Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  477


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Тұңғиық түпсіз астында

(Өлеңмен жазылған сөз)

Су сабалап, суды тіліп,
Көк теңізде келе жатты бір кеме.
Бір мезгілде түсі суық
Бір қара бұлт көкке ойнақтап,
Шыға келіп, төнді теңіз үстіне.
Сол-ақ екен теңіз тулап,
Таудай-таудай қара толқын
Теңізді салды талқыға
Долы дауыл буырқанып.
Ұстаудан шыққан андай ұлып,
Кеменің кенеп майшаларын
Сатырлатты, қиратты.
Анда-санда қара тұман
Найзағаймен жарық етед.
Көк күркіреп, су күнгірлеп,
Кенеттен кейде шарт етед.
Кемеге ажал таянды
Кемені су кернеді.
Сырғауылдар қырады
Кенеп қанат өрім-өрім
Жалбырады салбырап
Дауыл мен толқын ән қосып,
Кемені жанышты иледі,
Дәрмен кетті кемеден
Суға батып жөнелді...
Таң шашырап атқанда,
Береке, бөшке, арқан, жіп
Тақтай-мақтай ағып жүр.
Сол тақтайдың біреуінде
Әлде қандай мейірімді қол
Мықтап тұрып байлаған
Нәресте кетіп барады.
Шөптей жеңіл тақтайында
Торғайдай боп көрініп.
Қара толқын арасында,
Тұнғиық түпсіз астында,
Қатерден ешбір хабарсыз,
Көнілі қамсыз, өзі шат
Жымиып күледі жас бала.
Балдырғандай жас қолдарын
Шолтаңдатып, су сабап,
Салқын суға малады.
Малайын деп, малмайды:
Толқын қолға соғады.
Толқынның әппақ көбігі
Баланың үстін қаптайды;
Толқынның бүріккен үшқыны
Ұшықтайды баланы.
Оны бала ойын ғой деп,
Жыпылықтап, көзін қысып,
Сақылдап тұрып күледі
Қызык қой тегі балаға!
Түпсіз терең көк теңіз
Қорқытпайды баланы,
Асқар таудай көк толқын
Ұшырмайды зәрені.
Өмірде мен де көремін
Қайғысыз, қамсыз көңлі шат
Жымиып тұрған жандарды
Масайраған жүздерді,
Күлсе аузынан гүл төгіп,
Санқылдаған үндерді
Көрген сайын есіме
Еріксіз бала түседі,
Сондай қамсыз, сондай шат,
Күлкісі тәтті, ләзәтті.
Жабысып жалғыз тақтайға,
Қара толқын ішінде,
Тұңғиық түпсіз астында
Мәз болып күлген баланы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу