Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  286


Автор: Мұхтар Шаханов

Ұлылар мен орташалар

Әбіш Кекілбаевқа

...Міне, қызық, ылғи бойын зорайтқан соң күліп алдан,
Пайымсыз жұрт орташаны биік қойған ұлылардан.
Ұлылардың осал жерін орташалар біліп алған,
Ұлы ойлардың иығына орташа ойлар мініп алған.
Сан алқалы жиындарда орташалар той бастаған,
Хас тұлпардың даңқын бөгеп орташа аттар ойқастаған.
Мынау марғау дәуірдің де орташалар — сүйенері,
Биліктегі бастың көбі — орташа ақыл иелері.
Техникалық түйсігі мен қарынының қадамы бір
Ұлы Рухын сыртқа тепкен орташа ойдың заманы бұл.
Шулы нарық базарына ене алмастан
Ұят қалып,
Семіз Байлық шіренеді жер кіндігі сияқтанып.
Ғасыр арсыз болған соң ба
Ұят, Намыс жүр киімсіз,
Ал, Рухты жалаңаштау қоғам үшін тым тиімсіз.
Жалаң аяқ қалай жүрмек, жолда сансыз шеге жатыр,
Неге оған болыспайды қайсар сана, кемел ақыл.
Ағатай, сәл сақтаналық, рухсыз күш неге батыл?
Баспен емес, қарынымен ойлайтын топ келе жатыр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу