Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  624


Автор: Шырын Мамасерікова

ҚҰДАЛЫҚ

Ата салт жайлауында көш табысып,


Мың жылдық құда болдық төс қағысып.


Ат мініп, киіт киіп, сөз байласты,


Әулеті екі жақтың қозғалысып.


Шақырып дос-жаран мен жамағатын,


Тойлаймыз ғашықтардың махаббатын.


Қос жүрек жетсе екен деп мұратына,


Тілейміз Алланың нұр шапағатын.


Жібек жел аймалаған бал құрағын,


Айдынға аққуымды қондырамын.


Жарасып тіршіліктің күйін шертсін,


Секілді қос ішегі домбыраның.


Асатқан құйрық-бауыр құдаларым,


Ақиқат басымды изеп құп аларым.


Адамның оттай ыстық ықыласы,


Білемін сыйластықтан тұтанарын.


Болған соң туыс, жегжат, сүйек - шатыс,


Шақырып бір-біріңді жиі қатыс.


«Ырыс, құт - ынтымақта», - деген халқым,


Бірігіп дастарханның дәмін татыс.


Құданы бас, жамбаспен ырза қылып,


Ұсынам күйеуге - төс, қызға - жілік.


Арманым болмас, сірә, кейінгі ұрпақ


Ата-салт, дәстүрімді тұрса біліп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу