Өлеңдер ✍️

  03.05.2021
  300


Автор: Мұхтар Шаханов

Жетінші түйсік

Үйленіп отау көтердің, мінекей, сен де, бала қаз,
Тірліктен, бірақ, жарқыным, үйленбей кеткен адам аз.
Сен түгіл қасқыр қасқырмен, маймыл мен маймыл жұптасқан,
Өз теңін тапқан соң ғана адымын олар нық басқан.

Ойың мен ісің — жаңғырық, кейде оған түйсік жетпейді,
Әйел ап, бала тудыру ақылды қажет етпейді.
Күнделік құмар сезімді өрілгені үшін отпенен,
Шатастырып алдық, құдай-ау, бір туар махаббатпенен.

Алдану, сірә, түк емес бұлтақсыз, бұлтсыз шақта да,
Үйлену деген, қарағым, алғашқы баспалдақ, қана.
Ата-анаң, үрім-бұтағың, бәрі де сені тұр қолдап
Бастысы — сұлу жұбайың өзіңе ертең кім болмақ,?

Махаббат — қайсар заңғар шын, кез келген өрлей алмаған
Он мыңнан, бәлкім, екі адам үмітін зорға жалғаған.
Содан ғой, сансыз кеудені жалғыздық дерті торлаған,
Қаншама заңғар тұлғалар қанатсыз жардан сорлаған.

Тұрмыстың түрлі сынынан сүрінбей өтті десе де,
Жұбайың досың бола ма?
Miне, бұл — басты мәселе.
Не бермек тәннің одағы?
Жаныңа жаны қосылмау
Бұл — нағыз бедеу қасірет, қосылмау деген — ашылмау!

Гүл болып ашылмағанның тілегін кім бар жақтаған?
Рухы қосылмағанның сезімі шаттық таппаған.
Рухы қосылмағандар — жалынсыз, сәнсіз, жақұтсыз,
Сондықтан мына жалғанда екеудің бірі — бақытсыз.

Сондықтан махаббаттың да сырт санын құрайтындар көп
Жәй көзге күліп жүргенмен, жасырын жылайтындар көп
Тағдырдан қашу мүмкін бе, жүрсең де қандай жолменен,
Бір мәнді сұрақ алдыңда тұрады ылғи көлденең:

"Жұбайың досың болды ма самғатқан сенім шырайың,
Нақ сондай ұлы бақытты берді ме саған құдайым?
Ойнай ма оның көзінде сезім мен рух жарқылы,
Ұға ма ол шаттық-мұңыңды жетінші түйсік арқылы?

Ұқпаса...
Ісің секілді дауылда мұзға жаққан от,
Рухани терең түйсіну жоқ кезде махаббат та жоқ.
Нағыз қыран мәңгі ардақтап өтер болар өз көгін,
Өзіңді-өзің ұмыта біл, бақыты үшін өзгенің.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу