Өлеңдер ✍️

  05.05.2021
  201


Автор: Әбділда Тәжібаев

Құм

Құм менің құндағым ғой, бесігім ғой,
Өмірге бірінші ашқан есігім ғой.
Көктемде қозыменен бірге туып,
Ботамен ойнап бірге өсіп ем ғой.
Қиялды жетектейтін ерте күнге
Тыңдадым тасбақаның ертегін де.
Ызыңдап қурай әуел ән бастайтын
Өз сырып оңашада шертерінде.
Қарқылдап кәрі қарға сексеуілде
Айтатын көргендерін өз тілінде.
Айтатын сүрең жайын - сүргін жайын,
Айтатын қан төгіскен қырғын жайын.
Жататын өлген іздер, туған іздер,
Жататын қашқан іздер, қуған іздер.
Жаттадым соның бәрін, оқыдым мен
Жазғандай жүрегіме тоқыдым мен.
Естігем жылағанын бұлақтың да,
Естігем сыңсығанын құрақтың да.
Көргенмін қара түнде әлсіз жанған
Сәулесін алыстағы шырақтың да.
Сол сәуле кеткен алып мені алысқа,
Бермепті бір минут та демалысқа.
Кетіппін егде өмірін бастаппын да,
Кетіппін жас шағымды тастап құмға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу