Өлеңдер ✍️

  04.05.2021
  247


Автор: Ақгүл Тұрсынбай

Абылай ханның сынағы

Керей руынан шыққан жас батыр Жәнібектің (Жәнібек Бердәулетұлы) жау алдындағы қайраты аңыз болып, ел ішіне тез жайылады да, Абылай хан оны жете сынамақ болады.

Абылай ханның сынағы

Жәнібектің желбіреген байрағы
Талай жасты жігер бере қайрады.
Кеудесінде тасқындаған қуаты
Аңыз болып, ен даланы жайлады.
Хан Абылай «Аруақты ерін Абақтың
Неге жете білмеске?» деп ойлады.
Алты алашқа аты мәлім батырды
Сынамаққа белін бекем байлады.
***
Жарық айды құшағына жасырып,
Қара аспанның иығына асылып,
Буырқанған долы бұлттың көзінен
Ақ тамшылар жерге түсті шашылып.

Қараша күз.
Қара бұлттар күркіреп,
Жаңбыр төкті құйып, бірде сіркіреп.
Қараңғы түн.
Жапан түзде келеді
Хан бастаған қалың әскер дүркіреп.

Бейіттерден асып бірер шақырым,
Қалың әскер тоқтап, тікті шатырын.
Серігі боп, бірге жүрген қасында
Жәнібекке хан сөйледі ақырын:

- Сарбаздарым су соқты боп малшынып,
Жел соқты боп өкпе тұсы шаншылып,
Жол соқты боп шалдыққандай көрінді.
Кетпесе игі кеудесінен жан шығып.

Аңғал батыр ақ көкірек ер еді:
- Қан майданда өлсек шаһид дер еді.
Қарап жатып өлгеннің не жөні бар?
Отын жоғы қинап тұр ғой,-деп еді.

Хан сөйледі:
- Бейіт жаққа барып кел,
Жолдан ағаш күмбез көрдім, алып кел.
Бұл маңайдан отын іздеп таппассың,
Сол күмбезді отын етіп жағып бер.

Екі жолдас ертіп алып қасына,
Ешбір жерге аялдамай асыға,
Түн ішінде, суық желдің өтінде
Жетіп келді батыр бейіт басына.
Күмбез бұза бастағаны сол еді,
Тірі жанның зәре-құтын қашыра,
Көр топырақ арасынан ағарып,
Аруақтар айқайлады ашына:

- Мола болса да өзімнің баспанам,
Қайсың бізді жалаңаштап тастаған?
Қайсың менің күмбезімді қопарып,
Тыныш жатқан бейітімді таптаған?

Зәрлі дауыс кетті сол сәт жаңғырып,
Үрей билеп, ақыл-естен тандырып.
Қос жолдасы мың сүрініп-жығылып,
Ат-көлігін тастай қашты мәңгіріп.

- Ей, аруақ! Саған не жоқ көрдегі?
Тірі Абылай жатыр үсіп өлгелі,-
деп Жәнібек ашулана ақырып,
аруаққа арыстандай төнеді.

Жаңа ғана дебейлеген жекіріп,
Екі аруақ көрге түсті секіріп.
Түйеге артып батыр ағаш күмбезді,
Кете барды албырт көңіл лепіріп.

Көрге түсіп, топырақты қармаған,
Ақ матаға оранып ап алдаған
Аруақтар – Абылайдың адамы ед,
Жәнібекті сынау үшін жалдаған.

Олар айтты:
- Ханеке, біз ұтылдық.
Айқай салып, алғашында құтырдық.
Екілене тап бергенде Жәнібек,
Қаһарынан көрге кіріп құтылдық.

Бұл сөзден хан жүректілік байқады:
- Аруақ түгіл үркіте алмас шайтаны,
Арлан бөрім ашық майдан төрінде
Жаудан қалай тайсалсын?-деп айтады.

Ертесіне хан батырға бүй деді:
- Сөйлесуге кеше қолым тимеді.
Тыныш жатқан аруақты ояттық,
Қарғысына ұшырамасақ игі еді.


Батыр сонда:
- Елдің ханы – сен едің,
Қайтпас қайсар тарлан ері мен едім.
Уа, тақсырым, сен бұйырған жұмысты
Орындадым, мұнысы не демедім.
Ынтымаққа ұйыстырған бір елді,
Ұлы хансың, арқа сүйер тірегі.
Мен үшін заң – хан бұйырған әмір,-деп,
Қазыбекше термелетіп жіберді.

Сөздерінен ұшқындап от жарқылы,
Абылайдың өне-бойын шарпыды.
Батырлықтың не екенін түсінді,
Хан «Керейдің кербез ері» арқылы.
***
Өжет өрен, жүрегінің бар түгі,
Сөзге шешен, тамылжыған бал тілі.
Жәнібектің мәртебесі асқақтап,
Ел көгінде ақ сұңқардай қалқыды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу