03.05.2021
  1951


Автор: Талап Сұлтанбеков

Сасырдың сүті

(фантастикалық әңгіме)


Бұл менің бала кезімде болған оқиға. Анда-санда есіме түссе болды, көңіліме бір ыстық сезім үйіріліп, көз алдыма өмір бойы қасиет тұтып жүретін бір қарт әжемнің бейнесі келеді.


Сағыныш па, әлде бір арманда кеткен, өкініш пе білмеймін, жүрегім сыздап, ауырып кетеді сонда. Әжемнің аты Тәуірше болатын. Ұзын бойлы, үлкен көзді, қара торы кісі еді. Қос жанарынан тек қана мейірім нұры құйылып тұратын-ды.


Беті түгел әжім. Ауызы омырайған. Сөйлегенде ысылдап жол шығатын. Біз мәз болып күлетінбіз. Әжем отырғанда ешбір бала қыңқ етпейтін. Бір ғажабы мен бүкіл дүниеде сол Тәуірше әжемнен білімді, ол кісіден көп көрген адам жоқ па деп ойлайтынмын. Әрбір сөзі көңілге қонымды, қызықты. Мен кейін білдім. Бала жүрегін ұғыну, оның қиялын ояту кез келген адамның қолынан келе бермейді екен. Мен сол әжеме таң қалам. Ол кісінің маңынан бала арылмаушы еді. Кім болса ол болсын тентек пе, сотқар ма, жуас па, жеңілтек пе, бар баланың тілін табатын-ды. Қасына отырғызып алып, (кейде жүн түтіп, кейде ұршық иіріп отыратын) бізге өткен әмірден ғажайып бip сырға толы не қилы әңгіме-ертегілер айтып беруші еді. Ол кісінің өзі кәрі болғанмен жүрегі сол біздің жүрегімізше дүрсілдеп, қиялы біздің қиялымызбен жарысып, көзі біздің көзімізбен бірге от шашып, өзінің айтқан әңгімесіне өзі қызығып, соны ерекше бір терең сезімде қызықтыра, еліктіре сөйлеп беруші еді. Кешке жатарда, ол кезде шам жоқ, көбіне есіктің алдына киіз жайып, төсекті соған салатын-ды. Бір үйде уш бала едік.


Әжеміз сол үшеуіміздін, жұбымызды жазбай жанына алып жататын-ды. Түн жарық болса біздің бағымыз. Онда бәріміздің көзіміз аспандағы жыпырлаған жұлдызда болады. Ол кісі әрине, астрономияны, космос жайын ғылыми тұрғыдан түсінбейді ғой. Әйтседе сөздері біз иланатындай еді.


Бір күні кеште жатыр едік, көк аспан жүзіндегі сан миллион жұлдыздың біреуі орнынан үзілді де төмен қарай құлдырай жөнелді. Біз қолдарымызды шошайтып, дабырласып қалдық.


— Алақай, жұлдыз ағып түсті,— дедік біреуміз.


— Бір кісі өлген шығар,— дедім мен әлдекімнен естіген сөзімді есіме алып.


Әжем терең ойға кеткендей болып біраз үнсіз жатты. Сәлден соң ол:


— Бұл ағып түскен жұлдыздың өзі емес, оның бетіндегі нұры ғой жерге құйылған,— деді.


— Ол неге нұрын төгеді? — деді кішкентай Елден.


— Ем-дәрі болатын шөптерге құйылады деп жауап берді әжем.


— Күндіз де жауып тұра ма нұр? Оны біз неге көрмейміз,— дедім мен.


— Әрине, күндіз де құйылады. Бірақ оны күннің сәулесі күйдіріп жібереді.


Біраз уақыт бәріміз тым-тырыс қалдық. Менің көз алдыма көк аспанға, жұлдыздарға жапырақ жайып нұрға шөліркеп тұрған гүлдер елестеді.


— Әже, осы жөнінде әңгіме білесіз бе, айтып беріңізші, бізге,— деп өтіндік әжемізден.


— Әжетай, айтып жіберіңізші,— деді Есет те дегбірсізденіп.


— Ол кезде мен де сендер сияқты бала едім,— дел бастады әжем әңгімесін.— Екі көзі күлім қағып тұратын ақсары апам, сақал-мұртын қайшымен күзеп жүретін кіп-кішкентай әкем бар еді менің. Апам 40 жасқа келгенде бір ауыр дертке ұшырады. Ішкен тамағын құсып, күн санап жүдеп, бірте-бірте өңі солғын тарта берді. Күндерде бір күн төсек тартып жатып қалды. Ол кезде дәрігер болмайтын-ды. Әкеміз неше түрлі бақсы-балгерлер жинап емдетті, үшкіртті, тіпті басынан атан түйе айналдырып сойдырып, иттерге салды, түк болмады. Жұрттың бәрі ол кісіні өлдіге балады. Қылтамақ деп әкем де күдер үзді. Мен ол кезде он үш жастамын. Күні-түні қасынан шықпаймын. Жылай берем, жылай берем. Бір күні, түннің қай мезгілі екенін білмеймін, қалғып кеткен екенмін, селк етіп оянып кеттім. Қарасам, апам аппақ ұзын көйлегін шубалтып далаға шығып бара жатыр екен. Мен де киініп ізімен шықтым. Ол кісі мені көрмеді. Көзі үлкен кісі еді, ай


далаға жарық түнгі жалғыз сүрлеуге түсті де, жүре берді. Қотандағы қой тым-тырыс. Күзетші де қалғып кеткен бе, үн жоқ. Шәу еткен ит те көрінбейді. Тек аспан жүзінде үлкен алтын табақтай болып Ай жүзіп барады. Жым-жырт мүлгіген түнде тек апам екеуміз келе жатырмыз. Ауыл жайлауда еді. Тек қасымыздан үлкен сайды дүбірлетіп Терісайырық өзені ағады. Апам тіке жүріп отырып төмен өзенге түсті. Аяқ басысында бір жұмбак бар.


Сыбдыр етіп бұта сынбайды, мысық олай жүрмес. Мен шөпті судыратып асып-сасып келем. Жан-жағыма одырая көз тастаймын.


Апам сайдың табанына түскен соң, алыстан қараңдап көрінген бір топ итмұрынға беттеді. Жазбай дұрыс жүріп келе жатқан тәрізді. Кенет алдымыздан елік ата жөнелді. Мен шошып қалдым. Біз итмұрынға таяп келген сәтте жақын жерден қаңқылдап екі сары ала қаз ұшып шықты. Апам ешқайсысын елең қылған жоқ. Қайта асығыңқырап аяғын жеделдете басты.


Бір үйір бұтаның түбіне келді де, отыра кетті. Ай жарығымен анық көріп тұрмын, әппақ сүттің түсіндей бір-екі сояуды уысына қысты да, солқылдап жылап жіберді.


— Жаңағы елік жеп кетіпті,— деді ол кісі өксігін баса алмай. Әлде сары ала қаз ба,— деді сәлден соң күбірлеп. Терісайырық суы жөңкіліп, тас атқылап, бұрқырап ағып жатыр. Сай сүйегім сырқырап егіліп жылап жібердім апама қосылып. Көп тұрмадық, қайтып кеттік. Апам үйге келісімен, төсегіне жатып ұйықтап қалды.


Ертесіне әкемді шақыртты. Екеуінің әңгімесін мен жабықтан естіп тұрдым.


— Әлгі жұлдыз гүлдің жапырағын таба алмадым,— деді апам.


— Ол әрбір тоғыз жылда бір гүлдейді ғой. Мүмкін қателескен шығарсың,— деп тіл қатты әкем.


— Жоқ, гүлдеуін гүлдепті, көрдім. Бірақ басқа бір адам ба, әлде бір бөгде жануар ма, менен бұрын барған сияқты. Түк қоймай жұлып әкетіпті.


Апам жылағандай болды. Әкем жұбату сөздер айтып қасында ұзақ отырды.


Сәлден кейін апам әкеме:


— Сен осы маңнан маған бір-екі сары ала қаз атып әкеп бере аласың ба? — деді.


Әкем күмілжіп естілер-естілмес міңгір етті. Апам ентігіп тағы сөйледі.


— Мен дәл айта алмаймын қайсысының бұрын келгенін. Алдымен елік қашты. Менің ойымша ол байғұс та кеш қалған болу керек. Ал қаздар дәл щеңгелдің түбінде отыр екен. Солардың жегені анық. Сен қайтсең де қасыңа екі-үш бала ертіп, ат жайлаудыц тасына шық. Сонда олардың ұясы болуы керек.


Апамның ат жайлау деп отырғаны биік тау. Оның басына балаларға ілесіп талай шыққанмын. Жартасы қалың суыр болушы еді, онда сары ала қаздыңда індері бар. Бірақ бізге үлкендер, сары ала қаз арам болады. Өйткені ол інде теріс қарап жатады, тимеңдер дейтін.


Әкем мақұл дегендей ишарат білдірді де, далаға шықты. Атына мінді де, қолына құрығын іліп желе жортып жүре берді.


Сол күні ол тым кеш оралды. Апам сарғая күтіп үнсіз жатты. Тек анда-санда басын көтеріп су сұрағаны болмаса, дәм алмады ауызына. Әкем аттан түскенде қарасам, қанжығасында екі сары ала қаз байлаулы екен...


Қаздарды апам өзі жүнін жұлып, үйтіп, бұтарлады. Қасында жалғыз мен ғана болдым. Содан кейін ішек-қарнын аршып, өз алдына қайнатты. Қаз өте семіз екен. Мөлдіреген тамаша сорпа пісті. Апам бір тостаған сорпаны құйып алды да, өзін-өзі зорлап азар дегенде ішті. Мен құса ма деп ойлап едім, құспады. Тек маған бұрылып айтқаны: өте ащы екен деді.


Содан не керек апамызға сол қаздың сорпасы дару болды. Үш күннен кейін етін астырып жеді. 15 күнде құлан таза айығып кетті.


— Міне сендер көрген жаңағы ақпа жұлдыздың нұры сондай өсімдіктердің бойына жиналады,— деді әжем.


— Осы жұлдыздың нұры басқа өсімдіктерге немесе адамға неге түспейді,— деп сұрадым мен.


— Әрине, түседі — деді әжем күліп. Бірақ олар тоқтамай жердің астына өтіп кетеді. Қазіргілерді қайдам, ескі оқығандар түн күзетуді немесе өте ерте тұрғанды уағыздаушы еді. Бәлки олар адамды жұлдыз нұрына шомылдырмақшы шығар,— деп аяқтаған еді әжем әңгімесін.


Ағарып атып келе жатқан аппақ таңды, сүттей жарық жазғы түнді мен содан кейін өте жақсы көріп кеттім.


Бұл әңгіме сол күннен кейін менің қиялыма азық болды. Бұрын өсімдік атаулыға қалай болса солай қарайтын мен енді әрбір өсіп тұрған шөптен жұлдыз-гүлді іздейтін болдым. Әрбір шөпті жұлып әкеп әжемнің мазасын алдым. Арманым әйтеуір қандай болмасын бір дәрі шөп іздеп табу.


Осылайша үлкен әуре-сарсаңға түсіп жүргенімді көрген әжем бір күні мені қасына шақырып алды.


— Сен жулдызгүлді көргің келе ме? Мен дегбірсізденіп басымды шұлғыдым.


— Ендеше үш-төрт күннен кейін жайлауға шығамыз, сен бір он шақты тостаған тес.


— Тостаған тес! Ол қай тостаған? Қайтіп?


Әжем мені үйге алып кірді де, кебеженің ішінен он шақты кішігірім сырлы тостаған суырып алды. Бір екеуінің түбінен бес тиын бақырдың көлеміндей шеңбер сызып көрсетті.


— Жарып алмай осылай тес. Қалғанын сұрама, кейін айтам,— деді.


Мен дереу іске кірістім. Бұрғы, пышақ, егеу алдым да, дөңгелентіп оя бердім. Алғашында қиқы-жиқы тесіп ертесіне оны жақсылап тегістедім. Әжем әжептәуір разы болды. Тостағандарды жіпке тізіп керегеге іліп қойды.


Жайлауға баратын күнді мен тағатсыздана күттім. Түн баласы көзім ілінбейтін болды. Неше қилы түстер де көрдім. Бір күні түсімде мен қалың тоғайдың ішінен бір тамаша жұлдызгүлді тапқан екенмін деймін. Сол бір көрініс күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Жұлдызгүлдің жапырақтары сан түрлі бояуға тұнып, жарқылдап көрінді. Мен асыға басып қасына келдім. Қарасам дәл түбінде үлкен қарашұбар жылан жатыр екен. Ол гүлдің сабағын денесімен орап, тілін жалаңдатып маған айбат шекті. Төрт-бес қадам жерде бірнеше аңдар үйіріліп тұр. Ішінде елік, қасқыр, аю, бұғылар бар екен. «Бұлар қалай біріне-бірі ұмтылмай тыныш тұр екен», деп таң қалдым. Қолыма үлкен таяқты алдым да, жыланды қуып жібермекші болдым. Жылан кетпеді. Мен таяқты сілтеп ұрайын десем, гүлге тиіп кете ме деп қорқам. Бір кезде жыланның кеудесі жерге түсе берді, мен салып кеттім. Таяғым шоршып барып гүлге тиді. Гүлдін нұрлы жапырақтары быт-шыт боп ұшып кетті. Төңіректі қараңғылық жапты. Мен айқайлап жібердім. Ояна келсем, түсім екен...


Міне біз жайлауға кетіп бара жатырмыз. Әжем екеуміз ферманың малынан озып, ілгері кеттік. Тостағандарды қоржынға салып менің қанжығама байлап берген-ді. Астымда кішкентай қара құнан. Тыпың-тыпың етіп бұлтыңдап жүреді. Кей сәтте ауып қала жаздаймын. Әжемнің астында жол жорғасы бар торы бие. Сипай қамшылап жол бастап келеді. Суыт жүріп отырып, қас қарая берген кезде Мыңбұлаққа келіп дамылдадық. Әжем жол соқты ма, шаршап келіп бірден ұйқыға кетті. Мен тағы да күндегі әдетімше көз ілмей таңды атырдым. Таң қылаң бере әжем тұрып, тез киінді де, тағы жүріп кеттік. Қөп ұзамай Шұбарағаш беткейіне келіп жеттік. Бүкіл тауды жаңғырықтырып Ағынықатты өзені тулап жатыр. Атын дәл тауып қойғандай. Мөңкіп, көкке шапшып, ақ көбік боп бұрқырап жатыр. Әжем сүрлеумен келді де, өткелге түсті. Өзен торы биені ығыстырып төмен ала жөнелді. Мен жүрексініп жағада қалып қойдым. Қара құнан бұл маған бұйым емес дегендей қара тартып тыпыршып суға ұмтыла береді. Мені есіне алды ма, әлде судың екпінінен шошыды ма, әжем орта жолдан кері қайтты. Содан кейін торы биеге екеуміз міңгесіп алдық. Қара құнанды ық жағымызға жетекке ұстадық. Бейнебір жанды кеме іспеттес ақ көбік дарияны жалдап, жүзе женелдік. Торы бие әккі болуға тиіс. Сүрінбей, малтықпай, ақ толқынды кеудесімен қақ жара отырып еркін етті. Әжем екеуміз малшына су болдық. Таңертеңгі салқын ауада біраз мұздап тоңсақ та, киімдерімізді шешіп желге ұстап, дегдітіп алдық. Ондай әсем табиғат ортасында ауада қарағайдың иісі тұнып тұрған сәтте адамға суық та тимей ме қайдам, әжем екеуміз керемет сергек ұстадық өзімізді.


— Биыл тауда қар қалың болған ғой. Әйтпесе мына өзен бұлай тасымаған болар еді,— деп тыныштықты бұзды әжем.


— Сізге суық тиіп қалмас па екен, анау қарағайдың түбіне барып біраз жылынып алсақ қайтеді? — дедім мен. Осы кезде күн де көтеріліп, жартас беттерінде нұрлы шапақ ойнай бастаған-ды.


— Енді біраз жүрсек, сасырлы тауға да жетеміз. Асығайық,— деді әжем.


Біз атқа қайта қондық та, беткейді қиялай жоғары өрлей бастадық. Бір жағымыз қалың ағашты қаптал, екінші жағымыз құлама құз. Қара құнан анда-санда осқырынып, бірақ ширақ адымдап келеді. Кей жерлерде аттан түсіп жаяу жүруге мәжбүр болдық. Әжем тіпті де асығыс. Таудың басына шыққаннан кейін екеуміз жарыса, желе жортып жөнелдік.


— Сасырдың желіні сыздайды. Сабақтары жарылып, нәрлі сүті ағып кетуі мүмкін,— деп күбір етті бір кезде әжем.


Мен ештеңе ұққан жоқпын. Бір сағаттай уақыт өткен соң әжем жолдан бұрылып, алыстан көрінген жақпар тасты үлкен шоқыға бет алды.


— Анау көрінген сасырлы тау. Менің іздеп келе жатқан жұлдызгүлім сонда.


Әжемнің сөзі менің жүрегімді толқытып, қуанышқа бөледі. Жайлаудың шөбі керемет шүйгін екен. Қара құнан ауыздыққа мойынсұнбай жерге төне береді. Анда-санда теңге жапырақ қалың шөпті қомағайлана асап алады. Торы бие одан гөрі тәртіптілеу. Дегенмен оның ауызы да қимылдан құр емес. Есебін тауып, анда-санда ол да қауып-қауып алады. Сасырлы таудың етегіне жақын келдік те, әжем екеуміз аттан түстік. Торы бие мен қара құнанның ауыздығын алып, отқа қойдық. Олар шүйгін шөпке кенеше жабысып, тырп етпей қалды. Әжем үлкен шәлімен белін мықтап буды да мықшыңдап жоғары өрледі. Мен тостағандар салған қоржынды арқалап, артынан ілестім. Көп үзамай қалың сасырдың ішіне еніп кеттік. Сабағы аумақты белуардан келетін хош иісті тамаша өсімдік екен. Әжем әрбір сасырдың түбін ашып, қолымен сипап көреді де күбір-күбір етіп ары жүре береді. Бір сәтте сидаң келген ұзын сасырдың түбіне жүрелеп отыра кетті. Еңкейіп түбіріне көз салды. Тарамыстай қолдарымен сипалап әлде нені санап отыр.


Қарасам сасырдың сабағынын әр жері білеу-білеу буынтық екен.


— Мынау үш жаста, әкел тостағанның біреуін,— деді әжем.


Мен сырлы тостағанның біреуін алып, әжеме ұсындым. Ол кісі сасырдың сабағын уыстап сол қолымен қысып ұстады да, басына тостағанды кигізіп, түбіріне дейін алып келді. Жерді қолымен тырнап тостағанды мықтап орнықтырды. Сасырдың сабағына желім тәріздес бірдеңелер қатып қалыпты. Оларды тырнағымен тостағанның ішіне түсіріп, топырақ араластырып тесікті бітеді. Содан кейін қалтасынан бәкісін суырып алды да, сасырдың сабағын үш жерден кесті. Сабақтан ақшыл сүт шықты. Әжем орнынан көтеріліп, екінші сасырға ауысты. Сол жердегі сасырлардың бәрі де бір ыңғайлас екен. Алғашқыдағыдай көп іздеп әуре болмады. Тостағандарды бірінен соң бірін суырып сасырлардың басына кигізіп, жаңағыдай әрекеттер істеді. Әлден соң маңдайындағы терін сүртіп бір тасқа отырды.


— Ал енді жұмыс бітті. Сен осы маңайды жадыңа тоқып ал. Екі айдан кейін етекке түсерде қайтадан келіп, тостағандарды жинап алуымыз керек. Мен бір көрген жерімді жас кезімде ұмытпаушы едім. Кәзір қартайғандық па, жаңылысып қалам,— деді.


— Әже, жұлдызгүл қайда? Оны қашан көреміз?


— Ә, сенің ойың әлі сонда екен ғой. Менің жұлдызгүл дегенім осы, қарағым. Дәрі өсімдіктердің бір- бірінен айырмашылығы болмайды. Оның барлығы да жұлдыз нұрынан қорек алып, жан-жануар мен адам үшін өседі.


Жасырып не қылайын. Мен іштей ренжіп қалдым. Бірнеше күн бойы арман етіп келген көңілім су сепкендей басылып, мына бір қалың өскен сасыр көзіме қораш көрінді.


Әжем менің ішкі дүниемді сезді ме, мойынымнан құшақтап, басымнан құшырлана иіскеді.


— Сен қазір он үштесің, қарағым. Туған жылың ұлу. Мына сасыр да адамзат сияқты. Оның да мүшел жасы болады. Оны баяғыда менің әке-шешем аспандағы жұлдызға қарап айыратын. Мен балалық жасап, соны жадыма тоқи алмаппын. Биылғы жылды апамның сөзімен айтқанда «ақсүт» жылы дейді. Ол аспандағы жұлдыздар қозғалысында жазулы. Кейін өскен шағыңда осыны есіңнен шығарма. Оқып, білім алғаннан кейін зерттеп нақтылы сырын ұғынуға тырыс. Мен осы жерге соңғы отыз жылда төртінші рет келем. Бірақ дәріге тостаған салуым тұңғыш рет. Жылда келгенде таба алмай кетуші едім. Кей жылдары сасыр тіпті гүлдемей де


қалады. Бәлки ол сенің бақытың шығар. Жолымыз болса екі жарым айда үлкен байлыққа кенелеміз. Ал енді жүр, атқа қоналық, деді әжем.


Біз жайлауға тартып кеттік...


Содан бері талай жылдар өтті. Қарт әжем тоқсан бес жасында дүние салды. Мен ол кезде оқуда едім. Дуылдан хат келгенде, еріксізден еріксіз көзіме ыстық жас оралды. Есіме сол бір балалық шағым, жұлдызгүл жөніндегі әңгіме, сасырдың сүті келіп түсті. Айтпақшы, сол жылы біз тостағандарды түп-түгел жинап алғанбыз. Әжемді сасырлы тауға, тостағандарға адастырмай тіке алып келген едім. Әжем жолды ауырсынып төмен қалған-ды. Мен тостағандарға жалғыз көтерілдім. Сасыр сол алғашқы көрген қалыпта өзгермей тұр екен. Бірақ тостағандарға әппақ сүт толып ұйып қалыпты. Кәдімгі ақ ірімшіктен бірде-бір айырмасы жоқ. Қолымдағы кездікпен сасырды түбінен кесіп, тостағандарды босатып алдым.


Үйге келген соң әжем сасырдың сүтінен көптеген дәрілер жасады. Қойдың құйрық майына қосып өзінің құяңына жақты. Көкірегі сырылдап жөтеліп жүретін көршісіне сүтке қосып пісіріп берді. Бірақ ол дәрілердің қаншалықты әсерлі болғаны жадымда қал-мапты...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу