Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  182


Автор: Шырын Мамасерікова

Жыр-Шапан

Етердей халқы үшін барын құрбан,


Жан-жағын мәрттігімен табындырған.


Кисін деп жарқыратып Ерсін інім,


Арнайы шапан тіктім жақұт жырдан.


Бос өтпей жас шақтағы алтын уақыт,


Жалғасты болашақпен толқын атып.


Ел-жұрттың алғысына бөленді ол,


Көше мен үйге жұлдыз жарқыратып.


Күткендей ұясына қонар күнді,


Оятып ұйқысынан қола түнді.


Көк-сары, қызыл-жасыл сәулесі бар,


Аспанға атқылатар болат гүлді.


Нұрлантып жап-жарық қып айналаны,


Шаттыққа толтырып жүр сай-саланы.


Тіршілік-күрес, жарыс болғандықтан,


Жүлдесін ұсынып тұр бәйгі алаңы.


Жайдары, жүзі жылы, инабатты,


Желге ұшпас ісі мығым, тиянақты.


Жауырды жаба тоқып көрген емес,


Жек көрер арам пиғыл, қиянатты.


Тағдырдың кім қызықпас жұмбағына,


Үкілі үміт қолын бұлғады ма.


Кей кезде Ерсін маған көрінеді,


Бақыттың оранғандай құндағына.


Жақсы адам әрқашан да дос табады,


Қоғамға өз үлесін қоса алады.


Құрметті ұстаз - Гүлжан жары болса,


Луиза, Ербол-оның қос қанаты.


Бұл жалған төгіп шуақ, не дауылын,


Ұсынар кейде жеңіл, кейде ауырын.


Бұралаң соқпағында тіршіліктің,


Жолдасың Қыдыр болсын, ей, бауырым!...


Қалаулысы болсаң, қалқам, халқыңның,


Деме онда түгесілдім, сарқылдым.


Пейіліңді кеңге салып жүргейсің,


Құны түспес ешқашан да алтынның.


Алғыр ақыл - таусылмайтын дәулетің,


Өнер, ғылым - рухани күш, сәулетің.


Екі дүние жақсылығын көресің,


Ынтымағы күшті болса әулетің.


Қыс азығын жаз жинаған дұрыс-ақ,


Маңдай термен құралады ырыс-бақ.


Бабаларын қастерлеген өрені,


Ата салттың шаңырағын тұр ұстап.


Жаулық, жапа, жәбір жанның жарасы,


Ал адалдық көздің ақ пен қарасы.


Барлығы да адамдардың бойында,


Жер мен көктей болғанымен арасы.


Ерте тұрған ердің бағы жанады,


Еңбек етсең артыңда із қалады.


Игі іспен мәңгілік қыл атыңды,


Кейінгі ұрпақ ғибрат, үлгі алады.


Ажал келіп оң жамбасқа алғаны,


Ол - адамды жер бесікке салғаны.


Ешкім қашып құтылмайды өлімнен,


Әлемге аян бұл фәнидің жалғаны...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу