Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  267


Автор: Мұхтар Шаханов

Наурыз парасаты

Айналаңнан жаңа көктем лебі ескен,
Бұл кезеңде күн менен түн теңескен.
Сан ғасырлық ата-баба салтына
Көпір болған Наурыз өзің емес пе ең?!
Қайырмасы:
Таулы, таусыз жерімнің,
Өзен, теңіз көлімнің
Жаса ұлы Наурызы
Жаңа жылы елімнің, а-а-а.
Қуат жиса пәктігің,
Асқақтайды шоқтығың.
Тамыр алмай тарихтан
Мазмұнданбас шаттығың, а-а-а.
Жүріп жатыр ерлік, ездік жарысы,
Наурыз нағыз сәулелі ойлар қонысы.
Наурыз сайын ағаш егу, гүл егу
Әр адамның табиғаттық борышы.
Қайрымасы.
Наурыз парқы - өз санаңды өсіру,
Пенделікті ізгілікке көшіру.
Өткен жылы өкпелесең біреуге
Сол өкпеңді дархандықпен кешіру.
Қайырмасы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу