02.05.2021
  164


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Комплекс жүйесінің пән жүйесінен артықтығы

а) Пән жүйесімен оқытқанда, пәндер жеке-жеке өз жолымен жүретін, бірінің арбасына бірі соқтықпайтын, ең ұқсатқанда аз-маз жарыса үзеңгі қағыса оқылатын.


Комплекс жүйесімен оқытқанда, пәндер бірігіп бір жолмен, бір арнамен ағып, айқасып, араласып оқылады.


б) Пән жүйесінде мұғалімдер әрқайсысы өз пәнін оқытып, өзгеге бұрылмайтын, жазаласа, бірінің сабағына бірі қайшы келіп, бірінікін бірі өтірік қып отыратын, әсіресе, дін молдасы мен пән молдасы шартпа-шұрт түсе беретін.


Комплекс жүйесінде мұғалімдер арасында ала ауыздық болмайды, дін молдасы мектептің қарасын көрмейді. Молда балаға икемденеді: баланың сұрауын қызық көргенін еске алып баланың өзіне тапқызады, істеуге тырысады.


е) Пән жүйесінде өмірді, құбылысты қолма-қол зерттеу деген жоқ, барлық білім кітапта болатын, білімді тәжірибе арқылы баланың өз көзі жетіп таппайтын, мұғалімнің сөзіне сенетін, оқу заманнан аулақ қалатын.


Комплексте бала өмірді, құбылысты өзі бақылайды, зерттейді, тәжірибе қылады, оқуды заманға тіреп, заманмен байланыстырып оқиды.


ж) Пәндерді бөлшектен оқыту баланың жан жүйесіне қарсы. Бала нәрсені тұтас түрінде, іске пайдалы жағынан қарап, ұғып біледі, бөлшегін, тарауын, қимылын елемейді.


Комплекс тұтас, түйдек түрде ұқтырады, баланың жан жүйесіне тура.


д) Пән жүйесінде сағат сайын пәндер алмасып, ауысып отыратын да, баланын ынтасын бірде-біріне тұрақтатпай, алаң қылатын, комплексте сабақ үздіксіз бірінен-бірі туып, біріне-бірі жалғасып отырады, бір сағатта бітпеген нәрсе екінші сағатта зерттеледі. Тыныс деген сабақтың арасын жіктеу үшін емес, дем алу үшін, бой көтеру үшін істеледі. Баланы бірден-бірге алаңдатпайды.


е) Пән жүйесінде адамның тіршілігіне керекті, керексіз көп сөздермен, пікірлермен баланың басын тығындап, миқата қылатын.


Комплексте керексіз көп материалдар шағындалады, сұрыпталады, тек еңбек пен жаратылысқа, қоғамға қатынасы бар, өмірге керектілері алынады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу