👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  05.05.2021
  73


Автор: Әбділда Тәжібаев

Көктем

Көтеріп күннің от лебін,
Көгімнен түсті көктемім.
Жылыта келді елімді,
Жібіте таудың бөктерін.

Көтеріп күннің от лебін,
Көгерте күнгей шөптерін,
Шулатып аққу, қаздарын
Көліме қонды көктемім.

Көтеріп күннің от лебін,
Әндете жетті көктемім.
Соқасын сүйреп шықты да,
Даламда байтақ, екті егін.

Бақшама кірді - гүл берді,
Кеудеме кірді - жыр берді.
Жаңбырмен жуып тазартты
Кірлеген қыстай үйлерді.

Әзірлеп спорт алаңын,
Ажарын ашты қаланың.
Қадады мықтап биікке
Футболдың жаңа жалауын.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы