Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  174


Автор: Шырын Мамасерікова

Ақ жеңеше

От жанар шашып жүрек шұғыласын,


Жеткізер махаббатын, ықыласын.


Бұралған тал шыбықтай сұлу мүсін,


Бойынан тектілігін ұғынасың.


Әйелсің ойға озық, сөзге білгір,


Өзіңді мақтайтұғын кез келіп тұр.


Көрмеп ем шарықтаған шағыңда да,


Арнаңнан асқаныңды өзгеріп бір.


Жарқырап жандырсаң да жұлдызыңды,


Кей мезет аспаныңда бұлт тізілді.


Ұстамды, парасатты, сабырлықпен,


Ұшырдың әуелетіп ұл-қызыңды.


Салмағын сан көтеріп ауыр мұңның,


Қайысты қабырғаң мен жауырының


Сонда да қабақ шытпай тағдырыңа


Көгерттің көсегесін бауырымның.


Жеңеше!


Кұламасын бақ шынарың,


Әрқашан адалдықтың жақ шырағын.


Абзал жар, ардақты ана атанып ең,


Ақ әже болуды енді тапсырамын!..


Ақтаған көзі жоқта ер сенімін,


Ай дидар, алтын айдар еңселі кім.


Армансыз Әсиядай, өтер бәрі,


Алғыс ап, ақ Батаның терсе гүлін!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу