Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  154


Автор: Шырын Мамасерікова

Мейірлі әйел

Шетке қақпай ағайынның біреуін,


Шайқалтпаған татулықтың тіреуін.


Мәуетайдай мейірлі әйел көрмедім,


Мәпелеген шолжаңы көп күйеуін.


Жарың да ерке, ұл-қызың да еркелер,


Қатал тағдыр кейде жаншып желкелер.


Қабақ шытпай сабыр сақтар сонда да,


Қалқам, саған келін бар ма тең келер.


Ата-ененің пәк сенімін ақтаған,


Ауыл-аймақ бата беріп мақтаған.


Алғыспенен көгермей ме қашан да,


Әдет-салттың уыз ғұрпын сақтаған.


Асыл жансың, жаз дидарлы, ай қабақ,


Алқабыңа қызығар жұрт бай, абат.


Табан ақы, маңдай терің өтелді,


Тозақ түннің түндігін түр, жай қанат.


Тамашалап арманның бал бұлағын,


Тау төзіммен қанша азапқа шыдадың.


Тауқыметін арқалатқан ащы өмір,


Тартуласын бүгін тәтті жұмағын.


Қиындықтың татқаны үшін мол уын,


Қарымтасы - жұртқа сыйлы болуың.


Шын жүректен тілеп отыр қалың ел,


Шаңырағыңа ырыс-құттың қонуын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу