Өлеңдер ✍️

  05.05.2021
  218


Автор: Әбділда Тәжібаев

Бес түлік жыры

БӨРТЕ ЛАҚ
Шөре-шөре, лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секектеме демінді ал
Селтеңдемей кұлағың.
Марқа туған бөрте лақ
Әңгімеме сал құлқк.
Ойнай көрме тым ұзап:
Боп жүрмесін бөрі тап.
Секіре ме, нетеді,
Тау текеден өтеді,
Сына ма деп тұяғың -
Сенен зәрем кетеді.
Шоли берме жан-жақты,
Болшы, бөртем, салмақты,
Жөнемексің, шұбыртып
Бар қозыны, бар лақты.
Шұнаңдама, қағынба,
Тарта берме қалыңға.
Жібермеймін тым ұзақ,
Жайылыңдар маңымда.

ӘУКЕШІМ
Әукім-әукім, әукешім,
Қасиыншы әукесін.
Енең әне келеді,
Ақ мамасын береді.
Ұзақ түндер бір жатып,
Әукешіңді жалатып,
Мейірің әбден қанады,
Аңсағаның болады.
Әукім-әукім, әукешім,
Қасиыншы әукесін,
Өссін, елге құт болсын,
Бауры тола сүт болсын.

БОТАҚАНЫМ - БӨБЕГІМ
Ботақаным - бөбегім,
Бейне туған баламдай.
Менің ана дегенім –
Сенің дағы анаңдай.
Қара көзің мөлдіреп
Қызықтырмай қоймайды,
Жібек жүнің үлбіреп,
Қарасам көз тоймайды.
Сахарада бір туып,
Өскен бірге саңдағым,
Көшкенде ауыр күн туып,
Түскен саған салмағым.
Көтергенсің бәрін де:
Жолыңда жүк қалмаған;
Шығар күйлер әлі де
Сүйіп саған арнаған.
Ботақаным - бөбегім
Жетіл, бекін атаңдай.
Сіңсін саған еңбегім
Ойсылқара атамдай.

ҚҰЛЫНШАҒЫМ - ҚҰНДЫЗЫМ
Құлыншағым - құндызым
Құлдырайды, шабады,
Жылтылдаған жұлдызым
Құстай қанат қағады.
Оқыранып енесі,
Жал-құйрығы сүзіліп,
Қуанышпен қарайды
Құлынына қызығып.
Еміренсе енесі,
Құлыншағы келеді;
Жұп-жұмыр боп денесі
Бауырына енеді.
Еміп алып мамасын,
Тағы қайта жөнеді,
Алаңдатып анасын,
Көлеңкесін тебеді.
«Жел» қояйын атыңды
Желден жүйрік - құлыным.
Күт, мінетін батырды
Теріс кетпес ырымым.

ТОРСЫЛДАҒЫМ - ТОРАЙЫМ
Торсылдағым - торайым,
Танауыңа болайын.
Өсіруге қолымнан
Жаңа келді орайым.
Жатырқама, торайым –
Болмас - ты деп қолайым.
Мал екенсің өсімтал
Мадақтаушың болайын.
Мойның майлы жал екен
Етің шырын - бал екен
Сені сүйген Ғабиттің
Шын ырысы бар екен.
Туса қозы егізден,
Туасың сен сегізден,
Қашатұғын қазақ па
Сегіз бенен семізден?
Жетті қолым табысқа,
Жібермеймін алысқа.
Қайырайын ауылға,
Kіріп кетпей қамысқа.
1942




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу