Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  332


Автор: Шырын Мамасерікова

Баянауыл

Ақ қайың, бал қарағай, мойыл, жидек,


Арманға жетелер ме ойды сүйреп.


Армысың, жер жаннаты Баянауыл,


Аңсатқан іңкәр сезім бойды билеп.


Аймаққа шашқан дәйім жылы лебіз,


Ақбеттау, махаббаттың білдің бе емін?


Аймалап құшақтаған ұлпа бұлттың,


Көйлегін айтшы неге тілгіледің?!..


Алаштың бағы болған басыбайлы,


Мақтаған Мұқағали Жасыбайды.


Қаз - үйрек қанатымен өлең жазған,


Мөп-мөлдір көлің қалай тасымайды?!


Емдер деп жүрегінің жарақатын,


Іздеген шипалы өлке шарапатын.


Қаншама сырқат жанды сауықтырды,


Жусаның, таңқурайың, қарақатың.


Жасайтын даналықтың гүл алаңын,


Киелі мекен көрсем қуанамын.


Тегін бе мәшһүр Жүсіп, Сәтпаевтай,


Шығуы топырағыңнан ғұламаның.


Басына құт қонақтап, ырыс тұнған,


Абылай ханның өзін ығыстырған.


Атақты Бұқар жырау сенде туып,


Ескерткіш соққан мәңгі қылыш-жырдан.


Дәл келер болжамдары, тұспалдары,


Әулие абыздардың ізбасары.


Жүсіпбек Аймауытов, Зейін Шашкин –


Сүбелі сөздің шебер ұсталары.


Қақ жарып қара қылды айыратын,


Киікті қойдай айдап қайыратын.


Көш бастап көсем болар қазағыма,


Туылар әлі талай шайыр ақын.


Әр таңды сағынышпен қарсы алдырып,


Үкілі үмітіме ән салдырып.


Бабамның көзіндей боп Баянауыл,


Жасай бер, жасара бер тамсандырып!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу