Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  209


Автор: Шырын Мамасерікова

Тұраннан ұшқан қарлығаш

Қуаныш пенен шаттыққа бөлеп жүректі,


Елу жас келіп көшеңе, Эра, гүл екті.


Арайлы таңнан жалынушы едің Тәңірге,


Жаратқан Ием бергей деп кәусар тілекті.


Балдағы асыл өлеңмен өріп өмірді,


Жібітер шағың шерменде шемен көңілді.


Тұраннан ұшып Таразға қонған қарлығаш,


Қазанат жырдың қолтығы бүгін сөгілді.


Дария сөздің інжуін таңдап сүзетін,


Домалақ ана ауылында туған қыз едің.


Құдайдың құлы, Расулға үмбет болған соң.


Намазға үйып, ақ жолға көшті түзедің.


Әулие аралап қазбауыр бұлттай кезесің,


Рақымы күшті Раббыдан қуат сезесің.


Құранды сүйген адамдарменен достасып,


Иманнан жұрдай жан көрсең шошып безесің.


Тәспіңді тартып, сәждеге күнде бас ұрып,


Алланың ғана құдірет күшін асырып.


Жастарға арнап өлеңдер жазшы, Эражан,


Тозақтың улы миуасын жеуден қашырып.


Қорғасын дінім халқымның намыс, ар үнін,


Есірткі, арақ жаппасын сана жарығын.


Тізені бүгіп тілейік көкке қол жайып,


Ауыздықтар ма екен заманның жебір нарығын.


Ақшаға күң боп қыздарым тәнін сатпасын,


Арғымақтарын аласартпай елім баптасын.


Анамның тілі-бабамның рухы емес пе,


Ұрпағы көздің қарашығындай сақтасын!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу