04.05.2021
  33


Автор: Әбу Сәрсенбаев

Капитан ұлы

Теңізшілер өмірінен повесть


1


Күзгі Каспий түссіз бір бозымық жамылып, меңіреулене қалған. Бет құбылысын да, жүрек тынысын да аңғартпауға тырысқандай. Желі бойы жердегі «Үнді» кемесі де, бейнебір селдір перде сыртындағы силуэттей, буалдыр көрінеді. Одан әрі кімдер бары, не болып жатқаны беймәлім. Лүп еткен жел лебі, дір еткен толқын ырғағы болса ше! Бұл меңіреу тыныштық адам жүрегіне үрей салардай. Мынау мұнар артында не бәле барын кім білген. Кешегі бір көз жеткісіз көгілдір кеңістік, сол кеңістік үстінде тербеле тізілген «теңіз қаласы», түп бойы осы аймақты сансыз сәулемен кестелеген, ойнақы отты толқындар көрген түстей, алдамыш, көзден таса болыпты. Қапелімде, қауырт көтеріліп, бізді жұртына тастап кеткендей. «Қайда көшкен, неге асыққан?»


Күтпеген жерден әлдене кеме үстіне томп ете қалады. Көңілсіз ғана көз тоқтатасың. Сұрықсыз, шағын сұр торғай. Бейнебір сиқыр хабаршысындай, мазасыз шырылдап, көңіл күдігін күшейте түседі. Аяныш білдіргің, іс айыптағың да келеді.


— Алақай, жел болады екен!


Талдырмаш бойлы жеткіншек боз мұнар сыртындағы құпия құбылысты айқын болжауға тырысқандай, аумақты көздерін бір нүктеге қадай түсіп, манадан бері үнсіз отырған-ды. Қазір оны кенеттен шаттық билегендей. Мөлдір қарашықтарынан нұр шаша көңілдене күледі де, алдына қонған торғайға алақанын тосады.


— Кел, қорықпа, қорықпа, кел, қолыма қона ғой. Өзің бір қанатың қатпай қасірет тартқан балапан торғай екенсің... Жел әкелдім де, жел! Тек қайтыс желі болғай да...


— Ұлым, жел тілеме, ұлым!


«Шын тілек пе, әзіл ме?.. Әлде әуесқойлық па?» Жел аңсаушы жеткіншекке таңырқай да қызыға қараймын. Жас теңізшінің сәбилік қалпынан әлі де айығып үлгермеген дөңгелек, балғын жүзінде ерекше бір сүйкімділік бар. Бет бояуы тотыға тұрса да, әдемі ұсақ тістерін кіршік те шала қоймаған. Жарланбай біткен жазық маңдайы ашық жанды, ақ жарқындығын аңғартады. Рас, оның бойында өзі шамалас ересектерге тән ұшқалақтық жоқ. Керісінше, әлденендей жауаптылықты сезінген байыптылық, ойлылық бар. Көз құйрығынан мезгілсіз түскен алғашқы әжім ізінің сызаты байқалады.


— Ақсақал, «жел тілеме» дедіңіз-ау:— Жас теңізші әлденеге жымиды.— Мүмкін сізге ерсі көрінген шығар. Ал менің жел тілеуім әуесқойлық емес, кәсіп қамы. Қайтудан егер жел соқса, су астынан қайраңдар пайда болады. Итбалықтар аққайраңға өрмелейді... Біз аңшылыққа шығамыз... Соғыс болады. Сол кезді күтіп осында 300 адам октябрьден бері иіріліп жатырмыз. Жоспар бойынша 35 мың бас аулауға тиісті екенбіз, әзірге бар-жоғы 9 мың ғана соғыппыз... Үй жандары да біздерді үлкен олжамен күтеді. Ал біз...


Жеткіншек налысты раймен қолын сілтеп, күрсіне тыныстады. Ұлан жүзіндегі құбылысты көз қиығымен шолып мен де күрсіндім. «Адай жұрты балаларын ерте үйлендіреді деуші еді, осы шіркіннің бала-шағасы да болып жүрмегей!»


— Ұлым, сенің атың кім? Нешедесің?


— Атым Болатхан... Он жетіге аяқ бастым, ақсақал...


— Түу, жігіт болып қалған екенсің ғой, тіпті...


— «Үйленген шығарсың» демексіз ғой.— Болатхан кекесіндеу күліп жіберді,— Кешіре көріңіз, әзірге одан өзге тауқыметім де жетіп жатыр...


— Қайдам, ата-ананың ертерек аяқтандыруға тырысатын әдеті болады ғой... Олар қаншаға келді, өздері?


— Шешем қырық үште... Ал әкем биыл қырық бесте...


Ұлан дауысында кенет бір діріл пайда болған еді, осыны аңғартпауға тырысқандай, сөйлем ақырын бітіріп і н и, кілт бөгеліп қалды. Дәл ұшы имектенбей де, таңқыланбай да тік біткен, етегі де жинақы, қыр мұрынын жиі-жиі тартып қояды. Бір нүктеге қадалған зейінді көздерінің, кемері жасқа толған тәрізді. Ұзын қара кірпікті сәл қозғаса болғаны, сел төгерлік түрі бар. Әке төңірегінде қасіретті бір жайды еске түсіргенін аңғардым да, әңгіме тақырыбын өзгертуге тырыстым.


— Ұлым, мектепті бітірдің бе?


— Он жылдықты дейсіз ғой?— Әлгі бір сәт босаңси бастаған көңілін енді ғана қалпына келтірген Болатхан кәрі адамдардың салтынша күрсіне басын изей отырып, өкінішті үнмен жауап қайтарды.— Бітіре алмадым, ақсақал. Өкініштің өзі де осында... Иә, иә, бітіре алмадым. «Шығасыға иесі басшы» дегендей осыған өзімнің бір оғаштау қылығым себепші болды ма деп те өкінемін...


Адай ұлы әдейі пікір жинақтамақ болғандай, сәл бөгеле түскен еді. Мұңайыңқы жүзіне үнсіз ғана үңіліп, өкініш себебінің дерегін болжауға тырыстым. «Тегі, бір кешірілмес ауыр қылығы үшін қатігез әке оқытпай қойған-ды... Әлде тастап...»


— Иә, өкінгеннен не пайда!


Болатхан менің, ойымды аяқтатпай, тамағын бір кенеп алды да, әңгімеге кірісті. Бұл жолы ұзақ сөйлер түрі бар.


2


— «Толқында туғандар» романының кейіпкерлері тәрізді телегей жүзіп, сең кешкен елміз ғой. Әкем капитан болатын... Үйдегісінен түздегісі көп. Өз тілімен айтқанда, күзгі нөсер кезінде көк ала толқын жалында, қылышын сүйреп қыс жетсе, сеңнен сеңге секіріп, теңіз кәсібінде жүретін. Әр сапардағы әңгімесінің өзі қызықты бір дастан еді. Біз ұя кемерінде отырып, ата-анасын күткен қарлығаш балапандарындай, үлкенді-кішілі үш бала үбір-шүбір өрмелеп, әке тізесіне орналасатынбыз. Ол әңгіме бастар көз алдынан домалай түсіп, әке жүзінен көз алмай, құмарта да құныға тыңдар едік. Әкем бейнебір алымды артист тәрізді, бет пішінін сан рет құбылтып, әсерлендіре сөйлейтін... Кейде сәби жүректер дір ете де қалатын. Аңғарымпаз әке ондай кез бізді мейірімді құшағына қысып, көзінен жас аққанша күлетін. «Қорықпаңдар, балапандарым, аңшы деген халық мақтаншақ келеді... Өсіріп айтқанды жақсы көреді. Сенің мектебіңде бір сурет бар-ау. Байқадың, ба? Үш аңшының әңгімелесіп отырған кезі бейнеленген... Аңшы қияпаты дәл беріліпті... Күлкің келеді. Ортадағысы қандай бөсіп отыр. Он жақтағы жастауы аузын ашып, аңқиып қалған... Сол сияқты мен де аңшы емеспін бе? Осынын тең жармысы шын болғанда да қайда... Үрейленбеңдер, сары уыз сәбилер...»


Әкем осылай деп ұзақ күлетін. Жүректен үрей сейіліп, біз де күлетінбіз...


Асылы, сол әке әңгімесінің әсері болса керек, мені барған сайын бір теңіз құмарлық биледі. Кейде тіпті сағат бойы теңіз жағасында жүріп алатын болдым. Теңіз маған бейнебір адам мінезін аңғартқандай... Теңіз бетінің шар айнадай жарқырап жатқан тымық кездерін байқап көрдіңіз бе? Тымық болғанда бүгінгі сияқты боз мұнар емес... Жоқ, кәдімгі күн сәулесін өз бетінде ойнататын нағыз ақ тымықты айтамын... Адам баласының жан дүниесі жай тапқан жайдары көзіндей әдемі күліп жатады-ау! Сол ақ тымықтан кейін, жаңа ғана ақ жалдана бастаған албырт толқындар күміс үнмен күмбірлей ырғалып, шалқып жатар бір кезі болады-ау. Міне, теңіз жүрегінің осы кездегі тынысын тыңдап көрсеңіз... Қаншама үн, қаншама сыр жатыр! Ал нағыз дүлей кезін бақылағаныңыз бар ма?.. Дәл бір ашынған адам қияпатына көшеді емес пе? Манағы бір тыныш та тегіс телегей бетінде енді биік-биік шыңдар мен шатқал құздар пайда болып, қопарылыса жөңкіледі. Алаңсыз жатқан алыптың әлдекім тыныштығын бұзған тәрізді. Осыған ызаланған көк жойқын жағадағы жартасты толқын кеудесімен ұрғылайды. Ашулы ақ бас толқындар арыстандай ақырып, шың тасқа кезек-кезек соғылады да, лезде талқан болады. Осы сәт шың төсін шайып өткен ұсақ бұрқасынға көз салғаныңыз бар ма? Бір түстен екінші түске айнала тоқтаусыз өзгерген алуан бояулар құбылысын байқайсыз. Ал меңіреу жартас толқын ашуынан да, бояу ләззатынан да не аңғарсын, мелшиеді де қала береді. Міне, осындай кезде мен жар жағасынан кете алмаймын, Табандарым жабысып қалғандай, қозғалуға ерік бермейді. Жалт еткен асау толқын жалынан әкемді күтем. Кәзір ол шың ұшарына секіре қарғып, маған қолын созатындай. Мені де толқын құлағында ойнауға шақырардай... Ұзақ күтем... Үсті-басым су болады. Ақымақтығымды қараңызшы!..


Болатхан сәбилік кездің романтикасын кәзір ерсі көргендей сәл жымия бөгеліп, әңгімесін қайта жалғады.


— Иә, сол кездегі ақымақтығыма таңданамын. Ашулы толқын арасынан әкемді іздеуіме жол болсын? Ол кісінің «толқын жалында ойнаймыз» дегенін сол қаз қалпында түсінгенімнен шығар. Рас, кейде осындай бір дауылды кездері әкемнің кенет көк ала толқын арасынан шыға келетін шақтары да болады. Әрине, жаяу емес, кемемен. Асау толқынды алмас емсердей екі айырып, моторлы кеме жар жиекке жақындай бергенде-ақ мен айқайлай жүгірем. «Әке, әке, алақай!..» Капитан мінбесінен әкем де қолын созады. «Болатым менің... Терем менің!» Кеме пристаньға жақындаған секундта-ақ мен жүгіре барып әке мойнына асыламын. «Әке, кемеңмен қыдыртшы мені!» Анда-санда әкем бұл тілегімді де орындайды... Әке мен бала төбеміз көкке жетіп үйге ораламыз... «Айналайын, балапаным... Аман қайттың ба, құлыным?!»— деп кәрі әжем әкемді сүйеді. Әкем бізді сүйеді. Әжемнің алпамсадай әкемді «балапаным» деп сүйгені бізге ерсі көрінеді. Біз күлеміз. «Балапан, балапан!..» Ал өз шешемнің әкемді неге сүймейтіні мені мейлінше таңдандырады. «Әлде ұнатпай ма екен?.. Жоқ, менің жақсы әкемді ұнатпауға хақы бар ма?» Осыны талай рет сұрамақ болсам да, сағыныш қызығымен ұмытып кетем. Әкем тек отырды болды, біз үш тума тағы да тізесіне өрмелейміз. Әкем біздің бетімізді қырма сақалының тікенектей қылымен қытықтайды. Біз күлеміз. «Тағы да, тағы да... мені, мені!» Шат сәбилер мәз-мәйрам болып, ду ете қаламыз. Бізді қызықтап әжем мен анам күледі...


Жас теңізші дәл осы тұста сәл бөгеле түсіп, маған сұрақты пішінмен қарады.


— Ақсақал, «Лениншіл жас» газетінде, «Семья бақыты не?» деген мәселе қозғалды-ау, есіңізде ме, оқып па едіңіз?


— Оқығам,— мен басымды изедім де, қарсы сұрақ қойдым,—Иә, семья бақыты деген не, бәсе? Сен қалай түсінесің?


Мен бе, мен семья бақыты деген дәл біздің әлгі кезіміз... Үй ішінің ортақ ұғынысы, ортақ шаттығы дер едім... Дұрыс па, ақсақал?


— Әбден дұрыс, жігітсің, ұлым! Айта бер, иә...


Мен зейінді ұланды басынан сипап, төсіме қыстым да, асықтыра түстім. Мұным жалыққандық емес, әке туралы әңгіме аяқталмай қала ма деп қауіптенгендік. Өйткені әлгі бір сәт боз мұнар сыртынан жалғыз-жарым шынжыр шақыры естіле бастаған еді. Енді сол шақыр бірден-бірге молайып барады. «Теңіз қаласы» орнын ауыстырғалы жатпағай.


— Болатхан, уа, Болатхан!


Көрші кемеден естілген бұл дауыс маған қабақ шыттырды. Әке жайлы әңгіме аяқсыз қалар түрі бар.


— Аға, мен мұндамын.— Болатхан орнынан көтерілді.— Бір жерге жұмсамақ па едіңіз!


— Балық тапсыралық, қарағым!


— Жарайды, аға, кәзір.— Жас теңізші кешірім сұраған пішінмен маған бұрылды.— Ақсақал, сіз рұқсат етсеңіз...


— Әрине, рұқсат, жұмыстан қалдыруға болмайды ғой.


Әңгімені аз уақыт доғара тұруға тура келді.


3


Боз мұнар біраз сейіліп, «теңіз қаласы» қайтадан бой көрсете бастаған. Терістік желі еркін тыныстап, теңіз бетіне бедерлер пайда болыпты. Жаңадан ғана ақ жалдана түскен албырт толқындар бірін-бірі екшелеп, ширатыла көшеді. «Қала кварталдары» толқын төсінде ырғалады. Тек қана темір баржаның теңселер әзір түрі жоқ. Түн ішінде осынау шыңырау түбінен есіп шыққан кішігірім аралдай, мелш етпестен, маңғаз тұр. Өнбойына өркеш-өркеш тұз төбелер үйілген. Алғашқы бетте жоталана біткен ақ шыңға да жорисың. Әлгі бір сәт «теңіз қаласының» әр тұсынан жарыса жүзген моторлы ірі кемелер осы бағытқа бет түзеген еді, ал қазір сол баржаны қоршалай келіп тоқтаған. Теңіз батырлары қызу жұмыс үстінде. Қақпақтары ашылған трюм тереңінен қажырлы қарлар сермеліп, көк шулан жалтыр терілі, іркілдеген ақ майлар шорши қарғып палубаға түседі. Көлемі кіші-гірім доңыз тушасындай. Палубадағы адамдар әлгі майлы тушаны тор дорбаларға орналастыра береді. Қуатты үлкен крандар аумағы жылым үйдей, ауыр жүкті дорбаны ұзын тұмсығына іліп алады да, аспандата жөнеледі. Біраз көтеріп барғаннан кейін, ырғалта темен түсіріп, баржа бортындағы зор өлшеуішке қондырады. Тор дорба толы бұл жүктер — сүйектері ғана салынып, терісімен тұтас алынған итбалық майлары. Қалыңдығы кере қарыс. Өлшеніп болған тушалар дереу баржа трюміне аударылып, белгілі тәртіп бойынша реттеле береді. Сол майлы тушаларды тұз бен мұзға кеме бастырып, денелі екі жігіт тұр. Итбалық майын өңдеуші тәжірибелі мамандар болуға тиісті. Моторлы кемелердің бірінде әңгімеміздің бас кейіпкері Болатханды тағы да кездестіреміз. Уыз жастың ерен қимылы бар назарыңды өзіне аударардай. Денесі талдырмаш болғанымен, әрекетінде алымдылық бар. Доңыз үлкендігіндей зор итбалық тушасын іркілместен, ырғай лақтырады. Қимылына көз ілесер емес. Киімді де ықшам киген. Көйлек сыртында сырмалы жеңсіз кеуделік, мойнында жылтыр алжапқыш, резина етік қонышын балтырына дейін көтеріп алған. Бұл қаншама қызу жұмыс кезінде де тазалықты естен шығармас, ұқыпты адамның бойына тән қасиет...


Жүктерін тапсырып болған кемелер кейін серпілін, жаңа келгендерге жол бере бастады. Соның бірі Болатхан кемесі еді. Дәл осы кез теңіз жапалағы қуған шағын ғана бір ақ құс, адам баласынан қорғаныш сұрағандай, мазасыз шырылдап төмендей берді.


— Көгершін, көгершін.— Болатхан екі қолын жоғары созған күйі айқайлап жіберді,—Анау жыртқыштан қашып келеді... Келе ғой. Кел, алақаныма қона ғой, кінәдан пак бейбітшілік көгершіні... Мылтық қайда... Аталықшы, анау жыртқышты!..


Айқайдан үрейленген теңіз жапалағы ызалы үнмен шаңқ етті де, жалт бұрылды. Қанаты талған көгершін төмендеп келді де, одан әрі өз бойын өзі билей алмай, екі кеменің аралығына құлап түсті. Теңіз толқыны әлсіреген денеге күш бермек болғандай, көгершін қауырсынын ақ көбікпен жауып, тербете бастады. Бейбітшілік құсына Болатхан да ұмтылған еді, бірақ үлгірмеді, қолы ұзын егделердің бірі одан бұрын көтеріп алды. Ол «Сейсмика» теплоходының капитаны Александр Забурин еді. Жас теңізші алақанын тосты.


— Ағай маған беріңізші...


— Мә, інім... Тоқта, айтқандай...— Забурин құсты да қимай, баланың қолын қағуды да ретсіз санап ыңғайсыздана күлді.— Бірақ біз осыдан бірер сағат бұрын қанаты талып құлаған ана көгершінді толқын тепкісінен құтқарып алған едік... Қане, қайтеміз, әлде екеуін де сен аласың ба?


— Қисаңыз...— Болатхан жымиды.— Мен Таңатқанға алып барайын...


— Жоқ, жоқ!— «Сейсмика» теплоходындағы ересектердің бірі наразылық білдірді.— Мен өз көгершінімді ешкімге бермеймін.


— Жарайды, онда.— Болатхан, іштей ренжи тұрса да, мақұлдап басын изеді.— Ендеше сіздер-ақ алыңыздар. Жұбайларды айыруға болмас. Мынау ата көгершін екен. Мүмкін әкесін жоғалтқан бала шығар. Әлде баласын іздеген әке ме екен?


Жас теңізші одан әрі тіл қатпай, жасыл мойын көгершіннің мамық жүнін он қолымен мүсіркей сипап, сол қолын омырауына апарды. Дәрменсіз жәндіктің бармақ басындай жүрегі кеуде қақпағын кәзір-ақ теуіп шығардай, аласұрып, алқына соғады. Аяныш сезімі бойын билеген балғын жеткіншек өзімен-өзі кеңескендей, үнсіз ғана бас изеп күрсіне тыныстайды. Оның осы күрсінісінен де аңсау сарыны байқалады. Әрине, әкені аңсайды, әкені іздейді... «Қайда екен мұның әкесі?»


Сәл екпіндей түскен жел лебі қайтадан басылып, телегей үстін тағы да боз мұнар жапқан-ды. «Теңіз қаласының» өзге «кварталдары» тағы да ғайып болғандай. Бірақ қоныс аудармаса керек. Бозымық перде сыртынан, жұқа қаңылтырдай, мезгіл-мезгіл даңғыр ете ғап, кенет қайтадан үзілген әлсіз мотор даусы естіледі. Әлдекімдер айқайлай тілдесіп, дәрменсіз моторды кекесінмен ұзатады.


— Рақау, мынау қаңылтырдай даңғырлап жүрген кім өзі?


— Өй, әлгі Тоғайәлі де екі бастан... Әндірбаевты іздейді.


— Ха ха-ха.. тағы да адастырған екен ғой... Ол із - тұзын байқатпай тағы да айқасқа тайып тұрмасын...


— Бұл құнан орыстан оны күтуге болады... Өз қолхозының адамдарын жасырын жинайды да, тарта береді.


— Үн шығармау үшін көмейін насыбайға толтырады


— Ха-ха... Какой черт нашандік!..


Нағыз теңіз бөрісі Генералов екен ғой... Ал мынауың бишара болып шықты...


— Осы немелердің арамдығы болып жүрмесін?.. Кіл құнан орыстар...


— Қарлығыңқы дауысты әлдекім кейісті жандарға тоқтау айтқан болады.


— Уа, тарылмаңдар, таусылмаңдар, тумалар:


Бәріміз бір атаның баласымыз,


Жігіттер, бір-біріне қарасыңыз,


Мақтанба байлығыңа, барлығыңа,


Қуыста атаң қалған қаласыңыз...


дегендей...


— Ақмамбет, бұл пікіріңді қостай алмаймын. Барып тұрған ымыралық...


— Тек ымыралық қана емес, «дүнияуи мәселені қой, өлім келеді, өмірден без!» деген діни үгіт...


— Жоқ, тумалар, мені қате ұқпаңдар... Бұл тұтастыққа, бірлікке шақырғандық...


— Ақмамбеттің мұнысы да дұрыс. Алтау ала болса ауыздағы кетеді.


— Осындай тұтастықты көрсемші... Өзгенің бәрін адастырып өз адамдарымен ғана барып соққан... осы да тұтастық па?


— Алалық... Арамдық... ол балықтарын жасырып жүр тағы да...


— Ортаға салдырту керек...


— «Араға» жазу керек...


— Мәселе жасырын соққанында ғана емес, қаперсіз жатқан қалың балықты үркітті-ау. 20 мыңнан 3 мыңын ғана ұстап қалған...


— Қор еткенде, бір емес екі рет адастырды-ау!


— Мынау Тоғайәлі бишараның шалағайлығын айтсаңшы...


— Барлауға бірге барған аралын таба алмай, беталды адасады. Ашықауыз.


— Сендер сол Тоғайәлінің адастым дегеніне сенесіңдер ме?.. Өтірік айтады — әдейі адастырған...


— Ана жылғысы естеріңде ме?


— Әрине, тек өзіме ғана болсын дейтін қарау неме... Оның анау жасырын соққан балықтан үлесі бар... Тіпті аз соққандары да өтірік... жасырып жүр...


— Мынау Ақмамбет те үлестен құр емес...


— Жиылыс шақырту керек. Тексерту керек...


— Орнынан алдыртып, жада бастық тағайындаған жөн....


— Екі айлық шығынды осының өз мойнына жаздырту керек.


— Жігіттер, анығына жетпей тұрып, әзірге таусылмалық... Айтылды ғой. Тексерілер. Адам баласы ғой, мүмкін қателескен-ді.— Егделеу қоңыр дауыс тоқтау сала сөзге араласады.—«Желдетпей тұман ашылмас» дегендей, мына тұман ертең бір қайтыстан желдетіп ашылатын болса, татырға шыққан қалын, балықты қамап аламыз да, әбден кәні боламыз... Сонда Әндірбаевқа деген ашу тұманы бірге сейіледі, екі бастан.


— Рақа, аузыңа май!


— Әмин!


— Бірақ анау балықты ортаға салдырту керек.


— Сөз жоқ... Екі бастан, екі бастан...


Қабілетсіз бастыққа арналған ащы даттаулар осымен аяқталып, мұнар сыртындағы дауыстар біртіндеп тына бастайды. Болатхан әлденеге жымия күліп, маған қарайды.


— Жұрт ызасын естідіңіз бе? Наразылық мәнін аңғарған шығарсыз... Әрине, сіз газет тілшісі емессіз ғой, дегенмен де түртіп алыңыз, өмір шындығы жазушыға да керек болатын шығар...


— Мүмкін, газетке де жазып қалармын.


— Тіпті «Араға» жазсаңыз... Бірақ аңшы халық асырыңқырап айтуға үйір келеді дегендей, жаза қалсаңыз артық-кемін де ескеріңіз.


— Әрине... Анықтауды қажет етеді... Бұл жайларды әзірге сахна сыртында қалдыра тұралық.— Мен бөгеле түсіп, жас теңізшіге қараймын.— «Аңшы халық асырып айтуға үйір». Бұл сенің әкең айтқан сөз еді ғой.


— Иә, мен сол кісіден естіген едім.— Болатхан сәл мұңайыңқы үнмен жауап қайырады.— Мүмкін, ертеден келе жатқан-ды.


— Ал енді өзге жайды қоя тұрып, әзірге әке туралы әңгімені жалғастырсақ қайтеді? -


— Әңгімені өзіңізден тыңдасам деп едім.


— Мені тыңдама, оқы... Әлі өзің туралы әңгіме жазуым да мүмкін... Кәне, сөйле!


— Мен тұқым қуған аңшымын ғой.— Жас ұлан жұқалтымдау күрең ерін арасынан маржан тістерін түгел көрсетіп қулана күледі.— Өсіріңкіреп айтуым мүмкін...


— Қуланба, ұлым,— әзілге әзілмен жауап қайтарып мен де күлемін.— Байқа, мен өзім де аңшымын, алдай алмайсың. Ұқтың ба, ұлым?


— Ұқпадым, не айтпақ едіңіз?


— Айтпағым мынау еді. Біріншіден, аңшыны аңшы алдай алмайды. Екіншіден, жазушы деген атым бар. Сондықтан сенің сөзіңе өң беруім де, кейде өз ойыңды кеңейте, тереңдете түсуім де, кейбір оқиғаларды өрістете беруім де мүмкін...


— Сонда қаңқасы менікі, сылағы сіздікі бола ма?


— Жоқ, қаңқасы да, сылағы да сенікі, мен тек бояймын ғана, өңдеймін ғана. Осыған келісеміз бе?


— Ақсақал,—жас теңізші ұялыңқы пішінмен менің бетіме қарайды.— Сіз осы мен туралы бірдеңе жазудан ойыңыз бар ма?


— Мүмкін, қабілетім жетсе...


— Жоқ, қойыңыз.— Болатхан шын қысыла бастағандай.— Мен не сонша, батыр емен, ғалым емен, қатардағы «жауынгер», қарапайым теңізшімін ғана... Ең болмаса, капитан болсам екен.


— Міне, сен маған тақырып тауып бердің! «Қарапайым теңізші», жоқ, жоқ, «Капитан ұлы» деп жазамын. Осыған келістік пе?


— Капитан ұлы,— Теңізші бала бұл жолы көңілдене күледі.— Мен сол атақты ақтай алсам.


— Ақтауға борыштысың!


— Әрине,— капитан ұлы басын изеді,— әрине, борыштымын! «Капитан ұлы!.,»


Болатхан осы сөйлемді үлкен бір салтанатпен қайталай отырып, әңгімеге кірісіп кеткенін өзі де байқамай қалды.


5


— Капитан ұлы демекші, осы сөйлемді мен ең алғаш өз әкемнің аузынан естіген едім. Бұл 1950 жылдың күзі болатын. Әкем Гурьевке кеткен-ді. Оралар кезі болғандай. Асыға әр күн күтем де, жабығып үйге оралам. «Жолаушының кешіккенінен үміт ет, олжалы қайтады!»— дейді әжем. Олжасы не, ұқпаймын...


Ақ тымық күні тағы да алысқа үнсіз көз тастап, жар жиекте тұр едім. Теңіз шалғайынан шаншыла бір түтін көрінді де, секунд сайын анықтала берді. Әкем мінген кеме екен. Пристаньға жақындаған кезде-ақ айғайлай жүгірдім. «Алақай-ау, алақай!..» Капитан көпірінен күлімдеп әкем де маған ұмтылған. Қолында шағын қобдиша. «Әжемнің күткен олжасы әлде осы болар ма?..» Кемеден кемеге қарғи отырып, әке төсіне асылдым. Әкем мені мейірімді құшағына қысып, құмарта ұзақ сүйді де, жаңағы күрең қобдишаны мойныма ілді. «Әке, бұл не, әжеме әкелген олжа ма?..» Әкем масаттана күледі. «Жоқ, бұл саған әкелген олжам. Оқу жабдығы. Енді он бес күннен соқ мектепке барасың... Сен капитан ұлысың, сондықтан да жақсы оқуға тиістісің! Ұқтың ба?» Мен басымды изеп, батыл жауап беремін. «Ұқтым, жақсы оқитын боламын... Мен капитан ұлымын!..»


Әкем айтқандай сол жылдың сентябрі біздің үйді шексіз қуанышқа толтырып, мені мектеп есігінен ендірген еді. Ал өткен жылдың октябрі мені семья тауқыметін көтерер азамат қатарында біржола теңізге аттандырды...


Капитан ұлы әлденеге күрсініп, ұзақ уақыт үнсіз отырды да, кенет дыбыссыз ғана жымиып, әңгімесін жалғады.


— Сүйтіп, мен бір үйдің азаматы атандым. Ал осыған дайын ба ем?.. Жоқ, әрине, жоқ. Рас, менде теңіз құмарлық бар еді, кейін аңғардым, теңіз еңбегінің шын мәнін ұғынғандық емес, әншейін бір әуесқойлық, сәбилік екен ғой, мұным...


Сәбилік демекші, сәбилік көзің қызық қой. Мен ата-ананың тұңғышы екенмін. Екі жасқа жеткенше үй ішінің бар ермегі бір өзім ғана болыппын да, содан былай ата-ана мейіріміне ортақтастар мірге келе бастапты. Тетелес інім Таңатқанның талпынған кезі есімде жоқ.


Ал қарындасым Жания туғанда бесте едім. Оның алғашқы ащы «іңгасы» әліге дейін құлағымда. Алғашқы;»би күлкісі әлі де көздің алдындау Оянып алып, кейде бір уілдеп қана жататын. «Тоқтық тартып жатыр, қарғашым. Ел-жұрт тоқ болады екен!» дейтін-ді кәрі әжем. Кейде ол сықылықтай күліп, талпына қолын созады. Әжем әбден шаттанып, жоғары көтереді. «Ақ қанатты періштелер ұшырып жүр. Соларға қол созады». Мен оны ақ көгершін деп түсінемін. Бірақ көре алмаймын. «Әже, әже, қайда жүр әлгі ақ құсың? Ұстап берші біреуін...» Әжем төбемнен иіскеп күледі. «Құлыным, олар құс емес құданың періштесі. Олар бізге көрінбейді...» Әже жауабы мені қанағаттандырмайды. «Ендеше Жанияға неге көрінеді... менен қорқа ма?..» Әжем мүдіре жауап береді. «Жания әлі нәресте, құда алдында кінәсіз...» Соңғы сөзді бұзықтық шығар деп ойлаймын да, өзімнің бұзақы емес екендігімді дәлелдеуге тырысам. «Құда үйіне барғанда мен тентек болғаным жоқ... Қуғамын жоқ құстарын...» Әжем жымияды. «Құлыным, олар құданың құсы емес, тәңірінің періштесі...» Мен бұрынғыдан бетер құмарланамын. «Тәңірінің періштесі болса да, ұстап бер әйтпесе мен оларды...» Әжем жекіріп тастайды. «Тек, бар болғыр... Жаман болады...» Бұдан соңғы сұрақтарымның бәрі де жауапсыз қалады. Мені налыс билейді. Ал қарындасым көңілді. Күле талпынып, әлдеқайда қол созады. Мен қызыға қараймын. «Әттең Жания өзім болсамшы, ақ қанатты періштелердің бір-екеуін сирағына жіп тағып, ойыншық еткен болар едім!»—деп армандаймын...


Болатхан әлденені есіне түсіргендей сәл ойланып, тамағын кенеді.


— «Бәйтеректің бойынан жарып шыққан жас бұтақ сол мейірбан теректен барған сайын жапырағын алыстата береді. Бала да осы сияқты. Ес білген сайын ата-анадан шалғайлай түседі...» Мен осы бір қанатты сөзді ең алғаш өз әкемнің аузынан естіген едім. Кейін аңғардым. Бальзактың «Горье әкесінен» алған екен. Ол кісі кітапты көп оқитын да, мені де кітап оқуға құмарландыратынды. Сол «Горье атай» айтқандай, мен де жылдан-жылға өзімше топшылап, өзімше қабылдайтын болып барамын. Ендігі жерде әже ертегісіне сене де бермеймін. Ата-анамды құрметтей, сыйлай тұрсам да, өзімше сезініп, өзімше армандаймын. Кейде тіпті пікір таласы да болып қалады. Әрине, жәбірленерлік зілді шайқас емес, әркім өз ойын ортаға салған, еркін бір кеңес тәрізді. Мұндайда озат әке әжем мен анамнан мені қорғап, жымия басын изейді де, баяғы қанатты сөзді қайталайды. «Бәйтеректен өскен жас бұтақ даралана бермей ме?.. Кәзір бұл сәби емес, азамат, өз беті, өз пікірі болғаны оңды...» Кейде әке пікірін әжем де құптайды. «Жарайды, ата балаға сыншы дейік, тек аңғарып айтсаң болғаны!..»


Мен сегізінші класты бітіріп келген күнгі салтанатты дастарқан үстінде мынадай бір еркін кеңес басталды. — Ал, кәне, капитан ұлы,— әкем мені бауырына тартып, маңдайымнан иіскеді де, сүйсіне күліп, жүзіме үңілді.— Күзге дейін не істемексің?


— Теңізге шықсам деп едім...


— Ой, азаматым.— Әкем мені арқаға қақты.— Сен енді он беске келген жігітсің... Бұл жаста Гайдардың кім болғанын білесің бе?


— Білемін,—Мен еркелей күліп, әке кеудесіне құлағымды төседім. Әке жүрегі мазасыз соғады. Мақтаныш сезімі шығар-ақ.— Ал мен, білесіз бе кім болам?


— Кім боламын дейсің бе?— Әкем жүрегімді жүзімнен аңғармақ болғандай, бетіме ұзақ үңіліп өз кесімін айтады.— Каспийдің асау толқынын алақанда ойнатар, өзімдей алғыр капитан боласың!..


— Ха, ха.— Мен әке пікірін аяқтатпай күліп жібердім,— Каспий сияқты көлшікті шарлайтын... «Кәрі тасбақа» капитаны.


— Балам,— әкем намыстанып қалғандай, маған тесіле қарайды. Даусыңда бір ызғар бар.— Алдымен, қате айтыппын. Сені капитандыққа емес, Каспийді көркейтер ғалымдыққа оқытамын. Кенже ұрпағынан да шықсын бір мықты... Екіншіден, Каспийді сен қорлама. Океанға бермеймін мен оны. Білесің бе?


Сөз екпінінде намыс бола тұрса да, мен бұл жолы өз әкеме мейлінше сүйсініп қалдым. Ол Каспий теңізінің сонау бір миллион жылдардан бұрынғы кәне тарихынан бастап, бүгінгі болмысы мен келешегіне ой жүгірткендей.


— Білесің бе, Каспийді? Ол — осыдан миллион жыл бұрын Альпі мен Арал арасын түгел тоғытып жататын Сармат теңізінің мұрагері... қазіргі аумағының өзіне Англия мен Португалияны тұтас сыйғызуға болады. Ал ұзындығын сөз етсек, Германия мен Францияны еркін орап алады... Солтүстігінің әр гектарынан 40 килоға жуық балық ауланады... қаншама мол қазына, ә?.. Рас, Каспий» теңізі жыл сайын тартылып, тайыздап барады... қазір Каспий теңізін тереңдету, сібірлік өзендерді осында бұру міндеті тұр... Сол құрылыс батыры сендер болуға тиістісіңдер... мұрныңды босқа көтерме... Мен Каспийді океанға бермеймін.


Каспий патриоты қалың қасын жиыра түсіп, менің, жүзіме тесіле, үнсіз қарады. Өткір қарашықтарында ызалы, отты ұшқын бар.


— Кешір, әке,— мен өз сезімнің ағаттығын енді ғана аңғарып, төмен қарадым.— Кешіріңіз.


— Жарайды, жарайды, мұңайма.— Әкем мені қайтадан бауырына тартып, бетімнен сүйді.— Дайындала бер, ертең таң ата теңізге шығамыз... Тоғызыншы класс деген оңай болмас-ақ, оқулықтарыңды да ала жүр. Ұқтың ба?


— Ұқтым...


Осыдан өзге тіл қатпай, басымды ғана изедім. Ал Ұқтың ба?» мен «Ұқтымды» әрқайсысымыз әр түрлі аңғардық. Теңізге шығуға, оқулықтарымды ала жүруге қарсылығым жоқ, бірақ әкем жүргізетін тасымал кеме емес, жүз метр тереңдіктен электр жарығымен килька аулайтын «Нептун» экипажына қосылмақпын. Оған балық, жүрісін бақылайтын эхолот аппараты да орнатылған. Романтикаға әуесқой жеткіншектерді ғана емес, тіпті егделерді де қызықтырар жаңалық! Сол кеменің механигі Сартай ағай екеуміз құпия келісім жүргізгелі екінші апта. Содан бері рацияны, аулау құралдарын, механизм тетіктерін үйренудемін. Бұл сырымды өз әкем пен жасыру қылмыс та сияқты. Бірақ айта қалсам, жібермейтіні даусыз.


6


... Жанқия апайдан жасырынып кеткен Дауыл сияқты мен де іңір кезінде «Нептунға» келіп мінгенмін. Көп кешікпей-ақ Баутиннан шыққан үш кеме теңіз кеңістігіне қарай шалғайлай бердік. Аспан күмбезі ала бұлттана түсіп, жел лебі де екпіндей бастаған еді. Үш кеме кейде Пірінің соңынан бірі тізіле шұбалып, кейде қабырғаласа жүзеді. Құдды бәйгіге шапқан жүйріктей, жарысып келе жатқан тәрізді. Екпінді жел көтерген ерке толқындар


кеме төсінде күмбірлей күліп, аспандай шапшиды да, кубрик төбесінен асыра күміс борасын себелейді. Электр сәулесі мен су борасыны тоғысып, кеме үстінде алуан түсті, бай шұғыла толқиды. Оқ қанатымыз жасыл мұнарлана құбылып, сол қанатымыз солғындау қызғылт шапаққа бөленген. Әдемі де алуан бояулы нұр теңізінің ойнақы құшағында тербеле жүзіп келеміз. Неткен ғажап көрініс!


Маздай жанған Баутин оттары «Сәтті сапар!» дегендей, жымыңдай күліп, толқын тасасына жасырынған. Қазіргі сәтте бұл тұстан солғындау ғана ақ мұнар байқалады. Комбинат шамдарының мол сәулесі болуға тиісті. Сол мұнарға көз тігіп, күрсіне түсем де, «қылмысымды» еске алам. Бұл менің әке алдындағы алғашқы қылмысым, ақ көңілді әкемді алғашқы рет алдауым. «Неге алдадым, керегі не еді?» «Ерәлі» кемесіне толтыра жүк тиелген-ді. Әкем ертең сағат алтыдан Астраханьға жүрмекші. Мені өзімен ала кетпек болған-ды. Кешкі астан кейін мен «Ерәліге барып жатайын»,—деген ұсыныс енгіздім. Әкем менің қулығымды аңғармаса керек, көңілдене жымиды. «Е, дұрыс... Ерте ала таңнан ұйқыңды бұзып жүргенше, сонда барып жата қал!» Үй жандарымен асығыс қоштастым да, жүгіре жөнелдім. Кешігіп қалдым ба деп қауіптенген де едім. «Нептун» экипажы жада ғана жинала бастаған екен, қарғып үлгірдім де, кубрикке сүңгідім. Жағадан ұзап кеткенше көзден таса болмақпын. Сол бұққаннан жада ғана бой көрсетіп отырмын. «Ең болмаса хабарлап та кетпедім. Ақ көңіл әке таңертең мені іздеп әуре болады... «Суға түсіп кетті» деп қорқуы да ықтимал... неткен ақымақтық, неткен ауа жайылғандық?..» Құр күрсіне күбірлеп, өзімді-өзім ақтауға тырысамын... «Бәйтеректің бұтағы барған сайын жапырағын алыстата береді... кешіре гөр, әке, рұқсатсыз кеткенім болмаса, қылмысқа аяқ басқам жоқ... Арманым бар, ынтығым бар... Тереңде жүзсем, техника жаңалығын игерсем деп едім!»


Ашық теңізге шыққан сайын жел лебі манағыдан да гөрі екпіндеп, су борасыны кеме үстін тоғыта шашырайды. Қазір біздің керуен бейне бір шұғыл сына тәрізді үш бұрыштана қалыпты. Ең алдында озаттау «Нептун» заулап келеді. Бізден сәл ғана кейін, араларын тең тастап, «Баутинші» мен «Шмидт» кемелері қанаттаса жүзіпті. Құдіретті моторлар теңіз аспанын алуан ырғақты үнге толтырған. Ала бұлтқа малтығып, аспан биігінде ай дөңгелейді. Бұлт саңылауынан жұлдыздар сығалайды.Жоталана көтерілген апайтөс алып толқындар қызылды-жасыл жалдарын шұғылаландыра жеделдете, онсыз да жүйрік кемені жеделдете қуады. «Шұғыл жетіңдер, сендерді күткен олжа бар, асығыңдар!» дегендей. Талай мезгіл көзге ұйқы келместей, қарай бергім келеді.


Болатхан, уа Болатхан,— жауапты түнгі вахтада ұзақ. уақыт өзі тұрған Қанай капитан есіней түсіп, рубкадан басын сұғады да, мені өзіне шақырады,— бері кел.


Асыға жүгіріп, рубкаға кіремін.


— Қанай аға, не айтпақ едіңіз?


— Түнгі сағат он екі болды. Бар ұйықта!


— Күндіз ұйықтап алғанмын....


— Ұйқың келмесе осында отыр... үстің су болып қалды ғой...


Капитан ұсынысын қайт етпей, аз отырдым да, орнымнан көтерілдім. Рубка ішінен тек алдыңғы бағытты ғана болмаса, өзге тұсты болжай алар емеспін. Әйнектен басымды сұғып, төңірекке көз жібергім келеді. Капитан қарсылық етпеді. Енді еркінси бастаған түрім бар. Қанай ағаймен қатарласа тұрып, штурвал тұтқасына қолымды апарып та қойдым. Капитан бұл жолы да наразылық сездірген жоқ. Ол қалиян сыртымен қара мұртын сипай түсіп, жымия күлді де, төбемнен искеді.


— Немене, штурвалды ұстағың келе ме?


— Рұқсат етсеңіз...


— Мә, ұста. Бірақ, бері қара,— Қанай ағай сәл еңкейіп, штурвал алдындағы үлкен компастан бағытты көрсетті,— осы курстан аудармай ұста. Ұқтың ба?


— Ұқтым, аға... Аудармаймын.


Жас кеудемді мақтанышқа толтыра терең, тыныстап қоямын. Осы бір сәтте өзімді шын капитанға балағандаймын. Рубка кемерінде тұрған үлкен дүрбіні мойныма іліп те үлгіргенмін, мезгіл-мезгіл көзіме тосып, алысқа қараймын. Бұным тек бір әуесқойлық. Әйтпесе түн ішінде не көрінуші еді. Енді бір сәт телеграф аппаратына да көз жіберіп қойдым. Машина бөліміндегі Сартай ағайға «бар екпінмен» деген команда беруден де ойым бар. Тек капитаннан жасқанам. Ол теңіз картасына үңіле түскен күйі үнсіз отыр. Анда-санда ғана сәл көтеріле түсіп, компасқа көз қиығын жібереді. Кейде дауыстап та қояды. «Әй, көзіңе қара, рульді оңға!» Телеграф жазуларына назар аударған шақтарда сәл ауыстырып алатын болсам керек, кеме тұмсығын берілген курсқа дәлдей түсемін де, штурвалды алаңсыз ұстауға тырысамын.


— Міне, осылай түзу жүргіз.— Капитан енді бір сәт орнынан көтерілді.— Штурвалды игеріп алдың... үйрене келе капитан боласың!


— Капитандық қайда, әлі... Масаттанғандығымды сездірмей, іштей ғана жымиям. Капитан төбемнен сипайды.


— Өзің кім болғың келеді?


— Кім біледі... әзірге таңдаудамын... Капитан болу да жаман емес-ау... Әрине, океандық. корабльдерде...


— Оқу керек... Бұл техника заманы, атом заманы. Болашақ сендердікі. Біздің ата-бабаларымыз революция жолында қан төгіп, біздер үшін күрессе, кеше біз сендердің келешектерің үшін күрестік. Қан мен тер босқа кетпеген. Кәзір қанша ілгерілегенімізді сезінесің бе?


Қанай ағай сағатына үңілді де, рубкадан мойнын созып, жоғары қарады...


— Сонау бір жылтылдай жылжыған ақ жұлдызды қарашы...


Рубка әйнегінен мен де сығаладым. Бірақ, аспан жұлдыздарынан өзге ешнәрсе байқай алмадым.


— Көрдің бе, бері, бері қара!


Капитан сол көзін сәл қысып, оң қолының саусағын шошайтты. Сол бағытқа ұзақ қарадым. Аспан биігінде батыстан шығысқа қарай ақ жарқын жұлдыз заулап барады екен.


— Көрдім, ағай, көрдім. Бұл не, самолет пе?


— Жоқ, ақмақ.— Қанай ағай оң алақанын иығыма қойып, күліп жіберді.— Жер серігі!.. Көрдің бе, бүкіл әлем жүзіне біздің құдіреттілігімізді паш етіп барады.


Бізге де азық-түлік байлығын молайтыңдар, Американы басып озуға үлкен үлес қосыңдар деген жар сала заулайды. «Теңіз батырлары, менің қарқыныма ілесіңдер!» дейді... Міне, партия бізді осы мақсатқа меңзеп отыр. Қандай асыл мақсат! Біз сол мақсатты орындау жолындағы Отан солдатымыз. Сол молшылық күресіне барамыз. Ұқтың ба?


— Ұқтым, аға, ұқтым.


—Ұқсаң сол келешектің алымды адамы болу үшін оқуың керек. Техниканы меңгеруің керек.


— Дұрыс айтасыз, аға.


Жарық жұлдыз жалтылдап төбемізден өте берді. Капитан картаға үңіліп біраз үнсіз отырды да, орнынан көтерілді.


— Кәзір Сағыныдқ шамы көрінуге тиісті... Қауіпті тұстан өттік қой...


— Қауіпті тұсыңыз не, терең бе?


— Жоқ, інім, теңіз астындағы шоқы тастарды —рифтерді айтамын...


— Оны қайдан білесіз?


— Міне, мынау картада теңіз түбінің ой-қыры түгел көрсетілген.— Капитан рубка есігін аша беріп, артына бұрылды.— Байқа, бағытыңнан жаңылма. Мен барып Тоғайәліні оятайын.


— Сенуіңізге болады.


Капитан кубрикке түсті де, қайтадан көтерілді. Жаға жақтан жымыңдап, жалғыз сәуле көрінеді. Манағы Сағындық шамы болуға тиісті. Қанай рубкаға еніп, компасқа көз жіберді де, арқама қағып қойды.


— Жігітсің, Болатхан, жігітсің... Енді оңға таман ал... Жетті, жетті... Дәл осыдан аударма!


Енді бір сәт капитан қалиянын сора түсіп, маған әлде нендей сұрақты пішінмен қарап қойды.


— Ау, осы сені Әділхан қалай жіберді? Өзімен ала кетпек еді.


— Жіберді ғой...


Алдымыздағы от кеме болып, сонымен кері қайтармағай деген қауіппен әңгіме тақырыбын дереу өзгертуге тырыстым.


— Қанай ағай, біз қай жерден аулаймыз?


— Ерәлідегі базаға барып көреміз ғой...


Көп ұзамай екі көзін қос жұдырығымен уқалап, Тоғаң да келіп үлгерген еді, капитан бағытты дәлдеп берді


де, рубкадан шығуға ыңғайланды. Табалдырықтан аттай беріп, артына бұрылды.


— Болатхан, бар ұйықта...


— Әлі ұйқым келген жоқ, аға...


— Жетті, жетті...


Капитан бұдан әрі тіл қатпай, рубка жанындағы өз бөлмесіне енді де, есігін жауып алды. Мен шығуға ыңғайланған едім, Тоғаң шынтағымен түртіп қойды.


— Тоқта!.. Ұйқың келмесе, штурвалды ұстай тұр... Мен бір...


Қуанғаным сонша, үнсіз ғана бас изеп, штурвалға қайтадан жабыстым. Тоғаң тұқшаңдай домалап рубкадан шықты да, қапелімде оралмай-ақ қойды. Гальюн барса қайтар мезгілі болған еді, камбузда отырмағай...


Тоғаң әлі келген жоқ. Жабыққан да, шаршаған да сияқтымын. Қарларым да талып қалған. Көзге ұйқы тығылып, қалғи да бастағандаймын. Басымды бір көтеріп, рубка әйнегінен қарағанымда соңғы екі кеменің оза түскенін байқадым. Біздің жүрісіміз ірметіле түскендей. «Мотор екпінін бәсеңдеткен бе?» Телеграф тұтқасына қолымды апардым. «Бар екпінмен!» Дәл осы сәт қоңырау күмбір ете қалған еді. Рубкаға ентіге жүгіріп Сартай ағай кірді,


— Әй, немене, не болды?


— Аналар озып барады... қатты жүрелік деген едім...


— Сөзің құрсын... Бері бер штурвалды... мас адамдай, оңды-солды...


Сартай ағай кеме тұмсығын берілген бағытқа қайтадан туралап алды да, мазутты жұдырығымен желкеме бірді нұқып қойды.


— Әй, сені вахтаға қойған кім?


— Тоғайәлі ағай тұра тұр деп еді...


Капитан да сергек ұйықтаса керек, рубка есігін ашты да айқайлап жіберді.


— Саған жат демеп пе едім?.. Әлгі оңбаған қайда кеткен?


— Сен тұра тұр деп мана кеткен еді... көп болды...


— Құдай сақтаған.— Сартай ағай күрсіне жағасын ұстап, штурвалды капитанға тапсырды.— Анау кемелерге соғылып қала жаздаған...


— Әлгі итті дереу іздеңдер... Вахтаны тастап қайда жүр?


— Ашқарақ неме, сол камбузда отрымасын — Рақмет кәрия камбуз есігін ашып жіберді де, Тоғайәліні сүйреп шығарды.— Аңғары ашылған нәлет!


— Ашкөзденген ұятсыз!


Капитан әбден күйінсе керек, Тоғайәліні өндіршектен бүре ұстап, рубкаға сүйреп алды да, қабырғаға итеріп тастады.


— Вахтаны тастап... Аштан өліп бара жатыр ма ең?


Екі ұртын майлы етке сыналай толтырған Тоғайәлі кемсеңдей жылап, міңгір-міңгір етеді.


— Айым-ау, қайдан білейін... Өтінген соң... әлгіде ғана шыққан едім...


Мен де ақтала бастадым.


— Неге өтірік айтасыз! Шыққалы жатыр едім, штурмалды ұстаттыңыз да кетіп қалдыңыз... қайда, көп болды...


— Бұл иттің ішінде жылан бар-ды...


Капитан күрсіне басын шайқады.


— Ешкім жуытпай қойған соң аяп едім... Бекер-ақ алып шыққан екенмін... Ерәліге тастап кету керек.


— Керегі не... Екіншілей өйтпес... әйтеуір еш нәрсе бүлінген жоқ қой.— Рақаң селдір сақалын бір сипап, штурвалға қолын апарды.— Маған бер де, тынық...


Штурвалдағы алғашқы сағатым мақтанышпен басталды да, налыспен аяқталды. Капитан мейірімін мөлшерімен пайдалануым керек еді. Рубкаға алғашқы кіргенімде мейірім білдірген капитан қазір маған жалбыр қасын тас түйіп, ала көзден от шаша қарайды. «Тіл алмайтын қырсық па едің!» дейтіндей. «Енді қайтып бұл адам маған жылы қарар ма? Шынында да неткен доңызбын... Елде әкемді, мұнда капитанды ренжіттім... өз талғамың осы ма? Өз меніңе мезгілсіз тізгін тілейсің!» Күрсіне барып төсегіме құладым. «Не істедім, не істедім?»


7


... Ерәлі қақпа біздерді ерекше мейіріммен қарсылағандай, жайдары бір ақ тымық.


Жазғы күн қызыл барқыт шапанын жалаңаш шыңдар төсіне жая тастады да, аспан биігіне өрмеледі. Көгілдір күмбез бетінде күнді ұзатқан ақ ұлпалардан өзге шүйкедей бір бұлт болсашы. Аспан да, су да мөп-мөлдір. Гүл жердің көрінісі де тамаша. Жасампаз ұлы табиғат кәрі Каспийдің үлкен бір аумағын өркеш-өркеш шындармен айналдыра қоршап, тек теңізге кірер бағыттан кішкене ғана қақпа қалдырыпты. Бейне бір адам қолымен қаланған тас қамалға ұсайды. Тіпті жаға беті де жалаңаштанбай, тас жалдармен бекітіліпті. Қатыгез табиғат дәл осы тұста теңізші ұрпағына үлкен бір мейірім көрсетпек болғандай. Бұл тас қамал тегінде «Нептун тәңірінің» өзін де тойтаратын шығар-ақ. Тек қана дүлей басталмай, кіріп алсаң болғаны. Одан әрі қауіп жоқ, ықтында да тұра бер. Кешіксең кінә өзіңде!


Ал кіріс, кіріс оңай емес-ті! Кәрілер сөзін тыңдасаң төбе шашың тік тұрардай. Арна аңғары қатерлі, теңіз суы бетін ғана жасырған тас шоқылар бар деседі. Тас дуалды тұрғызған, мейірімді де ұста қол дәл осы тұста қайтадан қырсықса керек. Рақмет бабаның тілімен айтқанда «сақтансаң сақтармын!» дегендей. Желді күні арнаңа ең бір алғыр капитандар ғана болмаса, өзгелер кіре алмайды деседі. Бұл аңғар сонау ежелден талай жанды шыңырау түбіне тартыпты. Ертені қойып, кейінгілерін айтса да, арқада аяз жүгіріп, төбе құйқаң шымырлайды. Совет үкіметінің алғашқы жылдары қара жүрек дұшпандар Ерәлі деген өкілді мойнына ауыр тас байлап, осы аңғардағы шыңырау түбіне тастапты... 1948 жылы Түрікпеннен келген он кеме апатқа ұшырап, солардың біреуі ғана аман құтылыпты. Есенәлі ақын осы уақиғаның зарын шертер «Тоғыз қайық» деген өлең шығарған екен, «Баутинші» кемесінің капитаны Айса ағай қазір сол бір «бәйітті» домбыра пернесінде безілдете жырлап отыр. Тыңдаушылар қабағы салыңқы. Кезек-кезек күрсініп қояды. Жыр тілінде дәрменсіз бір мұң жатыр. Еңсеңді зілге бастырып, үрей шақырады. «Айтпаса екен, доғарса екен...»


Жылауық жырды тыңдамау үшін радио рубкасына барып кірдім. Қолтығымда Виктор Гюгоның «Теңіз бейнеткерлері». Сегізінші класты бітірген күні әкем сыйлаған. «Теңізшілер ұрпағының бейнетін жеңілтер білімді адам болуыңды тілеймін! Әкең Әділхан» деп жазыпты. Алғашқы бөлімдері аса ауыр оқылатын болғандықтан тек сыдыртып қана өткенмін. Ал қазір мынау Ерәлі қақпасының көрінісі сол Ламанш-Нормандия табиғатына ұқсас болғандықтан қайтадан оқып шықпақпын.


Шынында да, осы маң Виктор бабай суреттеген пейзажды қайталағандай. Бұнда да әр түрлі бейнелерге ұқсас шыңдар бар. Бірақ та тілсіз меңіреу. «Сырларын ашар археолог болсамшы!» Кітапқа да үңіліп, мезгіл-мезгіл Ерәлі қақпасына да көз жіберем. «Әттең, сонау биікке сол ағайдың ескерткішін орнатса... Болмаса мынау шың тастан тұлғасын тұтас бейнелеп, қолына фонарь ұстатса... Елім деп өлген есіл ер теңізге сәуле түсіріп, биіктен қарап тұрар еді-ау!


Ой соңынан ой келеді. Кітап бетін жабам да, дуал ішіне назар аударам. Тас қамалмен қоршалған ақ айдың беті ұшы-қиырсыз, көп ыдысқа толыпты. Бұнда ауыр жүкті кемелерді сүйрейтін қуатты теплоходтар да, кіші-гірім аралдай темір баржалар да, үстіне бірнеше қатар үй орнатқан өздігінен жүретін, үлкен-үлкен реп- режаторлар да, моторлы ірі кемелер де бар. Бұндағы адамдар да әралуан. Совет халқының талай өкілдерін кездестіресің. Тіпті киімдері де әртүрлі. Көпшілігі қазіргі теңізшілерше киінсе, бірен-саран адамдар сақалға қоса жақ жүндерін де өсіріп, қызыл кепеш киіпті. Гюго тұсындағы теңізшілерге еліктегендей.


— Болатхан, уа, Болатхан!— Радист жігіт аппарат құлағын маған ұсынды.— Мынаны тыңдай тұршы... мен далаға шығып келейін... Білем деп едің ғой...


— Білмегенде ше... Барыңыз...


Құлақты киіп алдым да тыңдай бердім. Радио тетігін білетінім де рас еді. «Ал, бірақ мынау жез тұтқа!.. Жатпай-тұрмай осыны үйренсем...» Шағын столдың шетіне орнатылған телеграф тұтқасына қызыға қараймын. Дәл менің осы ойымды аңғарғандай жез тұтқа қимылдай бастады. Қолымды соза бердім де, кері тартып алдым. «Бұзып тастап, тағы да ренжітермін...» Рубка есігін тез ашып, радисті шақырдым.


— Бекше, уа, Бекше!


Радист есіктен ентіге кіріп, телеграф тұтқасына қолын апарған бойда қарқылдап күліп жіберді.


— Ха-ха, ха-ха... әй, бала...


— Өй, неге күлдің, неге мәзсің?


— Әділхан ағай сені іздеп жатыр.


Күрсіне тыныстап, басымды изедім.


— Айтпай кеткен ем...


— Ақымақ, сөйте ме екен.— Бекше жекіріп тастады. —- Оларда ғой зәре жоқ...


— Әрине, ағаттық еттім...


Бекше телеграмманы қолыма ұстатты да, иегімен есікті көрсетті.


— Бар, капитанға өзің тапсыр.


Өткен ұят үстіне тағы да ұят жамалды. Иығым төмен салбырап, капитан «бөлмесіне» кірдім. «Бөлме» іші көк түтін. Үш кеменің капитандары мен көмекшілері осында жиналыпты. Әлденені кеңесіп отырғандай. Әңгімелерін бөлуге батылым жетпей, босағада тұрып қалдым.


— Кәне, тәуекел етеміз бе? Әлде бүгін тағы да...— Қанай ағай қалияньң сора түсіп, әркімнің жүзіне үңіле қарады.— Ойланыңдар...


— Айым-ау, тәуекел етпегенде.— Тоғайәлі өтінішті пішінмен капитанға бұрылды.— Әр сағаттың өзі қып-қызыл алтын болып тұрғанда...


— Өй, алтында басың қалсын... Түндегідей бір...


Сартай ағай әлденеге шарт ете қалды.


— Сенікі ер жігіттің тәуекелі емес, қарынбайлық... өлермендік...


— Өй, қойшы өзің... қыр соңымнан қалмай... онда кеттім мен. Кейін пәле жабасыңдар...


Тоғаң есікке қарай тұқшаңдай домалап, мені иығымен қаға түсті де, қайтадан бөгелді. Осы тұста Рақмет кәрия тамағын бірер кенеп қойған еді. Соның сөзін тыңдамақ болғандай.


— Сартай, саған не болған?— Рақаң өткір иектегі селдір сақалын бір сипап, түйме көзін механикке қадады.— Бұның ұсынысын да ескеру жөн... кейде бет алды айтатындары да болады... Болжаулары аптадан кейін... Тіпті босқа да кетіп жүреді... Менің буындарым әзірге сырқыраудан сау...


— Рақаң дұрыс айтады. «Шмидт» капитаны Қыдырәлі зор мұрынның көкшіл тұмсығын буылдық саусақтарымен уқалап, буырыл басын изеді.— Ал дауылдата қалса... Айналып жүрмей тік тартамыз.


— Әрине,— Рақаң да құптап қойды.— Бұл шыдыраудың әр шоқысы бізге аян. «Баутиншылар» не дейді?


Айса ағай иығын ғана көтерді.


— Сальян маңы болмаса, бұл жерді мен білмеймін. Ал тәуекел десеңдер... Қанекеңнің өзін тыңдалықшы.


Кеңестегілер назары Қанайға ауған. Жас та болса тәжірибесі мол. Толқында туған нағыз теңізшінің өзі деседі. Әкесі плашкут шкипарі, шешесі шаландада балық жарушы болып істеген екен. Қанай ағай дүниеге келген сағатта-ақ күзгі дүлей ажылын тыңдапты. Сол апатта әкеден айырылып, жетім қалған нәресте ана тәрбиесінде баулыныпты. Қанекеңнің өзге теңізшілерден көргені де көбірек. Тек Каспий ғана емес, Балтықты да, океандарды да шарлапты. Соңғы соғыс кезінде сүңгуір қайықта да істеген. Балтықты бойлап, жау торып, тұңғиық жүзген жауынгер. Погондарын тастағанмен де, әліге дейін әскери теңізшілерше киінеді. Жауынгерлік ордендерін тек мереке күндері ғана тағынады. Соғыс тұсындағы жаралану зардабынан болса керек, он аяғын сәл ғана сылти басады. Сол қолының саусағын дұшпан оғы жұлыпты...


Осыған көре кәрі-жас Қанайды аға тұтып, алға ұстайды. Бұл кісінің түрі де, тіпті мінез-құлқы да өзгеден гөрі бөлектеу. Бет әлпеті қазақтан гөрі африкандықтарға ұқсастау, бейне бір қоңыр лакпен бояп қойғандай, жылтыр қара. Кең маңдайдың дәл ортасы сәл ойыла түсіп, одан әрі екі шекелікке қарай жоталана біткен екен, сол жоталар етегін жалбыр да қою қас жапқан. Мұрын шеміршегі маңдай деңгейінен аласармай, қою қасты қақ жара, тік түсіпті де, дәл ортасы дөңестене қалыпты. Денесі де әрі ірі, әрі тұтас, сом жатыр. Бет бояуының сонша қара болғандығынан шығар-ақ, адамға қараған кезде аумақты ала көздері де, күлген шақта ірі ақ тістері де жалт ете қалады. Рас, ол аз күледі, сараң сөйлейді. Келелі бір кеңес болмаса әңгімеге араласа да бермейді. Қолы босаса болғаны әлденендей техникалық кітаптар бетіне үңіледі. Әкеммен екеуі сырттан оқып жүретін, асылы, сабақ дайындалумен болатын-ды. Қазір де сол томдардың біріне үңіле түскен екен.


— Қанеке, кәне, сөйлеңіз.— Айса ағай жымия күліп, кітап бетін алақанымен жаба салды.— Бір сәтке қоя тұрыңызшы.


Қанай капитан кітаптан басын көтерді де, стол тұсында ілулі тұрған бөбек суретіне қарады. Жалғыз ұлы Нұрәлісінің суреті. Кеш үйленген, Тоқтамыс әке, келешек сапар туралы өз бөбегімен кеңескендей, біраз уақыт үнсіз отырды да, батыл шешімін айтты.


— Мен тәуекел еткелі отырмын... Теңізден жайбарақаттық күтіп қашанғы жатамыз...


— Өй, қалқам, дұрыс айтасың.— Тоғаң қутындай жымыңдады.— Кеше күт, бүгін күт... әр сағат қып-қызыл алтын...


— Тағы да алтын...


Механик мысқылдай басын шайқады.


— Сәке, орынсыз кекеудің не керегі бар... Біз Американы азық-түлік молшылығы жағынан қуып жетеміз деп жүрген күрескерлерміз. Әр сағаттың алтын екені рас. Күрескерге жайбарақаттық, серік емес. — Капитан орнынан көтеріле берді де, маған қарады.— Әй, кәк етіп қойған баладай, сен неғып тұрсың, бозарып?


— Аға, сізге телеграмма...


Басымды жерден көтермей, қолымдағы қағазды капитанға ұсындым. Қанай ағай дауыстап оқыды да, ;әуелгі сәтте жалбыр қасын тас түйіп, ала көзден от шаша қарады.


— Рұқсат етті дегенің қайда, неге өтірік айттың, ә?


Көзімді жерден алмастан, үнсіз ғана күрсініп, әр кімдердің жүзінен қамқоршылық іздеймін. Жиналған жұрттың біразы жылы рай білдірмей, дуылдаса, жарыса дауыс көтерген.


— Өй; о неғылғаның?


— Қазір кері қайтару керек.


Кің... Кің... Айым-ау, қарасын батыру керек.— Тоғаң, да кен танаудан пысқырып, мені иығымен бір қағып қойды.— Өй, кәпір, өткен түні осыған сенем деп... қырылып қала жаздадық қой... қайтарыңдар...


— Тоғайәлі, не күйсеп отырсың?— Сартай ағай тағы да шарт ете қалды.— Сенің вахтаңа бала жауап бере ме?


— Кің... Кің... Бала болса неге алып шықтың? Қайтар!— Тоғаң мені тағы да бір қағып тастады.— Шық бар!


— Қайтпайды!— Сартай ағай Тоғайәліні жағадан сілкіп жіберді.—Ұрынба балаға.


— Әй, Сартай, қой, қой. Кеңсірігіңді...


— Жетті, доғарыңдар!—Қанай капитан үлкен жұдырығымен столды бір ұрып, жекіріп жіберді.— Ұлы апат бола қалған деп ойларсың...


— Әй, ұлым, ұлым,— Рақаң сөйлер алдындағы дәстүрі бойынша, сақалын қолымен бір сипап, тамсана басын шайқады.— Келуін келіп қалған соң, қайтармай-ақ қойыңдар.


— Әрине,— Қанай ағай столына еңкейіп, алдында жатқан қағазға бір ауыз сөз жазды да, маған ұсынды.— Бар, дереу хабарлаңдар...


Жаным жаңа ғана жай тапқандай, терең-терең тыныстап, жүгіре жөнелдім. Жол бойы оқып келем: «Баутин». «Ерәлі» капитаны Кенжинге. Әділхан, достым, кешіре гөр. Болатханды мен алып кеткен едім. Өзіммен бірге қайтады. Уайым жеме. Сенуіңе болады. Достың Қанай» деп жазылыпты. «Уралай» келіп рубкаға кірдім. Әкем мейірімі де мол, ашуы да қатты адам еді. Алайда, Қанай ағайды сыйлайтынын білемін...


8


... Ерәліден шыққан үш кеме теңіз орталығына қарай тартқанбыз. Қазір теңіз аспаны мұнарта түсіп, алғашқы жұлдыздар да жымыңдай бастаған. Батысты жапқан қызғылт нұр әлі де тарап болған жоқ. Телегей теңіз бетінде кешкі самал тербеген, майда ғана толқын бар. Үш кеме кейде бір-бірімізден қарамызды үзіп, кейде кенет жақындай түсіп, кен аумақты шарлай жүземіз. Қанай ағай рубкада тұр. Екі көзі эхолот экранында. Енді бір сәт ол мені шынтағымен қағып қойды.


— Қара, қара, көрдің бе?


Мен де үңіле қарадым. Экран бетіне әлденендей жасыл нүктелер пайда болыпты. Бірден-бірге қоюлана түсіп, тұтасып келеді. Тағы да бірер минуттан кейін әлгі жасыл нүктелер экран бетін толқындай жаба бастаған еді. Сол манды сүзіп шыққаннан кейін капитан телеграф тұтқасын шылдыр еткізді де, рубка терезесінен сол қолын сілкіп тастады.


— Зәкір жіберіңдер.


Мотор үні баяулап, кеме тұмсығынан шақыр-шұқыр шынжыр даусы естіле бастады. Жүз метрлік тереңге тоқтаған екенбіз. Ауыр зәкір теңіз түбіне жеткенше талай мезгіл өткендей. Дәйек таппай асыға күтемін. Экипаж адамдары кеменің екі бортына шоғырлана жиналған. Мен ғана емес, олардың, жүздерінде де асығу бар тәрізді. Аузы күрке орнындай темір шеңбердің орнатылып, түп жағы үшкілдене тартылған тор көзді зор қоржынды екі жақтан да жіберуге дайын тұр. Темір шеңбердің дәл ортасынан төменірек түсіріліп, үлкен электр шамы бекітіліпті. «Нептун» біраз уақыт ақырын ғана ырғала, шегіне келіп, дір етті де, тоқтады. Рубка алдында тұрған капитан екі қолын бірдей сермеп тастады.


— Жіберіңдер, түсіріңдер!


Капитан жарлығына ілесе лебедка арқандары шиқылдап, түбі сүйір қоржын тор қара қошқыл шыңырауға сүңги жөнелді. Шам жарығы әуелгі сәтте үй орнындай аумақты айқын сәулелендіре жылжыған еді,тұңғиық түбіне тереңдеген сайын көмескілене түсті?. Менің үшін бәрі қызық, бәрі жаңалық. Екі жаққа кезек, жүгіріп, үңіле қараймын. Тұңғиық түбінде не болып жатқанын білуге құмартам...


— Әрі тұр, әрі, құлайсың!


Жұмыс кезінде мейлінше мазасыз Сартай ағай мені желкеден бүре көтеріп люк үстіне отырғызады. Биіктігі өзіммен бірдей аласа ғана жігіттің қайраттылығына таңданамын. Бүкіл денесі. тек күштен ғана құралғандай. Оның қимыл-әрекетінде де аса бір шымырлық бар. Екі жақтағы көтеру құралына кезек жүгіріп, дәйек таппайды.


— Көтер... Түсір... Болды... Жетті...


Әлден уақытта лебедка іске қосылды да,, оң, қанаттағы қоржынды көтере бастады. Қоржын жоғарылаған сайын теңіз беті сәулелене келіп, енді бір сәт шам өшіп қалған еді, осының артынша аумақты бір ақ сүр нәрсе кеме палубасына асылды. Енді ғана аңғардым. Манағы сүйір тор кен, кір қоржынын керней толтырып алған екен. Біраз жоғарылап барды да, шеңберлене толған қарнынан шүпірлеген тірі килькаларды ақтара бастады. Бейне бір күміс өзен құйылып жатқандай. Аумақты ағаш жәшіктер палубаға тізіле қойылған. Алымды жігіттер әлгі жәшіктерді тұз бен мұз аралас ақ күміс килькаларға толтырып, қатарластыра қалап жүр. Осы топтың қалың ортасына мен де араластым. Алғашқы кезде сәл жасқаншақтау қимылдаған едім, сәлден кейін-ақ жұмысқа әбден құнығып алдым. Ауыр жәшіктердің бір басын іркілмей, еркін көтеремін. Кеме экипажы мені көтермелей, мақтап қояды.


— Ау, мынау Болатханды көрдіңдер ме, от екен өзі!


— Нәп-нәзік бола тұрып, қайраттысын қарай гөр!


— Е, капитан ұлы емес пе!


— Әкесіне тартқан нағыз қасқыр екен!


— Жолы да жақсы болды өзінің.


Менің адресіме қошемет сөздердің небір қанаттылары айтылып жатыр. Бұл сөздер мені бұрынғыдан да бетер жігерлендіре түседі. Маңдай терім көзіме құйылып, жан аямай қызу істеймін. «Әттен, әкем келіп, көрсе еді осы кезімді. Өзі де сүйсінген болар еді!» деп ойлаймын ішімнен.


— Бекше, уа, Бекше,— капитан радиске бұрылды,— Аналарға тілдесші. Балық тауып па екен? Өнімсіз болса бері шақыр.


— Айым-ау, қой.— Тоғайәлі ұнатпаған раймен пысқырынып қойды.— Шақыртып... Кің...


Қызу жұмыс үстінде бұны ешкім елей де қойған жоқ еді, Бекше тез оралды.


— Жолдас капитан, ұйыққа кездесіпті.


— Бәрекелде, тұтас жатқан балық болды ғой...


Енді бір сәт екінші қанаттағы қоржын да жоғары


көтерілген еді. Одан да күміс өзен сауылдап, палубаны толтырып-ақ тастады. Қызу жұмыс тоқтар да емес, экипаж адамдары шаршар да емес, бірін-бірі әзілдей сөйлеп, асығыс қимылдайды. Екі қоржынның бірі түсіріліп жатқанда, бірі палубаға көтеріледі. Көтерген сайын күміс өзендер құйылады. Алып шыққан бар жәшік килькаға толып та болды. Түн ортасы ауғалы да талай уақыт. Қазір таңға таяу болса керек. Солтүстіктен жел лебі де екпіндеп келеді. Манағы майда толқындар жоталана түсіп, ақ жалдана бастаған. Қанай ағай жел өтіне біраз қарап тұрды да, қолын кетерді.


— Тоқтатыңдар! Жетер енді, жүреміз.


— Айым-ау,— Тоғаң таңдана қарап пысқырынып қойды,— Кің... Кің... Қып-қызыл алтынды тастап кетеміз бе?


— Енді қайда салмақпыз?


— Мыналарды трюмге төгіп босатпаймыз ба?


— Қанағат бөлем, қанағат.— Қанай басын шайқады.— Трюмге тексең қып-қызыл алтын қолаға айналады... қайта жәшіктерді ішке түсіріңдер. Таяу тұрған қабылдаушы жоқ...


— Я, я, қанағат.— Капитан ұсынысын Ракаң да құптады.— Ашық-жарықта жетіп алайық. Мына жел лебі де...


— Бекше, уа Бекше,— капитан радио рубканы меңзеді.—Аналарға хабар бер, дереу жиналсын... қайтамыз де!


— Қазір, капитан, қазір.


Бекше бұл жолы да шұғыл оралды.


— Жолдас капитан, хабарладым. Өздері де қайтуға дайындалған екен.


— Сәке, моторды дереу іске қос. Суырыңдар зәкірді.


Мотор даңғыры мен шынжыр шақыры бір-біріне ұласып түнгі аспан жаңғырыға түскен еді. Көп ұзамай-ақ кеме тұмсығы келген ізімізге қарай бұрылды.


— Желкенді дайындаңдар,— Қанай ағай рубка терезесінен басын сұғып, тағы да айқайлап қойды.— Бекше, аналарға да хабарла. Желкендерін көтерсін. Жел күшейіп келеді. Тез жетелік... Рақа, орташа екпінмен. Аналар жетіп алсын.


Рақмет кәрия сол қолын телеграф тұтқасына апарды. Телеграф қоңырауы кезек күмбірлеп, мотор екпіні баяулай түсті. Аздан кейін арттағылар да таяна түскен еді, капитан бұйрығы бойынша желкен де дереу көтеріліп, қуатты мотор да бар екпінге басты. Желкендер қарнын жел кеулеп, үш кеме қатарласа заулап келеміз. Жел екпіні барған сайын күшейіп, толқын сарылы молая түскен. Су борасыны кеме үстін мезгіл-мезгіл жауып өтеді де, алуан түсті ғажайып шұғыла пайда бола қалады. Қызыға қараймын. «Борасын үдей түссе екен, шұғылалы сәуле үзілмесе екен!» Әуесқойлық тілегімді аяқтағанымша болған жоқ, радист рубка есігінен асыға кірді де, аптыға сөйлеп, қолындағы қағазды Қанайға ұсынды.


— Капитан, капитан, дауыл келеді, дауыл келеді.


— Ақырын, ақырын... үрейлендірме жұртты!


Капитан жалбыр қасын бір қағып, қағазға үңілді де, көмекшісіне бұрылды.


— Рақа, қайтеміз? Орағытып жүрсек дауыл қуып жетеді. Өкпе тұстан таяу тұр. Тіке тартсақ... ә?


— Тарт, тәуекел.— Рақаң басын изеді.— Қақ тәңірге сиындық!


— Ал, тәуекел! — Капитан радиске иегін қағып қойды.— Хабарла. Тік тартамыз. Бізге ерсін... Айса ортада болсын. Бар тез...


— Мақұл, мақұл, капитан!


Экипаж адамдары хабарланып қалса керек. Камбузға кіріп жоқ болған Тоғайәліден өзгелері рубка маңына шоғырланған. Жүздерінде үрей бар.


— Ойпырым-ау, енді қайттік?


— Капитан, капитан, қайда барасың?


— Тасқа соғып, қырасың ғой...


— Тоқтау керек. Геркулесті жіберу керек.


— Шықпай-ақ қоятын...


Капитан ала көзден от шаша, жекіріп тастады.


— Шуламаңдар! Қырылмайсыңдар. Қырмаймын... Әрқайсың орындарыңа барыңдар... қайықты да дайындап, белдіктеріңді де буынып алыңдар!


Үрейлі жандар үнсіз тарасты да, кішкене қайық түсірілуге дайындалып, әркімдер-ақ «сақтану белдіктерін» буынды. Күрсіне түсіп, күбірлесе сөйлеседі.


Әлгіде ғана қатарласып келе жатқан үш кеме, қазір бейне тіркесіп алғандай, бірінің соңынан бірі тізіле қалыпты. Араларын да таяу ұстаған. Арттан қуып нөсер келеді. Аспан күмбезі мазасыз шатырлап, қара бұлтты бөксере найзағай семсері жарқылдайды. Менде зәре жоқ. Манағы бір әуесқойлық тілегім үшін өзімді-өзім жазғырып, күрсіне түсемін. Капитан теңіз картасына, Рақаң компасқа үңілген. Үрейлерін ішке жасырып, экипаж адамдарына сездірмеуге тырысатын-ды. Көз жанарларынан сенім нышаны байқалатындай. Анда-санда екеуі күбірлесіп қана тілдеседі. «Келдік пе?..» «Келдік...» «Я тәңірі, қолдай гөр!..» Енді бір сәт капитан картадан басын көтеріп, қалиянынан көк түтінді бұрқ еткізді де, экипаж адамдарына айғайлап қойды.


— Жығыңдар дереу...


Қарнын желге толтырған кенеп желкен қаудырлай желпілдеп, зорға түсірілген еді. Капитан кәрі көмекшісіне иегін қақты.


— Рульді оңға таман... жайлатыңыз!


Рақаң сол қолын телеграф тұтқасына апарып,. рульді оңға бұрды. Кеме екпінін бәсеңдетіп, баяу ғана жылжыды. Капитан картаға сәл үңілді де, күліп жіберді.


— Рақа, өттік, өттік қатерден.


— Я, тәңірі, я сәт.— Рақмет кәрия батыл інісін жауырынға қақты.— Жарадың, інішек, жігітсің... сүйінші, .азаматтар, аман өттік!


— Жаса, капитан, жаса, мың жаса!


Экипаж мүшелері қуанышты үнмен айғайлап жіберді. Тоғайәлі екі ұртын бұлтаңдата келіп, рубка есігінен сығалады.


— Тамақ дайын.


Көңілді жұрт дуылдаса күлісті.


— Әбігер кезінде де бұның есінен тамақ шықпайды-ау.


— Қалқаларым-ау, енді тамақ ішпей...


— Жә, қоя тұр, әрі.


Капитан рубка есігін ашып жіберді де, көмекшісіне бұрылды.


— Рақа... «Баутиншылар» бір пәлеге ұрынса керек. Бұлтаңдауын көрдіңіз бе...


— Рулі, рулі жарақаттаныпты.— Радио рубкадан Бекшенің даусы естілді.— Тіркеңдер дейді...


— Е, бәсе... кері, кері, ақсақал!


Қуанышты қабақтар қайтадан түнеріп, бүкіл көздер сол бағытқа тігілген. «Баутиншылар» қызыл фонарь көтеріпті. Көмек сұрағандай. Экипаж мүшелері қайтадан дабырласты.


— Ойпырым-ай, екінші рет ете алар ма екенбіз?


— «Шмидт» тіркемей ме?


— Айым-ау, кері бармақпысың... қой қырасың!


— Әй, Тоғайәлі,— Рақаң жекіріп тастады,— жағыңа жылан жұмыртқаласын!


— Не де болса жан бірге.— Капитан қолын кейін сермеді.— Тездетіңіз, ақсақал!


Телеграф қоңырауы күмбір-кімбір қағылып, «Нептун» баяу ғана шегіншектей берген еді, кемелер арасы таянып келгенде «Баутиншыға» арқан тасталды да, «Нептун» қайтадан ілгеріледі. «Шмидт» те арттан арқан лақтырып, «Баутиншыны» ешқайда бұлтартпай, екі кеме көріп алған. Ақырын ғана жылжып келеміз. Кеме бауырын әлдене сызып өткендей. Жүрегім аузыма тығылып,күрсіне беремін. Сол қалыпта біраз жүргеннен кейін капитан қолын ілгері сермеді.


— Рақа, өттік, екпіндет!


Шаттық үндер қайтадан көтерілді.


— Рақмет, капитан, рақмет!


Мотор дауыстары құдіреттене даңғырлап, кеме жүрісі жеделдене түсті...


... Біз Ерәлі қақпасына кіріп үлгіргенде, таң да бозара бастаған еді, аузынан ақ көбік шаша құтырынған «Нептун тәңірі» амалы құрып, қақпа сыртында қалып қойды. «Тоқтай тұр, бәлем!» дегендей...


9


... Қараңғы да қапырық, сиқырлы түннің бірі еді. Теңіз беті ақырын ғана ырғалып, қара қошқылдана қалыпты. Жұлдыз да, ай да тасада. Телегей-теңіз төсінде бізден өзге жан жоқтай. Қанаттас екі кеме де тым шалғайға тартыпты. Меңіреу тыныштықты жаңғырта келіп, әлгіде ғана тоқтағанбыз. Енді аулау әрекетіне кірістік. Сол баяғы таныс жай. Түбі сүйір тор қоржын екі борттан кезек көтеріледі. Бұл жолы да ұйыққа кездесіппіз.


— Кәсіп оңға басты, жігіттер.— Рақаң түйме көзінің бар мейірімімен маған қарап қояды.— Бұл Болатхан жолды бала болды бір.


— Өй, қалқам, өзі тіпті оңды екен.— Тоғаң да мені арқаға қағып, қутыңдай күледі.— Қарашы, қаршадай болып... Әлгі біздің оңбаған ғой... Тіл алмады. Қып-қызыл алтыннан қағылып... қызымды алып шықсам ғой...


— Сөзің құрсын, Тоғай...


— Несі бар... күнім-ау, үлес алар еді...


— Өкінбей-ақ қой... Тек жел-құздан аман болайық... Өз үлесің де жетер... Бір өзің екі үлес аласьң... Әрі капитан көмекшісі, әрі кок... Енді Ерәліге бармай-ақ, осы жердей тапсыра береміз балықты.


— Я, я, репрежатор шығыпты. Осында келеді екен.


Түу, тіпті оңды болды ғой... Тасымалданбайтын болдық.


— Бекше-ау,— капитан дауыстап қойды,— сен рубкаңа барып, сол корабльмен тілдесші. Координатты тағы да анықтап бер. Шатастырып жүрмесін.


— Мақұл, капитан.


Бекше қолын сүртіп, радио рубкаға қарай адымдады.


— Шырағым-ай, өзгелермен де байланыс.— Рақаң екі қолымен белін басып, күрсініп қойды.— Жел-құз күтілмей ме екен, біл дегенім ғой.


Экипаж мүшелері шылым тартуға да уақыттарын қимай, қызу қимылдайды. Ау қоржындарынан ақ күмістер ақтарылып, килькаға толған жәшіктер қатар түзей береді. Бекше бұл жолы мейлінше көңілді оралған еді.


— Қабылдаушы корабль таң ата осында болмақ... Ауа райында да ешқандай өзгеріс күтілмейді,— деп хабарлады.


— Аузыңа май, қарағым.— Рақаң белін басып, тағы да күрсінді.— Кәрі буыны түскірлер босқа шатитын шығар-ақ ләйімде солай болғай!


Енді бір сәт мотор даусы таяудан есітіліп, қызылды-жасыл сәулелер жақындай түскен еді. Тоғаң. жаратпаған раймен пысқырынып қойды.


— Кің... Кің... Сартай, Сартай, сөндір отты, тез сөндір!


— О, неге, не болды?


— Кің... Кің... Аналар осында келді... Балық жоқ, тек тұрмыз делік.


— Орынсыз әзілдің керегі не...


Жұмыс үстіндегілер Тоғаң сөзін әзіл ғой деп ойлаған еді. Жоқ, қарау жанның шын пиғылы-ақ сол екен. Кәсіптес достардан Каспий байлығын қызғанғандай. Сартайға сөзін тыңдата алмаған соң, енді шамды өзі өшірмек болып тұқшаңдай жүгірді.


— Кіһің... Кіһің... Өй, қойыңдаршы өздерің... өшір десе... қайда әлгі...


— Қайт кері!— Капитан ақырып тастады.— Оңбаған неме... Судағы балықты да қызғанамысың...


— Күнім-ау, өзіміз тапқан қып-қызыл алтынды үлеске түсіреміз бе?


— Теңіз байлығы жалғыз біздікі ме екен?— Капитан тесіле қарап басын шайқады.— Тағы да үлес, тағы да өзім. Неткен санасыз сорлысың... Бұл жеке адамның меншігі емес, мемлекет қазынасы, ел ырысы. Біз жеке адамды емес, бүкіл елімізді молшылыққа жеткіземіз деп жүрген күрескерміз.


— Кің... Кің... Ал, ал, қойдым...


Тоғайәлі одан әрі тіл қатпай, мұрнынан ғана күңкілдеп, жұмысқа араласты. «Шмидт» пен «Баутиншы» жақындай келіп тоқтады. Қалың балыққа енді душар болғандай, кеме борттарынан түсірілген сәулелер. шыңырау түбіне сүңгіп бара жатты.


...Түн ортасы ауғалы талай мезгіл өткен-ді. Жүз жәшік килькаға толтырып, текшелене жиналған. Қанай ағай сағатына қарады да, тоқтауға жарлық берді.


— Ал, енді тан, да таяу шығар-ақ, дереу ұйықтай қалыңдар.


Капитан әмірі бойынша қисая кеткенбіз. Әбден шаршағандықтан шығар, бірден-ақ көзіме ұйқы тығылып, маужырай бастадым...


... Миым зірк ете қалды. Жоғарғы койкада жатқанмын. Құлап түсіппін. Желкемді сипалай көтерілген едім, омақаса жығылдым. Маңдайым бір нәрсенің қырына соғылып, көздің оты жарқ етті. Бағанға жармасып тағы да көтерілдім. Тік тұрарға шамам жоқ. Бүкіл әлем асты-үстіне келіп, аударылып бара жатқандай. Кейде төбем темен кетіп, аяғым аспанға көтерілетін тәрізді. Бірақ табанымнан тік басып тұрамын. Демек, мен емес, кеме дөңбекшиді. «Аударылып кетпесе жарады». Бағанды берік құшақтап, сол күйімде көп тұрдым. Аяқ астымда әлдекім лоқсығандай, ыңқылдағандай болады. Есік сыртынан аш жыртқыштың айбарлы ырылы есітілгендей. Жүрегім бей-жай, кілкіп тұр. Әлденендей бір мейірімсіз қол бүкіл шек-қарынымды түптен түгел қопарып, өңешіме тыққандай. Кубрик ішінің қара май иісі өңменімді атып барады. Лоқси да бастадым. Бұдан нәлет ауру бар ма екен!.. Баспамен өрмелей бастадым. Есікті аша бергенімде кеме төбесіне шаншыла қалған бір қарасұр шыңды көргендей болып едім, дәл осы сәтті күтіп тұрғандай, лап беріп, сарқырай құйылды да, мені салқын құшағына көме салды. Аброй болғанда суық сумен тоғытыла, кубрикке кері құлап үлгірдім. Анығырақ айтсам, менің өзім емес-ау, босағада тұрған бір адам мені ішке итере тастап, есікті жаба салды. Басымды қайта көтермей, бұға түстім де, едендегі ессіз денемен бірге дөңбекшіп, бірге лоқсып жата бердім...


Екінші таңда ес жидым. Аспан қабағы жазылып, дауыл да тымып қалған екен. Рас, теңіз ашуы әлі де тарап болмағандай. Телегей беті бұрқасын атпай, тереңнен толқып, бітеу ырғалады. Көгілдір кеңістіктің үлкен бір аумағын керең нұрмен көмкере күн көзі де көтеріле бастаған. Осы тұсқа көз тіксең қызғылт толқын ойнаған, тамаша сурет көресің. Табиғат сонша жайдарылана тұрса да, адам қабағы тас-түнек, бейне бір ұрысқан адамдай біріне-бірі тіл қатпай түнере қапты. Осынша тұнжырасудың себебін мен кейін ғана түсіндім. Күтілмеген, мейірімсіз дауыл біздің ұзақ түнгі еңбегімізді жоққа шығарыпты. Балыққа толы жүз жәшіктің бірде-бірін қалдырмай, ашулы толқын ағызып әкеткен екен.


— Есіл еңбек!—дейді Сартай ағай күрсініп.


— Өй, өзіңнің жолың қандай жаман еді!— Тоғаң палуба үстінде домалана жүгіріп, маған тиіседі.— Қайдағы оңбағанды алып шығып... қайтарып жібермей...


Мен шын айыпкер адамдай абыржып та, налып та қалған едім, Сартай ағай ара түсе кетті.


— Шатаспа! Кеше жолы жақсы екен деп едің, бүгін жаман бола қалды ма? Ұрынба балаға, ұқтың ба?


— Бар пәле сенің өзіңде.— Рақаң да түйме көзін оқша қадап, Тоғайәліге тесіле қарады.— Кеше аналардан қызғанып, өліп кете жаздаған едің. Қызғанғаның қызыл итке жем болды.


— Осы оңбағанның пиғылы жаман. Бір пәлеге ұрындырмаса болғаны,—- Ашулы механик кіжіне түсіп, тап берді.— Лақтырып жіберейін бе, осы...


— Әй, тоқтатыңдар!—Әлдекімдер тағы да налысты күңкілдер айта бастаған еді, капитан кілт кесіп тастады. — Бұл не, әкелерің өлгендей... Кешегі дүлейден аман қалғанымыздың өзі олжа... Міне, күн қабағы жазылды... Суда балық біткен жоқ...


Есіл еңбек туралы налыстар осымен аяқталып, экипаж ертеңгі асқа жиналды...


10


Капитан ұлы басын сәл көтерген күйі оңтүстікке қадала қалған еді. Мен кейін байқадым, осы тұстағы бозамық бетінде шағын ғана боз тегене тұр екен. Күн көзі деуге қорсынғандайсың. Нұрдан ада болғандай тұманменен бір түстес. Боз тегене бірден-бірге солғындай барып, әлден уақытта көзден де таса болды.


— Біз теңізден қайтар күні дәл осындай болатын. Күн көзі де әлгідей бозара түсіп, жоқ болған...


Жас теңізші жаңағы тұстан көз алмай аз бөгеле түсті де, қасіретті бір жайды еске алғандай, ауыр күрсініп, әңгімесін қайтадан жалғады.


— Иә, біз теңізден ораларда да дәл осындай еді... Алғашқы дауылдан кейін сәтсіздікке кездеспей, кәсіп те оңға басқан-ды. Теңіз үстінде екі айға жуық уақыт өткізіппін. Енді оқу басталар кез таяу. Августың жиырмаларында балық аулауды токтатып, ауылға қарай жылжығанбыз. Келер күні тан, ата Баутин портына таяна түстік. Тумаларды да, достарды да әбден сағынып келем, асығып келем. Әлденеше апталарға жетерлік ғажайып әңгімелерім де бар. Соларды қайдан бастап, қалай аяқтауды да күн бұрын ойластырудамын. Өз еңбегіммен тапқан олжам да мол. «Алғашқы табыс. Анаңа өз қолыңнан тапсыр. Төбесі көкке жеткендей қуанып қалады» Қанай ағай солай деп, бар табысымды төс қалтама салған-ды. Едәуір-ақ қомақты екен, сипалап қоямын. «Кім қолына тапсырсам екен? Әрине, әжеме... «Әже, мәңіз, әже, мінеки менің табысым...» Әжем бетімнен сүйеді. «Құлыным- ау, мынауың қыруар дүниенің ақшасы ғой. Осының бәрі...» Мен масаттана күлемін. «Әже, тағы да бар, ол ғана емес...» Енді сол қалтамдағыны шығарамын... «Әке, міне сізге...» Әкем мені төсіне көтеріп, тамағымнан иіскейді де, қайтадан темен түсіріп, қатарына қояды... «Мінеки, сен енді шын азаматсың! Мол табыспен оралдың... Бойын, менің иығымнан кеп, есіп кеткенсің... Бірақ жасырын кеткенің ағаттық... Жарайды, кештім. Қанай үшін, дос үшін кештім... Тек жақсы оқитын бол... Сен капитан ұлысың!..» Кінәмді мойындап, кешірім сұраймын. «Әке, бұдан былай рұқсатсыз кетпеймін... Жақсы оқитын боламын. Мен капитан ұлымын!»


Осылайша өзіммен-өзім іштей сөйлесіп, тумалармен кездесер секундқа дайындық жасап келемін. Бірақ көңілде бір мазасыздық, бар. Жүрегім дүрсіл қағады. Буындарым да дірілдейтін тәрізді. Қуаныш па, үрей ме?.. Күзгі таңның көңілсіз бозғылт мұнары менен бір пәлені жасырып тұрғандай...


Міне, пристаньға да келіп тоқтадық. Жағадағы жандардың бәрі де маған ерекше назар аударып, мейірлене амандасады... «Болатхан, аман келдің бе, қарағым?.. Түу, тіпті есіп кеткенін қарай гөр... Азамат болып қалған екен ғой...» Бұл мейірбан сөздерден маған бір мүсіркеу естілгендей, күрсіну бардай. Рас, кейбіреулер күрсініп те қояды. Біреулер Сартай ағай мен капитанды оңаша шығарып, құпия күбірлеседі. «Құпиялары да мен туралы болмағай!» Әлденеге алдарқатып, бөгеуге тырысады. Бұл мені бұрынғыдан да бетер үрейлендіреді.


Бір қалтарыста ретін тауып, кемеден шығып кеткенмін. Арттағылардың айғайына да қарамастан, жүгіріп келемін. Табаным жер баспайтын тәрізді... Ентіге келіп, есік аштым. Үй іші толған жан екен. Кездері түгел бұлаудай. Төрдегі төсек үстінде арыстай болып әкем жатыр. Әжем мен анам жүзіне үңілген. «Әке!» Қалың топты қақ жарып, құшақты жаза ұмтылдым. Әкем маған қарағандай болды. Бірақ тіл қатқан жоқ... Құшақтай құламақ ем, әжем мені өз баурына қысты да, әкемнің бетін ақ шүберекпен жаба берді. «Балапаным-ай, бақылдаса алмай қалдың-ау!!!»


Болатхан кең маңдайын екі алақанымен сүйеп, үнсіз отырып қалды. Кірпіктен үзіліп түскен тамшы жас көз құйрығындағы әжім сызатын қуа темен жылжыды. Жас ұланның көз құйрығындағы бұл сызат әке өлігі үстіндегі қасіретті қайнар тамшының алғашқы шығар-ақ!


11


Балғын теңізші маңдайға түскен кекілін кейін серпіп, күрсіне басын көтерген еді. Көз кемерін жас тасқынынан арылта тұрса да, көңіл өксігін баса алмаған екен. Налысты кеуде дауылдан соңғы бітеу толқын тәрізді әлі де бір әбігер. Бұл жолы жан жәбірін балғын мүшелерінің ауруы арқылы жеңбек болғандай, жұқа еріндерін жымқыра тістенген күйі, салалы саусақтарының буындарын кезек-кезек сақырлата бүгіп, жиі-жиі тыныстайды. Ол осы қалпында бейне бір меңіреу адамдай ұзақ уақыт үнсіз отырды.


— Кешіре көріңіз...


Болатхан саусақ буындарын тағы бір рет сақыр еткізді де, маған бұрылды. Қазір бойын билеп үлгірген. Енді қайтып егілместей, бекіп алған түрі бар. Мойыл қарашықтары нөсерден соңғы аспандай мөлдір де ғажап тұңғиық. Манағы бір жас тамшыларының ұзын кірпік ұштарында қалған ұсақ шашырандылары күн нұрына тоғысып, алуан түске енеді.


— «Мынау бір қызалақ бала тәрізді, жылауық неме екен» деп ойлауыңыз да мүмкін... Көз жасынан пайда жоғын білемін... Бірақ кейде бір осылай еріксіз ытқып кетеді... Қайтпек керек, қасірет жасы... Әкем тіпті жас кетті. Тілдесе алмай да қалдым... Гурьевтен ауырып оралған екен... Екі-ақ күн төсек тартыпты да... Мен құшақты жазған сәтте жан тапсырған. «Сені күтіп жатыр екен ғой!»—дейді әжем. Мүмкін, солай шығар-ақ!.. Кешірім сұрап, қоштасып үлгірмедім... Өкінемін... Амал не! Әлде ол маған ақырғы рет қарағанда: «Кірдім, ұлым!.. Ендігі жерде мынау шаңырақтың тағдыры сенің мойныңда... «Мұқтаждық көрсетпе бұларға. Сен қазір азаматсың, капитан ұлы!» — деген шығар. Әке қарасын мен осылай ұғынған едім. Тоқсанды қусырған әжемнің де, он екі жасар Ақтанның да, тоғызға шыққан Жанияның да, үштегі сәби Таң атқанда, аяғы ауыр ананың да аза жасына толы, мұңайыңқы көздері сол ұғымды қайталап, сол борышты талап еткендей. Әке табыты алдында мен осы борышты орындауға іштей ант еттім!..


«Әкең өлсе де әкеңді көргендер өлмесін!» Бұл мақалдың мағынасына мен енді ғана толық түсіндім. Халық қате айтпаған. Әке досы сені сүйемелдеуге әрқашан да әзір тұрады екен ғой. Кеше сол әке достарының қолдауымен жасқа жетпей-ақ «жауынгерлер» қатарына алынған едім, ал бүгін атар таңмен аралас аяңдап келемін. Жалғыз да емен. Әжем бастаған үй іші түгел келеміз. Олар мені арқа сүйер азаматтары есебінде алыс та ауыр сапарға жөнелтіп, жар жиекте қоштаспақ. Жүрісіміз де баяу еді. Біз теңіз жағасына жеткенше экспедиция адамдары түгел жиналып та болған екен. Тіпті жүруге дайын тұрғандай, әр тұста ақ желкендер дірілдейді. Әжемдермен асығыс қоштасып, жар жиегіндегі кемелердің, біріне қарғи берген едім, кенет мені әлдекім кеменің бортына көтеріп алды.


— Жас жауынгер, бері кел, адымың құтты болғай да!..


Енді ғана байқадым, бұл өз капитаным Қанай ағай екен. Қара күрең капитан жүзімді жүрек тұсына басып, төбемнен ұзақ иіскеді. Әкем марқұм кейде бір мені осылай еркелетер еді. Сондықтан да шығар, мен тіпті өзге емес, өз әкемнің құшағында тұрғандай сезіндім де, құлағымды көкірегіне тосып, қолтығына тығыла түстім. Жүрек тынысында да ұқсастық бар, адал мейірімін шерткендей алқына соғады. Мен осы бір адал сезімді өз кеудеме толтырып алмақ болғандай, ауаны ішке мол жұтып, тереңнен тыныстаймын. Қанай ағай түрпідей алақанымен иегімді жоғары көтеріп, жүзіме үңіледі.


— Өй, батыр, мұрның тым шуылдап кетті ғой, жылап тұрған жоқсың ба?


Мен даусымдағы дірілді байқатпау үшін басымды ғана шайқаймын:


— Иә, бәсе, сөйт, қалқам. Оң сапар тіле, одан да.


— Қанай ағай, сапарыңыз сәтті болғай.


— Рақмет, қарағым.


Әке досы мені құшағынан босатып, арқама қақты да, капитандық мінбеге көтеріле берді. Жағадағы жұрт жамыраса сөйлесіп, бізбен қоштаса бастады.


— Ал, он, сапар, тумалар!


— Қош, балапаным, бір тәңіріге тапсырдым... Қанай, саған аманат!


Бұл менің әжемнің даусы. Ол кісі бұған дейін тек әкемді ғана балапаным деуші еді, енді өз жүрегіне жақын, сол бір асыл атауды маған арнапты. Көз кемерінде жас бардай. Қасірет пен қуаныш тамшылары аралас шығар-ақ. Міне, ол оң білегін ілгері сермеп тастады. Кеше жеті тиын бақырларды жеке-жеке түйіп отырғанын көрген едім. Ойлаймын, қазір соларды суға лақтырып тұрғандай. Үлкен адамның, өз түсінігі бойынша, менің жолыма арнаған садақасы болар-ақ. Әжем енді бір сәт екі алақанын алға тосып бетін сипады. Өзгелер де осыны қайталады. Әжем жақсы тілектер тілеп, ас қайырған кездерде кәрі адамның, көңілін аулау үшін, бүкіл үй ішіміз «аумин!» дей салушы едік. Мен бұл жолы да сол әдетіме бастым. Мұным діндарлық емес, әже мейіріміне ұйығандық. Қазір оның бар тілегі мен ғана. Азаматтық қатарына қосылған алғашқы сапарымды мақтаныш етеді. Жүрегі қанша жаралы болса да, сол қасіретті маған арналған қуанышына жеңгізбекші. Әжем де, анам да бүгін бар тазасын киіпті. Менің көзіме олар өзгелерден ерекше көрінеді.


Флагмандық пароход труба түбіндегі жұдырықтай жез түтіктен ақ буларды бұрқ еткізді де, айғайлап жіберді. Дәл осыны ғана күтіп тұрғандай Баутин портындағы бар ыдыс қозғала бастады. Жағадағы тумалар ақ орамал көтеріп, ақырғы рет қоштасты. Жар жиекте дәл қазір ақ толқын ойнап жатқандай. Сол әдемі ақ толқын бірден бірге бұлдырай түсіп, әлден уақытта ғайып болды. Мен өзге төңірекке енді ғана көз тастаған едім. Аспанды қалың бұлт торлап, екпіндей түскен батыс желі теңіз бетін тереңнен сапыра, ақ бұрқасын ергізе бастаған екен. Сол бұрқасын үстінде кіші-гірім қаладай, белгілі бір тәртіппен, тобымызды жазбастан, шоғырлана жүзіп келеміз. Аспан түнек болғанмен адам қабағында жайдарылық бар. Әр тұстан әдемі ән сазы естіледі.


— Болатхан, бол, ұр мынаны!— Машина бөлімінен жаңа ғана шыққан Сартай ағай маңдай терін білегімен сүрте тастап, айқайлап жіберді.— Шоқпарың қайда? Ұр, тездет!


Мен механиктің меңзеген тұсына көз жіберген едім, біздің кеменің дәл түбінен, қара сүр бір хайуанат басын қылтитып тұр екен. Палубадағы кеспелтек таяқтардың бірін лақтырып кеп жіберген едім, таяғым толқын бетінде қалды да, қара сұр хайуанат ғайып болды.


— Өй, өзің мергенсің ғой...


— Өлді, өлді, қазір қалқып шығады...


Қара сұр қайтадан шыққанда, мен шынымен-ақ өлген екен ғой деп ойлаған едім. Қуанғаннан айғайлап жібердім.


— Қанай ағай, кемені жақындатыңызшы, ала кетелік...


Аузымды жиғанша болған жоқ, қара сұр тұңғиық түбіне сүңгіп те үлгірді.


— Қап, мынау ит құйрығын шошайтып, мазақ етіп кетті-ау.


Жұрт ду күліп жіберді.


— Налыма, ертең «Колхоз қайраңынан» осының өзін қайтадан соғып аласың. Таяғыңның тиген-тимегенін сонда анықтармыз...


Зілсіз мазақ екенін аңғардым да, жүгіре басып, ма¬шина бөліміне түстім. Сартай ағайдан мотор тетігін үйренбекпін. Ауылдан шығарда осыған келіскенбіз.


12


...Бұл бір маған тың кәсіп! Анықтар жайлар аса көп. Тіпті тірі итбалықты таяудан көргенім де кеше ғана. Иті месі? Балығы несі? Неге олай аталған. Сырты түкті сұр аңның теңіз мекендеуіне жол болсын! Қайдан келген, қандай хайуанат? Бар түсінігім оқулықтар деңгейінде ғана. Тым келте, тым көмескі. Өзгесін былай қойғанда осы ортаның кейбір сөздіктері де маған жат көрінді. Жаугершілік шақыратындай: «Сойыл», «Соғыс», «Жауынгер!»


Молырақ білуге, анығырақ ұғынуға тырысамын...


... Шығыстан дүлей жел күтіп екі апта бойы жатырмыз. Мейірімсіз табиғат қарысып-ақ алғандай. Үнемі батыстан уілдейді. Бұндай кез біздің жақта қайтыс болар еді. Ал мынау тұста молая. береді, тереңдей береді. Батыс желі кәрі Каспийдің бар суын шығысқа айдап, ақтарып жатқандай. «Колхоз қайраңы» да, «Сүйіндік» те әзірге шыңырау түбінде. Сол «жотаға» иек артып біз тұрмыз. Панасы жоқ, жалаңаш, телегей-теңіз кеңістігі. Осыны да елемей өрескел тілек тілейміз. Баяғы сол шығыс желі. «Тезірек ауса екен, қаттырақ соқса екен!»


Біріне-бірі ұқсаған әрекетсіз бұл күндер әбден-ақ іш пыстырарлық. Ауылдан келген аз кітап түптері тозып біткенше, талай рет оқылды. Мәдениет министрлігі де бізді біржола ұмытып кеткендей. Не кино, не көркем өнер шеберлерін жіберсеші. Көк толқынға көз тіге, әлгі министрлікті тілдеп те қоямыз. «Адымы қысқа... Алматы маңынан ұзай алмайды!»


Бір оңдысы, күзгі маусым кезінде экспедиция кемелері бытырамай, жиын тұрады екен. Кәдімгі қала кварталдарынша бес-алтыдан қатар түзеп, тізіле қалған. Тымықтау сәттерде араларын арқанмен байластырып, қабырғаласа қояды. Әр «кварталдың» өз сауығы, өз тамашасы бар. Көп ішінен не кездеспейді. Майталман әншілер де, шебер домбырашылар да, шешен әңгімешілер де табылып қалған. Бәрі қызық, бәрі өнеге. Мен қазір жаңа бір университет есігін ашқандаймын. Тәжірибесі де мол, тәрбиесі де таза өмір университеті! Құмарта да қызыға тыңдаймын..


Түс кезінде жел тымған, қазір бір ғажап ақ тымық. Экспедиция адамдары үміттене күтеді. «Енді ауатын шығар-ақ!» Әлдекімдер айғайлап та қояды. «А-ау!» Теңіз кеңістігінің біз көз тіккен тұсынан әлгі үнді қайталап, тымық ауа жаңғырығады. «А-ау!» Барометр де сол үмітті мегзейді. Үмітті көздер күлім қағады. Сарғая күткен шаттықтан айқын хабар алғандай. «Я, сәт!.. Ал, енді алақанға түкіре беріңдер!»


Бұл кеш Қадырәлі кемесіне жиналғанбыз. Бүгінгі сауықты да Рақаң ақсақал бастады. Кәрия жүзінде шаттық бар. Оты қайтпаған түймедей ғана кішкене көздерін жалт-жұлт ойнатып, көнетоз домбыраны құлаштай соғады. Етсіздеу ұзын саусақтар перне үстінде құйындай үйіріліп, жіті жорғалайды. Домбыра әуенінен де дауыл сарыны аңғарылады. Егде көңіл, өр көңіл осы сәттің өзінде де өндіріс тілегіне ұштасқан өрен дауыл аңсағандай. Жарты ғасыр сең кешкен такаббар «Теңіз бөрісі» зор кеудесін тік ұстап, шалқалай түседі де, мезгіл-мезгіл ілгері ұмтылып қояды. Бейнебір асау толқынды сонау болат кеудемен кері қаққан тәрізді. Осы қимыл үстінде кішкене қарашықтары да жалын шаша жарқ етіп, үшкір иектегі селдірлеу шоқша сақал да «Жеңіс, жеңіс!» дегендей, шаншыла қалады...


— Құрман бабаларың осылай сермер екен, ұлдарым...


Рақаң біраз ойнағаннан кейін, домбыраны іргеге сүйеді де, басындағы үлкен ақ орамалмен маңдай терін сүрте отырып, әңгімеге кірісті. Теңізшілер өмірінің әлі ешкім жазбаған тың шежіресін шерте, шебер сөйлейді. Қадекең мен Жұмаш ағайлар қостай түсіп, кейде толықтырып та қояды. Бұл адамдардың өмір жолдары неткен бай, қаншама ерлік оқиғаларға толы! «Грант балалары» атты кинодағы «Ержүрек капитан» жыры осылардың. өмірінен алынғандай. Өздері де сан рет батып, торыққан талай жандарды ажалдан сақтап қалыпты. Кіл бір ғажап өрендік, кіл бір асыл өнеге! Алып дәуірдің адуын адамдары өз өмірлерінің үлгілері арқылы мені де өрендікке, ерлікке баулымақ болғандай. Бұл әңгімелерін маған арнағандай. Мейірімді назар аудара, мезгіл-мезгіл төбемнен сипап, арқама қағып қояды.


— Солай, ұлым, теңіз кәсібі өрендікті талап етеді. Дүлейдің өзінен де дүлей түсу керек. Ұқтың ба?


Үнсіз ғана басымды изеймін. «Айта берсе екен, үйрете берсе екен әке достары!»


— Өй, ұлым, біз бұл теңізге неше батып, неше шықпадық.— Рақаң тағы да бір әңгімені бастап кетті.— Мен де дәл сенің жасыңда теңізге шыққанмын... Екі жылдан кейін-ақ кәдімгі кеуде жігіттердің қатарына қосылып алдым... Есіңде ме, Қадырәлі, баяғы Белов стойкасында жүрген кезіміз... Сол қай жылдар еді?


— Он төртінші жыл болуға тиісті,— Қадырәлі ағай, ақпан аяздары қарығандықтан шығар, үнемі қара-қошқылданып тұратын, қомақты мұрынның дәл ұшын буылдық саусақтарымен біраз уқалап отырды да, басын изеді.— Я, я, сол шама... Екі жылдан кейін наборға кеткенсіз... Алғашқы батқаныңызды айтпақсыз ғой...


— Дұрыс, дұрыс, сол жылы.— Рақаң сәл жымиып қойды.— Я, соны айтқалы отырмын... Кеттім ғой-ақ деп едім. Сушылдық өнерімнің пайдасы тиді, екі бастан... Үлкен кеме ортада тұратын да, қарау үшін кішкене қайықпен көрінім жерге кететінбіз. Кешке қарай екі адам ау қараудан оралдық. Кемеге жақындап-ақ қалғанбыз. Кенет бір дүлей соға жөнелді. Асау толқындар кішкене ғана қайықты су борасынымен көміп-көміп алды да, төңкеріп-ақ тастады. Пыр етіп толқын бетіне шықтым. Қайық ұзап кеткен. Жанымдағы жолдасым, құдай-ау, соның аты кім еді, батып-шығып, қайыққа қарай малтыған. Жете алар да түрі жоқ. Қазір-ақ батып кететін... Жел қуған жеңіл қайық жеткізер де емес. Білегінен шап бердім. «Бері кел, өлсек жан бірге!» Әлгі бишара айтқанымды істеді. Бір қолымен малтып та қояды. Бұған да шүкір. Жүзіп келем, жүзіп келем. Желге қарсы жүзу оңай ма, арқанда тағы жүгің болса... Асау толқын лақтырып, лақтырып тастайды. Толқын тепкісінен бой тасалап, сүңгіп-сүңгіп аламын. Анаған да «сүңгі!» деймін. Айырылып қалады. Қайтадан сүйемелдеймін. Әбден талып та болғанмын. Кеме үстінде әлденендей әбігершілік бар. Жәрдем шарасын көздегендей. Әлден уақытта оң жақ борттан бір бөрене құлап түсті. Ақырғы күшті бойға жинап, солай қарай ұмтылдым. Екі батып, үшіншіде бөренені құшақтап та үлгердім... Ағашқа арқан жалғанған екен, кемедегілер дереу тартып алды...


«Теңіз бөрісі» әңгімесін аяқтап, маған тағы да бір қарап қойды.


— Міне, ұлым, көрдің бе, теңіз кәсібі сегіз қырлылықты керек етеді... Әлгі жерде су білмесең, баттың да кеттің... Өзің жүзе білесің бе?


— Білемін...


Мен жымия күліп, басымды изедім. Күлуімнің де себебі бар. Осыдан төрт жыл бұрынғы бір оқиғаны еске түсірудемін. Төртінші класты аяқтай келген кезім болатын. Сабақтан шыққан бойда жар жағасына жүгірдім. Күндегі әдетім. Әкемді күтемін. Ол күні қармағымды да ала келгенмін. Теңіз үсті ақ тымық. Су бетінде шабақтар ойнайды. Қызығып кеттім де, жар жиектегі бір қайыққа келіп отырдым. Қармақты «жемдеп» суға салдым да, қалтқыны бақыладым. Қалтқы сәл шоршаңдап жүрді де, сүңги жөнелді. Дереу тартып алдым. Алақандай ақ табан, жалтылдай бұлқынып, алдыма түсті. Тағы да салдым. Тағы да тартты. Бұл жолы шағындау ғана көксерке ілініпті. Масаттана күліп отырмын. Бүгінгі кәсібімде ерекше бір сәттілік бар. Ірілі-ұсақты он шақты балықты тізіп-ақ тастағанмын. Әлден кейін үлкен бір жүк пароходы су сапырып өткен еді. Қармаққа балық жоламай-ақ қойғаны. Үріккен шығар-ақ. Толқын тынғанша оқи тұрмақ боп кітабыма үңілдім. Әкем әкелген. «Алыптар туралы аңыз». Қызыға оқимын. Кітапты орталай келген едім. Кенет сырт жағымнан әлдекімнің қарқылдап күлген даусы естілді. Жалт қарадым, ығып барам екен. Жағадан біраз шалғайлап кетіппін. Жар жиекте Самат тұр. Оң қолының саусақтарын тарбита жайған күйі бас бармағын үлкен мұрнының ұшына апарып, қиқылдай күледі. Сол қолымен ішін басып, екі бүктеле қалған. Әбден мәз. Менің ығып бара жатқаныма қуанатын-ды. Бүгінгі ызасын қайтармақ шығар. Мана ол тақтаға шақырылған еді, оп-оңай есепті шығара алмай, күні бойы тұрып алды. Мен қол көтердім. Мұғалима рұқсат етті. Әдіс-амалдарын айта тұрып, мүдірместен шығардым. Мұғалима апай мені мақтай сөйледі. «Самат, көрдің бе, үйреніп ал, мынау Болатханнан!» Самат мұрның тыжырайтты: «Фи, мен осыдан үйренбекпін». Жалқау бала үйге берілген тапсырманы да орындамай келген екен. Оқытушы бұл жолы да мені мысалға ала сөйледі. Көп кешікпей соңғы қоңырау күмбірлеп, бала біткен орындарынан көтерілді. Ентіге басып, есіктен шыға беріп едім, әлдекім тұмсығыма қойып жіберді. Мұрнымнан қан сау ете қалды. Самат екен. Қашып барады. Қуып жеттім де, қағып өттім. Қақ суына құлады.


... Енді қайттім? Бұл күйімде үйге кіруге болмайды. Ата-ананың шарты бар. «Өзің ешкімге ұрынба, жәбір көрдім деп шағым да жасама!» Жазылмаған заң, әділ заң! Бұлжытпай орындайтынмын. Көйлек омырауындағы қанды көрсету, шағым етумен тең. Сондықтан да қорадағы қармағымды ғана алып, жар бойына кеткенмін. Әкемді де қарамақпын, қармақ та салып, көйлегімді де жуып алмақпын.


Мен өткен жайды естен шығарып та үлгірген едім, Самат ұмытпапты. Қайықты итеріп жіберген де осы шығар. Айызы әбден қанғандай, дөрекі күледі. Жыным мұндай ұстамас. Қауіп-қатерді де ұмытқанмын. Қайық бортынан бір теуіп, сүңги жөнелдім. Анау немемен бара шайқаспақпын. Жүзіп шығатындығыма сенімім де мол. Әкем марқұм өзі үйреткен-ді. Самат әуелі қаша түсті де, артынша кері айналды. «Әй, қайық, қайық!» — деп айқайлайды. Қайық менің есіме енді ғана түсті. Бүкіл оқулықтарым да, аулаған балықтарым да кетіп барады. Жіберуге болмайды. Саматты да ұмытып, кері жалтардым. Арт жағымнан тоқтау салған дауыс естіледі. «Мұндар, мұндар, суға кеттің, қайт бері, қайт деймін?» Өз әжемнің даусы. Бұл жолы тыңдар шамам жоқ, жүзе бердім. Енді бір сәт жар жағасы күмп етті. «Әжем болмағай... маған ұмтыламын деп ұзап кетпегей!» Жүрегім дір етіп, артыма қараған едім, Самат екен. Ұятын ескеріп, маған жәрдемге ұмтылған болса керек. Жүзіп келеміз. Екеуміз бірге жеттік. Қайық үстіне де қатар көтерілдік те, ешбір ашу-араздығы жоқ адамдарша, ыржиыса күліп алдық. Тіпті оралу қамын да ұмытқан сияқтымыз. Жар жиектен әжем айғайлады. «Қайтыңдар, әй, мұндар, қайтыңдар!» Кезекті пароход толқыны бізді ортаға таман тағы да қуып тастады. Жел лебі де біліне бастаған. Қайту жайын қазір ғана ескерген едік, қайық ішінде не ескек, не таяу жоқ. «Енді қайттік?» Самат, қаннен-қаперсіз күледі. «Отыра берейік, ыға берейік. Балықшыларға кездесеміз!..» Көз алдымда әжем тұрмаса, бұл ұсынысқа мен де қарсы болмас едім. Ерке толқын тербеген қайық үсті сондай бір ғажап көрінеді. Мүмкін, ыға берсек бұған дейін ешкім баспаған, құпия арал табармыз... Мүмкін, әкеме кездесерміз. Тек қана әжемнен қорқамын. Біз шалғайлаған сайын ол жар жиекке төне түседі. Құлап кетер түрі бар. «Жоқ, қайтуымыз керек!»


Теңізшілер ұрпағы емеспіз бе, табандық тақтайды қолға алып, қайық бортына жаттық та, екеуміз де су қабатын күрей тарттық. Жел екпіні манағыдан да гөрі күшейе түскен-ді. Шаршап, талып, шақ жеттік. «Мұндар, түгі!» Әжем екеумізді екі түйді де, құшағына қысты. «Ендігәрі...» Бұдан былай әжем мені теңіз жағасына жібермеуге де тырысты. Самат екеуміздің өшпенділігіміз де осымен аяқталды.


— Ұлым,— Рақаң төбемнен иіскеп, жүзіме үңілді,—- жай күлдің бе?


— Жай,— күлу себебімді өзгеге бұрдым,— сіздің жолдасыңызға күлкім келеді. Өзі теңізші, өзі жүзу білмейді. Тастап кетсеңіз еді...


— Ұлым,— «теңіз бөрісі» бұл жолы налысты раймен басын шайқады.— Олай етуге болмайды, ұлым... Теңізші халықтың өз заңы бар. Бірін-бірі тастамайды. «Кемедегінің жаны бір!» Өмірден алынған мақал. Ұқтың ба?


— Кешіріңіз.— Аңдамай айтқан сөзімнен екі бетім дуылдап, темен қарадым.— Ұқтым...


— Рақаң дұрыс айтады, балам.— Бұл жолы сөз кезегін Қадекең алып кетті.— «Жолдасың жолда қалмасын!» деген мақалдың өзінде қанша терең мағына жатыр. Ал теңізші жайы бір бөлек: ол көбіне апат ішінде жүреді. Өзіне қатер төніп тұрған кездің өзінде де өзгеге қол ұшын беруге дайын... Рақа, баяғы жиырма сегізінші жылдың ақпаны есіңізде ме?


— Иә, есте болмағанда ше... Ол күнгі сенің ерлігің...


— Тәйірі, онда қандай ерлік тұр.— Қадекең үлкен бір азаматтық борыш атқарғандығын мақтан еткендей, орнынан қозғала түсіп, әңгімесін жалғады.— Ақпанның қақаған аязы. Қарлы боран ұйтқи соғады. Төңіректен сең қысып, бірден-бірге тықсырып келеді. Алысырақта бір мұз тауы көрінеді. Сең-сеңнің арасымен сол тауға барып паналамақпыз. Енді бір сәт қарасам, көк ала толқын ішінде адам бейнелері, ат-шана қараңдайды. Қой қотанындай мұз үстінде ығып барады екен. «Бұрыңдар, кемені!» Жігіттер үрейлене қарады. «Неге, ақсақал, неге?» Апаттағы жандарды мегзедім. «Анау сорлыларға...» Қосшыларым тоқтау салғандай. «Өзіміз аман шықсақ...» Жекіріп тастадым. «Көргенсіздер... сол күйде өздерің болсаңдаршы?»


Дереу кері бұрылдық. Манағы біз кірген саңылау қазір бітеле бастаған. Оя түсіп, жылжып келеміз. Ауыр сең кеме төсін бір-екі жерден тесіп те жіберді. Жамай салып, қайтадан жылжимыз. Өлдік-талдық дегенде жетіп те үлгірдік. Бишаралар-ай, қуанғаннан еңіреп жіберді. Бір жас жігіт мені құшақтап алған. Жіберер емес. «Айналайын, ағатай-ай, қайдан кездестің, ағатай, үш күннен бері ыққан едік.., Жалғыз шешем бар еді...» Арқаға қақтым. «Шешеңнің тілеуі дұрыс екен... Жарайды енді бөгеме... Ал, сыйғанша тиеліңдер!»


Жігіттер жеребе ұстаған. Аттарын да қалдырғылары жоқ. «Дүние көздің құрты ғой». Әуелгі сапар адамдары мен көліктерін сыйғанша тиеп, тың мұзға шығардық та қайтадан оралдық. Түн ішінде құтқарып үлгірдік-ау...


Қадекең жүзінен көз аудармай, сүйсіне қараймын. Қазір менің алдымда Виктор Гюгоныд «Теңіз еңбеккерлеріндегі» Жильят пен Летьерн тұрғандай.


— Өй, азамат.— Рақаң ержүрек інісін арқаға қағып, сол қолын менің иығыма қойды.— Міне, теңіз зады осындай. Ұқтың ба, ұлым!


— Ұқтым, баба!


— Я, ұғып ал.— Рақмет бабай домбыраға қолын соза берді де, Қадырәліге бұрылды.— Сен ертеңіндегі уақиғаны білесің бе? Сол 15 шана ұзай түсті де, ірметіліп қалды. Тағы да жарыққа кездесті ме? Бес-алты адам ертіп, жандарына бардым. Сөйтсем, біздің бір оңбаған мылтығын кезеніп алған. Жолдарын бөгеп жібермей тұр екен. «Аттарыңның бірін тастап кет!» дейтін көрінеді. «Әй, оңбаған, оны не қыласың?» Беті бүлк етпейді. «Соямыз... Тамақ етеміз...» Жағына тартып-тартып жібердім де, мылтығын жұлып алдым...


— Сол керек еді өзіне...


Мен бұл жолы «Теңіз еңбеккерлеріндегі» Рантен мен Клюбенді еске түсіремін де, әлгі оңбағанды дәл соларға ұсатамын. Осындай жақсы ортада, осындай жарқын заманда көне ғасырдың көлеңкесі жүргендігіне налимын. Рақаң ақсақал менің осынымды аңғарғандай бетіме бір қарап қойды.


— Сол иттің аты кім еді, құдай-ау... «Бүлінген елден бүлдіргі алма!» деп қазақ тегін айтқан ба... Ақыры азып-тозып, құрыды... Өзін де итбалықтың молдасы сияқтандырып, қуып жібергенбіз...


— Баба, итбалық молдасы дегеніміз не?


— Арам тамағын айтамыз... Бұлар да ұйымшыл хайуанат... Күз қайраңға шығып, тыныққан кезде өзгелері жайбарақат жатады да, кезекпен күзетші қояды. Күзетші шаншыла түсіп, үнемі қарап тұруға тиісті. Бұл тәртіпті орындамағандарын қалғандары иттей талап, қуып шығады. Міне, осыны «молда» дейміз. Ол қаңғып, жеке жүреді.


— Тамаша екен.— Кәрия сөзінде қанша ғылыми шындық барын кім білген, әзірге менің үшін бұ да бір жаңалық.— Ғажап, «итбалық молдасы!»


Ендігі әңгіме итбалық төңірегіне ауысқан еді. Мен «теңіз бөрілеріне» тағы да бір сұрақ қойдым.


— Бұл өзі қайдан келген мақұлық екен?


Рақмет ақсақал менің сұрағымды өзгеше түсінсе керек. Діндар адамдардың ұғымындағы ертегілерді айтып кетті.


— Баяғы ерте заманда... Перғауын деген кәпірлер патшасы болыпты. Сол патша Сүлеймен пайғамбарға қарсы соғыс ашып, қалың әскер аттандырыпты. Сүлейменге шегінуге тура келіпті. Жарықтықтың жолында телегей-теңіз жатыр екен дейді-ау. Аллатағаланың өзі жіберген қасиетті асасын бір сілтеген екен. Көк теңіз екі жарылып, жол ашыпты. Өтіп үлгерген бойда артына қараса, сол жолмен Перғауын әскері де қаптап келеді екен. Қасиетті таяқ тағы бір сілтенгенде теңіз суы қайтадан жабылыпты да, Перғауын әскері итбалыққа айналыпты. Міне, бұл ит содан жаралған... Ұқтың ба?


Кәрияны қанша қадірлей тұрсам да, осы жолы қарным ашып қалған еді. Басымды да иземедім. Жанымда отырған Айса ағай да үлкен көздерін жалт еткізіп, күле сөйледі.


Әй, ақсақал-ай, қайдағы бір ескі түсінікті дін аңызын айтасыз...


— Бәрекелде,— Рақаң налысты рай білдірді,— ал сен, айта ғой... Оқығаның бар ғой...


Айса ағайдың үлкен ғалым болмағанмен, көп нәрседен хабардар екені де рас. Өнерге де бай. Әрі ағаш шебері, әрі механик. Астрахань қаласында екі рет оқуда болып, капитандық, штурмандық курстерді бітіріпті. Осындағы жас капитандардың көпшілігін өз қолынан оқытып шығарған. Зерек те, беделді де.


— Мен айтсам,— деп бастады Айса ағай,— итбалық ешқандай Перғауын әскері емес. Дене құрылысы жағынан адамға ешбір ұқсастығы да жоқ. Кәдімгі морж нәсілді итбалық тұқымы. Итбалық бізге үлкен мұхиттардан келген. Каспий теңізі бір кезде мұхиттармен жалғасып жатқан болса керек. Итбалық сол кезден қалған.


— Бәрекелде сөз бопты... Каспий біздің ата-бабамыздан бері Каспий...


— Дұрыс айтасыз... Каспийдің мұхиттармен жалғасып жатуы бұдан миллион жылдар бұрын. Ол кезде біздің ата-бабаларымыз да болмаған.


— Сөз бопты... Миллион жыл бұрынғыны кім білген?


— Ғылым білген.— Айса ағай тағы да жымиып қойды.— Сіздің айтқаныңыз сияқты аңыздар өзге елдерде де бар...


— Я, қандай?


— Бірақ сіздің айтуыңыздан гөрі өзгерек,— Айса ағай сәл бөгеле түсті.— Мысалы, гректер итбалықты Александр Македонскийдің қарындасына жориды екен...


— Кәдімгі Зұлқарнайынның ба?


— Я, я... олар алдарынан итбалық өтсе «Жолым болмайды» деп кері оралатын көрінеді.


— Уа, құдірет!


— Ол елде мынадай аңыз бар екен: Ұлы Александр адамды мәңгі өлтірмейтін су тауып, соның бір шынысын үйіне алып қайтыпты-мыс... Қолбасшынын, өзіне тетелес қарындасы сол суды ішіп қойыпты. Бір күні Александр қатты ауырып, әлгі суды іздетіпті. Су қайдан табылсын. Александр өмірмен қоштасыпты. Қасіретті қыз суға батпақшы болып, теңізге секіріпті. Баяғы қасиетті су өлтірсін бе... Әдемі қыз теңіз хайуанатына айналыпты... Содан бері әлгі бойжеткен өткен-кеткен кемелердің жолын тосып, Александрды сұрайды екен деседі. Егер де кеме


адамдары «Александр әлі тірі, патшалық етіп тұр»— десе қолбасшы қарындасы «Шүкірлік!» деп қала береді екен де, жауап бере алмағандардың кемесін талқан етеді екен... Маған нанбасаңыз Қанекеңнен сұраңыз... шақырып келші, Болатхан.


— Қой сабағын оқып отырған-ды. Әурелеме... Өй, құдірет,— Рақаң басын шайқады,— болар, болар.


— Сөйтіп, інім,— Айса ағай менің жүзіме үңілді,— итбалықтың бұл теңізге қайдан келгенін ұқтың ба?


— Ұқтым, ағай, ұқтым...


— Ұғына бер, үйрене бер... Енді бірер жылдан соң өзіңді капитандыққа да үйретемін.


— Рақмет, ағай...


Мен енген өмір университетінің бұл кештегі сабағы осымен аяқталды.


13


...Күзгі жел терістікке ауып, ауа райы да салқын тарта бастады. Апталар бойы мол тасыған теңіз суы бірден-ақ ағыл-тегіл ақтарыла қайтып, қайраңдар да бой көрсетіп келеді. Экспедиция төбесінен қалықтап өткен барлаушы самолет сол қайраңдар маңында теңіз аңының ұйып жатқандығын хабарлайды. Сол маңды шарлап оралған мотофлюга адамдары да қуаныш жеткізеді. Бірақ аттануға әзір әмір жоқ. Генераловтың жарлығын асыға күтеміз. Бірер күн тағы да өтті...


Ақыры аттаныс сағаты таянған болса керек. Кешке қарай желкенді кемелерге тола тиеліп, шығысқа қарай жол шеккенбіз. Біраз жүріп, кілт тоқтадық.


— Ал, ұйықтай қалыңдар, сағат 3-те соғысқа барамыз.— Қанай ағай өз адамдарына осындай жарлық берді де, маған бұрылды.— Болатхан, сен асылы бармассың... Күн болса суық... Кемеге де кісі керек...


— Қалайша?— Мен мұңая да өтіне сөйледім.— Кәсіп етуге келген едім ғой... Бірдеме тауып қайтуым керек емес пе?..


— Ақылсыз,— капитан рақаттана күліп алды,— сені құр қалдырады дейсің бе? Бұнда бір кемедегі бригада адамдары бар табысты бөліп алады... Ұқтың ба?


— Ұқтым ғой... Дегенмен де.— Ендігім үлес уайымы емес, әуестік еді. Баруымды дәлелдеп, ұтымды сөз іздеймін,-—Бақташылық Баутин басынан да табылатын еді ғой... Мен де соға білемін... Сәби емеспін...


— Уа, көкжалдың ұрпағы. «Жас бөрі боп алдым» де.— Капитан зілсіз ғана жымиып, арқама қақты.— Бірақ мәселе соғуда емес, союда... Мұндағы жұрт соққанын емес, сойғанын алады... Онды соғып, бірді союын, мүмкін...


— Білемін... Үйренемін... Әжеме берген уәдеңіз қайда? Үйретемін дегеніңіз қайда?— Енді өтінуді де қойып, батыл сөйледім.— Үйретпейтін болсаңыз неге алып шықтыңыз?


— Әделет... Дұрыс айтады.


— Желіктірмеңдер, қойыңдар...


Біреулер мені мадақтай көтермелеп, біреулер мазақтай сөйлеп, дуылдаса күледі. Ер адамның, жүзіне жалтақ-жұлтақ қараймын.


— Құдай-ай, құдай-ай.— Тоғайәлі ағай бұл жолы да байырғы әдетіне басыпты. Кеменің бір шетінен екінші шетіне домалана жүгіріп быжың-быжың, сөйлейді. Пысқырынып қояды.— Тіһің... Тіһің... Қалқам-ау, енді қайттық... Осы қаршадай баланы алмайық дедім... Құр тек масыл ғой...


— Тоғайәлі, саған не жоқ, ә?


— Қалқам-ау, енді қайтейін... Тіһің... Тіһің... Қып-қызыл алтын кезінде...


— Өй, сенің алтыныңды біреу тартып алғалы тұр ма?


— Қойшы өзің... мынау балаға... Қайдағы...


— Енді қайтсын... Төкеңнің үлесі кеткелі тұр...


— Үлесім кетпегенде... Ол маған шешесін бере ме сонша...


— Өшір үніңді!— Рақаң жекіріп тастады.— Не шатып тұрсың, сұмырай, ұялсаңшы!


Тоғаң жауап берместен палуба бойын қуалап, томалай берді.


Аяқ басысы жыбыр-жыбыр, әйелге тән, бет әлпеті адамның, арғы нәсіліне ұқсастау, домалақ бойлы, топал иек осы адам мені үнемі мысқылдай беретін еді. Шын сырын енді аңғарып келемін. Жас балада үлесім кетеді деген қызғанышы болса керек. Бұл кісінің қараулығы да сараңдығы маған өткен жаздан бері аянды. Бір тиынның орнына бір тал шашын жұлып беруге бар. Қонақта болса көңілдене отырып, бұрын еш нәрсе ішіп көрмеген адамдай, қомағайлана жейді де, өзіне кезек келгенде әкесі өлген адамдай түнере қалады. Амалы әбден құрыса тұқшаңдай теріс айналады да, омырауға қолын жүгіртеді. Әдетте, бұл кісінің ақшасы ет пен көйлек арасындағы шүберек қалтада жатады. Әбден тер сіңіп, қолаңсы сасыған сол қалтадан сарғайып кеткен қағаз ақшаның бірін ғана шығарады да, қолы дір-дір қалтырап, босаға жақтағылардың біріне ұсынады. «Құдай-ай, қоймадыңдар ғой... Мә, әкелші, қалқам... Әбден бір қанып ішелік...» Жұрт ду күліп жібереді. «Тоға-ау, мынауыңа өзге түгіл өзіңіз де қанбайсыз ғой...» Кәрілер жағы тоқтау салады. «Уа, қойыңдар, түгі, Тоғайәліден осының шыққанының өзіне шүкірлік айтыңдар. Ие, тонайсыңдар ма, түгі...»


Бұндай кезде Айса ағай Тоғаңа арнаған тақпақты тағы да қайталайды:


«Күңкілдеп туған анадан,


Зарланып тиын санаған,


Тер сіңген сарғылт ақшаның


Кеткені-ау Тоғай ағадан!»


Жұрт дуылдаса күледі. «Дұрыс айтады, дұрыс айтады... өлтірді-ау, өлтірді-ау!» Бірақ бұған мұқалар Тоғаң жоқ.


Мен қазір ұсақ жанды адамның, осы мінездерін еске түсіріп әбден налуда едім, аузымнан оғаштау сөздердің қалай шыққанын да аңғармай қалдым.


— Ақсақал, сіз жыбырлай жорғалап, біріне жеткенше, мен оның соғып үлгеремін...


— Қара, қара... Тіһің... Тіһің... Әбден қырып саларсың.— Тоғаң бұрынғыдан бетер быжыңдап, томалаң-томалаң жүгіре берді,— Сен өзін, кімді мазақ қыласың, ә?.. Кіһің...


— Жә, жетті.— Капитан жекіріп тастады.— Болатхан баруға тиісті...


— Кемеде ше?— Тоғаң енді жуаси сөйледі.— Кім қалады?


— Кемеде ме? — Қанай ағай үзілді-кесілді үкім айтты.— Кемеде Тоғайәлі, сен өзің қаласың... Жылама... Болатханға сенен үлес әпермейміз... Өзгелеріміз үлесеміз... Солай ма, жігіттер?


— Әрине, әрине... Осыны зарлатпаңдаршы...


Бригада адамдары капитан ұсынысын бірауыздан құптады. Мен намыстана күрсіндім. «Шынымен-ақ жұрт үстіне жүк болғаным ба? Масыл атанғаным ба?»


— Қанай аға, кемеде мен-ақ қалайын... Жұрт ренжір...


— Жоқ, сен барасың.— Капитан мені бауырына тартты да, Тоғайәліге бұрылды.—• Тоғайәлі, сен ұқтың ба? Кемеде қаласың!


— Енді қайтем.— Тоғаң кішіге кеуде көрсетіп, үлкеннің алдында құрдай жорғалайтын байырғы әдеті бойынша, мұрнынан сөйлеп, міңгірлей берді.— Қалайын, қалайын, қалқам... Тек әлгі айтқаныңды...


— Мыжыма... Айтылды ғой!


— Қойшы, қалқам Қанай, ашуланбашы, күнім... Жас та болсақ қасқырсың-ау... Жоқ, Қазалла... Арыстансың-ау... Тіпті әділсің!—Тоғайәлі енді қутыңдай күліп, жарамсақтай бастады.— Қайран, қадырыңды білмейміз ғой...


— Жетті, жәдігөйсіме.— Қанай ағай тағы да жекіріп тастады.— Білемін, темекілік сұрағалы тұрсың ғой... Мә, мынаны тұтасымен ал да, батыр қараңды...


Капитан бір қорап «Беломорды» Тоғайәліге лақтырып тастады да, бізге бұрылды.


— Ал, пышақтарың мен соққыларыңды тез дайындаңдар да, дереу ұйықтай қалыңдар!


Құралымды қолтығыма қысып, қисая кеткенмін. Көзге ұйқы келсеші. Сарқылмайтын бір мол ой, мұнарта түскен бір арман. Тағы да әкемді ойлаймын, тағы да өз өмірімді қайталаймын. Әкем марқұмның бірімізді көтеріп, бірімізді жетелеп, киноға апара жатқан ләззатты бір кешті еске түсіремін. Біз бүкіл үй ішімізбен түгел келеміз. Үш естияр, төрт бала. Әкем теңізшілер формасында. Біз төртеуміз де бір түстес ақ матроска кигенбіз. Кешегі май мерекесінің сыйлығына арнап, әкем Астраханьнан әкелген болатын. Үш ұл тума басында матрос телпегі. Ленталарының маңдайына «Аврора» деп жазылған. Жаннатхан төбесінде көгілдір жібек лента. Көйлек өңіріне ақ көгершін тағылған. Қызалақ сәби өзі де дәл көгершін тәрізді. Әке көкірегінде жайраңдай күліп, көк күмбезінен жаңа ғана жалт еткен жарық жұлдызға ұмтылады. «Әпейші ананы, әпейші!» Мейірімді әке сүйікті бөбегін төбесіне көтереді. «Ала ғой, қызым, ала ғой... Сенің балғын қолыңды жұлдызға жеткізсем арманым не?» Жаннатхан талпына қолын созады. Біз қызыға күлеміз. Бізге қосылып, әжем мен анам да күледі. Жұрт назары бізге ауған. Таныс жандар қызыға қарап, тоқтай қалады. «Уа, Әділхан, үй ішіңмен жасанып, қайда барасың?» Әкем үшін Жаннатхан жауап береді. «Папамның киносына баямыз, шияғым...» Сұрақ иесі таңданып қалады. «Не дейді?» Әкем масаттана жымияды. «Бүгін қандай кино болатынын білмейсің бе?» Әке танысы енді ғана түсініп, көзін қыса күледі. «Ә, Әділхан капитанның балаларын» көруге барасыңдар екен ғой... Барыңдар... Онда Жаннатхан тамаша көрсетілген...» Біздің көрмек киномыз «Капитан Грандт балалары».


Бақытты семья ұзай береміз. Жол-жөнекей Тоғайәлі ағайды кездестіреміз. Жетегінде Самат. Бала қыңқылдай сөйлеп, тартыншақтай береді. Тоғаң быжың-быжың ұрысып келеді. Әкем бөгеле түседі. «Уа, не дейді, бұл бала?» Тоғаң абыржи жауап береді. «Құдай ұрған киноға барамын, ақша бер дейді». Әкем бала тілегін құптайды. «Берсейші, көрсін». Тоғаң қарғана сөйлейді. «Күнім-ау, құтыртпашы... Қызыл тиын ақша болса мынау балам пышаққа түссін...» Әжем шошына қарап, жағасын ұстайды. «Тәубе, тәубе, айтпа, мұндар, айтпа?» Әкем күрсіне ба¬сын изейді. «Баладан аулақ... Оңбаған, өз басыңа көрінсін!» Сөйтеді де, Саматты қарау қолдан жұлып алады. «Жүр, бізбен бірге... Онда болмаса, менде бар». Бала сорлы жаутаңдап әкесіне қарайды. Тоғаң жымыңдай күліп, ризалық білдіреді... «Бара ғой, күнім, бара ғой...»


... Көңілде ой, кезде ұйқы, қалғи да бастаған едім. Енді бір кіл шытырман уақиғаларға еніп кеттім. Әкем бірде мұз сеңінің арасында, бірде көк жойқын тепкісіндегі шын тастар арасында көрінеді. Әлденендей бір кемені шыңырау түбінен шығармақ. Енді бірде әлгі адам Жильятқа айналады да, артынша қайтадан өз әкем бола қалады. Тіпті әкем мен Жильят екеуі бір адам тәрізді... Көрініс тағы да өзгерді. Жильят — әкем теңіз жиегінде тұр. Шалғайдағы бір желкенге қадала көзін тігіпті. Кеме үстінде Тоғайәлі. Құшағында анам тұр!.. Ана көзден жас іркіп, жұлқына шыңғырады. Қайырымсыз құшақ жазылар емес... Әкемде әрекет жоқ. Сол орнында әлі тұр. Теңіз суы ақтарыла тасқындап, үстін басып барады. «Әке, әке, жүз бері, сушы едің ғой!» Өтіне жылап, шың басынан қол созам. Әке жауап бермейді... Шыңнан қарғи сүңгимін... Мен жеткенше әкемді толқын жабады. Шыңырау түбін шарлаймын. Таба алмаймын... Әбден үміт үзген соң манағы желкенге қарай құлаш өремін. Анамды құтқармақпын. Әлденендей бір жыртқыш, шытырман аяқтарымен бар денемді шырмай орап, сығып барады. Осы сәт мен өзім


Жильят бола қаламын. Жыртқыш кеудесіне пышақ түйреймін де, тағы да жүзе беремін... Желкен ұзап кеткен. Тіпті кезден ғайып болыпты. «Ана, ана!» Жылап жіберемін. «Шынымен-ақ өңім бе?.. Түсім болғай еді, түсім болғай eді...» Енді бір сәт Рақмет ақсақал мен Қанай ағайлар пайда бола қалады. «Жылама, жылама... Қайда батты?» Әкем батқан бағытты көрсетемін. «Біз қазір...» Екі батыр сүңги жөнеледі. Осының артынша көк долыдан қол созып, әкем де көтеріле береді. Қадырман ағасы мен сүйікті құрбысының иығында келеді. Мен қуана қол созам. «Жеттің бе, жеттің бе!..' Қорыққан ем...»


— Болатхан, уа, Болатхан, тұр, тұра ғой жаным...


— Әке, әке...


Түс шырмауынан айыға алмай күрсіне қол созған едім. Оятып тұрған Қанай ағай екен. Көзімді қос жұдырығыммен уқалап орнымнан көтерілдім...


14


Шығыс құлан иектене бастаған. Таңғы жел тағы да екпіндей түсіпті. Теңіз беті мазасыз. Жел айдаған апайтөс асау толқындар бейне бір көлденең жатқан биік-биік жотадай, тас төбемізден қарауытып келеді де, шалқалай құлап, шашыла жөнеледі. Үстімізді су борасыны жабады. Сілкіне көтеріліп, қайтадан отырамыз. Біз мінген кішкене қайық толқыннан толқынға қарғиды. Кіл қайратты жігіттер бірі есіп, бірі таяп келеді. Жеңіл қайық дірілдей ырғалып, жел өтіне өрмелейді. Мен төңірекке көз жіберемін. Теңіз кеңістігінің бұл тұсын қаптай өрген көп қайық. Бәрі де шағын, бәрі де желкенсіз. Араларын шалғай тастаған. Бірде толқын шыңында ойнақтап, бірде құзға құлайды да, көзден ғайып болады. Күрсіне тыныстап, жағамды ұстаймын. «Батқан-ақ шығар!» Әлгі батқан қайықтар мен аузымды жиғанша, ортекедей ойнақшып, толқын тауына қайтадан көтеріледі. Солардан назар аудармай тас төбеге көз тігем. Аслан жүзін бұлт жапқан. Шалқалай жатқан бозғыл ай ала бұлтқа малтығып, дәрменсіз жүзеді. Ол да бейне біз мінген кішкене қайық тәрізді. Кейде көзден ғайып боп, мүйіздерін ғана көрсетеді. Батып бара жатқандай.


Енді үрейге бойым үйренгендей. Манағы шым-шытырық уақиғалы түс маңында ойлаймын. Өңім емес, түсім болғанына қуанып та келемін. Кеше кешке екінші рет аяқтаған «Теңіз еңбеккерлерін», «теңіз бөрілерінен» есіткен әңгімелерімді, әкем туралы ойларымды түсімде қайталағанмын. Ал Тоғайәлінід анамды алып қашуына жол болсын? Ойлана келіп, алдыңғы күнгі әзілді еске түсіремін. Тоғайәлінің әйелі алдыңғы жылы қайтыс болған-ды. Содан бері үйленген жоқ. Бір кемшілігі бар адамның, қыр соңынан қалмайтын әдет бар емес пе. Еріккен жігіттер әзілдесе отырып, Тоғаңды тағы да қағытқан-ды. «Ау, сіз осы қашан үйленесіз?» Тоғаң бұл жолы күйіп-піспей, жымыңдай жауап қайтарды. «Үйленем ғой... Бөбекті күтіп жүрмін...» Айтып отырғаны менің анам. Жігіттер ду күліп жіберді. «Дәмесін қара». Тұла бойым қалшылдап, орнымнан көтерілген едім. Капитан мені құшағына қысты да, Тоғайәліге жекіріп тастады. «Жап аузыңды...» Сол көңілсіз әңгіме ойымнан кетпей қойған-ды. Түсімде де осы ойдың азабын тартқан түрім бар...


Жүзіп келеміз, жүзіп келеміз. Таң жарығы молайып, жел де бәсеңдей түскендей. Алыстан бір әлсіз от мезгіл-мезгіл жылт етіп, қайтадан өшеді. Мүмкін, толқын жоталары тасалайтын-ды. Капитан көзі сол отта.


— Тездетіңдер, жігіттер.


Қанай ағай даусын қатты көтермей, күбірмен ғана жарлық береді де, сол қолын құлағына тосады. Мен де тыңдаймын. Әлденендей бір жат үн. Ит қыңсылына, ит ырылына ұқсайды. «Теңіз ортасына қайдан келген бұл иттер?»


— Естисіңдер ме?


Капитан аса бір шаттық раймен басын изейді. Таяушы, ескекші жігіттер көңілдене түсіп, бұрынғыдан да гөрi жеделірек қимылдайды. Әлден уақытта қайық түбі қайраңға соғылған еді. Резина етіктердің қонышын қара санға дейін көтеріп, секіре түсіп жатырмыз. Салқын су етік қонышынан құйылып, аяқ басына қарай жылжып барады. Сойыл көтерген бір топ жан қайық кемеріне жабыса, толқын кешіп келеміз. Қарсы алдымызда қарауытып жатқан кеңістік. «Колхоз қайрады» болуға тиісті. Қаптай ағылған қалың «қол» сол қайраңды жан-жақтан қоршап барады. Соққыларын дайындап алған. Манағы кезде қарауытып жатқан кең алаң қазір теңдесі жоқ үлкен бір алыптың тұтас денесі тәрізді. Жақындаған сайын қимыл байқалады. Манағы үндер енді айқын естіледі. Сол баяғы дәрменсіз қыңсыл. «Осынша үлкен дененің даусы неткен дәрменсіз?» «Алып дене» біз таянған сайын қыбыр-қыбыр етеді. Айбат шеккендей. Қорқып та келемін. «Дәл түбіне барған сәт өңешіне тартып жүрмегей!» Әлденелер ербеңдеп, тұс-тұстан тұмсықтар көтеріледі. «Әлденеше басы бар аждаһа болып жүрмесін... Тіпті Жильят айқасатын жыртқыштық алыбы болып жүрер ме?» Жігіттердің жүзіне жалтақ-жұлтақ қараймын. Ешқайсысында үрей жоқ...


... Су тізеден төмендеп, жақындап та қалған едік. Капитан оң қолын ілгері созып, команда берді.


— Ал жүгіріңдер!


Арамызды кең тастап, ентіге алға ұмтылдық. Манағы тұтас зор дене енді тырнақтарын тырбитып, бізге тура тап бергендей. Дәл езуліктерінде айқаса біткен ақ тістері бар, мысық мұртты тұмсықтар бізге қарсы өрмелеп келеді. Бейне бір үлкен жыртқыштың аю тырнақты аяқтарына ұқсайды. Араларын үзбестен, тұтасып келеді. Қарақат көздер жарқылдап, ырылдай айбат шегеді. Әуелгі сәтте жасқанып, шегіншектей берген едім. Капитан айқайлап жіберді.


— Ұр, ұр, жылдам, өткізбе!


Мен енді ғана аңғардым. Тұтас жатқан дене емес, бірімен-бірі жалғаса өрмелеп келе жатқан, мойынсыз жеке хайуанат. Итбалық деген осы екен. Капитан екінші рет айғайлады.


— Ұр, жіберме!


Сойылымды көтеріп, жон сыртынан қондырдым. Қара сұр хайуанат қыңар емес, дір етті де жылжи берді.


— Тұмсыққа ұр, төбеге ұр!.. Түу, анау баласы бар болғыр, өткізіп жіберді-ау. Қазір бәрі де кетеді... Барыңдаршы, қайырыңдаршы, біреуің!


Жайшылықта мінезге бай, сабырлы капитан әбден түтеп алыпты. Қолындағы сойылын жіті көтеріп, онды-солды ұрып жүр. Біреулер маған қарай жүгіріп келеді.


— Ұр, бала, ұр!


«Бала... Баласы бар болғыр!» Кішіртіп, кемсініп айтқандай. Намыстана бастаған едім. Дәл тұсыма келіп қалған зор итбалықты төбеден салып жібердім. Қара сұр дене қыңқ етті де, қимылсыз қалды. Төбесі де ойылып кеткен екен, бөксе жағынан қызыл шақа бір нәрсе ыршып түсті. Түк бітпеген, кішкене ғана күшіктер. Тұла бойым дір етіп, теріс айналдым. «Кімді өлтірдім? Не істедім?.. Адам, адам, неткен жауыз ең?!»


— Ұр, ұр... Өй, сен өзің...


Таяғымды амалсыз тағы да көтердім. Бұл жолы басқа дәл ұрмай, тұмсықтан соғып қайырдым. Қара сұр денелер енді кері қарай беттеген. Жан-жақтан тұтас қыбырлап, алаң ортасына қарай жорғалап барады. Бірін-бірі баспалап, өрмелей көтеріледі. Қажырлы қолдардағы қайың соққылар мейірімсіз сермеледі. «Колхоз қайраңы» аздан кейін-ақ ойдым-ойдым қара төбеге айналды. Бірін-бірі баспалдақтап үйілген итбалық төбелері. Теңіз жиегі итбалық өліктерімен қоршалған...


... Сәске түс. Сойылды «соғыс» тоқталып, «жауынгер» жұртшылығы екінші әрекетке кіріскен. Дөңкиіп жатқан қара сүр денелерге пышақтар үйіріп, көз ілеспестік шапшаңдықпен қимылдайды. Бауырдан жара бір тіліп, желке түптен омыртқаға дейін орай келеді де, бүкіл сүйекті тұтасымен бөлектеп алады. Қалыңдығы қарыс жарымдай, терісі ажыратылмаған іркілдек майлар жайылып қала береді. Әр тұста да осы сиқты арпалыс. Әр тұста да жалт-жұлт ойнаған, сағалы өткір пышақтар. Біреуге-біреу тілдесер де емес. Темекі тартуға да мұрша жоқ. Сойымпаз жігіттер көзді ашып, жұмғанша қара сұр денелердің бірінен екіншісіне көшеді. Мен бірін сойып үлгіргенше, «теңіз бөрілері» он-он бесін жайратып-ақ тастайды.


— Болатхан,— Қанай ағай кезекті денені жайратып тастады да, бір сәтке басын көтерді,— сен қой оны. Мынау сойылғандарды су жағасына тасы да, анау ұзын арқанға көгендей бер... Міне, былай ет...


Капитан нұсқауы бойынша іркілдек аппақ майларды жағаға тасып, көгендеуге кірістім. Маған ұтымдысы да осы сияқты. Маңдай терім көзіме құйылып, жүгіре қимылдаймын...


15


— Құдай-ай, құдай... Қып қызыл алтын дүние қалды-ау енді далада...


Лебі аяз терістік желі үнемі тыным таппастан ажылдай соғады. Толқын таулар дөңбекши түсіп, жөңкіле қашады. Теңіз суын бір сиқыр сорып жатқан тәрізді. Кешегі шалқар кеңістік ақ қайраңға айналған. Экспедиция кемелері күн сайын кері шегініп, жаңа «позицияға» көшеді. Төрт тәулік бойы сойылған қырық бес мың бас итбалық көгендеулі күйі «Колхоз қайраңы» мен «Сүйіндік» маңында қалып қойды. Олар бізден күндік жер. Есіл еңбек сол күйі алдырмай-ақ қояр ма? Қалдырмау үшін қаншама бейнеттендік, борасын аралас мұздай суды кеңірдектей кешіп, қаншама жерге сүйредік. Амал не, өндіре алмадық, үлгере алмадық. Төрт-бес мыңы болмаса, өзгелері сол күйі қос қайраңның үстінде қалды да барды. Қазір маңына да жуытар емес. Теңіз жиегін көрінім жерге дейін мұз жапқан. Рас, әзірге қалың да емес. Бірақ оған жаяулап жете алмайсың, кемеменен баруға су тайыз.


Үскірік жел ажылдай соғады. Кеме үстінде Тоғайәлі быжыңдайды. «Құдай-ай, құдай... Қып-қызыл алтын дүние қалды-ау енді далада...» Алынбай қалған дүние өзгеден гөрі осыған артық бататындай. «Мал ашуы — жан ашуы!» Ренжитін де шығар. Бірақ осы ағайдың сол дүниеге сіңірген еңбегі де шамалы. Көгендеулі итбалықты қайраңдар жиегінен тереңге сүйресуге де қатыспай қойғанды. «Сүйресін өзі Болатхан... О да үлес алады... Күші жетпесі бар, неге келді?» Қарау жанның осы бір мазағы: мені қайрай түскен-ді. «Ерді намыс өлтіреді!» Жас денеме сарқылмас күш біткендей. Қажырлы жігіттерден қалмауға тырысып, жан ұшыра қимылдағанмын. Салқын суға сан рет омақаса құлағаным да бар. Өкпем де өшіп, иығым да жауыр болған-ды. Бірақ сыр бермедім, шағым да етпедім. Біз түн бойы су кешіп, итбалық тасыған кезде бұл кісі кеме үстінде болған-ды. Сөйте тұрып, жұрттың бәрінен артық налыйтындығына жыным ұстайды. Налып қана қоймайды, осы апаттың бәріне мен айыптыдай, теңіз суын мен сорып жатқандай, орынсыз ұрынып, қағыта береді. Міне, ол кеме үстінде домалана жүгіріп, мені иығымен тағы да бір рет қағып өтті. Шалқалап барып, шақ қалдым.


— Ақсақал, ұрынбаңыз!


— О, құдай ұрған.— Тоғаң құдды бір сүзеген бұқаша маған түйіле қарады.— Сұмырай келсе су құриды...


— Суды мен жұтып жатыр дейсің бе?


— Екі бастан сен... Сенің жолың... Сенін, қырсығыңнан қып-қызыл алтын далада қалды.


— Сол алтынға сіздің сіңірген еңбегіңіз шамалы...


— Әй, күшік, сен не шатып тұрсын?— Тоғайәлі жағамнан шап берді.— Суға лақтырып жіберейін бе, ә?


Аброй болған да дәл осы сәт Қанай ағай каютадан шығып қалған еді. Арашаға ұмтылды.


— Тарт қолыңды оңбаған неме, Қарынбай!


Қажырлы капитан «Қарынбай» қолын жағамнан Щ- лып алды да, жағына тартып жіберді. Осымен тынар деп едім, капитан күйініп кетсе керек, доп-домалақ неменені сирақтан ұстап алды да суға малып-малып шығарды.


— Мә саған суға тастау керек болса. Доңыз!.. Сен екеуімізді бір шешенің қыздарынан туды дегенге кім сөнер. Кәпір... Әке болмысы жаман еді... Тәңірі, осындай қор адамды неге жаратады екен... Ит-ау, әке жолдасы емес пе едік... Қамқорлық етудің орнына... Бұдан бұлай ұрынасың ба?


— Жоқ, жоқ, құдай ақы.


Тоғайәлі қалш-қалш етіп жылап тұр. Топал иектегі бес-алты тал сақалға сауыстана мұз қатқан. Мезгілсіз қырауытқан жалпақ басын жерден көтермей, кемсеңдей сөйлейді.


— Ұрынғаным жоқ... Жәй қалжыңды... Айтшы, қалқам, Болатхан...


Екі жүзділігіне жыным ұстай тұрса да, аяп кеттім бұл жолы.


— Қанай аға, біз әншейін... Күш сынаспақ болған едік... Ұрынған жоқ ол маған...


— Әне, айтты ғой... Құдай біледі... Күнім, жіберші енді... Тоңып кеттім...


— Күш сынасар адамды тапқан екенсің.— Қанай ағай өтірік айтқаныма наразылық білдіргендей, аласы мол үлкен көздерін жалт еткізіп, маған бір қарады да, Тоғайәліге бұрылды.— Бар, өшір қараңды!..


— Иш-ша... Әй, бәлем-ай, мінөзің қатты-ау, күнім... Иш-ша!..


Тоғаң алды-артына қарамай, бүрсеңдей жүгіріп барады. Капитан күрсіне түсіп, сол орнында әлі тұр. Екі көзі Тоғаңда. Артық жазалағандығы үшін өзін-өзі жазғырған да түрі бар. Ит болғанмен тума ғой, енді аяныш білдіргендей. Ол Тоғайәлі кубрикке түсе бергенде айқайлап қойды.


— Әй, оңбаған, бұрыш салып, бір стакан арақ, іш те, отқа қыздырын...


— Мақұл, күнім, мақұл... Екі бастай...


Тоғайәлі томпаңдай жорғалап, кубрикке сүңгіген. Капитан терең-терең тыныстап, жел өтіне бұрылды. Аумақты көздің отты қарашықтарын бір нүктеге қадаған. Үнсіз ғана ойға шомыпты. Шаңытып жатқан су борасыны сыртынан әлденені бақыламақ болғандай. Мойнындағы дүрбісін мезгіл-мезгіл көзіне тосады да, күрсініп қояды. Сенің тұрмын, бұл кісі де күндік жерде қалған төрт тәулік еңбек жемісі жайлы ойлауда. Ойламауға бола ма? Қырық бес мың бас. Экспедицияның маусымдық жоспары. АҚШ-тан озар жарысқа біз қосатын қазына. Жоспарды былай қойғанда әр семьяның қыстық азығы қалып барады. Шалғайлап қалған болса да, тастап кетер шама жоқ. Отан мүлкі — ел мүлкі. Шегіне түсіп тоқтаймыз да, қарайлай береміз. Отын да, азық та тапшыланған. Самолетпен тастаған тағамды ала құйын әлдеқайда ықтырып әкетеді. Салқын тиіп ауырғандар да бар. Мұз жүріп, апат болу қаупі де жоқ емес. Баутиннен, Гурьевтен азық тиеген кемелер, мұз бұзатын пароходтар күтеміз. «Дәрігер мен дәрі-дәрмек жөнелттік» деп хабарлағандарына да екі апта. Неткен мешеулік екенін кім білген, әліге дейін жете алмай, айдалада қаңғып жүр. Экспедиция адамдарының кейбірі кешеден бері итбалық етінен қуырдақ жасай бастаған. Үйренбегендіктен шығар, күлімсі исі бар тәрізді. «Жүректі жігіттер» бір стакан арақты жұтып алады да, жей береді. Мен дәм тата алар емеспін. Алды-артын байқағыш Қанай ағай ескілеу сейнер ауын алып шыққан екен. Бұған дейін ара-тұра балық аулап, сорпасыз болмаушы едік. Дүлей соққаннан бері оған да мүмкіндік болар емес. Ендігі жерде біз де итбалық қуырдағына көшетін шығармыз. Камбуз ішінен қоңыр,сыған иіс келеді, мүмкін, қуырып жатқан-ды.


Мана түскі шай үстінде әжептәуір айтыс болып қалды. Әңгіме қуырдақ турасында. Сөзді Қанай ағай бастады.


— Әй, ағайындар, әдетті, ескілікті қойыңдар. Бізге күш сақтау керек...


— Не айтқалы отырсың?— Рақмет ақсақал капитан ойын аңғарғандай, шошына қарады.— Күш сақтау үшін не істеу керек?


— Күш сақтау үшін бе?— Қанай ағай кекесіндеу жымиды.— Сіз шошынасыз...


— Ал, шошынбадық.


— Шошынбасаңыз.— Бұл жолы Қанай үшін Айса жауап берді.— Итбалықтан қуырдақ жасауымыз керек...


— Әй, Айса,— Рақаң түйме көздерін тікірейтіп, шатынай қарады,— сен, бар ма, сен діннен безіп барасың.


— Ақсақал, мен діндар кісі емеспін ғой...


— Тілесең шоқынып кет,..


— Рақа, сабыр етіңіз.— Қанай қайтадан араласты,— Алдымен тыңдаңыз.


— Ал тыңдадым, айта бер.


— Осы жануарды бүкіл мұхит теңізшілері жейтін көрінеді. Дат жазушысының бір әңгімесінен оқығаным бар. Олар алдыменен бауырын, ішектерінің ішкі қыртыстарын шикі күйінде жейді екен де...


— Иш-ша, кәпірлер, — Рақмет ақсақал қолындағы кесесін төңкере тастап, кейін шегінді,— бізге де соны істетпекпісің?


Жоқ, жоқ... Шикілей жей алмаспыз...


— О, қойшы өзің!


— Рақа, сіз тұра тұрыңыз,— Қадекең, бір қозғалып қойды.— Айтсын Қанай... Ия, содан соң?


— Содан соң, жон еттерінен әрқайсы бір-бір кесіп алып, өз табиғаттары тілегенше қайнатып жейді екен...


— Олар кәпірлігіне барады...


— Ал біз шын мұсылман-ақ болайықшы.— Айса мысқылды раймен Рақаңа қарады.— Итбалық жеме дегенді шариғаттан көрдіңіз бе?


— Мен не саған.— Рақаң дін мәселесі жөніндегі тайыздығын мойындауға мәжбүр болды.— Мен бір ғұлама дейсің бе?


— Ғұлама болмасақ, етегімізге намаз оқыған шала молла болмалық... Түсіндіңіз бе?


— Түсіндім.


Айсаның аса қадірлейтін, әкесі тұстас кәрияға алғашқы рет қатты айтқан сөзі еді. Рақаң ауырлап та қалса керек, аузына тіпті сөз түспей, шарт ете қалды.


— Сен бізді бір пәлеге ұрындырасың... Арам же дейсің ғой, ә?


— Ешқандай арам емес, су жануары... Балықпен қоректенеді... Өкпе ауруына қарсы бұның майын жейміз...


— Ол дару үшін...


— Дару деген арам емес... Тіпті даруды былай қойғанда, арық малды семірту үшін жазғытұрым бірнеше білем итбалық майын жегіземіз де, қыста әлгі малды соғымға соямыз... Өткен жылы өзіңіз де сөйттіңіз... Сонда арам жеген болдыңыз ба?


— Рас-ау.


Қадырәлі ағай Айсаны қостап еді, өзгелер де мақұлдап, ду ете қалды.


— Дұрыс, дұрыс айтады.


— Мейілдерің... Тілегендерің мұсылман, тілегендерін кәпір болыңдар...


Сөзден жеңілген Рақаң айтысты доғарып, намазға ұйыды. «Аллаһу әкбәр, аллаһу әкбәр...»


Түскі егес осылай аяқталған-ды...


Капитан көзің дүрбіден аударып, маған бір қарап қойды.


— Бұл дүлей қашан басылар екен, інім, ә?


— Қайдан білейін, ағай.— Мен езу тарта жымидым.— Соғыстың қашан аяқталатынын үлкен генералдар қатардағы жауынгерден сұрайды деуші еді... Сіздің сұрағыңыз да сол сияқты болды-ау.


— Рас... Жас «жауынгер», рас,


Капитан да күліп алды. Бұл біздің соңғы апта ішіндегі алғашқы күлуіміз шығар-ақ.


— Қанай аға,— мен енді күлкімді доғарып, күрсіне сөйледім,— шынымен-ақ қалғаны ма?


— Неге қалады? Қалдырмаймыз... Ел игілігін қалдыруға хақымыз жоқ. Бүгін-ертең жел ауып, тасу болады... Кері барып, жинап аламыз.


— Су тасыса ығып кетпей ме?


— Неге ықсын... Зәкірлеп кеттік қой... Тек мұз жүріп, сең басып кетпегей... Солай, інім, әлі үлкен олжамен ораламыз.— Капитан мені арқаға қағып қойды.— Сен анау оңбағанның сөзін елеме... Енді ол қойдан жуас болады... Ұқтың ба?


— Ұқтым, аға, ұқтым...


Енді бір сәт капитан кез қиығын батысқа аударды. Мен де солай бұрылдым.


Көрші кеме үстінде қызу жұмыстар жүріп жатыр. Сұңғақ бойлы Айса ағай өз жанындағыларға әртүрлі нұсқаулар береді де, ақ балтасын құлаштай сермеп, жуан бөренені жіті шабады. Өткір балта жүзінен үлкен-үлкен жаңқалар қырқылып түсе береді. Соңғы шегініс кезінде қайраңға соғып, екі кеменің рулі сынған болатын. Өнерпаз жігіт қазір сол екі рульді жаңадан жасауға кіріскен. Аяқтай да келгендей. Мынау дауыл кезінде орнату да қиын-ды.


— Болатхан, інім, сүйінші!


Қанай ағай дүрбісін ұсынды.


— Қара, жақындап-ақ қалыпты. Алдарындағы тайызға соғып бөгелмесе, күн батқанша жетіп үлгіреді.


Мен дүрбіні көзіме апардым. Көкжиекке еңкейе түскен күн көзінің астында екі-үш кеме сүйреген бір пароход, бір мотор көрінеді. Біздің күткен керуен болуға тиісті. Капитан жүзінде үміт күлкісі. Отты қарашықтарында сенім нұры ойнайды. Көрші кемедегілердің де бар назары сол тұста. «Тек қайраңға ұрынбай, тезірек жеткей, я сәт!»


16


... Дауылмен жағаласа жүріп, екі-үш кеме адамы бізге келіп мінген-ді. Көп ұзамай-ақ кубрик іші көк мұнарға айналды. Ортадағы шойын пеш бүкіл қабырғасы күреңіте түсіп, жан-жағына алау шашады. Пеш үстінде үлкен қаңылтыр табақ тұр. Табақ ішінде итбалық қуырдағы. Камбуздан келіп жеткенше суып үлгірсе керек, қайтадан қыздырылып жатыр. Қазір күйе бастағандай, қоңырсыған ащы иіс минут сайын молая түседі.


— Ал, жетті,— Айса ағай ауыр жұмыстан кейін әбден ашыққан болса керек, кеңірдегін соза түседі,— әкелсеңші, Тоға!


— Асықпа,— Жұмаш капитан сепкіл беттегі тер бұршақтарын сүрте отырып, тоқтау салады,— алғашқы дәм татуымыз ғой, әбденірек піссінші... Ауырып қалармыз...


— Қой, жетті, күйігі барады.— Тоғаң етектей ернін тамсана түсіп, араластырып қояды да, бірер кесегін қомағайлана қауып, баж ете қалады.— Өй, қандай ыстық...


— Ашқарақ сорлы,— Қанай ағай «Қарынбай» белесін көз нәлетімен атып, басын шайқайды,— өртеніп өлерсің...


Кеп ұзамай қаңылтыр табақ ортаға қойылған еді, жұмыстан келген жігіттер бір-бір стакан шарапты жұта салды да, Айсаға қарасты.


— Ал, бұйыр... Осыған мұрындықшы болған өзің едің, өзің баста.


— Е, несі бар, бастаймын.


— Кеш қалдың, Айса,— Қанай ағай кекесіндеу жымиып, Тоғайәліге қарады.— Менің бөлем піспей тұрып-ақ бастап қойған.


— Қайтейін,— Тоған қаңылтыр қасығын табаққа көме беріп, тағы да бір тамсанып қойды,— қуырдақ иісі мұрнымды жарып барады.


— Өй, ит,— Рақаң әжімді маңдайын қатпарландыра 'шытынып, кейін шегінді,— сенің анау батық мұрның шіріп түспейді-ау... Оңбаған неме маңқылдап... итбалық етін шикі жегенін де мақтан етеді... Ерлік көреді...


— Ерлік болмағанда,— Тоғаң қаңылтыр й,асықты көмейлете тығып, масаттана бір қозғалып қойды.— Менің әкем Қалдыбай тірі майшабақты тұзға былғап жей береді екен.


— Сорлы, сорлы.


Рақмет кәрия шашыраңқы, селдір сақалын оң қолының етсіз саусақтарымен жинақтай ұстап, әбден бір жиіркенген пішінмен тыжырына басын изеді.


— Соны да дәреже санайсың... Баяғыда сен сияқты бір қортпақ үйлене барыпты. Әлгі иттің аузы сасық болса керек. Қалыңдығы жеркенсе, анау неме өз бетімен былшылдап, «Өй, біздің сонау ата-бабамыздан бері қарай, бүкіл ұрым-бұтағымыздың аузы сасық болатын» деген екен... Сол айтқандай... Әй, сенің осы арғы тұқымың аштан өлген шығар...


Кубриктегі жұрт дуылдаса күліп алды да, қасық ұстаған қолдарын табаққа созды. Сеземін, пәлендей ұнатып отырмаса керек. Ешқайсысы да Тоғаң сияқты сұғынбайды. Дегенмен де жеп отыр. Тіпті мақтап та қояды.


— Қой, тамаша дәмді екен.— Айса ағай көзін қысып қулана күледі.— Менің нағашым пісірген тамақ жаман болатын ба еді... Әбден бабында пісіпті.


— Е, айым-ау,— Тоғайәлі екі ұртын бұлтаңдата талмап, масаттана былдырлайды,— Тура бал сияқты... Таңдайда еріп барады... Пісіруінде бар ғой...


— Өй, сөзің құрсын. — Рақаң он қанатқа бұрылып, түкірініп қойды.— Байқап же, сен ит қақаласың... Мені босатыңдаршы...


Рақмет кәрия төзіп отыра алмаса керек, жайнамазын құшақтап, далаға шыға жөнелді.


— Болатхан,— капитан мені шынтағымен түртіп, табақты мезгеді.— Ал, інім... Жауынгер адам тура келген жағдайға төзе де, ыңғайлана да білуге тиісті... Өйтпей болмайды... күш сақтау керек, күш!


Жауынгер деген сөз мені белгілі бір тәртіпке шақырғандай. Қаңылтыр қасыққа ілінген алғашқы кесекті аузыма апардым. Әрине, Тоған айтқан бал емес. Күлімсілеу иісі бар, сүйкімсіздеу бір нәрсе. Дегенмен де, жеуге боларлық. Төзуге тура келеді... «Күш сақтау керек... Мұқтаждық нені мойындатпайды. Мен осы сәт «Теңіз еңбеккерлерінің» қаһармандарын тағы да еске түсірдім. «Жильят шикі крапты еріккендіктен жемеген шығар-ақ!»


Жігіттер біраз шұқылады да, кейін шегінді. Тоғаң әлі тоқтар емес. Екі езуден жылжыған майды да ешбір сүртпестен, былдырлай ымдайды.


— Алыңдар, әй алыңдар...


— Нағашы, тауысып қойыңыз.— Айса ағай қулана күледі.— Еңбегіңіз сіңді.


— Түу, қалқам, еңбек сіңгенде қандай... Бұл жануарда ет болмайды екен... Әрқайсының мойын омыртқасын үңгіп, қанша азаптандым.


— Ас болсын, алыңыз:.. Еңбек сіздікі.


— Әй, тойып та келдім-ау,— «Қарынбай» жемқор Айса алдындағы шыныға сұқтана қарады,— «Жақсы ас қалғанша жаман қарын жарылсын» деген екен, мынаны тауысып қояйын, бір құйып жіберші, күнім...


— Ойбай, нағашы сізден аяғанды...


— Жетер,— Қанай жекіріп тастады,— өлесің, ашқарақ неме...


— Қой, кәйтетін еді.— Тоған, тамсана түсіп, мырс-мырс күліп алды.— Біздің әкеміз кәдімгі шілде, тамызда бір қойдың етін тұтас жеп, құдыққа түсіп ұйықтайды екен.


— Сорлы, сорлы. Сенің сорлылығыңның өзі де сол жаман әкеге тартуыңда ғой... Жақсы анадан саған үлес тимепті...


Қанай капитан өз бәлесінің қораштығына әбден күйінсе керек, лактап қойғандай жалтырап тұратын қара күрең жүзіне көк будан бояу пайда боп, қою қастарының арасы тұтасып кеткен екен. Қалыңдау ернін құшырлана.тістеген күйі, біраз уақыт үнсіз отырды да, таңдайын қаға басын шайқады.


— Ал, іш те же... қазір сен де суға түсесің... Анау кемелердің рульдерін орнату керек қой...


Ауқаттан соңғы кеңестер екі кеменің рулін орнату төңірегінде болған еді. Әркімдер әр түрлі ұсыныстар енгізді. Біреулер ертең, жарық түсе бастауды ұйғарды. Енді біреулер осы түн ішінде орнатуды маслихаттады. Кубриктегі адамдар қазір осы мәселе төңірегінде екі жақ болып сөз таластыруда.


— Тумалар!—Қанай капитан қалиянын сора отырып өз шешімін айтты.— Ертеңге қалдыруға болмайды... «Жаман айтпай жақсы жоқ...» Түн ішінде мұз жүріп, қозғалуға тура келсе қайтеміз... Тастап кетеміз бе?


— Құдай өзі сақтар да...


Тоғаң жиі-жиі кекірініп, ертеңге көшіруді қостады.


— Құдекеңнің өзі де «Сақтансаң сақтармын» депті.— Айса ағай өз дәлеліне сүйеу күткен үмітпен Рақмет кәрияға бұрылады,— Солай емес пе, ақсақал?


— Әрине,— Рақаң басын изейді,— сақтанған мақұл...


— Ал сонда,— Тоғайәлі маужырай түсіп, кубрик қабырғасына сүйенеді,— сонда осы қараңғыда қалай орнатпақсыңдар?


— Электр жарығымен...


— Айса, күнім, сен өзің қызықсың.— Тоған ак жабағы басын қайтадан көтеріп, мырс-мырс күледі.— Осы дауылда шүмекті қалай кигізбексің?


— Керек болса үш-төрт жігіт суға түсіп, қолмен кигіземіз... Сүйемелдейміз...


— Әрине, онсыз болмайды.— Қанай жымия күліп Тоғаңа қарады.— Алдымен сен түсесің. Әйтпесе, манағы майдан кейін...


— Қолқаларым-ау. Қойыңдаршы... Осы түнде... Құдай оңдап ертең жел тымар...


— Еріншекке бүгінгіден ертеңгі оңай,— Қанай кірпі шашын тікірейте сипап, сол қолының молтық саусағын жоғары көтереді. — Сен бе, сен бөлем, оңбайсың... Ертең бұдан да күшейіп кетсе... Тіпті сең ішінде жүріп орнатуға тура келсе қайтесің?.. Бәрібір суға түсеміз...


— Я, күн бұрын шара қолданған мақұл.— Күні бойы екі жақтың айтысын үнсіз ғана тыңдап отырған Жұмаш капитан сәл ойлана түсті де, өзінің әмір тәжірибесінен ұзақ бір әңгіме бастап кетті.— Табиғатқа сенуге болмайды, жігіттер... Анау жылы менің бір аузым күйгені бар...


... 1942 жыл. Отан соғысының аса бір жауапты кезеңі. Біз бірнеше кеме Баутиннен итбалық майын тасимыз. Бірде Астраханьға, бірде Мақашқалаға баруға тура келеді. Ноябрьдің дәл бүгінгі ондары кезі болса керек. Терістік желі бет қарып, ызылдай соғады. Тек жел ғана емес, аспан асты да қатерлі. Қаңғып жүрген жау пираттарына кездесесің де, солардың бағытынан жалтара қашасың. Бір рет зәреміздің ұшқаны бар. Ала бұлт арасынан үш құзғынның шыға келгені ғой. Арамызды шалғай салып, ығыса бердік. Тасаланар пана жоқ. Бірақ, әлгі құзғындар бізге әуре болмады. Пулемет оғын себелеп, үстімізден өте шықты да, алда бара жатқан баржаға шүйілді. Теңіз суы шаншып қойған сырықтай, аспанға шапшып, баржа маңы ойран бола қалды. Әлден уақытта баржа үстінен алау көтерілді. Қызыл жалын ішінде суға қарғып жатқан адам денелері көрінеді. Баржа тіркеген пароходтан оқ атса керек. Енді бір сәт үш құзғынның біреуі суға құлап түсті де, қалғандары жалтара жөнелді. Сөйтсек совет қырандары да келіп үлгірген екен. Пароход үстіндегі кішкене қайықтар төмен түсіріліп, баржа адамдарына ұмтылған. Үлкен баржа үстінен қызыл-ала жалындар лық-лық атылып, әлденелер шатыр-шұтыр ете қалады. Қазір бүкіл теңіз жанып жатқандай, толқын жалдары да күреңіте қалған. Біз баржаға таяна берген едік, пароход алдымызды кесіп, кері қайтарды. Екі бастан «өздерің өртенесіңдер, жоламаңдар» деген болса керек. Орынды сақтандыру, қара майлы кемені жалын тілі бір сүйсе, жанамыз да кетеміз...


— Апырай дейсіз. Пароход ше?


— Пароход кейін бұрылды. Біздің арт жағымызда баржа сүйреген бір пароход келе жатыр еді. Екі бастан соған көмектеспек шығар.


— Я, сонымен?


— Сонымен аман-сау Астраханьға барып, жүкті тапсырдық-ау,— Жүмекең шегірлеу көзін бір нүктеге қадап, сәл бөгеле түсті де, әңгімесін қайтадан жалғады.— Менің айтқалы отырғаным бұл емес, кері қайтар сапарым. Күн райы түзеле бастаған-ды. Дегенмен де мұз қатар кез таянып қалған уақыт. Аласапыранға ұшырамай тұрып, кері оралуға тиістіміз. Енді қайтуға дайындалдық. Кеменің ол-бұл жерін қарастыра келсем винтімнің бір қалағы сәл майысқан тәрізді. Дереу өзгертуді талап еттім. Пристань начальнигінің кезекшісі мамандармен келіп көрді де, қолды бір-ақ сілтеді. «Түк те етпейді... Әлі он жылға төзеді». Әй-дәй айтыс басталды. Мен начальниктің өзін іздеп, таба алмай қайтсам, кемеге жүк тиеп те үлгіріпті. Манағы кезекші жолдама қағазды қолыма ұстата берді. «Айда» қазір пароходқа тіркел... Рейдаға шығарып салады». Мең тағы да қарысып көрдім. Көнеді деген не... соғыс кезінің заңымен қорқытады. Онысынан үрейлене де қойған жоқ едім. Кезекші де, тұтынушылар одағының өкілі де өтініп алды. «Винтті өзгерту үшін анау жүкті қайтадан ауыстыру керек... Көп уақыт өтеді... Ашық-жарықта жетіп қалыңыз... Ондағы жұрт азық күтеді. Винтті ала кет те, барған соң оратқыз» Мен жуаси бастадым. Бала-шағаларымен екі-үш әйел мінген-ді. Оларда да ұшуға қанат жоқ. Өзім де үй ішін сағынғанмын. Осы жағдайлардың бәрін салмақтай келіп, келісім бердім.


Сол кеште бірнеше моторлы кемені үлкен пароход сүйрей жөнелді. Ауа райын зерттеушілердің де кейде оңдырмай адастыратыны бар ғой. «Ешқандай қатер жоқ» дескен-ді. Сол сандырақтар тұсына кез боппыз. Өзеннен шығар сағатта оңтүстіктен құтырынып бір берді. Екі-үш күн бұрын қара суық кезінде қатқан бар мұзды теңіз тамағына әкеліп үйірген. Қуатты пароход сеңді омырып келеді. Омырылған мұзды асау толқын қуып әкеліп, кеме қабырғасына соғады. Рейдіге жеткенше екі-үш .кеме тесіліп те болды. Әйтеуір, біз аманбыз. «Әй осы қысымға төзген винт қалған жерге төзер» деп тарта бердім. Соқыр тәуекел адамды апатқа ұрындырады ғой.


Таң ата тағы да мұзға кездесіп, қыспақта қалдық та қойдық. Әлден уақытта бір нәрсе шатыр-шұтыр ете қалған еді. Көмекшім жүгіріп келді. «Қосағасы, құрыдық... Төстегі екі вагон арасынан...» Аузын баса қойдым. «Өшір үніңді... Анау бала-шағалының жүрегі ұшып өледі» Кеме палубасында экспедиция адамдарынан сұрап алған екі итбалық жататын. Солардың бірін сүйрете кубрикке кірдім. Су тізеге жетіпті. Табақтай жердің тақтайын омырып кеткен екен. Қолымдағы итбалықты сол үңгірге сыналай тықтым да, бер жағынан тақтай шегелеттім. Бұл жарықтық желімнен де берік пе деймін. Әбден жабысып қалған. Сарқырап құйылған су пышақ кескендей тыйылды. Кеме тұмсығы едәуір шөге бастаған екен. Насосты кубрикке түсіріп, дереу төге бастадық. Одан әрі моторды сөндіріп, тек қорғаныс қамына кірістік. Абырой болғанда, сәскеге таман жел де толастай бастады. Жан-жағымыз тұтасып жатқан көкше мұз. Тек біз ғана емес екенбіз, әр жерде кеме, қайықтар көрінеді. Ертеңіне бұлт айығып, ауа райы шыңылтырлана түсті. Мұз тұтқындары енді бір-бірімізбен араласа да бастадық. Біз олардан балық аламыз, олар бізден картоп алады. Тиеп келе жатқан азығымыздың ішінде картоп та болатын. Балықтан өзге азықтары таусылған адамдарға көмектесуге тура келді. Кейде төбемізден шүйіле самолет самғай өтеді. Әуелгі сәтте «жау құзғыны болмағай» деген оймен үрейленіп те қалғанбыз. Жоқ, өзіміздікі екен. Мұз үстіне азық тастап кетеді.


Сонымен төрт күн ыққанбыз, бесінші тәулікте мұз омырғыш пароходтар келіп құтқарды. Солардың бірі бізді теңіз тереңіндегі баржаға әкеліп тастаған. Енді жүрелік десек винтіміз де, руліміз де қираған. Баутинге радиограмма беріп, көмек сұратқанбыз. Жібермек болған моторы адасып кеткен бе, келер емес. Қашанғы жатпақпыз. Тіршілік қамына кірістік. Кеме құйрығын баржа краны арқылы жоғары көтеріп, винтті ауыстырдық, рульді жөндеп, қайтадан қоңдырдық. Амалсыз сүңгуге тура келді. Қақаған аяз. Су сүйегіңді шағып барады. Көну керек, төзу керек. Төзбесіде лаж жоқ...


— Әрине,— Рақаң тасбиғын санай отырып, басын изеді,— теңізші жазмышы осылай, шырақтарым.


— Тоғайәлі, көрдің бе,— Жұмекең терең тыныстап, шалғысыз жирен ұртын бір сипап қойды,— кезінде шара қолданбағандықтан қанша азап көрдік, ә?


— Апыр-ай дейсіз.— Айса ағай орнынан бір қозғалып қойды.— Осы біз кейінгі кезде тым ақсаусақтанып барамыз... Жеңілге, дайынға үйірсектеніп алдық... Соғыс кезі естеріңізде ме... Қақаған суық түндерде итбалық майын жағып қойып, мезгіл-мезгіл қыздырына жүріп, таң атқанша соятын едік қой... Онда мен дәл осы Болатхан жасындағы талдырмаш қана баламын.


— Я, я, есімде... Бір рет қалғып кетіп, отқа құлап бара жатқан жеріңнен ұстап үлгергем.— Жүмекең жымия түсіп, әркімнің жүзіне үңілді.— Кәне, іске кіріселік... Бірінші болып суға өзім түсемін... Маған ілесетін тағы да қайсысың бар.


— Мен түсемін.— Айса ағай қолын кетерді.— Тағы да екі кісі керек.


— Жоқ, Айса, сен бас инженер есебінде кемеде қал.— Қанай басын шайқады.— Біз бөлеміз екеуміз түсеміз... Тоғайәлі, солай ма?


— Қайдам, күнім,— Тоғаң темен қарап, міңгірлей берді.— Түс десең...


Ал, кәне, жігіттер, отырмалық! Тәжірибелі Жұмаш капитан сепкіл бетті бір сүртіп, орнынан қозғалды. Осыған ілесе өзгелер де көтерілді...


... Шырт ұйқыдан шошып ояндым. Кубрик сыртында тасыр-тұсыр әлденендей әбігер басталған. Мотор да даңғырлап алған екен. Қанай ағайдың мазасыз айғайлаған қаһарлы командасы естіледі. «Алға!..» «Кейін!..» «Тоқтат!..» Машина бөлімінен қоңырау шылдырлайды. Команданы қабылдау ишарасы.


Асыға басып дал.аға шықтым. Жел баяғы сол күйі. Аспан жүзі тас түнек. Қарауытып келген толқын тауларынан ағараңдаған бір нәрсе қарғып түседі де, шатыр-шұтыр ете қалады. Экипаж мүшелері кеме бортына үңіліпті. Ұзын сапты багормен әлденені кері итеріп, әбден әуре болуда. Капитан кеме тұмсығында тұр. Мезгіл-мезгіл қолын көтеріп, жаңа команда береді. «Алға!..» «Кейін!..» «Тоқтат!»


Мен де темен үңілдім. Қабат-қабат қалың мұз жан-жақтан қаусырып алған. Толқынмен бірге қарғыған мұз кесектері кеме бортына көтеріледі. Алдыңғы тұста, біраз жер, қарауытып жатқан теңіз кеңістігі. Капитан көзі сол тұста. Кеме тұмсығы да әлгі бағытқа бұрылған. Бірақ, амал не, бауырымен жер сызып, қайырлап келеді. Толқын қуған қалың сең асығыс қарғып, алдымызды кеседі. Қанай ағай ала бунақ өлшеуішін суға бойлатып алды да, тағы да қолын кетерді.


— Алға, алға!


Капитан даусынан сенім лебі ескендей. «Я, сәт!.. Тереңге түскен шығармыз!» Мен үміттене бір күрсініп алдым да, төңірекке көз тіктім. Жалғыз ғана біз емес, бүкіл экспедиция кемелері қаптай жүзіп келеді екен. Бәрі де мұздан ығысқан, бәрі де апатпенен алысқан. Асылы, осы адамдар өзгеше жаратылған болса керек. Бұл денелер суықты елең етпейтін шойыннан құйылғандай. Түндегі ерліктерін айтсаңшы. Тиген-тигені қатып жатқан салқын судың ішінде сағатқа таяу жүрген-ді. Асау толқын аж етіп, әлсін-әлі үстерін жабады. Алайда тайсалып көрсеші. От жүрек, ежет адамдар қолға алған жұмыстарын орындағаннан кейін ғана кеме үстіне көтерілді. Олар ішке кіргенде денелері көкбеңбек, шаштары сауыс мұз болатын. Жылы кубрикке енген бойда үстерін спиртпей сүртіп-сүртіп алды да, Қызыл бұрыш салынған бір-бір стаканды төңкере тастады. Көкшіл денелер қайтадан күреңітіп, сұрғылт жүздер қайтадан нұрлана бастады. Бірін бірі иықпен қаға, жүгіре билеп, мәз-мәйрам күліседі. Міне, ішсе осылар ішсін. Кейде қолынан түк келмейтін, бойы шынашақтай Сәуден сияқты біреулердің өлшеусіз ішіп, көтерем шошқа тәрізді, қып-қызыл таңқы тұмсықпен балшық қопарып жүретіні бар-ау. Әбден жының ұстайды. Тіпті теуіп кеткің келеді. Ал мыналардың ішкені адал. Ас болсын! Мен бұл жолы Тоғайәлі ағайға да сүйсініп қалдым. Шекесінде, бетінде екі жерден жара бар, кемеге соғылса керек. Тіпті соны да елең етер емес.


Осы ерлердің сол еңбегі бізді төніп келген апаттан құтқарды. Таң ата экспедиция кемелері тереңге түсіп тоқтады. Кешегі пароходтар да осы маңда тұр екен.


17


... Жел батысқа ауып, теңіз суы қайтадан тасығанды. Экспедиция кемелері күн сайын шығысқа жылжи отырып, баяғы тұсқа тоқтады. Қайраңдар үстін толқын жаба бастаған. Жиекте тұтас мұз жатыр. Су тереңдей тұрса да маңына жолатар емес. Тоғаң айтқан «қып-қызыл алтын» әлі де қолға түскен жоқ. Енді су ғана емес, сең астында қалар қаупі бар. Мотофлюгалар таяна түсіп, кері қайтады. «Тәңіріден тілеп алған батыс желі» де бізге жылы мейірім әкелмеген тәрізді. Баяғы сол ызғырық.


Қанай ағай радио рубкадан тұнжырап шықты да, мотофлюгаға мінді. Айтпаса да белгілі. Ноябрь орталанып қалған. Қыраулы қыс таяу тұр. Күзгі табиғаттан мырзалық күтіп болмайды. Ол Тоғайәлі ағайдан да саран. Өтінішпен емес, өжеттікпен ғана аласың. Кеме капитандары мен бригадирлер экспедиция начальнигіне жиі-жиі шақырылады. Гурьевтен үлкен бастықтар да келген деседі. Қазір экспедиция коммунистерінің жиналысы болғалы жатыр. Қанекең сонда кеткен-ді. Қаралатын мәселе: сонау «қызыл алтынды»— тер сіңген құнды еңбекті ысырап етпеудің қамы шығар-ақ... «Нептун» мен «Баутиншылар» экипаждары флагмандық кемедегі мәслихаттың тоқтамын күтуде.'


— Ал, жігіттер, жинала қалыңдар!


Орталықтағы жиналыстан оралған капитан кеме үстіне сөйлей көтеріліп, әркімнің жүзіне үңілді.


— Кәне, қайтамыз ба?


— Айым-ау.— Тоғаң шошынған адамдай сол қолын жағасына апарды.— Солай шештіңдер ме?.. Қол созым жердегі қып-қызыл алтынды тастап кетеміз, ә?.. Жоқ, бұны тастап кеткенше сең астында қалған артық қой.


— Әй, жағыңа жылан жұмыртқаласын.


Рақаң теңізшілер шежіресі тәрізді шытырман әжімді маңдайын қатпарландыра жиырып, қолын сілтеп тастады.


— Сен құрғырдың аузыңа бір оңған сөз түссейші...


— Апыр-ай, дейсіз,— Сартай ағай тісіндегі шылымын құшырлана қырқып, кеме бортынан лақтырды,— Кіл тек пышаққа түсу... Сең астында қалу...


Бригада мүшелерінің бәрі де Тоғайәліге көз нәлеттерін жаудырды.


— Күнім-ау, енді қайтейін... Қып-қызыл алтынды тастап кетеміз дейді.


— Шын солай шештіңдер ме?— Рақаң енді басыла сөйлеп, капитан жүзіне сұрақты пішінмен қарады.— Асығыс шешкен екенсіңдер... Тастап кету жөн болар ма?.. Күткен мақұл емес пе еді?..


— Әрине, күтеміз...


— Күтпегенде ше!


— Елге не бетімізбен ораламыз...


— Асықпалық...


— Асықпауға болмайды.— Капитан қалмақ қалиянын жіті сорып, ойлана түсті.— Ертең болмаса бүрсүгүні қатты суық, дарлы боран күтетін көрінеді.


— Е, оған дейін тіршілік етпейміз бе?


— Ақсақал,— капитан қосағасының жүзінен сыр аңғармақ болғандай, ұзақ қарады.— Сол мәселені орталарыңызға салғалы отырмын... Сіз қалай қарайсыз?.. Көпшілік қалай ойлайды?


Көпті көрген кәрия шешімін бірден айтпастан ұзақ ойланды. Жетпісті алқымдай келсе де, әлі оты қайтпаған, аумағы түймедей ғана дөп-дөңгелек көздерін алысқа, жел етіне тосыпты. Қазір ол ұзақ өмірінің бел-белетерін мойыл қарашық алдынан еткізгендей. Он үш жасында қойшылықтан қашып, теңіз жиегіне келіпті. Содан бергі өмірі үнемі толқын жалында, сең тепкісінде. Кейінгі жылдарға дейін қыс атамандық, жаз бен күз капитандық жұмыстарын атқарыпты. Асау толқын омырған қой қотанындай көк мұзда апталар бойы ығып та көріпті бұл кәрия. Сол азаптың бәрі де өр кеудені жасыта алмапты. Қайраты әлі қайтқан жоқ. Сақал, шаштан жалғыз тал ақ қырау көре алмайсың. Бүкіл жан дүниесі толқын ырғағымен тоғысып жатқандай. Жас ұлғайып келсе де, теңізді тастар ойы жоқ. «Ақсақал, осы кәсіпті қойсаңыз қайтер еді?» деген адамға Рақаң ренжіп қалады. «Әй, өзің не бықсытып отырсың?» Жігіттер күмілжи береді. «Кешіре көріңіз, еркін дем аларлықтай еңбек еттіңіз ғой дегеніміз де». Рақаң ақ қаладай ұсақ тістерін түгел көрсетіп, әлденеге күледі. «Дем алатын мен қартайып отырмын ба?! Күресесіңдер ме, өздерің?» Күреске ешкім шыға да қоймайды. Жығып кетер деп үрейленетін-ді, кім білген? Шыңға біткен қайыңдай сындарлы биік тұлғада өлшеусіз бір күш жатыр. Бұл тұлғаға ешқандай олпы-солпы арам ет те бітпеген. «Күш сынасуға табандарың тұрмайды, ә?» Рақаң енді өз жаратылысына сүйсінген адамдай миықтан ғана жымиып, байсалды сөзге көшеді. «Шырақтарым, сендер сол бір сөздеріңді қайталай бермеңдер... Әлі күшім қайтқан жоқ... Үйде отыру азабы бұдан да гөрі ауырды... Тіпті өзгесін былай қойғанда, менің шиеттей төрт баламды кім асырайды?.. Борышым көп. Оларды халық қатарына қосуға тиістімін!» Балаларының жас екені де рас. Ең үлкені биыл сегізге ғана толған. Алпысқа аяқ басқанда көрген ұлы екен, атын Алпысбай қойыпты...


— Біздің «құрдас» ойланып қалды, қорқады-ау деймін!..


Айса ағай байырғы әзіліне басып, қулана күлді де, Рақаңның жүзіне көз қиығын жіберді. Кәрі жанды қайрауға тырысқан тәрізді. Әкесі тұстас адамды «құрдас» деуінде де мән жатыр. Бұл екеуінің үлкен ұлдары бір жыл, бір ай, бір күнде туыпты. Сондықтан да «құрдас» деп реті келгенде Рақаңды қағытып қояды. «Уа, қалайша?..» Айса дәлелін айтып, жымияды. «Балаларымыз құрдас болған соң өзіміз неге құрдас болмаймыз?» Рақмет ақсақал бұл әзілге жәбірлене де қоймайды, қайта көтеріліп қалатындай, «Әзілің жарасса атаңмен ойна... Ерсілік жоқ... Айса, сенімен құрдастыққа жарасам, қор болмағаным...»


Еш қашан ренжуді де, моюды да білмейтін, реті келсе үлкенмен де, кішімен де әзілдесе беретін осы бір албырт жанның өзі де қазіргі сәтте ой үстінде отырғандай. Уайым емес, көңілді ой. Қара көзде күлкі ойнап, жұқалтым жүзі нарттана түсіпті. Зерек адамға тән нәзік еріндерінде күбір бар. Әлде Ақмаржан жеңгейге арнаған жаға бір өлең жолдарын ойлауда ма екен? Мүмкін, не Аманқостың, не Бақыттың, не Ырыскелдінің ерке мінездерін еске түсірген-ді. Ақын кеуде сырға толғандай. Мүмкін, жада жыр бар-ды. Кейде ол осылай ойлана отырып, тақпақтата жөнелетін. Айса ағай осы экспедицияның «жанды газеті» тәрізді.. Оғаш мінез, өрескіл қылықтар бұл кісінің көзіне тез шалынады да, қолма-қол сықақ жыр шығарады. Өткір жыр сол сағатта-ақ экспедиция адамдарының арасына тез таралып кетеді. Өткен аптадағы итбалық қуырдағынан кейін Тоғайәліге арнап:


«Нағашым Тоғаң — Қарынбай,


Ac деген иман-арындай.


Түндегі майлы тамақтан


Қалса игі қарын жарылмай!?» —


деп бір ауыз тақпақ шығарған еді, қазір сол тақпақты, әркімдер-ақ жатқа соғады. Содан бері Тоғайәліні көргендер қулана күледі. «Уа, Тоға, іш қалай, іш?» Жемпаз ағай күңк ете қалады. «Кің... кің... өй, қойыңдаршы, өздерің... Кің... кің... өздерің ас ішпейтіндей...» Аналар тағы да күліседі. «Айса айтқандай, жарылмасаңыз жарады!» Тоғаң бұл жолы да күңк етеді. «Кің... кің... Жарылып...» Дегенмен осы ағайдың гальюнға жүгіруі тым жиіленіп кеткендей. Ақыры қайыр болғай да!


Мен Қанай жүзіне көз . жібердім. Ол кісі де ойға шомған тәрізді. Тек өз үй іштері ғана емес, мынау жандардың тағдырын да ойлайтын-ды. «Албырттыққа мегзеп, апатқа ұрындырармын ба?» дейтіндей. Ал менімен кездесіп отырған да адам жоқ. Әйтсе де осылармен бірге өзім де толғанудамын. Менің де жас бұғанама түскен салмақ бар. Алты адам қолыма қараған. Налытпауым, жүдетпеуім керек. Маған арқа сүйеген төрт бірдей сәби туманы қатарға қосуға, тіпті өзім де тасада қалмауға, өрге көтерілуге міндеттімін. Әке табыты алдында осыған ант еткенмін...


— Рақа, кәне, не айтасыз?


Қанай ағай қалиянын қайтадан тұтатып, қосағасына бұрылды. Рақаң тамағын кенеп жымиды да, Айсаға қарады.


— Мен айтсам ба?.. Менің мынау жас «құрбым», «кәріліктің қараулығы» деп тағы да өлең шығарып жүрмей ме?


— Жоқ, жоқ, мен бе?— Айса да тамағын кенеп жымиды.— Мен:


«Тарлан да шаршап сыр берді. Қартайғаны шынды енді... Жас жеңгей қалай қабылдар, «Құрдасым» бұл жол құр келді»,—демек едім.


— Уа, қой, айта көрме!— Рақаң сәл қысылыңқы пішінмен, күреңіте күліп алды,—Кәрілік итіңді әрі әкет!


— Ал Рақа, сонымен?


— Маған салсаңдар, қазірден бастап іске кіріселік... Үш жүз адам жабыла кеткенде несі қалады... Анау мұзды таптап-ақ тастамас па ек!


— Өй, арыстан!— Айса тағы да тамағын кеней түсіп, бір қозғалып қойды.— Е, бәсе, біздің «құрдас» осыны айтар деп едім-ау:


Табаны жалпақ тарлан-боз,


Ду сезсе бойы қызынған.


Кемелге келген кезінде


Таяр ма көкше мұзыңнан?


— Пап, па, мақтауымды жеткіздің.— Қосағасы сәл ғана езу тартты да, артынша байсалды пішінмен капитанға бұрылды.— Ал өздерің ше, партия қалай ұйғарды?


— Партия батылдықты, табандылықты мезгеді. Аулаған сендер болғанмен игілік, ырыс елдікі. Халық қазынасын сең астында қалдыру теңіз батырларына ұят емес пе?! Долы,табиғатты жүгіндіре қимылдап, аралдағы байлықты алып үлгіруге күш жұмылдыралық! Елімізді азық молшылығына кенелтуді көздеген жеті- жылдық міндеттері осыны талап етеді дегенді айтты.


— Бәрекелді, әбден дұрыс шешкенсіңдер.— Қосағасы капитанға бұрылды.— Ал онда не тұрыс бар?


— Ay, ағайындар,— Ақмамбет ағай әркімнің бетіне жалтақтай қарап, ауыр күрсініп қойды.— Осынымыз ағаттық болып жүрмесін... Нөсер болады деп тұрғанда... Ана жылғыдай қайранды су басып, апатқа кездеспелік...


— Өй, осы сен,— Тоғаң тағы да күйгелектікке салынып, томпаңдай жүгіре бастады.— Кің... Кің... қорықсаң қал, қып-қызыл алтынды... Кің... Кің...


— Ал,.кәне, дайындалайық.— Капитан орнынан көтерілді.— Әркімнің өз еркі... Жүректілерің ғана жүріңдер... Тілегендерің азапқа да, үлеске де ортақтаспай қалып қойыңдар...


— Жоқ, жай айтқаным ғой.— Ешкімнен сүйеу таба алмаған Ақмамбет әлгі сөзіне ұялғандай төмен қарады.— Қалып, неге қалалық... «Көппен көрген ұлы той!»


... Көп ұзамай экспедиция кемелері тұтас көтерілген-ді. Тоғайәлі ағайдың бабында піскен тамағын жол-жөнекей ішуге тура келді. Бұл жолы шынында да бабын¬да пісіпті. Көже де, итбалық қуырдағы да, балық сорпасы да емес, кәдімгі ет. Ет болғанда қандай! Ішіне іңкәр салынып, балбырата пісірілген мол ет. Тамақты бұлай дайындау ең бір шебер әйелдердің ғана қолынан келетін шығар-ақ. Баутиннен азық, жеткізген тасымал кемесінің экипажына да, пісірген Тоғайәлі ағайға да рақмет айта отырып, сүйсіне жедік...


Біз ауқаттанып болған кезде экспедиция кемелері тұтас мұзға тұмсықтарын тірей тоқтаған. Теңіз суы мол тасып, қайраңдар маңы тереңдете бастаған екен. Үлкен пароход көк мұзды біраз жерге дейін бұзып барды да, бөгеліп қалды. Одан әрі жүруге суы тайыз болса керек. Пароход енді сол барған жолын кеңейтуге кірісті. Біз тағы да таяна түстік. Қайраңға әлі көп жер бар. Енді экспедиция адамдары үш мотор, он шақты мотофлюгаларға, кішкене қайықтарға бөліне тиеліп, «айқасқа» ұмтылды. Бірінде сүймен, бірінде багор, бірінде зәкір рычагының темір сабы. Қабырғалары темірмен қапталған екі мотор көкше мұзды тіле түсіп, бөгеліп қалды. Мотофлюгалар мен кішкене қайықтардағы адамдар қаптай өріп, қалың мұзды оюға кірісті. Бейнебір өзінен зорды игерер, ұйымшыл құмырсқа тәрізді. «Колхоз қайраңының» батыс жиегіндегі үлкен бір аумақты омырып келеміз. Еңбек ауыр, өнім аз. Дегенмен де, торығар емеспіз, тоқталар емеспіз. Аз да болса алға ұмтыламыз.


Су молайған сайын пароход ілгерілей түседі. Сәл ұмтылса болғаны өндіріп-ақ салады. Пароход екпінінен көтерілген асау толқындар да бізге өз көмегін тигізуде. Теуіп өткен тұсынан сең жарылып, ыдырай береді. Сонымен бірге бүкіл төңіректі толқын тоғытып, бізді де мұз кесегі аралас су борасыны жабады. Арындай көтерілген асау толқын кері серпілген бетінде бізді жұлып та кете жаздайды. Бірімізге біріміз жармасып, шақ қаламыз. Енді бір сәт оң қанаттан айғай естілген еді. Жалт қарасам, Рақмет бабаны толқын жұлып барады екен.


— Әкетті, әкетті!


— Ұстаңдар, уа, ұстаңдар!


— Арқан қайда? Арқан тастаңдар!


Қанай мен Айса ағайлар арқан ұшын қолдарына ұстап, дереу ұмтылған еді, су жиегіне барып қалған бабайды құшақтап үлгірді.


— Рақа, Рақа, еш жеріңіз ауырған жоқ па?


— Жоқ, «құрдасым», жоқ,— Рақаң сілкіне түсіп, жымиды,— көп жасаңдар, қарақтарым.


— Ақсақал, кемеге барыңызшы, қайтыңызшы!


— Мынау жұртқа мұрындық болмайын, шырақтарым,—Рақмет ақсақал багорын қайтадан қолына алды!—Біріміз қайтсақ, бәрі де кейін серпіліп жүрер... Кәне, әй, неге тұрсыңдар!


Аз уақыт аңырып қалған қалың топ қайтада» қызу жұмысқа кірісті. Әр тұстан ауыр сүймендер жарқылдап, ойылып түскен үй орныңдай сеңдерге ұзын сапты багорлар қадала түседі де, итере тастап, толқын тепкісіне береді. Долы толқын көк мұзды көтере соғып, қирата, сүйрей жөнеледі. Үлкен пароход та ілгерілей береді. Апайтөс толқын тағы да биікке көтеріледі.


— Әкетті, ойбай, әкетті!..


Мұз алаңы тағы да үрейлі айғаймен жаңғырықты. Көк ала жойқын бұл жолы Тоғайәлі ағайды дөңгелетіп барады екен. Ұмтылған адамдар үлгіре алмай қалды. «Нептун тәңірі» ажылдай қарғып, доп-домалақ денені ұмар-жұмар үйіре, қайық қабырғасына бір соқты Да, кейін серпілген сәтте сең астына теуіп тастады.


— Өлді-ау, сорлы...


— Өлмегенде ше?


— Манағы бір сөзді аузына құдай салған ба...


— Ең болмаса сүйегін тауып алу керек, ойыңдар!..


Сүйменді жігіттер әлгі тұсқа ұмтылған еді. Кейін


лықсыған кезекті толқын Тоғаңды кері серпіп шығарды. Бұл жолы әр тұстан жедел созылған багорлар іліп үлгірді де, мұз үстіне сүйреп алды.


— Тірі ме, жаны бар ма?


— Тірі, тірі,— Айса ағай бұл жолы да қалжыңдай сөйлеп, құшақтай көтерді.— Өй, менің нағашым «қып-қызыл алтынды» тастап кететін бе еді... Апыр-ау, қандай ит жанды адам...


Қадірмен ағайдың осы жолғы қалжыңын мен де ерсі көрген едім. Рақмет ақсақал да ұнатпаса керек, жекіріп тастады:


— Айса, қойсаңшы, қалжыңның да орны бар-ды... Біреу өлгелі жатса... Шайқаңдар, су жұтқан-ды...


Жұрт жұмысты тоқтатып, үйіріле қалған еді. Рақаң оларға да ақырып қойды.


— Уа, түгі, неге қарап тұрсыңдар!?


Тоғаң дереу кемеге жөнелтілді де, қызу еңбек қайтадан басталды.


...Түс ауа пароход мүлде тоқтап алған-ды. Одан әрі баруға су тайыз, жіберер емес. Дегенмен, қайраң жиегіне жақындатып тастады. Ендігі жерде біржола қол еңбегіне көштік. Теңіз батырларының бұл жолғы еңбектерінде үлкен бір ұйымшылдық бар. Сүймен ұстаған қажырлы жігіттер қанаттаса тұрады да, қой қотанындай аумақтың қалың мұзын ойып түсіреді. Багорлы адамдар әлгі мұзды ысырып, пароход жетегіне береді. Пароход пен моторлар бірін итеріп, бірін сүйретіп, теңіз орталығына қарай жөнелтеді.


«Көп қорқытады!» Қандай қасиетті, қандай тамаша мақал! Экспедиция адамдары жұмыла кіріскен ұлы еңбек мейірімсіз табиғаттың дүлейін де жүгіндірді. Күн кешкіре «Колхоз қайраңына» жетіп те үлгірдік. Қайраң үстін су жапқан, секунд сайын молайып, тереңдеп барады. Тынығуға да, ауқаттануға да мұрша жоқ. Енді еңбектің дереу екінші түріне кірістік. Ұзын-ұзын арқанға көгенделіп тасталған «қып-қызыл алтын мүлікті» жел етіне қарсы сүйрей бастадық. Әр тұстан көтермеші айғайлар естіледі.


— Ал, алдық! Тағы да алдық!


Осы бір үн, осы бір ұран бізге күш бергендей. Белуардан су кешіп, ұмтыла түсеміз. Жынды толқын кеудемізден кері теуіп, бізді мұз түйіршіктерімен кесектейді. Бірақ бөгелер емеспіз. Тырмыса тартып, моторлар мен пароход жетегіне тіркейміз. Олар сүйрей жөнеліп, кемелерге апарады. Біз кезектегі көгендерді тағы да сүйрете береміз. Түн қараңғысы әбден қоюланып алған. Ендігі жерде көгендерді табу да оңай емес. Фонарь жарығымен іздейміз. Қазіргі сәтте бұл маңға екі үлкен қала көрші қона қалғандай. Батыс пенен шығыста, екі ұдай, отты


толқындар тербеледі. Бірі — экспедиция кемелерінің оттары, екіншісі—«Колхоз қайраңындағы» біздің фонарьлар сәулесі. Толқын тепкісінде жүріп, арманға да бой ұрамын. «Әттең, суретші болсамшы!»


Таң сібірлей көтерілгенде ауыр жұмысты аяқтай да келген едік. Мені тағы да бір үн таңдандырды. Тоғайәлі ағайдың даусы.


— Қалқаларым, алыңдар, тезірек, тезірек,— дейді ол оң қанаттағы көгеннің шағын зәкірін кең иығына іліп алған күйі тұқшаңдай ұмтылып,— қалдырмалық!.. Кің... кің... Қып-қызыл алтынды...


— Өй қасқа,— Айса ағай қарлығыңқы дауыспен ішін баса күледі,— бұл кімнің нағашысы дейсіңдер... Ит жанды дедім ғой... Шын ит жанды.


— Кің... кің... Өй, қойшы өзін, жатпақпын ба?


— Сөзің құрсын!— Қанай ағай бөлесін желкеге нұқып, мазақтай сөйлейді,— Әй, асылы, сен үлестен құр қаламын деп, қорыққандықтан келсең керек.


— Айым-ау, мана өзің кемеде қалғандарға үлес бермейміз деген едің ғой...


— Е, бәсе, айтамын ғой...


Жұрт дуылдаса күледі.


— Тоғаңа бір емес, екі үлес беру керек.


— Қалқам, дұрыс айтасың.— Тоғаң осы сөзді шын ұсыныс деп аңғарса керек, әркімдердің жүзіне үміттене қарайды.— Е, бәсе... Сөйтсеңдерші.


— Екі бастан, екі бастан!


.... Біз көгендерді түгендеп үлгіргенде, көк ала толқын арасынан күн көзі де шекесін көрсете бастаған еді. Енді дуылдаса сөйлесіп, кішкене қайықтар мен моторларға міндік де, кемелерге қарай жылжыдық. Өз еңбектеріне сүйсінген «теңіз бөрілері» әндетіп келеді. Қара-қошқыл жүздерде қайта оралған күлкі бар. Мақтаныш күлкісі! Органды мақтаныш! Неткен өрен адамдар. Қәзір бұл ерлердің жанында Виктор бабаның Жнльяттары көмескіленіп қалғандай. Бұлар Жильяттай жеке бастың қамын көздеген адамдар емес, қоғамдық сананың адамдары, биік нысананың, ұлы мақсаттың күресшілері!


18


...Қарлата, борандата келіп Баутинге таяндық. Капитан биноклі қолдан қолға көшеді. Кезек күтіп мен де тұрмын. Жүректе бір лүпіл бар. Қуаныш па, налыс па?


Неге маза бермейді? Қатерлі кездер қайтып оралмастай артта қалды. Ауа райын зерттеушілер бұл жолы қателеспеген екен. Бірақ аязды дүлей әбден қаһарына мінгенге дейін 45 мың итбалық тушаларын тереңдегі темір баржаларға тапсырып үлгіргенбіз. Күзгі маусым жоспарын екі есе орындаппыз. Тоғаң айтқан «қып-қызыл ал¬тын» қазір судырлаған қағаз ақшаларға айналып, қалтамызда жатыр. Бригада мүшелері бар табысты тең бөлген-ді. Әке достарының қарасқандары шығар-ақ! Әйтпесе қанша тырысқанмен де үлкендермен бірдей еңбек сіңіре алмағаным өзіме аян. Тіпті ыңғайсыз да көремін. Тоғайәлі ағайдың бұл бөліске неғып көнгендігіне де таңданамын. Қалай болғанда да қалтамда бес мың сом ақша жатыр. Бес мың сом! Еш қашан таусылмастай, сарқылмастай санаймын. Қайран, әкем ең болмаса осы жолы алдымнан шыға келсеші! Алыпта адал достарын мақтан еткен болар ем...


Жүрек мазасыз соғады. Сиқырлы бір күш тұтқынындамын. Тек қуаныш болғай да! Кеудем толып бара жатқандай. Көкіректі жеңілдетпек болам да, жиі-жиі күрсініп, табыс бөлер кездегі мынау бір жайды еске аламын.


Апат тырнағынан құтылғанымызға екінші күн болған-ды. Экспедиция кемелері қаз қатар тізіле, батысқа қарай жылжыған. Кеме қарауылдарында қызыл жалаулар жайқалады. Рубка жиектері алуан түсті жалаушалармен безектелген. Дүлейді жеңген ерлік мерекесінің салтанаты! Өрен жүректер қуанышқа толы. Отты көздерге өзгеше бір нұр пайда болған. Түкті беттер тақырлана қырылып, жұмыс киімдері иықтан түсірілген. Қуатты моторлар да теңіз батырларының жүректеріне үн қосқандай, құдіреттене дүрілдейді. Теңіз толқындары кеме төсіне еркелей асылып, алуан түсті маржандар себеді де, күмбірлей күліп, кейін сырғиды. «Жеңілдім, берілдім, батырлар!» дегендей. «Әттең, осы бір алуан үндес ырғақты музыка тіліне түсірсемші... «Жайық, қызын» жазған Ақай ағайға да ренжіп қоямын. Құр күрсініп, жағада қалып қойғанша, армандай қызбен ілесе теңізге бірге шықсашы. Мынау ғажап үндерге қабілетті құлағын тоссашы... Әлде өзім барып музыка мектебіне түссем бе екен?... Әттең, үй-ішіне қарасар жақын тумам болсашы...»


Армандай түсем де, теңіз кеңістігіне көз тігемін. Шетсіз-шексіз көгілдір бір кеңістік: Сол кеңістік үстінде аумақты құйрықтары бұлаң қағып, кіл бір көк шулан қойлар ырғалып бара жатқандай. Кеше бізді жалмамақ болған көк жойқын қазір қалың қойға айналған. Май-майдай түсіп, жорғалап барады. Экспедиция кемелері сол сан жеткісіз көп қойды Баутин жиегіне қарай айдап келе жатқандай. Қандай ғажап көрініс! Мен бұл жолы әрі суретші, әрі ақын болуды армандаймын. Суретші, ақын ағайларға налыс та білдірем. «Солардың Алатау мен Көкшеден ұзай алмайтыны қалай? Сұлу-ақ шығар!.. Ал, мынау жанды толқындар жансыз таудан кем бе екен?» Енді бір сәт экспедицияның .он қанатындағы ақ пароходқа көз тігемін де, капитандықты мақұлдаймын. Менің осындай шексіз армандарға толы, тәтті қиялымды капитан даусы бөліп жіберді. «Болатхан, уа, Болатхан!»


Теңіз кеңістігінен көзімді аударып, кері бұрылдым. Бригада адамдары рубка алдына алқа қотан орналасыпты. Орталарында, тай-тай үйіліп, кіл бір жүздіктер жатыр. Қанай ағай есеп дөңгелектерін оңды-солды қағады да, алдындағы қағазға ірі-ірі цифрлар жазып қояды. «Е, бәсе, дұрыс екен ғой, әлгіде жаңсақ соқсам керек». Капитан тағы бір рет соқты да, тай-тай ақшаларды бес-бестен текшелей бастады. «Ал, ала беріңдер!» Ең алдымен Тоғаң қолы созылды. «Бісміллә рахман...» Капитан екі алақанын толтырып, бес бөлек ақшаны маған ұсынды. «Мә, інім, кіл жаңаларын берейінші... Жолың жақсы болған еді. Игілікке ұста!» Шошына қарадым. «Маған осының тең жартысы да жетеді ғой...» Қанай ағай зілсіз кекесінмен мырс етті. «Ақмақ бала, мұны бір таусылмас дүние көріп тұрсың ба?» Аузыма сөз түспей, бөгеліп қалдым. «Сіздермен бірдей алу...» Тоғайәліден өзгелері түгел жекіріп тастады. «Не айтып тұрсың?.. Сен еңбек етпедің бе?» Амалсыз алақанымды тостым. Бес бөлек ақшаны көйлек ішіне тығып үлгірген Тоғайәлі ағай домалай жорғалап, жаныма жақындады. Сұқтана қарап, жымың-жымың күледі. «Қайтсін, қаршадай болып, біздермен бірдей алуға ұялатын-ды... Күнім, ана екеуін маған бере ғой...»


Тоғаңды бұл жолы жазғыра алмадым. Әділетке көшсек, осы адамның, еңбегі бәрімізден де артық... Өлім аузынан қалды. Дүниеге құнығып үлгірмеген балғын сезім: «Алақаныңдағы ақшада мынау кісінің үлесі кетіп барады, борыш етпе!» дейтіндей. Екі бөлегін ұсына бердім. Анау да тартынбастан алақанын тосты. «Тәйт әрі!» Капитан жекіре ұмтылып, ұсынылған қолды қағып жіберді де, ақшаны ұмар-жұмар қойныма тықты. «Не деген ақымақсың, әй!» Мен мүсіркеген пішінмен Тоғаңа қарап күрсіндім. «Ол кісі суға кетіп қала жаздады ғой...» Кеме үстіндегілер дуылдаса күліп алды. «Сен ше... Балапан жеңгейге қаза үстіне қаза естіртеміз бе деп зәреміз ұшқан еді... Абырой болып аман шықтың!»


Менің батып шыққаным да рас-ты. Бірақ сонау арпалыс үстінде емес, балық беріп жатқан кезде аңғалдық істеп алдым. Кеме ішінен сыртқа лақтырылып жатқан итбалықтардың бірі дәл борт жиегіне асыла түсті де, төмен қарай сусыды. Ұстап үлгірмек боп асығыс ұмтылған едім, палубадан аяғым тайып кетті де, омақаса жығылдым. Бақытыма қарай баржа мен кеме арасының шалғайлай түскен кезі еді, асау толқын екеуін қайта түйістіргенге дейін, сүңгіп үлгірдім. Әйтпесе жаншып салатын еді. Шыңырау түбіне қарай бырылдап барамын. Әуелгі сәтте әбден абыржып, мүлде өз бойымды өзім билей алмай қалсам керек. Тіпті ешбір әрекет істеместен мейірімсіз тұңғиыққа мойынсұнғандаймын. Не болды, неге бұлай? Еш нәрсені аңғара алмаймын. Әлден кейін, мүмкін, бірер минут, не бірер секундтан кейін ғана әрекет қамына кірістім. Құлашымды жедел қармап, жоғары көтеріле берген едім, суға толған резина етік аяғымнан сыпырылып түсті. Қуанып кеттім... Мұздай су сүйегімді шағып барады. Дегенмен де өмірден үмітім бар. Енді жітірек құлаштадым. Саусақтарым әлденендей қатты нәрсеге тиеді. Ұстап болар емес, беті жып-жылмағай бірдеңе. «Кеме түбі болуға тиісті. Шегіне түсіп қайтадан сүңгідім. Көзімді ашып қараймын, көгілдір сарғылт дүние. Әлденендей балықтар менен шошына қашады. Тынысым да тарылып барады. Өлім алдындағы әрекет. Жан таласа құлаш сермеймін. Екінші рет көтерілгенде су бетіне шыққан екенмін. Толқын бетінде қалықтай түсіп, кеудемді ауаға толтырдым. Қызу жұмыс үстінде түймелерімді ағытып қойғаным мұндай абырой болар ма! Екі қолымды жоғары көтеріп, аяғыммен төмендей берген едім, әкемнен қалған мол кеуделік оп-оңай сыпырылып қалды. Енді әбден жеңілденіп алдым. Еркін қимылдаймын. Күрсіне талмап, әкемді еске түсіремін. Сушылдыққа үйреткені үшін әке рухына алғыс айтамын. Асау толқын үстімді борасынмен көміп, лақтырып, лақтырып тастайды. Әттең, суы салқын болмаса, осы бір өзім мінездес,албырт толқын құшағында жүзе берген болар едім. Бірақ сүйек сырқырап, маңдайым да сынып барады...


Киім шешемін деп әуреленіп жүргенде кеме деңгейінен ұзай түскен екенмін. Баржадан лақтырылған ала шеңберлерге қарай ұмтылдым. Дәл осы сәт алыстан орағытып келген «Комсомолец» моторынан бір адам мені толқын құшағынан көтеріп алды. «Комсомолым, комсомолым!» Былдырлай сөйлеп, палуан тұлғаның мойнына асыла бердім. Енді қарасам Қанай ағай екен. Үстінде трусидан өзге киім жоқ. Тегі мені іздеп, шыңырауға сүңгіп шыққан-ды. Капитан мені сол құшақтаған күйі бірден-ақ лебі жалын машина бөліміне енгізген еді. Өнебойымды мөп-мөлдір, сұйық нәрсемен жуып та жатыр, сүрткілеп те жатыр. Стакан толы мөлдірді ұрттатып та қояды...


Сөйтіп, өзім де алғашқы рет «батып» үлгіргенмін. Бригада адамдарының әлгі айтқаны осы жәйт. Мүмкін табыс бөлерде мұны да ескерген шығар. Қазір олар.Тоғайәліні нәлеттеуде. «Арсыз, сенде бір қанағат болсашы!» Тоғаң темен қарап былдырлай береді. «Кің... Кің... Күнім-ау, мені шын алады деп пе едің?.. Сынамақ болғаным...» Капитан шолақ саусағын көтере сілкиді. «Білем, білем, сырыңды... Сенің көйлегіңнің ішіне бір түссе, шіріп болмай шықпас еді ол ақша!» Жұрт дуылдаса күледі. «Екі бастан, екі бастан...» Тоғайәлі сұрлана түсіп, қайтадан жымияды, «Әй, қойыңдаршы, өздерің... Ал,


Болатхан бізді сыйлауға тиісті ме, жоқ па?» Жұрт бұл жолы Тоғаңды құптағандай. «Дәл осының орынды». Мен ризашылық білдіремін. «Сыйламағанда ше, ақша жетеді...» Адал шыным. Әттең, кеме үстінде магазин болсашы!


Әңгіме тақырыбы сәл өзгере түскен. Дегенмен, әлі де менің маңымда. «Ұлым, осы мол ақша тұсында құда түсіп қойсақ деймін». Манадан бері әңгімеге араласпай отырған Рақмет ақсақал маған жымия қарап қойды. Капитан да басын изейді. «Дұрыс. Ал, қалыңдық ше?» Рақаң енді Тоғайәліге бұрылады. «Әй, балам, көзді жұм да, мынау Тоғайға манағы екі мыңды беріп қойшы... Осының Күләнін келін етелік». Күреңіте түсіп, басымды шайқаймын. «Керегі жоқ!» Адалым бірақ бұл емес. Мол табыспен оралған соң, «есейіп те жеттім» деп ойласам керек. Күләнді ұнататын да сияқтымын. «Әдемі қыз... Ал бірақ әкесіне тартқан сараң болса ше?.. Сақтай гөр!» Шошына күрсінемін...


Енді бір сәт балғын ой Рәшке таман ойысады. Айса ағаның қарындасы. Мінезі де, түрі де осы кісінің өзіне тартқан, бидай өңді, ақ жарқын әдемі қыз. Биыл орта мектепті бітіреді. Менен үш жас үлкен. «Онда не тұр? Мынау Рақмет бабайлар өзінен екі мүшел жас адамға үйленіпті. Ал үш жас үлкенге үйленудің қандай сөлекеттігі болар еді?.. Бірақ анау Ғани студент тұмсығымды бұзып жүрмес пе?..» Дәл осы тұста Рақмет ақсақалға налысты пішінмен бір қарап қойдым. «Баласындай адамға...»


— Болатхан, мә бинокль!


Қанай ағай бұл жолы да ойымды бөліп жіберді. Бинокльді көзіме тосып, Баутин тұсты армансыз қарадым. Жар жиегі қалың жан. Ақсаған көздер бізге тігілген. Осы топтың ішінен өз тумаларымды іздеймін. «Әжем қайла, анам қайда? Екеуі де бойшаң болатын... Елден ерек, оқшау тұрса керек еді ғой!» Қанша іздесем де, кездестіре алмай, күрсініп қоямын. «Олар қайда, не болған?.. Жүрегім тегін соқса игі...»


...Жағаға келіп тоқтағанымыз да сол еді, әлдекім жауырыныма түйіп жіберді. Жалт қарасам, Самат екен. Арсалаңдай күліп, аптыға сөйлейді.


— Сүйінші, Болатхан, сүйінші, інішекті болдың!


— Алақай, алақай!


Жүз сомды Саматқа ұстата салдым да, жүгіре бердім.


«Алақайлап» мен жүгіріп келемін, «алақайлап» Самат келеді. Менің «алақайым» інішек қуанышы, Саматтың «алақайы» жүздіктің қуанышы. Әкесіне де қарар емес, зытып барады. Жан-жақтан әйелдер ұмтылады. «Әй, сүйіншіні бері әкел, бөлісеміз...» Самат жалтара қашады. Жол бойы маған Күлән кездесе кетті. Манағы әзілдің әсері болса керек, екі бетім ду етті. Жүз сомды алақанына салдым да жөнеле бердім. Тәжірибесіз қызалақ еш нәрсе түсінбесе керек, қысылыңқы пішінмен аңырып қалды. Бұл тұстағы әйелдер де дуылдаса дауыс көтерген. «Күлән, бері әкел, сүйінші ғой, бөліселік...» Самат артына айналып, қарындасына кеңес береді. «Қаш, Күлән, қаш!» Қыз әкесіне де, ағасына да тартпаса керек, қашар да, қызғаныш білдірер де емес, алақанындағы жүздікті әйелдерге ұсынды. «Мә, бөлісіңдер апайлар...» Самат әбден ыза болды. «Қап, айрылып қалғанын...» Ауыл әйелдерінің кезекті тобы тағы да алдымды кеседі. «Сүйінші!» Жүздіктің бірін орталарына тастап, тағы да жүгіремін. Арт жағымнан жіңішке дауыстар естіледі.


— Болатхан аға, ә, Болатхан аға.:.


Таныс дауыстар, өз інішектерім. Таңатқан мен Әзілхан еркелей келіп, мойныма асылады. Екі бауырым ентіктерін баса алмай, жарыса сөйлейді.


— Ақа, аман келдің бе?


— Қорыққан едік...


— Әжем құмалақ ашқан...


— Келеді деген...


Құшағыма қысып, беттерінен сүйемін.


— Келдім, қарақтарым, келдім... Сендердің бақыттарыңа бола... Әжемдер қайда?


— Әне, әне, әжем...


Алысырақта асыға басып әжем келеді. Ақ қайыңдай тіп-тік. Бұл жолы қолына таяқ та ұстамаған. Мол пішілген кіршіксіз ақ жаулық, бейне бір аққу құстың қанатындай, екі иыққа желкілдей көтерілген. Әжем қазір ұшып келе жатқан аққу бейнелес. Зымырай жүгіріп Жания келеді. Сәби құшағын кең жазған. Еркелей күліп, аптыға сөйлейді.


— Алақай-ау, алақай, Болатхан ағам келді, алақай.


— Тіліңнен айналайын қарғашым, Жанатым, жаным — Жаниям...


Ұмтыла жүгіріп, жерден көтеріп аламын да, нарттана түскен алма беттерінен кезек сүйемін. Төсіме қысып, жүзіне үңілем. Неткен сүйкімді балапан. Әкемнен аусашы! Көздері де, мұрны да, ұзын кірпіктері де әкемді қайталаған. Әдемі болар түрі бар. Сүйікті қарындасымды иығыма мінгізіп, әжеме қарай жүгірем. Жания ерке дауыспен аптыға сөйлеп келеді.


— Болатхан аға.


— Ау, қарашығым!


— Сен білесің бе?..


Аңғарып келем, өзін аса бір бақыт өрінде сезінген балбөбек біздің үй ішімізге ортақ үлкен қуанышымызды айтпақшы. Бал тілін қызық көріп, сөйлете бергім келеді.


— Нені айтасың, бауырым?


— Мамамды айтамын... Шияғым, мамам доктойға байып, бөпе сатып алды, шияғым...


— Жақсы ма?


— Жақсы... Шияғым ол кішкентай...


Әжеме жақындай түскен едік, енді сөзді доғарып, мойнына асыламын.


— Балапаным, аман келдің бе, азаматым... Арыстаным...


Әжем мені дүние жүзіндегі ең асылдарға, ең алыптарға теңеп, мейірімі мол, сағынышты құшағына орайды.


— Қорыққан едім, сәулем... Тынысым молайды, інішекті болдың, күнім... «Бауы берік болсын!» деші, сұңқарым!


— Бауы берік болсын, әже...


— Әумин, періштенің құлағына шалынғай...


Екі інішегім жар бойындағы жаңалықты жариялап, . жарыса сөйлейді.


— Әже, әже, Болатхан ақшам анау апайларға көп ақша беріп кетті.


— Саматқа да берді.


— Берсін, берсін... Сүйіншісі де... Садақасы де... Құдая, шүкірлік... Жас өседі, жарлы байиды деген осы да... Ортамыз толды... Шүкірлік!


Әжем терең, тыныстайды. Кәрі көзге жас іркілген. Қуаныш моншағы шығар-ақ. Шаттана күліп, дабырласа сөйлесіп, үйге қарай беттедік. Самат күрсіне түсіп әлі еріп келеді. Әрқайсымызға үңіле қарайды. Біздің қуанышымызға, бақытымызға, бір-бірімізге деген махаббатымызға, шексіз де адал мейірімімізге қызығып келе жатқандай. Семья бақыты сол махаббат, сол мейірімде жатса керек.


19


... «Ат баспаймын деген жерін үш басады... Адам да жылқы мінездес...»


Әкем марқұм әрбір жаңа сапар алдында осылай дер еді. Өткен жолғы азаптың ұмыт болғандығын айтатын-ды. Мен де сол жылқы мінездес ұрпақтан емеспін бе, әке дәстүрін қайталап, екі айдан кейін-ақ елден аттанғам.


Содан бері алты апта. Бұрынғы екі сапарым жайдары жаз бен күз айларының кезі еді. Бұл жолғым мүлде өзгеше, қырау қабақ қыс айы! Мейірімсіз табиғат бірде боран үйіріп, бірде боз мұнар бүркенеді. Жайдары кездер тым сирек. Күн көзінде де бұйығу бар. Бой жылытар қызу жоқ. Баяғыдай шырқау биікке көтерілуді де қойып алған. Көмескі тартып, аласа жүзеді де, жиі-жиі бұлтқа ықтындайды. Өрісі де тым келте, шығыстан туып үлгірген бойда-ақ, қарасынынан ұзап кетуге батылы бармайтын жалғыз атты жолаушыдай, қонар мекенін сағалайды.


Бұл жолғы кәсібіміз де итбалық аулау. Бірақ жағдайымыз да, жабдығымыз да өзгеше. Күз айында. мұздан қашар едік, қазір мұзға ұмтыламыз, мұзға паналаймыз. Үстімізге кеуделік сыртынан ұзын ақ халат киіп, иығымызға мылтық асынғанбыз. Қолымызда ұзын сапты ақ багор. Сеңнен сеңге секіріп ақ іздейміз. Кейде мұз үстінен, кейде су жиегінен кездестіреміз. Бұрынғыдай шоғырланбай мұз жарығын сағалай, дара-дара кетеміз. Әр тұстан көк ала түтін бұрқылдап, мұз алады оқ күркірімен жаңғырығады. Мұртты топал тұмсықтар шыңырау түбінен шыға келгенде бастан атып, сүңгіп үлгіргенге дейін, ұзын сапты багормен дереу тартып аламыз. Қыс кәсібі әрі шапшаңдықты, әрі мергендікті талап етеді екен. Кейде күртік жапқан ойыққа өзің де түсіп кетесің. Кейде кеме үстінен қарақшы көтеріліп, сені асықтыра шақырады. Қатер белгісі! Ауыр жүкті сүйретіп, ентіге жүгіресің. Кемені мұз қыса бастаған. Айғай-ұйғай әбігер басталады. «Тіре сеңді!», «сүйменмен соқ! Ойсаңшы!..» Адам даусына үн қоса қуатты мотор да дүр ете қалады. Тәжірибелі капитан үлкен кеменің тұмсығы мен құйрығына кезек жүгіріп, рубкадағы көмекшісіне келте жарлықтар береді. «Алға... ақырын ғана...» «Рульді оңға!..» «Шегін!..» «Алға... артыңа...» «Рульді солға...» «Екпіндірек!» Капитан әмірін қайталап, рубкадағы телеграф қоңырауы да жиі-жиі шылдырлайды...


Ұзақ арпалыстан кейін қатерден шығып үлгіреміз де, екі-екіден бөлініп, мұз алаңын тағы да шарлай береміз. Қатері жиі болғанмен күздегідей емес, бұл кәсіп менің албырт жанымды алғашқы сәттен-ақ еліте бастаған-ды. Қазір біржола құнықтырып алғандай. Шытырман романтикаға толы кәдімгі ғажап аңшылық. Бұдан артық қызықты іздесең тауып болар ма! Мені тек аңшылық, қана емес, қысқы Каспийдің көрінісі де мейлінше қызықтырады. Күздегідей тек қана толқын құшағында емеспіз. Бір жағында қарауыта көрініп, толқыны тентек су жатса, екінші тұстан мұз көрінеді. Шар айнадай жап-жалтыр, керіліп жатқан кеңістік, бұдырсыз ғажап ақ айдын. Кейде бір күн нұрынан күміс толқып жатады-ау. Сол ақ. айдын төсінен шаңқан таулар көресің. Бейне бір таза хрустальдан құйылған, зәулім сарайларға ұқсайды. Хрусталь сарай үстінде қос қанатын кең жая, қалықтап ақ құс тұрады. Тұмсығында хат бардай. Қызыға қараймын. «Әже ертегісіндегі ару қыз сиқырлы шыны сарайдан жүгіре шығып, анау тұрған ақ құсқа алақанын тосатын-ды!..» Қызы түскір шықпайды. Құс та жалтара береді. «Мүмкін көре алмай қалған шығармын». Күн астында жалт-жұлт ойнап, мөлтілдей құйылған ақ сарайдан көз аудармай көп тұрамын. Мұндай кезде Қанай ағай айғайлап қояды. «Уа, аңқаймай, атсаңшы, бол, ананы!..» Асығыс көздеп шаппаны тартам. Мұртты итбалық мені мазақ еткендей, бөксесін ғана шошайтып, сүңги жөнеледі. Өкіне тыныстап, кезектісін күтемін. Көп кідіртпей екіншісі шығады. Шаппамды тағы да тартамын. Толқын бетін қан жабады. «Жараланды ғой, шығатын болса керек!» Ұзақ күтемін, көрінбейді. Демек, бастан тимесе өлмейтіні рас-ты.


— Ах, бала, бала!..


Капитан жымия басын шайқайды. Енді аңыруды қойып, су жиегіне көз тосамын. Толқын беті бұрқырап, мұртты тұмсық көтеріле береді. Әкеден қалған қосауыз өңешінен от төгеді. Жансыз қалған «балықты» жалма-жан сүйреп аламын. Капитан мені мадақтап қояды...


— Міне, бұл жолы жігітсің!


Бұл біздің көптен бергі салтымыз. Ерте кетіп, кеш ораламыз. Аң қызығымен жүргенде іңір түскенін де сезбей қаламыз. Жылы кубрик ішінде қызу әңгіме басталады. Әркім өз басынан өткен оқиғаны баяндайды. Біреулер ойыққа түсіп шыққан, біреулер аңсыз қайтқан. Дуылдасып күліп аламыз. Әр күні бір жаңалық, жабықтырар да жалықтырар да емес.


Рас, күздегідей жиын тұрмаймыз. Экспедиция кемелері бес-алтыдан бөлініп кетеді. Кейде он-он бес кеменің бір жерде түнеп қалатын кездері де болады. Мұндай түндер шұрқыраса көрісіп, бірімізді-біріміз сый-құрметке бөлейміз. Домбыралар күмбірлеп, гармонь тілдері бебеу қағады. Көңілді жастар ай нұрына бөленген көкше мұздың үстінде билеп, билеп алады. Әрине, әлгі сияқты көңілді кездесу жиі бола бермейді. Кейде тіпті жалғыз да түнеп қаламыз.


...Осындай күндердің бірінде Қанай ағаймен тағы да бірлесіп шыққанбыз. Бұл жолы кішкене қайыққа отырып, мұз аралдарын ұзақ араладық та, екінші бір тұтас мұзға тоқтадық. Аңды да аса мол атып, қайтар уақытымыз да таяу еді. Енді бір сәт екі жағы жоталанып келген мұз сайының ішінен әлденендей ақ ұлпа жәндік көзіме шалынды. Тұра ұмтылдым. Әлі аяқтанып жетпеген итбалық күшігі екен. Сыртындағы мамығы қаз балапанының әлі де қауырсынға айналмаған ұлпа жүні сияқты. Нағыз шаңқан ақ та емес, көгілдір сарғылт тәрізді. Ақырын басып, жанына бардым: Сүтке тойған жас күшік жонын күнге қыздыра, тәтті ұйқыға еніпті. Қызыға қарап аз тұрдым. Үрлеп қойсам, ақ мамық бейне бір жібек Тәріз құбыла толқиды. «Ақ ұлпа, аппақ ақ ұлпа. Неткен әдемі, неткен сүйкімдісің!» Қолымды апара беріп едім, шошып кетсе керек, шыңғырып қоя берді. Мойыл қара тұмсығын ырсита ашып, айбат көрсетпек болады. Көтеріп алдым.' Мөлдір көзден моншақ жастар саулатып, мұңая жылайды. Су жиегінен ырылдаған дауыс естілгендей болған еді. Жалт қарасам, тайыншадай бір итбалық азу тісін ақситып, балық қанаты алдыңғы екі «аяғын» мұз кемеріне іліп тұр. «Құлағы жоқ хайуанат дауысты қайдан естіген. Әлде құлақ орнындағы сонау бір тесікте қабылдағыш қасиет болғаны ма?»


Абыржуым да, аяушылығым да бар, күшікті тастап жібердім.


— Атсаңшы, ат, ананы!


Қанай ағай шаппаға қолын апарған күйі айғай салды. Өзі атуға маған тигізіп аламын деп жасқанса керек. Мылтығымды кезене бердім. Ана жүрек жасқанар емес. Сүңгіп шығады да, тостағандай үлкен көздерін тігеді. «Ат, кәне, бол, өзімді ат... Тек баламды өлтірме!» дейтіндей. Тұмсығынан су сорғалайды. Мүмкін, тіпті су емес жас тамшылары шығар-ақ. Саусағымды шаппаға апара бердім де, жүрегім кенет дір етіп, кері тартып алдым. «Ана жүрек, неткен мейірімді, неткен қасиетті едің. Сен қазір балаңды қорғау үшін өзіңді оққа тосып тұрсың!»


Капитан мылтығын кезеніп тағы да айғайлаған еді, мен екі қолымды жоғары көтеріп, басымды шайқадым. «Атпаймын... Атпаңыз!» Қанекең жүгіре басып, жаныма жақындай берді. Мұз жиегін жағалап ана жүр. Күшікті суға жіберген едім, әлі жүзе білмейтін болса керек, шыңғыра талпынып, бата бастады. Дереу ұмтылдым. Күшікті ұстап та үлгірдім, өзім де құлап түстім. Абырой бергенде капитан багорымен іліп үлгірді де, «Ақ ұлпа» екеумізді мұз үстіне шығарып мылтығын кезене берді. Стволдан ұстай алдым.


— Аға, атпаңызшы, ағатай... Ана екен ғой...


— Ана дейсің, ә!— Қанай ағай күрсіне басын шайқады да, мылтығын төмен түсірді.— Ана, ие, ана!.. Аңда да аналық мейірім бар... Құрметтелік те ардақты ананы! Осыны айтқан қай жазушы еді?


— Ғабит Мүсірепов ағай...


— Ие, ие... Ал, аң анасын да құрметтелік... Екеуміз мұндай аяушылықпен аңшылықты қойып, ауылға қайтуымыз керек қой... Кәне, жүрелік...


«Ақұлпаны» қыр сыртынан бір сипап өз орнына қойған едім, капитан үлкен көздерін аларта маған бір қарады да, ақ күшікті қолтығына қысты.


— Аға, «Ақұлпаны...»


— Жаның ашып келеді ә?— Қанай ағай сөйлемімді аяқтатпай жымиды.— Мұңайма. Өлтірмейміз, үйретеміз...


Капитанның бұл сөзіне сене қойған жоқ едім, бірақ еш нәрсе айтпадым. Атқан аңдарымызды қайыққа тиеп, сең арасымен кемеге қарай жөнелдік. «Ақұлпа» мұңды дауыспен мазасыз ыңылдайды. Ашынған ана әр тұстан бір қылт етіп, қалмастан еріп келеді. Кейде алдымызды орап, аянышты үнмен қыңсылайды. Кейде тіпті, жасқанбастан жақындай түседі. Дәрмені жетсе мынау шағын қайықты аударып-ақ тастардай...


...Бұл күні бес-алты кеме тағы да тоғысып қалғанбыз. Жас жігіттер көкше мұздың үстінде тағы да ойын-сауық бастады. Мен кубриктен шыға алмадым. Біріншіден, үстім су, әбден тоңып келгенмін, екіншіден, бойымды селт еттірмес зіл басқан. Ақ күшікке байланысты ауыр ойдың жалғасы. Палуба үстінде зар қағып «Ақ ұлпа» қыңсылайды. Қарны да ашқан шығар-ақ. Тамақ берсем жемейді. Кемеден ұзап кетпестен ана зарлайтындай, құлағыма тынбастан аянышты бір үн келеді.


— Тоғайәлі-ай,— Рақмет ақсақал намаздан басын көтерген бойда тыжырына бір қарап қойды,— мынау кәпірдің үнін өшірші... Намазымды бұзды-ау...


— Манадан сүйтетін...


Тоғаң кубрик баспасына көтеріле берді.


— Ағатай, өлтірмеңізші...


— Өй, оны қайтесің?


— Мектепке... Обал болады ғой.


— Обал!—Рақаң шошына қарады.— Бұл кәпірде обал болатын ба еді...


Айса ағай кекесінмен жымиды.


— Пайғамбарға қарсы соғысқан Перғауын әскерінің ұрпағы деңіз...


— Е, кәпір болмағанда ше?.. Екі бастан солай...


Айса ағай ұзақ күліп алды.


— Рақа, осының өзін мұсылмандыққа ұйытсақ қайтер еді...


— Айса, не шатып отырсың!?


Рақмет бабай намазының бұзылғанына налыса керек, бұл жолы өзіне тән байсалдылықтан айрылып қалғандай, түйме көздің бар-нәлетін Айсаға аударған. Сұрлана түсіп, таусыла сөйлейді.


— Дінді мазақ етуіңді қойсаңшы...


— Ақсақал-ау, сіздің айтып отырғаныңыз ешқандай дін емес... Діншілдер ойдан шығарған хикая...


— Қандай хикаяны айтасың?


— Сүлекеңнің таяғын айтамын...


— Шырағым, олай деме... Жарықтықты дұрыс атымен ата!


— Кешіре көріңіз, Сүлеймен пайғамбарыңыз... Саломон бабайдың қолында көк теңізді көшіріп қондырарлық қасиетті таяғы болыпты-мыс, ә?


— Болмағанда ше?


— Болған емес... Әншейін әулие етіп көрсету үшін ойдан шығарған хикая...


— Сен әулиені де жоққа шығармақсың ғой, ә?


— Әулие де хикая... Әйтпесе осы алақандай Маңғыстауда 360 әулие болған екен... Сол әулие жаратқыш топырақ қазір де бір мықтыны шығармас па еді?


— Әй, осы сен, өзің-ақ кәмөнес бол да, маған тыныштық бер.— Рақмет бабай етсіздеу ұзын қолдарын бір сілтеді де, намазға ұйыды.— Аллаһ акбар, аллаһ акбар...


Сөз кезегін Қадекең алған-ды. Бірақ әзірге ашу көрсетпей, бурыл шашын сипай отырып, жымия сөйлейді.


— Үш жүз алпыс әулие!.. Асылы сол кезде ауыл сайын бірнеше әулие болса керек қой...


Намаз үстінде отырған Рақмет ақсақал Қадірәлі ағайды түйме көзімен бір түйреп тастады. «Әй, сен де не шатып барасың» дегендей. Қадекең шытынай түйілген қабақтың әміріне бағынды ма, әлде өз түсінігі солай ма, кілт өзгере қалды.


— Құдай-ай, сақтай гөр... Күпір болармыз-ау... сол жарықтықтардың бәрі бірдей тегін адам емес-ақ шығар... Әйтпесе, мен неге әулие болмаймын...


— Сізді де қолдан әулие етуге болады.— Айса қулана жымиды.— Кешіре гөріңіз... Бізден бұрын кетсеңіз... әуелі барып, мен өзім түнеймін, одан соң Қанай түнейді... Сөйтіп, әулие боласыз да кетесіз...


— Қадырәлі әулие... ха-ха, ха-ха.— Қадекең селкілдей күліп алды.— Тамаша болар еді... Әй, сендер мені қойып, осы Тоғайәліні әулие етсеңдерші... әулиелікке осы лайық.


— Несі бар... Қызыл итке түнеген қазақтан не сұрайсың... Әлгі әдіспен бұл кісіні де әулие етіп аламыз... Ағыл-тегіл мал сойылып, жұрт түней бастайды.


— Қап, әттең,— Тоғаң тамсана түсіп, сүйкімді бір тағамның исін сезінгендей кең танауын жиі-жиі тартып қойды.— Сонда өзім тіріле келіп, балбырап піскен майлы ет пен бал қымызға бір тойсам...


— Ө, сөзің құрсын! Сен ит өліп жатсаң, да тамақты ойлайсың-ау!


Рақмет ақсақал жайнамазын жия тастап, Тоғайәліге түйілді.


— Бүкіл арманың ас төңірегінде.... Әулиеліктің өзін де асқа сатпақсьң!


— Күнім-ау, енді қайтейін... Мыналар айналамды тамаққа толтырып жатыр...


Жұрт дуылдаса күліп басылды. Рақаң тасбиғын санай отырып сөз бастады.


— Ерсары батырдың әулиелігіне қалай шек келтіреміз. «Үлкен күндік, кіші күндік» деген-екі тау сол жарықтықтың қазан асатын ошағы болған деседі... Содан сәскелік жерде «Тұзбайыр» соры тұр. Ерсары батыр от басында отырған күйі оң қолын соза тастап, сол сордан тұз алады екен де, қазанына салады екен. Жарықтық. қандай зор болған десеңізші... Шаншып кеткен қайрағын көре қалдық... Түйелі адамнан биік тұр... Жоқ, сен жымима, Айса...


— Ие, ие, айта беріңіз, «құрдасым».


Айса ағай басын ғана изеді. Рақаң әулиелер жайлы әңгімесін қайтадан жалғады.


— Дүл-дүл ата зиратында болып көргендерің бар ма?.. Дәл зираттың жанында тасқа айналған ақ бота жатыр. Қыл мойнынан қырқылып басы жерге түсіпті...


— Ата,— мен таңдана сұрақ қойдым. Ести жүрген әңгімем болса да бұл кісіден бір жаңалық күткендеймін.— Ата, оны кім кескен?


— Тыңда ұлым.— Рақмет ақсақал мені ұйыта түспек болғандай оң қолын иығыма салды.— Ертеректе біреудің тұмса нары бошалап кетсе керек. Әлгі шаруа бүкіл даланы шарлапты. Таба алмапты. Әбден дағдарғаннан кейін Дүл-дүл атаның аруағына жалбарыныпты. «Баба, нар жолына бота құрбан... Жоғымды табуға жәрдемдесе көр...» Бетін сипап орнынан көтерілсе, ақ боталы Қызыл нар қарсы алдында тұр екен. Тар қол шаруа сараңдық етіпті... «Осы жарықтыққа ботаның керегі не... дұға оқып-ақ кетейін...» деп қайтадан ұйыпты. Оңбаған неме орнынан тұрғанда, ақ ботаның тасқа айналып, қыл. мойыннан қырқылып қалғанын көріпті...


— Менің нағашым сияқты біреу болған ғой.


Айса жымия күліп Тоғайәліге бұрылды.


— Жоқ, мендей болмаған,— Тоғаң тағы да бір тамсанып қойды,-—Мен болсам, ботаны сойып, етін өзім жер едім де...


— Ө, құдай ұрсын сені! Тағы да тамақ.— Рақаң жұрттың дуылдаған күлкісін елеместен, Тоғайәліге түйіле бір қарады да, Айсаға бұрылды.—Ал, сен осыған не айтар едің?


— Әй, ақсақал, әй, «құрдас»— Айса күрсініп қойды.— Сіз осыған да сенесіз!..


— Әулие болмаса, бота қайдан келген?


— Ешқандай бота емес... Желдің үрлеуінен, жаңбыр суының үгуінен, жыруынан түйе формасына айналған тас... Адамға, аңға ұқсас тастар кеп кездеседі... Әулие Дүл-дүл ата емес, табиғат. Бүкіл әулиелік қасиет табиғаттың өз бойында... Маған нанбасаңыз Қанайдан сұраңыз...


— Тәубе, тәубе... Шырағым, сен бір пәлеге ұшыратпасаң болды!


Рақаң ауыр күрсінді де, домбыраға қол созды.


— Айса, шырағым, сен тым асып кетпе.;.


— Қой, қоялықшы, асылы...


Жұмаш пен Қадырәлі ағайлар жарыса сөйлеп, Рақмет ақсақалға бұрылды.


— Кәне, біраз серпіп жіберіңізші...


Ақсақалда еш үн жоқ. Әлденендей бір ызалы күйді безілдете түсіп, кілт екіншісіне көшеді. Оны да ұзақ серпілтпей, жаңа сазды бастайды. Енді бір сәт тиекті сәл бұрап, «Нар идіргенге» көшкен еді. Аруана зары кәрі жүректі де елжірете түскендей, жұқалтым шағын құлағын домбыра қақпағына апара түсіп, қайтадан шалқалайды. Көз қиығын маған жіберіп, кеудеден тыныстайды. Егде жанарда маған арналған мүсіркеушілік бардай. «Көңіліңді қалдырмайыншы, ұлым!» дейтіндей. Мен де күрсінем. Құлағыма зар келгендей. Манағы ана итбалық қазір аруанаға айналып, кемеден көзін аудармай, ,сарнап тұрған тәрізді. «Не істедім?.. Бауырынан жалғыз баласын неге айырдым сорлының?!»


Кәрия біраз сермеп кеп, домбырасын доғарды. Кубрик іші тым-тырыс. Есік сыртынан «Ақұлпаның» мазасыз ыңылдаған даусы естіледі. Әбден ашыққан шығар-ақ...


— Мынау сорлының зарлауын.— Рақаң маған күрсіне бір қарап қойды. Көңілімді де қимай, «Ақұлпаға» да жыны ұстап отырғандай.— Бостан-босқа өліп қалады ғой, шырағым...


— Өлмейді. Неге өлсін.— Айса басын шайқады.— Бадамшин жолдас қолдан есіріп келеді ғой.


— Күнім, қойыңдар деймін.— Тоғаң қолындағы пышағын жалаңдатып қойды,— Бұның терісі деген қып-қызыл алтын ғой... Сойып алалық... Бір еріккен балаға бола...


— Сойғызбаймын.— Мен Тоғайәлі қолындағы пышаққа жабыстым.—• Қазір барып Қанай ағайға айтамын... Ол кісі үйретіп берем деген...


— Кің... Кің... Кет әрі.— Тоғаң қолымды қағып жіберді.— Саған бола қып-қызыл алтынды... Кің... Кің...


— Әй, қойшы сен де бір... Алтын болса жатыр ғой анау отызы.— Рақмет ақсақал мені төбемнен сипады.— Жарайды, тимеңдер. Мектебіне берген уағдасы бар-ды. Апарсын... Тек өлтіріп алма...


Бұл кешіміз осылай дауға айнала түсіп, жанжалсыз аяқталған-ды. Келер таң мезгілсіз атылған мылтық даусымен ояндық. Кубрик ішіне сәуле түсе бастаған екен. Асығыс киініп, жүгіре шықтық. Палуба үстінде Тоғайәлі ағай тұр. Қос ауызды иығына іліп, қолына багор ұстаған. Бұйра толқынды шыңырау түбіне сұқтана қарайды. Дабырласа, жарыса сұрастық:


— Өй, кім атты?


— Не болды?


— Кің... Кің... Қап,— Тоғаң күрсінді,— құдай ұрды мені, құдай ұрды... Кің... Кің...


— Өй, жөніңді айтшы?


— Қойыңдаршы, өздерің... Дәл түбімде тұрған... Шекеден-ақ көздедім... Қаны бұрқ етті де, құйрығын көрсетті... Қап... Құдай-ай, құдай-ай... Қып-қызыл алтын... Кің... Кің...


— Жарайды енді, күйіп-піспей-ақ қой...


— Күнім-ау, енді қайтейін...


— Бишара-ай, мынау баласын іздеп келген ғой... Ол әулие итбалық.— Айса сылқ-сылқ күледі.— Нағашы, сені киесі соғады...


— Кің... Кің... Өй, қойшы әзің... Қып-қызыл алтыннан айрылып тұрсам...


Тоғаң одан әрі тіл қатпай камбузға кірді де, жоқ болды. Өзгелер де кубрикке беттеді. Капитан мен Айса ағай үшеуіміз «Ақұлпа» жанына келдік. Аянышты үнмен ыңырси түсіп, сілкінгендей болады. Ақ мамық толқын дірілдеп, әдемі құбылады. Кіршіксіз түбіт үстіне қызғылт рең пайда болғандай.


— Бір жері қанаған ба?


Мүсіркей күрсініп қолымды созамын. «Ақұлпа» кенет ыр етіп айбат шегеді. Шошына кейін шегінем. Айса ағай мені құшағына қысып, қулана күледі.


— Өй, өй, байқа, тістеп алмасын...


— Аға, жүніндегі қызғылт не?


— Аңғарымпаз, байқағыш болар ма десем... Бері қара!


Қанай мені қаусырып, күн шығысқа қаратты. Бүкіл шығыс жиекті күрең шұғыла жауыпты. Ақ кеңістік үстінде қызғылт толқын ырғалады. Кешегі хрусталь сарайлар қазір алқызыл нұрға боялған. Зәулім сарай үстінде қызғылт құстар самғайды. Төмендей түскен біреуі алтын балық тәрізді, әлденені тұмсығына тістепті. Қозғалған сайын құбылып, жалт-жұлт ойнайды. Өзге құстар әр тұстан аңдай ұмтылады. Алтын тістеген құс жалтара қашады. Мен таңдана да қызыға қараймын. Алтын сарай ішінен жайраңдай шығар ару қызды күткендеймін. Енді бір сәт сарай бұрышынан ақ сәуле байқалады. «Су перісі сұлудың ақаусыз нұры болмағай!» Ақ сәуле бірден бірге молая түсіп, көлемі үлкен күміс шар жалт ете қалады. Сол күміс шар артынан су перілері шығатындай. «Қазір мынау алаңда арулар думаны басталатын шығар-ақ!» Құлағыма әлденендей бай ырғақты музыка әуені естілгендей. Сиқырлы сұлулардың күлкісін тыңдап, билерін көруге ынтығам. Қазір мен «Русалканың» да, әже ертегісінің де әсерлеріне берілгенмін. Шындық өмірден тысқары, қиял жемісі екенін аңғара тұрсам да, дәл осы бір сәт солардың кейіпкерлерін күтудемін...


— Болатхан, мынауыңа ет әкеліп берші... өліп қалар, бар болғыр.— Қанай ағай мені құшағынан босатып, камбузды мегзейді.— Әлі бұны қолға үйретіп аламыз...


Тәтті қиялымды бөлгендігі үшін капитанға налып та қалдым. Өйткені бұл біздің теңізге шыққаннан бері екінші рет қана кездестірген әдемі таңымыз болатын. Аңсарым ауып қарай бергім келеді. Қазір «Ақұлпаны» да ұмытып, тек қана таң ләззәтіне берілгем. Капитан тағы да қайталады. Амалсыз әмірге бағындым. Асыға басып, камбуз есігін ашқан едім, Тоғаң қассыз қабағын түйе қарады. Екі ұртын ыстық тамаққа толтырған екен, сөйлеуге тілі күрмелгендей, тек иегін қағады.


— Кің... кің... кің... кің...


— Аға, бір жапырақ шикі ет беріңізші.


Тоғайәлі аузындағысын талмамастан, қылғына жұтып салды да, кеудемнен итеріп тастады.


— Кің... кің... кің... кің... Қой әрі... Ет күшік түгіл адамға да жетпейді...


Құлап кетуге шақ қалдым. Шалқалай түсіп, қайтадан ұмтылдым.


— Ағатай, бір жапырақ қана... өз сыбағамнан...


Тоғаң екі ұртын тағы да толтырып, үлгірген екен. Талмамай жұтпақ болған еді, қысық көзден жас парлап қылғынды да қалды. Өліп кетер деп үрейленсем керек, айқайлап жібердім.


— Қанай аға, Қанай аға!


— Өй, не болды мынаған?


Қанай мен Айса жүгіре басып, камбузға кірді.


— Тоғайәлі неге тиесің?


— Жоқ, тиген жоқ.


Мен Тоғаңды мегзедім. Айса рақаттана күліп, Тоғайәліні көк желкеге түйе бастады. Қанай жүзінде абыржу бар, намыс бар.


— Сорлы, сорлы... жұтынба... Саусағыңмен кері тарт... Өлесің ғой...


— Өй, менің нағашым өлетін бе еді... Жақсы асты кейін шығарғанша жаман өңеш үзілсін... Батылырақ жұтын:


Тамақ ұят-арымсың,


Төзбесе өңеш қарылсын.


Бітеу жұт, жақсы ас жолында


Жаман қарын жарылсын!


Шынында да Тоғаңның кері тартар ойы жоқ. Саусағымен итере, талай рет жұтынып, көмейден әрі құлатты. Көзден жасы бұрқ етіп, күрсіне демін алды да, әлденеге ыржиды.


— Уһ, әйтеуір жұттым-ау... Кің... кің...


— Қорлап болдың-ау, қорлап болдың-ау...


Қанай даусынан діріл байқалады. Намыстанып тұрғандай. Айса ағай әбден мәз. Көз кемерінде күлкі жасы мөлтілдеп, Тоғаңды жауырынға қағады.


— Жігітсің, нағашым... Бұл кісі түйе тобығың да жұтып жібереді...


— Айса, жетті ғой мазағың.— Капитан түкті қабақ астындағы ала көзден от шаша Айсаға тесіле қарады да, механикке айғайлады,— Сәке, уа, Сәке! Қыздыр моторды.


Қанай жүзі ызғарлы. Қайда жүретінімізді сұрауға ешкімнің батылы да жетпеді. Дайын тамақ ішілмей қалды. Көп кешікпей, қуатты мотор дүр етті де, мұз аралдарын орағыта өтіп, әлдеқайда тарта бердік...


20


...Жиі-жиі мекен жаңартатын болғанбыз. Бұл орынға ауысқалы да аптадан асып барады. Кәсіп те жаман емес. Кеме жүгі күн санап молая түседі. «Ақұлпа» да есейіп қалған. Аштық неге үйретпейді. Аптадан кейін-ақ азық жейтін болған-ды. Қазір талмауды да меңгере бастаған. Жұмыстан соңғы ермегім осы «Ақұлпа». Тек мен ғана емес, Қанай мен Айса ағайлар да көбіне «Ақұлпа» маңында болады. Осы мекенге ауысқан күні «Мұз аквариумын» жасағанбыз. Алғашқы сәтте «Ақұлпа» ешбір әрекетсіз батумен болды. Резина етік қонышын тақымға дейін көтеріп, «аквариумға» түсуге тура келді. Бір қолмен бауырдан сүйеп, екінші қолмен алдыңғы «қанат-аяқтарын» қозғап көрдім. Көнер емес. Айбат шеге ырылдап, саусақтарындағы балғын тырнақтарымен қолымды тырнамақ болады. Аздан кейін Айса мен Қанай ағайлар да «аквариумға» түсті. Үшеулеп, ұзақ әурелендік. «Ит-ау, мынау қалақты саған не үшін берді дейсің... Теппейсің бе!» Қанай ағай «Ақұлпаның» мотор винтіне ұқсаған артқы айыр қалақтарын қозғап қояды. Кешкі асты да ұмытып кеткенбіз. Кеме үстінде тықыршып Тоғаң айғайлайды. «Айым-ау, сендерге не болған... Тамақ суып кетті ғой...» Капитан қолын сілтейді. «Өздерің іше беріңдер...» Ол кеш екі сағат әуреленгенбіз. Еңбегіміз босқа кетпеді. «Ақұлпа» алғашқыдай емес, аяқтарын қозғап, әрекет істей бастады. Тіпті осыны мақтаныш еткендей, ақ мамық арасынан аузын ашып, ыржия қарайды. Масаттана күлген тәрізді. Қызығып біз де күлеміз. Айса ағай таңдана басын шайқайды. «Демек, бұны жүзуге ата-анасы баулитын болған-ды...» Капитан құптап қояды. «Екі бастан, екі бастан!»


Алғашқы кешіміз осындай жеңіспен аяқталған еді. Бара-бара сүңгуге де үйреткенбіз. Бірақ су түбінде ұзақ баяндамай жиі көтеріледі де, ыржия «күледі». Аздан кейін тағы да сүңгіп, сілкініп қояды. Еркелегендей, мақтанышын сездіргендей. Біз үшеуміз қазір бір зоология ғалымдары сияқтымыз. «Ақұлпаның» әр кештегі қылығын қойын дәптеріне жаза жүреміз. Тілсіз мақлұқтың өзінде де тілегін түсіндірер қабілет болады екен. «Ақұлпа» ұзақ әрекеттен кейін шаршағандығын сездіреді. «Кемеге апарыңдар» дегендей. Көтеріп қайтамыз. Кешке біз жұмыстан оралған сәтте «Ақұлпа» сүйретіліп ұясынан шығады да, ыңырси дыбыс береді. «Шомыламын» дегені. Құшақтай көтеріп «аквариумға» апарамын. Бұл жолы менің сүйемелдеуімді де қажет етпейді. Сүңги жөнеледі. Мен қызықтап қуа бастаймын. «Ақұлпа» еркелей қашады. Мойыл. тұмсығын әр тұстан бір қылтитып, сілкініп-сілкініп алады, кейде екі аяғымның арасынан өтіп кетеді. Өз әрекетіне өзі мәз. Қолда үйренген «күшіктің» қылығына мен мәзбін. Әкем марқұмның алғашқы рет жүзуге үйреткен қызықты да бақытты сәттерді еске түсіремін. «Әлпештеп есірген қайран әке, азамат болған қызығымды да көре алмадың-ау... Мойнымда толы борыш бар. Қай кезде, қалай өтермін?..» Күлкі арасында осылай күрсіне түсіп, әке жайлы, тумалар жайлы ойлаймын. Ал мынау соққан «Ақұлпа» көз алдындағыдан өзгенің бәрін түгел ұмытқан. Тіпті оқтан да үрейленбей, баласын іздеп, өз өмірін құрбандыққа шалған анасын да ойлар түрі жоқ. «Ақұлпаға» осы түс ренжіп те қаламын. Түбіті де дәл қазір бұрынғыдай ақ мамық емес, бірден-бірге қылшығы молайып, көк-шулан тарта бастаған. Енді бір сәт. өзімді-өзім мазақтап, күліп те қоямын. «Ақұлпа» нені ойласын... Табиғат оған ойларлық қабілет бермеген... Ал сен ше, сен адамсың... Адам, адам, неткен қасиетті жаратындысың! Сенің қолыңда жаратымпаз күш жатыр... Сен жерді қойып, аспанды меңгере бастадым... Бір кездегі қиял жемісін қазір өмір шындығына айналдырдың. «Сексен мың метр су асты» қазір қол жеткен арман!..» Мен дәл осы секундта Да әкемді еске түсіремін. Кіп-кішкене кезден-ақ кітап құмарлықты бойға сіңірген. Жюль-Верннің, Гюгоның, Станюковичтің теңізшілер жайлы еңбектерін әуелі өзі әңгімелеп беріп, кейін өзіме оқыттырған-ды. Содан бастап кітапты серік еткенмін. «Рақмет, әке, рақмет!»


...Әдемі бір айлы кеш. Бұндай түндер өте сирек кездеседі. Қара көк аспан күміс нүктелермен безектелген. «Ақ кеңістік» үстінде көк солғын мұнар ойнайды. Дөңгелек ай мұз бетіне бозғылттау сәуле жолағын тартыпты. Ай қалықтаған аспан биігінен көмескілеу бір күміс лента тартылғандай. Ақ жазық үстіндегі мол сәуле діріл қағып, әдемі ырғалады. Шар айнадай жалтыр мұзға үңіле қарасаң жұлдызды аспан шыңырау түбінен көрінеді. Жақын маңдағы мұз шыңдары көгілдірлеу солғын хрусталь сарайға айналған. Аяқ астымыз да хрусталь тәрізді. Адымдаған сайын сақыр-сұқыр етеді.


Сәуле жолағын қуалап, кешкі жұмыстан қайтып келеміз. Капитанда үн жоқ. Көңілсіз сияқты. Бүгін ала көлеңкеден кетіп, кешке дейін атқанымыз екеу ара бір «балық»... Қанекең соған ренжитін-ді. Ал мен сирек кездесетін мынау ғажап ақ түннің әдемілігіне мәзбін. Бірде жалтыр мұзға үңіліп, бірде айға қараймын. Ай бетінде теңбіл бар. Әжем айта беретін «Зүһіра сұлу» болуға тиісті. «Әне, әне, көрдің бе, екі иығында екі шелек!»— дейтін ол кісі. Қазір маған сол теңбіл шауып келе жатқан салт атты бейнесінде көрінеді. «Тарлан тұлпар» алдыңғы екі аяғын көтеріп алған тәрізді. Зүһіра апай өмірсіз аспан әлемінен безіп, думанды жерге түсуге талпынбағай... Тұлпарды қайдан тапқаны?» Артынша ертегі әсеріне берілгендігімді мойындап, іштей ғана жымиямын. «Қайдағы Зүһіра... Таулар ғой... Анау бір сызаттар арықтар болып жүрмесін... Ұшар ма еді, көрер ме еді...» Бұл сәт астрономдық арманға берілемін...


Ай сәулесі астында мұнартып кемелер көрінеді. Бірден-бірге жақындап келеміз. «Аквариум» маңында жалғыз адам қараңдайды. Дәуде болса Айса ағай шығар-ақ. «Ақұлпамен» әуреді. Өзгелер оған жоламайтын. Жаңылмаппын. Сол кісінің өзі екен. Біз жақындағаннан-ақ айғайлай бастады.


— Өй, сендерге бүгін не болды? Неге кешіктіңдер?


— Құр. қайтқымыз келмей кешеуілдеп қалғанымыз.


— Оқасы жоқ... Біздің адамдар да, «шмидтшілер» де құр қайтты... Мен өзім ғана біреуін алып келдім. Капитан деген атым бар емес пе...


— Бізде екеуара біреу-ақ.


— Ал Тоғаң менен Ақмамбет қырып қайтулы... Қайықты толтырып бір әкелді де, қайтадан кетті... Жөндерін де айтпайды... Менің нағашым тіпті сөйлесер емес.


— Міне, ғажап.— Қанай таңдана басын шайқады.— Ұйыққа кездескені ме?.. Әй, бір сыр болмағай...


— Мен де солай ойлаймын.— Айса ағай «Ақұлпаны» көтеріп, қолыма берді де, өз кемесіне қарай иегін көтерді.— Бүгін сендердің бәрін бізге қонақсыңдар... Жігіттерің түгел бізде отыр... Алдыменен ас ішіңдер. Содан кейін... Қызық бар...


Айса ағай сөйлемін аяқсыз қалдырды. «Мүмкін, астан кейін Тоғаңдарды іздейтін шығармыз... Түн ішінде бір пәлеге ұшырауы ғажап емес...» «Ақұлпаны» ұясына апарып, киім жаңарттық та, асқа отырдық. Үш кеменің адамы «Баутинші» кубригіне жиналған екен. Дуылдаса сөйлеседі. Әңгімелері Тоғайәлілер төңірегінде.


— Бұларға қайдан келген батпан құйрық?


— Мүмкін, үлкен бір итбалық жатағына кездескен-ді... Түнеугі сияқты бір үйыққа ұшыраса...


— Ақсақал-ау,— Қанай ағай Рақмет кәрияға бұрылды.— Жігіттерді ертіп, көмекке баруыңыз керек еді ғой...


— Бармайын деппіз бе!— Рақаң бөгеле түсіп, жымиды.— Бізді маңдарына жолатар емес... Мен аңғарсам бөлектенер ойлары бардай... Манағы әкелгендерін айырым салып жүр...


— Солай дейсіз, ә?


Қанай капитан терең тыныстап, басын ғана изеді. Тағамды да ұмытып, аумақты көзін бір нүктеге қадапты. Жалбыр қастары тағы да тұтасып, кірпі шаштары тікірейе қалған. Кең кеудесін ыза кернегендей. Осы қалпында біраз уақыт үнсіз отырды да, күрсіне түсіп, мүйіз трубкасын қолынан алды...


— Қанай, тамақ жесеңші, шырағым...


Рақмет кәрия капитан жүзіне сұрақты пішінмен қарап қояды. «Ұшқалақ болжау жасап, ренжітіп алдым ба?»—дегендей. Бірқыдыру үнсіздіктен кейін, қос ағасы тамағын кенеп, жазықты үнмен тіл қатты.


— Мүмкін, біздікі қате болар...


— Жоқ, жоқ, менің бөлемнен ондай нәрсені күтуге болады... Сол қараулық пиғылы үшін талай рет тастап


Кетпек болсам да аяған едім... Ол қадірді білген бе... Қор туманың барынан да жоғы жақсы ғой...


Капитан қырлы стакан шарапты бір-ақ қағып салды да, қалиянын тұтатты. Кубрик ішін меңіреулік билеген. Намазға ұйыған Рақмет ақсақалдың күбірінен өзге еш үн жоқ. Бейнебір ұрысып алған адамдар тәріздіміз. Әркім өзімен өзі. Сол меңіреу тыныштықты Айса ағай бұзды.


— Болатхан, тамақтанып болсаң жүр, «Ақұлпаға» баралық... Қызық болсын...


Рұқсатсыз шығуға Қанай қабағынан жасқанып отыр едім, қуанып кеттім. Асыға басып кубриктен көтерілдік. Бізге ере Қанай ағай да шықты. Екі капитан мұз жиегінде қалды. Мен «Нептунға» барып «Ақұлпаны» әкелдім.


— Айса аға, қандай қызық бастаймыз?


— Айтайын ба, қандай қызық екенін...


«Баутиншілер» капитаны жымыңдай күліп алды.


— Қазір «Ақұлпаны» теңіз суына түсіреміз... Сыналық... Не істер екен.


— Қойыңызшы, айрылып қаламыз ғой.


— Жоқ,.. Қорықпа... Меніңше, ол біраз жүзеді де, қайтып келеді. Қолға үйренген итбалық солай істейтін көрінеді... Бір журналдан оқығаным бар... Қанеке, сіз сөй деп едіңіз... Әкел бері.


Айса ағай қолын созды. Мен «Ақұлпаны» баурыма басып шыр ете қалдым.


— Бермеймін... Алдайсыз... Кетіп қалады...


— Кетсе кетсін!— Қанай ағай жекіріп тастады,— Немене, Тоғайәліге ұқсап, қолыңа түскеннен айрылмайтын мінез таптың ба?!


Екі бетім ду ете түсті. Қарау жанға теңеген қатты сөз жаныма батып кетсе керек. Ауыр күрсініп, «Ақұлпаны» ұстата бердім.


— Айрылып қалармыз дегенім ғой...


— Айрылып қаламыз...— Қанай кекесіндеу мырс етті.— Ойларсьң ұлы қасірет... Кетті де барды, бір күшік...


— Қараулық етпе, інішегім,— Қанай сөзін Айса да қостады.— Кетсе кетті. Ал қайта оралса, ғылыми жаңалық ашамыз... Ұқтың ба?


— Ұқтым... Түсінікті.


Орынсыз жазғыруларына жәбірленіп те қалғанмын.


Қадірмен адамдардың бетінен алмау үшін көмейдегі сөзімді кері жұттым да, күрсініп темен қарадым.


«Ақұлпа» әуелгі сәтте теңіз суына түскісі келмегендей, қарыса ырылдаған-ды. Жүрексінген болса керек. Суға түскеннен кейін бір сүңгіп алды да, артына бір қарап, мұз жиегінен ұзай берді. Әр жерден бір қылт етіп, жиі-жиі сүңгиді. Тіпті еркелеп ойнап жүргендей, Біраз ұзап барды да кері оралды.


— Әне... әне... Айттым ба?— Айса ағай мені иыққа қағады.— Міне, ғылыми жаңалық деген осы... Біз әлі цирк артисін дайындап жүрмелік.


— Шынында да... қызық екен...


Қызықтаушы тек біз емес. Үш кеменің адамы түгел жиналған. Бәрінің де назары «Ақұлпа» маңында. Тоғаңның сиқырлы сапарына байланысты манағы бір көңілсіздікті естен шығарғанбыз.


«Ақұлпа» жүзіп келіп, алдыңғы екі аяғын мұз жиегіне асқан еді. Айса ағай көтеріп алудың орнына кері қуды.


— Бар, бар, туған ортаңа...


— Шаршаған шығар, қойыңыз...


Мен дереу қолымды создым. Бірақ үлгіре алмадым. «Ақұлпа» жалт беріп сүңгіді де жоқ болды. Бұл жолы алды-артына қарар емес. Әр жерден бір шоршаңдап, бара-бара көзден тасаланды.


— Кетті, әне кетті.— Мен күрсініп қойдым.— Қап, әлгіде көтеріп алатын.


— Қой, жоқ... қайтып келуге тиісті...


Айса ағайдың өзі де өкінгендей. Терең тыныстап қояды.


— Шын кетер ме екен, ә?.. Қайда кетті өзі... Жарықпен қаралықшы!


Дереу кемеге көтерілгенбіз. Әр тұстан жағылған ірі шамдар теңіз бетіне мол сәуле түсіре бастады. Сәуле астында қарауытқан бір нәрсе көрінеді. Айса ағай көзін қалқалай қарап, оң қолының саусағын ілгері созады.


— Әне, әне, кері оралды... Е, бәсе...


Жұбату шығар деп едім, шындық екен. «Ақұлпа» енді бірден-бірге анық көріне бастады. Сол бетімен жүзіп кеп, кеме қабырғасына иегін сүйеді. Айса ағай тізерлей қолын созды да, кеме үстіне көтеріп алды.


— Мә, қарағым, аман-сауында өз қолыңа табыс етейінші... Өзім де сасқан едім...


— Рақмет, Айса ағай...


Мен «Ақұлпаны» құшағыма қысып, түбіт жүнін сипадым. «Ақұлпа» дүр сілкініп, екі алдыңғы аяғын иығыма салды. Тұмсығын иек астыма тығып, еркелей қыңсылайды. Шаршаған да, ашыққан да болса керек. Кішкене ғана жүрегі мазасыз дүрсіл қағады.


— Шаршадың ба, қарның ашты ма, «Ақұлпа», кел, тамақтана ғой...


— Өй құдірет, өй, құдірет,— Рақмет кәрия таңдана жағасын ұстайды.— Мұндайды кім көрген... Айуанда да ес болады екен-ау... Мұны не деп айтамыз...


— Мұны ғылыми жаңалық дейміз...


Қанай мен Айса ағайлар шынында да бір үлкен жаңалық ашқандай көңілдене күледі. Қойын дәптерлерін қолдарына алған. Сағаттарына да қарап қояды. «ғылыми жаңалығын» жазғалы тұрса керек. Айса «Баутиншіні» мегзеді.


— Біздің кемеде жас сазан бар. Соның бірін әкеп берші.


Жүгіріп барып сазан әкелдім. «Ақұлпа» апыл-құпыл жеді де, ризалық білдіргендей, еркелей ыңырсып, тыныштана қалды. Көздерін де тас жұмған. Қалғи бастаса керек.


Біз «Ақұлпаны» қызықтап жүргенде, ай бетін кенет бұлт жауып, қараңғылық қоюлана түскен еді. Тоғаңдар әлі қайтпаған. Жұрт назары қазір кешеуілдеген жолаушыларға ойысқандай. Әркімдер-ақ әр тұсқа үңіле қарап, дыбыс тыңдайды.


— Құдірет-ау, бұлар неге кешікті?— Рақаң сол қолымен көзін көлегейлей, оң қолын кішкене құлағына тосады.— Адасып кетіп жүрмегей, әлгі шамдарыңды қайтадан жағып қойсаңдаршы.


— Бекер жібергенсіз,— Қанай механикке иегін көтереді.— Үлкен шамыңды жағып қой...


— Тіл алды ма.— Кәрия өкінген адамдай ауыр күрсінеді.— Қайықты бермеуім керек екен...


— Сөйтуіңіз жөн еді.— Қанай таңдайын қағып, ба¬сын шайқайды.— Бекер еткенсіз.


Рақаң үшін өзгелер дуылдаса жауап береді.


— Көне қояр, ол саған...


— Қайыққа жабыспағаныңыз жөн болған... сабап кетер еді...


— Таяқ жей қоймас едім-ау...


Рақмет кәрия сөз аяғын бітірмей, оң бүйірге қисая түсіп, оң қолын тағы да құлағына апарады. Түйме көздерін де тас жұмып, биік маңдайын да қатпарлай жиырған. Әлденендей дыбыс сезген тәрізді.


— Сендер еш нәрсе естисіңдер ме?


— Жоқ,— Қанай басын шайқайды.— Сол оңбаған бір пәлеге ұрынбағай...


— Қайтеміз, іздейміз бе? Компас та алмаған шығар...


— Осы маздаған сәулеге компастың керегі не?


— Әй, түгі, шуылдамай тоқтай тұрыңдаршы.— Рақаң екі құлағын кезек тосып, дабырлаған жұртқа тоқтау салады. —Тыңдаңдаршы, тақыл естіледі...


— Кәне, қай тұста?


— Міне, мына түс.— Кәрия қолын солтүстікке созады.— Алдарынан шығыңдаршы!


Бір топ адам кәрия мегзеген бағытқа жөнелген еді. Тәжірибелі құлақ қателеспесе керек. Сағатқа жуық уақыт өткеннен кейін құпия жолаушыларды ілестіріп кері оралды. Жанындағылар әбден мәз. Дуылдаса күледі. Тоғаң бірақ ызаланып алған. Әркімге бір тиісумен келеді. Дәлелі де орынсыз. Жанжалға себеп іздегендей.


— Кің... кің. Қойыңдар... Жетті мазақтарың... Кің... кің...


— Ойбай-ау, біздің жазығымыз саған сәуле жарығын беріп, белгі жасағанымыз ба?..


— Кің... кің... Әдейі жасайсыңдар... Адастыру үшін... Кің... кің...


— Әй, өзің не шатып тұрсың? Жанымыз ашып, іздеп шықсақ...


— Кің... кің... Қарашы, жандарының аши қалуын... Азапта біз... сендер... қорлайсыңдар...


— Айналайын-ау, еріп барғалы жиналған едік... жұрттың бәрін қырып-жойып, ілестірмей кеттің ғой...


— Осы немеде қызғаныш болып жүрмесін?


— Әрине сол... Әйтпесе неге ұрынады орынсыз...


— Кің... кің.. Қарашы, қарашы, күйдіруін... Ал, сендерге ерегіскенде дәл солай істедік... Қайтесіңдер, кесесіңдер ме?.. Өздерің бірнеше күннен бері түк әкелместен қаңғып жүресіңдер... Кің...


— Тоғайәлі!— Қанай жекіріп тастады.— Өшір үніңді!


— Кің... Кің... Қой әрі,—Тоғаң бұл жолы капитаннан да жасқанар емес, жарыса дауыс көтерді.— Кің... кің... Жетті... Бұға берсе, сұға береді... Жуас түйе жүндеуге... Әкіреңдеме!..


— Өй оңбаған!— Қанай күрсіне басын шайқады.— Сенікі шынында да қызғаныш болды ғой, ә?


— Кің... кің... Ал, ал... қызғандым... сонда қайтесің? Еңбек сіңірмей... үлеске дайын... Тапқан... кің...


— Қойыңдар, менің, нағашымды ренжітпеңдер.—Айса қулана күліп оң қолын Тоғайәлінің иығына салды.— Жүріңіз, біздің кемеде тамақ дайын тұр. Барып ауқаттаныңызшы... Жүкті біз жайғастыралық...


— Кің... кің... Аулақ жүр.— Тоғаң иықтағы қолды қағып тастады.— Кісі кемесінен тентіреп ішпей-ақ қойдым... Мыналар, тоңып келер деп бізге тамақ қоюды да ескермеген... Жарайды... Өзіміз-ақ жасап ішерміз... Есектің күші адал...


— Сорлы, сорлы, Қарынбай...


— Кің... Кің... Ай, Қанай, жетті мазағың,— Тоғайәлі төбелеске дайындалғандай, әбден таусыла сөйлейді.— Мырза болып, табысыңды кімге бөліп беріп едің, ә?


— Қураған,— Қанай күрсіне қолын сілтеді.— Ешкімге үлес бермей-ақ қой... Жұрттың мазасын алма!.. Сұрамадық...


— Кің... Кің... Ерегіскенде, сұрасаңдар да бермедім... Әй, Ақмамбет, неге тұрсың? Кәне, лақтыра бер бері... Сендер әрі, аулақ тұрыңдар... Өзіміз істейміз, жұмыстарың болмасын!.. Кің... кің...


— Тіпу, нәлет тигір!—- Қанай түкірініп тастады да, жанындағы топқа жарлық берді.— Тараңдар... Бар, жатыңдар... Ертең мекен жаңартамыз.


Жұрт енді сөзге келместен тараса бастады...


21


... Ала таңнан оянғанбыз. Асығыс киініп, кубриктен көтерілдік. Табиғат қабағы қайтадан түйіліпті. Түстік желі ажылдай соғып, теңіз үсті шаңыта бастаған. Қарауыта көтерілген ірі-ірі жоталар қыр арқаларынан ақ шаңдақтана жарылып, көңілге үрей салады. Аспан жамылғысы өрім-өрім. Шығыс жиектегі реңсіз бұлттың етегін түтінді жалын шарпыған. Бықси жанып жатқандай. Бұлт саңылауынан көлемі зор қызғылт шар сығалайды. Ашық қызыл да емес. Шет-шеті қарауыта бастаған. Көрік өңешінен балқып шыққан темірдің суи түскен кездегі күлді-балам түсі тәрізді. Ауа райы біржола бұзылып бара жатқандай. Ери жауған жұмсақ қар бірден бірге қоюлана, үйіріле түседі.


Адам қабағы да тас-түнек. Резина етік қоныштары тағы да қара санға дейін көтерілген. Қажырлы қолдар қайтадан багор ұстапты. «Нептун» қабырғасын мұздан қашықтатып, жабыла итеруде. Қанай ағай машина бөлімінен үңіле қарап, механиктерді асықтыра сөйлейді.


— Болсаңдаршы, тезірек... Борандатпай тұрғанда ашық теңізге шығып алайық.


— Қазір, қазір қосамыз...


Кеп ұзамай үш кеменің моторы жарыса жаңғырығып, бір-ақ сәтте дүр етті. Капитан мен Ракаң рубкаға көтерілді.


— Шегініс... ақырын ғана...


Рақаң телеграф трубкасына қолын апарды. Күмбір-күмбір қоңырау қағылды. Машина бөлімінен қоңыраулы жауап қайтарылды. «Қабылдадым... Ақырын ғана шегініс!» «Нептун» ырғала түсіп кейін лықсыды. Капитан айыр иекпен түстікті мегзеді.


— Рульді оңға!


«Нептун» қабырғасын толқынға жаптыра, баяу ғана бұрылып, өткір тұмсығын желге қаратты. Қанай ағай оң қолын жоғары созып тастады.


— Алға... толық екпінмен!


Рақаң мен механик телеграф қоңырауы арқылы тілдесті. «Нептун» көлденен жатқан толқын жоталарын кесе тіліп, ілгерілей берді. Манағыдай екі бүйірге шайқалмай, қарғып-қарғып алады. Асау толқындар ажылдаса шапшып, кеме үстін су борасынымен көмеді. Ара-тұра мұз кесектері де сарт ете қалады. Су бұрқасынынан бұға түсіп, қайтадан көтерілеміз. Тәңірі «Нептун» мен кеме «Нептун» арасында ауыр шайқас басталғандай.


Қанай ағай рубка терезесінен басын сұғып, алысқа қарайды. Жалбыр қасы да, самай шашы да ақ бурыл тартыпты. Әуелгі сәтте «ағарып кеткен бе?» деп таңданған едім. Қар қиыршықтары екен. Ұзын кірпіктерінде де моншақтар дірілдейді. Енді бір сәт кірпік ұшындағы су тамшыларын күпі жеңімен сүртіп тастады да, биноклін көзіне апарды.


— Мұз қозғала бастаған...


— Жабылып қалып, шыға алмай жүреміз бе.— Рақаң сол қолымен көзін көлегейлеп қарап күрсінеді.— Кеше-ақ шығып кететін... Үлгерсек, жарады...


— Үлгіреміз, ақсақал.— Капитан сенімді рай білдіре, биноклін тағы да көзіне апарды.— Үлгіруге міндеттіміз!


— Иншаалла де, қарағым...


— Я, я, иншаалла деңдер.— Рубка қабырғасында ықтындап тұрған Тоғайәлі күрсіне сөйлеп, кәрия сөзін қостады.— Асылық болмасын... Аллаға сиыныңдар...


— Құдай ұрған.— Рақаң зілді кекесінмен мырс етті.— Кеше ардан да, алладан да безген едің... Бүгін діндарси қалуын!..


— Ұятсыз!— Капитан жалбыр қасын тас түйіп, Тоғайәліге бұрылды. Жанарынан от шашып, мейірімсіздене қараған. Егер де мынау ала көз оққа айналса, өз бөлесін атып тастаудан да тартынар еместей. Ұзын кірпіктерін қақпастан тігіпті.— Сен оңбағанның қырсығыңнан нөсерге ұрындық...


— Өзін лақтырып кету керек еді,— Бригада мүшелері жан-жақтан дауыс көтеріп, жарыса сөйледі.— Тек Қанайды сыйлағандықтан.


— Лақтырам мен оны, лақтырам мен қазір...


Машина бөлімінен әлденеге көтеріле қалған Сартай ағай сарғылт тістерін қашырлата қайрап, Тоғайәліге тап берді. Тоғаң нөсерлі күні пана іздеген торғайдай рубкаға тығылды.


— Батыр қаранды! — Капитан өз бөлесін итере тастап, есікті жауып алды да, Сартай ағайға тоқтау салғандай сол қолын кейін сермеді.— Лақтырар жер әлі алда... Осыдан үлгіре алмайтын болсақ, өз қолымнан...


Экипаж мүшелері әлі де кіжіне гуілдесуде. Тоғайәліде түк үн жоқ. Еңсесін жерден көтермей, қарауыл түбін паналаған. Мойын омыртқа дегенге жаратылысынан-ақ жарымаған сорлы болатын. Қырсау табиғат омыртқа орнатуға да ерінген болса керек. Қазандай басты екі иықтың арасына домалата тастаулы. Осыған орай Тоғаңды ку тілді келіндері «итбалық мойын қайнаға» деп те атайтын. Ал қазір сол қазан бас иық тасасына біржола сүңгіп кетуді. Ағылшын жазушысы Мэйн Ридтің «Бассыз салт аттысын» елестетеді. Жайшылық кезде үнемі май тебіршіп тұратын, шайыры мол қара күрең бетінде жалғыз тамшы қан жоқтай, бейнебір оңып біткен қу шүберек тәрізді бозара қалған. Саңырайған танаудың етекті желбезектері жиі тартылып, топал иегі кемсең қағады. Қассыз томпақ маңдайдан тайып түскен тамшылар селдір кірпіктен сорғалай құйылып, омырауын тоғыта төгіледі. Егіле жылап тұрғандай. Тізелері де діріл қағады. Қораш жанды қорқыныш билеген болса керек. Жиі-жиі күрсініп, құныса түседі. «Шын лақтырып жүрер ме?» дегендей. Әлдекімдер тап берсе, қарауылдан құшақтауға әзір тұр.


«Сорлы, сорлы!..» Әуелгі сәтте аяныш білдіріп, мүсіркей қарадым да, кешірілмес қылықтарын еске түсіріп, мейірімсіздене қалдым. Қазір өз қолымнан итере тастауға дайынмын. Өзге ұсақтығын былай қойғанда кейінгі үш күн ішінде қандай азғындыққа барды. Тоғайәлінің қылығы бүкіл теңізші қауымын ұятқа қалдырарлықтай. Асыл жандар арасында да бұл сияқты азғын барын кім білген!..


Мен қазір өткен тәулікті еске түсірудемін.


Күн райының бұзылатындығын сезген капитан кешкі тамақтан кейін таң ата қоныс жаңартатындығын жариялаған-ды. Түнгі рация сол болжаудың дұрыстығын хабарлады. Тоғаң кең танаудан пысқырына сөйлеп, кекесін білдірді. «Кің... Кің... ой, солар шата береді... Ерәлідегі естеріңде ме?.. Қарағым-ау, Қанай жан...» Қанай ағай зілді кекесінмен мырс етті. «Арсыз!.. Не бетіңмен айтып отырсың... Сен екеуіңнің жүрістерің суық... Әттең, іздеріңе түсіп, жасырын көмбелеріңді ашу керек еді... Мынау ауа райы...» Капитан сөзін Сартай да қостады. Рас-ау, әйтпесе сен екеуіңе елден ерек неткен үйық?.. Қызық болсын, ертең бір күн бөгеліп, осыларға ілесе баралықшы...»


Намаздан көтерілген Рақаң жайнамазын жинай беріп, басын шайқады. «Бөгелуді айтпаңдар, жігіттер, менің сүйектерімнің сырқырауы жаман... Демек, ауа райының өзгеруі қақ!.. Және бұлар кешегідей жасырына қашады... Екі бастан... олжаға ортақтастырып... Өзі Тоғайәлі болсын да...» Капитан орнынан тұрып, кубрик баспасына көтеріле берді. «Баққанда болатын еді... Бірақ... жарайды, кезекшіден өзгелерің ұйықтаңдар!»


Одан әрі сөз жалғастырмай жата кеттік. Әбден шаршағандықтан болса керек, бұл түні мен мейлінше мазасыз ұйықтадым. Көз жұмғаннан бастап-ақ шытырман түстер шырмауында қалдым да қойдым. Бірде «Грант капитан балаларының», бірде «Теңіз бейнеткерлерінің» кейіпкерлері арасында жүремін. «Нептун» құдай кемемізді үрлей лақтырып, Нормандияның тас шоқыларына қарай қуалайды. Теңіз-дауыл құдайымның маған тек кесер басы ғана көрінеді. Тіпті кеудесі жоқ болса керек. Бет-аузын ақсұр жүн жапқан. Көкшіл бұйра сақалы шұбатыла иіріліп, кэш жерде жатыр. Бет пішіні Тоғайәліге ұқсайды. Саңырайған танаудан ажылдап соққан асау жел кемемізді аударып тастай жаздайды. «Нептун» құдай ауыздан ақ көбік атып, сылқ-сылқ күледі. Қанай ағай қарысып штурвалда өзі тұр. Кеме «Нептун» бағытын қайтадан түзеп алғандай. Тәңірі «Нептун» қарсы алдымыздан шығып, жынды дүлейін қайтадан үрлейді. «Жоқ, кете алмайсың... Жібермеймін!» Қанай ағай да қаһарлана ақырады. «Жеңе алмайсың... Жеңгізбеймін!» Тәңірі «Нептун» кеме төсін толқынмен кесектеп, ішегін тарта күледі. «Құтыла алмайсың... Құтқармаймын!»


Енді бір сәт тәңірі «Нептун» кеме «Нептунды» ұзын сақалына орап алады да, толқын арасында шаншылған шыңға қарай сүйрейді. «Шабыңдар, сақалын, шабыңдар!» Капитан штурвалды Рақаңа береді де, өзі қолына балта алып, тәңірі «Нептунның» сақалын шабуға ұмтылады. Сақал тұтқынынан босаған кеме «Нептун» қайтадан жалтарады. Теңіз үстін қалың тұман жаба бастаған, кеме тұмсығында тұрған Тоғайәлі жүгіре басып, рубкаға кіреді де, Рақаңды итере тастап, рульді өз қолына алады. «Алжыған немене, қайда апарасың... Қырмақ па едің мынау жұртты?!» Бұл сәт кеме капитаны Тоғайәлі бола қалады. Тоғайәлі бұл жолы сьер Клюбен бейнесінде. Беліне қайыс белбеу буынған. Белбеудегі былғары дорбада «қып-қызыл алтын» жатқандай: Кемеміз де «Нептун» емес, «Дюранда». Итбалықтар егізге айналған. «Дюранда» кілт бұрылып, заулап келеді. Түнек тұман кенет сейіледі де, қарсы алдымыздан сұрғылт шыңдар көрінеді. Біз; айқайлап жібереміз. «Капитан, шыңға соқтырасың... Бұр, тезірек бұр!» Тоғайәлі-Клюбен кекесінмен күледі. «Қайдағы шың... Толқын ғой...» Кенет «Дюранда» шатыр-шұтыр тасқа соғылады. Кубриктан жүгіріп Рақаң шығады. Өңі қу шүберектей боп-боз. «Капитан, баттық!» Тоғайәлі- Клюбен жекіріп тастайды. «Алжыған, адастырған сенсің!» Машина бөлімінен Сартай ағай көтеріледі. Сартай,— Энбранкамға айналған. Мойылдай қап-қара. Тек тістері ғана жалтылдайды. «Капитан, машинаны су басты!» Тоғайәлі-Клюбен сақ-сақ күледі. Апатқа кездескеніне қуанып тұрғандай. Мен шыңғыра жылаймын. «Қанай аға, Қанай аға!..»


Әлдекім маңдайымнан сипайды. «Болатхан, уа Болатхан... ұлым...» Оянып кеттім. Өңім болмағанына қуанып та қалдым. Рақаң жүзіме үңілді. «Балам, неге жыладың, шошындың ба?» Күрсіне тыныстап, түсімді баяндадым. Кәрия менің түсімді жақсылыққа жорыды. «Жын-шайтан ғой, шырағым, сақалы шабылса болғаны... Түсінде қорыққан өңінде қуанады.... Иншалла...» Бас жағымыздағы төсектен Сартай ағай налысты үнмен тіл қатты. «Түу ұйқы бермедіңдер ғой...» Рақаң таңдана бұрылды. «Өй, сен күзетті тастап кеттің бе?» Сартай екінші бүйірге аунап түсті. «Тоғайәлі тұр... Ұйқы беріңдерші...» Рақаң сезіктенген адамдай төсектен басын көтерді. «Өй, Тоғайәлі досың саған неғып мейірімдене қалды?» Сартайда үн жоқ. Қорылдай бастаған. Тегі, ұйқтап үлгірсе керек. Рақаң сәл кідірістен кейін далаға шығып кеткен-ді. Оралмай, ұзақ бөгелді. Аяғымды еппен басып, мен де кубриктен көтеріле берген едім, капитан есіктен сығалады. «Оят Сартайды. Тез шықсын...» Механикті зорға ояттым. Екеуміз де сыртқа шықтық. Ашулы капитан механикті жарадан ала түсті. «Вахтаны тастауға қандай қақың бар?» Сартай күрсініп темен қарады. «Мені Тоғайәлі ауыстырған...» Қанай сілкіп-сілкіп жіберді. «Қашан ауыстың?» Механик сағатына қарады да, кінәлі үнмен тіл қатты. «Сағат жарымдай болыпты ғой...»


Мәселенің мән-жайын енді ғана түсіндім. Тоғайәлі мен Ақмамбет кішкене қайықпен кетіп қалған екен...


...Бозарып қысқы таң атты. Үш кеменің адамы тамақ ішпестен жан-жаққа тарала бастадық. Тоғайәлілерді іздеп әуреміз. Күн кешкіре зорға таптық. Мұз тауларының арасындағы қуыста жүр екен. Құпия сырлары да енді ашылды. Сен астында қирап қалған шаналар жатыр. Апатқа ұшыраған итбалықшылар қосы болуға тиісті. Қарау жанның бізден қызғанып жүргені бүлінген елдің мүлкі екен. Сең қопарып жүрген қарақшылар бізді көргенде төбелерінен жай түскендей болды. «Зұлымдар!» Қанай ағай өз бөлесіне мылтығын кезеніп, тап берген еді, Рақаң ұстап үлгірді. Ашу үстінде атып тастаудан да жүз жанар емес, аласы мол аумақты көзден от шашып, діріл қағады. «Сезгенмін сенің сырыңды... Бұл мүліктердің иелері туралы қайғыру, олардың тағдырын ойлау есіңе де келмейді ау, сен иттің... Көрдегі өліктің кебінін алуға да барарсың, сен оңбаған... Көр қопарған қорқау. Алдыңғы күннен бәрі айтсаң иелерін іздеген болар едік...» Рақаң да ауыр күрсініп қойды. «Апырай, дейсің... Шырағым-ай, Тоғай-ай, сенің де бір көзің тояр күн болар ма екен?.. Бүлінген жұрттан бүлдіргі алма... Талай сәби жетім қалып, егілуде шығар... Ал сен... сен...» Қанай ағай қайтадан ұмтылды. «Жіберіңізші, атып тастайын, мынау итті!..» Рақмет кәрия тағы да мылтыққа жабысты. «Қой, шырағым... Бұл оңбағанның да асырап отырған балалары бар ғой... Көз жасына... Одан да мынау бүлінген мүліктің иелерін ізделік... Мүмкін, сүйектерін табармыз!»


Капитан бұйрығымен тағы да жан-жаққа таралып, мұзды таулар аңғарын аралап кеттік. Күн батып, іңір қаранғысы түскен кез болатын. Қанша шарласақ та ешбір дерек таба алмадық. Түн ортасы ауғанда шаршап-талып, кемеге оралдық.


Міне, кешегі күніміз осындай сергелдеңмен аяқталған-ды. Экипаж мүшелерінің Тоғайәліні жазғыру себебі де осы оқиғаға байланысты. Заңды жазғыру! Мынау екі оңбағанның әуресіне бола, қазір үш кеменің 35 адамы катер үстінде келеміз. Тек апатқа кездеспесек болғаны...


— О, доңыз.— Қанай ағай кеме тұмсығына қарай бара жатқаң бетінде Тоғайәліні көз нәлетімен тағы да бір түйреп өтті.— Итере тастайын ба!


«Нептун» бар екпінмен ілгерілеп келеді. Тәңірі «Нептун» манағыдан да гөрі қаһарланып алған. Көк бурыл сақалын аспанға көтеріп, кеме «Нептунды» теуіп-теуіп тастайды. Капитан кеме тұмсығында тұр. Биноклін көзінен түсірмей, алысқа қарайды да, күрсініп қояды.


— Қанай аға, не көрінеді?


— Мұз көрінеді, інішегім, мұз...


— Шынымен-ақ ете алмай қалғанымыз ба?


— Неге өтпейміз?.. Әзірге жабыла қоймас... Қорықпа!


Капитан үрейімді серпілтіп, көңілімді көтермек болғандай, арқама қағып, биноклін ұсынады.


— Мә, маған сенбесең, өз көзіңмен...


Бинокльді көзіме шақтап, түстікке қараймын. Қарсы алдымыз тұтасып жатқан қалың мұз. Толқын қуған зор сеңдер біріне-бірі міңгесе, бірін-бірі қуалай жарысады. Сеңдер арасында теңізбен жалғасып жіңішке ғана жылға жатыр. Аз уақытқа жабыла түсіп, артынша қайтадан ашылады.


— Ағатай-ау, мынау жіп-жіңішке жылғаға сиямыз ба?


— Алыс болғандықтан жіңішке көрінеді.— Қанай ағай мені өзіне тартып, күледі.— Ол жылғадан он шақты кеме қатар өтеді... Тек жабылмағай де... Жабылмас... Үлгірерміз...


— Айтқаныңыз келгей...


... Сәске кезінде жылғаға да таяндық. Жалғыз кеме ғана сиярлықтай тарыла түскен екен. Шығар аузы бір ашылып, бір жабылады. «Баутиншы» мен «Шмидт» те келіп жеткен-ді. Кемелерді қатарластыра жүріп, үш капитан айғайласа кеңесті де, тәуекелге бел байлады. «Нептун» озаттау шығып, ілгерілей берді. Екі кеме артымызда ілесіп келеді. Жылға барған сайын тарыла түсуде, жиі ашылып, жиі жабылады. Менде зәре қалмаған. Экипаж мүшелері түгел багормен құралданып дайын тұр. Кеме бүйіріне таянған мұз кесектерін ұжымдаса кейін итереміз. Тұтас мұздан омырылып түскен зор сендер кеме төсіне соғылып, шатыр-шұтыр бола қалады. Тәңірі «Нептун» толқынын төбемізден асыра лақтырады. Жұлып та кетер түрі бар. Енді бір сәт кеме бүйірі мұз арасына қыстырылды да қалды. Жылжытар емес, сығып барады, жымырып барады.


— Шегін, шегін...


Қанай ағай қолын кейін сермейді. Телеграф аппараты мазасыз шылдырлайды. Әлдене күтір-күтір ете қалады. Капитан айқайлап жібереді.


— Ақырын, ақырын... Тоқтат... Алға...


Телеграф тағы да шылдырлайды. Кеме тұмсығы шөгіп бара жатқандай. Қанай ағай кубрикті мегзейді.


— Біреуің ішке түсіп қараңдаршы... Бол тезірек.


Тоғайәлі домалана жүгіріп, кубрикке түседі де, қайтадан көтеріледі.


— Оң бүйірден тесілген... Тізеден су... Әкеліңдер... Итбалық әкеліңдер...


Тоған қайтадан темен түседі. Екі итбалықты екі қолына алып Ақмамбет те кубрикке құлайды. Экипаж мүшелері түгел осылай ойысқан. Капитан айғайлап тоқтау салады.


— Бәрің бірдей қайда барасыңдар...


Қанекең қарғып кубрикке түседі. Мен де бірер баспа төмендеп бардым да, бөгеле түстім. Жоғарыдан тесілген екен, су сарқырай құйылады. Тоғайәлі мең Ақмамбет мойындарынан құйылған мұздай суды елең етпестен тұқшаңдай қимылдап, мұз омырған үңгірге итбалық майын тығындап жатыр. Кешегі күнәларын ерлік еңбектерімен ақтамақ шығар. Тайсалар да тартынар емес. Енді бір сәт екеуі үңгір аузына тығындалған итбалық майларын кеуделерімен басып, кеме қабырғасына жабыса қалды. Қарлығыңқы дауыспен айғайлап та қояды.


— Әкеліңдер... Тақтай... Шеге...


Мен жүгіре көтеріліп, тақтай, шеге жеткіздім. Кубрик ішінде балға тақылы есітіле бастады. Аздан кейін белуардан су кешіп, Тоғайәлі мен Ақмамбет кубриктен шықты. Киімдері малмандай.


— Уһ, құдай сақтап, тоқтады-ау... Кің...


Осының артынша машина бөлімінен Сартай ағай жүгіріп шықты. Кеудесінде ішкі көйлектен өзге киім қалмаған. Шаштарынан су сорғалайды. Басын сілке тастап, аптыға сөйлейді.


— Ойбай-ау, ойбай, келмейсіңдер ме... Машинаны тоғытып барады...


— Немене, су ма?


— Су болмағанда... Киімдерімнің бәрін тығындадым.., Тоқтар емес...


Әбігердің айыпкерлері итбалықтарды құшақтап машина бөліміне жүгірді.


— Болыңдар, кубриктен суды төгіңдер... Насосты... Тезірек... Біреулерін мұзды ойыңдар...


Капитан экипаж мүшелеріне келте жарлық береді де, механикке бұрылады.


— Машинаң істей ме?


— Қайдан істесін... Су жауып кетсе...


— Жүр, онда неге тұрсың... Ертерек неге айтпадың?


Капитан бірер адымдай беріп, арт жағымызда таяу тұрған «Баутинші» капитанына айғайлайды.


— Айса, уа, Айса, бері жақында... Батып барамыз... Тірке бізді...


Капитан ішке ене береді. Рақаң үлкен түтікті аузына апарып, «Баутиншіні» көмекке шақырады. Түсінсе керек, «Баутинші» таяна түсіп, тіркеу арқанның ұшын алады да, «Нептунды» ептеп қана кері сүйрейді. Экипаж мүшелерінің ерлік еңбегі босқа кетпесе керек. Бүйірі мұздан босанған «Нептун» кейін қозғала бастаған.


Тіркеуде келеміз. Насосты кубриктен машина бөліміне кешіріп, суды да төгіп келеміз. Алдымен моторды су тұтқынынан босатпақпыз. Енді сен қысымынан құтылып, айдынға шығып үлгірдік. Машина бөліміндегілер әлі де арпалыс үстінде. Төменіректен тесілсе керек, тығындауы қиынға соғып жатқандай. Екі қолын иыққа дейін суға сұғып, капитан да сонда жүр. Анда-санда сырттағыларға келте жарлық беріп қояды.


— Тіркеу арқанды тұмсыққа көшіріңдер... «Баутиншіден» насос алдырып, кубриктегі суды төгіңдер...


Тіркеу арқан тұмсыққа көшірілген. «Нептун» желге бүйірін тосқан кезде, аударылып кете жаздап, зорға дегенде айналып үлгерді. Қазір экипаж мүшелері екіге жарылған; бір тобы кубриктен, екінші тобы машина бөлімінен кезектесе су төгісуде. Мен машина бөлімінің есігі алдында тұрмын. Көмектеспек үшін ішке түскен едім. Қанай ағай қуып шықты. Қазір күрсіне түсіп, мезгіл-мезгіл еңкейіп қана қараймын. Ондағылар әлі де сол әбігер. Насостағы жігіттер қанша жедел қимылдағанмен де, су азаяр емес. Енді бір кез Тоғайәлі ағай майлы суға екпетінен жата кетті.


— Таптым, таптым... Бері әкел, итбалықты бер!..


— Е, бәсе... Екі жерден тескен екен ғой... Тығындай гөр тезірек.— Капитан бұл жолы разылық рай білдіріп, қолындағы итбалығын бөлесіне ұсынды.— Жаса, мың жаса!


— Лақтырып кететінің қайда?— Тоғаң итбалықты мұз омырған қуысқа нығарлай түсіп, жымиды.— Енді мың жаса дейсің... Жазалаудың орнына...


— Бәрі де еске алынады... Тек апаттан аман болайық.


Тоғаңның соңғы енбегіне әбден-ақ риза болсам керек.


Мен қуанғаннан айғайлай жүгірдім.


— Алақай, алақай... Тығындады, тығындады... Жасасын, Тоғайәлі ағай, мың жасасын!..


— Бәрекелде, я, ақсарбас,— Рақаң терең тыныстап, басын изеді.— Ол иттің өлермендігінен кейде осындай пайда көріп те қаламыз...


Машина бөліміндегілер киімдерінен су сорғалап, жоғары көтерілді. Экипаж мүшелерінің жүзінен үрей сейіле бастаған. Қазір олар Тоғайәлі ағайды жазғырудан тоқталып, алғыстайтын тәрізді.


22


... Сеңнен сенді қуалай отырып, ірілі-ұсақты мұз шыңдары аралығындағы шағын ғана иірімге тоқтағанбыз. Келер таңда жел тымып, шыңылтыр аяз басталды. Мейірімсіз табиғат бізді қазір біржола сең қамауға алыпты. Көлеміне көз жетерлік осы бір кішкене айдын болмаса, төңіректің барлығы тұтасып жатқан көкше мұз. Ашық теңіз бұл маңнан 200 километр шегініп кетулі. Өз бетімізбен шыға алар да емеспіз. Жаяулап жүре беруге жақын маңда қара жоқ, жеткізер емес, жер шалғай!


Жел басылған сағатта-ақ үш кеменің 35 адамы, Айса ағайдың тілімен айтқанда «Ұлы Құрылтайға» жиналғанбыз. Әркім әртүрлі ұсыныстар енгізіп, ұзақ кеңестік. Қараулығы болмаса, еңбекке дегенде жанын салатын Тоғайәлі ағай тұтасып жатқан мұз алаңын сонау «теңіз жиегіне дейін ойып, кемелерді де алып шығалық» деген «өлермендік» пікірін айтты. «Құрылтай мүшелері» дуылдаса күліп алды. «Бәрекелде, 200 километр жерге қалай сен мұзды ойып бармақсың...» Тоғаң көпке дейін өз пікірін дәлелдеп, отырып алды. «Күндерім-ау, қып-қызыл алтынды тастап кетеміз бе?.. Әй, осы көз қорқақ, қол батыр...» Жұрт тағы да ду ете қалды. «Бәсе, бәсе... Сенің есіл-дертің сол қып-қызыл алтынды төңіректейді де жүреді-ау... Сорлы...» Рақаң, бұл жолы Тоғайәліні көтермелеп, күлегеш жандарға жекіріп тастады. «Мазақ етпеңдер... Алтынды ойласа не сөлекеттігі бар? Екі айдың еңбегін. Бала-шағаның ырысы жатыр бұл кемелер ішінде... Рас, 200 километр жердің мұзын ойып жету деген мүмкін емес... Жаяу шұбыруға тағы да болмас. Аяқ жетер жер болса екен... Жол-жөнекей қандай жағдайға кездесерімізді кім білген... Өзге қандай шара бар? Осы маңда ойласалық!»


Рақаң селдір сақалын бір сипап, Қадырәліге бұрылды. «Сен не дейсің?» дегендей. Қадекең сөйлер алдындағы дәстүрі бойынша ерге лайық зор мұрынның қара қошқыл тұмсығын тағы да мазасыз уқалай отырып, Қанай мен Айсаға кезек қарады. «Ақыл жастан» дейді ғой. Сендер не айтасыңдар?» Айса ағай әзілқойлығына салынып, қулана күлді. «Үлкен отырып кіші сөйлегеннен без...» «Теңіз бөрілерінің» шешіміне бас идік». Қадырәлі де жымиды. «Қой асығы дей көрме, қолыңа жақса сақа ғой» деген. Тәжірибелерің де аз емес... Оттарыңның мол кезі. Батыл шешімді сен екеуіңнен күтеміз... Ал Рақаң екеумізге салсаңдар осы арадан қозғалмақ емеспіз... «Кәріліктің дүние қорлығы» деп мазақ ете көрмеңдер... Біз екеуміз бұдан зордың да талайын көргенбіз... Солай емес пе, ақсақал?»


Рақмет кәрия басын ғана изеді. Айса да осыны құптағандығын сездіре «Нептун» капитанына бұрылды. «Қанеке, сіз не айтар едіңіз?» Қанай ағай қалиянын сора түсіп, терең бір тыныстап алды да, көз қиығын маған тоқтатты. «Кәне, капитан ұлы, сен қалай ойлайсың?» «Махачта бұдан да ауыр болған-ды...» дегендей, тәуекел етеміз бе, ә?» Мен иығымды ғана қозғадым да, ойланып қалдым. Қанекең менен жауап күтпегендей, қалиянын жіті сорып, терең ойға шомыпты. Капитан мынау жандарды төнгелі тұрған қатерден құтқару жайын, айлар бойы ауыр еңбекпен құралған алтын қазынаны да аман сақтау шарасын ойлайды. «Жауапты шешімге соқыр тәуекел етпейін...» дейтіндей. Мен тереңге бармаймын. «Қалай шешіледінің?» Махачта бұдан да ауыр болған-ды» төңірегінде ғана ойланам. «Махачта бұдан да ауыр болған-ды...» Әсіресе осы мәтелге көбірек көңіл аударғанмын. «Бір кітаптан кездестірген сияқтымын... Я, я, Войничтін «Бөгелегінен» оқыған екенмін-ау!» Ендігі сұрақ жауабын капитан жүзінен іздестіремін. Ол әлі де тоқтамға келмегендей. Үнсіз отыр. Көз алдын көк ала түтінге жаптырып, мойыл қарашықтарын бір нүктеге қадапты.


Рақаң тамағын бір кенеп, Қанайға бұрылды. «Қанай, неге үндемейсің? Мынау жұрт сенің лебізіңді тыңдағысы келеді. Не ойлайсың? «Тәуекел түбі қайық, мінесің де өтесін» дегендей, жағадан келер көмекті күтіп, қалуды мақұлдайсың ба? Әлде...»


Көп тыңдап, аз сөйлейтін, сөзге сараң капитан қара мұртын қалиян сыртымен сипай отырып, өз шешімін кек толғана шертті. «Қалалық деушілерді де, таралық деушілерді де жазғыруға болмайды... Мәселе ойыншық емес, адамдар тағдыры туралы... Еңбек жемісін тастап кетпедік деушілер де үй жандарының қамын ойлағандықтан айтатын-ды. «Бұдан зордың да талайын көргенбіз» деп Қадекең айтқандай, Болатханнан өзгеміз сенді сергелденнің талайын бастан өткіздік... Әскери теңізшілердің талай уақыт су астында қалып қоятын кездері болады.., Тыныс тарыла бастайды. Соның өзінде де өмірден үміт үзбейді...» Капитан әскери өмірін еске түсіргендей бөгеліп қалған еді, Рақмет кәрия әркімнің жүзіне үңіле түсіп, тамағын тағы да кенеп қояды. «Ойпырым-ау десеңші... Оның жанында мынау деген ойыншық қой!..»


Капитан сөзін қайтадан бастады. «Әрине, ойыншық деп айтуға болмас... Меңіреу табиғаттың мұз тұтқынындамыз. Дегенмен де, сонша үрейлену орынсыз. Бұл баяғы Рақаңдар кешкен мылқау дәуір емес қой. Қолымызда техника бар. Рацио арқылы тілесек мұз жарғыш шақыртамыз, тілесек самолет шақыртамыз...» Қанай ағай радске бұрылды. «Бекше, сен аппаратыңды жөндеп болдың ба?» Радист басын изеді. «Болдым... хабарлап келдім. Бірақ жауап жоқ...» Капитан блокнотына бірнеше сөз жазып берді де Бекшеге ұсынды. «Бар, аппаратыңда бол... Мынаны тағы да хабарла, жауап күт!» Бекше жүгіре басып радио рубкаға кірді. Капитан қалиянын қайтадан тұтатып алды да, тоқтамын жариялады. «Ешқайда тентіремейміз. Координатымызды хабарлаймыз да, көмек күтеміз... Тоғайәлінің ұсынысында да ойланар жай бар. Әрине, 200 километрге жол ашу мүмкін емес. Ал мынау шыңның төңірегін ойып шығуға шамамыз жетер-ақ, Сонда жел бағытына сәйкес айнала кешіп, ықтындауға болады... Менің шешімім осындай!»


Рақаң тағы да бір қозғалып қойды. «Ал жұртшылық, не айтасыңдар? Қабылдаймыз ғой, солай ма?», «Құрылтай мүшелері» бірауыздан үн қосты. «Е, қабылдаймыз... Қабылдамағанда ше?» Ақсақал басын изеді. «Е, бәсе. Бәрекелде... Ауызбірлік керек... Ал онда осы Қанайдың өзін бастық етіп сайлалық. Бұған қалай қарайсыңдар?» Көпшілік тағы да құптады. Айса ағай қулана жымиды. «Менің «құрдасым» құдды төбе би сияқты. Тіпті осы кісінің өзін «Құрылтай» мәжілісінің төрағасы етіп сайлалық!» Жұрт дуылдаса күліп, орындарынан көтерілді. «Е, мақұл-мақұл!»


Алғашқы күнгі мәжіліс осылай аяқталған-ды. Содан бері біздің топ белгілі тәртіпке бағынған кіші-гірім әскери бөлімше тәрізді. Өз командиріміз, өз ақылгөйіміз, өз сауықшымыз бар. Бет-бетімізбен жайылмай, ұжымдаса, бірлесе еңбек істейміз. Алғашқы әрекетіміз «Нептунның» мұз тескен жерлерін жамаудан басталды да, мұз шыңының төңірегін де дөңгелектей ойып үлгердік. Көп ұзамай аңшылықты да қайтадан бастағанбыз. Ауы райы да түзелген, кәсіп те оңды. Кеме жүктері толып болған. Көңіліміз де көтеріңкі. Астраханьнан келер мұз жарғышты күн сайын үміттене күтеміз. «Координатымызды шатастырмаса жетер кезі болғандай еді, бөгелгені несі? Әлде мұз тым қалың боп, бұза алмай жүрген шығар?» Әйтсе де күдер үзбейміз. Рация арқылы қайтадан хабарласамыз. «Теңізге шықты» деген жаңа хабар аламыз.


«Мүмкін, тіпті жол бойы біз сияқты талай бір мұз тұтқындарын азаттап келе жатқан-ды...»


Кешеден бері ғажайып бір ақ тымық басталған-ды. Күн райы кілт өзгере ме деген күдік бар. Ауа зерттеуші ғалымдардың кейде бір қателесетін кездері де болады ғой. Қатер бар деп айтпайды. Дегенмен де сақтанудамыз.


Бұл күні мен аңшылықтан кейін де «Ақұлпамен» әуре боп, кеш оралған едім. Кубрик іші иін тірескен жан екен. Сыймағандары есіктен сығалапты. «Ұлы Құрылтай» мәжілісі аяқталып қалған болса керек. «Ал әлеумет, мақұлдаймыз ғой!» деп қалды Құрылтай төрағасы. Жұрт бір ауыздан қуаттап, орындарынан көтерілді. «Е, мақұл, мақұл!» Тоңазып та қалған едім, асыға жүгіріп ішке ендім. Экипаж мүшелерінің қабақтарында тұнжыраңқылық бар. Біреулер барометрге көз тіккен. Күрсініп те қояды. Екі тізесін мазасыз уқалап, Рақаң отыр. Биік маңдайының шытырман әжімдері тереңдей түскен.


— Ата, бір жеріңіз ауыра ма?


— Кәрі сүйегі түскірдің, сырқырап отырғаны.


— Рақаңның «барометрі» ауа өзгереді дейді,— Тоғайәлі ағай күрсініп алды.— Азық та тапшыланып қалды...


— Шырағым-ай, азықты уайымдамашы,— Рақмет ақсақал екі тізесін сықырлата уқалап, қабағын шытыды.— Итбалық, майын шыжғырып ішсек те аштан өлмеспіз... Тек амандық тілеңдер... Тек мынау жалаңаш тұстан соқпағай... иншалла, ықтындап үлгерсек...


— Ал, кезекшілерден өзгелерің тынығыңдар...Сергектеу болайық.


Капитан .орнынан көтерілді.


Сергектеу болған жөн.— Рақаң мәсісін қайтадан киді де, төсегіне қисайды.— Асылы, шешінбей-ақ қойыңдар.


Көпке дейін кірпігім ілінбей, ұзақ дөңбекшігенмін, әбден талып ұйықтасам керек, шатыр-шұтыр дауыстан шошынып ояндым да, кубриктен жүгіре шықтым... Тәңір «Нептун» құтырынып алған екен. Мұз шыңдары арасындағы ашық аңғардан қарлы боран үйіре, дауылдата соғып тұр. Ажылдай ескен жел уілі, шатырлай сынған сең күркірі, даңғырлаған мотор дауыстарымен бірге ашынған адам айғайлары естіледі.


— Шығыңдар, шығыңдар...


— Азықты... Желкенді...


— Қайықты, кішкене қайықты мұзға түсіріңдер.


«Баутинші» мен «Шмидт» үстін сең жапқан. Адамдары мұз үстінде жүр. Апатқа ұшырағандардың алды біздің кемеге қарай беттеген. Кеме «Нептун» тәңірі «Нептуннан» ығысып, мұз шыңының ықтасынына қарай жылжыған. Мезгіл-мезгіл мұз қысып, бөгеліп қалады. Енді бір сәт тәңірі «Нептун» көтеріп апарып, шың қабырғасына соққан еді, кейін түскен бетінде екінші қабырғадан сең басты да, кілт төңкеріле жөнелді. Зорға дегенде секіріп үлгердік. «Ақұлпаны» ала шығуға да мұршам келмеді.


«Бұрынғы күндер күн екен, ендігі күндер жыр болды...» Жыр емес-ау мұң болды. Ендігі жерде ел-жұртпен хабарласар рациямыз да, баспанамыз да жоқ, мұз шыңында қалдық та қойдық.


... Сергелдеңге ұшырағанымызға бүгін бесінші тәулік. Екінші күні мұз шыңы да бұзыла бастаған-ды. Қазір 35 адам екі кішкене қайыққа кезек тиеліп, мұз алаңдарының бірінен біріне көшеміз. Мұз үстін түгел су жапқан. Қайықтарымызды сүйрей шығып, ірілі-ұсақ төбелерге паналаймыз да, желкеннен қос тігіп, аз-кем тынығамыз. Кезекпен кірпік іліндіреміз. Мейірімсіз табиғат бізді бұл жерде де тұрақтатпайды. Бүгін бір қайығымызды мұз қиратып, жалғыз қайыққа қарап қалдық. Азығымыз да мүлде сарқылған. Бақытымызға қарай отын мол. Мұз төбелерді ақтара бастасақ не бөренелер, не қайық, кеме сынықтары шығады. «Өлмегенге өлі балық» дегендей бірер балықтар да кездеседі. Ондай күндері ыстық сорпа ішіп, бір кенеліп қаламыз.


Еңселер төмен бүгіліп, қабақтар тастай түйілген. Аш адамның ұрысқақ болатыны рас шығар-ақ. Көбінесе тілдеспейміз де, тілдескендер бірін-бірі іліп-қағып шаңқылдаса кетеді. Тоғайәліге деген налыс өткен аптада ұмытыла бастаған еді. Қазір қайтадан басталған. Сартай ағай әлсін-әлі тап-тап береді. «Бәрі сенін, қырсығың... Амансау кетіп қалатын едік... Лақтырам мен сені!» Әлгіде ғана мұз кемеріне сүйреп бара жатқан жерінен арашалап алғанбыз. Қазір қолындағы багорын үйіре, тағы да жүгіріп келеді.


— Өлтіремін.


— Қой-ай, тарт қолыңды.


Ракаң тұра ұмтылып, багорын жұлып алды.


— Тәртіпсіз!.. Өзің өлім аузында жүріп, қан арқалайын деп пе едің?.. Жазмыш... Лаухулмахпұзда тәңірі солай жазған...


— Жазмыш, жазмыш! Қайдағы жазмыш?— Сартай ағай сарғылт тістерін шақырлата қайрап, қалш-қалш етеді.— Ол міне отыз төрт адамның қанын арқалағалы отыр... Бала-шағамды кім асырайды менің?


— Сартай, бұл не!— Капитан да жекіріп тастады,— Семьялы адам жалғыз сен бе екен? Қадекеңде жоқ па? Менде жоқ па? Мынау кіп-кішкентай Болатханның қолына алты кісі қараған...


— Сенде әділеттік жоқ, тумаңды сүйейсің.— Сартай енді капитанның өзін.жазғыра бастады. Бұл оның аузынан тұңғыш рет шығып отырған сөз.— Анау күні өз қолыммен лақтырамын дегенің қайда?


— Тоғайәлі ол күні өз күнәсін ақтарлық еңбек сіңірген еді ғой.— Қанай қинала күрсініп, басын изеді.— Әділет қайда, әділет? Айтыңдаршы... Әскерде де айыпты жауынгерді штрафной ротаға жібереді. Күнәсін ақтаса, екінші рет жазғырмайды...


— Апыр-ау дейсің.—«Құрылтай төрағасы» ашулы жігітті арқаға қағып, тыныштандыруға тырысты.— Тоғайәлінің ол күнәсі ақталған... Ал соңғы апатқа ешкімді жазғыра алмаймыз... Ә дегеннен құйындата соқты да, бірден-ақ жанышты да тастады... Қанай екеуміз далаға шыққанда тіпті жел лебі жоқ еді... Ау, өзің қыздырулы тұрған дайын мотормен қарға адым жүре алмай қойдың ғой... Жазмыш солай, жазмыш...


— Жазмыштың ішін...— Сартай тағы да жұлқына бастады.— Ешқандай жазмыш емес...


— Астапыралла, не дейді мынау, не дейді.— Рақаң шошына жағасын ұстады.— Мынау шіркін жынданған шығар!


Жайшылықта да күйіп-піскен мазасыз адам, қазір шынында да шатаса бастаған тәрізді. Екі көзі шоқтай қызарып кеткен. Киім түймелерін түгел жұлып, көйлек өңірін де жыртып жіберген. Тістерін мазасыз шақырлатып, тынбастан айғайлайды. Даусы да қарлығып біткен.


— Жібер деймін, жіберіңдер...


— Қой, шырағым, тыныштал!


Қадырәлі ағай мен Рақмет ақсақал Сартайды екі жақтан сүйемелдеп әкеліп желкен үстіне отырғызды. Әбден шаршаса керек, қазір ол тіпті еш нәрседен хабарсыз адамдай медіреулене қалған. Екі көзден жас саулап, екі иығы мезгіл-мезгіл селк ете қалады.


— Жатшы, жатшы, қарағым, сен қатты ауырып отыр екенсің ғой,— Сартайдың аласа маңдайына екі алақанын кезек басып, Рақаң күрсініп қояды.— Тұла бойы күйіп барады... Салқын тигенді... Бір ыстық ішкізер ме еді... Айса-ай, сенде дәрі бола беруші еді...


— Рақа, мәңіз... Екі таблетка ғана қалған екен ғой... Тек өкпеге салқын тимегей... Жабыңызшы... Тезірек ішкізіңізші.


Айса дәріні Ракаңа ұсынды да, Тоғайәліні желкеге түйін жіберді.


— Көр қазған қорқау... Бәрі сенің қырсығың екені рас.


Тоғаң манағы бір сөздерді сүйеу көрсе керек, бұрынғыдай бұйықпай, күңк ете қалды.


— Кің... кің... Әй, қойсаңшы... Бәрі сенің қырсығың... Анау күні Дүл-дүл бабаға тіл тигізіп... Жарықтығымның аруағы оңдырсын ба... Кің... Кің...


— Өшір үніңді!— Қанай жанарынан жалын шаша жекіріп тастады.— Ұятсыз... Әулиешілін... Анау күні сен итті лақтырып-ақ кетпеген екенмін... Рақа, сіз де...


— Тс-с... Тынышталыңдар... Маза беріңдер.— Рақмет кәрия етсіз қолдарын оңды-солды сілтеп тастады.— Көзі ілінгелі жатыр!


Ауру төсегін алқа-қотан қоршап, тына қалдық. Қазір әркімдер-ақ ауыр ойларға шомып, өз тумаларын, өз өмірлерін еске түсіруде. Мен де ойға бойлағам. Он алты жылдық өмірден өз белесімді іздеймін. Жұмыр жердің бетінде әзірге мендік із жоқтай. Біздің ұлы заманнан келер ұрпаққа мұра болып қаларлық, сымбатты сұлу сарайда мен қалаған кірпіш бар ма? Заманама лайық жалынды жастық армандарым қайда? Не бітірдім, не үлгірдім? Бақытым қайда, сыбағам қайда өмірде? Азаматтық басқыштың алғашқы сатысынан-ақ құлап түспекпін бе? Өрім қайда өзімдік? Бойдағы жастық жалыным жанып болмай өшер ме? Мейірімсіз тағдыр-табиғат, неге мазақ етесің? Келте өмірдің керегі не еді? Жоқ, бұныңа көнбедім! Думанды, озат өмірден, атомдық алуан дәуірден аласым көп, сыбағам мол. Бермегім одан да зор. Жалынымды жандырмай өшіруге қақың жоқ! Әке табыты алдыңда берген антым бар. Екі шеше, төрт тума мені аңсап күтеді. Алты жанның тауқымет салмағы өз мойнымда жатыр. Ауырлық сезе тұрсам да жас бұғанам қайысар емес. Төрт тумамды оқытып, халық қатарына қосуға борыштымын.


Қарашықтарымды бір нүктеге қадап, аяулы тумаларымды көз алдыма келтіремін. Төрт айлық сәби Ізімхан әжем мен анама кезек ұмтылып, күліп тұрғандай. Сәбилік ерке күлкісі құлағыма келгендей; Әже даусын естігендеймін. «Он аяқ болшы, қарағым, Болатхан ағаң аман келер ме екен?.. Әне, әне, менің балбөбегім оң аяғын көтерді... Ақасы аман-сау, үлкен олжамен оралады!..»


«Олжа, олжа!» Я, елдегі жұрт бізді сарғая күтеді. «Аман қайт, олжамен қайт!» деп тілейді. Ал біз асау толқын тепкісіндегі мұз алаңында ығып келеміз. Қатігез тағдыр өзге бүлігін азсынғандай, дерт шеңгелін де сала бастады. Осы ауыр жағдайға байланысты мен мынадай бір кезеңді еске түсірдім:


... Біз теңізге бүгін-ертең жүреміз деп тұрғанда алыстағы малды ауданнан әжем тумалары сау ете қалды. Әкеме бата оқи келген. Құрғаған көздерге қайтадан жас іркіп, егіле көрістік. Дастарқан сайын құран оқылып, үй іші қайтадан күңіренді. Екінші күні нағашым өз жайын да, біздің жайды да толғана келіп, әңгіме бастады. «Ботай апай, кеңеселікші, мен сендерді көшіріп әкеткелі келдім. Балалар болса жас. Бұл жерде ағайын да шамалы... Қарасып тұратын біз шалғайда жатырмыз. Бір маңда болсақ...» Әжем көз қиығын маған аударып, күрсіне жауап қайтарды. «Айтқанын дұрыс қой, айналайын. Бір жерде болғанымыз оңды-ақ... Мынау біздің азаматымыз не дер екен?.. Болатхан, сен қалай қарайсың, балапаным?» Мен күле жауап бердім. «Әже-ау, онда мен істейтін не жұмыс бар?» Нағашым менің күлкімді ризалық деп түсінсе керек, көңілдене бір қозғалып қойды. «Тәйірі, жұмыс таптырмайтын ба еді? Өздеріңе бір отарды жеке алып беремін... Әй рақат, тамақ та тоқ... өздеріңмен өздерің... Ата-бабадан келе жатқан кәсіп...» Мен басымды шайқадым. «Ата-бабадан келе жатқан кәсіп осында да бар ғой...» Нағашым енді тікірейіп алды. «Әй, сен өзің кәмсәмәл емес пе едің? Қазір бүкіл кәмсәмәлдар қойға кетіп жатыр... Үгіттеп жүрген өздерің емес пе осыны?» Мүдіре жауап қайырдым. «Үгіт жең ғой... Бірақ, бірақ, бүкіл комсомолдардың қойға баруы міндетті болмас...» Нағашы бұрынғыдан да көрі қатулана түсті. «Ал, ертең біз қартаямыз. Сонда қойларыңды кім бағады?» Мен тағы да күліп жібердім. «Ертең балықшылар да, техника адамдары да қартаяды. Олардың орындарын кімдер басады?» Нағашы да кекесін білдірді. «Балық, балық осы да кәсіп болғаны!..» Дәл осы тұста әжем де сөзге араласып кетті. «Қарағым-ау, азабын былай қойғанда, апатын айтсаңшы.. Суға кетіп қала жаздаулы...» Нағашы басын изеді. «Әрине, қой, балам, қайнаған қатер ішінен не іздейсің? Оқимын десең бір жөн... Оқыған мынау Бірмәмбеттер не бітірді? «Үністет бітірем, әкім болам» деп аудан төңірегінен шықпайтын... Алғаны тамағына жетпей, ай сайын мыңдап-мыңдап ақша жіберетінбіз... Биыл қойға келді де, әбден қарық болды да қалды... Шүкір, беделі де жақсы. Кәзетіне де жазып жатыр...»


Бұл жолы мен көзімнен жас шыққанша күліп алдым. Бірмәмбет жайы өзіме аян. Институт бітіре тұрса да, дүние тану шеңбері өзімнен әлдеқайда төмен жатыр. Заң статьяларынан өзге еш нәрседен хабары жоқ. Көркем әдебиет дегеннің мұрнына иісі бармайды. Орысшасын кім білген, қазақша мүлде сауатсыз. Екі сөзден төрт қате жібереді. Бар әңгімесі «қай жерде қанша ішкені, қонаққа барған үйінің бар арағын сарқа ішіп, әбден масқара еткендігі» төңірегінде ғана болады. Күліп-күліп алдым да Бірекеңнің жалтыр төбесіне түртіп қойдым. «Ах, бас, бас...» «Шәй, шәй қойым, шәй қойым...» деп қойшы бол¬тан екенсің... «Ах, Бірмәмбет, Бірмәмбет, босқа оқыған құр Мәмбет!» Жас нағашым күңк етті. «Не деп отырсың, босқа оқығаның не?» Бұл жолы жалтақсыз айттым. «Босқа оқымағанда ше? Бітіргенің қазір жалқауларға қор болған заң институты болса, оның өзін сырттан бітірсең... Кешіре гөр нағашы, сонда бұл бас қой бағудан өзге неменеге жарайсың!» Бірекеңнің онсыз да қызыл тұмсығы өрттей күреңітіп кетті. «Немене, ата-баба баққан ,мал... Бүкіл қазақ жастары малға баруға міндетті...» Мен де қатуланып алдым. «Қате, мал бағуды қазақ ұлтының маңдайына жазып қойған жоқ... Партия олай демейді. Қазақ жастарын техникаға да молырақ тарту керек». Бірмәмбет екеуміз қызыл кеңірдектене бастаған едік, үлкен нағашым жекіріп тастады. «Жә, жетті... сен-ақ текінек бол!..»


Егес осылай аяқталған-ды. Қазір сол жайларды еске алып, өкініп те қоямын. Нағашым ақыры үгіттеп, Саматты алып кеткен-ді. Саматтың баруына әкесі де қарсылық еткен жоқ. «Қып-қызыл алтын тұрғанда.. Ата-бабамыз оқымай да...» Осы бір сәтте өзімнен Самат бақытын биік санаймын. «Сонда ғой қойға кетсем, мынау апатқа ұшырамаған болар едім... Елге аман оралсам қойлы ауылға көшем бе?.. Жоқ, жоқ, техника, техника!..» Сартай ағайға ара-тұра көмектесе жүріп, мотор тетігін меңгере бастағам... «Шынында да механик болып неге кетпеймін... Оныншы класты кешке оқып бітірсем, техникалық институтқа түсемін...»


Уайымнан басталып, арнасы кең үлкен арманға айналған ойымды әлдеқайдан талып жеткен мотор даусы бөліп жіберді. Аспан әлемінің солтүстігінде қара құстай ғана бір нүкте көрінеді.


— Самолет! Самолет!


Сартай ағайдан өзгеміз бөріктерімізді аспанға лақтырып, орнымыздан көтерілдік.


— Алақай-ау, алақай, бізге келеді, бізге келеді... Қадірлі Отан, қасиетті партия, ұмытпапсың біздерді... Рақмет саған, партия!


Төрт моторлы зор самолет, тіпті, төмендей ұшып, төбемізден әлденеше рет айналды. Бірақ біздің мұз арал қонақтауға тар соққандай. «Болат құс» төбемізден ақырғы рет айналғанда, бауырынан бір нәрсені түсірді де, қайқаң етіп қайтадан көтерілді.


— Алақай, алақай, тамақ тастады.


Тоғайәлі домалай жүгірді.


— Қайт, кері. Тоқта!— Қанай ағай айғайлап жіберді де, маған бұрылды.— Сен баршы, анау жалмауыз сол жерде түгесе жейді де, жарылып өледі. Аш адамға бірден көп жеуге болмайды.


— Тоға, тоқта, тоқта!


Ентіге жүгірдім. Желаяқ жас емеспін бе, Тоғайәліден бұрын жеттім. Кенеп қапқа салынған қомақты бір нәрсе. Құшақтай көтеріп, құйындай ұшып келемін. Тоғаң өкшелеп келеді.


— Қалқам-ау, тоқтай тұршы. Алдымен екеуіміз тойып алайықшы. Анау көптен аузымызға түк те тимейді ғой... Тоқташы, қалқам...


— Кереңді же...


Заулап келіп, Қанай ағайдың қолына тапсырдым. Азық екен. Капитан қапты ашып жіберді де, алдымен хатқа үңілді.


— Қона алмадым. Үрейленбеңдер, батырлар. Ертең вертолет келеді...


— Алақай, алақай.


— Тек ертеңге дейін тыныштық болғай!— Рақаң селдір сақалын көңілдене сипап, батар күнге көз тікті.— Иншаалла, тыныштық болар-ақ, күн көзі қызыл шапаққа қауысқалы тұр ғой.


— Айтқаныңыз келген...


... Бұл түні біздің мұзды арал аспаны әнмен, жырмен жаңғырыққан-ды Жабыңқы қабақтар қайтадан жадырап, күсінімпаз кеуделер шаттыққа толды. Жас іріккен жанарлар жайдары, жарқын нұр шаша, тоқтаусыз күлім қағады. Көңілде ашу-араз шақырар кірбің қалмаған. Өткен-кеткеннің бәрі ұмыт болғандай, бір-бірімізді құшақтап, күлісе береміз, сүйісе береміз, дөңгелей береміз. Шаршауды да, ұйқыны да естен шығарғанбыз. Отанды, партияны алғыстаймыз.


— Самолетті кім бұрын көрсе, сол бұрын мінеді,— дейді Қанай ағай.— Әрине, ауырып жатқан Сартайға ешкімнің, таласы болмауға тиіс.


Әрқайсымыз да ұйықтамауға, самолетті бұрын көруге тырысудамыз. Таң алдында қалғып кеткен екенмін, тас төбеден дүр еткен мотор даусымен ояндым. Екі көзімді жұдырығыммен уқалап, орнымнан көтерілдім. Екі бірдей вертолет төбемізде қалықтап тұр екен. Арқан баспа бойымен мол тұлғалы бір адам төмен түсіп келеді. Аяғы жерге жетпестен көтеріп алдық та, қақпақылдай қағып, қошемет көрсеттік.


— Кәне, батыр теңізшілер,— деді вертолеттен түскен зор адам, әрқайсымызбен құшақтасып амандасқаннан кейін.— Бәріңді бірден әкете алмаймыз. Бірнеше рет қатынауға тура келеді. Кезекті өздерің белгілеңдер. Бірінші ретте мынау інішек пен ақсақалды...


— Әрине, алдымен Сартай, Рақаң, Болатхан... Қалғандары мынау тізім бойынша...— Қанай ағай бір тарақ қағазды ұсына берді де, айғайлап жіберді.— Әй, түс кері, сен екінші кезекте...


Жалт қарастық. Тоғаң құрбақадай тырмысып, баспаның орта тұсына көтеріліп-ақ қалған екен. Летчик баспаны сілкілеп, кезек күтуді талап етеді.


— Кезек, кезек, түсіңіз...


— Жіберші, күнім, жіберші.— Тоғаң кемсеңдеп жылайды.— Түссем олар мені лақтырады, әне көрдің бе...


— Әй, тимеңдерші, түге сол итке, барсын.— Рақаң қолын бір сілтеді.— Бұдан кейін маңдарыңа жолатпаңдар, өзін...


— Екі бастан...— Қанай қабағын түйіп, ауыр күрсінді.— Ал Сартайды көтеріңдер... Болатхан, бар, мін...


— Алдымен атай мінсін де...


Тұра ұмтылуға ұялып, бөгеле түскен едім, Рақаң ұрысып тастады:


— Әй, сен не шатып турсың?.. Бар, анау Сартайдың жанына мін!


Өзгелер де тұс-тұстан айғайлап, Рақаң сөзін қостады.


— Уа, есің дұрыс па өзіңнің?


— Вертолет екінші оралғанша не боларын кім білген,,.


— Бар, бар дереу, бөгеме!


Жүгіре ұмтылып баспаға көтерілдім.


Адамдар орналасқан сәтте-ақ екі вертолет мұз ара л төбесінен сәл биіктеп алды да, ұзай берді. Кезек күткен көпшілік бізге бөріктерін көтеріп, сәтті сапар тілейді. «Қош болыңдар, табиғаттан өзгеше жаратылған, болап адамдар! Жақсылықпен көріселік!»


Қорқынышпен қабылдап, қуанышпен ұзатқан «Құтты қоныс» көзден таса болыпты. Ұлан-байтақ теңіз кеңістігі үстінде самғап келеміз. Төбеміз де, төменіміз де көгілдір шалқар кең әлем. Әр тұстан бір жалт етіп, мұз таулары көрінеді. Аспан әлемінде жібек жүндей үлбіреп ақша бұлттар жүзеді. Күн көзі де күлімдеп сәскелікке барыпты. Ауа райында ғажайып бір мейірімділік, жайбарақаттық бар. Кейде дәл осындай мейірімдене тұрып та дауылдата жөнелетіні болатын. Мұзды аралдағыларды ойлап, күрсініп те қоямын. «Неткен асыл адамдар, неткен өрен ұрпақтар!.. Олар аман шыққанша бұзыла көрме табиғат!..»


23


— Міне, ағай, мендік өмірдің бар белестері осылар ғана. Әзірге масаттана көрсетер өрім жоқ. Өрлесем деген арманым зор. Жас бұғанама жүктелген семья тауқыметі де жеңіл емес. Бірақ оқымай болмайды. Атомдық ғасыр қара күш алыптарын ғана емес, ғылым алыптарын керек етеді. Биыл оныншыны бітірсем, келер жылы техникалық институттардың біріне түссем деймін. Ең болмағанда сырттан оқимын. Бірмәмбет нағашым еріккендіктен сырттан оқыса, мен амалсыздықтан мәжбүр боламын. Ай сайын мьң-мыңдап ақша жіберер әке деген менде жоқ... Тіпті әкем тірі болса да, оған арым көтермес еді... Әке мойнына үнемі масыл болу айуандық... Солай емес пе, ақа?


— Рас, бірақ...


Мен өзіме таныс, «Есірткен еркелердің» талайын еске түсіріп, іштей ғана күрсіндім.


Бозғылт аспан бірден-бірге қоңырая барып, іңір қараңғылығына ұласқан еді. Кешкі тамаққа отырар уақыт жетті де, орындарымыздан көтерілдік...


...Таңғы жел бозғылт тұманды тозығы жеткен пердедей, бөксере тастап, кілегей теңіз бетіне бурыл жолақтар жапқан-ды. Сол жолақтар бірден-ақ жон-жотаға айналған. Телегей төсі бұл бір сәт дөңбекшіп жатқан әбігер. Апайтөс ақ жал толқындар алысқа сапар тартқандай, бірін-бірі қуалап, асыға да аптыға жөңкіледі. Бағыты күннің батысы.


Ал бірақ осы өзгеріс итбалықшылар экспедициясына талайдан күткен салтанат сағатының алғашқы бір нышанын ала жеткендей. Жұрт қабағы жазыңқы. Бүкіл «Теңіз қаласы» әралуан өрнектер сыза, ойнақы ырғалады. Бейнебір таянып келген шаттықты тамаша бимен қарсылауға алдын ала дайындық жасағандай. Шеткі «кварталдардан» адамдар тиеген мотофлюгалар итбалықшылар экспедициясының флагмандық кемесі — «Қызыл өзенге» беттеген. Келер таңның міндетін анықтар «Жауынгерлік мәжіліс» сол кеменің үстінде өткізілмек. Әлгі бір сәт экспедиция үстінен қалықтап ұшқан самолет «Сүйіндік қайраңының» шыңырау астынан бой көрсеткендігін, қайраң маңында қалың балық жатқандығын хабарлаған-ды. Қазір сол қуанышты хабар көршіден көршіге таралып, «қала кварталдарына» түгел жайылып барады. Баутин тұтынушылар кооперациясының көшпелі магазині орналасқан «Үнді» кемесінің үсті де жарқын жүзді жандарға толы. Кекесінсіз, керіссіз, күлісе сөйлесіп, ертеңгі жайды әңгімелейді.


— Ал, жігіттер, алақандарыңа түкіре беріңдер!..


— Көп пе екен әйтеуір?


— Көп болғанда да тура ұйлығып, қайнап жатқан көрінеді.


— Аузыңа май... Тек сәттілік тілеңдер!


Көпшілік көзі жел өтіне тігілген. Экспедиция адамдарының қуаныштарын қостағандай, топтана ұшқан ақ шағалалар да сол бағытқа самғауда. «Асығыңдар, қозғалыңдар!» дегендей. Толқын құшағынан көтерілген күзгі күн қызғылт жамылғысын теңіз бетінде.қалдырып, аспан биігіне өрлейді.


Армансыз дайындалыңдар, асығыңдар, сәттілік тілейміз, теңіз батырлары!


«Сейсмик» теплоходы, 1959 жыл,


Алматы, 1960 жыл.


БҰЛ КІТАПТА КЕЗДЕСЕТІН ТЕҢІЗДІК, ӨНДІРІСТІК


СӨЗДЕРДІҢ ТҮСІНІГІ


Каюта — кеменің, пароходтың командирлері жататын орын.


Кубрик — кеме, пароход адамдары орналасатын жатақ.


Капитан мінбесі — кеме, пароход капитандарының қызмет орны.


Рубка — кеменің рулі басқарылатын үйшік.


Штурвал — рульді керекті бағытқа бұратын доңғалақ.


Радиорубка — радио аппараты орнатылған үйшік.


Телеграф аппараты—рубкадан машина бөліміне команда берілетін құрал.


Камбуз — ас пісірілетін үйшік.


Кок — аспаз.


Сейнер — балық аулайтын құралдың бір түрі. Кейде сол құралдармен жабдықталған кемелерді де сейнер деп атайды.


Рефрижератор — азық тоңазытқышы бар корабль.


Мұзомырғыш — мұз сеңдерін бұзатын арнаулы пароход.


Багор — іліп алатын қармағы, қадап итерер ұшы бар темір аспап. Бұл ұзын ағаш сырыққа сапталады.


Таяу — ұзындығы бес-алты құлаштай ағаш сырық. Желкенсіз, моторсыз қайықтарды жүргізу үшін қолданылады.


Уәкір (якорь)—жерге қадалатын қармақ бұтақтары бар темір аспап. Зәкірдің сабына шынжыр, не жіп арқан байланылады. Тоқтаған кезде зәкір суға тасталынады да, арқанның екінші ұшы кеме тұмсығына бекітіледі. Зәкір бұтағы жерге қадалады да, кемені ықтырмай бір орында ұстап тұрады.


«Құтқару белдігі» — ішіне аса жеңіл ағаш үгінділері толтырылған жалпақ брезент белдеулік. Қатерлі кездерде теңізшілер осы белдеулікті белдеріне буынып алады. Белдеулік адам денесін суға батырмайды. Сондықтан да «құтқару белдігі» деп аталады.


Мақала ұнаса, бөлісіңіз:

Іздеп көріңіз:

Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз.
Жақсы