Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  166


Автор: Шырын Мамасерікова

КЕЙУАНА

Бұзса да шимай әжім от реңін,


Бермейтін қартаюға көкірегін.


Барына шүкір, жоққа сабыр тұтқан,


Кейуана нұрға бөлер төңірегін.


Күн кешіп өмірдің тар соқпағында,


Тағдырдың талай жедің тоқпағын да.


Сары ауыз, шикі өкпелер жетілсін деп,


Сейіткүл, басты тасқа соқпадың ба?!


Ал бүгін жасарғандай қайта қунап,


Келіншек кезіндей дөл қаны тулап.


Төсіне немерелер таласқанда,


Сүт шығып шымырлайды кәрі бұлақ.


Әулеттің амандығы - бар арманы,


Адалдық - отауының жағар шамы.


Арқа еті арша болған ұрпағы үшін,


Ақ көңіл адамдардың жанар бағы.


Көгеріп көпшіліктің батасынан,


Көңіліңді көктем етер табасың ән.


Азулы енеге ұқсап көрінсе де,


Аспайды ашуланса сабасынан.


Төрт бөліп түн ұйқысын төрт тұратын,


Шат күлкі шаңыраққа толтыратын.


Ананың махаббаты, ақ пейілі


Бақ құсын босағаңа қондыратын!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу