Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  539


Автор: Жүсіпбек Аймауытов

Неғып жатыр?

Түрленіп мынау заман ағып жатыр.
Жай өтпей һәркімге сын тағып жатыр,
Жайынан замананың хабардар ма?
Осы біздің қазақтар неғып жатыр
Шүкір, қазақ ұйқыдан тұрып жатыр,
Өз әлінше өрмегін құрып жатыр
Жіліктің майлы басын бері тартып,
Икемдеп өз алдына бұрып жатыр.
Бізге не өнер, ғылым жұғып жатыр
Жастар мұны үйреніп ұғып жатыр,
Халыққа бас-көз болып, жол мұндалап
Бір-бірлеп газеталар шығып жатыр.
Қазақтың балалары оқып жатыр,
Білімін күннен-күнге қосып жатыр.
Жат мінезге әулікпей, жұртын ойлап,
Ұлттың қамын көңілге тоқып жатыр.
Үшител, мұғалымдар тарап жатыр,
Байлар да үлкен іске жарап жатыр.
Тас болат үй, магазин, зауыт ашып,
Тайталасып, өнерге жанып жатыр.
Нашарға көнілдері еріп жатыр,
«Мә, жәрдем!» — деп аямай беріп жатыр,
Ұйымнан, ынтымақтан басын тартпай,
Сөзге, жөнге, қатарға кіріп жатыр.
Сөйтіп, қазақ ілгері басып жатыр,
Медресе, мектептерін ашып жатыр.
Инженер, агроном, адуақаттар,
Дәрігерлер де өнеге шашып жатыр.
Қазаққа қалай пайда келтірем деп,
Қайтсін! Басқара алмай сасып жатыр.
Біреулері өнермен жетілтем деп,
Біреулер — шаруамен, десіп жатыр.
Нөсер соғыс әлемге жетіп жатыр,
Ақ патша жұртқа пәрмен етіп жатыр.
Ол пәрменде санатқа қазақ кіріп,
Шот, қорегі жылтыңдап кетіп жатыр.
Жүген, құрық көрмеген анғырт жұрт қой,
Дұшпанды бүйірінен тесіп жатыр.
Мойны қатты надандық шіркін кернеп,
Көнбегендер желкесін жесіп жатыр.
Қатын-бала, шал-кемпір қалып жатыр,
Шәлкестікпен жаласып, талап жатыр,
Алыстан Герман неғып жатыр? — деуші еді,
Жақын жерден білуге барып жатыр.
Лай суға куанған шортамдардай,
Бұйырғанын құлқынға салып жатыр.
Жәбір-жапа көргендер жалынысып,
Ғаділетті төреге шағып жатыр.
Курапаткин сияқты ұлықтары,
Тұғралық назарына алып жатыр.
Иншалла, қазаққа да болар тендік,
Қисықты ауылы тезге салып жатыр.
Ұлы соғыс басылып, тан да атар,
Русиядағы дұшпанын бір мұқатар
Шот, қорегі шетімен шекпен болып,
Қазақ та халық болар тырна қатар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу