Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  207


Автор: Шырын Мамасерікова

Тұлпардың тұяғы

Жанарынан ізгілікгің желі ескен,


Жылы жүрек, көркем мінез тең өскен.


Атасынан асып туған перзент деп,


Ауыл-аймақ ақылдасып кеңескен.


Елде елу, қырда қырық досы бар,


Ер жігіттің бағына бақ қосылар.


Үлгі тұтар үрім-бұтақ, ұрпағы,


Үзеңгісі үзілмейтін көші бар.


Маңдай термен тапқан ырыс жоғалмас,


Мейірімнің күмбезін ез соға алмас.


Ақиқаттың айбарындай жарқырар,


Аты мәшһүр әке соққан ақ алмас.


Арамзаның тас қамалын күйреткен,


Арғымақ па ең алтын шылбыр сүйреткен.


Шарға үстаған семсерісің анаңның,


Шөже баулып сұңқарлыққа үйреткен


Жүрегімді қасіретті күй күрмеп,


Жазирамда қалған кезде гүл сиреп.


Жер бауырлап жатқанымда, Маратжан,


Естен кетпес көрсеттің сен сый-құрмет.


Жанған отқа жаңқа тастау қиын ба,


Жылпостар бар көзін тастар тиынға.


Саған тартсын тегі асыл азамат,


Саған тартсын тегі асыл азамат,


Арқалайтын жұрт алғысын жиында.


Теке тірес, қысыр күрес күбірі,


Тізе бүгер қопарылып түбірі.


Туған жердің төскейінен естілсе,


Тұлпарлардың тұяғының дүбірі...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу