Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  290


Автор: Шырын Мамасерікова

МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ монологы

Бақыт құсы қашан да қызықтырған халықты,


Өмір бойы таба алмай қаншама жан зарықты.


Шат тұрмысты аңсаған Меккедегі бір жігіт,


Сүйген құлы Алланың Мұхаметке барыпты.


-“О пайғамбар, білемін бір құдайдың қолында,


Қуанышым, шаттығым, қасіретім, сорым да.


Құзырынан Алланың шығуы үшін шынымен,


Құрбандығы болайын тәңірдің ақ жолында.


Ақыл айтшы, пайғамбар, бақытқа тез жетейін,


Разы болар ұлы Хақ қандай қызмет етейін? –


Деп сұрапты жалынып Мұхаметтен жас жігіт, -


Мынау жалған фәниден армансыз боп өтейін”.


-“Екі дүние рақатын көрем десең расында,


Ата-анаңды ренжітіп, артық сөйлеп тасынба.


Алғыс алсаң солардан бөленесің бақытқа,


Қарғыс алсаң қаласың тозақ оттың астында.


Аяғына жығылсаң көзі ашылар сананың,


Жәннат деген біліп қой табанында ананың.


Қартайғанда қадірлеп төбесіне көтеру –


Қасиетті борышы әр мұсылман баланың! ”


Деп осылай Мұхаммет жас жігітке кезінде.


Жол нұсқапты бақытқа бастар ғазиз сезімге.


Мүбәрәк сөз хадисін пайғамбардың ұмытпа,


Шапағатын Алланың көргің келсе өзің де...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу