Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  190


Автор: Шырын Мамасерікова

ТАРИХШЫ

Еңбегімен ырыс табар, бақ табар,


Ер есімі мәңгі есте сақталар.


Елдің жүгін алғыс алып көтерген,


Ертең ізгі жақсылардан ат қалар.


Бар атырап ардақтаған, сыйлаған,


Туған елдің шежіресін жинаған.


Тоқтағанның қартайса да жүрегі,


Елге деген махаббатын тыймаған.


Дей алмайсың баба күйін шертпеді,


Таудай талап құлагерін ерттеді.


Жусаған қой, үйездеген жылқылы


Өлкеміздің өткен күнін зерттеді.


Көне аңызды жаңартуға ұйғарды,


Шаршап кейде жүйкесі сан жұқарды.


Өшпейтұғын ескерткішін орнатып,


Ақкөз батыр жайлы кітап шығарды.


Жатса дағы уақыт шашын қыраулап,


Жанарында мейірімнің нұры ойнап.


Жеті атасын үйретіп жүр ұрпаққа,


Тарих-теңіз қойнауынан кит аулап...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу