Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  192


Автор: Шырын Мамасерікова

СӘЛЕМДЕМЕ

Аспандағы алтын күн аймалаған,


Түпкі бабам туды екен қай анадан.


Сегіз қырлы, бір сырлы боп өсуді,


Үйренген бе асқар тау, сай-саладан


Шілік шауып, ши орып, қамыс жаққан,


Кім болды екен сол ана арыс тапқан.


Адалдықты жөргек қып туғанында,


Тал бесігін үкілеп намыс баққан.


Сол ғазиз жан баланы,- депті,- бақыт,


Содан бері қаншама өтті уақыт.


Сан мың жылдық мезгілдің өзенімен,


Сәлемдеме боп бізге жетті ағып.


Бабаларым туған жер - жұмақ мекен,


Бұлбұлыңдай өзіңді жырлап өтем.


Байлық, мансап көшпелі бұлтқа ұқсас,


Бақыт деген, шынында, ұрпақ екен.


Маңдайдағы жұлдызың, жұбанышың,


Аман болсын ұл-қызың, қуанышың.


Өмір-өзен тоқтамас, ағар мәңгі,


Бір толқыннан бір толқын туары шын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу