Өлеңдер ✍️

  02.05.2021
  237


Автор: Шырын Мамасерікова

ҰЛТ ЖҮРЕГІ

Адам, жәндік, аң мен құс та бағынар,


Табиғаттың өзіне тән заңы бар.


Қаз қаңқылдап, кісінейді жылқылар,


Оған қарсы шығам деуші жаңылар.


Қырғыз қытай, неміс әлде авар ма,


Ұлтын сүймей өз бақытын табар ма.


Ұлт жүрегі - ана тілі емес пе,


Тіл болмаса ұлттың шамы жанар ма?!


Көкте күнде тұрмас мәңгі күлімдеп,


Азаматтық қиын сәтте білінбек.


“Ана тілім көрмесін, -деп,-өгейлік! - ”


От жүрегін ұлттың мұңы тілімдеп,


Мәжілісте шыр - шыр етті Шаханов,


Алты алашқа айтып жатты ағалық.


Аққу арман қиылмай ма қанаты,


Жендет қылыш тұрса тілге тақалып.


Десек егер туғар жерді сүйелік,


Десек егер Отан үшін күйелік.


Бабалардан қалған асыл мұраға,


Басы бүтін неге етпейміз иелік?!


Рас болса тәуелсіздік, азаттық,


Жаратса Алла бізді нағыз қазақ қып.


Төрді былғап, төбемізді тескен кім,


Ана тілді өгей ұлдай мазақ қып.


Өзге ұлт та өз бақшасын гүлдетсін,


Өз ұлтына махаббатын гүдетсін.


Бірақ, бірақ суын ішкен өлкемнің,


Тілш сыйлау - абзал борыш, міндет шын.


Алуан гүлдер алуан түрлі жайнайды,


Алуан құс та алуан түрлі сайрайды.


Ана тілін менсінбейтін жан көрсем,


Ашу қысып, зығырданым қайнайды!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу