйектері жерленген орынға орнатылған Үш Патша кресіне тағзым ету үшін Квентиннің қасына еріп келе жатқан ханымдар өз сапарларын Маас өзенінің оң жақ жағалауымен жалғаулары керектігін ескертіп өтті.


Қасына ерген графинялар жол-жөнекей қасиетті барлық орындарға, соның ішінде Үш Патша кресі басына да міндетті түрде соғуға ұйғарғандарын, бірақ олар мұнда Кельнге бара жатып немесе қайтар жолдарында соғарын біле алмай отыр, өйткені қазіргі шақта Маас өзенінің оң жақ жағалауында баукеспе Гийом де ла Марктің қарақшылары пайда болуы себепті бұл арамен жүру қауіпті деседі ғой деп жауап қатты Квентин.


— О, жасаған, өзің жар бола гөр, — деп күңіренді монах. — Арденнің Жабайы Қабаны шынымен-ақ өз апанын тағы да бізден іргелес жерден сайлағаны ма? Мейлі, егер тіпті солай-ақ бола берсін. Маас — ені жалпақ өзен, сондықтан біз бен олардың арасындағы берік тосқауыл болуға әбден жарап жатыр.


— Бірақ егер біз арғы жаққа өтіп алып, оң жақ жағалаумен сапар шексек, онда өзен біз бен әлгі қарақшылардың арасына тосқауыл бола алмақ емес, — деп ескертті Квентин.


— Жаратқан ием өз пенделеріне жар болады, балам, — деді монах, — Өз іргесінде қаныпезерлердің пайда болуына төзбейтін Кельн шаһарының ізгі ниетті әулиелерінің аруағы өздеріне тағзым ету үшін келген сопыларды тонау сияқты, соның ішінде Израильдің күллі он шақты буын ұрпақтарымен қоса есептегенде мәжуси-сарациндердің қарақшылар тобынан да саны асып түсетін Арденнің Қабаны тәрізді опасыз төбеттері тарапынан тонау сияқты әділетсіздікке жол бере қоюы мүмкін деп ойлаудың өзі қиянат болар еді.


Мейірбан католик болуы себепті Квентин Кельн шаһарының әулиелері аруағының шапағатын қанша жоққа сая алмаса да, қасына ерген серік ханымдары тақуалық пиғылдан емес, қайта бір амал ойлағандықтан өздерін сопымыз деп жария еткендерін білетіндігінен іштей мұндай көмекке сене қойған жоқ-ты. Сондықтан ол мүмкін қадерінше ханымдарды керемет күштің шапағатына ғана тәуелді болатындай күйге душар етпеуге ұйғарды. Әйткенмен де өзінің әдеттегі діни кіршіксіз нанымына орай, егер осынау кемеңгерлер мен әулиелердің аруағының графинияларды қайткенде де жазымға ұшырамауы қазір өзінің ең басты қам-қарекетіне айналған әйелдерді межелі орнына аман-есен жеткізіп салуына септігі тиетін болса, онда Үш Патша кресіне барып тәжім жасауға серт етті.


Діни парызын салтанатты жағдайда орындамақ болып, ол монахтан әдиярат шіркеуіне жалғаса орналасқан ғибадатханалардың біріне ертіп апаруын өтінді. Сөйтті де ғибадатхана ішінде құдайға жалбарына сиынып, тізерлей отыра кетіп, өзі әлгінде берген сертін іштей құлшына қайталап айтып шықты. Әдиярат хорының құлаққа алыстан шалынған әуезі, тақуалық парызын орындау үшін Квентиннің көңілі қош көрген түннің бір уағындағы манаураған тыныштық, готика үлгісі мен салынған шап-шағын үйге жарығын түсірген білте шамның жылтыраған сәулесі — осының бәр-бәрі жас жігіттің бүкіл жан дүниесін әдетте адам өз дәрменсіздігін оп-оңай мойындайтын, сөйтіп, тәңірінің бір өзінің ғана қорған әрі қамқоршы болуын жалбарынып өтінетініндей бір халге бөлеп әкетті. Ал мұндай күйді кешу әрқашан да адамның пендешілікпен жасаған күнәсін есіне түсіріп, бұл күнәлерін кешіруін өтінетін және болашақта теріс қадам жасамауға батыл уәде ететін жан тебіренісімен нық байланысты. Егер жас жігіттің осынау тақуалық ынтызарлығы тіпті дұрыс бағдар таппаса да, қалай болғанмен, оның көңілі кіршіксіз, пәк еді, сондықтан оның ыстық ықыласымен, бар пейілімен құлай құлшылық етуін жаратқан иемнің бір өзі қабыл алғанына біз шүбә туғызбаймыз, өйткені жаратушы иеміз үшін маңыздысы рәсім емес, ынта-ықылас, адал пейіл, әрі оның көз алдында фарисейдің екі жүзділігінен гөрі мәжусидің ақ пейілімен ақтарылуы бағалы.


Өзін және қасына ілескен бишара графиняларды әулиелердің қамқорлығына және құдайдың өз қарауына тапсырып, құдай жолына терең берілгендігімен монахқа күшті әсер қалдырған Квентин ақыр-соңында тынығуға бет алды.


XVIII ТАРАУ


АЛАҚАНҒА ҚАРАП БАЛ АШУ



Көп әндеттік, көп ойландық, көп күлдік,
Оны біздер жол ұзарту деп білдік.
Бас айналып шат күлкіден көңілді,
Сапарымыз бітпейтіндей көрінді.


Сэмюел Джонсон



Таң қылаң бере-ақ Квентин Дорвард өзі түнеген шағын құжыра ішінен сыртқа шықты, қызметшілерді ұйқысынан оятты, сөйтіп сапарға әзірлік ісін әдеттегісінен тыс ыждағаттықпен қадағалауға кірісті. Сапарға аттануды көбінесе бөгей беретін, ал кейде тіпті оны кейінге қалдыруға мәжбүр ететін сырт көзге ұсақ-түйектей болып көрінетін қол байлауларға жол бермеуді көздеп, жүгендердің, тізгіндердің, күллі әбзелдердің жай-жапсарын және аттардың тағасына шейін тікелей өзі тексеріп шықты. Ұзақ жолда болдырмау, ал егер қажет бола қалған жағдайда құйындатып шапқылап өту үшін ол аттарды өзінің көзінше жақсылап жемдеуді талап етті.


Жол қамын атқарып бітісімен, Квентин құжыраға қайта кірді де, төніп келе жатқан қауіп-қатерді іштей сезетін, бірақ ақтық мүмкіндігіне шейін қайыспас табандылықпен күресуге тас түйін бекініп, одан тайсалмай тура қарайтын адамдай қаруын айрықша бір ыждағаттылықпен сайлап, семсерін беліне асып алды.


Осынау бір ізгі шешім оның жүріс-тұрысына болаттай беріктік, сымбатына байсалдылық бітіргендей, Графиня де Круалар бұрын оның бұл қасиетін аңғара қоймаған-ды. Рас Квентиннің өз отанында алған тәлім-тәрбиесі мен саяқ өмірінің жемісі — оның сұлу келбеті, кісімен қарым-қатынасы мен әңгімелескен кезіндегі табиғилығы, жаратылысынан біткен ақылдылығы мен өзіне ғана тән қарапайымдылығының айрықша ұштасып жатуы графиняларға әмәнда ұнап тұрушы еді. Бүгін өздері жолға дағдылы әдеттерінен ертерек аттанатындарын Квентин ханымдарға хабарлады.


Олар таңғы астарын ішісімен, аттанып та кетті. Ас-суларының ақысы және әдиярат тақуаларының өздеріне көрсеткен бүкіл меймандостығы үшін ханымдар тақуамыз деп ойдан қиыстыра салған жалған атақтарынан шын мәніндегі атақ-дәрежелеріне анағұрлым лайықтырақ келетіндей мөлшерде садақаларын беріп, шіркеу меһрабын риза етті. Бірақ олардың бұл жомарттығы ешкімнің де шүбәсін туғыза қойған жоқ, өйткені ханымдарды әдияраттағылар, ағылшындар деп қабылдасты, ал сол бір заманда, дәл қазіргі біздің кезіміздегідей, ағылшындар ең дәулетті тұратын халық деген даңққа бөленген-ді.


Жолаушылар атқа қонғанда әдиярат ғибратшысы оларға оң сапар тіледі, бұзық жол бастаушыдан жақсы құтылғанын айтып, Квентинді құттықтап та қойды.


— Сүйенерің ұры-қары немесе қарақшы болғаннан жолдан адасып кеткеннің өзі артық, — деп сөзін жалғады қадірмен қария.


Квентин оның бұл пікіріне қосыла қойған жоқ. Сығанға сенуге болмайтынын ол білмейді емес, бірақ қазір сығанның опасыздық еткеніне көзі жете тұра, өз қулығын одан асырып түсіргісі келді, әрі оның қызметін пайдалануды ұйғарды. Квентиннің сығанды ойлап алаңдауы ұзаққа созылған жоқ: салт аттылардың үркердей ғана тобы әдияратты шыр айнала орналасқан поселкеден жүз ярд ұзап шығып үлгермей-ақ, өзінің сабалақ асау атымен Мограбин оларды қуып жетті. Жол өткен түнде Квентин құпия кеңеске құлақ түріп тың тыңдаған әлгі бір өзен бойымен көсіліп жатыр, ал Хайраддин бұлардың қатарына келіп қосылған соң көп ұзамай, шеру жас жігіт бой тасалап, жол бастаушының ландскнехтпен екеуінің арасындағы әңгімесін тыңдап отырған қою бұтақтары жер сызған сәмбі талдың тұсынан өте берген-ді.


Осы бір орынды көзі шалғанда ғана өзінің опасызбен осы уақытқа шейін ләм-мим деп тіл қатыспағаны Квентиннің есіне түсе кетті де, күрт соған қарай бұрылып сөз бастады:


— Сен қайда түнеп шықтың, сұмырай?


— Егер үсті-басыма көз салсаңыз, өзіңіз де іштей сезе қоясыз, — деп сыған шапанына жабысқан шөп-шаламды нұсқады.


— Шөмеле, — жұлдызға қарап бал ашушы үшін таптырмайтын төсек, — деді Квентин. — Біздің қасиетті дініміз бен тәңірінің пенделеріне дақ түсіретін, өзі құдайдан безген адам үшін тіпті айрықша жайлы төсек.


— Қалай болғанда да бұл шөмеле өзімнен гөрі, мына жануарыма қаттырақ ұнап қалды, — деді Хайраддин, атының мойнынан сипалап. — Жануардың іздегені: азығы да, ықтасыны да алдынан табыла кетті. Әлгі жалтыр бас есірік немелер жануарды қора ішінен қуып шықты — сірә, есті адамның мінген атының да ақылы есектер үйіріне жұғып жүрмесін деп қорыққан болулары керек. Жануар менің ысқырығыма үйреніп алғаны, сөйтіп соңымнан итше ілесе беретіні жақсы болар ма, әйтпегенде, біз екеуміз, сірә, бірі-бірімізден мәңгі-бақи адасып қалар едік, ал ондай жағдайда, сіз де өзіңіздің жол бастаушыңызды іздеп, ғасыр аяқталғанша ысқырумен өтер едіңіз.


— Саған, — деді Дорвард үнін қатайтып, — жібі түзу адамдармен ұшырасқан кезіңде — мұндай сыбағаға, мен білсем, осы уақытқа шейін жиі ие болып та жүрген жоқсың ғой — өзіңнің сала құлаш тіліңді тартыңқырап сөйле деп мен неше мәрте ақылымды айтып келемін. Сондықтан егер сенің мәжуси, әрі құдайдан безген сұмпайы ғана емес, сонымен бірге сатқын екеніңе де көзім жете қалса, шотландық қанжарым өзіңнің арам жүрегіңді лезде жарып жібереді. Әрине, саған сазайыңды бұлай тартқызу мен үшін шошқа бауыздағаннан кем соқпайтын қорлық болар еді.


— Алайда жабайы қабан мен үй шошқасының тұқымы бір, — деп салды сыған Квентиннің өңменнен өткен көзқарасынан міз бақпай әрі өз-өзінен құбыла қалған қыршаңқы да селқос сарынын зәредей де өзгертпеген күйі. — Сөйте тұрса да, көптеген адамдар қабан жайратқаннан ләззат пен пайда ғана тауып қоймайды, сонымен бірге оны өз басы үшін абырой да санайды.


Өзіне емеурін білдіргендей болып көрінген бұл сөздерге қайран қалған оның бұл хикаялар туралы сөйлесуге мүлде құлқы соқпады. Басынан кешкен оқиғалар сығанға мәлім болуы мүмкіндігіне шүбәланған оймен, өзінен өзі қысылған Квентин әңгімені сонымен қысқартты да, ханымдарға қарай беттеп — өзінің үйреншікті орнына барды.


Жас жігіт пен қасына ерген ханымдардың арасында бір қыдыру уақыттан бері достық қарым-қатынас орнағанын біз жоғарыда еске салып та өткенбіз. Квентиннің нағыз дворян екендігіне көзі кәміл жеткен үлкен графиня онымен енді терезесі тең, тіпті өзіне ерекше бір іш тартатын адамша сөйлесетін болып алды; ал оның сіңлісі өздерінің ортақ қорғаушыларымен қарым-қатынасында әлдеқайда ұстамдылық көрсете тұрғанымен, Кветинге графиняның қысылыңқырай беретін сыпайыгершілігінен өзін әлдеқайда ұнатып қалғандай көрінді.


Албырт шақтың көңіл-қошын өзгелер көңілінен шыққанын сезінуден артық дәнеңе де қыздыра алмақ емес және көңіл-қошының сәнін бұдан басқа дәнеңе де келтіре алмақ емес. Міне, сондықтан сапардың бүкіл өне бойында Квентин біресе қызу әңгімемен, біресе өз елінің әнімен һәм аңыздарымен қарауындағы ханымдардың көңілін табуға тырысып бақты. Әндерді ол өзінің ана тілінде шырқаса, ертегілер мен аңыздарды тілі жеткенше французша баян етті. Мұның өзі көп тұста түсініктер беріп тұруына себепші болды да, олары әңгіменің өзінен гөрі де қызықты болып шығып отырды. Бірақ бүгін ертеңгісін мазасы болмаған Квентин терең ойға шомып, ханымдардың қасында үн-түнсіз ілесіп келе жатты, оның мұнысын графиняның екеуі де, әлбетте, сол заматта-ақ байқап үлгерді.


— Біздің жас жігітіміз, сірә, қасқырға тап болып қалып, тілден айрылған тәрізді, — деді графиня Амелина ескі бір ырымды еске алып.


«Мен түлкінің ізіне түстім десем, абзалы сол болар еді», — деген ой келіп тұрды Квентинге, бірақ ләм-мим деп тіс жарған жоқ.


— Сіз өзі сырқаттанып қалғаннан саусыз ба, сеньор Квентин? — деді графиня Изабелла қамығып, сөйтті де екеуінің араларындағы алшақтау қарым-қатынастан артығырақ ықылас білдіргеніне өзінен-өзі қысылып, екі бетінің ұшы дуылдап, алаулап шыға келді.


— Оның кеше сауықшыл монахтармен сайран салғаны көрініп тұр, — деді Амелина бике. — Шотландықтар да немістерше шарап ішіп, көңіл көтергіш келеді, ал кешкісін тәлтірек басып биге шығады, сонан соң ертеңгілік әулеттерінде бастары сынып, ауырып тұрғанда ханымдар жататын бөлмеге келіп кіруден де қымсынбайды.


— Қалай болған күнде де, графиня, сіздің аузыңыздан мұндай сөз еститіндей менің кінәм бола қойған жоқ, — деп жауап берді Квентин. — Құрметті монахтар түні бойы құлшылық етумен болды, ал мен болсам түні бойы көп болғанда бір сапты аяқ қана ең әлсіз, ең қарапайым шарап іштім.


— Демек, ол әдияратта ораза тұтқаннан көңілсіз болып шықты ғой, — деді графиня Изабелла.


— Еңсеңіз түспесінші, сеньор Квентин, — егер сәті түсіп, өзімнің көне заманғы Бракемонт қамал-сарайымызға бірге баратын болсақ, сізге Гохгейм мен Иоганнисбергтің жүзім өсірушілері ешқашан да жасап көрмеген шарап ұсынуға, тіпті өз қолымнан бір тостаған шарап құйып беруге серт етейін.


— Сіздің қолыңыздан бір стақан су ішсем, графиня... — дей беріп еді Квентин, бірақ оның даусы дірілдеп қоя берді.


Ал Изабелла Квентиннің «сіздің» деген сөзді айрықша бір сыпайыгершілікпен бөліп айтқанын байқамаған кісідей өз ойын жалғастыра түсті:


— Бұл шарап Бракемонттың жер астынан терең етіп қазылған қоймасында ұзақ жылдар бойы сақталған, — деді. — Сонау Готфридтің рейнграфы, менің бабамның қорынан сақталып қалған сарқыт...


— Сол жолы ол он рыцарь қаза тапқан даңқты Страсбург сайысының жеңімпазы атанған, — деп Амелина бике сіңлісінің сөзін қостай кетті. — Изабелланың әжесінің әжесін айттырған кісі. Бірақ, әттең, ол келмеске кеткен заман болды ғой, сондықтан бұл күнде азап шеккен арулардың абыройын қорғап, оларды азат ету жолындағы қауіп-қатерге басын тігетін сабаздың табыла қоюы екіталай.


Әдетте осы заманғы әдет-ғұрыптардың тұрпайылығына налығыш келетін, қартаң тарта бастаған көрікті бәйбішелердің аузынан естілетін сарынмен паш етілген осы бір сөз жүйесіне Квентин «графиня Амелина келмеске кетті деп санайтын рыцарьлық рух жер бетінен біржолата жойылып біткен жоқ және егер бұл рух белгілі бір елдерде солғын тарта бастағанның өзінде, қайткенмен де, шотландық дворяндардың жүрегінде бәз-баяғыдай жалын атып лапылдауда» деп қарсы дау айтуды мақұл көрді.


— Жоқ, бұл ғажап екен! — деп дауыстап жіберді графиня Амелина, — Франция мен Германияда атам заманда-ақ өшіп қалған ізгі от мұның суық соққан сұрықсыз елінде лаулап тұр дегісі келеді өзінің! Байғұс жігітіміз өз отанына деген сүйіспеншіліктен есі кеткен Швейцарияның таулық жердегі тұрғынын есіме түсіріп тұр менің... Ол енді бізге көп ұзамай Шотландияның жүзімдіктері мен зәйтүн баулары туралы әңгіме соғатын сыңайы бар.


— Жоқ, мадам, шарап пен зәйтүн жайын сөз етер болсақ оған дәулеттірек көршілеріміздің бізге тартқан сый-сияпаты ретінде қолымыздағы семсердің ұшымен, білектің күшімен ғана ие боламыз, — деп жауап қатты Дорвард. — Ал егер шотландтардың кіршіксіз адалдығы мен дақ түсіп көрмеген намысын сынамақ болсаңыздар, ақырына шейін сенуге болатындығына көз жеткізулеріңіз үшін ұзамай-ақ бұл жөнінде өздеріңіздің әділ қазы болуларыңызға мүмкіндік беремін, өйткені қарауыңыздағы қарапайым қызметшілеріңіз сіздің қауіпсіздіктеріңізге кепіл болу үшін өзінің адалдығы мен намысын ғана алдарыңызға тартады.


— Сіз жұмбақтап барасыз... Біздің басымызға қара бұлт үйіріліп келе жатқан жоқ па осы? — деді леди Амелина.


— Мен оның жанарынан бір сұмдықтың боларын аңғарғаныма көп болды! Қасиетіңнен айналайын әулие бибі, біз қандай күйге душар болғалы тұрмыз? — деп қамыға сөйледі Изабелла қолын жайып.


— Өздеріңіз нені қаласаңыздар, сол жүзеге асып қалар. Бұдан үмітсіз емеспін, — деп жауап қатты Дорвард. — Бірақ, ізгі ханымдар, өздеріңізге бір сауал қоюыма рұқсат ете көріңіздер: маған сенесіздер ме?


— Сенеміз бе? Әрине, — деп жауап қатты графиня Амелина.— Бірақ мұндай сауал қойып не керек? Және де біздің сенімімізді қандай мақсатпен талап етіп тұрсыз?


— Мен өз тарапымнан сізге кәміл әрі сөзсіз сенім артамын, — деді графиня Изабелла. — Егер сіз бұл біздің үмітімізді ақтамайтын болсаңыз, Квентин; шындықты жерден емес, көктен іздеу керек деп білемін.


— Мен сіздердің сенімдеріңізді ақтаймын да, — деді Дорвард уылжыған қыздың сөзіне сүйсініп. — Мәселе былай болып тұр: маршрутымызды сәл ғана өзгертпек ниетім бар, сөйтіп, Маастың арғы бетіне Намюрдың тұсынан өтудің орнына, Льежге өзеннің сол жақ жағалауымен тартып кетпекпін. Бұл король Людовиктің әмірі мен біздің жол бастаушымызға берген нұсқауына сай келе қоймайды, бірақ мен Маастың оң жақ жағалауында қарақшылар тобы жосып жүр, ал оларды тыю үшін Бургундиядан әскери отряд аттаныпты деген сыбыс естіп келіп тұрмын әдияраттан. Біз үшін бұлардың екеуі де қауіпті сияқты көрінеді маған. Жол маршрутын өзгертуіме келісім бересіздер ме?


— Егер сіз солай деп тапсаңыз, біз бұған қуана-қуана келісеміз, — деді жас графиня.


— Сәулешім-ау, — деді бұған өз қарсылығын білдірген графиня Амелина, — жас жігіттің бізге ізгілік қана тілейтініне өзің сияқты менің де шүбәм жоқ, бірақ есіңде болсын: біз бұлай етсек, король Людовиктің талап еткен әмірін бұзған боламыз.


— Қош, сонда біз оның әмірін орындауға неліктен тиісті екенбіз? — деп сұрады графиня Изабелла, — Шүкіршілік, өзім, әйтеуір, оның қол астындағы пендесі емеспін, ал егер өзінің ұйғаруы бойынша оның қанаты астынан пана табамыз деп иланып қалсам, менің бұл сенімімді ол аяқ асты етті, сондықтан ол өзінің алдындағы бүкіл парыз, жауапкершілік атаулыдан мені босатып отыр. Жоқ, мен өзіміздің жас қамқоршымыздың көңіліне қаяу түсіргім келмейді, зәредей де күмәнданбай, серттен тайған зұлым да өр көкірек корольдің ешқандай әміріне де қарамастан, Квентин не айтса соған бас иемін!


— Бұл сөзіңіз үшін жаратқан иемнің нұры жаусын сізге, графиня! — деп насаттана сөйледі Квентин. — Сондықтан егер мен сіздерді алдайтын болсам, бұл ғұмырымда мені кескілеп өлтірсін және болашақта мәңгі-бақи тозақ отына қақтасын, — мұның өзі де мен үшін тым жеңіл жаза болар еді!


Осы сөздерді айтып болысымен атын тебініп қалды да, сығанның қасына жетіп барды. Осынау сабазға, сірә, жайсаңдық пен кек сақтауды білмейтін мінез тән болуы керек: өзінің атына айтылған қатты сөз де, лезде ұмыт болатын, әйтеуір, осылай көрініп тұрушы еді; сонымен Квентин оған тіл қатқан мезетте, бейне екеуі ауыр сөзге келмеген кісіше ол жайбарақат түрде жауап қатты.


«Итің тіпті ырылдар емес қой өзі, — деп ойлады ішінен шотландық. — Өйтетін себебі, бір сәті келгенде тамағымды орып жіберіп, саудамды біржолата бітірмек; бірақ мұнысын көрерміз әлі: бәлки, сатқын немені өзі қаруымен омақастырудың орайы келіп те қалар».


— Бері қарашы, достым Хайраддин, — деді ол, — өзіңмен бірге, міне, он күн бойы сапар шегіп келеміз, сөйтсе де сен болашақты болжай білетін өнеріңді бізге бір мәрте де көрсеткен жоқсың. Ал өзің бұл өнеріңді мактан ететінің сонша, біз әр жолы әдияратқа түскен сайын өзіңді қуып шығып, шөмеленің астында түнеп шығатын пана іздеуіңе мәжбүр ететін болса да, бұл өнерді білетіндігіңді айтып мақтанудан жалықпайсың.


— Сіз бал ашып беру жөнінде бір рет те өтінген жоқсыз, — деп жауап қатты сыған. — Басқалар сияқты сіз де өзіңіз түсіне қоймайтын бұл өнерді мазақ етесіз ғой.


— Олай болса, сен өз өнеріңді көрсетіп бақшы, қанеки, — деді де Квентин қолғабын шешіп, қолын сығанға ұсынды.


Хайраддин Квентиннің алақанындағы бүкіл айқұш-ұйқыш сызықтарға, сондай-ақ саусақтарының түбіндегі буындарға зер сала шолып өтті, біздің заманымызда адамның бас сүйегінің бұдырына қарап жоритындай, сол бір кезде саусақтардың түбіндегі буындарды адамның мінез-құлқымен, әдет-дағдысы және тағдырымен тығыз байланысты деп санайтын-ды.


— Бұл алақан, — деді ақыр соңында Хайраддин, — балалық шақтан еткен еңбекті, бастан кешкен қиыншылық пен қауіп-қатерді паш етеді. Семсердің қолыңызға балалық шақтан таныс екенін көріп тұрмын, бірақ бойтұмардың да оған жат еместігі байқалады...


— Жә, менің өткен өмірімді біреу-міреулерден сұрастырып біліп алуың мүмкін ғой, — деді Квентин оның сөзін бөліп. — Сен маған болашағым туралы айтшы.


— Шолпан дөңінен басталып, — деді сыған сөзін жалғап,— келе-келе өмір жолымен жалғасып кете баратын мына бір сызықта өзіңіз қалыңдық айттырған соң не болатын дәулет, шалқыған дәулет туралы баян етеді. Сіздің махаббатыңыз сәтті болады, байлыққа, атақ-даңққа бөленесіз.


— Алдарыңа келген адамның бәріне де айтар жоруларың осы, — деді Квентин, — үйреншікті айлаларың ғой бұл.


— Қазір мен өзіңе айтқаным басыңа осы таяу арада қауіп-қатер төнетініндей рас, — деді Хайраддин, —Өмір жолын кесіп өтетін, мінеки, мынау бір қызғылтым сызықша семсерден әлде басқа бір озбырлықтан төнген қауіп-қатерді аян етеді. Өзіңізге адал берілген досыңыздың көмегімен сіз бұл қауіп-қатерден аман-есен құтылып кетесіз.


— Сенің көмегіңмен болмағай? — деп сауал қойды Квентин, мұның аңғалдығын пайдаланып осынау дүмше неме тікелей өз басы жасайтын сатқындықтың зардаптарын алдын ала хабарлағысы келіп тұрғанына күйініп.


— Өз басыма бал ашуға менің өнерім жүрмейді, — деді сыған.


— Олай болса, — деді Квентин сөзін жалғап, — менің туған елімнің балгерлері өздерің мақтана беретін бүкіл білімдарлықтарыңнан артып түседі, өйткені олар бөгде адамның ғана емес, сонымен бірге өз бастарына төнген қауіп-қатерді де болжай алады. Таулық халықтардың бойына дарыған көрегендіктен, шотландық болуым себепті мен де құр алақан емеспін. Егер қаласаң, маған бал ашып бергеніңе өзімнің ризалығымды білдіру мақсатымен қазір мұны сенің көз алдыңда дәлелдеп беремін. Хайраддин, өзің болжап айтқан қауіп-қатерің маған Маастың оң жақ жағалауынан төніп тұр, сондықтан одан құтылып кетуді көздеп, мен Льежге сол жақ жағалаумен аттанбақ болып бекіндім.


Жол бастаушы бұл сөздерді мейлінше жайбарақат қана тыңдаумен болды, Хайраддиннің арам ниетін білетіндігі себепті Квентин оның бұл мінезінің себебін өзіне-өзі түсіндіре алмай аң-таң қалды.


— Егер ой-ниетіңізді жүзеге асыратын болсаңыз, — деп жауап қатты Хайраддин, — онда сізге төнген қауіп-қатер менің басыма ауысады.


— Мұның қалай, әлгінде ғана сен өзіңе-өзің ешқандай бал аша алмаймын дегенің қайда? — деп ескертті Квентин.


— Иә, солай — яғни сізге бал ашқан тәсілмен өзіме-өзім бал аша алмаймын, — деп жауап қатты Хайраддин. — Бірақ Людовик Валуаның сырына қанық бола тұра, өзіме тапсырған маршрутты сіз өзгертсеңіз, жол бастаушыңызды дарға асып өлтіретінін болжап білу үшін сиқыршы болу шарт емес.


— Егер біз оның жүктеген тапсырмасын бұлжытпай орындасақ, сөйтіп сапарымыздың мақсатына аман-есен жетсек, онда өзі белгілеген жол кестесіне сәл-пәл енгізген өзгерісімізді бетімізге салық етпек емес, — деді Квентин.


— Егер, — деп сөз қатты сыған, — король сіздің алдыңызға қойған мақсаттан басқа мақсатты көздемегеніне сіз кәміл илансаңыз, бұл айтқаныңыз әлбетте, орынды.


— Басқа қандай мақсатты көздеуі мүмкін оның? Қалайша өз аузынан шыққан мақсаттан басқа мақсатты нысана етіп отыр деп ойлайсың? — деп сауал қойды Квентин.


— Оның себебі ап-айқын, асқан христианшыл корольдің сырына аз-кем болса да қанық әрбір пенде, оның ішіне бүккен ойы туралы ешқашан да тіс жармайтынын білмеуі мүмкін емес, — деп жауап қатты сыған. — Егер біздің қайырымы мол Людовик өзі он екі елшілікке жөнелтетін сенім грамоталарының ішінде он бірінде жөнелткен грамотаға жазылмай сия сауыттың түбінде сарқылып қалып қойған әлдеқандай бір жұғын болмаса, мен өзім жазаға кесілген дардың бұғауын мерзімінен бір жыл бұрын мойныма салуға әзірмін.


— Сеңің ұсақ-түйек сезіктеріңде менің шаруам жоқ, — деді Квентин. — Маған жүктелген борыш өзіме айдай айқын: мен ханымдарды Льежге аман-есен жеткізіп салуға міндеттімін, ал маршрутты сәл-пәл өзгертіп, өзіме жүктелген тапсырманы жақсырақ тындырармын деп ойлайтыным себепті Льежге Маастың сол жақ жағалауымен аттану ісін батыл түрде мойныма аламын. Айта кетейін, бұлай еткенде жол да қысқарады. Ал бізге уақытты рәсуа етіп және өзеннің арғы бетіне өтеміз деп құр бекер шаршап-шалдығып неге керек?


— Сіздің қасыңызға ерген ханымдар өздерін құдай жолын қуған адамдармыз деп жариялады емес пе, ал құдай жолын қуғандар Кельнге бет алғанда Льежге әмісе Маастың оң жақ жағалауымен сапар шегеді, — деді Хайраддин, — сондықтан жаппай ортақ әдетке айналған осы рәсімді бұзсақ, онда бұл ханымдардың сапарға аттанарда ойдан шығарған мақсаттарына қайшы келетін болады.


— Егер бізден түсініктеме талап ететін болса, — деп Квентин де бой берген жоқ, — онда өзіміз қабылдаған жолдан тайқыған себебіміз, өзеннің оң жақ жағалауын торыған Гельдерн герцогы, әлде Гийом де ла Марк, әлде қарақшылар мен ландскнехттер шабуыл жасайды деген сыбыстан қорықтық деп айтамыз. Біздің әрекеттерімізді осы түсінік ақтап шығады.


— Өзіңіз біліңіз, мырза, — деп жауап қатты сыған. — Сіздерді Маастың сол жақ жағалауымен әлде оң жақ жағалауымен бастап жүремін бе, мен үшін бәрібір. Бірақ соңынан патша алдында өзіңіз жауапты боласыз, гәп осында ғана.


Квентин бұған қайран қалды, бірақ сонымен бірге Хайраддиннің бұлайша тез келісе кеткеніне қатты қуанды, өйткені сыған өз жоспарының іске аспай қалғанына көзі жетіп, әлдеқандай бір батыл қарсылық көрсетіп жүрмес пе екен деп қауіптенген-ді. Ал осындай жағдайда сығанды қуып жіберу — онымен байланыс жасап жүретін Гийом де ла Маркті соңдарына салып қою болып шығар еді, оның есесіне сығаннан көз жазбау арқылы Квентин оның бөгде біреулермен астыртын келіссөз жүргізуіне мүмкіндік бермеймін деп үміт етті.


Сонымен, әуел баста белгіленген жол туралы ойлауды қойып, жолаушылар кең арналы Маастың сол жақ жағалауымен сапар шекті де, ең соңғы асудан лезде, әрі сәтті өтіп те үлгеріп, келесі күні елең-алаңда өздері ойға алған жерге келіп жетті. Олар келген бетте-ақ епископтың (оның өзі айтқандай, бұл араға ол денсаулығын жақсарту үшін келіпті, ал, бәлкім, оқыс жағдайда шаһардың бүлікшіл тұрғындарының қолына түсіп қалып жүрермін деп сақтанғандығынан да осында бой тасалай тұрғанын мақұл көрген шығар) өз тұрағын Льежден бір миль қашығырақ орналасқан ғажап сұлу Шонвальд қамал-сарайына көшіргенін білді.


Жолаушылар қамал-сарайға жақын таяп келгендерінде, көршілес орналасқан шаһарда намаз оқып қайтқан, соңынан қаптаған қалың нөкерлері ілескен прелаттың өзін де жүзбе-жүз кезіктірді. Ол діни, азаматтық және әскери шендегі адамдардың ұзыннан-ұзақ созылған шеруін бастап келе жатты; яки ертедегі балладада баяндалатындай:


Крестер тұр алдымызда күлімдеп,


Келеді артта көп сүңгілер дүбірлеп.


Шеру кереметтей бір көріністі көзге елестетіп тұрды: оның шұбалған соны Маастың жасыл желек жамылған жағалауын бойлай созылып жатса, ал алдыңғы бөлігі епископ тұрағының орасан зор готикалық порталынан өтіп, көзден таса болып жатты.


Алайда жолаушылар жақынырақ таяй түскенде ғана барып, қамал-сарайдың сыртқы көрінісі өздері әлгінде ғана куә болған айбындылық пен құдіреттіліктен гөрі сенімсіздік пен қорқынышты паш ететіндігіне көздері жетті. Қақпалардың алдында және қамал-сарайды шыр айнала күшейтілген күзет қойылған, сондай-ақ бүкіл әскери тұрғыдан әзірлік көрінісі ұлы мәртебелі епископ әлденеден қауіптенетінін, тіпті өзінің айналасына күзет қою керек, сөйтіп әскери қырағылықтың барлық шараларын қамтамасыз ету керек деп санайтынын дәлелдей түсті. Квентин графиня де Круалар келгенін баян еткенде, оларды сол заматта айналасындағы шағын топты бастаған епископтың тікелей өзі қуанышпен қарсы алып, үлкен залға бастап кірді. Епископ ханымдарға өзінің қолын сүюге рұқсат еткен жоқ, бірақ басын иіп сәлемдесті, бұл рәсімнен оның ғажайып әйелдердің алдында рыцарьлық табынуы да, сондай-ақ өзінің рухани перзенттеріне деген пастырьдің әкелік ыстық қамқорлығы да сезіліп тұрды.


Льеждің епископы, Людовик де Бурбон туралы алғашқы әсер шынтуайтында да расқа сайды: ол мейірбан, ізгі жанды адам болып шықты; өмірінің кейде өз діндарларына үлгі болуға тиісті діни ұстаздардай қалтқысыз өнеге етуге сай келе қоймайтын тұстары бола тұрса да, өз басы ізгілігімен һәм турашылдығымен айрықша көзге түсіп жүрді, оның осы қасиеті өзі шыққан Бурбондар әулетіне тән сипат болушы еді.


Тақуалық өмір салтын пәлендей қаталдықпен сақтай қоймайтын, әкім ретінде өзінің қол астындағы дәулетті, мазасыз адамдарға кеңшілік жасап және жайымен басшылық етсе де, ал мұнысы олардың бүлікшіл құлшыныстарын тыюы былай тұрсын, қайта, керісінше, өршелендіре түсетін, кәрілік меңдей бастаған соңғы жылдарда прелат өзінің діни атақ-дәрежесіне анағұрлым лайықтырақ мінез-құлықтарды бойына сіңірумен болды. Күллі көршілес патша-корольдер қауымы оны қайырымды да жомарт адам ретінде жақсы көріп кетті.


Епископ Бургундия герцогының мейлінше адал одақтасы еді, сондықтан да герцог епископтың қарауындағы жерге бірлесіп билік жүргізуді өзінің дағдылы ісіндей көрді, өзінің жиі-жиі алға тартқан талаптарын орындамай тастауға бола тұра, прелаттың ақ көңілмен қабыл алып отырғанына дән ризалығын білдіріп, герцог әмісе прелатты қостап-қолдаумен болды және өзінің тұла бойына біткен айрықша сипаты боп есептелген есуастыққа ұласып жатар қызбалықпен оны қызғыштай қорыды. Льежді өз меншігім, ал епископты — өз ағайыным (екеуінің, шынында да, ағайындымыз деулерінің қисыны да бар еді, өйткені герцогтың алғаш үйленген әйелі епископтың қарындасы-тұғын), ал кімде-кім Людовик де Бурбонды ренжітсе, ол Бургундия королінің жауы болып саналады дегенді ол жиі қайталап айтушы еді — егер герцог Карлдың құдіреттілігі мен оның мінезін еске алсақ, бұл шынтуайтында сес көрсетуге әбден лайықты-ақ күш, әрі байлықтан бастары айналған Льеждің бүлікшіл тұрғындарынан басқа ешбір ел беттей алмас күш.


Епископ, ілгеріде айтып өткеніміздей, ханым де Круаларды құшақ жайып қарсы алды да, олардың мүддесін қорғау үшін Бургундия сарайындағы өзінің бүкіл ықпалын пайдалануға уәде етті: соңғы мәліметтерге қарағанда, Кампо-Бассоның беделі герцогтың алдында бұрынғысынан бәсеңсіп қалғанын ескерсек, өзінің қамқорлығы игі нәтижесін беруге тиісті деп үміттенетінін білдірді. Прелат сондай-ақ ханымдарға қолынан келген шарапаты мен көмегін көрсетуден аянып қалмауға уәдесін беріп жатты: бірақ уәде үстінде әлсін-әлі күрсіне бергеніне қарағанда, билігін жүргізу пәлендей өзіне байланысты еместігі аңғарылып тұрды.


— Қалай болғанда да, сүйкімді қыздарым, — деп аяқтады сөзін епископ тағы діндарлық ізгілік пен рыцарлық паңдылығына басып, — құдай сақтасын, момақан қозыларды аш бөріге жем етуге әлде ант атқан біреудің заты әйел адамды қорлауына жол бере қоймаспын. Осынау бір сәттерде шаңырағымның астында қару-жарақтың сыңғыры естіле тұрса да, өзім құдайдан сауға сұраған момын жанмын. Алайда сендердің қауіпсіздіктерің үшін менің қам жасамай қалмасыма шүбәланушы болмаңдар. Егер істің аяғы насырға шауып, бүлік бұрқ ете қалып жүрсе, өздеріңді әрқашан да сенімді күзетпен Германияға аттандырып саламыз. Бірақ жаратқанның шарапатымен бұлай бола қоймас деген үмітім бар. Тіпті өзіміздің бауырымыз әрі қамқоршымыз Бургундия Карлының өзі тікелей талап қойған күнде де, біз сендердің ерік-ықтиярларыңды аяқ асты етуге жол бермейтіндігімізге күмәнданбаңдар. Өздеріңді әдияратқа жөнелту жөнінде білдірген тілектеріңді біз орындай алмаймыз, өйткені, өкінішке орай, біздің әмір-билігіміз өз жауынгерлеріміз күзететін қамал-сарайдан арғы жерге жүре қоярына шүбәліміз. Ал, бірақ бұл арада сендер қадірлі қонақсыңдар, сондықтан өздеріңмен ілесе келген нөкерлеріңе біз құшақ жайып қошемет көрсетеміз, әсіресе өздерің көз қырымызды салуымызды өтінген мына жас жігітке деген ықыласымыз айрықша, сондықтан оған біз өзіміздің әкелік ақ батамызды береміз.


Квентин епископтың ақ батасын алу үшін, діни рәсім бойынша бір тізерлеп жүгініп отыра қалды.


— Қош, өздеріңе келсек, — деп сөзін жалғай түсті мейірбан прелат, — сендер Трир канонисасы, менің қарындасым Изабелламен бірге орналасасыңдар: соның қамқорлығында болып, тіпті Льеж епископы тәрізді жайсаң мінезді сұр бойдақтың үйінде де әдептілікті аяққа баспай ғұмыр сүре аласыңдар.


Епископ ханымдарды қарындасының сәулетті үйіне асқан сыпайыгершілікпен шығарып салды, осы бір әлетте оның сарай қызметшісі Квентинге айрықша бір ілтипатпен қонақасы беру қамына кірісіп кетті. Графиня де Круалардың қасына ерген басқа нөкерлеріне қамқор болу қызметшілерге тапсырылды.


Соның өзінде жолшыбай қай жерде аялдамасын, барлық әдияраттарда жиіркеніш туғызған сығанның араларында болуы осынау бай, егер солай деу әбестік болмаса, ақсүйек прелаттың сарайында зәредей де қарсылық туғыза қоймағанын Квентин байқамай қала алған жоқ.


XIX ТАРАУ


ШАҺАР



Жан достарым!
Жан серігім — сенерім,
Тұтқиылдан дүрлікпесең деп едім.


«Юлий Цезарь»



Ақ дидарын жанына балап, жарық жұлдызына айналған графиня Изабелламен айрылысымен Квентин аумалы-төкпелі өмірінде бұрын-соңды болып көрмеген бір күй — көңілі құлазып, мұздап тұратындай нәумез күй кешті. Жас графиня енді берік баспанаға ие болды, сөйтіп осынау уақыт ішінде екеуінің арасында туған бір-біріне деген ынтық-ықылас енді сөзсіз сөнуге тиіс, тіпті егер әдептіліктен аттап кетуге батылы барып, Квентин сынды сымбатты жас жігіттің үнемі қасында болуына ұйғарым жасаған күнде де мұнысын қандай желеумен ақтай алмақ?


Алайда айрылысулары заңды екенін сезіну де оның көңілін тыншыта қоймады, бар болғаны борышын атқарған кәдуілгі жол бастаушыдай, жалдама әскердей ғана болғаным ба деген ой келгенде, Квентиннің асау жүрегі ашуға булығып, тулап қоя берді; сондықтан таңғажайып саяхат үстінде ерекше бір құштарлық қиялмен іргесін көтерген тамаша қамал-сарайдың қирап қалған жұртында сан мәрте үн-түнсіз көз жасын төгіп те алды. Ол өзінің мұң-шерінен сейілуге тырысып бақты, бірақ оның бұл әрекетінен дәнеңе де шықпады. Тұла бойын қайғы басып, Шонвальд қамал-сарайының готикалық үлгідегі үлкен залына жарық түсіріп тұрған терезелердің бірінің түбіне отыра кетті де, аяулы армандарын жүзеге асыруына ерік беретін атақ-дәреже мен дәулет атаулыдан жұрдай, қырсықтан арылмай келе жатқан өз тағдырын ой елегінен өткізумен болды.


Ауыр ойдан арылуға тырысып іспен де айналысты: графиня де Круалардың Льежге аман-есен келіп жеткендері туралы хабарлама жазып, оны қарауындағы қызметшілердің бірі — Шарль арқылы корольге жөнелтті, бірақ бұл шаруаның септігі де көпке созылған жоқ. Ақыр соңында ойда жоқ жерде болған бір оқиға Квентинді өзінің бұрынғы сергек күйіне оралтты: оның көзі қапелімде терезе жақтауы үстінде жатқан, осы таяуда ғана Страсбургте басылып шыққан ертедегі дастанға түсті. Оның тақырыбы былай деп келеді:


Болды ғой батырымыз бір ақ маңдай,


Венгрдің патша қызы ұнатқандай.


Квентин осы бір тақырып өзінің қазіргі көңіл күйіне өте сай келетініне көз жіберіп, терең ойға шомып отырғанында, кенет әлдекім иығынан тартқылағандай боп көрінді: ол басын көтеріп қарап еді, сыған болып шықты.


Хайраддинді ешқашан суқаны сүймейтін-ді, ал ол опасыздық жасағаннан соң жас жігіт оны тіпті жек көріп кетті, сондықтан қазір көз алдында тұрғанын көріп, дворян әрі католик адамның денесіне қол тигізуге оның батылы қалай барғанын қаһар тіге сұрады.


— Иә, мен дворян әрі католиктің көзі көрмей, құлағы естімей бітіп қалғаны былай тұрсын, ол есінен де адасып қалған жоқ па екен деп ойлап едім, — деп жауап қатты сыған. — Менің сізбен сөйлесейін деп оқталғаныма, мінеки, бес минут уақыт болды, ал сіз бейне бір өзіңізді баурап алып, енді мүсінге айналдыратын сиқырлы күш нақ соның бетінде тұрғандай-ақ, алдыңыздағы сарғыш түсті қағазға тесіле қадалып, одан көзіңізді айырар емессіз.


— Саған не керек? Керегіңді айт та, тайып тұр!


— Алғанын қанағат тұта қоятын адам аз бола тұрса да, барлық жұрттың көкейін тесетін тәрізді, менің де іздеп келгенім бар, — деп үн қатты Хайраддин. — Өзіңіздің ханымдарыңызды жеткізіп салғаным үшін берешек он теңге ақымды алмақпын.


— Сенің сатқындығыңды кешіріп, тірі қалдырғаным үшін менен ақы талап етуге батылың қалай барады? — деді Квентин зығырданы қайнап. — Ханымдарға жолшыбай сатқындық жасамақ болғаныңды білесің бе?


— Алайда сатқындық жасаған жоқпын ғой, — деп қарсылық білдірді Хайраддин. — Егер оларға опасыздық етсем, онда мен сізден де, ханымдардан да емес, керісінше ханымдардың Маастың оң жақ жағалауымен сапар шегуі өзіне тиімді болған кісіден ақы талап етер едім. Мен кімге қызмет етсем, сол кісі маған ақымды төлеуге тиісті.


— Мә, ақшаңды ал, опасыз! Лайым, ақшаңды да, өзіңді де жер жұтсын! — деп зіркіл қақты Квентин ақшаны санап беріп:— Тағдыр жазмышымен өзің барып тырнаққа ілінгенше, анау Арденнің Қабанына немесе сайтанға сені өзім дедектетіп апарсын демесең, қараңды көрсетпе, көзіме көрінбе!


— Арденнің Қабанына дейсіз бе! — деп қайталап сұрады сыған таңырқай. Өмірі сыр шашпайтын өңінде осы бір сезімнің қылаң беруі көзге ерсі көрінді. — Сонымен сіздің сондағы күдігіңіз негізсіз болмай шыққаны ма, бекерге саймағаны ма? Демек сізге бәрі де аян болғаны ма, маршрутты өзгертуді қасарыса талап етуіңіздің себебі осы ма еді? Бұл қалай болғаны сонда... сіздің отаныңызда біздің көшпелі халқымызға қарағанда болашақты дұрыс болжай білетін балгерлер бар екені рас боп шыққаны ма?.. Барлық сырды сізге жайып салған, біз өзіміз түбінде ақыл-кеңес құрған сәмбі талдар болуы мүмкін бе... Сәмбі талдар ма?.. Қап, ақымақ басым-ай! Талдар емес, керісінше жалғыз тал... Енді ұқтым! Әдиярат маңына жақын орналасқан өзен бойындағы сол бір жайқала өскен қарағайдай сәмбі тал. Бәсе, қасынан өтіп бара жатқанымызда сіздің сол бір талға қалай қадала қарағаныңызды байқап қалып едім... Бұл тал әлгі жабайы аралардың омартасынан бәлкім, жарты милдей ғана қашық жерде еді ғой, есіңізде ме? Талдарға, әрине, тіл біткен емес, бірақ оның есесіне тың тыңдаушы кісіні тасалай алатын бұтақтары бар емес пе. Қайтейін, бұл маған сабақ болды — шотландық жасырынатындай не бұтасы, не түйе ошағаны жоқ айнадай тегіс жерде ақыл-кеңес құратын болдым енді... Ха-ха-ха! Шотландық сығанды өз қаруымен өзін сілейтіп салыпты. Бірақ есіңде болсын, Квентин Дорвард, қулығыңды менен асырғаның өз сорыңа айналатын болды. Иә, егер сен сіреспегеніңде менің жорамалым сөзсіз іске асатын еді.


— Андрей әулиенің атымен ант етейін, сенің арсыздығың күлкімді еріксіз келтіріп тұр, — деді Квентин. — Сенің опасыздығыңнан мен қалай және қандай олжа табар едім? Рас, менің өмірімді сақтап қалу жөніндегі сенің шартыңды өз құлағыммен естіп тұрдым — бірақ мәселе біздің қылыштасуымызға келіп тірелген сәтте-ақ айнымас одақтастарың бұл шартты ұмытқан болар еді; бірақ олар тіпті бұл шартты сақтаған күнде де, сенің сатқындығың менің басымды өлімге немесе тұтқын болуға душар еткеннен басқа несімен жарылқамақшы? Шынында, мұның өзі адамның ақыл-ойына сыймайтын жұмбақ емес пе.


— Демек бас қатырып арам тер болудың да ешбір қисыны жоқ, — деді Хайраддин, — әйткенмен де маған көрсеткен жақсылығыңызды қалай да өтегім бар. Егер сіз қазір мені ренжітіп, ақымды төлемесеңіз, онда мен ұпайымыз түгелденді деп санаған болар едім де, өз обалыңызды өзіңіздің ақымақтығыңызға тапсырып жайыма кете барар едім. Бірақ Шер дариясы бойында болып өткен оқиға үшін өзімді қазір сіздің алдыңызда қарыздармын деп санаймын.


— Сені тілдеп, қарғап-сілеп-ақ өз қарызымды қайтарып алғандаймын, — деп қалды Квентин.


— Сөз жабысқақ күйе емес, кетеді ғой желге ұшып, — деп жауап берді сыған. — Ал сіз, мәселен, маған қол тигізсеңіз...


— Несі бар, егер жыныма тие берсең, бұл да болмай қалмас.


— Сізге бұлай етуге кеңес бермес едім, — деді сыған. — Қолыңыздың қайраттылығын ескерсек, бұлай есеп айырысу менің алдымда сізді қарыздар етуі мүмкін, сөйтіп мен өзіңіздің несиегеріңізге айналып шыға келермін. Ал қарызын кешіре салатын кісіңіз мен емеспін. Сонымен, сау болғайсыз! Мен сізді аз уақытқа оңаша қалдыруға, сөйтіп графиня де Круаларға жолығып қоштасып қайтуға тиісті болып тұрмын.


— Не дейсің?! — деді Квентин таңырқай, — Графиняларға жолығуға саған рұқсат етіледі деп ойлайсың ба? Олар епископтың қарындасының қолында тұрып, монахтарша өмір сүріп жатқанда жолығамын деп дәмеленесің бе? Бұлай болуы мүмкін емес.


— Сөйте тұрғанмен Марта графиняларға ертіп апармақ болып мені күтіп тұр, — деді сыған мазақтай күліп. — Өзіңізді аяқ астынан оңаша қалдырып кетіп бара жатқаным үшін ғафу өтінемін.


Ол шығуға бет алған сыңаймен жалт бұрылды, бірақ сол мезетте қайта айналды да, салтанатты, астарлы үнмен:


— Дәмеңізді ішім сезеді: батыл дәме, бірақ бұл үмітіңіз менің көмегіммен ғана іске асуы мүмкін! Неден қауіптенетініңізді де ішім сезеді: бұл қауіп өзіңізді сақ болуға үйретуі керек, бірақ жасықтық жасамаңыз. Уысқа түспейтін әйел жоқ. Графтық титул — бұл тек жалған ат қана, ол Карлге — герцог титулы немесе Людовикке — король титулы қалай лайықты болса, Квентинге де нақ сондай лайықты болып шыға келеді, — деді.


Дорвард жауап қатып үлгергенше болмай, сыған залдан шығып жүре берді. Жас жігіт оның соңынан тұра жүгірді, бірақ қамал-сарай ішіндегі өткел жолдарды шотландықтан гөрі әлдеқайда жақсы білетін Хайраддин өзінің бұл артықшылығын пайдаланып кетті, сөйтіп бір жақ бүйірдегі әлдеқандай қылдырықтай басқышпен төмен түсіп, қарасын үзді. Бірақ неге бұлай істегенін өзі де білместен, Квентин оның соңынан ілесе жүгірді. Басқыш ауладағы бау ішіне шығатын шағын бір есікке барып тірелді; осы арада Квентин сығанды тағы да көріп қалды; ол бұралаң аллеяға түсіп, ұзай берді.


Бау екі жақ қанатынан сарайға, әлде қамал ма, әлде әдиярат па, үлкен бір ескі үйге барып тірелді; баудың қалған екі жақ қанаты үсті іркіс-тіркіс биік қабырғамен қоршалып тасталған. Баудың қамалға барып тірелетін қарсы жақ шетінде, шырмауықпен көмкерілген үлкен арқа астынан шағын бір есік көрінеді; Хайраддин солай қарай безіп бара жатты. Арқаға жеткен бетте ол сыпайы түрде мысқылдай күліп, артына бұрыла қарады да, өзінің ізіне түсіп қуып келе жатқан Квентинге қош бол дегендей қол бұлғады. Квентин есікті, шынында да, Марта ашып бергенін көріп тұрды. Сөйтіп осыдан-ақ ол сыған енді графиня де Круаларға да жолығатын болды деген табиғи қорытындыға келді. Квентин пәтуасыз сығаннан сақтанып жүріңдер деп ханымдарды ескертіп қоймағанына және оның астыртын жасамақ болған опасыздығы туралы құлаққағыс етпегеніне өзін-өзі кінәлап, өкініштен ернін тістелей берді. Хайраддиннің өз махаббатының дәйекті болуына көмектесемін деп сеніммен айтқанына қатты налыды; егер махаббат қызығына осынау малғұнның араласуымен жетсе, онда тіпті Изабеллаға ғашық болған пәк сезіміне дақ түсетіндей болып көрінді. «Әлбетте, осының бәрі дүмшеліктен басқа түк те емес, олардың өздерінің пасық кәсіптерінің әдеттегі айла-шарғылары ғана, — деп ойлады Дорвард ішінен. — Зымияндық жолмен ханымдармен жолығуға қолы жетіп отыр, онан соң, сірә, өзінің тағы да бір жауыздық пиғылын іске асырмақ қой. Ханымдардың қайда орналасқанын біліп алғаным да жақсы болды. Енді өзім Мартаны аңдимын да, ең болмағанда құлаққағыс етіп қою үшін ханымдарға жолығудың амалын іздеп бағамын. Маған осындай амал-айла іздеп, күтуге тура келетінін, ал анау нақұрысқа Мартамен жолығысу қиынға түспей, оңай-ақ болғанын ойласам ішім өртеніп кетеді... Мейлі, олар мені ұмытса да, өзімнің ең басты ісім — бұрынғысынша Изабелланы қорғау екенін біліп қойсын».


Ғашықтық дертіне шалдыққан жас өспірім осынау ой үстінде тұрғанында, бау ішіне әлгінде Дорвард келіп енген есіктен кірген, епископқа жақын адамдардың бірі, егде тартқан дворян оның қасына барып, айрықша сыпайы әуен ме мынау бау көпшілік бұқараға емес, керісінше те епископ пен оның ең қадірмен меймандарына ғана арналғанын ескертіп өтті.


Оның не айтып тұрғанын Квентиннің пайымдауы үшін қария өз сөзін қайталап айтуға тиіс болды. Квентин бейне ұйқысынан оянған кісіше селк ете қалып, иіліп тәжім етті де, жалма-жан баудан сыртқа шығатын есікке қарай асыға жүріп кетті. Әлгі қария қызмет бабындағы міндеті бойынша оған ескерту жасауға мәжбүр болғанын айтып, бұл үшін сыпайыгершілікпен ғафу өтініп, оның соңынан ілесе жүрді. Ол Дорвардты ренжітіп алмадым ба деп қорқып кеткендігінен, өзінің болмашы кінәсін аз-кем жуып-шаюды көздеп, онымен әңгімелесуге әзір екенін айтты. Кенедей жабысқан қартқа іштей қарғыс айтып, Квентин одан құтылу үшін, өкінішке орай, әңгіме-дүкен құруға өзінің мүмкіндігі болмай тұрғанын, өйткені шаһарды аралап, онымен танысқысы келетінін түсіндіре келе өз кезегінде бұл да кешірім сұрады да, ілгері қарай шапшаң басып кете барды. Осыдан соң кішіпейіл қарттың ықыласы су сепкендей басылып, мұны аспалы көпірден әрі қарай шығарып салған жоқ. Бірер минуттан кейін Квентин сол бір заманда Фландриядағы, демек бүкіл әлемдегі ең сәулетті шаһарлардың бірінен саналатын Льеж шаһарының іргесінде тұрды.


Уайымшылдықтың дертіне шалдыққан күйрек жандар ойлайтындай, торығу, тіпті махаббат отына күйіп торығу, адамның, әсіресе жігерлі де ер жүрек адамның тұла бойын біржолата билей алмақшы емес. Оқыс түрде туатын күшті әсерлер, қоныс аудару, көз алдындағы көріністердің өзгеруі, соның әсерімен туындайтын бірқатар жаңа толғаныс, адамның толассыз да қызу қам-қарекеті торығуды өз жолынан серпіп тастайды. Квентиннің ынтызары Льеждің халық сеңдей соғылысқан көшелерінде өзін лезде баурап алған әсерлер жайына ауа бастағалы бес минуттай өтуі-ақ мұң екен, ол сығанды былай қойғанда, тіпті графиня Изабелла туралы ойлауды да ұмытты.


Зәулім үйлер, тар да күңгірт көрінгенімен, сан тарау көшелер, қаптаған дүкендер мен қоймалардағы не алуан бұйымдар, керемет сауыт-саймандардың бай көрмесі, әркім өз шаруасымен ерсілі-қарсылы жосылған, құмырсқаның илеуіндей құжынаған, түрлі түсті киінген адамдар шоғырына толы алаңдар, әрлі-берлі зат тасыған абажадай арбалар (алғашқы лекке қалың шұғалар мен саржалар, қыруар түрлі қару-жарақтар, шеге және басқа темір-терсек бұйымдар, ал екінші лекке — шаһар тұрғындары тұтынатын немесе айырбас жолымен алынған және тысқары жерлерге шығарып сатуға арналған — тұрмысқа қажет заттар және асыл бұйымдар сұрыпталған) — осының бәрі жинала келе Квентиннің бұған дейін ойына да кіріп шықпаған ғаламат байлықтың ағыл-тегіл әсем бейнесіндей болып көрінді. Ол сондай-ақ шаһарды барлық бағыттар бойынша кесіп өтетін және сауда-саттық жұмысына өте қолайлы су жолы қатынасын жасайтын Маас өзеніне тұс-тұстан қосылып жатқан сан алуан каналдарды көргенде де, оған сүйсіне қарап тұрды. Ақыр соңында ол, айтушылардың сөзіне қарағанда, сегізінші ғасырда әулие Ламберттің құрметіне салынған әйгілі көне шіркеуде діни рәсімге қатысты.


Шіркеуден шыққан бетте айналасын зер сала шолумен болған Квентин өзінің сыртқа шыққанын күтіп тұрғандай көрінген, қала тұрғындарының иман жүзді бір шоғыры оған таңырқана қарап қалғанын байқады. Квентинді олар әуелгіде өзді-өзі сыбырласа сөйлесіп, ұзамай гуіл қағып, күмбірлеген дауыстармен қарсы алды. Еріккендердің қатары лезде молыға берді де, жаңадан келіп қосылған әрбір адам Квентинге әуесқойлықпен ғана емес, сонымен бірге тіпті құрметпен тесіле қарасып қалды.


Ақыр соңында, өзін құрметтей кейін қарата серпіле жол берумен болған, сеңдей соғылысқан адамдар арасында запыс шекпесін дегендей өзін қызғыштай қорыған, қаумалай қоршап алысқан қала тұрғындарының ортасында қалып қойды. Ол ыңғайсыз күйге түсті де, қалай да қоршау ішінен сытылып шеткері шығуға немесе осынау адамдардан өзі үшін оғаш көрінген қылықтарының себебін сұрап білуге оқталды.


Айналасын шолып өткенде оның көзі сымбатты, жайдары жайсаң жүзді бюргерге түсті. Үстіндегі мақпал шапаны мен мойнына таққан алты бауына қарағанда, ол осы шаһардағы белді адамдардың бірі, бәлкім, тіпті магистраттың мүшесі болуы да ықтимал. Сол кісіге қарап тіл қатқан Квентин оған «менің үсті-басымда мына тобырдың аңсарын аударатындай әлде бірдеңе жоқ па?» деп сауал қойды.


— Әлде, — деп сөзін жалғай түсті ол, — өздерінің шаһарларына ойда жоқ жерде келе қалған шетелдікке тамсана көз тігу Льеж тұрғындарының әдетіне айналған іс пе?


— Жоқ, олай емес, мархабатты сеньор, — деп жауап қатты бюргер. — Орынсыз әуесқойлық льеждіктерге тән емес, сондықтан олардың мұндай әдеті жоқ. Ал сіздің тұла бойыңызда һәм костюміңізде әдеттен тыс дәнеңе де жоқ: алайда сіздің тұлғаңызда шаһар халқы әмісе сүйіспеншілікпен әрі қошеметпен назар тігетін қасиет бар.


— Мұның бәрі сүйінішті-ақ, қадірлі сеньор, — деді Дорвард, — бірақ Андрей әулиенің атымен ант етейін, сіздің айтпақ ойыңызды мен мүлде түсінбей тұрмын.


— Лебізіңіз іспетті сіздің антыңыз да, өзімнің һәм менің жерлес азаматтарымның жорамалы жаңсақ болмай шыққанына көзімді жеткізіп тұр, — деп жауап қатты көпес.


— Өз әулетім — Квентин әулиенің атымен ант етейін, — деп аңырды Дорвард, — мен түк те түсініп тұрған жоқпын!


— Бәсе айттым ғой, — деп салды бюргер қуақылана, әрі айрықша бір мағыналы пішінмен күлімсірей Квентинге қадала көз тастап. — Әрине, қадірмен сеньор, сыр шашпауға тырысып бағатыныңызды, бәлкім, біз іштей сезбеуіміз керек еді. Бірақ егер астарлы сөзіңіздің сырын менің ұқпағанымды тілесеңіз, онда Квентин әулиенің атымен несіне ант еттіңіз? Мейірбан граф де Сен-Польдің сол жақта тұрып жатқанын және біздің ортақ ісімізге қызмет атқарып жүргенін бәріміз білеміз.


— Өміріммен ант етейін, сіздер қателесіп тұрсыздар! — деді мазасы кетіп Квентин, — Граф де Сен-Поль туралы мен дәнеңе де білмеймін.


— Жә, бопты, сізді тергеуге алайық деп тұрған біз жоқ, — деді семіз. — Өзіңіздің құлағыңызға ғана сыбырлап айтуыма рұқсат етіңіз: мен — Павийонмын.


— Мұның маған қандай қатысы бар, сеньор Павийон? — деп сұрады Квентин.


— Әлбетте ешқандай да қатысы жоқ... Жалғыз-ақ өзіңіз сенімге лайықты адаммен сөйлесіп тұрғаныңызды білу, менің ойымша жаныңызды ләззатқа бөлейтін болар. Қош, мінеки, менің жолдасым — Руслер де келе қалыпты.


Сол-ақ екен, дөңгеленген дәу қарын, етженді сеньор Руслер қарнымен алдындағы тобырды кимелей жарып өтіп ілгері шыға берді. Ол серігіне қарап иілді де, оны жазғырған сыңаймен құлағына сыбыр етті:


— Бұл арада жалғыз біз ғана тұрмағанымызды, сүйікті достым, ескере бермейсіз... Қадірменді сеньор, сізді қант қосқан бір стақан рейнвейін ішуге шақырсам қарсылық көрсетпесіңізге өзім кәміл сенемін, мінеки, сол кезде бәріміз жақсы көретін әрі бүкіл фламандық жан жүрегімізбен құрмет тұтатын мейірбан досымыз һәм одақтасымыз туралы соны бір жаңалық хабар естіп біле жатармыз.


— Менің сіздерге айта қоярлықтай жаңалығым жоқ, — деді Квентин шыдамсыздана. — Маған рейнвейндеріңіз керек емес. Қадірлі мырзалар, өздеріңізден өтінетін жалғыз ғана тілегім: мына тобырды тарқатыңыздар, сөйтіп шетелдік адам шаһарларыңызға қалай емін-еркін келіп кірген болса, шаһардан да нақ солай аттанып кетуіне рұқсат етіңіздер.


— Ендеше, сеньор, — деді Руслер, — бүркеншік атпен сапар шегіп жүргеніңізді, тіпті мына бізден, сенімге әбден лайықты адамдардың өзінен, бүгіп қалғыңыз келсе және Льежде бүркеншік атыңыздың ашылмауын қаласаңыз, онда өз жасағыңыздың айрықша белгісін неге тағып жүрсіз деп тікелей сауал қоюға рұқсат етіңіз.


— Қандай белгілерді және неғылған жасақты айтып тұрсыз? — деді Квентин даусы өктем шығып. — Сіздер өзі былай қарағанда, сондай бір қадірмен, салауатты кісілер сияқты көрінесіздер, сөйте тұра, жан-тәніммен ант етейін, не сіздер ақылдан адасып тұрсыздар, не мені есалаң етпексіздер.


— Сайтан алғыр, — деп әкірең қақты алғашқы бюргер. — Мына сабазың Ламберт әулиенің де шыдамын тауысуға бар! Бері қараңызшы, Андрей әулиенің кресі мен корольдің лала гүлі бейнеленген қалпақты киіп жүретіндер кім екен? Королі Людовиктің шотландық атқыштар гвардиясы емей кім?


— Қош, онда тұрған не бар? Айталық, мен шотландық гвардияның атқышымын-ақ дейік. Ендеше, өз жасағымның айрықша белгісін мен неге таға алмаймын? — деп ағынан жарылды Квентин өкінішпен.


— Мойындады, ол мойындады. — Қуаныштан май басқан жылтырақ беттерін топырлаған иен халыққа қарай бұрып әрі қолдарын салтанатпен бұлғап Руслер мен Павийон жарыса жар салысты. — Людовик гвардиясының атқышы, Льеждің бостандығы мен мәртебесінің қорғаушысы екенін мойындады ол!


Осынау бір сөздер естілгенде, төңіректі құлақ тұндырған шу кернеп кетті. «Франциялық Людовик жасасын! Шотландия гвардиясы жасасын! Ер жүрек атқыш жасасын! Не правомыз бен мәртебемізді қорғап қаламыз, не өлімге бас тігеміз! Арденнің айбынды Қабаны жасасын! Бургундияның Карлы жойылсын! Бурбон мен оның епископтығы жойылсын!» деген ұрандар естіліп тұрды.


Құлақ тұндырған айқай әрбір сәт сайын үдей түсіп, қияндағы көшелер мен алаңдардағы мыңдаған адамдардың атой салған дауыстарымен ұласа, қалың жиын үстінде мұхит толқынындай буырқанып жатты. Квентин осынау айқай-шудың мәнін іштей ұғып та әрі өзінің қимыл-әрекетінің нобайын белгілеп те үлгерді.


Мұның орлеандық герцогпен және Дюнуамен айқасынан кейін, лорд Кроуфордтың әмірімен атқыштардың бірі оның қақырап қалған дулығасының орнына шотландық атқыштардың астарына құрыш салынған кәдуілгі әрі жұрттың бәріне мәлім өз қалпағын бергені Квентиннің есіне енді ғана түсті. Тұрғындары наразылық білдірген сайын, олардың қолтығына француз королінің тыңшылары үнемі әдейі су бүркіп отыратын бұл шаһардың көшелерінде Людовиктің өзіне етене жақын осы жасақ солдаттарының бірінің пайда бола кетуін, Льеж тұрғындары Людовиктің өздеріне ашықтан-ашық көмек беруге ниет білдіргені деп қабылдауы әбден табиғи еді. Атқыштардың бірінің келе қалуы король тарапынан жедел түрде берілмек жігерлі көмегінің кепілі есебінде қабылданды. Мейлі, қай қақпа арқылы өтетіндерін ешкім де нақты айта алмағанына қарамастан, қаланың көптеген тұрғындары осы бір минуттарда француз әскерлері ішіне келіп кіретіндігіне тіпті шүбәланған да жоқ.


Осынау адамдарға қателіктерін түсіндіріп әуре болатындай қазір ешқандай да мүмкіндік тумай тұрғанын, делебелері қозып сеңдей соғылысқан тобырдың ойларын өзгерту жөніндегі әрекет өзінің жеке басының қаупіне айналып кетерін, ал қазіргі сәтте өз басын қатерге тігудің қажеті жоқ екенін Квентин айны қатесіз түсініп тұрды. Сондықтан ол табан астында тайталасқа түспеуге, керісінше, қолайлы бір сәтті кезеңді күтуді, соны пайдаланып, ебін тауып құтылып кетуді ұйғарды. Людовиктің жалған шабарманының хабарын тыңдау және оған кереметтей сый-сияпат көрсету үшін қаланың ең қадірлі адамдары жиналып та қалған ратушаға қарай адамдардың нөпір легі өзін де ілестіре бет алған жол бойында ол осындай шешімге бекінген еді.


Француз тағына адалдықтарын білдірген қаланың есірген тұрғындарына қарсылық еткеніне қарамастан, мұны олар сыпайылығы деп біліп, Квентинді жан-жағынан қаумалай қоршап алысты да, осы бір дуылдаған тасқын оны ілгері қарай ілестіріп кете барды. Оның жаңадан пайда болған екі досы, қаланың төр ағалары болып табылатын ырсыл қаққан бургомистрлер Квентинді екі жағынан қолтықтап келе жатты. Олардың алдында қасапханадағы тікелей міндетін атқарып тұрған жерінен шұғыл түрде шақыртып алынған, қасапшылар цехының шебері Никкель Блок кетіп барады. Өзі әлгінде ғана кезекті малды шауып үлгергендіктен жүзінен әлі де қан иісі сасып тұрған жан алғыш балтасын бұлғап-бұлғап қояды, арақ ішкен кісіше аяғын бұлғалақтай басып, әкірең қағады. Оның соңынан ұзынтұра, сүйектері арбиған, кеудесі патриоттық жалын-жігерге толы, өзі өлердей мас, темір бұйымдары жөніндегі шеберлер цехының старшинасы Клаус Хаммерлейн жүріп келеді, ал оған ілесе бет-ауыздары қожалақ-қожалақ жүздеген серіктері шұбыруда. Бұлар жандарынан өтеген кезде қылдай тар және қараңғы көшелер; тоқымашылар, ұсталар, шегешілер, арқан ecyлер топ-тобымен шыға келіп, салтанатты шеруі қосыла кетіп, адамдардың қарасын бұрынғыдан бетер көбейте берді. Қашып шығуға енді мүмкіндік қалмады.


Осынау бір қысылтаяң жағдайда Квентин өзінің екі қолтығынан жабысып ұстап алып, ойда жоқ, жерде өзі ең басты тұлғаға айналған мынау шеруді бастатып, алға ұмсындыра берген Руслер мен Павийонның көмегін пайдаланып қалуға ұйғарды. Жолға шыққанда кимек болған өз дулығасының кездейсоқ қақырап кеткенін, сондықтан басына қаннен-қаперсіз шотландық атқыштың қалпағын кие салғанын бургомистрлерге апыл-құпыл түсіндіріп өтті ол. Осы себеппен, сондай-ақ Льеж тұрғындарының сергектігіне байланысты өзінің шын атақ дәрежесі мен қалаға келген мақсатын түсіне қойғандықтан бүркеніш атпен жасаған саяхатының сыры ашылып қалғанына ол қатты өкінішін білдірді, ал егер өзін қазір ратушаға ертіп апаратын болса, онда корольдің әмірі бойынша, тек мәртебелі екі мырза — Руслер мен Павийонның құлағына ғана айтылуға тиісті құпияны қала тұрғындарының құрметті жиналысы үстінде ашық түрде жайып салса, мұның өзі тіпті орны толмас өкініш болатынын баян етті.


Бүлікшіл қала тұрғындарының бастаушылары болып табылатын және бүкіл демагогтар сияқты, астыртын қастандықтың тізгінін өз қолдарынан шығармауға тырысып баққан екі бюргерге осы бір сөздер кереметтей әсер етті. Шаһардың Шонвальд қорғанына қарама-қарсы бетіндегі қақпасы маңында орналасқан Руслердің үйіне түнде қайта оралып келіп, өздері келіссөз жүргізулері үшін Квентин уақытша қаладан кетіп, бой тасалай тұруға тиісті деп тапты екеуі де табан астында. Квентин де өз тарапынан оларға өзінің қазір епископтың сарайында тұрып жатқанын, мұнда француз сарайына жолдаған хатты жеткізіп салуды желеу етіп келгенін, бірақ шын мәнінде, өздері әбден дұрыс ұға қойғандарындай ол Льеж тұрғындарымен сөйлесуге келгенін асыға-аптыға мәлім етті. Осы бір айла-шарғы, сондай-ақ оны іске асыру тапсырылған сенімді адамның жағдайы мен атақ-дәрежесі Людовиктің сыр-сипатына сай келіп тұрғаны соншалықты, Квентиннің әлгі түсініктемесіне бюргерлер шүбәланған да, таңырқасқан да жоқ.


Қаптаған дүйім жұрт кіре беріс жақ беті қаланың ең басты көшелерінің біріне қаратылған, бірақ артқы жақ бөлегі жеміс бауы арқылы Маас өзенімен және айнала тері илейтін шұңқырлар қазып тасталған әрі қаланың осы тұрғын-патриотының өзі де тері илеуші болуы себепті, жағалай тері илеу кәсібінің әбзел-саймандары үйілген, жазық даламен жалғасқан Павийонның үйінің өкпе тұсына таяна бере-ақ Квентин өз түсініктемесін кілт доғара қойды.


Людовиктің Льеж тұрғындарына аттандырған жалған елшісі іспетті қадірлі мейманның өз үйіне түскенін Павийонның қалауы әбден табиғи нәрсе еді, сондықтан шерудің оның үйі қасына келіп тоқтай қалғанына ешкім таңырқаған жоқ; керісінше, үйге түсу жөнінде қонаққа білдірген меймандостығы үшін Павийонның құрметіне шаттана жар салған дауыстар айналаны жаңғыртып жіберді. Квентин ішке кірген бойда-ақ, жұрттың жаппай назарын аударған қалпағын ауыстырып, басына киіз қалпақ, сонан соң үстіне ұзын етек плащ киіп алды. Бұдан кейін Павийон оның қолына күн демей, түн демей кез келген уақытта өзінің Льежге келіп-кетуіне право беретін пропуск тапсырды, ең ақырында Квентинді өзінің тым сүйкімді де ақ жарқын фламанд қызының қамқорлығына тапсырып, оған мейманды қаладан қай жолмен шығарып салу керектігін түсіндіріп өтті. Осыдан соң серігі екеуі ратушаға барып, өз отандастары алдында кешірім сұрау үшін және орайы келсе, король шабарманының тұтқиылдан ғайып болған себебін түсіндіру үшін шұғыл түрде қайта кетті. Қой бастаған серке (ежелден белгілі бір комедияда қызметші айтатынындай) өз отарын ақымақ еткен өтірікті біз айны қатесіз есімізге түсіре алмаймыз; ал, бірақ өтірікшіге кезек жетпей тұрып-ақ, күні бұрын қиялдан туған ойдың өзі-ақ бұқараны жартылай иландырып қойған болса надан тобырды алдап соғудан оңай дәнеңе жоқ қой.


Мәртебелі бюргер аттанысымен-ақ, үлбіреген жүзіне, шиедей қызарған ерніне, ойнақшыған көзіне әсем жарасқан екі бетінің ұшы алаулап, күлім қаққан Трудхен есімді қызы шетелдік кірме адамды әкесінің жеміс бауы ішіндегі бұралаң, қалтарыстары көп жолмен тікелей өзен жағасына ертіп әкелді де, бұтына балағы қысқа шалбар, басына былғары қалпақ, үстіне күрте киген алпамсадай екі фламандтың тумысынан оралымсыздықтарына қарамастан, лезде жабдықтап үлгерген қайықтарына мінгізді.


Сүйкімді Трудхен тек неміс тілінде ғана сөйлегендіктен, бұл тілді білмейтін, Квентин мұнысын графиня Изабеллаға деген өз махаббатына дақ түсіргенге жорымай-ақ қойсын — оған деген алғысын қыздың шиедей қып-қызыл ернінен өбу арқылы ғана білдіре алды. Жігіттің өбуі нағыз рыцарьлық сыпайыгершілікті, ал қыздың іштей сүйсінгенін аңғартып өтті: өзіміздің шотландық атқышымыздай сымбатты жас жігіттердің Льеж тұрғындары арасынан күн сайын кездесе қоюы екіталай.


Қайық қала бекіністеріне жақын маңда, Маас өзенінің ағысына қарсы жүзіп келе жатқан бойда, Квентин епископтың Шонвальд қамал-сарайына оралып келгенінде, өзінің басынан кешкен оқиғаларын қалай әңгімелеп берудің жайын ойластырумен болды. Бір жағынан жаңсақтыққа бой ұрып, өзіне сенім көрсеткен адамдар туралы оның сыр шашқысы келмеді; екінші жағынан — өзін құшақ жайып қарсы алған қожайынын оның астанасындағы адамдардың ой-саналарындағы мазасыздықтар туралы сақтандырып қоюды өзінің парызы санады; сондықтан қауіп-қатер жайында епископты хабарландырып қоюға, бірақ ешкімнің де аты-жөнін атап жатпастан, жалпылама сипатта баяндауға ұйғарды ол.


Қайық қамал-сарайға жетпей жарты миль аралыққа келіп тоқтады да, Квентин ескекшілерге тұтас бір гульден еңбек ақыларын төледі, бұған олар қатты қуанысып қалды. Квентин Шонвальдқа тақап келгенінде, түскі тамаққа шақырған қоңырау соғылды және бұған қоса өзі қамал-сарайға жақын жерде тұрғанымен, оның ту сыртынан, негізгі қақпаның қарсы жақ бөлегіне келіп шыққанына көп ұзамай-ақ көзі жетті. Қамал-сарайдың ту сыртын айналып жүру — бұл бұрынғыдан да бетер кешігіп бару деген сөз. Осы жағдайларды ой елегінен өткізіп, Квентин қамал-сарайдың ең таяу маңдағы мүйісіне қарай беттеді. Бұл арада ұш жақтары іркіс-тіркіс қабырғаны көрді, оны өзінің көкейінде жатталып қалған ішкергі жақтағы шағын жеміс бағын айнала тұрғызылған қоршау шығар деп топшылады. Осы бір мүйісті айналып өтпек, сөйтіп жақынырақ жерден ішке кіретін бір саңылауды іздемек болды. Шынында да, ұзамай орға қарай шығатын оймақтай ғана есікті және оның қарсы алдында жағаға бекітіп қойған қайықты көзі шалды. Қамал-сарай ішіне амалын тауып осы жол арқылы өтпек болған үмітпен жақын таяна бергенінде, кішкентай есік ашылып, іштен бір адам шыға келді де, қайыққа міне сала, ордан жүзіп өтіп, жағаға секіріп түсті. Сонан соң қолындағы ұзын сырғауылмен қайықты есікке қарай бағыттап жіберді. Жақынырақ келгенде Квентин бұл адамның сыған екенін тани кетті. Квентинмен жолығып қалмас үшін — бұл сығанға пәлендей қиындыққа да түскен жоқ-ты — жалт бұрылып, басқа бір соқпақ жолға түсіп алып, Льежді бетке ұстап, бебеу қағып кете барды. Сөйтіп ұзамай қарасын да үзді.


Мына жолығысу Квентиннің ойын жаңа арнаға бұра берді. Бұл мәжуси, осы уақытқа шейін графиня де Круалардың қасында болғаны ма? Және ханымдар оған қандай мақсатпен ұзақ уақыт бойы қастарында болуға рұқсат етті екен? Осы бір сауал Квентиннің дегбірін кетіре бергені соншалықты, Хайраддиннің опасыздық жасағанына ханымдардың көзін жеткізу үшін, һәм өздерінің қамқоршысы епископқа Льеждің бүлікшілері тарапынан туған қауіп-қатер туралы ескерту үшін ол енді қайтсе де ханымдармен кездесудің жолын табуға ұйғарды.


Осы байламға іштей бекінген Квентин ең басты қақпадан ішке кірді. Ол қамал-сарайдағы үлкен залға келіп кіргенде, епископтың күллі діни қызметкерлері, оның үйіндегі қызметшілер және бірер шетелдік түскі ас ішіп отырған еді. Шетелдіктер жоғары мәртебелі ақсүйектер емес-ті, сондықтан олар епископтың дастарқанына шақыртылмаған. Столдың төрт жағындағы епископ капелланының қасындағы шеткі бос орын — Квентинге қалдырылған орын еді. Капеллан шотландық жас жігітті мектеп оқушылары айтатын «Кешігіп келгеннің сыбағасы — қу сүйек» деп келетін әзілмен қарсы алды да, өзі Квентиннің елінде мәтелге айналып кеткеніндей не әзілді жуып-шайып жіберу үшін, не асып кеткенде, әзілдің мән-мағынасын аңғара қоймауы үшін, жұрттың назарын өзіне аударып әкету мақсатымен жіліктің майлы басы демекші, ең дәмді тамақтарды тәрелкесіне бастырмалатып сала бастады.


Өзінің түскі тамаққа кешігіп келгені үшін дастарқан басындағылардың көз алдында ақталмақ және тәрбие көрмеген деген сезіктен өзін арашалап алмақ болып, Квентин өзінің Льеж көшелерінде пайда болуынан әрі өзін король гвардиясының атқышы екенін білгендерінде қала тұрғындарының қалай дүрліккенін қысқаша ғана суреттеп айтып берді. Сонан соң, өз әңгімесін әзілге айналдырмақ болған оймен: егер өзіме кездейсоқ бір семіз бюргер мен оның сүп-сүйкімді қызы қол ұшын бермесе, басыма түскен қолайсыз жағдайдан қалай құтылып шығудың амалын таппаған да болар едім деді.


Бірақ дастарқан басында отырғандар бұл әзілді елеусіз қалдырды: өйткені олар әңгіменің мазмұнына қатты елтіп кеткен-ді. Жас шотландықтың аузынан көз алмай тыңдаумен болған олар тіпті ішіп отырған тамақтарын да жайына қалдырған еді, сондықтан Квентин әңгімесін тәмәмдаған кезде, дастарқан басындағылар сілтідей тынып, жым-жырт отырып қалысты. Бұл тыныштықты бұзып, әлден уақытта ғана сарай қызметкері сөз қатты.


— Жасаған ием-ай, бізге әлгі Бургундиядан келмек жүз найзагер тездетіп қана жетсе игі еді! — деді ол баяу, мұңды үнмен.


— Сіздер оларды неге шыдамсыздықпен күтіп отырсыздар? — деп сауал қойды Квентин. — Өз қарауыңызда тәжірибелі, тамаша қаруланған солдаттар аз емес қой, ал дұшпандарыңыз болса — төбелеріне желбіретіп ту ұстап шыққан қарулы адамдарды көздері шалысымен-ақ, тым-тырақай қаша жөнелетін, кәдуілгі бейсауат бүлікшілер тобы ғана.


— Сіз Льеж тұрғындарын білмейсіз, — деді капеллан. — Олардың, сондай-ақ Гент тұрғындарының бүкіл Европадағы ең қанқұйлы да ең тажал бүлікшілер деп аталатыны тегін емес қой. Бургундия герцогы олардың епископқа қарсы бүлік көтерілісін екі мәрте ауыр жазалады, берілген жеңілдіктерден айырды, туларын тартып алды, ерікті қаланың азаматтары саналуы себепті алым-салық төлеуден босатқан праволарынан айырып, қайтадан алым-салық салды. Соңғы жолы ол льеждіктерді Сен-Трон түбінде тас-талқан етті, осы ұрыста өлгені бар және жан сауғалап қашып жүргенінде су түбіне батып кеткені бар, олар алты мыңға жуық адамынан айрылды. Ал бұдан соң, олардың болашақта көтеріліс жасауға болатын барлық мүмкіндіктерінен айрылуы үшін герцог Карл шаһарға өзінің алдынан ашылған қақпадан кірмей, керісінше шаһар қоршауының қырық ярдқа дейін созылған дуалын қопарып, қиратып тастауға әмір етті, сонан соң дулығасының тор қалқанын түсіріп қойып, найзасын кесе-көлденең ұстап, өз рыцарларын бастап осы арадан шаһарға келіп кірді. Егер оның әкесі Мейірімді Филипп ара түспегенде, герцог Карл — сол бір кезде ол әлі граф де Шаролэ аталатын — шаһарды жер бетінен жойып жіберер еді, деп льеждіктердің өздері-ақ айтып жүруші еді. Енді, мінеки, сол апаттар әлі естен кетпесе де, шаһар қоршауының қиратылған бір бөлегі қалпына келтірілмесе де, әрі соғыс қоймалары қаңырап бос тұрса да, шотландық атқыштың қалпағын көрулері-ақ мұң екен льеждіктер тағы да бір кісідей көтеріліске шығуға дайын екенін паш етіп отыр! Жаратқан ием, оларды ақылға келтіре көргейсің! Бірақ өз басым, бұл істің аяғы ырық бермес халық пен ашушаң король арасындағы сұрапыл қан төгіс соғыспен біте ме деп қорқамын. Уа, дүние-ай, маған салса, өзімнің ғажап, мейірбан тақсырымның қазіргісінен гөрі кішірек бола берсін, мейлі, бірақ анағұрлым қауіпсіз қызметте болғанын шын пейіліммен тілер едім. Өйткені ол қазір басына астары ақ тышқанның терісінен емес, керісінше жанға жайсыз шомырттан тігілген митра киіп жүр! Мен мұны сізге айтып отырмын, шетелдік мырза: егер өзіңіз Шонвальдта амалсыз бөгелетін себебіңіз болмаса, бұл арадан мүмкін қадерінше тездетіп аулаққа кетіңіз — сіздің орныңыздағы кез келген есті шетелдіктің бұл тығырықтан шығар бірден-бір жолы осы ғана. Иә, айтпақшы, ханымдарыңыз да осы пікірді қостайтын тәрізді; олар таяуда француз сарайына жолдаған хаттарын жеткізуге қарауындағы қызметшілерінің бірін аттандырып салыпты деп естіген едім, бұл хаттарында, сірә, олар корольге бұдан гөрі қауіпсіздірек баспана іздемек ойлары бар екенін хабарласа керек.


XX ТАРАУ


ХАТ



Өр болсаң, қор болмайсың; ез болсаң, құлдар құсап, Фортунаның жанынан өтуге де жарамайсың.


«Он екінші түн»



Дастарқан жиылып болысымен, әлде Квентин өзінің көңіліне ұнап қалды ма, әлде таңертеңгісін оның басынан кешкен оқиғалары туралы шым-шымдап сыр тартқысы келді ме, капеллан жас жігітті терезелері жеміс бағына қараған оңаша бөлмеге шақырды; мейман жігіттің әлсін-әлі терезеден сыртқа тесіле қарай бергенін аңғарып, бақ ішін аралап қайтуға және епископ өзінің гүлзарларына егіп құлпыртып қойған, шетелдерден алдырған өсімдіктерді қызықтап көруге ұсыныс жасады.


Квентин ешкімді мезі еткісі келмейтінін айтып, бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартты да, капелланға таңертең өзі ескерту алып қалғанын әңгімелеп берді.


— Иә, иә, — деп күлімсіреді капеллан, — бір кездерде епископтың бағына кіруге бөгде адамдарға, шынында да, тыйым салынып келгені рас. Бірақ бұл өзіміздің абыз атамыздың отыздар шамасындағы әрі жас, әрі келбетті прелат шағында, сөйтіп жанына сая іздеп, оның қамал-сарайына не бір ғажайып көрікті ханымдар із суытпай қаптап келіп жататын шақта, баяғыда осылай болған-ды. Әлбетте, — деп ол қымсынғандай әлде қуақыланғандай кейіппен көзін жерге қадап, күлімсірей сөзін жалғады, —Әдетте қазір канониса иемденіп отырған оқшау бөлмелерге орналастырылатын күнәдан арылуға келген кербез сұлу бикештер тосын адамдардың көзіне түсіп қалмайтындай, әйтеуір, бір мүйісте таза ауа сімірулері қажет болды ғой. Бірақ соңғы жылдары бұл тыйым салу, әдейілеп күн тәртібінен алынбағанына қарамастан, бұрынғы күшін өзінен-өзі-ақ жоғалтып та үлгерді. Қазіргі кезде бұл рәсім сақтала қалған күнде, тек әлгі алжи бастаған неремониймейстердің қиялында ғана сақталып қалған болар. Көңіліңіз қош көрсе, бақ ішіне барайық: сейіл құрып жүрген біреу-міреулер ұшырасып қалар.


Квентин үшін бақ ішін өз еркімен аралаудан артық ләззат болуы мүмкін емес еді, егер бір кездегідей сәті түсіп, жолы бола қалса, ол бақ ішінде серуендеп жүріп, өз ғашығына жолығып қалуы немесе «Лала гүлі» мейманханасы мен Плесси қамал сарайындағы Дофин мұнарасындағыдай, мейлі қияннан болса да, терезе әйнегінен немесе әлдеқандай бір мұнараның балконынан оның да көріп қалуы ғажап емес қой. Изабелла қай жерде тұрып жатпасын, әмісе мұнараның сәнін келтіру оның маңдайына жазылып қойған — Квентинге осылай көріне беруші еді.


Квентин мен оның жаңа танысы бақ ішінен шыға келгенде, капеллан өзінің бүкіл болмысымен жер бетіндегі әдеттегі істердің қам-қарекетіне бой ұрған философқа ұқсаса, ал жер бетіндегі тіршіліктен қол үзген Дорвардтың аңсары ғарышқа қарай самғаумен болды; астролог іспеттес аспан әлемін шүйіле зерттемесе де, ең берісі, өзінің таң шолпанын аңсаған жандай, көне заманнан мәлім осынау үйдің бүкіл ішкі жақ бөлігіндегі көзге шалынған күллі балкондардың, терезелердің және әсіресе шағын мұнаралардың бірін қалдырмай зер сала шолумен болды.


Бүкіл аңсары осы кәсіпке ауған ғашық жігіт, қадірменді серігі өзіне қолымен нұсқай көрсете жүріп, сирек кездесетін күллі өсімдіктерді, шөптер мен бұталарды егжей-тегжейіне шейін тізбектеумен болған хикаясын — тіпті оның зәредей де құлақ асуының өзі екіталай — мүлде селқос тыңдап келе жатты. Шөптердің бірі, оның пайымдауынша, теңдесі жоқ дәрі-дәрмек болса, екіншісі сорпаға қосса кереметтей дәмін келтіреді екен, ал, ең керемет үшінші біреуінің ғажаптығы, оның өте сирек кездесетін өсімдіктер қатарына жататындығымен ғана ерекшеленетін болып шықты. Квентин өзімен әңгімелес серігін тыңдап келе жатқандай кейіп танытуға мәжбүр болды, ал бұлай ету оңайға түскен жоқ-тын, сондықтан ол байғұс беймаза натуралистен де және оған қоса күллі өсімдіктер дүниесінен де іштей жерумен болды. Әудем уақытта ғана барып, капелланға өзінің діни қызмет бабындағы міндеттерін атқаратын мезгіл жеткенін хабарлаған қоңырау соғылып, Квентиннің ойлағаны болды.


Өзінің жас досымен қоштасып, өз жайына кеткенше діндар әкей орынсыз жерден кешірім өтініп, орынсыз ілтипат жасаумен болды, сөйтіп өз сөзін мейман бақ ішінде, қаласа тіпті кешкі тамаққа шейін, алаңсыз серуен құруына болатындығын айтумен аяқтады. Квентинді сүйіндірген оның осы соңғы сөзі ғана еді.


— Мен уағыздарымды әмісе осы жерде әзірлеп аламын, — деп сөзін жалғай түсті ол, — өйткені қамал-сарайдағы ең бір оңаша орын осы. Міне, осы жолы да өзіміздің үй ішілік шіркеуімізде азын-аулақ өсиет айтуыма тура келіп тұр, сондықтан егер сіз маған құрмет көрсеткіңіз келсе... Мені шешендік өнерден де құр алақан емес десіп жүр... Әйткенмен бұл менің сіңірген еңбегім емес, әрі абырой-даңққа да ие болатын мен емеспін!


Квентин басының қатты сынып ауырып тұрғанын желеу етіп, өзіне білдірілген бұл құрметті пайдалана алмайтыны үшін ғапу өтінді; бас ауруын жазудың мың да бір емі таза ауа екенін айтты; ақыр соңында мейірбан священник Квентинді жалғыз қалдырды.


Квентин жалғыз қалып, енді бос уақытын көңілі қалаған іске арнау мүмкіндігіне ие болған соң бірде-бір терезені, бірде-бір саңылауды, әсіресе Марта Хайраддинді енгізіп алған, графинялардың бөлмесін жас жігіт осы маңда деп ойша жорыған шағын ғана есікпен қанаттас терезелер мен саңылауларды назарынан тыс қалдырмай зер сала зерттеді деп біз нық сеніммен айта аламыз. Бірақ уақыт зымырап өтіп жатты, ал бақ ішінде сығанның сөздерін яки расқа саятын, яки жоққа шығаратын дәнеңе де көзге шалына қойған жоқ. Қас қарая да бастады, сондықтан неге екенін өзі де білмей, Квентин өзінің бақ ішінде ұзақ уақыт бойы серуен құруы наразылық, тіпті, сезік туғызып жүруі мүмкін деген ойға келді.


Қайтпақ болып, берік байлам жасап, көзіне айрықша ыстық көрінген терезенің қасынан соңғы мәрте өте бергенінде, кенеттен оның нақ төбесінен өзінің назарын аудару үшін бейне әлдекім естілер-естілмес жөтелгендей, беймәлім бір әлсіз дыбыс құлағына шалынғандай болды. Сол бір дыбыс шыққан жаққа қуанышы қойнына сыймай таңырқана қарап еді, ол лезде терезенің ашылып, бір әйел қолындағы бүктеулі хатты ытқыта салғанын байқап қалды, Хат үй қабырғасының дәл іргесіндегі розмарин бұтасына барып түсті. Хаттың сақтықпен жолдануынан, ол әрине, құпиялықты қатаң қадағалау керектігін ұқты. Бақтың екі жақ қанаты ілгеріде атап өткеніміздей, қамал-сарайға келіп тіреледі; сондықтан көп үйлердің терезесі бақ ішіне қаратылған. Бірақ толып жатқан керікті орындардың ішінде елгезек капеллан Квентинге қолдан жасалған әлдебір үңгірді де көрсетіп еді. Хатты дереу қақшып ала салып, оны омырауына сүңгітіп жіберу, сөйтіп әлгі бір құтқарғыш үңгірге қарай зып беру үшін уылжыған жап-жас ғашық жігітке қас қағымдай ғана уақыт толығымен жетіп жатты. Ол мұнда келісімен, өзіне арналған баға жеткізгісіз хатты ашып жіберіп, тек солардың арқасында хаттың мазмұнын санасына құйып алу мүмкіндігіне ие болған Абербротоктың шапағатты монахтарына алғысын жаудыра, хатты оқи бастады.


«Бұл хатты өзіңіз ғана оқыңыз, — біз мазмұнын келтіріп отырған хаттың бірінші жолы осылай басталыпты. — Сіздің жанарыңыз батылдықпен паш еткен сезімді менің жанарым, бәлкім, тым жедел ұға қойған болар. Алайда қиянатшылдық қуғынына түскен бейкүнә жан жасымаса керек және де, маған сабылып ару іздеген көптің нысанасына ілінгеннен гөрі, біреу де болса бірегей жанның ізгілігінен түңілмеген абзал көрінеді де тұрады. Бақыт құсы жан баспаған биік құздың басына қонып, ұя салды, бірақ батылдықтың ала алмас қамалы жоқ. Егер өзіңіздің жолыңызда барлық қатерден тайсалмауға тәуекел еткен арудың ар-намысы үшін қандай сыннан болса да бас тартпауға бекінсеңіз, ертең таң қылаң бергенде қалпағыңызға ақ және көк түсті қауырсын тағып, осы бақтың ішінен табылыңыз. Бірақ осыдан басқа сөз күтуші болмаңыз. Шоғыр жұлдыз болашағыңызды бақытқа жорыған һәм өзіңізді мейірбан жан етіп жаратқан деседі ғой. Қош боп тұрыңыз. Адал, батыл, табанды болыңыз, басыңыздағы бақытыңызға шүбәланбаңыз».


Хат ішіне де Круалар шаңырағының ерте заманнан мәлім гербі таңбаланған, баданадай алмас көзі бар ежелгі заман сақинасы салыныпты.


Квентин бұл жолдарды оқып шыққанда, оның тұла бойын шаттық сезімі кернеді, қуаныш пен мақтаныштан төбесі көкке жеткендей болды, сол жерде ол — арман-мақсатына жетуге немесе өлімге бас тігуге өзіне-өзі ант етті. Шексіз қадір тұтатын графинясы мен өзінің жолында тұрған мыңдаған тосқауылдар енді оған қорқынышты болмай қалды: ол бұл тосқауылдарға таңдана қарады.


Қуанышы қойнына сыймай, сезім құшағына алаңсыз берілуге құмартып тұрғаны соншалықты, өз махаббатынан өзге еш нәрсе жайында ойлауға мұрсаты жоқ осы бір сәтте, көлденең біреу килігіп кетпесе екен деген ой келгенде, тұла бойы қалтырап кетті. Лезде қамал-сарайға оралып әлгіндегідей басым көтертпей сынып тұр деген сылтау айтып, кешкі тамақтан бас тартты. Сөйтіп жалма-жан шырағданды жағып, өзіне жолданған баға жеткізгісіз сәлем хатты қайта-қайта оқымақ, һәм өз жүрегіне қымбаттығы бұдан да кем соқпаған сақинаны құшырлана сүймек оймен, өзіне бөлінген бөлмеге қарай беттеді.


Бірақ көңілдің мұндай шаттық күйі көпке созыла қоюға тиіс емес. Ұзамай ғашық жігіт тұңғиық қиял түбіне сүңгіді: жоқ, бұлай ойлау безбүйректік, тіпті өзіңді-өзің қорлау деп есептеп, одан ат-тонын ала қашса да, әлдебір арылмас қиял өзін сүйетіндігін ашықтан-ашық мойындауы, өзінің бүкіл батырлық бітімімен қастерлеп үйренген Изабелла арудың бейнесімен, оның ибалы ұяң бейнесімен қалайда үйлеспейді деген ой оны мазалай берді. Бұл сұмдық ой басына келісімен-ақ, ол түнде төсегіне кіріп кететін ысылдаған сұр жыланды жаншып тастайтыны сияқты бұл ойды, бірден тұншықтырып тастауға тырысты. Бақытқа бөленген өзінің жолында мәртебелі басын бұлай кішірейткен, өз басы көз қиығын да қадай алмайтын, арудың сол бір кішіпейілдігін тәлкекке салу лайық па екен бұған? Иә, ақыр-соңында, арудың биік атақ-дәрежесі мен шыққан тегін ескерсек, осы бір орайда, заты әйел адамның аузын аштырмайтын, сөйтіп ер адамның бірінші болып сөз салуын күттіріп қоятын жаппай ортақ әдет-ғұрыпты елемей тастауына оның толық хұқы бар емес пе? Осынау дәйекті де, өз пікірінше, бұлтартпайтын дәлелдердің сыртында, бәлкім, тіпті іштей мойындауға өзінің де батылы бара қоймаған тағы да бір өршіл ой, атап айтқанда: махаббатты жеңіп, әдептілік қағидасын сәл де болса аттап өткен перизаттың қылығы ол сүйген адамның биік қасиетін байқатпай ма? — деген ой қылаң беріп тұрды. Сонымен ең ақырында Мальволио сияқты бұл алуандас мысалды әдебиеттен ұшыратуға болады деп өзін-өзі жұбата алатын еді. Бұл хикаяны өзі таяуда ғана оқыған-ды, жас атқосшы нақ Квентин тәрізді иелігінде жері жоқ кедей дворян болған, алайда ізгі жанды венгр ханшайымы өз махаббатын білдіріп, қайдағы бір хат емес, бұдан әлдеқайда мәндірек дүниені ешбір ойланбастан-ақ сыйға тартқан.


Ару айтты: «Сұңқарым,


Жан сүйерім іңкәрім.


Тек үш рет сүйдірем,


Без жүз гиней һәм берем».


Сонан соң, шын болған бұл оқиға венгр королінің өз сөзімен былай баяндалады:


Ол бұрын әншейін бір шырақ еді,


Үйленді де, король боп шыға келді.


Сонымен, сайып келгенде, Квентин өзін құлақ естіп, көз көрмеген бақытқа бөлеуге ұйғарған графиняның қылығын ізгі де кіршіксіз көңілмен ұнатып қалды.


Бірақ әлгі бір күдіктен енді ғана сейілуі мұң екен, бұл жолы жеңуге қиын соққан басқа бір күдік пайда болды. Өзіне аян болғанындай, опасыз Хайраддин төрт сағатқа жуық уақыт бойы, айналсоқтап ханымдардың қасынан шыққан жоқ, осы бір жағдай, сондай-ақ сығанның жас жігіттің тағдырына етпек өз ықпалы туралы бүкіл әңгімесі Квентиннің көңіліне кейбір сезікті ойларды әлсін-әлі оралта берді. Хатпен байланысты оқиға осы сұмпайының ісі емес, деп өзіне кім кепілдік бере алмақ? Ал егер солай болып шықса, онда бұл оқиғаны ол өзінің тағы да бір сатқындығын бүркемелеу мақсатымен, мәселен, Изабелланы епископтың қамал-сарайынан алдап шығарып алуды көздеген зұлымдық мақсатымен ойлап шығаруы әбден ықтимал. Осы жағдайдың бәрін жақсылап ойластырып алу қажет болды, өйткені Хайраддин арсыз, өзінің опасыздығын мойындағаннан бері Квентин оны сұмдық жек көріп кетті, сондықтан бұл сұмырай араласқан бір де бір істің жақсылыққа бастамасына берік сенді.


Осы бір ойлар қиялынан туған таңғажайып көріністерді көлеңкелеп, қара түнек бұлттай үйіріліп, көкейінен кетпей қойды. Түні бойы оның көзі ілінген жоқ. Қалпағына хатта көрсетілген түстегі қауырсынды қадап алып, таң сібірлеп ата бастасымен-ақ ол бақ ішінен табылды (бақ ішіне енді ол өзі қалаған уақытында шыға алатын). Арада екі сағат уақыт та өтті, бірақ оның бар-жоғын елең қылған белгі болған жоқ. Кенеттен оның құлағына лютняның үні шалынды; бұдан соң іле-шала Марта сығанды енгізіп алған шағын есіктің жоғары жағындағы терезе айқара ашылып, іштен балғын жүзі гүл жайнаған Изабелла көрінді. Шотландық жас жігітке көзі түскен ол жайдары жүзбен әрі ұялшақтай бас изеді, жігіт ілтипатпен төмен иіле жауап қатқанда екі бетінің ұшы дуылдап қоя берді. Сасқанынан лезде терезені тарс еткізіп жаба салды да, көзден ғайып болды.


Айдай айқын шындықты күндізгі самаладай жарықтың өзі де жария ете алмас еді. Хаттың графиняның қолымен жазылғаны анық болды; оқиғаның бұдан арғы аяқ алысын енді шыдамдылықпен тоса білу ғана қалды; бұл жайында жолдаманың ғажап авторы тіс жарып, сынық сөз қатқан жоқ. Айтса да, ақыр-соңын күтуге де болатын еді. Графиняға жуық арада төніп тұрған қауіп жоқ-ты: ол ақсүйектер патшасы ретінде, әрі лайықты прелат ретінде де күллі қауым ардақтайтын қадірлі адамның қанаты астында, тамаша бекінген қамал-сарай ішінде тұрып жатты. Шаттыққа бөленген атқосшы әзірше рыцарьлық ерлігімен таныла қоярдай ешқандай да себеп болған жоқ; одан қазір не бары сақадай сай тұрып, хабар жетісімен, графиняның әмірлерін орындау ғана талап етілді. Бірақ тағдыр, оның өзі күтпеген жерден, ертерек қимыл-әрекет жасауына мәжбүр етті.


Квентин Шонвальдке келгелі төртінші тәулікке ауған кешкі бір мезетте, отрядындағы ең соңғы солдатты таңертең нағашы ағасына және лорд Кроуфордқа жолданған хаттарды беріп жолға шығуға әмір етті, бұл хаттарында ол Хайраддиннің корольден астыртын нұсқау алғанын, сөйтіп Квентин опасыздықтың жеміне айналуына сәл ғана қалғанын, француз короліне қызмет етуден бас тартатынын баян етті. Ол ар-намысы мен өз басының қауіпсіздігі осындай ұйғарымды талап етеді, деп санады. Бұл істі тындырысымен, әдетте ғашық жандар бірі-бірімізге ынтықпыз, деп ойлайтын шақтарындағы махаббаттың от-жалынымен шат-шадыман күйге түсіп, тәтті арманға бой ұрған Квентин төсегіне жатып қалды.


Бір ғажабы, тәтті қиялға шомып, ұйқтап кеткен Квентин әуелгі бетте тәтті түс көріп жатты да, артынша түсі күрт бұзылып сала берді.


...Ол қасына графиня Изабелланы ертіп, жым-жырт, нақ өзі туып-өскен алқабындағы ғажап әсем көлдерден ешбір кем түспейтін, суы мөп-мөлдір көл жағасымен серуен құрып жүр екен. Бейне екеуінің арасында ешқандай да тосқауыл жоқтай-ақ, ол Изабелланы сүйетінін жыр етіп айтып келе жатты, ал қыз мұның әңгімесін екі беті от болып жанып, күлімсірей тыңдап келеді екен; Квентин күндіз-түні екі елі тастамай, кеудесіне басып, сақтап жүрген хаттың авторы өзі болуы себепті, Изабелланың әңгімені бұлай ынтызарлықпен тыңдамасына хақы да жоқ еді. Алайда кенеттен көз алдындағы көрініс күрт өзгеріп кете барды: жадыраған жаз — қытымыр қысқа, маужыраған тыныштық — қара дауылға айналып кетті; бейне бір ауа мен су перілері өзді-өзі айқасып, билікке таласқандай, аласұрған жел толқындарды үйіре соғып құтырына түсті. Қашып құтылмақ болған екі ғашық қайда бет бұрса да, айнала асау толқындар жолдарын бөгеп, босатпады. Дауыл барған сайын долдана түсіп, толқындар аспанға шапшыды; Квентиннің тұла бойын сөзсіз опат болу қаупі билей берді де, ұйқысынан оянып кетті...


Түсі үзіліп, шындыққа орын берді, бірақ, сірә, әлгіндегі сұмдық ауыр түс көруіне себепші болған айғай-шу, ұйқысынан оянғанда да басылмай естіліп тұрды.


Квентин әу дегенде, басын көтеріп тың тыңдады. Оның құлағына енді шалынған азан-қазан шу, шынында да, дүлей дауылға ұқсап тұрды, бірақ бұл, шынында да, дауыл болып шықса, онда өзі туған Грампиан тауларында бұрын-соңды естіп көрмеген бүкіл дауыл атаулыдан қауіптірек еді. Әйтсе де, бұл кәріне мінген табиғат апаты емес, ыза-кек кернеген адамдар тасқыны екеніне, көп кешікпей-ақ көзі жетті.


Ол әп-сәтте терезе алдына жетіп келді, бірақ терезеге қараған бақ іші, бәрі де өз орнында, тым-тырыс көрінді, сөйтіп, ол жалма-жан терезе жақтауын шалқайта ашып қойғанда ғана, бөлмені кернеп ала жөнелген гуіл мен алыстан естілген қиқулардан, қамал-сарай қоршауда қалғанын — сірә, оны қаһарын тіккен сансыз көп дұшпан қоршап алғанын айқын сезді. Көзге түрткісіз қараңғылық пен жүрегінің алабұртқанын, шамасы келгенше елеместен, Квентин қару-жарағына жармасты. Киімін киіп, сауыт-сайманын сайлай бастағаны сол еді, кенеттен бөлмесінің есігі қағылды. Квентин жауап қатпай, сәл кідіріп тұрып қалды, бірақ келесі бір сәтте жұқа есік сықыр етіп ашылып кетті де, ішке біреу кіріп келді, сөз мәнеріне қарап-ақ оның Хайраддин екенін аңғару қиынға соға қойған жоқ. Оның қолынан шыны сауыт көрініп тұрды; ол сауытқа апарып білтені тұтатты, сөйтіп әп-сәтте жарқ ете қалған қызыл арай жалқынды пайдаланып, қойнынан шағын бір шамды шығарып ала сала, оны жағып қойды.


— Сіздің тағдырыңыз енді өз қолыңызда, өзіңіздің батылдығыңызға байланысты, — деді ол ай-шайсыз, амандасудың орнына.


— Малғұн! — деп зекіріп жіберді Квентин. — Біз опасыздықтың қоршауында қалып тұрмыз, ал опасыздық жүрген жерде, сен де жүресің!


— Сіз, сірә, есіңізден адасып тұрсыз! — деді Хайраддин. — Мен өзім олжа табатын жерде ғана опасыздыққа барамын. Ал маған өзіңізге қызмет ету әлдеқайда тиімді бола тұра, неге опасыздық етуім керек? Егер бұлай ету қолыңыздан келетіні рас болса, онда бір жолға болса да ақылға құлақ асыңыз, әйтпесе оның арты ажал құштыруы мүмкін. Льеж тұрғындары көтеріліс бастап отыр... Бүлікшілердің бастаушысы — өз баукеспелерін ерткен Гийом де ла Марк... Епископтың қарауында қорғауына аларлық құрал-күші болғанның өзінде сан жағынан басым, құтырынған дұшпанына қарсы төтеп бере алмас еді. Қолдан келер ешқандай да дерлік шара жоқ — күлі көкке ұшары даусыз. Егер графиня мен өз үмітіңізді құтқарып қалғыңыз келсе, сізге үш қабыланның бейнесі салынған сақинасын беріп жіберген ханымның аман қалуы үшін менің соңымнан ілесіңіз.


— Баста! Оның жолында мен қандай қауіпке де басымды тігуге дайынмын! — деп салды Квентин.


— Өзіңізге қатысы жоқ іске қол сұғып, шатаспайтын болсаңыз ғана, — деді сыған, — мен мәселені ушықтырмайтын етіп тындыруға тырысамын. Және де, шын мәніне келгенде, кімді-кімнің — әлде епископ өз табынының немесе табыны өз бақташысының көзін жоя ма — бұдан сізге келіп-кетер не бар? Ха-ха-ха! Соңымнан еріңіз және де сақ болғайсыз: батырлығыңызға иек арта бермей, менің ақыл-кеңесіме құлақ асыңыз... Сіздің алдыңыздағы парызымды өтейтін кезең келіп тұр, сіз графиняға үйленесіз... ілесіңіз соңымнан!


— Ілестім, — деді Квентин, қылышын қынынан суырып алып, — бірақ біліп қойғын, опасыздық жасағаның сәл сезіліп қалған сәтте-ақ, басың қырқылып үш ярд жерге шоршып түседі.


Квентиннің сауыт-сайманын киініп, қаруын асынып алғанын көрген сыған, ләм деместен, басқышпен төмен қарай зымырай жөнелді де, ұзамай шым-шытырық өткелдермен жас жігітті бақ ішіне ертіп шықты. Олар қамал-сарайдың ішінде тұрғандарында, сырттан өздеріне айғай-шу мүлде дерлік естіле қоймаған еді, сөйтіп айналаны қараңғы қапас тұмшалап алған-ды; өздері бақ ішіне шыққан кезде қамал-сарайдың қарсы жақ бетінен естілген шу мен айғай он еседей үдей түсті. Тіпті атой салған ұрандар да анық естіліп тұрды. «Льеж бен Қабан жасасын!». «Льеж бен Қабан жасасын!» деп гуілдесті қоршаушылар. Ал жау өздерін тұтқиылдан бас салып, сасқалақтап қалған қорғаушылардың «Аққа құдай жақ — епископ тақсырға жаратқан өзің жар бола гөр!» — деген үндері еміс-еміс қана естіледі.


Бірақ Квентин Дорвардтың жау жүректігіне қарамастан, бұл жолы ол ұрысқа зәредей көңіл аударған жоқ. Оны бір ғана ой — осы бір сәттерде, қамал-сарайға басып кіргелі жатқан қаныпезер қарақшының қолына түсіп қалса — Изабелла де Круаның қандай сұмдық ауыртпалықты бастан кешетіні туралы ой билеп алған-ды. Ол тіпті сығанның ырқына көніп қалды, сөйтіп қайсыбірде айығудан күдерін үзген сырқат көпе-көрінеу алаяқ әрі надан балгердің берген дәрісін іше беретініндей, оның көмегінен бас тартпады. Қарсылық көрсетпестен жол бастаушысының соңынан ілесіп жүре берді, алайда опасыздықтың нышаны сезілген алғашқы минутта-ақ оны қалт жібермей, тұрған орнында жайратып салуға берік бел байлады. Өмірі қыл үстінде тұрғанын Хайраддин де ұққан болуға тиіс, өйткені бақ ішіне шыққан бойда-ақ, бейне сақ әрі батыл қимылға көшуге іштей ант еткендей, бұрынғыдай жылпостанып, қылжаққа басуын біржолата доғарды.


Ханымдардың бөлмесіне кіретін есіктің алдына барған Хайраддин оны ептеп қана тықылдатты, сол-ақ екен ар жақтан шыға келген, Нидерланды елінде күні бүгінге шейін киетін, қара түсті жамылғымен тұмшаланып алған екі әйелдің тұлғасы көріне кетті. Квентин әйелдердің біріне қолын ұсына берді; бишара әйел тұла бойы қалш-қалш етіп, жалма-жан жігіт қолынан шап беріп ұстай алып, оған жабыса кеткені сонша, сірә, егер ол сәл ғана етжеңді болса, онда қашып құтылулары қиынға түсер ме еді, кім білсін. Сыған екінші әйелдің қолынан ұстады да, ілгері қарай, жүзіп өтетін қайық сайланып қойғанын Квентин өз көзімен көрген, бөгетке шығатын кішкентай есікке тікелей тартып кетті.


Қашқындар бөгеттен жүзіп өткендерінде, сірә, қамал-сарайдың басып алынғанын жария еткен болулары керек; алыстан масайрап айналаны жаңғыртумен болған, қиқуға басқан дабыр естіліп тұрды. Осынау қиқу салған дабырмен делебесі қозған Квентин, өзін-өзі билей алмай, ағынан жарылып:


— Қазіргі шақта өз мойныма алған парызымды орындауға қасық қаным қалғанша күреспеген болсам, мейірбан епископтың жолында шайқасу үшін осы заматта қамал-сарайға қайта оралып, зорлық-зомбылық пен тонаушылықты кәсіп еткен сұмырайлардың ең жоқ дегенде біреуін жайратып салар едім! — деді.


Осы сөз аузынан шыққан бетте, серіктес ханымы бейне оның көмегі Шонвальдтен гөрі осы жерде маңыздырақ. екенін айтқысы келгендей, қолын сәл қысып қойғандай боп көрінді Квентинге. Осы бір тұста сыған да шыдамай кетіп, даусың қаттырақ шығарып міңгірлеп жатты:


— Нағыз христиан есуастығы деп мен осыны айтамын! Махаббат пен бақытқа қашып кетсең ғана жетейін деп тұрғаныңда, қып-қызыл өрттің ортасына ұмтылуын қарашы. Алға, алға тартыңыз! Және шама келгенше тездетіңіз... Бізді анау көрінген сәмбі талдардың түбінде аттар күтіп тұр!


— Бірақ атың екеу-ақ қой, — деді Квентин, айдың жарығымен шола қарап.


— Көзге түсіп қалмайын деп, тапқаным осы... Ал бізге бұдан артығының керегі де жоқ, — деп жауап қатты сыған. — Жол бойына қауіп төнбей тұрғанда, сіз екеуіңіз Тонгрге қарай бет түзеп, шаба бересіздер, ал Марта біздің шатырымызда бой тасалай тұрады. Ол екеуміз баяғыдан таныспыз: ол өзіміздің руымыздың қызы және ол өз мақсатымызға жеткенімізше уақытша сіздермен бір үйде тұрып келді.


— Марта! — деді жұлып алғандай графиня жамылғымен тұмшаланып алған әйелге тандана қарап. — Сонда бұл менің туысым болмай шыққаны ма?


— Иә, бұл Марта ғана, — деп жауап қатты Хайраддин. — Менің ойлап тапқан амалым осы ғана болды, оныма ғапу өтінемін, бірақ Арденнің Жабайы Қабанының уысынан де Круа графинялардың екеуін бірдей ұрлап алып кетуге батылым жеткен жоқ.


— Сұм неме! — деді Квентин ашуға булығып. — Әйтсе де әлі кеш емес... Мен қайта оралып, Амелина ханымды құтқарып аламын!


— Амелина менмін, қасыңда тұрмын, — деп сыбырлады әйел тебірене шыққан үнмен, — өзімді құтқарып алғаныңыз үшін сізге рақмет.


— Қалайша! Мен жаңылыс естіп тұрған жоқпын ба? — деп жан ұшыра айғайлап жіберді Квентин, басқа бір жағдай болса, тіпті атақ-дәрежесі жағынан ең төменгі сатыдағы әйелге де бүйтуге дәті бармайтындай тұрпайылықпен қолын жұлып алып. — Демек, графиня Изабелла қамал-сарайда қалып қойған ба? Олай болса — қош болыңыздар!


Қайта оралмақ болып, ол жалт бұрыла берді, бірақ Хайраддин оны ұстап, бөгеп қалды:


— Тоқтаңыз, тоқтаңыз! Сіз не істеп тұрсыз?.. Сіз тұп-тура өлім аузына бармақсыз. Өйтеріңіз бар екен, онда кемпірді бейнелейтін түстегі қауырсынды қалпағыңызға неге тағып аласыз? Бұдан былай енді ақ түсті де, көк түсті де қауырсынға иланбас болармын. Айтпақшы, сіз өзіңіз бұл ханымның да шіріген бай екенін білмейсіз бе?.. Оның алтыны мен асыл тастары дегеніңіз шаш етектен асып жатыр... Тіпті иен жерге иелік ететін құқы бар...


Алқына сөйлеп, әр сөзін үзіп-жарып айтқан сыған өзіне ырық бермей суырылып шығуға оқталған Квентинді бөгеп қалуға тырысып бақты, бірақ ол енді қанжарын суырмақ болып, қынына жармаса берді.


— Ә, олай болса, — мейліңіз, басыңыз ауған жаққа кете беріңіз, — деп кіжінді сыған, оны жайына қалдырып.


Өзін енді ешкім бөгей қоймасын сезген шотландық қамал-сарайға желдей есіп жүгіре жөнелді.


Бұдан соң Хайраддин намыстан, өкініштен, әрі қорқып кеткендіктен есінен танып, сұлқ түсіп, жерде жатқан графиня Амелинаға бұрыла қарап, тіл қатты:


— Сәл-пәл ғана жаңсақтық жасап алдық... Графиня, түрегеліңіз де, соңымнан ілесіңіз... Өзім сізге таң атқанша анау қаршадай баладан асып түсетін күйеу тауып беруге уәде етемін... Ал біреуі аз болып жатса, керек десеңіз жиырмасын да табамын!


Графиня Амелина еркек жандылығы тұрғысынан қаншалықты албырт болса, соншалықты ұшқалақ әрі ақылы тайыз кісі-тұғын. Көптеген басқа әйелдер сияқты әдеттегі тұрмыс жағдайындағы ұсақ-түйек істерді әйтіп-бүйтіп, әйтеуір, атқарып жүретін, ал дәл қазіргідей қиын-қыстау сәттерде, босқа күрсінумен ғана болатын нағыз дәрменсіздің өзі еді. Бұл жолы да солай болып шықты: Хайраддинді алаяқсың, оңбаған құлсың суайт та баскесерсің деп тілдеп, қарғап-сілеп, зар еңіреумен болды.


— Мені сыған деңіз. — Ол салқынқандылықпен кесіп айтты. — Соның өзі әбден жетіп жатыр.


— Жауыз. Екеуіңіздің қосылатындарыңызды растап, аспандағы жұлдыздар да аян берді деп мені иландырғаның қайда?.. Оған осы хатты маған зорлап жаздырған сен емес пе едің?.. Әй, өзім де сорлымын ғой... — деп боздай берді бишара графиня.


— Иә, егер екі жақтан да ризалық білдірілгенінде, жұлдыздар екеуіңізді қосатын еді, — деді Хайраддин.—  Ал аспан әлеміндегі жұлдыздар біреу-міреулерді өз еріктерінен тыс бір-біріне қоса алады, деп өзіңіз ойлайсыз ба? Мені есептен жаңылдырған, сіздердің христиандық нәзік сезімдеріңіз, өздеріңіздің сайтан алғыр ленталарыңыз бен қауырсындарыңыз! Ал іс жүзіне келгенде ол сабазың сиыр етінен гөрі бұзау етіне үйір болып шықты — барлық гәптің түйіні, міне, осы ғана... Түрегеліңіз де соңымнан ілесе беріңіз және де есіңізде болсын: жылап-сықтау мен талып қалу дегенді суқаным сүймейді.


— Мен бұл арадан бір қадам да аттап баспаймын! — деп мәлімдеді графиня қасарысып.


— Аспанды куә етемін, сіз маған ілесесіз! — деп ақырды сыған. — Бір кезде ақымақтар иланып келгеніндей, мен бар шынымды айтып ант етейін, сізді ойланбастан тыр жалаңаш етіп шешіндіремін де, ағашқа таңып тастаймын, сөйтіп маңдайыңызға жазылғанды мойныңызбен көтеруіңіз үшін жападан-жалғыз қалдырамын!


— Байқа, бұған мен жол бермеймін, — деп ара түсті Марта. — Пышақ деген менде де бар ғой, оның тілін мен өзіңнен кем игерген жоқпын... Амелинаның ақымақтау екені рас, бірақ мейірімі мол әйел, сондықтан оны ренжітуге көне қоймаймын... Түрегеліңіз, ханым, сөйтіп бізбен бірге жүріңіз. Қателескен болып шықтық, бірақ қайткенмен де сіздің қол-аяғыңыз бүтін, зардап шеккен жоқсыз, соның өзіне шүкіршілік етіңіз. Біз тұрған жерге келіп, құтылып шығу үшін бұл қамал-сарайдағы көп жандар-ақ, менің ойымша, өздерінің бүкіл байлығын бере салған болар еді.


Осы бір сәтте Шонвальд қамал-сарайынан дамылсыз гүріл жаңғырығып тұрды; шаттанған дауыстар жан ұшырған зарлы үнмен ұштасып кетті.


— Естіп тұрсыз ба, — деді Хайраддин графиня Амелинаға, — шіңкілдеген даусыңыз осынау концертке қосылып кетпегеніне шүкіршілік етіңіз. Иланыңызшы, сізге деген көңілім кіршіксіз: көзіңіз жетеді әлі-ақ — жұлдыздар ұзамай уәделерін орындайды да, сізді лайықты күйеуге қосады.


Қатты үркіп, болдырып қалған аң сияқты, сұмдықтан басы мәңгірген графиня Амелина жол бастаушыларының ырқына көне берді де, олар қайда бастаса да қарсыласқан жоқ. Үрейден, абыржудан қатты әлсірегені соншалықты, өздігінен жүруге шамасы келмегендіктен, оны сүйретіп бара жатқан екі пысық өзара ешбір қысылмастан емін-еркін сөйлесе алатын болды, өйткені бишара әйел естіп келе жатқанымен, олардың бір сөзін де ұға алмады.


— Бұл ақылға қонбайтын жоспар екенін мен әрқашан айтқанмын, — деді Марта. — Егер Квентинді жас графиняға үйлендіруді ойластырғаныңда, олардың алғысы мен қамал-сарайынан сенімді баспанаға ие болатынымызға үміт ете алар едік. Шынында да, Квентиндей сымбатты жігіт мына бір қаусаған кәрі қақпасқа үйленеді, деп қалай ойлауға болады?


— Риспа, — деп жауап қатты Хайраддин. — Есімің христиандарша аталғалы қилы заман өтті және осынау ақымақтармен қоныстас болғалы да қилы заман өтті, сондықтан, сірә, олардың ақымақтығы саған да жұқса керек. Өзің айтшы, қане: Амелинаға үйлену шаш етектен байлыққа батырайын деп тұрғанда, бұл шіркін жас мөлшеріндегі шамалы алшақтыққа мән береді ғой деп кім ойлаған? Сонан соң, түптеп келгенде, қазір бейне бір қанар бидайдай, өзіміз көтеріп келе жатқан мынау зілдей графиняға қарағанда, әлгі жасқаншақ сұлуды мұндай батылдыққа көндіру әлдеқайда қиынға түсерін өзің де білесің ғой. Мұны былай қойғанда, жігіттің өзін ішім ұнатып-ақ қалған еді, сондықтан оған жақсылық жасаймын деп ойлаған едім. Кемпірге үйлендіру — бұл оның болашағын қамсыз ету деген сөз. Ал жас графиняға үйлендіру — бұл де ла Маркті, Бургундияны, Францияны һәм графиняның күйеуге шығуына зәредей мүдделі болғандардың бәрін Квентинге қарсы қою, оған өшіктіру деген сөз. Сондай-ақ кемпірдің бүкіл байлығы алтын мен асыл мүліктерден тұратын болғандықтан, әрине, азғана, мардымсыз бола берсін, мейлі біз де одан құр алақан қалмас едік. Бірақ садақтың адырнасы үзіліп кетті, жебесі нысанаға тимеді, — демек, оны сөз етіп жатудың ешбір қисыны жоқ. Ал мынаны біз Қаба Сақалдың өз қолына табыс етеміз. Әдетінше араққа сылқиып тойып алса, графиняның кәрі екенін, яки жас екенін айыра қоятын ол жоқ. Тарт алға, Риспа, еңсең түспесін! Күн сәулелі Альдебаран шөл дала түлектерін шұғыласына бөлеп тұр емес пе!


XXI ТАРАУ


ТАС-ТАЛҚАН



Қайырымдылық есігі онда жабылған,
Кілең дөкір қарақшылар қағынған.
Ар дегенің жұрдай тұла бойында,
Қол дегенің қара қанға малынған.


«Генрих V».



Тұтқиылдан жау шапқыншылығына ұшырағанына, қорқыныш билегеніне қарамастан, Шонвальд гарнизоны қамал-сарай қабырғаларын ерлікпен қорғаумен болды; алайда Льежден толассыз ағылған жаудың өршелене жасаған шабуылы бірте-бірте түңіле бастаған солдаттардың арасында абыржушылық туғызды.


Бұған қоса қамал-сарайды қорғаушылардың қатарынан опасыздық бой көрсетпегенімен, ауызбірлік те болған жоқ: біреулері тізе бүгу керек деп өзеуресе, екіншілері күзет орындарын жайына тастап, бейберекет қаша бастады. Көпшілігі бекініс қабырғаларынан тікелеп бөгетке қарай секірумен болды, сөйтіп арғы жақ бетке жүзіп шыға алғандары, дереу киімдерінен епископ армиясының таңба-белгілерін жұлып алып тастады да, өмірлерін сақтап қалу мақсатымен қамал-сарайды қоршаушылардың легіне қосылып, олармен мидай араласып кете барды. Тек өз епископына ақырына шейін берілген аздаған солдат қана, оның төңірегіне топтасып, ол бас сауғалаған мұнараны қорғасты, сондай-ақ жаудан мейірім болмайтынын білгендер орасан зор қамал-сарайдың жекелеген мұнаралары мен бекіністерін асқан ерлікпен ұстап тұрды. Алайда ұзамай шапқыншылар қамал-сарайдың аулалары мен бүкіл төменгі қабатын басып алды. Олар өз қарсыластарын тонап, қанға бөктіре бастады; жеңімпаздар жеңіліске ұшырағандарды өкшелей қуып, олжа іздеп түкпір-түкпірдің бәрін шарлаумен болды. Басқалар бастарын сауғалап жанталасып жатқанда, бейне ажалды өзі іздеп жүргендей, осынау қиян-кескі ұрыс ортасына кенеттен пайда бола кеткен бір адам қирап бүлінген, жер тітіренткен осынау сұмдық көріністерді елеместен батыл түрде ілгері қарай өзіне жол салып келеді. Ол ештеңені де назарына ілген жоқ; оның тұла бойын айналасындағы қан жосылтқан қырғыннан да сұмдық бір ой билеп алған еді. Сол бір қасіретті түн ішінде, оның жанын жегідей жеген ойын білмей, Квентин Дорвардқа жолыға қалған біреу оны жын соққан есалаңға санаған болар еді, ал оның бұлай аласұруының себебін білген біреу, Квентинді романдарда ғана ұшырасатын аса даңқты кейіпкерлермен пара-пар қояр еді.


Қамал-сарайдың өзі шыққан тұсына жақын таяна бергенінде, Квентин орманға қарай зытып бара жатқан бір топ қашқындарды байқап қалды. Квентин олар қашып бара жатқан жаққа қарама-қарсы жүгіріп келе жатқандықтан, аналар оны жауға санап, бойларын одан аулақ салды. Квентин қамал-сарайға жақынырақ таянып келгенінде, адамдардың оның қабырғаларынан суға қалай гүмп беріп, секіріп түсіп жатқанын немесе оларды шапқыншылар қалай лақтырып жатқанын өз құлағымен есту, сондай-ақ шет-жағасын өз көзімен көру мүмкіндігіне де ие болды. Бірақ сонда да бұл алған бетінен қайтқан жоқ. Қайық іздейтіндей уақыт бола қоймады, ал тіпті қайыққа қолы жете қалған күнде де, қайық оның кәдесіне аспайтын болды, өйткені бақ ішіне шығатын кішкентай есіктің маңында, қоршағандар арт жақтарынан ұдайы тықсырумен болған қашқындардың қалың тобы қараңдап көрінді, олар суға секіріп яки құлап түсіп жатты.


Осы жол арқылы өтемін деп әуре болудың ешқандай қисыны да қалмады, сондықтан Квентин әлі көтеріліп үлгермеген аспалы көпірдің қарсы жақ бетіндегі қамал-сарайдың кіші қақпасы деп аталып кеткен тұсындағы бөгеттен жүзіп шықпақ болды. Қарсы жақ жағалауға жүзіп өту оған оңайға түскен жоқ, өйткені су түбіне кетіп жатқан бишаралар жан ұшыра қайта-қайта Квентинге жармаса берді де, оның өзін суға батырып жібере жаздады. Бірақ ақыр соңында ол көпірге шейін амалдап жүзіп барды да, төмен қарай салбырап тұрған шынжырлардың біреуінен ұстай алды, сөйтіп өзінің барлық күш-жігері мен ептілігін пайдаланып жоғары қарай өрмелеумен болды. Осылайша ол көпір бекітілген алаңға жетті де, аяқтарымен демеп, көпір үстіне енді шыға беріп еді, кенеттен оның қасына бір ландскнехт жетіп келіп, қанға боялған семсерін бар пәрменімен үйіре, оны шауып өлтіруге оқталды.


— Мұның қалай, достым! Досыңа көрсеткен көмегің осы ма! — деп дауыстады Квентин, сөйтті де бұйыра сөйлеп, сөзін жалғастырды: — Тез қолыңды бер маған!


Сасып қалған солдат пәлендей ықыласы түсе қоймаса да, үн-түнсіз қолын соза берді, сөйтіп Квентиннің өрмелеп алаңға шығып алуына көмектесті. Солдаттың есін жиғызбай, шотландық жас жігіт әуелгі сарынынан танбады:


— Егер олжаға кенелгің келсе, тездетіп күн батыс жақтағы мұнараға тарт! Поптың күллі қазынасы сонда сақтаулы!


«Күн батыс жақтағы мұнараға!.. Күллі қазына сонда!» — деп дүрлігісіп жатты жүздеген дауыстар, сөйтіп осы айғай-шуды естігендердің бәрі Квентин өзі өлген-тірілгеніне қарамай жетіп алуға белін бекем буған беттен қарама-қарсы жаққа қарай аш бөрідей лап қойысты.


Жеңімпаздардың біріндей батыл кейіп танытқан Квентин өз көзіне өзі сенбей, бақ ішіне шейін ешбір тосқауыл көрмей жетіп алды. Қамал-сарайды қоршап алған шапқыншылардың дені «Күн батыс жақтағы мұнараға тартыңдар!» деген дауыс естілген жаққа қарап лап қойса, қалғандары қамалдан шығатын жол ашып, өздерімен бірге епископты алып қашпақ болған үмітпен епископ бас сауғалаған мұнараны қорғай, барынша өжеттікпен шабуыл бастаған солдаттарға тойтарыс беруге шақырған әскери ұрандар мен кернейлердің үні алаңдатумен болды. Осы жағдайды пайдаланған Квентин өзінің өміріне төнген бүкіл қауіп-қатерлерден сақтап қалуды аспандағы құдіретті күштің бір өзіне табыс етіп, жүрегі тулап, бақ ішімен жүгіріп келе жатты. Ол яки өз мақсатына жетіп тынуға яки өлімге бас тігуге берік байлам жасады. Ол жолдың жартысын дерлік өтіп үлгерген-ді, кенеттен қолдарындағы найзаларын кезенген үш адам: «Льеждің бостандығы үшін, Льеждін бостандығы үшін!» деп атой сала қарсы ұмтыла берді, өзін қорғауға ыңғайланып, бірақ кәрленбей Квентин:


— Льеждің одақтасы — Франция үшін! — деп жауап қатты.


— Франция жасасын! — деп атой салды Льеж тұрғындары, сөйтті де, қасынан жүгіріп өте шықты.


Осы бір сөздер оны тағы да бак ішін тіміскілеп жүріп «Қабан үшін!» деп атой салып төне түспек болған де ла Марктің бес солдатынан құтқарып қалған бойтұмар болды.


Сайып келгенде, Квентин Льеж бүлікшілерінің астыртын арандатушысы әрі Гийом де ла Марктің құпия жақтаушысы король Людовиктің елшісі деген атағы өзінің осы түн ішіндегі барлық сындардан аман-есен өтіп шығуына көмектеседі деген үмітке бекіне бастады.


Мұнараның қасына жетіп келгенінде, әлгінде ғана графиня Амелина мен Марта сыртқа шыққан бүйірдегі кішкене есіктің алдында өліктердің үйіліп қалғанын көріп, шошып кетті.


Екі өлікті апыл-құпыл түрде шеткерірек жерге апарып қойып, енді үшінші өлікті алмақ болып, иіле бергенінде, кенеттен өтірік өліп жатқан біреу оның жағасына жабыса кетіп, өзінің орнынан түрегелуіне көмектесе гөр деп жалбарынумен болды. Ойда жоқ жерде қолына байлау болғанына қатты налығаны соншалықты, Квентин оның үнін өшірмек болып енді оқтала бергенінде, шалқасынан түсіп сұлап жатқан әлгі адам оған қарап тіл қатты:


— Сауытымды ауырлап, тұншығып барамын. Мен Павийонмын ғой, Льеждің синдигі боламын. Егер өзің бізді жақтайтын адам болсаң, онда саған мол етіп тарту-таралғы беремін. Ал егер бізге қарсы біреу болсаң — маған істеген жақсылығыңды ұмытпаймын, әлемдегі бүкіл ізгілік жолындағы, жалғыз-ақ тілегім болсын — өз майына өзі тұншығып өлген шошқаша, мені тұншығып өлуден құтқарып ала гөр!


Төңірегіндегі қан сасыған сұмдық көріністерге қарамастан, Квентин өзін-өзі берік ұстап, осынау беделді де белді адам қашып құтылу үшін өзіне және Изаббелаға керек адам болатынын табанда іштей түсіне қойды. Ол сүйемелдеп Павийонды орнынан тұрғызып, жараланып қалғаннан саусыз ба деп оның халін біліп жатты.


— Жоға, жараланбаған сияқтымын, — деп жауап қатты семіз, — жалғыз-ақ, тұншығып өліп кете жаздадым.


— Мына бір тастың үстіне отырып дем алыңыз, — деді Квентин. — Мен қазір қасыңызға қайтып келемін.


— Қош, өзің кім жақсың? — деді Павийон, оны бөгеп.


— Франция жағындамын, Франция жағындамын! — деп үн қатты Квентин, одан тезірек құтылудың қамын ойлап.


— Пәлі, өзің менің әлгі жас өспірім жауынгер-атқышым болып шықтың ғой! — деді қадірлі синдик. — Жоқ, бауырым, егер мына бір сұмдық топалаңның арасынан мен өз досымды табу бақытына ие болған екем, ендеше, мен одан бір елі қалмаймын, мұныма сене бер! Қайда барсаң да өзің біл, бірақ мен де өзіңмен бірге боламын. Ал егер маған өз сарбаздарымның басын қайта қосудың сәті түссе, онда, өз тарапымнан мен де саған қызмет етер едім... Бірақ қас қылғандай көрмеймісің — олар шетінен, нақ бір шашылған бұршақтай, жан-жаққа бытырап кете барған... Әй, бұл қандай сұмдық түн десеңші!


Павийон өз ойын айтып салды, Дорвардтың соңынан әрең-әрең үлгеріп келеді, ал Квентин қол байлау бола бергені үшін семізге іштей лағынет жаудыра тұрса да, мұндай белді адамның қолдауының бүкіл маңызын терең сезініп екпінін баяулатуға тырысып бақты.


Ауызғы бөлмедегі басқыш үстінде, бұл маңда сол таяуда ғана тонаушылар өз білгенін істегендерін айғақтайтын қақпағы ашық сандықтар мен жәшіктер қаңырап жатты. Пеш үстіндегі жанып бітуге айналған шырағданның көмескі сәулесі өлі екені әлде ес-түссіз жатқаны белгісіз еденде сұлап жатқан біреудің жүзіне түсіп тұрды.


Павийонның қолынан, бейне қарғы бауынан босанған тазыша жұлқынып шыққан Квентин әуелі бір бөлмеге, сонан соң екіншісіне, ізінше, сірә, де Круа ханымдардың ұйықтайтын бөлмесі болу керек, үшінші бөлмеге ұмтылумен болды. Бірақ ешқайдан да тірі жан көзге түспеді. Ол леди Изабелланың есімін атап, бастапқыда даусын баяу ғана, бұдан кейін қаттырақ шығарды, ал ақырында жан ұшыра айқайға басты, бірақ ешбір жан үн қатқан жоқ. Тұла бойын ауыр қайғы дендеген ол еденді тепкілеп, өз қолын өзі бұрап, шашын жұла бастады. Кенеттен бөлменің қараңғы түкпірінде, қайдағы бір саңылаудан түскендей, әлдеқандай көмескі сәуле көрінді. Осы сәтте оған қабырғаға тұтас керіліп қойған перденің арғы жағында құпия есік жоқ па екен деген ой келе кетті. Түкпір жақтағы мүйісті түгел шолып шыққан ол бұл жорамалының қисыны бар екеніне көзі жетті, бірақ ашпақ боп қанша тырысып бақса да, есік ырқына көне қоймады. Денесін жазатайым ауыртып алатынын ойлап жатпастан, Квентин бар салмағымен есікті соқты; жан жүрегінде арпалысқан өкініш пен үміт сезімі оның тегеурініне бұдан әлдеқайда берік тосқауыл да төтеп бере алмайтындай күш-қайрат бітірді.


Ашылып кеткен есіктен оқтай атылған ол дұға оқитын шағын бір бөлменің ішінде тұрғанын сезді. Бөлмеде, құдайдың суреті бейнеленген сурет алдында, үрей мен өкініштен мелшиіп қатып қалған күйі, әлдеқандай бір әйел тізерлеп отыр; бұзып ашылған есіктің тарсылынан қорқып кеткен ол мүлде есінен танып қалды. Квентин әйелді бас салды да, сүйемелдеп еденнен тұрғызды, жалма-жан оның жүзіне көзін тігіп еді, — қуаныш деген міне, осы! — Құтқарып алмақ ниетпен іздеп шыққан ханымы — графиня Изабелланың өзі болып шықты! Ол ханымға есіңді жия гөрші, өмірден түңілмеші, өйткені енді мен сенің қасыңда тұрмын, сондықтан өзің үшін тұтас бір армияға қарсы күресуге де әзірмін деп жалбарына, оны кеудесіне қыса берді.


— Дорвард, шынымен-ақ сізсіз бе? — деді графиня әлден уақытта есін жинап. — Демек, өмірден әлі де күдер үзбеуге болғаны ма... Ал мен бейбақ, достарым безіп кеткен болды ғой деп ойлаған едім... Бірақ сіз мені тағы да жалғыз тастап кетпейсіз бе?


— Ешқашан да, ешқашан да! Тағдыр бізге не жазса да, басымызға қандай қауіп-қатер төнсе де, қасыңыздан табыламын! — деді Дорвард. — Басыңызға бақыт құсы қайта қонғанша, мойныңызға түскен ауыртпалықты бірге көтеріспесем, бұл өмірден рақат көрмей кетейін!


— Аса бір аяулы да, жан тебірентерлік көрініс. — Ту сыртынан біреудің дөрекі әрі алқына шыққан үні естілді. — Байқауымша, мәселе махаббат жайында ғой деп ойлаймын. Жан-тәніммен ант етейін, бишара қызды өзім де аяп кеттім... оны нақ бір өзімнің қызым — Трудхендей аяп тұрмын.


— Бірақ аянышпен ғана шектеліп қалмауға тиістісіз, — деді Квентин оған қарап. — Сіз, Павийон мырза, бізге көмектесуге міндеттісіз. Француз королі, өзіңіздің одақтасыңыз, әсіресе осы ханымды қорғауды маған тапсырды, сондықтан егер оны зәбірлеуден және зорлық-зомбылықтан қорғап қалуыма маған көмек көрсетпесеңіз, онда біліп қойыңыз: шаһарыңыз Людовик Валуаның мейірімінен мәңгі-бақи айрылып қалады. Ең бастысы графиняны Гийом де ла Марктің қолына түсіп қалудан қорғауымыз қажет.


— Бірақ бұл айтуға оңай, ал оны іске асыру қиын, — деп ескертті Павийон. — Сұлу қыздардың ізіне түсуге келгенде осынау сұрқия ландскнехтер сұмдық айлакер. Әйтсе де бір амалын қарастырып көрейін... Қанеки, ана бөлмеге қарай барып, қабырғаммен кеңесейінші... Мұндағы саты тіпті қылдырықтай ғана, сондықтан мен терезеден атой салып, өз сарбаздарымды — өткірлігі жағынан қанжардан да кем соқпайтын, шеттерінен батыр жігіттерімді, льеждің тері илеушілерін шақыртып алғанымша, графиняны найзаңызбен жалғыз өзіңіз қорғай тұруыңызға болады. Бірақ әуелі мына сауытымның барлық бауларын ағытып, шешіп беріңіз. Сонау Сен-Трон түбіндегі ұрыстан бері иығыма сауыт іліп көрген емеспін, ал содан бері, егер голланд таразылары жалған айтпаса, мен үш стоун салмақ қосыппын.


Зілдей темір сауыттан босанып алған соң, ақ көңіл семіздің бойы әлдеқайда жеңілденіп қалды; сауытты киген кезінде ол өзінін туған шаһарына қалай қалтқысыз қызмет етудің қамын ғана ойлаған, ал өзінін шама-шарқын ескермеген екен. Анықтай келгенде синдик ұрысқа тіпті өз ырқынан тыс араласып кете барған болып шықты; қамал-сарайға тіке шабуыл жасаған өз корпорациясының мүшелері, оны өздерімен бірге ілестіре кеткен-ді. Байғұс синдик бейне бір ағысы қатты дария-сынды сеңдей соғылысқан адамдардың ортасына түсіп, әудем бір уақытта, кеспелтек ағаштай, жағаға ытқытып тастағанша, оңды-солды допша домалай берген көрінеді. Шаршап-шалдығып, діңкесі құрып біткен ол де Круа ханымдар тұратын үйдің есігі алдынан бірақ келіп шыққан да, сауыттың және өзінің үстіне құлаған екі өліктің салмағымен омақасып түскен. Егер дер шағында Дорвард келіп үлгеріп құтқарып алмағанда, сірә, ол ұзақ уақыт бойы үйелеп, сұлап жата берген болар еді.


Қызуқандылығы Герман Павийонды саясатқа келгенде шектен тыс қытымыр да күйгелек етсе, ал әдеттегі тұрмыс жағдайындағы оның қызбалығы өзіне әбден жарасып-ақ тұратын-ды; саясаттан тысқары тұрғанында бұл өзі момын, ақ көңіл, рас, аздап даңғойлау, онысының есесіне мейірімді, өз төңірегіндегілерге қол ұшын беруге әмәнда бейім кісі-тұғын. Мұнысы мүлде орынсыз бола тұрса да, уыздай жап-жас байғұс ханымға барынша қамқорлық ете гөр деп Квентинге тапсырма берді де, терезе алдына барып:


— Уа, Льеж, Льеж, тері илеуші қаһарман сарбаздардан қайсың барсыңдар! — деп тамағы қарлыққанша айғайға басты.


Әлгі айғайды және бұған қосылған өзгеше бір ысқырықты (әрбір цехтың өзді-өзін шақыратын айрықша белгісі бар-тұғын) естіген екі-үш сарбаз жетіп келді; ұзамай олардың сапына тағы да бірнеше адам қосылды, сөйтті де өздерінің қолбасшысы дауыстап шақырған бөлменің есігі мен терезесінің алдында күзетке тұра қалысты.


Бұл екі арада қамал-сарай ішінде біршама тыныштық орнаған-ды. Қарсылық атаулы толастап, отряд бастықтары жосықсыз тонауға тыйым салу мақсатымен шаралар қолданып жатты. Әскери кеңеске шақырған бас қонырау да қағылды, сөйтіп оның Льеж тұрғындарына бүлікшілердің жеңіске жетіп, Шонвальдты басып алғанын жария еткен жаңғырта шыққан үніне бейне бір жауап ретінде: «Жеңімпаздар жасасын!» деп атой салғандай, шаһардағы күллі қоңыраулар жаппай қосыла кетті. Павийонға енді тосқауылдан шығуға болатындай көрінген еді, алайда өз қамқорлығына алған адамдарын ойлап қам жеді ме, әлде өз басының аман қалар-қалмасына қауіптенді ме, ол табан астында жетуіне әмір беріп, өзінің көмекшісі Петеркин Гейслерге бір шабарманның соңынан екіншісін аттандырумен шектеліп қалды.


Әудем уақытта, қадірмен синдикті төбесі көкке жеткендей қуантып, мейлі соғыста, саясатта әлде сауда-саттық ісінде болсын төтенше бір жағдайларда Павийон оған асқар таудай арқа сүйеп үйренген адамы — Петеркин де төбе көрсетті. Петеркин жауырыны қақпақтай, тығыршықтай шымыр денелі, ат жақты әрі тиянақты да табанды, ақыл айтуға құштар кісінің дәл өзі екенін дәлелдей түскендей қалың қабақты жан екен. Үстіне өгіз терісінен тіккен күрте киген, жалпақ белдігінің бір жақ бүйіріне пышақ қыстырып алған, қолына айбалта ұстаған.


— Петеркин, қадірлі лейтенантым, — деді оған қарап бастығы. — Бүгін біз үшін даңқты күн болды ғой... тәйірі-ай, даңқты түн екен-ау... Сіз риза шығарсыз, солай ма?


— Өзіңіз риза болсаңыз, мен ризамын, — деп жауап қатты қаһарман Петеркин. — Жалғыз-ақ сіздің жеңісті шатырдың үстінде, мұның бер жағында, қазір әскери кеңеске баруыңыз керек кезде, жападан-жалғыз атап өтпек болғаныңызды ұға алмай тұрмын.


— Пәлі, менің онда керегім бар ма екен? — деді синдик.


— Керек болғанда қандай десеңізші, — деп үн қатты Петеркин. — Бұрынғы-соңғы кездегіден гөрі қазір көбірек қауіп төніп тұрған Льеждің правосын кім қорғап қалмақ?


— Жетер, Петеркин, — деп кесіп тастады бастық. — Ылғи көңіліңіз толмай, үнемі әлденеге күңкілдей береді екенсіз өзіңіз...


— Күңкілдеп тұр ма екенмін мен? Бұлай ету ойымда да жоқ,— деп қарсылық білдірді Петеркин. — Басқалар риза болып жатса, мен әрқашан да дән ризамын. Бірақ әулие Ламберттің көмекшісі бізге кезінде, оқта-текте, Эзоптың кітабынан оқып берген мысалда айтылатынындай, Ақымақтың королін Көкқұтанның короліне айырбастап алуға өзімнің ешқандай да зауқым жоқ.


— Мен сізді түсіне алмай тұрмын, Петеркин, — деді синдик.


— Менің айтпағым біреу ғана Павийон мырза, әлгі Қабан, әлде Аю, әлде өзін тағы да қалай деп атайтынын кім білген, Шонвальдті өзіне апан етпек ойы бар сияқты, егер өйтетіні расқа сайса, кәрі епископқа қарағанда, бізге оның, әрине, тиімсіз көрші болғаннан басқа жарытып дос болмасы анық. Ол жеңіске жеткен өзім ғанамын деп қиялдайтын сияқты, сондықтан қазір оның бүкіл есіл-дерті өзін князь әлде епископ деп атау... Ал өздері епископ байғұсқа қалай зәбір көрсетіп жатқандарына қараудың өзі ұят!


— Мен бұған жол бермеймін, Петеркин! — деп екілене тіл қатты қадірменді синдик. — Шіркеу билігіне менің жаным қас, бірақ кәрі епископқа мұның қатысы жоқ. Бір адамға біз он адамымызды қарсы қоямыз, Петеркин, сондықтан әділетсіздікке жол бере алмаймыз.


— Иә, ұрыс даласында бір дұшпанға біз он адам қарсы қоя аламыз, ал бұл арада, қамал-сарай ішінде бірге біреу ғана. Бұған қоса қасапшы Никкель Блок және осы маңайдағы күллі қызыл сирақтар Гийом де ла Марктің қолтығына кіріп алып отыр. Өйтулерінің бір себебі, өздеріне погребтердегі барлық сыра мен шарап құйған бөшкелерді шығарып бергені үшін Қабанды төңіректесе, енді бір бөлегі өздерінің бізге, цех шеберлеріне әрі біздің артықшылықтарымызға атам заманнан күндестікпен қарап келуі себепті Қабанның жағына шығып кетіп отыр.


— Петер, — деді Павийон, — біз бөгелместен шаһарға аттанамыз. Мен енді Шонвальдте бір минутқа да бөгелмеймін!


— Бірақ барлық аспалы көпірлер алынып тасталған, қожайын, — деді Петеркин қостай қоймай. — Қақпалар бекітіліп қойылған әрі жағалай ландскнехтер күзетте тұр. Ал егер өзімізге жол ашу үшін күшке жүгінсек, онда бұл сабаздар қабырғамызды күйретіп тастайды, өйткені соғыс деген — олардың кәсібі, біз болсақ, тек мерекелерде ғана қызыл шеке болып, төбелесіп үйренгенбіз.


— Қақпаларды бекітіп тастағандары несі, Петеркин? — деп елеңдеп қалды бюргер. — Сонда адал жандарды тұтқиылдап отыруға олардың батылы қалай барады?


— Бұл жағын мен сізге түсіндіре алмаймын, — деп үн қатты Петеркин. — Қамал-сарайды қоршауға алып жатқан кезде, қайдағы бір де Круа деген ханымдар қашып құтылып кетіпті-міс деген сыбыс бар. Осы бір хабарды естігенде Қабасақалдың жыны қатты қоза түскен, ал араққа қызып алған соң, ол енді тіпті құтырынып кеткен шығар.


Бишара синдик, сірә, қандай шешімге келерін біле алмаса керек, Квентинге түңіле қарады. Бір сөзді де қалт жібермей екеуінің әңгімесіне құлақ түре тыңдаумен болған Дорвард та қатты тітіркеніп тұрды; бірақ істің барлық түйіні енді өзінің абыржымауына әрі Павийонды арқаландыра білуіне байланысты болып қалғанын түсінген ол, талқыланып отырған мәселеге араласуға өзінің шешуші даусы бар кісідей батыл сөйлеп кетті.


— Павийон мырза, — деді ол, — бұл жағдайда қандай қимыл-әрекет жасаудың жөнін таппай, қипақтай бергеніңіз үшін мен ұялып тұрмын. Гийом де ла Маркке дереу барыңыз да өзіңіз, адъютантыңыз, атқосшыңыз және қызыңыз үшін қамалдан бөгелмей шығуларына рұқсат етілуін талап етіңіз одан. Сіздерді тұтқын етіп ұстауға оның ешқандай қақысы жоқ.


— Сіз өзім мен адъютантым үшін, яғни Петер үшін демекшісіз бе?.. Тамаша. Бірақ әлгі біреуіңіз кім... қайдағы атқосшы ол?


— Айталық, мына мен-ақ болайын, — деп батыл түрде жауап қатты Квентин.


— Сіз бе?.. — деді семіз сасқалақтаған үнмен. — Ал өзіңіз француз королінің елшісі емессіз бе?


— Айна қатесі жоқ, елшімін, бірақ маған жүктелген бұл тапсырманың тек Льеж тұрғындарына ғана қатысы бар. Бұл ешбір жан білмейтін құпия, ол туралы өзім тек Льежге барғанда ғана баяндай аламын. Егер менің кім екенімді Гийом де ла Марк сезіп қалса, онда ол дереу өзіммен келіссөз жүргізе бастайды да, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, мені бөгеп қалуы ықтимал... Жоқ, сіз мені қамал-сарайдан алып шығуға тиістісіз, бұл үшін мені өзіңіздің атқосшыңыз деп жариялауыңызға тура келіп тұр.


— Мақұл... атқосшым бола қойыңыз. Бірақ сіз менің қызым жайында да сөз еткен сияқты болдыңыз ба? Осы бір сәтте оның қаннен-қаперсіз үйде отырғанына күмәнім жоқ... Маған салса, әлбетте... оның әкесінің де өз үйінде аман-есен отырғанын шын ниетіммен тілер едім!


— Міне, мына ханым, — деді Квентин оның сөзін асығыс бөліп, — өзіміз осы арада, осы қамал-сарай ішінде жүргенімізде сізді әке деп атайтын болады.


— О, қамал ішінде ғана емес, әрқашан да... өмір бақи әке деп өтемін! — деп өз ойын айтып салды графиня, синдиктің аяғына құлай кетіп, оның тізесін құша. — Мен өмір бақи күн сайын өзіңізді әке санап қадір тұтамын, ардақтаймын, құдайдан сіздің ақ тілеуіңізді тілеймін, жалғыз-ақ, бақытсыздыққа ұшыраған қазіргі жағдайымда маған қол ұшын бере көріңіз! Мені есіркей көріңіз! Өзінің өмірі мен ар-ожданы үшін сиынып, жалбарына бөтен кісінің аяғына жығылып жатқан өз қызыңызды көз алдыңызға елестетіп көріңізші... Осы бір көріністі көз алдыңызға елестетіңізші, бөтен біреу туған қызыңызға шарапатын тигізуін қалайтынындай, маған көрсететін көмектен сіз де бас тартпағайсыз!


— Петер, сен байқап тұрсың ба, шыныңды айтшы, мынау сүп-сүйкімді қыз біздің Трудхенге аздап ұқсайтындай көрінеді маған, — деді мейірбан бюргер. Изабелланың жаңағы жалбарынғанынан көңілі босап. — Мен мұны ә дегенде-ақ байқап едім. Ал сөз тапқанға қолқа жоқ демекші, сөзі мірдің оғындай мына батыр — айны қатесі жоқ, менің Трудхеніме лайықты күйеу екен. Бұл арада бір гәп бар екеніне бәс тігемін: басқасын қайдам, махаббаттан құр алақан емес... Сондықтан бұл екеуіне көмектеспеу біз үшін күнә болар еді, Петеркин.


— Күнә ғана емес, ұят та болады, — деп жауап қатты көңілі босап кеткен Петеркин, күртесінің жеңімен көзін сүрткілеп, өйткені өзімшілдігі қанша басым болғанымен, бұл ең бір ақ көңіл фламандық еді.


— Бопты, менің қызым-ақ бола қойсын, — деді Павийон, — жалғыз-ақ, өзінің жүзін қара жібек пердесімен мықтап бүркеп алсын... Сонымен егер өзіміздің тері илейтін сарбаздарымыздың ортасынан өз синдигінің қызын қорғаудан тайынбайтын адал жігіттер табылмаса, онда олар өздері илейтін теріден садаға кетсін деген сөз. Алайда сабыр етіңдерші... біз өзімізге қойылатын сұрақтарға жауап беруімізге тура келмек еді. Айталық, егер маған қызың бұл араға қайдан келіп жүр? — деген сұрақ қойылса, мен не деп жауап қайтаруым керек.


— Қамал-сарайдың дәл іргесіне шейін біздің соңымыздан еріп, Льеждегі бүкіл әйелдің тең жартысы бұл араға қалай жетсе, ол да нақ солай келген болып шығады, — деп жауап қатты Петеркин. — Қатындар әмісе өздері араласпайтын жерге араласып кете беретін үйреншікті әдеттеріне басқан. Жалғыз-ақ, Трудхеніңіз басқаларға қарағанда әуесқойлыққа сәл көбірек бой ұрған болып шығады... міне, болған-біткені осы ғана!


— Табылған ақыл, — деп қостай кетті Квентин. — Қаймығушы болмаңыз, осынау кемеңгерлікпен айтылған ақылға құлақ асыңыз, қадірменді Павийон, сөйтсеңіз өзіңіз ешқандай да зиян шекпейтін, Ұлы Карлдың заманынан бергі уақыттағы ең ізгі ерлік жасайсыз!.. Ал сіз, сударыня, мына бір пердеге (бөлме ішінде әйелдердің не алуан мүліктері шашылып жатқан-ды) мықтап оранып алыңыз да, дәнеңеден қорықпаңыз. Арада енді бірнеше минут өтер-өтпесте-ақ, сіз бостандық аласыз әрі қауіптен құтыласыз... Алға, сударь, батыл түрде бастаңыз алға! — деп сөзін жалғастыра түсті ол Павийонға қарап.


— Сәл ғана сабыр етіңдерші, ұмытып барады екенмін. Әлгі де ла Марк деген көк сайтанның нағыз өзі, тұрпаты жағынан да, мінезі жағынан да айнымаған қабан. Егер, мына үлбіреген жас ханым — де Круа графинялардың бірі болып шықса, сөйтіп ол оны танып қойып жүрсе ше? Өйтсе қайтеміз? Тіпті бұлай ойлаудың өзі қорқынышты!


— Ал егер мен, шынында да, сол бір бақытсыз бишаралардың бірі болып шықсам, — деп жан ұшыра тіл қатты Изабелла, тағы да синдиктің аяғына жығылуға ыңғайланып. — Менің басымды елімге қалай қиып кете бермекшісіз? Уһ, мен неге сіздің қызыңыз, кембағал шаһар тұрғынының қызы болып тумадым екен!


— Кембағалы несі, қайдағы кембағал айтып тұрғаныңыз, сударыня! Шүкіршілік, біз ақшадан кенде емеспіз, — деп шамдана қалды семіз.


— Ғапу етіңіз, кешіре көріңіз мені, ақсүйек сеньор... — деп бишара қыз бәйек бола бастады.


— Қателесіп тұрсыз, ақсүйек те емеспін, тіпті сеньор да емеспін, — деп ханымның сөзін бөліп әкетті синдик. — Тек кәдуілгі өз есебінен қолма-қол ақша төлейтін льеждік бюргермін. Айтса да мұның іске қатысы жоқ. Мақұл, сіз графинясыз ба, әлде жоқ па, мен бұған қарамастан сізге көмектесемін.


— Ол мейлі, герцогиня болса да, сіз оған көмектесуге міндеттісіз, — деп міңгірледі Петеркин. — Өйткені көмектесуге уәде етіп қойдыңыз!


— Оның рас, Петер. Расты рас деу керек қой, — деді синдик. — «Өз уәдесінде тұрмаған кісі еркек емес» деген біздің голландиялық мақалды ешқашан да ұмытуға болмайды. Ал енді алға тартайық та іске кірісейік! Гийом де ла Маркпен қош айтысу керек... Бірақ... неге олай екенін, шынымды айтайын, өзім де біле алмай тұрмын... ол жайында ойласам-ақ болғаны тұла бойым қалтырап шыға келеді... Аһ, егер осынау рәсімсіз-ақ ісіміз тынып жатса, мен өзімді қандай бақытты адамға санаған болар едім десеңші!


— Ендеше, сіздің қарауыңызда қарулы адамдар бар ғой, сондықтан күшпен бұзып-жарып өтуге тәуекел еткеніңіз мақұл емес пе? — деп сұрады Квентин.


Алайда Павийон мен оның кеңесшісі; одақтастарға қарсы шабуыл жасауға болмайды деп бір ауыздан дүрсе қоя берді әрі екеуі де мұндай ұсыныстың ақылға қонбайтыны жайында өз тараптарынан бірқатар ескертпелер айтты; осыдан-ақ, бұл секілді серіктермен қандай да бір батыл қадам жасауға бару ең кемі қатерге бас тігумен пара-пар болып шығатынына Квентиннің көзі әбден жетті. Сонымен Арденнің Жабайы Қабаны той тойлап жатыр деп хабарлаған үлкен залға баратын, сөйтіп одан льеждік синдик пен оның қасындағы нөкерлеріне қамал-сарайға еркін кіріп, еркін шығуға рұқсат беретін пропуск талап етілетін болып ұйғарылды; бұл қабылдамай тастауға қисыны жоқ, ақылға әбден қонымды талап сияқты көрінді. Әйтсе де қадірмен бюргер қасындағы серіктеріне әлсін-әлі көз тастап қойып, толассыз күрсіне берді, сонсоң ақтығында, өзіне адал Петеркинге қарап:


— Тым шектен асқан батыр да, сергек жүректі болғанның, міне, осындайы бар! Несін айтайын, Петеркин, өзімнің батырлығым мен адамдарды жақсы көретіндігім үшін басымнан қандай қиындықтар кешпедім және де жаратушы тәңірімнің бір өзі жар болып, бізді мынау қарғыс атқыр Шонвальд қамал-сарайынан құтқарып алғанша, өзімнің қайырымдылығым маған қандай қымбатқа түсерін кім білсін! — деді.


Олар өліктер мен хал үстіндегілер әлі жинап әкетілмеген аула ішімен өтіп бара жатқандарында, Квентин Изабелланың құлағына сыбырлап қана жұбаныш сөздерін айтып және енді істің сәтімен шешілуі өзінің еңсесі түспей, батыл болуына байланысты екенін ескертіп, мынадай сұмдық көріністер ортасында ханымның көңілі жабырқамауын ойластырумен болды.


— Менің қолымнан келетін ештеңе жоқ, — деді графиня. — Өзіңізге, тек өзіңізге ғана үміт артамын... Квентин, егер мен мына тажалды түннен аман қалсам, өзімді құтқарушының жақсылығын мәңгі-бақи ұмытпаспын. Бірақ өзіңізге тағы да бір тілек айтпақпын және де сіз бұл өтінішімді орындауға анаңыздың ақ сүтімен, әкеңіздің ар-ожданымен ант етуге тиісті боласыз.


— Япыр-ау, сіздің жолыңыздан аянып қалармын ба? — деп оның құлағына сыбырлай қойды Квентин.


— Мені тірідей мынау обырларға қор ете көрмеңіз, одан да жүрегіме қанжар салып, өз қолыңызбен өлтіріңіз! — деді ол.


Квентин жауап қатудың орнына ханымның саусақтарын қысып-қысып қойды, сөйтіп, егер тұла бойын сірестіріп тастаған қорқыныш билеп алмаса Изабелла Дорвардтың өзін еркелеткенін наздана қабылдары сөзсіз еді. Осылай өзінің жас қайрат қорғаушысының қолына сүйене, Павийон мен оның адъютантының соңынан ілесе, бағзы бір өзінің құрметті күзетшісіндей көрінген бір топ тері илеуші сарбаздардың алдына түсіп, уылжыған жап-жас графиня үрейлі залға келіп кірді.


Олар есікке тақай бергенде, ішкі жақтан қарқ-қарқ еткен ерсі күлкі, толассыз айғай мен ұран тастап даурыққан дауыстар естіліп тұрды; бұл көріністен өздерінің батылдықтары мен қол жеткен жеңістерін тойлап жатқан адамдардан гөрі қайта адамзатты қырып-жойғанын салтанатпен атап өтуге бас қосқан күллі дозақтың қара ниет күштерін елестету оңай еді. Қатты налудан туған берік батылдық Изабелланың бойын биледі; қауіп-қатері үдеген сайын Дорвардтың бойында мұқалмас ерлік оты маздай түсті, ал Павийон өз көмекшісімен бейне иттерге талату мақсатымен бағанға таңып тасталғандықтан, өлімнен құтыла алмасына көздері жеткен аюларша өз маңдайларына жазылған қасіретін тартуға бой ұсынып, лажсыз ілгері қарай тарта берді.


XXII ТАРАУ


ТОЙ



Кэд. Эшфордтағы қасапшы анау Дик қайда!
Дик. Осында, сэр.
Кэд. Олар сенің алдыңа кеп құлады-ау, өгіз бен қой құсап, қан сасытып жібердің-ау, жүргендей-ақ қасапхана ішінде.


«Король Генрих IV», II бөлім



Соның алдында ғана Квентин өзі тамақ ішіп шыққан Шонвальд қамал-сарайындағы үлкен залдың іші қалай масқара күйде өзгеріп кеткенін көзге елестету тіпті мүмкін емес. Бұл зал қазір сұрапыл соғыстың, соғыс болғанда қырғын, қан төгіс ұрыстардың бүкіл қаталдығына еттері үйреніп кеткен қандыбалақ, бойларында патриотизм немесе рыцарьлық асқақ арманның рухы атаулыдан ныспы жоқ, варварлық ғасырдың жалдамалы солдаттары — барып тұрған қанішер әскерлер жүргізген соғыстың барлық қасіреттері бой көрсеткен көрініске бөленген.


Осыдан бірнеше сағат бұрын зиялы, кейбір жағдайда, тіпті, ресми деуге де болатын дастарқан басында діни әрі ақсүйек адамдар бас қосқан, кезек әзіл-оспаққа тиген кездің өзінде де даңғойлықтың ізі де сезілмеген, сондай-ақ дастарқан үстінде түрлі-түрлі дәмді тағамдар мен шараптар самсап тұрса да, шыбын ызыңы естілгендей тыныштық, әдептілік орнаған сол бір бөлме енді сұмдық бір жынойнақтың ордасына айналғаны соншалықты, осынау тойдың бастаушысы сайтанның дәл өзі болған күнде де, бұдан асқан масқаралыққа бару оның қолынан келе қоюы екіталай болар еді.


Столдың төр жақ басына, жедел түрде мәжіліс залынан әкеліп қойған епископтың тағына — атағына әбден лайық, оны өзі мақтаныш көретін әрі бұл атағын ақтауға барлық күш-жігерін жұмсап бағатын, жауар бұлттай түнерген Арден Қабанының өзі жайғасқан. Ол жалаң бас, бірақ зіл-батпан әрі жарқ-жұрқ еткен қаруларын түгел асынып алып отыр, қаруын өз бойынан бөлек қоюы өте сирек кездесетін. Иығына күміс тұяқтармен және азу тістермен безендіріліп, үлкендігі тайдай қабан терісінен тігілген плащ жамылып алған. Капюшон сияқты дулығаны бастыра немесе мысалы қазіргісіндей, жалаңаш басына кигізе қойғанда, оның дидарын тістері ақсиған, сұмдық тажалға ұқсатып тұрған, плащының жағасымен бірге тіккен қайырмалы қалпағы қабанның бас терісінен иленген-ді. Әйткенмен, осынау тажал хайуанға ұқсауы үшін Арден Қабаны мұндай көзге ерсі безендіруге зәру емес, оның бас терісі онсыз да келісіп тұрған жоқ-ты.


Тікенектей қап-қара сабалақ шашы терісін өзі жамылып отырған әлгі бір талпақ танаудың жонындағы қылынан айнымай қалғанына қарамастан, де ла Марктің бет-әлпеті оның мінез-құлқымен үйлеспей-ақ тұрды, оның есесіне кере қарыс, жазық маңдайы, кесек бітімді бет сүйегі, үлкен жалт-жұлт еткен көздері мен бүркіттің тұмсығындай қоңқақ мұрны ерлік пен жомарттықты паш еткендей еді. Ал, бірақ бір қараған кісіге иман жүзді көрінетін осы бір кескінінің өзі оның дидарындағы әлгіндегі көзге оғаш ізгілікті мүлде жоққа саятын азғындықтың, маскүнемдіктің және үнемі аңғарылып тұратын есуастықтың белгілерімен қосылып жан түршіктіреді. Екі бетінің ұшы, әсіресе қабағы ісініп, қабынып тұр, ал көздері мұнартып, қанталап кеткен, онысымен бұл сұмпайы барон өзі ұқсауға тырысатын аңнан айнымайтын еді. Бірақ жабайы қабанға мүмкін қадерінше көбірек ұқсай түсуге бүкіл жан дүниесімен тырысып бақса да әрі өзінің осы бір атағын айрықша мақтан етуге ұмтылса да, әлдеқандай бір таңданарлық қайшылыққа бой ұрып, өзінің осылай аталып кетуіне әуелгі бетте түрткі, себепші болған ұсқынсыздығын жасыруға барынша тырысып бақты, осы мақсатпен сақал қойды. Жан шошырлық осынау бір ұсқын-кейпі оның дүрдиген қалың ернінен, шошқаның азуынан айнымайтын ақсиған тісінен, шодырая шыққан жақ сүйектерінен аңғарылып тұрды. Жабайы Қабанға таңғаларлықтай ұқсас бет пішінінің осы бір ерекшелігі және аңшылыққа деген құмарлығы (ол әмісе Арден орманында аң аулауды кәсіп ететін-ді) де ла Марктің — Арденнің Жабайы Қабаны деп аталып кетуіне себепші болған еді. Ұйпа-тұйпа қаба сақалы өзінің ұсқынсыздығын титтей де жасырып, жұмсарта алмағаны былай тұрсын, қайта оның пошымын бұрынғысынан да бетер қан құйлы етіп тұрды.


Де ла Марктің содырлары мен сойқандары стол басына, қатарында барып тұрған парықсыз жандар аз болмаған Льеж шаһары тұрғындарымен араласа отырыпты. Әсіресе де ла Марктің өзінің қасынан орын алған қасапшы Никкель Блок ерекше көзге түсумен болды; ол жеңін шынтағына дейін түріп қойып, қан жұққан қолдарын жумастан отыра берді, ал оның алдында стол үстінде өзінің қанға боялған нән қанжары жатыр. Содырлардың басым көпшілігі өз көсеміне еліктеп сақал қойған, ал жіңішке бұрым етіп өріп желкелеріне қайырып қойған шашы олардың онсыз да зәр шашып тұрған өңдерін бұрынғыдан бетер кәрлендіре түскен. Бір жағынан өз жеңістеріне желіккен, екінші жағынан ағыл-тегіл шараптың қызуымен олар, шын мәнінде, құбыжықтай көрініп, жиіркеніш туғызумен болды. Олардың бір-бірімен жарыса, дауыстары қарлыққанша айғайға басқан әңгімелері мен айтқан өлеңдері боғауызға және адам сезімін қорлаушылыққа толы болғаны соншалықты, Квентин зал ішін айғай-шу кернеп тұрғанына шын көңілімен қуанды, өйткені осы шудың арасынан графиня жекелеген сөздерді ести де, оның мән-мағынасын түсіне де алған жоқ.


Алайда, де ла Марктің содырларына қосылып желіккен льеждік бюргерлердің көпшілігінің шүберектей қуарған әрі үрей билеген өңдерінен осынау той-думанды да, өздерінің бөтелкелес сыбайластарын да ұната қоймағандықтарының белгісі сезіліп тұрды; дегенмен әлде көргенсіздіктерінен бе, әлде тумысынан тұрпайы болып жаралуы себепті ме, осынау көзге ерсі маскүнемдікті ғажайып ерліктің көрінісі деп желпінгендер де, сөйтіп ішкілікке құмарлық Нидерландыда барлық заманда да әдеттегі кеселге айналғанындай, нән сапты аяқтарға құйылған шарап пен тобылғы түсті торы сыраны сіміріп салып, сарбаздардан барынша қалыспауға тырысып баққандар да аз болған жоқ.


Сауық-сайран құрған қырық құрау тобыр сияқты дастарқан да құт-берекеден жұрдай-тұғын. Епископтың әсем күміс ыдыстары және діни ыдыстармен (өзіне дінді қорладың деген айып тағады-ау деген ой де ла Марктің қаперіне де кіріп-шыққан жоқ) аралас саздан күйдіріп жасалған және қалайы кружкалар, мүйіз бен былғары сапты аяқтар, тағы да басқа аяқ-табақтар қойылған.


Осы бір тұста осынау той-думанның тағы да сұмдық бір егжей-тегжейін суреттеуге тиісті боламыз, ал сонан соң көріністі толықтыру үшін оқырманның қиялына кезек береміз. Дастарқан басынан өзіне орын тие қоймаған, де ла Марктің дөрекі, азғын баскесерлерінің бірі (қамалды басып алу кезінде, сол бір кешкілік мезетте айрықша ерлік көрсеткен ландскнехт еді) көпшілікпен бірге сауық-сайран құра алмауым себепті өзіме-өзім осындай сый тартқым келіп тұр, деп мәлімдеп қолына дағарадай бір күміс сапты аяқты ала берді. Өз содырларының мінез-құлқына тән осы бір батыл қимыл-әрекетке де ла Марк мәз-мейрам болып, ұзақ уақыт қарқылдай күлді; бірақ ұрыс үстінде ерекше ерлігімен көзге түсе қоймаған екінші бір сарбаз, әлгі серігіне еліктемек болып еліре бергенінде-ақ, де ла Марк қас қағым сәтте бұл әзілді тыйып тастады, өйтпеген күнде мұндай әзілдің соны оның дастарқанындағы барлық бағалы ыдыс-аяқтан дәнеңе қалмай қолды болып кетуіне соғатын еді.


— Еһе! Төбеңнен жай түссін! — деп зіркіл қақты ол. — Жаумен бетпе-бет келгенде ер болуға жүрексінген адам өз жолдастарына өр мінезділік көрсетуіне хақы жоқ! Конрад Хорст қамал қабырғалары мен бөгеттер арқылы өзіне жол салумен болғанда, қорған ішіне кіру үшін қақпалардың ашылып, аспалы көпірлердің түсірілуін күткен өзің емес пе едің ардан безген нақұрыс неме! Ал енді Конрадқа еліктеуге сенің қалайша батылың барады!... Қанеки, асыңдар оны терезенің темір торына, сөйтіп періштеге жанын тапсырғанынша екі аяғын тыпырлатып тұра берсін, ал біз оның құрметіне шарап сімірейік!


Бұл үкім сол сәтте-ақ жүзеге асырылды: арада бір минут уақыт өтер-өтпесте-ақ, бишара дар ілгегінде салбырап жан тәсілім етер алдында тыпыршып, қатты қиналумен болды. Квентин мен оның қасындағы серіктері зал ішіне келіп кірген кезде, ай сәулесіне малынған өлік терезенің алдында әлі де асулы еді, сөйтіп еденде оның күңгірт, бірақ қандай сұмдық көріністі бейнелегенін ұғуға болатындай, көлеңкесі түсіп тұрды.


Синдик Павийонның есімі осынау азан-қазан жиынның ортасында ауыздан ауызға тарай бастаған сәтте, ол атақ-дәрежесі мен тегіне сай өзін асқақ ұстауға жан-тәнімен тырысып бақты; бірақ айналасындағы сұмдық көріністерге, әсіресе терезе алдындағы жан түршіктірген өлікке көзі түсіп кетуі-ақ мұң екен, Петердің:


— Батыл болғайсыз, батылдау болғайсыз, қожайын, әйтпесе біз құримыз! — деп ышқына сыбырлап жігерлендіргеніне қарамастан, оның тұла бойын үрей билеп алды.


Әйткенмен, синдиктің бойын үрейге жеңдірмеудің сәті түсті де, ол өзінің атақ-абыройын сақтауға ұмтылып, зал ішінде қатысып отырғандарға арнап қысқаша сөз сөйлеп, де ла Марктің содырларын да, сондай-ақ Льеждің қайырымды тұрғындарын да өздерінің ортақ жеңістерімен құттықтады.


— Иә, әлбетте, «аңды біз екеулеп алдық», деп қанден ит бөрібасарға айтқан ғой! — деді де ла Марк кекете тіл қатып. — Пәлі менің көзім нені шалып тұр, сеньор бургомистр! Сіз бағзы Марстай, қасыңызға сұлу аруыңызды ілестіре келген екенсіз. Мынау бейтаныс ғажайып сұлу кім өзі? Жойылсын, жойылсын перде деген! Бүгінгідей түнде ешқандай әйел өз сұлулығын меншігім дей алмайды!


— Бұл менің қызым, ізгі көсем, — деп жауап қатты Павийон, — сондықтан оның пердесін ашпауға рұқсат етуіңізді сізден қиыла сұраймын. Үш Патшаның қасиетті аруағын атап тұрып қызымның өтінген тілегі осы.


— Мен оның мойнынан бұл антын қайтып аламын, — деді де ла Марк. — Қанжарды бір мәрте ғана сілтеп қалып-ақ, өзімді Льеждің епископы етіп тағайындаймын, ал көзі тірі бір епископ, қайтыс боп кеткен үш патшаны алмастыра алар деп сенемін.


Жұрттың бәрі елеңдесіп қалды; әр тұстан күңкіл естіліп жатты, өйткені Льеж тұрғындары ғана емес, сонымен бірге, тіпті қандай да қасиет атаулыға мойын ұсынбайтын, де ла Марктің өз қарауындағы баскесерлердің көпшілігі әдетте өздері солай атап кеткен кельндік Үш Патшаны қалай дегенмен де ардақ тұтушы еді.


— Әйтсе де үш әулиенің қасиетті аруағына тіл тигізу ойыма келген жоқ, — деді де ла Марк, — бірақ өз басым епископ болуға ұйғардым, сондықтан мұны бәрің біліп қоюларыңды қалаймын. Өз қолында азаматтық әрі дін билігі — жазалау мен рақым ету билігі бар әміршіден басқа қандай әмірші жайлырақ бола қояр екен мына өздерің сияқты қарақшылар тобына? Күнәларыңды кешіруге батылы бара қоятын басқа кім бар?.. Сіз неге қалт тұрып қалдыңыз, ізгі бургомистр? Бері таман келіңіз де, менің қасыма отырыңыз — өзіме аса қымбат орынды мен қалай босата алатынымды дәл қазір сізге дәлелдеп берейін... Біздің із ашарымызды — епископты жеткізіңдер мұнда.


Зал ішінде сапырылыс басталып кетті. Осы бір сәтті пайдаланып, Павийон өзіне көрсетілген құрмет үшін де ла Маркке алғысын айтты да, одан аулағырақ барып, столдың есік жақ басынан орын алды. Бөтен итті көздері шалысымен өздерінен гөрі тіс қаққандау әрі батылырақ санап, отарындағы серкенің маңына ұйлығатын қойларша, күллі нөкерлері синдиктің соңынан ілесе берді. Столдың олар келіп жайғасқан шетінде де ла Марк жақсы көретін және қайсыбір кездерде оған есіркеушілікпен қарайтын, жұрт өзін де ла Марктің асырап алған баласы деп атап кеткен әлі сәби дерліктей, сымбатты жас ұлан отыр енді. Осы баланың шешесі, бір кезде де ла Марк ғашық болған сұлу әйел оның өз қолынан қаза тапқан; жыны қозған ашу үстінде әлде қызғаныштан ба екен, де ла Марк оны өлтірді де, өзі іспеттес жауыз қаншалықты жоқтай алатын болса, сол дәрежеде оны жоқтап жылаған болды. Бәлкім, де ла Марктің балаға іш тартуына осы оқиға себеп болған да шығар. Оқиғаның егжей-тегжейін әдияраттың кәрі ғибратшысынан естіп біліп алған Квентин, яки өзін қорғаушы есебінде, яки егер құтылып шығар барлық жол сарқылса кепілдік есебінде керегі болып қалар деп санап, мүмкін қадерінше әлгі жас ұланға жақынырақ отырған-ды.


Жұрттың бәрі де ла Марктің әмірінің орындалуын күтіп, іштерінен тынып, аңтарылып отырып қалған бір сәтте, Павийон серіктерінің бірі Петердің құлағына:


— Біздің қожайын мына ару қызды — өзімнің қызым дегендей болды ма осы? Бірақ ол мүлде өзіміздің Трудхен емес. Трудхен одан екі дюйм дерлік аласа, оның бер жағында мынау қыздың шашы қап-қара ғой. Әнеки, бет пердесі астынан оның бұрымын көріп тұрсың ба? Өзіміздің базар алаңындағы Михаил әулиенің атымен ант етейін, бұл қара түсті теріні — бұзаудың ақ түсті терісі деумен пара-пар! — деп сыбырлап жатты.


— Сабыр, сабыр ет! Егер қожайын өзіміздің жеңгемізге сездірмей, епископтың қол астындағы бір сылқымды бауырына басуға ниет білдіріп жатса, мұнда сенің не шаруаң бар? Оның басқан ізін аңдып, тыңшылық ету екеумізге жараса қоймас, — деп Петер оны сәтімен тыйып тастады.


— Әлбетте, біз өйтпейміз, бауырым, — деп жауап қатты әлгі. — Жалғыз-ақ осы жасқа келгенінде ол мұндай қылыққа бара қояды деп ойласам бұйырмасын... Алайда сайтан алғыр, өзінің үркек лақтай секемшілін қарашы. Көрдің бе, әнеки, сарбаздардың көзі тимесін деп, бөтен біреулердің арқасына тығылып тұр... Бірақ байқайсың ба, бишара кәрі епископқа қандай қоқай көрсетпек ойлары бар екен өздерінің?


Осы кезде де ла Марктің сарбаздары Льеждің епископы Людовик Бурбонды өз сарайының залына сүйреп алып шықты. Оның азап шеккен бет-жүзі, ұйпаланған шашы мен сақалының өзі-ақ, баукеспелердің оған көрсеткен қорлығын ап-айқын айтып тұрды; жоғары мәртебелі діни атақ-дәрежесін мазақ еткендей, оның үстіне епископтың киімін қалай болса солай жаба салыпты. Квентин ойлағандай, сәті түсіп, графиня Изабелла осынау көріністерді көре қоймайтындай бір тасада отырды; өзінің мейірбан қамқоршысы нақ мынадай қайғылы күйге ұшырағанын көрсе, ол, сірә, ықтиярынан тыс өзін-өзі ұстап беріп, бүкіл істі бүлдіретін еді. Сондықтан жас жігіт епископқа жасалған қорлықты оған мүлде көрсетпеу және оған бөгде біреулердің көздері түсе қоймауы үшін Изабелланың қарсы алдына келіп, көлбей тұрып алуға асықты.


Келесі көрініс бір сәтке ғана созылған әрі сұмдыққа толы оқиға болды. Байғұс прелатты жауыз де ла Марктің аяғына әкеліп жығып салған мезетте, өмір-бақи бойына мейірбан да жібектей жұмсақ мінез тән болған қария, сын сағатта өзінің асыл тегіне сай ширығып, ерлік пен өршілдік танытты. Оның жанарынан сабырлылық пен батылдық сезіліп тұрды; бір ауқым уақыттан соң қарақшылар шеңгелдерін жазып, қарияны босатып қоя берген сәтте, оның тұлғасы мен қимылынан пайғамбардың асқақтығы мен христиан дініндегі азап шегушінің момындығы аңғарылды. Қолға түскен тұтқынының құрыштай беріктігіне де ла Марктің өзі қайран қалды, осынау жанның бір кезде өзіне жасаған жақсылығы ойына түсіп кеткенде, бір сәтке ыңғайсызданып, көзімен жер сүзе берді. Бірақ шарап құйылған кезекті сапты аяқты түбіне шейін қағып салған соң, бейшара епископқа тағы да менменсіп, паңдана қарады.


— Людовик Бурбон, — деп бастады сөзін зұлым шапқыншы жұдырығын түйіп, тісін қышырлата, тынысы тарылып, — мен саған достық пейіл білдірдім, бірақ сен онымды қабылдамай тастадың. Ал енді қандай шартқа мойын ұсынсаң да, райымнан қайтпаймын... Никкель, қамдана бер.


Қасапшы орнынан түрегеліп, балтасын қолына ала жүрді. Зәрені ұшырған қаруын бұлшық еттері бұлт-бұлт еткен қолымен жоғары көтеріп, де ла Марктің ту сыртын айналып өтіп оның қасына келіп тұрды.


— Мына кісіге көзіңді сал, Людовик Бурбон, — деп сөзін жалғай түсті де ла Марк. — Содан соң, ажал тырнағынан аман қалуың үшін бізге айтар қандай тілегің бар екенін жария ет.


Епископ қаскүнемнің әмірін екі етпеуге әзір тұрған арамзаға шерлі, бірақ от шашқан көзінің астымен бір қарап өтті де, қайсарлықпен жауап қатты:


— Сөзіме құлақ сал, Гийом де ла Марк және де осы маңнан солай аталуға лайықты бір жан табылмаса да, күллі мейірбан адамдар, мынау сұмырайға өзімнің қандай шарттар ұсынатынымды тыңдаңдар. Гийом де ла Марк, сен империялық шаһарды бүлікке бастадың. Қасиетті Герман империясының қол астындағы князьдің қамал-сарайын зорлықпен басып алдың, оның қызметкерлерін опат етіп, мүлкін талан-таражға салдың, дін басын қорладың. Осы қылмыстарың үшін империя соты арқылы сотталуға, сөйтіп заңнан тыс адам деп жариялануға әрі меншігіңдегі барлық дәулетке ие болу құқыңнан айрылып, талақ етілуге лайықтысың. Бірақ сен мұнымен ғана шектелген жоқсың — бұдан да әріге кеттің. Сен істегендерің үшін дарға асылу жазасына кесілетін адамзат заңдарын ғана аяққа басып қойған жоқсың, дін заңын да бұздың: тәңірінің шіркеуіне баса-көктеп кірдің, шіркеу қызметшісіне қол көтердің, әулие ордасын қанға бөктіріп, тонадың, дінді қорладың...


— Айтып болдың ба? — Де ла Марк құтырына епископтың сөзін бөлді де, еденді теуіп қалды.


— Жоқ, — деп жауап қатты прелат. — Өзін менен талап еткен шарттарымды саған әлі айтып үлгерген жоқпын.


— Ендеше, айтып қал, — деді де ла Марк. — ренжісіп қалғанымыз ұмыт болу үшін шарапты аямайық!


Бұл әмір сол заматта-ақ орындалды, бірақ, бейне өздері дос әлде қас екеніне күдіктенгендей, бір-біріне сенімсіздікпен көз тастап қойып, қала тұрғындары мен сарбаздар әлі де состия тұрып қалысты. Квентин Дорвард осы бір сәтті пайдаланып қалуға ұмтылып бақты.


— Сіз, Гийом де ла Марк және Льеж тұрғындары, сіздер де менің сөзімді құлақтарыңызға құйып алыңыздар, — деді ол. — Ал сіз, жас жігіт, орныңыздан тапжылмаңыз, — деп сөзін жалғады Квентин, өзінің уысынан босанып шықпақ болып оқталған жас өспірімге қарап. — Әлдеқандай тағы да бір орынсыз қалжыңдарыңды өз құлағыммен естігенше, мен сіздерге зақым келтірмек емеспін!


— Күллі жұртқа әмірін жүргізіп, ешбір жанға құлақ аспаған дөйдің көз алдында шарт қоюға әрі кепілдік алуға батылың баратындай, — деп күңіренді аң-таң болған де ла Марк, — сен кімсің, сайтан соққыр?


— Мен Людовиктің француз королінің қызметшісімін, — деп батыл жауап қатты Квентин, — сөйлеу мәнерім мен киіміме қарап-ақ, өзіңіз де іштей сезіп тұрғаныңыздай, корольдің шотландиялық гвардиясының атқышымын. Осындағы болып жатқан оқиғалардың бірін де назардан қалт жібермей қадағалауға, сөйтіп оның бәрін қаз-қалпында корольге баяндауға тиісті адаммын және де, өкінішке орай, сіздер христиандарша емес, мәжусилерше, есті адамдарша емес, есалаңдарша жасап жатқан қимыл-әрекеттеріңіздің куәсі болудамын. Бургундиялық Карлдың әскерлері бөгелместен сіздерге қарсы аттанады, сондықтан егер өздеріңіз Францияның көмегінен үміт үзгілеріңіз келмесе, онда сіздер басқаша әрекет етуге тиісті боласыздар. Ал Льеж тұрғындары, сіздер үйлеріңізге тарқаңыздар, өздеріңізге айтар ақылым осы. Ал сіздердің Шонвальд қамал-сарайынан алаңсыз шығып кетулеріңізге бөгет жасайтын біреу-міреу табыла қалса, онда мен оны өз тақсырымның, Францияның ұлы мәртебелі қайырымды королінің қас жауы деп жария етемін!


— Франция мен Льеж жасасын! Франция мен Льеж жасасын! — деп ұрандады Павнйонның серіктері, сөйтіп осынау ұранды Квентиннің батыл сөйлеген сөзімен қайта рухтанған қаланың басқа да көптеген тұрғындары қостап әкете барды.


— Франция мен Льеж жасасын! Ер жүрек атқыш жасасын! Біз бірге өмір сүреміз, өлсек те бірге өлеміз!


Де ла Марктің көздері қанталап кетті, бейне әлгі ер жүрек шешеннің жүрегіне қадағысы келіп тұрғандай қанжардың сабына жармаса берді; бірақ төңірегін шолып өтіп, өз сарбаздарының жанарларынан әлдеқандай бір тосын ой ұшқынын аңдай қойып, өзі де бұл көріністен тосылып қалды. Содырлардың көпшілігі француздар болатын-ды, сондықтан француз королінен өздерінің қолбасшылары алып тұрған адам көмегі мен қаржыны олардың бәрі біліп жүрді; мұның сыртында көз алдарында епископты жайратып салғаны олардың көбінің ашу-ызасын туғызбай қойған жоқ. Бүгінгі түн ішінде болған оқиғаларды естісімен, оның қатты қапаланарына ешқайсысы да шүбәланбаған содырлар үшін Бургундия Карлының есімі өздеріне төнген үлкен қауіптей көрінді, ал өз одақтастарымен араздасып қала жаздаған және мұнысымен шектелмей, француз королінің ашу-ызасын туғызуға әкеп соғуы мүмкін де ла Марктің сойқандығы сарбаздарды қатты абыржытқандығы соншалықты, олардың мастығы лезде тарқап шыға келді. Қысқасы, төңірегіне көз жіберген де ла Марк егер нақ осы мезетте өзі тағы да бір жаңа зорлық-зомбылық жасауға бел буса, онда тіпті өз сарбаздары тарапынан да қолдау таба алмасына күмәнданған жоқ; сондықтан арыны мен үнін мейлінше жұмсартуға тырысып, егер өз достарын, Льеж тұрғындарын ренжітіп алса, өзінің теріс ойы болмағанын, онан соң әлбетте, Шонвальд қамалынан қашан шығып кетеміз десе де еріктері екенін, әйтсе де олар ортақ жеңістің құрметіне өткізіліп жатқан тойдан бас тартпайды деп сенетінін мәлімдеді. Бұған қоса ол (өзіне тән емес байсалдылықпен) қолға түскен олжаны бөлісу және ортақ қорғаныс мақсатында шаралар қолдану туралы келіссөз жүргізуге, мейлі ертеңге белгіленсе де, дайын екенін айтып салды. «Шотланд мырза, — деді ол өзінің сөзін тәмәмдап, — ең болмаса, Шонвальдтағы біздің шағын тойымызға қатысудан бас тарта қоймас деп үміттенемін».


Өзіне білдірілген құрметке алғысын айтқан шотланд жас жігіт, бұл жөніндегі шешімі француз королі өзін тікелей жолығуға аттандырған Павийон мырзаға байланысты болатынын, әлбетте, синдик мырзаның лагерьге жолы түскен кезде, өзі де ла Маркке жолығуы мүмкін болған алғашқы сәтті пайдаланып қалуға тырысып бағатынын мәлім етті.


— Егер шешіміңіз, өзіңіз айтқандай, маған байланысты болса, — деп жұртқа естірте сөйледі құрметті синдик, — сізге Шонвальдтан шұғыл түрде кетуге тура келеді, ал бұл қамалға тек менімен бірге ғана қайта оралмақ болып ниет білдірсеңіз, онда қамал-сарайға жуық арада жолыңыздың түсе қоюы неғайбыл.


Адал ниетті азамат өз сөзінің соңғы бөлегін де ле Марктің құлағы шалып қалса, күдік туғызып жүрер ме екен деп сескеніп, естілер-естілместей ғана міңгірлеп айтты, ал үндемей қалуға ары бармаған-ды.


— Тарландарым, ер жүрек тері илеушілерім, маған жақынырақ тұрыңдар, — деді ол өз күзетшілеріне қарап. — Енді біз осынау қарақшылар ордасынан мүмкін қадерінше тезірек құтылып шығуға тырысамыз.


Сірә, өз синдигінің пікірі Льеж тұрғындарының көбінің-ақ көңілдерінен шықса керек, өйткені олар Шонвальд қамал-сарайына салтанатпен келіп кірген кездегіден қамал-сарай ішінен аман-есен шығу үмітіне ие болған дәл осы сәттегідей шын пейілдерінен қуана қойды ма екен? Олар қамалдан ешбір бөгетсіз шықты, ал Шонвальдтың қаһарлы қабырғалары соңдарында қалған мезетте Квентиннің қуанышында шек болған жоқ.


Өздеріне тозақтай көрінген зал табалдырығын аттап ішке кіргелі бері, графиняның көңіл күйін сұрап білуге тұңғыш рет Квентиннің батылы барды.


— Жақсы, жақсы! — деп тұла бойы қалтырай жауап қатты қыз, — Бірақ, құдай ақы, бөгелуші болмаңыз, көңілімді сұрамай-ақ қойыңыз!.. Әңгімемен уақыт оздырып алмайық... Зытайық, тезірек!


Изабелла тезірек жүрмек болып оқталды, бірақ Дорвард сүйемелдемесе, бойынан әл кетіп, қатты қажыған ол құлап та қалар еді. Баласын құтқармақ боп жан ұшырған анадай мейірімділік көрсеткен уыздай жас шотланд жігіт асыл перизатты көтеріп алып жүрді, сөйтіп құтылып шығудан басқаның бәр-бәрін ұмытып, зәресі ұша қорқып қалған Изабелланың қолдары Квентиннің мойнына орала кеткен бір сәтте, егер өзім дәл осындай құрметке ие боларымды білсем осынау түн ішінде өз басыма төнген қауіп-қатердің ешқайсысынан да бас тартуға келісімімді бермес едім деген ойға бөленді ол.


Құрметті бургомистрді, өз кезегімен, өзінің адал уәзірі Петер және тарландарының ішіндегі тағы да біреуі қолтықтап, сүйемелдеп бара жатты. Сонымен тезірек жүгіреміз деп ентіге және жол-жөнекей қамал-сарайды басып алудың егжей-тегжейін білуге әрі жеңіс иелері өзара араздасып қалыпты-мыс деп тарап та үлгерген сыбыстың қаншалықты расқа саятындығына көздерін жеткізуге шыдамсыздана құштарлық білдірген қала тұрғындарына кезіге жүріп, олар дария жағасына да жетті.


Жолшыбай жолыққандардың әуесқойлық желіктерін басу үшін ат үсті жауап бере жүріп, қашқындар Петердің және оның бірер серіктерінің көмегімен ақыр соңында қайыққа ие болды, сөйтіп өз құтқарушысының қолында әлі де ес-түссіз дерлік талықсып жатқан Изабелланың ғана емес, сонымен бірге қадірмен бургомистрдің сәл-пәл тынығып алуына мүмкіндік туған еді. Ал бургомистр жауап қатуға мұршасы келмей қалың ойға шомған Дорвардқа үзіп-үзіп бір-екі ауыз сөз қатып, алғысын білдірген соң, Петерге қарап өзінің ерлігі мен жомарт жандылығы туралы, сондай-ақ көңілшектігінің салдарынан өз басына толассыз қауіп-қатер төндірумен болғаны туралы ұзақ-сонар әңгіме бастап кете барды.


— Әй, Петер, Петер-ай, — деді адал жанды бюргер шағым айтқандай үнмен. — Егер өзімнің ақ жүректігім болмаса, менімен бірге бір қалада тұратын күллі азаматтар сөзге келмей төлеп жүрген десятина туралы осынау таласты бастай қояр ма едім? Егер жүрегімнің түгі болмаса, беймәлім бір солдат қолындағы найзасымен мені лас ордың ішіне омақастыра салған, ал мен бейбақ жығылып жатқан орнымнан тұрмақ боп қанша әрекеттенсем де, қашан шайқас біткенше тұра алмай-ақ қойған, Сен-Трон түбіндегі сол бір аты шулы ұрысқа қатыса алар ма едім. Нақ солай бүгін де, Петер-ау, тағы да батырлығыма басып, егер кереметтей соғыса білетін, сондықтан шын көңілімнен өзіне табыс тілейтін мына жас жігіт қол ұшын бермегенінде өзім даусыз тұншығып өлетін, бойыма тар осынау сауытты киер ме едім... Мені қайыршы еткен де, Петер-ау, нақ осы көңілшектігім... яғни... егер төрт құбылам тең болмаса, қайыршылық күй кешер едім... дегім келгені ғой, сөйтіп осы көңілшектігімнен осынау ханымдар, графинялар мен олардың құпиялары басымды әлі де қандай бақытсыздыққа душар етерін, бір құдайдың өзі білсін! Мұның өзі дәулетімнің тең жарымына түсетіндей және басым қоса кететіндей көрінеді маған, Петер!


Осы бір тұста Квентин тіпті шыдай алмай кетті де, көзінің қиығын қадірмен синдикке қадап тұрып, қазір өз қанатының астындағы жас ханым өзі үшін шеккен шығындары мен қияметтерінің ақысын міндетті түрде өтейтініне сендіруге тырысып бақты.


— Сізге дән ризамын, атқыш мырза, дән ризамын! — деп жауап қатты синдик. — Бірақ адал адам ретінде өз борышымды атқарғаным үшін төлем талап етеді деп сізге айтқан кім екенін сұрауыма рұқсат етесіз бе? Мен не бары өз басыма төнген қауіп-қатерлер мен шығындар жөнінде өкінішімді ғана білдіріп тұрмын, сондықтан ешкімнің да жанын ауыртпай, бұл туралы өзімнің көмекшіммен пікірлесуге хақым бар ғой деп ойлаймын.


Осы бір сөздеріне қарап Квентин жаңадан танысқан серігі басқаға жасаған шарапатының құнын арттыруды ғана көздеп, өздерінің ізгі істерін термелеп, толассыз ызыңдай беретін қаптаған қайырымдылар санатына жататын біреу болып шықты деген байламға келді. Сондықтан ол әдейі үндеген жоқ, сөйтіп қоғамның қамын ойлағаны және ет жақынына деген кіршіксіз сүйіспеншілігі үшін өзін азапқа салған қауіптер мен шеккен шығындары туралы құмарынан шыққанша әрі өз үйінің табалдырығынан аттап кіргенше қадірмен синдиктің мылжыңдап қалуына ерік берді.


Ал бар кілтипан аңғал бюргердің Шонвальд қамал-сарайындағы сын сағатта шетелдік жас жігіттің шешуші роль атқаруына ырық беріп қойып, үлкен жаңсақтық жасадым деп өкінуінде ғана жатқан еді. Рас, бастапқы кезде Квентиннің араласқанына ол шын пейілімен қуанып-ақ қалған-ды, бірақ соңынан толғана келе, оның бұл араласуы беделіне нұқсан келтіретін болды деп топшылады. Енді беделін арттыру мақсатымен өз отанының да, өз достарының да, ең бастысы, графиня де Круа мен оның жас өспірім қорғаушысының зор алғысына ие болуға барынша құлшынып бақты.


Бірақ қайық төре ағасының жеміс бағына дейін жүзіп келіп тоқтаған соң ол Петердің сүйемелдеуімен жағаға шығып, шаңырағын көргенде оның тұла бойындағы күндеушілік, қорланғандығы мен өзегін өртеген сезімі басылған тәрізді болды: сөйтіп әлгіндегі өкпелі, шерлі синдик лезде-ақ адал, жаны жайсаң әрі меймандос үй иесіне айналып шыға келді. Айқайлап Трудхенді шақыруы мұң екен, қызы әп-сәтте-ақ жандарына жетті, өйткені сол бір ұмытылмас түн ішіндегі үрей мен дабылдан Льеж тұрғындарының ұйқылары қашып, мазалары болмаған-ды. Әкесі ес-түссіз халдегі бейтаныс ғажайып сұлу ханымды күтіп алуды қызына табыстап жатты, ал ханымның сұлулығы мен шарасыздығы өзін қатты тебіренткен Трудхен оған нақ туған апасындай жаны ашып, бәйек болып аялай бастады.


Қойманың кілтін талап етіп, күйеуі дауыстап өз бөлмесінен шақырып алған бәйбішесі араласпағанда, түннің бір уағы болғанына және синдик көпе-көрнеу қатты қалжырап тұрғанына қарамастан, Азенкур ұрысы кезінен бері сақталған бір шөлмек ғажап шарапты үй иесінің өзімен бірге ішейік деген өтінішін Квентиннің құп алмауы екіталай еді. Павийонның жас кезінде, сірә, келбетті болған бәйбішесі пысық, тығыршықтай, бірақ істіктей мұрны қызара бастағалы көп жыл өткен, даусы шіңкілдеген, өз сөзін өткізе алатын әйел екен. Сондықтан қадірмен синдик үйден тысқары жерлерде қандай беделді болмасын, үй ішінде оның қатал тәртіпке бағынатыны көрініп тұрды.


Күйеуі мен мейман екеуінің өзара тәжікелесулерінің мәнін байыптап, ұға қойысымен-ақ, Павийонға енді ішу былай тұрсын, онсыз да сылқия тойып алыпсың деп сөзін қысқа да айқын тұжырды да, беліндегі күміс бауға іліп қойған қалың буданың ішінен ол талап еткен қойманың кілтін қолына ұстатудың орнына, әй-шәйсіз теріс айналды, сол дәуірде ғұмыр сүрген ауқатты фламандтар Қызыл сирақ кедей әрі надан шотландиялықтардан ғана емес, сонымен бірге, үй іші жиһаздары жөнінен, барлық жағынан да, тіпті француздардың өздерінен де асып түсетін. Ол Квентинді өңі түгіл түсіне де кіре қоймаған, қонаққа арналып әсем безендірілген, мұнтаздай тап-таза және көңілді бөлмеге ертіп әкете барды.


XXIII ТАРАУ


ҚАШУ



Сен бұйырсаң егер де
Мен ешкімнен тайынбан,
Әрі жеңіп келем мен.
Бар,
Мен барамын құлшынып,
Бірақ, не үшін — білмеймін.


«Юлий Цезарь»



Квентинді тебіренткен қуаныш пен үрейге, күдік пен мазасыздыққа қарамастан, қалжырап шаршағаны өз дегенін істеді: қатып ұйықтап қалды да, ертеңіне сәскеге қарай үй иесі әлденеге абыржып, өзі жатқан бөлмеге келіп кіргенде ғана оянды.


Ол мейманның төсегінің шетіне келіп отырып, үйленген адамның семьялық міндеттері, әсіресе үй иесінің билігі туралы және әйелімен ерегесіп қалған жағдайларда еркек өр мінезін көрсетуі керектігі туралы ұзын-сонар және барынша шәлкем-шалыс әңгіме бастап кетті. Квентин оның сөзін іштей мазасыздана тыңдады. Еркектердің соғысып жатқан көптеген мемлекеттер сияқты өздерінің жеңіліс тапқандарын жуып-шаю мақсатымен «тәңірі билік өзіңде» әуеніне басатын әдеті бұған мәлім-тұғын. Сондықтан көңіліндегі күдігінің қаншалықты расқа саярына көзін жеткізбек болып, Квентин «өздерінің осы үйге келіп түскеніне бәйбішеңіз ренжи қоймаған шығар» деп үміттенетінін айтты.


— Жоға, ешбір ренжіген жоқ! — деп жауап қатты бургомистр. — Қандай бір тосын жағдайда да саса қоятын әйеліңіз Мабель емес. Дос-жарандарды қашан да құшағын жайып қарсы алады өзі... құдайға шүкір, оның мейманға арнаған жеке бөлмесі қашан да сайлаулы... қонақасы қай уақта да қамдаулы. Әлемде одан асқан жайдары әйел жоқ... Тек оның қызық мінез көрсететіні ғана өкінішті.


— Тоқ етерін айтқанда, біздің осында келіп түскенімізді ол жаратпаған ғой, солай ма? — деді Квентин. Сөйтті де төсегінен атып тұрып, жалма-жан киіне бастады. — Өткен түн ішіндегі басымыздан кешкен барлық сұмдықтардан соң сапар шегуге Изабелла бикештің мүмкіндігі болатынына көзім жеткенде, қас қағым уақытқа болса да үйіңізге түсіп, мазаларыңызды алмас едік.


— Бикештің өзі де Мабель бәйбішеге нақ осылай деген еді, — деп қалды Павийон, — Сөйткен кезде екі бетінің ұшы дуылдап, қалай қызарып шыға келгенін көрсеңіз етті. Оллаһи, шынымды айтайын, аяғына коньки таңып алып, деревнядан базарға шейін бес мильдей аралықта желге қарсы жүгіріп өткен кәдімгі сүт сатушы қыздың өңі сол бір сәттегі бикештің өңімен салыстырғанда ақшылдау көрінер еді. Егер Мабель бәйбіше мені сәл қызғанып, бишараның іші өртеніп тұрса, бұған несіне таңданасыз?


— Япыр-ау, Изабелла бикеш бөлмесінен сыртқа шығып та үлгеріп пе еді? — деп сұрады Квентин, бұрынғысынан да бетер асыға киініп,


— Енді ше, — деп жауап қатты Павийон, — екеуіңіз сапарға аттануға бел буған соң... жолдың жайын келіспек болып, өзіңізді зарыға тосуда. Бірақ әуелі таңертеңгі тамақтарыңызды ішіп алатын шығарсыздар, солай ма?


— Қап, мұны маған неге ертерек хабарламадыңыз! — деп өкініш білдірді Квентин.


— Сабыр, сабыр етіңіз. Егер бұған көңіліңіз қобалжып тұрса да, мен тіпті шектен тыс асығыстық жасап алғандай тәріздімін, — деп жауап қатты бургомистр. — Ал өзіңізбен тағы да бір оны-мұны мәселелер жайында әңгімелеспек ойым бар еді, алайда сөзімді сабырлылықпен тыңдай қоюыңыз енді екіталай.


— Айтыңыз, сударь, айтыңыз, тек тезірек айтыңыз! Мен сізді тыңдап тұрмын.


— Мақұл, — деді бургомистр. — Бір ауыз ғана сөзім бар. Гәп мынада: нақ бір өзінің туған сіңлісіндей-ақ, сүйкімді бикешпен айрылысатын болғанына қатты қайғырып отырған Трудхен жолға шығарда басқа киім кигеніңізді мақұл көріп отыр, өйткені қалада де Круа ханымдар француз королінің қол астындағы шотландиялық гвардияның атқышына ілесіп, пірәдарлар деген атақты жамылып саяхат жасап жүр екен деген қауесет тарап кеткен. Кеше біз Шонвальд қамал-сарайынан шығып кеткен соң, бір бейсауат сыған әлгі ханымдардың бірін Гийом де ла Марктің алдына ертіп әкеліпті де, сізді Қабанға, не мейірбан Льеж тұрғындарына жолығуға ешқандай да тапсырма алмаған адам деп көрсетіпті. Сіз бар болғаны жас графиняны алып қашыпсыз да, оны қасыңызға ертіп, ханымның нақсүйер жігіті есебінде серуен құрып жүрген көрінесіз, сыған осылай депті. Осынау жаңалықтар бүгін таңертең Шонвальдтан келіп жетті де, маған және советтің басқа да мүшелеріне хабарланып отыр. Енді біз не істерімізді білмей абыржудамыз, өйткені біз Гийом де ла Марк кеше бишара епископқа, сондай-ақ өзімізге де шектен асқан қиянат жасады деген пікірде бола тұрсақ та, бірақ қалай дегенмен Қабанды мас болмаған кезінде жаман жігіт емес деп санаймыз. Және бізді Бургундия герцогына қарсы бастап шығатын бірден-бір кісі соның өзі ғана, ал істің қазіргі бет алысына жүгінсек, менің өзім де ла Маркке арқа сүйеуіміз керек деген ойға бекіне бастағандаймын: себебі мәселені тым асқындырып алғанымыз соншалықты, бізге шегінерліктей жер қалған жоқ.


— Қызыңыздың сөзінің жаны бар, — деді Квентин қадірмен синдикке не қарсылық білдіруге, не оны өз ырқына көндіруге талпынбастан. Өйткені оның бір есептен әйелінің көңілін жыққысы келмейтінін, енді бір есептен саяси айлакерлікпен өзі ұйғарған шешімін қайткенде де өзгерте қоймайтынын көріп тұрды, — Қызыңыз тамаша ақыл айтқан. Біз басқа киім киіп әрі дәл қазір аттанып кетуге тұрмыз. Сіздер бізді ұстап бермейсіздер әрі қашып құтылуымызға қажетті нәрсенің бәрін бізге тауып берерсіздер деп сенеміз, солай ма?


— Шын көңілімізбен, шын көңілімізбен! — деп жауап қатты аңғал қала тұрғыны, өз қылығына іштей сәл ыңғайсызданған раймен, өз күнәсін аздап болса да жуып-шайғысы келгендіктен осы мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылып. — Өткендегі сұмдық түн ішінде сіз: біріншіден, мені қарғыс атқыр әлгі бір сауыттан босатып, екіншіден, бұдан да бетер апаттан құтқарып, мені ажалдан екі мәрте аман алып қалғаныңызды ешқашан да ұмытпақ емеспін. Ал анау Қабан, өзінің сыбайластарымен қоса — адам емес, барып тұрған сайтанның дәл өзі. Күллі әлемде өз істерінің ең таңдаулы шеберлері атанып кеткен біздің пышақшыларымыз айтатынындай — пышақ өзінің сабына қалай адал болса, мен өзіңізге нақ солай адалмын... Айтпақшы, сіз жолға жиналып та үлгеріпсіз ғой. Қанеки, еріңіз соңымнан, өзіңізге деген қалтқысыз көңілімді қазір-ақ дәлелдеп берейін!


Синдик мейманды қонақ үйден тікелей өзі сауда-саттық кәсібімен айналысатын кеңсесіне қарай бастап жүрді. Ішке кірісімен есікті тарс бекітіп алды да, жан-жағына жіті көз тігіп шығып, тұсқағазбен қаптап қойған, күмбез тәрізді құпия шоланды аша бастады. Бұл арада оның әлденеше темір сандығы тұр еді. Іші алтын және күміс теңгелерге толы сандықтың бірінің қақпағын ашты да, Квентинге қарап; өзіңнің және қасыңа ерткен бикештің жолына керек ақшаңды именбей ала бер деп рұқсат етті.


Плессиде өз қолына берілген ақша таусылуға айналғандықтан Квентин ойланбастан-ақ екі жүз гульденді санап алды. Осы кезде Павийон өз иығынан ауыр жүк түскендей тұла бойы жеңілденіп қалды. Өйткені ол ішкі ойлары мен ішкі есептеріне беріліп, меймандостық көрсете алмаған айыбын өтеу мақсатында өзі үшін пайдасы жоқ қарекет деп қараған бұл қылығы арқылы оған өз еркімен несиегер ролін атқаруына тура келген-ді.


Қазынасы сақталатын бөлменің есігін мұқият бекітіп, бай фламандық мейманды қабылдау бөлмесіне ертіп кірді; осы арада олар дәулетті семьядан шыққан фламанд қызының киімін киіп алған графиняға тап бола кетті. Өткен түнде басынан кешкен бүкіл қайғы-қасіреттен Изабелланың өңі әлі де болса солғын тартып тұрды, бірақ, жаны да, тәні де сергіп қалғандай керінді. Бөлме ішінде оның киген көйлегінің о жер, бұ жерін қамқорси жөндеумен және сезік тудырып алмас үшін өзін қалай ұстап, қалай жүріп-тұруын үйретумен болған Трудхен екеуінен басқа тірі пенде жоқ еді. Квентинді көруі-ақ мұң екен, жас графиня оған қолын ұсына берді, жігіт қызға өз қошеметін білдіріп, саусақтарын сүйіп тұрып, сөзіне құлағын тікті:


— Сеньор Квентин, әкем қаза болғалы өзім арылмай қойған қырсыққа ұрындырмас үшін біз осындағы достарымызбен айрылысуға тиіспіз. Егер мен сияқты бақытсыз жанның қорғаушысы болудан әлі жалыға қоймасаңыз, онда киіміңізді ауыстырып менімен бірге аттануға тиістісіз.


— Мен... өзіңіздің қорғаушыңыз болудан... өзіңізге қызмет етуден жалығатын мен бе екенмін! Маған салса өзіңізге еріп, жиһан жүзін аралауға бармын. Ал, бірақ сапардың бүкіл қиындығына қарсы тұрып, мойымауға өзіңіздің шамаңыз келе ме? Өткен түндегі барлық сұмдықтардан кейін жол жүре аласыз ба....


— Оны айтып, есіме түсірмеңізші, — деді графиня. — Ол сұмдықтар, қиямет түс тәрізді, есімде күңгірт қана сақталып қалыпты... Қайырымы мол епископ аман қалды ма екен?


— Оған ендігі бостандық берілген шығар деп ойлаймын, — деді Квентин, епископтың азаптап өлтірілгені туралы әңгімесін бастауға ыңғай білдірген Павийонды ыммен тоқтатып.


— Біз оған жолыға алмаймыз ба? Ол өз әскерлерін жинай алды ма екен? — деп сұрады графиня.


— Енді ол бір жаратқанның өзіне ғана үміт артып отыр, — деп жауап қатты Квентин. — Бірақ қайда барғыңыз келсе де мен сізге ере беруге, өзіңізді ақырына дейін қорғауға дайынмын.


— Біз бұл мәселе жайында кеңесе жатармыз әлі, — деді Изабелла. Сонан соң сәл ойланып қалды да, сөзін қайта жалғады: — Маған салса әдияратты қалаған болар едім, бірақ бұл ізімнен қалмай өзімді қудалап жүргендерге қарсы сенімді тосқауыл бола қоймайды.


Ым-м, ым-м... Басқасын қайдам, Льеж маңындағы әдияратқа барып бой тасалауыңызға мен кеңес бермес едім, — деп ескертті синдик. — Арденнің Қабаның біздің қаламыз, сөз жоқ, ер жүрек кесем, адал одақтасымыз әрі ежелгі досымыз деп санайды, бірақ ол мінезі қатал кісі, сондықтан шынтуайтына көшсек, ол осынау пірәдарларыңа және ерлердің де, әйелдердің де әдияраттарына пысқырмайды да. Жиырма шақты монах әйел, яғни бір кездегі монах әйелдер, ол жорыққа аттанғанда, дәйім соңынан шұбырып жүреді деседі айтушылар...


— Барыңыз да жолға сайланып келіңіз, сеньор Дорвард, — деді Изабелла, осынау бір тәптіштеген сөз арнасын үзіп. — Мен өз басымды сіздің арыңызға тапсырдым.


Синдик пен Квентин бөлмеден шығып кетісімен, Изабелла Гертрудадан жолдың ыңғайы туралы және сапар үстінде өздеріне кездесуі мүмкін қиыншылықтар туралы сұрастыра бастады. Сөйтіп осы бір сәттегі оның ақылдылығы мен ұстамдылығына фламанд қызы қатты сүйсінгенін жасыра алмай, өз ойын ақтарып салды:


— Шынымды айтсам, сізге қайран қалудамын, ханым. Әдетте рухы жағынан ерлер өзін байсалды ұстайды десіп жатады ғой, ал, бірақ сіздің құрыштай беріктігіңіз бен ұстамдылығыңызға тіпті тең келер жан жоқтай көрініп тұр маған!


— Басқа түссе баспақшы деген, сіңлім. Мұқтаждық — ерліктің анасы, — деп жауап қатты графиня. — Осыдан аз-ақ уақыт бұрын бір тамшы қанды немесе денеге түскен сызықтай таңбаны көргенімде талып қалушы едім. Содан бері — мен мұны батыл түрде айта аламын, — талай қантөгістерді көріп келемін, сөйтіп есімнен бір мәрте де танбағанымды былай қойғанда, тіпті сасқан емеспін... Алайда, бұл маған оңай соққан екен деп ойлап қалмаңыз, — деп ойын сабақтай түсті графиня, үні бұрынғысынша беріктігінен жаңыла қоймаса да, діріл қаққан қолын Гертруданың иығына қойып тұрып. — Менің жүрегімді қазір: гарнизонный аман құтылып шығуы тікелей тек өжеттілігі мен батылдығына ғана байланысты болатын, анталаған сансыз көп әскер қоршап алған қамалмен салыстыруға болар еді. Егер басыма төнген қауіп-қатер жеңілірек болса, сөйтіп өзім үшін өлімнен де ауыр тиетін бақытсыздықтан құтылып шығудың жолы — рухымның беріктігі мен ұстамдылығыма ғана байланысты екендігіне көзім ақиқат жетпесе, онда мен — Гертруда, мойныңыздан құшақтай алып, қан жуған жүректен бұрын-сонды ағытылып көрмеген көз жасымды көлдей төгіп, көкірегіме шемен боп қатқан шерімді тарқатып, құмарымнан бір шыққан болар едім.


— Уһ, қойыңызшы, жыламаңызшы ханым! — деп жұбата сөйледі жаны толқып кеткен фламанд қызы. — Бірақ берік болыңыз! Тәңірімнің рахымын күтіп, соған сыйыныңыз, егер жаратқан ием апатқа душар болған жанға бұрын-соңды қорғаушы жіберері рас болса, онда мынау шотландтық батыр жігіт сізді қатерден құтқарып қалмақ. Менің де кәміл сенетін бір адамым бар, — деп сөзін жалғай түсті Гертруда, екі бетінің ұшы дуылдап. — Жалғыз-ақ, әкеме тіс жарып, сыр шашпай-ақ қойыңыз. Өзімнің нақ сүйер жігітім Ганс Гловерге екеуіңізді шығыс жақ қақпаның аузынан тосып алып, шекарамыздан аман-есен өткендеріңіз туралы маған хабар жеткізбейтін болсаң, көзіме көрінуші болма деп тапсырып қойдым.


Графиня мейірбан қызды сүйіп қана өз алғысын білдіре алды, қыз да айрықша бір тебіреніспен өбіп, күлімсірей жарасты әзіл айтты:


— Егер екі қыз жігіттерімен қосылып, киім ауыстырып киіп, жаудан қашып құтылуды ұйымдастыра алмаса, онда бүкіл жарық әлемнің қараң, қалғаны, сөйтіп, ел айтатындай, ақыр заманның туғаны да.


Уыздай жап-жас фламанд қызының шын пейілімен айтқан әзілінен Изабелланың қуарыңқы өңі нарттай жанып шыға келді, әрі бөлме ішіне Дорвард тосын кіріп келгенде графиня бұрынғысынан да бетер қымсына түсті. Петер достық пейілмен сыйға тартқан дәулетті фламандық қала тұрғынының әсем киімін Квентин киіп те алыпты, өзінің мереке күндері киетін киім-кешегін сыйлауымен Петер шотланд жас жігітке деген алғысы мен тілектестігін білдірген еді, оған қоса мейлі мені өгіздің терісіндей илесін, мейлі керіп тастасын сонда да екі жастың құпиясын ешбір жанға айтпаймын деп ант етті. Мабель бәйбішенің пысықтығы арқасында есік алдында жолға мінетін кереметтей екі сәйгүлік сайланып қойылды. Қадірмен бәйбішенің көңілінде, шындығына келгенде, не графиняға, не оның жол бастаушысына деген зәредей де қаяу жоқ тұғын; бәйбішенің бар ойлағаны өзінің амандығы ғана, сондықтан егер олардан құтылғанша асықса, бұл екі жастың осында қалуы өз шаңырағына қырсығы тиіп кететін болғандықтан ғана сөйткен еді. Қашқындар аттарына мінгенше бәйбіше табалдырықта тұрып қалды, сонан соң бұл екеуіне Петер сендерді шығыс жақ қақпаға шейін шығарып салады, бірақ сендерге ешқандай қатысы жоқ кісіше жырақтау жүріп отырады деп түсіндірді. Жолаушылар қақпадан шығып, ұзап кеткенше олардың соңынан қуанышы қойнына сыймай, тесіле қарап тұрды.


Меймандар қараларын үзісімен-ақ, қадірмен бәйбіше оңтайлы сәтті пайдаланып қалды да, Трудхенге: махаббат желігіне бой ұрудың салдарынан бүгінде зиялы ханымдардың әбден есінен адасып болғаны, парасатты әйелдерге ұқсап, ың-шыңсыз әрі паңданбай үй шаруасымен айналысудың орнына, қайдағы бір таңғажайып оқиғаларға әуесқойлар сияқты денсаулығына және қалтасы мен атақ-абыройына зияны тиетін беймәлім олақпандарға, маскүнем атқосшыларға немесе жат елдік азғын атқыштарға еріп, алды-артына қарамай серуен құрудың ақылға қонбайтыны туралы ұзақ-сонар уағыз айтып шықты.


Гертруда ләм-мим деп қарсылық білдірместен, уағызды үн-түнсіз тыңдаумен болды, бірақ бойжеткеннің мінез-құлқын есімізге алсақ, осы уағыздан іс жүзінде шешесі ойлағандай нақты қорытынды шығара қойды дегенге пәлендей илана алмаймыз.


Бұл екі арада жолаушыларымыз адамдар құмырсқаның илеуіндей құжынаған әлденеше көшелерден өтіп, қаланың шығыс жақ бөлігіндегі қақпаға келіп жетті; бірақ сәті түсіп, жұрттың бәрі кешегі оқиғалармен және бүгінгі күннің жаңалықтарымен дүрлігісіп, сырт тұлғаларынан көзге ұратындай ешқандай да күдікті белгілер аңғарылмаған екі жасқа көңіл аудара қойған жоқ. Күзетшілер жастардың қолындағы Павийон берген, Руслердің қолы қойылған пропускіні шолып шықты да, жолаушыларды қақпадан әп-сәтте өткізіп жіберді, сөйтіп олар ең ізгі тілектерін білдірісіп, Петер Рейслермен асығыс, бірақ достық шыраймен қоштасып, әрі қарай жүріп кетті. Қала қақпасының арғы бетіне шығысымен-ақ сұр ат мінген сымбатты жас жігіт олардың қасына таяп келді де, өзінің есімі Ганс Гловер екенін, Трудхен Павийон өз қалыңдығы болатынын айтып, өзін таныстырып өтті. Көзге жылы ұшырай кеткен ол, ақылы асып-таса қоймаған, бірақ мейірбан әрі жайдары, Изабелла іштей еріксіз ойлап қалғанындай, ақ көңіл Гертрудаға күйеу болуға пәлендей лайық көріне қоймайтын фламанд жігіт екен. Әйтсе де, сірә, қалыңдығының әмірін нақпа-нақ орындауды мақсат тұтқан оның жолаушыларға көмектесуге іштей кәміл бекінгендігі көрініп тұрды. Изабеллаға құрмет білдіре басын иді де, оған фламандша, өзін қалай қарай бастап жүруге әмір ететінін сұрастырды.


— Бізге Брабантпен шекаралас ең жақын қалаға апаратын жолды көрсетіп беріңіз, — деп жауап қатты Изабелла.


— Демек, қайда баратынымызды шешіп те қойғансыз ба? — деді Квентин оның қасына тақап келіп. Ол бұл сауалды жол бастаушы түсінбейтін француз тілінде қойды.


— Иә, солай ұйғардым, — деп жауап қатты қыз. — Қазіргі жағдайымда, өзімді тіпті абақтыға қамап тастау қаупі төнсе де, мүмкін қадерінше жолды қысқартуға тырысып бағуға тиістімін.


— Тіпті қамаса да ма?! — деді Квентин жұлып алғандай.


— Иә, достым, қамаса да. Бірақ сіз де менің кебімді кимеуіңізді барынша ойластырып бағамын.


— Оһ, айта көрмеңізші... Мені ойлап әуре болмаңыз! — деді Квентин шат көңілмен. — Жалғыз-ақ өзіңіздің қауіптен құтылғаныңызға көзімді жеткізсем екен, ал ар жағында менің маңдайыма қандай тағдыр жазылғанында тұрған не бар!


— Ақырын сөйлеңіз, достым, ақырын, — деді Изабелла. — Жол бастаушымыздың қандай сыпайы екенін байқап тұрсыз ба, ол онсыз да ілгері озып кетті ғой.


Шынында да, мейірбан фламанд, екі жастың көңіл күйлерін іштей ұға қойып әрі өзінен бұл екеуі қысылмасын деп Квентин бикештің жанына таяна бергенін көзі шалып қалысымен-ақ, лезде едәуір ілгері озып кеткен-ді.


— Иә... — деді Изабелла ойын ұштай түсіп, өздерінің сөзін ешкім ести қоймайтынына көзі жеткен соң, — Иә, достым, менің асқар тауым, — өзіңізді солай деп атаудан тартынбаймын, сізді маған тәңірімнің өзі жіберіп отырса, несіне тартынайын! — Отаныма оралуға, Бургундия герцогының алдына барып, айыбымды мойындауға сөйтіп оның рақым етуін өтінуге ұйғарғанымды сізден жасырмауға тиістімін. Рас, ізгі ниетпен айтыла тұрса да біреудің ақылына құлақ асып, Бургундиядан қашып кетуге бел байлап, сөйтіп әлгі екі жүзді Француз Людовигінің қанаты астынан пана іздеуге көніп, қатты қателесіппін.


— Демек, граф Кампо-Бассоның, Карлдың сол бір сұмпайы сүйіктісінің қалыңдығы болғыңыз келе ме?—деп салды Квентин, сөйтіп әдейі дөрекі түрде қойылған осы бір сауалдың астарында өлім жазасына кесілген қылмыскердің өзін берік ұстауға тырысып, шығарылған үкім келіп түсті ме деп сұрағанында естілетіндей қасіретті үн бар еді.


— Жоқ, жоқ, Дорвард, Бургундия герцогы өзінің билігі қаншама қалтқысыз жүріп тұрса да, де Круа шаңырағының қызын нақ бұлай қорлай алмақшы емес, — деді Изабелла бикеш, ер үстінде жайласа отыра беріп. — Герцог өз иелігімдегі жерді, қамал-сарайымды тартып алып қоюы мүмкін, мені абақтыға немесе әдияратқа қаматып тастауы мүмкін, бірақ бұдан артық дәнеңе де істей алмайды. Ал мен бұдан да ауыр жазаны мойныммен көтеріп алуға бармын, алайда Кампо-Бассоға ешқашан да қалыңдық болмаймын.


— Бұдан да ауыр жазасы қалай?! — деді саңқ етіп Квентин. — Бар байлықтан айрылып, абақтыға қамалғаннан артық қандай жаза болуы мүмкін? Уа, әлі уақыт бар кезде, азаттықтан әлі айрылмай тұрғаныңызда, басын қауіп-қатерге тігіп, сірә, өзіңіз рақымы мол қамқоршыларға тап болатын Англияға, Германияға, тіпті Шотландияға апарып салуға белін бекем буған адам қасыңызда тұрғанда, ойланыңызшы... Ойланыңыз да, тәңірінің ең бағалы сыйы — азаттықтан айрылуға асығыстықпен тәуекел етпеңіз. Азаттық туралы менің отанымның ақыны не дегеніне құлақ салыңызшы:


Дүниеде азаттыққа не жетсін,


Азат болсаң, бақыттысың, өжетсің.


Бір сол үшін сүйесің ғой өмірді,


Азат болсаң өмірің де көңілді.


Ал «құлшылық» деген сөздің астары —


Қасірет пен көзден аққан жас-тағы.


Изабелла азаттық құрметіне айтылған осы бір ыстық өсиетті мұңая күліп тыңдап алды да, бір сәт үнсіздіктен соң жауап қатты:


— Азаттық — ер адамдардың еншісі. Ал әйел деген әмәндә өзін қорғайтын кісіге мұқтаж, себебі табиғат әйелді өзін өзі қорғай алмайтын етіп жаратқан. Сонда маған кім қорған болмақ? Әлгі әйел жанды англиялық Эдуард па? Әлде Германиядағы маскүнем Венцеслав па?.. Сіз — Шотландияға алып барамын дейсіз... Уһ, Дорвард-ай, әттең сіздің қарындасыңыз болсам бір сәрі, сөйтіп сіз айрықша бір сүйіспеншілікпен суреттей беретін заңғар биік таулардың ішіндегі тыныштық құшағында мүлгіген көптеген алқаптарыңыздың бірінен өзіңіз маған пана тауып бере алсаңыз, сөйтіп елдің шарапатына бөленіп немесе қолымда сақталып қалған азғана асыл қазынаны кәдеге жаратып, басыма туған қауіп-қатер ұмыт болып, алаңсыз ғұмыр сүре алатын болсам бір сәрі... Егер отаныңыздағы дәулетті әйелдің немесе жүрегі де өз семсеріндей адал бір шотланд баронының маған қорған боларына кепілдік берсеңіз, онда әңгіме басқа: ондай болашақ жолында ел-жұрттың өсек-аяңын құлаққа ілмей, алыс та қауіпті сапар шегуге тәуекел етер едім.


Өзінің осы бір жан сырын ақтарып салған сәтте графиня Изабелланың үнінен діріл қаққан нәзік сезім аңғарылып тұрды, ал Квентиннің жүрегі қуаныштан дүрсіл қақты. Бір сәтке қалай жауап қайтарудың жөнін таба алмай аңтарылып та қалды; бірақ Шотландияға бара қалғанда өзі бикешке қандай жақсылықтар істей аларын ой елегінен өткізіп, бикештің өмірін қауіпсіз ету қолынан келе қоймайтын жолды ұсыну өз тарапынан әділетсіздік әрі қатыгездік болатынына көзі жеткен аянышты тоқтамға келді.


— Графиня, — деді әлден уақытта ол. — Егер таңдаған осы жолыңызды құптасам, сөйтіп Шотландияда сіздің адал құлыңыздың ақ жүрегінен бөлек қандай да басқа қорған табамыз деп өзіңізді иландырсам, рыцарларға тән кіршіксіз абыройым мен ар-ожданымды аяққа басқан болар едім. Тіпті Отанымда біздің тұқымымыздан тірі адамның қалуының өзіне де шүбәлімін. Рыцарь Иннерквэрити қамал-сарайымызға түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасап, күллі туған-туысқандарымды бауыздап кетті. Шотландияға қайтып орала қалсам, сансыз көп әрі күшті дұшпандардан басқа тірі адамды кезіктіре алмаймын. Мен жалғызбын, сондықтан дұшпандарыма қарсы күресерліктей шамам жоқ. Егер тікелей корольдің өзі құқтарымды қалпына келтіруге ыңғай берсе де, мен сияқты қызыл сирақ кедей үшін бес жүз атты әскердің әлеуетті көсемінің наразылығын көтеріп алуға ол бармас еді.


— Бәсе, — деді графиня, — егер қара басының қамын күйттейтін адамдар үшін қызығарлықтай дәнеңе де жоқ дерлік сіздердің жалаңаш тауларыңыздың өзін де нақ біздің байып шалқыған, жемісі жайқалған жазық алқабымыздағы секілді шектен асқан озбырлық жайлап алса, бүкіл әлемде адамдар қиянатсыз өмір сүре алатын бірде-бір мүйіс жоқ десеңізші!


— Иә, бұл таласуға батылым бара қоймайтын ащы шындық, — деді Квентин. — Тек өш алуға және қан төгуге деген құмарлықтың салдарынан ғана біздің өзара араз тайпаларымыз бірін-бірі қырып салып жүре береді. Де ла Марк өз қарақшыларымен — осы арада жауыздық етіп жүргеніндей, Шотландияда Огилви де елді қан қақсатуда.


— Демек, Шотландия жайында сөз ете берудің енді қисыны жоқ, — деді Изабелла шын ықыласымен әлде жалған самарқаулықпен айтқанын аңғартпай. — Бұл мәселеге қайтып оралмай-ақ қояйық... Айтпақшы, европалық мемлекеттердің ішіндегі ең бір мазасыз мемлекеттен баспана табуға кепілдік берер ме екен, жоқ па екен, маған іш тарта ма екен деп өзіңізді сынап көрмек мақсатымен Шотландияны әдейі тілге тиек еткен едім. Енді, мінеки, өзіңіз үшін ең қымбат саналатын — Отанға деген сүйіспеншілік мәселесінде де, сізге кәміл сенім артуға болатынына менің көзім жетіп отыр. Сонымен, былай деп ұйғардым: герцог Карлдың бірінші кездескен ізгі вассалының қолына берілемін, сөйтіп соның қанаты астына кіремін.


— Қош, Тур қаласында сонау бір жолы өзіңіз айтқаныңыздай, тікелей өз ордаңызға, өз қамал-сарайыңызға неге қайта оралмайсыз? — деп сұрады Квентин. — Герцогтың тұтқыны болғанша, әкеңіздің қол астындағы вассалдардан әскер жинап герцогпен неге шарт жасаспайсыз? Сіздің намысыңызды қорғап күреске шығудан бас тартпайтын батыл адамдар, әрине, табылар еді. Басқасын айтпағанда, өмірін сіздің жолыңызда құрбан етуді бақыт санайтын бір адамды мен білемін!


— Амалым қанша, — деді Изабелла. — Қара басының қамын ғана көздейтін, өзінің күллі айла-шарғылары тәрізді зымиян Людовиктің бұл ойы енді жүзеге аспай қалды, өйткені екі жаққа да бірдей опасыз болып шыққан Замет Мограбин француз королінің ой-ниетін герцогқа айтып қойған-ды. Сол заматта-ақ менің туысым абақтыға қамалды, ал қамал-сарайыма әскери гарнизон күзетке қойылды. Жоқ, менің тарапымнан жасалған бұл тәріздес қандай да бір қимыл-әрекет өзіме адал вассалдарыма герцог Карлды тек өшіктіре түскен болар еді, ал менің қырсығымнан, әрі түкке де арзымайтын себеппен, тағы да бір қан төгістің болғанын қаламаймын. Жоқ, тікелей жеке басымның еріктілігі, тағдырымды өзім шешу еріктілігінен басқаның бәр-бәрі жөнінде өзімнің заңды патшама бағынуға берік бел байлап отырмын; мұның үстіне, кезінде елімнен қашып кетуге мені өзі көндіре тұрса да, туысым, графиня Амелина да, сірә, ақылға қонатын нақ осы шешімге ендігі келген де шығар.


— Сіздің туысыңыз ба? — деп қайталап айтты Квентин, осынау бір сөз орамдарына орай өзі куәсі болған қилы-қилы оқиғалардың дүрмегімен уақытша ұмыт болған, жас графиняға әлі беймәлім жайлар есіне түсе кетіп.


— Иә, менің нағашы апам, графиня Амелина де Круа... Сіздің ол кісі туралы естіп-білген бір жаңалығыңыз бар ма? — деп сұрады Изабелла, — Мен ол ендігі Бургундияның туы астында қамқорлыққа бөленген болар деп ойлап едім... Бірақ сіз үндемейсіз ғой... Демек ол туралы басқа бір хабарыңыз бар шығар?


Бұл сауал Изабелланың жанын өте-мөте қатты ауыртып тұрғанын сезген Квентин графиня Амелинаның тағдыры туралы өзіне мәлім оқиғалардың ішінара кейбірін жас графиняға хабарлауға мәжбүр болды. Ол Шонвальдтан қашып шығуына көмек көрсету жөнінде графиняның өзіне берген әмірі туралы, бұл екеуінің де ұйғарымы екеніне өзінің шүбәланбағанын айтып берді, сонсоң қашқындар орман ішіне кіріп, бой жасырған кезде барып, көзі жеткен жаңалығын, өзінің дереу қамал-сарайға қайта оралғанын, сөйтіп, әйтеуір, бір уақытта өзін, Изабелланы қалай тауып алғаны туралы айтып берді. Бірақ Шонвальд қамал-сарайынан қашып шығарында графиня Амелинаның өзіне қандай үміттер артқаны, графиня Гийом де ла Марктің қолына түсіп қалыпты-мыс деген өзі естіген қауесет туралы тіс жарған жоқ. Ибалы мінезі бұл хабардың алғашқы бөлегі жөнінде, ал қасына ерген серігіне деген шексіз қамқорлық сезімі, әсіресе оған өзін-өзі берік ұстау әрі еңсесі түспеу өте-мөте қажет болып тұрған осы сәтте, оның үстіне өтірік-шынына әлі көзі жете қоймағандықтан, хабардың екінші бөлегі жөнінде сыр шашуға ырық бере қоймады.


Алайда Квентиннің әңгімесінің осы сыңайының өзіне де графиня Изабелла қайран қалумен болды, сондықтан талайға дейін ләм дей қоймаған ол, әлден уақытта кейіген әрі ызғарлы пішінмен үн қатты:


— Сонымен, сіз менің бишара туысымды, орман ішінде, оңбаған сыған мен опасыз қызметші әйелдің тәлкегіне қалдырып кете бардыңыз ба! Бишара апатайым-ай! Ал ол сорлы адалдығыңызды айтып, сізді жер-көкке сыйғызбай мақтаушы еді!


— Бірақ, графиня, егер мен өйтпесем, — деп ышқына сөйледі Квентин әлгі бір орынсыз айыптауға жаны күйіп кетіп, — өзін одан да айрықша ардақ тұтатын ханым қандай күйге душар болар еді? Егер мен графиня Амелинаны өзі сенім артқан жандардың қарауына қалдырып кете бармасам, графиня Изабелла осы бір сәттерде Гийом де ла Марктің, Арденнің Жабайы Қабанының уысында болар еді.


— Рас айтасыз, — деді Изабелла ұяң үн қатып, — Өзіңіз кіршіксіз көңіліңізбен қорған болып жүрген мына мен, еңбегіңізді бағалай білмедім. Бірақ бишара апайыма жаным қатты ашып тұр! Осының бәрі ол өзі құдайдай сенген оңбаған Мартаның істеп жүргені ғой! Амелинаны Замет пен Хайраддинге жолықтырып жүрген де осы — Марта, ал бұл екеуі бал ашып береміз деп апатайымның басын біржолата айналдырып жіберді. Сөйтіп залым қызметші әйел, осыны пайдаланып, апатайымды... Шынымды айтайын, ойымды қалай түсіндірерімді біле алмай тұрмын, өзіңізге ғашық адам табылып, күйеуге шығасың деген жалған дәме арқылы желіктірумен болды, ал осыншама жасқа келгенде өйтуі апайым үшін тіпті ерсі-ақ еді. Осының бәрі әуел бастан-ақ біздің француз сарайының қанаты астына кіруімізге, немесе, дәлірек айтқанда, тікелей өзінің қол астына бағынуымызға мәжбүр ету мақсатымен, ізімізге сатқындарын салып қойған француз Людовигінің айласы екеніне менің көзім жетіп отыр. Өзіміз аңдамай қармағына түсіп қалысымен ол ұятты да, король екенін де, рыцарлықты да аяққа басып, ойына келгенін бізге арсыздықпен істеп бақты! Несін айтайын, бұл жағын өзіңіз де білесі» ғой, Квентин... Әй, бишара, апатайым-ай! Сіз қалай ойлайсыз, оның күні не болмақ енді?


Екі ойлы үмітпен жас қыздың көңілін ауламақ болған Квентин сыған атаулыларының басым көпшілігінің көксейтіні — ақша екенін, сондықтан графиня Амелинаны өлтіру немесе оны азапқа салу Хайраддин үшін ешқандай да мәні жоқ іс екенін, керісінше графиняға мүмкін қадерінше қызмет көрсетіп қалу сығанға тиімдірек болатынын, өйткені сөйткенде ғана ол бағалы төлем немесе сыйлық алатынын айта бастады. Мұның бер жағында, сірә, Марта да графиня Амелинаны өз қамқорлығына алу ниетінде көрінді деп қойды.


Изабелланы ауыр ойдан сейілту мақсатымен Квентин оған Намюр маңында түнеген жолы өзі Хайраддиннің сатқындығын қалай әшкерелегенін егжей-тегжейіне шейін тәптіштеп айтып берді; осының бәрі де ла Маркпен астыртын уағдаласқан король Людовиктің күні бұрын ойластырған амалы деп санайтын өз күдігін де жасырған жоқ. Бұл әңгімені естігенде Изабелланың жаны түршігіп кетті, бірақ сол мезетте-ақ қайратқа мініп, былай деді:


— Тәңірінің рақымына сәл де болса шүбәланғаныма әрі әлгіндей қара ниет, зұлымдықпен жасалған опасыздық жүзеге асады деп ойлап қалуға шейін бой ұрғаныма өзімнен өзім ұялып тұрмын. Өйткені адамдардың қасіретін көретін, сөйтіп мұндай масқара іске жол бермейтін қайырымы мол құдай бар емес пе! Жоқ, бұл сияқты әрекеттерден жүрексінудің өзі күнә, оған тек жиіркене қарау керек. Бірақ әлгі зұлым Мартаның апайым екеумізді араздастыруға барынша ұмтылып баққан себебін, әрқайсымыздың көз алдымызда үнемі мәймөңкелеп, сөйте тұра бізді бір-бірімізге қарсы қоюға жанын сала әрекеттенген себебін мен енді ғана ұға бастадым. Әйткенмен де, өзімді айрықша жақсы көретін апайымды сұмдық қауіп төнген осындай қиын-қыстау кезеңде Шонвальдта мені жападан-жалғыз тастап кетуге көндіре алады дегенге ешқашан да илана қоймас едім.


— Сонда қалай, графиня Амелина өзінің қашып құтылмақ болған ойы туралы сізге ескертпеген бе? — деп сауал қойды Квентин.


— Тіпті ләм деген емес, — деп жауап қатты Изабелла. — Жалғыз-ақ ол маған Марта ерекше мәні зор хабар айтады деген ғана емеурін танытты. Бірақ, шынымды айтсам, сол күні өзімен ұзақ уақыт бойы мәжіліс құрған арамза Хайраддинмен астыртын кездесулері бишара апайымның басын мүлде айналдырып қойды, сөйтіп ол кезде апайымның сөздері сау кісінің сөзі еместей көрініп жүрді маған... Қысқасы, оның жай-күйін көре тұрып, одан жөн сұрауды дұрыс деп таппағанмын. Бірақ қалай десек те, оның мұндай қадамға баруы сұмдық қаталдық болды.


— Жоқ, графиня, апайыңызды қатал кісі деп айыптап, қателесіп тұрғаныңызды ашық айтуға тиістімін, — деп қарсылық білдірді Квентин. — Сол бір қатерлі сәтте және көзге түртсе көрінгісіз қараңғыда қатерге ұрыну оп-оңай еді; де Круа графинялардың ортасында екенмін, әсіресе, — деді жігіт үні баяу естілсе де, батыл түрде сөзін сабақтай түсіп, — онсыз әлемдегі ешқандай да асыл қазына Шонвальдтан кетуге өзімді мәжбүр ете алмайтын кісі қасымда екен деп, Мартаның тұлғасы мен киімін шатастырып, өзімнің де алданып қалғанымдай, өз басым Амелина да сізді қасында екен деп берік сенген болар деп ойлаймын.


Изабелла өзімен саяхаттас серігінің соңғы сөздері аса бір ыстық леппен айтылғанын байқамаған кісідей сәл қырын қарады. Бірақ ол тағы да — бұл жолы Людовиктің опасыздық саясаты туралы — сөз бастағанында, Изабелла қайтадан оған, бетпе-бет қарап тұрды, сөйтті де екеуі соңғы оқиғалардың жайын егжей-тегжейіне шейін талқылауға кірісті. Ұзамай олар ағалы-інілі екі сыған да Мартаның сыбайластары, сөйтіп үшеуі де зұлым француз королінің астыртын тыңшылары болып шықты, соның ішінде ағайынды екеуінің үлкені Замет — өз тұқымына тән сатқындықпен екі жаққа да қызмет етуді ойлаған, сонысы үшін жазасын алып та тынды деген қорытындыға келді. Екі жастың ашықтан-ашық сырласуға беріліп кеткендері соншалықты, өз жағдайларының күллі ерсілігі де, жол бойының бүкіл қауіп-қатері де ұмыт болды. Олар бүкіл жол бойында парасатты да салиқалы мінез көрсетумен болған Ганс Гловердің нұсқауымен, ат шалдырып алу үшін, әлденендей бір оңаша орналасқан үй мен деревня маңында ілуде бір ғана аялдағаны болмаса, бірнеше сағат бойы дамылсыз сапар шекті.


Айта кетейік, бір-біріне ғашық (олар туралы бұлай деуге біздің енді хақымыз бар) екі жасты алыстата берген жасанды тосқауылдар олардың өздері бастан кешкен оқиғаларына байланысты там-тұмдап жойыла бастады; егер графиня бір кезде қамал-сарайға иелік етуі себепті өзінің семсерінен басқа байлық атаулыдан құр алақан Квентинге қарағанда теңдесі жоқ дәулеттілігін мақтаныш ете алған болса, қазіргі сәтте ол да Квентин сияқты тақыр кедей еді, ал өзінің ендігі жердегі қауіпсіздігі, ар-намысы мен өмірі Квентиннің берік рухына, оның ерлігі мен адалдығына біржолата тәуелді болып қалды. Квентин өзінің ғашық екенін ашып айтып, қалай батылдық көрсетсін мейлі, балғын жігітке деген шексіз ыстық алғыс пен сенімге толы қыз жүрегі мұны айып көрмес еді, бірақ сөйткенмен де олар махаббат туралы сөз қозғаған жоқ: ұялшақтық пен серілік ой-сезімі махаббат жайында тіпті емеурін танытуға ерік қалдырмай, Квентинді тұсай берді, болмаса Изабелланың өзі душар болған шарасыздықты пайдаланды-ау деп ойлап қалуы да ғажап емес еді. Сонымен олар махаббат туралы сыр шертіскен жоқ, бірақ екеуінің де жан жүрегін махаббат біржолата баурап алды. Екеуінің арасында: жүрек сезімін ашып айтқаннан гөрі іштей ұғу оңай болған сәт туды; әлі де әрі-сәрілігіне қарамастан, — рас, соңынан кей кезде өкінішке, опасыздыққа және алданған үміт пен түсінісе алмаған махаббат қасіретін шектіретіні кездесіп қалуы да мүмкін, — адам жанын тербеп, қайсыбір еркіндікке де бой ұрғыза беретін, сөйтіп адамды өз өміріндегі ең бір мөлдір сезімге бөлейтін күй кешті.


Жол бастаушының хабарын естіп, жолаушыларымыз мазасыздана бастағанда уақыт түскі сағат екінің кезі еді: үрейі ұшып, өңі шүберектей қуарып сала берген ол өздерінің соңынан де ла Марктің қара пәлелері — рейтарлары қуып келе жатқанын мәлім етті. Бұл солдаттар яғни, дәлірек айтсақ, қарақшылар Төменгі Германия округтарында жасақталып, өздерінің барлық сипаты жағынан жеңіл атты әскерлер есебінде қызмет атқаратын ландскнехтерден айнымаушы еді. Өздерінің қара атты әскерлер деген атақтарын ақтау, әрі жауларына барынша үрей төндіру мақсатын көздеп, қара рейтарлар әдетте өңшең қарагер ат мініп жүретін-ді және қару-жарақтарын, киімдерін қара бояумен бояп қоятын, осыдан барып беттері мен қолдары да көбінесе көмірдей қап-қара болып көрінетін-ді. Айуандығы мен қаталдығы жағынан қара пәлелер өздерінің серіктестері — ландскнехтерден, жаяу әскерлерден ешбір кем түсе қоймайтын.


Артына бұрыла қарап, бергі бетінде, шынында да, қап-қара екі-үш салт атты құйындата шауып келе жатқан көз ұшындағы тегіс жолдың бойынан будақтай көтерілген шаңды көріп, Квентин қасындағы серігіне:


— Қымбатты Изабелла, семсерден басқа менде қару жоқ. Сіздің намысыңызды қорғап, олармен шайқаса алмаймын, бірақ сіз қашып аман құтылғанша қасыңызға ілесіп отырамын. Егер олар бізді қуып жетпей тұрып, орман шетіне жетіп үлгерсек, құтылып кете аламыз, — деді.


— Айтқаныңыз-ақ болсын, адал досым, — деп жауап қатты Изабелла, ат тізгінін босата беріп. — Ал сен, бауырым, — деп сөзін жалғай түсті ол Ганс Гловерге қарап, — өз жолыңды таба бер. Бізге бола басыңа пәле тілеп алудың саған түкке де керегі жоқ.


Бірақ адал жанды фламанд графиняның осынау ақ пейіліне басын шайқап тұрып: «Атамаңыз, атай көрмеңіз, бұлай ету маған лайық емес», — деп жауап қатты.


Осыдан соң үшеуі де болдыра бастаған аттарымен жан ұшыра шапқылап, орманға қарай тіке тартты; бірақ олардың зыта жөнелгендерін көрген қара пәлелер де аттарына қамшыны баса түсті. Алайда аттарының қатты болдырғанына қарамастан қашқындар үстіне зіл-батпан сауыттарын киіп алған қуғыншылардан қараларын үзіп, озып кетті. Кенеттен орман ішінен рыцарлар туын желбірете ұстаған қарулы адамдардың отряды шыға келіп, жолдарын кес-кестей шапқан кезде олардың орман шетіне ілігулеріне көп дегенде ширек мильдей ғана жер қалған еді.


— Сауыттарының жарқырауына қарағанда бұлар бургундиялықтар болуға тиісті, — деді Изабелла, — Бірақ ізімізге түсіп, қуып келе жатқан, құдайдан безген жауыздарға жем болғанша, кім болса да осыларға берілгеніміз мақұл.


Желбіреген туға көз тастап, әп-сәтте-ақ қыз тебірене тіл қатты:


— Мына туды таныдым! Садақтың оғы тесіп өткен жүректі көріп тұрсыз ба? Ізгі жанды бургундиялық, граф Кревкердің туы бұл! Мен соның қолына барамын.


Квентин Дорвард ауыр күрсініп қойды, бірақ бұдан басқа шарасы қалған жоқ еді. Ал Изабелланы құтқарып алу жолында басын өлімге тігуден де тайынбаған қас қағым уақыт бұрын ғана ол өзін қандай бақытты сезініп еді десеңші! Олар көп ұзамай өздеріне қарсы шауып келе жатқан қара киімді салт аттыларды көздері шалып, бөгеліп тұрып қалған Кревкердің отрядымен жанасып та үлгерді. Графиня отряд бастығымен сөйлескісі келетінін мәлім етті. Сөйтіп Кревкер таңырқай қарап қалған бір сәтте, графиня сөзін бастап кетті:


— Ізгі жанды граф, қарулас ескі серігіңіз, граф Рейнольд де Круаның қызы — Изабелла де Круа қол астыңызға беріледі, сөйтіп өз басы мен өзінің қасына ілескен адамдарға қорған болуыңызды өтінеді!


— Сүйкімді қарындасым, мен өзімнің заңды патшам, Бургундия герцогынан басқа кімге болса да және қандай тегеуірінге болса да қарсы тұрып, өзіңізге қызмет көрсетуге дайынмын. Бірақ қазір сөйлесіп жататын уақыт жоқ. Мынау қара бет сұмпайылар бізді шауып алғысы келгендей тоқтай қалды ғой өздері... Бургундиялық әулие Георгийдің атымен ант етейін, осынау сойқандардың Кревкердің туына қарсы қол көтермек ниеттері бар! Өздерін жайратып салу — қолымыздан келмейді деп ойлай ма екен? Дамиен, әкел бері найзамды. Ту ұстаушы, тарт алға, найзаларыңды кезеніңдер! Кревкер, аттан шабуылға! — деп атой салды граф, сөйтті де өз әулетінің осы бір әскери ұранымен шағын отрядты бастап, қара пәлелерге қарсы дүрсе қоя берді.


XXIV ТАРАУ


ТҰТҚЫН



Мен тұтқынмын. Қорлаңдар да күштеңдер.
Мырзаларың не бұйырса, істеңдер.
Өздерің де ұмытпаңдар бірақ та,
Соғыспенен жетемін деп мұратқа,
Тұтқын болып жүргеніңде, жырақта.


Белгісіз автор.



Қара рейтарлар мен бургундиялықтардың ұрысы ұзаққа созылған жоқ, өйткені аттары, қару-жарақтары әрі әскери тәртіптілігі жағынан да Кревкердің отряды өздерінен басым түскендіктен қара киімді салт аттылар тым-тырақай қаша жөнелді. Граф де Кревкердің қан сорғалаған қылышын атының жалына сүрткілеп, шайқасты бақылаумен болған Изабелла орналасқан орманның шетіне қайта оралып келгеніне бес минуттай да уақыт өтіп үлгерген жоқ-ты. Отрядының бір бөлегі мұның соңынан ілесті, ал екінші бөлегі жаудың ізіне түсіп, қуа жөнелісті.


— Рыцарлар мен дворяндардың қару-жарағын әлгі нас шошқалардың қанына арамдаудың өзі ұят та, масқара, — деді граф.


Осылай деп, қылышын қынабына қайта салып қойды да, сөзін жалғай түсті:


— Өз отаныңыз сізді тым суық қарсы алды ғой, айналып кетейін жарқыным, бірақ жиһан кезуге бел буған патшайымдар қандай да болсын тосын оқиғаларға өздері іштей әзір тұрулары тиіс. Дер кезінде келіп жеткенім абырой болды, сіз маған илана беріңіз, әйтпегенде қара киімді салт аттылар кәдімгі шаруаның қалпағына жирене қарайтыны сияқты, графтар әулетіне де іш тарта қоймайды, ал қасыңыздағы нөкерлеріңіздің сізді қорғап қалуға мұршасы да келмес еді.


— Граф, — деді Изабелла, — сізге ешбір бүкпесіз сауал қоюыма рұқсат етіңіз: мен өзімді тұтқын санауға тиіспін бе және де өзіңіздің мені қайда апармақ ойыңыз бар?


— Ақылсыз, балапаным-ау, егер өзімнің еркімдегі мәселе болса, бұл сауалға қандай жауап қайтаратынымды өзіңіз де білесіз ғой. Бірақ соңғы кезде өзіңіз бен делқұлы нағашы апайыңыз екеуіңіз қыр көрсетіп, тым асқақтап кетіп едіңіздер, енді уақытша желіктеріңізді басуға, тіпті торға түсуіңізге де тура келе ме, деп қорқамын. Өз тарапымнан сізді Пероннаға, герцог Карлдың сарайына жеткізіп салу тікелей борышым. Иланыңыз бұған — қайғылы борышым, деп санаймын. Отряд бастығы болуды немере інім, граф Стефанға тапсырамын, ал өзім қасыңызға еріп жүремін, өйткені герцогпен сөйлескен кезіңізде сізге делдал керек болып қалар деп ойлаймын... Ал мына бейқам жас жігіт өз міндетін атқара алады ғой деген үмітім бар...


— Сіз рұқсат етсеңіз, ағатайым, — деді граф Стефан оның сөзін бөліп. — Жауынгерлерге қолбасшылық ете алар ма екен деп, қабілетіме шүбә туғызсаңыз, отрядта өзіңіз неге қала салмайсыз? Ал мен графиня Изабелла де Круаның қызметшісі әрі қорғаны болар едім.


— Әлбетте, жиенжан, ой-жоспарыма өзің енгізген түзетуің ақылға әбден қонып-ақ тұр, — деп жауап қатты Кревкер. — Бірақ шешімімді өзгертпей-ақ қояйын. Жалғыз-ақ, саған жүктелетін міндет — бұл кәсіпке сен де, айрықша машықтанып алған сияқтысың, — әлгі бір қара шошқалардың ізіне түсумен ғана шектелмейтінін — керісінше, бізге барынша тосын қауесеттер естіле бастаған Льеж округындағы істің жайы туралы маған дәлме-дәл мәліметтер жинап, хабарлауға тиіс екеніңді есіңде берік сақтауға тырысып бағарсың. Он шақты адам менімен бірге аттансын, ал қалғандары туды желбіретіп, өзіңнің қарауыңда болсын.


— Бір сәтке сабыр етіңіз, Кревкер ағатайым, — деді графиня Изабелла. — Мен өзіңіздің тұтқыныңыз-ақ болайын, мейлі, бірақ өзімнің қияпат ауыр тағдырыма ортақтас болған адамдарға бостандық беріңіз деген тілегімді білдіруіме рұқсат етіңіз. Мына жас азаматтың, адал жол бастаушымның, өзінің туып-өскен Льеж қаласына бөгелмей оралуына ризалығыңызды беріңіз.


Граф де Круа Ганс Гловердің кіршіксіз дөңгелек жүзіне тесіле көз тастап өтті де, тіл қатты:


— Бұл жігіт, шынында да, жамандыққа жоқ адам сияқты. Немере інімнің отряды аялдайтын тұсқа дейін бірге баруына рұқсат етейін, ал бұдан арғы жерде басы ауған жағына қарай кетіп, өз жөнін өзі тапсын.


— Мейірбан Гертрудаға сәлем айта бар, — деді графиня жол бастаушыға қарап. Сөйтті де, мойнына таққан інжу-маржан моншағын ағытып алып: — Мынаны өзінің бақытсыз досының көзіндей көріп, қабыл алуын өтінгейсің, — деп оның қолына ұстатты.


Адал жанды Ганс інжу-маржанды алып тұрып, ебедейсіздікпен төмен иіле, көрсеткен қызметі үшін жүрек алғысын білдірудің айрықша бір әдепті тәсілін таба білген графиняның жібектей үлбіреген қолынан ыстық ықыласымен өбіп-өбіп алды.


— Ым-м... Базарлықтар мен достық пейіл белгілері, — деп міңгірледі Кревкер. — Жә, айналып кетейін, жарқыным, тағы да тілектеріңіз бар ма? Тезірек айта көріңіз, бөгелмей, аттануымыз керек!


— Жалғыз тілегім бар, — деді графиня қымсынғандай раймен. — Мына... мына бір дворян жігітке мейіріміңіз түскей.


— Ым-м... — деді граф тағы да әндете созып, сөйтті де өзі әлгінде Ганс Гловерге қарағаны тәрізді Квентинге де көзін тесірейте қадады, бірақ бұл жолы, әлдеқайда жаратпаған сыңай танытты. — Ым... иә! Бұл қылыштың құрышы басқа екен... Айналып кетейін, жарқыным, сауалымды көңіліңізге ауыр алып қалмағайсыз, — деді ол сөзін сабақтап, әрі Изабелланың сасқалақтап тұрғанын мазақ еткендей, — мына... тым өрімдей балғын, мына дворян жігіт қандай қызметімен сіздің ықыласыңызға ие болып еді?


— Мені ажалдан құтқарып, ар-намысымды қорғап қалған осы жігіт, — деді графиня ұялғанынан әрі өкініштен екі бетінің ұшы ду ете түсіп.


Квентиннің беті де дуылдап шыға келді, бірақ бұл зығырданы қайнап, ызаланғандықтың белгісі-тұғын, әйткенмен де ол жағдайды бұрынғысынан да бетер асқындырып алып жүрермін деп бой тартып, ақылға салып ұстамдылық көрсетті.


— Өмірім мен ар-намысымды! — деп қайталап айтты граф де Кревкер. — Мінеки, гәп қайда. Ым .. иә! Ал, маған салса, айналып кетейін, жарқыным, сіз мына... өрімдей балғын дворян жігіттің алдында өзіңізді қарыздар ететіндей жағдайға бармауыңыз керек еді... Бірақ болар іс болыпты ғой. Егер өзінің атақ-дәрежесі ерік беріп жатса, мына жас өспірім біздің қасымызға ере берсін, мен оған көз қырын сала жүрермін. Жалғыз-ақ ескертіп қояйын, бұдан былай сіздің өміріңіз бен ар-намысыңызды тікелей өзім қорғайтын боламын, ал мына жас дворян жігітке, жиһан жүзін шарлауға шыққан қыздардың қорғауылы міндетінен гөрі, өзіне неғұрлым лайығырақ кәсіп тауып беруге тырысып көрейін!


— Мүлде бөтен әрі өзіңіз танымайтын адамға астамшылдықпен қарағаныңызға артынан өкініп жүрмеуіңіз үшін, — деді Квентин бұдан әрі үндемей қалуға шыдамы жетпей, — менің аты-жөнім Квентин Дорвард екенін және шотландиялық гвардияның атқышы болатынымды, ал, өзіңізге мағлұм, бұл гвардияға тек дворяндар мен текті адамдар ғана қабылданатынын, граф, есіңізге сала кетуіме рұқсат еткейсіз.


— Сүдініңізден садаға кетейін әрі бағалы мәліметтеріңіз үшін алғысымды білдірейін, атқыш мырза, — деп іле жауап қатты Кревкер бұрынғысындай мазақ еткен сарынынан айнымай. — Менімен бірге сәл ілгерірек озып кетуге мархабат етер ме едіңіз?


Осы бір сәтте егер өзіне әмір ету правосына ие болмағанның өзінде, бұйыра сөйлеуге қолында билігі болғандықтан, Квентин графтың бұйрығын орындаған мезетте Изабелла бикештің өзіне сондайлық бір қабырғасы қайыса, әрі елжіреген тілектестікпен көз тастап тұрғанын байқап қалған Квентиннің көзіне еріксіз түрде жас үйіріле берді. Бірақ махаббат пен махаббат дерті туралы қандай да бір емеурінді сезіп қалса, кез келген француз яки бургундиялық рыцардан әлдеқайда асырып мазаққа ұшыратып, күлкіге қалдыратын Кревкердің көз алдында өзін жасуды білмейтін ерлерше ұстауға тиісті екенін ішінен лезде ұға қойды. Сондықтан графтың өз тарапынан сауал қойылып жатуын күтпей-ақ, қайдағы бір шотландиялық бишара атқыштың өзінің асыл текті қарындасының сеніміне ие болғанын көріп, намыстанған графтың ойлағанынан гөрі, неғұрлым ілтипатты қарым-қатынасқа әрі неғұрлым көбірек сый-сияпатқа лайықты екенін айғақтау мақсатымен сөзді Квентиннің өзі бастауға ұйғарды.


— Граф де Кревкер, — деді Квентин салмақты, бірақ батыл сөйлеп, — біз әңгімемізді бастамас бұрын өзіңізге бір сауал қоюыма рұқсат еткейсіз: мен өз еркім өзімдегі адаммын ба, әлде тұтқыныңызбын деп санауға тиісті боламын ба?


— Мұныңыз нәзік сауал екен, — деп ескерте сөйледі граф. — Өз тарапымнан сауалға тек сауалмен ғана жауап бере аламын. Сіз қалай ойлайсыз, Франция мен Бургундия бүгінде өзара соғысып жатыр ма әлде бейбітшілік жағдайында ма?


— Абзалын айтсақ, граф, бұл жағын менен гөрі сіз жақсырақ білуіңіз керек, — деп жауап қатты Квентин. — Мен француз сарайынан кеткелі көп уақыт өтті және содан бері ол жақтан хабар-ошар естіген емеспін.


— Мінеки, сауал қоюдың қандай жеңіл, ал оған жауап қайтарудың қандай қиын екенін көріп тұрсыз ба, — деді граф. — Тұтас соңғы бір аптаны, тіпті бұдан да көп уақытты герцогтың Пероннадағы сарайында өткізе тұрсам да, бұл жұмбақтың шешімін менің де таба алмайтындығымды біліп қойыңыз. Ал өзіңіздің ерікті адам боларыңыз немесе еркіңізден айрыларыңыз осы жұмбақтың шешіміне байланысты болуы себепті, қазіргі мезетте сізді өзімнің тұтқыным деп санауға тиісті боламын. Әйткенмен де, егер туысыма шарапатыңыз тигені, шынында да, расқа сайса, егер оған қалтқысыз қызмет көрсеткен болсаңыз және де қазір мен өзіңізге қойғалы отырған сауалдарға шын ықыласты жауап қайтарсаңыз, жағдайыңыз жақсарып сала береді.


— Қаншалықты шарапатым тигені жөнінде графиня де Круаның өзі әділ төреші бола алады, сондықтан бұл туралы соның өзінен сұрап білуіңізді өтінемін. Ал, қайтаратын жауаптарымның шыншылдығына келсек, сауалдарыңызды қойған кезіңізде, бұл жөнінде өзіңіз әділ қазы бола аласыз.


— Еһе, қалай ірі сөйлейсіз! — деп міңгірледі граф.—  Қалпағына сүйікті жарының бантын байлап алып, қымбат бағалы жібек пен оқаны қадір тұтатындықтан жұрттың бәр-бәрімен көкірегін кере сөйлеу қажет деп санайтын бәз бір жігіттен айнымай қалыпсыз. Тамаша, жігітім! Изабелла де Круа бикештің қасына ілескелі көп болды ма деген сауалыма сіз ешбір шамданбастан жауап берер деген үмітім бар.


— Граф де Кревкер, — деді Квентин, — егер әдеттегі әдептен тыс тұрпайы сарынмен қойылған сауалға жауап берсем, онда өзімнің үнсіз қалуым екеуміз де құрметтеуге тиісті болатын бикештің атына тіл тигізерліктей мағынада қабыл алынып жүре ме деп сескенгендігімнен ғана солай етіп тұрмын. Изабелла бикештің қасына ол Франциядан Фландрияға қарай аттанып шыққан күннен бері ілесіп келемін.


— Еһе! Басқаша айтсақ, ол Плесси-ле-Турды тастап, қашып шыққаннан бері ме? Әрі шотландиялық гвардияның атқышы болуыңыз себепті сіз, әрине, король Людовиктің айрықша бұйрығы бойынша бикештің қасына ілесіп келесіз бе?


Графиня Изабелланы Гийом де ла Марктің билеп-төстеуіне беруді ойлап, бикешті қорғаймын деп жүріп, жас шотландық мерт болады деп есептеген француз королі алдында Квентин өзін борышкермін деп сезінген емес, соған қарамастан ол Людовиктің сенімін ақтамауға құқым жоқ деп санады (шын ниетімен бе немесе өтірік пе, бәрібір), сондықтан да өзімнің тікелей бастығым берген бұйрықтың өзі-ақ жетіп жатыр, ал одан арғы жағын қазбалап сұраған жоқпын деп жауап қатты.


— Осының өзі де жеткілікті, — деді граф. — Егер өзі астыртын әлдеқандай бір саяси мақсатын көздемесе, жиһан-жүзін кезетін патшайымдарға еріп, олардың қорғауылы қызметін атқару үшін жұмыр жер бетін шарлауға атқыштарды аттандыра салуға күзет бастықтарына корольдің ерік бере қоймайтынын біз бәріміз білеміз. Иә, оларды өз гвардиясының атқышы бастап жүргені жария болған соң, де Круа ханымдардың қашып кеткені туралы өзім дәнеңе де білген емеспін деп байбалам салу король Людовикке енді қиынырақ соғатын болды! Атқыш мырза, өзіңізге бір сауал қоюыма рұқсат еткейсіз, сіздер өз сапарларыңызда қайда бармақ болып едіңіздер?


— Льежге, граф, — деп жауап қатты Квентин, — өйткені ханымдар марқұм епископтың қол астына берілмек болған-ды.


— Марқұм дедіңіз бе? — деп айғайлап жіберді граф де Кревкер. — Людовик де Бурбон қайтыс болып па еді? Герцог ол сырқат деген ешқандай да хабар-ошар естіген емес... Ол қашан және қалай қайтыс болған?


— Ол қанға бөккен қабыр ішінде жатыр, граф, егер қанішерлер оның сүйегін көмген болса, әрине.


— Қанішерлер. Уа, бибатима анам. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес, жігіт!


— Бұл зұлымдықтың қалай жүзеге асқанын өз көзіммен көріп келіп тұрмын және де, граф, бұдан басқа да көптеген сұмдықтардың куәсі болдым.


— Көзіммен көрдім дедің бе! Сонда, қалай, мейірбан прелатты қорғамағансың ба? — деп ақырып жіберді граф. — Сіз күллі қамал-сарайды баукеспелерге қарсы қоюға тиісті едіңіз. Япыр-ау, осынау қылмысты көріп тұрып, оған қарсы күреспеу — бұл пасықтыққа бой ұрып, дінді қорлаумен пара-пар екенін сіз білесіз бе?


— Қысқасын айтқанда, граф, — деді Дорвард, — епископ өлтірілмес бұрын, қамал-сарай қоршалып, көтеріліске шыққан Льеж тұрғындарының көмегімен жауыз де ла Марк оны басып алған болатын.


— Төбемнен жай түскендей күй кешіп тұрмын! — деді Кревкер. — Льеж көтеріліске шыққан! Шонвальдты жау басып алған. Епископ қаза тапқан! Уа, не деген суық хабар бұл! Дәл мұндай азалы, осынша көп хабарды бұрын-соңды ешбір жан жеткізген емес. Шыныңды айтшы: көтерілістің болатыны туралы, қылмыс жасалатыны туралы, епископтың өлтірілетіні туралы өзің бұрын біліп пе едің? Шыныңды айт! Сен Людовиктің сүйікті гвардиясының атқышысың, ал әлгінің бәрі соның істеп отырғаны: жайдың оғын түсірген соның өзі, басқа ешкім емес. Бол, айт, немесе мен сені тарпандарға таптатып, парша-паршаңды шығартамын!


— Егер тіпті осы ойыңызды іске асырсаңыз да, граф, соның өзінде де менің аузымнан шотландтық дворянға лайық емес дәнеңені де ести алмайсыз. Осынау жауыздықтар туралы мен өзіңіз сияқты ештеңе де білген емеспін. Бұл жауыздықтарға менің ешқандай да қатынасымның жоқтығы соншалықты, егер қолымда оларға қарсы күресетін қандай да бір құрал болғанда, зұлымдармен ақырғы демім біткенше айқасып өлер едім. Ал мен не істей алмақшы едім? Олардың қатары жүздеп саналса, мен жалғызбын. Менің басты мақсатым — графиня Изабелланы құтқарып қалу ғана болды, бағыма орай, маған мұның сәті түсті. Сөйткенмен де, бишара қарт айуандықпен өлтірілген жерге жақын маңнан табылсам, оның ақ қырау шалған басын құтқарып алар едім немесе оның кегін қайтарып, жастығымды өзіммен бірге ала кетер едім. Әйткенмен, өзімнің ашу-ызамды барынша ашық білдіріп үлгердім, сөйтіп осыным арқылы бұдан арғы сұмдықтарды тыйып тастадым.


— Сөзіңе сенемін, балғын батырым, — деді граф. — Өзің ханымдарды күзету жөнінде барынша ысылып қалсаң да, мұндай алапат қан төгіс шаруаны саған жүктей қоярлықтай, қабырғаң қатпаған азаматсың, әрі сенің тұрпатыңа да жат мұның өзі... Бірақ, әй бишара, бишара, ізгі жанды епископым-ай. Жиһанкездерді шын мәніндегі христиандық ақ пейілмен және князьдік жомарттығымен сан мәрте қабылдап жүрген өзінің бейбіт шаңырағында өлтіріліп отыр емес пе! Ол туып-өскен шаңырақты қорлаймын деп қорықпаған, қамқоршысының қанына қолын малудан тартынбаған зымиянның, қанішер жауыздың қолынан ажалын тапқан! Бірақ яки мен Бургундияның Карлын білмейтін болып шығамын, яки бұл қылмыстың өзі қандай қаталдықпен әрі айуандықпен жасалған болсақ нақ солай ол да кешікпей кәріне мініп, сөзсіз әрі қаталдықпен кек алмақ. Жоқ, жаратқан иемнің әділ үкіміне мен шүбәланбақ емеспін. Егер қанішер сазайын тартпаса... — Осы бір тұста граф қылышын қынабынан суырып алып, құрыш қолғап киген қос қолымен кеудесін түйіп-түйіп жібергенде, үстіндегі сауыты сыңғырлап қоя берді. Бұдан соң қолын көкке көтеріп тұрып, ойын одан әрі жалғады: —...Өйткен күнде ізгі жанды Людовик де Бурбонның өлімі үшін өш алудан басқа менде мақсат болмақ емес, — деп мен, Филипп Кревкер де Корде, қайырымы мол құдайға, әулие Ламбертке және Кельндік Үш Патшаға ант етемін. Епископты өлтіргендерден, өздерін мейлі қай жерде — орман ішінде, яки ен далада, қалада, яки селенде, тау ішінде, яки еңісте, король сарайында, яки храмда жолықтырсам да кек аламын! Өзімнің күллі дәулетімді, өзімнің иелігімдегі бүкіл жерім мен қамал-сарайларымды, достарым мен вассалдарымды, өмірім мен ар-намысымды осы мақсатқа бағыштаймын! Өзімнің осы антымды орындауыма бір Құдайдың өзі, льеждік әулие Ламберт пен кельндік Үш Патша жар болғай!


Осы антынан кейін, граф де Кревкер Шонвальдта болып өткен қайғылы оқиға туралы жантүршігерлік әңгімені естігенінде тұла бойын кернеген ашу-ызасы бірте-бірте басылғандай көрінді де, енді Квентиннен шектен асқан сұмдық зұлымдықтың егжей-тегжейін сұрастыра бастады, ал де ла Маркті титтей де ақтағысы келмеген Дорвард графқа істің мән-жайын бүкпестен толық баяндап шықты.


— Япыр-ай, осынау көрсоқырлардың, тұрлаусыз да сатқын малғұндардың, — осынау льеждіктердің, — деп ашуға булыға зіркіл қақты Кревкер, — шектен асқан қаныпезер қарақшымен және қанішермен ауыз жаласып, одақтасуға қалай дәті барған, қалай батылы жеткен! Өздерінің заңды мемлекет басшысын өлтіруден қалай тартынбаған!


Осы бір тұста Дорвард тас-талқан болып ашуланған бургундиялыққа Льеж тұрғындары, яки басқасын былай қойғанда олардың ішіндегі ең жібі түзулері епископына өз реніштерін білдіре тұрса да, де ла Марктің арам пиғылын қолдау ниетінен аулақ болғандай көрінгенін; керісінше, егер өз биліктерінде болса, олар мұндай қазаға еш уақытта да жол бермесін, сондықтан епископ өлтірілген кезде, бұл сұмдыққа қатты налығандарын айтып жеткізуге тырысып бақты.


— Суайттардың, сатқындардың осынау тобырын сөз етіп, жақтай берме! — деп зекіп тастады Кревкер. — Өзінің бірден-бір кемшілігі — жақсылықты білмейтін осынау құлдарға шектен тыс қайырымды мырза болғаны үшін, мемлекет басшысына қарсы көтеріліске шыққанда, қолдарындағы қаруларын кезеніп, оның шаңырағын баса-көктеп кіріп келгенде, олардың оны өлтіруден басқа қандай ойлары болуы мүмкін? Кісі өлтіруді өзімін кәсібіне айналдырған, бүкіл Фландрия атырабына атағы шыққан жауыз Арденнің Жабайы Қабанымен одақтасқанда, олар епископты өлтіруден басқа қандай мақсатты көздеуі мүмкін? Ең ақырында, епископ осы жексұрындардың бірінің қолымен өлтірілді деп сенің өзің айтып тұрған жоқсын ба?.. Жоқ, олардың шаңырақтары өртенгенде алаулаған жалын жарығымен Льеж қаласындағы каналдардың кемерінен аса аққан қандарын өз көзіммен көрермін деген үмітім бар!.. Кімді өлтірді десеңші! Айрықша мейірбан, айрықша ақ көңіл, айрықша ізгі жанды адамды өлтірді! Басқа басыбайлылар кедейлік тұрмысқа, алым-салықтардың ауыртпалығына төзе алмай көтеріліске шықса, ал әлгі арсыздар семіздікті көтере алмай солай істеп отыр!


Осылай деді де граф тізгіннен қолын тағы да босатып алды, сонан соң илікпейтін құрыш қолғап ішіндегі қолын сырқырата қысып-қысып қалды. Епископ өзінің ескі досы болуы себепті, Кревкердің өзегін өртеген қайғысы бәсеңдемей, қайта күшейе түскенін Квентин ұға қойды, сондықтан оның қайғысын басу қолынан келмейтін іс болғандықтан, орынсыз айтқан бір сөзбен ренжітіп алармын деп сескеніп, оның қасіретіне іштей ортақтасып, қайтып үн қатпады.


Бірақ графтың өзі епископтың өлімі мен Шонвальд қамал-сарайының құлауы туралы Квентинге сауалдарды бастырмалата қойып, жанға батқан осы бір ауыр тақырыпқа қайта-қайта оралумен болды; кенеттен, әлдеқандай бір оқиға есіне сап ете түскендей, графиня Амелина қайда, оның өзі неге сіңлісінен бөлініп қалған деген сауал қойды ол.


— Оның бұл жерден табылмауы, графиня Изабелла үшін аянышты айрылысу болғандықтан сұрап тұрған жоқпын, — деп сөзін жалғады граф жиіркенішін жасырмай. — Өйткені Амелина Изабелланың апайы және түптеп келгенде, мейірбан жанды әйел бола тұрса да, нақ сондай құйын мінезді ақымақ кісі ешқашан да, еш уақытта да, табыла қоймас деп ойлаймын! Амелинаның өзім әрқашан да кіші пейіл де парасатты санайтын сіңлісі, егер біреу-міреуді күйеуге беруді яки есебін тауып өзі ерге шығып алуды ғана ойлайтын ана бір есуас, миғұла кәрі қақсалы болмаса, Бургундиядан Францияға қашып кететіндей, сондайлық бір ақымақтық қадам жасауға ешқашан да тәуекел етпеген болар еді!


Осынау бір сөздерді есту ғашық жігіттің құлағына қандай түрпідей тиді десеңші. Бишара балғын жігітім-ай. Графиня Изабелланы, ақыл мен сұлулықтың осынау інжу-маржаны туралы сөз еткенде, оны кіші пейіл, парасатты қыз деумен ғана шектеліп, қылмысқа бой ұрып отырғанын, тіпті қолындағы қарудың күшімен болсын, графтың көзін жеткізу үшін өз тарапынан жасалған қандай да бір қимыл-әрекет ерсі де мағынасыз болып шығарын түсінгендігінен ғана әлгіндей сөздерді тыңдауға мәжбүр болды ол. Нақ бұл секілді сипаттарды әкесінің қарауындағы өгіздерді алдына салып, аңыз бойымен айдап бара жатқан, жүзі күнге күйіп тотыққан кез келген шаруа қызының бойынан да табуға болар еді-ау! Изабелла өзінің делқұлы, есуас апайының ықпалынан шыға алмай қалды деуге графтың аузы қалай-ақ барды екен! Жоқ, нақ мұндай жала жапқаны үшін ол сазайын тартпай қалмауға тиісті. Бірақ де Кревкердің сұсты бола тұрса да, кіршіксіз шырайы және балғын жігіттің жүрегін кернеп тұрған махаббат аттас сезімдерге деген көпе-көрнеу жиіркене қарауы, Квентинді қызбалыққа ұрындырудан тежей берді; ол графтың әскери даңқынан жүрексінгендігінен өйткен жоқ — керісінше, графтың осы бір даңқы Квентиннің бойында онымен күш сынасып көруге деген құштарлықты тек өршіте түсер еді, — бірақ күлкіге қалармын деген күдіктен бой сақтады, өйткені күлкіге ұшырап қалу — барша талапкерлер үшін ең қорқынышты қару, бұл оларды көптеген сөлекет қылықтардан сақтандырып қана қоятын қару емес, сонымен бірге қайсыбір сәттерде, тіпті ізгі ұмтылыстарын да басып, тұншықтырып тастайтын қару.


Графты ашуландырып алармын деп имене қоймағанымен, мазағына қалармын деп қорыққан Квентин жүрегін сыздата тұрса да, графтың қойған сұрақтарына жауап бергенінде, Амелина бикештің алғаш қоршауға алынғанда-ақ Шонвальд ең сирек кездесетін бақытқа не болған екенсің. Сондықтан, шынымды айтайын, өзіңнің сақал мұртың шықпай тұрып, құдіреті күшті жаратқан ием осындай сындардан өтуіңді маңдайыңа жазуды мақұл көрсе, онда ерніңдегі сүтің кеппей тұрып-ақ, даңғойлықтан басың айналып, жынданып кетерсің. Менің ашуыма тиеді екенмін деп ойламай-ақ қойғын, ал, бірақ ішек-сілем қатқанша күлдіріп алуың мүмкін. Менің сөзімді құлағыңа құйып ал, егер бәтуасыз тағдырдың тәлкегімен принцтермен, шаһзадалармен шайқассаң, сөйтіп графиняларды қатерден құтқарып алсаң, бұған өзіңе кездейсоқ жолыға кеткен дұшпаныңа, одан бетер кездейсоқ ұшыраса қалған ханымға пара-парсың деген ұғым әлі туа қоймақшы емес. Романдарды көп оқыған балғын жастардың кебін киіп, сенің де ой-қиялға бой ұрып, өзіңді паладинмін деп санап жүргеніңді түсініп тұрмын, бірақ саған жақсылық ойлап, тіпті аздап қатал әрі тұрпайы түрде болсын иығыңнан қағып-қағып қалып, тәтті қиял құшағынан арылтып алған досыңа өкпелемеуге тиістісің.


— Граф де Крезкер, менің үй-ішім... — деп сөзін бастай беріп еді Квентин.


— Мен үй-ішіңді сөз етіп тұрған жоқпын, — деп граф оның ойын бөліп жіберді — Қоғамның әрбір жеке жігіне жататын адамдардың араларына бұзып өте алмастай тосқауыл қоятын атақ-дәреже туралы, дәулет туралы және мәртебелі қызмет туралы айтып тұрмын. Ал дүниеге қалай келгеніміз жайын сөз етсек, онда біздің бәр-бәріміз Адам ата мен һауа-анадан тарағанбыз.


— Граф мырза, — деп қайталай берді Квентин. — Менің ата-бабам, Дорвардтар Глен-хулакиннен...


— Бәрекелді, — деді граф, — егер өзіңнің ата-бабаларың Адам-атадан да ертерек жаралған болса, онда тілге тиек ететін де дәнеңе қалған жоқ! Қайырлы кеш!


Ол атының басын тартып, кілт, кідірді де, өзінің барынша ынта-ықыластылығына қарамастан, графтың емеуріндері мен ақыл-кеңестері, бәлкім, Квентиннен де гөрі жанына қатты батқан графинияның қасына келуін күтіп тұрды. Ал Квентин өзінен-өзі бірдеңелерді міңгірлеп, алдыңғы жақта кетіп бара жатты: «Қатыгез даңғой, өр көкірек арсыздың өзі екенсің! Қолында білтелі мылтығы бар, өзіңе қарсы жолыққан алғашқы шотландық атқыш, мен сияқты уысыңа оп-оңай түсіп қалмай, оққа ұшырса игі еді сені, лайым!»


Кешке қарай жолаушылар Сембре бойындағы Шарлеруа қаласына келіп кірді, Графиня де Круа басынан кешкен осынау ауыр оқиғалар мен сындардан кейін және де еш жерге аялдамастан елу миль дерлік қашықтықтан өтіп, жол соққандықтан ауырып қалуы қаупі туған Изабелланы осы арада қалдырып кетуге ұйғарды. Граф жаны да, тәні де қатты қалжыраған Изабелланы, — естілігі мен мейірімділігіне өзі мүлде шүбәланбаған, — Кревкерлер мен де Круа әулеттеріне де туыс болып келетін, Шарлеруадағы цистерциандық әйелдер әдияраты ғибратшысының қарамағына тапсырды.


Кревкердің өз басы қалада орналасқан бургундиялық шағын гарнизонның бастығына мейлінше қырағылық сақтау жөніндегі тапсырма беру және графиня Изабелланың әдияратта болатын кезінде, ресми тұрғыдан алғанда — графиняның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, ал, бірақ шынтуайтына келгенде, сірә, ол қашып кете алмайтындай болуы үшін, әдияратқа құрметті қарауыл қою туралы бұйрық беру мақсатымен аялдаған еді. Күзетті қатайта түсу жөнінде әмір беруінің себебін граф Льеж округында бүліншіліктер басталғаны туралы өзіне келіп жеткен хабармен байланысты түсіндіріп өтті. Бірақ, көтеріліс туралы, әрі епископтың өлімі туралы хабарды бүкіл сұмдық егжей-тегжейлерімен герцог Карлге тікелей графтың өзі жеткізуді ұйғарды. Сондықтан өзі және қасындағы нөкерлері мінетін тың аттарды сайлап алған соң, Пероннаға жеткенше еш жерде аялдамайтын болып, жедеғабыл қайта жолға шықты. Квентин Дорвардқа оны қасына ерте кететінін мәлім етті, сөйте тұра өзінің сүйікті адамынан айыруына тура келгенін әлдеқайда мазақ еткендей одан кешірім сұрады.


— Әйтсе де, — деп сөзін жалғай түсті граф. — Өзіңіз нағыз рыцарь әрі ер жігіт болғандықтан, кәдімгі қатардағы адамдар ғана ләззат алатын дағдылы түнгі ұйқыдан гөрі ай жарығымен шеру тартқанды ұнататын боларсыз деген үмітім бар.


Изабелламен айрылысқанына онсыз да қатты налумен болған Квентин, графтың осынау мазағына оспадар қылықпен жауап қайтаруға оңтайланып тұр еді; бірақ граф бұның ашу-ызасын тағы да мазаққа айналдырып жіберетіні, сөйтіп өзінің жексұрын болып қала беретінін іштей сезініп, неғұрлым қолайлы сәтті күтті. Сөйтіп, мүлде басқа себептен болсын, Арденнің Жабайы Қабаны сияқты қатты жек көріп тұрған осынау өр көкірек рыцардан өш алғанды мақұл көрді. Сонымен басқа амалы қалмағандықтан, ол Кревкердің қасына еруге мәжбүр болды. Шағын отряд Шарлеруадан тым суыт шығып, Пероннаға баратын жолға түсті.


XXV ТАРАУ


КҮТПЕГЕН МЕЙМАН



Еш нәрсені жаратпаған тегіс қып,
Әр нәрседен табылады кемістік,
Батырың да иттен қорқып жүреді,
Данышпанға кейде ақымақ күледі.
Небір жылпос — жер баспайтын табаны,
Абайсызда торға түсіп қалады.


Ескі пьеса



Түн жамылып суыт жортуылға шыққан бетте Квентинге, ғашық қызымен, бәлкім, мәңгі-бақи қоштасарында балғын жігіттің қай-қайсысы да басынан кешетініндей, жүрегі сыздап, жаны қатты қиналуына тура келді. Пероннаға жеткенше асыққан, мазасыз Кревкердің еркіне көніп, шағын ғана салт аттылар тобы гүлжазира Эно жазығымен заулатып бара жатты. Сүттей аппақ күзгі ай сәулесі жайқала өскен шабындықты, орманды және ай жарығымен шаруалар (сол заманда фламандтар айрықша еңбексүйгіш болушы еді) астықты бастырып, тасып алмақ болып жанталасқан егін алқабын нұрға малындырып тұрды; ай сәулесі кең арналы, баяу ғана ағып жататын терең өзендерді күміс алқасымен әсем көмкерген. Өзен бойымен жарқын, мұнтаздай тап-таза бейнелері арқылы, осы маңды мекен еткен елдің бай да сәнді тұрмысын айғақтаған бейбіт үлкен селендердің қасынан сауда-саттықпен айналысатын кемелердің ақ желкендері қалқып келеді; ай сәулесі тұңғиық орлармен және ұш жақтары іркіс-тіркіс қабырғалармен қоршалған әйгілі барондар мен рыцарьлардың қарауындағы феодалдық қамал-сарайлардың заңғар биік те сұсты мұнараларында ойнайды, сондай-ақ ай сәулесі сансыз көп әдияраттардың көз ұшындағы алтын күмбездерімен шағылыса түскен.


Бірақ Квентиннің өзі туып-өскен Отанынан — адам аяғы сирек басатын, құлазыған таулы өлкесінен айырмашылығы жер мен көктей осынау табиғат тамашасы да, бейбіт өмір мен сән-салтанат тұрмыс көрінісі де оның қайғы-қасіретін сейілте алған жоқ. Жүрек қуанышы Шарлеруада қалып қойғандықтан ілгері басқан әр қадамы Изабелладан алыстай түсетіні туралы ой тұла бойын билеп алды. Изабелланың әр сөзі мен көзқарасын есіне түсіруге тырысып бақты, осындай жағдайда жиі болатынындай естеліктері өмір шындығынан әлдеқайда күшті әсер етіп келе жатты.


Ақыр соңында, түн ортасынан ауып, бойы тоңази бастаған бір мезетте, өзінің бүкіл ғашықтығы мен қайғы-қасіретіне, шаршап-шалдығып, титықтауға кәнігі болып, ысылып алғанына, әрі тумысынан пысық та төзімді болып өскеніне қарамастан, екі тәулік бойы мүлде дерлік көз ілмей өткізгеннен қатты қалжырағандығы сезіліп, Квентиннің бойын дел-сал күй билеп алды. Ойлары барған сайын көмескіленіп, әлдеқандай көріністер мен бейнелерге ұласып кете барды; бүкіл сезімі селт етпей, сіресіп қалғандай күй кешті. Ат үстінде келе жатып ұйқтап кеткен жағдайда өзіне қандай қауіп төнерін түсінгеннен кейін ғана Дорвард қалғуға бой ұрған жоқ, қатып ұйқтап қалмаудың қамын ойлап, барынша тырысып бақты. Ат үстінен ауып құлап қалармын яки атыммен қоса омақасып, мерт болармын деп қорыққанынан ғана ол бір сәтке бойын сергек ұстай алды, бірақ келесі сәтте ай сәулесіне малынған ғажап сұлу табиғат көрінісі көз алдында бұлдырап, ғайып бола берді, сөйтіп ол тағы да атынан аударылып түсуге аз-ақ қалды. Ақыр соңында граф Кревкер жас жігіттің халін байқап, ерден сырғып түсіп қалмас үшін қарауындағы екі адамға оны қос қапталынан қаумалай жүріп отыруға әмір етті. Сөйтіп олар Ландреси деп аталатын қалашыққа келіп жеткенде, кірпік ілмегеніне үшінші түнге аяқ басқан балғын жасқа жанашырлық білдіріп, төрт сағаттай уақытқа аялдап, мызғып алуға бұйрық берді.


Қатты ұйқыда жатқан Дорвард Кревкер кернейінің үні мен шапқыншыларының айғай-шуынан оянып кетті:


— Debout! Debout! На! Messires, en route, en route!


Не бәрі төрт сағат қана ұйықтаған Квентин үшін бұл дабылдар жайсыз тигенімен, қалай дегенмен де ол мүлде сергіп қалып еді. Ол өзін тағы да қайратты әрі сергек сезінді, ұясынан көтерілген күнмен бірге оған өз күші мен талайлы тағдырына деген сенімі қайта оралғандай болды. Енді оған махаббаты жүзеге аспайтын армандай көрінген жоқ; тіпті егер жолындағы бөгеттер тым зор болып, бұзып-жарып мақсатына жете қоюдың сәті түспеген күнде де, бұл махаббатынан өзіне әрқашан да қолдау болатын жасампаз күш-қуаттың көзін тапқандай сезінді.


«Көздеген мақсатына жетуге күдігі көп бола тұрса да, деп ойға шомды ол, — кемені жүргізуші Темірқазықты бетке алып санарға аттанбаушы ма еді; нақ солай Изабелла де Круа туралы ой, бұдан былай, бәлкім, онымен ешқашан жолыға алмасам да, маған даңқты жауынгер болуыма көмектеспек. Квентин Дорвард есімді шотландтық солдат ұрыс даласында ерлігімен көзге түсті яки қандай да бір қамалды қорғау кезінде қаза тапты деген хабар өзіне жетісімен-ақ, бәлкім, ол өзімен бір кезде саяхатта болған серігін ойына түсірер, төнген қатерден құтқарып алуды көздеп, қолынан келгенін аянып қалмағанын есіне алар, сөйтіп оның орнын жоқтап, көз жасын көлдей төгер, ал зиратына — гүл шоқтарын әкеліп қояр».


Өзін бұрынғысындай сергек те батыл ұстаған Квентин нәуетектігі мен болдырғыштығын бетіне басып, әжуалай берген граф де Кревкердің әзілдеріне пәлендей шамданбайтын болды. Жас шотландтың осынау әзілдерді шын пейілімен қабылдап, әр жолы оған айрықша бір тапқырлықпен, әрі сыпайыгершілікпен жауап қайтара білгені, сірә, өзіне ұнап қалған болу керек, кеше оқыс жағдайға байланысты еңсесі түсіп, яки үн қатпай қойған яки шектен тыс қызбалық көрсеткен тұтқын туралы графтың көзқарасы өзгерген тәрізді көрінді.


Түптеп келгенде тарлан жауынгер, қасындағы жас серігі — болайын деп тұрған жігіт сияқты деп ойлай бастады, тіпті, егер ол француз королінің қол астындағы қызметінен бас тартатын болса, онда өзі, Кревкер, Бургундия герцогының сарайынан оған құрметті орын алып беруге, сөйтіп оның қызмет бабымен жоғарылауына қамқорлық жасар едім деген емеурінін де танытып өтті. Бірақ Квентин бұл пейілі үшін графқа сындарлы сөзбен алғысын білдіре тұрса да, оның ілтипатты ұсынысын қабылдамай тастады, өйткені алғашқы қамқоршысы Людовик өзін алдап соққанына көзі әлі жете қойған жоқ. Әйтсе де оның бұлайша бас тартуы Квентин мен графтың арасындағы ізгі қарым-қатынасқа зәредей де салқынын тигізген жоқ. Жас шотландтың асқақ ойына, оның шетел мақамымен сөйлегеніне және сөйлеу мәнеріне сүйсінгендіктен паң граф әлсін-әлсін жымия күліп қоюмен болды; бірақ мұның өзі енді кешегі ызалы мысқылдың нышаны да қалмаған жарқын, мейірбан күлкі еді.


Сонымен кішігірім отряд әуелгі беттегісінен гөрі ынтымағы әлдеқайда арта түскен жағдайда, сапарларын жалғастырып, ақыр соңында іргесінде, жұрт айтқандай, Бургундия герцогының Францияға аттануға сақадай сай әскери лагері орналасқан даңқты Перонна қамалына екі миль жетпей аялдады. Людовик XI өз тарапынан, тым асау вассалының желігін баспақ болып, Сен-Максен түбінде қалың қол жасақтады.


Мидай жазық дала төсімен ағып өтетін суы мол дария жағасына орналасқан, заңғар биік, берік жалдармен, терең орлармен қоршалып тасталған Перонна сол заманда, сондай-ақ одан бергі кезде де, Франциядағы ең бір алынбас қамалдардың бірінен саналды. Қасында нөкерлері мен тұтқын жігіті бар граф Кревкер түс әлетінде, сағат үш кезінде қамал маңына жақын таянып, қаланың шығыс жақ беткейінде өскен әрі оның дәп іргесіне дейін дерлік көсілген ну орман ішіндегі алаңқайға келіп шықты. Оларға сол заманның бейбіт уақытына лайық киім киген екі байбатша (қасына ерген сансыз көп нөкерлеріне қарағанда) қарсы жолыға кетті. Байбатшалардың екеуінің де қолында бір-бір сұңқар, ал соңдарына аң аулайтын иттер мен тазылар ілескен; бұл мырзалардың сұңқар салып, аңшылықпен әуестенетіндері көрініп-ақ тұр. Бірақ, сірә, отрядындағылардың киген киімдері мен асынған қаруларына қарап аңдаған болулары керек, Кревкерді көз ұшынан таңып, ұзыннан-ұзаққа көсілген канал бойымен көкқұтандардың ізіне түскен кәсіптерін доғарып, соған қарсы шоқыта жөнелісті.


— Жаңалығыңыз бар ма, жаңалығыңызды айта көріңіз, граф Кревкер, — деп екеуі қосарлана дауыстады. — Жаңалықтарыңызды ақтарыңыз. Әлде әуелі біздің жаңалығымызды естіп алғыңыз келе ме? Әйтпесе жаңалықтарымызбен алмасайық, мақұл ма?


— Егер өзім үшін бұл алмасу тиімді болмасына күні-бұрын кәміл сенбесем, — деп жауап қатты Кревкер, аңшыларға қарап сыпайыгершілікпен иіле амандасып, — өздеріңізбен шын ықыласыммен-ақ алмасар едім, мырзалар.


Аңшылар бір-біріне күлімсірей көз тастап алды да, жас жағынан егделеуі, орта ғасырларда өмір сүрген нағыз баронның бет-жүзіне ұқсас, қара торылау келген келбетті адам, — қайсыбір физиономистер күйрек мінезге жатқызғанындай, ал басқалары (мәселен, айтатын болсақ, дидарына қарап I Карлдың тағдырын айтып берген итальян мүсіншісі) қастандықтан қаза табатын адамның еніне жатқызғанындай жүзі мұңды адам, — серігіне қарап:


— Кревкер Брабантқа — сауда-саттықпен кәсіп ететін елге барып келіп отыр; ол саудагерлердің бүкіл қулық-сұмдықтарын егжей-тегжейіне шейін зерттеген кісі; егер онымен кәде бөліссек, онда біз ұтылып қаламыз, — деді.


— Мырзалар; — деп жауап қатты Кревкер, — сауда басталмас бұрын баж салығын талап ететін мемлекет басшысына берілетін право бойынша, менің товарым бірінші кезекте герцогтың тікелей қолына тиюге тиісті... Қош, сонымен маған айтар жаңалықтарыңыз бар ма? Жаңалықтарыңыз андай өзі — қайғылы ма әлде көңілді жаңалық па?


Кревкер тілдескен аңшы орта бойлылау, жанары өткір кісі еді. Бірақ жанарының өткірлігін бет-әлпетінен аңғарылған салмақтылық пен ақыл-парасаттылық нышандары жұмсартып, көзге жылы ұшырап тұратын... Түр-келбетіне қарағанда тапқыр да зерек ойлы, шешім қабылдағанда әрі өз пікірін білдіруге келгенде сақ адам екені байқалып тұрды. Бұл тарихта және тарихшылар арасында Филип де Комин деген есіммен белгілі болған және сол заманда герцог өжет Карлдың сүйікті уәзірі әрі герцогқа ең жақын адамдардың бірі — Коллардың немесе Никола де л'Элиттің баласы, даңқты рыцарь Эно еді. Кревкердің қандай жаңалықтарыңыз бар деген сауалына ол:


— Бұл жаңалықтарды кемпірқосақпен салыстырған абзал болар еді, өйткені аспанның ашық яки бұлтты болуына орай түр-түсі мен реңкі құбылып тұратын кемпірқосақ қандай болса, бұл жаңалықтар да сондай: барлық гәп оларға қай тұрғыдан қарауыңызға байланысты. Мұндай кемпірқосақты сонау Нұқ пайғамбардың кемесінен бергі заманнан былайғы жерде не Франция, не Фландрия көрген емес, — деп жауап қатты.


— Ал менің жаңалықтарым, — деді Кревкер, — көбіне-көп бұлыңғыр кометаға ұқсас: олар былайша айтқанда сұмдық жаңалықтар, бірақ болашақта бұдан да өткен сұмдық және алапат оқиғалар болатынын меңзейді.


— Алдымен, сірә, бізге өз товарымызды жайып салуымызға тура келер, — деді Комин қасындағы серігіне қарап. — Өйтпесек, сатып алушымызды біреу-міреу арбап, өздеріне әкетіп қалып жүрер. Шын мәніне келгенде, біздің жаңалықтарымыз бұл арадағы жұрттың бәріне аян ғой... Тыңдай беріңіз, Кревкер, тыңдаңыз да таңырқай беріңіз: король Людовик Пероннада жүр!


— Онысы қалай! — деп Кревкер таңдана саңқ етті. — Герцог ұрыс бастамай-ақ беріле салған ба? Қаланы француздар қоршап алған болса, кіреукелеріңізді шешіп тастап, емін-еркін, серуен құрып жүргендеріңіз қалай, мырзалар?.. Олай деуімнің себебі бар, қаланы король басып алды дегенге өз басым илана қоймаймын...


— Жо-ға! Әрине, олай емес! — деді д'Эмберкур. — Бургундия тулары бір адым да шегінген жоқ; сөйте тұрса да король Людовик осында жүр.


— Апырмау, англиялық Эдуард өз атқыштарын бастап, теңізден жүзіп өткені ме, сөйтіп ата-бабасының жолын қуып, Пуатье түбінде жаңа жеңіске жеткені ме? — деп саңқ етті Кревкер.


— Олай емес, тағы да қайталап айтам, олай емес, — деп жауап қатты Комин. — Француздардың бірде-бір туы жығылған жоқ, Англиядан бір кеме де бермен шыққан жоқ, ал Эдуардтың Лондонда тұратын сылқым келіншектерді төңіректеп, жігітшілік құрудан-ақ қолы босамайтындығы соншалықты, Қара шаһзаданы өнеге тұту ойына да кіріп-шығар емес. Жә, бопты, бізде қандай оқиғалар өтіп жатқанын айтайын, тыңдаңыз. Сапарыңызға аттанған кезде француздар мен бургундиялықтардың өкілдері арасындағы келіссөздер бітімге келу жөнінде ешқандай да үміт қалдырмай үзілгенін өзіңіз де білесіз.


— Хабарым бар, ол кезде біздің бәріміз соғыссыз іс бітпейді деп ойлағанбыз.


— Мұның соңынан болған оқиғалар тізбегінің түс көргеннен аумай қалғаны сонша, — деп сөзін жалғады Комин, — шынымды айтсам, көп ұзамай ұйқымнан оянып, осының бәрін түсімде көргендей сезінетін секілдімін. Күні кеше ғана әскери кеңесте герцогтың бұдан былай кідіруге үзілді-кесілді қарсы боп, қаһарын тіккені соншалықты, корольге сарсы соғыс жариялауға, сөйтіп әскерлерге бөгелместен француз жеріне басып кіруге бұйрық беруге ұйғарым жасалған-ды. Француз короліне қарсы соғыс жарияланғаны туралы жарлықты апарып тапсыруға тиісті болған Бургундия герольді, Алтын Жабағы рыцары, өзінің ресми костюмін киіп, атына қона бастағаны мұң еді, кенеттен — мәссаған безгелдек! —  лагерімізге француз герольді Монжуа келіп кірді. Біз, әрине, Людовик алдымызды орап өз тарапынан Бургундияға қарсы соғыс жариялаған болды-ау деп ойлап қалдық, сөйтіп өзін алдап-сулап, соғысты бірінші болып жариялауға бөгет жасағандарға герцог енді қалай кәрін тігіп, ашуланып жатыр екен деп өзара пікір алыса бастадық. Бірақ сол мезетте дереу әскери кеңес шақырып, герольд француз королі Людовик қазір Пероннадан көп болғанда бір сағаттай ғана қашықтықта тұрғанын, екі арада туған ренішті жүзбе-жүз кездесіп реттеу мақсатымен, қасына нөкерлерінің шағын ғана тобын ертіп, герцог Карлге жолығуға келе жатыр деп мәлімдегеніне біз қалай қайран қалдық десеңізші.


— Мұның бәрі, дау жоқ, таңқаларлық іс, мырзалар, — деді Кревкер. — Бірақ мен бұған, нақ өздеріңіз ойлағандай таңданып тұрған жоқпын, өйткені Плессн-ле-Турге соңғы рет барған жолымда көреген де құдіретті кардинал де Балю өз королінен көңілі қалың, бізге бүтіндей іш тартып, Людовиктің өзіне мәлім кейбір осал мінездерін пайдаланып, оны Бургундияның алдына жығып беретіні, сөйтіп герцогтың өзіне қолайлы бітім шарттарын корольдің алдына қоюына мүмкіндік беретін жағдай жасайтыны туралы маған емеурін де білдірген еді. Алайда мен осынау кәрі түлкі Людовик қақпанға өзі келіп түседі ғой деп ешбір ойлаған жоқпын. Сонымен әскери кеңесте қандай ұйғарым жасалды?


— Кеңесте, өзіңіз де жобалап тұрған шығарсыз, — деп жауап қатты д'Эмберкур, — корольдің ар-намысы, оның сенімін ақтау туралы шектен тыс көп әңгіме болып, корольдің осы сапарымен байланысты бургундиялықтар ие болуы мүмкін игіліктер туралы ешкім тіс жарған жоқ. Әлбетте, бұл өзінен-өзі түсінікті, жұрттың бәрін тек игіліктер жайы толғантқанмен, әрине, король мен герцогты татуластырудың жол-жоралғысын тек сырттай сақтауды ғана көздеп, қулыққа басты.


— Қош, герцогтың өзі қандай ұйғарым жасады? — деп сұрады Кревкер.


— Герцог, әдеттегісіндей, қысқа, бірақ батыл сөйледі, — деп жауап қатты де Комин. — «Албырттыққа салынып, он шақты адамнан ғана тұратын шағын нөкермен оған ілесе Париждің арғы бетіндегі бекіністерге барып, басы бүтін соның билеп-төстеуіне түскен сапарымнан басқа, Монлери түбіндегі ұрыстан кейін, қадірменді немере бауырымыз Людовикпен менің кездескенімді қайсың көріп едіңдер?» — деді ол сауал қойып. Мен бұл оқиғаға бәріміз дерлік куә болғанбыз, сөйтіп сол бір шақта оның бізді қалай қатты толқып, қауіптенуімізге мәжбүр еткенін ұмыта қоятындай, ортамыздан біреу табылар ма екен деп жауап қаттым. «Солайы солай ғой, — деп сөзін сабақтай түсті герцог, — албырттығымды бетіме басып, мені жазғырған болатынсыздар, рас, соңынан ұшқалақ баланың кебін кигенімді өзім де мойындағанмын. Ал марқұм әкем ол кезде әлі тірі еді ғой, демек, қазір оны уысыма түсірудің пайдасы шамалы болатыны секілді, мені тұтқын ете қою Людовикке пәлендей тиімді болған жоқ еді. Сөйте тұрғанымен егер де патша текті туысымыз, бізге адал да ізгі ниетімен келе жатса, егер ол дәл қазір, бір кезде менің өзіме көрсеткендей, шын ықыластылық көрсетсе, біз оны хан көтеріп қарсы аламыз... Ал егер өз тарапынан ойлаған тағы бір айласы болса, егер сырт көзге сенім білдіргенсіп, мені алдап соғып, өзінің қандай да бір астыртын арам пиғылын іске асыруды көздеп жүрсе, Бургундиялық әулие Георгийдің атымен ант етемін, өз обалы өзіне».


Соны айтып, аяғымен жер теуіп, мұртын ширатып қойды да, аттарымызға қонып, күтпеген мейманның алдынан шығып қарсы алуды бұйырды.


— Сонымен корольді қарсы алдыңыздар ма? — деп сұрады граф де Кревкер. — Сірә, бұл дүниенің кереметтері әлі таусыла қоймаған ғой. Корольдің қасына кімдер еріп келіпті? Оның нөкерлері, шынында да, сондайлық аз ба екен?


— Күткендегіден де аздау болып шықты, — деп жауап қатты д'Эмберкур, — отыз шақтыдай ғана шотланд атқышы, мұның сыртында бірер рыцарлар мен сарай маңындағылар, олардың ішіндегі ең көзге түсері — өзінің астрологы Галеотти ғана.


— Бұл кардинал Балюдің құйыршықтарының бірі сияқты көрініп еді маған, — деп ескертті Кревкер, — сондықтан корольдің осынау шүбәлі саяси қадам жасауына ол да, өз тарапынан септік етсе, мен бұған таңырқамаймын. Ал оның қасына ергендердің ішінде атақ-дәрежелері жоғары мәртебелі төрелер бар ма екен?


— Орлеан герцогы мен Дюнуа, — деп үн қатты де Комин.


— Қалай болған күнде де, Дюнуа екеуіміз жақсылап көңіл көтеретін болдық, — деді Кревкер. — Бірақ ол герцог екеуі корольдің кәріне ұшырап, абақтыға қамалыпты деген қауесет тарап еді ғой.


— Иә, бұл екеуі француз дворяндарын оқшау ұстайтын аты шулы Лош қорғанына қамалған, — деді д'Эмберкур, — бірақ Людовик қасына ерту үшін оларды босатып алыпты, бәлкім, Орлеан герцогы бақылауымнан шығып кетіп жүрер деп қорыққанынан да сөйткен шығар. Басқа нөкерлерінің ішінен қасына ілескен бірнеше көмекшісі бар зұлым Тристан даршыны, онан соң осылардың бәрінен де ең қауіптісі деу керек, шаштараз Оливьені ерекше бөліп атауға болар... Осынау тобырдың түгелдей нашар киінгені сонша, шынымды айтсам, корольді қасына полицейлік отряд ертіп алып,. қарыздар адамдарынан қарызын жинау мақсатымен ел аралап жүрген кәрі өсімқор деп ойлап қалуға болатын еді.


— Ол қай үйге түсті? — деп сауал қойды Кревкер.


— Мінеки, бәрінен де таңқаларлығы осы болды, — деп үн қатты де Комин — Біздің герцог король атқыштарына қала қақпаларының бірінің жанындағы және Сомма өзенінен өтетін жүзбелі көпір аузындағы күзет орнына орналасуды ұсынды, ал корольге сол жерге жақын маңнан қаланың бай тұрғындарының бірі, Жиль Ортеннің үйін бекітіп беруге бұйырды; бірақ жолшыбай король өзі Франциядан қуып шыққан де Ло мен Пенсиль де Ривьердің туларын байқап қалып, ежелгі жауларына жақын қоныс тебуден қорықса керек, герцогтың қамал-сарайына орналасқанды мақұл көрді. Қазір ол сонда тұрып жатыр.


— О, тәубе! — деп Кревкер дауыстап жіберді. — Арыстанның апанына келіп түскені аз болғандай, енді басын арыстанның аузына сұғайын дегені ме... Тіс қаққан тарлан саясатшының қақпанға өзі түскісі келген-ау!


— Сабыр ете тұрыңыз! — деді де Комин. — Сіз барлық жаңалықты әлі естіп біле қойған жоқ сияқтысыз... ле Глорьенің әзіл-оспағын д'Эмберкур сізге айтып үлгерген жоқ па? Меніңше, бұл мәселеге байланысты айтылған сөздердің ішіндегі ең өткірі — осы әзіл-оспақ.


— Сонда оның сайқымазағы аузына қандай сөз салды? — деп сұрады граф.


— Тарту-таралғы ретінде қолдарына ұстатпақ болып, король мен оның нөкерлеріне сыйлайтын бірен-саран күміс дүниелер іріктелсін деп гериог шұғыл бұйрық бергенде, — деп үн қатты де Комин, — ле Глорье оған былай деді: «Достым Карл, басыңды тектен-тек қатыра беріп неғыласың; немерелес ағайының Людовикке тарту-таралғы беруді маған тапсыр, мен беретін сыйлық оған әбден лайықты болып шығады, көр де тұр. Мен оған қоңыраулы жаман қалпағымды және бұған қоса сылдырмағымды сыйға тартайын, неге десең, аузымдағы дұғаммен ант етейін, егер ол өз еркімен сенің қолыңа келіп түскен болса, онда оның менен де өткен ақымақ болғаны». «Ал егер мен оны өз еркімен қолыма түскеніне өкінбейтін етсем, сонда не айтар едің ақымақ неме?» — деп сұрады герцог. «Өйтетін болсаң, сүйікті достым, менің мына жаман қалпағым мен сылдырмағыма өзің ие боласың.


Бургундиялық Карлдың сайқымазағы; ол туралы біздің әңгімемізді әлі сөз болады (Автордың ескертпесі).


Иә, солай етуіңе тура келеді, өйткені үшеуміздің ішіміздегі ең үлкен ақымақ сен болып шығасын». Тотияйындай күйдіріп түсетін осынау ащы әзіл-оспақ біздің герцогтың шымбайына қалай батқанын көрсеңіз етті, граф! Өңі сұрланып, ернін тістелей бергенін өз көзіммен көріп тұрдым... Қош, біздің бар жаңалығымыз, мінеки, осы ізгі Кревкер. Бұл жаңалықтар жайында өзіңіз қалай ойлайсыз?


— Оқ-дәрілеп қойған минаға ұқсай ма деп ойлаймын, — деп үн қатты граф, — оған от қою менің маңдайыма жазылмағай деп қорқамын. Сіздер мен біздің жаңалықтарымыз — бұл оқ-дәрі мен жалын лаулататын ұшқынға яки жарылмай бір-бірімен қосылысқа түсе қоймайтын белгілі химиялық заттарға ұқсайды... Кәнеки, достарым, қасыма жақынырақ келіп тұрыңдаршы; Льеж епископтығында қандай оқиғалар болып өткенін өздеріңізге айтып берсем, король Людовик Пероннаға бұлай беймезгіл уақытта саяхат жасағанынан гөрі, тікелей тозаққа аттанса өзі үшін әлдеқайда ақылды іс болып шығар еді деген менің пікіріме, сірә, сіздер де қосылатын боларсыздар.


Екі байбатша Кревкердің қасына жақындап, оның Льеж бен Шонвальд оқиғалары туралы әңгімесін таңырқанулары мен күйініштерін және бойларын үрей билегенін жасыра алмай, барынша ықылас қойып тыңдасты. Бұдан соң олар Квентинді қасына шақырып алып, епископтың қалай өлтірілгені туралы егжей-тегжейіне шейін тәптіштеп, сауалдарды үсті-үстіне бастырмалатқандары соншалықты, жас жігіт енді өзінен осынау бір жауап алудың қалай қарай бет бұрарын және өз жауаптарынан олардың қандай қорытынды шығармағын аңдай алмай, ақтығында сұраққа жауап беруден бас тартты.


Ұзамай бәрі жұбын жазбастан Сомма дариясының не алуан өсімдіктер жайқала өскен еңіс жақтағы жағалауына таянды. Саяхатшылардың көз алдында шағын қала — мұнтаздай Перонна қамалының көне де құрыштай берік қабырғалары бой көтеріп тұрды, ал айнала төңіректе құрамы он бес мың адамға жеткен Бургундия әскерлерінің шатырлары ағараңдап көрінген Жасыл желекті алқап кең көсіліп жатты.


XXVI ТАРАУ


ЖҮЗДЕСУ



Корольдердің жүздесуі
Жамандықтың белгісі.
Сүзіскендей Марс пенен Сатурн,
Осылай дейді астролог — ғалымың.


Ескі пьеса



Монархтар өзара қарым-қатынастарында атақ-дәрежесі мен абыройына дақ түсірмеуді көздеп, сезім-түйсіктерін білдіргенде және сөз сөйлегенде, әдептілікті мейлінше қатаң қадағалауға тиісті болатын король атаулыға тән әдет-ғұрыпты яки артықшылық, яки ауыр бір міндет деп санау керек пе, әлде жоқ па деген сауалға жауап берудің өзі оңай емес. Егер өзара сыпайыгершілік білдіру — қалыптасқан рәсімді қадағалаудан басқа ештеңе емес екені жұрттың бәріне айдай айқын болмаса, корольдерді шектен тыс ұстамды болып, маңғаздана қалуға мәжбүр ететін бұл ережені, сірә, барып тұрған жалғандықтың дәл өзі деп атауға болар еді. Алайда соған қарамастан, король әдептіліктің шегінен аттап өтсе-ақ, сөйтіп, айталық, ашуланған кейпін көрсетіп алса-ақ бітті, әлем алдында абыройы айрандай төгіліп шыға келеді. Екеуі бір-бірін өтірікшісің деп, ашықтан-ашық айыптап, өзара таластарын жекпе-жекке шығумен тәмамдауға ұйғарған — әйгілі жаулар I Франциск мен император Карлдың мысалынан, біз нақ осындай тарихи үлгіні көреміз.


Өз заманындағы күллі мемлекет басшыларының ішіндегі ең күйгелегі, шыдамсызы және де, былайша айтқанда, ең албырты саналған, тіпті бургундиялық Карл да өз иелігіндегі князьдікке келуі арқылы, король вассалына, яғни тікелей өзіне, жоғары мәртебелі құрмет көрсеткен Людовикті өзінің сюзерені әрі заңды мемлекет басшысы ретінде танып, оны зор құрметпен қарсы алуын талап еткен сарай рәсімінің сиқырлы торына түсіп қалғандай сезімде болды.


Герцогтық мантиясын иығына ілген Карл атына қонып, ең даңқты рыцарлары мен дворяндарын бастап, XI Людовикті қарсы алуға аттанды. Қасына ерген нөкерлері күміс пен алтынға малыңа жарқ-жұрқ етіп бара жатты. Сол бір дәуірде феодалдардың өзара үздіксіз соғыстарының салдарынан ағылшын сарайының қаржысы сарқыла бастаған-ды, ал француз сарайы өз королінің сараңдығы арқасында айрықша жұпынылығымен көзге түсетін; сонымен, дәулеті мен сән-салтанаты жағынан Бургундия әулеті Европада бірінші орында болды. Людовиктің нөкерлері, керісінше, тым аз еді, әрі бургундиялықтармен салыстырғанда қайыршылар тобыры сияқты көрінді; корольдің өзінің киім үлгісі, ескі, көнетоз плащы, басындағы құдайдың суреттерімен безендірілген, әдеттегі шошақ қалпағы әлгі бір кереғарлықты бұрынғысынан да бетер күшейтіп тұрды. Үстіне кереметтей мантия, басына герцогтың тәжін киген Карл өзінің сүліктей тұлпарынан секіріп түсе қалып, жұп-жуас жорғасынан түсуге оңтайлана берген Людовиктің үзеңгісін демемек болып, бір тізерлеп отыра кеткеніндегі сиқы кісі күлерліктей болып, көзге ерсі көрініп тұрды.


Екі патшаның дидарласулары достық пейілдерін сыпайыгершілікпен білдіруден кенде болмады, бірақ шын ықыластықтың нышаны да байқалған жоқ. Алайда ожар мінезді герцогқа өз үнінде, сөз саптасы мен қарым-қатынасында қажетті әдептілікті сақтау әлдеқайда қиынға соқты, ал корольдің өтірік пен екіжүзділікке кәнігі болып алғаны соншалықты, бұл мінездері өзінің екінші бір қасиетіне айналып кеткен-ді, сондықтан оның қай мінезі табиғи және қай мінезі жасанды екенін, тіпті корольдің сырына қанық адамдардың өздері де көбінесе ажырата алмаушы еді.


Осынау жүздесуді (әрине, егер аса жоғары мәртебелі жандар үшін мұндай салыстыру тым сөлекеттеу болмаса), сірә, иттердің тұқым-тұқымдарының ерекше сипаттары мен мінездерін жыға танитын адамның, өзі әлденеге оған бауыр басуды қалайтын, тайдай қабаған төбетпен кездесуімен сияқтымын мен сол жолы... Айтсам, несі бар, менің ойымша, өз уәдемнің үдесінен кәміл шыққан сияқтымын.


— Ұлы мәртебелі тақсыр айтса, мен оны жоққа шығармаймын, — деді герцог, — бірақ...


— Бірақ іс жүзінде өз уәдемді қалай орындап шыққанымды білгіңіз келеді ғой, — деп Людовик оның сөзін бөліп жіберді. — Апырай, айтқандайын: сәбиім Иоахимның сүйегіне Бургундия топырағы бұйырған жоқ па; менің өзіме келсек, бүгінде сіздердің ықтиярыңызға шексіз берілген адаммын; ал енді әйелім жөнінде сөз ететін болсақ, онда, бауырым, шыным осы, уәде еткен күннен бергі арада қаншама жылдар өте шыққанын есепке алсақ, менің ойымша, бұл уәденің қалтқысыз орындалуын өзіңіз де талап ете қоймассыз. Әйелім бұдан елу жыл бұрын, одан да көбірек болмаса неғылсын, азан шақырылған күні (осы бір тұста ол шоқынып алды да, былай деп міңгірледі: «Ога pro nobis») дүниеге келді; айтса да қазір ол бұл араға жақын орналасқан — Реймсте. Сондықтан егер берген уәдемнің орындалуын талап ететін болсаңыз, ол өзіңізге қызмет етуге шұғыл түрде жете алады.


Өзімен мейлінше ашық, достық райда сыр шертісуге тырысып баққан Людовиктің арсыздыққа басқан екіжүзділігіне герцогтың қанша ашынғанына қарамастан, дарақы әміршісінің осы бір соны жауабын естігенінде ол еріксіз күліп жіберді, әрі ішкі толғанысын білдірген бүкіл басқа қимыл-әрекеті сияқты оның күлкісі де өрескел әрі ерсі шықты. Мұның өзі сол бір кезде (қазір де солай) өзіміз суреттеп өткен жағдайда көзге оғаш көрінетіндей, ұзақ уақыт бойы қарқылдай күліп алды да, өзіне көрсеткен құрметке лайықты райда корольге алғысын білдірді, бірақ королеваны қасына алдырудан үзілді-кесілді бас тартты, сөйтіп егер гәп сұлулығымен даңқы шыққан оның үлкен қызына тірелсе, онда корольдің ұсынысын шын ықыласымен қабыл алатынын бүкпей айтып салды.


— Сіздің, қадірлі бауырым, мархабатты талғамыңыз менің кіші қызым Жаннаның үлесіне тимегеніне қуанышым қойныма сыймай тұр, — деді король өзіне тән сиқырлы күлкісіне салып, — өйткені таңдауыңыз басқаша шыққанда, сізге немере бауырыңыз Орлеан герцогымен найзаласуыңызға тура келіп жүрер еді. Сөйтіп, екеуіңіздің қайсыңыз апатқа ұшырасаңыз да, екі жағдайда да өзімнің адал досымнан және айнымас туысымнан айрылар едім.


— Жоқ, жоқ, ұлы ағзамым, бұл жағын ойлап, қайғырмай-ақ қоюыңызға болады, — деп үн қатты герцог Карл. — Орлеан герцогының махаббатына мен ешқашан да кесе-көлденең тұрмаймын. Өз еркіммен Орлеан герцогы мен найзаласып күш сынасатын сайыс жүлдесі, қай жағынан да мінсіз болуға тиісті.


Патшайым Жаннаның кескін-келбетінің ұсқынсыздығын танытқан осынау дөрекі емеурінге король зәредей де арлана қойған жоқ. Керісінше, мұндайда асқан шеберлік көрсететін Людовик, өзінің тұрпайы әзілі герцогтың көңілінен шыққанына қуанып қалды, өйткені осындай әзілдерінің арқасында көлгірсіп екіжүзділікке салынудан құтылған-ды. Сонымен ол әңгіме желісін өзіне сан қабат жауыздық жасаған және оның адалдығына қазіргі сәтте де күмәні күшті өз патшасымен татуласып, айнымас дос болуға ешбір көнгісі келмеген Карлдың лезде өзін сергек сезініп, сарайында ақ жарқын қонағын қабылдап отырған адам тәрізді өзін еркін ұстайтындай арнаға салуға тырысып бақты. Сайып келгенде, екі жақтан да адалдықтың жетіспеуінің есесі әңгіме-дүкен құрған екі жайсаңның жолдастық райдағы көңіл күйлерімен толықты — дөрекі де тік мінезді адам герцогқа да, сондай-ақ, адамдармен қарым-қатынасында кез келген рольді қандай ептілікпен атқара білгеніне қарамастан, табиғатынан кекесінді тұрпайы сықаққа бейім Людовикке де ортақ райдағы, осы бір роль көбірек оңтайлы болды.


Жоғары мәртебелі қонақтың құрметіне ратушада ұйымдастырылған ұлан-асыр тойдың бүкіл өне бойында сәті түсіп, екі патша былайша айтқанда, бейтарап арнаның қызметін атқарған сол бір баяғы әзіл-оспақ райда әңгімелесумен болды, Людовиктің тікелей өз басының қауіпсіздігі қажет еткендей, герцог Карлды осы арна бойымен (Людовик мұны тез аңғара қойды) өз сабасынан шығармай ұстау тіпті оңайға түсті.


Рас, герцогтың сарайы маңынан ол тікелей өзінің қытымырлығына яки қиянатына төзе алмай, басқа елге ауып кетуіне әкеліп соққан және өздері бұл арада, Бургундияда ең құрметті де сенім көрсетілетін қызметтер атқарып жүрген көптеген атақты француз дворяндарымен жүздескеніне король аздап сескенін қалды. Олардың қастандығы мен өш алуынан сескеніп, ілгеріде айтып өткеніміздей, корольдің өзі түсетін үйді қала ішінен емес, керісінше қамал-сарайдың өзінен немесе қамалдан бөліп беру жөнінде герцогқа өз тілегін білдіруіне, сірә да, осы бір жағдай себеп болған да шығар. Бұл тілекті қабыл алуға Карл табанда келісімін берді, сөйтіп осы бір мезетте оның жүзінде әлгі адамға жақсылық яки жаманшылық ишараты білдірілгенін айыра қою қиынға соғатын зілді күлкі табы ойнап шыға келді.


Алайда корольдің барынша сақтықпен және өзіне деген қандай да бір күдікті серпіп тастауға дәмеленіп, өз гвардиясының шотланд атқыштары өзі қамал-сарайда тұратын уақыттың ішінде, герцог ұсынғандай, олар қала қақпалары алдында күзет атқарудың орнына, қамал-сарайда күзет атқаруларына болмас па екен, деген сауалына Карл (өзі сөз сөйлеп тұрғанында яки мұртын ширата беретін, яки, біресе қынынан сәл суырып алып, біресе қайта салып қойып, қанжарымен ойнайтын әдетінің арқасында бұрынғысынан да бетер кәрлене түскендей көрініп) дағдылы өрескел мәнеріне басып, жауап қатты:


— Әулие Мартиннің атымен ант етемін, өйтуге болмайды тақсыр! Сіз, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізді сыйлайтындықтан мені солай атайтынындай, өз вассалыңыздың лагері мен қаласына келіп тұрсыз; қамал-сарайым мен қаламды — нақ солай әскерлерімді де — өз қамал-сарайыңыз, өз қалаңыз, өз әскерлеріңіз деп біліңіз. Олай болса, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің қауіпсіздігіңізді менің солдаттарым күзете ме, яки өз атқыштарыңыз күзете ме, — бәрібір емес пе? Жоқ, әулие Георгийдің атымен ант етемін! Перонна — беті ашылмаған қыздай пәк қамал, сондықтан менің салақтығымнан өз атағына ешқашан да дақ түсірмек емес. Егер абыройы сақталсын десек, қыздарға бас-көз болатын адам керек, патша бауырым.


— Әрине, қадірмен немерем, айтқаныңызды толығымен құптаймын, — деп үн қатты Людовик, — Мұның бер жағында осынау шағын қаланың мәртебелі атағына шаң жұқпауына мен өзіңізден кем мүдделі емеспін, өйткені Перонна, өзіңіз де білетініңіздей, менің әкем, иманды болғыр, сіздің марқұм әкеңізге өзінің қарызға алған ақшасының есебіне көңілдікке берген Сомма дариясы бойындағы қалалардың қатарына жатады, сондықтан бұл қалаларды кепілдіктен қайта сатып алуға болады. Сондықтан, ашығын айтқанда, қандай да болсын міндеттемелерді өтеуді көздейтін ұқыпты қарыздар ретінде мен, осы жаққа аттанарымда, күміс тиелген бірнеше қашырды өзіммен бірге ала келдім. Бұл ақша өзіңіздің шын мәніндегі корольдік сарайыңыздың қажетін өтеуіне кем дегенде табаны күректей үш жылға кәміл жетеді, деп есептеймін.


— Бұл ақшадан мен соқыр тиын да алмаймын! — деп кесіп айтты герцог мұртын ширата. — Төлем төлейтін мерзім баяғыда-ақ өтіп кеткен, ұлы мәртебелі тақсыр; сонан соң, шын мәніне келгенде, төлем төлеп қалаларды қайтарып алу правосына екі жақ та ешқашан да маңыз берген емес, өйткені сіздің шаңырағыңыз бақытқа бөленген сәтте, атамның өлімі үшін өздеріңізден құн дауламауға және Англиямен одақтастығын бұзып, оның орнына сіздің әкеңізбен одақтасуға келіскені үшін Францияның менің әкеме тартқан бірден-бір сыйы осы қалалар болды. Әулие Георгийдің атымен ант етейін, егер әкем өйтпегенінде, ұлы мәртебелі, тақсыр, сіз Сомма бойындағы қалаларға иелік етпек тұрмақ, сонымен бірге, тіпті өзіңіз Луара дариясының арғы бетіндегі қалалардан да айрылып қалар едіңіз! Жоқ, егер тіпті әрқайсысын алтынның құнына сата алсам да, мен бұл қалалардың жалғыз тасын да қайтармаймын! Құдайға және ата-бабаларымның батырлығына мың да бір рақмет, Бургундия — не бары герцогтық иелігі ғана бар ел бола тұрса да, өз сарайымның дәулетін шайқалтпауыма да, тіпті патшаны қонақ етіп қабылдап күткен қазіргі шақтағы шығыныма да, өзіміздің қазынамыз артығымен жетіп жатыр, сондықтан әкем қалдырған мұрадан айрылып қалатындай ешбір себеп жоқ.


— Өте жақсы, қадірменді немерем, — деп үн қатты король, бейне бір герцогтың қатты шыққан даусы мен ашуланған кескінін аңдамаған кісідей өзінің биязы да аса бір сабырлы қалпынан бір танбастан. — Францияға айрықша берілген дос екеніңізге көзім жетіп отыр, сіз тіпті оған тиесілі дүниеден де айрылғыңыз жоқ. Бірақ бұл істі өз мәжілісімде талқылағанымызда, біз сарапшы шақыртамыз... Мәселенки, Сен-Польдың сарапшы болғанына сіз қалай қарар едіңіз?


— Сен-Поль бола ма, Сен-Пьер бола ма және күллі календарға енген әулиелердің ішінде ешқайсысы да, мені Пероннадан айрылуыма көндіре алмақ емес, — деп ақырып жіберді Бургундияның герцогы .


— Жоқ, сіз мені түсінбедіңіз, — деп ескертті король күлімсіреп. — Мен Люксембургтің Людовигі, біздің адал коннетабліміз, граф де Сен-Поль туралы айтып отырмын. Эмбрендік әулие Марияның атымен ант етемін, біздің керісімізде бірден-бір осы графтың ғана ақылды басы — бүкіл Франциядағы ең кемеңгердің ақылы жетіспей жатыр меніңше, соның ақылы ғана біздің арамызда толық түсінушілік орната алар еді.


— Бургундия әулиесі Георгийдің атымен ант етемін! — деп жар салды герцог. — Францияға да, Бургундияға да опасыздық еткен залым сатқынды, соңынан өзі сарапшы болу мақсатын ғана көздеп, біздің арамызда туған дау-дамайды әмісе өршітуге тырысып келген адамды, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің мақтап отырғаныңызға қайранмын! Жоқ, қасиетті орденімнің атымен ант етемін, мекен еткен батпағы енді ұзақ баспана бола алмайды оған!


— Қызбаланбаңыз, қадірменді немере, — деді король күлімсіреп, сонан соң, даусын баяулатып, былай деді. — Біздің арамыздағы аз-кем кикілжіңді басып, татуластыруға жарап қалуы мүмкін деп, коннетабльдің басын есіме алғанда мен өзіне Сен-Кантеннің топырағы өте лайықты болатын, оның тәнін ойыма әсте алған жоқ едім.


— Ха-ха-ха! Олай болса бұл сөзіңізді мен толығымен құптаймын, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қайтарды Карл корольдің басқа да өрескел әзіл-оспақтарына мәз болғанындай, бұл жолы да қарқылдай күліп, сонан соң, бір тепсініп қойды да, сөзін әрмен қарай жалғастырды: — Иә, бұл тұрғыдан алғанда коннетабльдің ақылы Пероннада бір кәдеге жарап та қалар еді.


Әрине, күлкісі мен әзіл-оспағы аралас, үлкен шаруалар жайынан да емеурін білдіріп отырған бұл іспеттес әңгіме желісін Людовик үздіксіз қозғай қойған жоқ; бірақ салтанатты қонақасының өн бойында және соңынан герцогпен оның демалатын бөлмелерінде дидарласқан кезінде де, Людовик оқыстан қақпақыл тастап қойып, қандай да бір маңызды мәселенің басын шалып қалуға мүмкін болған әрбір сәтті құр жібермеді.


Сайып келгенде, Людовик туралы әділін айтуымыз керек: герцогтың шырт мінезінің әрі екеуінің арасындағы бітіспес араздықтарының салдарынан басын мейлінше үлкен қатерге тіккен, немен тынары күмәнді ғана емес, соқымен бірге опатпен тынуы да мүмкін болған оның батыл қадамын барынша ағаттық дей тұрсақ та, өзіне таныс емес жағалауларға келіп шыққанында, кеменің рулін ұстаушы бұрын-соңды нақ бұлай аса бір сақтық және ерлік көрсеткен емес-ті. Ол өзінің қалтқысыз жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде, сенімді айлақтан гөрі су астындағы тастар мен қауіпті таяз жерлерге тап болған сәттерінде яки үрейге, яки тайсақтауға бой алдырмастан, қарсы алдындағы жауының көңіл күйлері мен ой тебіреністерінің бүкіл тұңғиық тереңі мен саязын таңғаларлықтай өнерпаздықпен әрі дәлдікпен өлшеп отырғандай сезілді.


Ақыр соңында, Людовик үшін өз жағдайы асқан қырағылық пен зейінділікті талап еткендіктен толассыз ойлауға тиісті болған, өзін қатты қалжыратып шаршатқан күн де өте шықты. Бұған өз басы дағдылана қоймаған, өзінің елірген мінезіне бой ұрмай, өзін-өзі ұстауға мәжбүр болған герцог үшін де бұл күн оңайға түскен жоқ.


Бірақ оның есесіне, әдептілік рәсімінің бүкіл ережесін бұлжытпастан орындап, корольмен қоштасып, сарайына оралуы-ақ мұң екен, Карлдың ашу-ызасының тиегі ағытылып берді дейсің, ұзақ уақыт бойы ол сабасына түсе алмай қойды, сондықтан сарай сайқымазағы ле Глорьенің тауып айтқанындай, ешбір кінәсіз адамдардың басына сол жолғы кешкілікте боғауыздың не бір асқан үлгілері қардай борап жатты; тіпті сыртынан болса да қонақ тақсырдың атына айбат шегуге қалыптасқан рәсім қоспағандықтан әйтсе де герцог өз кеудесін кернеген, буырқанған дауылдай ашу-ызаны тарқатуға тиісті болғандықтан, оның төңірегіндегі дос-жарандарына осы дауылға төтеп беруге тура келді.


Ақыр соңында сарай сайқымазағы сан тарау әзіл-оспақтар мен қанатты сөздердің қуатымен түнерген бұлтты сейілте алды; герцог қарқылдап күле бастады да, сарай сайқымазағының қолына алтын теңге ұстатты. Бұдан соң өзін шешіндіруге рұқсатын берді, ащылы-тұщылы тағаммен араластыра бір құмыра шарапты сіміріп салды да, төсегіне қисая кетіп, қатты ұйқыға шомды.


Людовиктің өз басынан өткізген түн ерекше зер салуға лайықты, өйткені адам табиғатындағы айуандық сипатты танытатын жүгенсіз құмарлықтардың арсыз көріністерінен гөрі, біз терең де парасатты ақыл-ойдың қызметіне көбірек көңіл бөлуге тиіспіз.


Герцог Карлдың сарайы маңындағы ең таңдаулы нөкерлер тобы Людовикті өзіне арналып Перонна қамал-сарайынан бөлінген үйге шейін ертіп әкелді; қамалға кіре берісте атқыштардан және басқа да жауынгерлерден жасақталған күшті күзет корольге сәлем беріп құрмет көрсетті.


Король айрықша кең арналы және шыңырау терең етіп қазылған ордың үстіне орнатылған аспалы көпірден өтпек болып, атынан түскенде, көзінің астымен күзетшілерді бір шолып өтті де, бургундиялық өзге рыцарлармен бірге қасына ілесіп келе жатқан де Коминге қарап, тіл қатты:


— Бұлар да Андрей кресін тағады екен ғой, бірақ менің атқыштарым тағатын крестен өзгешелеу екен.


— Бірақ, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізді қорғау жолында олар да өз бастарын өлімге тігуге дайын, — деп жауап қатты де Комин, корольдің осы бір сөздерінен байқалып қалған қамығушылықтың сарынын сақ құлағы аңғара қойып. — Андрей кресін олар өз тақсырым, Бургундия герцогы бастаған Алтын Жабағы әулетінің алтын бауына тағып жүреді.


— Бұдан хабарым бар, — деп үн қатты Людовик, өзі қонақ болып түскен елдің иесіне құрмет көрсету мақсатымен өзі мойнына асып алған Андрей кресі орденінің бауын мегзеп. — Бұл — бізді қадірмен немеремізбен жақын ететін туыстық пен достық желісі тармақтарының бірі. Біз рыцарьлық тұрғыдан әрі рухани туыстық жағымыздан бауырластармыз, бәріміз бір атаның баласымыз және мейірімді көршілер сияқты ой-мақсаттарымыз жағынан да дос-жаран жандармыз... Жоқ, мырзалар, сіздер осы арадан қайтыңыздар! Еңістегі сарайдан әрмен қарай мені ертіп жүрмей-ақ қойыңыздар, маған онсыз да үлкен сый-құрмет көрсеттіңіздер.


— Герцог бізге сізді өзіңіз демалатын сарайға дейін шығарып салыңдар деп тапсырған, — деді д'Эмберкур. — Ұлы мәртебелі ағзам, патшамыздың бұйрығын орындауға рұқсат ететін шығарсыз?


— Нақ мынадай, ұсақ-түйек іске келгенде, — деді король, — тіпті, герцогтың қол астындағы адамдар саналатын сіздердің өздеріңіз де оның айтқанын тыңдамауларыңызға, сөйтіп менің бұйрығымды орындауларыңызға болады ғой деп ойлаймын. Әлденеге денем ауыр тартып тұр, мырзалар... шаршап қалыппын. Қайсыбір сәттерде үлкен қуаныштың өзі ауыр еңбектен кем қалжыратпайды. Қызметтеріңізді пайдаланып қалуға ертең мүмкіндігім көбірек болар, деп үміт етемін... Әсіресе сіздің мархабатыңызды, сеньор Филипп де Комин... Себебі сіз заманымыздың шежіресісіз ғой , сондықтан өз атымызды тарихта қалдырудан үміт ететін біздің бәріміз, сіздің көңіліңізді таба білуге тиістіміз, өйткені егер ықыласыңыз түссе, қаламыңыз да өте-мөте өткірлене түседі деседі. Қайырлы түн, мырзалар! Бәр-бәріңізге, сондай-ақ әрқайсысыңызға да қайырлы түн!


Корольдің тарапынан білдірілген осындай ыстық ықыласына масаттанған бургундиялық рыцарлар тұла бойларын қуаныш кернеп, онымен қоштасты да, өз жайларына кете барды, сөйтіп Людовик қасындағы екі-үш ең жақын адамдарымен өзінің ең басты бекінісіне және сондай-ақ түрмесіне айналған, Перонна қамал-сарайының мүйісіндегі мұнараға тікелей қарама-қарсы беттегі, ішкергі жақтағы алаңға шығатын күмбез тәріздес қақпаның астында оңаша қалды. Еңселі де зәулім, үрейлі үйді, өзіміз білетініміздей, сол бір түні және сол бір сағатта Шарлеруадан шығып, Пероннаға бет алған Дорвардты шұғыласына бөлеген айдың жарық сәулесі өз нұрына малындыра берді. Осынау мұнара өзінің архитектурасы жағынан Лондондағы қамалдың Ақ шағала мұнарасын көзге елестетіп тұрды, бірақ бұл әлдеқайда ертеректе салынған-ды, өйткені мұнара Ұлы Карлдың дәуірінде салынған құрылысқа жатқызылатын-ды. Мұнараның қабырғалары қалың еді, ал терезелері тым шағын етіп жасалған-ды және темір тор орнатылған-ды; орнықсыз осынау алып тас қорғаннан бүкіл алаң ішіне қапас та қатерлі көлеңке түсіп тұрды.


— Мен түсетін үй осы ма? — деп сұрады король, бейне бір қатерді іші сезгендей, тұла бойы қалтырап.


— Жо-ға, құдай сақтасын! — деп үн қатты шашы күмістей аппақ бекетші шал, жалаң бас күйі Людовикті ерте жүріп. — Ұлы мәртебелі тақсыр, сізге жатар орын сонау еңістегі көрші үйден әзір етіп қойылды: бұл Пуатье түбінде ұрыс алдында король Иоанның екі түн түнеп шыққан мекен-жайы.


— Ым-м, пәлендей жақсылық нышаны емес екен! — деп міңгірледі король. — Қош, мынау неғылған мұнара, достым? Өзің оны сөз еткенде неге сонша жаның түршіге қалды?


— Ашығын айтсам, ұлы мәртебелі мырза, — деп жауап қатты бекетші, — бұл мұнара туралы өзім ешқандай да теріс пікір айта алмаймын... жалғыз-ақ күзетшілердің айтуынша қайсыбір кездерде мұнараның ішінен сәуле көрініп тұрады және түн ішінде әлдеқандай бір оғаш үндер естіледі деседі... Бұған таңданатындай дәнеңе де жоқ: өйткені бұл мұнара бір кездерде мемлекеттік түрме болған, сондықтан ол туралы сан қилы қауесеттер көп-ақ.


Людовик бұдан әрі қазбалап сұрап жатпады, неге десеңіз, түрменің астыртын сырларын дәл өзіндей құрмет тұтатын не бір алуан себептерді басқа ешбір жан білген емес. Нақ мұнара тәрізді ертеректе салынбаса да, өзі түсетін тым түнерген әрі көне үйдің есігі алдында корольдің тілегін қабылдамай тастағанымен, Людовиктің солдаттары өз тақсырына жақын маңнан табылуы үшін герцог осы араға қоюға әмір еткен шотланд атқыштардың шағын отряды күзетте тұрды. Отрядты қарт лорд Кроуфорд бастап келген-ді.


— Кроуфорд, мейірбан, адал Кроуфордым! — деп қуанып кетті король. — Күні бойы қайда жүрдің сен? Өз сарайларына бұрын-соңды келіп-кетіп жүрген жауынгерлердің ішіндегі ең ізгі, ең ер жүрек жауынгерге бургундиялық байбатша шынымен-ақ тиісінше меймандостық көрсетпегені ме? Дастарқан басынан өзіңді көре алмадым ғой.


— Қонақ болудан бас тарттым, тақсыр, — деп жауап қатты Кроуфорд, — Той-думандарда бургундтардың кез келгенімен өнер сынасатындай жастан етіп кеткен кісімін; қазір аузыма шарап ұрттасам-ақ, дереу өзімді алып ұрады, ал меніңше, бүгін ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің мүддеңіз жолында өз жігіттеріме үлгі-өнеге көрсетуге тиістімін.


— Сен әрқашан да ақылдылығыңмен ерекшеленесің ғой, — деді король, — бірақ нақ бүгінгідей, өзіңнің қол астындағы адамдардың саны тіпті аз күні, сенің жұмысың көп болмауға тиісті; мұның бер жағында мереке кезінде қауіпті соғыс кезіндегідей сақтық көрсетпеуге де болады емес пе.


— Қарауымдағы адамдар неғұрлым аз болған сайын, тақсыр, — деп жауап қатты Кроуфорд, — олардың өз міндетін орындауға әзір тұруына соғұрлым көбірек қамқоршы болуға тиістімін. Ал бұл тойдың аяғы ойын-сауықпен бе, әлде төбелеспен бе — немен тынарын кәрі Джон Кроуфордтан гөрі бір құдайдың өзі, сондай-ақ, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіз ғана жақсырақ білуіңіз керек.


— Бірақ қауіптене қоюға себебің бар ма? — деп бар ынтасымен сауал қойды король сыбырлай сөйлеп.


— Жоқ, тақсыр, — деп жауап қатты Кроуфорд, — бірақ мен қауіптің болғанын артық көремін, өйткені қария граф Тайнмен айтқандай, «өзіңнің көзің жетіп тұрған қауіп, қауіп емес»... Бүгінгі түнге қандай пароль беруге бұйырасыз, тақсыр?


— Біздің қожайынымыздың және өзіңіз жақсы көретін сусынның құрметіне пароліміз «Бургундия» болсын, Кроуфорд.


— Не герцогқа, не аты әлгіндей сусынға менің зәредей де қарсы пікірім жоқ, — деді Кроуфорд, — жалғыз-ақ алдыңғысы жуасырақ, ал кейінгісі күштірек болғай! Ұлы мәртебелі тақсыр өзіңізге қайырлы түн тілеймін!


— Қайырлы түн, адал шотландығым, — деп жауап қатты да, король өзіне арналған мекен-жайына қарай өте берді.


Оның ұйықтайтын бөлмесінің есігі алдында Таңбалы күзетте тұрған.


— Маған ілескін, — деді король оған, ілгері өтіп.


Сөйтіп атқыш, бейне от алғызған машинадай, тақсырының соңынан аршындай басып, ілесе жөнелді; ұйықтайтын бөлмеге енісімен-ақ, есіктің алдында қаққан қазықтай қалт тұрып қалды да, өзіне берілетін жарлықты күтті.


— Әлгі өзіңнің жиенің, жиһан кезген рыцарь туралы қандай хабар бар? — деп сұрады король одан. — Бейне бір шытырман қызық іздеуге аттанған жас батырдай, ерлігін айғақтайтын тұңғыш ол жасы есебінде екі тұтқынын жөнелткеннен бергі уақыттың ішінде бізге хабар-ошар бермей жоғалды ғой ол.


— Сыбыстан жер жыртылып айрылардай, тақсыр, — деп жауап қатты атқыш. — Бірақ, ұлы мәртебелі тақсыр, егер ол ақымақтық істесе де, бұл қадамға менің ақылыммен яки үлгі-өнегеммен бармасына сенесіз ғой деп үміттенемін; мен өз орнымды білемін, сондықтан ұлы мәртебелі тақсырдың әулетіне жақындығы бар бірде-бір жанды ат үстінен аударып тастауға ешқашан да бармас едім, өйткені...


— Бұл жайында үнің шығушы болмасын, — деді Людовик оның сөзін бөліп. — Жиенің өз парызын орындады.


— Басқасы — басқа, ал өз парызына адал болу, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп Таңбалы корольдің бұл сөзін іліп ала жөнелді, — ашығын айта аламын, бұл нақ менің үйреткен өнегем. «Квентин, — деп кесіп айттым оған, — қандай оқиғаға тап болмағын мейлі, өзіңнің шотланд екеніңді әмісе есіңде сақтауға тиістісің, сондықтан ең алдымен өз парызыңды орындауға міндеттісің».


— Оның ұстазы мықты біреу шығар, деп өзім де ойлап едім, — деді Людовик. — Бірақ менің сауалыма сен жауап бермедің. Сен жиенің туралы соңғы хабарды қашан естіп білдің?.. Тараңдар, мырзалар, — деп сөзін жалғай түсті ол, өзінің маңындағы адамдарына қарап, — бұл мәселенің маған ғана қатысы бар.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, менің бұл сөзім сіздің ашуыңызға тиіп жүрмесін, — деп жауап қатты атқыш, — мен бүгін кешкісін атшы Шарлоға жолығып қалып едім, атшыны жиенім Льежден яки ол өзі графиня де Круаларды аман-есен жеткізіп салған әлгі қалаға жақын маңдағы беймәлім бір епископтың қорғанынан аттандырған.


— Уа, әулие бибі ханымның мәртебесі артып, даңққа бөлене берсін! — деп дауыстап жіберді король. — Шыны солай ма екен? Бұған көзің жетіп айтып тұрмысың?


— Шынның шыны, тақсыр, — деп жауап қатты Таңбалы, — Керек десеңіз, Шарло де Круа ханымдардың өзіңізге жолдаған хаттарын да ала келген.


— Бар жылдам, бар, жеткіз оны дереу! — деді король. — Өзіңнің білтелі мылтығыңды біреу-міреулерге бере сал... кімге берсең де мейлің... Оливьеге берсең де мейлің. Эмбрендік бибі ханымның мәртебесі артып, даңққа бөлене берсін! Бибі ханымның мәртебесі биік альтарін саф күмістен жасаған тормен безендіремін деп серт етемін!


Сөйтіп Людовик құдайға құлшылық етуге аласұра бой ұрғандағы әдетінше басындағы қалпағын шешіп, оны безендіріп тастаған пайғамбарлардың бейнелері ішінен өзінің көзіне әмісе ыстық көрініп тұратын бибатиманы таңдап алды. Сосын оны қарсы алдындағы стол үстіне қойып, жүгініп отыра кетті де, бибатимаға сыйына қарап, өз сертін салтанатты түрде тағы да қайталап айтты.


Ұзамай Дорвардтың Шонвальдтан жөнелткен алғашқы елшісі, атшы Шарло келіп графиня де Круалардың хатын корольдің өз қолына табыс етті. Ханымдар өздеріне көрсеткен құрмет үшін Людовикке мейлінше салқын ғана алғыстарын білдірген, сонан соң — француз сарайынан кетулеріне рұқсат еткені үшін және өз иелігінен аман-есен аттануларына көрсеткен септігі үшін біршама жылы шырай білдіріпті. Бұл хаттарға Людовик шамданбағаны былай тұрсын, керісінше, оны оқығанда шын ықыласымен қарқылдап күлумен болды. Бұдан соң ол шын білгісі келіп Шарлодан өздерінің саяхаты қалай аман-есен аяқталғанын, жолшыбай қандай да бір қиындыққа ұшырап қалған жоқсыңдар ма деп сұрастырып жатты. Аңқаулау жігіт (ханымдардың қасына ерту үшін корольдің соны таңдау себебі де сондықтан еді), атшы Шарло өзінің гаскондық серігі өлім құшқан жанжал туралы өз ойынан қайта-қайта шатасып, әрең баяндап берді, өзінің айтуынша, бұдан басқа ол ештеңе де білмейтін болып шықты. Осыдан соң король одан Льежге өздерінің қай жолмен барғанын ежіктеп сұрай бастады, сондай-ақ, Намюрге жетпей тұрып, тікелей Льежге бет алғандарында өздерінің қолына берілген маршрутта көрсетілгеніндей Маас өзенінің оң жақ жағалауы арқылы емес, керісінше, сол жақ жағалауымен жүргендерін түсіндіре бастағанында, ақымақ жігітке король бірнеше мәрте қайталап сауал қоюмен болды. Бұдан кейін Людовик Шарлоға аздаған ғана ақшалай сыйлық берілуіне әмір етіп, оны босатты, ал өзінің егжей-тегжейлі жауап алу себебін графиня де Круалардың қауіпсіздігіне алаңдағанымен түсіндірді.


Ханымдардың сапары сәтті аяқталғаны туралы хабар өзінің өте-мөте ұнамды жоспарларының біріне мүлде қайшы келгеніне қарамастан, Людовик, сірә, осы жоспары бейне ойдағыдай табыспен жүзеге асқандай қуанып қалды. Еңсесін басқан зіл батпан ауыр жүк мойнынан түскен кісідей-ақ күрсініп қойды. Сөйтті де, әулие-әмбиелердің аруағына сыйынып, оларға деген алғысын сыбырлай айтып өтті, бұдан соң терең ойға батып, көзін ашып, неғұрлым сәтті де, нақты жаңа жоспарлар жайын ойластыруға кірісті.


Бірқыдыру уақыт өткенде, ол астролог Мартиус Галеоттиді шақыртуға әмір етті. Мартиус әрқашанғы әдетінше, еңсесі түспей бірақ өзін корольдің жылы қарсы ала қоярына әлдеқандай бір күдігі бар кісідей кейіпте кірді. Алайда король әдеттегісінен де зор қуанышпен қабылдады оны. Людовик: досымсың, ғылымдағы әкемсің, корольдер өзінің таяу болашағын жазбай танитын адамсың деп те мадақ тұтты оны, сөйтіп оның саусағына аса бағалы сақина салып берумен тынды. Галеотти корольдің көз алдында өз беделін ойда жоқта нақ осылай арта түсірген себепті түсіне қоймай аңтарылып қалды, алайда бұл алуандас қисынсыз жайлардың шын мәнін ұға қоюына оның өз кәсібін жетік білетіндігі көмектеспей қалған жоқ. Ол корольдің мадақтауын асқақтамай, әрі ден қоя тыңдап алды да, осынау мақтаулардың таңғажайып ғылыми кереметтердің ашылуына әншейін себепші ғана болып табылатын өзіне емес, тіпті де өзіне емес, қайта тұтасымен өзі айналысатын ұлы ғылымға арналуға тиісті екенін ескертіп өтті. Бір-біріне қашанғыдан да дән риза болысып, сұхбаттасушылардың әңгімесі осымен тәмәм болды.


Астрологтың шығып кетуі-ақ мұң екен, қатты қалжырап қалған Людовик креслоға сылқ отыра кетті де, Оливьеден басқа барлық қызметкерлерінің тарауына ерік берді, ал Оливье сол мезетте үн-түнсіз әрі ың-шыңсыз корольдің ұйқтап тынығуына көмектесіп бәйек қақты.


Король әдеттегісінен тыс мінез танытып, оның дегеніне үн-түнсіз көне берді. Еңсесі күрт түсіп кеткендей көрінді, сондықтан бұрын-соңды болмаған бұл өзгеріске Оливьенің жаны қатты қиналды. Ең сұрқия деген адамның жан дүниесінде де көбінесе игі сезімнің ұшқыны бой көрсете береді: мәселен, қарақшы өз бастығына адал болып шығады, сондай-ақ көңіліне жақын саналатын ең оңбаған қызметшісі де өзін көтермелеп, шарапатына бөлеген тақсырына жанашырлық жасайды. Сайтан Оливье немесе Сұм Оливье (өзінің бүкіл мерездеріне орай оны тағы да қалай атамасын), алайда өзінің бүкіл күш-қайратына зәру болып отырған, оның мүшкіл хал-күйін көзімен көруіне тура келген осы бір сәтте, тақсырына жанашырлық пейіл танытпайтындай, әлі де болса біржолата періге айналып кете қоймаған-ды. Ол біраз уақыт бойы оған үн-түнсіз қызмет етумен болды, бірақ ақыр соңында шыдамы таусылды да, Людовиктің өзі жақсы көретін қызметшісімен әңгімелескен кезінде кейде бұған ерік беретін әдепсіздігіне басып, сөз бастап кетті:


— Құдай ақы, ұлы мәртебелі тақсыр, жүзіңізге қарап, бейне бір сіз бұл шайқаста ұтылып қалған ғой деп ойлауға болады, ал сөз арасында айта кетейін, мен күні бойы қасыңыздан аттап шыққан жоқпын, сондықтан ұрыс алаңынан сіз әлі ешқашан да мұндай зор абыроймен оралған жоқсыз деп санаймын.


— «Ұрыс алаңы», — деп қайталады Людовик, басын көтеріп, сөйтті де дағдылы кекесін әуенімен сөзін әрмен қарай жалғастыра берді: — Қара басқыр, достым Оливье, одан да сен бұқалармен тіресетін ұрыс алаңы десеңші, өйткені бұл жалғанда қадірмен немереміз нақ Бургундия герцогындай көзсіз, қарыспа, қыңыр жан әлі жаралған емес, оны тек әдейі сайысқа баптап, баулыған мурсийлік бұқамен ғана салыстыруға болар. Бірақ, сайып келгенде, өзің шындықты айтып тұрсың, мен бүгін сыбап-ақ алдым өзін... Сен, Оливье, одан да, не біріншісі: графиня де Круаларға байланысты, не екіншісі: Льежге байланысты Фландрияда жүзеге асырмақ болып, белгілеген жоспарларымның ешқайсысы да орындалмағаны үшін менің қуанышыма ортақтаса бер. Сен өзің менің айтқанымды түсініп тұрсың ба?


— Түсініңкіремей тұрған жайым бар, тақсыр, — деп жауап қатты Оливье. — Тілектеріңіз бен мақсаттарыңыздағы бұл өзгерістердің сырын маған ұғындырмасаңыз, айрықша қастерлейтін жоспарларыңыздың тас-талқан болуымен ұлы мәртебелі тақсыр сізді құттықтауға батылым бармайды.


— Жалпы айтқанда, ешқандай да өзгеріс болған жоқ, — деді король. — Бірақ сайтан соққыр, сүйікті достым, бүгін мен герцогты бұған дейін білгенімнен жақсырақ біле түстім. Ол граф де Шаролэ, ал мен француздың қуғындалушы-дофині аталған бала кезімізде, — қысқасы, қарт герцог Филипптің тұсында, — екеуміз жұбымызды жазбай сайран салғанбыз, аң да ауладық, сотқарлық та жасадық, сондықтан біздің басымыздан талай-талай оқиғалар өткен еді. Ол кезде менің оған ықпалым күшті болды, өйткені неғұрлым ақылды бас, өзінен ақылы анағұрлым кем бастан әрқашан да озық тұрмай ма. Бірақ сол кездегісінен ол өзгеріп кетіпті: қыңыр, астамшыл және өз айтқаны болмаса, басқаға көнбейтін диктатор болып алыпты, сөйтіп қазір енді, күшім басым түседі деп санап, ол істі тіпті асқындырып жібермек ойы бар сияқты. Бейне, балқып тұрған темірге маңайлаудан қорыққандай, кейбір мәселелерді мен мүлде орағытып өте шығуға мәжбүр болдым. Мен босқын графиня де Круалардың Льежге барар жолдарында, — өйткені, мен білсем, олар Льежді маңдайға ұстап сапар шекті, деп оған ағымнан ақтарылып салған едім, — шекарадағы қарақшылардың бірінің қолдарына түсіп қалулары кәдік емес, деп емеурін танытқаным-ақ сол екен, — құдайым-ау, оның қалай долданып, ашуға булығып шыға келгенін көрсең етті! Шынымды айтайын, нақ бір ардақты істі қорлаушылық туралы сөз болып отыр ма деп ойлап қалуға болар еді. Осы мәселеге байланысты менің құлағымды қалай сарсытқаны туралы айтпай-ақ қояйын: егер осы бір сәттерде бай қалыңдыққа үйлендіру арқылы өз досың Қауғасақал Гийомның ісін оңалту жөніндегі сенің тамаша жобаңның ойдағыдай жүзеге асқаны туралы хабар келіп жеткенде, жеке басым аман құтылсам, соның өзін олжаға санауға болатынын айтсам да жеткілікті.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, рұқсат етсеңіз, менің досымның емес, — деді Оливье. — Достың да, жобаның да — маған қатысы жоқ.


— Оның, рас, Оливье, — деп келісе кетті король. —Сенің жоспарың бұл күйеу жігітті үйлендіруді емес, керісінше бұл күйеу жігіттің сақалын қырқып, шашын тақырлап алып, пұштитуды көздейді. Айтқандайын, одан өзіңнің де дәмелі екеніңді сездіргеніңде, сен графиняға жақсы күйеу тауып беріп, жарыта қоймағансың. Қалай болған күнде де Оливье, графиня өзіне бұйырмаған жігіттің бағы бар дей бергін, өйткені дарға асу, дөңгелекке салу, қол-аяғын, басын бөлек-бөлек шауып түсіріп жазалау, — өз вассалының қызына, жас графиняға, өзінің аса бір мейірлі рұқсатынсыз үйленуге батылы барған жігітке менің қадірлі бауырымның емеурін танытқан ең жұмсақ серттері, міне, осылар.


— Ізгі қала Льеждегі бассыздықтарды да ол, әлбетте, көңіліне қош алып отырмаған шығар? — деп сыр тарта сөйледі. Оливье.


— Өзіңнің де ішің сезіп отырғандай, көңіліне ауыр алмаса, оның қош алмасы айқын, — деп жауап қатты король. — Бірақ осында келіп қайтуға өзім бекінісіммен, уақытша толқуларын доғара тұруларын тапсырып және өзімнің албырт та беймаза достарым Руслер мен Павийонға біздің бауырымызбен қуанышты кездесуіміз аяқталғанша бой жасырып, індегі тышқанша тапжылмауға бұйрық беріп, Льежге шапқыншылар жөнелткен болатынмын.


— Сонымен, ұлы мәртебелі тақсырым, сөз саптасыңызға қарағанда, өзіміз бастаған бұл істе біз үміт ететін ең қолайлы нәрсе, бұл сіздің өз басыңыздың аман болатындығы ма, — деп қалды Оливье көңілсіз ғана. — Мынауыңыз, өз басын өзі түлкінің аузына сала қойған, бұдан соң мойнын бұрап жіберіп, басын қыршып алып қалмағаны үшін өз тағдырына рақметін айтқан әлгі бір тырна туралы мысалдан айнымайды екен. Ал соған қарамастан пайдаңызға аяқталып, мол олжаға кенелуге үміт артқан осы бір әрекетті бастауға кеңес берген кемеңгер философқа алғысыңызды қалай білдірудің жөнін таба алмай, ұлы мәртебелі тақсырым, осыдан бір минут бұрын ғана қатты бәйек болып едіңіз.


— Ұтылып қалғаныңызша, ешбір ойынның үстінде абыржымау керек, — деді король даусын көтеріп. — Ал менің ұтылып қалады екенмін деп сары уайымға салынатындай ешқандай да негізім жоқ. Қайта керісінше, анау делқұлыға оқыстан әлдеқалай ақыл біте қалып жүрмесе, тіпті жеңіске жететініме де шүбәм жоқ, сондықтан, әрине, өз ойымды жүзеге асырушы ретінде әлгі балғын жігітті қалап алуыма көмектескен ғалымға өте-мөте қарыздармын, оның тағдыры менің өз тағдырыма етене ұқсас болып шықты; жарлығымды орындамай, тілімді алмай, менің басымды үлкен қауіптен құтқарып отыр. Өйткені нақ соның тілімді алмауының нәтижесінде ғана де Круа ханымдар де ла Марктың қақпанына түсіп қалмай, аман құтылып кетті.


— Ұлы мәртебелі тақсырым, бұл шарт бойынша өзіңізге қызмет етуге ықыласын білдіретін көп адам таба аласыз, — деді Оливье. — Бөтен біреудің әміріне тәуелді болғаннан да, өзінің ерік-жігерін іске асыру әркім үшін-ақ ыңғайлы ғой.


— Сен мені түсінбей тұрсың, Оливье! — деп жауап қатты Людовик шыдамы таусылып, — Өзімізге кәрін төге, киелі әулиелер атқаратын біздің тілектеріміз туралы мәжуси ақыны былай деп тебіренеді: «Vota diis exaudita malignis» . Егер маған әзірше Бургундия герцогының әмірі жүріп тұрғанында Гийом де ла Марк ханымдарды өз уысына түсірсе, менің тілегімді де осы алуандас тілектер санатына жатқызуға болар еді. Бұған көзім жеткен-ді. Галеотти де маған нақ осыны жорыған-ды; яғни бұл жолы де ла Марктің опық жейтініне емес, жас шотландтың сапары барынша табыспен аяқталатынына көзім жеткен-ді; әрине, табыс мен күткендегідей толық қанды болмаса да, жағымды болып шықты. Бірақ сен білесің бе, жұлдыздар тек тұтас бір нәтижелерді ғана болжай алады: ал олар бұл нәтижелер қандай құралдармен іске асырылатыны жөнінде тіс жарып, сыр шашпайды, сондықтан да нәтижелер көбінесе күткендегідей немесе біз қалағандай болып шыға бермейді... Алайда осынау асқақ құпиялар туралы саған айтты не, айтпады не! Қайсыбір ұғымдарға келгенде сен өзің сайтаннан да асып түсіп жатасың, достым Оливье — өзіңнің Сайтан аталып кетуің де тегін емес қой. Сайтан қалай дегенмен де бірдеңеге сенеді, аласұрып тыным таппайды ғой, ал сен болсаң не құдайға, не ғылымға сенбейсің және де көзің жұмылғанша осы қалпыңнан танбайсың, ал сенің гороскопың мен бет-жүзіңе қарағанда, тағдырың ақыры дарға асылуыңмен тәмамдалуға тиісті.


— Сөйтіп, егер солай болып шықса, — деді Оливье міз қақпастан, — онда бұл ұлы мәртебелі тақсырымның шектен тыс адал қызметшісі және оның әмірлерін ынта-ықыласымен орындаушысы болғандығымның ғана жемісі болмақ.


Король дағдылы кекесін күлкісіне басып, ішек-сілесі қатты.


— Сілтеген найзаң мені жазбай түйреп өтті, Оливье, сондықтан кіршіксіз әулие бибі ханымның атымен ант етейін, әділет сенің жағыңда, өйткені тіліңді шығарған өзіммін. Ал енді сырыңды бүкпей, ашық сөйлескін менімен. Қанеки, айтшы: осынау адамдардың бізбен қарым-қатынастарынан күдік туғызарлықтай ештеңе байқай қойдың ба?


— Тақсыр, — деп жауап қатты Оливье, — ұлы мәртебелі өзіңіз бен әлгі ұлы ғалым екеуіңіз нұсқауларды жұлдыздардың түзілісінен және аспан әлеміндегі жарық жұлдыздардың құйылысынан іздеп машықтанған жансыздар; ал мен не бары жерді мекендеген құрт-құмырсқа болуым себепті ақыл-ойым жететін нәрселерді ғана көре аламын. Бірақ нақ сіздің дәрежеңіздегі сияқты жоғары мәртебелі қонаққа қандай құрмет-сый көрсетілуі керек екенін жақсы білемін; ұлы мәртебелі сізді мұндағылар қалай қабылдағанын көрдім, сондықтан көзге оғаш, қайсыбір ағаттықтарды байқамай отыра алмаймын. Бүгін кешкісін, мысалы, өзінің шаршағанын сылтауратып, герцог, сізді есік алдына дейін ғана шығарып салды, ал өзіңіз демалатын орныңызға шығарып салуды сарай маңындағы адамдарына жүктей салды. Сіз ұйықтайтын бөлме, сірә, асығыс және шала-шарпы жиналған сияқты: кілемдер қисық ілініпті — ал біреуін, тіпті, қаласаңыз бұған өзіңіз де көзіңізді жеткізе аласыз, адамдардың аяғын аспанға, ал ағаштардың тамырларын жоғары қаратып іле салыпты.


— Мұнда тұрған түк те жоқ! Кәдімгі кездейсоқтық, асығып-үсігіп жүріп, байқамай қалған ғой, — деп Людовик қостай қоймады. — Осындай ұсақ-түйекке ден қойғанымды бұрын-соңды көргенің бар ма?


— Иә, шынтуайтына келгенде, мұның бәрі сөз етуге де тұрмайтын ұсақ-түйектер екені рас, тақсыр, — деп жауап қатты Оливье. — Бірақ осы ұсақ-түйектер өз тақсырының сізге деген көзқарасын қызметшілері байқап қалғанын аңғартады. Ұлы мәртебелі мырза, сөзімді жоққа шығармай қоя тұрыңыз, егер герцог өзіңізді құтты қонағындай қабыл алуға ынталы болса, онда қызметшілерінің ыждағаттылығы бір аптада тындыратын істі бірнеше минутта-ақ тындыруларына әбден жетер еді... Ұлы мәртебелі тақсырым, жуынуыңыз үшін өзіңізге, — деп сөзін жалғай түсті ол қолжуғыш пен шылапшынды көрсетіп, — күмістен басқа бірдеңеден жасаған жабдық бұрын-соңды ұсынылған ба екен?


— Тәйірі-ай, мына соңғы бір ескертпең өз кәсібіңе көбірек байланысты мәселе, достым Оливье, оны елеуге де тұрмайды, — деп жауап қатты король өтірік күліп. — Рас, мен баяғыда әлі не бары дофин, оның үстіне қуғындалушы болып жүрген кезімнің өзінде, Карлдың тікелей әмірімен маған тағам біткен тек алтын ыдыспен ғана берілуші еді, өйткені француз королінің мұрагері үшін күміс деген тым құнсыз металл деп есептейтін ол. Қайтейік, сірә, ол енді күмісті француз королі үшін шектен тыс қымбатқа түсетін металл деп есептейтін шығар... Алайда ұйықтайық енді, Оливье!.. Шешім қабылданды және іске де асырылды; басталған ойынды енді ерлікпен жалғастыра беру ғана қалып отыр. Өзімнің бургундиялық туысымның сырына мен қанықпын: күллі жабайы бұқаларша, жауына атылғанда, көзін тарс жұмып алады; екеуміз Бургоста көрген әлгі бір торсадор сияқты оңтайлы сәтті күте білуіміз керек, сөйтсек Карл ашуына өзі құрбан болып, уысыма өзі келіп түседі әлі.


XXVII ТАРАУ


ЖАРЫЛЫС



Сен қарайсың үркіп, әрі таңданып,
Бұлт астынан күн жарқырап кенеттен.
Жер-дүние бола қалса жап-жарық.


Томсон. «Жаз»



Ішінара эпиграфынан-ақ көрініп тұрғандай, осының алдындағы тарауда өткенге ой жіберу, сондай-ақ Людовик бір есептен көздеген жоспарының тамаша табыспен аяқталатыны жөнінде өзін үміттендірген астрологияға қалтқысыз беріліп, ал енді бір есептен, негізінен, өз ақылы герцог Карлдың ақылынан асып түсетінін сезініп, қаскүнем дұшпанының қолына өзі келіп түсуіне әкеліп соққан, ешқандай да қисынсыз, көңілге қонбайтын шешім қабылдаған сол кездегі француз королі мен Бургундия герцогының арасындағы қалыптасқан қарым-қатынастармен оқырманды таныстыру мақсаты көзделген-ді; сонау дүрбелең заманның оқиғалары ең салтанатты анттар мен серттер беріле тұрса да, адамның қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегенін көрсететін талай мысалдар бұл шешімнің көпе-көрнеу қауіпті әрі қатерлі екенін одан сайын дәлелдей түседі. Бітім мен достық орнатылуын көздеген, Людовиктің әкесінің қатысуымен өткен салтанатты кездесу кезінде герцог Карлдың атасының Монтеро көпірі үстінде өлтірілген мысалын-ақ алайық; егер өзі дәл осылай істегенді мақұл көргенінде, осы қастандықтың өзі-ақ Карл үшін сұмдық үлгі болып шыға келер еді.


Бірақ күйгелек, шажыр, бірбеткей де мейірімсіз Карлдың мінезінен, көбінесе салқынқанды адамға тән кеселдер — зұлымдық пен пасықтық аңғарылмайтын-ды. Герцог корольге меймандостық рәсімдерінің талаптарынан асып түсетін сый-қошемет көрсете қойғысы келмегеніне қарамастан бұл рәсімдердің қасиетті дәстүрлерін аяқ асты етуге ол әсте ұмтылған жоқ, тіпті мұндай ойы да болған емес.


Король келіп түскен күннің ертеңіне таңертеңгісін бүкіл Бургундия әскерлерінің байқауы өткізілетін болып белгіленді, әскерлерінің күш-құдіреті мен мінсіздігі ерекше көзге түсетін-ді, сондықтан Карл өзінің әлуетті бәсекелесінің алдында бір көрініп қалғысы келді. Байқау үстінде қалтқысыз берілген вассалы ретінде осынау қалың қолдың бәрін король өз әскерім деуіне болады деп мәртебелі қонағының алдында сыпайыгершілік көрсетіп, сендіргенімен, тәкаппар күлкісі мен мақтаныш оты жарқылдаған көз жанары мұның бәрі бос сөз ғана, осынау құрыштай берік армия тек өзіме ғана бағынады және де егер қаласам бұл армия кез келген елге қарсы аттана алатынындай, нақ Париждің өзіне де атой салудан тайынбайды деп тұрғандай еді. Бірақ осынау тамаша армияның сапынан тек Нормандия мен Британия ғана емес, сонымен бірге өзіне неғұрлым жақынырақ, өз билігіндегі басқа да уәлаяттардағы француз дворяндарының көптеген туларын көру Людовиктің жүрегін қатты сыздатып тұрды. Бұлардың барлығы да шетінен бір кезде өз қол астында болған, бірақ наразылық білдіріп, Франциядан ауып кетіп, Бургундия герцогының қарауындағы әскер қатарына кіргендер еді.


Алайда дағдылы мінезіне бой ұрып, Людовик осынау наразыларды байқамаған кісі болды, әрине, сөйте тұра, ішінен оларды қайтадан өз жағына қалай шығарып алудың сан тарау айла-тәсілін ойластыруды да ұмытқан жоқ. Ол сол заматта-ақ өзі бір кезде айрықша бағалаған қашқындардың көңіл күйлері қандай екенін астыртын тамыр тартып білуді Оливьеге және өзінің басқа да тыңшыларына жүктеуге ұйғарды.


Сонымен қатар ол не алуан жарамсақтыққа басып және тарту-таралғылар беріп, өзінің әдеттегі тәсілдерін қолдана отырып, мейлінше сақтықпен герцогтың ең басты уәзірлері мен оның маңайындағылардың көңілдерін аулауға жанын сала тырысып бакты, осының өзінде ол мұнысымен өзінің ізгі қожайынының адал қызметшілерін сатып алу мақсатын көздемейтінін, керісінше, өзінен-өзі тамаша мақсатты, екі мемлекеттің де, сондай-ақ олардың үкімет басшыларының да игілігіне бастайтын мақсатты — мұның Франция мен Бургундия арасындағы бейбітшілікті сақтауды көздеуге тырысқан әрекетін өздерінің тарапынан қолдау табуы үшін өстетінін айтып, ант-су ішумен болды.


Кемеңгер де ұлы корольдің бұлай ынта-ықылас қоюы қатты еліктіріп, былайша айтқанда, елеусіз қалған жоқ; сондай-ақ жарамсақтық та өз ролін атқарып жатты, бірақ сол замандағы қалыптасқан дәстүр бойынша, Бургундия ақсүйектері өз адамгершілік арыма бұдан нұқсан келеді екен деп тартынбастан-ақ ала беруіне рұқсат етілген сый-сияпат ықпалы бәрінен де күшті болды. Жабайы қабанның ізіне түсіп, аңға шыққан кезінде, бір сәттік құмарлықтың желігімен герцог әй-шайға қарамастан аңды қуа жөнелетін-ді, ал Людовик өзінің оңаша қалғанын пайдаланып, Бургундия сарайы маңындағылардың ішінен герцогтың жақын тұтатын адамдарын іздеп тауып алып, олармен жеке-жеке сыр шертудің орайын келтіріп жүрді. Айта кетейік, д'Эмберкур мен де Комин де ескерусіз қалған жоқ, өз заманының елеулі адамдары саналған осы екеуімен әңгімелескен сәттерінде, Людовик әуелгісінің ерлігі мен еңбегі сіңген әскери қызметін, ал екіншісінің — сол дәуірдің болашақ тарихшысының терең сезімталдығы мен әдеби талантын асқан шеберлікпен қыбын тауып мадақтауды да ұмытқан емес.


Герцог Карлдың маңайындағы адамдардың сенімі мен қолдауына ие болу (яки, егер оқырман үшін бұлай деу, көбірек ұнап жатса — оларды сатып алу) — өзі осы сапарға аттанарында корольдің алдына қойған басты нысанасы, бәлкім, осы болған шығар, сондықтан егер тіпті Карлдың өзімен ортақ тіл таба алмаған күнде де, осы нысанаға қолы жетсе көңілі көншіген болар еді. Ол кезеңде Франция мен Бургундияның арасында қарым-қатынастың терең тамыр жайғаны соншалықты, Бургундия дворяндарының көпшілігінің Францияда өз иелігіндегі жерлері бар-тын немесе жер иеленуге үміт артумен болатын-ды, сондықтан да корольдің өздеріне ізетпен қарайтынына яки өздерін жек көретініне олар айрықша зор мән беруші еді. Сонымен алуан түрлі астыртын істердің асқан шебері, өз жоспарларын жүзеге асыру мақсатында қажет болса шектен асқан жомарт, әрі өз ұсыныстары мен сыйлықтарының маңызы мен бағасын арттыра білетін Людовикке, тәкаппар біреулерін бас пайдасының құлы етіп жуасытудың, ал шын мәніндегі немесе жалған патриоттар санатына жататын екіншілерін өзі тек Франция мен Бургундияның игілігі туралы ғана ойлайтынына сендіре алудың сәті түсті; сонымен бірге осынау адамдардың бәрінің де жеке бастарының мүдделері онсыз да бейне машинаның көзден таса механизміндей әрекет етуде еді, сондықтан бұл мүдделерге сырт көзге байқалмайтын күшті ықпал жасалып жатқан-ды. Олардың әрқайсысына арналған айрықша қармақ жемін Людовик сақадай сай ұстады; қармақ жемді қайсысына қалай тастау тәсілін ол тап басып біле алды; төтенше тәкаппарларына жеңінен сүйреп әкете бару үшін параны жең ұшынан жалғаса табыс етті, сөйтіп бұл жомарттығы бейне топырақты сөзсіз ылғалға бөлейтін ырысы мол таңғы шық тәрізді қызмет атқарды, ал дән себуші мұндай топырақтан көп кешікпей бітік өнімге кенелетіні сияқты — маған игі қызмет көрсетілмеген күнде де, жанашыр тілектестер көбейеді деп білді. Тоқ етерін айтқанда, Францияның мүддесі жолында Карлдың маңайындағылардың қолдауына не болуды мақсат тұтып, Людовик өз тыңшылары арқылы баяғыдан бері-ақ, Бургундия герцогының сарайына өзін апаратын жол сала бастағанына қарамастан енді, не бары бір-екі сағаттың ішінде-ақ, әлбетте, күні бұрын жиналған деректеріне арқа сүйеп, Бургундиямен толассыз байланыста болған өзінің тыңшылары бірнеше жыл бойы атқарған істерінен гөрі көбірек шаруа тындыруына қолы жетті.


Бургундия сарайы маңындағылардың ішінде Людовиктің өзі айрықша құрмет тұтқан, бірақ осы бір күндері сапар шегіп кеткен бір адам болды — бұл граф де Кревкер еді. Плессиге елші болып соңғы бір келген жолы оның табандылығы мен тәуелсіздігі Людовиктің ызасын келтірмегені былай тұрсын, сонымен бірге осы бір адамды өз жағына тарту туралы ойлауына түрткі де болған-ды. Рас, қажет бола қалған жағдайда Гийом де ла Маркке немесе тікелей өз қол астындағы жүгенсіздерге қарсы күресінде епископқа қол ұшын беру мақсатымен графтың жүз найзагерді бастап Брабант шекаралығына аттанып кеткені туралы хабарды естіп-білгенінде ол бұған пәлендей қуана қойған жоқ; алайда осынау қарулы күштің барып жетуі, өзіне адал адамдар арқылы жолдаған жарлықтарымен септесе келе Льеждегі мерзімі әлі жетіп үлгермеген бүлікке жол бермеуге тиісті деген үміттен күдер үзбей, өзін-өзі жұбатумен болды, ал бұл бүліктерге жол берілсе, болжауынша, қазіргі жағдайда жеке басына зор қауіп төндірер еді.


Тал түске таман күллі сарай адамдары, сол заманның әдет-ғұрпына сай, аңшылық құрметіне орман ішінде түстік ішті, мұның өзі корольді ресми қабылдау үстінде міндетті саналған салтанатты рәсімнен құтқаруы себепті герцогтың жанына жаққан еді. Гәп мынада болатын: XI Людовик адамның мінез-құлқын танығыш деген дақпырт кеңінен тарап кеткен-ді, бірақ бұл жолы ол осы үдеден шыға алмады. Пероннаға бара қалсам, мұны сюзеренінің өзіне білдірген сенімі мен ықыласының айғағы деп біліп, герцог бұған төбесі көкке жеткендей қуанады деп ойлады ол; бірақ Бургундия герцогының француз тағына деген нақ осынау басыбайлылығы өз иелігін тәуелсіз мемлекет етуге барынша ұмтылып баққан айрықша бай, құдіретті және тәкаппар герцогтың жанын ауыртатын ең бір қауіпті кінәрат екенін король ескермеген еді. Корольдің Бургундия сарайына келуі герцогтың мойнына ауыр міндеттер артып қойды, ол корольге тәуелді вассалдың кебін киді, сөйтіп кейбір феодалдық рәсімдер мен әдет-ғұрыптарды орындауға мәжбүр болды, мұның бәрін тәкаппар да ер мінезді князь өзіне қорлық санады, өйткені ол дүйім елге билік жүргізіп, абырой-атаққа не болып отырған және де осы абырой-атағын барынша сақтап қалуға ұмтылушы еді.


Бірақ аңшылардың кернейі тартылып және тығындары ашылған бөшкелер толассыз тарсыл қаққан көкорай шалғын бойында ішілген қарапайым ғана бұл түстік кезінде, әдептілік рәсімін қадағалау талап етілмесе де, сөйтіп, адамдар өздерін еркін ұстаса да, есесіне кешкісін берілетін қонақасы айрықша бір салтанаттылықпен безендірілуге тиісті болды.


Осы мақсатта күн ілгері қажетті жарлықтар берілді, сөйтіп, король Пероннаға қайта оралып келгенінде, сол дәуірде Европадағы ең бай ел саналған бүкіл Нидерландыны дерлік билеген өзінің құдіретті, әрі дәулеті шалқыған вассалының атақ-дәрежесіне әбден лайықты, ғажап сәнділігімен көз тартқан дастарқан жасаулы тұрды. Ең дәмді тағамдарға толы алтын, күміс ыдыс-аяқтар сыңсыта қойылған ұзын столдың басынан герцогтың өзі орын алды, ал оның оң қол жағындағы тұғыр үстінде — өзінің жоғары мәртебелі қонағы жайғасты. Қожайынның креслосының ту сыртында — бір қанатына бас аспаздың міндетін атқарған, Гельдерн герцогының баласы, ал екіншісі жақ қанатына — өзінің сайқымазағы ле Глорье орналасты, ал герцог сайқымазағын еш уақытта да дерлік қасынан тастаған емес, өйткені кезінде сарай маңындағы ақымақтар мен қуақыларға деген әуестік ортақ әдеттеріне айналған, мінез-құлықтары дөрекі де қызуқанды көптеген адамдар тәрізді, герцог бұларға құмартуды тіпті шектен асырып жіберген-ді. Осынау жандардың делқұлы да әбес қылықтарынан ол, шын мәнінде, ләззат табатын, ал оның ақылдылығы жағынан өзінен әлдеқайда басым түсетін, зымияндау бәсекелесі бұған керісінше, ең бір таңдаулы өкілдері арқылы адам табиғатының жетілмеген жақтарын қадағалауды мақұл көретін-ді, сөйтіп ол «жау жүректердің қорқақтығы мен кемеңгерлердің ақылсыздығын» әжуалауға сылтау табылғанына қуанатын-ды. Айтқандайын, егер Брантомның бағзы сараң сайқымазағы бір жолы өзінің діншілдігі ұстап, есі кеткен Людовик құдайға құлшылық еткенінде бауыры Генрихті, Гиен графын өзі у беріп өлтіргеніне білдірген өкінішін естіп қойып, ертеңіне бүкіл сарай адамдары төрт көзі түгел дастарқан басында отырған кезінде, әлгі сайқымазақ корольдің құпиясын жария етіп қойыпты-мыс деген әңгімесі расқа сайса, онда осы оқиғадан соң, өмірінің бүкіл қалған бөлігінде корольдің кәнігі сайқымазақтардың қылықтарына әуестіктен бас тартқаны әркімге-ақ түсінікті болса керек.


Бірақ оған толассыз сөз қатып әрі оның қылықтарын қызу қолдап, Людовик бұл жолы герцог Карлдың сүйікті сайқымазағын назардан тыс қалдырған жоқ; өзін жорта ақымақ етіп көрсетуге тырысып, қайсыбір сәттерде онысы мейлінше өрескелдікпен ұштасатын ле Глорье өзімен кәсіптес серіктерінен едәуір асып түсіп, әдеттен тыс сергек байқағыштығын танытқан сайын, король оған бұрынғысынан да бетер күшті назар аударумен болды.


Гәп мынада еді: Тиль Ветцвейлер, лақап аты бойынша ле Глорье, әдеттегі сайқымазақтардан мүлде өзгешелеу болатын. Бұл сұңғақ бойлы, келбетті, көптеген дене жаттықтыруларын өте-мөте ептілікпен жасай алатын кісі еді, осының өзінен-ақ оны ақылы кем адам деу шындыққа жанаспайтыны көрініп тұрды, өйткені қай істе де болсын белгілі бір шеберлікке дағдылану үшін төзімділік пен ынта-ықылас талап етілетіні, өзінен-өзі түсінікті. Ле Глорье әдетте аңға шыққанда және соғысқа аттанғанда герцогтың қасына ілесе барған-ды; Монлери түбіндегі ұрыс үстінде тамағынан жараланған Карлдың басына сұмдық ауыр қатер төніп, атының жүгеніне жармасып үлгерген француз рыцарына тұтқын бола жаздағанында, Тиль Ветцвейлердің дұшпанына қарсы ашу-ызамен тап бергені соншалықты, оны атынан аударып тастап, өз тақсырын босатып алды. Бәлкім, осы ерлігін жұрт өз кәсібіндегі адамның қолынан келе қоймайтын іс деп санауы ықтимал, сөйтіп тақсырын қысылтаяң сәтте сарай маңындағы ақымақтың қарауына қалдырған Бургундия рыцарлары мен дворяндары арасынан өзіме қарсы жауларды көбейтіп алармын деп сескенген болар, айтып айтпай не керек, әйтеуір, көрсеткен қызметі үшін алғысқа ие болудың орнына, өз әрекетін әзіл-оспаққа айналдырып жібергенді мақұл көрді де, әлгі ұрыста көрсеткен ерліктерін айтып, ерекше бір арсыздықпен мақтануға бой ұрғаны соншалықты, сарай төңірегіндегілердің көпшілігі Карлдың жау тұтқынынан босатып алынуы да, сайқымазақтың басқа өтіріктерінің бірі болып шықты деген ұйғарым жасады. Осы оқиғамен байланысты оған ле Глорье (яғни мақтаншақ) деген лақап ат қойылды, сөйтіп мәңгі-бақи солай аталып кете барды.


Ле Глорье өте-мөте жақсы киінетін-ді, соның өзінде оның киім үлгісінен өз кәсібін айғақтайтын пәлендей ерекшелік аңғарыла қоймаушы еді, ал ондай белгілер ілуде бір ұшырап қалса, оның өзі символдық сипатты ғана танытатын. Ол шашын тақырлап алдырып дағдыланбаған; керісінше, бөркінің астынан бұйраланып көрініп тұратын ұзын, қою шашы, нақ сондай бұйраланған, әсем, мұнтаздай сақалымен ұштаса келгенде, әттең, көз жанарындағы әдеттен тыс жалт-жұлт еткен ерсі бір сәуле болмаса, ат жақты бет-әлпетін келбетті деуге де сыйып тұр. Бөркінің төбесіндегі ал қызыл барқыттан әдіптеп бастырған жолағы, қуақылар киетін бас киімнің ажырағысыз бір белгісі — қораздың айдарын елестеткендей. Мойылдан жасаған сылдырмағының ұш жағында, тиісінше, есектің құлағындай күміс құлағы бар сайқымазақтардың басы бейнеленген, мұның өзі ерекше бір шеберлікпен, әрі оймақтай ғана етіп әсем зерленгені соншалықты, жақын таяп келгенде ғана ажыратуға болады; ал алыстан көз тіккенде бұл сылдырмақ сарай төңірегіндегі мәртебелі қызметтегі адамдардың аса таяғына ұқсайды. Ле Глорьенің кәсібін бейнелейтін белгілер осымен ғана шектелетін. Ал басқа барлық сипаттары жағынан үстіндегі сәнді киімінің сарай төңірегіндегі бекзадалардың киім үлгісінен ешқандай да айырмашылығы жоқ еді.


Бөркіне әсем жарасқан алтын медаль, мойнына — алтын бау таққан, ал киімдерінің тігілу үлгісі, модаға тым әуес сәнқой жастардың киім үлгілерінен көзге ешбір олқы көрінбейтін-ді.


Мінеки, Карл, әрі соған еліктеп, Людовик те, той үстінде осы бір жанға толассыз назар тігумен болды, сірә ле Глорьенің күлдірмей қоймайтын жауаптарынан өздері рақатқа бөленсе керек.


— Мына бір бос орындар кімдерге арналған? — деп сауал қойды Карл оған.


— Осы орындардың ең болмаса біреуіне мұрагерлік жолымен мен ие болуға тиістімін, достым Карл, — деп жауап қатты ле Глорье.


— Неге олай, мүттәйім? — деп сұрады герцог.


— Өйткені бұл д'Эмберкур мен де Комин мырзаларға арналған орындар, ал олар өз сұңқарларын қиянға ұшырғандары соншалықты, сірә, кешкі қонақасы туралы ұмытып та кеткен сияқты. Қош, қолындағы көк шымшықтан гөрі көктегі тырналарды артық санайтын кісі — ақымаққа ұқсары түсінікті, сондықтан да, демек, соның жанды меншіктерінің бір бөлігі есебінде, барлық ережелер бойынша, сол ақымақтың орнына мен ие болуға тиістімін.


— Жә, мынауың, достым Тиль, жауыр болған ескі әзіл, — деді герцог. — Ал, бірақ ақымақтар әлде ақылдылар болсын — кінәларын мойындап бәрі де осы жерге келеді... Әнеки, өздері де келе жатыр!


Шынында да, осы бір мезетте де Комин мен д'Эмберкур екеуі зал ішіне келіп кірді де, екі тақсырмен иіле сәлемдесіп, үн-түнсіз өз орындарына жайғасты.


— Бұларың қалай, мырзалар, — деп саңқ ете қалды герцог, жаңадан келгендерге қарап. — Кешігулеріңе қарағанда, бүгінгі аңшылықтарың яки тым керемет, яки мүлде сәтсіз болған сияқты ғой... Жә, сізге не болған өзі, Филипп де Комин? Сіз салы суға кеткен кісідей, біртүрлісіз ғой... Бәлкім, бәс тігісіп д'Эмберкур өзіңізді ұтып кеткен шығар? Бірақ сіз философсыз ғой, сондықтан тағдырдың жазғанына мойымауға тиістісіз... Әулие Георгийдің атымен ант етейін, д'Эмберкурдың да еңсесі түсіп-ақ кетіпті! Бұларың қалай, мырзалар? Өздеріңізге жабайы құс кезікпеген бе? Әлде сұңқарларыңнан көз жазып қалдыңыздар ма? Әлде жолдарыңды мыстан кемпір кесіп өтті ме? Әлде, орман ішінде Жабайы Аңшыға таң болдыңыздар ма? Шынымды айтайын, сіздер бейне бір тойға емес, өлікке келген кісіге ұқсап тұрсыздар!


Залда отырғандар түгел де Комин мен д'Эмберкурге назар тігіп қалысты. Екеуі де, сірә, әлденеге абыржып тұрғандай; әрқашан ақ жарқын да тапқыр мінезді екеуі енді абдырап үн-түнсіз қалған. Тамаша шарап құйылған сапты аяқтар әлденеше мәрте ішіліп біткен кезде дастарқан басынан толассыз естілумен болған әзіл-күлкі бірте-бірте тыйылып қалды, сөйтіп тойлаушылар, неге екені белгісіз, бейне сұмдық бір суық хабар күткендей өзді-өзі сыбырласып қана сөйлесуге көшті.


— Сіздер неге мелшиіп қалғансыздар, мырзалар? — деп сұрады герцог, онсыз да қатты шығатын даусын күшейте түсіп. — Тойға бұлай көңілсіз келіп, бұлай түнеріп үнсіз отырғанша, шалшықта жүріп, көкқұтан яки, үкі қуа бергендерің абзал еді.


— Шапағатты тақсырым, — деді де Комин, — орманнан қайтып келе жатып біз граф де Кревкерге жолығып қалдық.


— Не дейді! Оның Брабанттан келіп те қалғаны ма? — деп саңқ етті герцог. — О жақтағылар аман ба екен?


— Шапағатты тақсыр, қазір графтың өзі келіп сізге баян етеді, — деді д'Эмберкур, — ал біз болсақ, оның жаңалықтарының шет-жағасын ғана естіп үлгердік.


— Ендеше, сайтан соққыр, графтың өзі қайда жүр? — деп сұрады герцог.


— Шапағатты тақсыр, өзіңізге келіп жолығу үшін ол киімін ауыстырып киюге кетіп еді, — деп жауап қатты д'Эмберкур.


— Киімін ауыстырып кигені қалай? Енді сонысы қалып па, жын соққырдың! — деп зіркілдеді герцог шыдамы таусыла. — Байқаймын, бәрің уағдаласып алып, мені жынды еткілерің келетін сияқты!


— Ашығын айтсақ, ол өз жаңалықтарын, шапағатты тақсыр, өзіңізге оңаша жолығып баяндамақ еді, — деді де Комин.


— Қарғыс атсын! Мінеки, көрдіңіз бе, ұлы мәртебелі ағзам, біздің адал қызметшілеріміз өз қызметін осылай атқарады, — деп салды Карл. — Олардың мұрнына бірдеңенің иісі келсе бітті, өздерінше мұның бәрі біз үшін айрықша маңызды деп санайды да, сол мезетте нақ бір үстіне тағы да теңдеп жүк артып қойған есекше маңғаздана қалады... Кревкерді осы араға дәл қазір жеткізіңдер! Ол Льеж шекаралығынан оралып келіп отыр, сондықтан біздің (герцог соңғы сөзді нықтап айтты) жұрттың көз алдында айта алмайтындай, о жақта құпиямыз жоқ.


Герцогтың артықтау ішіңкіреп жібергенін жұрттың бәрі баяғыда-ақ сезіп қалған-ды, ал қызып алған кезінде, оның табиғатынан бойына біткен ажарлығы бұрынғысынан да бетер күшейе түсетін, сөйтіп зал ішінде бас қосқандардың көбінің оған баяндама тыңдап, кеңес құратын шақ емес қазір деп емеурін танытқылары-ақ келіп тұр-ды, бірақ оның дес бермес мінезін жақсы білетіндіктен, сөзге араласуға ешкімнің батылы бара қойған жоқ, сондықтан бәрі граф де Кревкердің өздеріне қандай хабар жеткізбегін күтіп отырып қалды.


Осылай арада бірер минут та өте шықты. Герцог шыдамы таусыла, есіктен көз алған жоқ; қонақтар әуесқойлық пен қауіп-қорқыныштарын білдірмеуге тырысып, әрқайсысы алдарындағы тәрелкелеріне шүйіле отырысып қалды; жалғыз Людовик қана асып-сасқан жоқ, сөйтіп біресе сайқымазақпен, біресе бас аспазбен сөз қатысып, аузы тыным таппады.


Ақыры Кревкер де келіп жетті. Сол-ақ екен, герцог шыдамсызданып, оған айқайлап ала жөнелді.


— Кәнеки, сөйле граф, Льеж бен Брабантта не жаңалықтар бар екен? Сіз келді деген хабар естілісімен дастарқанымыздың, да сәні кете барды; енді өзіңіз бастап, сәнімізге қайта кіретін шығармыз.


— Шапағатты тақсыр, аса шарапатты патшам, — деп жауап қатты граф нық сөйлеп, бірақ мұңайған үнмен, — өзіңізге жеткізбек хабарымды той дастарқаны үстінде емес, қайта кеңес үстінде баяндағаным абзал.


— Мейлі, тіпті топан су қаптап, ақыр заман орнағаны туралы хабар болса да іркілмей айта бер! — деп айқай салды герцог. — Айтса да, ішім сезіп тұр: льеждіктер тағы да бүлік бастаған ба?


— Бүлік бастады, тақсыр, — деп жауап қатты де Кревкер, аса байсалды түрде үн қатып.


— Мінеки, көрдің бе, өзің маған айтуға бата алмаған хабарыңды мен іле-ақ сезіп қалып едім... Сонымен осынау баскесерлер тағы да қолдарына қару алған болды ғой. Мейлі, несі бар, сен бұл хабарды дер шағында жеткізіп тұрсың, өйткені біз, осынау оңбаған бүлікшілерді қалай жазалауымыз керек екені жөнінде өзіміздің патшамыздан (осы бір мезетте Карл Людовикке қарап басын изеп, өлердей жек көрген, бірақ онысын сездірмеуге тырысқан раймен жалт етіп бір қарады) ақыл сұрауға хақылымыз. Сенің тағы да басқа жаңалығың бар ма? Айтқын, бұдан соң, епископқа көмектесуге неге бармағаның үшін біздің алдымызда жауап бергін.


— Тақсыр, бұдан былайғы хабарды баяндау маған ауыр соғып тұр, оны есту сізге де оңай соқпасы анық. Не мен, не жер бетіндегі бірде-бір рыцарь құрметті епископқа енді қол ұшын бере алмайтын болып қалды. Гийом де ла Марк дүрліккен льеждіктермен тізе қосып, Шонвальд қамал-сарайын тіке шабуыл жасап басып алған, ал епископ өзінің залында өлтірілген.


— Өлтірілген? — деп қайталады герцог сыбырлап қана, залдың о шеті мен, бұ шетіне естірте. — Сен жалған хабарға иланып, алданып қалған шығарсың, Кревкер... бұлай болуы мүмкін емес!


— Әттең, құдіретті тақсыр! Мен бұл хабарды Гийом де ла Марктің бұйрығымен осы қаскүнемдік жүзеге асырылған кезде зал ішінде болған, бұл оқиғаны өз көзімен көрген, корольдің шотланд гвардиясы атқышынан біліп келіп отырмын.


— Бәсе, қасиетті шаңырақты қорлаушыларды арандатқан да, оларды желіктірген де, әрине, сол атқыштың дәл өзі! — деп аюдай ақырды герцог, орнынан атып түрегеле сап, сөйтті де қасында тұрған орындықты теуіп кеп жібергенде, быт-шыты шығып қирады да қалды. — Есіктерді құлыптаңдар, мырзалар, терезелердің алдына күзет қойыңыздар, бөтен адамдардың бірде-біреуі орнынан тапжылмасын, егер өйтетін болса дереу басы шабылады! Бургундиялықтар шығарыңдар қылышты қынабынан!


Сөйтті де, Людовикке бұрыла қарап тұрып, Карл өз қылышының сабына жармаса берді; бірақ король зәредей сескенбестен және қорғану ойына да келместен, сабырлы түрде үн қатты:


— Осынау қайғылы хабарды естимін деп, есіңіз ауысты ғой деймін, қадірменді бауырым.


— Жоқ! — деп ақырды герцог төңірегін күн күркірегендей жаңғырта. — Бұл хабарлар ұсақ-түйек есепке бола, өзім ұзақ уақыт бойы басып келген, ішіме шемен болып қатқан әділетті наразылықтарды қайта оятты. Бірақ енді, өз туысын өзі өлтіруші, туған әкесіне опасыздық жасаушы, қанішер тиран, екі жүзді одақтас, зұлмат король, ар-ожданнан жұрдай болған неме! Енді сенің тағдырын менің қолымда, сондықтан осы үшін құдайға мың да бір рақмет айтамын!


— Одан да менің ақымақтығыма рақмет айтыңыз, — деп король суық жауап қатты. — Өйткені біз Монлерн түбінде нақ осындай жағдайда бетпе-бет ұшырасып қалғанымызда, қазір мен сияқты емес, басыңызды сауғалап, іргені аулақ салуға тырысып баққан сияқты болып едіңіз.


Герцог қолын бұрынғысынша қылыштың сабынан босатқан жоқ, бірақ өзіне ешбір қарсы келмеген, сөйтіп күш көрсетуге зәредей де орын қалдырмаған жауын iuavbin өлтіру үшін қылышын қынынан шығаруға толқып тұрғандай көрінді.


Ал осы бір кезде зал ішінде жаппай абыр-сабыр басталып кете барды. Герцогтың әмірімен есіктер тарс бекітіліп тасталды да, күзеттер қойылды, бірақ, өздерінің қатары шағын болғанына қарамастан, француз рыцарлары мен дворяндары орындарынан ұшып-ұшып түрегеліп, жалма-жан өз тақсырын қорғау қамына кірісіп жатты. Людовик бұларды Лош түрмесінен шығарып алғаннан бері, олардың король нөкерлерінің қатарына келіп қосылуын, түрмеден босап шықты деп санаған күнде де, әрі құрмет пен сенім көрсетуге лайықты мәртебесі бар адамдардан гөрі өздеріне көбінесе күдікті адамдарша қараған не Орлеан герцогымен, не Дюнуамен сөз қатысқан емес еді. Соған қарамастан, айнала азан-қазан шудың арасынан естілген корольді жақтаған дауыс Дюнуаның даусы болды.


— Герцог, сіз француз тағының вассалы екеніңізді, — деді ол, — және біз, мына француздар — қонағыңыз екенімізді ұмытып барасыз! Егер біздің монархқа қарсы қол көтеретін болсаңыз, бұған ашынатынымызға, сөйтіп бұдан туатын сұмдық қорытындыларға әзір тұрыңыз; сондықтан маған илана беріңіз: өзіміз құлап түскенше, нақ әлгінде ғана оның шарабын ішкеніміздей, Бургундияның қанын да тап солай ішеміз... Алға, Орлеан герцогы! Ал, француздар, сендер менің қасыма жетіңдер! Дюнуаның төңірегіне берік топтасыңдар, сөйтіңдер де, оны үлгі-өнеге тұтыңдар!


Күллі король біткеннің тек осындай сын сағатта ғана өзі кімге арқа сүйей алатынына айқын көзі жетеді. Людовиктің қасына еріп келген әдетте түксиген қабағы мен қытымырлығынан басқа одан ешқандай да жақсылық көрмеген тәуелсіз рыцарлар мен дворяндардың шағын ғана тобы сан жағынан өздерінен әлдеқайда басым дұшпаннан қаймықпай әрі мәселе қылышқа келіп тірелсе, өздерінің сөзсіз опат болатынына қарамастан, дереу Дюнуаның төңірегіне келіп топтасты да, соған ілесе, өздеріне жол сала отырып, столдың екі тақсыр отырған басына қарай беттеді.


Бұған керісінше, Людовиктің қарадан хан еткен, өздері лайық емес атақ-дәрежелерге жеткізген сүйіктілері мен құйыршықтары, орындарынан қозғалған да жоқ; осынау қоян жүрек қорқақтар, сірә, Карлдың кәріне ұшырап қалып жүрерміз деп қорыққан болулары керек, қамқоршыларының басына қандай күн туса да, бұған араласпауға ұйғарды.


Корольге қол ұшын беруді көздеп алғаш ұмтылғандардың бірі — игі жанды лорд Кроуфорд болды, ол өзінің ұлғайған жасына қарамастан жолындағы қаптаған жұртты бұзып-жарып алға шықты да (айта кетуіміз керек, әлде оған құрмет көрсеткілері келді ме, әлде басына төнген қатерден Людовикті құтқарып алғысы келген астыртын талаптарын жүзеге асырмақ пиғылдың әсерімен бе, әйтеуір, Кроуфордтың алдын кес-кестемей, бургундиялықтардың өздері ығысып, оған жол беріп жатты) король мен герцогтың екеуінің орталарына қасқая барып тұрды. Ол бөркін әп-сәтте бір жақ шекесіне қисайта киіп алды, бөркінің астынан күмістей аппақ шашы көрініп тұрды; шүберектей қуарған, әжім басқан жүзі нарттай жанып шыға келді, ал кәрі көздері неден болсын тайсалмайтын адамның көзіндей от шашып тұрды. Сөйтіп ол плащын бір иығына асып, егер солай етуіне тура келсе, плащын сол қолына орай салып, оң қолына қылыш ұстауға сайланып тұра қалды.


— Мен өз тақсырымның әкесі мен бабасының намысын қорғаған кісімін, — деді ол, — сондықтан тақсырымның жолында қандай ауыртпалықтан да тайынбасқа әулие Андрейдің атымен серт етемін!


Біздің суреттеп беруімізге белгілі бір уақыт керек болған осынау көрініс, найзағайдың жарқылындай шапшаңдықпен өте шықты. Герцог шүйіле түскенше болған жоқ, Кроуфорд лезде герцог пен корольдің орталарына келіп тұра қалды, ал француз дворяндары өз тақсырын қаумалап қоршап алды.


Бургундия герцогы қылышының сабынан қолын әлі босатқан жоқ, сөйтіп күш жағынан өздерінен әлдеқайда әлсіз жақтың адамдарын сөзсіз жайратып салумен тынуы мүмкін жаппай атой салуға белгі беруге шақ тұрды, бірақ осы бір сәтте Кревкер ілгері қарай ұмсынды да, даусы күндей күркіреп тіл қатты:


— Құдіретті тақсырым, Бургундияның аса мейірбан патшасы, ақылыңызды ашуға жеңгізбегейсіз! Сіз шаңырақ иесісіз, корольдің вассалысыз! Өз шаңырағыңызды өз қолыңызбен таққа ие еткен және қазір сіздің қамқорыңызда тұрған патшаңыздың қанына бөктірмеңіз! Әкеңіздің аруағына сиынып тұрып, өзіңізден тілеген ақ тілеуім болсын, жауыздық үшін бұдан өткен жауыздықпен өш алуға бармаңыз!


— Тайып тұр жолымнан, Кревкер, байлама қолымды! — деп айқай салды герцог. — Тайып тұр дедім ғой жолымнан! Епископтың кегі — бұл тәңірінің кегі.


— Иә, егер тәңірінің кегіне барабар болса, бұл әділ кек, — деп кесіп айтты Кревкер. — Тақсыр, өзіңізден өтінген тілегім болсын, жаныңызға батқан жараңыз қандай ауыр болса да, ашуға бой алдыра көрмеңіз... Ал сіздерді, француз дворяндары, ескертіп қояйын: қарсылық көрсетеміз деп босқа әуре болмаңдар, әйтпесе мерт боласыңдар.


— Кревкердің сөзінің жаны бар, — деді Людовик сабырлылығынан осы бір мезетте де айнымастан, егер егестің аяғы қылыштасумен бітсе, онда ет қызуымен көп нәрсенің бүлінетінін, ал бұған жол бермеуге болатынын терең ұғып. — Орлеандық қадірмен бауырым, ер жүрек Дюнуа, өзімнің адал серігім Кроуфорд, сен де шектен тыс қызбалыққа салынамыз деп, басымызды бір пәлеге душар етіп жүрмеңдер. Өлімі бәрімізге ауыр соқпаса, жеңіл соқпай тұрған, өзінің жан досы, құрметті Льеж епископының опат болғаны туралы хабарды естіп, көкірегі қарс айрылған қайғыдан біздің бауырымыз қатты есеңгіреп қалды. Баяғыдан бергі арамыздағы кикілжің, сорымызға орай, жаңа бір оқиғалармен ушыға түсіп, өзіміздің де жанымызды түршіктіріп тұрған осынау жауыздыққа бейне біздің де қатысымыз бар деп ойлаған герцогты бізге сезіктене қарауға мәжбүр етіп отыр. Егер осынау зұлымдықтың жасалуына көмектесіпті деген жалған күдікті желеу етіп, қожайынымыз — бізді — өз королі мен туысын — өлтірмек ойлары болса, сендер қызбалықтарыңмен халімізді жеңілдетпек түгіл, қайта қиындатып жібересіңдер. Сонымен қайт кейін, Кроуфорд... Бұл менің ақырғы сөзім болса да, өзіңе король ретінде әмір етемін, сондықтан бағынуыңды талап етемін... Қайт кейін, сөйтіп, егер өзіңе сондай талап қойып жатса, қылышыңды да тапсыр. Менің жарлығым осы, сондықтан өзің берген антың сөзімді екі етпеуіңе міндеттейді.


— Рас, рас айтасыз, ұлы мәртебелі тақсырым, — деді Кроуфорд, кейін шегіне бере және жартылай шығарып та үлгерген қылышын қынына қайта салып жатып, — имандай рас. Бірақ ар-ожданыммен ант етейін, әттең, жасым сексенге таяп қалмай, оның орнына соңымнан ілескен жетпіс шақты сарбазым болса, мен шетінен алтын баулар тағып, әсем қалпақ киіп, маңғаздана қалған мына сабаздардың желігін басып, бір жуасытып берер едім.


Герцог төмен қарап бірер минут аңтарылып тұрып қалды да, әлден уақытта зәрлі сайқымазағына басып, былай деді:


— Кревкер, сен рас айтып тұрсың, осынау ұлы патшадан, өзіміздің құрметті де қадірлі қонағымыздан кек алғанда, ақылға жүгінуіміз керек, ар-ожданымыз бізден осыны талап етеді. Ашуға булыққан бетімізде ойымызға келгендей, оның сазайын беруге біздің хақымыз жоқ. Біз оған қимыл-әрекетімізді бүкіл Европа әділ деп мойындайтындай жаза қолданатын боламыз... Француз дворяндары, мырзалар, қаруларыңызды менің рыцарларыма тапсырыңыздар. Патшаларыңыз бітімді бұзып отыр, сондықтан бұдан былай бітімнің артықшылықтарымен оның пайдаланатындай хақысы жоқ. Бірақ король аяғына басқан ар-намыстарыңызды, сондай-ақ, жоғары мәртебелі атақ-дәрежелеріңіз бен даңқты ата-тектеріңізді құрмет тұтатындығымнан, бауырымыз Людовиктің қылышын тапсыруын талап етпеймін.


— Короліміздің дербестігіне қол сұқпайтындықтарыңызға көзіміз жетпейінше, — деді Дюнуа, — ешқайсымыз да қылышымызды тапсырмақ емеспіз және осы залдан аттап шықпақ та емеспіз.


— Сондай-ақ француз королі яки оның ұлы әскери қолбасшысы әмір етпейінше шотландиялық гвардияның бірде-бір атқышы өз қаруын тапсырмайды! — деп Кроуфорд қостай кетті.


— Ер жүрек Дюнуа, — деді Людовик, — абзал досым Кроуфорд, біліп қойыңдар, бұл құлшыныстарыңнан маған зияннан басқа келер пайда жоқ. Ең қымбат және ең адал достарымнан айрылып қалуға ғана әкеліп соғуы мүмкін, өздеріңнің түкке де керегі жоқ қарсылықтарыңнан гөрі, — деді ол сөзін байыпты түрде жалғастыра түсіп, — өзімнің әділдігіме көбірек үміт артамын. Қылыштарыңды тапсырыңдар. Осынау қасиетті кепілдікті өз қолдарыңнан алатын игі ниетті бургундиялықтар, өздеріңнен гөрі, солар бізге сенімдірек қорған болмақ. Тапсырсаңдаршы қылыштарыңды, тікелей өзім әмір етіп тұрмын ғой.


Сонымен осынау бір қатерлі сәтте Людовик өз өмірін сөйткенде ғана сақтап қаларлықтай ақылдылық пен ұстамдылық танытты. Шайқас басталып кеткенге дейін Бургундия рыцарлары шетінен өзін қолдайтынын әрі ашуға булыққан өз тақсырын жуасыта алатын да солар екенін оның іші сезіп тұрды. Ал, бірақ екі жақ та қылыштасуға бет алса-ақ болғаны — өзі де және саны аз қорғаушылары да қас қағым уақытта-ақ жан тапсыратынын білген еді. Сонысына қарамастан тіпті ең қаскүнем жауларының өзі де осы бір сәтте оның тұла бойынан қорқақтықтың яки жауыздықтың ешқандай ізі де байқалмағанын жоққа шығара алмас еді. Рас, ол герцогтың ашу-ызасын бұрынғысынан да бетер қоздыра түсетіндей себептерге жол бермеуге барынша тырысып бақты; бірақ оны жуасыту да ойына келген жоқ, сөйтіп, мойымас жігері мен ұстамдылығы түптеп келгенде тіпті ақылынан шатасқан, жынданған адамға әсер етіп, оны тыншытатынына кәміл сенген батыл адам, жынды кісінің қауіпті іс-әрекетіне қалай қарайтыны тәрізді, ол да жауына ешбір именбестен, зейін қоя және байсалдылықпен қараумен болды.


Корольдің бұйрығын орындап, Кроуфорд өз қылышын Кревкерге қарай ытқыта бере былай деді:


— Мінеки, керегіңіз осы болса, ала қойыңыз да сайтанмен қосылып, қуана беріңіз! Қылышын тапсырғанымен оның заңды иесі, өз арына дақ түсірген жоқ, өйткені оған қылыштасуға рұқсат етілмей қойды!


— Сабыр етіңдер, мырзалар...— деді герцог ашуға булыққанда тілі күрмелетін адамша ойын үзік-үзік айтып. — Қылыштарыңыз өздеріңізде қала берсін — қаруларыңызды бізге қарсы қолданбаймыз деп серт етсеңіздер, мен соған ризамын. Ал сіз, Людовик де Валуа, дінді қорлайтын өлімге қатысыңыз бар деген күдіктен құлантаза арылып шыққаныңызша өзіңізді менің тұтқыныммын деп санауға тиісті боласыз... Бұл кісіні қамал-сарайға, граф Герберттің мұнарасына апарып салыңыздар!.. Нөкерлеріңіздің ішінен өзіңіз қалаған алты адамды таңдап алып, қасыңызда ұстауыңызға рұқсат етіледі... Милорд Кроуфорд, қамал-сарайға өзіңіз қойған күзетті алып тастауға тиісті боласыз — сізге басқа жерден орын беріледі... Кәпірлер көтерілсін, темір торлар түсіріліп қойылсын, қалаға кіретін қақпалардың алдындағы күзет үш есе күшейтілсін, жүзбелі кәпір өзеннің оң жақ қанатына көшірілсін. Қамал-сарай айналасына күзетке өзімнің қара валлондарымды қойыңдар және әрбір күзет орындарын үш есе күшейте түсіңдер!.. Ал сіз, д'Эмберкур, атты патрульдер бүгін түні бойы әрбір жарты сағат сайын және ертең күні бойы сағат сайын қаланы айналып өтуін қамтамасыз етіңіз, әрине, ертең мұндай сақтық шаралардың қажет болмай қалуы да мүмкін, өйткені бұл істе біз баяулыққа бой ұрмауға тиістіміз ғой деп ойлаймын. Біліп қойыңыз: егер өмір сүргіңіз келсе, Людовикті көз жазып қалмастай бақылауға алыңыз!


Карл корольге өлердей жиіркенішті сыңаймен, алара көз тастап, стол басынан түрегелді де, жылдам басып залдан шыға берді.


— Мырзалар, одақтасының опат болғаны туралы хабар герцогтарыңызды есінен тандырып жіберді, — деді король жан-жағына маңғаздана қарап. — Сіздер, рыцарлар мен дворяндар, өз міндеттеріңізді жақсы білетін болғандықтарыңыздан герцогтың сатқындық ой ниеттерін қолдап, өзінің заңды патшасының басына зорлық-зомбылық көрсетуге араласа қоймассыздар деген үмітім зор.


Осы бір мезетте сырттан әскерлердің жиналуын хабар еткендей барабандар соғылып, кернейлер тартылып жатқаны құлаққа шалынды.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты Бургундия сарайындағы гофмаршал міндетін атқарушы де Кревкер, — біз құдіретті тақсырымыздың қол астындағы қызметкеріміз, сондықтан оның әмірін екі етпеуге де міндеттіміз. Ұлы мәртебелі патша, өзіңіз бен біздің тақсырдың арасында бейбітшілік пен түсінушілік орнауы жолында біз барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз. Ал әзірше біз оның әмірін тыңдауға міндеттіміз. Осында қатысып отырған рыцарлар мен дворяндар ізгі Орлеан герцогына, ер жүрек Дюнуаға және қадірлі лорд Кроуфордқа жақсы да жайлы жағдай жасалуына қамқор болуды өздеріне құрмет санайды. Плессиге барған жолы маған көрсетілген меймандостықты ұмытпағаным себепті, әрине, өзім ойлағандай безендіріле тұрмаса да, ұлы мәртебелі патшам, мен сізді өзіңізге арнап бөлінген үйге апарып салуға тиісті боламын. Сонымен герцогтың бұйрығы бойынша алты адамнан аспайтын нөкеріңізді сайлап ала көріңіз.


— Олай болса, — деді Людовик бір сәт ойланып алған соң, — шаштаразым Оливьенің, лақап аты бойынша — Таңбалы аталып кеткен, гвардиямдағы жауынгердің, қаласаңыз оны қарусыздандыруыңызға да болады, өз тобынан таңдаған екі адамын ерткен Тристан Дәруіштің және өзімнің адал да сүйікті философым Мартиус Галеоттидің қасыма ілескенін қалар едім.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, бұл тілегіңіз дәлме-дәл орындалады, — деп жауап қатты де Кревкер. — Галеотти, — деп сөзін жалғай түсті ол, өзі шұғыл түрде бір анықтама сұратып алған соң, — қазіргі сәтте, маған баяндалғанындай, сауыққой дастарқандастарымен бірге кешкі ас ішіп жатыр; бірақ біз оны қазір адам жіберіп шақыртып аламыз. Қалғандары тегіс осында, ұлы мәртебелі патшам, олар өзіңізге қызмет етуге дайын.


— Олай болса, меймандос бауырымыздың бізге арнаған жаңа үйіне аттанайық, — деді король. — Біз бұл тұрғын жайдың бір ерекшелігі оның қабырғалары берік екенін білеміз; қауіпсіздігі жағынан да нақ солай шығар деген үмітіміз зор.


— Людовиктің талғамының түрін байқадың ба?— деп сыбырлады ле Глорье, осы бір сәтте залдан шығып бара жатқан корольдің соңынан ілесе берген Кревкердің қасына келіп.


— Неге байқамайың? Әлде оның талғамына сенің әлдеқалай қарсылықтарың бар ма еді, достым? — деп жауап қатты оған де Кревкер.


— Уа, жоқ, ешқандай қарсылығым жоқ, жалғыз-ақ әділін айтсақ, өте-мөте тамаша таңдау! Даршы-шаштараз, жалдамалы атқыш-баскесер, екі көмекшісін ерткен жендет, мұнысы аздық еткендей тағы да алаяқ-суайты бар. Кревкер, мен өзіңе ілесе барып, осынау залымдарды қызмет дәрежесіне қарай қалай сұрыптайтыныңды көріп тұрамын; өзіңнен үйренбек ойым бар. Бұдан асқан кеңесшілер алқасын және осы алқаның бұдан асқан председателін сары сайтаныңның өзі де іріктей алмас!


Соны айтып, дәнеңеден тартынбай дағдыланған тапқыш сайқымазақ графты әй-шайсыз қолтықтап алды да, күшейтілген күзетті бастап келе жатқан де Кревкермен иықтаса ілгері қарай беттей берді. Ал күзет болса корольге деген сый-құрметтің күллі сыртқы рәсімін қадағалай, оны жаңа мекен-жайға айдап әкетіп бара жатты.


XXVIII ТАРАУ


БЕЙМӘЛІМДІЛIК



Бақыттысың сен, ұйықтай бер, пәтшағар.
Түнде ұйқы көрмейді тек патшалар.


«Генрих IV», II бөлім



Қылыштарын жалаңдатқан, қолдарына шырақ ұстаған қарулы қырық жауынгер король Людовикті ратушадан Перонна қамал-сарайына ертіп бара жатты, дәлірек айтсақ, күзетпен айдап бара жатты. Сөйтіп, ол осынау ежелгі қапас қамалдың ішіне келіп кіргенінде, флоренциялық ақынның тозақ қақпасына ойып жазып қойған: «Бұл жерге басын сұққандар, үзіңдер мәңгі үмітті» деген сөздерді әлдебіреу айғайлап айтып тұрғандай көрінді.


Бір кездегі өмірге деген құштарлықтары сөніп, енді өмірге лағынет айтуға мәжбүр етіп, нақақтан-нақақ яки сәл ғана күдік туғызғаны үшін ғана қайтып босанып шығудан күдерін үздірген, зынданға тастаған жүздеген, тіпті мыңдаған бишараларды көз алдына елестетсе, бәлкім, осы бір сәтте Людовиктің жан дүниесінде өзіне өзі өкініш білдірген сезім пайда болар ма еді, кім білсін.


Бұлт арасынан жылтырап қана көрінген айдың күңгірт сәулесі шырақтардың жалын-жарығынан бұрынғысынан да бетер күңгірттене түскендей болады, ал шырақтың айналаны малындырған қызыл шапағымен граф Герберттің мұнарасы атанып кеткен, еңсені басқан ескі түрме бұрынғысынан да түнеріп көрінеді. Бұл өзі кеше алғаш көргенде-ақ Людовик әлдеқалай іштей сескеніп қалған мұнара-тұғын. Енді, мінеки, тағдыр оның маңдайына қазір келіп көзімді құртады-ау деген толассыз үреймен осы мұнараны баспана етуді жазып отыр, ал өзінің аса қуатты вассалы осы бір жұмбақ та мылқау күмбез астында мұның көзін оп-оңай құрта алады.


Аула ішімен өтіп бара жатқанында солдат плащтарымен асығыс жабыла салған өліктерді көргенінде, жанын жегідей жеген үрей корольдің жүрегін бұрынғысынан да бетер қатты шеңгелдеп сығымдай түсті. Өзіне Кревкер түсіндіргеніндей, бұлар — герцогтың қара валлондары өлтірген өзінің шотланд атқыштары екенін ішінен сезе қойды ол. Корольдің тұрғын жайында күзетте тұрған атқыштар герцогтың бұйрығын орындаудан, сөйтіп күзетті басқаларға тапсырудан бас тартқан, осыдан соң олардың және бургунд солдаттарының арасында шайқас басталып кетеді де, екі жақтың бастықтары тәртіп орнатып үлгергенше, бірнеше адам қаза табады.


— Есіл шотландтарым-ай! — деп аһ ұрды король, осынау қайғылы көрініске көз тастап. — Егер сендерге жекпе-жекке шығуға мұрсат бергенде ғой, Бургундия түгіл, бүкіл Фландрия өздеріңе тең келетін жауынгер шығара алмас еді-ау!


— Бұған дау бар ма! — деп араласа кетті корольдің соңынан ілесіп келе жатқан Таңбалы.— Бірақ, ұлы мәртебелі тақсыр, бұл қалпақпен ұрып алатындай оп-оңай нәрсе емес... Бір атой салғанда екі дұшпанын мүрдем кетіруден артыққа шамасы келетін сабаздардың табыла қоюы екіталай. Менің өзімнің де — мақтанбай-ақ қояйын — бірден үш дұшпанға шамам жете қоймайды... ал егер парызың солай етуді талап етіп жатса — ондайда, әлбетте, санын есептеп жатуды уақыт көтермейді.


— Сен осында ма едің, ежелгі досым, — деді король бұрыла қарап. — Демек, өзімнің адал қызметшім менен безіп кетпеген болды ғой!


— Ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге қызмет етуге және ақылын айтуға сайланып шыққан тағы да бір қызметшім бар деп біле беріңіз, — деп сыбырлады Оливье.


— Біз бәріміз де өзіңіздің адал құлыңызбыз, — деді Дәруіш Тристан түнеріп, — өйткені герцог, ұлы мәртебелі ағзам, сізді өлімге бұйырса, онда өзіміз қаласақ та, біз ұзақ жасай алмаймыз.


— Мінеки, мұны мен адалдықтың берік кепілі дей аламын! — деп салды өзіміз ілгеріде айтып өткеніміздей, корольдің қасына ерген Кревкерден әуесқойлығы ұстап айрылмай қойған тынымсыз ле Глорье.


Айтқандайын, шұғыл түрде шақыртып алынған түрме күзетшісі абақтының тастай берік есігіндегі тот басқан құлыпты ашпақ болып оқталғанымен, қолындағы абажадай кілтін әрлі-берлі бұрап дәнеңе де өндіре алмады, сөйтіп ақыр соңында Кревкер солдаттарының бірін көмекке шақыруға мәжбүр болды. Есік ашылысымен қалың қабырғаларына көзден таса етіп ойық жасалып қойылған, қылдырықтай, иір-иір дәлізге жарық түсіріп, шырақ ұстаған алты адам ілгері қарай өте берді. Дәліз тасты қалай болса солай қашап жасаған баспалдақтары қисық, нақ сондай қылдырықтай, аса бір тік сатыға барып тірелді. Осы сатымен көтеріліп, олар темірмен апталған есіктен мұнараның айтулы үлкен залына кірді. Осы бір қаңыраған кең, қапас бөлменің ішіне, қалың қабырғаны тесіп жасаған енсіз терезелерден, яғни саңылаудан жарық әрең-әрең ғана түсіп тұрады; ал шырақтың қызыл жалқыны енді залдың аядай бөлігін ғана жарық еткен кезде мүйіс-мүйістердің бәрі қара түнектей қарауытып сала берді. Күзетші қарт герцогтың әмірі өзіне тым тосын жағдайда келіп жетіп, зал ішін жиыстырып қоюға үлгере алмағаны үшін Людовиктің кешіруін өтініп жатқанында, жарықтан оянып кетіп, қонақтап отырған жерлерінен дүрліге көтерілген екі-үш жарқанат сөндіріп тастағысы келгендей, шырақтардың үстінде шыр айнала ұшып жүрді. Бұл тұрғын жай жиырма жылдай қаңырап бос тұрды, деп сөзін қайта сабақтады ол, тіпті бұрынырақтарда, король Аңқау Карлдың заманынан бері ілуде бір ғана болмаса, мұнда тірі жан тұрмаған деседі.


— Аңқау Карл! Мінеки, гәп қайда! — деді Людовик жұлып алғандай. — Бұл мұнараның тарихы есіме енді ғана түсе бастады. Ол осы арада өзінің сатқын-вассалы граф Герберт Вермандуаның қолынан қаза тапты — біздің шежіремізде осылай делінген. Перонна қамал-сарайымен байланысты бір аңыздың барын өзім білуші едім, бірақ оның қандай аңыз екені жадымда сақталмапты.


Өзімнің алғашқы ізашарларымның бірі опат болған жер осы ма еді!


— Бұл арада емес, ұлы мәртебелі тақсыр, ғафу ете көріңіз, бұл залда емес, — деді күзетші шал бейне бір өзі аралатып жүрген даңқты орындар туралы әңгімелеп беретініне қуанған жол бастаушыдай алқына сөйлеп. — Бұл залда емес, керісінше, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіз ұйықтайтын бөлмеңізге келіп түйісетін мүйістегі шағын бөлме ішінде қаза тапты.


Ол жалма-жан залдың түкпір жақ бөлігіндегі есіктің ысырмалы терезесін аша берді; бұл есіктен әдетте осы әлпеттес ежелгі үйлерде кездесетін аядай ғана бір бөлмеге кіруге болатын еді; нақ сондықтан да қаңырап бос тұрған, үлкен залға қарағанда, бұл бөлме әлдеқайда ыңғайлы көрінді. Бұл бөлмеде корольді қабылдап алу жөніндегі әзірліктер апыл-құпыл атқарылыпты. Қабырғаларға кілемдер ілініп тасталыпты, ұзақ жылдар бойы от жағылмаған ошақта от жылтырайды, ал еденнен сол замандағы әдет-ғұрып бойынша, король ұйықтайтын бөлмеде түнеуге тиісті нөкерлерге арналған ішіне сабан толтырған төсектер көзге түседі.


— Қалғандары зал ішіне жайғасады, — деді шал өзінің мылжыңдауын одан әрі жалғастыра түсіп. — Ұлы мәртебелі тақсыр, мұнымды кешірер деп сенемін, өйткені маған жарлық күтпеген жағдайда келіп жетті... Мінеки, енді, ұлы мәртебелі тақсыр, перденің астынан мына бір терезеден сығалап қарасаңыз, Карл өлтірілген, қабырғаны үңгіп жасалған шағын бөлмені көре аласыз; ал бөлмеге төменнен көтерілетін құпия жол бар, жендеттер бөлмеге осы жол арқылы келіп кірген. Сондықтан егер, ұлы мәртебелі тақсыр, көзіңіз маған қарағанда жақсы көретін болса, бұған мен шүбәланбаймын, сол бір кезеңнен бері арада бес ғасыр өте тұрғанына қарамастан, емен тақтай төселген еденнен қан тамшыларын анықтап көре аласыз.


Мылжыңдаудан тыйыла алмаған күзетші шал ашпақ ниетпен құпия есікті іздеп, қабырғаны алақанымен сипалай бастап еді, бірақ король оған қарап:


— Сабыр етші, қартым, сәл кідіре тұршы... Бәлкім, ұзамай саған жаңа бір оқиғаны әңгімелеп беруіңе, сөйтіп жаңадан төгілген қанды көрсетуіңе тура келіп жүрер!.. Бұған қалай қарайсыз, граф де Кревкер? — деді.


— Мен сізге тек былай деп қана жауап қайтара аламын: Плессидегі тікелей өз сарайыңыз секілді, сізге арналған бұл тұрғын-жайдың да толық иесі өзіңізсіз, ал оны сырттан күзету, сатқындығымен де немесе жендеттігімен де атына ешқашан әлі дақ түсіп көрмеген Кревкердің мойнына жүктелінген!


— Ал, ендеше мына қарт қайдағы бір құпия жол туралы неге бөседі? — деп салды Людовик шошына сыбырлап, өзі Кревкердің иығына жанаса бере, қолымен перденің арғы жағындағы есікті нұсқап.


— Бұл Морнейдің қайдағы жоқ қиялы, — деп жауап қатты Кревкер, — ертеден келе жатқан қисынсыз аңыздардың бірі ғана... Солай десек те, бұған қазір көзімізді жеткіземіз.


Ол есікті ашуға енді оқтала бергенінде Людовик:


— Жоқ, жоқ, Кревкер, сіздің ар-ожданыңыз маған кәміл кепіл бола алады... Әйтсе де, герцогыңыздың маған не істемек ойы бар? Ол мені тұтқын етіп, ұзақ уақыт бойы қамап қойып жүрмей ме?.. Тоқ етерін айтқанда, Кревкер, мен сіздің ойыңызды білуге ынтызармын, — деді.


— Тақсыр, — деп жауап қатты де Кревкер, — өзінің ең жанашыр туысы әрі одақтасының опат болғаны туралы осынау сұмдық хабардың герцогқа қалай әсер еткенін өз көзіңізбен көрдіңіз ғой, сондай-ақ осы жауыздық ұлы мәртебелі тақсыр сіздің тыңшыларыңыздың үйретуімен жүзеге асырылғаны жөнінде күдіктенуі қаншалықты әділ екені басқалардан гөрі өзіңізге жақсырақ аян емес пе. Ал, бірақ менің тақсырым — игі де албырт жанды адам, сондықтан осындай қызу мінезді жан болуы себепті, астыртын қастандық жасау оның қолынан келмейтін іс. Оның қандай ниеті барын білмеймін, бірақ ол не істесе де күндіз әрі екі ұлттың көз алдында істейді. Біз, оның уәзірлері, бәлкім, бізге қосылмаса, бір адам ғана қосылмас, герцогтың бұл істе әділ де мейірімді болуына барлық күш-жігерімізді саламыз дегенді ғана айта аламын.


— Аһ, Кревкер-ай, — деді Людовик, бейне бір қасірет шеккен жандай оның қолын қысып, — қызбалыққа бой ұрып, өзі арандап қалатын қылықтан сақтандыра алатын осындай кеңесшілері бар патшаның да арманы бар ма екен! Мұндай кеңесшілердің есімдері тарих беттеріне алтын әріптермен жазылып қалатын болады... Мейірбан Кревкер-ай, тағдыр менің маңдайыма өзің сияқты адамды қалай-ақ жазбаған осы?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, ол адамнан өзіңіз құтылғанша асығуыңыз үшін бе? — деп киліге кетті ле Глорье.


— Ә, данышпан мырза, сен де осында ма едің? — деп саңқ етті Людовик сайқымазаққа қарап, сөйтті де өзі Кревкермен елжірей сөйлескен әуенінен іле-ақ әзіл-оспаққа көшіп; — Демек сен де біздің соңымыздан ілесе келгенсің бе? — деді.


— Әлбетте, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты ле Глорье. — Сайқымазақ кейпіне енген даналық патшаның шапанын жамылған Есуастықтың соңынан ілесер болар.


— Бұл сөзіңіздің төркінін қалай ұғуымызға әмір етесіз, данышпан Сүлеймен мырза? — деп сұрады Людовик. — Менің орныма патша болайын деген ойың жоқ па өзіңнің?


— Құдай сақтасын, патшам! — деп жауап қатты сайқымазақ.— Елу тәж кигізсе де болмаймын!


— Оның қалай? Ал егер қай патшаны таңдау менің еркіме берілген болса, шыным осы, дәл өзіңдей жанды қалар едім.


— Солайы солай да шығар, — деп жауап қатты ле Глорье, — жалғыз-ақ, гәп мынада, кемеңгерлігіңіз өзіңізді қандай тығырыққа әкеліп тыққан тұрғыдан қарап бағалар болсақ, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіздей аңқау сайқымазаққа не болуға ризалығымды бере қояр ма екенмін мен.


— Жап аузыңды, ақымақ! — деп ақырды граф де Кревкер.— Сен аузыңа ие болуды қойдың ғой, түге.


— Былшылдай берсін, Кревкер, — деп ескертті король. — Ақылды адамдардың ақылсыздығын мазақ етуден артық ермекті өз басым білген емеспін... Мә, мынаны ал, көреген досым, ішіндегі алтынымен қоса мына әмиянымды саған қидым және сонымен бірге менің айтар ақылыма құлағыңды салғын — өзіңді басқалардан ақылдымын деп ойлағың келсе, еш уақытта тап мұндай ақымақ болмағын... Сонан соң өзіңнен өтінер тілегім болсын: менің Мартиус Галеотти деген астрологымның қайда жүргенін біліп бер, сөйт те оны маған тездетіп жөнелт.


— Құп болады, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты сайқымазақ. — Ол дәу де болса, Жан Допльтурдың шарапханасында отырғанында шүбәм жоқ, өйткені ең бағалы деген шараптардың қайда сатылатынын білуге келгенде философтар да ақымақтардан кем түспейді ғой.


— Граф, күзетшілеріңіз осы бір ғұламаның ішке кіруіне рұқсат ететініне сенейін бе? — деді Людовик Кревкерге қарап.


— Бұған күмәнданбауыңызға болады, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты граф, — бірақ бір өкініштісі сол, маған берілген нұсқауларға сәйкес, ұлы мәртебелі тақсыр, өз тұрғын-жайыңыздан бір адамның да сыртқа шығуына рұқсат ете алмайтынымды қосымша ескертіп қоюға тиістімін... Ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге қайырлы түн тілеймін, — деді ол бұдан соң сөзін жалғап. — Нөкерлеріңіздің мүмкін қадерінше жайлырақ орналасулары үшін зал ішінің барлық жағынан да қалай әзірленгенін тексеріп шығуға тиістімін.


— Оларды ойлап алаңдамай-ақ қойыңыз, граф, — деді король. — Олар қиындық атаулыға дағдыланып алған адамдар, сондықтан, ашығын айтқанда, егер мұным нұсқауларыңызға қайшы келмейтін болса, өзін көргім келіп отырған Галеоттиден басқа бүгін ешкімді де қабылдағым жоқ.


— Сіз өз тұрағыңыздың толық қожасысыз, ұлы мәртебелі ағзам, — деп жауап қатты Кревкер, — әміршімнің әмірі солай.


— Сіздің әміршіңіз, Кревкер, оны осы бір сәтте өзімнің де тақсырым деп айта аламын, аса бір шапағатты тақсыр. Ал менің иелігімдегі аймақ, — деп сөзін жалғай түсті ол әзілдеп, — тек мына бір екі бөлмемен ғана шектелетіндіктен, пәлендей аумақты да емес, дегенмен де қол астымда қалған пақырлар үшін осының өзі-ақ молынан жетіп жатыр.


Кревкер қоштасып шыға берді, сөйтіп ұзамай Людовик кезек алмасқан күзетшілердің жүрістерін, қарулардың сыңғырын және жарлық берген бастықтардың даусын естіп тұрды. Бұдан соң біржолата тыныштық орнады да, қамал қабырғаларының маңынан ағып жатқан лай сулы Сомма өзенінің шолпылы ғана құлаққа шалына берді.


— Зал ішіндегі өз орындарыңа барыңдар, достар, — деді Людовик адамдарына қарап. — Жалғыз-ақ жатып қалмаңдар, өйткені бүгін тындыруға тиісті болып тұрған маңызды бір іс бар.


Корольдің әмірін екі етпестен, Оливье мен Тристан әлгінде Таңбалы мен превоның екі көмекшісі қалып қойған залға қарай беттеді. Мұнда әлгі үшеуі абажадай кең бөлмені сәл болса да жылытып әрі жарық сәулесін себелеген ошаққа от жағып қойып, плащтарына оранып алып, ошақтың алдындағы еденге жайғасқан болатын, жүздерін қара жамылғыдай ауыр мұң басқан. Оливье мен Тристанның да солардың істегенін қайталаудан басқа шаралары қалған жоқ-ты; олар рақат өмір кешкен күндерінің өзінде де бір-бірімен ешқашан достасып көрген емес-ті, сондықтан тағдырларының шұғыл да күтпеген өзгеріске душар болуына байланысты өзара пікір алысуға қазірде де зәредей зауықтары соққан жоқ. Серіктестер тіс жармастан мелшиіп отырып қалды.


Осы мезгілде жападан-жалғыз қалған өздерінің тақсыры, өз шапағаты арқасында басқалардың көрген қорлықтары енді алдынан шығып, қатты жан азабын шегумен болды. Ол біресе бөлме ішінде ерсілі-қарсылы теңселіп, алас ұрады, біресе қолын кеудесіне айқастырып қойып қалт тұрып қалады, қысқасын айтқанда, адамдарға сездірмей шебер жасыра білген тебіреністерін ірікпей енді түгел сыртқа шығарумен болған. Ақыр соңында, қақбас шал Морнейдің сөзіне қарағанда өзінің ізашарларының бірі опат болған құпия бөлменің есігі алдына келіп аялдады да, қолын сілтеп қалды, сөйтті де өзінің жанын жегідей жеумен болған сезімдерін үзік-үзік, қиюы кеткен сөздерімен білдіріп жатты:


— Аңқау Карл! Аңқау Карл! Өзінің қаны, сірә, ұзамай сенің қатып қалған қан тамшыларыңды жауып кететін он бірінші Людовикке ұрпақтары қандай лақап ат қойып, айдар тағар екен? Ақымақ Людовик, Кеще Людовик, Жарымес Людовик.... Жоқ, өзімнің барып тұрған ақымақтығымды бұл теңеулердің бірі де бейнелеп бере алмақ емес! Осынау баскесерлер — бүлік дегенде өздерінің ішкен асын жерге қоятын Льеж тұрғындары бір күн болса да арпалыса қоймас дегенге иланып қалғанымды қарашы!.. Осынау Арденнің жабайы доңызы өзінің қанішерлік дағдысынан бас тарта қояды деген қиялға қалай бой ұрдым десеңші! Көңілге қонатын дәлелдер жабайы бұқаға ықпал ете ала ма, жоқ па, бұл жағына көзімді жеткізіп алмай тұрып, Бургундияның Карлын ақылға жүгіндіремін дегенім есек дәме болып шықты!.. Ақымақ, ақымақ әрі нақұрыс! Ал, бірақ жексұрын Мартиус менен құтылып кете алмайды енді! Бәрін бүлдірген сол! Ол және оған қоса әлгі арамза поп, жауыз Балю. Бәлем, осы жерден аман-есен құтылып шығар болсам: бас терісімен қоса сыпырып алуға тура келсе де, оның басындағы кардинал бөркін жұлып тастармын! Бірақ екінші бір сатқын менің уысымда тұр, сөйтіп өзім қалай десе де әлі корольмін ғой — соның кесірінен өзім ақымақ кісідей, торға түсіп қалған осынау суайтты, осынау дүмшені, осынау пасық астрологты, осынау малғұн өтірікшіні жазалауға шамам келетіндей өз қолымда белгілі бір мөлшерде әлі билік бар емес пе.. Жұлдыздардың үйлесуі! Міне, саған үйлесу. Ол көп болса үш мәрте қайнатып, үш мәрте пісірілген қойдың басын ғана ақымақ ете аларлықтай бос сөздерді мылжыңдап еді дейсің бір, ал, мен бишара, нақұрыс басым оны іштей ұққан кісідей еліріп кете барыппын... Бірақ сенің үйлесуің қандай нышаннан аян бергенін біз ұзамай көріп алармыз!.. Алайда әуелі құдайға құлшылық етуім керек...


Аласа есіктің жоғары жағында, бәлкім, әлгі бөлме ішінде жүзеге асқан жауыздықты еске түсіру мақсатымен жасалған да шығар, қабырғаны қашап шағын ғана қуыс ойылып, сөйтіп осы қуысқа крестке керілген адамның қара дүрсін тас бейнесі қойылыпты. Король осы бейнеге тесірейе қарап, жүгініп отыруға ыңғайланғандай, бір адым ілгері басты да, дәп бір өзінің кәдімгі тіршілік қарекеттерін жаратушының осы бейнесімен салғастырғысы келгендей, сөйтіп жаратушының берік қолдауына ие болатынына көзі жете қоймауы себепті, оған жақын таяп келуге батылы бармай, орнында қалт тұрып қалды. Назар аударуына тұрмайды дегендей, крестке керілген бейнелерден теріс айналып, қалпағын шешті де, ондағы көп тақуалардың бейнелері ішінен Клерий бибісінің бейнесін таңдап алып, оның қарсы алдына жүгініп, құдайына сыйына, өзінше ерекше бір дұға оқуға кірісті, бұған қарағанда өзінің өрескел діндарлық пайымдауында клерийлік және эмбрендік бибіні екеуі екі басқа әулие деп санайтынын байқатты; соның ішінде Эмбрен бибісін артық көретін, оның құрметіне жиі-жиі құрбандық шалып тұратын.


— Қасиетіңнен айналайын Клерий бибісі, — деді ол даусы қатты шығып, қолымен кеудесін түйгіштеп. — Аса қасиетті әрі қайырымы мол бибатима, құдайдың алдындағы арашашымыз, мына күнәһар пендеңе рақым ете гөр! Нұр сәулелі сіңліңе, қасиетті Эмбрен бибіге көбірек көңіл бөліп, өзіңді ұмыт қалдырғаныма өкінішімді білдіремін, бірақ мен корольмін — билігім зор, байлығым ұшан-теңіз, ал, тіпті өз дәулетім аздық етіп жатса, өзімнің қол астымдағылардың мойнына салатын салықты екі есе көбейтемін, сөйтіп екеуіңе де сый-құрметімді көрсетіп бағамын. Мына темір есіктерді ашып таста, мына тұңғиық терең орларды көм, сөйтіп анасы баласын қалай мәпелейтіні сияқты, мені мына сұмдық құрсаудан аман-есен шығарып алғын, Егер мен өз сіңіліңе Булонь графтығын сыйға тартсам, өзіңе де нақ сондай құрбан шалу қолымнан келмейтін іс пе екен? Жер жаннаты саналатын Шампань өңірін өзіңе сыйға тартамын, сөйтіп осы өңірдің жүзімі әдияратыңды ен байлыққа кенелтетін болады. Бұл өңірді кезінде бауырым Карлға сыйлаймын деп серт еткен едім, бірақ Сен-Жан д'Анжели әдияратының жауыз аббаты оған у беріп өлтіргенін өзің білесің, бәлем, егер осыдан тірі қалсам, оның сазайын беретінім сөзсіз. Мен бұл өңірді сыйлаймын деп бұдан бұрын өзіңе серт етіп едім ғой, енді өз сертімде тұрамын! Ал егер бұл қылмысқа барсам, өз мемлекетімдегі лаңды басудың менде бұдан басқа амалы қалған жоқ, сөзіме илана көрші, шарапаты мол жарылқаушым. Қазіргі шақта менің бұл ескі күнәмді бетіме салық етіп баспай-ақ қой, әдеттегіңдей жанашыр да инабатты жарылқаушым бол! Аса қасиетті бибі, өз перзентіңді, бұрынғы күнәларымнан арылтуға көндір, сондай-ақ тағы да бір... қазір өзім жасауға бел байлап отырған болмашы ғана күнәма кешірім етсін... Айтқандайын, қасиетіңнен айналайын Клерий бибі, мұның өзі тіпті күнә да емес, күнә емес, әділдіктің көрінісі, өйткені осынау жексұрын — өз тақсырына бұрын-соңды өтірік айтқандардың ішіндегі аса бір айтулы суайты; бұған қоса оның бүйірі арамза грек дін бұзарына бұрып тұрады, өз қанатынның астына алатындай пендең ол емес; оны менің еншіме қия сал, сөйтіп жарық дүниені осынау құдайға қарсы, әрі дінбұзар пәледен құтқара алсам, онымды ізгі іс деп біл — оның өлімі өзіңнің көз алдыңда шырақтан үзіліп, немесе лаулап жанған оттан ыршып түсіп, сөніп қалған ұшқын құрлы да құны жоқ нағыз иттің өлімі. Ондай ұсақ-түйекке мән беріп жатпай-ақ қойғын, қасиетіңнен айналып кетейін, әулие бибі, одан да басыма түскен қиындықтан құтқарып алуға қол ұшын бер маған! Шампань жөніндегі сертімді орындайтынымның кепілі ретінде корольдің мөрін өзіңнің қасиетті бейнеңе бастым, мінеки, сөйтіп, өзіңнің ерекше жомарт әрі мейірбан екеніңе көзім жеткендіктен, мұндай қандыбалақ істе бұдан былай өзіңе ешқашан да жүгінбеуге ант етемін!


Әулие бибімен осы бір өзгеше шарт жасасқан Людовик, айрықша тақуа адамның кейпімен, латынша жеті сүре және киелі бибіге бағышталған бірер дұға оқып та үлгерді. Осыдан кейін әулиенің тікелей рақымына бөлендім деген сенімге бекінген ол орнынан түрегеле берді. Бата оқып, әлгінде әулиеге жүгініп, өзіне кешірім жасалуын жалбарына өтінген күнәларым басқа сипаттағы күнәлар, сондықтан Клерий бибатимасы өзімді кәнігі жендет деп ойлап қалуы мүмкін емес, өйткені өз қылмыстарымды кешіру жөнінде көбінесе басқа әулиелерге ғана сыр ақтарып келдім ғой деген жымысқы ойға бекінді ішінен.


Осындай тәсілмен күнәларынан арылып, яки, дәлірек айтқанда, ар-ожданын бейне бір ескі табыттай майлап-сылап алған соң Людовик есікті ашты да, дауыстап Таңбалыны шақырды.


— Уа, ерен батыр сарбазым, — деді оған, — сен көптен бері маған қалтқысыз қызмет етіп келесің, сөйткенмен бұған дейін қызмет бабымен көп жоғарылай қойған жоқсың. Енді, мінеки, тірі қаларымды әлде мерт боларымды өзім де біле алмай аңтарылған халге душар болып отырмын, ал әулие-әмбиелер өзімді қолдай қалса, достарымның, сондай-ақ дұшпандарымның да маған сіңірген еңбектерін өтемей, дүние салғым жоқ. Еңбегін бағалап өз алғысымды білдіретін жан досым бар — ол сенсің, сондай-ақ қылмысына сәйкес жазалайтын дұшпаным да бар, — ол опасыз сұм Мартиус Галеотти. Өзінің қисынсыз уәждерімен ол мені осы торға алдап әкеп түсірді де, соятын малын қасапханаға әкелген қасапшыдай, өзімнің бітіспейтін дұшпанымның қолына ұстап берді.


— Мен оны жекпе-жекке шақырамын! Сырт көзге ебедейсіз көрінгенімен ол шебер қылыштаса біледі, деседі ғой, — деді Таңбалы. — Ал герцог — күллі атақты сарбаздарды қатты қастерлейді; біздің жекпе-жек күш сынасуымызға ыңғайлы орынды ол тауып беретін шығар деген үмітім бар. Сондықтан, ұлы мәртебелі тақсыр, егер тірі болсаңыз, мына пақырыңыз өз патшасының ар-намысын қорғай алатынын, сөйтіп әлгі философтан кегіңізді алып бере алатынын, бәлкім, өз көзіңізбен көріп те қаларсыз!


— Өзіңнің маған деген адалдығың мен берілгендігіңді мақтан етемін, — деді король, — бірақ анау опасыз жауыз қаруды шебер меңгерген, сондықтан басыңды қатерге тіккім келмейді, асыл батырым.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіз айтыңызшы, егер мен тіпті одан да мықты дұшпанымнан, — деп жауап қатты Таңбалы, — қаймығар болсам, онда менің ерлігімнен не пайда? Егер өзім әліпті таяқ деп тани білмегеніме қарамастан, өмір бақи алдап-арбаумен көз ашып келе жатқан даңғойсынған сандалбайдан қорықсам, менің кім болғаным!


— Қалай болғанда да, — деді король, — сенің басыңды қатерге тіккім келмейді, Таңбалым. Мен әлгі сатқынға осында тез жет, деп әмір бердім, сондықтан ол қазір келеді. Саған тек ыңғайлы сәтті аңдып тұрып, оған жақын таяп барып, ішінен түйіп жіберу ғана қалады... Түсініп тұрсың ба?


— Неге түсінбейін! — деп жауап қатты Таңбалы. — Тек, жалғыз-ақ, көңіліңізге ауыр алып қалып жүрмеңіз, ұлы мәртебелі тақсыр, бұл менің қолым емес... Мен ит екеш иттің өзін де мені бас салғанда, ашу үстінде алыса түскенде ғана сығымдап өлтіремін яки...


— Өзің соншалықты көңілшек жан ба едің? — деп жақтырмай қалды Людовик. — Қоршауға түсіп қалған кездерімізде, немесе ұрыс үстінде әмәнда алдыңғы шептен табылмаушы ма едің, сен? Арыстандай айбатты, аяу дегенді білмейтін жеңімпаздардың қолы жететін олжаға иелік етуге өзің бірінші болып сайланып шығады, — деп естуші едім, ол өнерің қайда?


— Тақсыр, — деп жауап қатты Таңбалы, — қолыма семсер ұстаған сәттерде, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіздің жауларыңыздан мен ешқашан да шегініп көрген емеспін және олардың сазайын беретінмін. Кәрлену — ерлік іс, сөйтіп басқа төнген қатерден қаның қызып шыға келетіні соншалықты, әулие Андрейдің атымен ант етейін, бұдан соң өз сабаңа қайта түсу үшін екі сағаттай уақыт керек болады; жеңіске қол жеткеннен кейінгі тонаушылықты ақтау деп мен, міне, осы бір сәтті айтамын. Ұрыс қызуымен әуел бетте есінен тана бастайтын, ал бұдан соң жеңісті тойлаймын деп есінен мүлде адасып қалатын біздерге, бишара солдаттарға, жаратқанның өзі рақым етсін де! Құрамына кілең әулиелер ғана енген отряд жайында өзімнің естігенім бар-ды. Жұмысы бастан асып, іс басты болатындар нақ осылар шығар, деп ойлаппын! Өздерінен басқа күллі әскерлер қамын ойлап құдайға сыйынатын, дулыға, кіреуке киіп, семсер асынғандардың күнәсін кешіруді өтініп жалбарынатындар солар емес пе! Ал, бірақ, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің ұсынысыңызға келсек, мұның солдаттың ісіне мүлде қатысы жоқ. Әлбетте мойындауға тиістімін, біздің үлесімізге тиген істер тұтас алғанда аз емес. Қош, әлгі астрологқа келсек, егер ол сатқын екен, онда сатқынның өлімімен дүниеден өте берсін, бұл арада маған қарап қалған іс жоқ. Ұлы мәртебелі тақсыр, қол астыңызда табаны күректей екі көмекшісін ерткен превоңыз бар: текті семьядан шыққан, корольдің қарамағында қызмет атқарып жүрген шотланд дворянынан гөрі әлгі іс, мінеки, көбінесе соларға лайықты.


— Сен дұрыс айтып тұрсың, — деді король, — бірақ ең болмаса, менің әділ үкімім жүзеге асқанша бізге ешкім бөгет жасамауын, сөйтіп бізді күзету жағын өз мойныңа алуға тиістісің.


— Мен сізді күзету үшін бүкіл Пероннаға қарсы тұруға дайынмын! — деп жауап қатты Таңбалы. — Өз басым ұлы мәртебелі тақсыр, мейлінше мейірімді ар-ожданыма қайшы келмейтін барлық істе де өзіңізге қызмет етуден бас тартпайтындығыма күмәнданбауға тиістісіз. Тапсырған ісіңізді тындырмаған кезім болған емес, бұл жағы, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге де аян... Шынымды айтайын, өзіңізден басқа біреуге қызмет көрсетуге барғанымша, қанжарыммен өзімді жарып өлтіргенімді абзал санар едім.


— Демек, бұл жайында енді сөз етіп жатудың да қисыны жоқ, — деді король. — Құлағыңа құйып ал: Галеотти бөлмеме келіп кірісімен, есік алдында күзетке тұра қал да, ішке бөтен ешкімді жіберуші болма — өзіңнен талап етерім, міне, осы ғана. Енді бар да, превоны маған жібер.


Таңбалы бөлмеден шығып кете барды да, сәлден соң корольдің қасына Дәруіш Тристан келді.


— Аманбысың, бауырым! — деп сәлемдесіп жатты король онымен. — Біздің халіміз туралы не ойың бар өзіңнің?


— Егер герцогтың тікелей өзі бізді өлім жазасынан құтқарғаны туралы үкім келіп түспесе, онда халіміз өлім жазасына кесілгендердің халімен пара-пар, — деп жауап қатты прево.


— Үкімі келіп түсе ме әлде жоқ па, бірақ өзімізді осы қақпанға алдап әкеп түсірген кісі бізге пәтер сайлап қою үшін хабаршымыз боп о дүниеге аттанады! — деді король айрықша ызғарлана күлімсіреп. — Тристан, сен өзің әділеттілік жолында сан мәрте ерлік көрсеткен адамсың. Finis., әділін айтсақ, былай деуіміз керек: funis coronat opus. Сен өзіңнің ақтық демің үзілгенше маған қызмет көрсетуге тиістісің.


— Әлі де болса қызмет етемін, тақсыр, — деп жауап қатты Тристан. — Мен өзі кішкентай адам бола тұрсам да, пәтуасыздыққа еш уақытта да барған пенде емеспін. Кез келген басқа орындардағы сияқты, өз борышымды осы шаңырақтың ішінде де өтеймін. Көзім қашан жұмылғанша, ұлы мәртебелі ағзам, әрбір сөзіңіз мен үшін заң болып табылады, сондай-ақ әрбір үкіміңіз нақ өз тағыңызда отырғаныңыздай қалтқысыз орындалатын болады. Ал бұдан соң маған қандай жаза қолданамыз десе де, мейлі қолдана берсін, мен бұған пысқырмаймын да!


— Бәсе, мен де өзіңнен нақ осыны ғана күткен едім, бауырым, — деді Людовик. — Бірақ өзіңнің сенімді көмекшілерің бар ма? Сатқын қайратты да епті кісі, сондықтан көмекке шақырып, төңіректі басына көтере жар салуы да ықтимал. Шотланд есікті күзетуді мойнына алды — одан келер бар қайыр осы ғана; оның осыған көнгеніне де шүкіршілік, соның өзінде де маған оның көңілін табуға тура келді... Оливье болса, өтіріктен және жарамсақтанудан басқа қолынан түк те келмейді; рас, мұның сыртында ол қатерге ұрындыратын кеңестер берудің де кәнігі шебері... Жоқ, дар тұзағына күндердің күнінде өзі түсіп қалар, ал осы кезде тұзақты басқа біреудің мойнына іле салу оның қолынан келе ме, әлде жоқ па белгісіз, бірақ бұл кәсіпке ол мүлде жоқ адам. Ойланып көрші: бұл істі шұғыл да ың-шыңсыз тындыру үшін өзіңнің сенімді адамдарың мен қаруың бар ма?


— Труазешель мен Птит-Андре екеуін қасыма ерте келгенмін, — деп жауап қатты Тристан, — олардың кәсіптеріне әбден кәнігі болып алған адамдар екені соншалықты, үш адамның біреуін дарға асып қойғанын, қалған екеуі байқамай да қалады. Біз тірі болсақ та, өлі болсақ та, ұлы тақсыр, өзіңізбен бірге болғанымызды мақұл көрдік, өйткені сіздің көзіңіз жұмылған бойда-ақ, өз еншіміздегілерді қалай жазалаған болсақ, бізге де дәп солай аяушылық болмасын жақсы білеміз... Бірақ, ұлы мәртебелі тақсыр, сауал қоюыма рұқсат еткейсіз, сіздің кіммен істес болмақ ойыңыз бар? Мәселенің бұл жағын айқын білгенді жақсы көремін, өйткені нағыз қылмыскердің орнына ешбір кінәсі жоқ адамды дарға асып қойғаным үшін, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізден талай дүркін сөз естіп қалғаным бар-ды.


— Рас айтасың, Тристан, — деді Людовик. — Ендеше, біліп қойғын: жазаланушы — Мартиус Галеотти!.. Сен, байқаймын, бұған таңырқанып тұрғандайсың, бірақ сөйткенмен де бұл солай. Оңбаған неме, өзінің жалған сәуегейліктеріне иландырып, біздің бәрімізді осы бір торға әкеп түсірді де, Бургундия герцогының қолына табыс етті!


— Мұнысы үшін сазайын тартады ол! — деп екілене сөйледі Тристан. — Бұл өмірімдегі ең соңғы атқаратын ісім болсын мейлі, оның қанын сонаша сорамын, ал бұдан кейін өзімді бауыздап тастаса да мейлі!


— Өз ісіңе адал екеніңді білемін, — деді король, — адал адам болуың себепті міндетіңді мүлтіксіз атқарудан ләззат алатыныңды білемін: мейірбан жан, деседі данышпандар, өзінен өзі құрметке бөлене береді. Бар жөнел, абыздарды әзір ет; құрбан таяп келіп қалды.


— Үкіміңізді көз алдыңызда орындауыма рұқсат етесіз бе, тақсыр? — деп көзін жеткізе түсті Тристан.


Людовик бұл ұсыныстан бас тартты, бірақ астролог өз бөлмесінен шыққан бетте-ақ үкімді орындау мақсатымен күн ілгері дайындалуына әмір берді превоға.


— Өзіне опасыздық жасаған тақсырының көз алдында өзін қалай ұстайтынын көру үшін, — деді король сөзін жалғап, — осынау сұмыраймен тағы да бір мәрте сөзсіз жолықпақ ниетім бар. Өлім шеңгеліне ілігіп қалғанын сезінгендіктен қан қызыл реңі қалай ақ шүберектей қуқыл тарта бергенін, мені алдап соққан кезде, күлім қаққан көздерінің енді қалай өшіп сөне бастағанын рақаттана байқап тұрамын... Аһ, әттеген-ай, оның сәуегейліктерін қоштап-қолпаштаумен болған әлгі біреуінің бұл жерден табылмай тұрғанын қарашы! Бірақ осыдан өзім тірі қалсам, бетіңіздің қызылы таймаған қалпыңызды сақтай гөріңіз, кардинал мырза! Римнің өзі араласса да, сізді құтқара алмақ емес — сондай-ақ менің сөзіме әулие Петр мен аса қасиетті клерийлік бибі де налымақ емес!.. Сен неге кібіртіктей бересің? Бар да, сабаздарыңды ескертіп қой. Оңбаған неменің қас қағым сәтте-ақ келіп қалуы ықтимал. О, жасаған, өзіңнен өтінер жалғыз-ақ тілегім бар — ол бірдеңелерден сезіктеніп, келмей қойып жүрмесін. Бұлай болса, бұдан өткен сәтсіздік болмас еді! Болсайшы, Тристан-ау! Менің әмірімді орындаған кездеріңде бұрын ешқашан да сылбырлық көрсетпейтін сияқты едің ғой.


— Керісінше, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіз жиі ескерте беретініңіздей, мен тым шапшаң болатынмын, соның салдары кейде қатеге әкеліп ұрындыратын-ды: бір адамның орнына қателесіп, басқа біреуін дарға асып тастаушы едім. Тіпті, ұлы мәртебелі тақсыр, Галеоттимен қоштасарыңызда менің іске кірісуім керек пе, әлде жоқ па — соныңызды білдіретін бір белгі беріңіз деп өзіңізге өтініш жасамақпын. Ұлы мәртебелі тақсыр, сіз өз шешіміңізді өзгертуді ұйғарған, сөйтіп асығыстық жасапсың деп өзімді кінәлаған сәттеріңізді де ұмыта қойған жоқпын.


— Өзің неғылған күмәншіл адам едің? — деп айқайлап жіберді король, — Бұл жолы өз шешімімді өзгертпеймін деген жоқпын ба! Жә, бопты ендеше... Әлгінің саудасын бітіруің үшін есіңде болсын: егер мен қоштасып жатып, әлгі суайтқа: «Бізге бір құдайдың өзі жар болғай», десем, — онда өз ісіңді тындыра бергін; ал егер: «Маңдайыңнан жарылқасын!» десем — демек, өз шешімімді өзгерткен боламын. Ұқтың ба?


— Өз кәсібімнен басқа барлық іске келгенде мен су мимын, тақсыр, — деді Дәруіш Тристан. — Қайталап айтуыма рұқсат етіңіз. Егер сіз: «Маңдайыңнан жарылқасын!» десеңіз, — демек мен өз ісіме кірісе беруге тиісті боламын.


— Жоқ, ақымақ, жоқ! — деп ашу шақырды король. — Олай десем: оған тимегін. Ал егер мен: «Бізге бір құдайдың өзі жар болғай!» десем, — онда көбінесе сырласуға құштар өзінің жұлдыздарына екі ярдтай маңайлайтындай етіп мұрттай ұшырып түсіргін.


— Дарға асуға керек құралдарды таба аламыз ба, әлде жоқ па, қайдам, — деп қалды прево.


— Олай болса буындырып өлтіре сал, мәселе сонымен бітіп жатыр! — деді король мұңая күлімсіреп қойып.


— Ал сүйегін... сүйегін қайтеміз біз? — деп сауал қойды прево.


— Сабыр ете тұршы, ойланып алуға мұрсат берші... Залдың терезелері тым қылдырықтай... Бірақ, әнеки, дарияның арнасы тіпті артығымен жетіп жатыр. Оның сүйегін Сомма дариясына ағызып жібереміз, ал кеудесіне былай деп жазылған қағазды жапсырып қоямыз: «Алым алмай өткізіп жіберіңіздер: корольдің әділ сотының үкімі». Ал герцогтың солдаттары контрабандыға санап, оны ұстап аламыз деп жатса, өз білгендерін істей берсін!


Ұлы прево корольдің бөлмесінен шықты да, кеңес құрмақ болып, өз көмекшілерін терезеге арналған ойыққа шақырып алды. Жарығырақ болсын деп Труазешель шырақ жағып, қабырғаға іле салды, сөйтіп өздерін тыңдай қоярлықтай ешкім болмаса да, өйткені Оливье ауыр ойға шомып өзімен өзі болып отырған, ал Таңбалы қатты ұйқтап жатқан, үшеуі сыбырласа сөйлесіп кеңес құрды.


— Достар, — деп бастады прево өз сөзін, —сендер, бәлкім, біздің саудамыз бітті, сөйтіп тұзаққа іліну кезегі енді өзімізге де жетті, деп ойлайтын шығарсыңдар. Қуана беріңдер, бауырлар. Мейірбан короліміз біздің тағы да бір көрініп қалуымызға мүмкіндік беріп отыр, сондықтан біз борышымызды, өз есімдерін тарихта қалдыруға ұмтылған адамдарша атқаруға тиісті боламыз.


— Еһе, гәптің қайда жатқанын менің ішім сезіп тұрғандай, — деді Труазешель. — Біздің тақсырымыз, өздері ауыр жағдайға душар болғанда, яки, біздің тілімізбен айтсақ, дардың бірінші сатысына душар болғанда жандарын қинамау үшін, тәжірибесіздердің қолына, бұл іске жаңа ғана үйреніп жүргендердің қолына түспеу үшін, әділ сот үкімін орындаушылардың ортасынан тәжірибелі адамдарды іздейтін Рим императорларының кебін киіп отыр. Мәжусилер үшін бұл, әрине, ғажап әдет-ғұрып. Бірақ мен өзім ізгі ниетті католик болуым себепті... шыным осы, өзіміздің барып тұрған христиан королімізді дарға асуға қолым бара қояр ма екен, әй, қайдам...


— Жә, аптықпай қоя тұр, бауырым, өзің жөн-жосықсыз көңілшек екенсің, — деп жақтырмай қалды Птит-Андре. — Өзіне шығарылған үкімді орындауды король егер бізге жүктеп жатса, расын айтайын, оның әмірін орындамауға біздің хақымыз бар ма? Рим тұрғындары папаның айтқанын екі етпеуге тиісті! Превоның қызметшілері оған бағынуға міндетті, ал ол — корольге бағынуы керек.


— Өшіріңдер үндеріңді, оңбағандар! — деп ақырып жіберді прево. — Бұл әңгіменің ұлы мәртебелі тақсырға ешқандай қатысы жоқ, керісінше, әңгіме әлгі бір грек дінбұзары, мәжуси әрі алаяқ Мартиус Галеотти жайында ғана болып отыр.


— Галеотти! — деді Птит Андре. — Несі бар, бұлай болуы әбден табиғи нәрсе. Керілген арқан үстінде би билейтін қуаяқтардың ішінен арқаннан ұшып түсіп, мерт болмаған бірде-біреуін өзім әлі кездестірген емеспін!


— Бір өкінішті жері сол, — деп ескертті Труазешель, көзін көкке қадап, — бишара өлер алдында арыздаса да алмайтын болып тұр.


— Жап аузыңды, — деді прево. — Ол өзі дінбұзар, әзәзіл емес пе... Бір тайпа поп жиналса да, оны дұрыс жолға түсіре де, сөйтіп оны тағдыр жазмышынан құтқара да алмас еді. Айтқандайын, егер оның арызданғысы келіп жатса, Труазешель-ау, өзің де құр алақан емессің ғой: сен поптың қызметін де атқаруыңа болады!.. Бірақ барлық гәп мынада болып отыр — сендерге қанжарларыңды кәдеге асыруға тура келіп тұр; өйткені біздің кәсібімізге керек қару мен құралдар қолымызда жоқ қой.


— Корольдің әмірі келіп жеткенде, бізді қамсыз қалғаннан сақтай көр, Париждің әулие бибісі! — деп жар салды Труазешель. — Тұзағына шейін сайлаулы, беліме үш рет орап алған әулие Францискінің бауын бойымнан ешқашан да қалдырып көрген емеспін. Өзімнің осы әулиенің әулетіне жататыным үшін-ақ — құдайға шүкіршілік етемін.


— Ал мен, — деп қостап жатты Птит-Андре, — егер өз кәсібімізбен ағашы жоқ, жерде яки бұтақтары ағаш діңінің ұшар басында ғана орналасқан жағдайда айналысуға тура келсе деп, сақтап жүрген берік бұрандасы бар шығыр табамын. Бұл қазір таптырмайтын қару болып отыр.


— Міне, тіпті қатып кетті ғой! — деді прево. — Демек, шығырды есіктің маңдайшасы үстіндегі сонау бір бөренеге бұрап бекітулерің, сонсоң шығырдан арқанды өткізіп қоюларың ғана қалып тұр. Мен сабазыңды осы орынға ертіп әкеліп, оны сөзге айналдыра тұрамын, ал сендер дереу тұзақты оның мойнына іле саласыңдар, ал бұдан кейін...


— Ал бұдан кейін біз арқанның ұшынан тартып қаламыз. Арқан лып беріп көтеріле береді! Біздің астрологымыз аспаннан бір-ақ шығады, — деп жарыса сөйлеп кетті Птит-Андре, — яки ең жоқ дегенде оның аяғының ұшы жерге тимей тұрады.


— Қош, мына мырзалар, — деді Труазешель ошақ жаққа көз қиығын тастап, — бізге қол ұшын бермес пе екен?


— Гм... Әй, қайдам, — деп жауап қатты прево. — Шаштараз тек басқа біреудің қолымен от көсеуге ғана ұста, ал шотландық біз өзіміз әлгі бір шаруамызды тындырып үлгергенімізше, есікті күзетіп тұрады: бұдан артыққа баруға оның ептілігі де, тапқырлығы да жетісе бермейді — әркімнің айналысатын өз кәсібі бар.


Превоның өзіне лайықты құйыршықтары даңқты өмір жолдарын айрықша бір даңқты ерлікпен аяқтайтындарына қуанып, тұтқын монархтың Галеоттиге шығарған үкімін орындауға қажетті жабдықтарды бастарына төніп тұрған қатерді ұмыттырып жіберген таңғаларлықтай шапшаңдықпен әрі тіпті әлдеқандай бір ләззатпен, реттеп жатты. Дәруіш Тристан жайласа отырып алып, өз сабаздарының қимыл-әрекеттерін ешбір бүкпесіз сүйсіне қадағалаумен болды. Оливье төңірегінде болып жатқан өзгерістерді байқаған да жоқ. Ал Людовик Леслиді алатын болсақ, у-шудан оянып кетіп, осынау бір дайындық жұмыстарына бейне бір өз міндетінің шеңберіне қатысы жоқ іске қарағандай кейіппен көз тікті.


XXIX ТАРАУ


КЕРІСУ



Жоқ, соққан жоқ, сенің соңғы сағатың,
Әзірейіл жоқ жаныңды сенің алатын.
Егер келсе ол — сен сүрініп кетед деп,
Соқырлардай өзі сені жетектеп,
Келеді де қара түнді бүркеніп,
Шыңырау құзға жібереді итеріп.


Ескі пьеса



Людовиктің әміріне құлдық ұрып, яки, дұрысын айтсақ, оның тілегін орындап — өйткені Людовик әлі король атана тұра, қазіргі өзі душар болған жағдайда, тек өтініш-тілегін ғана білдіре алатын еді,— ле Глорье Мартиус Галеоттиді іздеуге шықты, ал сайқымазақ үшін мұның өзі мүлде қиынға түспейтін іс-тұғын. Қамалдан шыққан бетте ол өзіне жақсы таныс, Пероннадағы ең бір айтулы деген ішкілік орнына тікелей тартып берді, себебі ол жерде әңгіме-дүкен құрған серіктерін нақ өзінің басындай әңкі-тәңкі күйге түсіретін ішкілікке жаны қатты құмартып тұратындықтан, мұның өзі де осы бір орыннан қарасын үзбейтін-ді.


Үлкен зал ішіндегі ең басты жиһаздардың бірі нән ошақ болуы себепті, фламандтар мен немістер «ошақ» деп атап кеткен-ді; осы арада ол астрологтың үстінен түсті, яки, дәлірек айтсақ, әлде мавритандық, әлде азиаттық үлгіде киінген бейтаныс әйелмен терең сыр шерткен астрологты алыстан көзі шалып қалды. Өздеріне қарай таяна берген ле Глорьены байқаған әйел кетуге оңтайланып, орнынан түрегелді.


— Айқын шындық осы, сіз бұған шүбәсіз илана беріңіз, — деді Галеоттиге бейтаныс әйел, сөйтті де бұл сөздерін айтып бола сала, жеке столдардың басында отырған және түрегеп тұрған адамдардың ортасына кіріп, көзден ғайып болды.


— Иә, философ бауырым, сені көк аспанның өзі алақанына салып аялауда ма қалай? — деді сайқымазақ астрологтың қасына келіп. — Қасыңнан бір күзетші кетіп үлгерер-үлгерместе, тәңірім, оның орнына басқа бір күзетшіні жіберіп отыр; қасыңдағы ақымақ біреу қарасын үзер-үзбестен, сені француз Людовигінің апартаментіне ертіп апару мақсатымен, екінші бір ақымақ пайда бола кетті.


— Сені король жұмсап отыр ма? — деп сұрады Галеотти, тіл қатқан жанға күдіктене көз тастап, әрі біз ілгеріде айтып өткеніміздей, оның кәсібінен сыр шаша қоярлықтай Глорьенің тұла бойында ешқандай да белгісі болмағанына қарамастан, бұл келгеннің сайқымазақ екенін әу дегеннен-ақ сезе қойып.


— Көңіліңізге ауыр алып қалып жүрмеңіз — нақ соның өзі жұмсап отыр, — деп жауап қатты сайқымазақ. — Сондықтан Құдіретті Күш Ақымаққа Данышпанды іздеп табу үшін жұмсаса мұның өзі, сырқат адамның дерті қай жерінде екенін айны қатесіз аңғартатын нышан болып табылатыны, басқа біреуден гөрі асқан данышпан ұлы мәртебелі сізге аян болуға тиісті.


— Ал егер осындай беймезгіл уақытта және онысы аздай, өзіңіздей елші арқылы келіп жеткен бұл шақыртудан бас тартсам қайтпек? — деп сауал қойды Галеотти.


— Ондай жағдайда, асқан ұлы мәртебелі, өзіңіздің жаныңыз қиналмас үшін, біз сізді алақанымызға салып көтеріп алып барамыз, — деп жауап қатты ле Глорье. — Осы арада есік алдында бургундиялық бес-алты жігіт сақадай сайланып күтіп тур, Кревкер оларды менің қасыма нақ осындай жағдайды ойлап қосып беріп отыр. Досым, Бургундия Карлы екеуміздің қолымызға, мисыз есекше, өзін әкеп бере салған өз туысымыз Людовикті тағынан әлі аударып тастай қоймағанымызды сіз білуге тиістісіз; рас, бұл тақты біз арамен тілгілеп, кескілеп тастадық, бірақ гүл жапырағындай жұқарып қалғанына қарамастан, қалай десек те, бұл өзі таза, саф алтыннан құйылған тақ емес пе. Дәлірек айтқанда, Людовик өзінің қол астындағыларға, соның ішінде сізге де әмірі бұрынғысынша жүріп тұрған патша. Христиандардың ішіндегі аса үздік христиан королі өз шаңырағында, ол Перонна қамалының ежелгі мұнарасына жайласқан, сондықтан оның адал қызметшісі — өзіңіз де шұғыл түрде сол жерге барып жетуге міндетті боласыз!


— Кәнеки, баста, соңыңнан ілесейін, — деді Галеотти. Сонан соң ле Глорьенің соңынан ілесе берді, бәлкім, жалтарып кетудің реті келмеген соң сөйткен шығар.


— Әбден дұрыс істедіңіз, — деді сайқымазақ қамал-сарайға қарай беттеп бара жатқанда. — Өйткені бізге туысымызды қайсыбірде азуына басатын бұзау-торпақ тастап қою керек болатын торға қамаулы аш, кәрі арыстандай мәпелеуімізге тура келіп тұр.


— Корольдің маған қарсы ойына түйген бір қастандығы бар дегің келіп тұрған жоқ па? — деп сауал қойды Галеотти.


— Бұл жағын өзіңіз жақсырақ білуіңіз керек, — деп жауап қатты сайқымазақ. — Түн көзге түрткісіз қараңғы болғанына қарамастан, бұлттардың арасынан жұлдызды жазбай тани білетіндігіңізге менің шүбәм жоқ, ал мен бұл ғылымнан мүлде бейхабар жанмын. Жалғыз-ақ білетінім, қақпанға түскен кәрі егеуқұйрықтың қасына тақағанда абай болғайсың деп анам маған әмәнда ақыл айта беруші еді, өйткені егеуқұйрық осындайда тістеп алуға көбірек құмар келеді-міс.


Астролог тіл қатуды қойып, жым болды, бірақ ле Глорье, күллі сайқымазақтарға тән әдетіне басып, қамал-сарай қақпасына жетіп, ғұламаны күзетшілер қолына табыс еткенше астрологты ащы күлкімен түйреп, қилы-қилы шатпақтарын соғудан тыйылмады. Осы арадан бір күзетшінің қолынан екіншісіне өткен Галеотти ақыр соңында Герберт мұнарасынан бір-ақ шықты.


Алайда сайқымазақтың емеуріні Мартиус Галеотти үшін зая кетпеді, ал өзін король түскен бөлмеге ертіп апарған Тристанның түнере қараған көзқарасы мен түксиген, ашуға булыққан жүзі, сайқымазақтың емеурінін растап тұрғандай көрінді оған. Астролог аспан әлемі сырларына жетік болғаны сияқты жер бетінде болып жатқан істерді де зейін қоя қадағалай білуші еді, сондықтан өзінің күтпеген кезде келіп қалуымен байланысты әзірлік жұмыстары әлгінде ғана доғарылғандықтан, әлі сәл-пәл тербеліп тұрған арқан өткізілген шығыр оның назарынан тыс қалған жоқ. істің мән-жайын іштей ұға қойып, сөйтіп қулығы мен тапқырлығына басып, өзіне төнген қауіп-қатерден құтылып шығу мақсатында барлық тәсілдерді іске қосып қалуға ұйғарды; ал егер бұлай етудің реті келмей қалса, өзіне қарсы кім қол көтерсе де, одан қорғануға бел байлады.


Іштей тас түйін бекінгені жүріс-тұрысынан да, көзқарасынан да айқын аңғарылып, өзінің сәтсіз шыққан болжауларынан да, монархтың ашуынан да, оның қалай боп тынар ақырынан да титтей тайсалмаған Мартиус корольдің бөлмесіне кіре берді.


— Айыңыз оңынан, жұлдызыңыз солынан туғай, ұлы мәртебелі король! — деді шығыс халықтарының әдет-ғұрпынша ол корольмен иіле амандасып. — Әмірші сұлтаным жұлдызы қарсылардың пәле-жаласы мен қырсығынан аулақ болғай!


— Алайда өзің төңірегіңе көз салсаң болғаны, — деп жауап қатты король, — мына бөлменің қай жерде орналасқанын және оны кімдер күзетіп тұрғанын көз алдыңа елестетсең болғаны, маған тілектес жұлдыздар шоғыры өзімнен ауып кеткенін, ал жұлдызы қарсылар қосылып алып, ең қауіпті одақ құрғанын оп-оңай-ақ ұға қоясың. Сондықтан менің осы арадан табылғанымды, тұтқын болғанымды, өзімді осы араға кімнің ақылы мен серті алып келгенін біле тұра, ұялмайсың ба, Мартиус Галеотти?


— Өзің ше, менің сұлтан шәкіртім, — деп жауап қатты философ, — аз уақыттың ішінде-ақ, ғылымда айрықша табысқа жеткен өзің, ерекше парасатты ақылды, әрқашан да табанды өзің ұялмайсың ба? Тағдырдың алғашқы соққысынан-ақ еңсең түсіп кеткеніне және қарулардың тарсылын құлағы шалысымен ұрыс даласынан зытып беретін қорқақша, алғашқы кездескен сәтсіздікте-ақ қаша жөнелгеніңе өзің ұялмайсың ба? Адамға пендешілігін жеңіп, одан биік тұруына, жер бетіндегі тіршілік атаулыдан, бақытсыздық пен қайғы-қасіреттен жоғары тұруына көмектесетін сырлардың табиғатына терең бойлауға тырысып бағамын дегенің қайда сенің? Ертедегі стоиктердің табандылықтарынан үлгі-өнеге алып, осындай қасиетке ие болуды арман еткенің қайда сенің? Алғашқы түскен найзағайдың өзі-ақ сенің жігеріңді құм еткені ме, сөйтіп өзің асқан құштарлықпен ұмтылған сол бір даңқты сыйды ұмытқаның ба шынымен-ақ? Ойға алған қауіптің елесінен сескенгіш үркек аттарша, өзің таңдаған жолдан шынымен-ақ бас тартқаның ба?


— «Елес!» «Ойға алған қауіп!» дейсің-ау! Арсыз адамсың сен өзің! — деп ақырып жіберді ашуға булыққан король. — Япыр-ау, мына абақтыда отырғаным шындық емес пе екен? Менің қарғыс атқыр бургундиялық қаскөй дұшпанымның жағалай қаптатып жіберген күзетшілері, қазір есігімнің алдында қаруын кезеніп тұрған күзетшілер, елес пе екен? Опасыз! Абақтыға қамалу, тағыңнан айрылу және басыңа төнген өлім қаупі сенің ойыңша бақытсыздық болмаса, онда шын мәніндегі бақытсыздық деген, сенің ойыңша не екен, не? Айтсайшы, не?


— Надандық, бауырым менің, надандық пен ырымшылдық, — деп жауап қатты данышпан асқан табандылықпен, — бірден-бір нағыз бақытсыздық деген, міне, осы. Илан маған, егер надандық пен ырымшылдыққа бой алдырса, құдірет-күші мен даңқы жер жарған корольдің күні — аяғына бұғау салып, зынданға тастаған данышпаннан да қараң. Егер ақыл-өсиетіме құлақ асар болсаң осынау бірден-бір әрі шын мәніндегі бақытқа, бостандыққа бастайтын жолды көрсетуге міндеттімін мен.


— Дәрістеріңнен мені қарық қылмақ болған әлгі бір философиялық бостандығың осы ма еді! — деп айғайлап жіберді король күйініп. — Өзіңнің айрықша бір жомарттығың ұстап, басыма үйіп-төгіп салған билігің әуесқойлығымды тізгіндейтін ғана билік екенін, Плессиде естіп-білсем ғой онан да; тұла бойымды айрандай ұйытып жерік еткен табысың, философия ғылымындағы табыс болып табылатынын, сондықтан маған итальян қаңғыбасы мен дүмшесінің кебін киіп, нақ содан аумаған данышпан әрі ғұлама боласың деп неге айтпағансың? Сөйтсең, рухани жағымнан соншама жетілген деңгейіме күллі христиандар әлеміндегі тақтардың ішіндегі ең ғажап тағымнан айрылып, Перонна зынданына қамалғаннан гөрі өзіме арзанырақ түсетін құнның өтеуімен шарықтап көтерілген болар едім!.. Жоғалт көзіңді! Өшір қараңды, бірақ сен өзіңе кесімді жазадан құтылып кете алады екенмін деп дәмеленбей-ақ қойғын, опасыз: бізге бір құдайдың өзі жар болғай!


— Сенің шел басқан көзіңді ашып, өзімнің кіршіксіз арымды ақтап алуға талпынбастан, — деп жауап қатты Мартиус, — өз жайыма кете салмаймын әрі өзіңді тағдырдың жазмышына жалғыз қалдыра алман; ал менің кіршіксіз арым сенің тағыңда жарқыраған әсем алмастарыңнан да таза, сондықтан да бүкіл Капеттер әулеті, Сен-Дени лақаттарында әлдеқашан ұмытылып, топыраққа айналған соң, ғасыр өткеннен кейін де менің кіршіксіз арымды күллі әлем мақтан ететін болады.


— Айтып қал айтпағыңды, — деді Людовик, — бірақ арсыздығыңа сеніп, өз ниетімнен яки өз пікірімнен бас тартады екен деп ойламай-ақ қой. Бәлкім, бұл менің король ретіндегі ең соңғы рет шығаратын үкімім болар, сондықтан сөзіңді тыңдап алмай, сені жазаға тартқым келмей тұр. Айтып қал, сенің қазіргі жағдайда қолыңнан бар келері — бұл тек шындықты ғана айту. Мені ақымақ еткеніңді, өзіңнің суайт екеніңді, өзің табынатын жалған ғылымың — құр сандырақ екенін және аспаннан жарқырап көрінетін планеталардың өзенге түскен нұр-сәулесі — оның ағысына ықпал ете алмайтынындай, біздің өз тағдырымызға әсері де сондай-ақ, шамалы екенін мойындағын!


— Қош, аспан әлемінің құпия сырлары туралы не білесің өзің? — деді астролог батыл сөйлеп. — Аспан әлеміндегі планеталардың өзендердің ағысына құдіреті жетпейді дейсің сен. Планеталардың ішіндегі ең сорлысы — айдың билігі, менің оны ең сорлысы деуімнің себебі — ол басқа планеталарға қарағанда біздің бишара жерімізге жақынырақ орналасқан — Сомма тәрізді беймәлім өзенсымақтармен ғана шектеліп қоймайды, сонымен бірге шексіз-шетсіз мұхит та өзінің тасу және қайту кезеңдерін айдың толып-кему кезеңдерімен ыңғайластырып отырады, сөйтіп оның әрбір қозғалысына ханшаның қас-қабағына қарап табынатын құлдарша қалтқысыз бағынышты болатынын сен білмеуші ме едің? Кәне, Людовик де Валуа, менің жұмбағымды енді сен шешіп көргін... Өзің шыныңды айтшы, сапар шегіп келе жатқанында жолшыбай қарсы алдынан создан желге немесе жайсыз ағысқа кезіккендіктен кемесін айлаққа енгізе алмағаны үшін ғана кеменің рулін басқарушыға ашуланып, кәрін төккен ақымақ жолаушының кебін киіп тұрған жоқсың ба? Өз ісіңнің сәтімен аяқталатынын біршама берік сеніммен болжап айту, әрине, менің қолымнан келер еді, бірақ көздеген мақсатыңа аман-есен жетуің бір тәңірінің ғана құдіретіндегі іс-тұғын, сондықтан мақсатыңа бастап апаратын жол қауіпті де қиын болса, оны неғұрлым оңайырақ ету, сөйтіп осынау бір қауіп-қатерлерді жоққа саю маған байланысты ма екен? Бізді өз еркімізден тысқарылау бастап әкетіп бара жатқанына қарамастан, тағдыр көбіне-көп жақсылыққа қарай бет алуда деп күні кеше ғана өзіңді шыңдаумен болған данышпандығың қайда қалған?


— Өзің менің есіме... — деп қазбалана жауап қатты Людовик, — өзің менің есіме тағы да бір өтірігіңді түсіріп тұрсың! Сен шотланд балғын жігіт өзіне жүктелген тапсырманы менің пайдама және ортақ игілік жолына сәтімен орындайтын болады деген болжамыңды айтып салғансың маған. Бұл болжамың немен тынғанын өзің білесің бе: бұл істің аяқталуы бургундиялық жабайы бұқаға әсер еткеніндей, мені нақ осындай жусатып түсетін соққыға ешкім жығып бере алмас еді. Болжамың көрінеу көзге жалған болып шықты, бұдан сен ешбір бұлтара алмайсың; жайлы ағысты күтпедің, сөйтіп өзеннің жағасына отырып алып, ұзамай өзен сарқылар ма екен деп аңсаумен болған әлгі бір ақымақша — өзің маған осыны тілеп тұрсың да — теңіз бойына барып, қашпаған қашардың уызына жерік болмадың деп бар пәлені маған аудара салуыңа көне қоятын ешкім жоқ. Бұл жолы да сен мүлт кеттің!.. Сен заматында жалған болып шыққан, мүлде нақты болжам айтамын деп ақымақтық жасап алдың.


— Қалай десеңіз де бұл болжамым іс жүзінде дәлелденеді де, ақиқатқа айналады, — деп батыл түрде жауап қатты астролог. — Нақ осы болжамның жүзеге асуы ғылымның надандықтан үстем шығып, өзімді бақытқа бөлейтін бұдан артық салтанатты мен аңсамаймын да. Балғын жігіт күллі ізгі тапсырманы қалтқысыз орындап шығады дегенмін өзіңе, қош, әлде ол бұлай еткен жоқ па? Ол арамзалық іске араласпайтын ізгі жанды адам дегенмін өзіңе; әлде ол мұны іс жүзінде дәлелдеп берген жоқ па екен? Егер бұған күдіктенсең, онда сыған Хайраддин Мограбиннен сұрастырып біліп алғын!


Осы бір сөздерді естігенінде ұялғанынан және ашу-ызаға булыққанынан корольдің жүзі нарттай жанып, түтеп тұрды.


— Планеталардың ұштасуы, сапар шеккен жолаушы үшін қатер екенін саған айтпап па едім, — деді астролог сөзін жалғап, — және әлгі балғын жігіттің жол бойында қатерге тап болғаны бекер ме екен, әлде? Оның саяхаты өзін сапарға аттандырған адам үшін игіліктермен аяқталатыны жөніндегі өз болжауымды да өзіңе айтқанмын. Көп ұзамай бұл ақиқатқа да айналмақ, сөйтіп өзің көп олжаға кенелесің.


— «Көп олжа!» — деп дауыстап жіберді король. — Сенің олжаларыңның түрі осы ғой: абыройдан айрылып тұтқынға түстік.


— Жоқ, әлі де ақырын тосу керек, — деп жауап қатты астролог, — өзің кенелетін олжа әлгі балғын жігіт тапсырмаңды қалай орындағанына байланысты болғанына ұзамай-ақ көзің жетеді.


— Жоқ, мұның тым шектен асқан... шектен асқан сұмдық арсыздық! — деп айқайға басты король. — Өтірік айтып тұрғаның аздай-ақ, қорлап та тұрсың... Өшір қараңды! Бірақ опасыздығыңның жазасын тартпайды екенмін деп ойламай-ақ қой: бізге бір құдайдың өзі жар болғай!


Галеотти кетпек болып бұрыла берді.


— Сәл кідіре тұршы, — деді Людовик. — Өз өтірігіңе шаң жуытпайсың ғой, түге. Тағы бір сауалыма жауап бер, бірақ әуелі асықпай ойланып ал. Сенің жалған өнерің тікелей өзің жан тәсілім ететін сағатыңды айта ала ма?


— Ол басқа адамның тағдырына байланысты боп тұр ғой, — деп жауап қатты Галеотти.


— Мен сені түсінбедім, — деді Людовик.


— Ендеше, біліп қойғын, алдияр король, — деп жауап қатты Мартиус, — барынша нақпа-нақ мынадай деректі ғана кәміл сеніммен айта аламын, ұлы мәртебелі тақсыр, мен өзіңнен дәл жиырма төрт сағат бұрын дүние саламын.


— Қалайша!.. Не айтып тұрсың өзің? — деді король дегбірі кетіп. — Кідіре тұр, кетпеші, сәл кідіре тұршы... Өзің өлген соң іле-шала менің де күнім бітеді дейсің бе?


— Бір минут артық та, бір минут кем де емес, мен өлген соң дәл жиырма төрт сағат өткенде дүние саласың, — деп нық сеніммен қайталады Галеотти, — ғарыштағы толассыз қозғалыстары үстінде бізге нышан беретін осынау аспан әлеміндегі планеталардың ақылға қонымды құпияларында шындықтың ұшқыны бар екені расқа сайса, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге қайырлы түн тілеймін!


— Тоқта, тоқта, кідіре тұр! — деді астрологтың қолына жармасып, оны есік алдынан өзіне қарай сүйрелеген король. — Галеотти, сөзіме құлағыңды түрші, мен әрқашан да өзіңнің мейірбан патшаң болып келдім: өзіңді дәулетке кенелттім, өзіме дос, серік, тәлімгер еттім. Өзіңнен өтінемін, менен сыр бүгуші болмағын! Сенің ғылымыңда ең болмаса бір түйір шындық бар ма? Оқиғаның ақыры мен үшін сәтімен аяқталатыны рас па? Екеуіміздің өліміміз шынымен-ақ бір-бірімен нақ соншалықты берік байланысты ма? Әлде бұл әншейін айлаң ба, мойындашы, менің ізгі Мартиусым. Өзіңе құдайдай сыйынайын, мойындашы, бұның үшін өкінбесіңе көзің жетеді. Мен қарт адаммын, мен тұтқынмын, сондықтан, бәлкім, ертең-ақ тақтан айрылып қалуым хақ... Менің жағдайымдағы адам үшін шындық дегенің тұтас бір патшалықтан да қымбат, сондықтан, ардақты Мартиус, өзіңнен осы бір аса бағалы қазынаны — шындықты айтады деп күтемін!


— Ашу үстінде мені бас салып, пәрша-пәршамды шығарар деп қорықсам да, тәуекелге бел байлап, сол шындықты, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің аяғыңыздың астына тастадым да ғой әлгінде,—  деп жауап қатты Галеотти.


— Өйтетін мен бе, мен бе, Галеотти? — деді Людовик мұңайып. — Қайтейін, мен жөнінде қатты қателесіп тұрсың! Япыр-ау, мен тұтқын емеспін бе, ашуға ерік беріп, өзімнің шарасыздығымды айқынырақ танытып қоймау мақсатында-ақ төзімділік көрсетуге тиісті емеспін бе екем? Менің сауалыма бүкпесіз ашық жауап бер: өзіңнің мені алдап соқпақ ойың болып па еді? Әлде сенің ғылымың ақиқат нәрсе ме, сөйтіп маған бастан-аяқ шындықты айттың ба?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, егер мен, — деді Мартиус Галеотти, — сенбеушілікті тек уақыт, жалғыз ғана уақыт және оқиғаның даму барысы ғана жоққа саюы мүмкін деп жауап қайтарсам, мұнымды кешірерсіз. Егер сөзімнің ақиқаттылығына өзіңізді қайта-қайта иландырып жататын болсам, онда даңқты жеңімпаз венгрлік Матвей Корвиннің кеңсесінде, сондай-ақ тікелей императордың өз кабинетінде шексіз сенімге ие болған адам ретінде өзімнің адамгершілік қасиетімді қорлаған болар едім. Егер маған сенімсіздік көрсеткіңіз келсе, онда мен тек оқиғаның бұдан былайғы даму барысына ғана сілтеме жасай аламын. Бір-екі күн сабыр ете тұрыңыз, шотланд жігіт жөніндегі болжамым ақиқат па, жоқ па, сонда белгілі болады. Егер осынау Квентин Дорвардтың ерлік мінезі, ұлы мәртебелі тақсыр, сізді олжаға, олжа болғанда маңызы зор олжаға кенелтпесе мені арбаға сүйреп өлтірсін, сүйегімді уата берсін, мейлі! Ал, бірақ тағдыр маған осындай азап өліммен өлуді жазса, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің алдын ала поп жағынан қамданғаныңыз абзал болмақ: менің ақырғы демім үзіліп біткен сәттен бастап, өзіңіздің арызданып қалуыңызға және жаназаңызды шығаруға дәл жиырма төрт сағат қалады.


Галеоттиді шығарып салуға беттеп, оның киімінен қолын әлі босата қоймаған Людовик, есік ашылған мезетте, айғайлап, былай деді:


— Ертең біз бұл жайында тағы да егжей-тегжейлі сөйлесетін боламыз. Маңдайыңнан жарылқасын, кемеңгер әкейім... Маңдайыңнан жарылқасын! Маңдайыңнан жарылқасын!


Ол осынау сөздерді үш мәрте нығырлап айтты; әйткенмен де ұлы прево қателесіп кетіп жүрмесін деген қаупі әлі басыла қоймай, ғұламаны бейне бір өз қолынан біреу тартып алып кетпесін, сөйтіп өзінің көз алдында оны дарға асып қоймасын деп қорыққандай астрологтың етегінен ұстаған бойы, оны зал ішімен шығарып салды. Ақыр-соңында өзінің қоштасардағы: «Маңдайыңнан жарылқасын!» — деген сөзін тағы да сан қабат қайталап айтып, мұның сыртында ол ғұламаның қасына жуымас үшін ұлы превоға белгі беріп, Галеоттиді босатты.


Сонымен дер кезінде алған құпия мәліметтердің, батылдықтың, әрі салқынқандылықтың нәтижесінде Галеотти өзіне төнген қаупінен құтылып кетті; ал Людовик, өз заманындағы монархтардың ішіндегі ең алғыры да кекшілі бола тұра, жосықсыз ырымшылдығы мен ар-ожданы ауыр күнәларға былығуы салдарынан, өлімнен үрейі ұша қорқатындығынан алданып қалды және кегін қайтара алмады.


Әйтсе де ол өзі ойлаған кек алудан амалсыз бас тартқанына іштей қапаланумен болды; ал үкімді орындау өздеріне жүктелген оның адал қызметшілері корольден де бетер қан жұтып қала берді. Осының бәрін енжарлықпен қабылдаған жалғыз Таңбалы ғана болды, сондықтан дарға асу туралы үкім бұзылғаны туралы белгі берілуі мұң екен, ол дереу есік алдындағы күзет орнынан кетіп, бір минуттан соң қатып ұйқтап та үлгерді.


Король бөлмесінде оңаша қалды. Труазешель мен Птит-Андре аздап тынығып алмақ болып, жайлырақ бір орынға жайғасты, ал ұлы прево бейне бір аспаз аузынан қақшып алған бір кесек етке көзін сүзіп қарап қалған итше, астрологтың сымбатты тұлғасынан әлі көзін айыра алмай тұрды. Әйтсе де оның қалтқысыз көмекшілері өз әсерлерін ортаға салып, сыбырлай сөйлесіп тұрған-ды.


— Көрсоқыр бишара сиқыршы! — деп сыбыр етті Труазешель серігі Птит-Андреге көңіл айтқандай, жымысқылана қарап. — Әулие Францискінің арқан-бауының көмегімен дүние салатын, сөйтіп пасық сиқыршының күнәсінен біршама арылатын осынау ғажап бір сәтті қалай пайдаланбауға болады! Ал мен пақырың оның күнәһар денесінен пасық рухты аластап қуып шығу мақсатымен мойнына дар тұзағын дереу іле саламын деп дәмеленген едім!


— Несін айтасың, — деді Птит-Андре, — үш қабат арқан нар түйенің салмағындай ауыр салмаққа шыдамай үзіліп кетпес пе екен деген күдігіме көзімді жеткізе алмай арманда қалып отырмын.


Бұл өзін-өзі ақтап шыққан тәжірибе болар еді, сөйтіп кәсібіміздің мәртебесін арттыра түсетіні сөзсіз, ал азғын қақбастың қиналмай өлері өз алдына.


Осындай әңгімелер айтылып жатқан кезде, абажадай ошақтың бір жақ шетіне барып жайғасқан Мартиус, ошақ алдында орын теуіп әңгімелесіп отырғандарға көзінің астымен күдіктене қараумен болды. Ең алдымен ғалым-астролог өзі жанынан ешқашан тастамайтын, екі жүзі де қылпылдаған қанжарының сабын сипап қойды. Біз жоғарыда ескертіп өткеніміздей, Галеотти бұл шағында етжеңді болып, сәл толыса түскеніне қарамастан, әлі де күш-қайраты қайтпаған, епті, әрі қаруды шебер меңгерген кісі-тұғын. Өзі сенген қанжары орнында екеніне көзі жеткен соң қалтасына қолын салып, грек әріптерімен және әлдеқандай бір жұмбақ таңбалармен шимайланған бүктеулі жарғақты алып шықты да, ошақтағы бұтақтарды көсеп-көсеп жіберді. Жалын лау ете түсіп, ошақ алдында отырғандар мен жантайып жатқандары бар бәрінің өңдері мен тұлғалары бірден жарқырап шыға келді. Шотланд аяқ серіппей, қатты ұйқыға шомған-ды, сондықтан да оның бет-жүзі қалайыдан құйған мүсінге ұқсап тұрды. Оның қасындағы Оливьенің қан-сөлсіз мазасыз өңі өзгеше көрінеді, ол біресе қалғып кетеді, біресе нақ жан азабынан қиналған кісідей, басын күрт көтеріп алып көзін алақтатады, әлдеқандай бір тың тыңдайды. Өзінен-өзі шытынап, қабағынан қар жауған прево жауыздығына басып, былай деп тұрғандай көрінді:


Аз болғандай оның жұтқан қаны әлі,


Көрдің бе, әне, ашылып тұр араны.


Ал оның ту сыртында бейне ішінен дұға оқып отырғандай көзін аспанға қадаған Труазешельдің кісі шошырлық сұмпайы жүзі әлгі бір көрініспен үндесе түскендей, ал одан сәл әріректе — Птит Андренің түнерген қуақы пішіні назар аударады, ол ұйықтар алдында серігінің бүкіл қимыл-әрекеті мен қылықтарын мазақ етумен болған-ды.


Осынау жексұрын да жиіркенішті кеспірсіз кісілердің ортасынан Галеоттидің сымбатты тұлғасы, оның әдемі, өжет шырайы көзге айрықша жылы ұшырап тұрды; қарақшылардың арасына түсіп қалып, бостандыққа шығу үшін көмекке жынын шақырған ертедегі бақсыға ұқсайды ол. Сондықтан егер қолында ұстап отырған бүктеулі құпия жарғаққа ұшы тиіп тұрған ғажап, сұлу бұйра сақалымен ғана ерекшеленсе де, соның өзінде нақ осындай ізгі сымбаттылықтың белгісі бүкіл таланты, бүкіл білімі, бүкіл шешендік өнері мен әсем тұлғасының артықшылықтары мүттайымдық пен жылпостықтың қыры мен сырын игеруге арналған адамның үлесіне тигеніне өкінбесіне лажың қалмас еді.


Перонна қамал-сарайындағы граф Герберт мұнарасындағы алғашқы түн осылай өтті. Ежелгі готикалық үлгідегі бөлмеге құлан иектеніп ата бастаған тан сәулесі себезгілесімен король айғайлап Оливьені шақырып алды. Шаштараз келіп кіргенде король шапанын жамылып отыр еді, сұмдық қатерге толы бір түннің ішінде сырт пішінінің қатты өзгергеніне қайран қалды. Оның бұл халі өзінің жанына батып, көңілі бұзылып тұрғанын білдірмек болып, аузын енді аша бергенінде, Людовиктің өзі сөйлей жөнелді. Ол Бургундия сарайы маңындағылардың ортасынан жақын достар тарту мақсатында өзі барынша жанталасып баққан бүкіл айла-тәсілдері мен зымияндықтарын өз қызметшісіне, әрі көмекшісіне апыл-құпыл баяндап берді, сөйтіп сөзінің соңында қамал-сарайдан сыртқа шығуына рұқсат етілісімен осы істі жалғастыруды Оливьеге тапсырды. Людовиктің осынау бір жылпос қолшоқпары өз тақсырының ақыл-парасатына, оның адамдарды және олардың мінез-құлықтарын баурап әкете баратын құпия тетіктерді терең білетіндігіне бұрын-соңды бұлай таңырқанған емес-ті.


Арада екі сағаттай уақыт өткенде Оливье граф де Кревкерден қамал-сарайдан сыртқа шығуға рұқсат сұрап алды да, корольдің тапсырмасын орындауға аттанды. Осы бір аралықта Людовик, өзі қайтадан сенім арта бастаған астрологын қасына шақырып, онымен ұзақ уақыт бойы мәжіліс құрды. Әуелгіде салы суға кете бастағандай көрінген Людовикке ұзаққа созылған осы әңгіменің аяқ шенінде сергектік те, батылдық та қайта оралғандай болды. Бұдан соң ол киініп алды. Сөйтіп сәлемдеспек болып Кревкер таң сәріде келіп кіргенде корольдің өзін абдырамай, байсалдылықпен қарсы алғанына қайран қалды, оның үстіне Кревкер әлгінде ғана герцог бірнеше сағаттан бері корольдің қауіпсіздігіне қатер төндіре кәріне мініп отыр деп құлақтанған-ды.


XXX ТАРАУ


БЕЙМӘЛІМДІЛІК



Қалтылдап тұр соңғы шешім кемедей —
Қара дауыл, толқын соққан телегей.


Ескі пьеса



Бұл түн Людовик үшін көзі ілінбей ұйқысыз өткен, қасіретті түн болса, өзін өзі ұстай білуі былай тұрсын, керісінше, тұла бойын ыза билеген кезде ақылын ашуға жеңдіруді әдет етіп алған Бургундия герцогы үшін бұдан да бетер қасіретті түн болды.


Сол бір замандағы әдеп-ғұрып бойынша герцог жататын бөлмеде оның өзіне етене жақын адамдарының ішіндегі сүйіктілерінен саналатын — д'Эмберкур мен де Комин кезекшілік қызметін атқарды, бұл екеуінің төсегі герцогтың кереуетімен қатарлас дерлік салынған-ды. Қайғыдан қан жұтып, ыза қысып аласұрған Карл кеудесін кернеген кекке ырық бермеуге мәжбүр болған, — өйткені адамгершілік жолымен келгенде Людовиктің қазіргі жағдайында оған қол көтере алмайтын, — осы бір түн ішінде әлгі екеуінің өзінің қасынан табылуы қашанғыдан да өте-мөте қажет болды: оның көңіл күйі — қойнауындағы бүкіл тау жыныстарын балқытып, лапылдаған отты жалын атқылаған жанартауға ұқсап тұрды.


Герцог шешінуден бас тартып, төсегіне жатпай қойды, сөйтіп түнді көзіне қан толып ашуланумен, соншалықты бір аласұрумен өткізді. Оның тез, әрі ызақорлана сөйлегенде тілі күрмелгеніне, үзік-үзік және түсініксіз сөздеріне қарап, жанашыр әлгі екеуі герцог есінен адасып жүрмесін деген ойға қалып, қорқа да бастады. Ол біресе бишара Льеж епископының адамгершілігі мен шын ықыласты мейірбандығын мадақтаса, біресе өздерінің сан мәртебе көздері жеткен бір-біріне деген достығы мен бауырмалдықтарын есіне алды, сөйтіп ақыр соңында қатты ашынып, талықсырап кеткені соншалықты, төсегіне етпетінен түсіп, өзін-өзі ұстай алмай еркінен тыс еңіреп те қоя берді. Бірақ сәлден соң-ақ тұла бойын бұрынғысынан да зор ашу қысып, басын көтерді; ұғынықсыз айбат шегіп, нақ сондай бір ұғынықсыз түрде өш алуға серт етіп, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы аласұрды; әдетіне басып, аяғымен еденді тепкілеп, әулие Георгийді, әулие Андрейді және өзі айрықша құрмет тұтатын басқа да әулиелерді куә болуға шақырып, де ла Маркті, Льеж тұрғындарын және осынау қастандықтардың бәрінің басты күнәһары болған адамды қанға бөктіріп, олардан өшін алатынын айтып, серт етті. Оның ең соңында аузына алғаны, әрине, Людовик еді, сондықтан Карл Нормандия герцогына, француз королінің бауырына және оның қас жауына кісі аттандырып, оны шақыртып алуға, сөйтіп тұтқын монархтың тақтан бас тартып, оған өз бауырының отыруына келісімін беруіне яки ең жоқ дегенде басты-басты король праволары мен өз иелігіндегі жерлерден бас тартуға мәжбүр етуге бел байлаған минуттар да болмай қалған жоқ.


Герцог нақ осылай қасірет шегіп аласұрған, яки, дәлірек айтқанда, ырық бермей долырып, дүлей ашуға мініп, жанталасумен болған бір күн және тағы да бір түн өтті. Карл нәр сызған жоқ, киімін де шешкен жоқ, сөйтіп тұла бойын ашу-ыза кернеп әр минут сайын есінен танып қалу қаупі төнген кісідей күй кешті. Алайда ол бірте-бірте сабасына түсіп, төңірегіндегілермен ақыл-кеңес құра бастады. Осынау мәслихаттар үстінде көптеген ұсыныстар жасалып, көптеген талқылаулар да өткізілді, бірақ түпкілікті ешқандай да бір байлам жасалмады. Де Комин өз жазбаларында шабарман ат үстіне қонған, сөйтіп Нормандия герцогын шақырып келуге әзір тұрған сәт те болды, деп хабарлайды. Егер осынау шабарман аттанып кеткенінде, онда француз королінің зынданы шүбәсіз оның молаға қарай беттеген қысқа жолындағы соңғы баспанасына айналар еді.


Ашу-ызасы қайта бастаған кейбір сәттерде Карл, бір сұмдықты бастауға батылы бармай, ойға шомған адамның кейпіне түсіп, көзін қадаған жерінен айырмай, міз бақпай, мелшиіп отырып қалатын-ды. Осындай кездерде төңірегіндегілердің ішінен әлдекімнің тарапынан герцогты ең қиянат істерге итермелейтін сәл ғана емеурін білдірілсе болғаны оның бұған барары ешбір күмән туғызбас еді. Бірақ қасиетті корольдің өз басына, өздерінің феодалдық биік мәртебелі әміршісіне құрметпен қарайтыны себепті, ұлттық мақтаныш сезіміне берілуі, сондай-ақ, оның қауіпсіздігі сақталатыны туралы Людовикке уәде берген герцогтың ар-намысына дақ түспеуін көздеуі себепті Бургундияның байбатшалары бірауыздан ұстамдылық көрсетті. Д'Эмберкур мен де Комин түн ішіндегі қызу әңгімелері үстінде герцогтың көзін жеткізуге тырысып, жүрексіне келтірген дәлелдерін, Кревкер мен герцогтың басқа да жақын адамдары неғұрлым жайлырақ таңертеңгілік мезеттерде батыл түрде қайталаумен болды. Олар шеттерінен корольдің жақтасы болып шыққанда, араларында бас пайдаларын көздегендері де кезіккендері әбден ықтимал ілгеріде еске салып өткеніміздей, олардың көпшілігі корольдің жомарттығымен өз тәжірибелері арқылы жақсы таныс-тұғын, басқаларының Францияда жеке меншік жерлері болды немесе өздерін Людовикке тәуелді еткен өзге бір мүдделер арқылы да бұл елмен байланысты еді. Қалай дегенмен де осынау келіссөздер жүргізіліп жатқан уақыттың ішінде корольдің төрт қашырға артып, Пероннаға жеткізген қап-қап ақшасы едәуір ортайып та қалған-ды.


Үшінші күні мәслихатқа өзінің итальяндық қызу қанды ақыл-мінезіне толық ерік берген граф Кампо-Бассо келіп үлгерген-ді, ол Карлдың жыны сәл басылып, сабасына түсе бастағанда келіп, Людовиктің жолы болды. Сөйтіп, төтенше әрі қиын жағдайларға байланысты қандай шаралар қабылдау керегін шешу мақсатымен сол заматта-ақ ресми жалпы мәслихат шақырылды.


Кампо-Бассо өз ой-пікірін уағыз айтатын Саяхатшы, Жылан және Түлкі туралы мысалға ойластыра білдірді; бұл мысал Түлкінің Саяхатшыға, уысына өзі келіп түскен қан құйлы жауын жаншып өлтіруге берген кеңесімен тәмамдалатын-ды. Мейірімсіз мінез-құлқы сан қабат мақұл көрген шешімге келуге емеурін танытқан кезде герцогтың екі көзі оттай жайнап шыға келгенін байқап қалған де Комин итальяндыққа қарсы пікір айтуға ұмтылып бақты. Ол Шонвальдте жасалған қаскүнемдікке Людовиктің тікелей қатысы болмауы да мүмкін екенін айтты; ол, сірә, тағылған айыптарды теріске шығара алатынын, сөйтіп өзінің тіміскі әрекеттері мен айла-шарғыларының салдарынан олардың иеліктері шеккен барлық зардаптарының ақысын герцогқа және оның одақтастарына толық өтеп беруге келісетінін; сонан соң, ақтығында, корольдің өз басына көрсетілген қандай да зорлық-зомбылық Франция үшін, нақ солай Бургундия үшін де ауыр кесепатқа, соның ішінде, егер Англия, сөзсіз болмай қоймайтын өзара қақтығысуларды пайдаланып, Нормандия мен Гиеньді өзіне қайтарып алуды, сөйтіп Франция мен Бургундия өздерінің ортақ жауына қарсы құрған одақтастығының нәтижесінде айрықша қиындықпен тыйылған қырғын соғысты қайта бастауды көздесе, ең сұмдық апатқа әкеліп соғуы мүмкін екенін айтты. Де Комин сөзін Людовикке толық әрі міндетті түрде бостандық берілуін жақтайтын ойы мүлде жоқ екенін, бірақ оның пікірінше, істің қазіргі жағдайынан туындайтын қорытынды, — бұл екі мемлекеттің арасында алдағы уақытта Людовиктің өз мойнына алған міндеттемелерін бұзып, Бургундияның ішкі тыныштығына нұқсан келтіруіне жол бермеуге кепіл болатын ережелермен толықтырылған адал және құрметті шарт жасасу екенін мәлімдеумен аяқтады. Д'Эмберкур, Кревкер және басқа да адамдар өз тараптарынан, адалдық пен меймандостық парызын бұзған, опасыз ел ретінде Бургундияның атына ғасырлар бойы дақ түсіруге ұрындыруы мүмкін әрекеттерден гөрі, Франциямен жасасқан шарт Бургундияның қолын басқа да көптеген игіліктер мен құрметтерге жеткізе алар еді деп санап, Камио-Бассо ұсынған өрескел қатал шараларға ашық түрде қарсы шықты.


Герцог осынау дәлелдерді төмен қарап қабағын түксите тыңдап отырды. Ал Кревкер Людовик Шонвальдтегі қаскүнемдікке қатыспағаны былай тұрсын, тіпті ол жайында білген де емес деген тұжырымын айтып салған кезде, Карл басын көтеріп оған зілдене көз тастап, зіркіл қақты:


— Солай ма еді, Кревкер! Сірә, француз алтынына сен де құнығып алған болдың ғой. Шынында, байқаймын, бұл алтын мен өткізіп отырған осы кеңесте бейне бір Сен-Денидегі қоңырауларша сыңғыр қағып барады... Фландриядағы бүкіл бассыздықтың бастаушысы Людовик емес деуге қайсыңның дәтін бара қояр екен?


— Тақсыр, — деп жауап қатты Кревкер, — менің қолым алтыннан гөрі қару ұстауға көбірек дағдыланған, сондықтан Людовикті Фландриядағы бассыздық үшін жауапкершіліктен арашалап алу ниетінен аулақпын, таяуда оның бүкіл сарай адамдарының алдында мен осы айыпты оның көзіне айтып салдым, өз атыңыздан оны айыптадым. Бірақ әуелгі беттегі бүкіл дүрбелеңнің басталуына оның арандатушылық әрекеті себепші бола тұрса да, епископтың өліміне кінәлі емес екеніне өзім кәміл сенемін. Өйткені оның адамдарының бірі дүйім жұрттың көз алдында бұл жауыздыққа қарсылық көрсеткен. Егер, тақсыр, қажет деп тапсаңыз, сол адамды алдыңызға әкеліп, таныстыра аламын.


— Лайық па екен бұл маған! — деп саңқ етті герцог. — Әулие Георгий, сенің шүбәң бар ма бұған? Менің тіпті ашуға бой ұрған кезімде де қиянатшыл әлде әділетсіз болған кезім болды ма? Францияның королімен өзім жолығамын; оған қоятын айыптарымды бетіне айтамын да, қандай тілегім барын жария етемін. Егер епископтың өліміне кінәсіз болып шықса, басқа қылмыстарын жуып-шаю оған оңайға түседі. Ал егер айыпты болып шықса, оны түкпірдегі бір әдияратқа қамап, тәубесіне келтіру әділетті және тіпті мейірімді жаза емес деуге кімнің батылы барар екен? — деп сөзін үстей түсті Карл барған сайын қызынып. — Тіпті неғұрлым жедел әрі неғұрлым қатаң жазаға тартылса, оны кім әділетсіз дей алар екен? Келтір, әлгі куәгеріңді... Түс әлетіне бір сағат қалғанда қамал-сарайдан табыламыз біз. Шарттың басты талаптарын қағазға түсіріп қоямыз, сөйтіп егер ол бұл шарттарға келісім бермесе, онда өз обалы өзіне! Басқа жағы жағдайға байланысты болады... Мәслихат жабық деп жариялаймын, тарқауларыңа рұқсат! Мен киімімді ауыстырып киюім керек, өйткені өзімнің аса мейірбан тақсырымның көз алдына осы күйімше жетіп барғаным әдептілік бола қоймас!


Герцог осынау сөздерді айрықша бір зілді мысқылмен айтты да, мәслихат залынан шыға берді.


— Енді Людовиктің тағдыры, ал одан да қиыны, Бургундияның ар-намысы асықтың алшысынан түсуіне байланысты болып қалды-ау, — деді д'Эмберкур Кревкер мен де Коминге. — Тездетіп қамал-сарайға аттаныңыз, де Комин! Кревкер екеуімізге қарағанда сіздің тіліңіз майдалау ғой. Дауыл көтеріліп келе жатқаны туралы Людовикті ескертіп қойыңыз — сонда ол өзін қалай ұстауға тиісті екенін біліп отырады. Әлгі шотланд атқыш корольге зияны тиіп жүретіндей ештеңе айта қоймайтын шығар, өйткені оған қандай құпия нұсқаулар берілгенін кім біліп жатыр дейсің.


— Ол жігіт қайсар, бірақ жастығына қарамастан парасатты да, зерек жан, — деді Кревкер. — Менімен әңгімелескен кезінде өзі қызмет ететін корольге қатысты мәселеге келгенде өте-мөте байсалдылық танытумен болды. Сондай-ақ герцогтың көзінше де осы байсалдылығынан танбас деген ойым бар. Мен қазір соны және жас графиня де Круаны ертіп келуге бармақпын.


— Қалайша? Графиня осында ма еді? Сіз оны әулие Бригиттаның әдияратында қалдырып кеттім демеп пе едіңіз?


— О баста солай еткен болатынмын, — деп жауап қатты Кревкер, — бірақ герцогтың әмірі бойынша графиняны ол жақтан алдыртуыма тура келді. Өз бетінше жүруіне шамасы келмегендіктен, оны зембілге салып көтеріп әкелді. Туысы графиня Амслинаның тағдыры туралы мүлде бейхабар болуы себепті ол қатты күйзеліп жүрген, сөйтіп жүргенде енді өзінің басына қандай күн туарын білмей дағдарысқа душар болды. Иә, мұндайда үрейдің ұшатыны түсінікті емес пе. Заңды патшасының қол астынан қашып құтыламын деп ойлап, феодалдық заңдарды аяқ асты еткені үшін айыпты болып қалды ол. Ал өз праволарының бұзылғанын кешіре қоятын адамың герцог Карл емес.


Жас графиняның Бургундия герцогының қолына қайта келіп түскені туралы хабар Людовиктің азап шеккен жан жүрегін сыздатқан жаңа бір тікенек болып алды. Жас графиня өзінің және графиня Амелинаның Францияға қашып кетуіне түрткі болған арандатулар жайында герцогқа айтса бітті, онда Замет Мограбиннің көзін жойып, ізін жасырмақ болған айыптау дәлелдері өзіне қарсы шыға келетінін ол біліп отырды. Герцог Карлдың праволарына қол сұқпақ боп дәмеленгені жөніндегі осы бір жаңа дәлелдің өзіне қатты зардабын тигізетінін, ал герцогтың өз мақсатына жету жолында осы сылтауды пайдаланып қалу сәтін, әрине, зая жібермесін ол терең түсінді.


Людовик өз қорқынышы туралы сеньор де Коминмен ашықтан-ашық пікір алысты, шынын айтқанда, тік, ожар мінезді Кревкер мен тәкаппар д'Эмберкурдан гөрі де Коминнің зеректігі, әрі саяси сергектігі оған әлдеқайда көбірек ұнаушы еді.


— Шын сөзім бұл, досым де Комин, алдаспан мен айбалталарын кезенген, кілең құрышпен құрсанған осынау солдаттарды өз сұлтандарының ауызғы бөлмесінен әрмен қарай ешқашан да аттатпау керек еді, — деді Людовик өзінің болашақ тарихшысына. — Соғыста, әрине, оларсыз күнің қараң. Бірақ солдаттардың басы дұшпандарының семсерлеріне қарсы қоятын төстен басқа бір кәдеге аса қояр деп ойлайтын монарх өз ғашығына алқаның орнына иттің қарғысын сыйлаған әумесерге ұқсап тұрар еді. Жеңілдің үстімен қалқып жүретін емес, керісінше мәселенің мәніне терең бойлай алатын, өмірге сергек қарайтын адамдарды, тек өзіңіздей адамдарды ғана, Филипп, мәслихаттарға және сұлтандардың кабинеттеріне жіберу керек еді — жоқ, керек десеңіз: олардың алдына жан жүрегіміздің ең құпия қалтарыстарына шейін жайып салған абзал болар еді.


Де Коминнің өзі де ақылды адам бола тұра, Европадағы сұлтандардың ішіндегі ең ақылдыларының бірінің аузынан мақтау естігеніне насаттанып қалуы заңды-тұғын; Людовик өз сөзінің оған әсер еткенін байқап қалды.


— Өзімнің осындай қызметшім болғанын, — деп ойын сабақтай түсті ол, — қалай құлшына қалар едім яки, дәлірек айтсам, де Комин сынды қызметшінің ынта-ықыласына бөленгенді қалай құлшына қалар едім. Әлбетте, ол кезде мен мұндай қысылтаяң жағдайға тап болмас та едім ғой... Айтса да, егер нақ өзіңдей білгір мемлекет қайраткерлерінің тамұқ пен сайтаннан безгендей, бездім одан, — деді Людовик.


— Көңіл есебінде қайсыбір қамалдарды тапсыруыңызды немесе әлдебір осы тақылеттес, болашақта Франция фламандықтар арасында лаң салмайтын болады деген кепілдік беруіңізді талап етуі мүмкін.


— Бұл бір жаңалық екен, — деп міңгірледі Людовик. — Вассал өз әміршісінен кепілдік талап етеді дегенді естіген емеспін... Бірақ солай-ақ бола берсін мейлі... Тағы не айтасың!


— Даңқты бауырыңыз — менің тақсырымның досы, әрі одақтасы үшін тәуір де тәуелсіз иеліктер, мысалы, Нормандия яки Шампань иеліктерін сыйлауыңызды талап етуі мүмкін. Герцог әкейіңіздің барлық тұқымдарының жанашыры ғой, тақсыр.


— Иә, құдай атымен ант етейін, жаны қатты ашитыны соншалықты, өзіне салса, ол әкейдің барлық балаларын король етер еді, — деп салды Людовик. — Болжамдарың әлі сарқылып біткен жоқ па өзі, түге?


— Әлі түгел сарқыла қойған жоқ, — деп жауап қатты де Комин. — Өзіңізден, бұған дейін, ұлы мәртебелі тақсыр, кей-кейде бой көрсетіп қалып жүргеніндей, бұдан былай Бретон герцогына қысымшылық көрсетпеуіңізді, сөйтіп болашақта оның және өзіңіздің басты-басты басқа да вассалдарыңыздың ақша шығару, олардың құдай шапағатына бөленген герцогтар мен сұлтандар аталуы жөніндегі праволарын мойындауыңызды талап етуі мүмкін.


— Тоқ етерін айтқанда, барлық вассалдарымды король етейін бе! Бері қараңызшы, сеньор Филипп, сіз осы мені өз туыстарымды өлтіруші еткіңіз келіп тұрған жоқ па? Менің Карл деген бауырым есіңізде ме? Ол Гиен герцогы болысымен іле-шала қаза тапты. Сонан соң егер Реймсте мұрагер атану және еңселі балдахиннің астында отырып ас ішуден басқа праволарынан жұрдай болып, өз қарауындағы ең бай провинцияларды үлестіріп берсе, Ұлы Карлдың ұрпағы мен әулетіне қандай мұра қалмақ?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, сізді біз осынау қам-қаракеттерден де жартылай босатамыз, сізді тақ үйінде жалғыз қалдырмай жаныңызға серік қосып жібереміз. Бургундия герцогы дәл қазір өзіне тәуелсіз мемлекеттің дәрежесі берілуін талап етпесе де, өз намысын қорлайтын, өзі үшін міндетті болып келген француз короліне тәуелді вассалдық кейбір жол-жоралғылардан өзінің босатылуын тілер еді. Императорлық тәж үлгісімен өзінің герцогтық тәжін держақамен — өз иелігі тәуелсіздігінің эмблемасымен көркемдемек ойы бар.


— Бургундия герцогының, Франция вассалының, — деп ышқына айқайлап жіберді Людовик, орнынан тебірене ұшып түрегеліп, — өз әміршісіне, мұнысы үшін бүкіл европалық заңдар бойынша, өз иеліктері конфискеленетін талаптар қоюға батылы қалай барады, оның бұған батылы қалай барады?


— Қазіргі қалыптасқан жағдайда конфискелеу туралы үкімді жүзеге асыру өте-мөте қиынға түскен болар еді, — деп жауап қатты де Комин салқын түрде. — Феодалдық заңдардың ескіріп қалғаны, сөйтіп оның еш жерге, тіпті Герман империясының өзінде де бұрынғыдай қатаң қадағаланбайтыны, әрі патшалар мен вассалдар өзара қарым-қатынастарын, күш-жігерлері мен мүмкіндіктеріне қарай өздері реттеп отыратыны, ұлы мәртебелі тақсырға, сізге, жақсы аян. Ұлы мәртебелі тақсыр, герцогтың қарауындағы Фландрияда жүргізілген астыртын тіміскі әрекеттеріңіз менің әміршіме Францияның бұдан былай өз істеріне қол сұғуын тоқтатылуын көздеп, оның тіпті тәуелсіздігін мойындауды талап етуіне де ерік береді.


— Аһ, Комин, Комин-ай, — деді король көкірегі қайғыдан қарс айрылып. Тағы да мазасыздана орнынан атып түрегеліп, бөлме ішімен ерсілі-қарсылы безек қағып жүре бастады. — Бұл өзі мен үшін қандай бір сұмдық сабақ болды десеңізші! Басына іс түскеннің күні құрысын! Герцог осынау ауыр шарттардың бәрінің де орындалуын қарысып талап етеді дегенге өз басым былайша айтқанда сенгім жоқ.


— Әйткенмен де, ұлы мәртебелі тақсырдың бұған алдын ала әзір болғаны жақсы.


— Бірақ кімде-кім өзінің қолы жеткен бүкіл игіліктерін баянды еткісі келсе — мұны өзіңнен басқа ешкім де жақсы түсіне алмайды, де Комин, — жолы болып тұрғанда адам қанағат тұта білуі керек қой!


— Ашуланып қалмаңыз, ұлы мәртебелі тақсыр, бірақ менің бір аңдағаным, қанағат деген сөзге әдетте жеңіліске ұшырағандар әуес келеді. Ал жеңіске ие болған жақ орайы келіп тұрған олжадан айрылып қалмауды көздейтін ақылдылыққа ғана бой ұсынады.


— Жә, мақұл, мен бұл жағын қабырғаммен кеңесе жатармын, — деді король, — бірақ герцогтың жетесіз талаптары осымен тәмамдалатын шығар? Бұдан асып, не істесін енді... Әлде тағы да бірдеңелері бар ма? Сенің көзің әлденені айтып тұрған сияқты ғой... Қош, тағы да не бар? Герцогтарыңыз тағы не тілейді? Менің тәжіме көз тігіп отырған жоқ па? Бірақ егер талаптарыңды құп алсам, онда бұл тәж онсыз да өзінің бүкіл мәнінен айрылып шыға келеді ғой.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты де Комин, — қаперіңізге салайын деп оқталып тұрғандарымның тең жартысы, тіпті тең жартысынан да көбі герцогқа байланысты; әйткенмен де, ұлы мәртебелі тақсыр, сіздің тарапыңыздан қолдау табатынына ол көзін жеткізіп алғысы келер еді, өйткені бұл тікелей өзіңізге қатысы бар талаптар, тақсыр.


— Қара басқыр! Бұл не еді өзі? — деп налыды король шыдамы таусыла. — Түсіндірсеңізші, сеньор Филипп. Бәлкім, қойнына қызымды салып беруім керек шығар? Әлде, атыма кір келтіретін басқа да масқара ойлары бар ма?


— Бұл арада масқаралық туралы сөз етудің де керегі жоқ: гәп былай. Жиеніңіз, Орлеан герцогы...


— Бәсе, солай ма еді! — деп кәрленді Людовик.


Бірақ де Комин, сөзін бөліп жібергенін елеместен, ойын сабақтай түсті:


— Орлеандық герцогтың жас графиня Изабелла де Круаға көңілі қатты кетіп жүр, сондықтан бұл некелесуді өзі толық қолдай отырып, герцог Карл бұған сіздің де келісіміңізді алғысы келеді. Ұлы мәртебелі тақсыр, асыл текті ерлі-зайыптыларға графиняның өз дәулетіне қосымша Франция перзентіне лайықты болатындай енші бөліп бергеніңізді қалап отыр герцогымыз.


— Ешқашан да бұлай болмақ емес! Ешқашан да деп ақырып жіберді Людовик, өзі үнемі тежеушіп отырған толқу сезіміне ие бола алмай; әмәнда өзін-өзі ұстай білетіндігіне қарамастан, ашуы ең ырыққа көнбеді, — Ешқашан да! Ешқашан да! Онсыз да өзім біржолата соған ұқсап тұрғанымдай, деревня әумесеріндей етіп, қайшыларын әкелсін де, шашымды қырқып-ақ тастасын. Мейлі! Мені әдияратқа айдата берсін, мейлі... табытына сала берсін... балқыған темірмен көзімді күйдіре берсін... у берсін, басымды шауып алсын... мейлі маған ойларына келгенін істей берсін, аямасын мені, бірақ Орлеан герцогының қызыма берген сертін бұзуына жол бермеймін!.. Қызымның көзі тірісінде ол басқа ешкімге де үйленбек емес!


— Бұл некеге үзілді-кесілді қарсы шықпай тұрып, ұлы мәртебелі тақсыр, оған тыйым салу қолыңыздан келер-келмесін ойлап алғаныңыз абзал болмақ, — деді де Комин. — Опырылып құлап бара жатқан жарды есі дұрыс ешбір жан қолымен тіреп тоқтатуға ұмтылмайды.


— Иә, солайы солай, бірақ ер адам өз моласын жар астынан табудан тайынбайды, — деп жауап қатты Людовик. — Ойлап қарашы, де Комин, мұндай неке мемлекетімнің күйреуі, оның мүсәпіршілікке душар болуы емес пе! Ойлап қарашы, менің жалғыз ғана ұлым бар, оның өзі де денсаулығы нашар бала, сондықтан одан кейінгі ең жақын мұрагерім — Орлеан герцогы. Герцог пен Жаннаның бастарын қосуға шіркеудің өзі келісімін берді, сондықтан бұл одақ менің шаңырағымның екі тармағының да мүдделерін бақыт нұрына бөлейді. Есіңе түсіріп бақшы, бұл неке бүкіл өмірімнің асыл арманы болып келді; мен оны барлық жағынан да ой елегінен сүзіп шықтым, бұл некені күн демей, түн демей арман еттім, аңсадым, осы неке жолында шайқасқа да түстім, намазымды соған бағыштадым, осы некенің жолында күнәһар да болдым... Жоқ, де Комин, мен бұл некеден бас тарта алман. Сен тек ойлап қарашы, де Комин, ойла да мені есірке! Алғыр ақылың осынау құрбандықтың орнын толтыра алатын басқа бір шұғыл амалын табуға көмектесетініне шүбәм жоқ, неге десең, Авраамға жалғыз ұлы қалай қымбат болса, өз жоспарым да маған солай қымбат екенін түсін сен.


Маған жанашырлық жаса, Филипп. Қас қағымдық құмарынан шығуға ұмтылып бағатын қатардағы адамдардың лезде ұмыт болатын қайғысынан гөрі, өзінің ұзақ уақыт бойғы еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген жоспарының бұзылуы болашаққа көз тігетін зерек адамды әлдеқайда ауыр қайғыға душар ететінін сенің түсінбеуің мүмкін емес. Үміттері тас-талқан болып үзілген, шебер ойластырылған есептері күйреген адамның ауыр қайғысына сен ортақтаса білетін кісісің — сөйте тұра, шынымен-ақ, маған жаныңның ашымағаны ма?


— Тақсыр, сізге жаным ашып-ақ тұр, бірақ әміршімнің алдындағы борышымды да ұмытпауым керек...


— Оны аузыңа алма! Оның есімін атама! — деп назаланды Людовик, өзінің дағдылы сабырлылығын жайына тастауға мәжбүр еткен, шын ықыласты ма, әлде жалған ба, әйтеуір ашуға булығып. — Егер уәзірлерін тілдеуге әрі соққыға жығуға және солардың арасындағы ең кемеңгеріне, өзіне ең адал берілген уәзіріне «Жарық бас» деген масқара лақап ат қойып, айдар тағып, оны жәбірлеуге батылы барса, Бургундия Карлы өзіңнен садаға кетсін!


Ақылдылығымен ерекшелене тұрса да, Филипп де Комин даңғой кісі-тұғын. Ашу қысып, ұстамдылық дегенді мүлде жайына қалдырған корольдің бұл сөздері оның намысына қатты тигені соншалықты, еріксіз түрде:


— «Жарық бас!» Тұңғыш мәрте ат жалын тартып мінгелі, өзімен тізе айырыспай келе жатқан мені, өзінің адал құлын, герцогтың бұлай атауы, оның үстіне тосын кісінің көзінше, жат елдік монархтың көзінше бұлай атауы ақылға сыймайтын қылық. Жоқ, бұлай деуі мүмкін емес! —  деп салды.


Людовик өз сөзінің қалай әсер еткенін сол заматта-ақ аңғара қойды. Арына тиюі мүмкін болуы себепті жанашырлық сарынға бой ұрмай әрі жасанды боп көрінуі мүмкін болуы себепті көңіл айтып жатпастан, ойын ірікпей, былай деді:


— Бақытсыздыққа душар болуым әдептілікті ұмытуыма мәжбүр етсе керек, әйтпесе мен, әрине, көңіліңізге ауыр тиетін сөзді көзіңізше ешқашан да қайталап айтып жатпас едім. Бірақ сіз ақылға қонбайтын жайларды айтып тұрсыз деп, айыбымды бетіме бастыңыз да, намысыма тиіп кеттіңіз; сондықтан өзім айыпты болып қалмауым үшін көңіліңізге ауыр алатын, өзіңізді қорлайтын лақап атты қанталап жатпай-ақ қояйын, бірақ соған себепші болған оқиға туралы герцог кезінен жас аққанша күліп, қалай және қандай жағдайдың үстінде айтқанын мен сізге әңгімелеп беруге тиісті боламын. Герцогтың айтуынша, мәселе былай болыпты. Бір жолы, екеуіңіз аң аулап келгендеріңізде, герцог сізден етігін шешуді талап етеді. Сіздің, әлбетте, бұл сөзді көңіліңізге ауыр алып қалғаныңызды жүзіңізге қарап байқап қалған ба, расын айтайын, бұл жағы маған беймәлім — бірақ ол сол заматта сізге отыруға әмір еткен, сөйтіп, өз кезегімен ол сіздің етігіңізді шешіп беріп, өзіңізге қызмет көрсеткен. Қызмет көрсетуін көрсеткенімен, мұнысына қарсылық білдіре қоймағаныңызға жыны келіп, қатты ашуланып, бір аяғыңыздағы етікті шешіп үлгерер-үлгерместен-ақ бетіңізді қан жапқанша: «Тақсырыңнан мұндай қызмет күтуге батылың барғаны үшін, мінеки, сыбағаңды ал!» деп жүріп, қолындағы етікпен басыңыздан соққылай берген. Содан бері сүйікті сайқымазағы ле Глорье екеуі сізді «Жарық бас» деп атап кеткен, сөйтіп осы бір еп-ерсі лақап ат герцогтың сүйікті әзіл-қалжыңына айналған.


Осы оқиғаны айтып тұрып, Людовик екі себептен ләззаттанды: біріншіден, қыбын тауып, сырласының жанын ауыртатын сөзді айтып салды; ол тіпті біреуге кеткен есесін қайтарып алу ниеті жоқ, осы бір сәттегідей кездің өзінде де, сөйтуге құмартып тұрушы еді; екіншіден, жүре келе онымен Бургундияның арасын суытып, өзін Францияның жағына шығарып алу мақсатына пайдалануына болатын де Коминнің мінезіндегі осал тұстарына көзін жеткізді.


Патша сарайының көңілі қалған қызметшісінің ішіне сол сәттен бастап-ақ өз герцогына деген кек байлана тұрса да, осының салдарынан, соңынан Бургундия Карлының қол астындағы қызметін король Людовиктің қол астындағы қызметке ауыстыра тұрса да, әзірше ол Францияға деген достық пиғылын, достық сезімін барынша жалпылама баяндаумен шектелді, ал өзі мұны жақсы түсінгендей, оның бұл пиғылдарының шын мән-мағынасын, Людовик ұға қойды. Әрине, оның бері келе герцогқа опасыздық жасауына түрткі болған нау осы ойы деп даңқты тарихшының аруағын қаралау әділетсіздік болып шығар еді, алайда Комин өзі келіп кіргендегісінен гөрі, Людовиктен әлдеқайда зор достық пиғыл-сезімдерге еніп шыққанын бүкпесіз айтқанымыз лазым.


Ол Людовик айтқан оқиғаға еріксіз күліп, былай деді:


— Шыным осы, бұл тақылеттес қисынсыз жайттарды герцог соншалықты ұзақ уақытқа дейін есінде сақтап жүреді деп ешбір ойламаған едім. Осыған ұқсас бірдеңе, шынында да, болған-ды... Герцогтың одағай әзілдерге құмартып тұратыны, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге де белгілі емес пе... бірақ түймедей нәрсе түйедей болып шыққан!... Бұл сез етуге де арзымайды...


— Шынында да арзымайды, — деп келісе кетті король. — Осындай бір сандырақты сөз етудің өзі ұят-ақ! Сонымен іске көшейік, сеньор Филипп. Сен қаныңмен де, жаныңмен де француз болғандықтан, қиын-қыстау жағдайда отырған маған ізгі ақылыңды айтады деп үміт етемін. Осы бір шытырманның түйіні сенің қолыңда екенінде сенімім зор. Бұл шытырманнан құтылып шығуға маған өзің қол ұшын бергейсің!


— Ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге құлдық ұрып, қызмет етуге де, ақыл айтуға да бармын, — деп жауап қатты да Комин, — бірақ тағы да есіңізге сала кетейін: бұл әрекеттерім тақсырымның алдындағы борышыма қайшы келмеуі керек.


Бұл бұрын да айтқанын сөзбе-сөз дерлік қайталау болып шықты, бірақ енді осынау сөз жүйесінің сарынынан, зерек Людовик алғашқы жолы де Коминнің мәлімдемесін естігенінде, патша сарайындағы осы бір қызметшінің Бургундия герцогына деген адалдығы өзіне қандай бөгет болатынын айқын ұққан еді, сөйтіп, бұл сөздердің түп-төркініндегі жаңа мән-мағынаны қалтқысыз аңғара қойды: енді өзімен әңгіме шерткен серігі бағалы ақылын айтудан аянып қалмайтынын атап көрсетіп отырғанын, ал өз борышы туралы тек сыпайыгершілікті сақтап, аузына алып отырғанына көзі жетіп тұрды. Сонымен король жайғасып отырды да, де Коминге қасынан орын беріп, бейне бір абызды тыңдап отырғандай, оның сөзіне айрықша ден қойды. Де Комин өз ойын айқын, аспай-саспай баяндай бастады, нақ бір Людовик зердесіне жақсылап құйып алсын дегендей, әрбір сөзін шын ықыласымен нақтылай үсіп отырды.


— Тақсыр, жаныңызды қалай ауыртпасын, — деп бастады ол, — дегенмен, ойыңызға салу мақсатымен баян еткен бұл талаптар — герцогтың қатысуымен өткен мәслихатта, ұлы мәртебелі тақсыр, сізге дұшпан жандар ұсынып, талқыланған талаптардың ішіндегі ең қиын таразылары. Ал біздің герцог әуел бастан-ақ ең батыл да ең сұрқия ұсыныстарды көбірек жақтайтынын, өйткені басқа бір жеңілірек амалдардан гөрі, оның шұғыл, қатаң шараларға құмартып тұратынын бұл арада сіздің есіңізге салып жатуымның, әрине, қажеті бола қоймас.


— Бұған сөз бар ма, сөз бар ма! — деп қостай кетті король. — Өзі тұрған тұстан екі жүз ярдтай ғана жерде көпір бола тұрса да, өз өміріне қатер төндіре өзенді малтып өткенін бір жолы өз көзіммен көргенім бар.


— Әнеки, көрдіңіз бе, ұлы мәртебелі тақсыр. Ал өзінің бір сәттік желігін басу үшін, өз басын қатерге тігетін адам дәулетін арттырудың реті келіп тұрғанда қыңырлығынан танбай, не нәрсеге болсын бара алады.


— Бұл сөзіңнің жаны бар, — деп жауап қатты король. — Ақымаққа әрқашан биліктің өзінен де оның сырт көзге әсері қымбат. Бургундия Карлы нақ сондай жан. Бірақ, достым, бұдан қандай түйін түю керек?


— Түйін мынадай, тақсыр, — деп жауап қатты бургундиялық. — Қармағын ерен ірі балық қапқанда, кәнігі балықшы жылқының қылынан жасаған қылдырықтай ғана баумен-ақ балықты жағаға қандай бір ептілікпен тартып шығаратынын, ұлы мәртебелі тақсыр, сірә, өзіңіз де көрген шығарсыз, егер балықтың аласұра тулап, қармақты ұршықтай үйіре жұлқылауына сәл де болса ерік бермей, балықшы ә дегеннен-ақ балықты бірден тартып шығарамын деп оқталса, оның қармақ бауы мейлі тіпті он есе жуан болса да, сөзсіз үзіліп кетер еді. Нақ солай, сіз де тақсыр, оның ойынша намысымды жыртып, кегімді қайтардым деп санайтын талаптарына келгенде, герцогпен қасарыспаңыз, сөйтсеңіз, ұлы мәртебелі тақсыр, көбінесе тікелей ызаңызды келтірген талаптарды, яғни — мен біржолата ағымнан жарылғым келіп отыр — Францияны қансырата түсуге бейім тұрған талаптарды қабылдамай тастаудың орайы кезінде келе жатады. Бастапқы кезеңде ол бұл талаптарды ойына да ала қоймайды, ал бұдан кейін оларды талқылау мәселесін сіз күн асқан сайын кейінге қалдыра тұрып, ұлы мәртебелі тақсыр, бұл талаптарды орындаудан жалтарып кете аласыз.


— Ақылың көкейіме қонып тұр, менің мейірбан Филиппім, — деді король, — бірақ тікелей іске оралайық. Сонымен жынына тимеу үшін герцогтың қандай нәзік ұсыныстарына қарсылық етуге болмайды әрі солардың ішінде қай ұсыныстарын айрықша қастерлейді ол?


— Құдіретіңізге құлдық, тақсыр, қарсылық білдірсеңіз ол өзінің барлық ұсыныстарын да, соның ішінде әрбір ұсынысын да қастер тұтады. Осы жағына сақ болуыңыз керек; астарлап айтқанда, герцог жыны қысып, аласұра бастағанда, қармақты дер шағында босата қоюыңыз үшін үнемі сақ болуға тиістісіз. Әзірге жартылай сабасына түсіп те үлгерген осынау еліру еш қарсылық кездестірмеген соң өзінен-өзі сап болады, содан кейін оны жамбасыңызға алып ұру сізге қиынға түспейді, ұлы мәртебелі тақсыр.


— Әйтсе де, — деді Людовик ойға шомып, — өз талаптарының ішінде жиенімнің айрықша қастерлейтіндері болуы керек қой. Нақ қайсысы екенін біле алар ма едім, Филипп...


— Ұлы мәртебелі тақсыр, оған қарсы келсеңіз бітті, герцогтың түкке тұрмайтын талаптарының өзі ең маңызды талапқа айналып шыға келуі мүмкін, — деді де Комин. — Алайда мынаны барынша сенімді түрде айта аламын: ұлы мәртебелі тақсыр, де ла Марк пен льеждіктерден іргеңізді аулақ салмасаңыз, келісім туралы сөз болуы мүмкін де емес.


— Олармен қарым-қатынасты үземін деп айттым ғой мен, — деді Людовик, — өз обалы өздеріне. Оңбағандар! Олар осындай шақта шатақ істі бастап, басымды жұта жаздады!


— Оқ-дәріге от қойған кісі жарылыстың болатынын білуге тиісті, — деп жауап қатты де Комин, — Бірақ герцог олардан бас тартатыныңыз жөніндегі сертіңізбен ғана шектелейін деп отырған жоқ; ол сондай-ақ, ұлы мәртебелі тақсыр, бүлікті басуға көмектесуіңізді және айыптыларды жазалаған кезде өзіңіздің тікелей қатысуыңызды талап ететінін де біліп қоюға тиісті боласыз.


— Бұлай ету атақ-дәрежемізге лайықты бола қояр ма екен, де Комин, — деп ренішін білдірді король.


— Бас тартқаныңыз қауіпсіздігіңізге одан да бетер қиынырақ болады, тақсыр, — деп жауап қатты де Комин. — Өздерінің Франциядан қолдау күтіп, босқа әуре болуларының түкке де керегі жоқ екеніне, егер олар тағы да көтеріліс бастай қалса, Бургундияның кәрінен және жазалауларынан ешкім де құтқара алмайтынына фламандықтардың көзін біржолата жеткізуге ұйғарды Карл.


— Сенен сырымды жасырмайын, сеньор Филипп, — деді Людовик. — Қалай қарайсың, егер бізге уақыт ұтудың сәті түссе, льеждік әлгі салпаңбайлар өз намыстарын өздері қорғай алар ма еді? Оңбағандар сансыз ғой әрі шеттерінен ер жүрек — Бургундия герцогының шабуылынан қаланы қорғап қалар ма еді?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, оларға өзіңіз уәде еткен бір мың француз атқышының көмегімен, бәлкім, қаланы қорғап та қалар ма еді, бірақ...


— Мен уәде етіппін бе? — деді Людовик шамданып. — Бұл жала! Оны сөз етуге аузың қалай барады, Филипп!


— Ал мұндай көмек болмаса, — деп ойын жалғай түсті де Комин, корольдің сөзін елеместен, — ал қазіргідей аласапыран шақта оларға қол ұшын беруге бара қоюыңыз екіталай, ұлы мәртебелі тақсыр, — Сен-Трон шайқасынан кейін Карл опырып жіберген қабырғалары күні бүгінге шейін бүтінделмеген қаланы қорғап қалу неғайбыл нәрсе Брабанттың, Эно мен Бургундияның жауынгерлері бір қатарда жиырма адамнан сап түзеп қабырғалардың ойықтарынан қалаға оп-оңай ене алатынына менің шүбәм жоқ.


— Ашықауыз ақымақтар өңшең! — деп кейіді король. — Егер өз қамдарын өздері ойламаса, олар үшін алаң болып та керегі жоқ. Айта бер әңгімеңді, оларға бола мен ешкіммен де жүз шайыспақ емеспін!


— Келесі талап, ұлы мәртебелі тақсыр, жаныңызға қаттырақ батып жүре ме деп қорқамын, — деді де Комин.


— Ә! Бәсе, бұл тағы да әлгі қарғыс атқыр неке жайында ма! — деп ышқынды король. — Менің қызым Жаннаға берген сертін бұзуына Орлеан герцогына ешқашан да жол бермеймін, деп өзіңе айтпадым ба! Бұған бару — өзімді де әрі менің ұрпағымды да француз тағынан айыру деген сөзі өйткені балам болса, аурушаң, — ол, былайша айтқанда, ешқашан да өсіп-өнбейтін, семуге айналған бүршік қана. Бұл неке жайында мен ұзақ күндер бойы арман етіп келдім. Жатсам-тұрсам қиялымды билеп, көз алдымнан кеткен емес. Жоқ, сеньор Филипп, бұл некеден бас тарта алман! Өзім көңіліме қош алған саяси жоспарым мен біріне-бірін құдай қосқан екі жастың бақытын өз қолыммен тас-талқан етуімді менен талап ету адамшылыққа жатпайды!


— Олардың бір-біріне ынтықтығы соншалықты күшті ме еді, әлде? — деп сұрады де Комин.


— Басқасын қайдам, екі жастың біреуі жөнінде өзімнің күмәнім жоқ, — деп жауап қатты король, — және де оның бақыты мен үшін айрықша қымбат. Несіне күлесіз, сеньор Филипп? Әлде сіз; махаббат дегенге иланбаушы ма едіңіз?


— Керісінше, мейлінше иланам, тақсыр, — деді де Комин, — сондықтан да әлгінде ғана маған өзіңізден сұрасам деген бір ой келіп еді: егер өзіңізге графиня Изабелла де Круа басқа бір жігітке ғашық екенін, осы себептен ол, сірә, Орлеан герцогымен некелесуге ешқашан да келіспейтінін хабарласам, герцогтың ойлаған некесіне, ұлы мәртебелі тақсыр, бар ықыласыңызбен ризалығыңызды бермейсіз бе?


Людовик күрсінді.


— Әттең, достым, — деді ол, — өліктің көңілін ғана аулайтын бұл жұбанышты қай моладан қазып алдың сен? Басқа бір жігітке ғашық! Ал мұнда тұрған не бар? Шындықты айтайық. Егер сорымызға кездейсоқ туған мына жағдай кездеспегенде, Орлеан герцогы менің Жаннамды мейлі жек көрсе де, бәрібір соған үйленуге мәжбүр болар еді. Өз ақылыңа салып байқашы, де Комин, осынау ару қыз, оның үстіне өзі осындай қыспаққа түсіп отырса, бұл жігітке, Франция перзентіне тұрмысқа шығудан бас тарта қоюы мүмкін бе тегі! Жоқ, Филипп, жоқ! Ол бұл некеге қарсы болады, сөйтіп герцогтың әміріне құлақ аспайды екен-ау деп ойлаудың өзі бекершілік. Дүние шіркін құбылмалы да тұрлаусыз ғой, Филипп!


— Бұл арада, тақсыр, осынау жас графиняның төтенше мінезін ескермей отырсыз. Графиняның ата-тегінің де Круа сынды, айрықша өктем де қайсар болуы тегін емес. Ол өзінің қасына ілескен, рас, шындықты айтқан абзал, графиня саяхат шеккен кезінде оған қызметі қатты сіңген, шотландық жас атқосшыға ғашық болып қалғанын мен Кревкерден сыр тартып біліп алдым.


— Бұл айтып тұрғаныңыз менің Квентин Дорвард есімдес атқышым емес пе? — деді король масаттана.


— Соның дәл өзі сияқты, — деп жауап қатты де Комин. — Олар екеуден екеуі дерлік саяхат құрып жүрген жерлерінен, қолға да жұптарын жазбай түсіп қалыпты.


— О, жаратқан, өзің жар болғайсың, әулие бибі және Мартин мен Юлиан әулиелер! — деді король қуанышы қойнына сыймай. — Жұлдыздарға қарап бал ашып, әлгі балаң жігіттің тағдыры менің тағдырыммен тағдырлас екенін болжап білген кемеңгер Галеоттидің мәртебесі биіктеп, даңқы арта берсін! Жас графиня оған егер шын ғашық болып, Бургундия герцогының әмірінен де тайсалмайтын болса, онда әлгі Квентин менің үмітімді ақтағанын мойындамасқа лажым жоқ.


— Кревкердің сөзіне қарағанда, бұл ару қыз Карлдың дегеніне көнбейтініне кәміл илана беріңіз, ұлы мәртебелі тақсыр. Сондай-ақ, ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге өзгеше бір емеурін танытқанына қармастан, Орлеан герцогының да баяғыда айттырылып қойған қалыңдығы, өзінің ғажайып жиеншарынан айнып кетуі неғайбыл.


— Уһ! — деп күрсінді король. — Бірақ сен менің Жанна деген қызымды өмірі көрген емессің: ол айнымай қалған жапалақ қой, сүйіктім, нағыз жапалақтың өзі, оның кескінінен басқа екеш, әкесі мен де ұялам! Бірақ гәп мұнысында емес... Герцог ақымақ болмай, Жаннаға үйленсе екен өзі, ал содан кейін Францияның бүкіл сұлу қыздарына қырғидай тисе де мейлі, өз басым оның сөйткеніне күні бұрын рұқсатымды беремін. Қош, де Комин, герцогтың маған қоятын күллі талаптарының ұзыннан-ұзақ тізімі менің көз алдыма жайылып бітті, солай ма?


— Герцогтың, сірә, бұлжымауын айрықша қадағалайтын барлық талаптарын атап өттім өзіңізге, тақсыр. Бірақ арқыраған тасқын іспеттес герцогтың көңіл күйі, егер өзіне тосқауыл кездеспесе ғана сабасынан аспайтыны, ұлы мәртебелі тақсыр, сізге аян; оның жынына тиюі ықтимал жайлардың бәрін болжап білу мүмкін емес. Егер, айталық, ұлы мәртебелі тақсыр, льеждіктермен және Гийом де ла Маркпен астыртын сөз байласқаныңызды кенеттен дәлелдеп беретін айғақтар шыға келсе, — бұл сөзді көзіңізге айтқаныма ғафу өтінемін өзіңізден тақсыр, бірақ көңілге қарап жататындай мұрсатымыз бар ма, — онда мұның арты сұмдық бір сойқанға апарып соғуы мүмкін. Айтпақшы, бізге қайдағы бір тосын жаңалықтар келіп жетуде: де ла Марк графиня Амелинаға, графиня де Круаға үйленіп алыпты-мыс деседі.


— Есіл-дерті байға шығу боп жүрген бұл ақымақ әйел сайтанның өзіне де қатын болудан қашпас еді. Сондықтан мен әлгі айуан де ла Марктің шімірікпестен соған үйленгеніне әлдеқайда қатты қайран қалудамын.


— Пероннаға де ла Марктің атынан елші келе жатыр деген қауесет те тарап кетті, — деді де Комин сөзін жалғап. — Осы бір хабардың өзі-ақ құрметті герцогтың шамына тиіп, оны қатты ашуландырды... Елшінің қолында сіздің хатыңыз әлде осы әлпеттес басқа бір айғақтар бола қоймас деп үміттенемін, солай ма?


— Жабайы Қабанға жолдаған менің хатым дейсіз бе? Жо-жоқ, сеньор Филипп, доңыздардың алдына моншақ шашатын ақымағың мен емеспін. Осынау сұмпайы айуанмен екі арадағы некен-саяқ келіссөздер, әрқашан да сөз жүзінде ғана жүргізіліп келген-ді және өздерін тіпті ұры түскен тауық қораға байланысты қозғалған қылмысты іс бойында да куә етіп тартуға болмайтын қаңғыбастар арқылы ғана жүргізіліп келген-ді.


— Олай болса, — деді де Комин, қоштаспақ боп, орнынан түрегеліп, — ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңізге айтқан ақылымды тағы да қайталаумен әңгімені тәмамдау ғана қалып отыр: мейлінше абай болғайсыз, жағдайға қарай әрекет етіп бағыңыз, ал, ең бастысы, герцогқа сөз қатқан кезіңізде қазіргі хал-ахуалыңызды ұмытпаңыз, биік мәртебелі атақ-дәрежеңіздің деңгейінен сөйлесуден бой тартыңыз.


— Егер атақ-дәрежем өзім жайында сөз етуді көтермей жатса, — айтса да әлдеқандай бір маңыздырақ іске тірелгенде, бұлай болуы өз басыма сирек ұшыраса тұрса да, — маған лезде шипа боларлықтай дәрі-дәрмегім сайлаулы тұр: сеньор Филипп, қайдағы бір масқара үйшікті көз алдыма елестетіп өтсем-ақ және Аңқау Карлдың қалай опат болғанын ойласам-ақ біткені, суық ванна қабылдау қызбалықтың желігін қалай дереу баса алатынындай, мен де әп-сәтте сабама түсе қаламын... Апыр-ай, мейірбан достым әрі тәлімгерім, сен қайтатын кез, шынымен-ақ таяп қалғаны ма?.. Қош бол, сеньор Филипп! Сен айтқан ең қарапайым дәлелдердің өзінің байыбына баруға ақылы жете қоймайтын, осынау Бургундия бұқасына биік мәртебелі саясат жайында дәріс беруден жалыға бастайтын күн туса — онда, Филипп, егер ол кезде Людовик Валуаның көзі жұмылып кетпесе, француз сарайы маңында досың бар екенін ұмытпағын. Мемлекеттік істерді жетік білетіндігі өзінің арымен ұштасқан, ізгілікті зұлымдықтан айыра алатын адамның ақыл-кеңесі мен тәлімгерлігіне қолым жетер болса, онда мемлекетім, шын мәнінде, игілікке бөленгені деп санайтынымды қайталап айтамын. Уа, рақымы мол құдай тағала, сүттен ақ, судан таза бибі һәм әулие Мартин күнәһар ете қоймас мені, ал, бірақ Оливьенің де, де Балюдің де жүректері диірменнің тасынан жұмсақ емес, сондықтан да солардың арандатуының салдарынан бүкіл өмірім ар-ұжданымның алдында азап шегумен және қылмыстарыма өтініш білдірумен уланып біткен әлдеқашан! Сондықтан тек өзің, де Комин, ертедегі кемеңгердің шын кемеңгерлік бойына дарыған, тек өзін ғана мені ұлы да ізгі тақсыр етіп баули алар едің!


— Бұл қиын міндет, сондықтан оны жүзеге асыру қолынан келгендер көп емес, алайда ерік-жігері, шар болаттай берік патшалар үшін орындауларына болмайтын да міндет емес, — деп жауап қатты де Комин. — Қош болыңыз, ұлы мәртебелі тақсыр! Сақадай сай тұрыңыз, өйткені ұзамай герцог келіп жетеді.


Де Комин шығып, есік жабылғаннан кейін, Людовик оның ізінен ұзақ уақыт бойы көз алмай қарап тұрып қалды да, ақтығында зілді күлкімен қарқылдай күліп жіберді:


— Ол маған балық аулау жайында ақылын айтумен болып еді, ал өзі құдды бақбақша ұсақ қармаққа лезде түсіп қалды! Өзінше ізгі жанмын деп ойлайды, өйткені пара алудан бас тартты, сөйткенмен, менің дәріптеулерім мен уәделерім майдай жағып, оп-оңай еріп жүре берді, өзінің менменшілдігіне қатты батқан қорлаушылық үшін табанда кек алу мүмкіндігіне ие болғанына төбесі көкке жеткендей қуанып қалды! Несі бар, ақшадан бас тартып, ол тек қана кедейлене түсті, бірақ оның есесіне зәредей де адал бола алған жоқ. Сонысына қарамастан, ол менің қол астымдағы адамым болуға тиісті, өйткені бұлардың бәрінің ішіндегі ең естісі осы! Ал енді басқа бір: неғұрлым ізгірек аңшылыққа әзірленейік! Қазір мен дүрілдетіп, дабылдатып желден есіп осы араға жететін Левиафанмен, Карлмен бетпе-бет дидарласпақпын. Оны алдандыру мақсатымен, есі шыға шошынып қалған теңізшілердің әдетіне басып, кеменің ернеуінен асыра бөшке лақтыруыма тура келіп тұр. Бірақ, бәлкім, оның ішек-қарнына шанышқы қадайтын күн де туып қалар.


XXXI ТАРАУ


ЖҮЗДЕСУ



Жас жауынгер, адал бол сен, бұзылма,
Уәдесін орындасын қызың да.
Жалғандықты бер сөзуар төреге,
Адал бол тек — кіршігі жоқ көк теңбіл
Тамылжыған таңғы аспандай мөп-мөлдір.


«Сот»



Людовиктің айлакер де әккі тыңшысы ретінде әрекет ете жүріп Оливье, екі патша Перонна қамал-сарайында жолығардың алдындағы әйгілі де мазасыз осынау таңғы мезетті қарбаласпен өткізді. Герцог қаһарына мінгенде, отқа май құймай, қайта оны басуға ыңғай танытсын деген есеппен ол сөзімен де қарқ қылып әрі сый-таралғыларын да үлестіре жүріп, өз короліне жақтастардың қатарын көбейте түсуге жанталасып бақты. Бір шатырдан екінші шатырға, шаңырақтан-шаңыраққа жылыстай жүріп, апостол уәзипаларын малданбай, Маммонның жәдігөйлігіне басып, жағалай өзінің төңірегіне дос-жарандар тартумен болды.


Ысқаяқтығы жағынан асып түспесе, кем түспейтін басқа бір саяси тыңшы жайында айтылатындай: «Жұрттың бәрімен жең ұшынан жалғасып, жұрттың бәрімен тіл таба білді». Сөйтіп ақтығында, жоғарыда айтып өткеніміздей, қилы-қилы себептерге байланысты ол бургундиялық көптеген дворянның аузын алып та үлгерді, олардың біреулері Франциядан сескенсе, екіншілері Францияның алуан-алуан игіліктеріне бөленеміз деп дәмеленді, ал үшіншілері, егер Людовиктің билігі қалжырап, әлсіреп кетсе, герцог Карл қылышынан қан тамған жауызға айналады деп те қорықты, ал Карл, шынында да, мейірімсіз болудан ешқашан да бас тартқан емес.


Оливье өзінің дәрменсіздігін сезген тұстарда, корольдің басқа қызметшілерінің көмегіне иек артты. Осы әдіспен ол лорд Кроуфорд пен Таңбалы Людовиктің Квентин Дорвардпен жолығуына граф Кревкердің рұқсатын да алып үлгерді, ал Квентин өзі Пероннаға келгеннен бері, құрметті тұтқын жағдайында тұрып жатқан-ды. Бұл кездесуге жеке адамның ісі сылтау етілді, бірақ былай болуы да шындыққа әбден саятын еді, герцог Карлдың мінез-құлқының шайпаулығы, оның Людовикке зорлық көрсетіп масқара болуына әкеліп соғуынан қорқып, жас атқышқа корольге пайдасы тию мүмкін бірлі-жарым ақылын айтуы үшін Кроуфордқа жағдай туғызуға Кревкердің өзі де қарсы емес-тін.


Отандастардың кездесуі мейлінше қуанышты, тіпті — туыстық сипатта өтті десе де болады.


— Сенің өзің ғажап жігітсің! — деді Кроуфорд, Дорвардты жақсы көретін атасындай басынан еркелете сипап. — Дүниеге бақыт құша келгендей, өзің жолы болғыш адам екенсің.


— Олай болатын себебі, ол тіпті бала кезінде дерлік атқыштар сапына қосылған-ды ,— деп қолпаштай түсті Таңбалы. — Мінеки, мына өз басым, жиенжан, ешқашан да мұндай көп мақтауға ілініп көрген емеспін. Неге? Өйткені паждықтан құтылып шыққанымда жиырма бесте едім.


— Несін айтасың, паж болып жүргеніңнің өзінде-ақ, сен нағыз құбыжықтың өзі едің, әділін айту керек қой, — деді қарт басшы. — Сақалың қауғадай, ал белің нақ бір батыр Уоллестің қартайған шағындағыдай бүгіліп тұрушы еді.


— Құрметті атақ — атқыш атануым енді ұзаққа бара да қоймас деп қорқамын: Шотландия гвардиясы қатарындағы қызметімді тастамақпын, — деп сырын айтып салды Квентин төмен қарап тұнжырай.


Таңбалы сасқанынан сілейіп қалды, ал лорд Кроуфордтың әжім басқан өңінен көпе-көрнеу реніш табы аңғарылып тұрды.


— Қызметімді тастаймын деймісің! — деп зіркіл қақты әлден уақытта есін жиған Таңбалы. — Шотландия гвардиясы қатарындағы қызметті ме? Мұндайды бұрын-соңды кім көріпті? Ал менің еркіме салса, бұл қызметімді Франция коннетаблі дәрежесімен де айырбастамас едім!


— Жап аузыңды, Людовик, — деді Кроуфорд. — Желдің қай жақтан соғып тұрғанын бізден, шалдардан гөрі бұл бала жақсырақ ұғып тұр. Жол-жөнекей король Людовик жайында ойдан шығарылған не алуан қысыр әңгімелерді естіп, құлағының құрышы қанған болуға тиісті, ал енді бургундиялық азамат атанып, герцог Карлге естігенін түгел жеткізіп, бұл әңгімелерден олжа таппақ ниеті бар тәрізді.


— Егер бұған көзім жетсе, апамнан мейлі елу мәрте қайта туса да, оны өз қолыммен бауыздап өлтіре салар едім!... — деп бұлқынды Таңбалы.


— Бірақ, айналайын нағашым, мұндай жазаға ұшырайтындай қылмысымның барын, яки жоғын сіз әуелі анықтап аларсыз деген үмітім зор, — деп үн қатты Квентин. — Ал милорд сіз... біліп қойыңыз, мылжыңбайыңыз мен емес: ұлы мәртебелі тақсырдың қол астындағы қызмет бабында өзім естіп-білген мағлұматтарым жөнінде және оған зияны тиетін қандай да мәліметке байланысты, не тергеуге алсын, не азапқа салсын, мейлі бір ауыз сөз де ести алмайды. Бұл жайында тіс жармауға өзіме-өзім серт еттім және осы уақытқа шейін бұл сертті бұзған жоқпын. Ал, бірақ дұшпанмен бетпе-бет айқасу қаупінен тыс, достарымның тарапынан жасалған торуылдарға душар болатын қызметте қала алмаймын.


— Егер тосқауылдар, шынында да, оған ұнамайтыны рас болса, онда, милорд, оны әурелеудің де қисыны келе қоймас, деп білемін, — деп салды аңғарымпаз нағашы, лорд Кроуфордқа мұңая қарап. — Маған отыз мәртедей дерлік тосқауылды бұзып шығуыма және кем дегенде бұдан екі есе көп рет өзімнің тосқауыл құрып отыруыма тура келгені бар, өйткені өзіңізге мағлұм, милорд, корольдің соғыста қолданатын ең жақсы көретін тәсілі осы тәсіл.


— Шындықты айтып тұрсын, Людовик, — деп жауап қатты лорд Кроуфорд. — Бірақ сабыр етші, бұл арада істің түйіні қайда жатқанын өзіңнен гөрі жақсырақ түсінгендей сияқтымын.


— Лайым солай болғай, милорд! — деді Таңбалы өз пікірін білдіріп. — Әйтпесе апамнан туған бала тосқауылдан қорқады екен-ау деген ой келгенде, сенсеңіз ішім қазандай қайнайды.


— Істің түйінін ішім сезіп тұр, жігітім. Осы саяхаттың кезінде опасыздықпен ұшырасуыңа тура келген және оны ұйымдастырған корольдің өзі деген күдік туған болуға тиісті саған.


— Иә, сапарымның бүкіл өне бойында, опасыздық қарсы алдымнан кесе-көлденең шыға берді, қайта бағым бар екен, оны бойыма дарытпадым, бұл арда король кінәлі ме, әлде жоқ па, ол жағын бір құдайдың өзіне және ұлы мәртебелі тақсырдың ар-ожданына тапсырдым. Бірақ король мені аштықтан құтқарып алды, басыма пана болды, сондықтан, әсіресе, өз басына ауыр күн туған қазіргі шағында, өзім барып тұрған оңбаған, адамдардың аузынан естіген, мейлі тіпті ең әділетсіз қылықтарының өзін бетін басып, айыптап жататын кісіңіз мен емес.


— Перзентім менің! Асыл ұрпағым! — деп қуанып кетті лорд Кроуфорд, Квентинді құшағына қысып. — Жаныңмен де, тәніңмен де нағыз шотланд екенсің өзің! Ал мұндай адам досын далаға тастамайды, басына қиын-қыстау күн туғанда, өзінің бір кездегі өкпесін айтып, оны табаламайды, керісінше қолынан келген жақсылығын істеп бағады.


— Сені Кроуфордтың өзі құшағына қысса, келші бермен қарай, жиенім, мен де құшақтайын, ал, бірақ поп үшін иманшарт қалай қымбат саналса, тосқауыл да солдат үшін нақ сондай қымбат екенін білуге тиістісің!


— Япыр-ай, Людовик, аузыңды қышыта беріп қайтесің. Құдай өзіңе қандай жиен бұйыртқанын түсінбесең, онда сен, достым, есек екенсің!.. Қош, енді өзің маған мынаны айтшы достым: сенің ізгі де ерлік ниетіңді король біле ме? Бұлай сауал қоюымның себебі, ауыр жағдайға душар болған қазіргідей хал-ахуалында, ол байғұстың кімге иек арта алатынын біліп отыруының маңызы өте-мөте зор. Уһ, шіркін, осындайда өзінің гвардиясы қасынан неге табыла кетпейді екен десеңші! Жә, Құдайдың маңдайына жазғанын көре жатар енді. Қош, сонымен, сенің ой-ниетіңді король біле ме, әлде жоқ па?


— Ешқандай жағдайда да, герцогқа мен корольге кесел боп жабысатындай сыр шашпаймын деп Мартиус Галеоттиге, астрологқа хабарлай тұрсам да, — деп жауап қатты Квентин, — білетін шығар деп кесіп айта алмаймын, милорд. Ал өз күдігіме келетін болсақ, онда кешіре көріңіз: ол жөнінде тіпті өзіңізбен де сырласа алмаймын; ендеше, бұл сырымды оқымысты философқа сездіретіндей ниетімнің мүлде болмағаны айтпасам да түсінікті.


— Бәсе, мінеки, гәп қайда! — деді лорд Кроуфорд. — Оливьенің маған кеше Галеотти корольдің алдында сен өзіңді бұдан былай қалай ұстайтының жайында батылдықпен сәуегейлік жасады деуі тегін емес екен ғой. Оның сәуегейлігі бұл жолы жұлдыздардың тілінен гөрі, неғұрлым сенімдірек көзге негізделгеніне қатты қуанып тұрмын.


— Сәуегейлік жасаған ба ол, — деді Таңбалы қарқылдай күліп. — Мына мен, қадірлі Людовик Лесли бір сүйкімді келіншекке нақ осы сәуегейдің тапқан-таянғанын судай шашуына көмектесіп жүргенін осынау кемеңгерге өз жұлдыздары бір мәрте де аян еткен емес қой!


— Өшір үніңді, Людовик! — деп зекірді Кроуфорд. — Өшір үніңді, малғұн! Егер мені өзіңдей көпті көрген бір шалға балап, аппақ басымды сыйламасаң сыйламай-ақ қой, бірақ уыздай жап-жас, бейкүнә мына баладан ұялсаң етті, әдепсіз сөздеріңді оның көзінше айта берме.


— Мархабатты мырза, не айтсаңыз да еріктісіз ғой, — деп үн қатты Лесли, — бірақ арыммен ант етейін, өзіміздің сәуегей Сондерс Суплджо, әлгі Глен-хулакиндегі етікші, сіздердің Галеоттиіңізді, Галипоттиіңізді, әлде тағы да қалай еді әлгі бір неменің есімі, он мәрте орта жолда қалдырып кете барар еді? Ол менің апамның барлық балалары шәйт болады деп сәуегейлік еткен-ді; солардың ішіндегі ең кенжесі — мына отырған Квентин дүниеге келген күні мәлімдеп еді ол бұл сәуегейлігін. Әрине, күндердің күнінде бұл да дүние кешеді ғой, сөйтіп етікшінің болжамы ақырына дейін дәл келетін болады: апам сан мәрте көтерген құрсақтан тірі жүргені осы ғана. Тағы да сол Сондерс үйленген соң менің бай болатынымды болжап айтқан; мен күні бүгінге шейін бойдақпын, қашан және қандай бір жағдайда үйленерім маған беймәлім, өйткені неке жайы ойыма да кіріп-шықпайды, ал Квентин — сары ауыз балапан әлі, сондықтан оған үйлене қою ерте. Сондай-ақ тағы да Сондерс былай деп сәуегейлік етіп еді...


— Жетер, жетер енді, Людовик! Егер бұл болжамы да естір құлаққа ерсі болса, одан да айтпай-ақ қой. Жиеніңмен қоштасатын уақыт таяп қалды, ізгі ниеттеріне берік болуын енді қасиетті бибінің өзіне тапсырдық, өйткені Квентиннің аузынан шыққан ұшқары бір сөздің өзі-ақ, соңынан тіпті Париж парламентінің өзі де түзей алмастай сұмдық бір жаманшылыққа ұрындыруы ықтимал. Алдыңнан жарылқасын, перзентім! Сонан соң мына қарт атаңның сөзіне құлақ ас, жасақтағы кызметіңді тастап кетуге асықпағын. Ұзамай, тіпті таяу арада, біздің даңқты істерді атқаруымызға тура келіп тұр, сондықтан күллі торуылды жайына қалдырып, күндіз, ашықтан-ашық соғысамыз.


— Мен де батамды беремін, жиен, — деп қосыла кетті Людовик Лесли. — Өйткені біздің айбынды қолбасшымыздың өзі саған риза болып жатса, өзіңе мен де ризашылық білдіруге тиісті боламын.


— Бір сәтке, милорд, — деді Квентин, — лорд Кроуфордпен оңаша сырласып. — Ұлы мәртебелі тақсырдың қауіпсіздігін сақтау мақсатында жария етілмейтін бірқатар жағдайлар, менен басқа, тағы да бір адамға мәлім екені жөнінде сізге ескертіп қоюға мәжбүр болып отырмын. Бұл адамның қызмет бабы жағынан да, ілтипат жағынан да корольге қатысы жоқ. Бәлкім, сол бір ару өз мүддесі тұрғысынан келгенде үнсіз қалуды мақұл көрмес те...


— Ару! Демек бұл іске әйел адамның да араласқаны ма? — деп абыржып қалды лорд Кроуфорд. — Тәңірімнің өзі есіркесін де! Біз құрыдық!


— Жоқ, милорд, бұлай жаманшылыққа жорымаңыз, — деп жауап қатты Дорвард. — Жалғыз-ақ барлық беделіңізбен граф Кревкерге ықпал жасап бағыңыз: графиня Изабелла де Круаға жолығуыма рұқсатын алып беріңіз, сөйтсеңіз графиняны нақ мен сияқты құпияны көздің қарашығындай сақтауға иландыра алатыныма өзіңізге серт етемін.


Қарт лорд біресе төбеге қарап, біресе еденге қадала көз тастап қойып, біресе әлденеге қайран болғандай басын шайқап, ұзақ уақыт ойланып қалды. Ақтығында былай деп үн қатты:


— Ар-ожданыммен ант етейін, осынау қам-қарекеттерде мен түсінбейтін бірдеңе бар! Графиня Изабелла де Круамен, айрықша бөлек, асыл текті де асқан дәулетті ханыммен жолығыспақсың! Ол сөзіңе құлақ аса қояды деп, шотландық байғұс бала, мына өзің сене аласың ба? Әлде шектен тыс менменшіл адамсың ба? Әлде жас ұлан достым, графинямен сапар шеккеніңде, уақытты зая жібермеген болып шықтың ба? Әулие Андрейдің атымен ант етейін, Кревкермен сөйлесіп көремін! Бәлкім, ол сенің тілегіңді қабыл алар да, өйткені Карл мейірімсіз мінез-құлқына басып, Людовикке тым қатал жаза қолданып, герцогтың ар-намысына дақ түсіріп жүрмесін деп оның өзі де қатты шошынып жүр. Ал, бірақ сенің тілегің ерсі, өте ерсі тілек.


Қарт лорд осы бір сөздерді айтып салды да, екі иығын қиқаң еткізіп, Людовик Леслиді соңынан ерте бөлмеден шыға берді, ал Людовик бастығынан ешбір жағынан олқы соқпауды көздеп, істің мән-жайынан әрі оны ерен таң қалдырған не нәрсе екенінен мүлде бейхабар болғанына қарамастан, лорд Кроуфордше маңғаз да құпия мінез көрсетуге тырысып бақты.


Ар ада бір-екі минут өткенде лорд Кроуфорд қайта оралып келді, бірақ қасына Леслиді ертпестен жалғыз келді. Бұл жолы қарияның көңіл күйі көзге ерсі көрініп тұрды. Өзінің сұсты реңіндегі әжімдерін қоюлата түскендей көрініп, амалсыз күлімсіреп әрі өзі іштей мақұлдай қоймайтын, бірақ өзінің күлкісін келтіріп тұрған бір ойға батқан кісінің қалпындай сыңаймен басын шайқай берді.


— Бәрекелді, жерлес, — деді ол Дорвардқа қарап, — өзің онша бір аңқау бала емес сияқты көрінесің, істі қолға қалай алуды біледі екенсің. Кревкер сенің тілегіңді, дәл бір стақан сірке суды тартып жібергендей, қиналып қабыл алды. Егер мәселе екі патшаның ар-намысы мен олардың мемлекеттерінің игілігіне тірелмеген болса, құлағыңды өзің көре алмайтыныңдай, графиня Изабелланы сенің көре алмайтыныңды айтып, бүкіл әулиелердің атымен ант етумен болды. Егер өзінің сұлу әйелі болмағанда, кереметтей графиняның намысы жолында жекпе-жекке шығудан да тайынар емес қой езі деп те ойлап қалуға болар еді. Айтса да, бәлкім, өзінің немере інісі, граф Стефанға айттырмақ ниеті болды ма екен... Графиня! Көрдің бе, дәмесінің қандай екенін! Қане, жүрейік! Жалғыз-ақ есіңде болсын, кездесу аз уақытқа ғана созылуға тиісті; әрине, өзің де уақытты зая жібере қоймассың! Ха-ха-ха! Ар-ожданыммен ант етейін, күлкім келіп тұрғаны соншалықты, өзіңді жақсылап сыбап алуға да дәрменім жоқ.


Екі бетінің ұшы нарттай жанып, байырғы жауынгердің тұрпайы әзілінен қысылып, барлық кәнігі адамдардың өз махаббатын мазақ ете беретіні, ерсі көретіні жанына батып, Дорвард лорд Кроуфордтың соңынан үн-түнсіз ілесе графиня Изабелла орналасқан шағын әдияратқа қарай бет алды. Осы арада ауызғы бөлмеде оларды граф де Кревкер тосып тұрды.


— Сонымен, балақай, — деді граф Дорвардқа қабақ шыта қарап, — саяхаттас серігіне тағы да бір жолығып қалуға құштар дей ме осы, сені?


— Иә, солай граф, — деп үн қатты Квентин. — Және бәрінен де маңыздысы, мен графинямен оңаша жолығуға тиістімін,—  деп өз ойын кесіп айтты ол.


— Бұл мүмкін емес! — деді Кревкер даусы қатты шығып, — Төрелігін өзіңіз айтыңызшы, лорд Кроуфорд. Уыздай жас қыз, байырғы досымның әрі қарулас серігімнің қызы, бүкіл Бургундиядағы асқан бай мұрагер, маған ақылға қонбайтын қайдағы бір оғаш сырын жыр етіп шертеді... бірақ мен, шынында да, не деуім керек?.. Қысқасы, қыз есінен адасқан, ал мына бір сары ауыз балақан — өр көкірек тентектің өзі... Сайып келгенде, екеуін оңаша жолықтыруға болмайды.


— Өйтетін болсаңыз, мен графиняға тіс жарып, сөз қатпаймын тіпті. Және де мен қаншама өр көкірек болсам да, сіз ойыма еш уақытта да кіріп-шықпаған бір мәселеге көзімді ашып беріп тұрсыз! — деді Квентин насаттана.


— Ол рас айтып тұр, достым, — деді лорд Кроуфорд. — Сіз ағат кетіп тұрсыз. Өзіңіз осы әлгінде ғана менің төрелік айтуымды өтіндіңіз ғой.


Ендеше, бері қараңызшы: бұл арада, ауызғы бөлмеде, берік темір тор бар; сол темір тор тұрғанда несіне қорқасыз, сондықтан олар құмарынан шыққанша мылжыңдай берсін, мейлі. Корольдің өмірі, ал, бәлкім, тіпті, мыңдаған адамдардың өмірі екі сәбидің өзді-өзі ұзын саны бес минуттай сыбырласқандарына да татымағаны ма, шынымен-ақ?


Осылай деді де, қарт лорд граф Кревкерді бөлме ішінен зорлағандай ертіп әкете берді, ал граф шығып бара жатып, жас атқышқа көзін аларта қарады. Бір минуттай уақыт өткенде ауызғы бөлмеге, темір тордың арғы жақ бетінен, Изабелла келе жатты, сөйтіп жападан-жалғыз тұрған Квентинді көргенінде, алғашқыда қысылып төмен қарап тұрып қалды.


— Айтса да, адамдар күдіктене қарайды екен деп өзіме жасаған жақсылығыңызды мен неге ұмытуым керек? — деді ол ақтығында, — Менің жан досым, менің құтқарушым! Басыма қауіп-қатер туған, маған сатқындық жасаған ортада өзіме пана болған бірден-бір адал да айнымас досым!


Осы сөздерді айтып тұрып ол темір торға лезде таяп келді де, жас ұланға қолын ұмсына берді, ал Квентин көзінен ыстық жасын моншақтата, графиняның қолына жабыса кетіп, өбумен болды. Графиня қолын кейін қарай тартып алған жоқ, тек жалғыз-ақ былай деді:


— Егер бұл біздің соңғы жолығысуымыз болмаса, Дорвард, сіздің соншалықты есіңізден танғандай бұл қылығыңызға ешқашан да жол бермес едім.


Квентин Изабелланы нендей бір сұмдық қауіп-қатерлерден құтқарып алғанын естеріңізге салсақ, Квентин графиняның бірден-бір айнымас та адал досы болып шыққанын естеріңізге салсақ, менің әйел оқырмандарым, тіпті іштеріңде графинялар мен бай мұрагерлер бола берсін, мейлі, графтың атақ-дәрежесімен сыйыспайтын осынау зәредей ғана әбестігі үшін Изабеллаға кешірім етер, бәлкім...


Әлден уақытта ол қолын босатып алды да, темір тордан кейін қарай шегініңкіреп тұрып, Квентиннің өзімен не жайында сөйлескісі келгенін білгісі кеп, барған сайын ұяла түсіп, сауал қойды.


— Граф Кревкердің қасына ере келіп маған жолыққан қарт шотланд лорд арқылы менен өтінбек тілегіңіз бар екенін естіп білдім, — деді ол. —Ол не тілектер? Айтыңызшы. Егер парызы мен ар-намысына дақ түсірмей, бұл тілекті орындау байғұс Изабелланың қолынан келіп жатса, онда тілегіңізді орындайды ол. Жалғыз-ақ өзіңізден бір өтінішім, — деп ойын сабақтай түсті ол жан-жағына елеңдей көз тастап, — біреу-міреу сөзімізді тыңдап тұрғандай болса, екеумізге зияны тиіп кетуі мүмкін, ештеңе де айтпаңыз.


— Графиня, көңіліңіз алаң болмасын, — деп көңілсіздене үн қатты Квентин, — біздің арамызды алыстатып тұрған жайды ұмытар жерім бұл емес, сондықтан тәкаппар туыстарыңыздың сізге зығырданы қайнауына себеп боларлықтай қадамға ешқашан бармайтыныма иланыңыз, өйткені туыстарыңыздай ерекше құдіретті де бай болмаса да, ізгілігі жағынан олардан кем түспейтін бір бейбақты мөлдір махаббатыңызбен оттай шарпып өте шықтыңыз. Осынау махаббат көрген түстей, сағымдай мәңгі-бақи ұмыт болсын, осынау арман өзі үшін мәңгі-бақи шындыққа айналған адамнан басқалардың бәр-бәрі үшін ұмыт болсын!


— Өйтпеңізші, өтінемін өзіңізден! — деді Изабелла жан ұшыра. — Өз қамыңыз үшін... менің қамым үшін, бұл жайында енді сөз қатушы болмаңыз! Менен өтінер қандай тілегіңіз бар, одан да соныңызды айтпайсыз ба!


— Қара басының мақсат-мүддесі мен пайдасы жолында сізге жауыздық жасаған адамға рақым етуіңізді өтініп келіп тұрмын, — деп жауап қатты Квентин.


— Мен ешбір жанға жамандық ойлап жүрмеген сияқтымын, — деді Изабелла. — Уһ, Дорвард-ай, ерлігіңіз бен байсалдылығыңыздың арқасында мені қандай қауіп-қатерлерден құтқарып алдыңыз десеңізші! Қанға бөккен әлгі бір үрейлі зал, әлгі бишара епископ... Сол жолы болған барлық сұмдықтар туралы мен кеше ғана естіп білдім!


— Оны ойлап қайтесіз! — деді уыздай жап-жас қыздың өңі шүберектей қуарып сала бергенін байқап қалған Квентин апыл-құпыл сөйлеп ,— Есіңізге алмаңыз! Одан да алға берік сеніммен көз жіберуге ұмтылып бағыңыз, өйткені сізге төнген қауіп-қатер әлі біткен жоқ. Менің айтқандарымды санаңызға құйып алыңыз. Король Людовиктің іс жүзіндегі шын кейпін айтуға, яғни зымиян да зұлым сатқын екенін жалтармай айтуға кез-келген басқа біреуден гөрі сіз көбірек хақылысыз. Бірақ егер қашқын болуыңызға арандатқан соның өзі екенін, оның өзіңізді де ла Марктің қолына ұстап бермек болғанын айтып, бегіне салық етсеңіз, онда бұл оның өміріне қатер болып төнбесе де, тағынан айрылуы, сөйтіп, сірә, Франция мен Бургундияның арасында қан төгіс соғысқа душар етуі ықтимал.


— Егер оларға тыйым салу өз билігіме берілсе, мұндай бақытсыздықтарға себепкер болмақшы емеспін, — деді Изабелла. — Онан соң егер тіпті кегімді қайтаруды аңсасам да, бұдан бас тартуыма емеурін танытқан тілегіңіздің өзі жетіп жатыр. Маған көрсеткен баға жеткізгісіз қызметіңіздің орнына, керісінше, король Людовиктің жаныма түсірген жараларын көбірек сөз еткенім жарасар ма екен өзіме? Ал, бірақ та өз патшамның, Бургундия герцогының алдында жауап беруге барғанымда өзімді қалай ұстауым керек? Мен яки қасарып үн қатпауға, яки бүкіл шындықты айтып беруге тиісті боламын. Үн қатпау — бұл оның ашу-ызасын келтіру деген сөз, ал өтірік айту... менің өтірікші болғанымды өзіңіз де құптай қоймассыз.


— Әрине, құптамаймын, — деп жауап қатты Дорвард. — Людовик жайындағы беретін жауаптарыңыз өзіңіз күмән туғызбайтын шындықтармен ғана шектелсін; ал бөтен біреулердің аузынан естіп-білгендеріңізді еске түсіруге кезек келгенде, онда өзіңізге қандай айдай айқын көрінбесін, естігендеріңізді тек қауесет тұрғысынан ғана, одан арғыға бармай-ақ айтып беріңіз, сөйтіп егер бұл тіпті солай болғанның өзінде де, қауесеттерге иланатыныңызды немесе оған маңыз беретініңізді сездірмеңіз. Бургундия мәслихатының корольге менің отанымда әрбір қылмыскер пайдалана алатын әділдікпен қарамауға хақысы жоқ! Егер корольге Қарсы қоятын айдай айқын, тікелей дәлелдер болмай шықса, Бургундия мәслихаты оны айыпты емес деп мойындауға тиісті болады, ал мәлімдейтін қауесеттердің әділдігін өз басыңыз дәлелдей алмассыз, онда оларға басқа адамдардың куәгерлік жауаптармен дәлелдеулері керек болады.


— Айтып тұрғандарыңыз көңіліме қонатын сияқты, — деді Изабелла.


— Мен бұдан да егжей-тегжейлірек етіп түсіндіріп берейін, — деді Квентин, сөйтті де өз ойларын мысалдармен ұғындыра бастады. Әдиярат қоңырауы соғылғанда, ол сөйлеп тұрған.


— Бұл біз қоштасуымыз керек деген белгі, — деді Изабелла. — Мәңгі бақиға қоштасуымыз керек! Мені ұмытпағайсыз, Дорвард, ал мен сізді ешқашан да ұмытпаймын... адал қызметіңізді де ұмытпаймын...


Бұдан әрмен қарай сөйлеуге графиняның мұршасы келмеді де, үн-түнсіз қолын соза берді жігітке. Ол қыздың білегіне сүлікше жабыса кетті, сонан соң, қалай болғаны белгісіз, қолын босатып алмақ боп ұмтыла бергенінде, графиняның темір торға жақын жанаса түскені соншалықты, жас ұлан қоштасарда қыздың ернінен құшырлана сүйіп алды. Қыз жігітті итере қойған жоқ — бәлкім, бұлай етуге мұршасы болмаған да болуы керек, өйткені нақ сол бір мезетте екі жастың сөйлескенін саңылаулардан бақылап тұрған, әйтсе де олардың сөздерін ести алмаған Кревкер мен Кроуфорд ауызғы бөлмеге оқша атылып кіріп келді. Кревкер ашу қысып, қалшылдап кетіпті, ал Кроуфорд серігіне басу айтуға тырысып, мәз болып күлумен болды.


— Дереу бөлмеңізге барыңыз, бикеш, естіп тұрсыз ба? Құжыраға қамап қойып, нан мен қара судан басқа нәр сыздырмайтын-ақ адамсыз! —деп ақырып жіберді граф, бет пердесін көзіне түсіріп алып, жалт бұрылып кетіп бара жатқан Изабеллаға. — Ал сен, батырым... сен барып тұрған арсыздың өзі екенсің! Патшалар мен мемлекеттер мүдделерінің сен сияқты сабаздарға ешқандай да қатысы бола қоймайтын күн де туар әлі. Мінеки, сол бір кезде, бәлем, қайыршы неме, сенің осы қылығың үшін сазайыңды бере жатармын...


— Сап, сап, граф! Байқап сөйлесеңіз, қайтер екен! — деп қарт лорд оның сөзін бөліп жіберді. — Ал сен, Квентин, аузыңды ашпа, саған деген бұйрығым осы. Бар, жөнел!.. Ал енді ол біздің сөзімізді ести алмайтын болғандықтан, граф, сіздің сөз саптасыңыз мүлде орынсыз екенін бетіңізге айтуға рұқсат етіңіз: король сияқты, Квентин Дорвард та, нақ сондай дворян, жалғыз-ақ испандардың тілімен айтқанда, ол корольден гөрі жарлылау. Ата-тегі жағынан алғанда ол да мына өзім сияқты, текті кісінің баласы, ал мен — біздің рудың басшысы боламын, сондықтан бізге шүйілуге хақыңыз жоқ...


— Аһ, милорд, — деп Кревкер оның сөзін шыдамсыздана бөліп жіберді, — шетелдік жалдамалылардың арсыздығы мәтелге де айналып кеткен ғой. Сондықтан өзіңізге, олардың бастығына, руластарыңызды қолпаштай берудің орнына, бір мезгіл тыйып қойғаныңыз абзал болар еді.


— Бері қараңызшы, граф, — деп үн қатты лорд Кроуфорд, — мен елу жыл бойы атқыштарға қолбасшылық етіп келемін, сөйтіп осы уақытқа шейін не француздардан, не бургундтардан бір мәрте де ақыл сұрап көрген жан емеспін; рұқсат етсеңіз, алдағы уақытта да олардың ақылынсыз-ақ күнімді көре жатармын деген үмітім жоқ емес!


— Сап, сап милорд, — деді Кревкер, — сізді ренжіте қояйын деген ой келген емес маған, атақ-дәрежеңіз бен аппақ басыңызға құлдық ұрамын. Ал екі жасқа келетін болсақ, өзім олардың өткен өмірін ұмытуға бармын, бірақ олар біріне-бірі енді жолыға алмайтындай болу үшін өз тарапымнан шаралар қолданамын және олардың жолықпасына ант етемін!


— Ант етпей-ақ қойыңыз, Кревкер! — деді қарт лорд күліп. — Тау екеш, таулар да бір-бірімен ұшыраспай тұра алмайды деседі, олай болса, оларды өзді-өзіне жақындастыра беретін аяқтары бар, өмірлері мен махаббаты бар күнәһар адамдар қалай-ақ кездеспесін. Қалай құшырлана сүйгенінің куәсі болдық қой, бұл — өзі жаман ырым, Кревкер!


— Сіз мені тағы да тулатып алғыңыз келіп тұр милорд, — деді Кревкер, — бірақ өйте алмайсыз... Естіп тұрсыз ба, қамал-сарайдан соғылған қоңырау мәслихатқа шақырып тұр. Бұл бір сұмдық мәслихат болғалы тұр, оның немен тынары бір құдайдың өзіне ғана аян.


— Күн ілгері мен бір ғана жайды ашып айта аламын, — деп жауап қатты қарт шотланд. — Алда-жалда корольдің жеке басына зорлық-зомбылық жасалуына жол берілсе, оның бұл арада достары аз, ал дұшпандары тым көп бола тұрғанына қарамастан, ол жападан-жалғыз мерт болмайды және жастығын жастанбай кете бармайды. Әттең, нақ осындай жағдайға тап бола қалған күнде қарсы шаралар қолдануыма маған ол қатаң тыйым салып тастады-ау.


— Сізге бір ескертпе жасауыма рұқсат етіңіз, милорд Кроуфорд, — деді бургундиялық, — кейбір бақытсыздықтарға қарсы шаралар қолдану — сол бақытсыздықтарға душар ету деген сөз. Ұлы мәртебелі тақсырдың әмірін екі етпеңіз, орынсыз қызбалыққа бой ұрып, зорлық-зомбылық жасалуына түрткі болмаңыз, сөйтсеңіз, бүгінгі күн өзіңіз күткендегіден де гөрі сәттірек аяқталғанының куәсі боласыз.


XXXII ТАРАУ


ТЕРГЕУ



Енді сенің ықыласыңды көргім жоқ,
Көрсем деп ем болса құйттай көңіліңде от.
Жүрегіңді сыйлаған жоқсың маған,
Тұрсаң да сен тізеңді иіп.


«Король Ричард II»



Бургундияның атақты дворяндары мен сол тұста Пероннаға келе қалған француз ақсүйектерінің шағын тобы мәслихатқа жиналуын хабарлап қоңырау соғылысымен, айбалталары мен алдаспандарын жалаңдатқан отрядын соңынан ерткен герцог Карл Перонна қамал-сарайындағы Герберт мұнарасына кіре берді. Осы бір кездесуге сайланып тұрған король Людовик орнынан түрегеліп герцогқа қарай екі қадам ілгері аттады да, киім киісі пәлендей жарасып тұрмағанына әрі әдеттегі қарапайым мәнеріне қарамастан, қажет деп тапқан сәттерінде өзін кереметтей маңғаз да асқақ ұстай білетін жымысқылығына басып өзіне таяп келуін күтіп, тұра қалды. Корольдің кескін-келбеті мен осындай бір қиын-қыстау сәтте абыржып, абдырамауы, сірә, дұшпанына қатты әсер еткен тәрізді: есікті шалқасынан ашып тастап, Карл бөлме ішіне құйын үйіргендей жедел басып кіргендей болып еді, бірақ Людовикке көзі түсіп кеткенде короліне жолықпақ боп келген ұлы вассалға көбірек ұқсай берген кейіп танытты. Корольмен қарым-қатынасында оның жоғары мәртебелі атақ-дәрежесіне сай сыпайыгершілік көрсетудің бүкіл сыртқы көрінісін бұлжытпай қадағалауға герцог күн ілгері бекінген тәрізді; ал, бірақ оның дүлей мінезі мен кек алуға деген ұмтылысынан жүрегін кернеген ашу-ызасын әрең-әрең басып тұрғаны айқын көрінді. Сөйтіп Карлдың корольмен қарым-қатынасында, сөз саптасында бүкіл әдептілік рәсімін қадағалауға өзін-өзі күштеп көндіре тұрса да, жүзі әлсін-әлі шытынап, өзгеріп сала берді, даусы қырылдап, үзік үзік естілді, ызаға булығып, тұла бойы қалшылдап тұрды, қабағы түйіліп, қанталаған ернін тістелей берді; қысқасы, жер бетінде бұрын-соңды өмір сүрген бүкіл сұлтандардың ішіндегі ең бір қызба мінезді осынау тақсыр екеңнің әрбір көзқарасынан, әрбір қимылынан сол бір сәтте кеудесінде буырқанып, өршелене түскен сұмдық бір дауыл нышаны аңғарылып тұрған-ды.


Осы бір сезім арпалысын король мүлде бейқам қадағалаумен болды; жан барда қаза бары әрбір күнәһардың үрейін ұшыратындай, герцогтың көзқарасы өлім тырнағына ілініп тұрғанын паш еткендей тұла бойын сұмдық қорқыныш билеп тұрғанына қарамастан, кеменің ер жүрек те майталман басқарушысындай, өзін үрейге жеңгізбеуге берік бекінді, сөйтіп кемесін құтқаруға иненің жасуындай болса да үміт оты сөнбегенше рульден қол үзбей, ақтық шегіне шейін күресуге тәуекел етті. Сондықтан түскен үйінің жайсыздығы үшін ғафу етуін өтініп герцог ишарат білдірген кезде, Людовик езу тартып әзірше шүкіршілік ететінін: қалай дегенмен де, Герберт мұнарасында ата-бабаларының бірі душар болған жағдаймен салыстырғанда, бұл мекен-жайдың өзіне әзірге әлдеқайда жайлы баспана болып тұрғанын айтты.


— Пәлі, сол бір жаза жайында хабардар ма едіңіз? — деді Карл. — Иә, ол осы арада мерт болып еді, бірақ басына монахтың қалпағын киюден, сөйтіп өмірінің ақырына дейін әдияратқа барып тұрудан бас тартқан кесепатты қылығы үшін осындай жазаға ұшырап еді.


— Оның ақымақтыққа бой ұрғанын мойындамасқа лаж жоқ, — деп жауап қатты Людовик жорта енжарсып, — өйткені ол азаптап өлтірілді, сөйте тұрғанымен әулие бола алмай арманда кетті.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, мен сізді, — деп сөз бастады герцог, тікелей іске көшіп, — Франция үшін де, сондай-ақ Бургундия үшін де, екі жаққа маңызды мәселелер талқыланатын мәслихатқа қатысуға шақырғалы келіп тұрмын бұл араға. Біз, яғни, әлбетте, ұлы мәртебелі тақсыр, егер өзіңіз қош көрсеңіз, дәл қазір солай қарай аттанамыз...


— Қойыңыз, сүйікті жиен, — деп жауап қатты Людовик, — батыл түрде бұйыра алатын тұста өтініш айтып, құрақ ұша бермесеңізші... Мәртебелі тақсыр, егер өзіңіз солай деп ұйғарып жатсаңыз, мәслихатқа да барайық. Рас, нөкерлеріміз тым жұтаң-ақ, — деді ол сөзін жалғай түсіп, соңынан ілесе баруға әзір тұрған бірер французды шола қараң, — бірақ мұның есесіне, сүйікті жиен, екеуіміздің орнымызға бір өзіңіз-ақ сән құра аласыз ғой.


Алтын Жабағы рыцарының, Бургундия аға герольдінің соңынан ілесе екі тақсыр Герберт мұнарасынан қамал-сарай ішіндегі аулаға шықты, Людовик байқап қалғанындай, мұнда қорғауылдар мен герцогтың әсем киініп, барлық қаруларын асынған басқа да әскерлері қаптап кетіпті. Ауланы кесіп өтіп, бұлар осы бір зәулім үйдің Людовик орналасқан бөлігіндей тым көне болмаса да, күтім көрмей, иесіз қалған екінші бөлігіндегі мәслихат залына келіп кірді. Осы арада мәслихатты салтанатты жағдайда өткізу мақсатымен бірлі-жарым әзірлік жұмыстары жедеғабыл атқарылып та үлгерген-ді. Қымбат матамен көмкерілген балдахиннің астында екі тақ тұр, соның өзінде корольге арналған тақ герцог отыруға тиісті тақтан екі саты жоғарырақ қойылыпты. Шамасы он екі адам, атақты ақсүйектер тиісті тәртіп бойынша балдахинның екі жақ қанатына бөліне жайғасқан, сөйтіп, тақсырлар әрқайсысы өз орындарына барып жайғасқан мезетте айыпкер ретінде шақырылған адам бейне бір осынау салтанатты жиынның председателі сияқты болып көрінді.


Бәлкім, көпе-көрнеу көзге ерсі әрі әлдебір түсінбестік туып қалуы мүмкін осы көріністің тамырына бірден балта шабуды көздеген шығар, герцог Карл король отырған таққа қарап басын игендей болды да, дереу мәжілісті ашып, сөз бастады:


— Адал вассалдарым мен уәзірлерім, вассалдардың — өз сюзерендеріне қарсы, қол астындағылардың — өздерінің заңды сұлтандарына қарсы толассыз көтерілістерінің қырсығынан марқұм әкеміз патшалық еткен кезде, нақ солай біздің кезімізде де өз иелігімізде қандай сұмдық бассыздықтар болып өткені өздеріңізге мәлім. Осынау кесапат біздің күндерімізде қаншалықты асқынып кеткенін баян ететін барып тұрған масқара қылықтың куәсі болып отырмыз. Графиня Изабелла де Круа мен оның нағашы апасы графиня Амелина ардан аттап, Бургундиядан қашып кетті. Сөйтіп жат елдік мемлекетті пана тұтты, осы қылықтарымен адал боламыз деп бізге берген серттерін бұзды да, өз қарауындағы иеліктерін конфискелеу туралы заңға ілікті. Ал өзіміз қастерлейтін бауырымыз бен одақтасымыз Льеж епископының айуандықпен, қасиет атаулыны аяқ асты еткен жағдайда өлтірілуінен және соңғы жолғы көтерілісі үшін тым жеңіл жазаланған мазасыз шаһардың жаңа бүлігінен біз бұдан да асып түскен сұмдық масқаралықтың мысалын көріп отырмыз. Осынау қайғылы оқиғалар ақылынан адасқан екі әйелдің алаңғасарлықтарының және шектен тыс еркінсіп кеткен қала тұрғындарының бассыздықтарының ғана емес, сонымен бірге, өзіне көрсетілген ізгілікті ізгілікпен өтеген болса, Бургундия мейлінше шын ниетті де кіршіксіз достықтан басқа дәнеңе де күтпейтін жат елдік мемлекеттің арандатуларының, құдіретті көршіміздің тіміскі әрекеттерінің нәтижесінде орын алды, деп ойлауға біздің толық негізіміз бар. Осының бәрі шын болып шықса, — деді герцог сөзін жалғап, — тістене әрі аласұра еденді теуіп, — онда — билік қолымызда тұрған кезде — оның түпкі көзін жойып жіберіп, үстімізге төгіле беретін осынау зұлымдықтың былапыт тасқынын мәңгі-бақи тыйып тастайтын шаралар қолданудан басқа амалды өз басым көре алмай тұрмын!..


Герцог сөзін бастауын мейлінше сабырлы бастады, бірақ бара-бара ашуға булыға түсті, сөйтіп сөзін айрықша бір кәрлене тәмамдағаны соншалықты, мәслихатқа қатысып отырғандардың бәрі шошып кетті, ал корольдің өңі қас қағымда аппақ шүберектей болып қуарып сала берді. Бірақ келесі бір сәтте байсалдылығына басып, өз кезегімен жиналысқа қатысушыларға қарап, салмақтылықпен және нық сеніммен сөз бастап кеткені соншалықты, герцог оны тоқтатқысы немесе сөзін бөліп жібергісі кеп қанша тыпыршығанына қарамастан, өйтудің қисынын келтіре алған жоқ.


— Франция мен Бургундияның байбатшалары, — деп бастады сөзін король. — Қасиетті Руһ пен Алтын Жабағы рыцарлары! Король егер өз басын айыпкер ретінде қорғауына мәжбүр болса, дворян маңғаздары, рыцарьлардың ардақтылары мен бетке ұстарлары, өздеріңнен артық әділ қазыға жүгінбекші емес. Ал біздің бургундиялық сүйікті жиеніміз істің мән-жайына титтей де көз жеткізбеді, өйткені сыпайылық көрсетті ме әлде әдептен озғысы келмеді ме, ойын тым күңгірт те бұлыңғыр баяндап өтті. Ал менің бұлай әдептілік сақтайтындай жайым жоқ, сондай-ақ душар болып отырған жағдайдың өзі де өйтуіме орын қалдырмайды, ендеше, менің дәлірек түсінік беруіме рұқсат етіңіздер. Мырзалар, ақыл-ойын ауыр қаза тұмшалаған, ал мейірбан жүрегін азалы ашу-ыза кернеген герцог Карл, біз оның қол астындағы халқын өзіне бағынбауға итермеледі, құтырған льеждіктерді бүлік шығаруға арандатты, сөйтіп ең қаныпезер әрі қасиет атаулыны аяғына басқан зұлымдық жасауы үшін әлгі бір шіріген жұмыртқа Гийом де ла Маркке қол ұшын берді деп мына өзімізге — бізге, өзінің заңды короліне, одақтасына әрі туысына айып тағып отыр. Франция мен Бургундияның байбатшалары, қазір өзім душар болып отырған жағдайдың өзі-ақ мені кәміл дерлік ақтап алады, өйткені бұл жағдай маған қойылған айыптарды өзінен өзі жоққа шығарады. Менің титтей де болса түйсігім бар екеніне шүбәланбасаңыздар, жария болмауы мүмкін емес, ал бұған көз жеткен соң, қазіргі сәтте солай болып отырғанындай, ашуға булыққан тақсырдың маған жиіркенішін туғызуға тиісті, шынында да, оған қарсы опасыздық жасамақ ой-ниетке бекінсем, Бургундия герцогының қолына өз еркіммен келіп түседі деп ойлар ма едіңіздер? Қолындағы шырағымен өзі от қойған оқ-дәрі салынған бөшкенің үстіне жатып дем алмақ болып ұйғарған адамның ақымақтығы менің бұл әрекетіммен салыстырғанда кемеңгерлік болып шығар еді. Шонвальдте жасалған жауыздықтарға кінәлілердің ортасында менің атымды жамылғы етіп пайдаланған оңбағандардың болғанына зәредей де шүбәм жоқ; бірақ мені айыпты санап, орын алған қиянатқа жауапты деп санауға бола ма екен! Әлдеқандай бір ұшқары да сандырақ оларға берілген есуас екі әйел сарайымнан пана іздеуге ұйғарса, бұдан олар менің азғыруыммен солай істеді деген қорытынды жасау керек пе. істің мән-жайына өздеріңіз тереңірек бойлаған кезде, әйелдерді Бургундияға тұтқын етіп қайта қайыруға менің ар-намысым мен рыцарьлық атақ-дәрежем ырық бермеуі себепті... рыцарьлық шен таққандардың ішінен ешкім де маған бұлай етуге кеңес бермес еді, деп ойлаймын, мырзалар... Оларды қазір жұмаққа барған құдіретті рухани әкейіміздің қамқорлығына тапсыра отырып, мен де нақ солай дерлік қадам жасағаныма көздеріңіз жететін болады. — Людовик соңғы сөздерін, бейне бір өзі қатты тебіреніп тұрған кісідей, қол орамалымен көзін сүрткілей тұрып айтты. — Мен оларды өз қолымнан тікелей, от басым, өз ұрпағымның бірінің, туыстығы жағынан Бургундия әулетіне тіпті жақын, шіркеудегі атқаратын жоғары мәртебелі қызметі мен көптеген ізгіліктері бақытсыз екі әйелге уақытша қорған болуына, сөйтіп олар мен өздерінің заңды тақсыры арасындағы төреші болуына толық ерік беретін адамның қолына жеткіздіріп салдым. Сонымен осынау істің бүкіл мәні жөнінде ұшқары пікірге келген өз бауырым, Бургундия герцогының әділетсіз айыптаулары мен тілдеуіне түрткі болған жағдайлар ең адал да ізгі ниеттердің нәтижесі екенін түсінуге болады. Бұдан да әрісін айтайын: бетіме салық етіп басқан, маған тіл тигізген, той өтетін залды сот орнына, ал өзінің қонақжай қонысын — абақтыға айналдыруына мәжбүр еткен айыптауларын қуаттап бере алатындай герцог бауырымның қолында көз жеткізерлік құртымдай да дәлелі жоқ.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, ұлы мәртебелі тақсыр! — деді Карл даусы қатты шығып, король сөзін тәмамдасымен. — Сорыңызға қарай, арам ниетіңізді орындаумен тұспа-тұс дәл осы арадан табылуыңыздың себебін, өз басым басқаларды үнемі алдаумен айналысатын адамдар қайсыбірде өздері құрған тұзаққа өздері түсіп қалудың кері деп қана түсінемін! Біреуге ор қазған кісі, кейде өз орнына өзі құлап мерт болады. Қош, енді шешім жайына келсек, ол куәлердің беретін жауаптарына байланысты болмақ... Графиня Изабелла де Круаны жеткізіңдер, кәнеки!


Бір жағынан, бұл жайында күйеуінен нұсқау алған графиня де Кревкер, ал екінші жағынан — шағын ғана әдияраттың аббаты монах әйел сүйемелдеген үлбіреген жас қыз зал ішіне келіп кірген бетте-ақ Карл өзінің әдеттегі тік те дөрекі мінезіне басып, оған қарап тіл қатты:


— Ақыры қайтып келдіңіз бе, бикеш! Апыр-ай десеңізші, сіз графиняның өзісіз бе, осы? Менің әділ талабыма жауап беруіңізге тура келген жолы, деміңіз енді болмаса үзіліп кететін сияқты болып көрініп едіңіз, ал сөйте тұра аңшыға кезіккен елік бұрын-соңды қарасын үзіп кете алмаған қиянға безіп кетуге сіздің батылыңыз жеткен екен. Қош, кәнеки, ару қыз, қандай сұмдыққа барғаныңыз туралы өзіңіз қалай ойлайсыз? Екі ұлы патшаны араздастырып қойғаныңызға, сөйтіп жылтыраған бетіңізге бола біріне-бірі соғыс жариялауға азғана қалған екі күшті мемлекеттің арасындағы соғыстың басталып кетуіне себепші бола жаздағаныңызға, бәлкім, өзіңіз риза шығарсыз?


Дүйім жұрт қатысып отырған жиыннан, әрі герцогтың дөрекілігінен қатты сасып, есі шығып кеткен бишара қыз, оның аяғына жығылып, жалбарынбақ, өзін бүкіл дүние-мүлкінен айырып, әдияратқа жіберілуіне рұқсат етуін өтінбек болып іштей бекінген ойынан да жаңылысып, аңтарылып қалды. Бейне бір оқыс жағдайда дауыл астында қалып, қай жағына қараса да күн күркіреп, найзағай жарқылдаған сайын, басыма жай түседі деп қорыққан адамдай сілейіп тұр. Бірақ егде тартқанына қарамастан өңін бермеген, батылдығымен де, келбеттілігімен де даңқы шыққан графиня де Кревкердің өзі ара түсуді қажет деп тапты.


— Тақсыр, — деді ол, — маған туыс болып келе¬тін бұл қыз баланы менің өз қамқорлығыма алғанымды есіңізге салуыма рұқсат етіңіз. Зады әйел адаммен қалай сөйлесудің жөнін менің жақсырақ білетініме шүбәңіз болмасын, сондықтан, сүйікті тақсырым, егер әйел жынысы неғұрлым қош көретін райға кешпесеңіз, біз бұл арадан дереу кете барамыз.


Герцог қарқылдап күліп жіберді.


— Әйтсе де, Кревкер, — деді ол, — сенің момындығың графиняны адуынды әйелге айналдырыпты-ау; әйткенмен бұл жағында менің шаруам жоқ... Біз тегінде өзіне ашулану былай тұрсын, қайта шарапатыңыз бен асқан құрметімізді көрсетпек ниетіміз бар мына ғажайып қыз жайласып отырсын, орындық әкеліңдер... Отырыңыз, бикеш, сөйтіңіз де отаныңыздан безіп шығып, әлдебір авантюристка сияқты бар әлемді кезуге аттанғаныңызда қандай жын-шайтанның азғыруына ергеніңізді жасырмай айтыңызшы?!


Изабелла өзінен-өзі қатты қысылып әрі ойынан мейлінше шатаса берсе де өзін, Бургундия герцогының қоспақ болған адамына ризалығын бермеуге іштей берік байлам жасап, француз сарайынан пана табарына үміт артқанын мойындады.


— Француз королінің қол астынан ғой, солай ма? — деді Карл. — Сондықтан әлбетте корольдің қол ұшын беретініне сіз күні бұрыннан-ақ кәміл сенген де боларсыз?


— Иә, мен қолдау табамын ғой деп ойладым, — деді графиня Изабелла. — Әйтпесе мұндай батыл қадам жасауға бармаған болар едім.


Осы бір сөздерді естігенде Карл көзінің астымен Людовикке зәрлене де жирене бір қарап қойды, ал Людовик бұған міз баққан да жоқ, жалғыз-ақ оның еріндері сәл-пәл бозарып кетті.


— Бірақ король Людовиктің ой-ниеттері туралы мәліметтерімді, — деп сөзін жалғай түсті Изабелла бір минуттай үнсіздіктен соң, — мен өзімнің бишара нағашы апам леди Амелина арқылы естіп-білген едім, ал апам өз тарапынан, соңынан бұған өзімнің көзім жеткеніндей, бір сөзіне де илануға болмайтын, барып тұрған оңбаған сатқынның өзі болып шыққан бір адам арқылы хабардар болып тұрған.


Бұдан соң жас графиня Марта мен сыған Хайраддин Мограбин екеуінің сатқындықтары жайында өзінің қалай естіп-білгенін қысқаша ғана әңгімелеп берді де, ойын былай сабақтай түсті:


— Бізге бұл арадан қашыңдар деп бірінші болып ой салған оның ағасы Заметтің де ешқандай пасықтықтан тайынбайтынына әрі өзін король Людовикке қызмет етуші адам етіп көрсетуге тырысып баққан арамза болғанына зәредей күмәнім жоқ.


Бір минуттай үзілістен соң ол әңгімесін қайта сабақтап, Бургундиядан қашып шығуынан бастап Шонвальдтың қоршауға алынып, граф Кревкермен жолыққанға дейінгі аралықты басынан кешкен оқиғаларын қысқаша баяндап өтті. Ол өзінің үзік-үзік әңгімесін тәмамдаған кезде, зал ішінде құлаққа ұрған танадай жым-жырт тыныштық орнады. Герцог ашу-ызасына ерік беруіне қисынды бір сылтау іздеген, сөйтіп егер күш көрсетуге тәуекел етсе өзін-өзі ақтай қоярлықтай ешқандай да дәлел таба алмай аңтарылған кісідей көзін еденге қадаған күйі тұнжырап отырып қалды.


— Қимыл-әрекетін дәл қадағалай алмасақ та, — деді ол әлден соң басын көтеріп, — көртышқан жер астындағы жүрер жолын табанымыздың астынан-ақ үңгіп алады. Бірақ қалай десек те, графинялар қол астына шақырмай-ақ өз беттерімен келген болса, оларды өз сарайына неге қабылдағанын король Людовиктің түсіндіріп беруін қалар едім.


— Мен оларды пәлендей құшақ жайып қарсы ала қойған жоқпын, сүйікті жиен, — деп жауап қатты король. — Жаным ашып, ханымдарды өз бетімен келген адамдар санап, паналатқаным рас, ал, бірақ оларды — иманды болғыр! — марқұм епископтың, өзіңіздің тікелей одақтасыңыздың қарауына жөнелтудің сәті түскен алғашқы мүмкіндікті пайдаланып қалдым. Маған және кез келген басқа ақсүйектер патшасына қарағанда, бұл істе ең таптырмайтын әділ қазы сол кісі ғой, өйткені ол пана болуды, — ал қорғансыз қаңғып қалған жандарға пана болмауға біздің хұқымыз жоқ, — бұл қорғансыздар қашып шыққан елдің патшасы һәм өзінің одақтасы алдындағы міндетімен бәрімізден де марқұм епископ жақсы ұштастыра алған болар еді. Мына қыз балаға былай деп, қымсынбай сауал қоя аламын: мен өздерін құшақ жайып қарсы алыппын ба, сөйтіп бастарына пана болар деп сарайымды қалап алғандарына өкінбеді ме екен?


— Бізді суық қабыл алғаныңыз соншалықты, — деп жауап қатты графиня, — өздерің сіздің атыңыздан, келген қызметшілерміз деп таныстырған адамдарға сеніп қалғанымыздай, ұлы мәртебелі тақсыр, бізді шақыртқаныңызға мен сол мезетте-ақ күмәндана бастаған едім: қызметшілеріңіз сіздің тапсырмаңыз бойынша әрекет етті деп есептесек, ұлы мәртебелі тақсыр, мінез-құлқыңызды корольден, рыцардан және дворяннан өзіміз күтуге хақылы болған жаймен сәйкестендіру қиынға соғар еді.


Осы ойларын айтып тұрған кезінде графиня корольге оны қатты айыптаған көзқараспен бір қарап өтті, бірақ бұл секілді зеңбірек оғына бүлк ететін Людовиктің кеудесі ме. Бұған ол зәредей де қымсына қоймады; керісінше, жиынға жиналғандарды салтанатты түрде шолып өтті де, графиняның сөздері өзінің күнәсі жоқ екенінің айқын дәлелі бола алатынына залда отырғандарды куәлікке тартқысы келген кісідей, алақанын жая берді. Соған қарамастан Бургундиялық герцог уақытша үнсіз қалуға мәжбүр бола тұрса да, өзінің көңілі пәлендей көнши қоймағанын танытқан көзқараспен тесірейе қарады оған; сөйтіп сәлден соң, графиняға қарап, өз ойын кесіп айтты:


— Ару қыз, саяхатыңыз туралы әңгімеңізде басыңыздан кешкен қайдағы бір махаббатқа байланысты оқиғалар туралы неге тіс жармадыңыз деп сізге сұрақ қоюға рұқсат етіңіз?.. Еһе, бикеш, өңіңіз нарттай қызарып шыға келді ғой!.. Сіз сондай-ақ, әлемді бұдан әрмен қарай шарлай беруіңізге бөгет бола жаздаған орман ішіндегі рыцарлар туралы да үн қатпадыңыз. Көріп тұрсыз ба, қайсыбір сыбыстар бізге де жетіп жатты, сондықтан, бәлкім, бұл сыбыстардан біз де қорытынды шығарып қалармыз... Ұлы мәртебелі тақсыр, сіз қалай ойлайсыз, жаңадан пайда бола кеткен мына бір Елена Троянскаяны немесе дұрысырақ айтсақ, Круапанскаяны бүкіл корольдерді атыстырып-шабыстырмай тұрғанында күйеуге беріп жібергеніміз абзал болмай ма?


Король Людовик бұл сөздің астарында өзіне арналған бір жайсыз ұсыныс жатқанын іші сезе тұрса да, Карлдың сөздерін мүлде аспай-саспай үн-түнсіз мақұлдаған рай білдірді. Бірақ басына қандай қатер төніп тұрғанына көзі жеткен графиня намысын өзі қорғауға ұйғарды. Осы бір шаққа дейін өзі сүйеніп тұрған графиня де Кревкердің қолын босата салып, жүрексіне, бірақ еңсесі түспей ілгері басып барды да, герцогтың қарсы алдына келіп, жүгініп отыра кетіп былай деді.


— Мархабатты Бургундия герцогы, тақсырым әрі әміршім! Өз күнәмді мойындаймын: иелігіңізді мейірімді рұқсатыңызсыз тастап кеткенім рас, сондықтан қандай жаза кессеңіз де мойныммен көтеріп алуға бармын. Өз иелігімдегі күллі жерім мен қамалдарымды толық өз қарауыңызға тапсырамын, сөйтіп өзіңізден бір ғана тілегімді қанағаттандыруыңызды өтінемін; әкемнің аруағын ардақтап, де Круалар әулетінің ең соңғы өкілі — маған өмірімді әдияратта өткізу үшін осы әулеттің шалқыған дәулетінен азын-аулақ үлес бөліп беріңіз.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, мына қыз баланың тілегі жайында қандай ойыңыз бар? — деп сұрады герцог Людовикке қарап.


— Бұл өзі ешбір жанның оған қарсы келуге хұқы жоқ, тәңірінің әмірімен болған тақуалық қылық деп ойлаймын, — деп жауап қатты король.


— Құдайға құлшылық еткен қор болмайды, — деді Карл. — Түрегеліңіз, графиня Изабелла, сөйтіп игілігіңіз жайын біз өзіңізден де көбірек ойлайтынымызды біліп қойыңыз. Иелігіңізді конфискелеу немесе әулетіңіздің шаңырағын шайқалту деген ойымызға да келмегені былай тұрсын, керісінше, мұның екеуінде де мәртебеңізді арттырмақпыз.


— Әттең, мархабатты тақсыр, — деді Изабелла, орнынан қозғалмай, — ашу-ызаңыздан гөрі, рақымыңыздан көбірек қорқамын, өйткені рақымыңыз мені күштеп...


— Бургундияның әулие Георгийі атымен ант етейін, бұл қыз тағы да өз әдетіне басып тұр! — деп зіркіл қақты герцог шыдамы таусылып. — Бұйрығымды орындайтын күніңіз бар ма, әлде жоқ па, осы? Түрегеліңіз, сударыня. Түрегеліңіз, дедім ғой сізге, сөйтіңіз де бұл арадан аулақ кетіңіз... Қолымыз тиген кезде сізді еске алармыз, сөйтіп істі тас түйін етіп шешетініміз соншалықты, әмірімізге бағынуыңызға тура келетініне кепілдік етемін.


Бірақ осы бір ызғарлы сөзге қарамастан, Изабелла орнынан тапжылмады, сөйтіп, Карлдың мінезін өзінін уыздай жап-жас туысынан гөрі жақсырақ білетін графиня де Кревкер оны орнынан көтеріп тұрғызып, өзімен бірге ертіп залдан шығып кетпегенінде, қыңырлығымен Изабелла герцогты біржолата ашуландырып алары хақ еді.


Графинядан кейін жауап беруге Квентин Дорвард шақырылды. Ол екі патшаның қарсы алдында қысылмай, өзін байсалды ұстады, бірақ кез келген ортада да өзіне сөз келтірмейтін ізгі әулеттен шыққан зиялы адамдай жоғары мәртебелі кісілерге сый-құрмет көрсете отырып, олардың көз алдында тым еркінсіп те кеткен жоқ. Салтанатты жиналысқа басынан аяғына шейін Шотландия гвардиясы атқышының киімін киіп келуі үшін нағашысы Квентинді қажетті киім-кешекпен және қару-жарақпен қамтамасыз етті, сондықтан айрықша сәнді осы бір костюмді киген кезде жас ұланның шырайлы бет-әлпеті, сұлу келбеті әрі сүйкімді мәнері бұрынғысынан да бетер көзге жылы ұшырап тұрды. Сондай-ақ Квентиннің гүл жайнаған бүлдіршін жүзі жұртты түгел үйіріп әкете барды, әсіресе оның бейнесіне зер сала қарағанда сауысқаннан да сақ Людовик өзінің саяси ой-пиғылдарын тіпті бала дерлік осындай жас өспірімге сеніп тапсыруға тәуекел етеді деп ешкім де ойлай қоймас еді. Сонымен жасы мен атақ-дәрежесі жағынан келгенде де мұндай қадамға баруы мүмкін еместей көрінген, басқа да көптеген жағдайлардағы сияқты, өзінің осы бір елшісін тапқырлықпен сайлап алуы арқылы да король өз есебінен жаңылған жоқ-ты. Людовиктің құптауымен, герцогтың бұйрығы бойынша шу дегенде ханымдарды епископтың қамал-сарайына жеткізіп салу жөнінде Людовиктің өзіне берген нұсқауын еске салып, Квентин де Круа графинялармен бірге Льеж мекеніне қарай аттанған сапары туралы хабарламасын баяндай бастады.


— Сөйтіп, менің әмірімді сәтімен орындай алдың ба? — деп сауал қойды король.


— Дәп солай, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жауап қатты шотланд.


— Сен бір жағдайды айтпай кеттің, — Деді герцог. — Сапарыңның бастапқы кезеңінде екі рыцарь орман ішінде отрядыңа шабуыл жасады ғой.


— Бұл оқиға туралы не сөз етуге, не тіпті оны еске алуға да менің хақым жоқ, — деп жауап қатты жас өспірім екі бетінің ұшы дуылдап.


— Бірақ ол оқиғаны ұмытуға менің де хақым жоқ, — деді Орлеан герцогы сөзге араласып. — Сен өз борышыңды ерлікпен атқардың, сондықтан қарауыңа тапсырылған ханымдарды айрықша бір адалдықпен қорғағаның соншалықты, менің есімде ұзаққа шейін сақталып қалатын болды. Атқышым, қолын бос кезінде маған келіп жолықшы, мінеки, сол кезде ерлігіңді ұмытпағаныма өзіңде көзіңді жеткізесің әрі ерлігіңе, — мен оны қазір сүйсіне байқап тұрмын, — кішіпейілділігің де сай екен.


— Маған да соға кетуді ұмытпағайсың, — деді Дюнуа жарыса сөйлеп. — Саған дулыға табыс етейін, өйткені мен өзіңе қарыздар сияқтымын.


Квентин екі рыцарға да иіле ізет білдірді, сонан соң жауап алу қайта басталды. Герцогтың әмірі бойынша, Квентин өзіне Людовиктің жазбаша түрде берген сапар маршрутын алдына жайып салды.


— Қош, сен осы нұсқауларды бұлжытпай дәлме-дәл орындап отырдың ба, атқыш? — деді герцог оған сауал қойып.


— Әбден дәл дей алмаймын, ұлы мәртебелі тақсыр, сіз ренжімесеңіз, — деп жауап қатты Квентин. — Мына маршрутта, өзіңіз де көріп отырған шығарсыз, маған Намюр маңында Маас өзенінің арғы бетіне өтіп алу бұйырылған-ды, ал мен Льежге қарай өзеннің сол жақ бойымен тартып кеттім, өйткені ең төте әрі неғұрлым қауіпсіз жол осы болды.


— Не себепті өз бетіңше бұлай шегініс жасадың? — деп сұрады герцог.


— Жол бастаушыма күмәндана бастадым, — деп жауап қатты Квентин.


— Енді саған қоятын сауалдарымды мұқият тыңдап алғын, — деді герцог. — Жауабың азаматтығыңа да, ар-ұятыңа да қайшы келіп жүрмесін әрі ешкімнен де именуші болмағын. Егер жауап берген кезіңде бұлтақтайтын немесе жалтарып кететін болсаң, қол-аяғыңа бұғау салып тастауға, сөйтіп шіркеу қоңырауының төбесіне асып қоюға әмір етемін. Сондықтан біліп қойғын: сен онда бір сағат қана емес, қашан көзің жұмылғанша асылып тұрасың!


Герцог үнсіз қалды, сөйтіп зал ішінде жым-жырт тыныштық орнады. Әлден уақытта өзі айтқан шартын жас ұлан ой елегінен өткізіп болған шығар деп санады да, Карл Квентинге қарап, жол бастаушысы кім екеніне, оны кім тағайындағанына, сөйтіп оның мінез-құлқы Квентинге неге сезік туғызғанына байланысты сауал қойды. Осы сауалдардың біріншісіне жауап қайтарғанда Квентин сыған Хайраддин Мограбиннің есімін атады; екіншісіне келгенде — жол бастаушыны өзіне Дәруіш Тристан бекітіп бергенін айтты: үшіншісіне — Намюр маңындағы францискан әдияратындағы оқиғаны: сығанның киелі орыннан қалай қуылып шыққанын және сығанның опасыз екенін сезіп, өзі оның ізіне түсіп аңдығанын, сөйтіп Гийом де ла Марктің ландскнехтісі екеуінің арасындағы әңгімелерін қалай тыңдағанын, осы әңгіме үстінде өздеріне қастандық жасалмағын білін алғанын баяндап берді.


— Енді сен мына бір сауалыма жауап бер, — деді герцог, — және есіңде болсын: өз өмірің шындықты айтасың ба, жоқ па, соған байланысты. Әлгі оңбаған иттер бұл қастандықты жасауды және ханымдарды алып қашуды өздеріне король — мінеки, дәл мына отырған француз королі Людовик жүктегені туралы ештеңе айтты ма?


— Бұл малғұн адамдар тіпті соған ұқсас бірдеңе айтқан күнде де, — деп жауап қатты Квентин, — олардың сөзіне илана қоймас едім, өйткені мен корольдің аузынан бұған мүлде қарама-қарсы әмір алған кісімін.


Квентиннің жауаптарын зер сала тыңдаумен болған Людовик осы бір сөздерді естігенде, бейне бір еңсесін басып тұрған ауыр жүк мойнынан түскендей тұла бойы жеңілденгенін сезінді. Герцог бұрынғысынан да бетер түнере түсті, сондықтан есебінен жаңылысқанына, сірә, ызасы келгендей Квентинге қайтадан сауалдарды жаудыра берді.


— Әлгі бір әңгімеден ханымдарды алып қашу жоспары король Людовиктің қолдауымен жасалғаны аңғарылған жоқ па? — деп сауал қойды ол.


— Өз басым, ондай ойға келетіндей дәнеңе де естіген жоқпын, деп қайталап айтамын, — деп нық жауап қатты жас жігіт, ханымдарды алып қашу жоспары корольден шыққанына іштей күмәні болмаса да, күдігімді айтуға хақым жоқ деп санаған ол, — оның бер жағында тіпті бұған ұқсас бірдеңені естісем де, тағы да айтайын, бұл сөздің біріне де иланбас едім, өйткені тікелей корольдің өзінен мүлде басқа нұсқау алдым.


— Сен адал қызметші болып шықтың, — деді герцог кекете сөйлеп, — бірақ корольдің әмірін орындаймын деп оның үмітін үздің, сөйтіп өзіңнің иттік адалдығыңа басып оған мейлінше күдікті қызмет еттің, егер оқиғалардың бұдан былайғы даму барысы жаңсақ қадамыңды түзеп жібермегенде бұл қызметің саған қымбатқа түсетін еді.


— Сізді ұға алмай тұрмын, шапағатты тақсыр, — деп жауап қатты Квентин. — Менің бар білетінім, бұл — король Людовиктің маған ханымдарға қорған болуды тапсырғаны, сөйтіп оның әмірін сапар үстінде де, сондай-ақ Шонвальдтегі бұрқ ете қалған қанды оқиға кезінде де өз шама-шарқымша орындауға тырысып баққаным ғана. Корольдің тапсырмасын мен өзіме көрсетілген құрмет деп есептедім, сөйтіп оны қалтқысыз да адал орындап шықтым; ал бұл өз көңіліме ұнамайтын тапсырма болғанда өзім дворян, әрі шотланд бола тұра оған араласпас едім.


— Fier comme in Ecossois, — деді Карл, Дорвардтың жауаптарына разы еместігіне қарамастан, бірақ өзі айрықша әділ болуы себепті батылдығы үшін жігітке ашуланған жоқ. — Бері қарашы, атқыш: Шонвальдтан қашып шыққан босқындар маған хабарлағанындай, сен осының соңынан өз тақсырын, әрі рухани әкейін ерекше бір қаталдықпен өлтіруге дейін барған оңбаған бүлікшілерді бастап Льеж көшелерімен сайран құрғаныңда кімнің нұсқауын басшылыққа алдың? Сөйтіп қылмыс жасалған соң өзіңді Людовиктің өкілі етіп көрсетіп және әміршідей әрекет етіп льеждіктердің алдында сөз сөйлегенде не айттың?


— Тақсыр, — деп жауап қатты Квентин, — Льежде болған кезімде өзімді француз өкілі етіп көрсету менің ойыма да кіріп шықпағанын, сөйтіп өзім ешбір иландыра алмаған соқыр нанымға берілген тобырдың бұл рольді маған өздері таңғанын куәлердің жауаптарымен дәлелдеп бере аламын. Осы әңгіменің бәрін, қаладан сытылып шығысымен-ақ мен епископқа етене жақын адамдарға баяндап берген болатынмын, сондай-ақ тағы да сол жолы қамал-сарайдың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар қолданулары қажеттігі жөнінде ақылымды айттым; егер олар менің сөзіме құлақ асқанда, келесі түндегі сұмдықтардың алдын алуға әбден мүмкін де болар ма еді. Ал қатер төнген сәтте, графиня Изабелланы құтқарып қалу, өзім құтылып шығу мақсатымен, сондай-ақ шама-шарқым жеткенше, бұдан былайғы қан төгісті тоқтату мақсатымен өзімнің жалған атақ-дәрежем беретін ықпалды пайдаланғаным рас. Француз королінің атынан Льеж азаматтарына жеткізу жөнінде маған ешқандай да тапсырма, ал оның бер жағында оларды бүлік шығаруға арандататын нұсқаулар берілмегенін, сондықтан король Людовиктің елшісі деген өзіме күштеп таңылған атақты пайдаланып, мен бұл ретте, басыма қатер төнген сәтте, өзім құтылып шығу және басқаларды құтқарып алу жолында, гербі мен ұрандарын безендіре алатындай оның құқы бар ма, әлде жоқ па, ол жағын ойлап жатуға мұршасы келмей, қорғану мақсатымен қолына түскен кез келген қалқанды бетіне ұстайтын адамның кебін кигенімді қайталап айтамын және осыныма ант етемін.


— Менің жас серігім әрі тұтқыным бұл ретте де әбден ақылға сыятын қадам жасағанын әрі өте бір тапқырлық көрсеткенін мойындамасқа лаж жоқ, — деді Кревкер сөзге араласып, үнсіз қалуға енді дәті шыдамай, — сондықтан да, әлбетте, оның іс-әрекеті король Людовиктің бетіне шіркеу түсіре алмақ емес.


Зал ішін қолдап-қостаған үндер кернеп кете барды, бұл корольді қуанышқа бөлесе, герцог Карлды қатты қынжылтты. Ол жиынға қатысып отырғандарға қаһарлана қарап, көзімен шолып өтті, егер осы бір сәтте де Комин дауылдың көтерілерін іштей сезіп, Пероннаға Льеж шаһарынан елші келгенін оқыс түрде жарияламағанында, герцогтың ең атақты дворяндары мен ең айтулы уәзірлері бір ауыздан білдірген пікірінің өзі де оның жүгенсіз де адуын мінезінің бой көрсетуіне кедергі бола алмас па еді, бәлкім.


— Тоқымашылар мен шеге жасаушылардың атынан елші келген бе? — деп зіркіл қақты герцог. — Бірақ бәрі бір есеп, жеткізіңдер өзін осы араға! Шапағатты әулие бибінің атымен ант етемін, оны осында елші етіп жіберген мырзалардың қандай ойлары мен үміттері бар екенін елшінің өз аузынан естиін. Қалай десек те, мына бір франко-шотландық жасөспірім жауынгер бізге айтқысы келген жаңалықтан гөрі ол маған көбірек мәлімет беретін болады!


XXXIII ТАРАУ


ГЕРОЛЬД



Ариэль
Тоқташы сәл. Еңіреп жатыр әлгілер.
Просперо
Аямастан қыра берсін оларды.


«Дауыл»



Зал ішіндегілер дүрлігісіп, өзара сырылып араларынан елшіге орын босатты; Бургундия герцогы сияқты әйгілі пан да тәкаппар тақсырға, онысын былай қойғанда, өздеріне зығырданы қайнауға толық негіз болып отырған қазіргі шағында Льеждің бүлікшіл тұрғындары осыншалық батылы барып жіберген герольдтың келуін жиналғандардың бәрі әуестене күтумен болды. Ол заманда герольдтар тек бір монархтан екінші монархқа, оның өзінде де салтанатты оқиғалар кезінде ғана жіберілетінін естен шығармауымыз керек. Ал дворяндар қауымы атақ-дәрежесі жағынан герольдтардан әлдеқайда төмен саналып келген қарапайым хабаршылар шаптырумен шектелетін-ді. Алайда биліктен өзіне келер нақты пайданы ғана қастер тұтып үйренген XI Людовик, герольдтар мен геральдика атаулыға, олар үстеріне тағынып алатын «қызылы, көгі және жасылы бар күллі әлеміштерге» әмісе жирене қарайтынын, ал мінезі жағынан оған мүлде кереғар, оның қас дұшпаны Карл бұларды ерекше ардақтайтынын айта кету де артық емес.


Енді екі монархтың алдарына келіп тұрған елші үстіне өз мырзасының гербтері кестеленген, гербтердің араларынан, бұл істің білгіштерінің пікірінше, геральдика қағидаларын дәл қадағалаудың орнына, көзге ерсі жабайы шошқаның басы көрнекті орын алған шапан киген. Әдетте герольдтардың киімі әрқашан да мейлінше әлеміштеніп келеді ғой, мұның да киімі не бір өрнектермен және басқа да сан алуан әшекейлермен безендіріліп тасталған, қалпағына таққан үкісі бейне үйдің төбесін сыпыруға ыңғайлы болсын дегендей, тым биік етіп қадалған. Қысқасын айтқанда, оның костюмі герольдтардың сәнді киімін ажуалайтын карикатура екені бадырайып-ақ көрініп тұрды. Жабайы шошқаның басы оның киімдерінің әрбір пұшпағында ғана қайталанумен шектеліп қалмаған, сонымен бірге тіпті оның қалпағы да шошқаның басы үлгілес болатын; соның өзінде салақтаған тілі мен ақсиған азуларына шейін айны қатесіз етіп тігілген еді немесе, былайша айтқанда, аузын ашып, азуларын ақситқан қабанның басынан аумаған-ды. Алғаш көз тастаған кісіні герольдтің тұла бойындағы, бейне бір қатерлі іске қадам басқаның оның өзі де ұққандай, сондықтан өзі батылдық көрсетсе ғана құтылып кете алатынын сезінгендей жасанды өжеттілік пен жүрексіну аралас әлдеқандай бір оғаш кескін таң қалдыра берді. Монархтармен сәлемдесіп тәжім етуінде де сол бір жүрексіну мен көргенсіздік қат-қабат ұштасып жатты. Өзінің қырсыздығымен көзге ұрған тәжімі, сарай маңынан шықпай дағдыланып кеткен адам — герольд үшін мүлде лайықсыз қылық екені көрініп тұрды.


— Кімсің өзің, сайтан алғыр? — Өжет Карл ерсілеу елшіні осылай қарсы алды.


— Мен Қызыл Қабанмын, — деп жауап қатты герольд, — Гийом де ла Марктің атқосшысымын, құдайдың өз шапағаты арқасында Льеж патшасының әрі епископының...


— Не дейсің? — Карл жекіріп жібермек болып еді, бірақ сол заматта-ақ өзін-өзі тоқтатты да, герольдқа сөзіңді жалғай түс дегендей ишарат етті.


— ...әрі, өз зайыбы, графиня Амелинаның құқы арқасында, граф де Круаның және Бракемонтты иеленушінің...


Өзінің көз алдында осы бір атақ-дәрежелерді айтуға шімірікпей аузы барған оның арсыздығына қайран қалған герцогтың тілі байланып қалғандай көрінді. Осы бір үнсіздіктен қуаттанған әрі, сірә, өзінің сөзі көздеген нысанасына дөп тиді деп ойлаған герольд, ойын сабақтай түсті:


— Annuncio vobis gaudium mgnum . Уа, Бургундия герцогы және Фландрия графы, өз тақсырымның атынан сізге мынаны хабарлаймын: Римдегі аса қасиетті әкейіміздің рұқсатын алып, өзі Рим папасының шіркеу жорасын атқару жөніндегі орынбасары болып тағайындалған соң, Льеждің патшасы — епископы міндеттерін атқаруға және граф де Круа ретіндегі өз праволарын пайдалануға кіріспек ол!


Елші сөзін үзіп, толастаған әрбір сәт сайын, герцог шыдамы таусылып, зығырданы қайнаған, бірақ әңгімені аяғына дейін тыңдау үшін, ашуына ырық бермей, сабыр сақтаған кісінің әуеніне басып: «Солай ма!» дей берумен ғана болды. Жиналып отырғандардың бәрін айрықша қайран қалдырып, ол тіпті өзіне тән мінез болып, сіңісіп кеткен дағдысы — қолдарын бұлғап, жұлқына беретін әдетінен де тартынып, зейін-зердесі ауған сәттегі үйреншікті кескіні — бас бармағын шайнап әрі кеудесін кернеп тұрған ашу-ызасын сездіріп алып жүрермін деп қорыққан кісіше, көздерін жерге қадап, тапжылмай отырып қалды.


Ал елші айтып бар деп өзіне жүктелгеннің бірін де ұмыт қалдырмастан, батыл түрде баяндаумен болды:


— Сонымен, Льеждің патшасы — епископы, граф де Круаның атынан мен, герцог Карл, сіз, марқұм Людовик Бурбонмен, оның бұрынғы лайықсыз епископымен тізе қосып, өзіңіз зорлық-зомбылық жасап иелік еткен және әмірлеріңізді заңсыз жүргізіп келген ерікті империялық шаһар Льежге барлық праволарыңыз бен дәмелеріңізден бас тартуыңызды талап етемін.


— Солай ма! — деді герцог тағы да.


— Шаһардың өзіңіз зорлықпен тартып алған ұзын саны отыз алты туын қайырыңыз; шаһар қорғанының өздеріңіз қопарып құлатып кеткен тұстарын жөндеңіздер; қиратқан бекіністерді қалпына келтіріңіздер; сонан соң, мына протоколда көрсетіліп, канониктер кеңесімен заңды да ерікті түрде сайланғанындай менің тақсырымды, Гийом де ла Маркті, Льеждің епископы деп мойындаңыздар.


— Сен айтып біткен жоқсың ба? — деп сұрады герцог.


— Әлі біткен жоқпын, — деп жауап қатты елші. — Бұған қоса, мен өзімнің ізгі де айбынды тақсырым — епископ әрі графтың атынан мархабатты өзіңізден Бракемонт қамал-сарайынан және де Круа графтігінің қол астына қарасты басқа бекіністерден өз атыңыздан, әлде өзін графиня де Круа санайтын Изабелланың атынан, әлде басқалардың атынан орналастырылған гарнизондарды, жоғарыда аталған иеліктер марқұм граф де Круа қызының қарауына немесе табиғи право жолымен менің ізгі нем графиня Амелинаның қарауына берілуге тиістілігін империялық сейм қарап шешкенге дейін жедел түрде шығарып алып кетуіңізді талап етемін.


— Сенің мырзаң өзі — теңдесі жоқ оқымысты адам екен! —деді герцог кекете сөйлеп.


— Сонымен, — деді герольд сөзін жалғай беріп, — Льеж бен Бургундия арасындағы барлық дау-дамайлар шешімін тапқан соң, менің ізгі де айбынды тақсырым әрі графым графиня Изабеллаға өзінің атақ-дәрежесіне сай енші бөліп беруге қарсы емес.


— Ол қандай мейірбан да қамқоршы жан еді өзі! — деп салды герцог тағы да кекете.


— Өзімнің ақымақ басыммен ант етейін, — деп сыбырлады ле Глорье де Кревкердің құлағына, — мына мәжнүн неменің алтынмен аптап, күміспен күптелген шапанынан гөрі, ақпақайға шалдығып өлермен болған бишара бір сиырдың терісін жамылуға шын ықыласыммен келісімімді берген болар едім! Бұл өзі құдды трактирщиктің бағанасының ар жағында өсімі арта түскен төлеміне қарамастан құты соңынан құтыны сіміріп салып тұрған маскүнемнен айнымайды.


— Айтарыңды айтып біттің бе өзің? — деді герцог герольдқа тағы да сауал қойып.


— Әлі де бір ауыз сөзім бар, — деп жауап қатты Қызыл Қабан, — ізгі де айбынды тақсырымның атынан оның асыл да адал одақтасы, христиандардың ішіндегі ең үздік христиан корольге байланысты...


— Уа! — деп қуанып кетті герцог лезде бойын жинап және өзі осы уақытқа шейінгі райынан мүлде басқа райға көшіп, бірақ сол мезетте-ақ тартынып қалды да, елшінің сөзін ден қоя үн-түнсіз тыңдады.


— ...қасиетті корольді, тарап кеткен сыбысқа қарағанда, Бургундия Карлы, француз тағы алдындағы вассалдық парызыңызды және христиан корольдері қатаң қадағалайтын ар-намыс ережесін аяққа басып тұтқын етіп отырсыз. Осының негізінде ізгі де айбынды тақсырым өзіңізге христиандардың ішіндегі ең үздік христиан королін, өзінің патшалық одақтасын осы заматта босатуыңызға әмір етеді, өйтпесеңіз осыны өзіңізге жеткізуге мені өкіл еткен ол, сізге соғыс жариялайды.


— Сен өзі болдың ба, жоқ па? — деді герцог.


— Болдым, — деп жауап қатты герольд, — енді, мархабатты мырза, өз жауабыңызды күтемін. Жауабыңыз христиандар қанының төгілмеуін көздейді деп сенемін.


— Бургундия әулиесі Георгийдің атымен ант етемін... — деп сөзін енді бастай берген болатын герцог.


Бірақ Людовиктің жалма-жан орнынан түрегеліп, ерекше бір сабырлы да өктем сөйлеп кете барғаны соншалықты, оның сөзін бөлуге Карлдың батылы бармады.


— Бургундиялық сүйікті бауырым, сіздің рұқсатыңыз бойынша, — деді король, — мына арсызға бірінші болып жауап беруді маған жүктеуіңізді сұраймын... Ал тыңдағын, сен, сұмырай герольд, әлдекім болсаң ол бол мейлің, сүйікті туысының өлімі үшін кек алмақ мақсатпен француз королі ұзамай Льеж іргесінен табылатынын, сөйтіп мені өзімнің одақтасым деп айтуға батылы барған арсыздығы үшін және менің патшалық дәрежемді шірік елшінің аузымен айтқызғаны үшін де ла Маркті дарға аспақ екенін әлгі талақ және қарақшы Гийом де ла Маркке айта барғын.


— Патшаның тонаушыға және қан ішерге айтатын сөзінің бәрін, — деді Карл, — менің де атымнан айта барғын, ал өзің дереу қараңды өшір. Әйтпесе жоқ, кідіре тұрғын! Бұған дейін бұрын-сонды біздің жомарттығымызға бөленбей бірде-бір герольд Бургундия сарайынан аттанып көрген емес! Дүрелеңдер мынаны, әрі терісі сыпырылып түскенше дүрелеңдер өзін!


— Ол герольд екенін, сондықтан оған қол тигізуге болмайтынын ұмытпағайсыз, ұлы мәртебелі тақсыр, — деп жарыса тіл қатты Кревкер мен дЭмберкур.


— Япыр-ау, герольдтің киімін кисе-ақ герольд болып шыға ма екен, — деп жауап қатты герцог, — әлде соған да илана салатындай, өздерің сондайлық аңқау ма едіңдер? Бұл кәдімгі жалған герольдтың өзі екенін оның әлеміштелген ұсқынынан-ақ байқап тұрмын! Алтын Жабағының герольдін дереу шақыртыңдар, сөйтіп ол біздің көзімізше мынаған бірер сауал қойып байқасын!


Осы сөздер құлағына шалынғанда өзінің бүкіл бетпақтығына және қып-қызыл шырайына қарамастан Арденнің Жабайы Қабаны елшісінің жүзі бозарып сала берді. Алтын Жабағы рыцары, Бургундия сарайының аға герольді әрі өз ісінің асқан білгірі, жоғары мәртебелі атақ-дәрежесіне сай паңдана басып, ілгері шықты да, өзінің жалған әріптесіне қарап, өзі игерген ғылымды қай коллегияда оқып-үйренгені туралы сауал қойды.


— Мен геральдиканы Ратисбонн коллегиясында оқып үйрендім, — деп жауап қатты Қызыл Қабан. — Сондықтан оқымысты серіктестердің ұйғаруымен маған герольд атағы берілді.


— Сіз ғылымға сусындайтындай бұдан мөлдір бұлақтың болуы мүмкін емес-ті, — деді Алтын Жабағы рыцары оған иіле тәжім етіп, — сондықтан мархабатты герцогтың әмірімен жоғары мәртебелі ғылымымыздың жұмбақ сырлары туралы сізге сауал қояр болсам, бұл сізді үйрету мақсатын көздегенімнен емес, қайта өзіңізден бағалы мәліметтер естуге деген ниетті басшылыққа алғаным деп біліңіз...


— Жетер енді осынша ділмәрсінгенің! — деп оны герцог шыдамы таусыла бөліп жіберді, — Оның не білетініне көзімізді жеткізуіміз үшін сауал қойсайшы одан да!


— Қадірлі Ратисбонн коллегиясының шәкіртіне геральдика ғылымының әліппелік терминдеріне қатысты сауалдар қойып жатуым өз тарапымнан әдепсіздік болып шығар еді, — деді Алтын Жабағы рыцары, — бірақ мен Қызыл Қабанның намысын қорламай-ақ оған біздің ғылымымыздың саласынан неғұрлым қиын да жұмбақ терминдеріне қатысты сауалдар қоя аламын ғой деп ойлаймын, біздің ғалым әріптестеріміздің ішіндегі ең асқан ғұламалары осы терминдерді қолданып, былайша айтқанда, өзара ишарат арқылы түсініседі; бұл терминдерді жоғары мәртебелі ғылымымыздан бейхабар адамдар біле бермейді әрі бұл терминдер ғылымымыздың бастапқы элементтері болып табылады.


— Маған бұл ғылымның барлық салалары да етене жақын, — деп батыл жауап қатты Қызыл Қабан, — бірақ біздің германдық терминдер Фландрияда қабылдаған терминдерден өзгешелеу болып келуі әбден мүмкін.


— Пәлі, бұл сөзіңізге жол болсын! — деді Алтын Жабағы рыцарының даусы қатты шығып. — Дворяндардың шынайы туы, әрі рыцарьлардың даңқы болып саналатын біздің ғылымымыз күллі христиан елдерінде және тіпті арабтар мен маврларда да бірыңғай екені, шынымен-ақ сізге беймәлім болғаны ма? Кәнеки, аспан, әлде жұлдыз кестесін таңдаңыз мейліңіз, өзіңіз қалаған бір гербті суреттеп беруіңізді өтінер едім сізден мен.


— Көңіліңіз қош көрген гербіңізді айта беріңіз,— деп жауап қатты Қызыл Қабан, — ал мен бейне бір оқымысты маймылға ұқсап, сіздің бұйрығыңыз бойынша кез келген бірдеңелерді көрсетіп жатпаймын!


— Оған бір гербті көрсеткін, өз білгенінше талдап берсін, — деді герцог, — ал егер ол мұны да білмей шықса, онда оның арқасын мен өз қолыммен қызыл, көк және қара таңбалармен таңбалап беремін!


— Мінеки, мына бір параққа, — деді Бургундия герольді, қалтасынан бір парақ жарғақты шығарып, — мен жекелеген кейбір деректерге сүйеніп әрі өз шама-шарқымша көне заманғы бір гербті сызып көрсеттім. Егер қадірлі Ратисбонн коллегиясының мүшесі екені, шынында да, рас болса, мен әріптесімнен бізге осы гербті түсіндіріп беруін өтінер едім.


Осы бір ғылыми айтысқа ерекше деп қоюмен болған ле Глорье екі герольдтің қастарына келіп жайғасты.


— Қарсы болмасаң, мен саған көмектесейін бе, сүйікті достым? — деді ол жарғаққа аңтарыла қарап қалған Қызыл Қабанға. — Мінеки, мына бір сызық, мырзалар және мейірбан тақсырлар, сүт қоймасының терезесінен сыртқа көз тіккен мысықты бейнелейді.


Бұл әзіл сөзге жұрттың бәрі қарқылдап күлісіп жатты және Қызыл Қабан қысылтаяңнан құтылып кетті, өйткені өзі салған суретті бұлай келемеждегеніне арланған Алтын Жабағы рыцары шыдамай, бұл гербтің француз королі Хильдеберт Бургундия королі Гандемарды тұтқын еткеннен кейін, бекітіп, қабылдағанын, сөйтіп тұтқындағы корольдің эмблемасы ретінде, сілеусін, әлде жабайы мысық бейнеленгенін түсіндіріп өтті немесе Алтын Жабағы рыцары өзінің техникалық тілімен түсіндіріп бергеніндей, өзінің сыртқа шығатын жолын бөгеген алтын тордың ішкі жағында қарауытқан аяда бейнеленген аң.


— Сылдырмағымның атымен ант етейін, — деді сайқымазақ, — егер мысық Бургундияның бейнесі болса, онда оны тордың басқа бір бөлегіне ауыстыру керек — әділі осы болмақ!


— Тауып айттың, достым! — деп салды Людовик күле сөйлеп, басқалардың бәрі тіпті Карлдың тікелей өзі де, осынау мән-мағынасы тіптен екіұштылау әзілге қысылып отырғанына қарамастан. — Жағдайдың шегіне жетіп, шиеленіскен тұсында, мұның аяғы әзіл-оспаққа айналарына өзімнің де шүбәм жоқ еді, бізді күлдіріп көңілдендіргенің үшін мені өзіңе алтын теңге сыйлауға қарыздар деп есептей бергін.


— Жап аузыңды, ле Глорье! — деп герцог бұйыра сөйледі. — Ал сіз, Алтын Жабағы рыцары мырза, ғұламалығыңыз соншалықты, сізді түсінудің өзі мүмкін емес. Аулақ кетіңіз!.. Уа, мына оңбаған немені бері таман әкеліңдерші, түге!.. Теңгені айтпағанда алтын мен күмістің басқа бір айырмасынан хабарың бар ма өзіңнің осы?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, рақым еткейсіз!.. Мейірбан король Людовик, мені қорғап бірдеңе десеңізші!


— Өзіңді өзің ақтап алғын, — деді герцог. Айтшы сен: герольдсың ба, әлде герольд емессің бе?


— Тек бір жолға ғана герольдпін! — деп мойындады елші әшкере болып.


— Әулие Георгийдің атымен ант етемін, — деп саңқ етті герцог, қабағының астымен Людовикке көз тастап, — корольдер мен дворяндар әулетінің басты тірегі саналатын игі ғылымды нақ бұлай аяққа басуға батылы барған бірде-бір патшаны, бірде-бір дворянды өзіміз білген емеспіз! Өз қызметшісін герольдша киіндіріп Англияның Эдуардына жөнелткен бір корольден басқа ешкімді де білген емеспіз .


— Әскери қулықпен жасалған мұндай айла, — деді Людовик зілдене күліп, — герольд дегенің атымен болмаған король сарайында кездесуі себепті өзінен-өзі ақталып жатыр емес пе, ал мәселе асқынып кейінге қалдыруды көтермейтін дәрежеге жеткен-ді. Бірақ су ми жалғызілік біреулерді ғана алдай алатын айланы білімдар Бургундия сарайындағылар әшкерелей алмайды деген ой тек қана ақылы жабайы қабанның ақылынан асып кете қоймайтын біреудің ғана қиялына келуі мүмкін.


— Мейлі, оны кім жіберсе ол жіберсін, ол өз үйіне шапанын теріс киіп қайтады, — деді герцог. — Уа, елшіні базар алаңына сүйреп апарыңдар да, үстіндегі шапанының пәрша-пәршасы шыққанша дүрелеңдер! Қызыл Қабанды талаңдар! Айт, әне! Айт!


Рубенс пен Снайдерстің аңшылар тақырыбына салған суреттерінде бейнеленген төбеттерге ұқсас, төрт пе әлде бес пе тайдай-тайдай бөрібасарлар герцог сөзінің соңындағы өздеріне таныс айтақтауды құлақтары шалысымен-ақ, шынында да, қабанды өз апанынан үркітіп шығарғандай, арс-арс үре бастады.


— Әулие кресті қолыма алып тұрып ант етемін, — деп жар салды король Людовик, өзінің азулы туысының көңілінен шығуға ұмтылып, — есек екеш есек те қабан терісін жамылып шықса, иығындағы теріні сыпырып алу үшін итке талатар едім!


— Рас, рас-ақ! — деп айғайлап жіберді герцог Карл, осы бір ұсынысты өзі айрықша қатты ұнатып. — Біз де сөйтеміз!.. Итке талатамыз!.. Айт, Толбот! Айт, Бомон!.. Біз елшіні қамал-сарай есігінен шығыс жақтағы қақпаларға қарай тырқырата қуып береміз.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, өзіңіз ең болмаса мені қызыл аң құрлы көрерсіз, сондықтан маған аз-кем болса да бір жеңілдік берерсіз деп үміт етейін бе?— деді бишара герольд, абдырап қалғанын сездірмеуге жанталасып.


— Сен не бары сұр жылан ғанасың, сондықтан аңшылық заңы бойынша ешқандай да жеңілдік алуға хақың жоқ, — деп үн қатты герцог. — Бірақ мақұл, дегенің-ақ болсыншы, құлақ естімеген арсыздығың үшін, алпыс ярдтай жерге ілгері барып тұруыңа рұқсат ететін әмір берейін... Тез, болыңдар, мырзалар, итке талатқанды көруге барайық!


Мәслихат мәжілісіне кенеттен үзіліс жасалды; жиналғандардың бәрі орындарынан дүркірей көтерілді де, король Людовик ойлап тапқан «адамсүйгіш» ермекті қызықтауға асыққан екі патшаның соңдарынан лап берді. Аңшылық көңілдегідей болып шықты. Үрейі ұшқан және аңшылардың кернейлерінің үнімен, айтақтарымен өзін өкшелей қуған он шақты аласұрған төбеттен қашқан Қызыл Қабан желдей есіп бара жатты, сондықтан жүгіргенде ең бір жайсыз киім, герольдтің шапаны бөгет жасамағанда, оның құтылып кетуі, әбден мүмкін еді. Бір-екі мәрте ол иттерге ұстатпай кетті, мұнысын көрермендер мәз болып, дабырласа құптап жатты. Бірақ осы бір итке талату ешбір жанға, тіпті Карлдың өзіне де нақ Людовикке ұнағандай онша ұнаған жоқ-тын, ал бір жағынан саяси есебінен, бір жағынан, егер күлкілі түрде болса, адамдардың азабын қызықтауды әмісе жақсы көріп дағдылануы себепті Людовик көзінен жас парлағанша ішек-сілесі қатып күлуден бір танған жоқ, сөйтіп тіпті күлкіден әлсіреп, талаурап қалған кісідей дұшпанының ақ тышқан терісінен тігілген шапанына жабыса кетті. Думанды көріністен корольден кем ләззаттанбаған герцог, есі кетіп, оны иығынан құшақтап ұстай алды, осы қылығы арқылы екеуінің араларында соңғы күндері орнаған қарым-қатынастарына мүлде кереғар келген жақсы көңіл күйін танытқандай көрінді ол.


Әлден уақытта желаяқ жалған герольдтің өзін өкшелей қуған төбеттерден құтылып кете алмайтын сәт те келіп жетті: иттер оны қуып жетіп алып ұрды, егер герцог төбеттерді кері шақырып алуға әмір етпегенінде, елшінің сөзсіз пәрше-пәршесін шығарар еді.


— Айырыңдар иттерді, байлаңдар! Жел аяқша жүгіргені үшін-ақ оның өмірін сақтап қаламын!


Ит баптаушылар лезде осы бұйрықты орындауға кірісіп те кетті. Бір минуттай өтер-өтпесте-ақ олар төбеттердің бір бөлігін байлап та үлгерді, енді адамдар бишара елші қырсық қылғанда иығына жамыла салған герольд шапанын түте-түтесін шығарып, бір-бір өрімін тістелеп, көшелерді кезіп кеткен иттердің басқа бір тобының соңынан қуа жөнелді.


Ту сыртында болып жатқан оқиғаларды байқауға да мұршасы келмей, герцогтың бүкіл аңсары көз алдындағы көріністерге ауып кеткен бір оңтайлы сәтті пайдалана қойған Оливье сып беріп король Людовиктің қасына жетіп барды да, құлағына:


— Мынау, сыған Хайраддин Мограбин... Оның герцогпен сөйлесіп қалуына мүмкіндік бермеу керек, — деп сыбырлады.


— Ол мүрдем кетуге тиісті, — деп үн қатты Людовик те сыбырлап, — өліктер сөйлемейді.


Қасынан өте бере Оливье өзіне бірдеңе деп сыбырлай қойған Дәруіш Тристан бір минуттан соң, ілгері сытылып шықты да, король мен герцогке иіле тәжім етіп, өзінің әдеттегі дөрекілігіне басып, тіл қатты:


— Ұлы мәртебелі тақсыр және мархабатты мырза, сіздер рұқсат етсеңіздер, мына жабайы аңға мен ие болайын, тіпті солай болуын талап етемін... Бұл оңбағанға өзімнің басқан таңбам да бар: оның иығын күйдіріп лала гүлдің суретін таңбалаған болатынмын, бұған өздеріңіз де көздеріңізді жеткізе аласыздар. Ұлы мәртебелі тақсырдың қол астындағы адамдарды өлтірген, шіркеуді тонаған, қыздарды зорлаған, корольдің парктеріндегі жабайы аңдарды атқан әйгілі қарақшының дәл өзі ол...


— Жә-жә, — деді герцог Карл оның сөзін бөліп. — Шындығына келгенде оған не жаза қолданам десе де менің патша бауырым өзі білсін... Қандай үкім айтасыз, ұлы мәртебелі тақсыр?


— Егер менің еркіме берсеңіз, — деп үн қатты король, — ол өзі әліпті таяқ деп білмеген геральдика ғылымынан дәріс оқытамын оған. Мойнына тұзақпен бірге салатын крестің мәнісін оған іс жүзінде түсіндіріп беремін.


— Мойынға тағатын крестің емес, әлгі кісіні асып қоятын крестің мәнін айтасыз ба?.. Мақұл-ақ, ендеше, бұл сабақ өзіңіздің бауырыңыз Дәруіш Тристанның басшылық етуімен өтсін, ол деген бұл істің нағыз майталман шебері емес пе! — деп қостай кетті герцог тапқырлығына мәз бола қарқылдай күліп.


Людовиктің шын пейілмен қосыла күлгені соншалықты, оның қас жауы еріксіз жібіп сала берді, оған мейірлене қарап тұрып, былай деді:


— Пах, Людовик, Людовик-ай, сен өзің қандай тамаша әңгімешіл жансың! Әттең, құдай өзіңді монарх етіп жаратар ма еді! Екеуміз тамаша сайран құрған кезімізді күні бүгінге шейін ұмыта алмаймын.


— Ол күндерді оралту сіздің қолыңызда ғой, — Деп үн қатты Людовик. — Күллі христиандар әлеміне масқара болмай, басыма түскен қазіргі жағдайымда маған қоятын барлық шарттарыңызды қабылдауға бармын, сондықтан өзім әрқашан тағып жүретін қасиетті бойтұмарымды, жаратқан иемнің бәріміздің рухтандырушы кресін қолыма алып тұрып серт етемін.


Солай деді де, ол мойнынан тастамай тағып жүретін бауы да алтын, өзі де алтын оймақтай ғана Қобдишаны қойнынан шығарып алып, оған елжірей төне түсіп сөзін жалғай берді:


— Қасиетті осы креске бас иіп тұрып, жалған ант берген ешбір жанның жолы болған емес. Бұл күнәсі үшін ол адам бір жылдың ішінде-ақ жаратқан иемнің әділетті қолымен әрқашан жазаланып отырған.


— Солайы солай-ақ шығар, алайда Буртундиядан аттанып кеткен жолы сіз осы креске бас иіп тұрып, маған адал екеніңізді айтып серт еткен едіңіз, бірақ содан соң, іле-шала мені өлтіру әлде алып қашу мақсатымен өзіңіз әлгі бір діндар Рюбампрені жұмсағаныңыз қайда, — деп салды герцог.


— Тәйірі-ай, сүйікті бауырым, қайдағы бір ескі дауды еске сала беруге құштар-ақ екенсіз! — деді Людовик күмілжіп. — Мұның сыртында, оллаһи, сіз жаңсақ айтып тұрсыз! Ол жолы мен бұл креске емес, керісінше маған түрік сұлтаны тарту еткен рухтандырғыш крестің басқа бір тармағына серт еткен болатынмын, сондықтан, бәлкім, ұзақ уақыт бойы дінсіздердің қолында сақталып келуі себепті өзінің қасиетін жоғалта бастаған болуы да мүмкін. Айтпақшы, ақыр соңында, сол жолы бір жылға жетпей-ақ өзара соғыс бұрқ ете қалмап па еді? Бургундияның әскерлері Францияның күллі ұлы вассалдарымен тізе қосып, Сен-Дениде бір саптан табылмап па еді, сондықтан өз бауырымның пайдасына мен Нормандияға иелік етуден бас тартуға мәжбүр болмап па едім? Жоқ, бұдан былай жалған ант беруді маған құдайым бұйыртпасын да.


— Мақұл, сүйікті бауырым, — деді герцог, — өз басым сіз осы жолы жақсы сабақ алдыңыз, сөйтіп бұдан былай уәдеңізге берігірек болатын шығарсыз деп ойлаймын. Ал енді бұлталақтамай, маған тікелей өз жауабыңызды айтыңыз: уәдеңізді орындайсыз ба, сөйтіп әлгі қарақшының, де ла Марктің, сондай-ақ Льеж тұрғындарының сазайын беру үшін маған ілесесіз бе?


— Мен оларға қарсы бүкіл Францияның рыцарларын бастап және туымды желбірете ұстап аттанамын! — деп жауап қатты Людовик.


— Жо-жо-жоқ, мұныңыз тым артық, тіпті ақылға сыймайтын қадам болар еді, — деп қарсылық білдірді герцог. — Сіздің, шынында, өз еркіңіз бойынша әрекет еткеніңізді дәлелдеу үшін менің әскеріме шотландиялық гвардияңыз, сондай-ақ шамасы екі жүз қаралы найзагеріңіз келіп қосылса жетіп жатыр. Шектен тыс қалың қол армия шығарсаңыз, бәлкім...


— Маған, шын мәнінде, бостандық берілсін демексіз ғой? — деді король. — Солай-ақ болсын мейлі. Менің солдаттарымның санын өзіңіз белгілеңіз.


— Сондай-ақ біздің алакөз болуымыздың бір себебінің тамырына мәңгі-бақи балта шабуымыз үшін, графиня де Круаның Орлеан герцогымен некелесуіне келісіміңізді бересіз бе?


— Сүйікті бауырым, — деп үн қатты король, — көнгіштігімді пайдаланып, маған тым қатты қиянат жасағалы тұрсыз. Герцог — менің қызым Жаннаны айттырған күйеу балам. Қайырым ете көргейсіз, бұл шартыңызды орындауды талап етіп қасарыса бермеңізші! Бұдан да гөрі Сомма өзені бойындағы шаһарлар жайын әңгіме етейік.


— Бұл мәселені, ұлы мәртебелі тақсыр, менің мәслихатым үстінде талқылайтын боламыз, — деді Карл. — Ал маған салсаңыз, өз иелігімді кеңейте қояйын деп жүрген мен жоқ, керісінше өзіме жасалып келген қиянаттың есесін қайтаруды ғана мақсат тұтып жүрген жанмын. Бассалдарымның ішкі ісіне араласқан өзіңіз болатынсыз, мінеки енді, Бургундияның қол астындағы азаматшаның ісін өз қолыңызбен оңдап көріңіз. Ұлы мәртебелі тақсыр, графиня Изабелланың тағдырын шешпек болған өзіңіз ғой — ендеше, оны тікелей король әулетіне жататын біреуге күйеуге ұзатыңыз, әйтпесе арамыздағы қандай да бір келіссөз үзіліп тасталады.


— Ынта-ықыласыммен сөйтуге бармын десем ғой, маған иланатын ешкім жоқ, — деді король. — Егер бұған папа рұқсат беріп жатса және егер екі жақ та ризалық білдіріп жатса өз басым бұл некеге ешқандай да қарсылық етпеймін деген лебіз айтсам, көңіліңізді тапсам екен деген құлшынысымның қандай шексіз-шетсіз екенін өзіңіз-ақ біле беріңіз.


— Ризалығыңызды берсеңіз болғаны, ал басқа барлық мәселелер бойынша уәзірлеріміз өзара пәтуаласа жатады, — деді герцог. — Қош, сонымен тағы да өзіңізбен дос-жар және бауырлас болып шыға келдік!


— Уа, жаратқан ием, бір өзің жар болғайсың бізге! — деп үн қатты Людовик. — Патшалардың жүрегін жасаған иемнің өзі алақанына салып аялап ұстайды, сондықтан ол өз шапағатына бөлеп, адам қанын төгуден сақтандырып, патшаларды бейбітшілік пен қайырымдылыққа баурайды!.. Оливье, — деді ол баяу үнмен сөзін жалғап, өзінің қасынан екі елі ажырамайтын ең жақсы көретін адамына қарап, — баршы, әлгі сатқын сығанның саудасын тезірек бітіре көрсін деп Тристанның құлағына жеткізші менің сәлемімді.


XXXIV ТАРАУ


ДАРҒА АСУ



Өзің нұсқап көрсетерсің ағашты,
Өзім ертіп апарамын орманға.


Ескі баллада



«Бізді өзіміз де күле білетін және өзгелерді де күлдіре алатын дарын иесі етіп жаратқан құдайдан айналып кетейін, ал сайқымазақтар кәсібін жаратпайтын ақымақ адыра қалсын! Былайша айтқанда пәлендей дерлік айтулысы болмай-ақ қойсын мейлі — әйтсе де, сірә, егер ол екі монархтың көңілін көтеруіне кәдеге асып жатса, осал да дей алмайтын қарапайым әзіл Франция мен Бургундия арасында соғыс басталып кетпеуі мақсатында тұтас бір мыңдаған саяси дәлелдерден де көбірек маңыз атқарды».


Осының алдындағы тарауда тәптіштеп суреттелгеніндей, екі патша арасында бітім орнағанда, Бургундияның әскери күзеті Перонна қамал-сарайынан әкетіліп, король қаһарлы Герберт мұнарасынан босатылғанда, сөйтіп, француздарды да, сондай-ақ бургундтарды да ерекше қуанышқа бөлеп, герцог Карл мен оның сюзерені арасында достық пен сенім қайта қалпына келгенде ле Глорье, мінеки, осындай қорытынды жасады. Бірақ сырт көзге корольге барлық сый-құрмет көрсетіле тұрса да, король олардың әлі де өзіне күмәндана қараумен болғанын жақсы түсінді, сондықтан әдейі дәнеңе байқамаған сыңай танытып, өзін ешбір қысылып-қымтырылмай еркін ұстады.


Басты кейіпкерлер бір кездегі өкпелерін біржолата дерлік кешірісіп өзара татуласқанда, мұндай жағдайларда жиі кездесетініндей, олардың араларындағы астыртын арпалысқа қатысқан байғұстардың бірі, сол бір саяси заңның ащы шындығын өз мойнымен көтереді, сондай-ақ егер осынау патшалар пасық құралдарды жиі-жиі өз кәдесше жаратып пайдаланып отырған болса, қажеті болмай қалған шақта оларды тағдырдың тәлкегіне тастап жүре береді емес пе.


Хайраддин Мограбин нақ осындай құрал болған еді, герцогтың маңындағы адамдар оны корольдің ұлы превосының қолына табыс етті, ал прево болса, өз кезегімен, қолдан-қолға өткізіп әрі кібіртіктемей шұғыл түрде мүрдем кетіруге әмір етіп, Хайраддинді өзінің адал көмекшілері Труазешель мен Птит-Андренің қарауына тапсырды. Превоның жарлығын екі етпей орындап дағдыланған жандайшаптары, бірі құдды Аллегро, ал екіншісі — Пенсерозодай-ақ соңдарынан ілескен шағын күзет пен әуесқой адамдардың қалың тобын шұбырта өз құрбаны бейне бір Трагедия мен Комедияны ертіп алып, шеру тартқан Гарриктай көп әуреленбей-ақ алғашқы бір ыңғайлы ағашқа аса салмақ болып, жақын маңдағы орманға қарай алып кетті.


Ағашты ұзақ іздеп сарылған жоқ. Көп ұзамай олардың көзі емен ағашына түсе кетті. Птит-Андре оны Хайраддиндей жаңғаққа әбден лайықты екен өзі деп сықақтап жатты. Қылмыскерді күзеттің қарауына қалдырып, жендеттер драманың соңғы актысын әзірлеу қамына кірісіп те кетті.


Қас қағым осы бір сәтте қаптаған адамдарға қарап тұрған Хайраддинің көзі Квентин Дорвардтың көзімен ұшыраса кетті, ал Квентин әшкере болған жалған герольдтың өзінің сатқын жол бастаушысы екенін танып, енді осы болжамының анығына көзін жеткізу мақсатымен дарға асылатын орынға өзінің соңынан ере келгендей көрінді оған.


Жендеттер Хайраддинге шығарылған үкімді орындау үшін барлық әзірлік жұмыстары толық аяқталғанын мәлімдегенде, ол аспай-саспай өзінің ақтық тілегін айтып қалуына мұрсат берулерін өтінді.


— Балам, міндетімізге қайшы келмейтін тілегіңнің бәрін де еркін айта бергін, — деді Труазешель.


— Яғни, өміріме қатысты еместің бәрін дегенің ғой? — деді Хайраддин сауал қойып.


— Нақ солай, — деп жауап қатты Труазешель, — тіпті, одан гөрі көбірек тілегіңді орындауға бармын, өйткені сен біздің кәсібімізді құрмет тұтуды ұйғарып, өлімді бәлденбей, ерлерше қарсы алуға бекінген сияқтысың... Сондықтан мен өзімізге сылбырлыққа салынбай жедел қимылдауға әмір етілгеніне қарамастан, саған он минуттай уақыт беруге де бармын.


— Сіздер асқан мейірбан адам болып шықтыңыздар! — деді Хайраддин.


— Оған дау бар ма! — деп сөзге киліге кетті Птит-Андре. — Сені еркінсітіп қойғанымыз үшін біз тіпті сөз естіп қалуымыз да ықтимал. Мейлі, енді басқа шара да қалмаған шығар! Нақ өзіңіздей пысық, табанды, оның үстіне адал жігітке ұқсап ақтық секірісін тайсалмай сабырлылықпен орындауға бел буған азаматтың жолында мен, сірә, жан пида етуден де тайынбаған болар едім.


— Егер жаназаңды оқытатын поп керек деп тапсаң... — деді Труазешель.


— Әлде бір стақан шарап әкелдірейін бе... — деп қостады оның жылпос серігі.


— Әлде дұға оқытасың ба... — деді Трагедия.


— Әлде жарапазан айтайық па... — деді Комедия.


— Алғашқысына да, екіншісіне де, үшіншісіне де зәру емеспін, шапағатты, көңілшек және де аса пысық достарым, — деп үн қатты сыған. — Сонау тұрған шотланд гвардиясының жас атқышымен сөйлесіп алуым үшін маған не бары бірер минут уақыт қисаңдар екен деген тілегім ғана бар.


Жендеттер абдырап қалғандай болды; бірақ қауесетке қарағанда, Квентин Дорвардтың соңғы кездері король Людовиктің айрықша ілтипатына бөленгені іле-шала Труазешельдің есіне сап ете қалды да, сығанның тілегін қабыл алды.


Сығанды қандай жазаға кессе де обал болмайтынына көзі жете тұрса да жақынырақ таяп келген Квентин бишараның түрінен қатты шошып, оны аяп кетті. Төрт аяқты хайуандардың тістері және де байғұсты қабаған иттерден айырып алуға көмектесуге келген, бұдан кейін оны дарға асуға алып кеткен екі аяқтылардың қарулы қолдары пәрше-пәршесін шығарған герольдтің әсем шапанынан қалған жұрнағы сығанның кейіп-кескінін кісі күлерліктей әрі аянышты етіп көрсетіп тұрды. Оның бет әлпетінен қызыл бояудың табы мен жұрт танымасын деп иегіне жапсырып қойған сақалдың қалдығы әлі де аңғарылғандай; жағы солып, еріндері өліктің еріндеріндей көк айғызданып кетіпті, бірақ отты да ойнақы көздерінен өз тайпасына тән сабырлылық білінеді, ал жанын күйзелткен күлкісі өзін алда күтіп тұрған сұмдық ауыр өлімге де жиіркенішін танытқандай. Тұла бойын үрей мен аяныш билеген Квентин сылбыр басып, қылмыскердің қасына жақындай берді, сірә, оның қимыл-қозғалысынан ішкі сезімі аңғарылып қалғандықтан болар, Птит-Андре оған қарап айқайға басты:


— Ширағырақ қимылдауыңызға болмас па екен, ғажап атқыш! Мына сеньордың асығып тұрғаны анау, ал сіз болсаңыз құдды бір тастай берік жердің үстінде емес, керісінше жарылып қалар деп қорыққан кісідей, үйіп қойған жұмыртқалардың үстінде келе жатқандай сыңайыңыз бар!


— Мен бұл кісімен оңаша сөйлесуім керек, — деді қылмыскер, сөйтіп қарлыға шыққан үнінен оның өкініші сезіліп тұрды.


— Бұл тілегіңнің біздің парызымызбен үйлесе қоюы екіталай, достым, — деп үн қатты Птит-Андре. — Біз өзіңмен ескі таныс емеспіз бе, сондықтан сенің жылан балықтай уысымыздан сусып кететініңді өз тәжірибемізден білеміз ғой.


— Несіне қорқасыңдар, қол-аяғыма бұғау салып тастадыңдар емес пе, — деді қылмыскер. — Айнала күзет қойыңдар, жалғыз-ақ күзетшілер бізді ести алмастай жерге орналассын... Ал мынау атқыш өз корольдеріңнің қызметшісі, бұл аз болса сендерге он теңге алтын ақша да берейін...


— Байғұстың иманды болуы үшін жаназасын шығаруға жұмсаймыз ба бұл теңгелерді, — деп кекетті Труазешель.


— Жә болмаса, қалжырап қатты болдырған менің әл-қуат жинауым үшін шарап сатып әкелуге жұмсаймыз ба, — деп қостай кетті Птит-Андре. — Өйтсе несі бар, біз мұныңа қарсы емеспіз... Қанеки, әкел, сал алақанымызға алтын теңгелеріңді, бауырым!


— Мына қанішер төбеттердің құлқындарына бірдеңе құя салшы, — деді Хайраддин Дорвардқа. — Қолдарына түсіп қалғанымда-ақ, көк тиыныма шейін тонап алып қойып еді... Мен үшін өзің төлей салшы, артынан өкінбейсің.


Квентин сыған уәде еткен параны жендеттердің қолына санап берді, сөйтіп екі жендет те серттерін берік сақтап үйренген кісілердей, едәуір жерге ұзап барып тұрды, алайда қылмыскердің әр қимылын зер сала қадағалаумен болды. Бишара сыған есін жисын дегендей Квентин бірден сөз бастай қойған жоқ, бірақ ол үн-түнсіз тұрып қалуы себепті, өзі тіл қатты:


— Ақыры осындай халге душар болып шықтың ба!


— Иә, — деп үн қатты Хайраддин, — біздің күллі тайпамызға ортақ тағдыр өз басыма да туарын болжай білу үшін яки астролог, яки физиономист, яки балгер болу қажет емес-ті.


— Алайда толассыз қылмыстар мен жалғандықты кәсіп етіп, өзіңе өзің істеп отырған жоқсың ба? — деп салды шотланд.


— Жоқ, нұр сәулелі Альдебаранның және күллі жұлдыздар дүниесінің атымен ант етейін! — деп ышқына сөйледі сыған. — Осының бәрі түптеп келгенде өзімнің ақымақтығымның салдары: франкілер, олардың өздерінің айтуы бойынша ең қасиетті нәрселерге келгенде шектен асқан зұлымдыққа бара қоймас деп ойлап қалып едім мен. Священник шапанының маған герольдтің шапанынан артық шапағаты тие қоймас еді. Өзіңіз жер-көкке сыйғызбай дәріптей беретін тақуалық пен рыцарьлық ар-ожданыңыздың сиқы, міне, осы!


— Әшкере болған суайттың өз ойынан шығарған атақ-дәрежесі беретін артықшылықтарды пайдалануға хақысы жоқ, — деп салды Дорвард.


— «Суайт»! — деп қайталады сыған. — Ал, төрелігін өзіңіз-ақ айтыңызшы, менің сөзімнің әлгі бір ақымақ қақбас герольдтың сөзінен қай жері кем екен? Жә, оны сөз етпей-ақ қояйық. Ерте ме, кеш пе — бәрібір емес пе?


— Уақыт өтіп барады, — деді Квентин. — Егер өзіңнің маған айтпақ бір сөзің бар болса, тезірек айтып қал, ал содан соң иманыңды айта бер.


— Иманды ма? — деді сыған қарқылдай күліп. — Жиырма жыл алапеспен ауырған адамның қас қағымның ішінде тазарып шығуына болады деп шынымен-ақ ойлайсың ба? Егер менде иман болған күннің өзінде де, он жасар, тіпті одан да кішірек кезімде-ақ ерекше бір шытырманды бастан өткергенім соншалықты, өзімнің бүкіл күнәлерімді еске түсіруім үшін маған табаны күректей бір ай керек болар еді, оның үстіне бетпе-бет поптың алдына жайып салуым үшін тағы да бір ай керек. Ал егер маған осыншалықты көп уақыт беріле қалса, ант етейін, оны басқа бір мақсатқа пайдаланар едім.


— О сорлы күнәһар, құдайға тіліңді тигізе бермей, тыйылғын! — деп айқайлап жіберді Квентин шошына әрі жаны ашып, — Менен не тілемек едің, соныңды айт, содан соң жазаңды тарта бергін!


— Өзіңнен өтінер бір тілегім болып тұр, — деді Хайраддин. — Бірақ әуелі мен ақыңды өтеп берейін, өйткені сендер деген, өздеріңнің дәріптей беретін мейірбандықтарыңа қарамастан, тегіннен-тегін ештеңе де істемейсіңдер ғой.


— Егер өмірің қыл үстінде тұрмаса жомарттығыңмен қоса қараң қал, деп саған жауапты осылай берген болар едім, — деді Квентин. — Өзіне не керек, соны айтқын, ал жомарттығың өзіңе. Маған өзің көрсеткен бұрынғы игі қызметтерің де аз болған жоқ.


— Ал Шер дариясы бойындағы әлгі бір ісің үшін мен өзіңді шын пейілмен жақсы көріп кеттім, — деді сыған, — соның ақысына бір бай қалыңдыққа үйленуіңе қолғабыс етуге ұйғарған едім. Сен сол бикештің гүлдерін тағып жүрдің — есебімнен жаңылдырған да осы болды... Және де мұның сыртында өзін Карл шеңгелдеп ұстап алған, сондықтан енді оны уысынан шығара қоюы екіталай, Бракемонттың ұясымен қоса әлгі бір уыздай жап-жас құрға қарағанда, қалтасы қалың Амелина саған әлдеқайда жайлырақ болатындай көрінген еді маған.


— Уақыт өтіп барады ғой, сорлы-ау! — деді Квентин. — Тез айт, әйтпесе екі жендеттің де шыдамы таусылуға айналды!


— Тағы да бір он минут уақыт берсін, оларға және он алтын теңге төлеп кел, — деді қылмыскер, өзі тағдырлас көптеген адамдардай, маңдайына жазылғанды көріп алуға белін қанша бекем буғанына қарамастан, қатерлі сәтті сәл де болса кейінге қалдыра тұруға ұмтылып. — Қайталап айтамын: қанша теңгеге шығындансаң да сен дәнеңеден ұтылмайсың.


— Байқа, өзің үшін пұл төлеп сатып алатын минуттарымды ұтымдырақ пайдалануға тырыс, — деді Квентин, сөйтті де ұлы превоның көмекшілерімен қайтадан сауда жасамақ болып кете барды.


Мәселе шешілген кезде, Хайраддин сөзін жалғай берді:


— Шыным осы, иланшы, саған жақсылықтан басқа ештеңе де ойлаған емеспін және де ақиқатында Амелина сенің нағыз құдай қосқан қосағың болары хақ еді. Ол басқа екеш, тіпті, мейлі қорлап үйленсе де — Арденнің Қабаны сынды ерімен де тіл тауып кетті емес пе, ал өзі бейне бір өмірбақи шошқа жаңғақ жеп үйренгендей-ақ, енді, мінеки, оның қора-жайына ие болып отыр.


— Мұндай тұрпайы да, қисынсыз әзіліңді қонсаңшы, — деп зекіді Квентин, — әйтпесе тағы да қайталап айтайын, мен сені жайыңа тастап дереу кетіп қаламын, жақсылап жазаңды тарта бергін!


— Сөзіңнің жаны бар, — деді Хайраддин бір минуттай толастан соң, — маңдайға жазылғанды қайыспай қарсы алу керек. Сонымен, біліп қойғын: мен бұл маңға қарғыс атқыр мына киімді де ла Марктің қолынан үлкен сыйлық алып және король Людовиктің қолынан бұдан да көп сыйлық аламын ғой деген үмітпен киіп келген едім, сен өзің де естігеніңдей, жекпе-жекке шақырған хабарды Карлға жеткізу үшін ғана келген жоқпын, сонымен бірге корольге маңызды бір құпияны хабарламақ болып та келген едім.


— Бұлай етіп, басыңды үлкен қатерге тіктің, — деді Дорвард.


— Оның есесіне құнын жақсылап төледі... Енді қайтейін, ақым кеткен жоқ! — деді сыған. — Де ла Марк Людовикпен Марта арқылы бұдан бұрын да байланыс жасамақ болып, тырысып бақты; оның астрологпен ғана жолығуының, біздің Шонвальдке аттанған сапарымызда болып өткен оқиғаларды түгел соған баяндап беруінің ғана орайы келген сияқты. Бірақ бұл мәліметтердің Людовиктің құлағына тек әулиелік болжам түрінде ғана жетуі хақ деп ойлаймын... Қош, енді менің құпияма ден қойшы: ол Марта хабарлай алған мәліметтердің бәрінен де маңыздырақ. Гийом де ла Марк Льеж қамалында қалың да күшті қол жинап отыр әрі марқұм кәрі поптың қазынасының күшімен әскер қатарын күн санап көбейте түсуде. Бірақ Бургундия әскерлерімен соғыс алаңында ашықтан-ашық, сондай-ақ, жартылай қирап қалған қалада қорғану арқылы белдесуге тәуекел етіп отырған ол жоқ. Ол ұстанып отырған жоспар мынадай: әлгі желіккен Бургундия Карлы — Льеж іргесіне келіп жеткенше ол сыр бермейді, оның өз әскерлерін орналастыруына да бөгет жасамайды, бірақ түн жамылып, тұтқиылдан шабуылға шығады да, өзінің бүкіл әскерлерімен лап қойып, Карлге соққы береді. Бургундиялықтар қалада бүлікшілерге көмекке жіберілген француз отряды бар екен деп ойлап қалулары үшін де ла Марк әскерлерінің бір бөлігі француз солдаттарынша киініп шығады да: «Франция, әулие Людовик, Дени Монжуа», — деп жауынгерлік ұран тастап, ілгері қарай ұмтылмақ. Осының бәрі бургундиялықтардың қатарында абыржушылық туғызары сөзсіз, сондықтан егер король Людовик өз гвардиясымен, нөкерлерімен және қасына ілескен басқа әскерлерімен өзіне қол ұшын берсе, Арденнің Қабаны Бургундия армиясын тас-талқан етегіндігіне шүбәланбайды. Құпиям, мінеки, осы, бұл менің өзіңе жасаған тартуым болсын. Оны өз қалауыңша кәдеңе жарата бергін. Осы жоспардың жүзеге асырылуына көмектесесің бе, әлде жүзеге асырмай тастайсың ба, құпияны король Людовикке сатасың ба, біреулерді құтқарасың ба, әлде құртасың ба — бұл жағында менің шаруам жоқ. Мен оқ-дәріге толы осы бөшкені олардың жамбасына өз қолыммен қоя алмайтыныма, сөйтіп бәрін де шетінен қырып сала алмайтыныма ғана өкінемін!


— Бұл, шынында да, өте-мөте маңызды құпия екен, — деді Квентин — бургундықтар мен француздардан құралған әскер сапында ұлттық өшпенділікті қалай оп-оңай өршітуге болатынын бірден ұға қойып.


— Иә, өте маңызды, — деп қайталап айтты Хайраддин, — Енді мінеки, бұл құпияны өзің естіп ала салысымен маған сырт беріп, безіп кеткелі тұрғаның мынау, ал өзім ақыңды өтеп те үлгерген бір тілегімді тыңдағың да жоқ.


— Кәнеки, қандай тілегің бар, айтшы, — деді Квентин, — қолымнан келетін нәрседен аянып қалмайын деп өзіңе серт етейін.


— О тәйірі-ай, бұл саған қиынға соқпайтын тілек бір... Өзімнің сәйгүлігім, бишара Клепперім туралы ғана, менің ажалыма жанашырлық білдіретін бірден-бір тірі жануар жайлы сөз болып отыр. Ол осы маңнан есептегенде оңтүстікке қарай екі мильдей жерде, көміршінің ескі жұрты маңында жайылып жүр. Сен оны оп-оңай тауып аласың. Жалғыз-ақ былай ысқыр, — сөйтті де сыған өзіне ғана мәлім тәсілмен ысқырып көрсетті, — оның атын атап: «Клеппер!» деп шақырсаң-ақ болғаны — қасыңа өзі жетіп келеді. Мінеки, мынау соның жүгені, мен оны қамзолымның ішіне тығып жасырып сақтай алдым. Иттердің жүгенге тимегені абырой болды, өйткені Клеппер басқа жүгенге көнбейді. Сәйгүлігіме өзің ие болғын, сөйт те оны көзіңнің қарашығындай сақтай біл... Жануардың иесін жүрегіңде сақтап жүр дегім келіп тұрған жоқ, бірақ ұлы соғыстың тағдырын өз қолыңа ұстатқанымды ұмытпағайсың. Басыңа ауыр күн туғанда ол өзіңді ешқашан да жалғыз қалдырмайды: түн іші ме, әлде күндіз бе, жайма-шуақ па, әлде жауын-шашын ба, сұлы ма, әлде сабан ба, жылы қора ма, әлде қақаған аяздағы аспан асты ма — Клеппер күй таңдамайтын жануар... Егер маған Перонна қақпасынан шығып кетудің сәті түскенде, онда мен мұндай күйге душар болмас та едім!.. Маған Клепперді баптап ұстаймын деген уәдеңді берсең болғаны!


— Уәдемді беремін және солай деп серт етемін! — деді Квентин салтанатты түрде, жаны қатыгез адамның жарқ еткен сәуледей нәзіктік білдіргеніне тебіреніп.


— Ендеше қош! — деді қылмыскер. — Айтпақшы, сәл кідірші... Ханымның сәлемін жеткізбей, мойныма қарыз етіп өлетін нақұрыс емеспін мен. Әлгі бір артық туған ақымақ қатынның, Арденнің Жабайы Қабанының зайыбының көздері қарақаттай мөп-мөлдір немере сіңлісіне жолдаған хатын, мінеки, өз қолыңа табыс еттім. Бұл сәлемдеменің саған ұнамай тұрғанын көзіңнен-ақ көріп тұрмын. Тағы да бір ауыз сөзім бар... Сәл болғанда, ұмытып кете жаздаппын: менің ер-тоқымымды қарасаң, соны жинау жолында басымды саналы түрде қатерге тіккен — алтын теңгеге сықап толтырып қойған әмиянды тауып аласың. Оған сен ие бол; әлгі бір қан құйлы төбеттерге өз қолыңнан берген теңгелеріңнің есесін бұл алтын ақша арқылы молынан қайтарып аласың... Мен сені өзімнің мұрагерім етемін!


— Сенің алтыныңды мен игі істерге, сондай-ақ иманды болуың үшін жаназаңды шығартқанда аруағыңа дұға оқығандарға жұмсаймын, — деді Квентин.


— Оны несіне қайталап айта бересің! — деді Хайраддин қиналып, сөйтіп осы бір сәтте оның өңі адам шошырлықтай болып түтеп кетті. — Аруақ деген жалған! Аруақ болмақ емес, болуы тиісті де емес! Мұның бәрі поптардың ойлап шығарған сандырағы!


— Бишара... сор маңдай күнәһар! — деп кейіді Квентин. — Ойлан, арыздасып қалуға үлгересің әлі! Қарсы болмасаң мен барып попты ертін келейін... Мен өздерін пара беріп сатып аламын... әлгі немелерді саған тағы да уақыт беруге көндіремін. Өз райыңнан қайтпай өлгенде... арыздаспай көз жұмғанда не ұтпақсың өзің?


— Мен табиғаттың өзімен тұтасып кетпекпін, — деп жауап қатты тұрмысынан құдайды танымай өскен ол, өзінің таңулы қолдарын кеудесіне қойып. — Адамға тән жұмбақ сүлбем табиғат сағат сайын өзіне керектісін көсіп алатын элементтердің ортақ массасына қосылып, балқып жүре беретініне, сөйтіп өз кезегімен олар да көзден ғайып болуы әрі қайтадан пайда болуы үшін жаңа бір алуан формалармен түлеп шығатынына шүбәм жоқ, сондай үмітім бар және сол бір сәтті тосамын. Тәнімнің судан жаралған бөлшектері қайнар бұлақтарға барып құйылады, топырақтан жаралған бөлшектері жер-анасын байытады, ауадан жаралған бөлшектері — желмен ілесіп, ұшып шын пейілімен масайрап шыға келді, ал Орлеан герцогының жан дүниесінде өзін патшайым Жаннамен тағдырлас еткен парызынан арылатынына ой жүгіртіп, тұла бойын еріксіз түрде шырмап алған шаттығы үшін ар-ожданы алдында азап шеккен сезім оянғандай күй кешті. Ал осы бір сәтте король ішінен қалай қарғанумен болғанын, сөйтіп кек алудың қандай жоспарларын ойластырып та үлгергенін білсе, бәлкім, өзінің эгоизмі үшін өзін-өзі айыптамаған да болар еді.


Бұдан кейін Карл сөзін жас графиняға арнады да, бастапқыдағы қыңырлығын еске алғанда мұндай рақымшылдыққа лайықты емес екенін, сөйткенмен де бұл неке кейінге қалдыруға да, бұлтаруға да жол бермейтін, үзілді-кесілді шешілген мәселе екенін төтесінен мәлім етті.


— Асыл герцогым, әрі сюзеренім, — деді Изабелла, барынша батыл сөйлеуге тырысып, — менің заңды патшам өзіңізсіз, сондықтан әміріңізді мен екі етпеуге міндеттімін...


— Жә, жә! — деп герцог оның сөзін бөліп жіберді. — Басқа барлық жайларды біз өзіміз реттей жатамыз... Ұлы мәртебелі тақсыр, — деді ол Людовикке қарап, сөзін жалғай түсіп, — бүгін сіз қабан аулап, аңға шығуға тілек білдірдіңіз ғой. Ал, егер түстен кейін қасқыр қууға барсақ деген ұсыныс айтсам, бұған қалай қарайсыз?


Жас графиня тәуекел етіп, өз ойын айтып қалудан басқа амалы қалмағанын аңғарды.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, сіз менің ойымды басқаша түсініп тұрсыз, — деп бастады сөзін ол қымсына, бірақ айтпақ ойын сезгендей болса, оп-оңай қабылдамай тастайтын герцогтың назарын аударарлықтай етіп, даусын қатты да нық шығарып — Айтқан әміріңізді екі етпеуге тиістілігім жөніндегі парызым ұлы мәртебелі тақсыр өзіңіздің ата-бабаларыңыз менің ата-бабаларыма сыйға тартқан өз иелігімдегі жер мен қамал-сарайларға қатысты; егер өз сюзеренім сіз, тіліңізді алмауым — өз қарауымдағы жер мен қорғандарға иелік ету еркінен айырады деп санап жатсаңыз, онда соның бәрін Бургундия шаңырағына кері қайырып-ақ беремін.


— Әулие Георгий! Мына ақымақ қыз кіммен сөйлесіп тұрғанын ойлай ма екен өзі?! — деп ақырып шыға келді герцог, ашу-ыза қысып, еденді тепкілеп. — Кімнің алдында тұрғаныңызды білесіз бе өзіңіз?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, — деп үн қатты Изабелла, бастапқы батыл райынан таймастан, — өзімнің заңды да, әрі бұған үмітім зор, әділ де тақсырымның алдында тұрғанымды ұмыта қойған жоқпын. Егер сіз, ата-бабаларым өз ата-бабаларыңыздың кең пейілдігі арқасында иелік етіп келген, қазір мен мирасқор болып отырған мұрадан айырар болсаңыз, бізді байланыстырып тұрған бірден-бір дәнекердің өзін үзіп тастайсыз. Ал мына бишара тәнді жаратушы сіз емессіз, тәнге жан бітіріп дем берген де сіз емессіз... Тәнімді де, жанымды да қасиетті аббатиса анамыздың басшылығымен әдияратты пана тұтып, құдайға тапсырмақ боп бекінген жайым бар.


Герцог ашуға булығып, түтігіп кетті, ал оның аңыра қарап қалған түрін өзін-өзі қорғамақ боп, қанаттарын сабалап, жан ұшырған көгершінге тап болған сұңқардың аңыруымен ғана салыстыруға болатын еді.


— Жарна төлемеген кісіні әулие ананың қабыл алар-алмасының өзі неғайбыл әлі! — деп кесіп айтты ол жаратпаған раймен.


— Егер мені қабылдағаннан, ол өз мекен-жайын шығынға батырып жатса, — деді Изабелла, — жақсылығы үшін әдиярат ақысын төлей алатын адам менің әулетімнің дос-жарандары арасынан табылып қалар, сөйтіп де Круа шаңырағынан шыққан жетім қызды далаға тастай қоймас деген үмітім бар.


— Мұныңның бәрі әлдеқандай бір құпия және жексұрын пиғылыңызды жуып-шаюды көздейтін жалған да зымияндық сылтау ғана, — деді Карл. — Орлеан герцогы, шіркеу меһрабына тіпті өз қолыммен сүйреп апаруыма тура келсін мейлі, бірақ бұл қызды қалыңдығым деп біле беріңіз!


Бірақ осы бір тұста өр де батыл мінезді әйел, оның үстіне өз күйеуінің сіңірген еңбегінің зор екендігіне әрі герцогтың оған деген ниетіне шүбәсі жоқ графиня де Кревкер шыдай алмай кетті.


— Тақсыр, — деді ол, — ақылыңызды ашуға жеңдіріп, ауыр-ауыр сөздер айтуға мәжбүр болып тұрсыз. Дворян қызын оның өз ықтиярына қарамай, зорлап күйеуге беруге болмайды.


— Және де мұны былай қойғанда, христиан дінін ұстанатын тақсыр бола тұра сізге күнәлі дүниеден безіп, Христостың өзінің қалыңдығы болуға тілек білдірген тақуа жанның ұмтылысына қарсылық көрсету жараспайды, — деп қосыла кетті, өз тұсынан әдиярат аббатисасы.


— Онан соң қыз ризалығын бермеуі себепті, менің бауырым, Орлеан герцогына да өз ойын қатып ұстап қалу да абырой әпермейді, — деп тіл қатты Дюнуа.


— Егер маған уақыт берсеңіздер... — деп бастады өз сөзін Орлеан герцогы, Изабелланың сұлулығына ұшқалақ жүрегі елжірей түсіп, — графиняны көндіруіме, сөйтіп өзімді жақсырақ танытуыма уақыт берсеңіздер...


— Жоғары мәртебелі мырза, — деп Изабелла оның сөзін бөліп жіберді, жиналып отырғандардың бәрінің де өзіне жанашырлық көрсеткенін арқаланған ол батыл сөйлеп, — босқа әуре болмай-ақ қойыңыз. Өзім үшін үлкен дәреже екендігін ішім сезе тұрса да, бұл некеден бас тартуға берік бел байлап отырмын.


— Айдың келесі жаңасына орай еркелігіңіздің өзгеруін күтіп отыратындай менің де уақытым жоқ, бикеш, — деді герцог Карл. — Әрі кеткенде бір сағаттан кейін Изабелла өз келісімін беретіндігіне мен кепілмін, Орлеан Людовигі.


— Бірақ оның менің пайдама шешілмесі хақ, тақсыр, — деп жауап қатты француз шаһзадасы, бұдан әрі өз арына дақ түсірмей Карлдың табандылығын пайдалана алмасын түсініп. — Франция перзенті үшін өз ұсынысының бір мәрте қабылданбай тасталуының өзі жетіп жатыр, бұдан әрі ол зорлық жасауға бармақ емес.


Карл әуелі Орлеан герцогына, содан соң Людовикке қаһарлана көз тастады да, соңғысының жүзінен мерейі үстем болғанына астыртын насаттанған сезімді байқап қалып, зығырданы қайнап шыға келді.


— Қане, жаз — деп ақырды ол өзінің секретарына. — Мынау жүзі қара қыздың иелігіндегі жерді конфискелеу, сөйтіп өзін абақтыға қамау туралы біздің үкімімізді жаз! Оны Пухтхаузге, қыңырларды түзейтін мекен-жайға жабыңдар, сондағы бетпақтығы жағынан өзінен кем түспейтін салдақы әйелдер қауымына барсын!


Жұрттың бәрі наразылық білдіріп, дүрлігісіп қалды.


— Ұлы мәртебелі тақсыр — деді әлден уақытта граф де Кревкер, жұрттың атынан сөйлеуге бет қойып, — мұндай үкім шығармай тұрып, байсалды түрде ойланып алғаныңыз мақұл. Біз өзіңіздің адал қызметкерлеріңізбіз, бірақ Бургундияның дворяндары мен рыцарьларының атына кір келтіретін бұл іспеттес масқаралыққа жол бере алмақ емеспіз. Егер графиня айыпты екен — оны жазаға тартыңыз, ал, бірақ бұл жаза оны және біздің атақ-абыройымызды масқара етпесін, графиняның әулетімен қандас туыстығымыз бен достық қарым-қатынасымыз үшін ұялып қалып жүрмейік.


Герцог бір минуттай үнсіз қалды да, сөз сөйлеп тұрған адамның бетіне бейне бір бақташы басы ауған жаққа бет түзеген жолынан кері қайырған әрі оған бағынсам ба екен әлде батырсынған оны мүйізіме іліп әкетсем бе екен деп аңтарыла қалған бұқаша сүзе қараумен болды. Алайда бұл жолы ол ашудан гөрі ақылға мойын ұсынды. Карл де Кревкерді жиналғандар түгел қолдап отырғанын көрді, сондықтан Людовик Бургундия вассалдарының наразылығын бас пайдасына жаратып кетіп жүрер деп қорықты; оның үстіне астамшылық қылығынан өзі де ұялып қалды, өйткені қанша дөрекі күйгелек бола тұрса да, мүлде кекшіл емес-ті.


— Сөзіңнің жаны бар, Кревкер, — деді ол, — мен ойланбаппын. Біз графиняға рыцарьлық қағида жолымен жаза белгілейміз. Де Круаның о баста қашып Льежге баруы епископтың қаза табуына әкеліп соқты — ендеше, епископтың өлімі үшін кім кек қайтарса, Арденнің Жабайы Қабанының басын кесіп, алдымызға кім әкелер болса, графиняны айттыруға біздің рұқсатымызды сол адам алсын! Егер графиня бұл жолы да бағынудан бас тартса, онда шартымызды орындаған жеңімпазға де Круаның иелігіндегі жері мен дүние-мүлкін алып береміз, сондықтан графиняның әдияратқа барып тұруына қажетті қаржы бөліп беруді сол жеңімпаз өзі шешсін, соның жомарттығы білсін.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, — деді графиня. — Мен өзіңіздің марқұм әкеңіздің, ескі де адал досы болған граф Рейнольдтің қызы екенімді ұмытпағайсыз. Шынымен-ақ сіз мені жақсы қылыштаса алатын біреудің қолында кете баратын жүлде еткіңіз келе ме осы?


— Әжеңіздің әжесі сайыста жеңгеннің олжасы боп келген-ді, — деді герцог, — ал сіздің жолыңызда шын мәніндегі шайқас өткізілмек. Марқұм граф Рейнольдтың аруағын ардақтайтынымды паш етіп, былай деп мәлімдеймін: жүлдеге ие болу үшін жеңімпаз өзінің ата-тегі жағынан міндетті түрде ізгі дворян болуы шарт, сондай-ақ бір кезде қылыш асынған ең кедей-ақ жауынгер бола берсін мейлі, бірақ жаман атаққа ілінбесе, ол да өзіңізді айттыра алады. Әулие Георгийдің, өзімнің герцогтық тәжім мен герцогтық орденімнің атынан осыған бекініп, ант етемін... Ал, мырзалар, — деді ол сөзін жалғап, — менің бұл шешімім енді рыцарьлық қағидаларға сай келеді ғой деген үмітім бар, бұған қалай қарайсыздар?


Герцогтың ұйғарымын қостап айқайлап, жар салған дүбірдің арасынан Изабелланың қарсылығы құлаққа шалынбай, қала берді, әсіресе осынау тамаша жүлдеге ие болу жолында өзінің кәрілігінен қолына найза ұстап, ұрыс алаңына шыға алмайтынын айтып өкінген, кәрі лорд Кроуфордтың үні айрықша өктем естіліп жатты. Өз ұсынысы жұрттың бәрінің де көңілінен шыққанына герцог масайрап қалды, сөйтіп бұрқ-сарқ тасығаннан кейін қайтадан арнасына түсетін өзендей, ашу-ызасы да бірте-бірте сабасына түсе бастады.


— Бірақ тағдыр қосып, шаңырақ көтерген мына біздер осынау даңқты сайыстан шынымен-ақ сыртқары қалуға тиісті болғанымыз ба? — деді Кревкер. — Бұлай ету ар-намысыма лайық болмас еді, өйткені әлгі азулы аң де ла Марктің басын қалпақтай ұшырып түсіруге мен өзіме-өзім серт еткенмін.


— Қапа болмай-ақ қой, Кревкер, — деді герцог оған. — Найзаңның ұшына іл, мейлің қылышыңмен шап, жүлдені жеңіп ап, графиняға үйлене алмайтын болсаң, оны өзің қалаған біреуге алып бер... Мәселен, айталық, немере ініңе қос оны.


— Рақмет, тақсыр, — деп жауап қатты де Кревкер. — Қолымнан келген өнерімнен аянып қалмауға тырысып бағамын, сөйтіп жолым болып шықса, онда Стефан өзінің шешендігімен аббатиса ананы өзі көндіре жатар.


— Бұл сайысқа қатысудан француз рыцарлары шеттетіле қоймас деген үмітім бар, солай ма? — деді Дюнуа.


— Құдай сақтасын, Дюнуа батыр, — деді герцог. — Қандай жауынгер екенін ұрыс үстінде көріп, рақаттану үшін болса да, оларды кеуделерінен кері итерер ойымыз жоқ. Графиня Изабелланың французға күйеуге шығуына мен өз басым ешбір қарсы емеспін, бірақ, әлбетте, болашақ граф де Круа Бургундияның азаматы атағына көшетін шартты орындасын.


— Олай болса, мен сөзімді қайтып аламын, — деді Дюнуа. — Менің гербім де Круа әулетіндегі графтардың тәжімен ешқашан да безенбек емес: мен француз боп тудым, француз боп өлемін. Бірақ мен даңқты іс жолындағы сыйлықтан бас тартсам да, істің өзінен бас тартпақ емеспін.


Әлбетте, кілең паңдар бас қосқан осынау жиын үстінен үн көтеруге Таңбалының батылы бармады, бірақ мұрын астынан ол да былай деп міңгірлеп жатты:


— Әуп пірім, Сондерс Суплджо, ақ батаңды бере гөр, бауырларыңа! Келін түсіру біздің шаңыраққа құт бітіреді дей беруші едің ғой өзің әмісе; сөзіңде тұра біл — бұдан өткен сәттірек жағдайды күтпей-ақ қой.


— Ал мені ешкім елер емес, — деді де Глорье қулана, — құдай ақы, жүлдені жеңіп алатындығыма шүбәм жоқ.


— Рас айтасың, кемеңгер достым, — деді Людовик оған. — Әдетте, зады әйел араласқан жерде, көбінесе ең бір барып тұрған ақымақтың жолы болады.


Патшалар мен олардың маңындағылар Изабелланың тағдырын сөз етіп, әзілдесе мәз болысып жатқанда, аббатиса мен графиня де Кревкер өздеріне ілесе залдан шыққан графиняны жұбата алмай қойды. Аббатиса әулие Урсуланың атын атап шын пейілмен берілген серттің бұзылуына бибі әулие ешқашан да көнбейтінін айтып жұбатады бикешті; ал графиня де Кревкер жеңімпаз атанған шын мәніндегі рыцарь, қыз қарсылық көрсетіп жатса, оның еркін аяқ асты етуге бара қоймайтынын, сондықтан ол қайткенде де қыздың көңілін тауып, оған ұнауға тырысып бағатынын, сөйтіп ақыр соңында герцогтың тілегін графиняның өз еркімен қабылдауы мүмкін екенін тәптіштеп, құлағына құя жұбатумен болды. Махаббат та, торығу да бір, көңілге медет іздеп жанталасады; сондықтан графиня де Кревкердің Изабелланың санасында тұтатқан, үміт шырағы қаншама алыс қиянда, қаншама әлсіз болмасын, оның сөзіне ой жүгірткен сәтте, өксігін азайта бастады.


XXXVI тарау


ТҮН ЖАМЫЛҒАН ШАБУЫЛ



Тұрса да төніп ажал кеп,
Үзген жоқ, әлі үмітін.
Ойлайды тірі қалам деп,
Жанкешті мына жігітің.
Сөнбейді үміт жалыны,
Жарығын мүлде үдетті.
Серпеді алау жағаға,
Қап-қара қалың түнекті.


Голдсмит



Арада біраз күн өтті, сөйтіп Людовик өзінің сүйікті адамы, әрі уәзірі кардинал де Балю бой жазып, түрегеп тұруға да, сондай-ақ не жантайып, не жатып дегендей бір ауық болса да тыныға алмайтындай етіп темірден соққан тордың ішінде қасірет шегіп отырғаны туралы хабарды кегі қайтқандай насаттана күліп тыңдаған күн де келіп жетті. Осы арада айта кету абзал, кардинал он екі жылдай кесімді мерзімін осында өткізді. Герцогтың тілегі бойынша шақыртылған қосалқы француз әскерлері де келді. Бургундия армиясына қарсы тұруға сан жағынан тым аз болғанымен, корольдің жеке басын зорлық-зомбылықтан қорғауға кәміл жетерліктей күш деп санап Людовик мұны көңіліне зор медет тұтты. Мұның сыртында, уақыт оза келе, бәлкім, туған қызын Орлеан герцогына қосу жөніндегі сүйікті жоспарына қайта оралатын сәт те туып қаларын көріп, қуанышы қойнына сыймай жүрді; рас өзі сюзерен бола тұра қарауындағы атақты төрелерімен бірге тікелей өз вассалының туы астында және бүлік шығаруға өзі арандатқан адамдарға қарсы жорыққа аттануға мәжбүр болған хал-қадері қорлаумен пара-пар екенін ол сезбеді емес, алайда бұған ол пәлендей абыржи қойған жоқ, өйткені бүкіл арман-үмітін болашағынан күтті.


— Сәттіліктің арқасында бір тосқауылды ғана алуға болады, — деуші еді ол өзінің адал серігі Оливьеге, — ал, бірақ жеңіске жеткізетін — тек шыдамдылық пен даналық қана.


Осы ойға бекінген король жаздың аяқ шеніндегі тамаша бір күні ат үстіне қонды, сөйтіп, әскерлердің салтанатты шеруіне дербес патшадан гөрі, жеңімпаздың олжасы ретінде қатысып отырғанын елемеген бойы, Льежге қарсы жорық қамына кіріскен Бургундия армиясы қатарына қосылмақ боп, өз гвардиясы мен рыцарларын ерте Пероннаның готикалық қақпасынан шыға берді...


Сол бір шақта Пероннада бас қоса қалған, үлде мен бүлдеге бөленген көптеген атақты ханымдар жорыққа аттанып бара жатқан әскерлерді қызықтамақ болып, қамал-сарайдың ту сыртындағы бекіністерге келді. Сан түрлі сылтауларына қарамастан Изабелланы да графиня Кревкер осы араға ертіп келді: өйткені жеңімпаз рыцарь айттыра алатын бикеш сайысқа қатысуға тілек білдірген рыцарларға көрінсін дегенді Карл табандылықпен талап еткен-ді.


Сомдалған мүсіндей, көздің жауын алған әскерлер сап түзеп қақпадан тізіле шыққан мезетте, ұрандармен әсем безендіріп тасталған, иелері аса бір асыл жүлдені жеңіп алу жолындағы ұрысқа қатысуға білдірген тілектерін паш ететін телегей-теңіз желкілдеген рыцарьлық тулар мен қалқандарды көруге болатын еді. Қалқандардың бірінде жүлде діңгегіне қарай желдей есіп бара жатқан жауынгер тұлпары бейнеленген; екіншісінде нысанаға көздеп атылған садақ оғы зуыл қақса, басқа бір рыцардың қалқанында қансыраған жүрек суреттелген, сірә, жауынгердің іңкәрлігі осылай бейнеленсе керек; тағы да бір қалқаннан — рыцардың жеңіске жетуге немесе құрбан болуға ұйғарған шешімін білдірген — лавр алқасына оранған бастың сүйегі көз тартады. Тағы да басқа сан алуан ұрандарды көруге болатын еді, олардың шым-шытырық жұмбақ та астарлы сарындарда шешім тапқаны соншалықты, тіпті ең майталман білгіштердің өзін тұйыққа тіреп, қиын жағдайда қалдыруы да ықтимал-тұғын. Жауынгерлерді күлімсірей қарсы алып, соларға орамалдары мен иықтарына салған сәнді жапқыштарын бұлғаумен болған қырмызы гүлдей құлпырған ғажап сұлу ханымдар мен қыздардың қасынан әрбір рыцардың аттарын әсем ойнақшыта өтіп жатқанын, ал өздері сымбатты көрінуге тырысып баққанын бұл арада тәптіштеп жатуым артық қой деп ойлаймын. Дені шотланд халқының маңғаздарынан іріктеп алынған шотланд атқыштары өздерінің сұлу келбеттерімен әрі сәнді киімдерімен жұрттың бәрін тамсантып, олардың жаппай сүйіспеншілігіне бөленді.


Ал, мінеки, осынау шетелдіктердің ішінен біреуі, ең даңқты деген француз рыцарьларының бірде-бірі бұлай етуге бара қоймаған батылдық көрсетіп, дүйім жұрттың алдында графиня Изабелланы өзі танып тұрғанын мәлім етті. Бұл Квентин Дорвард еді. Ханымдардың қасынан өте бере немере апасы жолдаған хатты найзасының ұшына іліп Изабелланың қолына тигізді.


— Арыммен ант етейін, —деді граф де Кревкер қызына сөйлеп, — мына бір мансапқордың еркінсуі тіпті шектен асып барады!


— Сіз оған қиянат жасап тұрсыз, Кревкер, — деді Дюнуа. — Графиняның намысын қорғап, ізгілік пен ерлік көрсеткенін мен өз көзіммен көрдім.


— Сіз түкке де арзымайтын нәрсенің өзінен ілік іздеп тұрсыз, — дей берді Изабелла ұялғанынан әрі қысылғанынан өңі өрттей тұтанып. — Бұл хат бишара апайымның маған жолдаған хаты; өзі, сірә, ауыр күйге душар болғанына қарамастан хат жайдары жазылған.


— Жабайы Қабанның зайыбы баян еткен жаңалықтарын біз де білсек қайтеді, — деді Кревкер.


Графиня Изабелла аяғын шалыс басқан өз апайының жеке басы ерлік көрсетіп, князьдікті жаулап алған, өзі өмір сүрген ғасырдағы асқан батыр адамдардың бірінің әйелі болғанына, кәміл бақытты екендігіне иландыра отырып, ақымақтық қылыққа бой ұрғаны үшін өзін-өзі жұбатуға және басқалардың алдында өзін ақтап алуға тырысқан әрекеттерін баяндаған хатын оқып берді. Апайы немере сіңлісінен өсекке сеніп қалып, Гийомын (ол оны осылай деп атапты) ғайбаттамауын, керісінше, онымен тікелей танысқанынша сабыр етуін өтініпті. Әлбетте, ол да кемшіліктерден құр алақан жан емес, бірақ оның басындағы кемшіліктер — өзі әмісе бас ұрып келген күллі ер жүрек адамдардың мінез-құлқына тән қасиет. Гийомның артығырақ ішіп қоятыны бар, бірақ өзімнің тікелей ата-бабаларымның бірі, ізгі граф Годфруаның да осындай бір осалдығы болған екен. Гийомның аздап күйгелектігі мен қатыгездігі бар, бірақ иманды болғыр туған бауырым, граф Рейнольд та нақ сондай болған жоқ па еді? Оның тілі мірдің оғындай, бірақ күллі немістер сондай ғой; оның аздаған билікқұмарлығы мен дөрекілігі бар, бірақ бұл күллі еркек кіндіктерге ортақ мінез емес пе? Еркектердің бәрі шетінен әміршіл келеді... осы іспеттес тағысын тағылар. Графиня хатын сіңлісіне бургунд тиранының езгісінен құтылып шығу жөнінде берген ақыл-кеңесімен тәмамдаған, сөйтіп өзін көп ұзамай Льежде, жанындай жақсы көретін туысының сарайында қарсы алатынына сенімін білдірген. Сондай-ақ, осында келгенінде де Круа графтігіне мұрагер болу жөнінде мәселеге қатысты өз араларындағы аздаған алауыздықтардың, Изабелла мен граф Эберсон екеуінің тұрмыс құруы арқылы оп-оңай әрі лезде шешілуі мүмкін екеніне де сенімін білдірген; рас, ол болашақ қалыңдығынан жасырақ, бірақ мұның өзі (графиня Амелина өз тәжірибесі бойынша пайымдағанындай) бәлкім, Изабелла ойлап қалатындай, мүлде сорақы іс емес... Осы бір тұста графиня Изабелла хатты әрмен қарай оқымай, үзіп тастады, өйткені аббатиса мұның бәрі пәни дүниелер ғана деп өзінің жақтырмағанын айтып салды, ал Кревкер болса, зығырданы қайнап кетті:


— Суайт мыстан! Еліктірмек боп жазғандарынан тышқанға құрған қақпандағы көгеріп, бұзылған ірімшіктей, сасық иіс аңқып тұр. Алжыған қақбасты албасты бассын!


Графиня де Кревкер сабырсыздығын бетіне басып, күйеуіне сыпайы түрде ескерту жасады.


— Графиня Амелинаның де ла Марктің жалған сыпайыгершілігін, шынында, солай екен деп ұғып, алданып қалуы әбден мүмкін, — деді.


— «Де ла Марктің сыпайыгершілігі», — деді граф ызаланып. — Жоқ, бұл іспеттес екіжүзділігі үшін мен оны ешқандай да айыпты деп санамаймын. Әбден тоттанып кеткен қаңылтырды қанша ысқыласаң да жалтырай қоймайтынындай, одан нағыз жабайы қабанның сыпайылығынан артық сыпайыгершілікті күту мүмкін емес. Жоқ, Амелина миғұла ақымақтың дәл өзі бола тұрса да, қалай десек те, ол шеңгеліне іліп түскен, оның үстіне нақ өзінің інінде шеңгеліне ілген түлкіге ғашық болып қалатын мекиен қаз емес қой. Бірақ та сендердің, бүкіл әйел біткендердің бәр-бәрлеріңнің де сырларың белгілі ғой, лепірме сөздерді тоғытса-ақ, құлап түсесіңдер... Мінеки, дәл қазірде де, өзімнің тамаша қарындасым жарымес апайының жұмағына жеткенше асығып, сөйтіп қабанның әлгі бір сілімтігіне күйеуге шыға қойғысы келіп аңсары ауып тұрғанында күмәнім жоқ.


— Менің мұндай ақымақтыққа бармайтыным былай тұрсын, — деді Изабелла қарсылық білдіріп, — құрметті епископты өлтірген кісіден кек алуға бұрынғымнан да бетер берік бел байлар едім: сөйтсек, бишара апайымды арамзаның қармағынан босатып алар едік!


— Нағыз де Круаның сөзін, мінеки, енді ғана естіп тұрмын, — деді герцог риза болып, содан соң хат жайында қайтып сөз қозғаған жоқ.


Алайда біз апайының хатын дос-жарандарына оқып тұрған кезінде Изабелла оларды соңғы жолдарымен таныстырмай, бүгіп қалғанын айта кетуге тиістіміз. Хаттың бұл бөлігінде графиня Амелина бірыңғай әйел жосығы бойынша өзі айналысып жүрген шаруаларын суреттей келе, немере сіңлісіне күйеуіне де Круа мен де ла Марктің гербтері астасқан тамаша бір камзол тоқуға кіріскенін, бірақ әзірше бұл жұмысын қоя тұруға мәжбүр болғанын, өйткені өзінің сүйікті жары Гийом саяси пиғылмен болашақ, ұрыс кезінде өзінің киім-кешегі мен қару-жарағын жақын адамдарының біріне сый етіп тартпақ, ал Дюнуаның гербін жолағымен оң қолына тағып алмақ ойы бар екенін хабарлаған-ды. Бұған қоса хаттың ішіне басқа бір адамның қолымен жазылған, бірер жол жазуы бар бір жапырақ қағаз салынған-ды, графиня бұл жайында да еске салып жатуды қажет деп таппады, өйткені онда тек мына бір сөздер ғана жазылған-ды: «Егер мен жайында көп ұзамай өзіңізге даңқ кернейі хабар жеткізбесе, онда мені жер құшқан деп санай беріңіз, бірақ өзімнің теңім емес екен деп ойлап қалмаңыз».


Изабелла бұған дейін бой ұсынбай, серпіп тастай берген өзіне ерсі де оғаш сияқты көрінген ой енді бір уақытта оның тұла бойын баурап әкете барды. Әйел дегендер өз ойын әмісе жүзеге асырудың қыбын таба кететіні бар емес пе, сондықтан Изабелла ерекше бір ептілік пен тапқырлық көрсетіп, әскерлер жорыққа аттанып кетпес бұрын, графиня Амелинаның хаты соңғы жолдарына үш крест белгісі соғылып және: «Қаһарман иесі жарқыратып тағып шыққан кезінде Дюнуаның гербісінен қаймықпаған жан, бұл гербті енді тиранның, әрі қанішердің кеудесінен көргенде ол одан именіп, шегіне қоймас», — деген жазу жазылып Квентин Дорвардтың қолына қайта оралды.


Өз бақыты мен өзін даңққа бөлейтін жолды нұсқаған, өзінен басқа ешкімге де беймәлім құпия сырды ашып берген, сол бір қаскүнемнің өлімі — тек соның өлімі арқылы ғана — өзінің арман-үміттерін іске асыра алатынын біліп қою мүмкіндігіне қолын жеткізген аса қымбат хат жолдарын балғын шотланд мың мәрте сүйіп, әлсін-әлі көкірегіне қысумен болды. Әлбетте, ол осынау аса қымбат құпияны ешбір жанға сездірмей, өз жүрегінде сақтауға бекініп, ақылды шешім қабылдады.


Бірақ де ла Марктің түн жамылып шабуыл жасауды ұйғарғаны туралы Хайраддиннің хабарын мүлде басқаша шешу қажет деп тапты, өйткені оған қарсы дер кезінде шаралар қолданылмаса, бұл шабуыл қалаға қаптай кірген бүкіл армияны жайратып салуы да мүмкін-ді — соғыс әлі өте-мөте бейсауат жүргізілетін сол заманда, түн ішінде күтпеген жерден бас салған шабуылдың астында қалған әскерлер шексіз зардап шегіп жататын-ды. Сонымен жақсылап ойланып алған соң, Квентин бұл хабарды тікелей, әрі екі патшаға да бір мезгілде жеткізуден басқа жол жоқ деп тапты. Ар-ұяты күмәнді адамды арам ойға бекіндіріп, тым желіктіріп жіберетін, сөйтіп оған жол бермеудің орнына керісінше опасыз ойдың іске асырылуына көмектесіп кетуге итермелеуі мүмкін бұл құпияны Людовиктің жеке өзіне ғана мәлім ету өте-мөте қауіпті болатынын, бәлкім, Квентин түсінген де шығар. Қайткенде де, Квентин өз құпиясын екі патшаға да хабарламақ боп, сөйтіп осы мақсатта олар жүзбе-жүз тоқайласатын алғашқы мүмкіндікті тосуға бекінді, бірақ бұл екеуінің жуық арада тоқайласа қоюы неғайбыл-тұғын, өйткені өзара сенімсіздікпен қарайтындықтан жолығысуға көбінесе зауқы соға қоймайтын-ды.


Осы бір арада әскерлер ілгері қарай жылжумен болды да, ұзамай Льеж округіне де келіп кірді. Бұл маңда бургунд армиясы немесе армияның ел арасында «баскесерлер» деп аталып кеткен, жүгенсіз отрядтардан құралған бөлімшесі, епископтың өлімі үшін кек аламыз деген желеумен әрекет етіп, тұрғылықты халықтарға көрсеткен зорлық-зомбылықтарымен өздеріне қойылған аты шулы атаққа кәміл лайық екенін танытып бақты. Армияның бұл қылығы Карлдың ісіне үлкен зиянын тигізді: сірә, бұл соғысқа араласа қою ойларына да кіріп-шықпаған жергілікті бейбіт тұрғындар өз бастарын қорғау мақсатымен қолдарына қару алуға амалсыз мәжбүр болды. Олар армияның алға басуына қатты қиындық келтірді, жекелеген отрядтарға шабуыл ұйымдастыра жүріп, ақтығында, армияның басты күштеріне төтеп бере алмай, шегіне отырып, Льежге келіп жетті де, қаланы қорғап қалуға берік бел байлаған қорғаушылардың қатарын молайтып, Льеждің бүлікші тұрғындарына қосылып кете барды. Бұған керісінше, таңдаулы солдаттардан іріктелген, сан жағынан шағын француз әскерлері корольдің бұйрығы бойынша әмісе өз туларының астында топталумен болды да, темірдей тәртіпті бұлжытпай, қалтқысыз орындады. Мұндай ап-айқын кереғарлыққа Карл назар аудармай қала алған жоқ, сондықтан ол француз солдаттары Бургундияның одақтасынан гөрі Льеждің достарына көбірек ұқсайды деп ұйғарды, сөйтіп бұл оның күдігін бұрынғыдан да бетер күшейте түсті.


Ақтығында, жолшыбай пәлендей елеулі қарсылыққа тап болмастан, одақтастар армиясы көп халық мекендейтін, айтулы Льеж шаһары маңындағы кең көсілген құнарлы Маас алқабына да келіп кірді. Шонвальд қамалы тып-типыл етіп қиратып тасталғанына осында келген бетте-ақ одақтастардың көзі жетті, сөйтіп әскери істі жетік білетіндігін жоққа шығаруға болмайтын Гийом де ла Марктің өзінің барлық күшін қалаға әкеліп топтастырғанын, әрі жаумен ашық алаңда шайқаспауға ұйғарғанын да білді. Тұрғындары өліспей беріспеуге бел байлап, қаланы қорғап қалуға ұйғарса, мейлі бекінісі мықты болмаса да, үлкен шаһарға басып кірудің қандай қатерлі іске айналатынына шабуылшылардың тәжірибе жүзінде ұзамай-ақ көздері жетті.


Бургунд авангардындағы бөлімше қала қабырғаларының әр тұста бір опырылып қалғанын көріп, осы тұстан ішке өтсек-ақ біткені қаланы басып алу ешқандай да қиындыққа түспейді деген қиял құшағына берілді де: «Бургундия! Бургундия! Жапырыңдар оларды! Бәрі де біздікі! Людовик де Бурбонды ұмытпассыңдар әлі!» деп ұран тастап, осы маңдағы елді мекендердің бірінен қалаға қарай лап қойысты. Бірақ солдаттар тонауға кіріспек боп, тар көшелердің бойымен шашырап кеткен кезде, шаһар ішінен тұтқиылдан үлкен бір қарулы отряд шыға келді де, тонаушыларға қарсы лап қойды. Де ла Марктің әскерлері қабырғалардың әр тұстарындағы ойықтардан бір мезгілде қаладан сыртқа шыға сала, қала маңындағы елді мекенге оның әр бөлегінен анталай кіріп, жауларына маңдайдан да, бүйірлерінен де, сыртынан да үрдіс шабуыл бастады. Тұтқиыл, әрі қауырт шабуылдан сасқалақтап қалған бургундтар мүлде дерлік қарсылық көрсеткен жоқ, ал түн қараңғылығы қоюлана түскенде олардың қатарын бұрынғысынан да бетер бейберекеттік жайлап алды.


Бұл оқиға герцог Карлге жеткенде, ол қатты шамданып, ашуға булықты, бургунд авангардына көмектесу үшін елді мекенге француздарды аттандыру туралы Людовиктің ұсынысы да оның ашуын баса қойған жоқ. Алдыңғы отрядты ауыр жағдайдан құтқармақ боп, гвардиясын Карлдың өзі басқарып баруға ұйғарды; бірақ д'Эмберкур мен Кревкер бұл істі өздеріне тапсыруға көндірді. Даңқты екі әскери қолбасшы тиісті деңгейдегі жауынгерлік тәртіппен екі жақтан қарама-қарсы соғыс алаңына қарай беттеді де, көп ұзамай льеждіктерді шегіндіріп, қуып тастады, сөйтіп тұтқынға түскендерді есептемегенде өлгені және жараланғаны бар сегіз жүз адамынан, соның ішінде жүзге жуық рыцарларынан айрылған өздерінің авангардын құтқарып алды. Айтса да, тұтқынға түскендер көп емес еді: д'Эмберкур олардың басым көпшілігін жау қолынан босатып, елді мекенге ие болды да, дереу қала жаққа күшейтілген күзеттер қойғызды, қала мен елді мекен арасын сәл көлбейлеу келген, яғни, қорғаныс мақсатына қызмет еткен, ені бес жүз — алты жүз ярдтай ашық алаң бөліп тұрды. Бұл алқаптың қыртысы тастақ болып келуі себепті, елді мекен мен шаһардың арасында қазылған орлар жоқ болатын, сөйтіп шаһар қақпаларынан тікелей алаң басталып кете баратын-ды, ал Сен-Трон шайқасынан кейін герцог Карлдың әмірімен шаһар қабырғаларын осы маңға таяу екі жерден опырып, апандай үлкен-үлкен ойық жасалып қойған-ды. Осы ойықтарға бүлікшілер жедеғабыл баррикада құрып тастаған-ды. Қақпа да, сондай-ақ әлгі ойықтар да льеждіктердің шабуыл жасауына өте қолайлы болып шықты; сондықтан д' Эмберкур қақпаға және ойықтарға қарсы көзделген қос-қостан зеңбірек орнатылуына әмір етті, ал бұдан кейін толық берекесіздік жайлаған бургундтар сапына қайта оралды.


Мәселенің түйіні былай болған еді: тас-талқаны шығып, қираған авангард шегініп, кейін қарай зытып келе жатқанда, герцогтың қалың қол армиясының басты корпусы мен арьергардтағы әскерлер құрамы тоқтамастан алға жылжи берген; қашқындар өз әскерлерімен бетпе-бет жолығысып қалып, олардың сапында күшті абыржушылық туғызды. Армиядағы генерал-квартирмейстер міндетін атқарушы д'Эмберкурдың бұл маңда болмауы себепті, берекесіздік бұрынғыдан да күшейе түсті; осынау сәтсіздіктер аз болғандай, төңіректі көзге түрткісіз, тастай қап-қара түн көрпесі қымтап, нөсер жаңбыр шелектеп құйып берді, ал одақтастар армиясы орналасуға тиісті болған орын ми батпақ шалшық еді және жағалай қаптаған каналдары тағы бар. Бастықтары солдаттарын таба алмай, ал солдаттар, керісінше, бастықтары мен туларын іздеп сарсылумен болған бургунд армиясындағы орын алған абыржушылықты айтып жеткізу қиын. Ең атақты рыцардан бастап, ең қатардағы жауынгерге дейін, әркім өзі бас сауғалайтын орын іздеп сабылумен болды; жараланған және азап шеккен босқындар көмек сұрап ыңырсыды, ал әскерлердің ең арт жағында, арьергардта келе жатқандар өз жолдастарының басына түскен ауыртпалықтардан бейхабар болуы себепті, шаһарды тонап, талапайға салуға үлгермек боп, ілгері қарай асыға басып бара жатты.


Қайта оралған д'Эмберкур алдында қиын міндет тұрғанын өз көзімен көрді, өзінің бұдан да гөрі маңыздырақ іспен айналысуына тура келгенімен есептеспей, қожайыны өзін жөн-жосықсыз кінәлай беруінің салдарынан бұл міндет оған тіпті қиынға соқты. Ақыр соңында герцогтың дөрекілігіне ізгі рыцарь шыдамай кетті.


— Мен әскерлердің алдыңғы шебін апаттан құтқарып алмақ боп аттанып кеттім, — деді ол, — сөйтіп армияны, ұлы мәртебелі тақсыр, тікелей өз қарауыңызға аманат еттім. Ал енді, мінеки, қайта оралып келгенімде майдан да, қанаттары да, арьергарды да, бәрі мидай араласып кетіп, армияны берекесіздік жайлағанын көріп тұрмын.


— Несі бар... демек, шабақ балықтар тұздалған бөшкеге ұқсап тұр екенбіз ғой өзіміз, — деді де Глорье. — Мұндай ұқсастық фламандтар армиясына кәміл табиғи құбылыс.


Мына әзіл герцогтың күлкісін келтірді. Бәлкім, өзі мен оның таңдаулы әскери қолбасшысы арасындағы жанжалдың басылуына себепші де болған шығар.


Ақтығында үлкен қиындықпен шағын бір вилланы, яғни, қалада тұратын льеждік бір байдың қала сыртындағы үйіне табан тіреудің, сөйтіп герцог пен оның нөкерлерін түсіру үшін бұл үйді тұрғындардан босатудың сәті түсті. Д'Эмберкур мен Кревкер үйдің алдына құрамымда қырық адамы бар құрметті күзет қоюға әмір етті, күзетшілер қосалқы мекен-жайларды қиратып, отынға жаратып, төңірекке алаулата от жақты.


Осы үйдің сол жақ қанатында, әлгі үй мен елді мекеннің ортасында, ауласы мен бағы бар, тағы бір үй орналасқан-ды, оның артқы жақ бөлігінде айналасы қоршалып тасталған екі ме, әлде үш пе, шағын учаске көзге түседі. Француз королі өзінің бас ордасымен осында жайғасты. Корольдің өз басы әскери істің білгірі атануға ешқашан да ұмтылған емес, ол зеректігі мен батылдығына орай ғана өзін жауынгермін деп ұғатын-ды; бірақ адамдарды іріктеуге келгенде ол бұл істің керемет білгірі-тұғын, оларға қашан және қандай істі сеніп тапсыруды да жақсы білетін-ді. Сонымен осы бір екінші үйге Людовик және оның нөкерлері орналасты; өзінің шотланд гвардиясының бір бөлегі жауын-шашыннан пана болатын аула ішіндегі қора-қопсылар мен жаппаларға жайғасты; қалғандары тікелей бақтың ішінен орын тепті. Толық әскери әзірлікке келтірілген француздардың басқа әскерлері жақын маңға орналастырылды.


Егде тартқан бір топ офицердің және ынта-жігерімен ерекше көзге түскен Таңбалы сияқты солдаттардың көмегімен Дюнуа мен Кроуфорд орларды көміп, қора-қопсылардың қабырғаларын құлатып, шарбақтарды қиратып тастап, дабыл беріле қалған жағдайда барлық әскер бөлімшелерінің арқасында байланыс орнатуды қамтамасыз етті.


Бұл екі арада король көп ойланбастан-ақ, жорықтың бұдан былайғы жоспарын дәл анықтап және Карлдың француз әскерлерінен қандай көмек күтетінін біліп алмақ мақсатпен Бургунд герцогының ордасына барып жолығуды қажет деп тапты.


Корольдің келе қалуы әскери совет сияқты бір мәжіліс өткізуге ой салды, өйтпегенде, бәлкім, бұл ой Карлдың қаперіне де кіріп-шықпауы мүмкін еді.


Нақ осы бір кезде Квентин Дорвард өзінің оларды өте-мөте маңызды бір құпия туралы хабардар етуі керек екенін мәлімдеп, патшаларға жолығуға рұқсат берілуін талап етті. Пәлендей қиыншылықсыз рұқсат та алынды, сөйтіп де ла Марктің өз әскерлеріне француз солдаттарының киімін кигізіп, шабуыл жасамақ боп бекінген ниеті жөнінде Квентиннің қысқа ғана, бірақ айдан-айқын әңгімесін естіп білгенде Людовик қалай қайран қалды десеңізші. Шынтуайтына көшсек, осынау бір маңызды мәлімдемені оңаша отырып есту Людовик үшін, сірә, әлдеқайда тиімдірек болып шығар еді, ал, бірақ құпия герцог пен оның нөкерлері алдында жария етілуі себепті, ол «бұл хабар шын ба, әлде жалған ба кім білсін, бірақ назар аударарлық екен өзі» деумен ғана шектеле берді.


— Бұлай болуы ешбір мүмкін емес! — деп салды герцог маңғаздана. — Егер мұндай жоспар, шынында да, белгіленген болса, онда мен бұл жайында шотланд атқышынан емес, басқа біреуден-ақ естіп білер едім.


— Қалай болғанда да сақтықта қорлық жоқ, — деді Людовик өз ойын айтып, — қадірлі бауырым, әскер басыларыңыздан мынаны біліп қоюларыңызды өтінемін: әлгіндегідей шабуылдың қайғылы зардабына ұшырап қалмаудың амалын көздеп, қол астымдағы солдаттарға екі білектеріне де ақ шарф байлап алуларына әмір етемін... Дюнуа, менің осы әмірімнің дереу орындалуын бақылауыңа ал... Әлбетте, тек өзіміздің бауырымыз әрі қолбасшымыз бұған қарсы болмаса ғана сөйтемін, — деп үстеп қойды.


— Ешбір қарсы емеспін, жалғыз-ақ француз рыцарлары «Әйел көйлегін киген» рыцарлар одағы деген лақап атаққа қалармыз деп қауіптеніп жүрмесін.


— Өйтсе несі бар, достым Карл, — деді ле Глорье, — егер ерлік көрсеткені үшін берілетін олжа орнына бәске әйел тігілгенін ескерсек, бұл лақап атақтың қисыны әбден келіп-ақ тұр.


— Бұл өзі тауып айтылған сөз болды, кемеңгер мырза, — деп келісе кетті Людовик, — Қайырлы түн, бауырым, барып қару-жарағымды асынып алайын. Айтпақшы, егер тікелей өзім дербес ерлік көрсетіп, таңғажайып сұлу графиняға ие болсам, бұған сіз қалай қарайсыз?


— Ұлы мәртебелі тақсыр, олай болған күнде сіз нағыз фламандқа айналуға тиісті боласыз, бірден-бір шарт осы, — деп жауап қатты герцог үні өзгеріп.


— Япыр-ау, мен онсыз да фламанд емеспін бе, — деді Людовик ағынан жарылып. — Қадірмен бауырымның көзін бұған қалай жеткізудің жолын таба алмай-ақ қойдым-ау осы.


Герцог иесі ердің үстіне қонбас бұрын мойнынан сипалай беретін үркек аттың осқырынғанына ұқсас мәнерге басып, корольге қайырлы түн тілеумен ғана шектелді.


— Егер ол мені өзінің пасық қулығына шынымен-ақ иланып қалатын дым білмес ақымаққа санамаса, оның бүкіл екіжүзділігін кешіре салар едім, — деді герцог Кревкерге, король шығып кеткенде.


Ал Людовик өз ордасына келісімен Оливьемен кеңес құрды.


— Әлгі бір шотланд, — деді ол өз қызметшісіне қарап, — өзі бір ұртында майы, бір ұртында қаны қатар жүретін неме екен: оған қандай шара қолдану керек, о жағын біле алмай-ақ қойдым. Қап десеңші, адал азамат де ла Марктің түн жамылып шабуыл жасамақ болған ойын ептеп қана менің құлағыма сыбырлай қоюдың орнына, Карлдың, Кревкердің және бүкіл дүйім елдің алдына жайып салып — қандай ақымақ болғанын қарашы өзінің. Егер өзіме ғана хабарласа ғой, онда: бұл жоспарды қолдау керек пе, әлде оның тамырына балта шабу керек пе, бұл жағын ойластыруыма болар еді.


— Жоқ, тақсыр, бұл мәселенің осындай шешім тапқаны қайта жақсы болды, — деді Оливье. — Нөкерлеріңіздің ішінде бургундтыққа опасыздық жасап, ал де ла Марктің одақтасы болуды арсыздыққа жоритын адамдар аз емес.


— Сен шындықты айтып тұрсың, Оливье. Бұл әлемде ақымақтар аз емес, ал екеуміздің осы бір сәтте әлденеге қызықтырып, олардың көңілін тауып жатуымызға уақыт көтермейді. Ең жоқ дегенде, осы түн өте шыққанша, Оливье, адал азамат, Бургундияның сенімді одақтасы болайықшы: кегімізді қайтаратын күн де туа жатар әлі. Ана жаққа бар, қаруларын ешкім бойынан тастамасын деп айта бар, сондай-ақ егер қажет бола қалған жағдайда «Франция мен Сен-Дени!» деп ұран тастап, атой салғандарды, «Тамұқ пен ібіліс!» деп күңіренгендерден бетер шетінен оқтың астына алсын деген менің әмірімді жеткіз. Мен сауыт-сайманыммен жантая кетемін. Сонан соң Квентин Дорвардты қаланың тікелей табалдырығына орналасқан күзет тізбегінің ең алдыңғы сапына қойсын деп Кроу фордқа менен сәлем айта бер. Бұл шабуыл оның қолын бақытқа жеткізер болса, бірінші болып бағын сынап көрсін, түн жамылған шабуылдың боларын бірінші болып хабарлаған да өзі ғой. Егер мүрдем кетпей, тірі қалып жатса, жолы болғаны. Бірақ ең әуелі Мартиус Галеоттиге көзіңнің қырын салғайсың; ол қатер төне қоймайтын ең кейінгі лекте жүрсін; ол көзсіз батыр және өзі бейне бір ақымақша әрі философ, әрі жау жүрек батыр да болмақшы. Абайла, бірдеңелерді есіңнен шығарып алып жүрмегін, Оливье! Қайырлы түн... Клерийлік бибатма, Турлық әулие Мартин, маған, мына күнәһар құлыңа өздерің жар бола көріңдер, ұйқымды бұза көрмеңдер менің!


XXXVII ТАРАУ


ТҮН ЖАМЫЛҒАН ШАБУЫЛ (жалғасы)



Көріп тұр ол — халықты қарақұрым,
Қаптап шыққан қаланың қақпасынан.


«Қайтарылған жұмақ»



Льеж іргесінде орналасқан айдын-шалқар қос сілтідей тынған тыныштық құшағына бөленді. Бірқыдыру уақытқа дейін әлі де болса кезек алмасқан сақшылардың дауыстары және бөлімшелері мен серіктерінен көз жазып қалған солдаттардың айғайы құлаққа шалынып қалып тұрды; осынау айғайлар бейне бір адасып кетіп, жан ұшыра иесін іздеген иттердің қараңғы түнек қойнауынан абалап үргенін елестеткендей. Бірақ күні бойғы жорықтан кейін қалжыраған солдаттар ақыр-соңында діңкелеп, өз адамдарынан көз жазып қалғандар әр жерге жантая кетісті, сөйтіп таңның атуын күтіп, бәрі де қалың ұйқыға шомды, алайда таңның куәсі болу қайсыбіреулерінің маңдайына жазылмаған-ды. Герцог пен король түскен үйлерді күзеткен, құрметті қарауылда тұрған қалжыраған солдаттардан басқалардың бәрі де қалын ұйқыға шомды. Ертеңгі күннің қатерлі болатыны,- Льеж епископының өлімі үшін кім кек қайтарса сол ие болатын жоғары сыйлық жолында соғысуға бекінген көптеген рыцарлар арман еткен даңққа бөлену үміті, — қатты қалжырап, мұрттай ұшып түскендерге осының бәрін де ұмыттырды. Бірақ Квентин Дорвард ұйықтаған жоқ. Ала құйын аласапыран арасынан де ла Маркті өзі тани алатынына күмәнданбады. Қабанның белгілерін өзіне хабарлаған бикеш туралы тебіренісі, жеңіп шығатынына кәміл сенген алдағы қатерлі айқас жайындағы ойлары, — міне, осының бәрі тізіле келе көзіне тығыла берген ұйқысын шайдай ашып, жан жүрегін баурап алғаны соншалықты, шаршағанын зәредей де сезінген жоқ.


Корольдің айрықша әмірі бойынша, жоғарыда сөз етілген елді мекеннен едәуір оң жақ қанатқа таман орналасқан, француздар лагері мен шаһардың екі аралығындағы алдыңғы беттегі күзет орнына қойылған ол айналаны тұмшалаған қара түнекке қадала қарап, шама-шарқынша жіті көз тігумен болды, сөйтіп қоршаудағы шаһар ішіндегі қыбыр еткен дыбысты немесе әрбір қимылды қалт жібермеуге тырысып бақты. Бірақ мұнарадағы сағат түн ортасындағы үшті де соғып үлгерді, ал төңірек бұрынғысынша моладағыдай тым-тырыс тыныштық құшағында мүлгіп тұрды.


Квентин түнгі шабуыл енді таң сәріге қалдырылған шығар деп ұйғарды да, басқа біреудің киімін киіп алған Қабанды күндіз тану оңайыраққа түсетін болды деп қуана бергені де сол еді, кенеттен бейне бір дүрліге көтерілген ұялы аралар өз ұяларын қорғауға бет қойғандай, әлдеқандай мазасыз гуіл құлағына шалынып тұрғандай көрінді. Ол құлағын тіге, тың тыңдады: шу басылмады, бірақ оның әрең-әрең ғана әрі талып естілгені соншалықты, бұл шуды қиян-қиядағы тоғай ішіндегі ағаш жапырақтарының сыбдыры деуге де яки әлгінде ғана жауып өткен жаңбырдан кейін арнасынан аса жөңкіліп аққан маңғаз Маас дариясының толқындарын құшқан арық суының сылдыры деуге де болатын еді. Бостан-босқа дабыл көтеріп, әуре болмайын деп ойлаған Квентин кідіре тұруды ұйғарды.


Ал шу күшейе түскен шақта, Квентинге бұл шу өзі сақшылықта тұрған күзет орнына әрі елді мекенге таяп келіп қалғандай көрінгенде, мүмкін қадерінше ептілікпен кейін шегінуді және де дабыл көтеріле қалғандай болса деген мақсатпен атқыштардың шағын отрядын бастап жақын маңға орналасқан нағашы ағасына дереу хабар беруді өзінің парызы санады. Бүкіл отряд ың-шыңсыз, қас-қағымда-ақ аяқтарынан тік тұрды. Бір минуттан кейін оған енді лорд Кроуфорд басшылық етті, сөйтіп король мен оның нөкерлерін оятуға шапқыншы аттандырды да, алаулап жанған оттың жарығымен көзге түсіп қалмас үшін өз адамдарына у-шусыз кейінірек шегініп тұруларына әмір берді. Әуелде бірте-бірте үдей түскендей көрінген шу кілт бәсең тартып, толастап қалды, бірақ ұзамай алыстан елді мекенге қарай беттеген қалың адамның дүбірі естіліп тұрды.


— Жалқау бургундтар күзет орындарында пырылдап ұйқтап жатыр, — деп сыбырлай сөйледі Кроуфорд. — Елді мекенге дереу жет, Каннингем, сөйт те анау маңқиған өгіздерді ұйқыларынан оят.


— Ту сырттарынан айналып өтіңіз, — деді Дорвард сөзге араласып, — өйткені егер мен жаңылыс естіп тұрмасам, бізді қалың қол елді мекеннен бөліп тастағандай бір сыңай байқағандаймын.


— Рас айтасың, Квентин! Азаматсың! — деді Кроуфорд. — Балғын жас болсаң да, сен нағыз солдат болып шықтың. Сірә, олар басқаларының келуін тоспақ боп аялдаған тәрізді. Олардың қай тұста тұрғанын білу үшін еш нәрсемді де аямас едім!


— Мен еңбектеп, соларға таман барайын, милорд, сөйтіп анығына көз жеткізуге тырысып бағайын, — деді Квентин.


— Аттан, балам, сенің бойыңда қырағылық та, сақ құлақтық та, таптырмас тапқырлық та жетіп жатыр... Жалғыз-ақ сақтанғайсың... Тектен-тек опат болмағаның керек маған.


Квентин мылтығын кезей ұстап, осы қарсаңда өзі мұқият шолып шыққан жазық даламен ілгері қарай беттеді; ол король түскен үй мен елді мекеннің аралығында таяу маңда, жаудың қалың қол отряды, ал алдыңғы жақта, өзіне қоян-қолтық жерде дерлік, шағындау басқа бір отрядтың келіп тұрғанына көзі әбден жеткенше бөгелместен, ілгері қарай еңбектеумен болды. Ол тіпті енді қандай қам жасау керегін ақылдаспақ боп кеңес құрған адамдардың өзара сыбырласа сырласқандарына шейін естіп жатты. Бұдан кейін алдыңғы беттегі отрядтан — сірә, барлау жасамақ пиғылмен, екі әлде үш адам оқшау шықты да, тікелей бұған қарама-қарсы жүріп берді. Олар өзіне арқан бойы дерлік жерге тақап келген кезде, көзге түсіп қалатындығына шүбәсі қалмаған Квентин солдаттарға қарап:


— Бұл қайсың? — деп французша айғайға басты.


— Льеж... яғни Франция! — деп аналар да французша жауап қатты.


Квентин қас қағымның ішінде мылтығын атып та үлгерді. Ыңырсыған дауыс естіліп, әлдебіреу қалпақтай ұшып түсті... Сөйтіп отрядтың қалың қол екеніне көзі жеткен Квентин ізінше өзіне жаудырылған оқтың астымен құстай ұшып, зытып отырды да, ұзамай көрген-білгендерін лорд Кроуфордқа баян етті.


— Тамаша, тамаша, балам, — деді Кроуфорд. — Ал енді, бауырлар, бас орданың ауласына тартып кетіңдер! Ашық алаңда жаумен бетпе-бет шайқасуға шамамыз жоқ, өйткені олардың күші бізден әлдеқайда басым болып тұр.


Атқыштар өздеріне берілген бұйрық бойынша аула мен бақ ішіне келіп орналасты және де бұл жақта әскери тәртіп қатаң қадағаланғанын, ал корольдің өзі ат үстіне қонуға әзір тұрғанын көрді.


— Ұлы мәртебелі тақсыр, қайда аттанбақшысыз? — деді Кроуфорд оған сауал қойып. — Сізге бәрінен де осында, өз адамдарыңыздың ортасында болғаныңыз қауіпсіз.


— Жоқ, жоқ, — деп үн қатты Людовик, —мен герцогтың қасынан табылғаным мақұл. Осынау бір қысылтаяң кезде өзіне адал екенімізге көзін жеткізуге тиістіміз, әйтпесе біздің льеждіктермен де, бургундтармен де шайқасуға мәжбүр болып қалуымыз ықтимал.


Сөйтті де атына қарғып мініп алған король француз әскерлеріне басшылық етуді Дюнуаға тапсырды, ал Кроуфордқа — жау шабуылға шыға қалғандай болса, өз атқыштарымен вилланы қорғауды жүктеді. Бұдан кейін ол вилладан жарты мильдей жерде, арьергардта қалдырылған төрт дала зеңбіректерін дереу осында алдыртуға кісі жіберуге, сөйтіп бұл зеңбіректер жеткізілгенше позицияны мүмкіндігінше бермей, ұстап тұруға, ал бірақ, тіпті жаудың тас-талқаны шыққан жағдайдың өзінде де өз тұстарынан ешқандай да шабуыл бастамауға әмір етті. Осынау жарлықтарын тапсырып болысымен, король атын тебініп қалып, қасындағы шағын нөкерімен герцогтың бас ордасына қарай шаба жөнелді.


Осынау жарлықтардың бәрінің жүзеге асырылуына және қорғанысқа көшуге әзірленулеріне мүмкіндік ашып берген жау отрядының бөгелуіне әншейін кездейсоқ бір оқиға ғана себепші болған-ды. Квентин мылтық атып, француздар келіп түскен үйдің иесін табанда оққа ұшырған еді. Ал бұл адам корольдің бас ордасына шабуыл жасауға тиісті отрядтың жол көрсетушісі болып тағайындалған-ды, сондықтан әлгі бір кездейсоқ оқиғаға тап болмаса, жау шабуылы, бәлкім, жеңіспен аяқталуы да ғажап емес-ті.


Корольдің тікелей әмірі бойынша Дорвард оны герцогқа ертіп апарды, ал герцог өзінің қолбасшылық міндетін атқаруына мүлде дерлік мұрсаты келмей, тас-талқан болып ашуланып отыр екен. Темірдей берік билік дәл қазір өте-мөте қажет еді: сол жақ қанатта, елді мекенде кескілескен ұрыс басталып кеткенін, ал екі аралықта Людовиктің бас ордасына қарсы шабуыл бұрқ ете түскенін айтпағанда, — адам саны жағынан алғашқы екі бөлегінен әлдеқайда артып түскен бүлікшілердің үшінші легі қала қабырғасының түкпір жағындағы ойықтан шыға келді де, шеткеріректегі соқпақ жолмен орағыта отырып, жүзімдіктер мен егіс далалары арқылы бургунд армиясының оң жақ бүйірінен дүрсе қоя берді. «Льеж!» және «Қабан!» деп жар салған тағы да бір ұранмен ұласып кете барған «Франция!» және «Дени Монжуа!» деген құлақ тұндырған ұраннан шошынып қалған, сөйтіп өз одақтастары француздар опасыздық жасаған болып шықты деп күдіктенген бургундтықтар қатты сасып, мүлде дерлік қарсылық көрсете де алған жоқ. Осы бір шақта герцог аузынан ақ ит кіріп, көк ит шыға өз сюзерені мен оның бүкіл әскерлерін балағаттап, оларға лағынет айтумен болды.


Людовиктің солдаттары тағып алған белгі-білектегі шүберек қара екеніне немесе ақ екеніне қарамастан бүкіл француз атаулыны талғамай оқтың астына алуға әмір етті.


Корольдің қасына Таңбалы мен Квентинді және он шақты атқышты ертіп келуімен байланысты Бургундияның Францияға деген сенімі қайта орнады. Д'Эмберкур, Кревкер, сондай-ақ сол бір заманда есімдері әскерлер арасында даңққа бөленген және басқа бургунд әскери қолбасшылары соғыс қызу жүріп жатқан маңға беттеді, олар үрей әлі жете қоймаған арьергардтағы отрядтардың басын қосып, ілгері қарай аттандырып жатқанда, басқалары тәртіпті қалпына келтіру мақсатымен әскерлердің ең қалың ортасына қарай жүгірісті. Майданның алдыңғы шебінде ұрысқа тікелей герцогтың өзі араласып, қатардағы солдаттармен қоян-қолтық жаумен найзаласып, қылыштасып жүргенінде, оның армиясы қатарында бірте-бірте тәртіп орнай бастады да, жауға қарсы зеңбіректерден оқ жаудырылды. Өз кезегімен, Людовик шын мәніндегі кәнігі қолбасшының көрегендігіне басып, айрықша айқын да орынды жарлықтар беріп әрі ерекше бір ешқандай да қауіп-қатерді елеместен салмақтылық пен сабырлылық көрсеткені соншалықты, тіпті бургунд атқыштарының өздері де оның бұйрығын қалтқысыз орындаумен болды.


Шайқас алаңы тозақ оты жайпап өткендей жан түршіктіреді. Сол қанаттағы кескілескен ұрыстан кейін елді мекен өрт өтінде қалып қойды, бірақ соған қарамастан екі жақ та қираған, жалын оранған үй орындарына таласып, аласұра атысумен, шабысумен болды. Орталық бөлекте француз әскерлері қара құрымдай қаптаған жау шабуылына тойтарыс бере отырып, оларды толассыз боратқан оқ астына алғанда, бүкіл вилла бейне бір дарға керіп қойып, өртелген азап шегушідей жалынға оранды. Оң қанаттағы ұрыстың барысы көңілге күдік оралта берді: тың күштер шаһардан ба әлде бургунд армиясының арьергардынан ба — қай жақтан келіп үлгеруіне қарай, біресе бүлікшілер, біресе бургундтар басым түсіп жатты. Ұрыс қаланы торушылар шыдамсыздана күткен таң қылаң бергенше, үш сағат бойы толастаған жоқ. Жау қатары, сірә, әлсірей бастағандай болған осы бір аралықта,


Людовиктің вилласы орналасқан тұстан зеңбіректер де гүрсілге басты.


— Зеңбіректерді жеткізіп үлгертті-ау, әйтеуір! — деп қуанып кетті Людовик. — Қасиетті бибіден айналып кетейін, енді біз позициямызды жауға бермейміз! Тез шауып барыңдар да, Дюнуаға менің бұйрығымды жеткізіңдер, — деді ол Квентин мен Таңбалыға қарап, — Вилланы қорғайтын шағын отрядтан басқа бүкіл әскерлерді оң қанатқа ауыстырсын, сөйтіп Льеждің осынау есуас тұрғындарын өздеріне қайта-қайта соны күштер келіп жатқан шаһардан бөліп тастасын.


Нағашылы-жиенді екеуі Дюнуа мен Кроуфордқа қарай тартып кете барды, корольдің бұйрығын естігенде олар қуанып қалды, өйткені бір жерде қамалып отыра беруден өздері баяғыда-ақ зеріккен еді. Екеуі іле-шала-ақ қастарына нөкерлері мен атқосшылары ілескен, тепсе темір үзердей екі жүзге жуық жас рыцарлар отряды мен шотланд гвардиясының үлкен бір бөлегін бастап, қаза тапқандар мен жаралылар сұлап жатқан ұрыс даласының үстімен ілгері қарай бет түзеді. Сөйтіп бүлікшілердің ең негізгі отряды мен бургунд армиясының оң қанатындағы әскерлер тобы арасында ауыр шайқас жүріп жатқан жерге ту сырттарынан орағыта кірді. Аппақ боп атқан таң жарығымен олар шаһардан шыққан тағы да тың күштер осылай қарай бет алғанын көріп келе жатты.


— Құдай ақы, — деді Кроуфорд қария Дюнуаға қарап, — егер сен дәл қазір қасымда тұрмаған болсаң бар ғой, сонау қарақшылар мен қала тұрғындарының ортасында шойын шоқпарын сілтеп, басшылық етіп тұрған ана немені сен екен деп ойлап қалған болар едім... Жалғыз-ақ, тумысыңдағы тұлғаңнан гөрі, сен сәл ірірек көрініп тұрғандайсың. Сол неме өзіңнің көлеңкең немесе фламандтарша айтқанда, сыңарың емес екеніне шүбәң бар ма осы?


— Сыңарың дедіңіз бе? Қандай ерсі, — деді Дюнуа. — Бірақ өз дулығасы мен қалқанына менің гербімді таңбалап, безендіріп алудан тайынбаған жауызды көріп тұрмын. Бұл бейбастығы үшін ол сазайын тартады әлі!


— Күллі әулиелердің атынан, алдияр тақсыр, сіз үшін одан кек алуды маған тапсыруыңызды өтінемін! — деді Квентин өршілдікпен.


— Саған ба, жас жігітім? — деді Дюнуа тіл қатып. — Шын мәнінде өте-мөте қарапайым тілек мұның. Жоқ, жоқ, мұндай істі біреуге арта салуға болмайды. — Сөйтті де, ер үстінде отырған күйі артына бұрыла көз тастап, өзінің соңынан ілескен жауынгерлерге әмір етті: — Француз рыцарлары, қатарларыңды топтастырыңдар, найзаларыңды көлденең ұстаңдар, кәне! Ежелгі кіреукелерімізді үстеріне киіп алудан тайынбаған Льеж бен ардендік доңыздарды аяғымызбен таптай отырып, ұясынан көтеріліп келе жатқан күн шұғыласына қарай жол салып шығайық!


Француздар төңіректі жаңғырта:


— Дюнуа! Ер жүрек Бастард жасасын! Орлеан, өзің жар болғайсың бізге! — деп ұран тастап, өздерінің қаһарман қолбасшысының соңынан ілесе, жауға тап берді.


Бірақ жаулар да қоян жүрек қорқақ болмай шықты. Француздар шабуыл жасаған қалың қол (ат үстіне қонған бірер қолбасшылардан басқалары) бірыңғай жаяу әскерлерден ғана құралған еді. Найзаларын кезенген алдыңғы саптағылар бір тізерлеп отыра кетті, екінші саптағылар сәл еңкейіңкіреп тұра қалысты, ал үшінші саптағылар найзаларын өз серіктерінің бастарынан асыра кезеніп тұрды, сонда бұлар шабуылдап келе жатқандардың қарсы алдынан бейне бір айбат шеккен алып кірпішешенге ұқсап тосқауыл құрды. Осынау темір қабырғаның үстінен аздаған рыцарлар ғана аман-есен өте алды, олардың қатарында Дюнуа да бар еді: ол атын тебініп қалып, жарықтық жануарды он екі футтай жерге бір-ақ секіртті, осыдан соң анталаған жаудың ортасына қойып кетіп, өзінің жексұрын сыңарына қарсы тап берді. Өзімен тізе қосып, жаумен айқасқа түскен Квентинді байқап қалғанда ол қатты қайран қалды. Жалын атқан жастықтың көзсіз ерлікпен жауды жайратуға немесе жеңіс жолында құрбан болуға деген тас түйін шешімінің арқасында жас ұлан сол бір дәуірде бүкіл Европадағы ең атақты рыцарь деп лайықты түрде саналған Дюнуамен иықтас болып шықты.


Атты әскерлердің найзалары көп ұзамай морт-морт сынды, бірақ ландскнехттер олардың сала құлаштай зіл батпан семсерлеріне қарсы төтеп бере алған жоқ, оның есесіне құрыш құрсау киген аттары мен атты әскерлерге жаудың сүңгілері мүлде дерлік дарымай жатты. Дюнуа мен Дорвард Орлеан гербін бейбастыққа салынып, өз бетінше иеленіп алған жауынгер ер жүрек те кәнігі әскери қолбасыдай әмір беріп тұрған маңға қарай өтуге бір-бірінен қалыспай ұмтылған бір сәтте, кенеттен Дюнуа қызу айқас жүріп жатқан тұстан сәл шеткеріректен де ла Марктің әдеттегі бас киімін — қабанның басы мен азуларын көзі шалып қалды да, Квентинге қарап:


— Орлеандар гербі жолындағы шайқасқа түсу құрметіне ие болдың сен! Мен бұл істі өзіңе жүктедім... Таңбалы, өз жиеніңе қол ұшын бер. Ал бірақ Дюнуаның Қабан аулауға шыққан жолында ешкім де көлденең тұра алмақшы емес, — деп айқайға басты.


Бұл еңбек бөлісін Квентин қалай шаттана мақұлдап қабыл алғанын айтып жатудың қажеті бола қояр ма екен, осыдан соң өз мақсаттарын көздеген екі хас батыр әрқайсысы өз нысанасын бағытқа алып кете барды. Олармен пара-пар түсуге мұрсаттары жеткен жауынгерлердің ішінен Дюнуаның да, Квентиннің де соңынан ілесе бірнеше атты әскер ілгері қарай лап қойысты.


Бірақ осы бір аралықта де ла Марк құтқарып алуға беттеген, Дюнуа тұтқиылдан жасаған шабуылға кезігіп іркіліп қалған жау легі түні бойы өзі ие болған барлық артықшылықтарынан айрылып шыға келді. Таң атысымен бургундтар сапы қайтадан ширыға түсті, сөйтіп тәртіпті қатаң сақтаудың нәтижесінде олар жаудан басым болып шықты. Бүлікшілер шегініп, жөңкіле жөнелді де, жолшыбай француздармен табан тіресе шайқасып жатқан өз серіктерімен қақтығысып қалып, олардың қатарында абыржушылық туғызды. Енді ұрыс алаңын аласапыран, бейберекеттік жайлады: біреулер әлі шайқасып жатса, біреулер зытып бара жатты, ал өзге біреулер оларды өкшелеп қуып берді, сөйтіп осынау сеңдей соғылысқан солдаттар шаһардың қабырғаларына қарай шұбырумен болды да, өздері түн жамылып шабуылға шыққан қабырғаның опырыла құлаған апандай ойығына лап қойысты.


Иін тірескен осынау қалың тобырдың арасын киіп-жарып, өзі ізіне түскен әрі одан көз жазып қалғысы келмеген жауызды қуып жетпек боп Квентин жанталасып бақты. Кілең ландскнехттерден іріктелген отрядқа арқа сүйеген Дюнуаның атын жамылушы адам сөзімен де, өнегесімен де қашқындарды тоқтатып, оларды қайтадан шайқасқа түсуге жігерлендіруге ұмтылды. Қасына ерген бірнеше серігімен Таңбалы Людовик жас ұланның ерлігіне сүйсініп, Квентиннен бір елі де кейін қалмай келе жатты. Әлден уақытта, ойықтың нақ аузында де ла Маркке (өйткені бұл соның нақ өзі еді) қашқындарды тоқтатып, өздерін өкшелей қуып келе жатқандардың алдыңғы сапындағыларды кейін қарай серпіп тастаудың сәті түсті. Ол қолына шойын шоқпар ұстап, бетпе-бет кездескендерді түгел жайратып салып жүрген-ді, сөйтіп үсті-басын қан жауып кеткендіктен, Дюнуаны ашуға булықтырған оның қалқанындағы гербтің суретін айырудың өзі тіпті қиынға соқты.


Дөң басына шығып алған де ла Марктің өлім сепкен шойын шоқпарынан именіп, осы бір ерен алып қорғаушы беттетпеген ойық аузынан гөрі қауіпсіздеу бір орын іздеп шабуылдап келе жатқандардың дені шеткерірек серпілуі себепті, Квентин енді көп қиналмай-ақ Қабанның қасына жақын таяп бара алатын болды. Бірақ сөйте тұрса да тікелей нақ осынау жойқын жауды жайратып салудың төтенше маңызын жақсы білген Квентин дәл ойықтың аузында атынан жерге секіріп түсті де, Орлеан герцогы өзіне сыйға тартқан — асыл жануарын өз жайына тастай салып, Арденнің Қабанымен жекпе-жекке түспек боп, ілгері қарай ұмсына берді. Оның осы ойын сезіп қалғандай, де ла Марк те шойын шоқпарын басынан асыра көтеріп, соған қарай жалт бұрылып тұра қалды. Енді бір сәтте олар айқаса да кетпек еді, бірақ оқыс түрде аза тұтып, ашына боздаған, өкси сыңсыған үндермен астаса қаланы қоршауға алғандар шаһарға оның қарсы жақ тұсынан лап қойып, ойықты қорғаушылардың ту сырттарынан орағыта ішке кіргенін паш еткен қуанышты дауыстар айналаны кернеп кете барды. Де ла Марк дереу мүйіз кернейін тартып, қыл үстінде тұрған өз өмірімен тағдырлас қас батыр серіктерін айналасына топтастырды да, позициясын қалдырып, шаһардың Маас дариясы арқылы арғы жаққа етіп кете алатын бөлегіне қарай шегіне берді. Қабанның төңірегіне берік топтасқан ландскнехттер шетінен керемет тәртіпті солдаттардың тұтас бір отряды болып шыға келді, олар ешқашан да, ешбір жанды да аяған емес, сондай-ақ өздері де ешкімнен аяушылық күткен емес. Осы бір қатерлі сәтте де олар жұптарын жазбастан аспай-саспай шегініп бара жатты. Алдыңғы лектегілері ине шаншар орын қалдырмай, көшенің екі қапталына шейін иін тіресе жүріп отырды, сөйтіп өздерін өкшелей қуып келе жатқандарды кейін қарай серпіп тастау мақсатымен тек оқта-текте ғана бір кідірумен болды. Шабуылшылардың көбі-ақ енді өздері үшін қауіпсізірек істермен айналысуға ниет көрсете бастады да, жақын маңайдағы үйлерді тонауға кірісті. Басқа біреудің киімін киіп шыққан де ла Марктің басын алу арқылы бекзадалық пен даңққа бөленгісі келгендердің көздеріне ілінбей құтылып кетуі де мүмкін еді, бірақ Квентин мен нағашысы және оның қасына ерген бірер серіктері Қабанның ізінен қасарыса қалмай қойды. Ландскнехттер кілт бөгеле қалған әрбір жолы олар мен атқыштардың араларында лезде қиян-кескі ұрыс та басталып кете барды. Әйткенмен әр жолы Квентин де ла Марктің қасына жетуге тырысып-ақ бақты; бірақ Жабайы Қабан өздерінің шегінуін мақұл көргендей еді, сірә, жас шотландпен жолығысып қалудан жалтаруы себепті сөйткен де шығар. Ал осы бір аралықта көшелер тонау мен талаудың сұмдық зардаптарына тап болды. Жүгенсіздікке салынған солдаттардың зорлық-зомбылықтарынан тұс-тұстан әйелдердің сыңсып, боздап зарлаған үні, қала тұрғындарының жан ұшыра айқайлаған дауыстары толассыз естіліп тұрды; қайсымыз асып түсер екеміз деп, ашыну мен зорлық-зомбылық бір-бірімен бәсекелескендей-ақ зарлы дауыстар қару-жарақ сыңғырымен және шайқас дабылымен ұласып кете барды.


Осынау тозақ ішімен шегініп бара жатқан, Гийом де ла Марк аса бір қасиетті саналатын шағын шіркеудің есігіне жақын таяна берген кезінде:


«Франция!» «Франция!» «Бургундия!» «Бургундия!» деп төңіректі жаңғыртқан ұрандар тағы да естілді. Енсіздеу көшенің қарсы жақ бөлегінен шыққан бұл дауыс бүлікшілер шегініп құтылып кететін ең соңғы жолдың да кесіліп қалғанын аңғартты.


— Конрад, — деп айғай салды де ла Марк, — қасыңа адамдарыңды ерт те, анау малғұндарды жайратып, қоршаудан сытылып шығуға тырысып бақ! Менің саудам бітті... Қабанды тығырыққа тықты бұлар. Алайда әуелі қаңғыбас шотландтардың бірнешеуін жәһәннәмға жібермей қоймаймын.


Де ла Марктің жауынгері бұл әмірге құлақ асты да, аман қалған аз ғана ландскнехттерді соңынан ертіп, жаудың қалың қолын бұзып-жарып өте шықпақ ниетпен көшенің қарсы жақ бетіне қарай ұмтылды. Өз мырзасымен бірге өлуге ұйғарған ең адал деген алты адамы де ла Марктің қасында қала берді. Олар өздерінен сәл ғана басымырақ атқыштармен бетпе-бет қарсы келіп қалды.


— Қабан, Қабан! Ей шотланд дворянсымақтары, — деп аюдай ақырып шыға келді жау жүрек қарақшы, қолындағы шойын шоқпарымен сес көрсетіп. — Граф тәжін жеңіп алатын қайсың бар?.. Арденнің Қабанымен жекпе-жекке қайсың шығасың?.. Байқауымша, жас жігітім, тәжден сіз дәмелі сияқтысыз? Бірақ белгілі бір сыйлыққа ие болу үшін, алдымен соған лайық еңбегіңді сіңіруің керек!


Бетін тұмшалап жауып алған тор қалқан астынан міңгірлеп шыққан үнді Квентин мүлде дерлік ести алмай тұрды, бірақ Қабанның қимылына, ымына қарап-ақ, оның айтпақ ойын айны қатесіз ұқты. Квентиннің кейінірек шегініп тұрыңдар, сөйтіп жекпе-жекке бөгет жасамаңдар деп нағашысы мен серіктеріне айғайлап үлгеруге ғана шамасы келді. Осыдан соң іле-шала де ла Марк өзінің өгіздей ауыр салмағын кәдеге жарата, жауын күлпәрше етіп жібермек болған есеппен шойын шоқпарын басынан асыра көтеріп, жолбарысша атылып, Квентинге төне түсті. Бірақ қимылы жеңіл, қырандай қырағы шотланд дереу жалт беріп зілдей шоқпарды дарытпай қойды, ал егер шоқпар дәл тигенде, сірә, табанда сеспей қатар ма еді.


Бұдан кейін екеуі қасқыр мен бөрібасардай айқаса кетті; серіктері анталап, ұрыстың барысын қадағалап қарап тұрды, бірақ киліге кетуге ешқайсысының да батылы барған жоқ, өйткені Таңбалы «өзінің қарсыласы, Уоллестің өзіндей қара күштің иесі болса да мейлі, жиенімнің жеңіп шығатынына шүбәланбас едім» деп мақтанып, Квентиннің жекпе-жек шартына адал болуына ерік берілуін жар сала әйгілеп өткен-ді.


Шынтуайтында да, жас ұлан кәнігі жауынгердің сенімінен шықты. Қаһарына мінген қарақшы шоқпарын төске ұрған балғадай мығым күшпен сілтегеніне қарамастан, жас атқыш өзінің ептілігін көрсетіп, шоқпарды дарытқан жоқ, керісінше, семсерлесуді шебер меңгеруінің нәтижесінде ың-шыңсыз-ақ жауын үсті-үстіне соққының астына алды. Көп ұзамай де ла Марктің долыруы басылып әлсірей бастағандай көрінді, ал ол тұрған орын қанға бөгіп шыға келді. Бұған да қарамастан Арденнің Қабаны бұрынғысынан бетер өршелене және мұқалмас күш-жігермен айқаса берді, сондықтан Квентиннің жуық арада жеңіске жете қоюы әлі де неғайбыл-тұғын. Кенеттен мұның есімін атап, оны көмекке шақырған әлдеқандай бір әйел даусы естіле кетті.


— Құтқарыңыз, құтқара гөріңіз, шарапатты бибі әулиемнің аруағы үшін! — деп зарлап қоя берді әйел.


Квентин мойнын бұрып, Гертруда Павийонды бірден тани кетті. Жеңсіз жұқа камзолы иығынан сырғып түсіп те қалыпты, әйелдер жан сауғалап келіп паналаған шіркеудің есігін бұзып, оларды шетінен сүйрелеп ала жөнелген француз солдаттарының біреуі Гертруданы күштеп әкетіп бара жатыр екен.


— Мені бір минут күте тұр! — деп айғай салды Квентин де ла Маркке, сөйтті де өзінің бір кездегі жарылқаушысын басына төнген қатерлі қауіптен құтқарып алуға ұмтылды.


— Мен күту дегенді білмейтін кісімін, — деп үн қатты де ла Марк шоқпарын сілтелеп. Сөйтті де шегіншектей берді, сірә, мынадай қауіпті жаудан құтылып шыққанына қатты риза болған тәрізді.


— Ендеше, мені тосып аласың сен! — деп гүж ете түсті Таңбалы. — Жиенімді ақымақ етуіңе мен көне алмаймын! — Сөйтті де ол өзінің қос сапты семсерімен де ла Маркке төне кетті.


Айтса да, Гертруданы босатып алу пәлендей оңайға түсе қоймайтынына әрі бұл мәселені қас қағым уақытта шеше алмайтынына Квентиннің көзі жетті. Өз серіктерінің қолдауына арқа сүйеген солдат қолына түскен олжасынан бас тартуға үзілді-кесілді қарсылық көрсетіп бақты; сөйтіп өзінің екі-үш жерлесінің араласуымен ғана Гертруданы босатып алғанша, тағдыр әлгінде ғана өзінің қолын жеткізген бақыт құсын қайта алып қойды; ақыр-соңында ол Гертруданы босатып алғанында, екеуі де қаңырап бос қалған көше ортасында тұрды. Өзі құтқарып алған бикештің қиын жағдайда қалғаны ойына да кіріп-шықпаған ол бұғы қуған тазыдай, Жабайы Қабанды іздеуге атыла бермек боп оқталған еді, бірақ Гертруда жан ұшыра, зар еңіреп оның етегінен ұстап айрылмады:


— Анаңыздың аруағына сиынып өтінемін, мені тастап кетпеңіз! Адал жанды адам екеніңіз рас болса, мені қанатыңыздың астына алыңыз, бір кезде өзіңіз бен графиня Изабелла екеуіңізге пана болған әкемнің үйіне жеткізіп салыңыз! Изабелланың құрметі үшін мені тастап кетпеңіз!


Бұл — бикештің жаны қысылғандықтан білдірген зары ғой, сондықтан бұған құлақ аспау мүмкін емес-ті. Қан судай аққан осынау зұлмат күні өзіне әл-қуат берген күллі үмітіне, іске асырылуына қол созымдай ғана қалғандай болып көрінген үмітіне, жүрегін тілгілеген «ғапу ет» айтқан Квентин қыздың зарына еркінен тыс ден қойып, Гертруданы Павийонның үйіне ертіп кете барды. Ол бұл үйді ғана емес, сонымен бірге көпестің өз басын да жүгенсіз кеткен солдаттардың уысынан құтқарып алу үшін дер кезінде келген болып шықты.


Осы бір кезде шаһар қабырғасындағы опырылып түскен ойықтардың бірінен салт атты король мен Бургунд герцогы шаһарға келіп кірген-ді. Екеуі де қару-жарақтарын асынып алыпты, бірақ басынан аяғына шейін үсті-басы қанға малшынған герцог, атын аласұра тебінген болса, Людовик бейне үлкен бір сән-салтанаттың бастаушысындай аяң жүріске басқан. Олар шаһарды тонай бастаған әрекетке тыйым салуға және көше-көшелердің бойын қуалай шашырап кеткен әскерлердің бастарын қосуға әмір беріп, дереу шапқыншылар аттандырды, ал өздері баспана іздеп жан сауғалаған қаланың атақты төрелерін қолтықтарының астына алу және салтанатты намаз оқу мақсатымен шіркеуге қарай бет түзеді, бұдан кейін әскери кеңес өткізуге ұйғарысты.


Басқа да күллі әскер басылары сияқты лорд Кроуфорд та қол астындағы жауынгерін іздестіріп, шаһарды аралап жүрген осы бір шағында, Маас дариясына шығатын көшелердің бір мүйісінде, өзенге қарай беттеп бара жатқан Людовик Леслиге тап бола кетті. Нақ бір жабайы құстарға толы қоржынын арқалаған аңшыдай-ақ, адамның кесілген басын қанға бөккен шашынан ұстап алып, Таңбалы қаннен-қаперсіз аяғын алшаң басып келе жатты.


— Сенбісің, Людовик? — деді қартаң әскер басы сауал қойып. — Қолыңдағы өлексені қайда апара жатырсың?


— Бұл өзі, әділін айтқанда, бастан-аяқ жиенімнің еңбегі, маған жалғыз-ақ біржолата тәмамдау үлесі тиіп еді, — деп жауап қатты атқыш. — Өзім ата-бабаларына аттандырған бұл сабаз өзінің басын Маас дариясына ағызып жіберуді өтініп еді менен... Ажал өз шеңгеліне ілген кезде адамдар деген қилы-қилы қиялға шомады емес пе!.. Оған шара бар ма, әркім өз күні біткенде көз жұмбақ! Уақыт жеткенде, өзіміз де ажалмен қосыла билеп кете барамыз да.


— Қош, сонымен сен оның басын Маас дариясына тастап, ағызып жібермексің бе? — деп сұрады қария лорд, үрей туғызарлықтай мына бір олжаға зер сала қарап.


— Енді қайтейін, — деді Людовик Лесли. — Жан тәсілім етушінің ақтық тілегіне құлақ аспау жөн емес, әйтпесе оның рухы ұйқтап жатқан адамның түсіне кіреді деседі ғой. Ал мен пақырың, шынымды айтайын, түнде тұяқ серіппестен қатып ұйықтағанды жарататын кісімін.


— Бұл жолы саған рухпен ашына болуына тура келіп тұр, достым, — деді лорд Кроуфорд. — Құдай атымен ант етейін, бұл бастың құны дәл сенің ойыңдағыдан гөрі әлдеқайда қымбаттырақ. Кәне, менің соңымнан ілесші... қарыспа... Ер соңымнан!..


— Несі бар, ілесу керек болса, ілесеміз, — деді Таңбалы. — Өйткені, шын мәніне келгенде, мен оған уәде еткен жоқпын, өйткені, шынын айтсам, ол өз өтінішін айтып үлгергенше, басы жерде домалап та жатты оның... Және де, мен одан көзі тірісінде де қорықпаған болсам, Гур шаһарының әулиесі Мартиннің атымен ант етейін, енді өлігінен де қорқа қоймаймын! Мұнысын былай қойғанда, әулие Мартин әдияратындағы өзімнің монах досым маған бір шөлмек зәмзәм суын сыйға тартудан да тайынбайды.


Льеж шіркеуінде салтанат намазы оқылып болып, тас-талқан боп қираған шаһарда біршама тыныштық орнаған кезде, өздерінің төңірегіндегі байбатшалардың қолпаштауымен Людовик пен Карл жауынгерлердің әрқайсысына сіңірген еңбегіне сай награда тағайындау мақсатымен, бұл күні көрсетілген ерліктер туралы хабарлама тыңдау қамына кірісіп те кетті. Ең алдымен бас жүлдені, яғни графиня де Круаға үйленуді, оған қоса графиняның тәжі мен графтық имениесін талап етуге ерік беретін жауынгер шақырылды. Үміткерлер — олар өте көп еді және бұған өздері іштей қатты күйініп тұрған — көздеген сыйлықты жеңіп алуға қақым бар деп санаған бір топ адам сау ете түскенде жұрттың бәрі қалай таң қалды десеңізші. Осының бәрінің астарында әлдеқандай бір сыр бар еді. Кревкер әдетте де ла Марк үстінен тастамайтын терінің дәл өзіндей қабан терісін жайып салды, Дюнуа — Арден Қабанының гербі салынған, майысып қалған қалқанды ала келді, тағы да басқа көптеген үміткерлер де ла Маркті өз қолдарымен өлтіргенін, епископтің кегін қайтарғанын, сондықтан олар өздеріне уәде етілген сыйлықты еңбегімен жеңіп алғанын айғақтайтын әлгіндегідей дәлелдерін көрсетіп шықты.


Үміткерлер арасында дау-дамай айтыс туып кетті, сондықтан өз қол астындағы адамдардың ішіндегі асқан сұлу да асқан бай графиняның тағдырын кездейсоқ сайыстың мазағы еткен өзінің оғаш қылығына ішінен өкінумен болған Карл бәрінің де талаптары заңсыз деп тауып, үміткерлерден оңай құтылып кететін сәт келді деп енді ойлай бергенінде, кенеттен қалың топтың ортасын жарып өтіп Кроуфорд ортаға шықты. Ол мойнына жіп байлап, сүйрелеген итше тартыншақтай берген, қоржиған әрі қатты қысылып берекесі кеткен Людовик Леслиді жетегіне алған-ды.


— Өз тұяқтарыңмен, тері-терсектеріңмен әрі боялған темірлеріңмен қоса бәр-бәрің де табандарыңды жалтыратыңдар! — деді қария лорд айқай салып. — Қабанды өз қолымен өлтірген кісі ғана, қабанның азуын көрсете алады!


Осы сөздерді айтып болысымен ол де ла Марктің қан сасыған басын еденге тастай салды, оның жақ сүйегі ілгеріде айтылып өткендей, өзі соның есімімен аталатын мақұлықтың жағынан айнымай қалған-ды. Жабайы Қабанды бұрын-соңды өздері көргендердің бәрі де шеттерінен мына бас дәл соның басы екенін мойындасып жатты.


— Кроуфорд, — деді Людовик, — байқауымша, бас жүлдеге менің адал шотландтарымның бірі ие болғалы тұр ма осы?


— Дәп солай, ұлы мәртебелі тақсыр, Людовик Лесли, лақап аты Таңбалы, — деп жауап қатты лорд.


— Бірақ дворян ба ол өзі? — деп сауал қойды герцог. — Ата-бабасы жағынан текті адам ба?.. Мен қойған шарттардың ішіндегі біріншісі әрі ең бастысы осы.


— Кескен томардай мейлінше қоржиған кескінін мойындамасқа лаж жоқ, — деп жауап қатты лорд Кроуфорд өзінен-өзі қысылып тұрған атқыштың сүйкімсіз пішініне көз тастап, — әйтсе де ол кез келген француз немесе бургундтың атақты әулеттері сияқты ежелгі де ізгі Ротестер әулетінің ұрпағы екеніне басымды тігемін. Осы бір әулеттің шыққан тегі туралы былай делініп келетін нақыл да бар:


Кесіп өтіп көк шалғынды аймақты,


Лесли батыр жауынгерді жайратты.


— Ендеше, іс осымен бітті, — деді герцог. — Асқан сұлу да асқан бай бургундтың мұрагер бикешіне қарапайым жалдамалы солдатқа тұрмысқа шығуға немесе өмірін әдияратта өткізуге тура келіп тұр... Ал Изабелла деген бұл біздің қадірмен Рейнольд де Круаның маңдайына біткен жалғыз қызы ғой!.. Амалым бар ма, мен асығыстық, ағаттық жасап алыппын!


Карлдың аузынан шыққан өз шешіміне бұрын-соңды өкініш білдіргенін естіп-біліп әдеттеніп көрмеген маңайындағыларды қатты қайран қалдырып, герцогтың жүзінен оның қатты қапаланып өкініп отырғаны аңғарылып тұрды.


— Сәл сабыр етіңіз, алдияр тақсыр, — деді лорд Кроуфорд, — бұл істің аяғы соншалықты бір күйініш туғызбасына көзіңіз де жетіп қалар. Жалғыз-ақ мына жауынгердің сөзіне ден қойыңыз... Саған не болған өзі?.. Сөйле, достым! Сайтан алғыр-ау, сен неге мелшиіп тұрып қалдың? — деді қария Таңбалыға қарап.


Бірақ өзі бауыр басып кеткен Людовикпен сыр шертіскенде, сөзді әжептәуір жүйе-жүйесімен айта алатын сабаз солдатың нақ мынадай ғажайып жиынның алдында біржолата абдырап, сасқалақтай берді. Екі монархқа бір қырын тұрған күйі, бейне осқырынған жылқыша әлдеқандай бір қырылдаған үнге басып, екі-үш мәрте тыжырынып қойды да, тілі: «Сондерс Суплджо...» деген сөзге ғана келді. Қалған сөзі көмейіне кептеліп қалғандай, тілі күрмеле берді.


— Ұлы мәртебелі тақсыр және сіз алдияр, өздеріңіз рұқсат етсеңіздер, жерлесімнің әрі ежелгі серігімнің атынан мен сөйлейін, — деді Кроуфорд. — Мәселе былай, ол сонау өз елінде жүрген шағында бір сиқыршы бал ашып оған үйленгенде өзінің бағы жанады депті. Бірақ менің кебімді киіп, жас болса ұлғайып, қартайыңқырап қалғандықтан, оның үстіне әйел қауымынан гөрі шарапхананы көбірек көңілі қош көретіндіктен, қысқасы, талғамы мен икемі жағынан әскери өмірге дағдыланып кеткен ол жақсы тұрмыс құру қол-аяғыма байлау болады деп ойлайды, сондықтан менің ақылыма құлақ асып, өзі ие болған бүкіл правоны, Жабайы Қабанды, шын мәнінде жайратып салған адамға, нақтырақ айтсақ — өзінің жиеніне, апасының баласына беруге ұйғарып отыр.


— Бұл жас өспірімнің адалдығы мен тапқырлығына мен кепіл бола аламын, — деп салды король, бас жүлдеге өз ықпалынан шықпайтын адам ие болатынына дән ризашылық білдіріп. — Сол жігіт адалдық та қырағылық танытпағанда, біз жеңіліске ұшырап қалар едік. Жаудың түн жамылып шабуыл жасайтыны туралы бізге күні бұрын хабарлаған да соның өзі.


— Ендеше, — деді Карл, — мен оның алдында қарыздармын, өйткені жігіттің бұл хабарының шын екеніне өз басым күмәндана қараған едім.


— Мен өз тарапымнан оның ерлігін куәландыра аламын, — деді Дюнуа сөзге араласып.


— Бірақ ол сабазыңның нағашысы өз Шотландиясында дворян саналғанымен, — деді де Кревкер өз кезегімен ойын білдіріп, — бұдан жиені де дворян деген ұғым өзінен-өзі туа қоймас әлі.


— Ол Дорвардтар әулетінің ұрпағы, — деді Кроуфорд, — Шотландияның Ұлы сенешалі болған әйгілі Аллен Дорвардтың тұқымы.


— Жә, мақұл-ақ, әңгіме жас өспірім Дорвард туралы болып отырса, — деді Кревкер, — онда менің дауым жоқ. Оның айы оңынан, жұлдызы соңынан туып тұр ғой, сондықтан бұдан былай оның жолына көлденең тұрмақ емеспін мен... Бірақ бір таңқаларлығы сол, мына шотландтар лордынан бастап ат бағушысына дейін шеттерінен иін тірескен, ұйымшыл-ақ екен өздері!


— Тау халқы! Ұйымшыл! — деп тіл қатты лорд Кроуфорд, тәкаппар бургундтың кекеткеніне күліп.


— Алайда шытырман оқиғаларға әуес осынау бағы жанған жігітке таңғажайып графиняның өз басы қалай қарайтынын да білген артық емес, — деді Карл ойға шомып.


— Ақ намаз атымен ант етейін! — деді Кревкер жұлып алғандай. — Бұл жолы, алдияр тақсыр, графиняның өз сюзеренінің әмірін қуана-қуана қарсы алатынына куә боларыма кәміл сенемін! Айтса да, жолы болғаны үшін жас өспірімге біздің ренжуіміз орынды бола қояр ма екен? Ақылдылығының адалдығы мен ерлігінің арқасында ғана қолы ен дәулетке, атақ-дәреже мен сұлулыққа жете алғанын біз ұмытпауға тиістіміз.


Өткен заманда ғұмыр кешкен ғажап оқиғаларға таңсық жандарша біздің мазасыз дәуірімізде өз бақытын іздегісі келген менің сары шашты, көк көзді, ұзын сирақ та ер мінезді отандастарым үшін тамаша әрі барынша үлгі-өнеге боларлықтай көрінген әңгімемді тәмамдап, осынау парақтарды теру үшін баспаханаға жөнелткелі жүр едім. Бірақ ең қымбат шайдың хош иісінен гөрі кесесінің түбінде әлі еріп үлгермеген бір түйір қантты артық көретін адамдар санатына жататын байырғы бір досым маған қатты өкпе айта отырып, хат жазып, Глен-хулакиннің жас өспірім мұрагері мен фламандтық ғажайып сұлу графинясы екеуінің үйлену тойын дәл әрі егжей-тегжейлі суреттеп беруімді, осы бір қызықты оқиға құрметіне қандай сайыстар өткізілгенін, онда қанша найзаның сындырылғанын әңгімелеп беруімді, сондай-ақ әуесқой оқырмандарға Квентин Дорвардтың қаһармандығына нақ қанша балақанның мұрагер болғанын, сонан соң Изабелла де Круаның тұла бойындағы бүкіл сұлулығын қайталап дүниеге қанша қыз баланың келгенін хабарлауымды талап етті. Уақыттың өзгеріп кеткенін, сөйтіп сән-салтанатты үйлену тойларының қазір әдет-ғұрыптан шығып қалғанын айтып, мен алғашқы келген почтамен оған жауап қайтардым. Өзім әлі ұмыта қоймаған баяғы заманда бақытты екі жастың үйлену тойына өздерінің он бес досы ғана қатысып қоймаушы еді, сонымен бірге тұтас бір музыканттар оркестрі «Қарт теңізші» әнінде айтылатынындай, бозарып таң атқанша толассыз «бас изеумен» болушы еді. Меймандар екі жастың бөлмесінде оңаша отырып бір мес шарапты сіміріп салатын-ды, қалыңдықтың шұлықтарын қақшып алысып, Гименей тәні де, жаны да бір адам еткен уылжыған екі жастың көздерінше қалыңдықтың шұлығын бекітетін бауы үшін таласып жататын-ды. Сол бір заманның авторлары әдет-ғұрыптарды айрықша бір дәлдікпен сипаттауға үйір болушы еді. Олар қалыңдықтың ұяңдығын паш ететін жүзіндегі ал қызыл шырайына, күйеу жігіттің көз жанарындағы мақтаныш сезімге шейін қалт жібермеуші еді, ақтығында екі жас Астреямен бірге ақ төсектеріне барып жататын сол бір шаққа шейін қалыңдықтың шашына түйреп қойған гауһар тастардың бірін де ұмыт қалдырмай, күйеу жігіттің зерлеп, оқалап тіккен қамзолының түймесіне шейін суреттеп жазуды да ұмытқан емес. Бірақ осынау көріністердің бәрі сәнқойлық пен даңғазалықтан, насаттану мен жарамсақтанудан бастартатын жібектей майда сыршыл мінезді біздің осы заманғы қалыңдықтарымыздың (аһ, осы бір момақан да сүйкімді бекзаттар-ай десеңізші) талап-талғамына мүлде сәйкес келмейді, бұлар адал жанды Шенстонға ұқсап, дереу қонақ үйде қосыла салады.


Он бесінші ғасырдағы некелесу кезіндегі бүкіл рәсім біткенді ежіктеп суреттеу жастарымыздың бұл рәсімдерге деген жиреніш сезімін туғызатыны табиғи нәрсе. Бұлай етсек оқырмандар қауымына Изабелла де Круа ең бір қара жұмыс атқаратын кәдімгі әлдеқандай сүт тасушыдай көрінуі мүмкін, өйткені егер жігіті өздерінің балдай тәтті алғашқы айын өткізу үшін империал почта күймесіне мініп Дептфордқа, әлде Гринвичке аттанудың орнына үйлену тойларын, былайша айтқанда, Парижде өткізуді ұсынса, тіпті әлгі сүт тасушының өзі де, шіркеу табалдырығының алдында-ақ тұрсын мейлі, өзінің етікші-күйеу жігітіне тұрмысқа шығудан бас тартар еді. Бірақ бұл тақырыпты енді сөз етіп жатпаймын, сөйтіп өз талғамы мен ұйғарулары бойынша менің әңгімемді бұдан былайғы егжей-тегжейлермен толықтырғысы келгендерге ерік беремін де, Анжеликаның үйлену тойынан кетіп қалған Ариостодай, мен де Изабелланың тойынан қапелімде тайып тұрамын.


Жолы болған шотландтың серісін,
Құшағына ханымның кеп кірген соң,
Мейлі жырлап өзге ақын мақтасын,
Бракемонттың салтанатты қақпасын.


СОҢЫ


СӨЗ СОҢЫ


Вальтер Скоттың романы Квентин Дорвардтың есімімен аталған, бірақ ондағы басты кейіпкер екеу: шотланд атқышы мен француз королі, Квентин Дорвард пен XI Людовик. Махаббат хикаясы саяси хикаямен сабақтаса өріліп отырады. Алғашқы желі оқырман, сірә, өзі де аңғарғандай, роман авторының қиялынан туса, ал екінші желі тарих фактыларымен астасып жатады.


Роман Квентин мен Изабелланық шат-шадыман үйлену тойымен тәмамдалады (ер мінезді Леслидің сөзімен айтқанда, адамның аспанға самғап ұшып үйренуі ол кезде қалай мүмкін емес болса, сол бір өткен заманда — кедей рыцарь меч асқан дәулет иесі графиня екеуінің қосылулары да төтенше, әрі мүмкін емес оқиға!). Король XI Людовиктен біз салтанат құрып, мұратына жеткен вассалы Өжет Карлдың қалауы бойынша Льеж тұрғындарын жазалауға қатысуға мәжбүр болып саяси жеңіліске ұшыраған сәтінде қол үземіз.


Квентин мен Изабелланың бастарынан кешкен шытырман оқиғаларға шымылдық түсіріледі, бірақ өздері ұнатқан кейіпкерлерінен қол үзгісі келмеген оқырмандарға олардың бұдан былайғы тағдыры туралы қиялдауына, сондай-ақ оларға, соңы шытырман оқиғалар ойлап табуына да кәміл ерік беріледі. Ал король Людовик пен герцог Карл екеуімен әлі қоштаса қоймаймыз: неге десеңіз олар романда суреттелген оқиғалардан бергі кезеңде де ғұмыр сүріп жатты, сондықтан оқырман нық бұл екеуінің көп жылдар бойы толастамаған арбасуы, арпалыстары — бір тарихшының бейнелеп жазғанындай, осынау «XV ғасырдың ұлы дуэлі» ақырында немен және қалай аяқталды? — деп сауал қоюға хақы бар.


«Квентиннің қарапайым махаббат хикаясы шығармаға тек желі тарту үшін ғана қажет болғанын», сөйтіп король XI Людовик іспеттес «айрықша танымал тұлғаны» кестелеуді алдына басты мақсат етіп қойғанын Вальтер Скоттың өзі де мойындаған. Скотт корольді оның өзіне тән сипаттарымен бүкіл күрделілігімен, әрі қайшылықтарымен көрсете білген. Людовик тапқырлығымен қатар таңғажайып ырымшылдығы, діндарлығымен де, зымиян зұлымдығымен, сондай-ақ бейбітшілік туралы және ұзақ жылдарға созылған феодалдық соғыстардан зардап шеккен Францияның бірлігі туралы әділетті ой-тілектерімен де ерекшеленеді.


Романның оқиғасы XI Людовик пен Өжет Карлдың Пероннадағы даңқты кездесуі болып өткен 1468 жылға орайлас дамиды, бірақ Скотт дүркін-дүркін анахронизмге — фактылардың мерзімін алмастырып отыруға бой ұрады. 1468 жылы Людовик романда бейнеленгеніндей, қартайған шал емес-ті. Айнала қақпандар мен дар ағаштары құрылып тасталған, король өмірінің соңғы жылдарын өткізген қапас Плесси-ле Тур қамал-сарайында оңаша тұрып, әлі оқшаулана қоймаған-ды. Льеждегі көтеріліс 1468 жылы болғаны рас, ал құтырынған Арденнің Қабаны епископты бұдан көп жылдар өткен соң — 1482 жылы өлтірді. Вальтер Скотт 1468 жылдың оқиғаларын XI Людовик патшалық құрған соңғы жылдардағы кейбір фактылар мен жай-жапсарларға біріктіріп ұштастыра баяндайды. Осы тәсіл арқылы ол корольдің бейнесін айрықша сомдап суреттей білген.


Ал бізге, романда әңгімеленген жайларды көкейімізге қондыру үшін, оқиғалардың даму барысын өз рет-ретімен жүйелеуіміз, ал оларға шолу жасауды романдағы хронологиялық шектеулерден тысқары шеңбер аясында қарастыруымыз керек, сондықтан осы мақсатты көздей отырып біз... роман кейіпкерлерінің бірінің көмегіне иек артамыз.


Пероннада корольге өзінің бірер ақыл-кеңесін айтқан, жас бургунд дворяны Филипп де Комин есіңізде болар? Коминмен таныстығымызды әрмен қарай жалғастыра түскеніміз абзал.


Әуелі паж болған, содан соң Өжет Карлдың жақын адамына айналған, герцогтың шарапатына бөленген Филипп де Комин бургунд сарайының даңқын шығарған ұлан-асыр той-думандар мен әйгілі сайыстар ортасында өскен, бірақ ол рыцарьлық атақ-даңқ іздеп құлшынған емес-ті, сондай-ақ соғысқа да құмартқан жоқ. Табиғатынан сергек, әрі мысқылшыл адам болған ол Европадағы «алдына жан салмаған рыцарь» ролін атқаруға ұмтылып баққан өзінің тоңмойын да күйгелек әміршісінің көздеген мақсатына жете алмайтынын шу дегеннен-ақ сезген болатын. Өжет Карлдың атақ-даңқы мен күш-құдіреті шартарапқа жайылған 1472 жылы Комин түн қараңғылығын жамыла герцогтың қамалынан қашып шығып, корольдің қол астына ауысады. Карлдың маңындағылардың ішіндегі ең ақылдысы саналған Коминді XI Людовик құшақ жайып қарсы алып, оны өзінің уәзірі әрі көмекшісі етіп қояды.


«Ұлы дуэльдің» басты екі қатысушысын да нақ Коминдей етене жақын, әрі жақсы білетін бірде-бір жан болған емес. Сөйтіп король дүние салып, арада көп жылдар өткенде, әрі Коминнің өзі де қызметін тастап, қолы босаған кезде өзі өмір сүрген уақыт ішінде көрген-білгенін түп-түгел баяндап беру ниетімен, қолына қалам алады. Комин феодалдық бытыраңқылықтың жауы болды, ол құдіретті король басшылық еткен мемлекет болуын жақтады. Рыцарьлардың «ерліктері» туралы жазғанында, езуінен кекесін байқалып тұратын. Бірақ XI Людовиктің жақсы жақтары мен кемшіліктерін әңгімелеуге келгенде барынша әділ болуға тырысып бақты. Коминнің «мемуарлары» орта ғасырлардағы француз әдебиетіндегі шоқтығы ең биік шығармалардың қатарынан орын алу құрметіне ие болды. Бұл мемуарларды Вальтер Скотт зейін қоя оқыды. Ол туындыларды біз де кәдемізге жаратпақпыз — шынында да, оқиғаны өз көзімен көрген ақылды да, аңғарымпаз адамның деректерінен артық не болмақшы?


Пероннадағы кездесу — XI Людовиктің Францияны саяси тұрғыдан біріктіру жолындағы, феодалдық бытыраңқы елді құдіретті король билеген біртұтас мемлекетке айналдыру жолындағы күрес тарихынан алынған бір көрініс-тұғын.


XV ғасырдың орта шенінде Жүз жылдық соғыс аяқталды. Ағылшын феодалдары Франциядан қуылды. Алайда елді қатты қажытқан соғыс пен феодалдық лаңның ізі әлі де ұзақ уақытқа шейін көзге ұрып-ақ тұрған-ды: жер жыртып, тұқым себілмеген танаптар, қирап-бүлінген қалалар, иесіз қалған деревнялар еді көретінің. Халық «жан алғыштар» деп атап кеткен қарақшы-солдаттар тобыры елді қан қақсатты. Романның алғашқы беттерінде (әттең, шытырман оқиғалар қызығына ойысуға асығып, кейбір оқырмандар бұл жолдарды аттап өте шығады) Вальтер Скотт Францияның сол бір жылдардағы хал-күйін жақсы суреттеп берген.


1422—1462 жылдары VII Карл (XI Людовиктің әкесі) Францияның королі болды. Оның тұсында корольдік өкімет билігі нығая түсті, бірақ ел бұрынғысынша бытыраңқы күйінде қала берді. Рас, берік қамал-сарайдың әрбір оңаша иесі өз билігі өзінде болған патшадай дерлік сезінген заман келмеске кеткен-ді. XV ғасырдың екінші жартысында тек өте-мөте ірі феодалдар, «гербтерінде лала гүлдері бейнеленген сеньорлар» ғана дербестікке үміт артты. Олар шетінен дерлік корольге туыс болып келді, сөйтіп өз гербінде лала гүлі бейнеленген Валуа әулетінен тараған, бұрын билік етіп келген корольдердің бірінің үрім-бұтақтары еді.


Олардың ішіндегі күш-құдіреті жағынан ең бір айтулылары — бургунд герцогтары — Мейірбан Филипп пен оның баласы Карл болды. Олар ұлан-байтақ француз жерлеріне — Бургундия герцогтігіне және қазіргі Бельгия мен Голландияның басым бөлігі — асқан бай Нидерландыға иелік етті. Өжет Карл өзінің «аралық мемлекеті» (бұл мемлекет Франция мен Германияның екі аралығында орналасуы себепті солай аталып кеткен-ді) бір теңізден екінші теңізге шейін: Солтүстік теңізден Жерорта теңізіне дейінгі аралыққа ие болуға ұмтылып бақты. Оның ой-қиялы мұнымен де шектеліп қалмады, бір жолы ол өзі ертедегі Ганнибалға ұқсап Альпі тауларынан асып өтіп, Италияны жаулап аламын деп те мәлімдеді! Карл өзін «Батыстағы ұлы герцогпын» деп санады да, король тағына отыратын сәтті сағатын аңсаумен болды.


Карлды еске алып, Комин былай дейді: «Мен бұдан асқан батыл жанды ешқашан да көрген емеспін. Оның аузынан «діңкелеп тұрмын» деген сөзді өз басым ешқашан да естіген емеспін». Ал, бірақ ештеңеден де сескеніп, қорықпайтын адамды, Вальтер Скотт айтпақшы, Өжет деуден де, Есірік деген абзал болмақ. Бұған қоса герцогқа морт кететін қыңырлық пен шығаннан шыққан өр көкіректік те тән еді. «Ол өз айтқаны болмаса басқа біреудің ой-пікірімен ешқашан да санасқан емес», — деп жазды Комин.


Бір орайы келгенде Комин: «Саған салса, Францияда корольдің болмағанын қалайсың ғой», — деп герцогтың айыбын бетіне басқанда, анау: «О, маған салса Францияда бір емес, алты корольдің болғанын қалар едім», — депті. Францияның бірікпей, бытыраңқылығын сақтап қалу — Карлдың мақсаты, міне, осы болды. Күш-қуаты мол Бургундия өмір сүріп тұрған кезде, Францияның бірігуі мүмкін болған жоқ.


Романның бастапқы бөлігінде Вальтер Скотт Людовиктің король тағының мұрагері болған шағына қатысты оқиғалар туралы еске салады. Людовик әкесіне қарсы астыртын әрекеттер жасайды да, VII Карлдың кәріне ілігіп кетермін деп қорқып, Мейірбан Филипптің қол астына барып паналайды. Өмірінің бес жылын Филипптің иелігінде өткізеді, герцогтың қолынан бағалы сый-тартулар алады. Людовик король болғанда барлық жағынан да менің ырқыма көніп, айтқанымнан шыға қоймас деп, дәмеленеді Филипп. Ол Людовиктің қандай адам екенін білмеген еді. VII Карл анағұрлым көреген болып шықты. «Бургундық бауырым не істеп жүргенін өзі де біле бермейді: балапандарын қырып салатын түлкіні өз қолымен асырап отыр», — дейтін еді ол.


1461 жылы XI Людовик әкесінің тағына өзі отырды, содан соң ұзамай-ақ ірі феодалдарды пайдаланып келген артықшылықтарынан шетінен айыра бастады. Бұған наразылық білдірген сеньорлар өзара одақтасты да, корольге қарсы соғыс жариялады. Сеньорлар өздері құрған одағын Ортақ игілік лигасы деп атады. Олар «сор маңдай халықтың бағын ашып, олардың тұрмысын жақсарту» мақсатын көздеп, қолымызға қару алдық, деп көпірді. Ал шын мәніне келгенде елдің бытыраңқылығын (мәңгілікке сақтау мақсатын және армияға, финансқа, қызметке тағайындау істеріне басшылық етуді корольдің қарауынан тартып алу мақсатын көздеді.


Лига құрушылардың арасында корольдің інісі Беррий герцогы, Бретан герцогы, граф Сен-Поль — барлығы 26 ірі сеньор болды. Бүкіл істің дем берушісі граф Шаролэ (әкесінің көзі тірі кезінде Өжет Карл осы титулмен атанған-ды) болды. Ол әскер бастап Парижге аттанды. Қалың қол бастаған король оған қарсы беттеді. Парижден 20 шақырымдай жерде орналасқан, романда сан мәрте еске алынатын Монлери түбіндегі ұрыс 1465 жылы өтті. Рыцарлар соғысының қағидасы бойынша жүргізілген осы ұрысқа қатысты егжей-тегжейлі қызықты деректерді ол кезде бургунд лагерінде болған Комин хабарлайды.


Ұрыс басталар алдында, — деп әңгімелейді Комин, — тікелей бөшкеден сіміру мақсатымен, ішіне шарап құйылған көптеген бөшкелер бұрғымен тесіліп тасталды, — сонан соң кекесін сарынға басып, өз ойын былай жалғастырады: — Ұрысқа нақ осындай құлшыныспен ұмтылған адамдарды мен ешқашан да кездестірген емеспін. Ұрыстың басталуы-ақ сол екен, жолдарындағы өздерінің садақшыларын жапыра-жанши отырып, бургунд рыцарлары ілгері қарай лап берісті. Олар садақшылардың бір мәрте жебе тартуларына да мұршаларын келтірмеді, ал 120 рыцардың ішінен найзаласу әдісін шындап игерген 50 рыцардың табыла қоюы да екіталай еді. Сол жақ қанатта граф Сен-Поль бастаған әскерлердің тас-талқаны шығып жеңіліске ұшырады да, орман ішіне зытып кетті. Оң қанатта граф Шаролэ корольдің жаяу әскерлерін жапырып-ақ жіберді, содан соқ жауды өкшелей қуа жөнелгені соншалық, айналасында не болып жатқанын аңдай алмай қалды. Тұтқиылдан корольдің атты әскерлері оны қаумалап, қоршап алған еді. Әлдекім айғайға басып: «Беріліңіз, монсеньор! Мен өзіңізді танып тұрмын!» деп оның иығына қолын салды. Өжет Карл тұтқын болудан кездейсоқ бір жағдайдың арқасында ғана құтылып кете алды... Біреулері қайыспай арпалысса, екіншілері орман ішінде жайбарақат отыра берді, басшылық жасаған ешкім болған жоқ, не болып, не қойып жатқанын аңдай алған да жан табылмады. Біздің есіл дертіміз қашып құтылу ғана болды, — деп мойындайды Комин. — Кешке қарай корольге де, граф Шаролэге де аман қалған әскерлерінің басын қайта қосудың сәті түсті. Бургундар өз лагерін шыр айналдыра арбалардан тосқауыл қойды да, жау жаққа барлаушылар жөнелтті. Барлаушылар король өз лагерінде ұрысқа қайта кірісуге әзірленіп жатқаны туралы хабар жеткізді. Барлаушылар ұзап шықпай, жақын маңнан қайтып оралған болып шықты, — деп жазады Комин. — Өйткені біздің қасымыздан өтіп бара жатқан бір шаруа: «Корольдің лагері қаңырап бос тұр», — деп хабарлады.


Король ұрыс даласын тастап өз жайына кеткен болатын, өйткені осынау бір қан төгіс аласапыран шайқаста оның әскерлері де едәуір шығынға ұшырап қалып еді, сондықтан ол екінші рет тәуекел етуге бармады. XI Людовик Парижге жетіп алуға асықты.


Парижді мазасыздық жайлады. Лига тыңшылары бүлдіру әрекетіне қызу кіріскен. Париждіктердің арасында тыңшылардың қауесеттеріне иланып қалушылар да болмай қалған жоқ. Лига одағындағылар корольдің тірегі — Нормандия қалаларын басып алғанын естіп білгенде король енді қарсылық көрсетпеуге ұйғарды. XI Людовик сеньорлармен бітімге келген келісім жасады. Король сеньорларға провинцияларды, қамал-сарайларды, байлықтарды үлестіріп беріп, оларды риза етті. .Өзінің сотқар бауырына — Нормандияны; граф Шаролэге — Сомма өзені бойындағы: Амьен, Сен-Кантен, Перонна қалаларымен қоса Пикардияны; граф Сен-Польге — Францияның коннетаблі деген атақ; Бретань герцогына — қамалдар мен тарту-таралғылар бергізді. Бұл өзі король бұрын-соңды болмаған қорлау көрген күндер болды; Франция жүз жылдар бойы тұралап қалғандай көрінді.


Бірақ арада аз ғана уақыт өтті де, король айрылып қалған игіліктерін қарауына қайта қайырып, сеньорларға өз әмірін жүргізе бастады. Жеңіліс тапса да, ол неге жеңімпаз болып шыға келді?


XI Людовикті француз жерін біріктіруші деп санайды. Шынында да, оның рөлі зор болды. Бірақ егер ұмтылыстары елдің талап-тілегімен, оның даму заңдылықтарымен ұштасып жатпаса, онда король дипломатқа және әміршіге тән теңдесі жоқ қабілеттілікті қалай игермесін мейлі, мұндай көп табысқа қолы жетпеген болар еді.


Сол кезде өмір сүргендер байқай қоймаған қайсыбір күштер өз ретінде Францияның бірігуіне бастады. Елдің провинциялары мен қалалары арасындағы экономикалық байланыстар барған сайын берік нығая түсті. Сауда-саттық жолдары бейне күре тамырлардай, Францияның өне бойында кең тарап, оны біртұтас етіп біріктірумен болды. Ұлттық бірлік сана-сезімі күшейе түсті. Гаскондықтар мен нормандықтар, марсельдіктер мен пикардиялықтар өздері бір халықты — француз халқын құрайтындарын барған сайын терең сезінді. Әрі осынау сана-сезім төменгі буыннан, халық бұқарасының қалың ортасынан туындады, міне, сондықтан да берік те терең тамыр жайды.


Шаруалар мен қала тұрғындары король билігінің күшейе түсуіне мүдделі болды. Олар бейбітшілік пен тыныштыққа зәру еді. Король— феодалдық жүгенсіздік тұсында тәртіптің өкілі, ел бірлігінің символы болды. Корольдік езгі қаншалықты ауыр бола тұрса да, ірі феодалдардың арасындағы толассыз соғысқа қарағанда ыңғайлырақ көрінді. Сондай-ақ ұсақ рыцарлар да корольді жақтап шыға бастады. Кездейсоқ тонаулар мен оқта-текте сеньорлар беретін қайыр-садақалардан гөрі рыцарлар үшін король армиясы қатарында қызмет атқару күн көрістің анағұрлым сенімді көзіне айналды. Дворяндар мен қала тұрғындарының ішіндегі дәулетті топтардың да күшті корольге мүдделі болуларының бір себебі бар-тұғын, король оларды халықтың төменгі бұқарасының ашу-ызалары мен бүліктерінен қорғай алатын.


Франция бірігуге қарай бет бұрды, бірақ оның қашан және қалай іске асуы көбінесе корольдің қимыл-әрекеттеріне, бұл қимыл-әрекеттердің нәтижелеріне байланысты болды.


XI Людовик сеньорлардың арасында алауыздық туғызды, сөйтіп олардың әрқайсысына қарсы жеке-жеке күресу мақсатын көздеп, олармен бітімге келді. Мәселе келіссөзге тірелісімен-ақ, сеньорлар «ортақ игілік» туралы ұмыта бастады. «Ортақ игілік, — деп жазды Комин кекесін сарынмен, — жеке игілікке айналып кете барды», сеньорлардың әрқайсысы өзі көбірек қарпып қалуға тырысып бақты, сондықтан «әркім басқа біреуді қалай алдап соғудың қамын ойлаумен болды». XI Людовик сеньорларды пара беріп өз жағына шығарып алды, біріне-бірін айдап салды. Осының өзінде ол ешқандай да айла-шарғыдан тайынған емес.


Комин мынадай бір оқиғаны әңгімелейді. Король Бургундия елшілерін және кім болсын мейлі, соған қызмет көрсеткен әрі өзі қызмет көрсеткен адамдардың бәріне де опасыздық жасаған граф Сен-Польдің елшілерін қабылдайды. Людовик бургунд елшілерін және олармен бірге Коминді де шымылдықтың тасасына жасырып қояды да, өзі Сен-Польдің елшілерімен әдейі айғайлап сөйлеп, әңгімелесе бастайды. Елшілер герцогты тілдеп, сөгумен болады, Өжет Карлдың оғаш қылықтарына басып, оны мазақтап, аяқтарымен жер тепсініп аласұрады, әдетте Өжет Карл айтатын, қарғыс сөздерін жаудырады. Король жорта құлағының мүкісі бар кісідей, елшілерден өз әңгімелерін қайта-қайта айтып берулерін өтінеді. Оның іштей қалай мәз болып, айызы қанғанын түсіну қиын емес-ті...


Людовик өз билігін нығайтумен болды, бірақ Өжет Карл ағылшын королінен көмек сұрап, тағы да соғысқа қамдана бастады. Француз әскерлерінің жүз жылдық соғыс кезіндегі жеңілістерін әлі ұмытпаған Людовик ағылшындардың Франция жеріне қайтадан әскер түсіруінен қатты қорықты. Сондықтан Англияның королімен одақтаспақ болған ниетінен бас тартуға көндіру мақсатымен, оған деген бөтен ойының жоқ екенін, әрі ақ пейілін танытқысы келіп, қасына нөкерлерінің шағын тобын ертіп Карлге барып жолығуға тәуекел етті. Сөйтіп король Пероннадан бір-ақ, шыққан еді, бірақ нақ осы кезде ойламаған жерден Льеждегі көтеріліс туралы хабар келіп жетті, бұған Карл тас-талқан болып ашуланды. Пероннада болып өткен оқиғалар романнан мәлім.


Перонна зынданынан тірі құтылып шыққанын Людовик өзінің табысы санады. Ол өзіне адал берілген ақсүйектердің басын қосып, кеңес құрды, сөйтіп олар оны өзі Пероннада берген салтанатты анттарынан арылтты. Король өз хұқына ие болған соң, ұзамай Бургундия герцогы екеуінің арасында соғыс басталып кетті. Бургунд әскерлері Пикардияда ұрыс жүргізді, Нормандия жеріне басып кірді.


1473 жылы Өжет Карл аңсаған арманына жеттім деп ойлады. Бірден-бір мұрагері саналған өзінің қызын Германия императорының ұлына қосуға серттесіп, императордың өзіне король атағын беруіне көндірді. Кездесу Трирде өтті. Герцог отыратын тақ оның аса таяғы туралы, келесі күні оған тәж кигізу жорасы қалай іске асатыны туралы бір мәмілеге тоқтап, келісім де жасалып үлгерген-ді. Бірақ түн ішінде император... Трирден ұшты-күйлі ғайып болып кетті. Людовиктің астыртын жүргізген келісімі Карлдың сертінен басымырақ болып шықты.


1474 жылы Людовиктің Бургундияға қарсы: Франция королі, Лотарингияның герцогы, Швейцария кантондары біріккен одақ құруға қолы жетті. Өжет Карл Лотарингияны басып алды — бұл ел оның өз қарауындағы бургунд және Нидерланды иеліктері арасында орналасқан-ды. Людовик Өжет Карлмен бітім жасасты, сөйте тұра швейцарлықтарды соғысты соза беруге көндірді. Басқа біреудің қолымен от көсеу әманда оның дағдылы ісі болып кеткен-ді.


Бургундия герцогына қарсы соғыста швейцарлықтар жападан-жалғыз қалып қойды.


Таулы да жазық алқапты мекендеуші ерікті шаруалар мен қала тұрғындары, швейцарлықтар шағын республикаларға — кантондарға бірікті. Өз тәуелсіздіктерін мақтаныш еткен, жоғары жауынгерлік рухта тәрбиеленген олар әскерлердің жаңа түрлері мен орта ғасырлар үшін жаңа соғыс тәсілдерін ойлап тапты. Барлық азаматы бірдей жауынгер болды, жаппай соғыс тәсілдерін үйренді. Ұзын тұрықты найзалармен қаруланған олар ертедегі македондық әскерлер сапына ұқсас әскери шаршы саптар түзеді. Самсаған найзаларын үсті-үстіне төндіріп, атты әскер рыцарьларының жанталасқан шабуылдарына қирата соққы берумен болды. Тізе қосып қимылдай білмейтін жау отрядтары швейцарлардың тегеуірінді шабуылына төтеп бере алмай, быт-шыты шықты. Швейцарлар тұтқынға алу дегенді білген емес. Құн төлету ойларына да кіріп-шықпаған олар, жеңіліске ұшыраған жау әскерлерінің бірін де тірі қалдырмай, қырып тастап отырды. Олар жауларының үрейін ұшырды.


Шыдамсыз, күйгелек, басқалардың ақылына құлақ аспайтын Өжет Карл күллі жау атаулыға менсінбей қарауға бейім болды. Швейцарлықтар оған бітім жасасу туралы өз тілектерін білдірді. Бірақ олар өз тілектерін неғұрлым биязы білдірген сайын, герцог соғұрлым өршеленіп, өшіге түсті. Ганнибалға теңелмек боп өзіне-өзі серт беруі де нақ сол жолы еді.


1476 жылы Карлдық әскерлері мен швейцарлар Грансон қаласы маңында кездесті. Тау басынан сегіз кантон әскерлері құрамы тас түйін бекініп, айбат шеге ылдиға қарай түсіп келе жатқанын байқап қалғанда бургундтар жорық жағдайынан ұрыс жағдайына енді ғана ыңғайлана бастаған-ды. Карл өз рыцарларына — олар алдыңғы шепке орналасқан-ды — зеңбіректерден оқ жаудыру үшін орын босатып, шеткерірек барып тұрыңдар деген әмір берді де, дереу жауға қарсы шабуылға шығатын отряд жөнелтті. Бірақ олардың шабуылын жау тойтарып тастады, ал бургундтар рыцарьлардың бір тобы шегіне бастағанын, басқалары жан-жаққа бытырап бара жатқандарын байқап қалып, аспанды тітіркенте: «Шамаларың келгенде жан сауғалаңдар!» деп айқай салды. Екі жақтың әскерлері қоян-қолтық араласқан ұрыс басталмай қалды. «Жиырма мың әскер зытып кетті!» — деп зар иледі долданған Карл.


Ол әскер қатарын қайта толықтырып, швейцарлардың Муртен деген қаласының іргесіне келіп бекінді. Жаңбыр құйып тұрды. Швейцарлар көзге көріне қойған жоқ, сыбыстары да білінбеді. Карл өз лагерінде тынығып жатқан. Шабуыл жасалады екен деп күткен де жоқ. Сондықтан жау әскерлері келе жатыр деп өзіне хабарлағанда, әуелгіде сене де қоймады. Ал өз әскерлеріне ат үстіне қонуға, өзінің кіреукесін әкелуге бұйрық беріп жатқанында, шегінуге де мұршалары келмеді. «Грансон» деген ұран тастап, жау әскерлері лек-легімен Карлдың лагеріне лап қойды. Карл армиясының тең жарымы ұрыс даласында жер жастанды.


Карл соғысты тоқтатпады. 1477 жылы ол өз билігіне қарсы көтеріліске шыққан Лотарингиядағы Нанси қаласын қоршап алды. Лотарингияның герцогы швейцарлардан көмек сұрады. Карл шабуылды маңдай тұстан күткен еді. Одақтастар түтеп тұрған борасынды пайдаланып, Карлдың әскерлерін ту сырттарынан айналып өтіп, екі бүйірден соққы берді. Бургунд армиясы тас-талқан боп қиратылды.


Карл қоршауды жарып өтпек болып оқтайланды. Мұз құрсанған тоған үстімен келе жатып, аты тайып кетті, осы бір арада өзі де ауыр жараланды. Герцог мұрттай ұшты, сауытының салмағынан мұз жарылып кетті. Карлдың сүйегі ертеңіне ғана табылды, оны түсінен танып алудың өзі қиын болды: герцогтың басы тоғанның бетіндегі мұзға қатып қалыпты, үстіндегі аса қымбат сауыттары мен киім-кешегі тонаушылардың қолында кетіпті, ал денесі қаптаған жарақат пен қасқыр тісінен пәрша-пәршасы шығыпты.


Европадағы аса құдіретті билеуші саналып келген «Батыстағы ұлы герцог» осылай қаза тапты.


Әр алуан тайпалар мен әр алуан тілде сөйлейтін халықтардан құралған «аралық мемлекет» күйреді. Нидерландтар жері Герман императорларының соңынан Испан корольдерінің қол астына көшті; француздар жері — Бургундия мен Пикардияны — XI Людовик өз қарамағына алды.


Қайтыс боларының алдында ғана, 1482 жылы, Людовик өз иелігіне Марсель қаласымен бірге елдің оңтүстік бөлігіндегі бай Прованс графтігін қосып алған. Оның баласы VIII Карлдың тұсында 1491 жылы ең ақырғы тәуелсіз герцог иелігі — Бретань король қарауына бағындырылды. Францияның бірігуі осылай аяқталды.


Франция мен Бургундияның, король мен ірі феодалдардың күресі өз замандастарының хроникалары мен қолжазбаларында таңбаланып қалды. Людовиктің жаулары аз болған жоқ. Олар корольді «кекшіл тиран» етіп бейнеледі, өйткені феодалдық анархия өздері үшін «бостандық» болып көрінді. Олар корольге «Францияның ізгі әулеттерін құртып жіберуді», сөйтіп «дөрекі де зұлым қала тұрғындарының» мүддесін жақтаған билік жүргізуді көздеді деген айып тақты. Бургунд шежірешісі Жан Молине Людовикке «әлем өрмекшісі» деген лақап ат тақты.


Комин басқа көзқараста болды. Шегіне жеткен қажеттіктен тумаған соғысты есірік, әрі қылмысты құбылыс деп санағаны үшін корольді ол дәріптеп көрсетті, оның қажымас қызметін әңгімелеп берді. Комин Людовиктін өз өмірінің ақырғы жылдарында Францияда бірыңғай заңдар мен бірыңғай өлшемдерді енгізуді арман еткенін хабарлайды. (Бұл істі жүзеге асыру үшін тағы да үш жүз жыл және XVIII ғасырдың аяқ шеніндегі Ұлы Буржуазиялық революция қажет болды.) Комин былай деп жазды: «Егер құдай оның ғұмырын тағы да 5-6 жылға ұзартқан болса, онда ол өз корольдігіне көптеген игіліктер жасаған болар еді».


Францияны нығайту жолында Людовик, шынында да, аз еңбек сіңірген жоқ. Ол мануфактураны алғаш қолға алды, цехтарды қолдап отырды, жәрмеңкелер ашты, кітап баспасының дамуына ықпал етті. Людовик бай қала тұрғындарына арқа сүйеді, оларға дворян атақтарын жомарттықпен үлестірді. Ол өз маңына қала шонжарлары мен ұсақ дворяндар ортасынан шыққан кардинал Балю, Комин, Оливье ле Дэн Тристан Лемнит сияқты адамдарды көбірек топтастырды. Бірақ «ізгі әулеттерді құрту» деген оның ойына да кіріп-шыққан емес, әрине. Ол қалалардың дамуына ықпал етті, ал, бірақ қала тұрғындарының королі болған емес. XI Людовиктің күш-жігерінің арқасында Францияда абсолютті монархия — дворяндар қауымының мүдделерін көздеген корольдік күшті өкімет билігі орнықты. Сондықтан осы билік орныға түскен сайын XI Людовик пен оның мұрагерлері қала тұрғындарын өздері пайдаланып келген еріктері мен артықшылықтарынан бірте-бірте айырып келді, сөйтіп оларды дворяндық мемлекеттің мүдделері жолында қызмет етуге бой ұсындырды.


«Квентин Дорвард» — ұлы ағылшын жазушысы, тарихи романның негізін салушы Вальтер Скоттың (1771—1832) қаламынан туған 29 романның бірі. Скотт романға тарихилық сипатты тұңғыш енгізген, яғни өткеннің өз ерекшелігін, оның қазіргі заманмен ұқсамайтындығын аңдаған, тарихтан ұлы адамдардың іс-әрекеттерін ғана емес, сонымен бірге халық бұқарасының қимыл-әрекеттерін де көре білген жазушы. Бірақ Скоттың өткен ғасырдың алғашқы он жылдығында қалам тартқанын да ұмытуға болмайды. Скотт енгізген тарихилық сипат барлық жағдайда бірдей дәйекті болған жоқ.


Скотт Квентиннің соңынан ілестіре бізді бүлікшіл Льежге алып келген тұста тарихи шындықтан ауытқи береді. Өзінің басқа шығармаларында қарапайым адамдар мен халық бұқарасын ерекше бір жылылықпен бейнеленген жазушы көтеріліске шыққан қала тұрғындарын келемеж етіп суреттейді. Льеждің тоқымашылары, қасапшылары, ұсталары романда «арақ ішіп, қызып алған соң, ғана қорқуды білмейтін батырсынған» кейіпте көрінеді. Көтеріліс көсемдері — «демагогтар» да, ал олардың соңынан «беті-қолын жумаған сыбайлас серіктер» тобыры шұбырып береді. Романда граф Кревкер Льеж епископы «осынау жақсылықты білмейтіндер үшін тым мейірбан қожа» болды, ал «льеждіктер семіздіктен құтырғандар ғана» деген тұжырым айтады. Әлбетте, герцог сарайындағы адамның бұлай ойлауы да мүмкін, бірақ жазушы оның осы бір сөздерін түк те теріске шығармайды.


Льеждің, сондай-ақ Оңтүстік Нидерландының (қазіргі Бельгия) басқа да қалаларының тұрғындары өздерінің феодалдық билеп-төстеушілеріне қарсы жүз жыл бойы бітіспес күрес жүргізіп келді. Қала тұрғындарының феодалдармен күресі — таптық күрес болды, сондықтан қайсыбір кездерде ең бір кескілескен шегіне де жетіп жүрді. «Герцогтарды, графтарды және басқа рыцарларды шетінен аямай қырыңдар!» — Көтеріліске шыққан қалалардың бірінің көсемі ұрыс басталар алдында осындай бұйрық берді. «Тіпті сендер бәрімізді қырып салсаңдар да, күресті жалғастыру үшін қураған сүйектеріміздің өзі бас көтереді», — деді қала тұрғындары өз билеп-төстеушілеріне.


Льеж еркіндікке, өзін өзі басқару еркіне ие болды. Бургундия герцогтары қаланың аса қымбатқа түскен бостандықтарының тамырына балта шабуға тырысып бақты. Екі жақтың да өшпенділігі өрши түсті. 1466 жылы Льеж бен Динанның көтерілісшілері герцогты барынша мазақ етіп, Өжет Карлдың тұлыбын көшелердің бойында көтеріп жүрді. «Қарғыс атқан бұл адамдарды жерге қазықтай қағып жіберемін! — деп зілденді Карл. — Олар қамшым мен сойылымның дәмін тататын болады!» Герцог Динаннан өшін алды. Қала жермен-жексен етілді. Қос-қостап бірінің арқасына бірін таңып тасталған 600 қала тұрғыны Маас дариясына батырып өлтірілді. 1467 жылы Льеж тағы да көтеріліске шықты. Қала тұрғындарының жасағы талқандалынды. Қала халқы қисапсыз көп айып-салық төледі, сондай-ақ қала қабырғаларының әр тұсында опырылған апандай ойықтар қалып қойды. 1468 жылғы көтеріліс зығырданы қайнаған халықтың ашынғанының бір белгісіндей болды, өйткені льеждіктердің қолында ешқандай да қару қалмаған-ды, олар бірден-бір Францияның көмегіне ғана үміт артты.


Вальтер Скотт алты жүз кісінің ерлігі туралы әңгімелеген жоқ. Льеж қоршауда қалған күндердегі бургунд лагеріне түнде жасалған шабуылды ол Арден Қабанның зұлымдық жоспарына тели салды. Шынтуайтында мәселе мүлде басқаша болған-ды. Көршілес орналасқан графтікте тұратын алты жүз тау-кен жұмысшысы льеждіктерге көмекке келіп, түн ішінде Карлдың армиясына шабуылға шықты. Олар асқан ерлікпен соғысты, бургундтарды ауыр шығынға ұшыратты, бірақ өздері қоршауда қалып қойған олар бір кісідей түгел қаза тапты.


Романда Льеждің қатал жазаланғаны суреттеледі. Бұған қосымша мына бір деректерді айтуға болады; қала өртеліп жіберілді, мыңдаған адам оққа ұшты немесе Маас дариясына батырып жіберілді. Арден орманына барып паналағандардың ізіне түсіп оларды жабайы аңдарша қырып салды.


Вальтер Скотт Людовикті суреттегенде де толық әділ бола білмеді. Ол оны «корольдердің ішіндегі ең ақылдыларының бірі» деп атап, корольдің еңбегін көрсетуге тырысты, бірақ сөйте тұра Людовикті өзі өмір сүрген замандағы монархтардың ішіндегі «ең бір кекшіл», әрі «ең бір принципсізі» деп санады. Бұл арада корольге өш шежірешілердің Вальтер Скотқа белгілі бір дәрежеде әсер еткені көрініп-ақ тұр. Мұның сыртында Скотт тарихшылардың қолына кейінірек кезде тиген маңызды документтерді (мысалы, XI Людовиктің хаттарын) білген емес. Елді біріктіру, оның шаруашылығын көтеру мақсатында корольдің толассыз атқарған қызметін үстірт, ал оның жағымсыз, жиіркенішті сипаттарын бадырайтып көрсетеді.


XI Людовик мейірімсіз, қиянатшыл, кекшіл, ойын жүзеге асыруға келгенде ешқандай да тәсілдерден жирене қоймайтын адам болған. Бұл жағынан келгенде ол өз заманындағы, сондай-ақ соңғы замандардағы феодалдық басқа да билеп-төстеушілерден алысқа ұзап кете қойған жоқ. Бірақ оның есесіне ол өзінің ақылы мен зерделілігі, білімі мен әуестігінің кеңдігі, елдің талап-тілегін түсінуі жағынан солардың көбінен басым түсіп жатты. Оның мейірімсіздігі шектен асып кеткен сипат алмайтын, сөйтіп өзіне адал қызметшілері мен достарына қарсы, айталық, Россияда Иван Грозныйдың немесе Англияда VIII Генрихтің қаталдығындай қаталдыққа айналмайтын-ды. Өзінің бітіспес жауларына және опасыздарға ғана кек сақтады, бірақ Коминнің сөзімен айтқанда, өз жағына шыққан бұрынғы жауларына «өткендегі қылмыстары үшін ешқашан дұшпандық сезім танытқан емес».


Вальтер Скотт XI Людовиктің саясатына рыцарлықтың мұраттары мен рухын қарсы қояды. Ол «рыцарлықтың романтикалық рухы» туралы рыцарьлардың бойына «ақ пейілділік, жайсаңдық пен ізгілік» тән екені, олар «отанды қорғауға келгенде алдыңғы саптан табылуға» дағдыланғаны туралы қалам тербейді. «Квентин Дорвард» шығармасында Скотт рыцарлықты асыра мақтауға бой ұрған. Иә, рыцарлар әдептілікті — сыпайыгершілікті, сырбаздық мәнерді уағыздағаны рас. Бірақ олар өз орталарында ғана солай болды. Ал халықпен қарым-қатынастарында дөрекілік көрсетті, аяушылық дегенді білген емес. Рыцарь «жайсаң жанды адам болды» — ұлан-асыр тойларда төгіп-шашқанды, игіліктерін, олжаларын оңды-солды үлестіргенді мақтаныш көрді. Ал осы бір игіліктерге олар шаруалар мен қала тұрғындарын арсыздықпен тонау арқылы ие болып жүрді емес пе. Рыцарлар әскери атақты жоғары бағалады, бірақ олар отан деген ұғымды білген емес — кімнің жоғын жоқтап әрі кімге қарсы шайқасқа шығатындарында шаруасы да болған жоқ.


Вальтер Скотт рыцарлықтың күні өтіп бара жатқанына өкініші білдіре жазады. Рыцарьлық сол бір кезде, шынында да, өшуге айналған-ды. Соғыс деген рыцарлар үшін өмірлерінің мұраты мен мән-мағынасы болып келді. Сондықтан да рыцарьлық нақ ұрыс далаларында күйреді, өзінің қажет еместігін дәлелдеп берді. Монлери түбіндегі, Грансон түбіндегі және Муртен маңындағы ұрыстарды есіңізге түсіріп көріңізші. XV- XVI ғасырларда сауыт құрсанған атты әскерлердің орнын жаяу әскерлер басты. Корольдер жаяу әскерлерден құралған жалдамалы армияларға ие бола бастады. XI Людовик рыцарлар мұратына немкеттілікпен қарады. Замана талабы солай болды.


Вальтер Скотт корольді ол сәтсіздіктерге ұшырап, қорлық көрген күндерде көрсетеді. Жазушы Пероннадағы шиеленіскен оқиғаға ден қояды, бірақ нақ осы оқиғаның жазушы назарына ілігуі, сондай-ақ романның моральдық ой-желісімен де байланысты.


«Қайшылық» — бірінші тарау осылай аталады. Бұл XI Людовик пен Өжет Карлдың арасындағы, дөрекі саяси күш пен зұлымдық айлакерліктің арасындағы кереғарлық. Кереғарлықты жазушы ойлап тапқан жоқ, ол роман беттеріне тарих беттерінен көшкен. Романда герцог уақытша басым түскенімен, түптеп келгенде жеңіске король ие болатынын оқырман біледі.


Ал, бірақ моральдық тұрғыдан алғанда король мен герцог бір-біріне соншалық кереғар ма, соншалық қарама-қайшы ма? Өзінің алдына — Францияның бейбіт өмір сүруі мен оның тыныштығын көздеген мақсат қоя тұрса да, король залым, айлакер, қатыгез; герцог дөрекі, жауыз, есірік, әрі оның көздеген мақсаты елдің мүдделеріне қайшы келіп жатады. Герцогтың уақытша жеңісінен оқырмандар моральдық ләззат таба алмайды.


Көп аңғарыла қоймаса да, оқырман кереғарлықтың басқа бір қырына, Людовик пен Квентиннің арасындағы кереғарлыққа бейтарап қарай алмақ емес. Бұл кереғарлық бастан-аяқ жазушы ой-қиялының жемісі.


Квентиннің тұла бойына албырт ерлік, кіршіксіз көңіл тән, рыцарьлық атақ-абырой пасықтықтан ада болу керек деп түсінеді. Моральдық мән-мағына жағынан алғанда корольге мүлде кереғар тұрған герцог емес, нақ осы Квентин. Сонда қалай дейсіз ғой? Король әмісе арамзалық тор құрудан жалыққан емес, бірақ әр жолы сәтсіздікке ұшырап отырады, ал Квентин ізгілік пен адалдық өсиетті басшылыққа алады да, өз мақсат-мұратына жетеді.


Романның моральдық ой-желісі тарихилықтың қатал қағидасымен сабақтаспайды. Өзіміз таныс сол бір баяғы Коминнің күйіне хабарлағанындай, «адамдардың бір-бірін езіп-қанауына, сөйтіп бөтен біреудің игіліктерін мүмкін болған барлық тәсілдермен зорлық-зомбылық жасап, тартып алуға ешкім де бөгет жасамаған» қоғамда, аңғал да адал мінезді Квентиннің табысқа ие бола қоюы екіталай. Бірақ романның жас кейіпкері біздің көңіл күйімізді; баурап алады, сөйтіп, әрине, мұраттарды рыцарьлық өткен заманнан іздемесек те, ізгіліктің, ерліктің, отанға қызмет етудің үлгілеріне өзіміз кәміл сенетініміздей, жазушымен тізе қоса отырып, Квентиннің табысқа жететініне сенгіміз келеді.


Қазіргі шақта Вальтер Скоттың романына тарихи түзетулер енгізуге тура келетіні таңқаларлық жай емес. Керісінше, ондай түзетулердің өте-мөте аз қажет болатынына, ұлы ағылшын жазушысының өткен заманға жіті көз тастап, оны айрықша бір көркемдік шынайылықпен бейнелеп бере білгеніне таң қалуымыз керек: «Квентин Дорвард» әдебиеттегі өзінің ұзақ ғұмырында көркінен тайған жоқ, миллиондаған оқырмандар үшін маңызын жойған жоқ.


А. Завадье




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу